Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы.

Шахидулла Д.М. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің магистранты w_datbek94@mail.ru Мұхажанова Т.Н. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің т.ғ.к., аға оқытушы tolkyn_3010@mai

ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы.

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(11), 2017

Тегтер: тамырластық., Тарихи, Қазақстан, Түркия, Мәдени, байланыстар, Жаңғыру, орнату, Қайта
Автор:
Кеңес Одағы тараған соң Қазақстан Республикасы сырт мемлекеттермен әр түрлі салаларда байланыстар орнатты. Соның ішінде Қазақстан Түркиямен кеңестік кезеңде үзіліп қалған мәдени саладағы байланыстарды жаңартуға көшті. Қазақ халқы түрік халқымен тарихы мен мәдениеті тамырлас болғандықтан, уақыттың өзі бұл саланың қайта жаңғыру қажеттігін көрсетіп берді. Сондықтан, екі мемлекет екі халық арасындағы ескірген мәдени қатынастарды қайта жаңғыртуға баса назар аударды. Мақала, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік халықтары арасында мәдени байланыстардың жаңаруын көрсетуге арналады. Екі халық үшін ортақ болған рухани мәдениетті жаңғыртуға арналған іс-шаралар мен атқарылған жұмыстарға және олардың нәтижелеріне ғылыми талдау жасау мақаланың негізгі міндеті болып саналады. Сонымен қатар, екі халықты жақындастырудың басты құралы болып табылатын мәдени байланыстардың жаңадан орнауы мен осы саладағы процестердің жүзеге асырылуы туралы тұжырымдар жасалады.
Мазмұны:

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген соң, отарлық және кеңестік кезеңдерде бұрмалауға ұшыраған қазақ халқының ұлттық тарихи санасын қалпына келтіріп, өз мемлекеттігін қайта тіктеу жолында ұлттық тарих пен мәдениеттің ұмыт болған тұстарын қайта жаңғырту қажет болды. Қазақ халқының мәдениетін мен оның тарихының ұмытылған қайта танып-білуде Қазақстан Республикасы басшылығының ұйғарымымен қазақ халқымен тарихы тамырлас болған туысқан халықтармен кеңестік кезеңде үзіліп қалған мәдени қарым-қатынастарды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Солардың бірі бауырлас этникалық, тілдік, мәдени тұрғыда жақын болған, орта ғасырларда тағдыр тәлкегімен Анадолыға кеткен бауырлас түрік халқы болды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған бойда Қазақстан мен Түркия Республикалары арасында саяси және экономикалық байланыстармен бірге мәдени байланыстар да орын ала бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі халықтарының мәдениеттерінің түбірі бір, ықпалдас екенін алға тарта отырып, саяси-экономикалық байланыстармен қатар мәдениет, оның ішінде білім, ғылым, әдебиет пен өнер салаларында тығыз байланыс орнатуға өз тарапынан үлкен қолдау білдірді. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Түркия Республикаларының мәдениет саласындағы байланыстарын қазақ-түрік халықтарының мәдени байланыстарының келесі бір жаңарған кезеңі деп айтуға болады. Себебі, қазақ-түрік мәдени байланыстары бұған дейін де болып, алайда кеңестік саясатқа байланысты қысқарып қалған еді. Мәдени тарих пен сабақтастық түркі халықтарының түбірі бір екенін дәлелдейтін негізгі фактор. Осының негізінде Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің басшылары халықтар арасында үзіліп қалған мәдениетті қайта жалғастыру және ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғырту жолында арнайы мемлекетаралық мәдениет саласындағы байланыстарды жолға қойды. Қазақстан Республикасы Түркия үшін Орта Азиядағы туысқан мемлекеттердің ішіндегі аз уақыт ішінде тығыз байланыс орнатып үлгірген мемлекет ретінде танылды. Қазақстан мен Түркияның мәдени ынтымақтасуының басты негіздеріне екі елге де ортақ түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау, оны жетілдіру және Еуразия даласында әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттермен астасқан түркі халықтарының мәдениетін бірлесе қорғау жатады. Екі халықтың мәдени байланыстары өзара  географиялық және мәдени-тарихи сабақтастықтан да туындайды. Мұндай мәдени сабақтастықтар мемлекетаралық өзге де салалар бойынша байланыстардың жүйесін жасау мен оны жүзеге асыруға негіз қалыптастырды. Оның басты мысалдарының бірі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Тұрғұт Өзалмен болған алғашқы кездесуінде оның атажұртқа деген махаббатын терең сезінген. Түрік халқы Қазақстан жерін түркілердің мәдени және саяси-географиялық орталығы деп санап, оның өздерінің атажұрты деп есептейді [1]. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Түркияның мәдени қарым-қатынастар жаңғырту мен дамытудағы бастамалары мен жетістіктері көп болды. Туыстас халықтардың қатынастары мәдени саладағы тығыз ынтымақтастыққа негізделді. Қазақ-түрік мәдени байланыстары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзінің жоға­ры қарқындылығымен сипатталады. Түрік халқы мен қазақ халқы мемлекеттердің арасындағы жер шалғайлығына және бір-бірінен ұзақ жылдар ажырап қалғандарына қарамастан тілдері бір, өткені мен мәдениеті ортақ екендігін ұмытпағаны бұл саладағы байланыстың тез дамуына жағдай жасады. Екі халыққа ортақ болған қасиетті құндылықтар мен мәдениет, екі мемлекеттің мәдени саладағы қарым-қатынасының негізін құрады. Халықтардың ортақ мәдениеті, тегі, тілі мен рухани құндылықтары екі мемлекетті тез арада тығыз байланыстырды [2]. 

Тәуелсіздік қарсаңында Қазақстанның Түркиямен мәдени қарым-қатынастарының алғашқы ресми байланысы 1990 жылдың желтоқсанында орнады. Онда Қазақ КСР-нің мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Түркия Республикасының мәдениет министрлігінің арасында қарым-қатынас туралы келісімге және де Қазақ КСР-і мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасындағы ресми хаттамаға қол қойылды. Бұл құжаттарда жастарға білім беру саласында көрсетілетін көмек, жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынас, бірлескен ғылыми жобалар ұйымдастыру мен оларды жүзеге асыру, студенттермен әр түрлі саладағы мамандар және ғалымдармен тәжірибе алмасу, халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарлар, конференциялар, фестивальдер өткізу, көрмелер ұйымдастыру, екі мемлекеттің мәдениетіне ортақ болған мәдени орталықтар ашу, театрлық, музыкалық және де басқа да шығармашылық ұйымдардың арасындағы қарым-қатынастарды қолдау, марапаттау, қазақ жазушыларының шығармаларын түрік тіліне, ал түрік жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аудару және ең маңыздысы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи мен Отырардағы Арыстанбаб кесенелерін жөндеуден өткізу, сондай-ақ екі ел ғалымдары арасында бірлескен археологиялық зерттеулер ұйымдастыру мен тағы басқа да мәдени саладағы қатынастар туралы шаралар нақты көрініс тапты [3]. Бұл келісім екі тәуелсіздік жылдарында мемлекет арасында ұзаққа созылған мәдени байланыстардың бастамасы болды. 

Мәдениет саласындағы мұндай ресми қарым-қатынастар ең алдымен түбі бір туысқан түрік халқы мен қазақ халқы арасындағы біраз уақытқа үзіліп қалған мәдени және рухани байланыстарды қалпына келтіріп, екі халық арасындағы тарихи және мәдени сабақтастықты жаңғыртудың алғашқы қадамы болды. Қазақстан мен Түркия Республикасын мәдени салада байланыстыратын бұл шаралар республика жұртшылығы тарапынан қолдау тапты, соның негізінде халықтардың бір-біріне жақындығы арта түсті. Екі халықтың туысқандық байланыстары, әсіресе халыққа етене жақын мәдениет пен білім және ғылым саласындағы өзара қарым-қатынастар екі ел арасын одан сайын терең жақындатты.

  Қазақстан мен Түркияның мәдениет саласындағы байланыстары, бұдан кейінгі кезде қабылданған құжаттарда да қарастырылып жатты. Қазақ-түрік мәдени қарым-қатынастарына шынайы достық пен туысқандық аясында дамуына бағыт берген негізгі құжаттардың бірі 1991 жылы 15 наурызда Алматыда Қазақстан Республикасы мен Түркия президенттері арасында қол қойылған келесі бір құжатта көрсетілді. Бұл құжат Түркия Республикасы Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Тұрғұт Өзал қол қойған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мен Түркия Республикасының қарым-қатынасы туралы» келісімшартқа негізделіп, онда екі ел арасындағы саяси достық қарым-қатынасты нығайту мен оны жан-жақты дамытуға ұмтылу негіздері дәйектелген және соның аясында халықтар арасындағы мәдени сабақтастықты жаңғыртулар қарастырылды. Осыған сәйкес келісімшартта екі ел арасындағы халықаралық мәдени қарым-қатынас саласын кеңейту және өзара байыту, ақпараттық, мәдени және гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту, радиохабар және телекоммуникация жүйесінің дамуына ықпал ету, тарихи және мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру және оларды қорғау қарастырылды [4].

Аталған келісімшарттан кейін 1991 жылы 26 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғұт Өзал «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы және Түркия Республикасы арасындағы қарым-қатынастың принциптері мен мақсаттары туралы» Декларацияға қол қойды. Декларацияда негізінен саяси-экономикалық байланыстардың басты бағыттары көрсетіліп, сонымен бірге тараптар арасында мәдениет, спорт және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға ұмтылыс, сондай-ақ, Алматы мен Стамбул, Түркістан мен Байбурт, Қызылқұм мен Кираман қалалары арасында мәдени қатынастар орнату көзделді [5]. Осы келісімшарттар және 1990 жылдан бері мәдени орнатылып келе жатқан мәдениет саласындағы байланыстар қазақ-түрік мәдени қарым-қатынастың жаңғыруы мен оның нығаюына жол ашты [6].

1991 жылы қазан айында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға алғаш рет ресми сапар жасады.  Н.Назарбаевтың Түркияға ресми мемлекеттік сапары барысында және одан кейін қол қойылған келісімшарттар негізінде екі ел арасындағы мәдени байланыстар нақты мазмұнға ие болды. Әсіресе, 1992 жылы 1-мамырда Алматы қаласында мәдениет, ғылым, білім және спорт салалары бойынша екі ел үкіметтері қол қойған келісімшарттан кейін екі жақты байланыстың мағынасы және белсенділігі одан сайын артты [7]. Бұл келісімде қарастырылып отырған мәдениет пен ғылым саласындағы байланыстардың терең және нақты мазмұнды сипат алуына осы келісімшарттың атқарған қызметі ерекше болды. Келісімшартта халықаралық ынтымақтастықтың негізгі салалары қарастырылды. Олар ЖОО арасындағы қарым-қатынастың дамуы, ғылыми жобалар мен бағдарламалар алмасу, ғылыми конференциялар, кездесулер өткізу және бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу, маман кадрлар даярлау және алмасу, оқу материалдарымен және ақпараттармен алмасу. Мәдениеттің темірқазығы болған театр, музыка, опера, балет және басқа да өнер салаларындағы өзара қарым-қатынастың дамуы, көрмелер ұйымдастыру, әртістермен және көркемөнер ұжымдарының екі жақты қатынасы және бағдарламалар алмасу, әдеби шығармалармен танысу және оларды екі елде аудару, кинематография, телерадио компаниялары, ақпараттық агенттіктер және баспасөз, жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынасқа ықпал ету. Осының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мәдени, ғылыми, рухани, жалпы гуманитарлық саладағы қарым-қатынастар екі елдің бұлтартпас басты қарым-қатынас құралдарының біріне айналды.

1991 жылы КСРО ыдыраған кезден бастап оның құрамында болған түркі мемлекеттері тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттер арасында қоғамдық негізде достық және бірлік ұйымдары құрыла бастады. Ресми мәдени және ғылыми байланыстармен қатар қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде діни қауымдастықтың да Түркия елімен байланыс орнату ниеттері халықтар арасында мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға септігін тигізді. Өз тарапынан Түркия еліндегі қоғамдық ұйымдар да осындай талпыныс жасады.  Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің қоғамдық ұйымдарының өкілдері түркі елдері арасындағы достық, бауырластық және ынтымақтастық құрылтайларына (Türk Devlet ve toplulukları, dostluk, kardeşlіk ve іşbіrlіğі kurumları) қатысты. Бүгінге дейін осы іспеттес сегіз құрылтай өткізілді, оның жұмысына түркі тілдес елдердің мәдениет, ғылым және қоғамдық-саяси ұйымдары қозғалыстарының қайраткерлері және басшылары қатысты. Бұл құрылтайлардың мақсаты – түркі әлеміндегі саяси қарым-қатынастың нығаюына, мемлекеттердің экономикалық дамуына, мәдени жақындасуына және жаңаша сипатта пікір қалыптастыруға ықпал ету болып табылады.

Мұндай құрылтайлар Түркияның қоғамдық-мәдени өмірінде маңызды орын иеленді және оның туысқан халықтармен мәдени байланыстарды дамытудағы қызметі өте зор болып саналады. Осындай мәдениет ұйымдары мен құрылтайшылардың қолдауымен қазақ-түрік достығы туралы деректі фильмдер түсірді, түрік телевизиясында қазақтар қазақ-түрік достығы туралы хабарлар даярлады, ал Түркия елі қазақ-түрік достығын нығайтуға өз үлесін қосқан мәдениет және ғылым қайраткерлері мен қызметкерлерін марапаттады. Мысалы, осындай қоғамдық ұйымдардың дайындауымен «Түркі дүниесінің жұлдыздары» атты таныстыру телехабары  дайындалып, онда Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев туралы мәліметтер түрік еліне кеңінен насихатталды. Мұның өзін мәдениет орталықтары мен құрылтайшылардың қызметінің үлкен жемісі деп білуге болады.

Қазақстан мен Түркия түрік әлемінде өткізілген ортақ құрылтайларға, көптеген жастар фестиваліне, жазушылар, музыканттар, мәдениет және ғылым қайраткерлерінің жиналыстарына, кинематография фестиваліне екі жақтан да жаппай бұқара өкілдері қатысты. Осы жылдары арнайы суретшілер көрмелері ұйымдастырылды, екі елдің теледидарында елді таныстыру мақсатында түрлі телехабарлар және сұхбаттар дайындалды. Осындай мақсатпен екі жақтың техникалық өзара көмек, кеңесулер, жетістіктер және тәжірибе алмасу процестері жүзеге асырылды [8]. Бұл жағдай кинематография саласындағы ортақ жобалардың жүзеге асырылуына мүмкіндіктер берді.

Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстар негізінен түркі мемлекеттерінің мәдени байланыстары аясында да жақсы өрбіді. 1991 жылы-ақ КСРО-дан жаңадан тәуелсіздік алған түркі мемлекеттері мен Түркия бірлесіп түркі халықтарының бұрын жойылып кеткен мәдениетін қайта жаңғыртуға кірісті. Оның маңызды мысалы 1992 жылы Стамбулда өткен түрік тілдес мемлекеттердің мәдениет министрлерінің тұңғыш бас қосуы болды. 19-20 маусым күндері Стамбулда өткізілген жиналысқа Азербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия, Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикаларының мәдениет министрлері қатысты. Онда түркі халықтарының ортақ тілі мен алфавиті мәселесі көтеріліп мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығы сөз болды [9].

Мұндай басқосу осы 1992 жылы 30 қараша мен 2 желтоқсан күндері Бакуда жалғасты. Онда түркі халықтарының мәдениеті мен ортақ тарихына қатысты аса маңызды тақырыптар қозғалды. Жиында бас қосқан өкілдер арасында түркі халықтарының ортақ тарихы, яғни түркі халықтарының тарихын жазу мен оқытуға қатысты пікірлер де айтылды. Баку кездесуінің мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды қалыптастыру мен нығайтудағы орны ерекше болды.

Кезекті үшінші бас қосу 1993 жылы 9-14 шілде күндері аралығында Алматыда өтті. Бұл басқосу қазақ-түрік мәдени қатынастары мен түркі халықтарының мәдениеті үшін маңызды болды. Өйткені, бұл басқосуда түркі халықтарының ірі мәдени ұйымы болып саналған ТҮРКСОЙ деп аталатын түрік тілдес мемлекеттердің бірлескен мәдениет және өнер ұйымы құрылды. Бұл ұйымды түркі мемлекеттерінің басшылары «Түркі халықтарының ЮНЕСКО-сы» - деп [10] атады. Стамбул кездесуінде түркі тілдес мемлекеттердің ортақ мәдени мұраларының сақталуына және оның танытылуына күш салу қажеттігі алға тартылды. Мәдениет саласының басшылары түркі тілдес халықтардың салыстырмалы сөздігінің дайындалуы тиіс екендігін құптады. Сонымен бірге жаңа құрылып отырған ТҮРКСОЙ ұйымының күшейтілуі, оның студенттерге грант беру жөнінде де шешімдер қабылданды. Түркі мемлекеттерінің белді мәдени ұйымы – ТҮРКСОЙ (түркі елдерінің мәдениет және өнер саласындағы одағы) түркі тілдес халықтардың мәдени ынтымақтастығының органы ретінде 1993 жылы 12 шілдеде Алматы қаласында түркі мемлекеттері Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қырғызстан өкілдері қол қойылған келісім негізінде құрылды. Бұл ұйымның құрылуы қазақ, түрік және өзге де түркі халықтарының тарихи, мәдени, діни, этникалық жақындығымен қатар, түркі әлеміндегі жоғары беделі, аймақтық және әлемдік саясат үрдістеріндегі атқарып отырған маңызды рөлдеріне байланысты болды [11].

1993 жылы наурыз айында түркі халықтарының «Түркі мемлекеттері және қауымдастықтары, достық, бауырластық және ынтымақтастық құрылтайы» деген атпен тұңғыш құрылтайы құрылып, оның мақсаты түркі халықтарының мәдениеті мен білімін және өнерін дамытуға бағытталды. Оның алғашқы құрылтайы Анталияда өткізілді. Бұл кейін үрдіске айналды. 1993 жылдан бастап, 20 жыл ішінде 12 құрылтай өткізілді. Құрылтайға түркі дүниесінің ғалымдары, ақын-жазушылары және зиялы қауым өкілдері қатысып пікір алмасты. Бұл құрылтай тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Түркияның мәдени саладағы байланыстарын барынша кеңейтуге зор үлес қосты. Құрылтайдың алғашқы жиындарында түркі тілдес халықтардың ортақ мейрамы болған халықаралық Наурыз мерекесінің тойлануы туралы шешімдер қабылданды. Наурыз мерекесі КСРО құрамындағы түркі мемлекеттерінде өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастап, ал Түркияда 1989 жылдан бастап тойлана бастады [12]. 

Екі мемлекет бір-бірінің мәдениетін тереңнен танып білу мақсатында, ауқымды мәдени іс-шаралар өткізуді де тасада қалдырмады. 1992 жылы Қазақстанда Түркияның мәдени күндері өткізілсе, бұған жауап ретінде 1992 және 1996 жылдары Түркияда Қазақстанның мәдени күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтар арасындағы мәдени ықпалдастықтың дамуына ТҮРКСОЙ-дың ықпалы зор болды. Ұйымның ықпалымен Түркияда 1993 жыл – Қожа Ахмет Ясауи жылы деп аталды. Бұл үрдіс мұнымен тоқтамай, 1995 жылы – Абай жылы, 1996 жыл – Жамбыл жылы, 1997 жылы – М. Әуезов жылы аталып өтілді. 1997 жылы Алматыда ТҮРКСОЙ-дың кезекті жиналысы өтіп, кездесулер барысында түркі халықтарының және қазақ-түрік мәдениеттерінің дамуына қатысты тақырыптар қозғалды. Осының негізінде 1998 жылы – Құрманғазы жылы ерекше аталып өтті. Бұл істер мәдени байланыстардың айтарлықтай дамығандығын көрсетіп берді [13].

Көрініп тұрғандай Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени саладағы байланыстар жылма-жыл дамып отырған. 1994 жылы 13 маусымда Түркия Республикасының Президенті Сүлеймен Демирелдің Қазақстанға жасаған ресми сапарында Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынасты әрі қарай дамыту және нығайту, тереңдету жайлы Декларацияға қол қойылды. Декларацияда мәдени байланыстарға негізделген тақырыптар назардан тыс қалмады. Президенттер екі жақты қарым-қатынастың тереңдетілгенің және алдыңғы кезеңде де достық пен ынтымақтастықтың нығаюына барлық мүмкіндіктің бар екендігін айтты.

1995 түркі мемлекеттері арасында Түріксав деген қоғамдық ұйым құрылып, ол осы жылдан бастап түрік қоғамы мен түркі әлеміндегі қарым-қатынастың нығаюына өз үлесін қосқан адамдарға арналған марапаттар тағайындады. Түріксавтың наградасына ие болған қазақстандық саяси және қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов – 1996 жылы, Мұхтар Мағауин – 1997 жылы, Нұрсұлтан Назарбаев – 1998 жылы, Мұхтар Шаханов пен Рахманқұл Бердібай – 1999 жылы және 2000 жылы академик Мұрат Жұрынов иеленді [14]. Сонымен қатар, 1995 жылы 20-27 сәуірде ұлы қазақ ақыны, ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына байланысты бұл мереке ТҮРКСОЙ тарапынан қолдау тауып ол ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Бұл мерекені тойлауға қолдау білдірген Түркияға республика басшылығы мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, әртістердің шығармашылық тобы Анкара, Маниса, Измир және Стамбул қалаларында болып қайтты. Аталмыш қалаларда ақын мерейтойын тойлау мақсатында конференциялар мен достық кездесулер өткізіліп, Қазақстан әртістерінің өнері сахналанды. Қазақстаннан А. Қоразбаев, Н.Үсенбаева, М. Ильясова мен Б. Тілеуханов, "Салтанат" және "Гүлдер" мемлекеттік ансамблі катысты.

Өз кезегінде жоғарыда аталған марапаттар Қазақстан тарапынан да ұсынылып жатты. 1996 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ынтымақтастықтың даму ісіне өз үлесін қосқаны үшін Түркияның мәдениет министрі, қазақ-түрік достық қоғамының төрағасы, А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңесінің төрағасы қызметінде болған Намык Кемал Зейбекке "Бейбітшілік және рухани келісім" халықаралық сыйлығын тапсырды.

Жылдар өткен сайын екі мемлекет арасында мәдениеттің сан түрлі тармағы бойынша байланыстар тереңге бойлап жатты. 1997 жылда атқарылған негізгі істердің білім мен ғылым саласына ойысты. 1997 жылы 3-7 қарашада Анкарада Ататүрік мәдени орталығы түрік мәдениетінің төртінші халықаралық конгресін ұйымдастырды, оның жұмысына Қазақстан тарапынан ғалымдар Б. Қарақұлов, Ә. Нысанбаев, Ш. Ыбыраев, К. Қадашева қатысты. Сондай-ақ, осы жылы наурыз айында Анкарада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшарт қабылданды. Ол бойынша білім және ғылым саласының заманауи талаптарға негізделген тақырыптар қозғалып, бірқатар шешімдер қабылданды.

1998 жылы маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Түркияға барды. Келіссөз барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтудың басты бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, 1998 жылы Құрманғазы жылы болып, Түркияда қазақтың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 170 жылдығы атап өтілді. Ол бойынша осы жылдың 12-19-қазаны аралығында Түркияға Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрі шақырылып, ол Түркияның бірқатар қалаларында концерт қойды. Кайсери қаласының уәлиі және ТҮРКСОЙ-дың демеушілігімен Эржиес университетінде Құрманғазының шығармашылығына арналған апталық өтті. Ал 13 қазанда Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі Б. Тұрсынбаев қатысқан конференция және Құрманғазы оркестрінің екі концерті өткізілді. Бұдан соң 16 қазанда Анкара қаласында да Құрманғазыны еске алу күні өтіп, онда екі концерт қойылды. Концертте ТҮРКСОЙ төрағасы П. Бұлбұлоғлу сөз сөйледі. Бұдан соң, күйші бабаның шығармашылығына арнап 18 қазанда Құрманғазыға арналған еске алу кеші ұйымдастырылды. Бұл кеш Түркияның Стамбул қаласында өткізілді [15].

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған уақыттан бастап 10 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасында мәдени байланыстарға қатысты болған жүзге тарта келісімдер мен хаттамаларға қол қойылды. Мұндай көп қаулы-шешімдер екі мемлекеттің мәдениет саласындағы жақындығының қандай деңгейде екенін айтпаса да көрсетіп тұр. Халықтар арасындағы рухани байланыстар үшін Түркия мен Қазақстанда екі халықтың мәдениет күндерінің, өткізілуі аса маңызды оқиға болды. 90-жылдардың ішінде «Түркиядағы Қазақстан мәдениет күндері» және «Қазақстандағы Түркия мәдениет күндері» айдарымен ауқымды мәдени фестивальдері өткізілді. Мұндай іс-шаралар кейіннен өз алдына тұрақты сипат алып күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Шахидулла Д.М.

Мухажанова Т. Н.

Возобновление казахско-турецких культурных отношений в годы независимости.

Аннотация. В годы независимости Республика Казахстан как независимое государство установил взаимоотношение зарубежными странами в разных сферах. В том числе Казахстан перешел модернизацию в отношении сфере культуры, которое прерванные в советском времени.  Казахи и турки является народом тюркского происхождения, имеющие коренные культурно-этническую историю и в годы независимости было необходимо возобновить и модернизировать культурные связи этих народов. Таким образом, Казахстан и Турция обратили внимание на возрождение старых культурных отношений между двумя народами. Статья посвящена  изучению историю новых культурных отношений между Казахстаном и Турцией в годы независимости. Научной статье анализируется результаты работ общей духовной и культурной деятельности сторон для модернизаций культурных отношении между двумя народами. Кроме того, приняты научные выводы в результате изучении новых культурных связей двух народов, которое является основным инструментом в сближении этих государств. 

Ключевые слова. Казахстан, Турция, Культурные связи, Возобновления, Модернизация, Исторические корни.

Shahidulla D.M.

Mukhazhanova T. N.

Renewal of Kazakh-Turkish cultural relations in the years of independence.

Summary. In the years of independence, the Republic of Kazakhstan as an independent state established mutual relations with foreign countries in various spheres. In particular, Kazakhstan switched to modernization in the sphere of culture, which was interrupted in the Soviet era. The Kazakhs and Turks are a people of Turkic origin, having an indigenous cultural and ethnic history and during the years of independence it was necessary to renew and modernize the cultural ties of these peoples. Thus, Kazakhstan and Turkey drew attention to the revival of old cultural relations between the two peoples. The article is devoted to the study of the history of new cultural relations between Kazakhstan and Turkey in the years of independence. The scientific article analyzes the results of the work of the common spiritual and cultural activities of the parties for modernizing the cultural relationship between the two peoples. In addition, scientific conclusions have been adopted as a result of the study of new cultural ties between the two peoples, which is the main instrument in bringing these states closer together.

Keywords. Kazakhstan, Turkey, Cultural ties, Renewal, Modernization, Historical roots.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі.

1. Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996. – 272 б.

2. Құдышев О. Панисламизм және пантүркизм. // Ақиқат 1995 № 11

3. Фейзуллах Б. «Қазақстан: өткені, бүгіні мен ертеңі» Анкара, 2000 ж.

4. Торгово-экономическое сотрудничество. Протокол о торгово-экономическом сотрудничестве между Правительством Казахской Советской Социалистичесхой Республики и Правительством Турецкой Республики от 15 марта 1991 года. - В сбор. Казахстан-Турция: 5 лет дружбы и сотрудничества. Анкара, "Билиг". 1996. – С. 149-152.

5. Соглашение между Казахской Советской Социалистической Республикой и Турецкой Республикой в области транспорта и телекоммуникаций от 26 сентября 1991 года. - В" сбор. Казахстан - Турция: 5 летдружбы и сотрудничества. Анкара, "Билиг", 1996. – С. 158-162.

6. Встречи глав тюркоязычных государств Анкарское заявление. - В сбор. Казахстан-Турция: 5 лет дружбы и сотрудничества. Анкара, "Билиг',1996, – С. 413-416 

7. Встречи глав тюркоязычных государств: Стамбульская декларация от 18-19 октября 1994 года; Бишкекская декларация от 28 августа 1995 года; Ташкентская декларация от 21 октября 1996 года. - В сбор. Казахстан-Турция: 5 лет дружбы и сотрудничества. Анкара. "Билиг", 1996. – С. 416-434.

8. Мұхамедов М.Б. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатында негізгі басым бағыттардың қалыптасуы. Алматы, 1999, 29 б.

9. Namık Koçak, “Türklere Çevіrmen”, // Mіllіyet, 20.06.1992.

10. Нұрғали Ораз. Түрксой – Түркі дүниесінің айнасы. // Алматы ақшамы. 11.02.2015

11. Токаев К.К. Под стягом независимости. Очерки о внешней политике Казахстана. – Алматы: Білім 1997. – 733 с.

12. “Nevruz Şenlіklerі”, // Mіllіyet, 22.03.1989.

13. Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. – Алматы: Атамұра, 2003. – 240 б.

14. Писатели и поэты со всего тюркского мира соберутся в Стамбуле // Түркі әлемі. – 2001, қаңтар-ақпан. № 1.-86.

15. Ph.Robіns. The Mіddle East and the Сentral Asіa іn "The new deopolіtіons of Сentral Asіa and іts Neіghbovrs". Pіnter Publіshears. London. 1994. Сhapter ІV - P.165.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 5300

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

статья 2.docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ (ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ) УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУЛАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ ҒТАМР 03.01.17 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАН-ЛАТВИЯ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРАНЗИТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы.