Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОК930.323(574) Посткеңестік мемлекеттегі саяси жүйелердің қалыптасуы мен дамуы

Дүйсебай Асмарал, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті  тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты

ӘОК930.323(574) Посткеңестік мемлекеттегі саяси жүйелердің қалыптасуы мен дамуы

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Author:
Мақалада автор Қазақстандағы саяси жүйелердің қалыптасуы мен дамуына салыстырмалы және жүйелі талдау жасап, зерттелу деңгейін, зерттеушілердің пікірлерін көрсетеді. Кеңестік саяси жүйенің ыдырауы мен жаңа тәуелсіз республикалардың дербес саяси жүйелердің қалыптасуы мен дамуына, олардың басты ерекшеліктеріне тоқталып, өзекті мәселелеріне тарихнамалық талдау жасалынды. Саяси жүйелердің модельдеріне, саяси жүйеге ішкі және сыртқы ортаның әсер ету ықпалы талданады. Саяси жүйедегі президенттік институт, парламенттің қызметі де назардан тыс қалмаған. Әсіресе, саяси жүйе мен саяси партиялардың қызметі де қарастырылды. Кілт сөздер: саясат, саяси жүйе, талдау, құрылым, тарихнама.
Text:

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін саяси саладағы мақсаттар мынадай басты міндеттерге жұмылдырылды. Күшті Президенттік басқару бағытындағы мемлекеттің дамуы, көппартиялық жүйені құру, тұрақты экономикалық реформаны қамтамсыз ету, көп бағытты әскери-саяси және экономикалық одақтармен келісімдерге келу, демократиялық құқықтар мен адам бостандығын сақтай отырып, Қазақстанның әлемдігі саяси салмағын көтеру, әлемдік қатынаста Қазақстанның геосаяси жағдайын пайдалану болды.

Қазақстанның геосаяси жағдайы, халықтың көп ұлтты болуы, ұлттық идеяның дамуы қазақ мемлекеттілігінің тарихын қарастырғанда абстрактілі және жеңіл-желпі тұрғыда қараудан бас тартуды, керісінше терең де жан-жақты зерттеуді қажет етуде.Сондықтан да, біз бұл мақаламызда Қазақстан Республикасындағы саяси жүйелердің қалыптасуы мен дамуын зерделеп көрсетеміз.

Кеңестік саяси жүйенің ыдырауы жаңа тәуелсіз республикалардың дербес дамуына мүмкіндік берді. Сондықтан да посткеңестік республикалардағы жаңа саяси жүйелерінің қалыптасу заңдылықтарын білу - жаңа мемлекет құрудағы маңызды шаралардың бірі болып табылады. Себебі ұзақ уақыт бір мемлекет шеңберінде болған республикалардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі әр түрлі дамуы - олардағы ерекшелік пен ортақ заңдылықтарды анықтауды талап етеді.

Сондықтан да саяси жүйелердің ыдырауы мен қалыптасуын зерттеудің методологиялық базасын  қазіргі посткеңестік республикалар тәжірибесіне талдау жасау арқылы жетілдіре түсуге болады. Посткеңестік республикалардағы саяси процесс қазіргі кезде әлемдік саясаттанушылар қауымдастығы үшін үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. 1960-70 жылдары осындай зерттеулер Латын Америкасы елдері трансформациясы мысалынан жазылып, жалпы ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде тек тарихи талдау ғана емес, сонымен бірге саяси болжаудың да методологиялық негізі жасалған болатын.

Қазіргі посткеңестік республикалардағы трансформациялық процесс, саяси жүйенің қалыптасуы мен дамуы жалпы тарихшылардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр.  Себебі көптеген теориялардың өміршеңдігі посткеңестік республикалардағы саяси процесс барысында сыналуда. Сондай теориялық мәселелердің бірі – саяси жүйе мәселесі. ХХ ғасырдың 50-жылдары саяси талдау және болжам жасау үшін ғылыми айналымға енген категориялардың бірі ретінде бұл категория  «саяси ұйымдасу» және «саяси құрылыс» ұғымдарын алмастырды.

Саяси жүйе қоғамдағы саяси шешім орталықтарын анықтауға мүмкіндік бере отырып, қоғамдағы саяси күштердің арасалмағын зерттеуде үлкен роль атқарады. Саяси шешім қабылдауға қатысы бар саяси күштердің қалыптасуына, дамуына, олардың идеологиясы мен іс-әрекетіне талдау жасау олардың перспективалық дамуына болжау жасауға да мүмкіндік береді.

Сонымен бірге саяси жүйе ұғымын зерттеудің тағы бір өзектілігі - қазіргі саяси ғылымда және саяси тәжірибеде осы ұғымның ретсіз көп қолданылып, мазмұнына байланысты ортақ пікірдің қалыптаспауынан туындап отыр. Сондықтан да осы ұғымның мазмұнын ашу және оның құрамдас бөліктерін ғылыми жағынан негіздеу - ғылымның, соның ішінде қазақстандық тарих ғылымның алдында тұрған басты мәселелердің бірі деп есептейміз. Сондықтан зерттеудің негізгі міндеттердің бірі – жүйелі зерттеудің ғылыми талдау тетіктерін жетілдіру және еліміздің дамуы мен халықаралық процестердің болашағын болжауды дамыту болып табылады.

  Посткеңестік республикалардағы саяси жүйелердің қалыптасу мәселесі саяси ғылымда жаңадан зерттеліп келе жатқан тақырыптардың бірі. Зерттеу аппаратының жетілмеуіне байланысты посткеңестік республикалардағы саяси жүйелердің қалыптасуы көп жағдайда оның элементтерін зерттеумен ғана шектеліп келеді. Бұл мәселедегі ең бір даулы нәрсе - саяси жүйе элементтерін анықтаудағы пікірталастар. Кейбір зерттеушілер саяси жүйенің элементі ретінде мемлекетті, кейбірі барлық саяси институттарды элемент ретінде қарастырады. Ал үшіншілері бұқаралық ақпарат құралдарын саяси жүйенің элементі ретінде зерттеуде. Сонымен бірге посткеңестік республикалардағы саяси жүйелерді зерттеу көп тұжырымдарға ұрынып, осы республикалардағы нақты саяси процеске талдау жасауға кері әсерін тигізуде. Осының барлығының басты себебі  - саяси жүйе ұғымына және оның құрамдас бөліктеріне байланысты ортақ пікірдің болмауының нәтижесі деп білеміз.

Қазіргі кезеңдегі саяси жүйе концепцияларында саяси институттарға ерекше мән берілген. Зерттеушілердің негізгі бөлігі саяси институттарды саяси жүйенің элементі ретінде қарастырады. Саяси институттарға байланысты ресейлік ғалымдар О.В. Гаман-Голутвинаның, В.Я. Гельманның, А.В. Кыневтың, А.И. Ковлердің, Ш. Әмірбековтың еңбектері пайдаланылды.

Саяси жүйе теориясының дамуына ресей ғалымдары да көп еңбек сіңіруде. Солардың қатарына А. Соловьевті, А. Гаджиевті, А. Шабровты, М.Гельманды, С. Голосовты, А. Автономовты, М. Грачевті жатқызуға болады. Қазақстанда алғаш саяси жүйе ұғымын Қазақстанның даму процесін талдауға пайдаланған М.C. Машан мен Р. Қадыржановтар болды. Қазіргі кезде Қазақстанда саяси жүйенің қалыптасуы мен дамуына байланысты маңызды зерттеулерге М. Машанның, Ә. Нысанбаевтың, Ж. Мырзалиннің, А.Төлеғұловтың екі томдық «Эволюция политической системы Казахстана» еңбегін жатқызуға болады. 

Посткеңестік кезеңде жүйенің элементтері ретінде ұсынылып отырған саяси партиялар мен мүдделі топтар туралы зерттеулер бірнеше есе көбейді. Солардың қатарына ресейлік ғалымдар С. П. Перегудов, Я. Ш. Паппэ, А. Ю.Зудин, О.В. Крыштановская, А.П. Любимов, Ю. Кургинян,  В. Краснов, В.Прибыловский, С. Заславский, В.Н. Титов, А. Салминдерді және т.б. атап өтуге болады. Осы мәселелерді зерттеуде қазақстандық зерттеушілер С.Сейдуманов, Д. Сатпаев, А. Дьяченко, Е. Бабақұмаров, Н. Абуева, Д.Әшімбаев елеулі үлес қосты.

Бюрократияны мүдделі топ ретінде ресейлік зерттеушілер М.Восленский мен  М. Н. Афанасьев арнайы қарастырды.

Саясат субъектілерінің саяси билікке ұмтылуында саяси институттардың, соның ішінде сайлау институтының ролі ерекше. Сондықтан жұмыста Н.Б. Яргомскаяның, Г.В. Голосовтың, А. Макаркиннің, Ф.Т. Алескеровтың, П. Ортешуктың зерттеулері пайдаланылды. Қазақстандағы сайлау институтының қалыптасуы мен дамуы, сайлау технологиялары Ш. Құрманбаеваның, Г. Насимованың, А. Сапиеваның, С.Байбековтың, Т. Исмағанбетовтың, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы Г.Ж. Ибраеваның еңбектерінде зерттелді.

Қазақстандағы трансформациялық процестер И. Тасмағамбетовтың,
М. Әшімбаевтың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылды.

Зерттеліп отырған тақырыптың мазмұнын ашуға, Қазақстанның саяси жүйесінің әр түрлі қырларын ашып көрсетуге Л. М. Иватованың, Л. А. Бай-делдиновтың, К. Н. Бурхановтың, Е. Ертісбаевтың, Ж. Қуанышевтың, Е.Алияровтың, К.Г. Ғабдуллинаның, А. Нұрмағамбетовтың, Р.Нұртазинаның, Ә. Шалтыковтың, М. Мұхамедовтың, С. Мұсатаевтың, Б. К. Сұлтановтың, М.Лаумулиннің, К.Л. Сыроежкиннің, С. Көшкімбаевтың, А. Балапанованың, А.Чеботаревтың  еңбектерінің маңызы ерекше.

Сонымен бірге Орта Азия мен Қазақстандағы саяси процестерді зерттеуге арналған батыс зерттеушілері Дэвид Лэтиннің,  М. Олкоттың,Ш.Акинердің еңбектері де саяси жүйе элементтерінің қалыптасуы мен дамуы туралы көп мәлімет береді.

Саяси институттарды ережелік және билікті жүзеге асырушы институттар деп екіге бөлеміз. Ережелік институттарға - халықтың саясатқа араласуына мүмкіндік беретін сайлау, референдум, плебисцит, сөз және ар-ұждан бостандығы, жалпыға ортақ сайлау құқы және азаматтық құқық, азаматтардың бірігу құқы сияқты институттарды жатқызамыз. Ал билікті жүзеге асырушы институттарға – Президент, Үкімет, Парламент, Жоғарғы Сот немесе Конституциялық Сотты жатқызуға болады. 

Міне осылай, саяси жүйенің басты элементтері – белсенді саясат субъектілері анықталған соң Алмондтың концепциясында тұжырымдалған «саяси жүйе элементтерінің қызметтері» категориясын пайдаланып, талдау жасауға болады. Сонымен бірге К. Дойчтың кибернетикалық-комуникациялық концепциясына сай жүйедегі ақпарат ағынына талдау жасай отырып, саяси жүйенің типологиясын жасауға болады.

Саяси жүйе дегеніміз - қоғамның бүгіні мен ертеңіне байланысты саяси шешім қабылдауға тікелей қатысатын саясат субъектілерінің жиынтығы. Оның құрамы саясат субъектілерінің саяси институттарды пайдалану үлесіне және қоғамның даму бағытын анықтаудағы роліне байланысты анықталады.

Қазақстанда Президент, Парламент институттарының қалыптасуы мен дамуына байланысты Ж. Жүнісованың,  Н. Қалиевтың, Ә. Бәкірдің, Б.Майлыбаевтың, заңгерлер С.Сартаев пен Ғ. Сапарғалиевтің еңбектерінде құнды мәліметтер бар. Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы, ондағы кедергілер мен қиыншылықтар осы аталған ғылыми еңбектерде жан-жақты қамтылған.

Қазақстанда президенттік институт КСРО-ның құлауынан біраз бұрын қалыптаса бастады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР-інің Конституциясына тиісті өзгерістер енгізу туралы Заң қабылдады. Заң мемлекеттік биліктің жоғары органдарының жүйесінде Президенттің мәртебесін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін белгіледі [1].

Бұл кезде Кеңестердің жаппай билігі сақталған еді. Жоғарғы Кеңес мемлекеттік өмірдің барлық мәселелерін шешуге ресімді құқығы бар жоғары мемлекеттік орган болып қалды. Қазақ КСР Тұңғыш Президентін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жасырын дауыс беру жолымен сайлады. Президент болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Президент көбінесе Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне тәуелді болды. Оның үстіне Қазақ КСР-нің Президенті егемен, тәуелсіз мемлекеттің басшысы болмады, өйткені Қазақ КСР-і Президентінің іс-қимылдары мен өкілеттіктері КСРО Жоғарғы Кеңесі мен КСРО Президентінің құзыретімен шектелді.

Қазақ КСР Президентінің мұндай жай-күйі КСРО таратылып, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанға дейін созылды. Алғашқы кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің толық билігі, өзінше бір парламенттік республика туралы айтуға болатын еді.

1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы бірінші рет бүкілхалықтық сайлауда ел президентін сайлады. Сайлаушылардың 88,2% келіп, 98,7% дауыспен Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетті. Қазақстан жалпыға бірдей сайлау барысында Тұңғыш Президентті сайлап, жоғары билікті ұйымдастыру мен оның іс-қимылының жаһандық тәжірибесін үйлесімді қабылдады. Біз оны өз қоғамымыздың ұлттық спецификасын, дәстүрлері мен ерек­ше­ліктерін ескере отырып жүзеге асыр­дық.

2012 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы ал­ғаш рет жаңа мемлекеттік мереке – Тұң­ғыш Президент Күнін атап өтті. ҚР Президенті-Елбасы осы оқиғаға байланысты жарияланған өзінің «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы  күні» деген мақаласында 1991 жылдың 1 жел­­тоқсанында біздің халқымыздың бү­кіл тарихында алғаш рет өткен жал­пыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы еліміздің тарихындағы маңызды белес екенін атай отырып, «Бұл оқиғаның тарихи мәні мен пат­риот­тық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды. Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын ай­қындаудағы өзінің егемен құқығын ал­ғаш рет жүзеге асырды» [2], - деп бағалады.

Ал, 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: «22 жыл бұрын біз Мәңгілік Ел болудың бірегей қадамын жасадық. Дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария еттік» [3]. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан Жолын бастадық.

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдан­ған­нан бергі кезең ішінде Қазақстан демо­кра­тия­лық саяси-құқық­тық жүйесі бар, эко­но­ми­касы тұрақты, халқы­ның әл-ауқаты жоға­ры, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөнін­дегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекетбасшысы болып сайланған Тұңғыш Президент –  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­шылығымен іске асты [4].

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап президенттік институт қалыптасуының екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңдегі басты нәрсе – Президент тәуелсіз мемлекеттің басшысына айналды. Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі принципінің орнықтырылуына байланысты Президент мемлекеттің Басшысы ғана емес, сонымен бірге республиканың атқарушы билігінің де Басшысы деп танылды [5, 98-б.].

ҚР-ның 1993 жылғы Конституциясы Президентті мемлекеттік биліктің атқарушы тармағына енгізді. Сөйтіп бірінші Конституция Президенттің мәртебесін әлсіретті. Оның есесіне Жоғарғы Кеңестің ұстанымдары мен өкілеттіктері күшейтілді. ҚР-ның Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз мемлекеттің бірден-бір заң шығарушы және өкілдікті органына айналды. ҚР Жоғарғы Кеңесінің құзыреті шын мәнінде шексіз болды. Демек, 1993 жылғы ҚР-ның Конституциясы күшті заң шығарушы билік ұстанымында тұрды. Мұндай жағдайда қандай да болсын күшті президенттік  билік туралы айту орынсыз болатын. Ол атқарушы билікке байланды. Сондықтан ҚР-ның 1993 жылғы Конституциясында Президенттің жоғары мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету құқығы туралы ережелер болған жоқ.

Президенттік басқару формасына қарай алғашқы елеулі қадамды ҚР-ның Жоғарғы Кеңесі 1993 жылғы желтоқсанда, Президентке заңдар қабылдау құқығы берілген кезде жасады. Президентке заң шығару өкілеттігін уақытша беру туралы заң қабылданған сәттен, ҚР-нда президенттік басқару формасының қалыптасу үрдісі басталды.

1993 жылғы Конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика болып саналды. Өкілеттігі аса мол Жоғарғы Совет президентке мемлекет басшысы ретінде толыққанды және тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Мұндай жағдайда елде демократиялық реформалар жүргізіп, нарықтық экономика құру мүмкін емес еді. Жоғарғы Совет президент Назарбаевтың саясатына қарсы тұрды. Осы саяси дағдарыс нәтижесінде 1995 жылы парламент таратылды.

Осыған байланысты Н.Ә. Назарбаевтың саясатын жүзеге асыру жолында арқа сүйейтін қандай да бір құқықтық негіз қажет болды. Сөйтіп, 1 наурызда Президент жарлығымен Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылып, ол Президент Н.  Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде 1995 жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл тұрғыда Назарбаев Қазақстан халықтарының ассамблеясы туралы өз жарлығына сүйенді.

1995 жылғы 30 тамызда респуб­ли­ка­лық референдумда қабылданған Қазақ­стан Рес­публикасының Конституциясы мемлеке­тіміз­дің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы болып табылады. 1995 жылғы Конституция Қазақстанды Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Мемлекеттің саяси жүйесі Конституцияда нақты көрініс тапқан. Саяси жүйенің негізгі тұғыры – президенттік басқару жүйесі Конституцияда алғаш рет заңдастырылған.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында, бұрынғысындай, Жоғарғы Кеңеске өте көп өкілдік берілді, бұл биліктің бөліну принципін жүзеге асыру мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып жіберді. Реформалардың одан әрі жүргізілуі республикалық билік органдарының, бірінші кезекте,  өкілді органдардың тиімсіздігін анықтады, өйткені олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болды. Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажеттігін дәлелдеді. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуына немесе оны ауыстыруға дейін баруына мүмкіндік берді, бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соқты[5]. 

1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау республикада көп партиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал ету мүмкіндігін алды.

1994-1995 жылдар кезеңі қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы төтенше маңызды кезең болып табылады. 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс істеген он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттар тұрақты негізде жұмыс істеген Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті болды.

Алайда он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тағдыры өте қиындау болып шықты. Ол өз қызметіне билік тармақтарын бөлу тетігі логикалық тұрғыдан аяқталуға дейін жеткізілмеген, биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік жүйесі нақты мазмұнмен толықтырылмаған, Жоғарғы Кеңестің, Президенттің және Үкіметтің мәртебесі аяғына дейін айқындалмаған мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі кезеңінде кіріскен еді. Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды, өйткені Конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды, депутаттарды сайлау соған сәйкес жүргізілген еді.

Тарихшы С.Смағұловтың зерттеулері президенттік институт пен парламент аралық билік мәселесіне арналады. Ол: "Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы  Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судыялардың мәртебесі туралы»  Конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді" - деп атап көрсеткен болатын. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың жоғары өкілді органы болып табылатыны бекітілген. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратыны заңмен бекітілді. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Осыдан кейін ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Констициялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы Парламентке депутаттарды сайлау 1995 жылдың соңында өткізілді.

Саясаттанушы ғалым Ш. Әмірбеков: "Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейінгі саясат субъектілерінің институционалдық таңдауы саяси жүйенің болашақ дамуына ерекше әсер ететіндігін көрсетті. Мысалы, 1993 жылы Ресейде Парламент пен Президент институтының басымдығы үшін басталған саясат субъектілерінің (элитааралық) күресі Президент институтының күшеюімен аяқталды. Бұл таңдау ұзақ уақыт Ресей Федерациясының саяси жүйесінің дамуына әсер ететіні сөзсіз. Кеңестер Одағының ыдырауы барысында пайда болған жаңа Президент, Халық депутаттарының съезі сияқты саяси институттардың пайда болу тарихы - олардың саясат субъектілерінің арасындағы жанжал мен күрес барысында пайда болатынын көрсетті[6]. Сондықтан саяси институттарды саяси акторлардың билікке таласының тәртіпке келтірілген және олардың билікке жетуіне мүмкіндік беретін ережелер мен билікті жүзеге асыратын ойын алаңдары деп есептеуге болады. Яғни, саяси акторларды футболистер деп есептесек, ал стадион ролін саяси институттар атқарады және ойыншылар бәріне ортақ, қабылданған  ойын ережесіне бағынуы тиіс"- деп атап көрсеткен болатын [7].  

Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды.  Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті [5, 95-б.].  

Қорыта келгенде,Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуы, дамуына байланысты мынадай  тұжырымдар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді:

§  өтпелі кезеңдегі күрделі саяси экономикалық және этносаралық жағдай Қазақстанда мықты Президенттік билікті қалыптастырды;

§  экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты кезең-кезеңімен саяси шешім қабылдау субъектілерінің шеңбері кеңеюде;

§  Қазақстанда саяси жағдайларға байланысты қалыптасқан мүдделі топтардың саяси шешім қабылдауға ықпалы өте күшті.

§  Ірі саяси партияларды қалыптастыру Қазақстандағы  демократияны және тұрақтылықты қамтамасыз етеді;

§  Қазақстандағы саяси жүйені дамытуға қазір тиімді халықаралық жағдай қалыптасып отыр және ол оның имиджіне елеулі әсер етеді

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Қазіргі Қазақстан тарихы: Хрестоматия /Б.Ғ.Аяғанның ред. – Алматы, 2010. 41-б.

2.  Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні // Егемен Қазақстан. - 2012. - 1 желтоқсан 

3.  Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы. ҚР-ның Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі. 14.12.2013. // Ақиқат.   - 2014. - №1. - 5-б.

4.  Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясы.  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулысы //  Егемен Қазақстан. - 2011. -  12 желтоқсан. 

5.  Қазақстанның қазіргі заман тарихы. - Алматы, 2018. - 95-100-бб.

6.   Амирбеков Ш. Основные факторы, влияющие на становление политической системы // Современный Казахстан как политическая реальность: материалы международной научно-практической конференции. - Алматы, 2001 . -  С. 210-212.

7.  Амирбеков Ш. Становление новой политической системы Казахстана // Инициативы РПП «Отан» в контексте стратегии Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева “Казахстан-2030”: материалы научно-практической конференции. - Алматы, 2004. - С. 37- 41.

Дүйсебай Асмарал

Становление и развитие новых политических систем в постсоветской республике

В статье автор показывают позиции исследователей касательно историографии проблемы, вопросы становление и развитие новых политических систем в Республике Казахстан. Обозначены  основные темы публикации средств массовой информации: мнения общественности, вызывавшие дискуссии и разногласия, произведения мировыхи  национальных деятелей, исследования ученых по проблеме политической системы РК и перспективах политического развития Казахстана.

Ключевые слова: политика, политическая система, анализ, метод, структура, историография.

Annotation:

Dysebay Asmaral

<b>Formation and development of new political systems in the post-Soviet republic</b>
In the article author shows the positions of researchers regarding the historiography of the problem, the issues of the formation and development of new political systems in the Republic of Kazakhstan. The main topics of the publication of mass media are identified: public opinions that provoked discussions and disagreements, works of world and national figures, researches of scientists on the problem of the political system of the Republic of Kazakhstan and prospects for political development of Kazakhstan.
<b>Keywords:</b> politics, political system, analysis, method, structure, historiography.


No comments

To leave comment you must enter or register