Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Изтелеуова Л.И., Шайхыгалиев Е.А., Бекишев К.О.

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(05), 2016

Тегтер: қағанат, еншілік-таспиқтық, қаған., жүйе, Л.Н.Гумилев, Мұқан, түрік
Автор:
Бұл мақалада Түрік қағанаты кезеңіндегі түріктердің Ұлы далада орнатқан басқару жүйесінің ерекшеліктері сипатталған. Аталған мәселе Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктер» және Н.Я.Бичуриннің еңбектеріндегі мәліметтер негізінде қарастырылады. Мақалада түріктердің қағанаттағы ішкі талас-тартыстарға тосқауыл жасау үшін жаңа басқару жүйесіне үлкен сенім артып, оны тиімді пайдалану жолдарын іздестіргені айқындалған. Мақаланың негізгі ерекшелігі – түріктік басқару басқару жүйесі сипаттала отырып, оның қолданылу барысы, жетістіктері мен олқылықтарының ашық көрсетілуінде. Түйін сөздер: түрік, Л.Н.Гумилев, қағанат, еншілік-таспиқтық жүйе, Мұқан қаған.
Мазмұны:

Орта ғасырлық мемлекеттердің қалыптасу кезеңінде Орталық Азияның солтүстігі мен Оңтүстік Сібірді мекендеген тайпалардың арасында түріктер басты рөл атқарды. Жужандардың (авар) тағылық мемлекетіне нүкте қойып, Ұлы даланы біріктірген түріктер Түрік қағанатының негізін салды. Түріктердің мемлекеті көк сауытты атты әскердің жеңістері нәтижесінде құрылғанына қарамастан, қағанаттың аты жүздеген жылдар бойы өшпеді. Бұл түріктердің бағынған халықтардың тілін тауып, тілегінен шыға білгенін көрсетеді. Орасан зор жер мен бодандарды бағыныштылықта ұстау үшін ерекше басқару жүйесі қажет болды.  Ол жүйе түріктерде еншілік-таспиқтық жүйе деп аталды.

Түрік қағанатының билеушісі қаған, яғни елхан лауазымын иеленді. Қаған саяси, әскери және азаматтық билікке ие болды,  бірақ оның билігі ру ақсүйектерінің  кеңесі тарапынан шектеліп отырды.

Мемлекеттің қағаннан кейінгі бірінші адамы жабғу болды. Жабғу қағанның уәзірі, орынбасары қызметін атқарды. Бұл лауазымды орынға қаған әулетінен шыққандар ғана тағайындалып отырды. Мысалы, Бумын қағанның тұсында жабғу шенін оның інісі Істеми иеленді. Алайда жабғу қағанның мұрагері болып есептелінбеді. Мұрагерлер, атқаратын қызметіне қарамастан, «тегін» деп аталған. «Тегіндерге» қағанның ұлдары мен жақын туыстары жатты. Қарауында билейтін еншілі жер-суы бар текті ханзада «шад» деп аталды. «Шад» ұғымын «сұлтан» сөзімен сәйкестендіруге болады. Түріктерде қаған ұрпақтарының тектілігіне үлкен назар аударылған. Егер әкесі қаған ұрпағы болып, анасы қарадан шықса, ол адам «шад» бола алмаған [1, с. 260].

Төменірек шендерді Ашина әулетіне жатпайтын адамдар алған, дегенмен барлық қызмет орындары мұра етіп қалдырылып отырған.

Қағанат бағынышты халықтардан алым-салықты жинап отырды. Тіпті Иран мен Қытайдың патшалықтары да жыл сайын түріктерге бейбітшіліктің немесе одақтың өтемі ретінде сый-сияпат жіберіп отырған. Ел аумағындағы билік Ашина әулетінің қолында болды. Еуразия кеңістігінің үлкен бөлігіне билігін жүргізген түріктердің жеңісі кездейсоқтық болмаған еді. Олар Ұлы даланың басқа көшпелі тайпаларынан қарағанда дамудың жоғары сатысында тұрып, мықты атты әскердің және басқару жүйесінің көмегімен билігін нығайтты.

Алайда бұл басқару жүйесі бірден пайда болған жоқ. Ұлы Түрік қағанатын құрушы Бумын қаған қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері әрі баласы Қара Еске әкесінен көп кешікпей – 553 жылы жастық шағында қаза табады. Мұрагерлік басқару жүйесі бойынша Қара Ескеден кейін алып империяның тағына оның ұлы Шету отыруы тиіс болатын. Бірақ тақты Қара Ескенің інісі Мұқан қаған иеленді. Мұқанның билікке қандай жолмен келгені белгісіз. Мұқан қағанның тұсында Түрік қағанаты Азияның ең мықты елдерінің біріне айналып, алып империяларға қарсы тұра алатын деңгейге жетті. Мұқан қаған қағанаттың сыртқы саясатын қалыптастырып қана қоймай, еншілік-таспиқтың басқару жүйесінің негізін қалады [2, с. 13-15].

Ойланып қарасақ, егер билік Қара Ескенің жас әрі тәжірибесіз ұлы Шетудің қолына тиген жағдайда қағанат мұндай жетістікке жетуі екіталай еді. Найзаның ұшымен, қылыштың күшімен құрылған Түрік мемлекеті Сары теңіз бен Қара теңіз аралығын өзіне қаратты. Ендігі кезекте осынау ұлан-ғайыр жерді бағындырып қана қоймай, оны уыстан шығармай, ұстап қалу керек еді. Түріктердің қанаушы билігіне бағынышты халықтардың көңілінен шықпағаны түсінікті, сол себепті қағанаттан оқшаулануға ұмтылғандар әрқашанда толастамады. Ашин әулетіне қарсы көтерілістер  түріктер билігі жойылғанға дейін, бірде ана жерде,  енді біресе басқа жерде үнемі болып тұрды. 

Мұқан қағанның ең басты мақсаты - басып алынған аймақтардың бөлініп-жарылып кетуін болдырмау еді. Байрағына бөрі басы бейнеленген, көк сауытты атты әскер тұрғанда бағынышты халықтар  Ашин қағанына адалдықтан айнымаған. Тек қолында қуатты әскері бар  бек қана жат жерлік халықтардың көтерілуі мен бөлінуін  тыйып тастай алар еді. Бірақ бек  уысында үкімет билігі мен әскер болып тұрғанда және көп жағдайда оның енші аймағы мен қаған ордасын орасан зор қашықтық бөліп тұрғанда, бектердің қағанға адалдығын  сақтап тұруға итермелейтін  нәрсе ойлап табу керек болды. Мұқан қағанның өз орнына туысқан бауырларын тағайындап кетуіне де мүмкіндігі болды, алайда туысқандардың арасында талас-тартыстың әрдайым болып тұратынын ескерген қаған басқарудың басқа жүйесін таңдап  алды. Түріктердің бұл басқару жүйесіне Л.Н.Гумилев  «еншілік-таспиқтық жүйе» деген атау берді. Оның негізгі қағидасы: егер мейірімділік сезімі мен жеке басының ізгі қасиеттері  адалдықтың кепілдігі бола алмаса, онда ол адамды орталық үкіметке тәуелді етіп қоятын  тәсілін табу керек. Еншілік-таспиқтық жүйе тәж-тақты мұра ретінде  алу кезегін реттеп, жөнге қойды. Заңға сәйкес, Мұқан қағанның  мұрагері болып баласы емес, інісі саналады, сосын немере інілерінің үлкені ағасының мұрагері аталды. Тақты күткен ханзадалар басқаруға енші етіп аймақтар алып, сол жерлерге ел басқару үшін жіберіліп отырған.

568 жылы Түрік қағанаты төрт еншілік аймаққа, ал 576 жылдан бастап сегіз еншілік аймаққа бөлінді. Бұл енші-аймақтарды Батыс Еуропадағы феодалдардың үлестеріне және Шыңғысханның ұлдарына таратып берген ұлыстарына ұқсайтыны байқалады. Мұнда бәрінен бұрын әскери күшті бөліп, белгілі бір  ауданмен қоса әскери қолбасшыға бағындыру ісі  жүзеге асырылған. Жоғары ханды Византия тарихшысы Менандр Протектор «Арсила» деп атаған. «Арсила» ұғымы түріктің Арыслан деген аты екені күмән келтірмейді. 572 жылы Мұқан қаған қайтыс болғаннан кейін, жаңа заңға сәйкес таққа оның інісі Тобо хан отырады, ендеше Арыслан Тобо ханның өз аты болған деп болжаған жөн.

572 жылы Тобо хан шығыстан немере інісі Шетуге, батыстан – інісіне еншіліктер бөліп береді. 581 жылы Тобо қаған қайтыс болғасын, ол жерін Бөріхан атанған  өз ұлына қалдырады. Мұқан қағанның баласы Төременнің теріскейде, шамамен қырғыздар мен шіктердің жерлерінде, қосыны болған.  Ал Істеми балаларының еншіліктері де болды: Қара Сордың (Тардуш) еншілігі, Түріксанф еншілігі Еділ мен Жайық аралығында болды. Ұлы ханның (қағанның) қосыны түріктердің байырғы жері – Алтай өңірінде болған, ал қалған екі еншілік, оның екі ұлына: Әмір мен Тегіншат меншігінде болды.

Енші аймақтардың осындай күрделі, шатасқан жүйесі жағдайында болуы тақ-тәж мұрагерлері  арасында таспиқтық заң бастапқы кезде жағымды рөл атқарды. Енші аймақтық-таспиқтық жүйе жасы толмаған ханзаданың таққа отыруына кедергі жасады, өйткені ол мемлекетті жөнді басқара алмай, оны мүшкіл халге түсіруі мүмкін еді. Сондықтан жоғары билік тәжірибелі адамдардың қолынан шықпаған. Ал енші аймақтардың бектері ерте ме, кеш пе, әйтеуір жоғары билікті алуға үміттеніп, бүлік шығармады, алауыздық тудырмады. Енші аймақтарға ие болған Ашин әулетінің ұрпақтары өздеріне бағынышты  жерді көрші мемлекеттер есебінен ұлғайтуға тырысқан. Сондықтан Түрік қағанаты әр бағытта үнемі ұлғайып отырған. Түріктердегі басқарудың бұл жүйесі ғұндардан мұра етіп алуы мүмкін [3, с. 213-214]. Өйткені екі халықтың тамыры бір еді. Қытай және басқа да деректерде түріктердің арасында «үлкен әулеттің» болғандығы туралы ешбір мәлімет келтірілмейді. Ашин әулетінен шыққандардың барлығы таққа  үмітті болған. Қалай болғанда да жүйенің нәтижесі Түрік қағанытының тарихында, жақсы жағынан да, жаман жағынан да көріне бастайды [4, с. 37].

Бұл жүйенің әбден ойланып, тиянақталып жасалғанына қарамастан оның олқылықтары көп ұзамай байқала бастады. Іс жүзінде түріктер қоғамының мызғымас  бірлікте болуы мүмкін емес еді, өйткені  жалпыұлттық мүдде қаншалықты жоғары қойылғанымен, қолдарында аса үлкен күш жинақтаған әскери қолбасшыларлдың  елден бөлініп шығуын тоқтата алмады. Түріктердің  бұл ерекшелігі рулық-тайпалық тіршілік-тұрмысты  сақтап қалуға себепші болған көшпелі мал шаруашылығының  жағдайы мен өндіргіш күштердің  төмен дәрежеде болуына байланысты еді. Мұқан мен Тобо қағандардың тұсында қағанаттағы тұрақтылық қағандардың беделі мен күші арқасында сақталды. Енші аймақтар санының өсуі қолында үлкен әскери күші бар ханзадалардың артуына алып келді. Алғашқы елу жылда бұл аймақтардың билеушілері көрші жерлерді басып алып, оларды тонау арқылы өздерінің билікқұмарлықтарын тыйып отырды. VI ғасырдың 70-80 жылдары енші аймақ билеушілерінің Византия, Иран және Қытайға жасаған шапқыншылықтары да тойтарылды [5, 104-107]. Бұл жағдай қаған тағына үміткерлердің билікке ұмтылуына септігін тигізуі де мүмкін.

Қағанаттың орталық билігі әлсірегеннен кейін еншілік-таспиқтық жүйе өзінің маңыздылығын жоғалта бастады. Соған қарамастан оның қоғамдағы орны сақталып қалған болатын. Түрік жауынгерлері жүйені қолдап, қаған тағы ең мықты ханға бұйыруы тиіс деп санады. Барлық түріктер  толығымен жауынгер  болғандықтан, олардың бәрі Ашин әулеті бектерінің біреуі болмаса, екіншісінің жасағында қызмет атқарған. Бектер өз жауынгерлерінің көңіл-күйімен әрдайым санасып отырған, өйткені олар оның бірден-бір тірегі және қорғанышы болды. Демек, жауынгерлер оларды билеуші бегін не бұлардың өз мүдделеріне сәйкес әрекет етуге итермелеген, не оны тастап кетіп қалатын болған. Сондықтан мемлекет ішінде соқтығыстар  сөзсіз болған. Бірақ қатардағы сарбаздардың бай-бағландарға қарсы күресінің орнына, өзара ортақ мүдде арқылы ғана емес, рулық бірлік арқылы да  байланысып жатқан жеке  топтар арасындағы күрес пайда болады. Сонымен бірге сырттан келген қауіп те күшті болды: бір жағынан Қытайды біріктірген Суй империясының әскері  кез келген уақытта түріктерге қарсы  шабуылға шығуға дайын болды, ал екіншіден, түріктерге ұзақ уақыт бойы бағынып келген  теле тайпалары  билеушілеріне қарсы шығуға ыңғайлы сәтті күтті. Түрік жауларының мықтылығын түсінген қатардағы түрік халқын  берік  топтаса түсуге  мәжбүр етеді, сол себепті  жауынгерлердің қағандар мен бектерге қарсы бірде-бір көтерілісі болмаған.

Алайда қағанаттың дәуірлеп тұрған шағы жыл өткен сайын  артта қалғаны түсінікті бола бастады. Түрік қағанаты шапқыншылықтар мен ішкі талас-тартыстардың нәтижесінде ғана құлаған жоқ, оған жаңа әлеуметтік ортаның қалыптасуы, таптардың пайда болуы да әсер етті. Қағанатты жан-жағыннан мәдениеті жоғары  дамыған Қытай, Иран, Соғды, Византия, Гаочан сияқты елдер қоршап тұрды. Бұл елдерде феодалдық қатынастар ерте дамып, орнаған еді. Оның әсерінен түріктер бөлшектеніп кетті. Сонымен бірге түрік жауынгерлерінің күш-қуатына Қытай мен Иран мемлекеттері қулық-сұмдықты, арбап-алдауды және ақшаны қарсы  қойған. Қулық дегенді білмейтін, бектеріне адал берілген түрік халқы қытайлықтардың  алдауларына оп-оңай  сеніп қалып, ұдайы тұзаққа түсіп отырған. Онымен қоймай, Қытай, Иран және Византия сияқты алпауыт  елдер түрік атты әскерінен кем түспейтін, техникалық жағынан күшті жарақталған, әбден жаттығып, шыныққан жалдамалы әскерді пайдаланды. Сол кездегі Еуразиядағы саяси жағдайды ескерсек, Түрік қағанатының құламағанына емес, оның жүз жылдан астам уақыт өмір сүргеніне  қайран қалу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. М.-Л. : Изд-во Акад. наук СССР, 1950. - 471 стр.

2.  Гумилев Л.Н. Удельно-лествичная система у тюрок в VI-VIII веках: (К вопросу о ранних формах государственности)// Советская этнография 1959. - N 3. - С. 11-25.

3.  Гумилев Л.Н. Хунну. Степная трилогия.СПб.: Тайм-аут-Компас, 1993. – 224 стр.

4.  Құлахметова Л. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі байырғы түркілердің ел басқару жүйесі. // Алматы: «Қазақстан тарихы», 2003, № 5. Б.37.

5.  Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы: Білім, 1994. – 480 бет.

References:

1.  N.Y. Bichurin. Sobranie svedenii o narodakh, obitavshih v Srednei Azii v drevnie vremena. M-L,: Izd-vo Akad. nauk SSSR, 1950, p. 471

2.  L.N. Gumilev. Udelno-lestvichnaia sistema u tyurok v VI-VIII vekakh: (K voprosu o rannikh formakh gosudarstvennosti)// Sovetsakaia etnographia 1959. - N 3. - p. 25

3.  L.N. Gumilev. Khunnu. Stepnaia trilogia. SPb.: Time-out-Compass, 1993. p. 224

4.  L. Kulakhmetova. Kône turki zhazba yeskertkishterindegi bairgy turkilerdin yel baskaru zhuyesi. //Almaty: «Khazakstan tarihy», 2003, № 5. B.37.

5.  L.N. Gumilev. Kône turikter. Almaty: Bilim, 1994. p. 480

CHARACTERISTICS OF THE GOVERNING SYSTEM IN TURKIC KHAGANATE

Annotation:

This article describes the features of the governing system established by Turkic Khaganate. The issue of this paper is discussed in terms of facts in L.N. Gumilev’s “Ancient Turks” and N.Y. Bichurin’s works. It is determined that establishment of new governing system and its effective appliance played a crucial role in the hindering internal tensions of the Khaganate.

Keywords: Turkic, L.N. Gumilev, khaganate, appanage based agnatic seniority, Muqan Qaghanия:

В этой статье рассматривается система управления Тюркского каганата установленный в Великой степи. Данная проблема изучается на основе труда Л.Н.Гумилева «Древние тюрки» и трудов Н.Я.Бичурина.

Ключевые слова: тюрк, Л.Н.Гумилев, каганат, удельно-лествичная система, Муган кага


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз