Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ

А.И. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, бас ғылыми қызметкер, т.ғ.д., доцент Қазақстан, Алматы

ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: МКЗ., Щербин экспедициясы, сарттар, қырғыздар, ноғайлар, шалақазақтар, статистика, халық санағы, субэтникалық топтар, қазақтар, Ресей империясы, Қазақстан
Author:
Мақалада жаңа заман дәуірінде қазақ халқының құрамына кірген субэтникалық топтар ХІХ ғ. соңы – ХХ ғасырдың басындағы статистикалық материалдар негізінде талданады. Қазақ тарихын жан-жақты зерттеу, соның ішінде тарихи кезеңдерге сәйкес қазақтың құрамына енген субэтникалық топтарды анықтау қазақстандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақ өлкесі халқының құрамындағы өзгерістерді анықтауда негізгі дерек болып табылатын 1897 ж. санақтың материалдары мен басқа да статистикалық мәліметтерді талдаған зерттеулерде қазақтар тұтастандырылып, «қырғыз» атауымен берілді. Ал, қазақтың құрамына кірген субэтникалық топтардың пайда болуы мен олардың сандық құрамы мен тарихын арнайы зерттелмеді. Сондықтан, мақалада Қазақстандағы субэтникалық топтарды статистикалық материалдар негізінде зерттеу көзделді. Дерек ретінде 1870 ж. ревизия, 1897 ж. Жалпы ресейлік 1 халық санағы, Ф.А. Щербин экспедициясының негізінде дайындалған «МКЗ – қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары» статистикалық жинақтары, Румянцев, Кузнецов, Скрыплев және т.б. экспедициялардың материалдары негізінде дайындалған жинақтар, статистикалық деректері мол «Облыстық шолуларда» (Обзоры областей) кездесетін мәліметтер пайдаланылды. Кілт сөздер. Қазақстан, Ресей империясы, қазақтар, субэтникалық топтар, халық санағы, статистика, шалақазақтар, ноғайлар, қырғыздар, сарттар, Щербин экспедициясы, МКЗ.
Text:

Кіріспе. Қазақ тарихын жан-жақты зерттеу, соның ішінде тарихи кезеңдерге сәйкес қазақтың құрамына енген субэтникалық топтарды анықтау қазақстандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақ өлкесі халқының құрамындағы өзгерістерді анықтауда негізгі дерек болып табылатын 1897 ж. санақтың материалдары мен басқа да статистикалық мәліметтерді талдаған зерттеулерде қазақтар тұтастандырылып, «қырғыз» атауымен берілді. Ал, қазақтың құрамына кірген  субэтникалық топтардың пайда болуы мен олардың сандық құрамы мен тарихы арнайы зерттелмеді. Сондықтан, мақалада Қазақстандағы субэтникалық топтарды  статистикалық материалдар негізінде зерттеу көзделді.

Материалдар мен әдістер. Дерек ретінде 1870 ж. ревизия, 1897 ж. Жалпы ресейлік 1 халық санағы, Ф.А. Щербин экспедициясының негізінде дайындалған «МКЗ – қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары» статистикалық жинақтары, Румянцев, Кузнецов, Скрыплев және т.б. экспедициялардың материалдары негізінде дайындалған жинақтар, статистикалық деректері мол «Облыстық шолуларда» (Обзоры областей) кездесетін мәліметтер пайдаланылды. Сондай-ақ, Терентьевтің Түркістан өлкесіне қатысты статистикалық материалдарын талдаған, 1870 жылғы ревизия материалдарының негізінде жазылған еңбегіндегі мәліметтер қолданылды.

Әдістері: Ұлт және этносты зерттеудің жүйелі-функционалды әдіс, тарихи жүйелілік, тарихи-салыстыру, хронологиялық және бақылау әдісі; контент-анализ, салыстырмалы-тарихи, локальды-тарихи, жазба деректерді зерттеу, статистикалық деректерді талдау және т.б. секілді тарихи, тарихи-демографиялық  және т.б. бағыттағы зерттеу әдістері қолданылды.

Талқылау. Қазақ халқының құрамын оның этникалық негізін құрайтын Үш жүз, төрелер, қожалардан басқа жаңа заман дәуірінде жаңа субэтникалық топтар кірді. Олардың қатарына сарт, ноғай, шалақазақ, қырғыз, қарақалпақ, құрамалар және т.б. жатады. ХІХ ғасырдың зерттеушілерінің еңбектерінде, сондай-ақ статистикалық жинақтарда берілетін түсініктемелерде ол субэтностардың пайда болу тарихы жайлы айтып кеткенімен, саны мен орналасқан аймақтары жайлы нақты мәліметтер берілмейді және тарихы терең зерттелмеді. Ноғай, шалақазақ, сарттар туралы жекелеген еңбектер жарияланғанымен, оларда субэтностардың статистикалық материалдар негізіндегі тарихы арнайы зерттеу нысанына айналмады деуге болады. Сонымен бірге, ХІХ ғ. соңындағы субэтностардың қатарына «төлеңгіттерді» енгізіп зерттеушілер де бар. Әрине моңғол-татар шапқыншылығынан кейінгі тарихта ол субэтнос ретінде қалыптасқанымен, біз қарастырып отырған ХІХ ғасырға дейін төлеңгіттер қазақтың құрамына сіңіп кеткен деп тұжырымдалғандықтан, өз мақаламызда оларды субэтникалық топ ретінде қарастырмаймыз.

Нәтижесі. Мақалада субэтникалық топтар ретінде «шалақазақтар», «ноғайлар», «қырғыздар», «сарттар», «құрамалар», «қарақалпақтар» туралы статистикалық мәліметтер зерттеу нысанына айналды.

Қазақ халқының құрамына енген субэтникалық топтар статистикалық материалдарда да өз көрінісін тапты. Осы мәліметтерден субэтникалық топтардың саны, өсіп-өнуі жайлы бірқатар мәліметтер алуға болады. 1870 ж. ревизия, 1897 ж. Жалпы ресейлік 1 халық санағы, Ф.А. Щербин экспедициясының негізінде дайындалған «МКЗ – қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары» статистикалық жинақтары, Румянцев, Кузнецов, Скрыплев және т.б. экспедициялардың материалдары негізінде дайындалған жинақтар, статистикалық деректері мол «Облыстық шолуларда» (Обзоры областей) кездесетін мәліметтер негізгі дерек көзі болып табылды. Сондай-ақ, Ф.А. Терентьевтің Түркістан өлкесінің статистикалық материалдарын талдаған еңбегі де 1870 жылғы ревизия материалдарының негізінде жазылғандықтан, деректік мәнге ие болды деуге болады.

Осылардың ішінде ерекше Ф.А. Щербин экспедициясының материалдары бағалы мағлұмат береді. Себебі әрбір облыстағы «қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану .... материалдары» қазақ этносының жерді пайдалану ерекшеліктерін географиялық жағдайына, кәсіптеріне, тарихи-географиялық орналасуының әсеріне, шаруашылық жүргізу мен этникалық белгілерін сақтау мүмкіндігімен байланысты уездер, ауылдар бойынша қамтып, қарастырған.  

Қазақтардың жерді пайдалануы туралы мәліметтерді жинау жұмысы 1896 ж. Омбы уезін, Ақмола облысының Көкшетау уезіндегі қазақтардың шаруашылығын зерттеумен басталғаны белгілі. Айта кету керек, Ф.А. Щербин басқарған экспедицияның бағдарламасы негізінде кейінгі В. Кузнецов, П.П. Румянцев, В. Скрыплев, П. Хворостанскийлер басқарған экспедициялар да жұмыс істеді.

Айта кету керек, Қазақстан жеріндегі субэтникалық топтарды барлық статистикалық мәліметтерден толығымен көреміз деу дұрыс емес. Мысалы, 1870 жылғы ревизия туралы мәліметтері бар Терентьевтің «Статистические материалы по Туркестанскому краю» деген еңбегінде «сарттар», «құрамалар» бүкіл Орталық Азия  аймағы бойынша жинақталып берілгендіктен, ішіндегі қай бөлігі қазақтардың құрамында болды деген сұраққа жауап бере алмайды [М.А. Терентьев, 1874]. Еңбекте Сырдария облысының Құрама уезінің ру-тайпаларының әлеуметтік-сословиелік құрамын көрсеткенде, құрама субэтносына жалпылама түсініктеме беріп кетеді: «Сарты появились из слияния двух народностей: узбеков и таджиков. Қураминцы похожи и на сарта и на киргиза... [Терентьев М.А., 1874:72,73]. Олардың облыс бойынша жалпы санына тоқталады. Алайда, олардың қанша бөлігі болашақ қазақ немесе өзбек, тәжіктердің құрамын кірді деген сұраққа жауап бермейді.

Соған қарамастан, ХІХ ғасырдың статистикалық материалдар қазақтардың рулық құрылымы, орналасқан аймақтары және т.б. туралы мәліметтер береді.

Мысалы, Ф.А. Щербин экспедициясының материалдары жинақталған «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдарында...» облыстар, уездер, болыстар, ауылдар бойынша ауыл ақсақалдары мен ру атауларын көрсете отырып, олардың мекендеген жайылымдары, қыстаған жер атаулары, иеліктеріндегі мал-мүліктер туралы мәліметтермен бірге ондағы халық саны, жыныстық құрамы, еңбек жасындағылар туралы мәліметтер, әрбір үйде есептелінген жылқы, ірі қара, ұсақ мал саны, шаруашылықтары т.б. туралы статистикалық мәліметтерді талдай отырып, жаңа заман дәуірінде қазақтың құрамына кірген субэтникалық топтардың орналасқан аймағы, түтін саны мен қыстаулары бойынша рулардың атаулары, адамдардың саны туралы мәліметтер алынды.

Соның ішінде, Қазақстандағы субэтникалық топтарға жататын шалақазақтар, қалмақтар (мысалы, жалайыр ішіндегі), ноғайлар, башқұрттардан шыққан естектер (тарақты, Айтқұл, Атан руының құрамында кездескен) қырғыздар (қырғыз-елішке, қырғыз, қырғыз-жібек, қырғыз-Өтерше тармақтары), қарақалпақтар, сарттар, құрамалардың ауылдар бойынша саны, жыныстық құрамы, шаруашылықтары туралы нақты мәліметтерді ««Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдарынан» табамыз. Бұл жинақта көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы халықтың тарихына, географиясына, экономикасына, шаруашылығы мен тұрмысына, сондай-ақ рулық құрамына қатысты бағалы мәліметтер бар.

Мысалы, қырғыз субэтникалық тобының бір бөлігі  Ақмола уезінің Ақмола, Атасу, Есіл, Шерубай-Нұра болыстарын мекендеді. Нұра болысында олардың қыстаулары Қарасу-Жалтық, Қарасу-адыр және Нұра өзендерінің маңында орналасты. Тоғайбай, Қожамқұл, Байменке, Байжымол әкімшілік ауылдарының ақсақалдары қырғыз руы бұл ауылдарды ХІХ ғасырдың соңына қарай 260 жылдан бері мекендеп келе жатқанынан хабардар етеді.

Сондай-ақ, Ақмола облысының Көкшетау уезі, Көкшетау болысы Жарпе-Қызыл ағаш, Күйген қыстау, Ақтөбе Бабақ, Отаршының Қызыл ағашы шатқалы мен тоғайларының маңын қыстаған қазақтың құрамында қырғыз руынан шыққан Тлеу Кочумбай, Бабақ Құдай-сучур, Жұмағұл Аманхол, Мұса Тлеуқабыл ақсақалдардың ауылдары 100 жылдан аса мекендеп келе жатқандығы айтылады. 16 үйде 44 ер адам,  26 әйел, барлығы 70 адамның 40-ы еңбек жасындағылар деп тіркелген [МКЗ, Т. Х, 1909: 296-297].

Қырғыз руының тармақтары Қазақстанның барлық өңірлерінде кездескенімен, негізінен Жетісу мен Қазақстан оңтүстік өңірінде жиі кездеседі. Ал солтүстікте, қазіргі Ақмола облысының аумағында өмір сүретін бөлігі сонау Абылай хан кезінде келгендер.

Жазба деректері қырғыздардың алғашқы толқыны бұл өлкеге ХVIII ғасырдың орта тұсында келгенінен хабардар етсе, екінші толқынының ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары Кенесары ханның тұсында және оның өлімінен кейін келгенін көрсетеді. Кенесары ханды қырғыз манаптары өлтірген соң, қазақтардың кек алуынан қорыққан қырғыз манаптары қазақ сұлтандарына құн төлеген. Құн ретінде әррүрлі сыйлықтармен бірге, қырғыздардың манаптарының отбасыларынан шыққан 100 жігітті құл ретінде берген. Олар Ақмола және Көкшетау уездерінің болыстары мен ауылдарында жергілікті халықтың арасында шашырап, бірте-бірте жергілікті қазақтардың құрамына сіңіп кетті (Қалыш А.).

Сондай-ақ, қазақтардың құрамына кірген қырғыз-елішке тармағының Кокшетау облысының Қотыркөл болысын 5-7 ұрпақтан бері мекендеген бөлігі өздерін қырғыз-елішке деп көрсетсе, қырғыз-елішкелердің осы аумақты 120 жылдай мекендеп келе жатқан бөлігі өздерін Орта жүз тарақтыларының, Айтқұл, Атан руларының тармақтарымыз деп көрсеткен[МКЗ, Т. І, 1898: 357]. Осы Қотыркөл болысында Ақтөбе, Қайрақты, Тасаткөл, Қарақоға, Батпақкөл, Қоңырағаш шатқалдары мен көлдерінің маңайында қырғыз-елішкелерден әр ауылда 7-9-дан үйде, барлығы 186 ер, 142 әйел, барлығы 328 адамның 263 жылқысы,121 тай және т.б. малдары болғандығы көрсетіледі. Сондай-ақ, Қотыркөл болысында басқа да қырғыз субэтностарының ауылдары бар. Олар 6 ұрпақтан бері қыстап келе жатқан Қырғыз руының ішіндегі  Жібек, Өтерче тармақтары: 90 үй, 226 ер, 223 әйел өздерін қазақтың қырғыз руына екендігін көрсеткен [МКЗ, Т. І, 1898: 368].

Ф.А. Щербин экспедициясының 1900 ж. зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Семей облысы, Өскемен уезінде тұратын қазақтардың шаруашылықтары туралы мәліметтерде «... қарасүйек қазақтардан бөлек, уезде ақсүйек-сұлтандар мен бірнеше «шалақазақтар» (қазақтардың татарлар мен сарттармен араласуының нәтижесінен пайда болған) ауылдары да бар. Соның ішінде, шалақазақтардың ертеден мекені болып табылатын Мешіт ауылы қытай билігі кезінде-ақ қалыптасқан. Бұл жерде саудамен айналысқан сарттар мекендеген. Аласапыран кезінде олар көшіп кеткен соң, ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап бұл жерлерді негізінен шалақазақтар өздерінің қонысы етті. Кейініректе уезде шалақазақтар қоныстанған Бөкен және Бектемір ауылдары пайда болады» деп айтылады [МКЗ, Т. ІХ, 1905: 19].

Ғылыми әдебиетте шалақазақтарды (патша дәуірі тұсындағы орыс тіліндегі  («чалаказак», «чала-казак», «челаказак» деп берілетін) 1856-1860 жж. Ш. Уәлиханов (Ч.Ч. Валиханов), П.П. Семёнов-Тянь-Шаньский және Н.А. Абрамовтың еңбектерінде «жартылай қазақ» немесе «таза қазақ емес» деген ұғымда сипаттайды. Олар қазақ қыздарының орталықазиялық өлкеден  келгендермен  (хиуалықтар, бұқарлықтар, қоқандықтар, ташкенттіктер) аралас некесінен туылғандар. Өлкетанушы Н.Я. Коншин ХІХ–ХХ ғғ. белесінде татарлық «шалақазақтар» мен ташкенттік «шалақазақтардың» арасындағы айырмашылықтарды көрсетеді. Оның айтуынша, ташкенттік шалақазақтар тілі мен бет-бейнесі арқылы де қазақтар арасына толығымен сіңісіп кетті. Ал татарлық шалақазақтар өздерінің татарлық бейнесін сақтап қалды [Исин А.И., 2018: 119]. 

Семей облысы, Өскемен уезінің Акмирово поселкасында 1805 жылдан бері (100 жылдан аса) мекен еткен казактардан бұрын Орталық Азиядан келген: бұхарлықтар, сарттар және қазақтар қыстаған [МКЗ, Т. ІХ, 1905: 20] деп берілген мағлұматтар «сарттар» деп аталатын субэтникалық топтың саны мен орналасқан аймағы туралы мәліметтер береді. Сарттар Қазақстанның шығыс, оңтүстік облыстарын ғана емес, солтүстігін де мекендеді. Ақмола облысының Көкшетау уезі, Көкшетау болсында Бес қарағай мен Қарағайлы ағаш деп аталатын жерлерде Нұрым мен Мамиле ақсақалдар ауылында 8 үй болатын  35 адам сарттың 20-сы еңбек жасындағылар, 130 жылдан бері мекендейді»-деп қазақтың қатарына қосылған сарттар туралы мәліметті Щербин экспедициясы көрсетеді. Сарттардың 79 жылқысы, 23 тайы, 38 ірі қарасы, 16 бұзауы, 220 қой мен 91 ешкісі бар деп көрсетілген [МКЗ, Т. І, 1898: 302].

Қазақтың қоңырат пен телеу руларының тармақтары болып табылатын ноғай субэтносынан Семей облысының Семей уезінде 1900 жылы 3 ұрпақ өмір сүріп келе жатқандығы анықталды. Барлығы 20 үй, 105 адам Салтыбек, Тойымбай, Тұма, Саржал қыстауларын мекендеген [МКЗ. Т.Х, 1909:290].

Қазақтардың құрамына кірген қарақалпақ руы Кокшетау облысының Шығыс болысын, Шығыстағы Есмұрза, Жапан жазығы, Көлденең қызыл, Сарментай қыстауларында қарақалпақ руынан 31 үй (87 ер, 84 әйел, барлығы 171 адам болатын Алпыс, Айтқожа, Бақберген, Алдаберген ақсақалдар ауылдары, сол кездегі есеп бойынша, 30-60 жыл аралығында мекендеп келді [МКЗ, Т. І, 1898: 332].

Жалпы алғанда, Щербин экспедициясында жинақталған статистикалық мәліметтерде ғана бұл субэтностардың қазақтардың құрамында болғандығы толыққанды көрсетіледі деп айтуға болады. 

П.П. Румянцев басқарған экспедиция Жетісу өңірін зерттеді. Әдістемесі Щербин экспедициясының зерттеу, жинау әдістеріне негізделді [Материалы ..., 1913.]. Жетісу облысының орыс және басқа да түземдік халқын зертттеу мәселесімен айналысқан П.П. Румянцевтің экспедициясы материалдарының ішінде 4-томы Верный уезін зерттеу мәліметтерін Бұл деректе  қазақтардың ішіне енген субэтникалық топтар көрінбейді. Қазақтар бұл деректе«қырғыздар» атауымен берілген. [Материалы ..., 1913.]

1 кестеде Ф.А. Щербин экспедициясының мәліметтері ішінен Семей облысы, Семей уезінде өмір сүрген бірнеше субэтникалық топтар көрсетіледі. Бұл кесте қазақ ұлтының құрамына кіріп, сіңіп кеткен субэтникалық топтардың бір бөлігі ғана. Алайда мұнда Ф.А. Щербин экспедициясының материалдарынан қазақтың құрамына кірген субэтностар туралы мәліметтердің қалай көрінетіндігі жайлы мәлімет алуға болады.

Кесте 1 - Семей облысы, Семей уезінде өмір сүрген бірнеше субэтникалық топтар [МКЗ, Т. Х, 1909: 18-294].

№№

Атаулар

Мекендеу немесе қыстау мерзімі (жыл немесе ұрпақ)

Шаруашылықтар саны

Халқы

ру ақсақалы бойынша қыстау атаулары

ауылдар орналасқан шатқал, тоғай және т.б. жер атаулары

сол жерде орналасқан ру атаулары

ер

әйел

барлығы

1

Оспан  Тоқжігіт

Найман жол

Қырғызәлі

60

4

19

17

36

2

Тоқшылык Бисат

Шүкір

Қырғызәлі

40

7

15

14

29

3

Үзбай,Сатай

Найман жол

Қырғызәлі

60

4

Есембай Мырзеке

Қызылшілік

орыс

5

11

29

31

60

5

Салмен Байтілеу

Бидайық

Шағатай

3

2

7

3

10

6

Әмірбай Татыбай

7

3

7

10

17

7

Жүніс Қалбас

Қызылтұмсық

Орыс қаржау

40-60

2

3

4

7

8

№ІХ ауыл

Салаубақтас Кұлсаймақ

Қырғыз

20-60 

46

44

9

Чамчекбай Телкозы, Табылды Манабай, Жонбай Бексултан, Сендетбай Жыртық, Балак  Кален

Иттұмсық, Қаражан, Қаман, Кеңконыс, Дөненжан

Қырғыз

3 ұрпақ

20

50

46

96

10

Шакыр Алжан

Байтен

Шалақазақ

25

1

5

3

8

11

Токсанбай Ноғай

Тума

Ноғай

37

5

13

15

28

12

Сарыбай Кеңгір

Саржан

Ноғай

3

13

Мамырбай Тышқамбай

Сартөбек

Ноғай

3

14

Чопал Қодар

Қарашы

Ноғай

34

15

Мақат Ережеп, Ыдырыс Ағыс,

Имамбай Талқабай, Салымжан Ажыбай, Чалахан Сазыбек,

Джйехан Саурхан, Боже Тохта

Сұңқар

Қамбар

Қарашоқы

Назаршоқы

Сарттар

27-45

59

189

177

366

Ал, 1897 жылғы санақ материалдары бойынша қазақтардың қатарына енген субэтникалық топтарды дәл анықтау мүмкін емес. Себебі, санақта қазақтар «қырғыздар» деген этникалық топ ретінде тұтастанып, ана тілі бойынша түркі-татар тіл тобына кіретін қырғыз-қайсақ тіл тармақшасы қатарында беріледі. Ал, Қазақстан жеріндегі «құрамалар» мен «сарттар» субэтностары санақта жеке этникалық топ ретінде тіркелген. Тек территориялық орналасуы жағынан ғана оларды  толығымен қазақтардың қатарына кірді деп айта алмаймыз. Себебі «сарттар» мен «құрамалардың» бір тобы қазақтардың, бір тобы өзбектердің құрамына кірді. Ал, 1897 ж. санақ оларды бөліп көрсетпейді. Сондықтан, 1897 ж. санақта Қазақстан аумағында кездескен сарттар мен құрамаларды толығымен қазақтардың қатарында есептеуге болмайды.

1897 ж. cанақта этникалық белгісі ана тіліне байланысты анықталатын болғандықтан, осы санақтағы тіл топтары туралы бір мәліметті келтірейік.

Кесте2.Негізгі тілдері бойынша Закаспий облысындағы халықтар саны [Первая всеобщая перепись ..., 1904: 7]

Тілдер

Барлық халық саны

Великорусс

27942

Малорусс

5151

Белорусс

180

Поляк

3812

Литвандар

935

Неміс

1026

Армян

4256

Парсы

8015

Еврей

860

Мордова

776

Татар

3510

Туркмен

248651

Сарт

778

Өзбек

470

Тараншы

425

Бұл кестеден сарттар туралы мәліметтің басқа да этникалық топтармен бір қатарда берілгендігін көреміз.«Сарт» ХХ ғ. басындағы материалдарда да жеке субэтникалық топ ретінде көрсетіледі. Тек, 1926 ж. санақтан бастап, «сарт» жекелей субэтнос ретінде санақ материалдарында тіркелмейтін болды.

Айта кету керек, құрамалардың бір бөлігі қазақтардың құрамына кіргенімен (мысалы қазақтардың  құрамында ассимиляцияланған «құрамалар» үйсін, дулат, жалайыр, найман руларының тармақтарына айналды), негізгі бөлігі өзбектердің, тәжіктердің қатарына да енді. Құрамалардың қатарында кербушы, шахрухия, бұқа, керейіт, мұраталы, байсу, қарақытай, қалайбар халықтары бар басым бөлігі 1920 жылдан бастап толығымен өзбектер деп жазылатын болды.

Түрікмен-адай субэтносы қазақстанның батысында мекендеді. Мысалы,  қосай руының құрамына кірген түрікмен-адай субэтносы [Букейханов, 2007:110] Адай уезінің Түрікпен-Адай болысы мен бесінші, Алтыншы, жетінші Қосай болыстарында кездесті. Бесінші, алтыншы қосай руының қазақтары Қарабұғаз бұғазының батысы мен солтүстігін мекендеді [Букейханов, 2007: 96].

Қорытынды.Бұл тақырыпты зерттеу жалғасын табады. Бір мақала мәселені толығымен ашты дей алмаймыз. Бірақ айта кететін жайт, ХХ ғасырдың 20-жылдары КСРО Ғылым академиясының арнайы комиссиясының талдауларының арқасында Одақ бойынша кездесетін субэтникалық топтарды белгілі бір этностардың құрамында болуы ғылыми негізделіп, статистикалық мәліметтерді жинақтау, халық санақтарын жүргізу үшін этностарды нақтылау және жүйелеу жұмыстары жүргізілді. Ол бойынша негізгі этностардың атауы мен құрамы талқыланып, нақтыланып, белгілі бір этностардың құрамындағы субэтникалық топтар статистикалық материалдарда бөлек көрсетілмейтін болып шешілді. Бұл жүйелеу сол кезден бері барлық статистикалық мәліметтерде, халық санақтарын жүргізу барысында этникалық топтарды анықтау үшін қолданылып келеді [Список ..., 1927]

Әдебиеттер:

Букейханов А.Н. Казахи: историко-этнографические труды. 2-е изд. Доп. – Астана: Алтын кітап, 2007, - 303 с.

Исин А.И. Шала-казахи в составе казахского этноса // Рухани жаңғыру» және түркі әлемі тарихының мәселелері: тарих ғылымдарының кандидаты Дәулетханов Әлімғазының 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, 2018. – 235 б.

Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская область, Кокчетавский  уезд. Т. І-й. – Воронеж, 1898. 

Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинская область, Устькаменогорский  уезд. Т. ІХ-й. – С.- Петербург, 1905. 

Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинская область, Семипалатинский уезд. Т. Х-й. – С.-Петербург, 1909 г.

Материалы по обследованию туземного и русского старожилского хозяйства и землепользования в Семиреченской области. Собранные и разработанные под руководством П.П. Румянцева. Т.ІV. Верненский уезд Киргизское хозяйство. С.-Петербург., 1913.].

Первая всеобщая перепись населения Российской империи, 1897 г. Издание центрального статистического комитета министерства внутренних дел. Под редакцией Н.А. Тройницкаго. LXXXII. Закаспийская область. 1904. [Текст] / - СПб. : Типография кн. В. И. Мещерскаго, 1904 . - 170 с. Т. 82 : Закаспийская область).

Список народностей Союза советских социалистических республик /под ред. И.И.Зарубина. Ленинград: Издательство Академии наук СССР, 1927.

Терентьев М.А. Статистические очерки Средне-Азиатской России. – Санкт-петербург: Типография императорской Академии наук, 1874.

References:

Bukeikhanov A.N. Kazakhi: istoriko-etnograficheskie trudy. 2-e izd.Dop. – Astana: Altyn kitap, 2007, - 303 s.

Isin A.I. SHala-kazahi v sostave kazahskogo ehtnosa // Ruhani zhangyru» zhane turkі alemі tarihynyn maselelerі: tarih gylymdarynyn kandidaty Daulethanov Әlіmgazynyn 75 zhyldyq merejtojyna arnalgan halyqaralyq gylymi-praktikalyq konferenciya materialdary. – Almaty: SH.SH. Ualihanov atyndagy tarih zhane ehtnologiya instituty, 2018. – 235 b.

Materialy po kirgizskomu zemlepolzovaniyu, sobrannye ekspediciei po issledovaniu stepnykh oblastei. Akmolinskaya oblast`, Kokchetavskii uezd. T.I-i.-Voronezh, 1898 g.

Materialy po kirgizskomu zemlepolzovaniyu, sobrannye ekspediciei po issledovaniu stepnykh oblastei. Semipalatinskaya oblast`, Ust`kamenogorskii uezd.T.IX-i.-S.-Peterburg,1905 g.

Materialy po kirgizskomu zemlepolzovaniyu, sobrannye ekspediciei po issledovaniu stepnykh oblastei. Semipalatinskaya oblast`, Semipalatinskii uezd.T.X-i.-S.-Peterburg,1909 g.

Materialy po obsledovaniyu tuzemnogo i russkogo starozhilskogo khozyaistva I zemlepolzovania v Semirechenskoi oblasti. Sobrannye I razrabotannye pod rukovodstvom P.P. Rumyanceva.T.IV. Vernenskii uezd Kirgizskoe khozyaistvo.S.-Peterburg,1913 g.

Pervaya vseobshaya perepis` naseleniya Rossiskoi imperii, 1897 g. Izdanie central`nogo statisticheskogo komiteta ministerstva vnutrennikh del. Pod redakciei N.A. Troinickago, LXXXII. Zakaspiiskaya oblast`.1904. [Tekst]-Spb.:Tipografiya kn.B.I.Mesherskago, 1904.-170 s. T.82: Zakaspiiskaya oblast`)

Spisok narodnostei Soyuza sovetskikh socialisticheskikh respublik/pod red.I.I. Zarubina. Leningrad: Izdatel`stvo Akademii nauk SSSR, 1927 g.

Terent`ev M.A. Statisticheskie ocherki Sredne-Aziatskoi Rossii.-Sankt-Peterburg: Tipografia imperatorskoi Akademii nauk, 1874 g.

А.И.КУДАЙБЕРГЕНОВА

Институт истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, главный научный сотрудник, д.и.н., доцент

ИССЛЕДОВАНИЕ СУБЭТНИЧЕСКИХ ГРУПП КАЗАХСТАНА НА ОСНОВЕ СТАТИСТИЧЕСКИХ МАТЕРИАЛОВ

Аннотация. В статье представлен анализ  статистических материалов субэтнических групп, которые вошли в  состав казахского народа в конце XIX – начале XX века. Всестороннее изучение истории казахов, в том числе субэтничеких групп вошедших в состав казахов, в соответствии с историческими периодами является одним из актуальных проблем казахстанской исторической науки. Основным источником для определения изменения численности населения казахского края были отобраны материалы переписи населения 1897 года и других статистических документов, в которых казахов называли «киргизами». Однако субэтнические группы и их количественный состав, включенный в состав казахов специально не изучались. Поэтому в этой статье  представлены статистические материалы по изучению субэтнических групп в Казахстане. Как источник были использованы материалы ревизии 1870 года, и І Всеобщей переписи населения российской империи 1897 года, анализированы сборники материалов экспедиции Ф.А. Щербина «МКЗ – Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей», также были использованы данные собранные из материалов экспедиций Румянцева, Кузнецова, Скриплева и т.д., статистические данные  «Региональные обзоры» (Обзоры областей).

Ключевые слова: Казахстан, Российская империя, казахи, субэтнические группы, перепись населения, статистика, шала казахи, ногаи, киргизы, сарты, экспедиция Щербина, МКЗ.

A.  KUDAIBERGENOVA

Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Chief Researcher, Doctor of Historical Sciences, Associate Professor

RESEARCH OF SUB-ETHNIC GROUPS OF KAZAKHSTAN  ON THE BASE OF STATISTICAL MATERIALS

Annotation. The article presents an analysis of statistical materials of sub-ethnic groups, which had entered into composition of Kazakh people in the late XIX - early XX century. A comprehensive research of the history of Kazakhs, including sub-ethnic groups, which had entered into composition of Kazakhs, in accordance with historical period is one of the relevant problem of Kazakhstan's historical science. The main source for determining the change the population in the Kazakh region was the material of the population 1897 y. and other statistical documents, in which Kazakhs were called «Kirghiz». However, subethnic groups and their quantitative composition included in the composition of the Kazakhs were not specifically studied. Therefore, this article presents statistical materials and research of sub-ethnic groups in Kazakhstan. As a source, materials from the revision of 1870 were used, and 1 general Russian population census of 1897, prepared collections of materials of the F.А. Shcherbin expedition «MKZ - Materials on Kirgiz (Kazakh) land use»; in addition there were used the information collected from materials of the expeditions of Rumyantsev, Kuznetsov, Skriplev, etc., and the statistical data of «Regional review» (Reviews of regions).

Keywords: Kazakhstan, Russian empire, Kazakhs, sub-ethnic groups, population census, statistics, Shala Kazakh, Nogai, Kirghiz, Sarts, Expedition of Shcherbin, MKZ.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4755

No reviews

Download files

Кудайбергенова посл.docx 0.05 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 94(574):930 ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР СОҒЫСЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН (1953-1991 жж.) 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері) ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы 03.20 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ 303.83 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НАРЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНА БЕЙІМДЕЛУІ (ХІХ ғ. – ХХ ғ. басы)

Author's articles

ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ