Яндекс.Метрика
Home » Materials » 94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ

Д.Ж. МОЛДАБАЕВА, Сулейман Демирель ат. университет, Ph.D ассист. проф., Қаскелең қ., Қазақстан. Т. МАРАТҰЛЫ 4 курс студенті, Қаскелең қ., Қазақстан

94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Tags: Шығыс Түркістан, Ислам , Қашғар, Кочо Ұйғыр идиқұттығы, Қарахан мемлекеті, Жүсіп Қадыр хан, Әли Арслан-хан
Author:
Мақаланың негізгі мақсаты, алғашқы түрік-ислам мемлекеті болған Қарахандардың Шығыс Түркістан аймағындағы мемлекеттермен орнатқан саяси қатынастарын ашып көрсету. Қарахан мемлекетінің батыс шекарасындағы көршілері Самани (Саманұл-дары), Ғазнауи, Селжұқ, Хорезмшах және Қарақытай мемлекеттерімен арасындағы құдандалық қатынастары, саяси одақтары және соғыстары жайлы деректер мен зерттеулер жеткілікті. Алайда, Қарахандардың шығыс көршілерімен болған саяси байланыстары жайлы ғылыми айналымға түскен зерттеулер саны әлде қайда аз. Қазіргі таңда осы тақырыпқа байланысты деректер мен олардың аудармаларының қолжетімділігі, бұл мәселенің толығырақ зерттелуіне үлкен мүмкіндік беруде.
Text:

Кіріспе. Қарахан мемлекетінің шығыс және батыс бөліктерінде жүргізген ұтымды саяси әрекеттері оның болашақта Орта Азияда саяси үстемдікке қол жеткізуіне мүмкіндік берген болатын. Осы тұрғыдан алғанда Қарахан мемлекетінің құрылуының алғашқы кезеңіне яғни, ІХ-Х ғасырға тиесілі тарихи деректер мен оқиғалар тізбегінің сараланып, талдануының мағызы зор. Қазіргі кезде ғылыми айналымда жүрген зерттеулердің басым бөлігі олардың батыс көршілерімен әсіресе Самани, Ғазнауи, Селжұқ, Хорезмшах  мемлекеттерімен болған қарым-қатынастары туралы болып отыр. Қарахан мемлекетінің шығыс саясатының зерттелуіндегі басты қиыншылықтардың бірі, тарихи дереккөздерінің аздығымен қоса кездесетін мәліметтердің көпшілігінің аңыз іспеттес болып келуінде. Қарахан мемлекетінің шығысындағы ұйғырлармен және Хотанмен болған соғыстары жайлы баяндамастан бұрын, Қарахан мемлекетінде мұсылмандықтың таралып, ислам дінінің орнығуына да тоқтала кеткен жөн.

    Талқылау. Қарахан тарихының алғашқы кезеңі Жамал Каршидің «әл-Мулхаккат би-с-суррах» аттың еңбегінде анағұлым жақсы баяндалған. Бұл тарихи деректегі оқиғаның басым бөлігі  алғашқы қаған Білге Күл Қадыр хан және оның екі ұлы– Базар Арслан хан және Оғұлшақтың атымен байланысты. Омелиан Прицактың айтуына қарағанда Білге Күл Қадыр ханның өлімінен кейін, Базар Арслан хан «ұлы қаған» ретінде Баласағұнда, ал Оғұлшақ «кіші қаған» ретінде Тараз және Қашғар қалаларында билігін жүргізді [1, 287-б.]. Олардың тұсында Қарахан мемлекетінің батыс шекарасындағы көршісі Самани мемлекетімен соғыс қақтығыстары жиілеп, тіпті 893 жылы Самани мемлекетінің билеушісі Исмаил ибн Ахметтің Тараз қаласына жорық жасап, оны басып алғаны мәлім. Осыдан кейін Оғұлшақ өз ордасын Тараздан Қашғарға көшіргенімен, көп ұзамай 907 жылы (кейбір деректерде 903-904 жылдары) Саманилерге қарсы жорыққа аттанып, Таразбен оның айналасындағы басқа аймақтарды да Қарахан билігіне қайта қосып алады [1, 288-290-бб.].

  Ұлы қаған Базар Арслан хан қайтыс болғаннан кейін орнына Оғұлшақ билікке келеді. Оғұлшақтың билігі тұсында орын алған тарихи оқиғаларға қатысты жазылып қалдырылған деректер өте аз. Қаған атына бастырылған теңгелер де әлі күнге дейін табылмаған. Жамал Каршидің «әл-Мулхаккат би-с-суррах» аттың еңбегіне қарағанда Оғұлшақ пұтқа табынушы, сол кездегі ислам елшілерінің(миссионер) сөзіне құлақ аспаған, мұсылмандықтан алыс адам ретінде суреттеледі [2, 69-б.]. Бұл сөздерден  түрік тайпаларының әлі де болса исламмен тығыз байланысқа түсе қоймағанын, мұсылмандықтың тек Самани мемлекетінің билігіне қарасты болған аймақтарда ғана таралғанын айтуға болады. 

  Оғұлшақтың тұсында көршілес Самани мемлекетінде ағайынды Исмаил ибн Мансұр мен Насыр ибн Мансұрдың арасында билік үшін талас белес алып, Насыр 304х.ж /916-917 жылы 70 адамымен  Қашғарға қашып келеді [3, 70-б.].  Оғұлшақ Қадыр хан тарапынан зор құрметпен қарсы алынған шахзада Насыр, қарахан билеушісіне: «Мен сенің үйіне келдім, отбасынның арасына кірдім, енді мен саған және отбасыңа адал қызмет етемін»-деген сөздер айтады. Оғұлшақ Қадыр хан шахзада Насыр ибн Мансұрды Артұқ (Артудж) аймағының басшылығына тағайындайды. Осы кезден бастап Бұхара мен Самарқаннан сауда керуендерінің келуі жиілеп,  сауда қызу жүре бастады. Сауда-саттықтан түскен пайданы Насыр ибн Мансұр жақсы көріну  мақсатымен Боғра ханға жіберіп отыратын болған [4, 98-б.]. Осының арқасында екеуінің арасындағы достық-сыйластық артып, Насыр Оғұлшақ Боғра ханға арқа сүйейтін болды. Қағанның сеніміне кірген Насыр ибн Мансұр, қағаннан өз дініне сыйынатын мешіт салуға жер беруін сұрайды. Оғұлшақтың келісімін алған Насыр ибн Мансұр Артұқ қаласында мешіт салдыртады [2, 102-б.].

  Деректерде Оғұлшақтың «ұлы қаған» ретінде билікке келуі мен Артұқ қаласында аталмыш мешіттің салынуынан кейін, тарих сахнасына Базар Арслан ханның ұлы Сатұқ Боғра ханның (Сатұқ тегін) шығуы баяндалады. Бұл кезде Сатұқ 12 жаста болатын. Жамал Карши оның өте сұлу, зерек, дана жігіт  болғаны туралы жазады. Деректерде Сатұқ тегіннің мұсылмандықты қабылдауы туралы аңыз сипатында түрлі мәліметтер кездеседі. Солардың бірінді: «Бұхарадан келген сауда керуеніне еріп Сатұқ саудамен айналысу мақсатымен Артұқ қаласына аттанады. Осы жерде ол мұсылмандардың түстік намазын көріп, таңданып (ерекше бір сезімге бөленіп) жанындағылармен бірге сол жерде ислам дінін қабылдайды [5, 91-б.]. Зеки Валиди Тоған Сатұқтың ислам дінін қабылдауын 920 жылдың шамасында болғанын айтады [6, 59-б.].

  Жамал Каршидің дерегінде келтірілгендей Оғұлшақ Боғра хан пұтқа табынушы болатын.  Сатұқтың мұсылман дініне өткені туралы Оғұлшақ өзінің жансыздары арқылы хабардар болып, істің мән-жәйін анықтауды өзінің әйеліне(хатунына) тапсырады. Деректерде Оғұлшақ Боғра ханының хатуны Сатұққа жақтасып, ханның күдігі туралы барлық шындықты оған  жеткізгені айтылады.  Сатұқты тексеру мақсатымен қаған оған(Сатұққа) пұттарға табыну үшін ғибадатхана салуды бұйырады. Қағанның ниетінен хабардар болған Сатұқ, ғибаттахана құрылысына зор құлшыныспен кіріседі. Осылайша Сатұқ тегін Оғұлшақты өзінің адалдығына сендіреді [2, 103-б.].

  Сатұқ тегіннің ашық түрде ханға қарсы әрекетке көшуі жасы 25-ке толғанда аңшылық сылтауымен ордадан шығып, өз адамдарымен Табғаш Балық (Игач Балик) қамалын жаулаудан басталады. Қамалды жаулап алған Сатұқ мұнда үш айға жуық тұрақтап, Оғұлшақ Боғра ханға қарсы әскер жинайды.  Оған көмекке Қашғар қаласынан 300 салт атты, Ферғанадан да дін үшін соғысушылар (газилер) келіп қосылады. Олардың саны 1000 жауынгерге жетеді. Атбасыны жаулап алған Сатұқ тегіннің әскер саны 3000-ға жеткеннен кейін ғана Қашғарға шабуыл жасайды [2, 104-б.]. Оғұлшақты биліктен тайдырған Сатұқ тегін, «Сұлтан Боғра хан» атымен өзі таққа отырады. Оның таққа отыруы шамамен 932 жылы болды. Осы жылды  кейбір зерттеушілер Қарахан мемлекетінің ресми тарихының басталған уақыты деп есептейді.

  Сатұқ Боғра хан Оғұлшақтан билікті алғаннан кейін Қашғар, Яркент және Ақсу жерлерінде ислам дінін таратады. 942 жылдан кейін Баласағұн, Барсхан және Сүябта да  ислам діні таралды. Самани жаулап алған Тараз (Талас) қаласы Сатұқ Боғра хан тұсында Қарахан билігіне қайта өтеді. Осылайша елдің батыс бөлігіндегі саяси үстемдігін орнықтырған Сатұқ Бұғра хан, ендігі кезекте назарын шығысындағы көршілес мемлекеттерге аударады. Қарахан мемлекетінің шығыс шекараларында көршілес Кочо Ұйғыр идиқұттығы орналасқан болатын. Батыс Түркістанда ислам дінінің таралғанына  қарамастан, Шығыс Түркістанда буддизм әлі де болса басымдылық көрсетуде еді. Кочо Ұйғыр идиқұттығының да діні буддизм болатын. Мемлекеттің басты қалалары болған Куча (Күсен) және Кочо (Тұрфан) буддизмнің ірі орталықтары еді. 948 жылы Сатұқ Боғра хан бұл екі қаланы жаулап алу мақсатымен әскер аттандырады. Қарахан билеушісінің бұл аймаққа ислам дінін тарату әрекеті  екі мемлекет арасында соғыстың шығуына алып келді. Соғыс барысында ұйғырлар Куча, Арамут және Қарашахар сияқты қалаларынан айырылып, өздерінің діндерін сақтап қалу үшін Қарахандардың билігін мойындауға мәжбүр болады. Қарахандардың Ұйғыр мемлекетіне жорықтарының тоқтатылуы 952/953 жылы Әбу Насыр Саманидің өлімімен байланысты. Оның қайтыс болғаны жайлы хабар алған Сатұқ Боғра хан жорығын тоқтатып, орталығы болған Қашғар қаласына оралады. Осыны пайдаланған Кочо Ұйғыр идиқұттығының билеушісі өз иеліктерін қайтару мақсатымен әскери әрекетке көшеді. Осылайша  ұйғырларға қарсы жорық 954 жылы қайтадан басталады [3, 148-б7].

  Сатұқ Боғра ханның бұл жорығы ұйғырлардың тегеурінді қарсылығына ұшырап, соғыс ұзаққа созылады. Сатұқ Боғра хан осы жорығы барысында ауруға шалдығып, Қашғарға оралғанынан кейін 955-956 жылдары қайтыс болады. Көптеген тарихшылар Әбдүлкәрім Сатұқ Боғра ал-Газиден кейін "ұлы хан" тағына екінші ұлы Байташ Арсланхан (Сүлеймен) отырғанын айтсада, Варис Абдуррахман билікке Байташ Арсланханның (Сүлеймен) келуіне дейін Сатұқ Боғра ханның үлкен ұлы Тоңға (Мұса) Іліктің отырғанын айтады. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, буддист ұйғырлармен болған шайқаста қаза болады [3, 148-б.].

  Сатұқ Боғра ханның өлімінен кейін, кезінде күшпен бағындырылған буддизм, шаманизм және несториандық христиандықты ұстаған халықтар мемлекеттегі жағдайды пайдаланып,  Қарахан билігіне қарсы көтеріле бастайды. Билік басына келген Байташ Арсланхан (Сүлеймен) оларды тез арада басып, әкесінің ісін жалғастыруды ойлады. Ортағасырлық тарихшы Ибн әл-Асирдің «әл-Камил фи-т-тарих» атты еңбегінде 960 жылы 200 мың адамның бір күнде ислам дінін қабылдағаны айтылады [7, 460-б.]. Белгілі түрік қарахантанушысы Решат Генч бұлардың яғма, қарлұқ, жікіл және тухси сияқты тек Тәңіріге сенетін түрік тайпалары болғандығын айтады [8, 810-б.].

  Әдістер. Мақаланы жазу барысында тарихи талдау және тарихи салыстырмалық әдістері негізге алынды. Дереккөздеріндегі мәліметтер мен оқиғалар барысыт талдауда хронологиялық әдіс де қолданылды.

  Нәтижесі. Қарахан мемлекетіндегі ішкі саяси жағдай тұрақталғаннан кейін, Байташ Арсланхан (Сүлеймен) әкесі Сатұқ Боғра хан тұсында басталған Кочо Ұйғыр идиқұттығын бағындыру және ислам дінін тарату мақсатындағы қасиетті жорығына аттану үшін әскер жинап, Әбу Насыр Мансұрдың ұлы Әбу Фаттахты(Алп текин/текін) екінші қолбасшы етіп сайлайды. Екі қолбасшының бастауымен ілгерілеген қарахандықтардың қалың қолы Кочо Ұйғыр идиқұттығына қарасты Кингит (қазіргі күндегі Қарашахар) қаласын бағындырады. Қарашахарда әскери орталық құрған қарахан әскерлерінің бір бөлігі Арсланхан бастауымен Ұйғыр идиқұттығынының орталығы болған Кочоға, ал Әбу Фаттах қолбасшылығындағы екінші топ Кочо қаласын солтүстіктен қоршау үшін Іле бағытында ілгерілейді. Әбу Фаттах бастауындағы қарахан әскерлері Мыңғлақта ұйғыр әскерлерімен болған шайқас нәтижесінде Кочо Ұйғыр мемлекетінің әскерлері жеңіліске ұшырайды [3, 148-149-бб.]. Мыңғлақта өткен шайқастың барысы жайында толық мәлімет беретін тарихи деректер жоқ дерлік. Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде ұйғырларға қарсы жорық туралы: «..біз түн жамылып оларды тұтқиылдан(жан-жағынан) қоршап, аттарының кекілін кесіп, Мыңғлақ тұрғындарын (адамдарын) өлтірдік» деген мәлімет келтіріледі. Диуани лұғат ат-түріктің тағы бір шумағыда "аттардың жалын өріп, жасырынған жауыз(иттерге) ұйғырларға  шаба жөнелдік, құстай қаптадық" десе, Әбу Фаттах бастаған қарахан әскерлерінің Іле өзені бойымен жылжыпғ Мыңғлақты алуы жайында «...қайықпен жүзіп барып, Ілеге жеткеннен кейін Ұйғырларға қарсы  аттанып, Мыңғлақ халқын (әскерін) жаулап алдық» деген шумақтар келтіріледі [9, 406, 447, 917-бб.].

  Мыңғлақта Әбу Фаттах ұйғыр әскерлерін жеңгеннен кейін, Кочо қаласы қоршауға алынады. Бесбалыққа қашқан Ұйғыр билеушісін өкшелей қуған қарахандық әскерлер Бесбалыққа барар жолда Тәңіртаутың (Тянь-Шань) маңында ұйғыр әскерлері тарапынан құрылған тұзаққа түсіп, жеңіліс табады. Осы шайқаста қарахан әскерлеріне басшылық жасаған Әбу Фаттах (Алп тегін) қайтыс болады. Осы мәселені зерттеушілердің бірі Варис Абдурахман шайқастың өткен жері туралы бұл жердің «Бугда төбесі (Buğda tepesi)» деп аталатынын айтады. Бугда төбесі қазіргі Үрімжі қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан Тәңірі тауларының ең биік төбесі [3, 149-150-бб.].

  Әбу Фаттах басшылығындағы қарахан әскерінің жеңілісінен кейін Байташ Арсланхан Кочо Ұйғыр идиқұттығының билеушісімен бейбіт келісім орнатуға мәжбүр болады. Келісім бойынша, ұйғырларға Қарашахар және Куча қалалары қайтарылады. Өз кезегінде Кочо Қарахандарға салықтың ұдайы төленіп тұруын және Қарахан билігіне қарсы шықпауға келісімін берді. Екі мемлекет арасындағы осы келісім жасалған уақыттан бастап ұйғыр билеушісі қарахандық Байташ Арсланханға өз тарапынан «Арслан хан» және «Арслан түтік» титулын беріп оны(билігін) мойындайды. Келісім шарттағы бұл жәйттар Қарахан мемлекетінің Бугда төбесінде жеңілгеніне қарамастан, Ұйғыр мемлекетіне ауыр соққы бергені және оған әлі де сескенерлік қауіп төндіріп тұрғандығын көрсетеді. Екіжақты келісімнің орнауынан кейін Байташ Арсланхан орталығы болған Қашғар қаласына оралды. Байташ Арсланханның Кочо Ұйғыр идиқұттығымен жасаған осы келісімі ұзақ уақытқа дейін сақталды.

  Келесі мәселе, Қашғардың оңтүстігіндегі Яркент және Хотан қалаларындағы буддист ұйғырлардың  көтерілісі.  Хотан Б.з.б. ІІ ғасырға жататын деректерге «Йоткан (Йутян)» деген атаумен белгілі болған. Кейіннен бұл аймақ Хотан атауын алды. Бұл аймақ ортағасырларда Орта Азиядағы буддизм діні орныққан маңызды аймақтардың бірі ретінде және ерте заманнан бастап қытай билеушілерінің назарына іліккен болатын. «Худут әл-Аламда» Хотан аймағының Қытай мен Тибет арасында орналасқаны айтылады [10, 61-б.]. Бұның өзі бір жағынан Хотанда буддизмнің тарауына және көптеген ортағасырлық авторлардың оны Қытайдың құрамындағы жер ретінде  көрсетуіне негіз болды. Зерттеулер ХІ ғасырға дейін бұл аймақта  Хотан Вижра хандығының билік құрғанын көрсетеді. 960 жылы ислам дінінің мемлекеттік дін ретінде жариалануынан кейін Қашғар қаласында сегіз ғасыр  үстемдік құрған буддизмнің орнына ислам діні орнайды [11, 82-б.]. Бұл Хотан билеушілерінің де қарсы әрекетке көшуіне себеп болады. Қашғар қаласындағы будда ілімін уағыздаған қауымға көмек беру мақсатымен Хотан билеушісі қалаға басып кіріп, өзіне қаратады. Алайда олардың қаладағы билігі ұзаққа созылмайды және Қарахандар мемлекеттің батыс бөліктерінен келген әскерлерімен қаланы бес айдан кейін қайта жаулап алады. Бірақ, Қашғар қаласы кейіннен Хотан қожалығына қайта өткенге ұқсайды. Себебі, 971 жылғы Хотаннан қытайдың Сун әулетіне жіберілген елшілігінде мемлекеттің «Қашғарды», яғни Қарахандарды жеңгені айтылады [4, 111-б.]. Қашғар қаласы  Хотандықтардың алғашқы шабуылынан бастап, Х ғасырдың 90-жылдарына дейін осы екі мемлекеттің билігіне кезек-кезек өтіп отырды. Қарахан билеушісі Байташ Арсланхан Сүлеймен осындай шайқастардың бірінде қасындағы адамдармен бірге тұтқынға түсіп, қайтыс болады.

  Байташ Арсланхан Сүлейменнен кейін Қарахан мемлекетіндегі билік Әбу әл-Хасан Әли Арслан ибн Байташқа өтеді. Қаған Хотанға қарсы жорықтарды әрі қарай жалғастырды. М. А. Штейннің «Ежелгі Хотан» атты еңбегінде осы тұстағы Хотан Вижра хандығының билеушісі Джигал Алхалхал (Джагалу-Халкал Мачин) болғандығын жазады. Хотандық әскерлердің басшысы Чокты Рашид және Нокты Рашид есімді қолбасшылар болды [12, 181-б.]. Бұл қолбасшылардың аттары «Боғра ханның тазкирасында(Tazkiratu-l Bughra)»да айтылады. Мұндағы мәліметтерге қарағанда Джигал Алхаллах, Чокты Рашид және Нокты Рашид бастауындағы 30 мыңдық әскер Қашғарға келіп, қаланы қоршауға алады. Осы тұста Әли Арслан хан мен Жүсіп Қадыр хан бастауындағы 40 мыңдық мұсылман әскерлері қала қоршаушыларына соққы беріп, хотандық әскерлер Йангихисарға шегінуге мәжбүр болады. Әли Арсланханның 90 мыңдық әскері оларды Уртан Қара (Қара бекет) деген жерде ойсырата жеңеді. Бұл шайқаста «Тазкират-ул Боғрада» баяндалғандай хотандықтардың қаны «Жейһун өзеніндей» ағады [5, 97-б.].

  Шайқас барысында Джигал Алхаллах Әли Арсланға ешбір қылыш не айбалтаға дарымайтын байқайды және өз әскерлеріне «кімде-кім билеушіні өлтірсе, оның салмағына тең алтын беретіндігін» айтады.Осы сәтте хотандықтардың арасынан Ужат деген елді мекеннен шыққан қарт шығып, өзінің бұл құпияны шететіндігін айтады. Қарахандық билеушінің құпиясын ашу мақсатымен қарт Қарахан әскерлері орналасқан ордаға кіріп, осы жерде  жансыз ретінде қағанның асын дайынтайтын аспаз болып орналасады. Әли Арсланның  жанында жүріп, билеушіден өзінің дарымайтын қасиетінің сырын ашуды сұрайды. Әли Арслан «өзінің табиғатынан бар қасиетінің рас екендігін, тек намаз оқыған кезде ғана өзінің осал екендігін» айтады. Құпияны біліп алған жансыз хотандық Джагал Алхалхалға барып, істің мән-жайын түсіндіреді. Жауының осал тұсын біліп алған хотандықтар бір күні, мұсылман қарахандықтардың таңғы намазы уақытында ордаға тұтқиылдан шабуыл жасап көптеген қарахандық әскерлерді өлтіреді, олардың арасында Қарахан мемлекетінің билеушісі Әли Арслан ибн Байташ та болады [5, 98-99-бб.]. Жамал Каршидің «әл-Мулхакат би-с-сурах» аттың еңбегінде Түрік қағандары (Қарахандар) есімдері арасында «Әли Арслан хан аш-Шаһит Әбу әл-Хасан ибн Байташ Арслан-хан ибн Сатук Богра хан» есімі келтіріледі. Әли Арслан ханның өлімі туралы тағы бір жерде оның 998 жылдың қаңтар айында (Хижра жыл санауының 388 жылы мұқаррам айы) азапты өліммен қайтыс болғаны айтылады. Әли Арсланханның атына «аш-Шаһит» сөзінің қосылып айтылуы, шығыстағы кәпірлерге қарсы соғыстың нәтижесінде шәхид болуына байланысты берілуі әбден мүмкін.

  Әли Арсланның қайтыс болуынан кейін Қашғар қаласы хотандықтардың билігіне қайта өтеді. «Тазкират-ул Боғрада» осы жағдайдан кейін хазіреті Хасан Боғра хан Ғази, хазіреті Исан Боғра хан Ғази және хазіреті Жүсіп Қадырхан Ғази патшалардың хотандық әскерлерге қарсы шайқасы, олардың көбін өлтіргені, мүліктерінің Қарахандарға өткені айтылады. Соғыс майданынан қашқан Чокты Рашид пен Нокты Рашид, Джигал Алхалхалдың 12 мыңдық әскерімен Кукяр деген аймақта Қарахандықтар 7 күн мен түн шайқасты. Бұл оқиға жайлы мәлімет басқа дереккөздерінде Хасан Боғра ханның 992 жылы Бұхараны жаулап алғаны, бірақ ауруға душар болып ордасына қайтар жолда Қошқарбасы деген жерде қайтыс болғандығы түрінде кездеседі. Борис Кочнев өзінің «Мавераннахр накануне создания западного Караханидского каганата (в свете нумизматики)» атты еңбегінде келтіріп кеткен Қарахан генеологиясында Әли Арслан ханнан кейін ұлы Тоған хан Ахметтің 388/998 жылы билікке келгенін айтады [13, 272-бб. ].

  Хотан жерлерінің жаулануы ендігі кезекте Жүсіп Қадыр хан есімімен байланысты. Йенгихисар, Яркент, Поскам, Қарғалық сияқты жерлер Жүсіп Қадыр хан иелігіне қарасты болатын. Хотан жерінің толығымен қай уақытта Жүсіп Қадыр хан билігіне өткені жайлы мәліметтер өте аз. «Тазкират-ул Боғрада» Жүсіп Қадыр ханның Хотанды қоршауға алып, жиырма төрт жыл соғысқаны айтылады. Соңында Хотан аймағы Қарахандардың билігіне өтіп, Джагал Алхалхал өлтіріледі [5, 104-б.]. Ибн әл-Асирдің «ел-Камил фи-т-тарих» атты еңбегінде Ғазнауи мемлекетінің билеушісі сұлтан Махмұт пен Қарахан билеушісі Ілік хан Насыр ибн Әли арасындағы хижраның 397 жылында (1006-1007) болған шайқасты баяндау барысында Қарахандық Жүсіп Қадыр хан ибн Боғра хан үшін «Хотан мәлігі» тіркесі қоланылған[7, 157 с.]. Бұған қарағанда Хотанның Қарахан мемлекетінің құрамына өтуі 397/1006-1007 жылдан бұрын болған. Ғазнауи сұлтаны Махмұттың тұсында сарай тарихшысы қызметін атқарған Әбу-Наср Мұхаммед ибн Абдужаффар әл-Утбидің «Китаб-и Йамини» атты еңбегінде де Жүсіп Қадыр ханның «Қытай патшасы» екендігі айтылған [14, 335 –б.]. Өйткені Хотан аймағы Қытай шекарасының ішінде көрсетілген. Мұны Гардизидің «Зайн әл-Ахбар» атты еңбегінен де байқауға болады. Хижраның 419 жылы Иштихан қаласында бастырылған теңгеде Жүсіп Қадырханның титулы «Наср әл-Хакк ва-д-дин Малик ал-Машрик ва с-Син» ретінде жазылған. «Машрик» тіркесі Самани(Саманұлдары) мемлекетіне қараған Мәуераннахр және Хорасан аймағы(батыс) үшін қолданылатын болса, «Син» тіркесі шығыс аймақ яғни «Шығыс Түркістан» деген мағынаны білдіреді[15, 181-б.]. Бұл деректердің барлығы Хотан аймағын өз билігіне қаратқан Жүсіп Қадыр ханның өз атынан бастырған теңгелерде жазылған бұл лауазымды қолдануға толық құқылы болғандығын көрсетеді. Қытайдағы Сун әулетінің императоры Юань Сяо-Хуанди тұсында, 1009 жылы Хотан Қараханы – Жүсіп Қадыр ханның ұйғыр Лу-сы-вэн бастаған елшілікті Сун сарайына аттандыруы да Хотан аймағының толығымен Қарахан мемлекетінің қарамағына өткендігін дәлелдейді.

  Қорытынды. Қарахан билігінің Шығыс Түркістан аймағында орнауы мемлекет үшін үлкен маңыздылыққа ие болды. Себебі,  түрік тегінен шыққан Қарахан мемлекеті сонау ғұндардан басталған Тарым аймағының түріктену процесін аяқтады. Сонымен қатар Орта Азияда мұсылмандықты алғаш болып қабылдаған Қарахан мемлекетінің, Шығыс Түркістандағы соғыстары тұғыры берік будда дінінің әлсіреуіне және аймақтың  исламдану процесінің басталуына алып келді.

Әдебиеттер

1.  Pritsak O. Von den Karluk zu den Karachaniden, ZDMG,1951, C.1, 270-300Al-Utbi. The Kitab-i Yamini//Translated from the Persian version of the contemporary arabic chronicle by the Rev. James Reynolds. – London: Ex Oriente Lux, 1858. – 512 p.

2.  Джамал ал- Карши. Ал-Мулхакат би-с-сурах//История Казахстана в персидских источниках/ М-во образования и науки РК, Ин-т востоковедения им.Р.Б.Сулейменова. – Т.І.-Алматы: Дайк-пресс, 2005.- 416 с.

3.  Varis Abdurrahman. Karahanlılar devleti ile Koçu (İdikut) Uygur devletinin münasebetleri (Doktora tezi) – Ankara, 2001.– 284 s.

4.  Желобов Д.В. Государства Таримской впадины во 2 пол. ІХ-нач.ХІІ вв.: политическое и религиозное взаимодействие. – Екатеринбург. 2017. – 201 с.

5.  Extracts from the Tazkiratu-l Bughra/Transl. by R.A.Shaw //Shaw R.A. Sketch of the Turki Language as Spoken (Kashgar and Yarkand) – Calcutta: Baptist Mission Press,1878. – P.87-107.

6.  Togan Z.V. Umimi Türk tarihine giriş.Cild 1. En eski devirlerden 16. asra kadar.-İstanbul.3 baskı,1981.-539 s.

7.  İbnu’l-Esir, Izzuddin Ali b. Ebi’l-Kerem Muhammed eş-Şeybani, (ol. 630/1232), El-Kamil fi’t-Tarih, VIII, Beyrut 1402/1982.

8.  Reşat Genç. Karahanlılar tarihi/Türkler. Cilt 4. Orta çağ. – İstanbul. Yeni Türkiye Yayınları, 2002. – 804-830 s.

9.  Махмуд ал-Кашгари. Диван Лугат ат-Турк/Пер., пред. и коммент. З.-А.М.Ауэзовой; индексы составлены Р.Эрмерсом. – Алматы: Дайк-Пресс. 2005.-1288 с.(http://library.psu.kz/fulltext/buuk/b1122.pdf)

10.  Şeşen R. İslam coğrafyacılarına göre türkler ve türk ülkeleri. 2 Baskı. – Ankara, 2001. – 301 s.

11.  Tilla Deniz Baykuzu. Turfan’dan Kaşgar’a İpek Yolu Üzerindeki Vaha Şehirleri.-İstanbul,2015, - 59-84 s.

12.  Stein A. Ancient Khotan. Detailed Report of Archaelogical Explorations in Chinese Turkestan / A. Stein. - Oxford: Clarenton Press, 1906. – 3 v.

13.  Кочнев Б.Д. Нумизматическая история Караханидского каганата (991-1209) /Б.Д.Кочнев. – М.:София, 2006. – 344 с.

14.  Al-Utbi. The Kitab-i Yamini//Translated from the Persian version of the contemporary arabic chronicle by the Rev. James Reynolds. – London: Ex Oriente Lux, 1858. – 512 p.

15.  Кочнев Б.Д.Мавераннахр накануне создания западного Караханидского каганата (в свете нумизматики)/История Материальной Культуры Узбекистана (ИМКУ) Выпуск 31.- Самарканд:2000.178-203.

References

1.  Pritsak O. Von den Karluk zu den Karachaniden, ZDMG,1951, C.1, 270-300

2.  Jamal al-Karshi. Al-Mukhakat bi-s-surah//Istoriya Kazahstana v persidskih istochnikah/M-vo obrazovaniya i nauki RK, In-t vostokovedeniya im. R.B. Suleymenova. -T.1.Almaty: Daik-press,2005.-416 s.

3.  Varis Abdurrahman. Karahanlilar devleti ile Kochu (Idikut) Uyghur devletinin munasebetleri (Doktora tezi) – Ankara, 2001.-284 s.

4.  Jelobov D.V. Gosudarstva Tarimskoy vpadiny vo 2 pol. IX-nach. XII vv.: politicheskaya i religioznaya vzaimodeistvie. -Ekaterinburg.2017.-201 s.

5.  Extracts from the Tazkiratu-l Bughra/Transl. by R.A.Shaw //Shaw R.A. Sketch of the Turki Language as Spoken (Kashgar and Yarkand) – Calcutta: Baptist Mission Press,1878. – P.87-107.

6.  Togan Z.V. Umimi Türk tarihine giriş.Cild 1. En eski devirlerden 16. asra kadar.-İstanbul.3 baskı,1981.-539 s.

7.  İbnu’l-Esir, Izzuddin Ali b. Ebi’l-Kerem Muhammed eş-Şeybani, (ol. 630/1232), El-Kamil fi’t-Tarih, VIII, Beyrut 1402/1982.

8.  Reşat Genç. Karahanlılar tarihi/Türkler. Cilt 4. Orta çağ. – İstanbul. Yeni Türkiye Yayınları, 2002. – 804-830 s.

9.  Mahmud al-Kashgari. Divan Lugat at-turk/ Per., pred. i komment. Z.-A.M.Auezovoi; indeksi sostavleni R.Ermersom.-Almaty: Daik-press.2005.-1288 s.

10.  Şeşen R. İslam coğrafyacılarına göre türkler ve türk ülkeleri. 2 Baskı. – Ankara, 2001. – 301 s.

11.  Tilla Deniz Baykuzu. Turfan’dan Kaşgar’a İpek Yolu Üzerindeki Vaha Şehirleri.-İstanbul,2015, - 59-84 s.

12.  Stein A. Ancient Khotan. Detailed Report of Archaelogical Explorations in Chinese Turkestan / A. Stein. - Oxford: Clarenton Press, 1906. – 3 v.

13.  Kochnev B.D.Numizmaticheskaya istoriya Karahanidskogo kaganata (991-1209)// B.D.Kochnev.-M.:Sofia,2006.-3444 s.

14.  Al-Utbi. The Kitab-i Yamini//Translated from the Persian version of the contemporary arabic chronicle by the Rev. James Reynolds. – London: Ex Oriente Lux, 1858. – 512 p.

15.  Kochnev B.D. Maverannahr nakanune sozdaniya zapadnogo Karahanidskogo kaganata (v svete numizmatiki)/Istoriya Material’noy kultury Uzbekistana (IMKU) Vypusk 31.- Samarkand: 2000.178-203.

Д.Ж.МОЛДАБАЕВА, 

Ph.D ассист. проф.,Университет имени Сулеймана Демиреля,(e-mail:dana.moldabayeva@sdu.edu.kz)

Т. МАРАТҰЛЫ,

студент 4 курса спец.6В020300- История, Университет имени Сулеймана Демиреля,(e-mail:temmaratuli@gmail.com)

ВОСТОЧНАЯ ПОЛИТИКА КАРАХАНИДСКОГО ГОСУДАРСТВА В Х-ХІ ВЕКАХ: ВОЙНА С УЙГУРСКИМ ИДИКУТСТВОМ КОЧО И ЗАВОЕВАНИЕ ХОТАНА

Аннотация

  Основная цель статьи, выявить политические отношения между Караханидами, которые были первыми тюрко-исламским государствам, с государствами в Восточно-Туркестанском регионе. Имеется достаточно данных и исследований о брачных отношениях, политических союзах и войнах с государствами Саманидов, Газневидах, Селджукидах, Хорезмшахов  и Каракитаев, которыми граничили на западе. Тем не менее, гораздо меньше исследований политических связей между Караханитами с их восточными соседями. В настоящее время доступность данных и их перевод позволяют более глубоко исследовать данную проблему.

Ключевые слова: Государство Караханидов, Уйгурское идикутсво Кочо, Восточный Туркестан, Кашгар, Хотан, Ислам, Али Арслан-хан, Йусуф Кадир-хан

1D.J. MOLDABAYEVA,

1Suleyman Demirel university Kaskelen, Republic of Kazakhstan

2T. MARATULU

2Suleyman Demirel university Kaskelen, Republic of Kazakhstan

THE EASTERN POLICY OF QARAKHANID STATE IN X-XI CENTURİES:THE WARFARE BETWEEN KOCHO KINGDOM OF UYGHURS AND   THE INVASION OF KHOTAN

  The main purpose of the article is to identify the political relations between the Qarakhanids, the first Turkic-Islamic state, with states in the East Turkestan region. There is enough researches and studies about political alliances (marriages) and wars with the Samanids, Ghaznavids, Seljukids, Khwarezm-shahs and Karakhitays, which were bordered in the west. However, there are only  few  researches about the political relations between the Qarakhanids and their eastern neighbors. Nowdays, the availability of the sources(and their translations) allow to thoroughly study this problem.

Keywords: Qarakhanids state, Kocho kingdom of uyghurs, East Turkestan, Kashgar, Khotan, Islam, Ali Arslan Khan, Yusuf Kadir Khan.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4418

No reviews

Download files

Қарахандардың шығыс саясаты мақала СДУ.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ИДЕОЛОГИЧЕСКАЯ БОРЬБА В СРЕДНЕВЕКОВЫХ ТЮРКСКИХ ГОСУДАРСТВАХ И ИСЛАМ (VІІ-ХІІІ В.В.) ИЗ ИСТОРИИ МУСУЛЬМАНСКОГО ОБРАЗОВАНИЯ В СЕВЕРНОМ КАЗАХСТАНЕ ВО ВТОРОЙ ПОЛОВИНЕ XIX – НАЧАЛЕ XX ВВ. О НЕКОТОРЫХ АСПЕКТАХ ПРОБЛЕМЫ СОЗДАНИЯ КИРГИЗСКОЙ ДУХОВНОЙ МИССИИ НА ТЕРРИТОРИИ СЕМИПАЛАТИНСКОЙ ОБЛАСТИ ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА УДК 94(574) ЭТНОПЕДАГОГИЧЕСКИЕ ТРАДИЦИИ В ИСЛАМСКОМ ВОСПИТАНИИ КАЗАХСКИХ ДЕТЕЙ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ 94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ ҒТАМР 03.20.00 МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

Author's articles

94(576)(89) Х-ХІ Ғ. ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ШЫҒЫС САЯСАТЫ: КОЧО ҰЙҒЫР ИДИҚҰТТЫҒЫМЕН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ХОТАНДЫ ЖАУЛАП АЛУЫ