Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ

Г.Е. САБДЕНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, доцент, т.ғ.к., Қазақстан, Алматы, А.Н. УСЕРОВА, Орталық Азия Университеті, доцент, з.ғ.к., Қазақстан, А

ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: мәдениет., ислам, ұлттық тәрбие, құқықтық мәдениет, қоғам, этнография, Қазақ халқы
Author:
Қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениеті өз тамырын ежелгі замандардан алады. Оны қазақ халқы мәдениетіндегі үлкен жетістік ретінде бағалауға болады, өйткені ол тұлғаның қалыптасуында ерекше маңызға ие болып келді. Қазақ отбасылары балаға ес білгенінен бастап қоршаған ортаға деген құрметін сіңдіруге тырысты. Өскелең ұрпақ бойына үлкендерді сыйлай білуді ұғындырды, барлық нәрсеге шыдымдылық пен мейірбандылық танытып, әдет-ғұрып пен дәстүрді ұстанып, өмір сүруді үйретті. Мұның барлығы дәстүрлі қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Ол өз дамуында қоғамдық қатынастар мен халықтың шаруашылық қаракеттеріне сәйкес келетін уақыт тезінен өткен бірін-бірін алмастырып отырған қатпарлы қалыптардан тұрады. Құқықтық тәлім-тәрбие әрдайым танымдық, эстетикалық, өзара қарым-қатынас секілді алуан түрлі қоғамдық қызметтерді атқарып келді. Түйін сөздер: қазақ халқы, этнография, қоғам, құқықтық мәдениет, ұлттық тәрбие, ислам, мәдениет
Text:

Кіріспе. Қазақ тарихымен тікелей астасып жатқан дәстүрлі құқық мәдениеті мен ұлттық тәлім-тәрбие бастаулары сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұралар қатарына кіреді. Бұл рухани мұралар тамыры қазақтың ұлт болып ұйысуына дейінгі кезеңдерден бастау алады да, одан кейінгі тарихи кезеңдерде дамыды, түрленді және қажеттіліктерге сай жетілдіріліп келді.

Этнографиялық мәліметтерге қарағанда, дәстүрлі құқықтық мәдениет пен ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауында күнделікті тіршілік, көшпелілік өмір мен қаракет, ру-тайпалық жүйе секілді халықтың болмыс-бітімі мен тұтастығын тікелей көрсететін жайттар тұрды. «Ұлы дала, қуаң табиғат, көшпелі өмір салт маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі – адамдар бір-бірін жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп өмір сүруі. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «Адамның күні – адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да, әрбір көшпелі қазақ туыстық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерийі деп білген» [1, 37-б.].

Материалдар мен әдістер. Дереккөзі ретінде ұлттық тәлім-тәрбиеге, құқықтық мәдениетке қатысты бірқатар ауыз әдебиеті, тарихи материалдар мен ғылыми еңбектер алынды. Ұлттық тәрбиеге, халық тарапынан берілетін тәлімге, ілім-білімге, тәрбиелік мәні бар тәмсілдерге ерекше назар аударылды. Қазақ халқы ойшылдарының тұжырымдары талданды. Діни тәрбиеге, дәстүрлі құқықтық санаға, ұлттық мәдениет пен әдебиетке, тарих пен этнологияға қатысты қалам тартқан ғалымдардың (Арғынбаев, Зиманов, Аманжолов, Бизақов, Смағұлова, т.б.) еңбектерінде көтерілген материалдар талдаудан өтті.Сондай-ақ көптеген философиялық, педагогикалық, этикалық арнаулы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, билер сөзі, исламдық шариат заңдары, бұқаралық ақпарат құралдарының мағлұматтары пайдаланылды. 

Әдістері: теориялық-қисындылық, нақты-тарихылық, топтастыру-жүйелеу, салыстырмалы-құқықтық, логикалық, талдау әдістері жұмыстың өзегін құрайды. Сол секілді мақалада елімізге белгілі ғалымдардың тұжырымдары негізге алынды. Бұл айтылғандар зерттеудің әдістемелік және теориялық негіздерін құрайды. Дегенмен ең алдымен мақалада тарихи-құқықтық талдау басшылыққа алынып отыр. Мақаланың кейбір тұстары осынысымен де құнды. Өйткені тарихи-құқықтық талдаудан өткен ғылыми ізденістер саны отандық тарихнамада мейлінше азшылықты құрайтындығы белгілі. Мұның өзі ғылыми ізденістердегі пәнаралық ұстанымдардың қажеттілігін де аңғартады.  

Талқылау. Бұрын тарих, этнология, педагогика, философия, әдебиет, т.б. ғылым салаларында бұл мәселе біршама көтерілгенімен, оның көпшілік аспектілері тарихи-құқықтық талдаудан толымды түрде өте қойған жоқ. Мәселенің жекелеген қырлары құқық ғылымы саласында арнайы сөз етіліп, жеке қарастырылмаған. Сондықтан да осы мәселеге қатысты бірлі-жарым айтылған тұжырымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, ғылыми түрде негізделуі қажет деген ойдамыз. Тәлім-тәрбие қай кезде де кез келген қоғамның басты міндеті болған. Әсіресе оған бұрыннан-ақ гуманитарлық ғылым салалары өз үлестерін қосып келеді. Қазір де тәлім-тәрбиеге және құқықтық санаға маңыз беріп, ата-бабаларымыздың ұрпақтарын тәрбиелеудегі тәсілдерін орнықтыру көкейкесті мәселе болып отырғандықтан берілетін ұсынымдардың маңызы зор деп санауға болады.

Қазіргі таңда пәнаралық зерттеулер ғылымның барлық салаларына еніп келеді. Сол себепті отандық тарих пен мәдениеттегі барлық мәселелерді кешенді түрде қарастырған абзал. Сонда ғана біз отандық тарих ғылымы мен этнографияның түйінді мәселелерін наұты шешуге қол жеткізе аламыз. 

Нәтижесі. Дәстүрлі қазақ қоғамы әрқашан «баланы жастан» тәрбиелеуге ұмтылды. Оның бойына ертеден-ақ ақ пен қара, ақылды мен ақымақ, жақсы мен жаман, шындық пен өтірік, күшті мен әлсіз, ысырап және обал мен сауап секілді қарама-қарсы категорияларды сіңдіріп, жақсылыққа жетелеуге тырысып отырды. Осындай наным-сенімдерді зердесіне ұялатқан ата-бабаларымыз ғаламды басқарушы ғаламат күш бар. Ол – Тәңірі деп ұққан. Жүрсе-тұрса Тәңірісін есінен шығармай, одан күш-қуат беруді тілеген. Өмір бар жерде өлім барын көзімен көріп, өлгендерді қастерлеген. Оларды аруаққа айналдырып, Тәңірі мен адамдар арасындағы тілеуқор ретінде қараған. Барлық жақсылық та, жамандық та отбасынан басталатынына көздері жетіп, тәлім-тәрбие басын отбасынан бастаған. Тәрбие басы – бесіктен деген қағиданы нық ұстанған. Әлбетте, басқаға тәлім-тәрбие беру үшін оған өзі лайықты болуы керек. «Бүкіл әлемнің белгілі бір заңдылықтарымен өмір сүретінін қазіргі заман ғылымы жан-жақты дәлелдеп отырғаны мәлім... Соның ішінде бұл заңдылықтар адамзаттың жан дүниесі мен рухани ішкі өмірін де қамтиды» [2, 3 б.]. Сондықтан да, егер адам қате ұстанымды дұрыс деп қабылдаса, онда сол ұстанымға сай істері де қате, нәтижесі де теріс болады. Сол үшін тәлім-тәрбие о баста дұрыс жол мен ұстанымға сәйкес берілгені жөн деген тәмсіл халық арасында кеңінен таралған.

Қазақ қоғамы табиғатты аялау, еркіндікті сезіну, адамды сыйлау, намысын сақтау, адамдық қасиетін жоғалтпау, сөзде тұру, қонақжайлық көрсету, уәдеге берік болуы сынды қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа сіңдіріп отырды. Мысалы, Н.Л.Зеланд (1833-1902) қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрып заңдарын зерттеп, өзінің «Қырғыздар» деген этнологиялық очеркінде: «…Жүйке салауаттылығы адамның иманды, өнегелілік бейнесінен де жақсы көрінеді. Жаны жайсаң адам өзгелерге де іш тартады. Қазақ ниетімен ақ көңіл; ол сондай-ақ қастерлі қасиеттерге адал, басқаның қайғы-қасиетіне ортақтас, қонақжай, күйзелген, күйінген кезде салауатты және төзімді. Қазақтардың әдептілік тәлім-тәрбиесінің бастаулары көпшілік ұйғарымдарынан, тәжірибе қорытындыларынан тұрады. Атап айтқанда, не нәрсе болса көз жеткізу, иландыру, шындық пен әділдіктен, ақиқаттан айнымау, берген антына берік болу, аманатқа борышта болмау; ар-ождан тазалығын сақтау, ақыл-ойлы, парасатты болу, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, қарым-қатынасынан, көзқарасынан ғибрат исі шығып тұру, үлкендерді тыңдау, құрметтеу, достық пен татулықты сақтау, т.б. Қатыгездік пен кекшілдік қазақтар арасында кездеспейді десе де болады» [3, 235 б.] – деп жазып қалдырған.

Ал В.И.Даль: «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыратып тиын санап отырғаның бұл елдің (қазақтардың – авт.) әдет-ғұрпына ерсі, намысына тиеді» дейді. Мұны белгілі этнолог әрі тарихшы Х.А. Арғынбаев [4, 68 б.] нақтылай түседі де, қазақтардың қонақжайлығын бұрын-соңды қазақ арасында болған саяхатшылар, ғалымдар және қызмет бабымен келген орыс әкімдері түгелдей бірауыздан жоғары бағалағандығын, олардың ұлттың қонақжайлылығы оның тамаша қасиеттерінің бірі деп есептегендігін жазады.

Қазақ халқының құқықтық әлемін терең білетін заңғар ғалым С.З. Зиманов адамгершілік пен құндылықтарға толы ұлы дала демократиясының институттары негізінен әділ сот пен шешендік ділмарлықтан тұрып, өзін-өзі басқару еркіндігін  сақтағанын айта отырып, оны үш фактормен түсіндіреді.

Бірінші фактор – Орталық Азияны мекендеген тұрғындардың басым бөлігі үшін ортағасырлық тарихи жағдайда өмір сүрудің бірден-бір негізін құраған мал шаруашылығын дамытуға  барлық жағынан қолайлы болып келген, халқы сирек қоныстанған ірі табиғи кеңістіктің болуы...

Екінші фактор – осы ұлан-ғайыр жерде еркін психологияға ие көшпелілер бірлестіктерінің өмір сүруі. Оның қайнар көзі мен негізін мыналар құрады: а) көшпелі өмір үрдісі еркіндігі мен оның дәстүрлі мәдениетін қызу  қолдаушылар; ә) ғұн, қыпшақ, монғол және темуридтер империясы қол астындағылардан түрлі себептермен бөлінген қоныс аударушылар...; б) жайылымдық – көшпелі жерлерді және өзін-өзі басқару еркіндігін іздеушілер...

Үшінші фактор – қыпшақ даласы деп аталатын кең байтақ аймақ көшпелі өркениет пен еркін көшпелілердің көп жағдайларда жалпы адам құндылықтарымен үндес мәдениетін бойына сіңірді. Қоғамда «Сөз құдіреті» мен «Әділ Сот құдіреті» өмірлік күшке ие болды [5, 19-20 бб.]. Міне, осылайша кең байтақ қазақ жері еркіндік пен бостандық аясында өзара теңдік, өзін-өзі басқару, әділдік, адамгершілік, имандылық негізінде қалыптасып, дамыды. Қоғамды реттеуші нормалар басты тұтқаға айналып, өмір болмысының барлық тармақтарын реттеді. Бұл еркін, азат өмір сүрушілерге қолайлы да ыңғайлы болды.

«Түркі елінің ежелгі тарихы біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырдан, ертедегі һундар империясының құрылу кезеңінен басталады да, біздің заманымыздың IX ғасырын қамтиды... Демек, біздің заманымыздан бұрынғы
III ғасыр мен бергі IX ғасыр арасындағы һундар, түркілер дәуірі – біздің рухани қазыналарымыз, түркі жұртының мәдениет тарихының деректі көздері» [6, 3 б.]. Бұл аталған дәуірдегі өмір сүрген тайпа-рулар қазіргі Қазақстан аумағы мен Орта Азияда, Алтайда тіршілік жасағаны мәлім.

«Талай ауыр кезеңді, қиын-қыстау заманды бастан кешіріп, тағдыр тауқыметімен тоз-тоз болып, иелік еткен жерінен айырылып қалған түркі тайпаларының рухани болмысы мен халықтық сана-сезімінің жұқара бастаған кезі, игі дәстүрінен көз жазып қала жаздаған тұсы, бір халық ретінде қалыптасудың аз-ақ алдында тұрған жұрттардың бөлек ұлыс болып, ажырап кеткен кезі аз болған жоқ» [7, 5 б.]. Дегенмен,  көшпелі тұрмыспен тіршілік еткен ата-бабаларымыз өзінің бастапқы болмысын жоғалтпады.

Сондықтан да қазақ қоғамында сот функциясы реттеушілік, біріктірушілік, қорғаушылық, басқарушылық, адамгершілік қызметтерді атқарды. Нәтижеде заң да, билік те, қоғамдық болмыс пен өнегеліктің қайнар көзі де, рухани құндылық та болып, қоғам үшін қызмет атқарды. Әрине, қоғамның бір қалыпты тұрмыс-тіршілік етуі басында құқықтық ереже-қағидалар тұрары даусыз. Бірақ, бір ғана құқық, заң немесе сот жүйесіне ғана бәрін телу дұрыс болмас еді. Адамға байланысты көп мәселелерді анықтағанымыз жөн. Соның бірі салауаттылық, яғни  адамның ішкі дүниесімен сәйкестілігі. Өйткені адам үшін оның өзі және өмір сүруі ең негізгі нәрсе болып табылады. Қазақтың  ұлы ақыны А. Құнанбаев «ақыл, қайрат, жүрекке» ерекше мән береді [8, 128 б.]. Осы үшеуі нәтижесінде адамның психикасы жетіледі. Мұны терең түсінген ата-бабаларымыз адамның іс-әрекетіне ерекше мән берген. Баланы шыр етіп, жарық дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеуге, баланың іс-әрекетінің саналылығы мен мақсаттылығына ден қойған.

Дағды мен әдетті адам өміріне енгізіп, қалыптастырғанда, оның пайдалы жағына көңіл бөлген. Ол ұқыптылық, қажымастық, шыдамдылық, сөзге түсінушілік дағдылары. Олар жиі қайталану барысында әдетке айналады. Мысалы, күнде ұйқыдан тұрғанда бет-қолды жуу, тамақ ішер алдында қол жуу,  пайдаланған құрал-саймандарын орнына қою, т.б. Осылайша тәрбиеленген адам қоғамға үйлесімді болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал текке айтылмаған. Әрбір отбасы өзі ұшырған ұрпақтарын «сегіз қырлы, бір сырлы» етуге тырысқан. Жақсы қылықтарды бойына үйіп, жаман қылықтардан сақтандырған. Міне, осылардан қазақ халқының қағида-ережелері бастау алып, құқықтарын құраған. Мұны Асан қайғы секілді Ұлы даланың ұлы тұлғаларының өсиеттерінен, нақыл сөздерінен де көреміз [9, 24-29 бб.].

Жалпы алғанда, қазақ қоғамындағы тәлім-тәрбие отбасынан басталып, оны бүкіл қоғам болып қолдап-қуаттап, барлығы бірге тер төккен. Кез келген адам жаман іс-әрекетті көрсе, өре түрегеліп, отты өшіргендей оны өшіруге тырысқан. Өзгелері келіп оған жәрдемдескен. Өйткені, қоғам ішінде жаман іс-әрекет нышан алса, өртше қаулайтынын бәрі де ұққан. Сол үшін ата-ана, аға-жеңгелерден бастап ауыл ақсақалдары, жырау-ақындары, батырлары, билері, ел басшылары оны болдырмауға атсалысқан.

Қалыңмал мөлшерінде шек болмаған. Қалыңмал алған жақ қызға міндетті түрде жасау берген. Жасау кейде берілген қалыңмалдан да асып түскен. Бұл әрине, екі тараптың өзара сыйластығына байланысты болған. Той қыз ауылында өткен. Мұндағы мақсат қызды өз ауылында сыннан өткізу, тәлім-тәрбиесі мен пәктігін анықтау болып табылады. Қыздың абыройсыз болуы дау-таласқа, тіпті құдалықтың үзілуіне әкеліп соғатын. Сондықтан да қазақ қыздарының абыройсыз болуы тіпті болмаған десек те болады. Өйткені, «Қызға қырық үйден тыю» деп, қыз ата-анасының ғана емес, бүкіл руластарының бақылауында болып, тәлім-тәрбиелі болуға тырысқан.  Тәлім-тәрбие мазмұны мен мәні өте терең әрі бүкіл руластарына тиісті болғандықтан, қыз санасынан бекем орын алған.

Ислам дінімен бірге неке қию, жұптасу қағида-ережелері мұсылмандық шариат заңымен жүргізілген. Қыз ұзатылып, барар жеріне келгеннен кейін, келген елімен таныстыру рәсіміне арнап той өткізілген. Ол «Беташар тойы» деп аталады. Осы тойда кімнің кім екені таныстырылып, қыз келген жеріне қанығады. Келін күйеуінің етжақын туыстарын, үлкендердің атын атамай, әдемі аттармен атау, көрегендігін көрсету тәлім-тәрбиесінің қаншалықты екенін көрсеткен.

Қазақ қоғамында мұра мен мұрагерлік адамгершілік тұрғыдан ежелден-ақ  шешілгендіктен, мұра мен мұрагерлікке таласу, дау-дамайлар мүлдем кездеспеген. Оны «енші беру» институты атқарған [10, 69 б.].

«Әмеңгерлік», «көп әйел алу» секілді институттар қазақ қоғамының өз қажетсінулерінен туындаған әрі қоғамдық жүйеге кері әсер етпеген. Қайта жұмыс күшін молайтып, ұрпақ өсіруге, бітімгершілік пен ағайындастыққа ұйтқы бола алған.

Бала асырап алу қазақ қоғамында мүлдем басқаша, адамгершілік сипатында болған. Қазақтар өзге руларға асырап алуға жетім балаларды мүлдем бермеген. Ал, өзінің етжақыны баласыз болса, онда жас нәрестені етегіне салып, бала етіп алуға берген. Қазақ халқы жас нәрестені жақын абысындары болмаса,  өзгелерге оны емізуге де рұқсат бермеген. Қан, сүт тазалығын сақтаған. Әрине, баланы өзге ру асырап алса, бала өзге руға айналып кетуі мүмкін. Қазақтар рулық дәстүрді  мейлінше сақтаған.

Қыз алып қашу, зорлап үйлену деген қазақ қоғамына мүлдем жат. Өз ықтиярынсыз қызға ешкім үйленбеген. Қыз алып қашу некен-саяқ кездесіп, ол даулы болған. Ал, зорлап үйлену, зорлау ауыр қылмыс саналып, қатаң жазаланған.

Азаматтық және қылмыстық құқықтардың басты мақсаты тәлім-тәрбиеге негізделген. Кез келген дау-дамай,  қылмыстық іс-әрекеттер жариялы түрде, куәлер қатыстырылып шешілген. Жиналған халыққа бұл сот процестерінің  тәлім-тәрбиелік мәні зор болған. Бір ғана мысал, ата-анасын ренжіткен баланы қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне күйе, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдырған. Әрине, мұны көргендер бетіне түкіріп, ұрып-соғып, азаптаған. Өзгелерге мұны сабақ етіп, ата-анасына қарсы шықпайтындай үлгі болған.

Азаматтық және қылмыстық істерді қарау заңдылық пен әділ сот шеңберінде жүргізіліп, қоғамдық ой мен ұлттық сананы биікке көтеріп, халық тағдырының арашасы, қорғаушысы, тәлімгері рөлін атқарды. Сот шешімдері адамгершілік пен әділеттікті құрады. Бұл көшпелі қазақ қоғамының болмысынан берік орын алды. Әрине, бұл жетістік тәлім-тәрбие  бастауларын дұрыс таңдап, оның механизмдерін сәтті қолдана білулерінде жатыр. Сондықтан да ру ішіндегі және руаралық байланыстарды, мемлекеттік басқару қатынастарында шыншылдық, әділдік және адалдық секілді моральдық құндылықтарды тәрбиелеп, бекітуге ерекше көңіл бөлінді.

Тәлім-тәрбие қоғамдық идеологияның дәрежесіне ие болып, қоғамдағы игіліктің, құқықтық тәртіп пен бейбітшіліктің күшіне айналды. Тәлім-тәрбие  дұрыс жолға қойылмаса, қабылданған заңдар да, күштеп-мәжбүрлеу де ешнәрсе  бермейді. Сол себепті де қазақ халқының тәлім-тәрбиесінің бастаулары нағыз шынайы қайнар көздерден басталып, оны бүкіл қоғам, басқару жүйелері, сот билігі қолдап, тәлім-тәрбие тағылымдары  өнегеліктің қайнар көзіне, рухани құндылықтарға айналды. Оны көп болып қолдап-қуаттады.

Қазақ тәлім-тәрбиелерінің моральдық-құқықтық бастамасы халықтың «Атаның баласы болма, адамның  баласы бол» деген қағидасынан бастау алып, бауырластыққа, кешірімділікке, логикалық заңдылыққа сүйенді. Осының  нәтижесінде әр түрлі мемлекеттер мен халықтардың аралас-құраластығына қарамай, өзіне тән сипаттары мен мәнін жоғалтпады. Рас, өзге халықтар мен идеологиялық  әсерлерді ысырып тастамай, қазақи тәлім-тәрбие олардың ең әдемі мәйектерін  өзіне қабыстыра білді. Оны біз исламдық сипаттарды өз бойына әдемі сіңіре алғанынан көре аламыз. Исламдық сипатқа ие болған сан алуан нормалар  мен  институттар қазақи әдет-ғұрып заң, нормаларымен қайшылықсыз, қатар өмір сүре  алды. Сондықтан да кез келген құқықтық нормалар өгейсімей, халық көкейіне нық  орнығып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Қайта исламдық сипаттар құқық нормаларын құлпыртып, мәнін тереңдете түсті.

Құқықтық нормалар өзінің мазмұны  мен мәні жағынан қоғам ішіндегі тәлім-тәрбиенің дұрыс жолға қойылуына түрткі  болып, маңызды рөл атқарды. Кез келген құқықтық нормалар тәлім-тәрбиені нысана етіп, сонымен ұштастырыла жүргізілді. Мейлі отбасына немесе азаматтық және қылмыстық дау-дамайларға ғана емес, әлеуметтік немесе  экономикалық, не болмаса ел басқару мен ел тыныштығы мәселелері де алдымен ел іші  тыныштығы, отбасы беріктігі, адам құқығы мен бостандығы, адам мен адамның, адам мен қоғамның  қатынасының бұзылмауы басты орынға қойылды. Бұл ханның да, қарашаның да  тірегі болды. Бүкіл қазаққа негізделген заң  реттеушілік рөлінен алдын тәлім-тәрбие тағылымдарына айналды. Осыдан барып мемлекеттік жүйе тұрақталып,  ел бірлігі артты, ынтымағы күшейді, ұлттық сана толыса түсті. Ұлттық сананың бастауында тәлім-тәрбие жатты десек артық айтпағанымыз. 

Әлбетте, ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы отбасы мен оның институттарынан басталары даусыз. Отбасындағы басты институттар: некелесу, құда болу, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік, қыз алып қашу, енші беру, мұра мен мұрагерлік, бала асырап алу, қара шаңырақ, т.б. және осылардан туындайтын барымта, дау-дамайлар екендігін жоғарыда айтқан едік. Бұл институттардың  көпшілігі ежелгі дәуірлерден қалыптасып, әр заманның өз кезеңінде өзгерістерге душар болып, алайда бастапқы мәні мен мазмұнын сақтап отырған. Әйел адам тұрмыс құрып, некелескеннен соң барған елінен кетпеген. Бұл – өте дұрыс тағылым. Өйткені, қыз «жатжұрттық», барған жерінде тұрақтап, ұрпақ өсіруге, өз елінің тәлім-тәрбие тағылымдарын өзге жұртқа сіңіру, өз тәртіптілігін көрсете отырып, екі руды жақындастырып, бауырлас ету міндеттеледі. Сол үшін қыз балаға жауапкершілік пен қасиетті парыздар, ұрпақ өсіру артылады.

Ежелден-ақ  қыз балаға өз отбасы, руы тарапынан тәлім-тәрбие барынша мол беріліп,  ертеңгі күні жұртқа күлкі болмау жағы кең қарастырылған. Қыз бала адамдық қасиеттерді барынша бойына сіңіріп, әдептілік қағидаларын жастайынан меңгерген. Барған жерінде ұялмай өмір тіршілігіне  араласып кете алатын болған.  Қызға құда түсіп, қыздың ризалығын, еркін біліп, содан соң ғана қалыңмал жайлы сөз қозғаған. Қыз ризалығынсыз құда түсу мүлдем болмаған.

Кешегі кеңестік қызыл империя кезінде кеңестік идеология жоғарыда айтылған жайларды теріс аударып, мүлдем басқаша етіп көрсетті. Қазақ қызын малға сатты, шалдарға берді, тауар ретінде қарады, құқықтарын аяққа басты, көрген күндері күн болмады дегендей қара күйе жағып, шындықты бұрмалады. Қай заманда болмасын қазақ халқы қыздарын әлпештеген, елдің көркі санаған. Ешкім де қызын бақытсыз болсын демеген. Өздері жетік білетін, тәлім-тәрбиесі мол елге беруге тырысқан. Сондықтан да қазақ қоғамында отбасы бүлінбеген,  ажыраспаған.

Ықылым заманалардан келе жатқан тәжірибе бойынша қоғам ішіндегі  тұрақтылық пен ауызбірлік, өзара сыйластық өте жоғары болу дәрежесі – тәлім-тәрбие арқылы қол жеткізген құқықтық мәдениеттің жоғары дәрежеде болуы.  Бұл мәселе қазіргі кезде де өз маңызын жоғалтқаны жоқ. Әрине, жоғары дәрежелі құқықтық мәдениетке құқықтық тәлім-тәрбиені дұрыс жолға қою арқылы ғана жетуге болады. Мұны қазақ қоғамы терең түсінген. Баланың шыр етіп жарық көрген кезінен басталған тәлім-тәрбие желісі адам көз жұмғанша әсте тоқтатылмай, үздіксіз жүргізіліп отырған.

Тәлім-тәрбиенің кең ұғымдағы және тар ұғымдағы концепциялары – бұлардың алға қойған мақсаты тәлім-тәрбиенің жемісті болуы. Тәлім-тәрбие құқықтық тәрбиесіз шикі болары хақ. Өйткені, тәлім-тәрбиенің негізгі мақсаты  қоғамдық қатынастарды, олар арасындағы құқықтық қатынастарды бұзбау ғой. Сол үшін қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен құқықтық  мәдениетіне жетілдіру үшін субъектілерді, объектілерді, оның механизмдерін ойластырып, былайша айтқанда, тәлім-тәрбиенің құқықтық жүйесінен жан-жақты болуына ерекше мән берген. Мұндайда оның құқықтық ережелерінің адамның құқықтық санасына мәжбүрлемей көз жеткізу арқылы сіңіру көзделген. Әсіресе, жастайынан тәлім-тәрбие арқылы бойларына сіңірілген қағида-ережелердің мықтылығы баланы жастайынан тәртіптілікке баулуға дағдыландырған.

Жалпы алғанда, қазақ тұрмысының кез келгені тәлім-тәрбиемен ұштастырыла жүргізілген. Мал бағу, еңбек ету, ойын-сауық, әңгіме-дүкен баршасында тәлім-тәрбие маңызды орын алған. Бұл тәлім-тәрбие жемісті болуы жақтары барынша қараластырылып, үйлестірілген. Ақсақал-абыздар, билер, жыраулар өз үлгі-өсиет, нақыл сөздерін, айтыскер ақындар өз жырларын тәлім-тәрбиеге негіздеп айтып отырған. Сондағы мақсат – қоғам ішінде тәртіпке нұқсан  келтіретін іс-әрекеттерді болдырмау. Сол үшін де жасөспірімдер түні бойы ақсүйек ойнап, алтыбақан тепсе де арамдыққа бармаған. Өйткені, саналарына әбден сіңген «Қыз ауылында той өтіп, қыз пәктігі тексеріледі»  деген қағида бар. Оны бұзу ауыр қылмыс әрі тек өзіне ғана емес, бүкіл руластарына тағылатын қылмыс болатынын баршасы білген. Сөйтіп, кез келген құқық бұзушылықтың салдары көпке кесірін тигізетінін әрі жауапсыз қалдырылмайтынын түсінген.

Қазақ халқының тәлім-тәрбиесі сөйлеген сөз, жүріс-тұрыс, іс-әрекетпен бағаланған. Тәлім-тәрбие жұмысына бүкіл қоғам араласып, оның қадағалануы баршаға жүктелген. Қазіргі кезде бұл желінің үзіліп қалғаны тіпті өкінішті. Заң емес, көп қорқытатынын, терең батыратынын естен әсте шығаруға болмайды.

Қорытынды. Тәлім-тәрбие кез келген қоғамда адамның іс-әрекетінің өлшемі болып саналатыны  даусыз. Сондықтан да тұрақты қоғам деп тәрбиелі адамдардың өмір сүретін қоғамын айтамыз. Сол халықтың қалыптасқан әрі сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан құндылығының сақталуы сол қоғамның даму деңгейін, өзара байланысын және бір жүйеліктің бар екендігін көрсетеді.

Ал, адамның белгілі бір қоғам сатысында немесе жеке тұлға деңгейінде өз іс-әрекетін басқарып тұратын біртұтас әдеп-тәлімі болмайынша өмір сүре алмайды. Тәлім-тәрбиенің көзі әр алуан, бір-біріне кереғар болса, онда қоғам қирайды. Адам іс-әрекетінің біртұтас, бірегей басқаруда болуы оның басқалардан айырмашылығын көрсетеді. Бұл о бастан-ақ тәлім-тәрбие біртұтас, бірқалыпты, өнегелі істерге жетелейтін санасы бар тәлім-тәрбие болғанын дәлелдейді әрі ғасырлар бойы сол тәлім-тәрбиенің арқауы үзілмей келе жатқанын көрсетеді. Тәрбиенің түп қазығы адам болу жолында әркімнің ата-ана тілін алу, зұлымдық пен қиянат істеуден және өтірік айтудан бойын алшақ ұстау, қайырымды болып, әділдік пен шындықты тұтқа етуден тұрады. Әрине, бұл әрбір халыққа тиесілі, тұрақты тәрбие. Бұл – адамзат баласы пайда болғалы бері қолданылып келе жатқан абсолюттік тәрбие. Сол себепті де тәлім-тәрбиенің алға қойған мақсаты барша адамзат баласына ортақ. Алайда, бұл принципке адам баласының дамуы мен технологиялық, инновациялық үрдістер кері әсерін тигізеді. Өйткені, жаһандасу өзге дәстүрлер мен салттарды, діни сенімдерді, пайда табу жолындағы айла-әдістерді қоса әкеледі. Бұл біртұтас қалыптасқан тәлім-тәрбиеге дұрыс та, бұрыс-та әсер етері ақиқат. Оны біз  қазірдің өзінде көріп те жатырмыз.

Түптеп келгенде, әдеп дегеніміз «адамдармен қатынас барысында сыпайылық шегінен шықпау, адамның жеке ерекшеліктерін ескеру, өзгенің де, өзінің де ар-намысын қадірлеумен бірге, шама мен шекті де сезіне білу». Бұл  қағиданы терең түсінген қазақтар әрбір адамды өзімен тең көрген. «Осынау рухани мұралар жүйесі жинақтала келе ұлттық болмыс ерекшелігін құрайды. Бұл – бір халықтың есте жоқ ескі заманаларды бедерлеген даналық сүрлеуі. Бұл – бірінші жағы, екінші тұсы дәл осынау ұғымдар мен пайымдарды, уақыт тезінен, ғасырлар сарасынан өткен ойларды ана сүтімен бойына сіңіріп өскен өскін-болашақтың парасатты азаматы болары анық» [11, 5-6 бб.]. Міне, осы бастаулардың тамыры тереңге кеткендіктен, қазақ халқы басынан небір зобалаңдарды өткізсе де, сол бастаулардан ешуақытта да қол үзген емес.

Сайып келгенде, дәстүрлі құқықтық мәдениет пен ұлттық тәлім-тәрбиенің өзегі, тарихи тамырлары халықтың этнографиясынды, өткенінде, болмыс-бітімі мен рухани әлемінде, шаруашылық қаракеттерінде, әдеті мен ғұрпында, дәстүрі мен жосын-жоралғыларында жатыр. Бүгінгі күні мемлекетімізде мәдени мұраларға ерекше мән беріліп отырған кезде халқымыздың әдет-ғұрпындағы тәлім-тәрбиелік қағида-ережелерді қайта түлету, оның негізгі принциптерін тәжірибеде қолдану қоғамымызда тәлім-тәрбиені жетілдіруге септігін тигізеді әрі кіршіксіз пәк, адамгершілік-имандылықтарды бойына сіңірген қоғам мүшелерін қалыптастыруға игі әсерін, өзіндік тарихи-этнографиялық ықпалын тигізеді деген ойдамыз.

Әдебиеттер:

1. Тарақты А. Қазақ. Оқу құралы. ­­­­ – Алматы: Санат, 1994. – 176 б.

2. Құран және ахлақ. Мұсылманның рухани тіректері. / Кітапты баспаға дайындап шығарушы Халифа Алтай. – Алматы, 2003. – 60 б.

3. Еуропа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ой-пікірлері. – Алматы: 1992. – 335 б.

4. Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). – Алматы: Ғылым, 1973. – 328 б.

5. Зиманов С.З. Қазақ хандары заңдарына шолу және олардың
ерекшеліктері // Қазақтың Ата Заңдары: 10 т.– Алматы: Жеті жарғы, 2004. – Т.4. – 552 б.

6. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. – Алматы: Білім,
1996. – 272 б.

7. Бизақов С. Түбі бір түркілер. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000. – 320 б.

8. Абай. Қара сөз, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1993. – 272 б.

9. Асан Қайғы. Бес ғасыр жырлайды: Үш томдық. – Алматы: Жазушы, 1984. –Т.1. – 256 б.

10. Смағұлова А. Қазақ әдет-ғұрып құқығындағы мұра мен мұрагерлік. –Алматы: LEM, 2005. – 168 б.

11. Хикмет К. Даналық сүрлеуі. – Алматы, 2005. – 48 б.

Referenсеs:

1.  Taraqty A. Qazaq. Oqý quraly.  – Almaty: Sanat, 1994. – 176 b.

2. Quran jáne ahlaq. Musylmannyń rýhanı tirekteri. / Kitapty baspaǵa daıyndap shyǵarýshy Halıfa Altaı. – Almaty, 2003. – 60 b.

3. Eýropa ǵalymdarynyń qazaq mádenıeti týraly oı-pikirleri. – Almaty: 1992. – 335 b.

4. Arǵynbaev H.A. Qazaq halqyndaǵy semıa men neke (tarıhı-etnografııalyq sholý). – Almaty: Ǵylym, 1973. – 328 b.

5. Zımanov S.Z. Qazaq handary zańdaryna sholý jáne olardyń

erekshelikteri // Qazaqtyń Ata Zańdary: 10 t. – Almaty: Jeti jarǵy, 2004. – T.4. – 552 b.

6. Amanjolov K., Rahmetov Q. Túrki halyqtarynyń tarıhy. – Almaty: Bilim,

1996. – 272 b.

7. Bızaqov S. Túbi bir túrkiler. – Almaty: Qazaq entsıklopedııasy, 2000. – 320 b.

8. Abaı. Qara sóz, poemalar. – Almaty: Jazýshy, 1993. – 272 b.

9. Asan Qaıǵy. Bes ǵasyr jyrlaıdy: Úsh tomdyq. – Almaty: Jazýshy, 1984. –T.1. – 256 b.

10. Smaǵulova A. Qazaq ádet-ǵuryp quqyǵyndaǵy mura men muragerlik. –Almaty: LEM, 2005. – 168 b.

11. Hıkmet K. Danalyq súrleýi. – Almaty, 2005. – 48 b.

1Сабденова Г.Е., 2Усерова А.Н.,

1gulmiras2801@gmail.com

и.о. профессора КазНУ им. аль-Фараби, к.и.н., Алматы

2aiguluser@mail.ru

доцент Центрально-Азиатского Университета, к.ю.н., Алматы

ИСТОРИЧЕСКИЕ КОРНИ ТРАДИЦИОННОЙ ПРАВОВОЙ КУЛЬТУРЫ И НАЦИОНАЛЬНОГО ВОСПИТАНИЯ КАЗАХОВ

Резюме

Традиционная правовая культура казахского народаберет свои корни с древних времен.Ее можно отнести к большому достижению духовнойкультуры казахского народа, которая стояла у истоков формирования личности.С детства в казахских семьях каждому ребенку независимо от пола прививается уважение к окружающему миру. Молодому поколению показывают как уважать старших, быть терпеливым и доброжелательным, соблюдать традиции. Все этосоставляет традиционную казахскую культуру. Последняя в своем развитии прошла ряд последовательно сменявшихся форм, соответствовавшим общественным отношениям и хозяйственной деятельности народа. Правовое воспитание всегда выполняло общественные функции, такие как познавательные, эстетические, коммуникативные и другие.

Ключевые слова: казахский народ, этнография, общество, правовая культура, национальное воспитание, ислам, культура

1Sabdenova G.E., 2Userova A.N.,

gulmiras2801@gmail.com

1Professor of the al-Farabi KazNU, Candidate of Historical Sciences,

Kazakhstan, Almaty

aiguluser@mail.ru

2Ass.Professor of Central Asian University, Candidate of Legal Sciences,

Kazakhstan, Almaty

HISTORICAL ROOTS OF TRADITIONAL LEGAL CULTURE

AND NATIONAL NURTURING OF KAZAKHS

Traditional legal culture of Kazakh nation takes its roots from ancient times. It can be attributed to a great achievement of spiritual culture of Kazakh nation that at the root of personality formation. Since  the childhood every child in Kazakh family independently of gender was taught to respect surrounding world. Young generations were taught to respect elders, be patient and benevolent, follow and keep traditions. All this constitutes the traditional Kazakh culture. Kazakh culture in its development passed number of changes in form,  that correspond to public relations and economic activity of the people. Legal education has always performed public functions, such as cognitive, aesthetic, communication and others.

Keywords: Kazakh people, ethnography, society, legal culture, national education, Islam, culture.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4283

No reviews

Download files

Сабд-Өсер (1).docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ИДЕОЛОГИЧЕСКАЯ БОРЬБА В СРЕДНЕВЕКОВЫХ ТЮРКСКИХ ГОСУДАРСТВАХ И ИСЛАМ (VІІ-ХІІІ В.В.) ИЗ ИСТОРИИ МУСУЛЬМАНСКОГО ОБРАЗОВАНИЯ В СЕВЕРНОМ КАЗАХСТАНЕ ВО ВТОРОЙ ПОЛОВИНЕ XIX – НАЧАЛЕ XX ВВ. Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ «ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ О НЕКОТОРЫХ АСПЕКТАХ ПРОБЛЕМЫ СОЗДАНИЯ КИРГИЗСКОЙ ДУХОВНОЙ МИССИИ НА ТЕРРИТОРИИ СЕМИПАЛАТИНСКОЙ ОБЛАСТИ ӘОЖ 94(574):930 ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР СОҒЫСЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН (1953-1991 жж.) ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ ӨЗБЕКСТАН – ОҢТҮСТІК КОРЕЯ: КЕЛІСІМДЕРДЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА. УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА УДК 94(574) ЭТНОПЕДАГОГИЧЕСКИЕ ТРАДИЦИИ В ИСЛАМСКОМ ВОСПИТАНИИ КАЗАХСКИХ ДЕТЕЙ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ 94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ

Author's articles

ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ