Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар

Материалдар

Б.Ж. Кабдушев¹, Б. Құдайбергенұлы². ¹Т.ғ.к., доцент. Алматы энергетика және байланыс университеті. ²Т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТжЭИ.
ҒТАМР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.)

Аңдатпа. Мақалада Нығмет Нұрмақовтың үкімет төрағасы ретінде өнеркәсіпті қалпына келтірудің жұмысын үйлестіру, құлдыраған, қомақты қаржыны қажет ететін ірі және ұсақ өнеркәсіптерді іске қосу мәселелері қаралады. Ол үкімет басшысы ретінде ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін жіті бақылап, жан-тәнімен әрбір өзгерісіне дейін елеңдеп отырғаны айтылады. Республикамызда өндірілген шикізаттарды барынша өңдеуге болатын мүмкіндіктердің бар екендігін айтып, шикізат өндіретін ғана аймақ емес, осы шикізатты дайын тауар күйіне жеткізе алатын индустриалды елге айналдыру идеясының жағында болғандығы баяндалады. Қазақ үкіметінің төрағасы ретінде ол жаңа экономикалық саясат жағдайында экономиканы дамытудың негізгі өзегі ретінде сауданы жандандыруға айрықша көңіл бөледі. Ішкі сауданы ұйымдастыруға аймақтық жәрмеңкелердің рөліне басты назар аударса, сыртқы сауда байланысын күшейтуде іргедегі Қытай елімен Қорғас, Бақты кедендері арқылы жүргізілетін сауда қатынасына басымдық берілді. Әсіресе Еуропаны Сібір арқылы Орта Азиямен байланыстыратын Карск экспедициясы деп аталатын сауда жолының Қазақстан үшін қосқан маңызы шексіз болды. Маңызды мәселелердің бірі еркін қаржы саясатын жүргізу үшін Орталық билік органдары алдына талаптар қойып, республика мүддесі үшін күресті.

О. Мұхатова¹. ¹Т.ғ.д., профессор. Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері. Алматы қ., Қазақстан.
ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.)

Аңдатпа. Мақалада Ұлы Дала еліндегі азаттық қозғалыстардың посткеңестік кезеңде зерттелуі талданады. Тарихшылардың жаңа көзқарастары көрсетіледі. Ғалым-тарихшы М.Қ. Қозыбаев көрсеткен азаттық күресінде зерттелуге және қайта зерделенуге тиіс мәселелер анықталады. Ғалымның «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегіндегі тың тұжырымдарға баға беріледі. Азаттық үшін күрес тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық мәселелерін зерделеген С.Ф. Мәжитовтің еңбектері туралы айтылады. Ж. Қасымбаевтың Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс туралы еңбектерінің мазмұны ашылады. Тарихшы Е. Уәлиханов зерттеулерінің маңызы айқындалады. Қазақ даласындағы ұлттық бірегейлікті сақтауға және нығайтуға арналған күрестің өткенін арнайы зерттеген М. Қойгелдиевтің, Ж. Артықбаевтың, О. Қоңыратбаевтың, Х. Әбжановтың, С. Смағұлованың және т.б. тарихшылардың проблеманы зерттеуге қосқан үлестері анықталады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты зерттеуге арналған диссертациялар, конференциялар жөнінде айтылады. Шетелдік зерттеушілердің қазақ халқының азаттық күресі туралы көзқарастары көрсетіледі.

С.Қ. Шілдебай¹. ¹Т.ғ.к., ЖҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Алматы қ., Қазақстан.
ҒТАМР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

Аңдатпа. Мақала Қазақ АКСР-індегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихына арналды. Зерттеу жұмысында бұрын тарихшылардың зерттеу нысаны болмаған осы тақырыпқа қатысты материалдар мен дерек көздеріне қысқаша талдау жасалды. Қазақ АКСР-нің жариялануымен бірге Денсаулық сақтау халкоматы құрылды және жұмыс аппараты қалыптаса бастады. Халық комиссары М.С. Шамов 1920–1928 жылдары денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Өршіген жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттерге қарсы күресе отырып, ҚАКСР ОАК пен ХКК-і Денсаулық сақтау халкоматымен бірге халық денсаулығын сақтаудың негіздерін қалыптастырды. Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы барысындағы емдеу желісінің құрылуы; санитарлық бақылау жүйесінің қызметі; ана мен бала денсаулығын қорғау; қараусыз қалған жетім балалармен жұмыс; Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтын құру; жұқпалы ұшпа ауралар мен індеттерге, жезөкшелікке, безгек пен обаға қарсы күрес; дәріханалар желісінің қалыптасуы; ауыз су жағдайын жақсарту; медицина мамандарын даярлау; курорттар мен демалыс үйлері желісін дамыту; Өлкелік эпидемиология және микробиология институтының құрылуы мен қызметі және т.б. сияқты медицина салаларының қалыптасу тарихына шолу жасалды.

Н.У. Шаяхметов¹, Б.Б. Байшов², Четин Нур3. ¹Т.ғ.д., қауымд. проф. Astana IT University. ²PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. 3PhD, Кыршехир Ахи Эвран универ-і
ҒТАМР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ

Аңдатпа. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан және Иран секілді Каспий жағалауы елдері үшін ғана емес, әлемдік геосаясат үшін де тарихи, саяси, экономикалық және әскери-стратегиялық маңызға ие болды. ХХ ғ.аяғы – ХХІ ғ.басында Кеңестер Одағы өмір сүруін тоқтатқаннан кейін Каспий теңізі шекаралары мен мәртебесін айқындау таласты әрі күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселеге айналды. Мақалада Каспий теңізі мәртебесін айқындау мәселесінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктері тарихи тұрғыдан сарапталады. Зерттеу жұмысы барысында Каспий теңізі мәртебесін айқындауға байланысты тарихи-дипломатиялық және саяси-құжаттар мен мәліметтер талданып, осы мәселеге қызығушылық танытқан мемлекеттердің арасындағы пікір алмасулардың негізгі бағыттары және оларды шешу жолдары ашып көрсетіледі. Оның ішінде 2018 жылдың 12 тамызында Қазақстанда өткізілген Ақтау саммитінің тарихи маңызына ерекше мән беріледі.

А.У. Тоқтабай¹. ¹Т.ғ.д., профессор, БҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Алматы қ., Қазақстан.
ҒТАМР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ

Аңдатпа. Құсайын Тәкежанұлы халық ақыны, қазақтың алғашқы интеллегенция өкілдерінің бірі. Қазан төңкерісіне дейін ұлт оқымыстылары А. Асылбеков, С. Сейфулин, М. Жұмабаев, С. Мұқановтармен замандас, әріптес, аралас-құралас болған. Біздің қолымызға түскен қолжазба 1905 жылы жазылып, 1947 жылы редакцияланған екен. Қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары деп аталады. Автордың қолжазбасының алғы сөзінде бұл еңбек Сарыарқа қазақтарының өмірінен жазылған екен. Қолжазба өте құнды, себебі қазақтың қаймағы бұзылмай тұрған кезде көптеген әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер қаз-қалпында қағаз бетіне түсірілген. Адамның үйленген кезінен бастап, о дүниелік болғанға дейінгі әдеттер мен жосын-жоралар, кезең-кезеңмен берілген. Мақал-мәтелдер, ғұрыптық жырлар мен нақты оқиғалар негізінде беріліп отырады. Мысалы: Абылайханның баласы өлгенде атақты шешеннің көңіл айтуы т.с.с. Бұл жазба мұра қазақ этнографиясына және фольклорына қосылған өлшеусіз қазына.