Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ .

Ж.Б Исабеков. – ҚР МОМ ғылыми қызметкері. Г.А.Мейрманова - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Тарих, археология

ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ .

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(12), 2017

Тегтер: музейлік құндылықтар., киім коллекциялары, музейлік экспонат, материалдық мәдениеті
Автор:
Бұл мақалада қазақ халқының ұлттық киімдеріне қатысты жазылған еңбектерге талдау жасалған. Сонымен қатар олардың аймақтық ерекшеліктері және типтеріне жан-жақты қамтуға тырысқан. Киімдердің сипатына, тізілген негізгі материалдарға тоқталып, олардың атқаратын функциялары мен қазақ ұлттық киімдері жайлы жазған ғалымдардың еңбектері талданды. Мақаланы жазу барысында көптеген ғылыми еңбектер мен этнографиялық экспедициялардан жинақталған материалдар қолданылды.
Мазмұны:

 Киім халықтың материалдық мәдениетінде ерекше орынға ие болып, сол халықтың көпжылдық тарихын көрсетеді. Жаңа экономикалық және саяси өзгерулерге қарамастан халықтық киім, өзінің ежелгі формаларын тұрақты сақтап қалуда. Олардың көріністері әшекейлерде, әртүрлі киім формаларыңда қылаң беріп, белгілі бір халық және сол халықтың өткен тарихын зерттеуде маңызды орынға ие. Киімнің негізгі функциясы – денені қорғау, сонымен қатар, оның тағы бір қызметі халықты әлеуметтік тұрмысына, жынысына, жас ерекшеліктеріне қарай бөлу.

Кез келген халықтың өзіндік киім үлгілері бар, қазақ халқының ұлттық киімі ғасырлар бойы көптеген даму сатыларынан өтіп келеді. Бастапқы кезде тек тұрмыс-тіршілігіне мал шауашылығына ыңғайлы үлгіде тігілсе, кейіннен киім коллекциялары заман ағымына сауда-саттықтың, саясаттың т.б. сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырап отырған. Қазіргі таңда бұрыңғы киім үлгілерін тек  музейлік экспотанаттардан көре аламыз. Білім беру және тәрбиелік функция музей заттарының ақпараттық және экспрессивтік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қоғамның танымдық және мәдени сұранысын қанағаттандыру мәселесін қарастырады.

Қазақ халқының материалдық мәдениеті ғасырлар бойы өзіне ата-бабасының дәстүрін, өмір сүру салтына тән ерекшеліктерін бойына сіңіріп қалыптасты. Халқымыздың көшпелі өмір салты, оның дәстүрлі киім-кешегінің қалыптасуына әсерін тигізбей қоймады. Халқымыздың осындай ұмыт болып бара жатқан мәдениетін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртуда музейлердің алатын орны ерекше. Себебі, Алматы қаласы музейлерінде негізінен қазақ халқының ұлттық киім түрлері сақтаулы. Осы тұрғыдан алғанда Алматы қаласы музейлерінде сақтаулы тұрған киім коллекцияларын зерттеп, зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарына жатады. Қазақ халқының ұлттық кимдеріне байланысты зерттеулер мақаланы жазу барысында жан-жақты қарастырылды. Жалпы қазақ киімдері туралы мәліметтерді көбінесе саяхатшылардың, колллекция жинаушылардың, музей экспозициясынан, этнографиялық әдебиеттерден, суретшілердің еңбектерінен кездестіруге болады. Қазақ жеріне саяхат жасаған жиһанкездердің қолжазбалары мен қытай жылнамаларында Орта Азияны мекендеген көшпелілер тері, жүн және бағалы аң терілерінен дайындалған киім-кешекті кең қолданғандығы туралы жиі айтылады. Солардың арасында Сейфидің 1582 жылы жазылған шығармасында қазақтардың киімі туралы қызықты мағлұматтар бар. Ол былай деп жазады: «..олардың күртелері қойдың терісінен жасалған, әртүрлі түске боялады да, атласқа ұқсайды, оларды Бұқараға әкеліп, атлас шекпеннің құнымен бірдей бағаға сатады» [1, 56-62 бб.].

Қазақ халқын зерттеу мақсатында жазылған құнды еңбектердің бірі «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Под ред. В.П. Семенова. Том 1. Киргизский край». Сант-Петерборда 1903 жылы жарық көрген еңбекте қазақтардың киім кию мәдениетіне байланысты көптеген мәліметтер жазылған. Келесі дерек ретіндегі еңбек: Казахи. Антропологические очерки. Под редакцией Баранова, Букейханова и Руденко. СПб, 1927.

Қарастырып отырған мәселеге байланысты еңбектер көп емес. Кеңестік кезеңде қазақтың киім кешегіне алғаш рет көңіл бөлген көрнекті қазақстандық этнографтар И.В. Захарова мен Р.Д. Ходжаева [2]. Дәстүрлі қазақы ортада қолданыста болған киімнің түрлері жайлы егжей-тегжейлі жазған И.Муравин, Д.В. Гладышев, П.И. Небольсин, А.И. Левшин [3], Г.Катанаев [4] және басқа да орыс зерттеушілерінің еңбектерінде кездеседі.

  Алматы қаласы музейлерінің ішінде ұлттық киім түрлерінің көптеп сақталғаны – ҚР Мемлекеттік Орталық музейі (ҚР МОМ). Осы орайда тақырыпқа қатысты ғылыми еңбектер ішінде ерекше толымды еңбек – 2009 жылы ҚР МОМ директоры Н. Әлімбайдың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» атты иллюстрацияланған ғылыми каталогы [5]. Бұл еңбектің құндылығы сонда – каталогта ҚР МОМ қорындағы хронологиялық шеңбері XVIII-ХХ ғғ. ортасына дейінгі аралықты қамтитын, барлығы – 371 музейлік құндылықтар киімнің түрлері бойынша топтастырылып, ғылыми сипатталған. Олардың жасалуы, пішімі, тігу техникасы туралы толық сипаттамаларға қоса заттарға қатысты жасалған уақыты, орны, шебері, материалы, әзірлеу техникасы сияқты деректер, сондай-ақ, қажетті түрлі-түсті фотолары, ою-өрнек, безендірілуі туралы мәліметтер берілген. Каталогта сахналық киімдерге байланысты құнды мәліметтер бар. Мақаланы жазу барысында осы каталогтан алынған материалдар үлкен септігін тигізді.

Қарастырып отырыған тақырып үшін маңызды зерттеу – Бабақұмар Қинаятұлының «Қазақ халқының ұлттық киімдері» атты еңбегі [6]. Бұл еңбекте қазақтың дәстүрлі киім үлгілері жан-жақты сипатталып, зерделенген. Бұған қоса оның киімге қатысты бірнеше мақалалары да бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті т.ғ.к., М.Қ. Егізбаева «Қазақ халқының материалдық мәдениеті» атты оқу құралын жазылған [9], сонымен қатар студенттерге арналған Г.Б. Қозғамбаеваның «Дәстүрлі қазақ костюмінде пайдалаланылған материалдар (ҚР Мемлекеттік Орталық музей коллекциялары негізінде)» атты мақаласында музейдегі ұлттық киім түрлерінің тігілуі және қолданылған мата түрлеріне байланысты мәселелер қарастырылған[10]. Осы аталған еңбектердің біздің қарастырып отырған тақырыбымызға тікелей қатысы бар. Л. Ибраеваның «Әнші Роза Бағланованың сахналық киімдері» (ҚР МОМ материалдарынан), «ҚР МОМ қорындағы аяқ киім коллекциясы» атты мақалаларының біздің жұмысымыз үшін маңызы зор болды және осы мақалаға қажетті мәліметтерді алдық.

Ал жалпы қазақ қалқының ұлттық киімдеріне қатысты зерттеулерді талдасақ, бірінші, төңкеріске дейінгі еңбектер туралы айтып кету керек. Мәселен, ХVІІІ-ХІХ ғасырдың басындағы П.С. Паллас, И.Г. Георги, А.И. Левшиннің еңбектерінен қазақ киімінің сипатын көрсететін бірнеше суреттерді кездестіруге болады [7].

ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында қазақ даласына орыс генерал штабы зерттеу жүргізе бастайды. Осындай зерттеуге М.Крассовскийдің қазақ костюмін толығымен сипаттаған еңбегін жатқызуға болады. Ол өз еңбегінде киімнің тігілген матасы мен оның сапасына аса мән берген. Ол қарапайым қазақ отбасының киім кешегіне қанша мата жұмсалатыны және оның құнын есептеп қарастырған. М.Крассовскийдің мәліметтері Ақмола және Семей, Орталық, Солтүстік Шығыс Қазақстан қазақтарына байланысты жазылған. Сондай-ақ, Л.Мейер Орынбор қазақтарының киімдеріне қысқаша сипаттама берген.

Оңтүстікті мекендеген қазақтарының киімдері туралы мәлімет аз және олардың барлығы жалпы сипаттама түрінде берілген (А.Кустанаевтың кітабынан басқасы). Сол сияқты Н.Зеланд және А.П. Краснов Жетісу қазақтары туралы жазса, Іле ауданы қазақтарының  киімі туралы Матцеевский, Ф.В. Поярков еңбектерінде қаралған. Жетісу қазақтарының киімдеріне С.Болотов (ер және әйел киіміне сипаттама), В.В.Верещагина (бір жанұяның киімдерінің сипатталуы), Мак-Гахана (жас қыздардың киімдері) және Абазык К.К. (ерлердің костюмі) сипаттама берген.

Н.Васильев «Кочевники Туркестана» (1890) атты мақаласында мал шаруашылығымен айналысқан тұрғындардың киім тігуге арналаған материал сапасы мен киімге кететін мата шығыны туралы жазған.

Маңғыстау қазақтарының киімдері туралы Ф.И. Михайлов өз еңбектерінде сипаттаған.  XIX ғ. аяғы XX ғ. басындағы көптеген этнографиялық әдебиеттер пайда болды (кітаптар, мақалалар, жалпыланған географиялық басылымдар). Олардан қазақ  киімі туралы мәліметтер кездестіруге болады. Л.Ф Костенко Жетісуды зерттеу барысында Мейердің зерттеуіне қарап күнделікті киімдерге сипаттама берген. П.С. Усова да Жетісу туралы «Живописная Россиядағы» (т.10. 1885 ж.) мақаласында тағы да Мейер мақаласын негізге ала отырып, қазақ киімдерін сипаттайды. Х.Кустанаевтың мәліметтерін «Россия» (1913 ж.) деген ХІХ томдық еңбекте И.Масальски пайдаланған. Н.И. Гейер, Э.С. Вульфсон, А.Нисченков және Шиле И.Казанцевтің мәліметтерін қолданған.

Қазақ киімдері арнайы зерттеу нысаны болмады және 1917 жылдан кейінгі осы мәселеге қатысты этнографиялық әдебиеттер негізінен тек сипаттама түрінде жазылған. Тек кейбір еңбектер де ғана зерттеуге тырысқан. Бірақ олар қазақ мәдениетін жалпы қарастырған. Жоңғария қазақтарының этнографиясы туралы Грум-Гржимайлоның еңбегінен көруге болады. Мұнда  автор абақ-керейлердің киімін суреттеп жазады  және басқа өңір қазақтарының киіміне салыстырмалы талдау жасауға тырысқан.

Белгілі кеңестік этнограф және археолог Б.А.Куфтин өзінің «Киргиз-казаки. Культура и быть» (1926) еңбегінде СССР халықтары музейі және этнографиялық әдебиеттер негізінде қазақ халқының киіміне тоқталған. Автор қазақ киімінің шаруашылықпен байланысын көрсеткен.

1926 жылы КСРО ҒА Қазақстан экспедициясының антропологиялық тобын басқарған С.И. Руденко Ақтөбе облысында болып, ондағы қазақтардың материалдық мәдениетін жан-жақты зерттейді. Ол 1927 жылы Семей, Шығыс Қазақстан облыстарын зерттеген. Жиналған материалдар негізінде С.И.Руденко Батыс Қазақстандағы Әлім, Адай руларының және Шығыс Қазақстан қазақтарының киімдерін толығымен суреттеп,  бірненше мақалалар жариялайды[11]. Ол киімдердің рулық айырмашылығын, оның  шаруашылықпен байланысын көрсетуге тырысқан. Автор киімнің және оның материалы мен элементтеріне дәл терминалогиялық түсініктеме берген, зергерлік бұйымдардың ерекшеліктеріне тоқталған.

Соғыстан кейінгі жылдардағы этнографиялық еңбектерде қазақ шаруаларының киіміне сипаттама беріліп, олардағы Кеңес билігі тұсындағы  өзгерістерге тоқталған.

Орталық Азия және Қазақстан халықтарының атласын жасауға байланысты 1955 жылдан бастап Қазақ КСР ҒА археология және этнология институты Қазақстан территориясын кешенді зерттеуді бастайды. Мұнда негізінен жергілікті рулардың мәдениеті және тұрмысындағы ерекшеліктері мен олардың ескі түрлерін саралаған. Қазақтардың киімдерінің ерекшеліктері туралы мәліметтер негізінде экспедияция есептері және мақалалар жазылған. Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімі қызметкерлерінің қазақтардың дәстүрлі және осы заманғы тұрмысын зерттеген еңбектерінде киім туралы деректер ұшыраса бастады.

Құрамында ғылыми қызметкерлер Д.Рахметов және М.Уралов бар этнографиялық экспедиция 1946-1948 жж. аралығында Семей және Шығыс Қазақстан облыстарына  зерттеулер жүргізді. Бұл экспедицияның жұмысы Қазақстандағы этнографиялық зерттеулердің бастамасы болды. М.Уралов пен Д.Рахметов Шығыс Қазақстанның Зайсан, Тарбағатай және Ақсу аудандарында болды және экспедиция есебіне сүйенсек қазақтардың мүлдем жоғалып кеткен киім түрлеріне байланысты құнды да қызықты этнографиялық материалдар жинаған. Өкінішке орай экспедиция нәтижелері жарияланбаған, архивте мәлімет сақталмаған.

Белгілі этнограф Х.А. Арғынбаевтың мақаласында шығыстағы қазақтардың дәстүрлі материалдық мәдениетінде орыстармен қатынас нәтижесінде пайда болған өзгерістер туралы баяндалған. Онда қазақтардың киімідегі өзгерістер, керісінше орыс киіміне қазақтардың әсері айтылады. Еңбекте автор, қазақтың киімдерін әлеуметтік топқа жіктей отырып қарастырған және әшекей бұйымдарға сипаттама жазған.

Э.А.Масановтың «Войлочное производство у казахов» атты мақаласында қазақ халқының киімінде киіздің қандай да бір бөлігі міндетті түрде қолданылатыны туралы айтылған. Алғаш рет мұнда киізден жасалған кебенек киім түрінің жасалуы туралы жазылған.

Ресей ғылым академиясының экспедиция негізінде Қазақ халқының киімдерін зерттеген классикалық еңбек И.В. Захарова мен Р.Д. Ходжаеваның «Казахская национальная одежда: XIX-начала XX вв.» (1964) деген монографиясы жарық көрді. Бұл еңбекте негізінен ерлер, әйелдер және балалар киімдерінің түрлері мен үлгілеріне, олардың тігілу техникасы мен материалдарына, сондай-ақ, еңбекте киімнің негізгі элементтері болып табылатын белдіктер мен әшекей бұйымдарға  тоқталған.

Экспедиция негізінде И.В. Захарова мен Р.Д. Ходжаеваның «Казахская национальная одежда: XIX-начала XXв.» [2] деген монографиясы жарық көрді. Бұл еңбекте негізінен ерлер, әйелдер және балалар киімдерінің түрлері мен үлгілеріне, олардың тігілу техникасы мен материалдарына, сондай-ақ, еңбекте киімнің негізгі элементтері болып табылатын белдіктер мен әшекей бұйымдарға  тоқталған.

2005 жылы Ш.Ж. Тоқтабаеваның “Серебряный путь казахских мастеров” атты қазақ қолөнеріне байланысты монографиясы жарық көрді [8]. Монографияда қазақ халқының заттық мәдениетінің үлкен бөлімі-дәстүрлі көркем металл, оның ішінде киімге тағылатын әшекейлер бойынша маңызды мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ жұмыста қазақ халқының Орта Азия, Оңтүстік Сібір, Солтүстік Кавказ және Шығыс халықтарымен мәдени байланыс мәселелері қарастырылған.

Қазақстан музей ісінің қалыптасуы мен дамуы жайында құнды мәліметтер қалдырған М.Е. Массон, А.С. Махонин, Л.Ф. Семенов, А.А. Адрианов, А.М. Жиреншин еңбектері, республикадағы мәдени құрылыс және мемлекеттік саясат мәселелері төңірегінде жарыққа шыққан Н. Жангелдин, А.Ж. Жөкібаев, К. Канапин, Р.Б. Сүлейменов, Х.И. Бисенов, Е.С. Исмаилов, Г.С. Сапарғалиев туындылары, тәуелсіздік алғаннан кейін мәдениет тарихын жаңа методологиялық ұстанымдар негізінде қарастырған Х.М. Әбжанов, Қ.Ә. Ахметов, Н. Әлімбай, А.Т. Капаева, С.З. Баймағамбетов т.б. ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысын жазуға арқау болды. Музей ісінің теориялық-методологиялық негізін және тарихын зерделеуде В.К. Гарданов, А.Б. Закс, Д.А. Равикович, А.М. Разгон, В.Н. Игнатьева, О.В. Ионова, Н.С. Зузыкина еңбектерінің маңызы зор.

2005 жылы Ш.Ж. Тоқтабаеваның “Серебряный путь казахских мастеров” атты қазақ қолөнеріне байланысты монографиясы жарық көрді [16]. Монографияда қазақ халқының материалдық мәдениетінің үлкен бөлімі-дәстүрлі көркем металл, оның ішінде киімге тағылатын әшекейлер бойынша маңызды мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ жұмыста қазақ халқының Орта Азия, Оңтүстік Сібір, Солтүстік Кавказ және Шығыс халықтарымен мәдени байланыс мәселелері қарастырылған.

ҚР МОМ басшылығымен 2013 жылы жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі категориялары мен ұғымдарының түсінігі» [17] атты бес томдық энциклопедияда қазақтың бас киімінен бастап аяқ киіміне дейін әр бұйымға бөлек тоқталып, сөздің этимологиясын жазған. Қазіргі кезде этнографтар бірқатар мақалалар жазуда, алайда қазақ халқының ұлттық киімін толық зерттейтін ізденушілерін күтеді.

ХІХ-ХХ ғасырдағы дәстүрлі киім кешекке тоқталатын болсақ бұл кезде Ресеймен, Қытаймен және Орта Азиямен сауда қатынасы жандана түсіп, қазақ халқы киімнің жаңа кешені пайда болды. Ол, Қытаймен және Орта Азиядан әкелетін мақта-мата, жібек және т.б. матадан тікті. Ресейден келген фабрикада шыққан маталар ерлер мен әйелдердің ішкі және сырқы киімдерін  тігуге пайдаланылды. Қарапайым халық көбінесе ең төмен сапалы бөз, сиса, шұға (қар, көк және қызыл түсті) және т.б. маталарды қолданды, ал байлар киімге барқыт, мақпал, жібек және жұқа жоғары сапалы  маталардан киім тіктіріп отырған. Осы үрдістің әсерінен киімде, оны тігуде, мата таңдауда өзгерістер пайда болды.

Қорыта айтқанда қазақ халқының ұлттық киімдерін зерттеу әлі де өзекті мәселе және өз зерттеушілерін күтеді. Сондықтан болашақ этнографтар көптеген мәселелерге ден коюы тиіс.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда (ХIХ – нач. ХХв.) Алма-Ата: Наука, 1964; - 344 б.

2.  Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Настольная и дорожная книга для русских людей. Под ред.Семенова. СПб  изд А.Ф.Деврена. 1903.

3.  Бабақұмар Қинаятұлының «Қазақ халқының ұлттық киімдері». Алматы, 2002;

4.  Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі. Ғылыми каталог (Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Ғылыми редактор мен жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. – Алматы; Өнер, 2009. -344 б.

5.  «Қазақтың дәстүрлі категориялары мен ұғымдарының түсінігі». Ғылыми редактор мен жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. – Алматы; Өнер, 2009. -344 б.

6.  Попова Л.Ф. Казахские головные уборы в альбоме рисунков В. Плотникова.// Лавровские сборник материалов 34-35 Среднеазиатские чтения 2010-2011 гг. СПб, 2011.

7.  Жангелдин Н. Казахская национальная одежда. Алматы; Pipar, 1998.

8.  Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987;

9.  Егізбаева М.К. Қазақ халқының матариалдық мәдениеті. Алматы, Қазақ университеті, 2003.

10.  Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей (под общей редакцией акад. М.Козыбаева). – Алматы: Санат, 1996;

11.  Тохтабаева Ш.Ж. Этикет казахов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2013.

12.  Историко-культурный атлас казахского народа. – Алматы: Print-S6 2011.

13.  Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Алматы: Қазақстан, 1993;

14.  Ахметжан Қ. Қауырсын жыға қадаған. Баскиім кию дəстүрі кімдерден басталады? // АТ. 2 ақпан, 2006;

15.  Қазақтың дəстүрлі киім-кешектері. Іле халық баспасы, 2006;

16.  Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент, 1889.

17.  Тохтабаева Ш.Ж. Серебряный путь казахских мастеров. А., 2005.

References

1.  Zakharov 1. I, ST Khodjaeva Kazakh nationalibus habitu (XIX - diluculo XXcen ..) Alma-Ata: Scientia, MCMLXIV, - b CCCXLIV.

2.  Russia. Plenam descriptionem orbis patria. Liber via ad Desktop quod Russian populus. Sub red.Semenova. S. Petersburg A.F.Devrena ed. MCMIII.

3.  Babaqumar Qïnayatulınıñ "Kazakh nationalibus indumenta." Almaty, MMII;

4.  Kazakh traditional habitu decantavit. Catalogus scientific (Kazakh, Russian et linguis Latina). Et scientific Editor project procurator Nursan Alimbay. - Almaty; Ars, 2009. -344 p.

5.  Quod ex conceptu 'traditional genera Kazakh formas et notiones valde ". Et scientific Editor project procurator Nursan Alimbay. - Almaty; Ars, 2009. -344 p.

6.  Popova DPS Hats in album de Kazakh drawings Plotnikova .// Lavrovskaya sourcebook 34-35 Central Asian legitur 2010-2011. S. Petersburg, MMXI.

7.  Zhangeldin National Kazakh vestimenta sua. Almaty; Pipar, MCMXCVIII.

8.  H. Argynbaeva Kazakh populus artis. Almaty: Ars, MCMLXXXVII;

9.  Egizbaeva M.K. Kazakh xalkinin materialdik madenieti. Almati, 2003.

10.  Levshin intellegentiae artificialis Descriptio kirghiz-adsurgit et illic Cosacorum et Kirghiz Kaisak populique multi tecum (sub generali editorship de philos. Kozybaev M.). - Almaty: Sanat, MCMXCVI,

11.   XI Tohtabaeva Etiquette Kazakhs. - Almaty: Dyke Press, MMXIII.

12.   Historia culturalis Atlas de Kazakh populo. - Almaty:-Print S6 MMXI.

13.   RN cft aequalis Şoybekov Kazakh jewelry artis excellentia vocabulorum concordat. Almaty: Kazakhstan, MCMXCIII,

14.   A. D. Configuration.Fields qadağan plumis. Quis hoc faciunt traditionis ad induendum mitrae neque incipiam? // IT. February II, MMVI,

15.   Kazakh traditional judicium. Sub auspicio Populi scriptor Publishing Domus, MMVI,

16.   Grodekov NI Lingua Kirgistana et Karakirgiz laxarte regionem. V.1. Legal vitae. Tashkent MDCCCLXXXIX.

17.   XI Tohtabaeva Lingua domini pecuniam itineris. A. MMV.

 

Аннотация. В этой статье проводится детальное изучение работ по национальной одежде казахского народа. А также исследуется  их региональные особенности. Основное внимание было уделено работам исследователей, изучавших казахскую национальную одежду, также рассматривались детали и характер одежды. Для написания статьи были использованы материалы, собранные из многих научных трудов и этнографических экспедиций.

Ключевые слова: материальная культура, музейные экспонаты, коллекция одежды, музейные ценности.

Annotation. This article examines scientific works on the ethnic dress of the Kazakh people, their regional characteristics and types. The main attention was paid to the work of researchers who studied Kazakh national clothes, also examined the details and character of clothing. To write the article, were used materials from many scientific works and ethnographic expeditions.

Key words: material culture, museum exhibits, collection of clothes, museum values.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз