Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » УДК 328.184 (569.4):327(73) Израильдік лоббизмнің АҚШ-тың сыртқы саяси бағытын қалыптастырудағы ықпалы жөнінде

Күзембаева Ә.Б. – т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доцент м.а., asiya.kuzembayeva@kaznu.kz Байкушикова Г.С. – PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафе

УДК 328.184 (569.4):327(73) Израильдік лоббизмнің АҚШ-тың сыртқы саяси бағытын қалыптастырудағы ықпалы жөнінде

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(10), 2017

Тегтер: Ұлттық әрекет комитеті., еврейлік ұйым басшыларының конференциясы, Қоғамдық байланыстар жөніндегі американдық-израи, Израиль лоббисі, АҚШ
Автор:
Мақалада АҚШ сыртқы саясатындағы израильдік лоббидің рөлі мен орны, мақсаттары, міндеттері мен ықпал ету әдістері қарастырылған. Авторлар израильдік лоббизмге қатысты мәселелер кешенін талқылайды: пайда болу себебі, негізгі еврей лоббистік ұйымдардың мақсаттары, қызметінің нәтижелері, т.б. Лоббистік қызметтің, оның ішінде АҚШ-тың израильдік бағытын сынға алушыларымен күрес әдіс-тәсілдері көрсетілген. Израильдік лоббистер қызметінің негізгі бағыттары АҚШ-Израиль одағын сақтау мен Израиль мемлекетіне жан жақты көмек көрсету, Израильге қауіп төндіретін мемлекеттерге қару-жарақтарды сатуға немесе жіберуге жол бермеу, Израильде заманауи жоғары техникалық қаруландыру жүйесін құру мен дамыту, антисемитизм және төзімсіздіктің кез-келген түрлерімен күресу сияқты мәселелерді қамтитындығы атап өтілген. Израиль лоббисінің факторы сараптау-талдау орталықтарының зерттеулеріне де ықпал ететіндігі айқындалды. Түйін сөздер: АҚШ, Израиль лоббисі, Қоғамдық байланыстар жөніндегі американдық-израильдік комитет, еврейлік ұйым басшыларының конференциясы, Ұлттық әрекет комитеті.
Мазмұны:

Қазіргі әлемдік саясат трансформациялануда. Жаһандану жағдайында көші-қон үдерістері көлемінің артуына байланысты экономикаға және көптеген мемлекеттердің саясатына ықпал етудің маңызды сыртқы саяси құралдардың бірі ретінде диаспоралық саясат пен оның аясында құрылып жатқан лоббисттік қозғалыстар шығуда.

Лоббисттік қызметпен түрлі этникалық топтардың, диаспоралардың, және американдық қоғамдық топтарының мүдделерін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері айналысады.  Осы сипаты үшін лоббизм қазіргі кезде АҚШ  саяси жүйесінің маңызды бір қоғамдық-саяси институты ретінде атана алады. Джон Ф. Кеннедидің пікірінше, «көп лоббистер - бiлiктi техникалық мамандар, күрделi мәселелерді түсiндiруге, қиын тақырыптарды айқын және түсiнiктi тiлмен жеткізуге қабілетті. Олар конгресс мүшелерімен жеке сұхбат барысында ө зұстанымдарын толықтай дәйектей алады... Әр түрлі экономикалық, коммерциялық және басқа функционалдық мүдделерді қорғайтын лоббистер тиімді мақсатта қызмет етеді және заң шығарушы процесте маңызды рөл атқарады» [1].

АҚШ-тағы этникалық лоббистік топтардың ішінде  Израиль лоббисі ең беделді болып табылады. Израиль АҚШ-тың Таяу Шығыс аймағындағы басты стратегиялық әріптесі және ланкестікпен күрестегі таптырмас одақтасы, сондықтан оған кең ауқымды көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Құрама Штаттардың Израильге көмектесуінің бірден-бір себебі – Құрама Штаттардағы произраильдік лоббидің АҚШ сыртқы және ішкі саясатына көрсететін ықпалы. Мақалада соңғы мәселеге тереңірек көңіл бөлінеді.

Құрама Штаттар мен Израиль арасындағы достық қарым-қатынастар жылдар бойы мемлекеттер арасындағы қатынастардың салқындауын да, нығаюын да басынан өткізді. Қазіргі кезде Израиль -  АҚШ-тың ең жақын одақтасы. 

АҚШ-тағы Израильдік лоббидің ресми және ресми емес түрі айқындалады. Ресми емес лоббиге әр түрі бағыттағы америкалық христиандарды жатқызуға болады. Олар Израиль туралы жаңалықтарды христиандық радиоарналар мен теледидардан тарату, америкалықтарды еврейлік мәдениет және дәстүрлерімен таныстыратын Иерусалим үшін «Дұға оқу күні» арқылы Израильге қолдау көрсетеді. Ресми емес лобби еврейлік ұйымдардың жұмысында да көрініс табады. 

Ресми лобби ұйымдасқан лоббистік топтардан, саяси әрекет комитеттерінен, «ми» орталықтарынан құралады.  Израиль тарихын зерттеуші жетекші ғалым Митчелл Бард АҚШ-та произраильдік лоббилеу мүддесі бар үш негізгі ұйымды көрсетеді: «Христиандардың Израиль үшін бірлестігі», «Қоғамдық байланыстар бойынша американдық-израильдік комитет», «Жетекші еврейлік ұйым басшыларының конференциясы». 

«Христиандардың Израиль үшін бірлестігі» произраильдік лоббидің ірі ұйымы болып табылады. Негізінен, Израильдің бөлінбеуі мен Иерусалимнің тұтастығы міселелерімен айналысады. Сонымен қатар, АҚШ министрліктерінің еврейлік қызметкерлері, шіркеулік ұйымдар мен жеке тұлғалар арқылы Израильге қаржылық және саяси қолдау көрсетіп отырады. Ұйым американдық еврейлерге тыңдалуға мүмкіндік береді, қоғамда олардың мүдделерін қорғайды. Ұйымға еврейлер де, басқа ұлт өкілдері де мүше. Ұйымды Джон Хаги басқарады. 

«Қоғамдық байланыстар жөніндегі американдық-израильдік комитет» (AIPAC) АҚШ Конгресінде лоббистік қызметпен айналысады. Комитет өз қызметін 1951 жылы бастады. Оның атауы «Қоғаммен байланыстар бойынша американдық-еврейлік комитет» болған, кейіннен «Қоғамдық байланыстар жөніндегі американдық-израильдік комитет» деп аты өзгертілді. 

Ұйым демократтармен де, республикандықтармен де жұмыс жасайды, партия маңызды емес, бастысы – партиялар америкалық-израильдік қатынастарды нығайтатын саясатты қолдау қажет. Қоғамдық байланыстар бойынша американдық-израильдік комитеттің жұмысы Израиль мен АҚШ арасындағы қатынастар екіжақты пайдалы екендігін көрсету болып табылады. Бұрынғы сенатор Джозеф Либерманның пікірінше,  «...Америка Израильдің ең сенімді досы және одақтасы. Ал, Израиль АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең  сенімді досы және одақтасы болды. Құрылған кезінен бастап ... AIPAC осы өзара байланысты нығайтып келеді» [2]. 

Қоғамдық байланыстар жөніндегі американдық-израильдік комитет әр түрлі жастағы, діндегі, нәсілдегі произральдік белсенділермен әріптестік орнату арқылы жұмыс жасайды. Ұйымның құрылымы 10 бөлім мен жеті бөлімшеден тұрады. Одан басқа, AIPAC колледж және орта мектеп оқушыларымен жұмыс жасайды, бұл белсенді студенттердің қолдауына ие болуға мүмкіндік береді. Осының бәрі Комитеттің кең ауқымды жүмысына тиімді әсер етеді.

AIPAC өз қызметінде әр түрлі 55 ұйымдарының басшыларынан тұратын «Жетекші американдық-еврей ұйымдар президенттерінің конференциясына» сүйенеді [3]. «Жетекші американдық-еврей ұйымдар президенттерінің конференциясы» еврей қауымдастығы мен АҚШ атқарушы билік арасындағы байланысты орнатумен айналысады. Бұл мекеменің мақсаты -  сыртқы саясат мәселелерінде «еврей ұстанымын» қорғау. 

АҚШ-тағы израильдік лоббиді құрайтын тағы бір ірі изральдік «саяси әрекет комитеті» - Ұлттық әрекет комитетінің (National Action Committee – NACPAC) қызметі. АҚШ-та «саяси әрекет комитеттерін» құру туралы заңды  конгрес 1970 жылдың басында қабылдағанын атап өту керек. Бұл ұйымдар (AIPAC-қа қарағанда) ресми «лобби» деп саналмайды, сондықтан, сайлаулы лауазымдарға, ең алдымен, конгрестегі орындарға сайланатын кандидаттарға қаржылай қолдау көрсетуге құқығы бар. Бірақ, бір ықтимал конгресменге қаржылай көмек көрсету бағасы шектелген. Мысалға, NACPAC үшін бұл сома 15 мың АҚШ долларынан  аспайды [4]. Әрбір «саяси әрекет комитеттер»  АҚШ-тың Федералды сайлау комиссиясына өздерінің қаржыландыру көздерін және түскен қаражатты жұмсалу туралы ақпараттарын көрсетуге міндетті.  Бұл басқа мемлекеттердің АҚШ-тың ішкі мәселелеріне араласуына жол бермеу үшін жасалады.

Ұлттық әрекет комитеті  1980 жылы құрылды, және де конгрестің израильдік көзқарастағы кандидаттарына қаржылай көмек көрсететін 50  «саяси әрекет комитеттері» арасындағы ең ірі ұйым болып табылады. NACPAC-тың жетекшілігі жыл сайын сайлау науқандарына бөлетін қомақты қаржылай көмегімен анықталады. Мысалы, 2012 жылы бұл сомма 331 000 доллар болды. NACPAC-тың негізгі қаражат көздері мүшелік жарналар және де Ұлттық комитет мәлеметтері бойынша, ұйым мүшелерінде тек еврейлер емес, өзге де этникалық, конфессионалдық қоғамдардың өкілдері бар [5].

NACPAC американдық–израильдік одақты сақтау мен еврей мемлекетіне жан-жақты көмек көрсету идеяларын қолдайтын конгрестің мүшелеріне немесе үміткерлерге көмектеседі. NACPAC-тың Израильге көмек көрсетуіндегі жағдайлар:

■жыл сайын әскери және экономикалық көмек беруді қолдау;

■Иерусалимді Израильдің бөлінбейтін астанасы ретінде мойындатқызу және АҚШ елшілігін сонда көшіру талабын қолдау;

■Израильге қауіп төндіретін мемлекеттерге қару-жарақтарды сатуға немесе  жіберуге қарсы әрекет жасау;

■Израильде қазіргі жоғары техникалық қаруландыру жүйесін құруға, дамытуға, соны ішінде, бірлесіп дайындауға әрекет жасау;

■Жаппай қырып жою қаруларын таратуға қарсы әрекет жасау.

NACPAC АҚШ-тың екi жетекшi саяси партияларының кандидаттарымен  қызмет етеді.

Жоғарыда көрсетілген ұйымдардан басқа Құрама Штаттарда Израильге қолдау көрсететін «ми» орталықтары бар. Олардың ішіндегі негізгісі «J street» деп аталатын коммерциялық емес либералды насихаттау тобын көрсетуге болады.

Жалпы алғанда, израильдік ұйымдар АҚШ-та келесідей мақсаттарды белгілейді: АҚШ пен Израиль арасында берік қатынастар орнату, әр түрлі ұлттық еврей ұйымдары мен АҚШ атқарушы билігі арасындағы жұмыстарда консенсусқа қол жеткізу, Араб-Израиль, Палестина-Израиль арасындағы қақтығысты бейбіт, дипломатиялық жолмен шешуде америкалық үкіметке көмек көрсету. 

АҚШ-тағы израильдік лобби келесі стратегиялық мәселелерді шешумен айналысады: ғылыми орталықтардағы, БАҚ-тағы бар ықпалына сүйене отырып, Израиль туралы тек жағымды ақпараттың таралуын бақылау, Америка халқына Израильмен достықтың стратегиялық тұрғыдан маңызды және пайдалы екендігін түсіндіру. 

Американдық қоғамдағы лоббистік ұйымдардың рөлін келесі факт жақсы көрсетеді: 2012 жылы AIPAC ұйымдастырған конференцияға сенаторлар мен конгрессмендердің жартысынан көбісі және Президент Б.Обама қатысты. Мұндай жағдай басқа лоббилар ұйымдастырған еш конференцияда орын алған жоқ. 

AIPAC жұмысы Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамтың қолдауына ие. Бұл туралы оның AIPAC конференциясындағы сөзінен аңғаруға болады: «Өмір бойы Израильдің жақтаушысы және адал досы болып келдім. Американың ең жақын стратегиялық одақтасы және мәдениеті жағынан бауырлас болып келетін Израиль мемлекетімен болашақ қатынастарды қорғайтыныма уәде берем» [6]. 

Израильдік лоббидің АҚШ сыртқы және ішкі саясатындағы рөлі әлі нақты емес. Бұл сұраққа қатысты екі көзқарас бар. Біріншісіне сәйкес, израильдік лобби мен еврейлік қауымдастықтың рөлі зор емес, өйткені Құрама Штаттардағы еврей халқының пайыздық үлесі американдықтардың жалпы санының 2% ғана құрайды. Сондықтан еврейлер санының аздығы АҚШ саясатына айтарлықтай ықпал ете алмайды. 

Екінші көзқарасқа сай, еврейлер АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын, әсіресе, Таяу Шығыс аймағына қатысты сыртқы саясатын іске асыруда белсенділік танытады. Бұл тұрғыда екінші көзқарас үйлесімдірек көрінетін секілді. 

Мемлекеттер бір-бірімен ғылым, мәдениет, білім, денсаулық сақтау сияқты салаларда ынтымақтасады, бірігіп әскери оқуларды жүзеге асырады, ланкестік қаупімен күреседі, сонымен қатар АҚШ Израильге экономикалық және әскери көмек көмек көрсетеді. 1987 жылы Израиль АҚШ-тан 140 миллиард доллардан астам сома алды. Мұндай тығыз байланыстың себебін барлығы АҚШ-тағы израильдік лоббидің саясатымен байланыстырады. 

Израильдік лобби америкалық қоғамға әр түрлі тетіктер арқылы ықпал етеді. Атап айтқанда, ең негізгілерінің бірі - түрлі саяси лауазымдарға орналасуға талаптанатын үміткерлерді материалдық жағынан қолдау.  Пол Финдли өз еңбегінде AIPAC Саяси ықпал ету комитеттері жүйесімен және мемлекеттегі барлық еврейлік ұйымдармен бірлесе отырып, израильдік ұстаныммен келіспейтін конгрессмендер мен сенаторларды бақылайтындығы және материалдық қолдаудан айыратындығы, сондай-ақ, олардың қарсыластарына қаржылық көмек көрсететіндігі туралы атап өтеді.

Аталған әдістер жөнінде Джон Миршаймер мен Стивен Уолт өздерінің «Израильдік лобби мен АҚШ-тың сыртқы саясаты» атты еңбегінде атап өтеді. Басқа американдықтарға қарағанда сайлауға қатысушы еврейлердің пайыздық үлесінің төмендігіне қарамастан, үміткерлерге мол сыйақы беру арқылы өздеріне жағымды үміткерді билікке әкеледі. 

Американдық  қоғамға ықпал етудің тағы бір әдісі ретінде  AIPAC пен басқа да еврейлік ұйымдар жүргізетін насихатты атап көрсетуге болады. Олар Израильдің жағымды бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосады. 

Америкалық қоғамда произраильдік лобби мен оған байланысы бар ұйымдардың АҚШ-тағы рөлі мен орны туралы көптеген пікірталастар орын алып жатыр. Олардың ішінде қолдаушылармен бірге қарсыластары да бар. 

Мысал үшін, Джон Миршаймер мен Стивен Уолт өздерінің бірлескен еңбегінде АҚШ пен Израиль арасындағы достықтың риясыздығына күмән келтіреді, Израиль еврейлік ұйымдар арқылы АҚШ-қа өз пікірін күштеп мойындатқызады деген ойға келеді. Авторлар американдық қоғамды Израильдің нағыз мақсаттары туралы ойлануға шақырды [7]. 

Осылайша, еврей қауымдастығымен байланысты АҚШ-тағы ең ірі және беделді израильдік лоббистік ұйымдарды қарастыра отырып, бірнеше негізгі сипаттамаларды көрсетуге болады:

■саяси белсенді әрі қаржылай қуатты еврей қауымдастығына сүйену;

■құрамы жағынана алуан түрлі (пәрменді сионистерден құқық қорғаушыларға дейiн);

■ерекшеліктеріне қарамастан еврей ұйымдарының өзара тығыз байланыстылығы;

■үкiметтік топтармен және конгреспен берiк байланыс, бұрынғы мемлекеттік қайраткерлерді  лоббисттік қызметке тартуы.

Сонымен, АҚШ-тағы израильдік лобби жалпылай мойындалған ықпалға ие десек болады. Жақсы ұйымдасуының арқасында бұл лоббистік қозғалыс мемлекет халқының көп бөлігін бақылап отыр. Оның ықпалы экономика, ғылым мен білім сияқты АҚШ қоғамдық өмірінің көптеген салаларына таралған. Израильдік лобби американдық еврейлер мен басқа ұлттардан құралған Америка халқының қолдауына сүйеніп отыр. Бұл израильдік лоббидің басқа лоббилерге қарағанда ерекше артықшылығын көрсетеді.  

1 Senator John F. Kennedy, “To Keep the Lobbyist Within Bounds,” The New York Times Magazine, February 19, 1956.—Congressional Record, March 2, 1956, vol. 102, pp. 3802–3.

2 Senator Joe Lieberman addresses AIPAC // http://www.aipac.org/act/attend-events/policy-conference/videos/2012/monday-morning-plenary/senator-joe-lieberman

3 National Capital Insiders Vote AIPAC, Israel's American Lobby, Second Most Powerful Interest Group in Washington // http://www.washingtonreport.me/ 1998-january-february/national-capital-insiders-vote-aipac-israel-s-american-lobby-second-most-powerful-interest-group-in-washington.html

4 NACPAC FAQ's //  http://www.nacpac.org

5 About the ZOA, http://www.zoa.org/

6 Read Donald Trump's Speech to AIPAC // http://time.com/4267058/donald-trump-aipac-speech-transcript/

7 Mearsheimer J.J., Walt S.M. The Israel Lobby and U.S. Foreign Policy // http://mearsheimer.uchicago.edu/pdfs/IsraelLobby.pdf

Резюме

Кузембаева А.Б. -  к.и.н., и.о. доцента кафедры международных отношений и внешней политики КазНУ им. аль-Фараби

Байкушикова Г.С. – PhD, и.о. доцента кафедры международных отношений и внешней политики КазНУ им. аль-Фараби

К вопросу о влияние израильского лобби в формировании внешнеполитического курса США

В данной статье рассматривается место и роль,  цели, задачи и методы влияния израильского лобби во внешней политике США. В статье исследуется комплекс вопросов, касающихся израильского лобби: истоки, цели крупнейших лоббистских организаций еврейской общины в США, их деятельность и т.д. Приводятся конкретные методы лоббирования, а также тактика борьбы с критиками произраильского курса США. Израильские лоббистские организации в Соединенных Штатах преследуют следующее цели: установление прочных отношений между США и Израилем, помощь Израилю, достижение консенсуса в работе различных еврейских организаций с исполнительной властью США, содействие американскому руководству в прекращении арабо-израильского конфликта, борьба с антисемитизмом, т.д. Определено,что фактор израильского лобби является решающем при оценки степени влияния на содержание исследований экспертно-аналитических центров. 

Ключевые слова: США, Израильское лобби,  Американо-израильский комитет по общественным связям, Конференция президентов основных американских еврейских организаций, Национальный комитет действия

Summary

Kuzembayeva A.B. – candidate of historical sciences, Acting associate professor of sub department of International Relations and World Economy

Baikushikova G.S. – PhD, Acting associate professor of sub department of International Relations and World Economy

Influence of the Israel lobby in shaping US Foreign Policy 

This article examines the place and role, goals, objectives and methods of influence of Israel lobby in US foreign policy. The article explores a set of issues relating to the Israeli lobby: the origins, goals of the largest lobbying organizations of the Jewish community in the United States, their activities, etc. General methods of lobbying, as well as tactics on countering critics of the US pro-Israel policy were described. Israeli lobbying organizations in the United States pursue the following goals: establishing strong relations between the United States and Israel, assisting Israel, reaching consensus between various Jewish organizations and US executive power, assisting in the settlement of the Arab-Israeli conflict, combating anti-Semitism, etc. It is determined that the factor of the Israeli lobby is decisive on the content of think tank studies.

Keywords:  United States, Israel lobby, American Israel Public Affairs Committee, Conference of Presidents of Major American Jewish Organizations, National Action Committee


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз