Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(30), 2022

Author:
ISSN: 2710-3994 
Volume 2 Number 30 (2022) 107-118 
 ҒТАМР 03.00.20 
 Жүсіп Сұлтан Хан¹ , М.М. Қозыбаева²*
¹Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ҒЗИ. Қазақстан, Нұр-Сұлтан; 
² Нұр-Сұлтан қаласындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты филиалы. Қазақстан, Нұр-Сұлтан. 
 *Автор-корреспондент 
E-mail: prahacz2002@gmail.com (Жүсіп), koz.mahabbat_85@mail.ru (Қозыбаева). 
Аңдатпа. Мақалада авторлар «Қазақ» газетінің маңызды қоғамдық-саяси орган ретінде қалыптасуына Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының ықпалы туралы мәселе көтереді. Орынборда 5 жыл бойы А. Байтұрсынұлының редакторлығымен шығып тұрған тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті қазақ өлкесінің қоғамдық-саяси, Ресей империясының ішкі істері мен халықаралық жағдай, оқу-ағарту, ғылым, көшпелі де отырықшы мал және егін шаруашылықтары, мәдениет, тіпті адам құқы, әйел теңдігі салаларын түгел қамтыған әмбебап мерзімді басылымға айналып, 1913-1918 жылдар бойы бүкіл Қазақ даласының қоғамдық пікіріне жалғыз өзі үстемдік орнатты. Зерттеушілердің пікірінше, «Қазақ» газеті мен «Алаш» қайраткерлері қазақ қоғамында «мәдени ренессанс» жасады, заманауи қазақ мемлекетін құрды. Тұңғыш жалпыұлттық әрі халықаралық «Қазақ» газетінің қазақ халқы мен қазіргі Қазақ мемлекеті алдындағы өшпес тарихи рөлі мен маңызын асыра бағалау мүмкін емес. 
Түйін сөздер: «Алаш» қозғалысы, «Қазақ» газеті, ұлттық идея, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, мәдени реннесанс, ұлттық автономия, кеңес өкіметі.
Text:

Кіріспе. 1913-1918 жылдары Орынборда шығып тұрған тұңғыш жалпыұлттық әрі халықаралық «Қазақ» газетінің қазақ халқы мен қазіргі Қазақ мемлекеті алдындағы өшпес тарихи рөлі мен маңызын асыра бағалау мүмкін емес. «Өшпес тарихи рөлі мен маңызы» деп құр сөзбен шектелмей, қысқаша шолып өтейін. 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың қаңтарына дейін «Қазақ» газетінің 260 саны үзілмей шығып тұрып, қаңтар айында Орынборға Кеңес әскері басып кірген соң, қазақтан шыққан тұңғыш бәлшебек Әліби Жангелдин газет құрылтайшыларын тұтқындай алмай редакцияны қиратып, оның жалпы құны 106 мың рубльге бағаланған дүние-мүлкін талан-таражға салды, бәлшебек газеттеріне үлестіріп берді. 1918 жылдың шілде-қыркүйек айларында «Қазақтың» 261-266 саны үзіліп-үзіліп жарық көрді де, Орынбор біржола кеңес өкіметінің қолына өткен соң, жабылды.

Материалдар мен зерттеу әдістері. Осы мақаланы жазу үстінде авторлар іргелі ғылыми қағидалар ретінде ғылыми объективтілік пен тарихшылдықты басшылыққа алды. Зерттеуде жалпы ғылыми және арнайы тарихи әдістер, ал жалпы ғылыми әдістерден – талдау, синтез, логикалық әдістер қолданылды. Арнайы-тарихи әдістер санатында авторлар тарихи-ретроспективті, тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелік әдістерге назар аударды. Тарихи зерттеудің жалпы ғылыми және арнайы әдістері де қолданылды, оларды қолдану тақырып бойынша бірқатар маңызды сұраққа жауап табуға мүмкіндік берді. Мақаланы жазу барысында ғылыми этиканың негізгі қағидалары мен интеллектуалдық адалдық пен әдептіліктің жоғары стандарттары сақталды. Мақала авторлары ғылыми деректерді қолдан жасау, бұрмалау, плагиат, жалған авторлық және т.б. жағдайларға жол бермеді. Зерттеудің теориялық негізіне отандық ғалымдар – М. Қозыбаев (Қозыбаев, 1998), Қ. Нұрпейіс (Нұрпейісов, 1995), С. Аққұлұлы (Бөкейхан Ә., 1995), С. Смағұлова, Ғ. Әнес («Қазақ» газеті», 2015) және т.б.

Талқылау. 1917 жыл басында «Қазақ» редакциясы «Азамат» серіктестігінің мүшелері мен оқырмандарына баспахана сатып алуға көмек сұраған үндеу жолдады. Сол кезде серіктестік қоржынында 106 мүшесінен түскен 10 600 рубль қаражаты болды (Баспахана туралы, 1917, № 214: 4). І-дүниежүзілік соғыстың қарсаңында шағын баспахана 10 мың патша рубліндей болса, 1917 жылға қарай 20-30 мыңға дейін қымбаттады, ал ірі баспахана – 30-40 мыңнан асып жығылды («Азамат» серіктері, 1917, № 219: 4). «Қазақ» үндеуіне Шығыс Түркістан қазақтарынан 600 рубль, оның ішінде бір Құлжадан 6 қазақ 100 рубльден, Шымкенттен 100, Қарқаралы оязынан 4 кісі 100 рубльден, Ақмешіттен 100 («Қазақ» газеті, 1917, № 216: 4), Ақмола облысының Қызылжар (Петропавл) оязынан 1 мың, Пішпек оязының қырғызынан, Атбасардан, Сырдария облысының Қазалы оязынан 100-100 рубльден, Аягөзден, Ақтөбеден («Қазақ» басқармасы, 1917, № 219: 3), тіпті І-дүниежүзілік соғыс майданында Қостанай оязы Кеңарал болысынан барып, 16-дружина 210 партиясында окоп, траншея, блиндаж қазып жүрген жігіттерден 103 рубль және т.б. қаншама қазақ «Азамат» серіктестігіне мүшелікке кіріп, жарна аударумен жауап қатты. Нәтижесінде, М. Дулатұлы өзінің «Қазақ» баспаханасы» атты мақаласында: «Жаңа арада «Азамат» серіктігі атына «Қазақ» газеті үшін 30 мың сомға баспахана алдық. Баспахананың екі машинасы бар, орысша харфтері мол, саймандары түгел құрулы. Мұсылманша харфті Қазаннан алдырғалы тұрмыз, заказ беріп қойдық. Сүйтіп барлығы 40 мың сомға түскен қазақша һәм орысша басатын баспаханамыз болды», - деп хабарлады (Міржақып, 1917, № 239: 1).

Алдыңғы қазақ басылымдарының бірі де сапасы, көтерген тақырыптарының өзектілігі, таралымы, оқырман аудиториясы, әсіресе бүкіл исі қазақ арасындағы ықпал-беделі жағынан А. Байтұрсынұлы бастаған «Қазақ» газетімен теңесе алмайтын. Газеттің 5 жылғы тігіндісін парақтап шыққаннан-ақ «Қазақтың» Ұлы даланың қоғамдық-саяси, оның ішінде Ресейдің ішкі істері мен халықаралық жағдай, оқу-ағарту, ғылым, денсаулық, көшпелі де отырықшы мал және егін шаруашылықтары, мәдениет, тіпті адам құқы, әйел теңдігі салаларын түгел қамтыған әмбебап мерзімді басылым болғанына көз жеткіземіз. ХХІ ғасыр басындағы Тәуелсіз Қазақстанның ондаған телеарнасы, қазақ, орыс және басқа тілдердегі мыңдаған мерзімді қоғамдық, әдеби, ғылыми басылымдары, электрондық БАҚ-тардың қазіргі қоғамдағы беделі мен ықпалы – одан 100 жыл бұрынғы бір «Қазақ» газетінің абырой-беделімен, ықпалымен салыстыруға келмейді. «Қазақ» 1913-1918 жылдар бойы бүкіл Қазақ даласының қоғамдық пікірі мен көзқарасына бірден-бір үстемдік етті.

Алғашқы жылдары «Қазақ» 3 мыңдай данамен шығып тұрса, Сорбонна университеті ғалымдарының мәліметінше, 1916-1917 жылға қарай 8 мың данамен (Беннигсен, Лемерсье-Келькежей, 1964), яғни өзіне дейінгі басылымдардың бәрін қосқанда да артық данамен таралды. Көп ұзамай газет сандарын Шығыс Түркістан қазақтары, төңкеріске дейін Жетісу облысына қараған Пішпек оязының (қазіргі Қырғыз Республикасы) қырғызы, өзбек оқығандары, Самар, Уфа гүбернелерінің башқұрты мен башқұртанған қазағы, Варшава, Киев, С.-Петербор, Мәскеу, Қазан, Томскі ЖОО-ларында және Самарқанд, Бұқара, Стамбұл медреселеріндегі қазақ жастары жаздырып алып тұрды. 1916-1917 жылдары І-дүниежүзілік соғыста Ресей империясының Минскі, Киевтен Ригаға дейін созылған Батыс, Солтүстік-Батыс және Солтүстік майдандарында окоп-траншея қазған 100 мыңдаған қазақ азаматы мен оларға қамқор болған бүкілресейлік «ЗемГорОдағы» «Бұратана бөлімінің» Ә.Н. Бөкейхан бастаған «Алаш» зиялылары мен студент жастары үзбей оқыды (Жүсіп, Маслов, 2021). Осылайша жалпыұлттық «Қазақ» газеті – тұңғыш жалпыұлттықтан халықаралық басылымға айналды.

Нәтиже. А. Байтұрсынұлының «Қазақ» редакциясы бір газет шығарумен ғана шектелмеді. Қазақтың тұңғыш зайырлы мектебіне арналған ұлт тіліндегі тұңғыш оқулықтар, көркем шығарма мен аударма, әдебиеттану, фольклортану, ұлт тарихы туралы ғылыми зерттеулерін өздері жазып, ақын-жазушылардың шығармалары, ауыз әдебиеті үлгілері жинақтарын кітап етіп шығарды. Мысалы А. Байтұрсынұлының 1- және 2-сынып оқушыларына арналған «Әліппе» және «Тіл құрал» оқулықтары, М. Дулатұлының бастауыш мектептің 1-және 2 жылында оқитын «Есеп құралдары»; көркем шығармалардан Ғ. Қараштың «Аға тұлпар» өлеңдер жинағы, Б. Өтетілеуұлының «Жиған-терген», Ахаңның «Маса», Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» романы, «Терме» және «Азамат» өлеңдер жинағы, Ш. Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыры» және т.б. газеттің әрбір санында «Бұл кітаптар ешкімге ақшасыз жіберілмейді... Сондықтан тиісті бағасына лайықтап марка жіберу керек. Кітапшыларға һəм 10 кітаптан артық аударушыларға сомынан 30 тиын кемітіледі. Адрес мынау: Оренбург, редакция газеты «Қазақ». [«Қазақ»] басқармасында сатылатын кітаптар» деген жарнамалар беріліп тұрды («Қазақ» газеті, 1915, № 150: 4).

«Қазақ»-тың ұлтының мәдени қайта жаңғыруы жолында атқарған тағы бір игі ісі бар. Ол – кедей балаларының білім алуы үшін қаржы-қаражатқа мұқтаж балаларына жәрдем беруі. «Қазақ» редакциясы «мұқтаж оқушыларға жәрдем» науқанын ұйымдастырып, елдің түкпір-түкпірінен 50 тиын, 1-3-5 сомдап қанша қаржы жиналғанын, қай оқушыға не студентке қанша көмек берілгенін газет беттерінде үзбей жариялап тұрды. Мысалға, газеттің әрбір кезекті санында: «1) Орынбордағы «Медресе Заһдия» шәкірті Сапарғали Бердімұратұлына 45 сом... 3) Семейдегі торговый школ шәкірті Ғұмыр Юнісұлына 30 сом 21 тиын; 4) Електегі педагогический курс шәкірті Файзулла Османұлына 30 сом 11 тиын; 5) Ақтөбедегі 2 класты школ шәкірті Сыдық Яқұпұлына – 22 сом 11 тиын; 6) Паулодардағы педагогически курс шәкірті Қауан Босықбайұлына - 45 сом 21 тиын...», - деген сияқты құлақтандыру жарияланатын (Жәрдем берілген, 1917, № 220: 4).

«Оренбург, - деп жазды М. Шоқай бір естелігінде, - столица оренбургского казачества, выросшая на башкирской земле. Население города – татары, русские и казаки. Наших же казахов в этом городе – всего несколько семей... Но самым важным было и то, что в Оренбурге проживали наиболее выдающиеся и талантливые писатели и деятели – Байтурсынулы Ахмет и Дулатулы Мир-Якуб... Здесь выходила еженедельная газета «Казак», благодаря талантливому руководству Ахмета и Мир-Якуба приобрёвшая чрезвычайно большое влияние на казахские массы. Вот почему чужой Оренбург стал временным руководящим центром национального движения казахов. Вот почему І революционный съезд казахов был созван здесь» (Шоқай, 2014: 243-244).

М. Шоқайдың бұл пікірін толықтыра кетсек, Орынбор – қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекші орталығы болса, ал «Қазақ» газетінің редакциясы – бүкіл Ұлы қазақ даласының бірден-бір оқу-ағарту, мәдениет, ғылыми-зерттеу ұлттық орталығына айналды. Халел Досмұхаметұлының 1930 жылы НКВД тергеушісіне: «Появилась в Оренбурге газета «Казак», во главе которой стали А. Байтурсынов и М. Дулатов... Т. о. возник центр, объединивший и руководивший тем слоем казахского населения, который был разбужен 1-ой русской революцией. Газета давала руководящие статьи по политической жизни казахов, открывала дискуссии и была объединителем тогдашней политической мысли», - деп мәлімдеуі тағы бір дәлел (Движение Алаш. 2011: 109-110).

Міне «Қазақты» 5 жыл бойы үзілісіз басқарған А. Байтұрсынұлының ұлт мүддесіне сіңірген еңбегінің маңызы мен рөлін «Алаш» көшбасшысы Әлиханнан артық әділ бағалалаған қайраткер жоқ деуге болады. Патшалық биліктің «Қазаққа» салған кезекті қомақты айыппұлын төлей алмай, газетті жабылудан құтқару үшін өзі абақтыға отырған 1914 жылы, Әлихан екі адал үзеңгілесінің рухын көтеру үшін былай деп жазды: «Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н. Радищев абақтыға жабылып, 10 жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газет, журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И. Новиков Шлиссельбург деген зор қиын абақтыда 15 жыл отырған. Бауырым, Ахмет, Миряқуб! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы... 18 ғасырда «ақыл патшасы» атанған француз Вольтер еді. Осы Вольтер замандасы, Толстойға неше жол көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Біздің Ресейде абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов абақтыда жатқан... Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдалған» (Қыр баласы, 1914, № 54: 4 б.).

1930-жылдары Астраханда саяси айдауда жүрген Ахметті босату үшін Әлихан Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Мәскеудегі өкілі Екатерина Пешковаға өзінің адал үзеңгілесін былай сипаттап жазды: «Он просветитель казахского народа. Байтурсынов - Кирилл и Мефодий, Новиков и Радищев своего народа. Он создал азбуку, которая по мнению профессора Молло, лучшая из Азбук Байтурсынов А. автор грамматики, синтаксиса, букваря, хрестоматий на казахском языке. Он Наркомпрос Казакской АССР, многолетний в 1920-1928 г., до ареста его, председатель научной при НарКомПросе комиссии... Он, Б.А., редактор, издатель и создатель единственной тогда казахской газеты “Казак”. [В] 1913-1918 гг., в старое время, не было казака, который не читал и не знал этой газеты. Когда в 1916 г. Оренбургский губернатор трижды оштрафовал “Казак” на 4500 руб., то эти деньги переводились читателями по телеграфу долями по 5, 10, 50, 100 руб. и спасали от тюрьмы редактора Аханг (уважительно-ласкательное от Ахмета). Судьба Байтурсынова А. схожа с судьбой Н.Г. Чернышевского, как он Байтурсунов Ахмет, бесстрашный пророк своих убеждений, как он, кабинетный работник, как он - страх власти. Я знаю Н.Г. Чернышевского и не боюсь с ним сравнивать Байтурсынова А., так как его так же знаю» (Қойгелдиев, 2016: 1-2).

Ең бастысы - «Қазақ» газеті мен «Алаш» идеясын, қозғалысын, партиясын, 1917-1920 жылдары жасаған Алаш Ұлттық Жерлі Республикасын (аутономия болу, Әлихан Бөкейхан 1917 жылы мәлімдегендей, дербес мемлекет болу) (Қыр баласы, 1917, № 251: 1) және қайраткерлерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. «Алаш»-ты тарихи құбылыс деп алсақ, «Қазақ» - осы тарихи құбылыстың өзі, баспасөз құралы ретінде «Алаш» құбылысының ақыл-ойы, ұлттық сана-сезімі, көзі, құлағы және тілі болды. Газеттің алғашқы сандарының бірінде Түрік баласы: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің ширақ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті[н]» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті[н]» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» («Қазақ» газеті, 2015), - деп жазғанындай, газеттің «Қазақ» атауының өзі «Алаш» идеясы болатын.

Өзінің атауымен Ұлы дала халқының «Қазақ» деген төл этнонимін қорғап, ата-бабадан қалған кең-байтақ жерін Ресейдің орыс келімсектерін қоныстандыратын отарлау саясатына табанды түрде қарсы тұрды. Екіншіден, алдыңғы басылымдарды саяси-діни қозғалыстың өкілдері шығарса, «Қазақты» - Әлихан Бөкейхан мен оның Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы сынды өздерін «батысшылдар» деп санаған ұлт зиялылары ұйымдастарды. Оған «Қазақ» пен «Айқап» құрылтайшылары арасындағы 1913-1915 жылдарғы қызу пікірталасы айқын дәлел. Француз ғалымдары А. Беннигсен мен Ш. Лемерсье-Келкеженің ортақ пікірінше, М. Жұмабайұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхаметұлы, Е. Омарұлы, Ә.-Х. Жүндібайұлы, М. Тынышбайұлы және т.б.-ды қосқанда қазақтың барлық зиялысы газет авторларының қатарында болды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ш. Құдайбердіұлы және басқалар тарих, әдебиеттану, оқу-ағарту, ғылым, жер игеру және жалпы экономика туралы зерттеулерін осы жерде жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті, француз ғалымдарының пікірінше, аса биік ғылыми деңгейге жетті (Беннигсен, Лемерсье-Келькежей, 1964). «Батысшылдар» көшпелі дәуірдің заманы өткен салт-дәстүр, ұлттық құндылық, көшпелі шаруашылық пен жалпы мәдениеттің орнына Қазақ қоғамына тың идея, салт-дәстүр, жаңа заман құндылықтарын, заманауи шаруашылық (экономика) пен мәдениет ұсынды. Қазақтың заманауи жазба әдеби тілін, ұлт әдебиетін, зайырлы білім-ғылым жүйесін, жалпы ұлт мәдениетін қалыптастырды, халықтың ұлттық сана-сезімін «Масадай» ызыңдап оятты. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газеті Дала және Түркістан өлкелері мен 5 дербес облыс-оязға бөлініп, тарыдай шашылған халқын «Алаш» идеясы мен туы астына жинап, Қошке Кемеңгерұлы атап көрсеткендей, «қазіргі қазақ ұлтын қалыптастырды». Бір сөзбен айтқанда, Оксфорд университеті Орта Азияны зерттеу орталығының пікірінше, «Қазақ» газеті мен «Алаш» қайраткерлері қазақ қоғамында «мәдени төңкеріс», «мәдени ренессанс» жасады (Общество изучения, 1985).

 «Қазақ» газетінің халқы алдындағы тағы бір өшпес қызметі – қазақты «бұратана» есебінде І-дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына күштеп жұмылдырған 1916 жылғы «25 маусым жарлығы» мен 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі атқарған игі ісі. «Қазақ» газеті ұлттық мемлекеті, жанашыр үкіметі жоқ қазағын отаршыл империяның зұлым саясатынан қорғауға бар күш-жігерін салып, бейресми немесе «көлеңкедегі» ұлттық парламент пен үкіметтің міндетін қатар атқарды. 1916 жылдың 7 тамызында Орынборда 6 қазақ облысының өкілдерін жинап, бір жағынан қазақ халқының «25 маусым жарлығының» жөн-жосықсыз орындалуына қарсы көтерілгенін түсіндірді, екінші жағынан – халқын сабырлыққа үндеп, жарлыққа қарсы шықпай, ұлдарын қара жұмысқа жіберуге үгіттеп, газет бетінде «7 тамыз кеңесінің қаулысын» (Бөкейханов, т.б., 1916, № 192: 1) және «Алаштың азаматына!» (Әлихан, т.б., 1916, № 192: 1) мен «Қазақ жұртына!» атты үндеулерін жариялады (Әлихан, т.б., 1916, № 192: 1). Үшіншіден, отаршыл әкімшілікке қазақ шаруашылығын күйзелтпеу үшін жарлықтың орындалуын 1916 жылдың соңы мен келесі 1917 жылдың басына дейін ұзартуды және майданға алынған азаматтар мен олардың отбасыларына жеңілдік беруді сұраған қаулы қабылдады. Кеңестің ізінше «Қазақ» құрылтайшылары елді аралап, үгіт-насихат жүргізді. Ал қазақ жігіттері қан майданның қара жұмысына аттанғанда, Әлихан, Міржақып бастаған «Қазақ» құрылтайшылары, ұлт зиялылары мен Ресейдің әр түкпірінде оқитын студенттерін жинап, Ресейдің Батыс, Солтүстік және Солтүстік Батыс майдандары шептеріне аттанды. «Қазақ» майдандағы қазақ жігіттерінің тұрмысы мен қызметі туралы еліне үзбей хабар беріп тұрды. Осылайша «Қазақ» құрылтайшылары Ресейді 300 жылдан астам билеп-езген патшалық билікті құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісін адамзат тарихындағы ең қанқұйлы І-дүниежүзілік соғыстың қан майданында окоп қазған аға-інілерімен бірге қарсы алып, Минскі қаласынан қанішер патшаның құлағанынан бейхабар, Ұлы даласында шырт ұйқыда жатқан халқын жеделхатымен оятты.

Бұл жерде ғалымдар тарапынан осы күнге дейін ескерілмей келген мынадай тарихи фактыны ерекше атап өту керек. Батыс майданға өз ықтиярымен аттанып, окоп қазған қандастарын көзінің қарашығындай қорғап жүрген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ІІ Николай патшаның тақтан кетіп, патшалық биліктің құлағанын ең алғаш білген санаулы қайраткердің бірі болды. Патша үкіметінің орнына жаңа ғана жасақталған бүкілресейлік Уақытша үкіметтің мүшесі, әділет министрі А. Керенский Петроградтан Батыс майдандағы Әлиханға жеделхат жолдап құлағдар етті (Байтурсунов, Дулатов, 1917, № 10: 1, 3-4). Ол жеделхаттың ізінше «Қазақ» газеті мен Ұлы қазақ даласының түкпір-түкпіріне - 25 мекенжайға мынадай жеделхат кетті: «Росиядағы барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды... «Учредительное собрание» сайлауына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау-жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер! Біз қалайтын патшалық түрі - «демократическая республика», яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар! Түзулікпен іс етіңдер... өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар! Халықтың көңілін білдіріңдер!» («Қазақ» газеті, 1917, № 223: 2 б.).

«Қазақ» газетінің ең басты да тарихқа алтын әрптермен жазылатын қызметі – қазақтың тұңғыш «Алаш» ұлттық либералдық-демократиялық партиясын құрып, оның ресми үгіт-насихат құралы ретінде бүкілресейлік құрылтай жиналысы сайлауында зор жеңіске жетуіне шексіз үлес қосты. 1847 жылы Кенесары ханның қайғылы қазасымен тарих сахнасынан біржола кеткен Қазақ хандығының жер аумағы мен үйіндісі үстінен арада тура 70 жыл өте заманауи ұлттық мемлекет болып іргетасын қайта көтерген Алаш Ұлттық Жерлі Республикасын құруға мұрындық болды және оның тұңғыш ресми баспасөзі міндетін атқарды.

Міне осынау тарихи фактылар бола тұрып, тәуелсіздіктің 30 жылында «Қазақ» газетіне лайықты тарихи, ғылыми және саяси бағасы берілді деп айта алмаймыз. «Қазақ» - лайықты бағасын өзінің тұңғыш редакторы болған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейтойы аясында алады деп үміттенеміз.

Енді «Қазақ» газеті қалай дүниеге келді, соған қысқаша тоқталайын.

«Қазақ»-ты тұңғыш жалпыұлттық басылым деуге – оны шығару 1907 жылғы «Серке», «Қазақ газеті», 1911 жылғы «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналынан бұрын қолға алынғаны айқын дәлел. Оған Әлиханның 1905 жылдың 11 мамырында Григорий Потанинге жазған хатындағы «Нельзя не скорбеть, что на казак’ском языке нет газеты, которая могла бы объединить единомышленников и уничтожить массу бесполезной работы, необходимой при настоящих условиях...» (ҚОӨМ, 1315 ж: 117) деген жолдарынан көз жеткіземіз. «При настоящих условиях» деген сөзінің астарында «Алаш» қозғалысын айтып отырғанын Г.Потанинге жазған кезекті хатындағы «В вопросах федеративного (союза) устройства русского государства казаки пойдут в рядах крайних областников. Я вступил в переписку с известными влиятельными казаками и надеюсь из них организовать отделение сибирского союза» деген жолдарынан айқын аңғарамыз (ҚОӨМ, 1315: 119). Демек, Әлиханның отаршыл Ресей империясын cонау 1905 жылы-ақ федерация етіп түбегейлі реформалау арқылы қазақ ұлттық мемлекетінің шаңырағын қайта көтеруді стратегиялық мақсат етіп алғанын, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырумен бірге, оның ресми үнқағазын да ашуды бірден жоспарлағанын байқаймыз. Ұлттық басылым шығару мәселесі сол жылдың маусымында отаршыл империя үкіметіне жолданған әйгілі «Қарқаралы құзырхатының» 3-тарауына: «Для выяснения текущих нужд казакского народа необходимо издание газет на казакском языке, для чего потребуется установление явочного порядка на  издание газет без предварительной цензуры и на открытие типографий», - деп ойып жазылды (Омск, 1906, № 32:1).

1905 жылдың соңында Санкпетерборлық «Наша жизнь» газеті: «В период 17 октября [1905 г.] и после, Букейханов собирался издавать газету на казакском языке и уехал в степь, чтобы потолковать со своими земляками-казаками о предстоящих выборах и тех задачах, которые неотложны были для казакского народа» деп жазды (Из Сибирской жизни, 1906: 3).

Міне бұл мәліметтерден бір-ақ тұжырым шығады: әу бастан-ақ «Алаш» қайраткерлері Әлихан, Ахмет қазақ тіліндегі «Қазақ» атаулы газетті реті келсе 18 ақпан жарлығы мен 17 қазан Манифесі берген азаттықты пайдаланып, 1905 жылдың соңында, реті келмесе – 1906 жылдың басында, яғни І Мемлекеттік дума сайлауының қарсаңында, бірақ Орынборда емес, Семейде, одан да нақтырақ айтсақ – 1917 жылдың мамыр айында атауы «Алаш» деп өзгертілген «Заречная слободка» кентінде басып шығаруды жоспарлағаны, Ахметтің өз сөзімен айтсақ, «сүттей ақ, айдай жарық». Бірақ Дала генерал-губернаторының қазақша газет шығаруға рұқсат бермесін де ескеріп, басқа қазақ облысында да қарама-қатар өтініш бергені байқалады. Қазақ жерін аяусыз билеп-төстеген отаршыл билік патшаның «17 қазан Манифесін» місе тұтпай, кешегі Қазақ хандығын Дала және Түркістан өлкелері мен Орынбор, Орал, Торғай, Закаспий сынды бірнеше дербес облысқа және Алтай өңірінің Бийскі, Змеингорскі және Барнауыл ояздарына ыдыратып, Қазақ еліндегі отарлау саясатын жалғастыра берді. Cол себепті 1905 жылдың 9 желтоқсанында «Қазақ» газетін шығаруға оның құрылтайшысы әрі меншік иесі ретінде Мұстафа Оразайұлына және редакторы ретінде Ахмет Байтұрсынұлына Семей облысы немесе Дала генерал-губернаторы емес, Орынбор облысының генерал-губернаторы рұқсат берді («Қазақ» газеті, 1998).

Ал Дала генерал-губернаторы қазақша газет шығаруға ғана емес, «17 қазан Манифесін» аяққа таптап, Мемлекеттік думаға Семей облысы қазағынан депутат сайлауға, турасын айтқанда – Әлиханның депутат сайлануына барынша бөгет жасады. Алдымен 1906 жылдың 1 қаңтарынан бастап Дала өлкесіне «әскери тәртіп» орнатты (Бөкейхан Әлихан, 2017). Ізінше газеттің бас құрылтайушысы әрі Семей қазақтарынан І Дума депутаттығына түсуге бел буған Әлиханды 1906 жылдың 8 қаңтарында тұтқындап, не ресми айып тақпай, не тергемей, не соттамай 4 ай бойы Павлодар-Омбы абақтыларында ұстап, ақыр соңында оны туған Қазақ өлкесінен алысқа жер аударуды жоспарлады. Қазақтың 10-даған халық өкілі сайланған І және ІІ Мемлекеттік думаны 1906-1907 жылдары мерзімінен бұрын 2 рет қуып таратып, ІІ Дума таратылған 1907 жылдың 3 маусымында сайлау туралы ережеге қазақ халқын сайлау құқынан айырған түзету енгізді. Ол жайында Әлихан 1910 жылғы «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде: «Закон 3 июня 1907 года лишил 4 ¼ миллионную казакскую народность избирательных прав. Правительство, очевидно, сочло лишним присутствие в Государственной думе представителей от того народа, которого оно столь насильственно лишило собственных земель», - деп күйіне жазды (Букейханов, 1910). 1907-1910 жылдары «Қазақ» газетін ұйымдастырушы «Алаш» қайраткерлерін жаппай қудалады. Әлиханды ІІ Дума депутаттығына түсуден бас тартуға мәжбүр етіп (Букей-Хановъ,1907, № 7: 4), 1907 жылдың желтоқсанында «Выборг үндеуіне» қол қойып таратты» деген нақақ айыппен сайлау құқынан айырып, қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салып, 3 ай түрме жазасына кесті; Семейде түрме жазасын 3 ай емес, 8 ай өтеп шыққан 1908 жылдың желтоқсанында өзін «ит жеккенге» айдауын тосып отырмай, өз бетінше алдымен С.-Петерборға, одан, 1917 жылы Ахмет пен Міржақып жазғандай, Самарға «эмиграцияға» кетті (Байтурсунов, Дулатов, 1917, №10: 1, 3-4).

А. Байтұрсынұлы 1909 жылы тұтқындалып, 10 айдан соң ғана босатылып, Дала өлкесінде қалуға болмауы себепті өз таңдауымен Орынборға қоныс аударды (РФМА, 2881:38).

Ж. Ақбайұлы - Қарқаралыдағы митингіге қатысқаны үшін істі болып, І және ІІ Дума сайлауына жіберілмей, алдымен Якутияға жер аударылды. 

М. Дулатұлы да «Оян, қазақ!» жинағы үшін түрмеге жабылып, бостандыққа шығысымен Түркістанда бас сауғалауға тура келді.

Осылайша Семейде шығару жоспарланған «Қазақ» газеті де, ұлы Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы да, Ахметтің «Қырық мысалы» да жарық көрмей кейінге қалды.

Кадет партиясының хатшысы А. Корниловқа 1908 жылдың 9 желтоқсанында жазған хатында Әлихан С.-Петерборда қалмауының сырын «не нашёл себе «хлебной» работы» деп түсіндірді (РФМА, 447: 1). Ал тарихи фактыға сүйенсек, 1909 жылдың қаңтарында Әлиханның «майлы жұмысты» Самардан табуы, ал Ахметтің 1910 жылы Семей түрмесінен шыға сала Орынборды таңдауы – екі қайраткердің өзара алдын-ала уәделескен мәселесі. Біріншіден, Самар мен Орынбор – «қойы қоралас» көрші облыстар, екеуінің арасы – Семей мен Өскемен арасындай. «Қазақ» газетін басқарып тұрған Ахметті 1914 жылдың күзінде түрмеге жапқанда, Самардан пәуескемен шұғыл жеткен Әлихан айыппұлын төлеп босатып алды (Міржақып, 1917, № 239: 1).

Егер «Серке», «Қазақстан» газеттері» мен «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан жекелеген халық жанашырының немесе халықшыл азаматтар тобының жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті – бүкіл ғұмырын халқының құқы мен азаттығы үшін күреске сарп еткен, қалың қазағының жарқын болашағын болжай білген ат төбеліндей топтың қиян-кескі күресінің жемісі болатын.

Екіншіден, «Азамат» серіктестігі жалғыз «Қазақ» газетін ғана емес, қазақтың тұңғыш зайырлы заманауи мектептеріне арналған тұңғыш оқулық кітаптарын, түрлі әдебиет, жинақ шығарды. Міне ұлт тіліндегі осы әдебиеттің бәрін үзбей шығару үшін «Алаш» қайраткерлері «Азамат» серіктестігінен басқа да тұрақты қаржы көздерін қарастырды. Самарда орталық кеңсесі орналасқан Дон жер банкі дәл сол қаражат көзінің біріне айналды. Әлихан 1909 жылдан банктің жер бағалайтын бас агенті болды. Новосібірлік тарихшы ғалым В. Козодой тапқан тың мәліметке сәйкес, газет жарыққа шыққан 1913 жылы Әлихан Ахметті осы банктің Орынбордағы филиалына жер бағалаушы агент ретінде қызметке тартқан (Козодой, 2021). Сөйтіп қазақтың тұңғыш жалпыұлттық басылымын, жекелеген қаржылай демеушілерді, «Азамат» серіктестігінің мүшелік жарналарынан басқа тағы бір тұрақты да сенімді қаржы көзімен қамтамасыз етті.

Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға үстемдік орнатуға кіріскен алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың басында біржола жабылды.

Қорытынды. Кеңес өкіметі «Қазақ» газетін жойғанымен, қазақ үнін өшіре алмады. Ақпан төңкерісінің ізінше «Қазақпен» қатар Бөкейде «Ұран», Ташкентте «Бірлік туы», Қызылжарда «Жас азамат», Алаш қаласында алдымен «Сарыарқа», одан соң «Абай» журналдары жарық көрді. 1920 жылдың соңында Ташкентте шыға бастаған «Ақ жол» газетін «Қазақты» қайта тірілткен басылым деуге толық негіз бар. Алайда шынайы тәуелсіз басылым ретінде «Қазақ» газетінің бастап берген жолын ұстанған «Ақ жол» - тағы бір қазақ бәлшебегі Тұрар Рысқұлұлының 2 жыл бойы соңына түсіп 1926 жылы жаптырған соңғы тәуелсіз қазақ басылымы болды.

Мақала 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша AP09260561 «Ахмет Байтұрсынұлы. 12 томдық толық шығармалар жинағы. Қазақ және орыс тілдерінде» жобасын іске асыру негізінде аясында дайындалды.

Information about the authors:

Zhussip Sultan Khan – Research Institute "Alash" of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Nur-Sultan, Kazakhstan; https://orcid.org/0000-0002-4090-3963, E-mail: prahacz2002@gmail.com;

M.M. Kozybayeva – Оf the branch of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology in Nur-Sultan. Nur-Sultan, Kazakhstan. https://orcid.org/0000-0002-7223-2439, E-mail: koz.mahabbat_85@mail.ru.

ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

«Азамат» серіктері. // «Қазақ» газеті. – 1917. – № 219, 23 ақпан. – 4 б.

Әлихан, Міржақып, Ахмет. Алаштың азаматына! // «Қазақ» газеті. – 1916. – №192, 11 тамыз. – 1 б.

Әлихан, Міржақып, Ахмет. Қазақ жұртына! // «Қазақ» газеті. – 1916. 11 тамыз. – № 192. – 1 б.

Байтурсунов А., Дулатов М. Наш ответ докладной записке, напечатанной в №125 «Заря» от 5 сентября с.г. // Газета «Южный Урал». – 1917. – № 10, 14 сентября. – С. 1, 3-4.

Баспахана туралы. // «Қазақ» газеті. – 1917. – № 214, 20 қантар. – 4 б.

Беннигсен А., Лемерсье-Келькежей Ш. Пресса и национальное движение среди мусальман России до 1920 г. – Париж: Сорбонна, 1964.

Бөкейхан Әлихан. Шығармалары / Сочинения. В 15 т. – Астана: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2017. – 5 т. – 146 б.

Бөкейханов А., Алмасұлы О., Дулатұлы М. 7 тамыз кеңесінің қаулысы. // «Қазақ» газеті. – 1916. – № 192, 11 тамыз. – 1 б.

Букей-Хановъ Ал. Нурм. Открытое письмо киргизамъ Семипалатинской области. // Газета «Голосъ степи». – 1907. – № 7, 13 января. – C. 4.

Букейханов А.Н. Киргизы. // Костелянский А.Н. (ред.). Формы национальнаго движения въ современных государствах. – СПб., 1910. – 600 с.

Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. – Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. – Т. ІІ.

Жәрдем берілген мұқтаж оқушылар. «Қазақ» басқармасы жәрдем береді. // «Қазақ» газеті. – 1917. – № 220, 1 наурыз. – 4 б.

Жүсіп С.А., Маслов Х.Б. Исторические аспекты участия казахов в Первой мировой войне. // Электронный научный журнал «edu.e-history.kz». – 2021. – № 3(27) // https://edu.e-history.kz/ru/publications/view/1666.

Из Сибирской жизни: член Государственной думы от казахов Семипалатинской области Букейханов, Алихан Нурмухамедович. // Газета «Наша жизнь». – 1906. – 21 июня (4 июля). – 3 с.

Козодой В.И. Алихан Букейхан: человек-эпоха. – Новосибирск, 2021. – 130 с.

Краснояр облыстық өлкетану музейі (КОӨМ). 7928-қ. 117-т. 1315 ж-іc. 117-п.

КОӨМ. 7928-қ. 119-т. 1315-іс. 119-п.

«Қазақ» басқармасы. Тілестестеріңе рақымет! // «Қазақ» газеті. – 1917. – №219, 23 ақпан. – 3 б.

«Қазақ» газеті. / Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 258 б.

«Қазақ» газеті. 1913 жыл. / Араб қарпінен аударғандар: С. Смағұлова, Ғ. Әнес, Т. Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2015. – 34 б.

«Қазақ» газеті. – 1915. – № 150, 21 қыркүйек. – 4 б.

«Қазақ» газеті. – 1917. – № 216, 2 ақпан. – 4 б.

«Қазақ» газеті. – 1917. – № 223, 23 наурыз. – 2 б.

Қозыбаев М. Ахмет Байтұрсынов – XX ғасырдың ұлы реформаторы // Отан тарихы. – 1998. – №3. – 22-28 б.

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы (Кемекші оқу құралы). – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

Қойгелдиев М. Кеңестiк идеология жасырған ақиқат. // «Жас Алаш». – 2016. – №78 (16160), 29 қыркүйек – 1-2 бб.

Қыр баласы. Жалпы Сібір сиезі (Томскі қаласында өткен сиездің жұмысы туралы есеп). // «Қазақ» газеті. – 1917. – № 251, 21 қараша – 1 б.

Қыр баласы. Ұят-ай! // «Қазақ» газеті. – 1914. – № 54, 16 наурыз – 4 б.

Міржақып. «Қазақ» баспаханасы. // «Қазақ» газеті. – 1917. – № 239, 11 тамыз. – 1 б.

Нұрпейісов К. Алаш Һәм Алашорда [текст]: Алашорда тарихы. – Алматы: «Ататек», 1995. – 256 б.

Общество изучения Средней Азии. «Казахи о русских до 1917 года. А. Букейханов, М. Дулатов, А. Байтурсунов, Т. Рыскулов». - Оксфорд, Англия, 1985.

Омск, 26-го августа. // «Иртыш». – 1906. – № 32, 26 августа. – 1 с.

Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (РФМА). Д-7-қ. 1909-т. 2881-іс. 38-п.

РФМА. 5102-қ. 1-т. 447-іс. 1-п.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. – Т. 9.

REFERENCES:

«Azamat» serіkterі. [Companions of «Azamat»]// «Qazaq» gazetі. – 1917. – № 219, 23 aqpan. – 4 b.[Kazakh].

Әlihakn, Mіrjaqyp, Ahmet. Alashtyn azamatyna! [To the citizen of Alash!] // «Qazaq» gazetі. – 1916. – №192, 11 tamyz. – 1 b. [Kazakh].

Әlikhan, Mіrjaqyp, Ahmet. Qazaq jurtyna! [To the Kazakh people!] // «Qazaq» gazetі. – 1916. – № 192, 11 tamyz. – 1 b. [Kazakh].

Baitursunov A., Dulatov M. Nash otvet dokladnoi zapiske, napechatannoi v №125 «Zaria» ot 5 sentyabrya s.g. [Our answer to the report, printed in № 125 "Zarya" on September 5, 2018.] // Gazeta «Yuzhny Ural». – 1917. – № 10, 14 sentiabria. – S. 1, 3-4. [Russian].

Baspahana turaly. [About the printing house] // «Қazaқ» gazetі. – 1917. – № 214, 20 қantar. – 4 b. [Kazakh].

Bennigsen A., Lemerse-Kelkejei Sh. Pressa i nacionalnoe dvijenie sredi musalman Rossii do 1920 g. [Press and national movement among Muslim Russia until 1920] – Parij: Sorbonna, 1964. [Russian].

Bokeikhan Alikhan. Shygarmalary [Works] / Sochineniia. V 15 t. – Astana: «Alashorda» qogamdyq qory, 2017. – 5 t. – 146 b. [Kazakh].

Bokeikhanov A., Almasuly O., Dulatuly M. 7 tamyz kenesіnіn qaulysy. [Resolution of the Council of August 7.] // «Qazaq» gazetі. – 1916. – № 192, 11 tamyz. – 1 b. [Kazakh].

Bukei-Hanov Al. Nurm. Otkrytoe pismo kirgizam Semipalatinskoi oblasti. [Open letter to Kyrgyz Semipalatinsk region] // Gazeta «Golos stepi». – 1907. – № 7, 13 yanvarya. – S. 4. [Russian].

Bukeihanov A.N. Kirgizy. // Kostelianskii, A.N. (red.). Formy nacionalnago dvijeniia v sovremennyh gosudarstvah. – SPb., 1910. – 600 s. [Russian].

Dvijenie Alash: Sbornik materialov sudebnyh processov nad alashevcami. [Dvizhenie Alash: Collection of materials of legal proceedings over Alashevtsami] Trehtomnik. – Almaty: FF «El-shejіre», 2011. – T. ІІ. [Russian].

Jardem berіlgen muqtaj oqushylar. «Qazaq» basқarmasy jardem beredі. [Aided needy students. "Kazakh" administration provides assistance.] // «Qazaq» gazetі. – 1917. – № 220, 1 nauryz. – 4 b. [Kazakh].

Jүsіp S.A., Maslov H.B. Istoricheskie aspekty uchastiia kazahov v Pervoi mirovoi voine. [Historical aspects of the participation of Kazakhs in the First World War] // Elektronnyi nauchnyi jurnal «edu.e-history.kz». – 2021. – № 3(27) // https://edu.e-history.kz/ru/publications/view/1666 [Russian].

Iz Sibirskoi jizni: chlen Gosudarstvennoi dumy ot kazahov Semipalatinskoi oblasti Bukeihanov, Alihan Nurmuhamedovich. [From Siberian Life: Member of the State Duma of the Kazakh Semipalatinsk Region Bukeikhanov, Alikhan Nurmukhamedovich.] // Gazeta «Nasha jizn». – 1906. – 21 iiunia (4 iiulia). – 3 s. [Russian].

Kozodoi V.I. Alihan Bukeihan: chelovek-epoha. [Alikhan Bukeikhan: man-era]– Novosibirsk, 2021. – 130 s. [Russian].

Krasnoyarsk Regional Local History Museum (KRLHM). F. 7928. In. 117-t. C. 1315 zh. L.117. [Russian].

KRLHM. F. 7928. In. 119. C. 1315. Sh. 119. [Russian].

«Qazaq» basқarmasy. Tіlestesterіne raqymet! ["Kazakh" management. Thank you for your support!] // «Qazaq» gazetі. – 1917. – №219, 23 aқpan. – 3 b. [Kazakh].

«Qazaq» gazety. / Bas red. A. Nysanbaev. – Almaty: «Qazaq enciklopediiasy», 1998. – 258 b. [Kazakh].

«Qazaq» gazety. 1913 jyl. / Arab қarpіnen audarғandar: S. Smagulova, Ғ. Anes, T. Zamzaeva. – Almaty: «Arys» baspasy, 2015. – 34 b. [Kazakh].

«Qazaq» gazety. – 1915. – № 150, 21 қyrkyiek. – 4 b. [Kazakh].

«Qazaq» gazety. – 1917. – № 216, 2 aqpan. – 4 b. [Kazakh].

«Qazaq» gazety. – 1917. – № 223, 23 nauryz. – 2 b. [Kazakh].

Qozybayev M. Akhmet Baitursynov – XX gasyrdynuly reformatory [Akhmet Baitursynov - the great reformer of the 20th century]// Otan tarihy. – 1998. – №3. – 22-28 b.[Kazakh].

Qoigeldiev M. Alash qozғalysy (Kemekshі oqu quraly). [Alash Movement (Auxiliary Study Guide)]– Almaty: «Sanat», 1995. – 368 b.[Kazakh].

Qoigeldiev M. Kenestik ideologiia jasyrғan aqiqat. [The truth hidden by Soviet ideology] // «Jas Alash». – 2016. – №78 (16160), 29 қyrkүiek – 1-2 bb. [Kazakh].

Qyr balasy. Jalpy Sіbіr siezі (Tomskі қalasynda өtken siezdіn jumysy turaly esep). [General Siberian sieze (report on the work of the sieze held in Tomsk)] // «Qazaq» gazety. – 1917. – № 251, 21 qarasha – 1 b. [Kazakh].

Qyr balasy. Uyat-ai! [Shame!] // «Qazaq» gazety. – 1914. – № 54, 16 nauryz – 4 b.

Mіrjaqyp. «Qazaq» baspahanasy. ["Kazakh" printing house] // «Qazaq» gazetі. – 1917. – № 239, 11 tamyz. – 1 b. [Kazakh].

Nurpeiіsov K. Alash Һәm Alashorda [tekst]: Alashorda tarihy. [Alash and Alashorda [text]: History of Alashorda]– Almaty: «Atatek», 1995. – 256 b.[Kazakh].

Obscestvo izucheniia Srednei Azii. «Kazahi o russkih do 1917 goda. A. Bukeihanov, M. Dulatov, A. Baitursunov, T. Ryskulov» [Society for the Study of Middle Asia. "Kazakhs and Russians until 1917. A. Bukeikhanov, M. Dulatov, A. Baitursunov, T. Ryskulov"] - Oksford, Angliia, 1985.  [Russian].

Omsk, 26-go avgusta. [Omsk, August 26] // «Irtysh». – 1906. – № 32, 26 avgusta. – 1 s. [Russian].

State archive of the Russian Federation (SARF). F. D-7. In. 1909. C. 2881. Sh. 38. [Russian].

SARF. F. 5102. In. 1. C. 447. L.1. [Russian].

Shoqai M. Shygarmalarynyn tolyq jinagy: On ekі tomdyq. [Complete collection of works: Twelve volumes.] – Almaty: Daik-Press, 2014. – T. 9. [Kazakh].

МРНТИ03.00.20

алихан букейхан, Ахмет Байтурсынулы и феномен газеты «Қазақ»

Жусип Сұлтан Хан¹, М.М. Козыбаева²*

¹НИИ «Алаш»Евразийского национального университета им. Л.Н. Гумилева. Казахстан, Нур-Султан;

²Филиал Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова в г. Нур-Султан. Казахстан, Нур-Султан.

*Корреспондирующий автор

E-mail: prahacz2002@gmail.com (Жусип), koz.mahabbat_85@mail.ru (Козыбаева).

Аннотация. В статье авторы поднимают  вопрос о влиянии Алихана Букейзхана и Ахмета Байтурсынулы на формирование газеты "Казах" как важного общественно-политического органа. Первая общенациональная газета «Казах», издаваемая в Орынборе за 5 лет под редакцией Ахмета Байтурсынулы, освещала общественно-политические вопросы Казахского края, внутренние дела Российской империи и ее международное положение, образование, науку, кочевое и оседлое животноводство и земледелие, культуру, права человека, равноправие женщин, превратилось в универсальное периодическое издание, охватывающее все сферы, и в течение 1913-1918 годов единолично господствовало в общественном мнении всей казахской степи. По мнению исследователей, газета «Казах» и деятели движения «Алаш» создали «культурный ренессанс» в казахском обществе и заложили основу современному казахскому государству. Неизгладимую историческую роль и значение первой общенациональной и международной газеты «Казах» для казахского народа и современного казахского государства невозможно переоценить.

Ключевые слова: движение «Алаш», газета «Қазақ», национальная идея, Алихан Букейхан, Ахмет Байтурсынулы, культурный реннесанс, национальная автономия, советская власть.

IRSTI03.00.20

ALIKHAN BUKEYKHAN, AKHMET BAITURSYNULY AND THE PHENOMENON OF THE NEWSPAPER «KAZAKH»

Zhussip Sultan Khan¹, M.M. Kozybayeva²*

¹Research Institute "Alash" of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Nur-Sultan, Kazakhstan;

²Nur-Sultan branch of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Nur-Sultan, Kazakhstan.

*Corresponding author

E-mail: prahacz2002@gmail.com (Zhussip), koz.mahabbat_85@mail.ru (Kozybayeva).

Abstract. In the article, the authors raise the question of the influence of Alikhan Bukeizkhan and Ahmet Baitursynuly on the formation of the newspaper "Kazakh" as an important public and political body. The first national newspaper "Kazakh", published in Orynbor for 5 years under the editorship of Akhmet Baitursynuly, covered the socio-political issues of the Kazakh region, the internal affairs of the Russian Empire and its international position, education, science, nomadic and settled animal husbandry and agriculture, culture, human rights , the equality of women, turned into a universal periodical covering all areas, and during the years 1913-1918 single-handedly dominated the public opinion of the entire Kazakh steppe. According to researchers, the Kazakh newspaper and the leaders of the Alash movement created a "cultural renaissance" in Kazakh society and laid the foundation for the modern Kazakh state. The indelible historical role and importance of the first national and international newspaper "Kazakh" for the Kazakh people and the modern Kazakh state cannot be overestimated.

Key words: Alash movement, Kazakh newspaper, national idea, Alikhan Bukeihan, Ahmet Baitursynuly, cultural renaissance, national autonomy, Soviet power.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 873

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Author's articles

Солтүстік Каспий аймағының түркілену процесі Бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындары Жетісуда Charisma and "Politics of Proximity" in the time of the Revolution and Civil War Роль военной контрразведки «Смерш» в годы Великой Отечественной войны и подвиг нашего земляка ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайны» шығармасы ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ МРНТИ 3.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_1_1 ОCНОВНЫЕ АCПЕКТЫ РОCCИЙCКО – КАЗАХCТАНCКОГО ВЗАИМОДЕЙCТВИЯ В ТАМОЖЕННОЙ CФЕРЕ «edu.e-history.kz электронды журналы 4(28), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 3(27), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 1(29), 2022 ЯЗЫКИ И КУЛЬТУРЫ ПРЕДСТАВИТЕЛЕЙ ОСНОВНЫХ ЭТНОСОВ КАЗАХСТАНА ЧЕРЕЗ ПРИЗМУ КАЗАХСТАНСКОЙ МОДЕЛИ МЕЖЭТНИЧЕСКОГО СОГЛАСИЯ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. 20-30 жж.) О ДВУХ ЭТАПАХ ИСТОРИИ БУДДИЗМА В ЮГО-ВОСТОЧНОМ КАЗАХСТАНЕ ДОМОНГОЛЬСКОГО ПЕРИОДА МОБИЛИЗАЦИЯ ЛЮДСКИХ И МАТЕРИАЛЬНЫХ РЕСУРСОВ КАЗАХСТАНА НА ОБОРОНУ СССР АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУЫ МЕН БАҒАЛАУЫ (ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША) БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙІНГІ САРМАТ МӘДЕНИЕТІНЕ ТӘН ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ THE REPRESSIVE POLICY OF THE SOVIET GOVERNMENT TOWARDS EUROPEAN EMIGRANTS АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ ЖӘНЕ ЭТНОС ТАРИХЫНЫҢ ГЕНЕЗИСТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.) «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ