Яндекс.Метрика
Home » Materials » 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары

Айсұлу Хайрулдаева, әлеуметтік ғылымдар магистрі ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты

930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: Кіші жүз, тарихнама, қарым-қатынас., Хиуа хандығы, Қазақстан
Author:
Мақала ҚР БҒМ № АР05132796 жобасы аясында жазылған. Мақалада XVIII ғ.-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның Хиуа хандығымен қарым-қатынастарының тәуелсіздік кезеңіндегі зерттелу тарихнамасы қарастырылған. Қазақ-хиуа байланыстарына қатысты зерттеу еңбектеріне шолу жасалған.
Text:

Орталық Азия аймағы қазіргі таңда дербес бес мемлекеттен тұратын, геосаяси маңызға ие аймақтардың бірі болып табылады.  Аймақ мемлекеттерінің ұқсас, ортақ тұстары көп: барлығы да алдымен патшалық Ресейдің отар елдеріне айналса, кейіннен өздерінің саяси дамуында кеңестік кезеңді бастан өткеріп, 1991 жылға дейін КСРО-ң құрамдас бөліктері болған; тарихы ортақ; мәдениеттері ұқсас және т.б.. Сондықтан да Орталық Азия аймағын мекендеген халықтардың қарым-қатынастарының  да көптеген ғасырлық тарихы бар, бірақ зерттелу деңгейі әлі күнге жеткіліксіз деп санауға болады.

Орталық Азия аймағындағы елдер арасында ерекше рөлі бар Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары өз даму тарихында ұқсас кезеңдерден қатар өтіп келе жатқан тағдырлас мемлекеттер. Қазақ-өзбек қатынастары  аталмыш екі мемлекет өз тәуелсіздіктерін алып, төл тарихына қайта ден  қойғанға дейін зерттеушілердің назарынан тыс қалған маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Оның себебі патшалық Ресей кезеңінде қазақ, өзбек демей, жалпы ортазиялықтар деп қараса, кеңестік тарихнама керісінше олардың туыстас, бауырластығына жік түсіргісі келгендей бір-бірінен оқшау қарап, қарым-қатынастарын емес, оларды бір-бірінен ажырататын ерекшеліктерін айқындауға тырысты.  Қазақстан  тарихында қазіргі Өзбекстан орнында дербес хандық ретінде өмір сүрген мемлекеттердің бірі Хиуа хандығымен қазақтардың қарым-қатынастары туралы зерттеу жүргізу әлі де өзекті мәселелердің бірі болып саналады.

Хиуа хандығы  он сегізінші ғасырдан бастап Кіші жүз қазақтарымен тығыз қарым-қатынаста болып, патшалық Ресейдің құрсауына іліккен қазақтардың  тағдыры да  көршілес ел назарынан тыс қалған жоқ және он жетінші ғасырдың ортасында қазақтар сияқты саяси билік басында Шыңғыс хан ұрпақтары билік жүргізу тиіс деген принципті ұстанған хиуалықтар тіпті билік жүргізу үшін хан-сұлтандарға қолқа салып, кейбір қазақ билеушілерінің Хиуа хандары болғаны туралы тарихтан белгілі. Сонымен қатар қазақтар мен Хиуа хандығы арасында сауда қатынастары, мәдени, шаруашылық байланыстар да дамыған. 

Қазақ-хиуа қатынастары туралы еңбектер қазіргі қазақстандық тарихнамаға дейін де қарастырылған, дегенмен де он тоғызыншы ғасырдағы еңбектер патшалық Ресей тарапынан арнайы жіберілген зерттеушілердің, Орта Азияны қосып алу үшін арнайы жасақталған экспедиция мүшелері немесе әскери офицерлер еңбектерінде  және жалпы  Хиуа хандығы тарихына арналған еңбектерде қарастырылған болса, кеңестік кезеңдегі тарихнамада таптық  маркстік, лениндік ілім негізінде жазылған еңбектер де аталмыш мәселені  толық аша алмады деуге болады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде қазақ тарихының көптеген мәселелерінің ақтаңдақ беттері қайта ашылып, қайтадан зерттеу нысанына айналған болатын. Қазақ-хиуа қатынастары да тікелей немесе сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды зерттеу барысында қайтадан қарастырылып, жаңаша көзқарас тұрғысынан тұжырымдала бастаған еді.

Тәуелсіздік кезеңіндегі  XVIII ғ.-XIXғ. бірінші жартысындағы қазақ-хиуа  қатынастарына байланысты зерттеулерді төмендегідей топтарға бөліп қарастыруға болады:

·  Тікелей XVIII ғ.-XIXғ. бірінші жартысындағы қазақ-хиуа қатынастарына арналған;

·  XVIII ғ.-XIXғ. бірінші жартысындағы Қазақстанның Орталық Азияның басқа елдерімен қарым-қатынастарына арналған, соның ішінде қазақ-хиуа қатынастарын қарастыратын;

·  Қазақ тарихында аты қалған хандар, сұлтандардың  өмірі, саяси қызметі, билік құру кезеңіне  арналған зерттеулер шеңберінде қазақ-хиуа қатынастары туралы да айтылатын;

·  Сырым Датұлы, Жанқожа батыр бастаған көтерілістерге және басқа да сол кезеңдегі оқиғаларға қатысты тарихи жырларды зерттеуге арналған әдебиеттанушылық зерттеу еңбектеріндегі қазақ-хиуа  қатынастарының қарастырылуы.

Тікелей  қазақ-хиуа қатынастарына арналған зерттеу көп емес, тек бір ғана қазақстандық ғалым А.Б.Абдуалы аталмыш мәселені зерттеумен айналысады. Автордың XVIII ғ. – XIXғ.60 жылдары арасындағы кезеңдегі қазақ-хиуа қатынастарына қатысты отыздан астам ғылыми-зерттеу мақалалары , монографиялық еңбегі [1] жария болған және докторлық диссертациясы [2] бар. А.Абдуалы қазақ-хиуа қатынастарын қарастырғанда негізінен Кіші жүз қазақтарымен байланыстарын қарастырады және бұл объективті де, себебі Хиуа хандығы негізінен қазақ даласының Кіші жүз бөлігі мекендейтін аймағымен шектескендіктен, екі елді байланыстыратын мәселелер негізінен аталмыш территорияда орын алып, өрбіген. Автор өз зерттеу еңбектерінде  көптеген мұрағат құжаттарына, қолжазбаларға, фольклор үлгілеріне сүйенген. А. Абдуалы мақалаларында, монографиясында, диссертациясында XVIII ғ. –XIX ғ.60 жылдарындағы қазақ-хиуа саяси, экономикалық, сауда, мәдени-рухани байланыстарын қамтиды.

Автордың қазақ-хиуа қатынастары туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі оның докторлық диссертациясы болып табылатындықтан, аталмыш еңбекке қысқаша шолу жасап өтсек. Зерттеуші XVIII ғ. –XIX ғ.60 жылдарындағы қазақ-хиуа қатынастарын кешенді түрде зерттеген ауқымды еңбек болып табылады және бес үлкен тараудан тұрады [2]. Аталмыш кезеңде Кіші жүз қазақтары мен оған көршілес халықтардың өмірін өзгеріске алып келген жаңа жағдайлардың қалыптасуы  олардың қарым-қатынастарының сипатына да әсер етпей қоймады, ал бұл өз кезегінде байланыстарды дамытудағы қолданылған әдіс-тәсілдер қазақтар мен хиуалықтардың ары қарайғы тағдырына да ықпал етті деп санайды автор. Хиуа хандығы мен шегаралас қазақ жерін мекендеген қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени өмірі тарихи, географиялық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың территорияларының шегаралас көрші болуы, тілінің, мәдениетінің ұқсастығы тұрақты сыртқы саяси қарым-қатынастарды қалыптастырды және осындай тығыз қарым-қатынастардың нәтижесі XVIII ғасырдағы Кіші жүз сұлтандарының Хиуа хандығы тағында билік етуіне алып келді және бұл кезең қазақ-хиуа қарым-қатынастарының интенсивті даму кезеңі деп санайды. Бір ғасырдан атам уақыт аралығындағы қазақ-хиуа саяси, әлеуметтік-экономикалық, сауда, мәдени қатынастарының дамуы, орын алған өзгерістері, оның себептер, әр билеуші тұсындағы ерекшеліктері, оған ықпал еткен сыртқы және ішкі факторлар қарастырылған. Тек қазқтар мен Хиуа арасындағы қатынастар ғана емес, Ресей-Хиуа қарым-қатынастары шеңберіндегі екі ел байланыстары талданған. Қазақ-хиуа байланыстары оқшау түрде емес, Орталық Азия аймағы шеңберінде, аймақтық қарым-қатынастартарихы ретінде қарастырылған. Егер осыған дейінгі жалпы қазақ-өзбек қатынастарына қатысты еңбектерде кеңестік идеология ықпалы басым болса, қарастырылып отырған зерттеу ондай сипаттан таза деуге болады. Қазақ-хиуа қатынастары тек баяндалып қана қоймай, Кіші жүз қазақтары мен Хиуа хандығы халықтары арасындағы қарым-қатынастар мен өзара ықпалдастықтың деңгейі мен даму динамикасына  әсер теуші факторлар айқындалып, қорытылған; XVIII ғасыр – XIX ғасыр бірінші жартысындағы қазақ-хиуа қатынастарындағы негізгі салалар анықталып, талданған; көрсетіліп отырған кезеңдегі қазақ-хиуа сауда қатынастарын сипаттайтын кестелер құрастырылып берілген; екі елдің қарым-қатынастарын қарастыра отырып Кіші жүз бен Хиуа хандығының тарихи дамуындағы ортақ байланыстар көрсетілген [2, 5-20-бб.].

Қарастырылып отырған кезеңдегі Кіші жүз бен Хиуа хандығындағы геосаяси жағдайға сипаттама, аймақтың дамуындағы саяси даму ерекшеліктері көрсетілген бірінші тарауда он сегізінші және он тоғызыншы ғасырдағы Кіші жүз бен  Хиуа хандығы арасындағы саяси байланыстар арасалмағы айқындалып, бастапқыда саяси үстемдікке ие болып, тіпті Хиуа билігіне отырған қазақтардың кейінгі ғасырда  өз ықпалынан айрылып,  керісінше Хиуа хандығы билігінің басына келген билеушілердің Кіші жүздің кей руларын, территориялық бөліктерін бағындыру себептерін көрсетеді және Кіші жүз қазақтары мен Хорезм оазисін мекендеген халықтардың  қарым-қатынастарының жандану тарихын Жоңғар шапқыншылығы кезеңінен бастайды. Көшпелі қазақ руларының сол кезеңнен Хиуа шегарасына, бекіністеріне жақын көшіп-қонып жүргенін немесе Хорезм оазисінің солтүстік-батыс шетіне қоныстанғаны туралы айтылады. Қарастырылып отырған уақыт аралығында Хиуа хандығы территориясында елу мыңға жуық қазақтар қоныстанғаны туралы мәлімет келтірілген. Қазақ-хиуа қатынастарының тұрақсыз  сипат алуын Хиуа хандығы мен Кіші жүз территориясындағы билеушілердің ұстанған саясаты, әрқайсысының саяси курсына тоқтала отырып талдайды. Кіші жүз руларының  билеушілерінің  сыртқы саяси курсында екі түрлі бағытты ұстанды дей келе, оларды ресейлік бағытты ұстанушы Әбілқайыр әулеті (Әбілхайыр, Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ, Жантөре)  және өз қайраткерлігінде ортазиялық елдерге, әсіресе Хиуа хандығына арқа сүйеген Қайып әулеті (Батыр, Қайып, Әбілғазы, Шерғазы) деп бөледі. Сондай-ақ, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс туралы айтылғанда Сырым батырдың 1785 жылдан Хиуа хандығынан қолдау тауып, елдің саяси институттарын, тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылғандығы туралы тұжырым жасалған [2, 42-97-бб.].

XVIII ғасырдың екінші жартысы –XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Хиуаның әлеуметтік-экономикалық дамуы қарастырылатын тарауда екі этносаяси бірлестік халықтары арасындағы шаруашылық байланыстардың, материалдық өндірістің дамуы талданады[]. Территорияларының көршілес орналасуы, дәстүрлерінің ұқсастығы сол кезеңге дейінгі қалыптасқан сауда қатынастарымен бірге тұрақты сыртқыэкономикалық байланыстарды тудырғанын, Кіші жүз қазақтарының жыл өткен сайын Хиуаға сататын мал басын арттыра түскені, ал Хиуадан астық өнімдері тұрақты түрде сатып алынып отырғанын келтіреді. Хиуалық егіншілердің де, қолөнершілердің де өндірісінің Кіші жүзден алынатын мал шаруашылығы өнімдеріне тәуелді болғандығы жайлы айта келе, Хиуа қалаларының шаруашылық өмірлерінің  далалы аймақпен, әсіресе Кіші жүзбен саудаға бейімделіп, бағытталғанеді деген тұжырым жасайды, яғни, қазақтар мен хиуалықтар арасында өзара тиімді айырбас саудасы басымдыққа ие болған [2, 98-135-бб.].

Үшінші тарау аталмыш  кезеңдегі қазақ-хиуа сауда қатынастары талданып, қазақ билеушілері мен хиуалық хандардың ұстанған сауда саясаты, қазақтар мен Хиуа арасындағы сауда қатынастары жүйелі түрде қарастырылады. Кейбір жекелеген билеушілер тұсындағы сауда саясатының ерекшеліктерінің, оның қазақтар мен хиуалықтар арасындағы сауданың дамуына ықпал ету деңгейі талданады, қазақ жерінде Ресей саясатының күшейе түсуінің екі ел арасындағы сауда қатынастарына әсері, қазақтардың Ресей мен Хиуа арасындағы сауда қатынастарындағы делдалдық қызметі туралы толық талдау жасалған [2, 136-216-бб.].

Ал қазақтар мен хиуалықтар арасындағы мәдени байланыстар туралы айтылғанда сол кезеңде мәдениет пен өзіндік дамуда дәстүрлі сипаты сақталғандығы, екі ел халқын біріктіруші фактор ретінде ислам дінінің рөлі жоғары болды деген баға берілген.Хиуа билеушілерінің ислам дінін таратудағы өз орындарын тек, мәдени, өркениетті ғана емес, саяси, идеологиялық тұрғыдан да көрді, яғни шегаралас қазақ жерінде өз биліктерін кеңейту және нығайту мақсатында мұсылмандық насихат жұмыстарын жақсы жүргізгендігіне баса назар аударады [2, 216-260-бб.].

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз қазақтары мен Хиуа хандығы арасындағы әскери-саяси қатынастар тарихына арналған тарауда Хиуа хандығы билігіндегі Үстірт пен Аарал маңы қазақтарының жағдайы, Ресейге қарсы орын алған ұлт-азаттық қозғалыстар кезіндеі екі ел арасындағы байланыс, Ресейдің Қазақстан мен Хиуа хандығын ғасырдың 60-70 жылдарында басып алуы мәселелері қарастырылады.  Мұхаммед рахым мен Аллақұл басқару кезеңіндегі Кіші жүз жерінің бір бөлігінің Хиуа хандығына бағындырылуы, Кіші жүздің саяси әлсіздігін пайдаланып Хиуаның аймақтық көшбасшылыққа ұмытлуы,  Хиуа хандығы экспансиясына қарсы шыққан Қаратай хан, Арғынғазы хан, Шерғазы Қайыпов, Жанқожа, Есет, Жоламан, Сүйінқара батырлардың іс-әрекеттері, Кенесары бастаған азаттық үшін қозғалыс кезінде батырдың Хиуа, Бұхара хандықтарынан қолдау іздеуі немесе Жанқожа, Есет, Жоламан батырлардың кейіннен Ресей отаршылдығына қарсы күресте бұрын қарсылас ретінде санаған Хиуа хандығын одақтас ретінде көргісі келіп, сүйеу іздеуі бұл бөлімде қарастырылған негізгі мәселелер болып табылады [2, 261-312-бб.].

Абдуалы зерттеуі  XVIIIғ. -XIX  ғасыр бірінші жартысындағы қазақ-хиуа қатынастарына арналған жүйелі, объективті бірден-бір еңбек болып табылады. Еңбектегі шығыс деректерінің қолданылмауы оның сәл ғана кемшін тұсын білдіргеніне қарамастан, аталмыш зерттеу жұмысының тәуелсіз кезеңдегі Қазақстан тарихнамасындағы  орны ерекше, құнды еңбек екендігіне еш күмән келтірмейді.

Этнолог М.У. Шалекеновтың Арал мағы халықтарының XVIII-XIX ғасырлардағы қарым-қатынастарына арналған кітабын  жалпы қазақ-өзбек қарым-қатынастарын зерттеуге арналған еңбектер қатарына жатқызуға болады. Еңбектер мемлекетаралық емес Арал бойын мекендеген халықтар арасындағы  этникалық, шаруашылық, мәдени, сауда қарым-қатынастарына арналып жазылған, дегенмен де Арал маңын мекендеген халықтардың Хиуа хандығымен шектесетіндігін және онымен тығыз байланыста өмір сүргенін ескерсек, қазақ-хиуа қатынастары туралы да мәліметтер алуға болады, тек аталмыш аймақты мекендеген қазақтар мен Хиуа хандығы арасындағы қатынастар туралы. Монографияда хиуалық тарихшылар Мұхаммед Мираб Мунис пен Риза Миреб Агехи мәліметтері;  орыс зерттеушілерінің еңбектері; он сегізінші, он тоғызыншы ғасырларда Қазақстанға, Орта Азия мемлекеттеріне арнайы тапсырмалармен табан тіреген офицерлер, шенеуніктер, саяхатшылар естеліктері; Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттарының құжаттары, қазақстандық тарихшылар зерттеулері пайдаланылған. Монографияның Арал маңы халықтарының этникалық байланыстарына арналған екінші тарауында XVIII ғасырдағы Кіші жүз қазақтары мен Хиуа хандығы арасындағы территориялық, саяси байланыстар туралы мәліметтерден сол кезеңнің 60-жылдарына дейін саяси тұрақсыздық орын алған Хиуа хандығында Әбілхайыр хан, оның ұлдары Нұралының, Ералының, Болат ханның ұлы Қайып сияқты Шыңғыс хан ұрпақтарынан шыққан қазақ хандарының билік жүргізгендігі туралы айтылады [3.35-42]. Хиуа хандығы қазақ билеушілері қолдауымен Иран шахының вассалына айналу қатерінен құтылғанын, бірақ қазақ билеушілеріне Хиуа хандығындағы саяси билікті нығайтудың сәті түспегенін көрсетеді. Ресей патшалығының алғашқы боданы болған Әбілхайыр және оның ұлы Нұралы арқылы Хиуа хандығы мен Ресей арасында қатынастар орнаған, бірақ географиялық орналасу жағдайларына байланысты Ресейге Хиуа хандығын өзіне қосып алу мүмкіндігі болмаған деген тұжырым жасайды автор [3, 39-б.].

Үшінші тарауда XIX ғасыр басынан бастап саяси билігін күшейткен Хиуа хандығының   өзбектің қоңырат руынан шыққан билеушілерінің, әсіресе Мұхаммед Рахым (1806-1825жж.)  хан кезінде Арал маңында орналасқан Кіші жүз қазақтарына қатысты сыртқы саясатында оларды бағындыруды мақсат еткені жайлы және Ресей патшалығының ықпалынан айыруды мақсат еткені жайлы айтылады. Мұхаммед Рахымның ұлы Аллақұл басқаруы кезінде де (1825-1842 жж.) Хиуа хандығының қазақтарға қатысты сыртқы саясатының негізгі міндеттері сақталып қалды және Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Айшуақұлының және табын, шөмішті руларының Хиуа хандығы құрамында біраз уақыт болғандығы жайлы, патшалық Ресей хандық билікті жойған кезде Хиуа хандығынан қолдау күткені жайлы мағлұмат алуға болады [3, 50-б.]. Аталмыш тарауда Жанқожа Нұрмұхаммедұлының Хиуа хандығына қарсы Сыр бойы қазақтарының көтерлістеріне басшылығы аталған көтерлістердің барысы жайлы қысқаша шолу жасалады [3, 62-63-бб.].

Арал маңы халықтарының шаруашылық және сауда қатынастарына байланысты тарауларда  он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы дамуына  қатысты мәліметтерге басымдық берілген, дегенмен де қазақтардың Хиуа хандығына мал өнімдерін өткізіп, олардан мата өнімдерін және астық алғандығы туралы және сауданың негізінен айырбастық сипаты басым болғандығы жайлы білуге болады. Сондай-ақ қазақ жері арқылы Ресей мен Орта Азия елдері, соның ішінде Хиуамен де сауда қатынастарын дамытуда сауда керуендерінің көптеп өтіп, дамығаны жайлы айтылады [3, 72-100-бб.].

Арал бойын мекендеген халықтардың мәдени байланыстары қарастырылған соңғы тарауда қазақтар мен өзбектер арасында рухани жағынан көптеген ортақ тұстары бар екендігін, олардың ортақ қасиетті орындары бар екендігі, ислам дінін ұстанатындығы, Хиуа мен Бұхарада да көптеген қазақтардың білім алғандығы, және ол жақтан тек діни білім ғана емес, түрлі ғылым салаларымен танысатындығы туралы айтылып, Хиуа мен Бұхарада берілетін білім сапасының татар молдалары берген білім сапасынан күшті екендігі туралы пікір білдіреді [3.133]. Монографияда әдебиеттегі көршілес халықтардың байланысы  туралы айтылғанда, қазақтың көзі ашық адамдарының Орта Азия елдерінің, әсіресе Хиуа мен Бұхараның рухани ықпалында болғанын айта келе, олардың көпшілігінің Хиуада білім алғанын немесе қазақ жерінде туылғанымен, Хиуада білім алып, өмір сүргенін жаза келе, Абыл ақынды (1777-1864), Қашаған Құржыманұлын (1830-1870) ақындарды атап кетеді [3, 150-б.].

Этнограф, Қазақстандағы тарих ғылымының дамуында елеулі еңбегі сіңген ардагер зерттеуші У.Х.Шалекенов және М.У.Шалкеновтың біріккен  авторлығындағы монографиялық еңбегі тікелей қазақ-хиуа қатынастарына емес, жалпы Амудария мен Сырдария бойын мекендеген халықтардың XVIII-XX ғасырлардағы тарихына, этнологиясына арнап жазылған [4]. Монографияның бір тарауы Арал маңындағы қазақтар мен Хиуа хандығы арасындағы  XVIII-XX ғасырлардағы қарым-қатынастар тарихына арналған [4, 32-95-бб.]. Монографиялық еңбек орыс саяхатшыларының, зерттеушілерінің, офицерлерінің еңбектеріне, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент мұрағаттарының құжаттарына, өздері қатысқан экспедициялар барысында жинақтаған материалдарына негізделген. XVIII-XX ғғ. қазақ-хиуа қатынастары туралы монографияда  бір тарау арналған [4, 32-94-бб.]. Еңбекте Кіші жүз қазақтарының ішінде табын, тама, тілеу, рамазан, алаша, таз,  жаппас,адай және  байұлына қарасты барлық рулардың Хиуа хандығының солтүстік бөлігімен  шегаралас территорияларды қоныстанғаны, Хорезм оазисіндегі халықтармен қатар өмір сүргені  жайлы айтылады және олардың біртіндеп Хиуа хандығы территориясына жақындай түсіп, ал он тоғызыншы ғасыр басына қарай Хиуа билігін қабылдағаны жайлы айтылады. Арал маңы қазақтарының Хиуа хандығымен саяси қатынастарына тоқталғанда ең алдымен Әбілхайыр ханның саяси ықпалының Амудария бойындағы Арал иелігіне, сол арқылы Хиуаға да таралғандығы туралы мәлімет келтірілген. 1740 жылдардағы Иран шахы Надирдің Хорезмге шабуылы барсында онымен қақтығысқа түскен Хиуа ханы Илбарыстың қаза болуына байланысты хиуалықтардың хан тағына Шыңғыс хан ұрпақтарына жататын ақсүйектерден басшы іздеуі  және көршілес қазақ билеушілеріне қолқа салуы жайлы  баяндалады [4, 38-б.]. Хиуа хандығында Әбілхайырханнан бастау алған қазақ хандары мен сұлтандарының билік етуі тұрақты болмаса да бірнеше жылға дейін жалғасқандығы туралы тоқталған авторлар Нұралыдан кейін Қайып сұлтанның отырғандығына (1747-1757 жж.) тоқталады.

Он сегізінші ғасырдың алпысыншы жылдарынан билікке келе бастаған  өзбектердің қоңырат тайпасынан шыққан хиуалық билеушілердің Ресейге қарсы жаулық көзқараста болғандығы және Кіші жүздің оның құрамына қосылғанын жақтырмай, оларды кері қайтару мақсатында Сырым Датұлы бастаған көтерілісті пайдаланғысы келгендігі жайлы білуге болады. Сондай-ақ, Шерғазы Қайыпов және Әбілғазы Қайыповтардың өзбек инактарының жалған басшылары, яғни тек басшы деген атауы бар, бірақ шын мәнінде билікті инактардың жүргізіп отырғаны жайлы айтылып өтеді. Авторлардың ойынша Әбілхайыр кезінен басталып он сегізінші ғасырдың аяғына дейін хиуалық хандардың қазақ сұлтандарынан сайлануының өзі кездейсоқтық емес, себебі Хиуа хандығы мен Кіші жүз қазақтары саяси, экономикалық жағынан тығыз байланысты болды деп есептейді [4, 44-б.].

Он тоғызыншы ғасырда саяси билігін күшейткен Хиуа билеушілерінің Жаңадария, Қуаңдария, Сырдарияның төменгі ағысын, Үстірт пен Маңғыстау қазақтарын бағындыруға тырысқандығы жайлы жазады. Хиуа билеушілерінің қазақтарға қатысты жүргізген саясатындағы негізгі мақсаттары: Сыр бойы қазақтарын өздеріне бағындыру және қазақ жері арқылы өтетін Ресей мен Бұхара арасындағы сауда байланыстарын тоқтату болды деп көрсетеді. 1816 жылы Кіші жүздің ханы болып сайланған Арғынғазының Бұхар әмірімен жақын болғанын, бірақ хиуа билеушісі Мұхаммед Рахымды(1809-1825жж.) мойындамағаны туралы айтылады. Арғынғазы билігі кезінде Хиуа билеушісінің Сыр бойы қазақтарына жорық жасап, тонаушылыққа ұшыратқаны туралы білуге болады. Мұхаммед Рахымның көптеген жорықтары нәтижесінде Хиуа хандығына 10000 Әлімұлы, 8000 Байұлы, 7000 Жетіру, жалпы 27000 мың қазақ отбасының бағындырғаны туралы мәлімет береді. Сол кезеңде, яғни он тоғызыншы ғасырдың бірінші ширегінде көптеген қазақтардың Хиуа хандығының территориясында Амударияның оң және  сол жағалауы, солтүстік батыс шегарадасында  өмір сүргендігі жайлы айтылады. Мұхаммед Рахымның Сыр қазақтарын бағындыру үшін оларға Қайыптың ұлы Шерғазыны хан етіп тағайындағанын (1812-1821жж.), оның өлімінен кейін Мансыбай Жанғазиевтың  басқарғаны туралы мәлімет келтіреді. Монографияда Мұхаммед Рахым қайтыс болған соң Сыр бойы қазақтарына қатысты оның саясатын ұлы Алақұлының(1825-1849) жалғастырғанын және оның билігі кезінде Хиуа мен Ресей қатынастарының жыл өткен сайын нашарлауына байланысты Хиуаның 19 ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ жері үшін күресі таза әскери-стратегиялық мақсатта болды деп баға беріледі [4, 51-б.]. Хиуа хандарының Сыр бойы қазақтарына биліктерін жүргізу барысында жергілікті Кіші жүз қазақтарына арқа сүйеп, солар арқылы халықтан зекет, ұшыр сияқты салық түрлерін жинап отырды деп көрсетеді және Сауқым Бөкеев, Ермұхаммед (Елкей) Қасымов, Қайыпғали Есімов, Жанғазы Шерғазыұлы, Шерғазы Айшуақовтар атын атап көрсетеді. 1824 жылы Кіші жүзде хандық билік жойылғаннан кейін патша үкіметі тарапынан биліктен шеттетілген Шерғазы Айшуақовтың Хиуа ханы Алақұлдан көмек сұрағандығы және оның хиуалық билеуші тарапынан елеусіз қалмай екеуінің арасында достық қатыастар орнағаны туралы айтады. 

Жалпы еңбектен қазақ-хиуа қатынастарына байланысты көптеген құнды мәліметтер алуға болады, бірақ еңбектің орыс зерттеушілерінің мәліметтеріне негізделіп жазылғанын және хан-сұлтандар, билеушілер қызметіне, тұлғасына кеңестік бағалау белгілері сақталғанын ескерсек, кейбір мағлұматтарды әлі де болса елеп-екшеу қажет деген пікір қалыптасады. Дегенмен, отандық тарихнамада аталған еңбектің маңызы жоғары деуге әбден лайық. 

Жалпы қазақ-өзбек қатынастарын зерттеу барысында қазақ-хиуа байланыстары туралы тоқталған авторлардың қатарында Сейітқали Мадуановты айтуға болады. Ұзақ жылдар бойы қазақтардың Орталық Азияның басқа халықтарымен қарым-қатынастарын зерттеген С.Мадуановтың 1991 жылдардан кейін де осы бағыттағы жұмысын жалғастырғанын байқауға болады.1992 жылы Түркістанда басылып шыққан XIX ғ.-XX ғасыр бас кезіндегі қазақ-өзбек қатынастарына арналған еңбегі он тоғызыншы ғасырдағы орыс зерттеушілер, саяхатшылары, әскери қызметкерлерінің және кеңестік кезеңде жарық көрген қазақ, өзбек, орыс зерттеушілерінің еңбектеріне сүйеніп жазылған. Еңбектің қазақ және өзбек халықтарының саяси қарым-қатынастарына арналған тарауының  Хиуа хандығымен қарым-қатынастары қарастырылатын бөлімінің ерекшелігі тек Арал маңы және Сырдария мен Амударияның төменгі ағысындағы қазақтарды ғана емес, Маңғыстау, Үстірт қазақтарын да қамтып, географиялық ауқымын кеңейткен. Үстірт пен Арал маңы қазақтарының Хиуа хандығымен байланыстарын Жоңғар шапқыншылығы кезеңінен бастаған автор,  1741 жылы Кіші жүз қазақтарының азырақ бөлігінің Хорезм оазисінің солтүстік батысына қарай жылжып, Хиуа хандығының территориясына орналасқанын және олардың Хиуа хандығымен, Сырдария, Арал маңындағы қазақтармен экономикалық, саяси тығыз қарым-қатынастарорнатқанына тоқталады. [5, 19-б.]. XVIII ғасырда Хиуа билігінде болған қазақ билеушілеріне шолу жасай отырып, олардың шынымен басқарса да немесе тек номиналды түрде басқарса да, Хиуа хандарының Кіші жүз қазақтарынан сайланып отыруы кездейсоқтық емес, себебі Хиуа хандығы экономикалық және саяси жағынан да Сырдария, Арал маңы қазақтарымен тығыз байланысты болды деген тұжырым келтіреді. Он тоғызыншы ғасырдың басында Хиуа хандығындағы орталықтың биліктің нығаюы және 1806 жылы билік басына көршілес территорияларды иеленуді көздеген Мұхаммед Рахымның  келуімен қазақ-хиуа қатынастарының жаңа кезеңі басталды деп санайды [5, 22-б.]. Кіші жүздің шекті, байұлы, табын, алшын, адай руларының біраз бөлігінің Хиуа хандығына бағынышты болғандығын және қазақтар Хиуа хандығы халқының бір бөлігін құрағаны туралы мәліметтер береді. Хиуа билеушілері Кіші жүз қазақтарының ішіндегі беделді, дәулетті адамдар арқылы өз билігін жүргізіп, ұшыр, зекет сияқты салық түрлерін жинатып, өз ықпалдарын жүргізуге тырысқанын айта келе, патшалық Ресейдің орнатқан тәртібіне көңілдері толмаған жекелеген қазақ байларының Аллақұл  кезінде Хиуа билігін мойындап, Хиуа ханы тарапынан хан, бек сияқты атақтар иеленгеніне тоқталып, олардың аттарын атап кетеді. Сонымен қатар Қайыпқали Есімов, Елкей Қасымов, Жүсіп Сырымов  сияқты байлардың Хиуа хандығы территориясына қарай көшкені туралы, Хиуа билеушісінің Кенесары қозғалысы кезінде оған Сыр бойындағы хиуалықтар тұрғызған бекіністе тұрып, сол маңдағы зекет төлеуші қазақтарды басқаруды ұсынғаны жайлы айтылады және Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс барысында оған қолдау көрсетіп, қару-жарақ және оқ-дәрімен көмектесіп тұрғаны жайлы мәліметтерді келтіреді [5, 29-б.].

Хиуа билеушілерінің Сыр бойы, Арал маңы қазақтарына орыс билігі орнай бастағанда өз тарапынан Хиуа хандығына қосылуға  үгіт жүргізу үшін арнайы 57 адамын жібергені туралы, олардың арасында дін өкілдерінің де болғандығын туралы мұрағаттық мәлімет келтіреді және Хиуа хандығы жағына өткізу үшін, орыстардың басқа дін өкілдері екенін, өздерінің бір дін өкілдері екендігін пайдаланғысы келген деп санайды [5.30]. 1853-1856 жылдары Хиуа хандарының қазақ жеріне қатысты саясаты жанданып, тіпті Сырдария қазақтарын өздеріне қосып алуды мақсат еткені туралы және Жанқожа Нұрмұхаммедұлының патша үкіметіне қарсы көтерілісін орыс жазалау отрядтары аяусыз басып тастағаннан кейін, Жанқожаның Хиуа хандығы шекарасында жасырынғаны жайлы мәлімет береді [5, 35-б.].

Қазақтар мен өзбектер арасындағы шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастар туралы тараудың егіншілікке арналған бөлімінде Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Хорезмнің солтүстік батыс шегарасына, Хиуа хандығы шегарасына қарай жылжыған Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысы бойы қазақтарының суармалы жерлерге қоныстанғанын және өзбек диқандары ықпалымен суармалы егіншілікті игеріп, айналыса бастағаны жайлы айтылады [5, 81-б.]. Кітапта тек Хиуа ғана емес, Қоқан хандығы территориясында тұрған өзбектер мен қазақ диқандарының тығыз қарым-қатынастары, өзен суларын, арық жүйелерін бірлесіп пайдаланғаны туралы мағлұматтар берілген [5, 75-104-бб.]. Мал шаруашылығына қатысты қазақ-өзбек байланыстары да жалпы қарастырылады, дегенмен қазақтардың  қымыз, жылқының қаз-қартасы, тері бұйымдары және қазақтар арасында кең таралған қазақи жылқы, қарабайыр жылқы тұқымдарының, қазақи қой, қазақтардың сиыр тұқымдарының көшпелі өмірге беймдігі, шыдамдылығы арқылы өзбектер сұранысына ие болып, олардың арасында да кең таралғанын, ал қазақ ешкілерінің түбітінің Орта Азия хандықтары ғана емес, тіпті Еуропалықтар үшін де бағалы болғаны туралы және кейбір шегаралас аймақтарда өзбектердің малдарын жаздай жайлауда болатын қазақтарға ақылы түрде қосып бақтырғаны туралы айтылады [5, 105-122-бб.]. Сауда қатынастарына қатысты бөлімде қазақтар мен өзбектер арасындағы сауда қарым-қатынастарының жүздеген жылдардан бері жалғасып келе жатқаны, ал XVIII-XIX ғасырлардағы Орта Азия мемлекеттерінің жанданып, дамуына байланысты екі халық арасындағы сауда байланыстарының жандана түскені жайлы оң баға береді. Аталған бөлімнен қазақтар мен өзбектер арасындағы негізгі айырбас тауарлары туралы мәліметтер білуге болады: қазақтардың төрт түлік малдары өзбектерге азық-түлік, жұмыс күші ретінде, сондай-ақ мал өнімдері шикізат ретінде сатылса, өзбектерден қазақтар мақта мата, жібек мата, қолөнер бұйымдары, кіш-міш, астық өнімдері және т.б. сатып алып отырған [5, 123-142-бб.]. Хиуа хандығымен сауда-саттық байланыстары негізінен Кіші жүздің рулары арасында болғандығын білуге болады [5, 128-б.]. Қазақ-өзбек сауда қатынастарына қатысты мұрағат құжаттарына негізделген нақты сандық мәліметтер біршама берілген.

Жалпы, еңбекте көптеген құнды ақпараттар берілгеніне қарамастан, оның коммунистік идеология көзқарасы тұрғысынан жазылғанын да ескеру керек, себебі кітаптың 1992 жылы жарық көргенін ескерсек, бұл жағдай түсінікті де. Сол себепті де кітапта келтірілген қазақ  хандары, сұлтандарына, сондай-ақ, хиуалық басқарушылары мен дін өкілдеріне қатысты, олардың іс-әрекеттеріне берілген бағалар кей жағдайда бір жақты бағаланған. 

С.Мадуановтың  1995 жылғы XVIIIғ.- XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың басқа Орталық Азияның көршілес халықтарымен қарым-қатынастарының саяси,  әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне арналған еңбегіне де тоқталып өту керек. [6]. Автордың монографиясы алдыңғы еңбегінің жалғасы, толықтырылған нұсқасы деуге болады. Аталған зерттеуде қазақтардың тек өзбектермен ғана емес, Хорезм оазисін мекендеген түркімен, Арал мағын мекен еткен қарақалпақтармен қарым-қатынастары да талданған. Монографияның  жоғарыда аталған ортазиялық халықтардың сыртқы басқыншыларға бірлесіп күресіне арналған бөліміне он сегізінші ғасырдағы хиуалықтар мен Кіші жүз қазақтарының Иран билеушілеріне қарсы; Сырым Датұлы бастаған патшалық Ресей отаршылығына қарсы күресте Сырым батырдың Хиуа ханының қолдауына ие болып, сол кездегі Хиуа билеушісі Мұхаммед Эмин инақтың осы көтерілісті пайдаланып, Кіші жүзді Ресей құрамынан бөліп, шеттетуге тырысқаны он сегізінші ғасырдың 60-70 жылдары Хиуаның саяси билігінде белсенділігімен көрініп, нәтижесінде хандық басына келген Мұхаммед Эмин инақ пен оның ұлы Әуез (Эвез) инақ билігі кезінде Хиуа хандығының Ресейдің қазақ жеріндегі басқыншылық саясатына теріс көзқараста болғандығы туралы білеміз, яғни 1806 жылға дейін Хиуа хандығы билеушілерінің қазақтарды Ресей құрамынан бөлу үшін Сырым бастаған көтеріліске қолдау көрсету, халықтың арасында молдалар арқылы мұсылман еместерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, Ресей құрамына қосылуына қарсы ұстанымда болған деп сипаттайды [6, 64-65-бб.]. Бұлай берілген сипаттама еңбектің маңыздылығын арттыра түседі, себебі көптеген еңбекетерде он сегізінші ғасырдағы қазақ-хиуа қатынастары туралы мәліметтер өте аз немесе тек бір жақты, бір-біріне қарсы жаулық көзқараста болды деген мазмұнда болып келген.

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың өзбек хандықтарымен саяси байланыстарына арналған тарауда 1806 жылы билік басына келген Мұхаммед Рахым билігі кезінен ғасыр ортасына дейін хиуалық билеушілердің өздерімен шектес Кіші жүз қазақтарына қатысты басқыншылық саясат ұстанғаны жайлы баяндалады. Аталған бөлімде Хиуа үстемдігіне ұшыраған ру аттары аталып, қазақ сұлтандары, байлары арасында хиуалық басқарушылар қолдауына ие болғандарының аты аталып, қазақтардың Хиуа хандығына барып сауда жасау кезінде төлеген салықтарының мөлшері, оның өзгеру динамикасы жайлы мәліметтер берілген [6, 67-110-бб.]. Хиуа хандығы билеушілері үшін он тоғызыншы ғасырдың ортасына қарай  Кіші жүз қазақтарының маңызы арта түскенін, себебі қазақ жеріне ішкерілей еніп, шығысқа қарай біртіндеп жылжи бастаған Ресей билігінің құрсауына түспеу үшін, ортада тосқауыл керек еді деген баға беріледі [6, 115-б.].

Жалпы жоғарыда аталған еңбектер, яғни У.Х. Шалекенов, М.У. Шалекенов, С. Мадуановтың  зерттеулерінің  ортақ тұстары көп, келтірген пікірлері ұқсас екендігін айта кету керек. Аталған еңбектер бірін-бірі толықтыратын, кейбір ортақ мәліметтерді ұсынуымен бір бағыттағы, бір сипаттағы еңбектер қатарына жатады.

Жекелеген тарихи тұлғалара туралы зерттеулер, егер олар билік басында болған басқарушылар болса елдің басқа мемлекетпен қарым-қатынастары жайлы да мәліметтер алуға болады. Қазақ-хиуа қатынастарына қатысты да отандық тарихнамадағы кейбір жеке тұлғаларға арналған зерттеулерге сүйенуге болады.

Қазақстандағы белгілі тарихшылардың бірі саналы өмірін қазақ тарихының көптеген маңызды мәселелеріне арнаған Ж.Қасымбаев қазақ елі саяси тәуелсіздікке ие болғаннан кейін есімдері империялық қыспақ заманында көлеңкеге ығыстырылған, қызметтері алаланып, көмескі сипатталған хандар мен белді Шыңғыс тұқымдарының, батырлар мен беделді көшпелі қауым өкілдеріне арналған төрт томдық  еңбекте қазақ билеушілерінің  өз билігі кезеңінде жүргізген ішкі, сыртқы саясатына тоқталу барысында қазақтардың көршілес Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Бұхара әмірлігімен байланыстары  туралы  айтылып өтеді. Зерттеушінің еңбегі мұрағат құжаттарына негізделген көпшілік-ғылыми сипатта жазылған.  XVIII ғасырдағы қазақ хандығының мемлекеттік қайреткерлеріне арналған алғашқы томында Әбілхайыр, Барақ, Абылай, Нұралы, Ералы сияқты хандар мен сұлтандарға арналады. Нұралы ханға арналған тарауда оның 1740 жылы Хиуа тағына отыруының Ресей империясына әсері және Иран шахы үшін маңызы қандай болды деген мазмұнда көтерілеген [7,140-142-бб.].

1797-1805жылдары  билік құрған Айшуақ ханға арналған томда оның билік құруы кезеңінде хиуалықтармен қарым-қатынасқа ерекше алаңдағаны туралы айтылады. Айшуақ ханға арналған монографияда XVIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап Хиуа хандығының билігінде қазақтардың отыруы мемлекетаралық сипаттағы ерекше факт ретінде бағалап, оның себебіне қызығушылық білдіреді [8,151-б.]. Сондай-ақ,  орыс деректеріне сүйене отырып, қолға түскен орыс тұтқындарының хиуалық базарларда сатылып отырған жайлы мәлімет берілген [8.152]. Кіші жүз қазақтары мен Хиуа хандығы арасындағы қарым-қатынастардың  ынтымақтық сипат алмауы үшін Ресейдің ықпалы аз болмады деген түйін жасалған. Автор Әбілхайыр хан, Нұралы кезінде де Кіші жүз қазақтарын көршілес ортазиялық мемлекеттермен  байланыстырып отырған негіз сауда керуендері болды, бұрынырақта қазақ хандары қазақ  жерлерінен өткені үшін олардан алым алып отырса, Ресей билігі ішкерілей еніп, күшейген сайын тек шеткері, олардың аяқтары жете қоймаған шегаралас аймақтар болмаса Есім хан, Айшуақ билігі кезінде осындай дәстүрлі табыс көзінен айрылғаны жайлы және бұл қазақтар тарапынан керуендердің тоналуына алып келгені жайлы айтылады.

Ж.Қасымбаевтың Жантөре ханға арналған еңбегінің бір тарауы билеушінің ортазиялық хандықтармен қарым-қатынастар жүйесіндегі рөліне  арналса, тиісінше оның бір бөлімі Хиуа хандығымен байланыстарын қарастырады және Жантөре ханның Бұхара әмірлігімен, Хиуамен де тұрақты қарым-қатынаста болуға тырысқаны жайлы айта келе, екі хандық арасындағы сауда-саттық тауарлары аталады және сол кезеңдегі қазақ кедейлерінің жан бағыс үшін саудаға салған балалары жайлы біршама мәліметтер беріледі. Дегенмен, аталмыш кезеңде Жантөре ханның сыртқы саясатында икемді  саясат жүргізгенін: бір шетінен Ресей мен Хиуа арасындағы экономикалық байланыстарды қолдауға ықпал етсе, екінші жағынан осы әрекеті арқылы өзін сауда керуендерінің бағыттарындағы тыныштықты орнатушы ретінде көрсете білді деп баға береді [9, 84-105-бб.].

Тарихшы ғалым Ұ.Т. Ахметованың  XIX ғасырдың бірінші ширегінде Кіші жүздің саяси тарихында қайраткерлігімен аты қалған Арғынғазы Әбілғазыұлының қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге арналған еңбегінің де қазақ-хиуа қатынастарының отандық тарихнамасына қосатын үлесі бар десек қателеспейміз. Автор Кіші жүз қазақтары арасында қайраткерлігімен тарихта қалған тұлғаның қоғамдық қызметі, саяси портретін беруде оның қайраткерлігінің құрамдам бөлігі көршілес Хиуа хандығымен байланыс жасау сәттеріне шолу жасалып кеткен [10].

Сырым Датұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Есет және т.б. бастаған ұлт-азаттық көтерілістер ту көтерген батырларын жыр-дастанға қосып, оларды күні-түні жырлап, халық арасында ауыздан-ауызға таралып отырған, сондықтан батыр бабалар есімі тек тарихшылар ғана емес әдебиеттанушы ғалымдардың да зерттеу нысанына айналған және әдебиеттанушылар белгілі бір тарихи жырларды түсіндіріп, талдау барысында олардың өмір сүрген кезеңі,  жырда аты аталып отырған кейіпкердің тарихтағы орны, жырдың тууына себеп болған оқиғаға қатысты өз зерттеулерін жүргізіп, қысқаша сипаттама беріп отырады. XVIII-XIX ғасырларда тарихи жырларға негізгі арқау болған кейіпкерлер Сыр бойы қазақтарының Қоқан,  Хиуа билігіне қарсы көтерілістерін бастаған Жанқожа сияқты батырлар болды. Тәуелсіздік кезеңінде әдеби мұраларды тарихпен байланыстыра қараған және жоғарыда аталған батырлар туралы жыр-дастандарды талдауда өз зерттеулерінде қазақ-хиуа қатынастарына қатысты мәліметтер келтірген ғалымдар қатарында Ж. Тілеповты [11], Т. Мекебаевты (тарихшы) [12] айтуға болады.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қарым-қатынастарына қатысты зерттеу еңбектерінің аз да болса бар екендігі және жоғарыда шолу жасалған еңбектердің әрқайсысы аталған мәселені талдауға, тұжырымдауға титтей де болса үлесін қосатыны және өзіндік орны бар зерттеулер екені даусыз. Асқар Абдуалы зерттеулері жүйелілігімен, қазақ-хиуа қатынастарының барлық салаларын қамтуымен ерекше атап өтуге тұрарлық еңбек. Дегенмен де қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ-хиуа байланыстарына қатысты қазақ тіліндегі зерттеулердің жоқтығы, көпшілік еңбектердің тек орыс саяхатшылары, шенеуніктері, офицерлері мәліметтеріне сүйенуі аталмыш мәселеген қатысты әлі де зерттеулердің артық болмайтынын көрсетеді. Шолу жасалып отырған еңбектер бірін-бірі толықтырып, кейбір басы ашылмаған немесе ақтаңдақ тұстарды салыстыра отырып айқындауға мүмкіндік беруімен құнды.

Пайданылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі

1.  Абдуалы А.Б. Взаимоотношения Казахстана и Хививнского ханства во второй половине XVIII – 60-е годы  XIX вв. – Алматы: «Қазақ университеті» 2005. – 320 с.

2.  Абдуалы А.Б. Взаимоотношения Казахстана и Хививнского ханства во второй половине XVIII – 60-е годы  XIX вв. Диссертация на соискание ученой степени доктора исторических наук. - Алматы, 2006

3.  Шалекенов М.У. Взаимоотношения народов Приаралья в XVIII-XIXвв. Алматы:  «Ғылым» 1995. - 168с.

4.  Шалекенов У.Х., Шалекенов М.У. История и этнология народов Амударьи и Сырдарьи в XVIII-XXвв. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 315с.

5.  Мадуанов С. История казахско-узбекских отношений в XIX-начале XX вв. Туркестан, 1992.-180с.

6.  Мадуанов С. Взаимоотношения казахов с другими соседними народами центральной Азии в XVIII- начале XX вв. Алматы: «Білім», 1995. -275с.

7.  Касымбаев Ж. К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII век). -Алматы: Білім, 1999. - 288 с.

8.  Касымбаев Ж.К Государственные деятели казахских ханств XVIII-первой половины XIX в. - Т.2 : Хан Айшуак (1719-1810). Личность во взаимодействии с номадным обществом и сопредельными странами — Алматы: Жетижаргы,  2001 - 254 с.

9.  Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств в XVI11 - первой четверти XIX вв. - Т. 3 : Хан Жанторе (1759-1809): (Личность во взаимодействии с номадным обществам и сопредельными странами). - Алматы: Білім, 2001. — 361 с.

10.  Ахметова Ұ. Арынғазы хан (1786-1833). – Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2004 -168б.

11.  Тлепов Ж. Историзм казахской литературы XVIII-XIX веков. –Алматы: «Қазақ университеті»,  2015 -140 с.

12.  Мекебаев Т. XIX ғасырдағы  тарихи  жырлар. – Алматы: «Қазақ университеті», 2014. – 310б.

Айсулу Хайрулдаева, магистр социальных наук, PhD докторант Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова КН МОН РК 

Отечественная историография независимого Казахстана про казахско-хивинское взаимоотношения в XVIII – в первой половине  XIX вв.

Аннотация

Статья выполнена в рамках реализации проекта № АР05132796 МОН РК. В статье рассматривается изучение проблемы взаимоотношения Казахстана с Хивинским ханством в XVIII- первой половине XIXвв. в современной  отечественной историографии. В ней делается обзор трудов рассматривающих  казахско-хивинские отношения того периода.

Ключевые слова: Казахстан, Хивинское ханство, Младший жуз, историография, взаимоотношение.

Aysulu Khairuldaeva, Master of Social Siences, PhD Student of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, CS MES RK 

National Historiography of Independent Kazakhstan on the Kazakh-Khiva Relations in the XVIII - first half of XIX century

Annotation 

This article is written within the framework of the project № АР05132796 MES of RK. The paper deals with the study of the issue of relations between Kazakhstan and the Khiva khanate in the XVIII - first half of the XIX century in modern Kazakh historiography. It is a brief review of works studying the Kazakh-Khivan relations of that period.

Keywords: Kazakhstan, Khiva khanate,  Small Zhuz, historiography, relationship.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4412

No reviews

Download files

Хайрулдаева А. Мақала.docx 0.05 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер 94(574).02/.08 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖӘДИДТІК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТАРИХНАМАСЫ XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері) ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) ӘОЖ 930:94(574) "6-17" ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫНЫҢ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДЕГІ ТАРИХНАМАСЫНАН ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ ӘОЖ 94(574).084.5/.6 ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Author's articles

930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары