Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574). 02/.08 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС АЛДЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙ

ЖЕТПІСБАЙ Н.Ы. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің докторанты

ӘОЖ 94 (574). 02/.08 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС АЛДЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(15), 2018

Тегтер: әлеуметтік-саяси дағдарыс, Батыс Қазақстан., Арынғазы сұлтан, Жоламан Тіленшіұлы, ұлт-азаттық көтеріліс
Автор:
Мақалада 1822 ж. басталған Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің алғышарттары мен түпкі себептері баяндалады. ХІХ ғ. алғашқы онжылдықтарында Батыс Қазақстанда қалыптасқан жағдайлар мен олардың пайда болу салдарлары сипатталады. Сол заманның сырт көрінісі, әлеуметтік-саяси дағдарыстар қысқаша аталып өтіледі. ХІХ ғ. алғашқы ширегі Отан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылды. Осы кезеңде үкімет тарапынан әбден әлсіретілген хандық билік таратылды, қазақ даласы отарлаудың жаңа сатысына өткізілді. Түйін сөздер: ұлт-азаттық көтеріліс, Жоламан Тіленшіұлы, Арынғазы сұлтан, әлеуметтік-саяси дағдарыс, Батыс Қазақстан.
Мазмұны:

Тарихтағы кез келген оқиғалардың өз алғышарттары мен себептері болатындығы белгілі. Орын алған әрбір қоғамдық-саяси жайттардың немесе шағын оқиғалардың артында олардың шығуына түрткі болған себептердің тұратындығы анық. Жағдайлар шиеленіскен, ушыққан және шектен шыққан кездерде олардың салдары мен нәтижелері де асқын қысыммен тулаған толқындардай атқылап жарыққа шығатын. Қазақ даласында болып өткен ұлт-азаттық көтерілістер мен қарсылықтардың көпшілігі әртүрлі себептер салдарынан «бұрқ етіп», әр деңгейде тарихтағы өз орындары мен бағаларын алды. Олардың көпшілігінің сыртқы сипаттары, барысы мен нәтижелері ұқсас болып келеді.

1822 ж. Батыс Қазақстанда басталған Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басталуы кеңестік дәуірде көп қолданылған «бұрқ етті» деген теңеуге келмейтін. Тікелей басталуына Елек өзенінің бойындағы қазақ жерлерінің тартып алынуы себеп болса да бұл күрестің түпкі тамырлары одан да тереңге кететін. Үзілістерімен ұзақ жылдарға созылған бұл науқанның алғышарттары XVIII ғ. аяғынан бері жалғасып келген Кіші жүздегі аса ірі әлеуметтік-саяси дағдарыстардан бастау алатын. Елек пен Жайық аралығының тартып алынуы мен Арынғазы сұлтанның елге қайтарылмауы сол әбден ушығып әрі асқынып тұрған жағдайдың үстіне от қойғандай ғана әсер етті. Мұндай жайттар болмағанның өзінде жергілікті қауымдардың әлсіз хан билігі мен жергілікті орыс-казак өкіметінің үстемдігіне, жалпы жаппай белең алған тәртіпсіздіктерге наразылықтары өршіп тұрған болатын. Осы жағдайларға қысқаша тоқталып өтсек.

ХІХ ғ. алғашқы онжылдықтарында Батыс Қазақстанда аса ауыр әлеуметтік-саяси жағдай қалыптасты.Рулар арасында өзара келіспеушіліктер мен барымталар көбейіп, нәтижесінде дау-дамайлар өрши түсті. Қазақтың батыс өңірлері әдетте қай кезде де тыныш аумақтар қатарына жатпайтын. Басқа аймақтарға қарағанда әртүрлі соғыстар мен шапқыншылықтардан көз ашпаған өңір халқы алдыңғы ғасырларда көршілес халықтармен үнемі соғысып келген еді. ХІХ ғасырдың басында, көрші халықтармен ірі жанжалдар әлдеқашан тоқтаған тұста өңірді мекендеген қазақ қауымдары бұрынғыдан да бетер қысымдарға душар болды. Отарлаушы әкімшілік пен оның қолшоқпарларына айналған хандар ел тыныштығына кепіл бола алған жоқ, керісіншеоларға қарсы халықтың қарсылығы өрши түсті.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірінші кезекте сыртқы факторлар да әсер етті, аталмыш дәуірде Ресей империясы қазақ даласына қатысты отарлау шараларын жалғастырып, ол жедел қарқынға ие болды. XVIII ғ. 30-40 жж. қазақтардан өз құрамына ену туралы сөз жүзінде ғана ант қабылдаған империя сол ғасырдың аяғы мен келесі ғасырдың басына қарай отарлауды жедел қарқынмен жүргізе бастады. Ресей патшалығы онсыз да саяси бытыраңқы Кіші жүздегі хандық басқаруға белсенді араласып, мықты билеушілерді билікке жібермеді, осы арқылы жоспарлы түрде хандық биліктің әлсіреуіне бейімдеді. Әлсіз әрі жігерсізқуыршақ хандардың билікке қойылуы Кіші жүзде аса ауқымды саяси дағдарыстарға әкеліп соқты. Үкімет бекіткен хандар әдетте ел ішінде ықпалсыз болып, толыққанды билік жүргізе алмады, нәтижесінде жергілікті билік барынша әлісреп, құлдырауға ұшырады. Отарлық қысымның күшеюі мен орыс үкіметіне ғана арқа сүйеген әлсіз қуыршақ хандардың билігіне қазақ қауымдары арасында наразылық күшейді. Ел ішінде өзара алауыздықтар, барымталар мен қақтығыстар көбейді. Әкімшілік қолшоқпарларына айналған хандар ел тыныштығына кепіл бола алған жоқ. Осының салдарынан анархия сипаттары да көрініс беріп, үкіметтік хандардың әрекетсіздігінен ел ішінде жаппай тәртіпсіздіктер мен руаралық қақтығыстар белең алды.

Әсіресе, ХІХ ғ. алғашқы онжылдығында Кіші жүзді қартаюына байланысты ел басқаруға қауқарсыз болған Айшуақ пен оның үлкен ұлы Жантөре басқарған жылдар халық үшін қым-қиғаш оқиғаларға толы, аса ауыр, аласапыран заман болған. Күшті биліктің жоқтығынан, басқа да себептерден ел ішіндегі ауызбіршіліктің кеткендігі сондай, қақтығыстар салдарынан рулардың бірін-бірі қоныстарынан ығыстыруы көрініс берген. Талас-тартыстардан, жұттардан ел іші үлкен күйзелістерге ұшырап, жаппай дағдарыс кезінде аштық пен күйзелуден қашқан көптеген қазақ отбасылары башқұрт жеріне өте бастаған. Бұдан да сорақысы, алауыздық пен аштықтан жұтаған талай қазақтар шекараға келіп өз балаларын шеп тұрғындарына сатуға мәжбүр болған, талай адамдар өз еріктерімен ресейліктерге жалданған. Көптеген ер-азаматтар өз еріктерімен христиан дінін қабылдап, казак қатарына өтуге ниет білдірген. Басқа дінге өтушілер арасында әйелдер де аз болмаған.

Халықтың наразылығынан қауіптенген хандар орыс шекара әкімшілігіне ғана арқа сүйеген. Осыны пайдаланған шеп бойындағы казак әскерлері өз еріктерімен шекараға жақын қазақ ауылдарына әртүрлі зорлық-зомбылық жасаған, олардың малдарын Жайықтан өткізбеген, орынсыз ауыр алым-салықтар салып, елді одан бетер ашындырған. Ашу-ызаға булыққан әрі басқарудан кеткен халық жаппай анархияға бой алдырған, дала төсінде жекелеген батырлардың басқаруымен көптеген қарулы топтар жортып жүрген. Олар тек өз қандастарын ғана емес, Ресейге бет алған немесе одан шыққан сауда керуендерін де шабумен айналысқан. Нәтижесінде Хиуа мен Бұқарадан Орынборға және керісінше аталған хандықтарға шығарылған талай керуендер тоналып, Ресей мен ортаазиялық мемлекеттер арасындағы сауда-саттық та үлкен тоқырауға ұшыраған.

Кіші жүзде болып жатқан жағдайлар мен қазақтардың сауда керуендерін тонап жатқандығына император І Александр да назар аударған. Бір атап өтерлігі, император жаппай дүрбелеңнің себебін «бұл халықтың тонаушылыққа бейімділігінен» ғана емес, «өз жеке мүдделері мен марапаттарға ие болу үшін қазақтарға ешқандай себепсіз өз әскерімен тиісетін» шекара басшылығынан да кінә бар деп табады. Өзінің Орынбор губернаторы князь Волконскийге 1803 ж. 16 қыркүйекте берген айрықша инструкциясында ол даланың сауатсыз халықтарымен қарым-қатынаста «әділдіктің, мейірбандылық және қарапайымдылықтың» үлкен әсер ететінін атап, оларға қарсы әскери күш қолдануға қатаң тыйым салған [1, с. 239; 2, с. 20].

Кіші жүз ханы жанында 1795 ж. Хан кеңесі құрылған болатын. 1806 ж. 31 мамырында император осы кеңестің штаты мен ережесін бекітіп, қазақ дау-дамайларының бүкілхалықтық қаралуы міндетті түрде әрбір көктем сайын Қобда өзенінің бойында өтуі тиіс деп белгілегенімен, ел ішіндегі қақтығыстарды тыюға тиіс болған бұл құрылтайлар да толық өткізілмеген. 1807-1809 жж. аралығында құрылтайлар үш рет шақырылғанымен, үшеуінде де өткізілмей қалған. Мұның себебі, бір жиынға Жетіру өкілдері келмесе, басқаларында жер қашықтығын желеу еткен Әлімұлы билері немесе Байұлы одағы да келмей қалып отырған. Осы бірлестіктер арасында билеушілерінен жұққан өзара дұшпандық әсері де бар болатын. Әсіресе, Жетіру мен Әлімұлы, Байұлы рулары арасында шешілмеген даулар өте көп болған, олар шешілу орнына одан сайын ушықтырыла берген. Мұның себебі, саяси жағынан да Кіші жүз рулары өте бытыраңқы еді, кезінде Айшуақты жақтаған жетірулықтар әлі де Жантөрені қолдаса, Байұлы рулары даладағы мықты сұлтандардың бірі Қаратай Нұралыұлын жақтаған, Әлімұлының кей тармақтары Қайыптың ұлы Әбілғазыны хан сайлаған. Жекелеген рулардың мықты билері мен батырлары ешқандай да билікті мойындамай еркін өмір сүрген. Рулық бірлестіктер арасындағы қарым-қатынас салдарынан шепке жақын орналасқан жетірулықтар Орынборға бет алған басқа рулардың керуендеріне шабуыл жасап отырған. Осыған байланысты сауда керуендері бұл жолмен жүруден бас тартып, нәтижесінде Орынбордағы айырбас сауда тоқырауға ұшыраған.

Кіші жүз бен оған шектес Орта жүздің Тобыл мен Торғай аумақтарындағы әлеуметтік-саяси жағдайларды реттеумен 1799 жылы құрылған Орынбор Шекара комиссиясы айналысты. Оған қазақтар арасынан беделді деген екі адам заседатель (қатысушы) ретінде қатысатын. Кіші жүзде 1787 ж. құрылған расправалар 1804 ж. жойылған болатын.

Кіші жүзде орын алған жаппай анархияның шешуші нәтижелерінің бірі 1809 ж. қараша айының басында орын алып, хандық билік үшін күрескен Қаратай сұлтанның өз туысы Жантөре ханды өлтіргені белгілі. Осыдан соң хан болудан үміттенген ол үкімет бекіткен ханды өлтірсе де орыс үкіметіне антынан айнымағанын жазған болатын. Алайда, Ресей үкіметі Қаратайды хандыққа жібермейді, ол керісінше үкімет пен марқұм ханның туыстарының жазалау шараларынан қауіптеніп Хиуаға бірнеше жылға кетуге мәжбүр болған.

Жантөре өлген соң Кіші жүзде бірнеше жыл хан сайланбай, билік Хан кеңесіне тапсырылады. Бұл кеңес құрылғаннан бері далада мардымды билік жүргізе алмаған еді. Сол себепті губернатор Волконский 1812 ж. Айшуақтың екінші ұлы Шерғазыны хандыққа ұсынуға мәжбүр болады. Патша үкіметі әдеттегідей ел басқаруға қабілеті шамалы осы сұлтанды хан ретінде бекітеді.

Шерғазы хан да өз алдындағы билеушілер сияқты ел ішіндегі дау-дамайларды, барымталарды тоқтата алмайды. Қайта оралған Қаратайдың жақтастары мен көптеген ру бөлімдері оның билігін мойындамайды. Шерғазы кейіннен керісінше орыс үкіметіне арқа сүйеп өзіне қарсы ауыл-аймақтарға қиянат жасай бастайды, ел арасында өршіп тұрған жағдайды одан әрі ушықтырады. Архив құжаттарында ел ішінде болған бірнеше барымталар мен шапқыншылықтар туралы деректер кездеседі. Табын-Тама рулары Шөмекей руынан, башқұрттардың 9-кантонынан аса ірі мөлшерлерде жылқылар әкеткен. Шерғазы ханның оларды қайтартуға шамасы келмейді. Бұлардан бөлек, Қаратай мен оны қолдаған ауыл-аймақтарға қарсы үкімет әскері де шығарылған болатын, бұл оқиғаларға тоқталуды жөн көрмедік. Ол оқиғалар жергілікті өңір тарихы жайындағы еңбекте сипатталады.

Ұзақ жылдарға созылған дүрбелеңнен халық әбден қажиды, толассыз барымталар мен шапқыншылықтардан қатты күйзеледі. Сол жылдар ішінде қақтығыстар салдарынан кісі өлімдері де өте көп болады. Мұның барлығы ескі даулармен қатар жаңа жанжалдардың шығуына әкеп соғатын. Үкімет қойған хандардан күдер үзген әрі бейбіт өмірді аңсаған ел-жұрт өздерін ауызбіршілікке шақырар әділ билеушіге мұқтаж болады. Осы кезде, шамамен 1815-1816 жж. бастап бүкіл Кіші жүз өңіріне әділдігімен аты шыққан Әбілғазыұлы Арынғазы сұлтанның атағы дүрілдей бастайды.

Арынғазы Әбілғазыұлы (1783-1833)  ХІХ ғ. 20-жылдары қазақ хандықтарының жойылуы қарсаңында қайраткерлік еткен ең мықты билеушілердің бірі болып табылды. Өзінің саяси қызметін Хиуаның езгісіне қарсы күрестен бастаған ол бытыраңқылықты жою үшін қазақ даласында тәртіп орнатуға кіріскен еді. Хиуа жақта берік мұсылман дәстүрінде тәрбиленген және шариғаттың жақтаушысы болған сұлтан даладағы анархияны тоқтатып, бір орталықтан басқарылатын біртұтас мемлекет құруға талпыныс жасайды. Сол жылдары Сыр бойына көп қысым көрсеткен Хиуаға қарсы күресуді ойлаған ол, бұл мақсатта Ресейдің араласуынсыз бытыраңқы қазақ руларымен оң нәтижеге жете алмайтынын түсінеді. Осы орайда Орынбор басшылығымен жақындаса отырып, өз кезегінде далада да тәртіп орнатуға кіріседі. Атап айтқанда, ғасырлар бойы ханмен бірге ел билеуге араласып келген билердің билігін шектейді. Қазақтың бұрыннан қолданып келген әдеттік ережелерінің орнына шариғат заңдарын енгізіп, соттарды билер сотының орнына қазы-молдалар жүргізетін болады. Қол астындағы халқына зекет, үшір сияқты салықтар салады. Сұлтан бірқатар реформаларын іске асырады, соның ішінде ел арасындағы іріткі салушылармен, әсіресе барымташылармен күресіп, оларға қарсы аяусыз өлім жазасына дейін қолданады. Бұрын мұндай жаза билер кеңесінің үкімінсіз қолданылмайтын. Ел басқару, сот істеріне де біраз өзгерістер енгізеді, халықты өз соңынан ерте біледі. Нәтижесінде, ел ішінде тыныштық пен тәртіп орнап, Арынғазының атақ-даңқы бүкіл Кіші жүз бен Орта жүзге де тарайды. Сұлтанның ел басқаруына риза болған халық бірауыздан оның хан болуын тілейді. Оның беделімен оған дейін Кіші жүзде бетіне ешкім қарсы келіп көрмеген Қаратайдың да санасуына тура келеді.

ХІХ ғ. алғашқы онжылдықтарында аса күрделі болған Батыс Қазақстандағы әлеуметтік-саяси жағдайды қысқаша шолуда біз тақырыпқа сай еместіктен Арынғазы мен Қаратайдың бірігіп Шерғазымен жүргізген келіссөздеріне, басқа да ірі оқиғаларға тоқталмаймыз. Тек Арынғазының еңбегі арқасында қазақ даласында тыныштық орнап қана қоймай, тоқтап қалған сауда-саттықтың да қайта жанданғанын, бұдан Ресей тарапы да үлкен пайда көргенін атап кетуге болады. Арынғазының керуендерді қорғауды өз мойнына алғанын естіген Хиуа мен Бұқара саудагерлері 1818 ж. өзінде ғана Орынборға тауар тиелген 7600-ге жуық түйе әкелген. 1816 ж. Орынбор айырбас үйінде қазақтардан 15 мыңдай қой сатып алынса, 1817 ж. 30 мыңнан астам қой алынған, ал 1818 ж. бұл көрсеткіш 75 мыңға жеткен. Осы себепті халық тілегіне сай әрі беделін есепке ала отырып Орынбор губернаторы Эссен Арынғазыны Шерғазының орнына хан қоюды да ойлай бастайды. Сол кезеңнен бастап Кіші жүздің үш одағының сұлтандары, билері мен батырлары Арынғазыны Шерғазының орнына хан сайлау жөнінде өз өтініштерін үкімет орындарына қарша боратады. Мұндай хаттарға бұрын сөз жүзінде болса да Шерғазы жағында саналған Жетіру өкілдері де қосылады. 1819 ж. шілде айының соңында Орынборға айырбас саудасына келген Кіші жүздің игі жақсылары, барлығы 400-ге жуық адам губернатор Эссенге тағы да Арынғазыны хандыққа бекіту туралы өтініш-петиция тапсырады. Өтінішке Жоламан мен Шекара Комиссиясына қазақтардан қатысушы би Тілеулі Бәйтерекұлы бастаған Жетіру өкілдері де жеке тізіммен қосылады.

Халықтың тілегі бойынша Эссен Шерғазының орнына Арынғазыны бекіту туралы император І Александрға рапорт жолдайды. Алайда, патша үкіметі оны хан сайлауға асыға қоймайды. Билік тарапынан Арынғазы Петербургке шақыртылады. 1821 ж. ол Ресей астанасына аттанады. Сыртқы Істер министрлігінің чиновниктері Негри мен барон Мейендорф патша сарайына оны ордада тәртіп орнатқан мықты билеуші ретінде таныстырғанымен ондағылар сұлтанның қазақ даласындағы асқан беделінен қауіптенген тәрізді.

Ресей билігіне Арынғазының Хиуамен дұшпандығы ұнамайды. 1820 ж. Бұхараға Негри бастаған елшілік жіберілгенде Арынғазы оны ертіп жүруге тілек білдірген болатын. Осы елшіліктің әскери күшін өз мақсатына пайдаланып ол хиуалықтардан кек алған болатын, бірақ оның бұл әрекетін ортаазиялық хандықтармен байланыс жасауға ұмтылған патша үкіметі құптамаған еді. Сондықтан да олармен қарым-қатынасты бұзбау үшін деген ресми желеумен Арынғазының ордаға қайтуы қауіпті деп табылып Петербургте қалдырылады. Сұлтанның қайта оралмауына байланысты қазақ даласында қайтадан тәртіпсіздіктер орын алады. Осының бәріне Арынғазыны кінәлі деп тапқан император 1823 ж. оны Калуга қаласына жер аударуға шешім шығарады. Оның қолдаушысы болған Орынбор губернаторы П. Эссен сұлтанды босату туралы бірнеше рет ұсыныс жасаса да, әртүрлі сылтаулармен оны босату кейінге қалдырылады.

Арынғазының елге жіберілмеуінің басқа да себептері болғаны сөзсіз. Ресей үкіметінің оны тек Хиуа хандығымен қарым-қатынастарын бұзбас үшін ғана алып қалмағаны белгілі. Патшалық империя Арынғазының қазақ даласындағы асқан беделінен қауіптенді, бұл күмән туғызбайды. Ол саяси жағынан бытырап жүрген қазақ қауымдарын бір күшке біріктіре алатын. Ондай адам орталық билікке қажет болған жоқ, оларды керісінше бұрынғыдай қуыршақ билеушілер толық қанағаттандыратын. Өзара қырқыстар мен талас-тартыстарда жатқан қауымдар жоғарғы үкіметке үнемі тәуелді бола түсетін. Отарлаушы билік мұны жақсы білді.

Патша үкіметі қаншалықты құпия ұстауға тырысқанымен Арынғазының шынайы ұсталуы туралы кейбір құжаттар да ұшырасып қалады. Мысалы, император І Александрдыңгубернатор Эссен атына 1821 жылы 7 желтоқсанда берген арнайы жарлығы бойынша 1800 ж. бастап ұзақ жылдар Орынбор Шекара комиссиясында қазақтардан заседатель болып келген би, коллегиялық ассесор Байазық Күшікбайұлы өзінің қатысуымен өткізілген мәжілісте шұғыл түрде орнынан алынады. Ол барлық қызметтерден мәңгіге аласталып, қазақ даласына қайтуы да қауіпті деп табылып, қатаң бақылаумен Орынборда не орыс шебінде өмір бойына қалдырылуға шешім қабылданады. Бұл оның орыс қызметінде болса да Арынғазы сұлтанды жақтауы және Шерғазы ханға ашық қарсылық танытуы себептерінен орын алған. Императордың осы жарлығы Шерғазы ханның ордадағы «салмағы мен күшін қолдап отыру» жөніндегі баптардан басталған [3, 435-438 пп.]. 1822 ж. күзінде Комиссия Байазық Күшікбайұлын Арынғазы сұлтанның ауылына, оның жұбайына сұлтанның келе жатқандығы туралы хабаршылар жіберді деп айыптап, үстінен іс қозғайды [4, 150-п.]. Сонымен бірге Арынғазының елдегі жұбайы Жақсы ханымның Орынборда бақылаудағы Байазықпен және көтеріліс сардарлары Жаналы, Бүркітбай батырлармен астыртын хат алысып жүргені де белгілі болады. Аталған Байазық би 1810-1815 жж. аралығында Жантөре ханның өліміне қатысты ретінде де айыпталып, тергеуде болған болатын. 1811 ж. оны Иркутск губерниясына жер аудару туралы да шешім шығарылған. 1812-1815 жж. осы іс бойынша ол Санкт-Петербургте болған. Бірақ ақталып, соңғы айыптауға дейін Шекара комиссиясында қызметін жалғастырған. 1822 ж. желтоқсанның соңында губернатор Байазық бидің жүріс-тұрысы мен байланыстарын қатаң қадағалау туралы Комиссияға, қалалық полицмейстерге құпия жарлық берген [5, 18-19 пп.]. Байазық Табын руының Әшібек бөлімінен өрбіген; Хан кеңесі мүшелерінің бірі болған белгілі батыр және би Күшікбай Қарақұлұлының баласы болып табылған. Оның шұғыл түрде орнынан алынуы, Ресей билігінің дәлелді не дәлелсіз болсын, Арынғазы сұлтанның ел ішіндегі жақтастарының болуынан қатты қауіптенгенін көрсетеді. Жарлықтың арнайы император тарапынан шығарылуы осыны растай түседі. 

Кейіннен, 1826 ж. Ресей Сыртқы Істер министрі граф К.В. Нессельроде губернатор Эссенге жолдаған қатынасында Арынғазының елге қайтарылуы мәселесінде: «...Арунгазы смел, властолюбив и щедр; а потому может быть успеет, вселяя любовь к себе или вверяя страх, соделаться единственным властелином в Орде, и тогда не он будет следовать нашим направлениям; но мы должны будем стараться удовлетворять его требованиям...», – деп  жазады [6, 117-п.]. Ресей үкіметі Арынғазыны Хиуа хандығына қатысты қарым-қатынастарды нақты шешіп алған жағдайда ғана пайдалануды көздеген. Бұл жөнінде де деректерде қылаң береді.

Әділін айту қажет, Арынғазыны тікелей білген көптеген орыс чиновниктері, Макшеев, Мейер сияқты көптеген белгілі әскери зерттеушілер оны сол кезеңде ел ішінде адалдығымен әрі әділдігімен ерекшеленген жалғыз дерлік билеуші болғанын бірауыздан атап, оның үкіметтің шешімімен ел билеуге жіберілмей пайдасыз кеткеніне шын жүректен өкініштерін білдірген болатын. Біз үшін елдің өз қалаған адамдарын өздері сайлау құқынан айырылғаны өкінішті. Мысалы, 1822 ж. шілде айының соңында Кіші жүздің көптеген билері мен старшындары, барлығы 180 адам, аталған Сыртқы Істер министрі Нессельродеге хат жазып, онда Арынғазының алты жыл бойы аянбай тер төгіп, сахарада әділдік пен тыныштық орнатқанын, енді ол болмаған бір жылда ел іші қайтадан бүлінгенін атаған. Бұл хатта билер өз сүйікті сұлтандарының кінәсіздігі «күннен де ақ» деп көрсеткен болатын. Ресей Бас штабының офицері Л. Мейер Арынғазы туралы: «...единственный, истинный патриот из числа киргизских султанов. Он был в высшей степени честный человек...», – деп жазды [7, с. 40]. 

Империя құрамындағы халықтың өз шептеріне шабуыл жасамай татулықта болуына үкімет орындары өте мүдделі еді. Дегенмен, олар елді біріктіруге қабілетті тұлғаның билікке жіберілуін қауіпті деп тапты, өзара қырқысып жатқан елді отарлап алу жеңілге түсетін. Алайда, үкімет орындары бұл тұрғыдан қателескен еді, оларды алда үлкен қарсылық күтіп тұрды. Шерғазы ханның билігін қолдан күшейту әрекеттері еш нәтиже бермеді, керісінше оның беделі көпшілік қауымдар алдында жоққа тән еді. Шерғазының ордасы орыс шебінің іргесінде орналасып, тек сол орыс билігінің күшімен ғана билеуші атын сақтап тұра алды. Мұның үстіне ол өзінің кейбір адамдары арқылы ел ішінде бірқатар шапқыншылықтар жасатып та отырды.

Осылайша, аталған кезеңде ел басқаруға бірден-бір қабілетті халық қалауынан шыққан адамның билікке жіберілмеуі, тіпті оның елге қайтарылмауы Кіші жүз халқының заңды наразылығын туғызды, Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістің де негізгі себептерінің бірі осы болып табылды. Жоламан мен оның жақтастары Арынғазыны елге қайтаруды талап ету арқылы қазақ даласындағы тұрақтылық пен бейбіт өмір үшін, қазақ халқының ауызбіршілігі үшін күресті. Қалаған әміршілері жіберілмегеніне наразылықтар өршіп тұрған кезде патша үкіметі шеп бойындағы қазақ жерлерін ашықтан-ашық тартып ала бастаған болатын. Осындай әділетсіз шараларға шыдамаған халық өз заңды билеушілері мен өз жерлерін алып қойған үкіметке қарсы соғысқа даярланды. Бұл азаттық үшін, елдік пен біртұтастық үшін болған соғыс еді.

Қорыта келгенде, ХІХ ғ. алғашқы ширегіндегі оқиғалардан патша үкіметінің араласуымен Кіші жүздегі хандық биліктің дағдарысқа ұшырағаны айқын байқалды. Батыл билеушіден гөрі, сырттан басқаруға оңай қуыршақ хандардың болуын қалаған Ресей әкімшілігінің де шынайы ниеті аңғарылды. Аталған ғасырдың алғашқы 20-25 жылындағы оқиғалар тарихтағы маңызды кезеңдердің бірінен саналады, сипатталған тартыстар Кіші жүздегі хандық биліктің жойылуына алып келді. Бұл әрине отарлаушы үкіметтің алдын-ала ойластырылған кезекті маңызды қадамы болатын.

Деректер мен әдебиеттер:

1.  Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк. – Тверь: Типо-литография Н.М. Родионова, 1902. ­– 524 с.

2.  Рязанов А.Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость Казакского народа (1797-1838). – Кзыл-Орда: Изд. общества изучения Казакстана, 1926. – 298 с.

3.  ҚР ОМА. 4-қор. 1-т., 18-іс.

4.  ҚР ОМА. 4-қор. 1-т., 19-іс.

5.  ҚР ОМА, 4-қор. 1-т., 259-іс.

6.  РМТА. 1291-қор. 81-т., 92a-іс // ҚР ОМА. 2300-қор, 13-т., 13-іс.

7.  Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. Часть І. Киргизская степь Оренбургского ведомства. Сост. Л. Мейер. – СПб.: 1865. – 464 с.

References:

1.  Dobrosmyslov A.I. Turgajskaja oblast. Istoricheskij ocherk. – Tver: Tipo-lit. N.M. Rodionova, 1902. – 524 s.

2.  Rjazanov A.F. Sorok let borby za nacionalnuju nezavisimost Kazakskogo naroda (1797-1838). – Kzyl-Orda: Izd. obshhestva izuch. Kazahstana, 1926. – 298 s.

3.  KR OMA. 4-kor, 1-t., 18-іs.

4.  KR OMA. 4-kor, 1-t., 19-іs.

5.  KR OMA. 4-kor, 1-t., 259-іs.

6.  RMTA. 1291-kor, 81-t., 92а-іs // KR OMA. 2300-kor, 13-t., 13-іs.

7.  Materialy dlja geografii i statistiki Rossii, sobrannye oficerami generalnogo shtaba. Chast І. Kirgizskaja step Orenburgskogo vedomstva. Sost. L. Mejer. – SPb, 1868. – 464 s.

ЖЕТПИСБАЙ Н.Ы.

Докторант Евразийского Национального университета имени Л.Н. Гумилева,

Астана, Казахстан

СОЦИАЛЬНО-ПОЛИТИЧЕСКАЯ СИТУАЦИЯ В МЛАДШЕМ ЖУЗЕ НАКАНУНЕ ВОССТАНИЯ ЖОЛАМАНА ТЛЕНШИУЛЫ

Резюме

В статье приводятся предпосылки и основные причины национально-освободительного восстания под руководством Жоламана Тленшиулы начавшегося в 1822 году. Описываются обстоятельства, сложившиеся в первых десятилетиях ХІХ в. в Западном Казахстане и причины их возникновения. Вкратце передается общая картина тех времен, социально-политический кризис. Первая четверть ХІХ в. является одной из важных периодов в истории Отечества. В данный период была ликвидирована ослабленнаяцарской администрацией ханская власть, колонизация казахских степей перешла на следующую ступень колонизации.

Ключевые слова: национально-освободительное восстание, Жоламан Тленшиулы, султан Арынгазы, социально-политический кризис, Западный Казахстан.

ZHETPISBAY N.Y.

PhD student of the L.N. Gumilyov

Eurasian National University

Astana, Kazakhstan

SOCIO-POLITICAL SITUATION IN THEYOUNGER ZHUZ

ON THE EVE OF THE UPRISING OF ZHOLAMAN TLENSHIULY

Summary

The article describes the prerequisites and the main reasons for the national liberation uprising led by Zholaman Tlenshyuly, which began in 1822. The circumstances that developed in the first decades of the XIXth century in Western Kazakhstan and their causes are described. In short, the general picture of those times, social and political crises are shown. The first quarter of the XIXth century is one of the important periods in the history of the Fatherland. In this period, the khanate power weakened by the tsarist administration was cancelled, and  the Kazakh steppes were involved in a new stage of colonization.
Keywords:national liberation rebellion, Zholaman Tlenshiuly, sultan Aryngazy, socio-political crisis, Western Kazakhstan.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз