Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты)

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана karasayev_gm@mail.ru

ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Tags: сыртқы саясат., ұғыныстылық, бейбітшілік, саяси тұрақтылық, ядролық қарусыздану, Тәуелсіздік, Қазақстан
Author:
Мақалада автор Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын және оның негізгі бағыттарының бірі ретінде ядролық қарусыздану, бейбітшілік, саяси тұрақтылық және өзара ұғыныстылық болып табылатындығын қарастырады. Сондай-ақ Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси тұрақтылықты нығайту жолындағы рөлі мен мәмлегерлік миссиясын қорытындыларын дәлелдейді. Түйін сөздер: Қазақстан, Тәуелсіздік, ядролық қарусыздану, саяси тұрақтылық, бейбітшілік, ұғыныстылық, сыртқы саясат.
Text:

Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізген ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан басталған Егемен мемлекет ретіндегі дербес қызметінің ішінде оның халықаралық саясаттағы атқарған жұмыстарының орны ерекше.

Ең алдымен “...Қазақстан Республикасы өзінің уақыт талабына сай қамтамасыз етілген сындарлы қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде әлемдік қауымдастыққа берік еніп, дүниежүзіне өзін бейбіт сүйгіш, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде таныта білді.Әлемнің барлық құрлықтарындағы  мемлекеттердің басым көпшілігімен саяси, экономикалық, мәдени, т.б. салалардағы қатынастар орнатылып, әр бағыттардағы іскерлік қызмет атқарылып отыр” [1,194-б.].

Тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдардан-ақ Қазақстан Республикасының барлық көрші елдермен арадағы шекарасы айқындалып, халқымыздың тарихи территориясы толығымен қамтамасыз етілді. Бұл іс әлемдегі сирек кездесетін дипломатиялық, өзара келісім, ұғыныстық, төзімділіктік қадамдары негізінде шешілді. Ұлтымыздың осы территориясы халықаралық құқық негізінде толығымен және түпкілікті тұрғыда танылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: “Біз осы бір аса күрделі  әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік” [2, 3-б.].

Әсіресе Қазақстан мен Ресей арасындағы бұған дейін анықталмай келген шекараны мемлекеттер аралық келісімі негізінде белгілеу маңыздылыққа айналды. Нәтижесінде: “Ресей мен Қазақстан арасындағы қазіргі кезеңдегі шекара аймағы ынтымақтастығы екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық қатынастардың негізгі құралы болып табылады” [3].

Елбасының мақсатты да жүйелі тұрғыдағы жүргізген сыртқы саясатының жемісіндей бүгінгі күні “Республика жер шарындағы қазіргі күнгі барша беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Соның ішінде, атап айтқанда Қазақстанның БҰҰ-ғы өзіндік орны қалыптасты. Осылармен қатар Мемлекетіміздің Басшысының БҰҰ жұмысын ХХІ ғасыр талабына сай ұйымдастырудағы ұсыныстары осы ұйымға мүше мемлекеттерден барынша қолдау тапты. Мемлекетіміздің басшысы аталған халықарлық ұйым мінбесінен үнемі сөз сөйлеп, әлемдегі, жекелеген аймақтардағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге арналған бағалы бастамалар көтеріп келеді. Мысалы, осылардың қатарындағы: “Қазақстанның негізгі бастамасы болашаққа арналған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1994 жылғы Азиядағы өзара ықпалдастықстық пен сенім шараларына арналған Кеңес (АСШК) шақыру туралы бастамасы болды” [4].

1991 жылдың 30 желтоқсанынан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосыла отыра (ЯҚТШ) Республикамыз тұрақты түрде осы халықаралық ұйымның барша отырыстарына қатысуда. Сонан кейінгі уақытта мемлекетіміз өз еркімен Кеңес Одағынан мұра болып қалған ядролық қаруды толығымен территориясынан шығарып, бейбітсүйгіш ел екендігін бүкіл әлемге паш етті. 1996 жылдың қыркүйек айынан Қазақстан әлемдегі ядролық сынақтарға жаппай тиым салу шартының мүшесі болып табылады” [1, 194-б.]. Негізінен алғанда Республика территориясын атом қаруларынан, оны жеткізу құралдарынан аластау, осы арқылы тұрғындардың әскери, экологиялық қауіптен құтқару Елбасының егемендіктің алғашқы мерзімінен басты мақсатына айналған еді. Оны іске асыруда мемлекет басшысы тарапынан Ел мүддесі жорлындағы нақты да жүйелі ойластырылған қадамдар жасалды. Осы мазмұндағы ресми тарихи құжаттарда баяндалатынындай: “Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін-ақ республикадағы ядролық қару мәселесін шешуде елеулі тұрғыдағы қысым жасау орын алды. Алматы өз кезегінде бұл құбылысты саналы тұрде, соның ішінде ядролық мемлекеттерден өзінің қауіпсіздігіне кепілдік алу үшін бірден шешпеді. Президент Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы мамыр айындағы Вашингтонға ресми сапарында Қазақстан Республикасы атынан республика территориясындағы 104 СС-18 ядролық зымырандарды жою туралы міндеттеме алды. 

Аталған жылдың мамыр айында Қазақстан Лиссабон хаттамасына қол қоя отыра СНВ-1 келісіміне қосылды. Желтоқсанда Ел Парламенті Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімді бекітті және  ҚР мен АҚШ арасында СС-18 құрлық аралық баллистикалық зымырандарға арналған шахталық жіберу қондырғыларын жою туралы екі жақты уағдаластыққа қол қойды. Нәтижесінде, 1995 жылдың 26 мамырында Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан ядролық қарусыз ел болғандығын ресми тұрғыда жариялады” [5].

Осы тұрғыдағы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның: “Сіз тәуелсіздік алғаннан кейін ядролық қарудан бас тарту туралы дана және көрегендік шешім қабылдадыңыз және Орталық Азиядағы ядролық қарудан бос аймақты құру туралы бастаманы дүниеге әкелдіңіз. Сіз Непал мен Ирактағы БҰҰ-ның бейбіт миссиясына қызметкерлер ұсынып, БҰҰ бағдарламалары мен қорларына материалдық ресурстар бердіңіз.

... Мен жаңа ғана бұрынғы Семей ядролық полигоны орналасқан жерде болып қайттым, бұл оқиға мені қобалжытты. 450-ден астам ядролық қуат  осы жерде сынақтан өтті, ол қоршаған орта мен адамдарға апатты ықпал етті. 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу мен Қазақстанды ядролық қарудан босату арқылы өзінің ерекше көшбасшылығын көрсетті. Қазіргі таңда бұл полигон қарусыздану мен болашаққа сенім символына айналған. Дәл осы жерде Орталық Азиядағы ядролық қарудан бос аймақ ұйымдастырылды. Енді Қазақстанның әлемдік ядролық қаруларды жоюға деген үміті шындыққа айналарына біз сенеміз” [6, 89, 91-бб.],- деген сөзі Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қаруға байланысты бастамалары мен нақты істерінің әлемдік маңызға айналғандығына дәлел болады. 

Елбасының ТМД-ның қызметін жоспарлау мен жүйелеудегі ұсыныстары және Қазақстан Республикасының осы ұйымның жұмысын жандандыру мен тиімділін арттыру бағытындағы дәйекті қызметі өзінің жемісін беріп келе жатқандығы баршамызға белгілі.

Еліміздің Орталық Азиядағы мемлекеттер арасындағы бейбітшілік, ұғыныстылық пен бәсеңдікті қамтамасыз етуге арналған халықаралық ланкестік пен есірткі бизнесіне қарсы бірлескен күресті ұйымдастырудағы көптеген ірі де беделді халықаралық ұйымдардағы лайықты орны қалыптасты. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұл ұйымдардың мәжілістеріндегі айтылған әрбір бастамалары келелігі, маңыздылығымен ерекшеленіп келеді. Қазақстанның халықаралық саясаттағы бейбітшілікті орнықтырудағы атқарған осындай қомақты жұмысының әлем мемлекеттері мен жұртшылығынан қолдау табуының нақты нәтижесі оның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық қызметін ойдағыдай атқарып шығуы болды. Себебі осы төрағалық кезінде Қазақстан өзін жан-жақты орныққан, іс тәжірибесі үлгі алуға тұрарлық мемлекет ретінде көрсете білді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саралап айтқанындай: “Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүниежүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абыройлықпен төрағалық етіп ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктеттік. Қазақстан алып құрылықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналған Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудің басты бастамашыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік” [2, 4-5-бб.].

“Словакия Республикасының Президенті И. Гашпарович (2014 ж) еліміздің 2010 жылғы ЕҚЫҰ-на басшылық жасайтындығына орай мемлекетіміздің халықаралық сахнадағы алып отырған орнына баға бере келе: “Бұл жауапты қызмет Қазақстанның халықаралық қауымдастықпен қатынасты дамытуға оңды мүмкіндік жасайды. ... Қазақстанды барлықтары Орталық Азиядағы жетекші ретінде бағалайды. ... Оның сыртқы саясаты басқа істерімен бірге аймақтағы қауіпсіздік пен саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған”, - деп көрсетті.

Қазақстанның қазіргі күнгі жақын көршілері, ТМД елдері, Орталық Азия, Таяу Шығыс, тіпті алыс шетел мемлекеттерінің ешқайсысымен де шешілмеген мәселесі жоқ. Сонымен бірге ол туындауы мүмкін осындай мәселелердің барлығын да өзара келісім, бейбітшілік жолымен іске асыруға мүдделі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан халықтарына арнаған жолдауында: “Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болды. Оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды. 

АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін қалыптастырудың негізі болған Қазақстанның бастамасымен немесе тікелей қатысуымен құрылған мемлекетаралық бірлестіктер өздерінің қажеттігін іс жүзінде дәлелдеді. 

Біз Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзіміздің экономикалық және саяси ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта беруге тиіспіз. Өңірдегі тұрақтылық, ашық пікір алысу және өзара іс-қимыл таныту үшін берік негіз қалауымыз қажет.

Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында біз сонымен қатар АҚШ-пен, Еуразиялық Одақпен және НАТО-мен сындарлы өзара іс-қимылды кеңейте береміз.

Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.

... Осыған байланысты “Еуропаға жол” атты арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Ол экономикалық ынтымақтасты дамытуға, басқарудың тәжірибесі мен технологиясын тартуға, заңдарымызды жетілдіруге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің стратегиялық пайымын және өзіміздің күн тәртібімізді белгілеуге ықпал етуге тиіс.

Тұтастай алғанда біздің сыртқы саясаттағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді.

Бірінші. Біздің сыртқы саясатымыз негізгі мүдделер ортақтығын іздестіруге, барлық, тіпті ең бір өткір мәселелердің өзінде де мәмлеге қол жеткізу қажеттігін түсінуге құрылған.

Екінші. Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық ланкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын жан-жақты нығайта беруге ниетті”, – делініп Қазақстанның ХХ ғасыр соңында басталған егеменді мемлекет ретіндегі сыртқы саясатын саралап, әлемдік қауымдастықтағы оның алып отырған орнын айқындады. Осы істегі алдағы атқарылар жоспарларға талдау жасалды. 

Қазақстан Республикасының өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 20 жылдан астам көлемдегі халықаралық қатынастағы жоғарыдағы баяндалған нәтижелі қызметі Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігін республика тұрғындары, одан тыс әлем халықтары да ашық мойындап отырғандығы белгілі. ...

Яғни, мемлекетіміздің ешқандай территориялық тұтастығына, саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтірместен Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, Еуразия аймағына үлкен назарын аударып келген әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен тиімді байланыстар орнатып, олардың қорытындысы өздерінің еліміз үшін маңызды тиімді нәтижелерін бере бастады. Оның айқын белгісі-қазіргі күні Еуразия аңғары, соның ішінде ТМД елдері арасындағы халықаралық мәселелер, соның ішінде экономикалық қарым-қатынас, т.б. Қазақстан Республикасының қатысуынсыз шешілмейтін дәрежеге жетті. Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың, оны іске асыруға арналған кездесулердің, т.б. халықаралық шаралардың ұйымдастырушысына, бастаушысына айналды. 

Қазақстанның Еуразия аймағындағы тұрақтылық пен түсіністікті қалыптастырудағы орнының куәсі әр жыл сайынғы оның Елордасы-Астана қаласындағы ірі мемлекетаралық, қоғамдық ұйымдардың, дүние жүзі діни қауымдастықтар жетекшілерінің бірнеше кездесулерінің тұрақты түрде өткізілуі болып табылады. 

Мұның өзі де мемлекеттегі әр түрлі діндерді ұстайтын көп ұлтты Қазақстан халықтары арасындағы толық түсіністіктің орын алып отырғандығын дүниежүзіне паш етеді.

Яғни, Қазақстанның бұл жетістіктері оның әлемдік халықаралық қатынастар қауымдастығына, нарықтық экономикаға өткендігін толығымен дәлел¬дейтін айқын мысалдар болып табылады [1, 195-198-бб.]

Осы тұрғыдағы биылғы жылдың жазындағы Қазақстанның Елордасында өткен “ЭКСПО-2017” көрмесі Отанымызды әлемге экономикасы өркендеген, ұлттар арасындағы бірлігі мықты, саяси тұрақты, білімі мен ғылымы, ұлттық мәдениеті барынша дамыған ел ретінде барша қырынан танытқандығы белгілі.

Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік халықаралық қызметтегі жоғарыдағы сараланған шешуші бағыттардағы істері оның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың дәйекті де мақсатты атқарып отырған қызметінің нәтижесі екендігі барша қазақстандықтарға, әлем жұртшылығына ақиқат.  

Міне осылай, әлем жұртшылығы қазақ халқын оның есімі арқылы біліп келеді. Ол осындай бейбітсүйгіш Егемен Елдің Астанасын негіздеп, оның дүниежүзінің барша орталық қалалары қатарынан лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Елорданың күн сайын асәулетті құрылыстары арқылы жаңарып келе жатқандығына онда болған барша әлем жұртшылығы өкілдері куә болып отыр. 

Қазіргі күнгі Астана халықаралық ұйымдар, мемлекет басшыларының әр саладағы кездесулерінің орнына айналып отыр. Қала Еуразия аңғарындағы ірі білім, ғылым, мәдениеттің орталығы ретінде бағалануда.

Яғни, бүгінгі күні “Қазақстан,” “Нұрсұлтан”, “Астана” деген сөздер әлемдік бар тілдердегі ажырамас ұғымға айналды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтқанда: “Астанамыз – жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұты, Азаттығымыздың алтын қыраны” [2, 5-б.]

Израиль Президенті Шимон Перестің (2007-2014 жж) “Сіз Қазақстанды өзіне тек қана адал идеяларды тартатын нағыз магнитке айналдыра алдыңыз. Сонымен бірге, сіз әрқашан да заманауи экономиканың қиындықтарымен түйісесіз. Сізге осы салада да сәттілік келеді.

... Менің ойымша, Қазақстан Президенті – біздің заманымыздың ең ұлы басшыларының бірі. Ол мемлекет құрады. Ол керемет жаңа Ел Ордасын құрды. Ол Қазақстанның прогресс жетістіктері мен бейбіт дипломатия негізіндегі болашағын құрып келеді.

Қазақстан мемлекеттер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы халықаралық байланыстардың ордасына айналды. Қазақстанның маңызды идеясына АСШӘЖ идеясын бекіту жатады. Менің ойымша, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен көптеген жанжалдарды, оның ішінде таяу шығыстық жанжалды да шешуде өте маңызды рөл атқарады” [6, 52-б.],- деген мәлімдемесі осы айтылғандарға айғақ сияқты.

Көрсетілген тұрғыда “Н.Ә. Назарбаевтың шетелдерде “Қазақстан жолы” деген атауға ие болған тұжырымдамасы жайында арнайы тоқтаған жөн. Мұндай үлгінің авторлығына шетелдік басшылардың барлығы бірдей қол жеткізе бермейді. Қазақстан лидерінің есімі аз сөзге көп мағына сиғызған “Назарбаев моделі” ұғымымен айтылады. Бұл жағдайда мадаққа сараң дейтін шетелдік лидерлер мен белгілі саясаттанушылардың өздері Н. Назарбаевты халықаралық ауқымдағы дарынды мемлекеттік қайраткер деп атауы табиғи көрінеді”.

Атап айтқанда Германия Федеративтік Республикасының экс-канцлері Герхард Шредердің берген бағасында: “Қазақстан өңірдің өзегі саналатын ел”.

Өзінің тату көршілік саясаты арқылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Орталық Азиядағы тұрақтылық факторына айналу үшін айтулы үлес қосты” [1,199-б.]. 

ХХІ ғасырдың басындағы  ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминнің: “ ... Жоғары дәрежедегі сіздің басшылығыңызбен Ел мемлекеттік құрылыс пен экономикалық дамуда жылдам гүлдену мен тоқтаусыз өсуді бастан өткізуде” [6, 24-б.],- деген анықтамасы Елбасының Қазақ мемлекетін әлемге өркендеген Ел ретінде танытып келе жатқандығына айқын дәлел болып табылады.

Өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген ширек ғасырға ғана жуық мерзімдегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы мыңжылдықтарға созылған өзінің қалыптасу, өркендеу тарихында бабаларынан өсиеттей қабылданып, бұлжытпай орындалып келген, осы байламды болашақтағы қызметіне Көк Ту етіп желбіреткен ұлтымыздың басқаға көз алартып көрмеген ұлы қасиетін одан ары жалғастырудағы істері әлемдік қауымдастықтан ізеттілік бағасын алатындығы анық. 

Ал оның осы ниетін іс жүзіне асырып, ізгілікті ұмтылысын әлемге паш ете білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрсетілген бағыттағы қызметі теңдік, еркіндік, ұғыныстылықты баянды етуге ниет қылған өз ұлтынан, барша қазақстандықтардан, әлем жұртшылығынан барынша қолдау тауып отырғандығы айғақ. 

ХҮІІІ ғасырдың ортасындағы жікке бөлініп, отарлаушылардың қыспағына түскен халқының болашағын ойлаған Абылай ханның: “Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге  жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым” [2, 3-б.],- деген өкінішті арманын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың толығымен орындап, мемлекетін әлемге Қуатты Ел ретінде танытқаны нақты ақиқатқа айналып отыр. 

“Егемен Қазақстан,- деп жазады Н.Ә. Назарбаев аталған тұрғыда,-жаһандық қоғамдастықтағы ұлттық-мемлекеттік мүдделерді мұқият сақтап және қорғай отырып әлемнің барлық елімен тең дәрежеде тұрақты достық қатынас орната алған мемлекеттердің бірі” [7]. 

Міне сондықтан да, оның ұлтының, барша қазақстандықтардың мүддесі жолындағы барша нәтижелі қызметі, жер шарындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, теңдікті қамтамасыз етудегі жаһандық бастамалары мен ұсыныстары, атқарылған нақты істері ХХ-ХХІ ғасырлар кезеңіндегі отандық және дүниежүзілік тарихтан лайықты орын алатындығы даусыз.

Яғни, Ұлы Абайдың “Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса дүние ойран болар еді” [8], - деген дана сөзі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тұлғасына, осындай қызметіне берілген нақты баға іспеттес.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


1. Қарасаев Ғ.М. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты ХХ ғасырдың соңы-ХХІ ғасырдың басында (тарихи-саяси бағыты). – Өскемен, 2009. – 205 б. 

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. – 2015. – 11 қыркүйек. 

3. РФ ССМ. 897-қ., 2-т., 4-папка, 8-іс, 81-п.

4. РФ ССМ. 897-қ., 4-т., 14-папка, 12-іс, п.83

5.РФ ССМ. 897-қ., 4-т., 14-папка, 12-іс, 91-92-пп. 

6. Мир о Нурсултане Назарбаеве / Под ред. профессора Б.Г. Аягана. –Алматы, 2010. - С.230

7. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. –Астана, 2017. – 313 б. 

8. Абай. Қара сөз, поэмалар. Книга слов, поэмы. – Алматы, 1993. – 95-б.

Карасаев Г.М., д.и.н., Институт истории государства КН МОН РК,

Астана, Казахстан

Основы внешней политики Независимого Казахстана – ядерное разоружение, мир, политическая стабильность и взаимопонимание (1991-2013 гг.) (историко-политическое направление)

Резюме

В данной статье автор рассматривает внешнюю политику Независимого Казахстана и в качестве ее основ указывает ядерное разоружение, мир, политическую стабильность и взаимопонимание. Кроме этого, автор обосновывает роль и дипломатическую миссию Президента Н.А. Назарбаева в укреплении политической стабильности.

Ключевые слова: Казахстан, Независимость, ядерное разоружение, политическая стабильность, мир, взаимопонимание, внешняя политика.

Karassayev G.M. Doctor of Historical Sciences, Institute of History of the State

 CS MES RK, Astana, Kazakhstan

The Fundamentals of the Foreign Policy of Independent Kazakhstan – Nuclear Disarmament, Peace, Political Stability and Mutual Understanding (1991-2013)

 (Historical and Political Direction)

Summary

In this article, the author examines the foreign policy of Independent Kazakhstan indicates nuclear disarmament, peace, political stability and mutual understanding and as its bases. In addition, the author justifies the role and diplomatic mission of President N.A. Nazarbayev in strengthening political stability. 

Keywords: Kazakhstan, Independence, nuclear disarmament, political stability, peace, mutual understanding, foreign policy.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3935

No reviews

Download files

Карасаев Г.М. Ядролық қарусыздану ....docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері) ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Author's articles

ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты)