ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ресей империясы Қазақстан аумағын толық отарлаған соң, үлкен өлкені басқару мақсатында өзінің әкімшілік жүйесін енгізген болатын. Сол кезеңде, Жетісу өңірі отар аймақ ретінде экономикалық және саяси жағынан елеулі рөл атқарды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өлкеге орыс шаруаларының легі ағылып келді. Патша өкіметі қазақ жеріне келімсектерді қоныстандыру саясатын тез қарқынмен жүзеге асыру үшін, 1904-1905 жылдары Қазақстан территориясын бес қоныс аудару ауданына бөлді: Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу. Бұл облыстарда Жерге орналастыру және егіншілік бас басқармасына қарасты арнайы Қоныс аудару мекемелері ашылды. Отаршылдық негізде құрылған Қоныс аудару басқармалары жергілікті халықтың пайдалануындағы «артық» жерлерді тартып алып, қоныс аудару телімдерін дайындады. Патшалық Ресей кезеңіндегі қоныс аудару мәселесі деректанулық тұрғыдан терең әрі объективті зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, ХХ ғасырдың басында құрылған Жетісу қоныс аудару басқармасының іс-жүргізу құжаттары өлкенің қоныс аудару тарихына қатысты негізгі деректер тобын құрайды. Сонымен қатар, өлкедегі қоныс аудару тарихына қатысты деректерді Ресей империясының ХІХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. басындағы заңдары, Жетісу қоныс аудару басқармасы шенеуніктерінің және осы кезеңдегі зерттеушілердің еңбектері құрайды. Мақалада Жетісу өлкесінің ХІХ ғ. ІІ жартысын мен ХХ ғ. басындағы қоныс аудару тарихына қатысты архив құжаттарына және сол кезде жарыққа шыққан еңбектерге деректанулық талдау жасалады. Аталған деректер арқылы Ресей империясы кезіндегі отарлау саясатының барысы, бағыттары және нәтижелері айқындалған.
Түйін сөздер: дерек, архив, құжат, қоныс аудару, Жетісу өлкесі, отарлау, Жетісу қоныс аудару басқармасы.