Тәуелсіз Қазақстан – көпұлтты мемлекет, елімізде 130-ға жуық ұлттың өкілдері өмір сүреді. Оның ішінде түркі және славян халықтарының үлес салмағы басым екені белгілі. Сондықтан да мақалада орыс және қазақ халықтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ұқсастықтары туралы қарастырылған. Мақаланың басты мақсаты - қазақ және орыс халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы (бала туу, қыз ұзату, ұлын үйлендіру) ұқсастықтарды анықтау болып табылады. Аталмыш екі халықтың «құрсақ той», «кіндік шеше», «құда түсу», «күйеу жігіттің ұрын баруы», қалыңдықтың жасауы, қалыңмал төлеу сияқты салт-дәстүрлері салыстырмалы түрде сараланып, зерделенді. Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, қазақ және орыс халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарының ішінде ұқсас элементтер өте көп кездесетініне көз жеткіздік. Сонымен қатар, бұл ғұрыптардың пайда болуымен қоса, олардың семантикалық мәніне саралау жасадық.