Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.09.25 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АТ-ТУХФА ҚОЛЖАЗБАСЫНА ТАРИХИ-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМА

Н.Н. Қоңқабаева¹. ¹PhD доктор. Әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық Университеті. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.09.25 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АТ-ТУХФА ҚОЛЖАЗБАСЫНА ТАРИХИ-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМА

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(24), 2020

Тегтер: қолжазба , мәмлүк, қыпшақ тілі, араб дәстүрі, ортағасырлық ескерткіш
Автор:
Аңдатпа. Мақалада XV ғасырда жазылған ортағасырлық ескерткіш түпнұсқада қарастырылады. Мәмлүктер билігі тұсында құрастырылған ортағасырлық ескерткіштің жазылу тарихы мен сипаттамасы берілген. Мысыр елінде мәмлүктердің үстем билігі күшті болғаны соншалықты, арабтар түркі тілін яғни қыпшақ тілін үйрене бастаған еді. Осы үрдіске дәлел бола алатын «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» қолжазбасын айтуға болады. Ат-Тухфа қолжазбасы – араб халқына қыпшақ тілін үйренуге арналған оқулық. Аталмыш ескерткіш Ат-Тухфа араб сөздік жазу дәстүріне сай жазылғанымен, ортағасырлық түркі халқының айналысқан сенімі, танымы, кәсібі, дәстүрі, салты, шаруашылығы туралы мәлімет бере алады. Ортағасырлық ескерткіште түркі халқы туралы баламасы жоқ лексикалық бірліктер этнографизмдер де берілген. Бұл да өз кезегінде ескерткіштің ортағасырлық қолжазбалар арасында алатын орны ерекше екендігін көрсетеді. Себебі, ғылымда «Диуани лұғат ит-түрк» ортағасырлық қолжазбасынан басқа қолжазбалар танымал емес те, түпнұсқада зерттеу жеткілікті деңгейде қарастырылмаған еді. Қолжазбаға палеографиялық талдау жасалынған. Ат-Тухфа ескерткішінің авторы, жазылған уақыты мен мекені де белгісіз. Автор өз тарапынан жазылған уақыты мен мекені туралы зерттеп, тарихи дәйектемелер келтірген. Қолжазбаның құрылымы мен ерекшеліктеріне сипаттама берілген.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстанның ортағасырлық тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – Қыпшақ дәуірі болып табылса, осы дәуірдің жемісі ислам өркениетінде ерекше орны бар жазбаша деректерге ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттеуге деген қажеттілік түркі өркениеті мен мәдениетіне жаңаша көзқарастардан туындап отырған. XIIІ-XV ғасырларда-ақ қыпшақ мәдениеті мен тіліне байланысты мәдени-тарихи жәдігерлер Жерорта теңізінің арғы бетінде шамамен мәмлүктер билік еткен тұста дүниеге келгені белгілі. Қыпшақтар өз топырағында көне Отырар қолжазбаларын сақтап қала алмаса да, араб әлеміндегі қыпшақтардың мәдени-әдеби мұралары бүгінгі күнге дейін жетіп отырғаны қазіргі түркітану ғылымы үшін орасан зор қазына деп бағалауымызға болады. «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында мәдени-әдеби мұраларды елімізге әкеліп, зерттеу түркітанушылардың тіл тарихын зерттеуде, қыпшақ тілінің мәртебесін анықтауда өз үлестерін қоспақ.

Материалдар мен әдістер.Зерттеу жұмысын жүргізу барысында негізгі материал ретінде араб-қыпшақ тілдерінде жазылған «Ат-Тухфа» (التحفة الزكية في اللغة التركية– Түркі тіліндегі бағалы сыйлық, XV ғ.) ескерткішінің (жалғыз түпнұсқасы Сұлтан Баязит мешітіндегі Валиеддин Ефенді кітапханасында (Ыстамбұл, Түркия) №3092 нөмірімен сақтаулы) түпнұсқасы басшылыққа алынды.

Мақаланы жазу барысында деректанулық, палеографиялық және өңдеу, сұрыптау, аудару тәсілдері қолданылды.

Талдау. Ортағасырлық қолжазбаларды зерттеу бойынша отандық (Ә. Құрышжанов, Р. Сыздық, Ә. Дербісәлі, А.З. Рүстемов, М.Н. Маженова, Б. Сағындықұлы, Ш. Шарапатұлы, Т.А. Арынов, Ә. Керімов, Ә. Ибатов, М.Б. Сабыр, С. Дүйсенов, З.А. Әуезова, Б.Н. Жұбатова, Қ. Садықбеков, Б. Атабай, Ш.С. Қалиева, Б.М. Сүйерқұл) және шетелдік ғалымдардың (Х. Кун, Б. Аталай, С.М. Муталибов, А. Зайончковский, Э.Н. Наджип, Э.И. Фазылов, М.Т. Зияева, А.И. Чайковская, Р. Эрмерс), қазіргі түркі тілдерінің генеалогиялық классификациясы (Н.А. Баскаков), көне түркі ескерткіштерінің тілі және руникалық жазулар (С.Е. Малов), түркі тілдерінің құрылымдық тұрғыдан жан-жақты зерттелуі (Э.С. Севортян, Н. Гаджиева, А.М. Щербак), қазақ лингвистерінің түркологиялық зерттеулері (Ә. Құрышжанов, Р. Сыздық, М. Томанов, Ғ.Айдаров, Б. Сағындықұлы, Ә.Т. Қайдар, М.Б. Сабыр, Р.Ә. Авакова, Б.М. Сүйерқұл, Қ. Садықбеков, Г. Қортабаева), көне және ортағасырлық қолжазбаларындағы ономастикалық кеңістік (Т. Жанұзақ, В.У. Махпиров, Р.Н. Шойбеков, Г.Б. Мәдиева, С.Қ. Иманбердиева, Қ.Ғ. Аронов), ғалымдардың еңбектерінің әдіснамасы басшылыққа алынды.

Зерттеу нәтижелері. Қазақ халқының тарихы Мысыр мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. Себебі Моңғол шапқыншылығы кезінде Қыпшақ даласының халқы жалдамалы құл ретінде сатылып, Мысыр мен Сирия елдерінде билік жүргізген мәмлүк-қыпшақтар Орта Азиядан, нақтырақ Қазақ жерінен, қазақ халқының құрамына кіретін рулық қауымдастықтан шыққандығы анық. XIII-XVI ғасырлар арасында Мысырда билік еткен Қыпшақ даласынан шыққан  мәмлүктер тек саяси билік жүргізбей, қыпшақ халқының мәдениеті мен тілін кеңінен таратқан.

Мәмлүк мемлекеті (1250-1517) – Мысыр, Сирия елдерін Орта Азия және Кавказ жерлерінен шыққан жауынгер-құлдардан билікке жеткен тұлғалар билеген ел. Мәмлүк сөзінің мағынасына келетін болсақ, арабша-орысша сөздікте берілген екі мағынасы бар: біріншісі – иемдену болса, екіншісі – ақ құл, мәмлүк деп аударылады. Сол заманның араб деректері оған «сатылатын және сатып алынатын, әке-шешесі жоқ ақ құл» деген анықтама берген (ал-Фаттах, 1976)

Араб халқының өмірінде үлкен рөл атқарып, екі елдің тарихында мәңгілікке сақталған мәмлүк халқының шығу тегі жайында қазіргі таңда көптеген пікірлер айтылып жүр. Батыс, араб, орыс деректерінде мәмлүктер негізінен түркі және Кавказ халықтарынан шыққан деп берілген. Қ. Бегалин орыс жылнамаларында Украина мен Солтүстік Кавказдың басым көпшілігі шеркештер деп аталғанымен, қазіргі кезде Кіші жүз құрамына кіретін қазақтар мен алабұғы татарларынан еш айырмашылығы жоқ екендігін дәлелдеген. Ол Батыс Қазақстанда, қазіргі Атырау, Орал облыстарында кіші жүзге жататын шеркеш руы кең таралғандығын айтады да, шеркеш мәмлүктерімен байланыстырады (Бегалин, 2012: 195)

Қазіргі кезде батыс ғалымдары моңғолдардан бөлінген ойрат тайпасының бір бөлігінің Мысырда мәмлүктер құрамына енгендігін дәлелдеген. Анадолы жерінен де құлдар сатылып, мәмлүк әскерінің бір бөлігін құраған. Себебі, құл базарының өзі «Орта Азия» және «Анадолы түркілері» атты екі құл базары болған деп атап кеткен. Тарихи фактілер негізінде бастапқыда өз еркілерімен қосылған ойрат тайпасы кейіннен құлдыққа сатылғандығы туралы жазба бар (Ishayahu, 2016: 152).

XIII ғасырда мәдениет пен ғылым дамыған орталықтардың бірі Алтын Орда болған. Алайда орталықтанған билік құлап, таққа таластың күшеюі мәдени орталықтардың әлсіреуіне әкеледі. Мәдени ошақтар өз шығармашылықтарын жалғастыру мақсатында қолайлы орталықтар іздеп, көп елдерге шашырап кетеді. Көптеген ғалымдар мен жазушылар мәмлүктер билеген Мысыр, Сирия елдеріне қоныс аударып, ғылыми және әдеби қызметтерін жалғастырады. XV ғасырдағы араб тарихшылары қыпшақ тайпаларынан шыққан көптеген ғалымдар, жазушылар мен ақындар жаңа елді-мекенде өз ана тілдері мен араб тілдерінде бірдей жазып отырған деген деректер келтіреді. Олар ағартушылық қызметпен айналысып, Мысырдың көптеген білім ордаларында сабақ берген. Бұл деректі қазіргі араб елдерінің тарихшысы, филолог Әл-Холи де растайды. Қыпшақ халқының саны тек құлдардың қатарымен ғана емес, мәдени орталықтардың Алтын Ордадан Мысырға көшуі арқылы да көбейген. Бұл да өз кезегінде Мысырда мәмлүктер тұсында қыпшақ тілінің кең таралуына ықпал жасаған.

Мәмлүктердің құрамы қыпшақтар, шеркештер, Анадолы түркілері, кавказдықтар, армяндар, ойраттар сынды халықтардан құралғанымен, басым көпшілігі қыпшақтар болғандықтан, қыпшақ тілі кең қолданыста болды. Өз кезегінде мәмлүктердің жүргізген ықпалы мен билігінің жергілікті халыққа басым болғандығынан, араб халқына арналған қыпшақ тілін үйренуге филологиялық трактаттар, яғни грамматикалық түсіндірме әрі арабша-қыпшақша сөздіктер жазылды. Осы ғасырлардан бізге бірнеше еңбектер жеткен. Олардың қатарында біздің зерттеу нысанымыз болып отырған «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» қолжазбасы да бар.

Төменде қолжазбаның алғашқы беті көрсетіледі:


ddee038a69673af93385f91eae3e59b7.png


Қолжазба «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» – "التحفة الزكية في اللغة التركية" деп аталады. Қолжазбаны аударған ғалымдар арасында қолжазба атауы бойынша бірізділік жоқ. Көрнекті ғалым-түркологтар Х. Кун «La langue des kiptshaks», яғни Қыпшақтардың тілі, ал Б. Аталай «Türk dilinde temiz» – Түрік тіліндегі таза тіл, С. Мутталибов «Туркий тил (кыпчак тили) хаккида ноёб тухфа»– Түркі тілі туралы ерекше сыйлық, М.Т. Зияева мен Э.И. Фазылов «Изысканный дар тюркскому языку» деген атпен аударады. Түпнұсқадағы атау «التحفة الزكية في اللغة التركية», Түркі тіліндегі бағалы сыйлық деп сөзбе-сөз аударылады. Араб тіліндегі фи қосымшасы – ғы, гі, ішінде деген сөздермен сәйкес келеді. Автор араб халқына түркі тіліндегі, яғни қыпшақ тіліндегі ең бағалы сыйлықты жасап жатыр демек. Қыпшақ тілінде бар інжу-маржанды, тілдік байлығы мен дұрыс сөйлеп үйрену үшін фонетикасы мен грамматикасын сыйлық етіп оқулық ретінде тарту еткен. Қолжазбаның атауынан-ақ еңбектің өте құнды, әрі араб халқына арналған екендігін саралауға болады.

Мақалада XIX ғ. 20-жылдардан бастап «Ат-Тухфа» ескерткішін зерттеген ғалымдар еңбектері толыққанды қарастырылып, ғылыми талдау жасалды. Алайда, жоғарыда аталған зерттеулерде еңбектің авторы нақты кім екені анықталмаған. Жазылған уақыты мен мекені туралы мәселелерде зерттеуші ғалымдар бір тоқтамға келе алмаған. Қазіргі күнге дейін әртүрлі пікірлер айтылуда.

Себебі қолжазбаның өзінде автор туралы ешбір мәлімет жоқ. Б. Аталай өзінің «Türk dilinde temiz» атты еңбегінің кіріспесінде «Мехмет» деген есімді оқи алған (Atalay,1946: XIII).

Сонымен қатар, қолжазба авторы «ат-Тухфаның» кіріспесінде:

قال الشيخ الامام العلامة شرف الدين ابو حيان محمد بن يوسف بن على حيان الاندلسى رحم الله تعال فى كتاب التركى [qāla al-šaiχ al-imām al-‘ulāma Šaraf al-Dīn Abu Ḥaiān Muḥammad bnu ‘Ali Ḥaiān Al-andalusi raḥima Allahu ta‘āla fi kitāb al-turki] – Шейх Имам Шарафуддин Абу Хайан Мухаммад ибн Йусуф ибн Али Хайан ал-Андалуси (қ.м.т.) Ат-Турки кітабында былай деп жазған (ат-Тухфа 829: 1а-1б).

Абу Хайанның 1313 жылы жазылған «Китаб ал-идрак ли-лисан атрак» деген еңбегімен таныс екендігі ғана жазылған. Сонымен қатар, қолжазбаның авторы Абу Хайанның толық атын жазып кеткен. Берілген деректерге сүйенсек, яғни 1256-1344 жылдар арасында өмір сүрген Абу Хайан қайтыс болғаннан кейін қолжазба жазылғаны жоғарыда келтірілген үзінді дәлел бола алады. Қолжазба 1344 жылдан кейін жазылғандығы анық. Әрі Абу Хайанды ғылымда белгілі аты Эсируддин деген есімімен емес, Шарафуддин деген есіммен қолжазбада жазып кеткен (Нажип, 1965).

  Осыған орай көптеген зерттеушілер автор Абу Хайанның замандасы немесе оның еңбегі жазылғаннан кейін, яғни XIV ғасырда жазылған еңбек  деген пікірді бір топ зерттеушілер, мәселен Б. Аталай, С. Муталибов және т.б. қолдайды. Ал, А. Шукюрли еңбектің жазылған уақыты 1426 жыл деген пікір айтады. Себебі қолжазбаның бірінші бетінде осы жылдар, яғни һиджра бойынша 829 жыл деп көрсетілген. Зерттеуші Т.А. Арынов болса, ескерткіш жазылған уақытын XV ғасыр деген пікірді қолдайды (Арынов 1983: ).

Себебі өз пікірінің дәлелі ретінде ескерткіштің соңғы бетінде Ашраф Қайтбайдың ұлы Насыр Мұхаммед Қайтбай сұлтаны 904 жылы қайтыс болған деген мәліметтерді келтіреді (Сүйерқұл 199: 55). Әл-Ашраф Сайф ад-Дин Қайтбайдың ұлы Ан-Насир Насир ад-Дин Мухаммад ибн Қайтбай 1496-1498 жылдар аралығында, яғни һиджра жыл санауы бойынша 901-904 жылдарда билік еткен 31 (Батырша-ұлы 2002:). Біз А. Шукюрлидің пікірін қолдаймыз, себебі қолжазбаның факсимилесінде осы жылдар ۸۲۹ (һиджра бойынша 829 жыл) деп жазылып көрсетілген, шындыққа жанасады.

«Ат-Тухфа» қолжазба ескерткішінің қай елде жазылған деген мәселеге келетін болсақ, зерттеушілер бір тобы, яғни Б. Аталай, С. Муталибов, А. Шукюрли, А.И. Чайковская, Т. Арынов және т.б.  Мысыр десе, екінші тобы, А. Зайончковский, Х. Кун, О. Прицак және т.б.ғалымдар Сирия дейді. Б. Аталай өз пікірінің дәлелі ретінде Мысырда XIV-XV ғасырларда болған тарихи оқиғалардың қолжазбаның бірінші және соңғы беттерінде жазылғаны туралы деректерді келтіреді. Ал, С. Муталибов болса, қолжазба қыпшақ тілінің негізінде жазылғандықтан, Мысырда жазылған деп есептейді (Зияева, Фазылов 1978: ).

Кейбір мамандар қолжазба Дешті Қыпшақ аймағында жазылған немесе Дешті Қыпшақ өзбектеріне өте жақын қатынаста болған адам еңбектің авторы болып табылады деген пікірлерді ұстанады. А. Зайончковский араб тіліндегі сөздіктегі сириялық элементтердің басым екендігіне баса назар аударған. Сол себептен де, «Ат-Тухфа» ескерткіші Сирияда жазылған деген пікір айтады. Х. Кун де осындай пікірде болған, себебі араб-сириялық сөздердің аудармасын тек сириялық диалектінің негізінде ғана танып білуге болған (Зияева, Фазылов 1978: 9).

Ескерткішті зертеуші ғалымдар М.Т. Зияева мен Э.И. Фазылов өз аудармасында жоғарыда аталған мәселелерді қарастыра келіп, еңбектен екі жақты қолдаған зерттеушілер дәлелдерін келтіреді. Мәселен, сириялық диалектіге жататын сөздерді, яғниقرمة [qurma] «бөрене»,حزورة [ḥazzura] «жұмбақ», غبر [γabara] «қалдық»,غوش  [γauš] «шуылдау» және т.б. Р. Дози, А. Бартемели, Б. Белот сөздіктеріне сәйкес негізін көне сириялық сөздерге жататындығын білуге болады (Зияева, Фазылов 1978: 10).

Қолжазбада тек мысырлық диалектісі ғана емес, сириялық диалектінің де кең қолданысын байқауға болады. Бұл өз кезегінде Сирияда қолжазба жазылған деген пікірді жақтаушы ғалымдардың пайымдауларына дәлел бола алады.

Сонымен қатар, кейбір сөздерді Мысырдағы диалектісі мен Сириядағы  диалектісін салыстырып, сөздердің семантикасын талдап, зерттеуші ғалымдар мысал келтіре отырып, аталмыш сөздердің түрікше аудармасында негізінен мысырлық нұсқасы қолданылатыны дәлелденген (Зияева,Фазылов 1978: 11).

Мәселен, жеміс-жидек атаулары, етістіктер мен балық атаулары және т.б. Дәлелдерді сонымен қатар, қолжазбада берілген тарихи жылдар сүйене отырып, зерттеушілер қолжазбаның авторы Орта Азиядан шыққан, ұзақ уақыт бойы Сирияда тұрған, алайда еңбек Мысырда жазылған деген тұжырымдар ұсынады (Зияева,Фазылов, 1978: 11).

Біз өз тарапымыздан, осы пікірмен келісе отырып, Мысыр мен Сирияның мәмлүктер билігі тұсында XII-XVI ғасырлар кезінде біртұтас ел болған деген тарихи дәлелді келтіреміз. Сол себептен де, қолжазба негізінен Мысырда жазылғанымен де, автор бірдей осы екі елде тұрып, қолжазбаның бір бөлігі Сирияда жазылып, бір бөлігі Мысырда жазылуы да әбден мүмкін деуге болады.

Қолжазбада Мысыр, Халеб және Сафад (қазіргі кезде Израильдің солтүстігінде орналасқан, еврей халқы үшін қасиетті қалалардың бірі, XIII-XV ғғ. мәмлүктердің қол астында болған) елді-мекендер атауларын келтірген. Автор мәмлүктер билік еткен елдерді (Мысыр, Шам, Сафад – мәмлүктердің қол астында болған ел мен қалалар (Батырша-ұлы 2005: 249) аралап, жұмыс жазған деген тұжырымға келеміз. XV ғ. дейін Сафад қаласы мәмлүктердің қол астында болса, бұл дерек те қолжазбаның XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасыр аралығында Мысырда жазылғандығына дәлел бола алады.

Қолжазба 91 парақтан тұрады (шамамен 26*17,5 сантиметр) және парақтың екі бетіне де жазылғандықтан 181 бет деп айта аламыз. Бір бетте 13 жол және әрбір жолға шамамен 6-7 сөзден келеді. Түркі тіліндегі сөздер араб жазуымен диакритикалық белгілермен берілген (тек жолдың шетінде ғана қысқа дауыстыларсыз жазылған)

Қолжазба қазіргі күнде кең таралған араб каллиграфиясының «насх» үлгісімен жазылған. Сонымен қатар парақтары өте жұқа. Жұмыстың ең басты ерекшелігі араб тіліндегі сөздер қара түсті бояумен, ал түркі тіліндегі сөздер қызыл бояумен берілген. Қыпшақ тілін үйренген адамға оңай айырып, тануға арналған құрал болып табылады.

Қолжазбаның құрылымына сипаттама:

«Ат-Тухфа» қолжазбасы Абу Хайанның «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» еңбегіне ұқсас, араб тілінің сөздікте берілу дәстүрімен берілген. «Ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати» ортағасырлық ескерткіші үш бөлімнен тұрады: 1) фонетика; 2) лексика: арабша-қыпшақша сөздік; 3) морфология. Еңбек басқа араб тілінде жазылған ортағасырлық еңбектер дәстүрімен Алланың атымен басталады:بسم  الله الرحمن رحيم [bismi Allaḥ al-raḥman al-raḥim]. Жолдың шетінде автор қолжазбаны бастаған жылы һиджра бойынша 829 жыл деп алғашқы бетінде көрсеткен.

Фонетика қолжазбаның 2 бетінде ғана берілген. Дыбыстардың тізімі және бірнеше дыбыстардың екі әріптің қосындысы туралы қысқаша сипаттама беріп кетеді. Қыпшақ тілінде 23 әріп бар деп айтылғанымен, оның 19 әрпі ғана негізгі әріптер деп көрсетіледі: الالف (алиф), الباء (ба), التاء (та), الجم (джим), الراء (ра), الزاي (за), السين (син), الصاد (сод), الطاء (то), الغين (ғайн), القاف (қаф), الكاف(каф), اللام (лям), الميم (мим), النون (нун), الهاء (һа), الواو (уау), الياء (йай), сәйкесінше [а], [b], [t], [č], [r], [z], [s], [s], [t], [γ], [q], [k], [l], [m], [n], [h], [u], [i]. Қалған 4 әріп қос дыбыстан құралған дыбыстар: [b]  және [f] дыбыстары, яғни [p]; [č] мен [š], яғни [č] дыбысы; [n] және [k], яғни [η ] дыбысы, [k] мен [g] дыбыстары.

Арабша-қыпшақша сөздік араб әліпбиіне сәйкес хамзадан басталып, төмендегідей бөлімдерді қамтиды:

-  хамзадан басталатын сөздер – 3a10-3б13;

-  адамның дене мүшелері – 3б13-4a3;

-  жылқының түсіне байланысты атаулар – 4a4-4a6;

-  ат әбзелдері – 4a6;

-  жербетін мекендейтін тіршілік иелерінің атаулары – 4a7-4б1;

-  тағам атаулары– 4б1-4б4;

-  уақыт және мекен атаулары– 4б7-6б3;

-  бағыттар - 4б6;

-  өткен шақ етістіктері – 4б7-6б3 (Зияева, Фазылов, 1978:15). Бұл бөлімшелер автор тарапынан бөлініп берілгенімен, атаулары қойылмаған.

Басқа сөздер араб әліпбиіне сәйкес, алфавиттік тәртіп бойынша берілген. Сәйкесінше, [б, т, ĉ, ж] яғни [b, t, ṣ, č] және т.б. Дегенмен араб тілінде берілген сөздердің араб әліпбиіне сәйкес тізбегінде [б/п] әрпінде қате кеткен. Мәселен:

بصير [basir] 6б3,باقى  [bāqi] 6б4,بكر [bikr] 6б4,باكر [bākir] 6б4,باع  [bā‘] 6б4,بطن  [batn] 6б5, بضر  [badr] 6б5, برطيل [bartil] 6б5,برّ  [barra] 6б6, بركة [baraka] 6б6, بعض [ba‘d] 6б6, بزاق  [buzāq] 6б7, بول  [baul] 6б7,بخيل  [baχil] 6б8,بهلوان  [baһlawān] 6б8, بليد  [balid] 6б9 және т.б. (Зияева, Фазылов 1978:15).

Тағы да осындай мысалды [ж] әрпінде де кездестіруге болады: الجنة [аlčanna] 10б7, جهنم [čaһаnnam] 10б8, جوزاء  [čauzāʼ] 10б8, جليد [čаlid] 10б8,جبل [čabal] 10б9, جزيرة  [čazira] 10б9, جرف  [čurf] 10б9, جسر  [čisr] 10б10, جحر [čuḥr] 10б10, جوّا [čawwā] 10б10; [д] әрпінен басталған бөлімде де:دق  [daqqa] 15a12, دار [dārа] 15a13, داس  [dāsа] 15a13, دفن  [dufina] 15б1, دهن  [daһаna] 15б1, دفع [dafa‘а] 15б2; [х̇] әрпінен басталған бөлімде: حضرى [ḥadari] 12a3, حماة  [ḥamāt] 12a4, حمو  [ḥamu] 12a4,حاجب [ḥāčib]. Сонымен қатар араб әріптерінде басқа әріппен басталатын сөздер де кезігуі мүмкін. Мысалы, [т – ت] әрпі [с̇ - ث] әрпінен басталатын сөзден басталған:

ثريّا [ṣurаiiā] - أوُلْكَارْ، -ʼulkar,  يَادِى كارْ  - iadikar- Үркер 

[Х –ح ] әрпінде [р – ر ] әрпінен басталған сөз кездеседі:

رفيق [rafiq] -كُويَا – kuie -  жолдас.

[Д] әрпі [ ̇з] әрпімен басталады:

ذهن[δiһn] – اوُنُكوزْ - ʼuηuz – ес.

Автор арабша-қыпшақша сөздікті бастамас бұрын араб тілі мен қыпшақ тілінің арасындағы айырмашылықтарды атап кетеді. Мәселен, қыпшақ тілінде дауысты дыбыстың орналасуына байланысты сөздердің беретін мағыналары әртүрлі: هوا[араб тілінде, hawa] – يَال [қыпшақ тілінде, jel] жел деген сөз; سنة[араб тілінде, sana] – يِلْ [қыпшақ тілінде, jil] жыл сөзі; طريق [араб тілінде, tariq] – يُول [қыпшақ тілінде, iul] жол сөзі деп берілген. Қыпшақ тілінде екі ғана дауыссыз [й, л] дыбыстар арқылы дауысты дыбыстардың көмегімен үш түрлі сөз жасалған. Араб тілінде де дауысты әріптердің орын тәртібін ауыстыру арқылы сөзді түрлендіруге болғанымен, негізгі мағынасы қатты өзгеріске ұшырамайды. Араб тілінің флективті тілдер қатарына, ал қыпшақ тілінің аглютинативті тілдер қатарына жататындықтан, екі тілдің сөзжасам ережесі екі түрлі болуы заңды құбылыс.

Ескерткіш арабтарға қыпшақ тілін үйретуге арналған оқулық болғандықтан, арабша-қыпшақша сөздік бөлімінде әуелі араб тіліндегі сөз, одан кейін қыпшақ тіліндегі баламасы жазылған. Біріншісі қара сиямен жазылса, екіншілері қызыл бояумен ерекшеленіп берілген. Қыпшақ тіліндегі сөз нұсқалары харакатпен, яғни араб тіліне тән диакритикалық белгілермен берілген. Сөздік араб тілінің дәстүрі бойынша араб тілінің әліпби тізімімен берілген.

Бірінші сол әріптен басталатын есім сөздер – الاسماء, сосын араб тілінде етістік өткен шақта, III жақта беріледі. Осы тілдік дәстүр сақталып сол әріптен басталатын етістіктер өткен шақта, III жақта -  الافعال الماضيةкөрсетілген. Кейбір әріптің соңында жаңа әріпке қатысты сөздер басталмастан бұрын, қыпшақ тіліндегі баламасынан кейін الله اعلم [Аllaһu а‘lam] – «Аллаһ бәрін біледі» деген сөйлеммен аяқталып отырады Мәселен, жим әрпі, етістіктерден кейін осы сөйлемді кездестіруге болады: جسر [časara] -زَهْلَايْ لَادِى - zaһlāilādi - қайсар болу, өжет болу. الله اع [Аllaһu а‘lam] (Ат-Тухфа қолжазбасы XV ғ.:12a).

Діни тұрғыдан, адам баласы болғандықтан, қателіктер болуы мүмкін, сонымен қатар сөздер мен аудармасы да толығымен берілмеуі мүмкін деген мағынада берілген деген пікірдеміз.

Арабша – қыпшақ лексикалық сөздік жиырма тоғыз бөлімнен тұрады. Зат есімдер мен етістіктер бөлек көрсетілген. Біріншіден, араб тілінің әліпбиіне сәйкес есім сөздер, одан кейін III жақта, жекеше түрде, өткен шақ формасында етістіктер тізімі тізілген. Араб тілінің грамматикалық дәстүрі қатаң сақталған. Араб тіліндегі сөздіктерде де етістік жоғарыда айтылған тәртіп бойынша беріледі.

Т.А. Арынов сөздіктің лексикалық бөлімін жалпы сөздер және кәсіби сөздер деп екіге бөлген. Қарапайым, жалпы сөздер өз тарапында төмендегідей топтарға бөлінген: (Арынов 1983:130)

- аспан денелерінің атаулары;

- табиғат құбылыстарының атаулары;

- географиялық атаулар;

- өсімдік атаулары;

- үй жануарларының атаулары.

Адамзатқа және қоғамға қатысты сөздер төмендегідей топтарға бөлінген:

- этникалық атаулар;

- антропонимдер;

- әлеуметтік-саяси лексика;

- этнографикалық лексика.

Этникалық атауларға тайпалардың аттары жатады. Сөздіктегі этнонимдердің көпшілігі XIV ғасырдағы түркі тілдес халықтардың солтүстік тайпаларының атауларын қамтиды. Антропонимдер қазіргі кезеңдегі түркі тілдеріндегі адам есімдерімен сәйкес келеді. Олар мысалға Арслан, Сұңқар және т.б. Қазіргі күндері осы есімдер қазақ халқының арасында кең таралған (Арынов 1983:130)

Әлеуметтік-саяси терминологияға хан (патша сынды елді билеген адамды атаған), сұлтан (хан сөзіне синоним сөз, бірақ сұлтан түгелдей елді емес, елдің бір бөлігін ғана билеген), тілмаш (аудармашы), құл және т.б. Аталған сөздер түркі тілі бойынша «Ат-Тухфа» ескерткішіне дейін жазылған басқа да ортағасырлық еңбектерде де берілген. Алайда би сөзі алғаш рет «Ат-Тухфа» ескерткішінде «бек» деген мағынада қолданған. Бұл – басқа ескерткіштерден зерттеу нысанымыздың ерекшеліктерінің бірі.

Ескерткіштің ІІІ бөлімі грамматикаға арналып, 64 бөлімнен тұрады:

1) باب النكره والمعرفه – жалпы және жалқы есімге арналған бөлім;

2) بَاب الضمرات – жіктеу есімдігіне арналған бөлім;

3) فصل في علامة الضماير المتصله – бірге жазылатын жіктеу есімдеріне арналған тарау;

4) فصل في اضافة الضماير المتصله للاسماء – есім сөздерге қосылып жазылатын етістіктерге арналған тарау; 

5) بالافعال فصل في اضافة الضماير المتصله – етістерге қосылып жазылатын етістіктерге арналған тарау;

6) فصل علامه النصب – табыс септігіне арналған бөлім және т.б.

Бұл бөлімнің мақсаты араб халқына араб тілінде түркі тілін, яғни қыпшақ тілін түсіндіру еді. Қолжазбаның осы үшінші бөлімі негізінен, морфологияға арналған. Мысалы, жіктеу есімдері туралы айтылған. Жіктеу есімдіктері жекеше және көпше түрлерінде бола алады. Бірінші жақта жекеше түрінде - мен, көпше түрінде - біз; екінші жақта жекеше түрінде - сен; үшінші жақта жекеше түрінде - ол, көпше түрінде - олар.

Бірақ автор тәуелдік жалғау және басқа да жалғаудың түрлерін бөлек ажыратып бермеген. Жіктеу есімдіктері бірге және бөлек жазылатын деп екіге бөледі. Бөлек жазылатындарға бірінші жақта ман, биз; екінші жақта сан, сиз және –ңыз, -ңиз; үшінші жақта өзі, канси, канда, көптік мағынаны білдіру үшін көптік жалғауларын қосады. Бірге жазылатын есімдіктері өткен шақта, осы және келер шақта жазылатын формаларын көрсете отырып, жалпы мына жалғауларды атап кетеді: -м, -к; -лық, -лик, -лим, -ң, -ңыз, -уң, -үң, -аң, -аңар.  (Қайдар А., Оразов М.М.: 2004: ).

«Ат-Тухфада» сан есім, етістік және көмекші сөздер туралы да мәлімет берілген. Мәселен, сан есім – باب العدد туралы айтатын болсақ, сан 1 ден 9-ға дейін беріледі: بِرْ – бір, إِكِّي – екі, اُوُجْ – үш, دُورْتْ – төрт, بَاشْ – бес, أَلْطِى – алты, يَادِى – жеті, سَاكِزْ – сегіз, تَاقُوزْ – тоғыз. Содан кейін ондықтарды, жүзден мыңға дейін, мыңдықтар да айтылған. Әрі араб тілі мен қыпшақ тілі арасындағы ондықтардан бастап айырмашылықты айтып кеткен.

Мәселен араб тілінде 21 санында бірінші бір одан кейін жиырма саны айтылады. Бірлік бірінші, ондық екінші айтылады, ал қыпшақ тілінде керісінше. Бірінші кезекте ондық, одан кейін бірлік айтылады. Міне, санау жүйесіндегі екі халық ойлауындағы ерекшелік көрсетіледі. Сонымен қатар, реттік және топтау сан есімдер түрлері де берілген.

Үшінші бөлімде сөз ішінде әріптің түсіп қалуы туралы да айтылып кеткен. Дыбыстардың мүлдем түсіп қалуы элизия деп аталады (Аханов 2010: 35). Қыпшақ тілінде элизия өте сирек кездеседі. Мәселен: «д» әрпінің түсуі:

إِجِرْ – ʼičir  (ішір) деп айтылғанымен, негізгі сөзі إِجْ دِرْ – ʼičdir (іштірту, ішкізу);

«Б» әрпінің түсуі: أَاكَارْ– ʼākār (егерде) негізіненأَابْكَارْ  – ʼābkār;

«Р» әрпінің түсуі: بِرْلَا – birlā (бірге) сөзінің орнына بِيلَا– bilā сөзі қолданылады.

«Қ» әрпінің түсуі де кездеседі: صِشْقَانْ – sišqān (тышқан) сөзінің орнына صِجَانْ – sičān; طَاشْقَارِى – tāšqāri (сыртқы жағы) сөзінің орнына طَاشَارِى – tāšāri сөзі; بَاشْقَار – bāšqār (басқар) сөзінің орнына بَاشَارْ – bāšār сөзі қолданылады.

«К» әрпі де түсіп қалу кездері бар: إِشْكَارِى - ʼiškari (ішкі жақ) сөзінің орнына إِشَارِى – ʼišari сөзі пайдаланылған.

Болымсыз түрдің I жағы да қысқартылып айтылады: أَالْمَازْمَانْ – ʼālmazmān (мен алмаймын) сөзінің орнына أَالْمَانْ – ʼālmān сөзі берілген.

II жақ көпше түрінде «з» әрпі түсіп қалу да бар: أَالِنِكزْ – ʼāliηiz (алыңыз) сөзінің орнына أَالِنْ – ʼālin етістігі айтылады.

Сөздің жасалу жолдары, сөзжасам туралы да автор айтып кеткен. Араб тілінде қазіргі күнге дейін бірінші пайда болған есім сөз бе әлде етістік пе деген мәселе даулы. Ал, қыпшақ тіліне келер болсақ, есім сөзден етістік туындаған. Автор екі тілдің морфологиялық айырмашылықтарын ескеріп, бірнеше мысалдар келтірген:

ақ (اآقْ - āq) – ағарды (أَاغَارْدِى- ʼāγārdi);

қара (قَارَا - qara) – қарайды (قَارَارْدِى– qarardi);

сары (صَارِى -sari) – сарғайды (صَارَارْدِى، صَاغَارْدِى– sarardi, saγardi);

қызыл (قِزِلْ- qizil) – қызарды (قِزَارْدِى– qizardi);

қайғы (قَايْغِى– qaiγi) – қайғырды (قَايْغِرْدِى– qaiγirdi);

бай (بَايْ– baбāй) – байыды (بَايِدِى– bayidi);

қысқа (قِصْقَا– qisqa) – қысқарды (قِصَارْدِى– qisardi);

сатылым (سَاطُو- satu) – сатты (سَاطِّى– satti).

Ескерткіш түркі тілдерінің тарихы бойынша көптеген маңызды деректер береді. Бұл фактілер қазақ тілінің тарихын білуде өте маңызды. Орта ғасырлардан бері кейбір қосымшалардың мағыналары өзгеріп, кейбіреуі қолданыстан түсіп қалған.

Мәселен, түрікмен тіліндегі [-ығчы], [-ычы], [чы] қосымшасы туралы айта келіп, оның етістіктерге де, есімдерге де жалғанатындығын, мағынасында тұрақтылық болатындығын көрсетеді. Мысал ретінде отмакчы – аспазшы, каличи – әрдайым келетін сынды сөздерді айтуға болады. Қазіргі түркі тілдерінде бұл қосымшалар беретін мағыналарынан өзгеше. Әрі етістікке қосылып жазылмайды. Есім сөздермен бірігіп жазылып, кәсіп атауының мағынасында қолданылады (Қайдар, Оразов, 2004: 30).

Қорытынды. ХIV-XV ғғ. жазылған қолжазба қазіргі қыпшақ тармағындағы тілдердің ортағасырларда қалыптасу тарихы бойынша құнды тілдік мәлімет беретін еңбек. Қолжазба осы күнге дейін бірнеше тілдерге аударылғанымен, авторы, жазылған жері мен уақыты нақты емес. Еңбектің авторы белгісіз, бірақ зерттеулерді сараласақ, автордың ұлты түркі халқынан шыққан, араб тілін жетік меңгерген. Еңбек Сирия елінде, Мысырда жазылуы ықтимал, себебі екі елдің де диалект сөздері кездеседі. Қыпшақ тілі араб халқы үшін жоғарғы билеуші өкілдерімен қатынасу құралы болған. Сондықтан, сол кезеңдерде араб тілінде қыпшақ тілін үйрену үшін оқулықтар, сөздіктер кеңінен жазылған болатын. Сирия мен Мысыр елдері бірдей мәмлүктердің қол астындағы әрі білім ошағы, ірі ғалымдардың басы қосылған орталықтардың бірі еді. Ескерткіште Мысыр билеушісі туралы да мәлімет берілген. Мысырда жазылған XV ғасырдың еңбегі деген қорытындыға келеміз.

«Ат Тухфада» қамтылған деректер мәмлүк-қыпшақ дәуіріндегі тілдік жағдай, халықтың тұрмысы, салты, дәстүрі, шаруашылығы туралы болғандығымен құнды. Зерттеудің нәтижелерін түркітану, шығыстану, қыпшақтану, тіл біліміндегі лексикология, этнолингвистика, деректану салаларында қолдануға болады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Atalay B. Et-Tuhfet – üz-zekiyye fil-lugat-it-türkiyye. – İstanbul, 1946. – 296 s.

Арынов Т.А. Лексико-семантические и стилистические особенности языка старокыпчакского памятника «Китаб Аттухфа аз-закийа фил-луга ат-туркийа»: дис... канд. фил. н.: 10.02.06 – Алматы: Академия наук Казахской ССР Институт языкознания, 1983. – 152 с.

Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 2010. – 560 б.

Батырша-ұлы Б. Мысыр мамлүк мемлекетінің Дешті Қыпшақпен байланыстары. XIII-XV ғасырлар. – Алматы: Экономика, 2005. – 652 б.

Бегалин К. Мамлюки. – М., 2012. – 195 с.

Изысканный дар тюркскому языку (Грамматический трактат XIVв. на арабском языке). – Ташкент: Фан, 1978. – 452 с.

Қайдар А., Оразов М.М. Түркітануға кіріспе. – Алматы, 2004. – 360 б.

Наджип Э.Н. Кыпчакско-огузский литературный язык мамлюкского Египта XIVвека: авторефер... док. фил. н. – М.: АН СССР ин-т народов Азии, 1965. – 94 с.

Cүйерқұл Б. Белгісіз автордың белгілі мұрасы // ҚР ҒМ-ҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. – 1997. – №5. – Б. 52-57.

Ishayahu L. Oirats in the Ilkhanate and The Mamluk Sultanate // Mamluk Studies Review. – 2016. – Vol. 19. – P. 149-193.

التحفة الزكية في اللغة التركية" ат-Тухфатуз закийату фил луғатит туркийати. – İstanbul, №3092. – 182 ص.

ص. 213 –  .سعيد عبد الفتاح. العصر المماليك فى مصر والشام. – القاهرة: الناشر، 1976

Referenses:

Atalay B. Et-Tuhfet – üz-zekiyye fil-lugat-it-türkiyye. – İstanbul, 1946. – 296 s.

Arınov T.A. Leksïko-semantïçeskïe ï stïlïstïçeskïe osobennostï yazıka starokıpçakskogo pamyatnïka «Kïtab Attwxfa az-zakïya fïl-lwga at-twrkïya»: dïs... kand. fïl. n.: 10.02.06 – Almatı: Akademïya nawk Kazaxskoy SSR Ïnstïtwt yazıkoznanïya, 1983. – 152 s.

Axanov K. Til biliminiñ negizderi. – Almatı, 2010. – 560 b.

Batırşa-ulı B. Mısır mamlük memleketiniñ Deşti Qıpşaqpen baylanıstarı. XIII-XV ğasırlar. – Almatı: Ékonomïka, 2005. – 652 b.

Begalïn K. Mamlyukï. – M., 2012. – 195 s.

Ïzıskannıy dar tyurkskomw yazıkw (Grammatïçeskïy traktat XIVv. na arabskom yazıke). – Taşkent: Fan, 1978. – 452 s.

Qaydar A., Orazov M.M. Türkitanwğa kirispe. – Almatı, 2004. – 360 b.

Nadjïp É.N. Kıpçaksko-ogwzskïy lïteratwrnıy yazık mamlyukskogo Egïpta XIVveka: avtorefer... dok. fïl. n. – M.: AN SSSR ïn-t narodov Azïï, 1965. – 94 s.

Cüyerqul B. Belgisiz avtordıñ belgili murası // QR ĞM-ĞA Xabarları. Til, ädebïet serïyası. – 1997. – №5. – B. 52-57.

Ishayahu L. Oirats in the Ilkhanate and The Mamluk Sultanate // Mamluk Studies Review. – 2016. – Vol. 19. – P. 149-193.

Altuhfat alzakiat fi allughat alturkiyat at-Tuhfatuz zakijatu fil lugatit turkijati. – Istanbul, No3092. – 182 s.

Saeed Abdel Fattah. Aleasr almamalik fiMisr walshsham. – Alqahirat: alnaashiri, 1976. – s. 213

МРНТИ 03.09.25

ИСТОРИКО-ЛИНГВИСТИЧЕСКОЕ ОПИСАНИЕ

СРЕДНЕВЕКОВОМУ МАНУСКРИПТУ АТ-ТУХФА

Конкабаева Назым Нурболатовна¹

¹PhD. КазНУ им. аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы

Аннотация.Статья посвящена средневековому памятнику XV века. Приведены история и описание средневекового памятника, составленного во времена правления мамлюков. Доминирование мамлюков в Египте было настолько сильным, что арабы начали изучать тюркский то есть, кипчакский язык. Свидетельство этой тенденции можно найти в рукописи «Ат-Тухфатуз закияту фил лугатит туркияти». Рукопись Ат-Тухфа – это учебник для арабского народа по изучению кипчакского языка. Хотя памятник Ат-Тухфа был написан в соответствии с традициями арабской лексикографии, он может предоставить информацию о профессиях, традициях, обычаях и экономике средневекового тюркского народа. Рукописи был сделан палеографическое исследование. Были изучены время и места его написания, дает исторические свидетельства. Описывается структура и особенности рукописи.

Ключевые слова: манускрипт, мамлюк, кипчакский язык, арабская традиция, средневековый памятник.

IRSTI 03.09.25

HISTORICAL AND LINGUISTIC DESCRIPTION OF THE MEDIEVAL MANUSCRIPT OF AT-TUHFA

Konkabayeva Nazym Nurbolatovna¹

¹PhD. al-Farabi Kazakh National University. Kazakhstan, Almaty.

Annotation.The article is dedicated to the medieval monument of the XV century. The history and description of the medieval monument composed during the reign of the Mamluks are given. Dominance of the Mamluks in Egypt was so strong that the Arabs began to study the Turkic language, that is, the Kipchak language. Evidence of this trend can be found in the manuscript «At-Tuhfatuz zakiyatu fil lugatit turkiyati». The mnuscript At-Tuhfa is a textbook for the Arab people on the study of the Kipchak language. Although the monument of At-Tuhfa was inscribed in accordance with the traditions of Arabic lexicography, it can provide information about the professions, traditions, customs and economy of the medieval Turkic people. Manuscripts were made paleographic research. There have been studied the time and place of his writing, which gives historical evidence. It describes the structure and features of manuscripts.

Keywords: manuscript, mamluk, Kipchak language, Arabic tradition, medieval monument.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз