Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

А.Ә. Қабыл¹. ¹Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің докторанты. Қазақстан, Шымкент қ.

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(24), 2020

Тегтер: қозғалыс, ұлт-азаттық, Қазақстан, тарихы, қазақтар, оқулық, оқу, үдерісі, оқыту, теориясы, халықтық, Ресей, империясы, тәуелсіздік, көтерілістер.
Автор:
Аңдатпа. Қазақстандағы XVIII ғ. соңы – ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихына байланысты тақырыптарды оқыту теориясы мен практикасын зерттеу мәселесінің ғылыми-оқытулық маңызы өзекті боп саналады. Бұрын бұл мәселе арнайы ғылыми проблема ретінде қарастырылмаған. Бұл жағдайдың туындауына ұлт-азаттық қозғалыс тарихы теориясының және осы мәселені оқу процесіне енгізу практикасының сұрақтары жеткіліксіз зерттелгендігі басты себеп болды. Бұған көп жағдайда басқарушы режимнің идеологиялық үстемдігі және бұрынғы КСРО елдерінде нақты тәуелсіздіктің болмауы кедергі болды. Сондықтан бұл мақалада салыстырмалы түрде қазақ халқының тәуелсіздік үшін азаттық күресін зерттеу теориясы мен практикасының ерекшеліктері салыстырмалы түрде қарастырылады. Атап айтқанда, XVIII-ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың жекелеген мәселелері бойынша сауалнамалық зерттеудің мәліметтері келтірілген. Колледждер студенттері мен мектеп оқушыларына зерттелетін тақырып бойынша олардың хабардарлық дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтар қойылды. Сауалнама ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеу теориясы мен практикасы мәселелері бір-біріне тікелей тәуелді екенін көрсетіп, ойландыратындай жағдай тудырды. Оқушылардың бұл тақырыпты оқып білуі, оны тәжірибелік түрде меңгеруге қатысуы әртүрлі теориялық және практикалық әдістер мен оқыту шеберліктеріне байланысты.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсултан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (Назарбаев, 2017) атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде 2018 жылдың 21-қараша күні «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Бағдарламаға құрылған мақаладағы тарихи сананы жаңғырту тарауында Ұлы даланың есімдері бойынша «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі» деп атап өтілді. Елбасы «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз - тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» дей отырып: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту - еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» - деп, қорытындылаған болатын (Назарбаев, 2018).

Төл тарихты оқытуда жан-жақты білім беріп ғана қоймай жас буын өкілдеріне елжандылық қасиеттерді бойларына дарытып тәрбиелеуде маңызды орын алатыны белгілі. Оның ішінде XVIII-XIX ғасырлар кезеңінде болған ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын баяндай отырып, жас буын өкілдеріне ұлт-азаттық көтерілістердің отаршылдыққа қарсы сипаты және тарихи мәнін түсіндіру, күреске басшылық еткен тарихи қайраткерлер мен қатысқан тұлғаларға сараптама жасап, зерттеулік ізденіс жүргізуге бағдар беру, қозғалыс басшылары, көтерілістің барысы жөнінде кестелер мен тест әдісінің түрлерін қолдану, ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары жөнінде кластер жасап көрсету, олардың ерлік істерін бағалау, бірге оқитындар арасында диалог жүргізу және т.б. жұмыс түрлерінжүзеге асырудың маңызы зор.

Талдау әдістері мен теория тәжірибесі. Әлемдегі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби: «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды, келешекті болжау қиын» десе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы - тарих» - деп, жоғары бағалаған екен. Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке ие болғаннан бастап төл тарихын оқытуға ерекше назар аударып келеді. Оның ішінде қазақ жерінде XVIII-XIX ғасырлар кезеңінде болған ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы туралы көлемді зерттеу еңбектері жазылды, жаңа көзқарастағы пікірлер мен деректі құжат материалдары ғылыми айналымға қосылуда. Тарихшы ғалымдардың теориялық-әдістемелік және әдіснамалық негіздегі толымды еңбектері көпшілікке ұсынылып жүргені белгілі. Дегемен, ұлт-азаттық көтерілісті зерттеу тарихы мен тарихнамасындағы осы күнге дейін өзінің толық, тіпті зерттелмей жатқан үлкен ғылыми және білім беру саласы үшін маңызы зор мәселе - ол осы тақырыпта жазылған еңбектердің, жалпы осы тақырыптың күнделікті оқу үдерісімен байланысы мен оқыту кезіндегі ерекшеліктері.

Қазақстан тарихының дербес және ең маңызды бөлігін алып жатқан ұлт-азаттық қозғалыс тарихын оқыту мәселесін теориялық тұрғыдан талдау – өте күрделі және жан-жақты, соның ішінде пәнаралық байланыстарды кеңінен пайдалану әдістерін талап ететін жаңадан дамып келе жатқан сала. Осы күнге дейін Қазақстандағы XVIII - ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын оқыту үрдісі оқылықтар мен оқу құралдарымен әдістемлердегі фактаждық мәліметтерге сүйеніп келді. Алайда бұл тақырып бойынша толық теориялық сараптамалар мен ізденістер жргізілдмеді. Оның басты себебі – қарастырылып отырған ғылыми мәселе бойынша арнайы зерттеулердің тапшылығы мен мамандардың дайындалмағандығы болды. Тәуелсіздік арқасында бұл мәселемен айналысуға көптеген мүмкіндіктер пайда болды, жағдай жасалынды. Мысалы, М.Қ. Қозыбаев (Қозыбаев, 2007), К.Н. Нұрпейіс (Нурпеис, 1995), В.З. Галиев (Галиев, 1993), Е.Ж. Валиханов (Валиханов, 2004), Ж.Б. Абылхожин (Абылхожин, 2007), М.Қ. Қойгелдиев (Қойгелдиев, 2004), М.Ж. Әбдіров (Абдиров, 2000), Г.К. Несіпбаева (Несипбаева, 1997), Б.М. Сужиков (Сужиков, 1993) еңбектерінде тарих теориясының мәселелері қойылып, нақты көрінісін тапты.

Қазақстандағы XVIII-ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы теориясына С.Ф. Мәжитов өз еңбектерін арнады (Мажитов, 2007). Оларда ұлт-азаттық қозғалыс тарихының теориялық мәселелері жан-жақты қамтылып, бұл тақырыпты зерттеудегі жаңа қөзқарастар мен бағыттар көрсетілген (Мажитов, 2013). Солардың бірі – ұлт-азаттық қозғалыс тарихына арналған оқу процесі мен оны зерттеу мәселелері. Бұл тұрғыдан алғанда С.Ф. Мәжитовтың авторлығы және ғылыми жетекшілігімен жазылған электрондық оқулықтар (Мажитов, 2010) және цифрлық білім бері ресурстары (Мажитов, 2011) қарастырып отырған тақырып бойынша үлкен қызығушылық танытып, арнайы зерттеу объектісі бола алады.

«Ұлт-азаттық қозғалыс» тақырыбын оқыту теориясы. Ресей империясының ықпалына қарсы дүркін-дүркін көтеріліп тұрған қазақ халқының қарсылығы тарихнамады әртүрлі бейнеленедім (Национально-освободительная борьба казахского народа в конце XVIII-ХIХ первой половине века, 1994). Қазақстандағы XVIII-ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс барысында қарсыластықтың әртүрлі типтері кездеседі. Оларды сипаттауда кәсіби тарихылардың озі сан алуан ұстанымдарды байқатады. «Көтерліс», «ұлт-азаттық күрес», «халық-азаттық күрес», «қарсыластық», «шаруалар көтерілісі», «қақтығыс», т.б. деффиницалар орын алған (Қазақ көтерілістері, 2014).

Қазіргі қақтығыс теориясы этникалық жанжалды зерттеудің әдіснамасын ұсынады, онда оны талдаудың дәйекті және логикалық жүйесі қабылданады: оқиғаны дер кезінде белгілеу, тұрпаттарды (типтерді) жіктеу, пайда болу себептері, оған тән әлеуметтік функцияларды анықтау, бақылау және шешілу жолдарын көрсету. Алайда, ғасырлар мен кезеңдер бойындағы этникалық қақтығыстарға қатысты қазіргі заманғы аналитикалық құралдарды қолдану, әрине, дұрыс емес. Этникалық қақтығыстарға архаикалық тұрпаттағы және де қазіргі заманғыдағыларды да жатқызуға болады (Российская империя в сравнительной перспективе, 2004).

XVIII - XX ғасырдың басына дейінгі кезеңге  қатысты  процестерді белгілі бір аралық типке жүгінсе орынды болар еді, себебі бұл өзара қирату, геноцид түрінде болған қарапайым, сыртқы институцияларға бағынбайтын қақтығыс емес. Қарастырылып отырған тарихи кезеңдегі аталған оқиғалар қазіргі заманғы түсініктегі қақтығыс түрінде,  белгілі бір тежеу механизмдері бар «текетірес» түрінде болды. Бірақ, ең алдымен, бұл текетірестің өте саясаттандырылған, идеологиялық тұрғыдан негізі бар, қатысушылардың саяси, әлеуметтік, конфессиялық, аумақтық және басқа да талаптарды қанағаттандыруға бағытталғандығын ескеру қажет.

Жеке адамды емес, негізінен ұжымдық қозғалыстарды сипаттауды басты мақсаты етіп қойған кеңестік тарихнаманың жағдайында этникалық ерекшеліктер мен ұлттың сана-сезімін көтерудегі жеке адамның рөлі сияқты мәселелер көп жағдайда зерттеу объектісі бола алмады. Нәтижесінде зерттеушілер ұлт-азаттық қозғалысында осы факторларды куәландыратын мұрағаттық және деректі материалдардың көбін пайдалана алмай жатты. Оңтайлы тұстарда авторлар жеке тұлғаның қызметін бұқарамен байланыстырып отырды, сондықтан көркем әдебиетте «қолбасшы», «қолбасшылығындағы көтеріліс», т.б. терминдері пайда болды. Алайда, ұлт-азаттық қозғалыстар методологиясының теориясы тұрғысынан қарастырғанда заманның саяси конъюнтурасына бейімделген бұндай ұғымдар, нақты тарихи жағдайдың тікелей көрінісін жеткізе алмады. «Қолбасшы» анықтамасын енгізу арқылы, мәселені бірінші кезекте  ұжымдық тұрғыдан қарастыратын сол кездегі жүйе жеке тұлғаның әрекетін қалың бұқараның арасында, «шайканың» ішінде көрінбейтіндей етуге тырысты. Сайып келгенде мұндай үстаным этникалық  ерекшеліктермен қатар жеке тұлғаның позициясын, оның санасын, моральын, менталитетін және дүниетанымын бір бояумен бояп, қайталанбас қаситеттердің барлығын жойып жібереді. Мұндай жағдайда «көшбасшы», «көсем» ұғымдарын қолданған дұрыс. Жеке тұлғаның ұжымымен танудың кері процесінің көрінісі бола отырып, бұл анықтамалар әлеуметтік немесе саяси қозғалыстың белгілі бір формасының жетекшісі болған адамның жеке басын, көшбасшылық қасиеттерін қоғамның мойындауын көрсетеді. Әсіресе демократиялық бастама тарихи өмірдің ажырамас бөлігі болған қазақ қоғамы жағдайында, көшбасшыны тану оның басшылығы қабылдаған шешімдердің, жасаған іс-қимылдардың тұрақтылығы мен максималды тиімділігінің әлеуметтік-саяси өлшемінің объективті көрсеткіші болды. Сондықтан қазақтың алғашқы мемлекеттері пайда болғаннан бастап, әсіресе Қазақ хандығы тұсында жоғарғы билеушінің көшбасшылық қасиеттеріне ерекше көңіл бөлінгені кездейсоқ емес.

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихын зерттегенде, көтеріліске шыққандардың ұлттық болмысы, ерекшелігі мен ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік тұрмыс-тіршілігі алдынғы қатарға шығады. Бас көтерулердің негізгі тұлғаларына жағымсыз таңбалар тағылды, олардың ішінде «жыртқыштар» («хищники») деген сөз жиі қолданылды. Егер қарастырылып отырған жағдай мемлекеттік мүддеге қауіп төндіретіндей ірі дәрежеге жататын болса, құжаттың үні әлдеқайда жоғары эмоциялық реңкке ие боп отырды.

Өкінішке орай, тиісті мұрағат материалдарының болмауына немесе құжаттардың жеткіліксіз көлеміне байланысты шиеленісті оның қатысушыларының өздері қалай қабылдағанын анықтау мүмкін емес. Бірақ кейбір жағдайларда ондай деректер кездесіп тұрады (Мажитов, 2007).

Жоғарыда аталған теориялық мәселелерге байланысты оқу процесін жаңадан сараптап, ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты материалдарды қайта қарастырған жөн (Қойгелдиев, Төлеубаев, Қасымбаев, 2007). Отандық тарихнамада Қазақстандағы XVIII - ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихына байланысты тақырыптарды оқыту практикасына арналған арнайы ғылыми еңбектер жазылмаған. Бұған байланысты арнайы социологиялық немесе басқа зерттеулер де жүргізілмеген. Бұл тақырып көбінесе әдіснамалық құралдар мен дидактикалық деңгейде өз көрінісін тапқан. Олардың басым бөлігі жоғарғы оқу орындарына арналған, яғни арнайы сауаланамалық немесе социологиялық қорытындыларға негізделмеген.

Оқыту үдерісінің тәжірибесі: сауалнамалық талдау. 2020 жылдың ақпан және наурыз айларында «Қазақстандағы ХVІІІ - ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы» тақырыбы бойынша Шымкент қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы, Ыбырай Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясы, № 28 жалпы орта мектебі, Саттар Ерубаев атындағы № 24 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушыларымен және Политехникалық колледжі мен Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледждерінің 1-курс студенттерімен сауалнамалық зерттеулер жүргізілді.

Сауалнамаға жоғарыда көрсетілген мектептерден - 139 оқушы, колледждерден - 49 білім алушылар, барлығы - 188 респондент қатысты. Сауалнама бойынша респонденттерге 10 сұрақ қойылды. Статистикалық қорытындылар бойынша арнайы кесте жасалынды (Кесте 1).

Сауалнама үшін іріктелініп алынған 10 сұрақтарды құрастыру барысында

ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың отаршылдыққа қарсы сипаты және тарихи мәні түсініктілігіне; ұлт-азаттық күреске басшылық еткен тарихи қайраткерлер танымалдығына; ХVІІІ-ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысты тұлғаларға сараптама жасап, зерттеулік ізденіс жүргізілгендігіне; оқушылардың сабақ барысында қозғалыс басшылары, көтерілістің барысы жөнінде кестелер мен тест әдісінің түрлерін қолданып көргендігіне; Қазақ жеріндегі ХVІІІ - ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихындағы қайраткер тұлғаларының мұралары сақталған музей орындарына барғандығына; ХVІІІ-ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы бойынша қандай әдебиеттер мен басылымдарды оқығандығына; ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының ерлік істерін қалай бағалайтындығына; ұлт-азаттық күрестердің тарихы мен батыр тұлғалалар туралы жас ұрпақтың танып білулері үшін не істеу керек деп ойлайтындығына; ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы бойынша сыныптас достарыңның арасында диалог бола-болмайтындығына; ұлт-азаттық көтеріліс басшыларына кластер жасап көргендіктеріне арналған мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, XVIII-ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың жекелеген мәселелері бойынша сауалнамалық зерттеудің мәліметтері келтірілген. Колледждер студенттері мен мектеп оқушыларына зерттелетін тақырып бойынша олардың хабардарлық дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтар қойылды.

Мазмұны жағынан қарастырғанда бұл сауалнаманың басты мақсаты – мектеп оқушылары мен колледждердегі білім алушылардың Қазақстандағы ХVІІІ-ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстары бойынша танымдық-тәжрибелік қабылеттерін анықтау болды. Ал социологиялық жағынан – мектептер мен колледждердегі осы тақырыпты танып-білетін оқушылар мен білім алушылардың санын анықтау мақсаты қойылды. Сонымен қатар бұл сауалнама қорытындыларымен аталған оқу орындарының тарихшылары мен осы тақырыпқа қатысты пәнаралық байланыстары жүргізетін басқа да ұстаздарды таныстыру мақсаты да көзделінген болатын.

Сауалнаманың мазмұндық нәтижелері бойынша ХVІІІ-ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың отаршылдыққа қарсы сипаты және тарихи мәні 188 оқушы мен білім алушылардың «ия/түсінікті» деп жауап бергендер саны 143, яғни 76 % құрады. 29 бала, яғни 15,4 %  «жоқ/түсінікті емес» деп, 5 бала, яғни 7,9 % «қайталап оқу керек» деген жауап қайтарды. «Ұлт-азаттық күреске басшылық еткен тарихи қайраткерлерді білесің бе?» деген сұраққа 188 оқушы мен білім алушылардың «білемін» деп жауап бергендер саны 145, яғни 77,1 % құрады. 43 бала, яғни 22,8 % «білмеймін» деп, «алдағы уақытта білетін боламын» деп ешбір бала айтпады. ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысты тұлғаларға сараптама жасап, зерттеулік ізденіс жүргізілгендер саны 81, яғни 43,1 % құрап, 107-сі (56,9 %) мұндай жұмысқа тартылмағанын танытты. «Мән бермедім» дегендер болмады. «Сабақ барысында қозғалыс басшылары, көтерілістің барысы жөнінде кестелер мен тест әдісінің түрлерін қолданып көрдің бе?» деген сұраққа 188 оқушы мен білім алушылардың «ия/көрдім» деп жауап бергендер саны 139, яғни 73,9 %. Ал 49 бала, яғни 26 % «көрген жоқпын» деп, «үйрену керек» деп ешбір бала айтпады.

Қазақ жеріндегі ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихындағы қайраткер тұлғаларының мұралары сақталған музей орындарына жалпы 188 адамнан барып көргендер саны 50 (26,6 %), бармағандары – 135 (71,8 %). 3 оқушы (1,6 %) «қызықпаймын» деген жауап қайтарды.

ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы бойыншатарихи-деректік кітаптарды – 128 (68,1 %), әдеби көркем кітаптарды – 38 (20,2 %), мерзімдік баспасөздерді (газет-журналдарды) – 22 (11,7 %) оқыған. Ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының ерлік істерін бағалау бойынша – 182 (96,8 %) «жоғары», 6 (3,2 %) «орташа», 0 «төмен» деген жауап қайтарылған.

«Ұлт-азаттық күрестердің тарихы мен батыр тұлғалалар туралы жас ұрпақтың танып білулері үшін не істеу керек деп ойлайсың?» деген сұраққа 106 (56,4 %) «тарихи кинофильмдер түсіру», 36 (19,1 %) «анимациялық фильмдерді (мультипликациялық фильмдер) шығару», 46 (24,5 %) «патриоттық негіздегі жұмыстарды арттыру» деген ұсыныстар айтылған. Жоғарыда көрсетілген 188 респонденттің 126-сы (67 %) ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы бойынша сыныптас достарыңның арасында диалог болатыны жайлы айтып, 62 адам (33,0 %) «жоқ, болмайды» деп жауап қайтарған. Мұндай диалогтың орын алуы жайлы «айта алмаймын» деген жауап жоқ. Ұлт-азаттық көтеріліс басшыларына кластер жасап көргендіктердің саны -  83 (44,1 %) респондент. 95 (55,9 %) оқушы мен білім алушылар мұндай оқыту әдісімен айналыспаған, яғни «жоқ, жасап көрмедім» деп жауап берген. 188 сауалнаманың бұл оныншы сұрағына жауап қайтарған адамдардың ешқайсысы кластер жасауды «күрделі жұмыс» қатарына жатқызбаған.

Жалпы сауалнамлық зерттеу барысында бірқатар терең талдауды талап ететін мәселелер анықталды. Аталған оқу орындарында оқушылар мен білім алушылар ұлт-азаттық қозғалыстардың отаршылдыққа қарсы сипаты және тарихи мәнін толық түсінбейді. Сонымен қатар тақырыпқа қатысты теориялық және практикалық сұрақтарға байланысты жағдайларда олар толық қанағаттандыратындай жауап қайтара алмаған. Яғни респонденттердің зерттеушілік қабылеті да әрі қарай дамуын талап етеді.

Сауалнама ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеу теориясы мен практикасы мәселелері бір-біріне тікелей тәуелді екенін көрсетіп, ойландыратындай жағдай тудырды. Оқушылардың бұл тақырыпты оқып білуі, оны тәжірибелік түрде меңгеруге қатысуы әртүрлі теориялық және практикалық әдістер мен оқыту шеберліктеріне байланысты.

Кесте 1. Қазақстандағы ХVІІІ - ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихын оқу барысы жөнінде мектеп және колледж студенттеріне жүргізілген сауалнама көрсеткіштері

Р/с

Сұрақтар

Жауаптар

Барлығы

1.

ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың отаршылдыққа қарсы сипаты және тарихи мәні түсінікті ме ?

ия, түсінікті

жоқ,

түсінікті емес

қайталап оқу керек

Респон-

денттер

Оқушылар

105

29

5

139

Білім алушылар

38

11

0

49

2.

Ұлт-азаттық күреске басшылық еткен тарихи қайраткерлерді білесің бе?

білемін

білмеймін

алдағы уақытта білетін боламын

Респонденттер

Оқушылар

117

22

139

Білім алушылар

28

21

49

3.

ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысты тұлғаларға сараптама жасап, зерттеулік ізденіс жүргіздің бе ?

ия

жоқ

мән бермедім

Респонденттер

Оқушылар

55

84

139

Білім алушылар

26

23

49

4.

Сабақ барысында қозғалыс басшылары, көтерілістің барысы жөнінде кестелер мен тест әдісінің түрлерін қолданып көрдің бе?

ия, көрдім

көрген жоқпын

үйрену керек

Респонденттер

Оқушылар

100

39

139

Білім алушылар

39

10

49

5.

Қазақ жеріндегі ХVІІІ - ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихындағы қайраткер тұлғаларының мұралары сақталған музей орындарына бардың ба ?

ия, барып көрдім

көрген жоқпын

қызықпаймын

Респонденттер

Оқушылар

24

112

3

139

Білім алушылар

26

23

-

49

6.

ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихы бойынша қандай әдебиеттер мен басылымдарды оқыдың?

тарихи-деректік кітаптарды

әдеби көркем кітаптарды

мерзімдік баспасөздерді (газет-журналдарды)

Респонденттер

Оқушылар

101

26

12

139

Білім алушылар

27

12

10

49

7.

Ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының ерлік істерін қалай бағалайсыз?

жоғары

орташа

төмен

Респонденттер

Оқушылар

133

6

-

139

Білім алушылар

49

-

-

49

8.

Ұлт-азаттық күрестердің тарихы мен батыр тұлғалалар туралы жас ұрпақтың танып білулері үшін не істеу керек деп ойлайсың?

тарихи кинофильмдер түсіру

анимациялық фильмдерді (мультипликациялық фильмдер) шығару

патриоттық негіздегі жұмыстарды арттыру

Респонденттер

Оқушылар

84

29

26

139

Білім алушылар

22

7

20

49

9.

ХVІІІ - ХІХ ғғ.  ұлт - азаттық қозғалыстардың тарихы бойынша сыныптас достарыңның арасында диалог болады ма?

ия, болады

жоқ, болмайды

айта алмаймын

Респонденттер

Оқушылар

101

38

139

Білім алушылар

25

24

49

10

Ұлт-азаттық көтеріліс басшыларына кластер жасап көрдің бе ?

ия, жасадым

жоқ, жасап көрмедім

күрделі жұмыс

Респонденттер

Оқушылар

65

74

139

Білім алушылар

18

31

49

Барлығы

188

Жанқожа Нұрмұхамедұлы көтерілісін оқыту ерекшеліктері. Ұлт-азаттық қозғалыс жүзеге асуы үшін өте маңызды факторлардың бірі – лайықты көшбасшысы, көсемі болуы шарт. Ұлттық идея мен мемлекеттік билік талабына жауап берген ұлт-азаттық қозғалысының тізгінін дана Абай атамыз айтқан ел басқаратын мәртебесі бар тұлғалар ұстады. Тап осындай мәнді белгілерге ие ұлт-азаттық қозғалысы Отан тарихында терең із қалдырғаны белгілі.

Арал өңіріндегі қазақтардың Хиуаның және Ресей патшалығының отаршылдығына қарсы азаттық қозғалысын басқарған ұлт тарихындағы аса ірі тұлға – Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы. Қасиетті бабаның ерлікке толы өмір жолына қызығушылық мектеп оқушылары үшін тарихи-көркемдік кітаптарды оқудан басталады. Туған жерім Қазалы қаласында 1992 жылы күз айында Жанқожа батыр кесенесінің салтанатты ашылуында мен өзге оқушылармен бірге сахналық киіммен бір сапта тұрғаным әлі есімде екенін айта кетейін. Кесене бүгінгі күні мемлекет қорғауына алынған, халық тағзым етер архитектуралық ескерткіш болып асқақтап тұр.

Жанқожа батыр өз жауынгерлерімен бірге Әмудария мен Сырдария арасында орналасқан Хиуаның әскерлеріне қарсы күресті 1836 жылы бастаған. 1842 жылы ірі бекініс Бесқаланы, 1843 жылы Қуандариядағы Хиуа бекінісін қиратты, ал 1845 жылы Сырдарияның төменгі ағысындағы қиратылған бекіністерді қалпына келтіру үшін Хиуа ханы жіберген саны екі мың адамға жететін жау әскерлерін талқандайды. Сол 1845 жылы жаздың соңында Кенесары хан Қоқанға қарсы күресін бастай отырып, Жанқожа батырдан көмек сұрады. Ермұхан Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында»еңбегінде: «Кенесары оған былай деп жазды: «Жанқожа батыр, қоқандықтар біздің қазақтарға тыныштық бермеуде: тонауда, өлтіруде, қоқандық бастықтар сіздің ағаңыз Сарманбиді өлтірді, сондықтан сізден сұрайтыным: егер Сіз келіссеңіз, онда мен Ұлы және Орта ордалардан жігіт жинап, Созақ қаласына келемін, ал Сіз Кіші ордадан жігіт жинап, қоқандықтармен соғысу үшін Созаққа келіңіз» - деп, беріледі (Бекмаханов, 1994: 201).Жанқожа батыр Кенесары ханмен бірге Сырдарияның төменгі ағыстарында орналасқан қоқандықтардың әскери бекіністері болған Жаңақорғанға, Күмісқорғанға, Шымқорғанға, Қоскорғанға шабуыл жасады. Жоғарыда баяндалған Кенесарының өтініші бойынша қоқандықтардың Созақ бекінісін алуға қатысты.

Орыс әскері Сырдың Арал теңізіне құяр сағасына жақын жерде орналасқан Райымды жаулап алған кезінде ел арасында, Сыр бойы мен Қарақұмды жайлайтын қазақтар арасында өте беделді, аса абыройлы болған Жанқожа батырға орыс басшылары өз мақсаттарына пайдалана алуы үшін жасауыл шенін береді. Алғашқы кезде Сыр бойындағы қазақтар мен Райымда бекінген орыстар арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Орыс әкімдерінің Жанқожа батырға аса сақтықпен қарағаны байқалады. Оған жасауыл шені берілгенде, батыр заң бойынша ант беруге тиіс еді. И.В. Аничковтің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» деп аталатын ақ патша әскерінің Сыр бойындағы алғашқы қадамы туралы тарихи очеркінде сол кездегі жазылған хұжжаттарда коменданттың батырды фортқа шақырып, артық мазалаудан қашып, діни сезіміне тиюден қорқып, ант беру салтанатын өткізе алмағандығы, ақыры ол ниет іске аспай, сол бір ант қағазының бұрынғы Райым бекінісінің архивінің бір жерінде сақталынып келгендігі ашық айтылған деп жазылған. 

1856 жылдың аяғына қарай басталғанқарулы күреске Есет Көтібарұлы және орыс жазбаларында жаратылысынан ақылды да мықты деп бейнеленетін Жанқожа Нұрмұхамедұлы басшылық жасады. 1857 жылдың қаңтарында қатары бес мыңға жеткен көтерілісшілердің Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийдің нұскауындағы зеңбіректермен қаруланған казак-орыс отрядымен кақтығыс Қазалыға жақын жердегі Арықбалық алқабында болғандығы, Жанқожа батырдың өзі ең алдында ақ туын көтере қол бастап шабуылға шыққандығы «Түркістан жинағында» жарияланған мәліметте баяндалған. Көтерілісшілер тең емес күште ауыр шығынға ұшырап көтеріліс талқандалды. 1860 жылы патша әкімшілігінің арнаулы жазалау жасағы Қызылқұмда жалғыз үй отырған қартЖанқожа батырды мерт етті. Бейіті Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Кәукей ауылынан 150 шақырымдай жерде, Қазақстан мен Қарақалпақ жерлерінің қиылысқан шекарасында тұр. 

Қазіргі кезде батыр бабадан қалған мұра ретінде өз сауыты ұрпақтарының қолында сақтаулы екені белгілі. 

Бүгінгі күнде батыр жөнінде көптеген ізденістер жүргізіліп, зерттеу материалдары жарияланса да өмір сүрген жылдары туралы жаңсақ мәліметтер оқулық (Қазақстан тарихы, 2010) пен оқу құралдарында (XІV және XX ғасырлар аралығындағы Қазақ елінің тарихы бойынша лекциялар, 2015), әдістемелік-педагогикалық журналдарда басылған материалдарда жарияланып келеді (Қазақстан тарихы, 2010: 77). Сонымен бірге басылымдарда Кенесары ханның Жанқожа батырдың қызына үйленгендігі жөнінде жазылған мағлұматтар кездеседі. Дұрысы батырдың қызы емес, қарындасы болып келеді.

Оқушыларға ұсынтын зерттеу мақсаттарының бірі – Жанқожа батырдың болуы мүмкін фотосуретін іздестіріп көру. Мысалы, кейінгі жылдары үзеңгілес оның замандасы Есет батырдың фотобейнесі табылып, оқу материалдарына енгізілді.1847 жылы батырдың генерал-губернатор В.Обручевпен кездескені мәлім. Сол кезде түскен фотодеректік бейнесі сақталуы мүмкін-ау деген жорамал бар. Бұл жөнінде батыр бабамыз туралы үлкен еңбек етіп жүрген жазушы Молдахмет Қаназов өз мақаласында жазған болатын.

Келешекте қазақ тарихында өз елінің азаттығын мұрат тұтып, ғұмырын отаршылдық пен езгіге қарсы күреске арнаған қаһарман тұлға Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы туралы жүйелі зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып, оқу процесі үшін жаңалықтар бермек.

Қорытынды. XVIII-XX ғасырдың басына дейінгі кезеңде қазақ халқының басынан көптеген сынақтар өтіп, ұлт ретінде тарих сахнасынан біржолата кету қаупі төнді. Бұл тарихи шындық. Қазақтың тәуелсіз мемлекетін жою нәтижесінде қазақтың кең-байтақ жері Ресей империясының провинцияларының біріне айналды. Жерді тартып алу, орыс шаруаларының жаппай келіп қоныстануы, табиғи ресурстарды бейберекет пайдалану, дәстүрлі басқару тәсілінің жойылуы, христиан дініне күштеп өткізумен орыстандыру қазақтардың ұлт ретінде сақталып қалуына қауіп төндірді. Осылайша қысымдықтан әбден үміті үзілген халық Ресейдің отарлау саясатына қарсы баскөтерулер ұйымдастыра бастады. Осы мәселелерге қатысты жаңа проекциядағы Қазақстандағы азаттық қозғалысына арналған сауалнамалық зерттеулер қажеттілігі күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Ұлт-азаттық күресіне арналған зертеулер мен оқулықтарды теория мен практиканың байланысы тұрғысынан қарастырып, осы салада мамандарды дайындау қажет. Сонымен қатар бұл мәселелер бойынша әдістемелік құралдар мен лекцияларды даярлап, мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарының оқутышаларына арналған арнайы курстар өткізу керек.

Жалпы айтқанда, Қазақстандағы XVIII - ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихына байланысты тақырыптарды оқыту теориясы мен практикасын зерттеу мәселесінің ғылыми-оқытулық маңызы өзекті боп саналады. Бұрын бұл мәселе арнайы ғылыми проблема ретінде қарастырылмаған. Бұл жағдайдың туындауына ұлт-азаттық қозғалыс тарихы теориясының және осы мәселені оқу процесіне енгізу практикасының сұрақтары жеткіліксіз зерттелгендігі басты себеп болды. Бұған көп жағдайда басқарушы режимнің идеологиялық үстемдігі және бұрынғы КСРО елдерінде нақты тәуелсіздіктің болмауы кедергі болды. Сондықтан бұл мақалада салыстырмалы түрде қазақ халқының тәуелсіздік үшін азаттық күресін зерттеу теориясы мен практикасының ерекшеліктері салыстырмалы түрде қарастырылады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. / Егемен Қазақстан. – 2017. –12 сәуір.

Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры. / Егемен Қазақстан. – 2018. – 21 қараша.

XІV және XX ғасырлар аралығындағы Қазақ елінің тарихы бойынша лекциялар. Оқу құралы. - Алматы: Дәуір, 2015. – 446 б.

Абдиров М.Ж. Завоевание Казахстана царской Россией. – Астана: Елорда, 2000. – 299 с.

Абылхожин Ж.Б. и др. Очерки по историографии и методологии истории Казахстана: монография. – Алматы: КазАТиСО, 2007. -320 с.

Бекмаханов Е.Б. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында. - Алматы: «Санат», 1994. - 356 б.

Валиханов Э.Ж. Кенесары. – Москва: Молодая гвардия, 2004. – 232 с.

Галиев В.З. Движущие силы народно-освободительной борьбы под предводительством Кенесары Касымова / Абылай хан. Кенесары (проблемы национально – освободительного движения). – Алматы: Гылым, 1993. – С. 102-103.

Қазақ көтерілістері: Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы»,  2014. - 279 б. 

Қазақстан тарихы. – 2010. - № 9 (96).

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 390 б.

Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық. / М. Қойгелдиев, Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, т.б. / Арнайы редакторы С.Ф. Мәжитов. – Алматы: «Мектеп», 2007. - 304 б.

Қойгелдиев М. К. Ұлттық саяси элита. – Алматы: Жалын, 2004. – 400 б.

Қозыбаев Манаш. Шығармалары. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2013. Т.3. - 281 б.

Мажитов С.Ф. Историческая наука Казахстана: современное состояние и тенденции развития: Монография. – Алматы: Ассоциация издателей и книгораспространителей Казахстана, 2013. - 262 с.

Мажитов С.Ф. Проблемы истории, теории и историографии народно-освободительного движения XVIII - начала XX вв. в Казахстане: Монография. – Алматы: Мектеп, 2007. - 350 с.

Мажитов С.Ф. История Казахстана. Электронный учебник. 8 класс. – Алматы: Республиканский центр информатизации, 2010.

Мажитов С.Ф. История Казахстана. Цифровые образовательные ресурсы. 8 класс. – Алматы: Республиканский центр информатизации, 2011.

Национально-освободительная борьба казахского народа в конце XVIII-ХIХ первой половине века. – Алматы: НБ РК, 1994. – 26 с.

Несипбаева К.Р. Современная англо-американская историография русской экспансии и колонизации Центральной Азии и Казахстана (XVIII – начало XX в.). – Алматы: Қазақ университетi, 1997. – 191 с.

Нурпеис К.Н Алаш һам Алаш Орда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 с.

Сужиков Б.М. Казахская политическая элита и трансформация этнической тождественности на рубеже ХIХ-ХХ вв. в зарубежной историографии  / Казахстан в начале ХХ века: методология, историография, источниковедение. – Алматы: Типография УД Аппарата Президента РК,  1993. – Вып. 1. – 83 с.

Российская империя в сравнительной перспективе. Сборник статей. – Москва: Новое издательство, 2004. – 393 с.

References

Nazarbaev N.Á. Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý. / Egemen Qazaqstan. – 2017. -12 sáýir.

Nazarbaev N.Á. Uly dalanyń jeti qyry. / Egemen Qazaqstan. – 2018. – 21 qarasha.

XIV jáne XX ǵasyrlar aralyǵyndaǵy Qazaq eliniń tarıhy boıynsha leksıalar. Oqý quraly. - Almaty: Dáýir, 2015. – 446 b.

Abdirov M.Zh. Zavoevanie Kazakhstana czarskoj Rossiej. – Astana: Elorda, 2000. – 299 s.

Aby`lkhozhin Zh.B. i dr. Ocherki po istoriografii i metodologii istorii Kazakhstana: monografiya. – Almaty`: KazATiSO, 2007. – 320 s.

Bekmahanov E.B. Qazaqstan ХIХ ǵasyrdyń 20-40-jyldarynda. – Almaty: «Sanat», 1994. - 356 b.

Valikhanov E`.Zh. Kenesary`. – Moskva: Molodaya gvardiya, 2004. – 232 s.

Galiev V.Z. Dvizhushhie sily` narodno-osvoboditel`noj bor`by` pod predvoditel`stvom Kenesary` Kasy`mova / Aby`laj khan. Kenesary` (problemy` naczional`no – osvoboditel`nogo dvizheniya). – Almaty`: Gy`ly`m, 1993. – S. 102-103.

Qazaq kóterilisteri: Ensıklopedıa. / Bas red. B.Ó. Jaqyp. – Almaty: «Qazaq ensıklopedıasy», 2014. – 279 b.

Qazaqstan tarıhy. – 2010. – № 9 (96).

Qazaqstan tarıhy (kóne zamannan búginge deıin). Bes tomdyq. 3-tom. – Almaty: «Atamura», 2010. – 390 b.

Qazaqstan tarıhy: Asa mańyzdy kezeńderi men ǵylymı máseleleri. Jalpy bilim beretin mekteptiń qoǵamdyq-gýmanıtarlyq baǵytyndaǵy 11-synybyna arnalǵan oqýlyq. / M. Qoıgeldıev, Á. Tóleýbaev, J. Qasymbaev, t.b. / Arnaıy redaktory S.F. Májıtov. – Almaty: «Mektep», 2007. – 304 b.

Qoıgeldıev M. K. Ulttyq saıası elıta. – Almaty: Jalyn, 2004. – 400 b.

Qozybaev Manash. Shyǵarmalary. – Almaty: «Qazaq ensıklopedıasy», 2013. T.3. – 281 b.

Majıtov S.F. Istorıcheskaıa naýka Kazahstana: sovremennoe sostoıanıe ı tendensıı razvıtıa: Monografıa. – Almaty: Assosıasıa ızdateleı ı knıgorasprostranıteleı Kazahstana, 2013. – 262 s.

Majıtov S.F. Problemy ıstorıı, teorıı ı ıstorıografıı narodno-osvobodıtelnogo dvıjenıa XVIII - nachala XX vv. v Kazahstane: Monografıa. – Almaty: Mektep, 2007. – 350 s.

Majıtov S.F. Istorıa Kazahstana. Elektronnyı ýchebnık. 8 klass. – Almaty: Respýblıkanskı sentr ınformatızasıı, 2010.

Majıtov S.F. Istorıa Kazahstana. Sıfrovye obrazovatelnye resýrsy. 8 klass. – Almaty: Respýblıkanskı sentr ınformatızasıı, 2011.

Nasıonálno-osvobodıtelnaıa bórba kazahskogo naroda v konse XVIII-HIH pervoı polovıne veka. – Almaty: NB RK, 1994. – 26 s.

Nesıpbaeva K.R. Sovremennaıa anglo-amerıkanskaıa ıstorıografıa rýsskoı ekspansıı ı kolonızasıı Sentrálnoı Azıı ı Kazahstana (XVIII – nachalo XX v.). – Almaty: Qazaq ýnıversıteti, 1997. – 191 s.

Nýrpeıs K.N Alash ham Alash Orda. – Almaty: Atatek, 1995. – 256 s.

Sýjıkov B.M. Kazahskaıa polıtıcheskaıa elıta ı transformasıa etnıcheskoı tojdestvennostı na rýbeje HIH-HH vv. v zarýbejnoı ıstorıografıı  / Kazahstan v nachale HH veka: metodologıa, ıstorıografıa, ıstochnıkovedenıe. – Almaty: Tıpografıa ÝD Apparata Prezıdenta RK,  1993. – Vyp. 1. – 83 s.

Rossııskaıa ımperıa v sravnıtelnoı perspektıve. Sbornık stateı. – Moskva: Novoe ızdatelstvo, 2004. – 393 s.

МРНТИ 03.20.00

ОСОБЕННОСТИ ТЕОРИИ И ПРАКТИКИ ПРЕПОДАВАНИЯ

НАЦИОНАЛЬНО-ОСВОБОДИТЕЛЬНОГО ДВИЖЕНИЯ

КОНЦА XVIII- НАЧАЛА ХX ВЕКОВ В КАЗАХСТАНЕ

А.А.Кабыл¹

¹Докторант Южно-Казахстанского государственного педагогического университета. Казахстан, г. Шымкент.

Аннотация.Вопросы разработки теории и практики преподавания тем, связанных с историей национально-освободительного движения в конце XVIII– начале ХХ веков в Казахстане имеют актуальное научно-образовательное значение. Ранее они не рассматривались в качестве специальной научной проблемы. Главной причиной подобного состояния были недостаточная разработанность вопросов теории истории национально-освободительного движения и практики внедрения этой проблематики в образовательный процесс. Во многом этому мешали идеологические установки правящего режима и отсутствие реальной независимости в странах бывшего СССР. Поэтому в даннойстатье в компаративном виде рассматриваются особенности теории и практики изучения освободительной борьбы казахского народа за независимость. В частности, приведены данные анкетного опроса по отдельным вопросам национально-освободительного движения в конце XVIII - начале ХХ веков. Учащимся колледжей и школ были заданы вопросы, которые позволили выявить степень их информированности по изучаемой теме. Опрос показал, что вопросы теории и практики изучения истории национально-освободительного движения находятся в прямой зависимости друг от друга. Вовлечение учащихся в тему зависит от разнообразия теоретических и практических приемов и методов.

Ключевые слова: История Казахстана, казахи, народные восстания, национально-освободительное движение, независимость, теория обучения, Российская империя, учебник, учебный процесс.

IRSTI 03.20.00

FEATURES OF THE THEORY AND PRACTICE OF TEACHING THE NATIONAL LIBERATION MOVEMENT OF THELATE 18th – EARLY 20th CENTURIES IN KAZAKHSTAN

A.A. Kabyl¹

¹Doctoral student of South Kazakhstan State Pedagogical University.

Kazakhstan, Shymkent.

Abstract. The issue of researchingthetheoryandpractice of teaching topics related to the history of the national research movement of the 18th - early 20th centuries in Kazakhstan are of current scientific and educational importance. Previously, they were not considered as a special scientific problem. The main reason for this problem was the insufficient elaboration of the questions of the theory of the history of the national-liberation movement and the practice of introducing this problem into the educational process. In many ways, this is hindered by the ideological attitudes of the ruling regime and the absence of real independence in the countries of the former USSR.Therefore, this article examines comparatively the features of the theory and practice of studying the liberation struggle of the Kazakh people for independence. Particularly, there were given survey data on special issues of the national-liberation movement of the 18th and beginning of the 19th centuries. Students of colleges and schools were asked questions which could distinguish the level of their knowledge about studied material. The survey showed that the questions on the theory and practice of study of the history of the national-liberation movement are directly correlated with each other. Involving the students to the theme is related to variety of theoretical and practical methods and devices.

Keys words: History of Kazakhstan, кKazakhs, independence, folk’s uprising’s, national-liberation movements, learning theory, Russian empire, textbook, training.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 2943

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА ӘОЖ 94 (5) ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӘOЖ 940.2 (574) OҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ҚOҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ШИРЕГI) ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ ҒТАМР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574); 930:37.016 К. НҰРПЕЙІСҰЛЫ - ПЕДАГОГ - ҒАЛЫМ (К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша) ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ Ш ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУЛАР САБАҚТАСТЫҒЫ УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы) ҒТАМР 03.29. ҚАШЫҚТАН БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖӘНЕ ДАМУ ТАРИХЫ: ФЕНОМЕНОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 17.71.01 КЕЙКІ МЕРГЕН: ХАЛЫҚТЫҚ БАЯНДАУЛАР ЖӘНЕ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.01.17 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАН-ЛАТВИЯ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРАНЗИТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_42

Автордың мақалалары

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ