Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 473.94 / 94(5) МӘМЛҮК-ҚЫПШАҚ СҰЛТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘЛЕМ ӨРКЕНИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Қ.А. ҚЫДЫРБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, PhD доктор, доцент м.а.

ӘОЖ 473.94 / 94(5) МӘМЛҮК-ҚЫПШАҚ СҰЛТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘЛЕМ ӨРКЕНИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(17), 2019

Тегтер: буржи, бахри, мәмлүк қылышы, қыпшақ тілі, шеркеш, бүржоғлы, қыпшақ, Мәмлүк
Автор:
Мысыр мен Шам жеріне және мұсылмандардың қасиетті жерлері Хижазға үш ғасырға жуық билік жүргізген мәмлүк-қыпшақтары отандық ғалымдар тарапынан кешенді түрде зерттелмей отыр. Тіпті кейбір сұлтандардың тегі мен есімі де нақты анықталмай келген. Көптеген араб және Еуропа ғалымдары буржилер кезеңінде билікте болған мәмлүктерді адыгей-черкестерге жатқызып келген болатын. Бұл мақалада буржилер кезеңіндегі сұлтандардың адыгей-черкестерге еш қатысы жоқ екені, олардың қыпшақ даласынан барған шеркештер екені, екі кезеңдегі, яғни бахрилер мен буржилер кезеңіндегі мәмлүктер де қыпшақ тілінде сөйлегені жан-жақты дәлелденеді және қыпшақтардың әлем өркениетіне қосқан үлесі туралы тың мәліметтер беріледі. Кілт сөздер: мәмлүк, қыпшақ, бүржоғлы, шеркеш, мәмлүк қылышы, қыпшақ тілі, бахри, буржи
Мазмұны:

Кіріспе

Мысыр мен Шам жерін, Хижазды 1250-1517 жылдар аралығында 267 жыл бойы билеген мәмлүк-қыпшақтары отандық ғалымдар тарапынан толыққанды зерттелмей отыр. Әлем тарихшылары мәмлүктер елін «бахрилер» және «буржилер» деп екіге бөліп қарастырады. «Бахрилер» 1250-1382 жылдары 132 жыл билесе, «буржилер» 1382-1517 жылдары 135 жыл билік жүргізді.

Ғалымдар арасында «бахрилер» кезеңінде 19 жыл билік жүргізген Байбарыс әулеті (1260-1279 ж.) мен 106 жыл билік еткен Қалауын әулетінің (1279-1382 ж.) қыпшақ даласынан шыққанына талас жоқ. Ал 1382-1517 жылдары, яғни «буржилер» кезеңінде 135 жыл билік жүргізген мәмлүк сұлтандарын қазіргі кезеңдегі көптеген тарихшылар Кавказдағы адыгей-черкес ұлтымен байланыстырып келеді. Сонымен қатар мәмлүктер кезеңінде жарық көрген еңбектер, ашылған жаңалықтар тиісті тарихи бағасын алмай келеді.Тіпті мәмлүк-қыпшақ сұлтандығының әлем өркениетіне қосқан үлесі де ашық айтылмауда.

Талқылау нәтижесі

Бахрилер кезеңіндегі сұлтандардың ұлты мен руына шолу жасалып, буржилер кезеңіндегі сұлтандардың Кавказдағы адыгей-черкес ұлтына қатысы жоқ екені, олардың қыпшақ даласынан шыққан шеркештер екені нақты дәлелдер арқылы көрсетіледі. Сол кезеңдегі ашылған жаңалықтар мен жазылған құнды еңбектер қай тілде жазылғанына қарамастан Мәмлүк-қыпшақ сұлтандығына тиесілі екені ашып көрсетіледі.

Нәтижесі

Буржилердің адыгей-черкестер емес, қыпшақ тілінде сөйлеген Ұлы Дала шеркештері екені ортағасырлық деректер мен жазба ескерткіштер, сұлтандардың ныспысы негізінде жан-жақты дәлелденіп көрсетіледі. Сондай-ақ «Құлдар елі», «Құлдар сұлтандығы» деген мағына беретін «Мәмлүктер елі», «Мәмлүктер сұлтандығы» атаулары кейбір саяси мүдделерге орай кейінгі тарихшылардың ойлап тапқан терминдері екенін, олар өздерін бахрилер кезеңінде «Түрік елі», «Түріктер елі», ал буржилер кезеңінде «Шеркеш елі», «Шеркештер» елі деп атағандары анықталды. Сонымен қатар мәмлүк-қыпшақтардың әлем өркениетіне қосқан үлесі ретінде, сол кезеңдерде жазылған ғылымның әртүрлі саласындағы том-том энциклопедиялық еңбектер, медицина саласындағы ашылған жаңалықтар, сәулет өнері, алғашқы реактивті торпеда мен ауыр от қарулар (зеңбіректер), «мәмлүк қылышы» деген атпен әйгілі болған қазақтың қайқы қылышы туралы тың мәліметтер беріледі.

Негізгі бөлім

Әйюбилер әулетінен кейін 1250 жылы билікке келіп, Мысыр, Шам жерлеріне, Хижазға биліктерін жүргізген мәмлүктер бүкіл араб әлемін моғол шапқыншылығы мен кресшілер жорығынан аман алып қалғаны белгілі (ортағасырлық араб деректерінде «монғол» сөзі кездеспейді, «моғол» деп беріледі). Тарихшылар Мәмлүктер елін «бахрилер кезеңі» және «буржилер кезеңі» деп екіге бөліп қарастырады. «Бахрилер» 1250-1382 жылдары билесе, «буржилер» 1382-1517 жылдары билік құрды. Араб тарихшылары «бахри» аталу себебін, сырттан әкелінген мәмлүктердің Ніл өзеніндегі «әр-Рауда» аралына орналастырылуымен, әскери жаттығуларын сонда өткізгендігімен байланыстырады. Ол кездерде мысырлықтар Ніл өзенін бахр, яғни теңіз дейтін. Деректерде бахри мәмлүктерінің дені ортаазиялық түріктерден (қыпшақтардан)болғаны айтылады. Ал «буржи» атауын сырттан әкелінген мәмлүктердің биікте орналасқан «әл-Жәбал» қамалының жоғарғы бөліктеріне (қабаттарына) орналастырылып, әскери жаттығуларын сонда өткізгендігімен байланыстырған. Араб тіліндегі «бурж» сөзі қамал,бекініс, мұнара деген мағынаны білдіреді.

Кейбір қазақ тарихшылары Байбарыс сұлтанның бүржоғлы(беріш) руынан екенін «Буржи мәмлүктері» атауындағы «бурж» сөзімен байланыстырады. Бұл ақиқатқа жанаспайды. Өйткені Байбарыс сұлтан 1260-1277 жылдары, яғни буржилер емес, бахрилер кезеңінде билікте болған. Байбарыстың бүржоғлы(беріш) руынан екеніне мәмлүктер елінде өмір сүрген әйгілі тарихшы ибн Халдун өз еңбегінің бесінші томында және тарихшы әл-Айни өзінің «Иқд әл-Жуман» [Әл-Айни, 153] атты еңбегінің бірінші томында жазып кеткені дәлел болмақ.

Әйюбилердің соңғы сұлтаны әс-Салих Әйюбтің әйелі Шежіредүр 1250 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін сексен күн ел билеген.Тарихшы ибн Кәсир«әл-Бидәйа уә ән-Ниһәйа» [Ибн Кәсир, 13-т.] атты еңбегінде және әл-Мақризи «әс-Сулук» [Әл-Мақризи, 1997: 1/549] атты еңбегінде Шежіредүрдің мәмлүк-түрік екенін айтқан. Мәмлүктер елінің алғашқы сұлтаны болған Шежіредүр араб шығысындағы ислам елдерінің алғашқы әйел басшысы ретінде танылады [Әл-Мақризи, 1997: 1/118]. Кейіннен ол әртүрлі саяси жағдайларға байланысты өзінің уәзірі түрікмен Айбекке тұрмысқа шығып, билікті соған береді. 1250-1260 жылдар аралығында Шежіредүрден кейін болған Айбек (1250-1257 ж.) пен Али (1257-1259 ж.) сұлтандардың түрікмен екеніне тарихшылар арасында талас жоқ. Тарихшылар Құтыз сұлтанның (1259-1260 ж.) хорезмдік екенін айтады.

Ал 1260-1332 жылдар аралығында Құтыздан кейін 122 жыл бойы билеген бахрилердің 23 сұлтанының жиырма екісі қыпшақ елінің бүржоғлы (беріш) руынан, біреуі шеркеш руынан болған. 1260-1279 жылдар аралығында 19 жыл Байбарыс әулеті билесе, 1279-1382 жылдар аралығында 106 жыл бойы Қалауын әулетінен он тоғыз сұлтан билеген. Қалауын әулетінің бірінші сұлтаны әл-Мансур Сейфуддин Қалауынның (1279-1290 ж.) қыпшақ елінің бүржоғлы (беріш) руынан екенін сол кезеңдерде, сол елде өмір сүрген ибн Абдуззаһир [Ибн Абдуззаһир, 7/94], ибн Тағриберді [Ибн Тағриберді, 43] секілді тарихшылар жазып қалдырған. Ал Қалауын әулеті кезінде билік еткен бахрилердің 13-ші сұлтаны әл-Музаффар Рукнуддин Байбарыстың (1308-1309 ж.) шеркеш екенін Хайруддин әз-Зирикли [Х. әз-Зирикли, 79] және т.б. тарихшылар айтып кеткен.

Тарихшылар 1382-1517 жылдары билік құрған буржи мәмлүктерінің денін шеркештер құрағанын айтады және кейбір тарихшылар оларды қазіргі Кавказ өңірінде жасайтын черкестермен байланыстырады. Буржи мәмлүктерінің алғашқы сұлтанының есімі қыпшақша болмай, Барқуқ болуы да олардың осы пікірін қуаттағандай болатын. Алайда 1382 жылы таққа отырған буржилердің бірінші сұлтаны Барқуқ туралы сол заманда өмір сүрген тарихшы әл-Мақризи (1364-1442 ж.): «Шеркеш елінен әкелініп, Қырымда сатылды. Оны Қожа Фахруддин Осман ибн Мусәфир Мысыр жеріне әкелді. Елбұға әмір оны сатып алып, азат етеді де, өз мәмлүктеріне қосады. Оның аты Алтынбұға болатын. Көзі сыртқа шығыңқы болғандықтан әмір оны Барқуқ деп атаған» [Әл-Мақризи, 1997: 5/464], – деп жазады (қараөрікті араб тілінде «Барқуқ» дейді. Соған қарағанда сұлтанның көзі сыртқа шығыңқы бадырайған қара көз болса керек). Әл-Мақризидің осы жазбасы буржилердің алғашқы сұлтаны адыгей-черкес емес, қыпшақ елінің шеркеші екенін дәлелдей түседі. Өйткені «Алтынбұға» – қыпшақ есімі. Екінші компоненті «бұға» болып келетін есімдер қыпшақ даласында көптеп кездесетіні, тіпті атақты тұлғалар да бар екені тарихтан белгілі. Олай болса 1382-1412 жылдар аралығында жиырма жыл ел басқарған Барқуқ (Алтынбұға) әулетінің үш сұлтаны да түрік (шеркеш) болып шығады. Демек буржилер кезеңінде билікте болған жиырма бес сұлтанның жиырмасының есімі немесе ныспысыАлтынбұға, Барысбай, Татар, Шақмақ (Шақпақ), Хошқадам, Белбай, Темірбұға, Қайтбай, Жанболат, Тұманбай секілді қыпшақ есімдерінен, үшеуінің есімі мен ныспысы араб есімдерінен болған (түрік халықтары арабша есім қоя беретіні белгілі). Ал араб есімді сұлтандар мен Инал әулетінің тегі зерттеуді қажет етеді.

Сонымен буржилер кезеңіндегі (1382-1517 ж.) жиырма бес сұлтанның жиырмасы қыпшақ даласының шеркештері болған.Кейбір ғалымдар буржилерді адыгей-черкестер етеміз деп қаншама әуреленсе де, сұлтандар мен әмірлердің есімдері оларды өз тектеріне, яғни түрік шеркештерге тартып тұр.

Ел билеген шеркештердің кавказдық черкестерге қатысы жоқ екеніне тағы бір дәлел, черкес тілі түрік тілдеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адыгей тобындағы Солтүстік Кавказ тілдеріне жатады, ал ел билеген шеркештер қыпшақ тілінде сөйлеген. Бахрилер мен буржилердің қыпшақ тілінде сөйлегеніне осы кезеңдерде (ХІІІ-ХVI ғасырларда) жазылған жазба ескерткіштердің тіліде дәлел болмақ. Мысалретінде бахрилер кезеңінде (1250-1382 ж.) жазылған «Қыпшақ-араб сөздігі» (XIII ғ.), «Китаб әл-Идрак» (XIV ғ.), «Әд-Дурра» (XIV ғ.), «Әт-Тухфа» (XIV ғ.), т.б. жазба ескерткіштердің тілін айтуға болады. Тіпті«Әт-Тухфа» атты еңбектің авторы қолжазбаның кіріспесінде: «Мен еңбекті қыпшақ тілі бойынша жаздым, өйткені ең көп қолданылатын тіл – қыпшақ тілі», – деген. Осы сөздікті зерттеген отандық зерттеуші Т. Арын ондағы кездесетін түрік сөздерінің, яғни қыпшақ сөздерінің үлесі 97,5%, парсы сөздерінің үлесі 2,1%, араб сөздерінің үлесі 0,4% екенін анықтаған [Т. Арынов, 2009: 129].

Буржилер, яғни шеркештер билігі кезінде (1382-1517 ж.) жарық көрген жазба ескерткіштер де қыпшақ тілінде жазылған. Мысал ретінде буржилердің бірінші сұлтаны Барқуқтың (Алтынбұғаның) (1382-1399 ж.) тұсында 1387 жылы араб тілінен түрік (қыпшақ) тіліне аударылған «Иршад әл-Мулук уә-с-Салатин» атты шариғат кітабын айтуға болады. Сонымен қатар осы Барқуқ сұлтан мен оның ұлы Фәраж сұлтанның (1399-1412 ж.) тұсында, яғни XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында қыпшақ тілінің грамматикасын араб тілділерге үйрету мақсатында жазылған «Әл-Қауанин» еңбегі, шеркеш мәмлүктерінің 23-ші сұлтаны Қансу әл-Ғуриге (1501-1516 ж.) тарту етілген «Шаһнама» атты поэманың қыпшақ тіліндегі аудармасы, осы Қансу әл-Ғури сұлтанның тікелей әмірімен қыпшақ тіліне аударылған «Муқаддима Әбулләйс әс-Самарқанди» атты діни еңбектер дәлел болмақ. Буржилер кезеңінде, яғни шеркештер билік құрған кезеңде жарық көрген осы жазба-ескерткіштердің барлығы адыгей-черкес тілінде емес, түрік шеркештердің тілінде, яғни қыпшақ тілінде жазылған.

Әлемдік өркениетке қосқан үлесі

Қиын кезеңдебилікке келген мәмлүктер араб-мұсылман әлемін моғол шапқыншылығы мен крест жорықтарынан сақтап қана қоймай, халифат құлағаннан кейінгі тұралап қалған ислам өркениетіне қайта жан бітіріп дамытты. Әскери жағына ғана емес ғылым, білім, мәдениет, экономика, өнер саласына да баса назар аударды. Мысыр мен Шам жерінде көптеген мешіттер, медреселер, кітапханалар, ауруханалар, т.б. мекемелер салдырды. Мысал үшін сол кездерде үлкен білім ордалары болғанәз-Заһир Байбарыс сұлтан салдырған әз-Заһирия медресесі, ән-Насыр Мұхаммед сұлтан салдырған ән-Насырия медресесі, сондай-ақ Хасан сұлтан, әл-Мүһәззабия, әл-Фурқания, әс-Сағдия, әт-Тафажия, әл-Махмудия секілді көптеген мешіт-медреселерді айтуға болады. Араб тарихшысы Абдуррахман Зәки: «Һижраның 600-ші жылы Каир қаласында 13 медресе болса, мәмлүктер заманында мешіт-медреселердің саны еселепөсті» [А. Зәки, 73], – дейді. Тіпті әйгілі жаһангер ибн Баттута медреселер туралы: «Көптігі соншалық, санына жету мүмкін емес» [Ибн Баттута, 70], – деген. Мәмлүктер елінде өмір сүрген әйгілі тарихшы ибн Кәсир: «Шам жеріндегі әл-Жамиғ әл-Әмәуи медресесінде оқитын әрбір шәкіртке айына он дирһем шәкіртақы, оқытушыға сексен дирһем айлық жалақы тағайындалған» [Ибн Кәсир, 1998: 719], – дейді. Фатимилер кезінде салынып, шиғалық бағытты насихаттаған әл-Әзһарды әйюбилер кезінде Салахуддин әл-Әйюби жауып, шиғаларды Мысыр жерінінен қуған болса, мәмлүк-қыпшақтар әл-Әзһарды қайта ашып, айналасына жаңа оқу ордалары мен кітапхана салып кеңейтті және бүкіл мұсылман жұрты біліммен сусындайтын төрт мәзһабтағы сүннилік бағытта қайта дамытты [М. Хамиш, 2018: 30-35]. Әйгілі саяхатшы ибн Баттута Мысыр жеріне Қалауын әулетітұсындабарғанда, ондағы мамыражай тіршілікті, ғажайып ғимараттарды, жоғары мәдениетті көріп, бұл елді «Умм әл-Биләд», яғни «Елдердің анасы» деп сипаттаған. Осы деректерден-ақ мәмлүк сұлтандары мен әмірлерінің ислам дінінің тура бағытта дамуына ықпалеткенін, олардың ғылым, білімге деген ықыласы жоғары деңгейде болғанын байқауға болады.

Энциклопедиялық еңбектер: Әйюбилер билігі кезінде мәмлүктердің көптеп әкелініп, қыпшақтардың саны артуы салдарынан, араб тілімен қатар қыпшақ тілі де қолданыста болды. Оған мәмлүктер билікке келмей тұрып, 1245 жылы жарық көрген «Қыпшақ-араб сөздігі» дәлел болмақ. Аббасилер мен әйюбилер кезеңінде әкелінген мәмлүктерге соғысу өнеріне қоса, жастайынан араб тілі мен ислам дінінің негіздері оқытылғаны тарихтан белгілі. Мәмлүктер билікке келгенде билік өкілдерімен тікелей жұмыс жасайтын арабтілділер мен кейбір мүдделі топтар биліктегілердің тілін үйренулеріне тура келді. Нәтижесінде жоғарыда аталған қыпшақ тілін оқытуға арналған тілдік еңбектер мен әдеби шығармалар, діни еңбектер дүниеге келіп, белгілі бір дәрежеде қостілділік белең алды. Алайда сұлтандар мен әмірлер қыпшақ тілін барша халыққа міндеттемеді.Араб тіліне жетік ғұлама кісілерді әртүрлі мемлекеттік қызметтерге ұсынды. Мысалы әз-Заһир Байбарыс сұлтан әйгілі ғұлама ибн Халликанды Шамжеріне Жоғары Қазы қызметіне тағайындаған. Ал атақты тарихшы Әбу әл-Аббас әл-Қалқашанди (1355-1418 ж.) буржилердің бірінші сұлтаны Барқуқтың (Алтынбұғаның) тұсында мемлекеттік хатшы міндетін атқарған. Ислам негіздері бойларына жастайынан сіңгендіктен, сұлтандықта қасиетті Құран тілі ғылым, білімнің тілі болып қала берді. Сұлтандар мен әмірлердің қолдауымен дүниеге келген том-том ғылыми еңбектер араб тілінде жазылды, жаңалықтар араб тілінде ашылды. Бұл кезеңдегі ғұлама ғалымдар мен өнертапқыштар араб ұлтынан ғана емес, араб тілін терең меңгерген түріклер (қыпшақтар) арасынан да шықты. Ғылым, білімге жоғары дәрежеде көңіл бөлінуі салдарынан бұл елге Бағдат, Андалусия секілді Шығыс пен Батыс өңірлерденкөптеген ғұламалар қоныс аударды. Ғылымның түрлі саласында үлкен-үлкен энциклопедиялық еңбектер жазылғандықтан, зерттеушілер мәмлүктер дәуірін «Ғылыми энциклопедиялар дәуірі» деп атады.Араб зерттеушісі Мұстафа әш-Шәкға бұл еңбектерді: «Мәмлүктер дәуірінде жарық көрген әйгілі энциклопедиялар қаншама ғасыр өткеніне қарамастан әлі күнге дейін ислам пікірі саласындағы ең әйгілі еңбектер» [М. әш-Шәкға, 731], – деп бағалаған. Әйгілі Мысыр жазушысы әрі тарихшы Таһа Хусейн (1973 ж. қайтыс болған) мәмлүктер дәуіріне: «Бұл кезең Каир мен араб елдері үшін исламның ең өркендеген кезеңі. Олай деуге мәмлүктер дәуірінің «энциклопедиялар дәуірі» деп аталуының өзі жеткілікті» [Ш.Тауфиқ, 2009: 15], – деген сипаттама берген. Мысалы «Ән-Нужум әз-Зәһира фи мулук Миср уә әл-Қаһира» атты еңбек Мысыр жерін билеген патшалар мен сұлтандардың тарихына қатысты ең құнды он алты томдық еңбек. Авторы тегі түрік Юсуф ибн Тағриберди (Тәңірберді) әл-Атабеки (1410-1470 ж.) араб және түрік тілдерін жақсы білген. Барқуқ сұлтан тұсында әкесі үлкен әмір болған. Тарихшы әл-Мақризиден білім алған. Ауқатты отбасында өскендіктен, білім үйрену, жазудан өзге іспен айналыспаған. Ал тегі қыпшақ, тарихшы әрі әмір, бірнеше соғысқа қатысқан Байбарыс әд-Дәуадардың (1247-1325 ж.) «Зубдә әл-Фикра фи тарих әл-Һижра» атты тоғыз томдық еңбегінің тоғызыншы томы толығымен Мәмлүк сұлтандығының тарихына арналған. Осы автордың «Әт-Тухфа әл-Мулукия фи әд-Дәулә әт-Түркийа» атты еңбегі мәмлүктер елінің сұлтандары мен әмірлері туралы құнды еңбек. Бұл еңбектің жалғыз қолжазбасы Вена кітапханасында сақтаулы тұр.

Мәмлүктер кезеңінде жазылған түрлі саладағы энциклопедиялық еңбектер әлі күнге дейін құнын жойған жоқ.Оларды әлемнің қай елінде болмасын, филология, әлем және араб елдері, Мәмлүк сұлтандығы тарихын, ислам дінін, мәдениетін зерттеумен айналысатын инститтуттар мен ғылыми орталықтардың кітапханаларынан табуға болады.

Медицина: Ғылымы дамыған Мәмлүк сұлтандығындағы Каир, Димашық (Дамаск), Хама қалалары әлемдегі ең үлкен офтальмология (көз ауруларын зерттеу, ота жасау, емдеу) орталығына айналды. Заманында әз-Заһир Байбарыс сұлтанның жеке дәрігері болған, тегі мәуараннаһрлық ибн ән-Нәфис (1213-1288 ж.) медицина саласында бірнеше еңбек жазған. Оның «Шарх тәшрих әл-Қанун» атты еңбегі әлі күнге дейін құнын жоймаған. Ислам өркениетінің мақтанышы саналатын осы еңбегінде ол алғаш рет өкпе-жүрек қанайналым немесе кіші қанайналым физиологиясын, тыныс алу жүйесінің, артерия анатомиясы мен функциясын ашты. Жүрек бұлшықеттері жүрек қуысындағы қаннан емес өз ішіндегі қантамырлар арқылы қорек алатынын дәлелдеді. Ибн ән-Нәфистің бұдан да өзге бірнеше еңбегі көптеген тілдерге аударылды.

Сәулет өнері: Мәмлүктер дәуірінде Мысыр мен Шам жерінде сәулет өнері шарықтау шегіне жетті. Бұл кезеңде салынған мешіт-медреселер арқасында Каир «Мың мұнаралы қала» деген атқа ие болды. Солардың ішіндегі ең көрнектісі Қалауын сұлтанның тікелей ұрпағы Хасан сұлтан (1347-1351 ж. және 1354-1361 ж. билік құрған) салдырған мешіт-медресе. Бұл мешіт-медресе аса биіктігімен, құрылыстағы геометриялық дәлдігімен, әшекейлеу, әрлеу жұмыстарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар құрылысындағы мәрмәр тастардың қашалу шеберлігі, нақышталып мыспен қапталған есіктері мешіт-медресеге әр беріп тұр. Қабырғаларының жоғарғы жағындағы қошқармүйіз пішінінде қатар-қатар өрілген бөлігі мешіт-медресеге қазақы өң беріп тұр. Мешіт-медресе ортасындағы ашық алаңқайда мәрмәр тастан қашалған сегіз ұстынға бекітілген үлкен күмбез, сол алаңқайдың төрт қапталындағы үлкен төрт иуан (күмбезденіп қаланған үлкен қақпа немесе қуыс), әр иуанда ислам дінінің төрт мәзһабын оқытатын төрт медресеге апаратын есіктер мешіт-медресенің қайталанбас өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Сұлтан өз көмекшілерінен әлемдегі ең үлкен иуан туралы сұрағанда, көмекшілері парсы патшасы салдырған ғимараттың иуаны екенін айтады. Оны естіген сұлтан өз мешітінің иуаны парсы патшасы салдырған иуаннан үлкен болуын бұйырған деседі. Халық арасында «Перғауындар заманындағы Мысыр пирамидаларымен мақтанса, ислам кезеңіндегі Мысыр Хасан сұлтан мешітімен таңғалдырмақ» деген сөз тараған. Архитекторлар арасында «Төртінші пирамида» деген атқа ие болған Хасан сұлтан мешіт-медресесін өз көздерімен көрген ортағасырлық тарихшылар мен еуропалықтардың сипаттамаларына қарап-ақ бұл мешіттің дәрежесі қандай деңгейде болғанын аңғаруға болады. Мәмлүктер елінде өмір сүрген тарихшы ибн Тағриберди (Тәңірберді): «Бұл медресенің екі мұнарасы мен күмбезі әлем кереметтерінің бірі. Сонымен қатар ислам өркениетіндегі ең әсемғимарат» [А. Хасан, 1945: 166], – десе, сол дәуірде өмір сүрген әл-Мақризи: «Ислам елдеріндегі мұсылман ғибадатханаларының ішінде осы мешітке тең келетін ғибадат орны болған емес, мұндай ғибадат орны тіпті Мысыр, Шам, Ирақ, Мағриб, Йемен жерлерінде де салынған емес» [А. Хасан, 1945: 166],– деп сипаттайды. Француз шапқыншылары: «Расында да бұл Каирдегі, тіпті бүкіл Мысыр жеріндегі ғимараттардың ең көріктісі», – деген. Француз шығыстанушысы Гастон Виет: «Бұл Каир мешіттерінің ішінде құрылысының мықтылығы мен биіктігімен ерекшеленетін, сондай-ақ нәзік ою-өрнектерінің әдемілігімен көздің жауын алатын бірден-бір мешіт. Аса танымал, аса бағалы бұл ғимараттың ислам өркениетінің даңқы мен қуатының рәмізі екеніне күман жоқ» [А. Хасан, 1945: 166], – деген. Әлемді тамсандырған мешіт-медресенің бас архитекторы тегі мәмлүктік түрік Мұхаммед ибн Білік әл-Мухсини болуы да түрік жұртын бей-жай қалдырмасы анық.Қазіргі Мысыр Орталық Банкі тарапынан шығарылған жүз жүнейлік банкноттың бет жағында Хасан сұлтан мешіт-медресесінің бейнесі бедерленуі ғимарат мәртебесінің мысырлықтар арасында жоғары деңгейде екенін білдірсе керек. Ал бір жүнейлік банкнотында мәмлүктер кезінде салынған Қайтбай сұлтан мешіті, елу жүнейлік банкнотында Қажымас әмір мешіті, ең үлкен екі жүз жүнейлік банкнотында Қаныбай әмір мешітінің бейнесі бедерленуі, жалпы мәмлүк қыпшақтары тұрғызған ғимараттардың өзіндік орнын білдірмек.

Қолөнер: Ислам тарихшылары мәмлүктер кезеңін Мысыр мен Шам жеріндегі ислам(түркілік) қолөнерінің гүлденген кезеңі санайды. Оған осы дәуірде алтын, күміспен апталып жасалған есіктер, орындықтар, сандықтар, қаламсалғыштар, т.б. бағалы бұйымдар дәлел. Сұлтанға немесе әмірге сыйға арналып жасалған бұйымдар әртүрлі геометриялық кескіндегі нақыштарға қоса, сұлтан есімі мен лақабы және дұғалардың насх жазуымен жазылуымен ерекшеленеді. Мешіт-медреселерге орнатылған шыныдан жасалған үлкен-үлкен аспалы шамдар сол дәуірде шыны жасау ісінің де өркендегенін білдіреді. Сонымен қатар түрлі-түсті текше пішінді ұсақ мәрмәр мозаикалы нақыштар кең тарады. Мұндай мозаикалар ромб, үшбұрыш, тік, үзік және айқаспалы жолақтар пішінінде бір-бірлеріне өте дәлдікпен кіріктіріле құрастырылған. Көбінесе олар мешіттегі жақтаулар мен михрабтарды безендіруге қолданылды. Бұл дәуірде кеңінен тараған насх жазуы металл, қыш, піл сүйегі, тоқыма бұйымдарға өрнектеліп жазылатын басты нақыштарға айналды. Сондай-ақ мәмлүк сұлтандары осы жазу үлгісінде Құран кітаптарын жаздырып, мешіттерге өз аттарымен уақыпқаберіп отырған [Һ.әс-Сәид, https].

Мәмлүк қылышы: Салих Дийаб атты араб зерттеушісі Мұхаммед пайғамбар (сау), әділетті төрт халифа (ра), әмәуилер, аббасилер және әйюбилер әулеті кезіндегі мұсылман әскерлерінің қылышы екі жүзді, тік болғанын, ХІІІ ғасырда мәмлүк-қыпшақтар билікке келгеннен бастап Мысыр мен Шам жерінде бір жүзді, қайқы қылыш пайда болғанын және мұндай үлгідегі қылыш Орта Азия даласынан келгенін айтады [С. Диаб, 2001: http:]. Қайқы қылыштың шабу кезіндегі тепе-теңдік нүктесі ұш жағында болуымен ерекшеленді. Қарсыласқа сермеу кезінде тепе-теңдік нүктесінің ұш жағына ауысуы салдарынан өздігінен үлкен күш туатыны белгілі болған [Суйуф, 2015: https]. Мәмлүк сұлтандарына тиесілі қылыштардың дені Түркиядағы Топқапы Сарай мұражайында сақтаулы тұр. Мұражайдағы қылыштардың жартысына жуығы мәмлүк сұлтандары мен әмірлеріне тиесілі. Арасынан Қайтбай сұлтан мен Қансу әл-Ғури сұлтан қолданған бірнеше қылышты көруге болады [У. Йужәл, 1998: 37].

Наполеон Бонапарт XVIII ғасырдың соңында Мысыр жеріне жасаған алғаш жорығында мәмлүктердің қолындағы жеңіл әрі ықшам, ат үстінде қолдануға ыңғайлы қайқы қылышқа назары ауады. Мәмлүк қылышы француздар арқылы Еуропа елдеріне тарады. Мәмлүк қылышы аталып кеткен қыпшақтың (қазақтың) қайқы қылышы Францияда, Англияда, Австрия, т.б. Еуропа елдерінде салтанатты әскери шерулерде қолданылды. Наполеон Бонапарт қолданған мәмлүк қылышы ұрпақтары тарапынан 2007 жылы Париждегі аукционға шығарылып, 4.8 млн. долларға сатылған болатын.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Либия жеріндегі Юусуф Пашаның Қараманлы әулеті мен Америка теңіз флоты арасында Дерна қаласы үшін болған соғыста америкалықтар жеңіске жетіп, 1805 жылы Дернада Америка туы желбірейді. Бұл Америка тарихында алғаш рет соғыс жағдайында шетелдердегі ту желбіретуі болатын. Соғыс кезінде Америка жағында болған Хамид Қараманлы (кей деректерде Ахмад Қараманлы дейді [М. әш-Шағбани, 2016: http:]) Америка Теңіз Флотын басқарып келген О’Беннон Преслиге Дернадағы жеңісі үшін өзінің жеке мәмлүк қылышын сыйға тартады.Содан бері мәмлүк қылышын Америка Теңіз Флоты офицерлеріне салтанатты рәсімдерде асыну және жоғары мансапқа жеткендерге табыс етудәстүрге айналған. О’Беннон Преслиге тиесілімәмлүк қылышықазіргі таңда Квантикодағы Теңіз флоты корпусының ұлттық мұражайында сақтаулы тұр [Мишел, 2014: http].

Мәмлүк-қыпшақтарының қайқы қылышы қазіргі таңда Мысыр Араб Республикасы Қорғаныс Министрлігінің туында, жоғары шенді офицерлерінің погондары мен кокардаларында ресми белгі ретінде қабылданған. Сонымен қатар қайқы қылыштың бейнесі Үрдүн (Иордания), Сүрия (Сирия), Ирақ, Тунис, Бахрейн, Кувейт, т.б. араб елдерінің әскери рәміздерінің бірі.

Алғашқы торпеда мен зеңбіректер: Мәмлүк сұлтандығында өмір сүрген атақты ғалым, химик Хасан әр-Раммах (1294 ж. қайтыс болған) «әл-Фурусия уә әл-Манасиб әл-Харбия» атты еңбегінде соғысу өнерін, қару түрлері мен оларды қолдану ережелерін түсіндірген. Ғалымның осы еңбегіндегі елеулі жаңалығы от қару және ұшатын ракета түрлерін жасау жолдарын, түзу ұшып, нысанаға дәл тию үшін ракетаның салмағына қарайқажетті химиялық құрамы мен жанармай мөлшерін көрсеткен [И. Исмаил, 2015: https]. Тіпті күш-қуатына, көлеміне қарай тұтанғыш порох қоспаларын жасаудың жүзге тарта этапын, ракета түрлерін жасаудың жиырма этапын ғылыми тұрғыда түсіндірген [М. Мухиддин, 2018: https:]. Сонымен қатар кресшілердің кемесін өртеуге, жоюға арналған реактивті теңіз торпедасын жасау жолдарын кескіндемелер, түрлі-түсті суреттер арқылы кеңінен түсіндірген. Хасан әр-Раммах жасаған алғаш торпеда жұмыртқа формалы болған (1-сурет). Іштен жанған оттың күшімен су бетімен жүзіп барып кемеге соғылған сәтте борттағылардың құтылуына мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде үлкен жарылыс жасап, кемені өртеп жіберетін болған [И.Исмаил, 2015: https]. Қытайлар алғаш порохты ойлап тапқан болса, мәмлүктер оны алғаш рет артиллерияға қолданатындай етіп жетілдірді. Ал еуропалықтар торпеданы әр-Раммахтан соңбес ғасырдан кейін қолданғаны тарихтан белгілі. Алғашқы зеңбірек пен ракетаны және торпеданы ойлап тапқан Мәмлүк-қыпшақ сұлтандығының өнертапқышы, ғұлама ғалым Хасан әр-Раммахтың бұл қолжазбасы қазіргі таңда Вашингтон қаласындағы Авияция және ғарыш Ұлттық мұражайында сақтаулы тұр [М.Мухиддин, 2018: https]. Әр-Раммахтың торпедасын еуропалықтардың қалай сынақтан өткізгенін мына (https://www.dideo.ir/v/ap/IxiPw) сілтемедегі бейнеден көруге болады. Сонымен қатар Орұнбұға әз-Зәрдікештің (1462 ж. қайтыс болған) «әл-Әслиха» (Қару-жарақтар) атты еңбегінде де ауыр отқарудың кескіні, оны жасау жолдары көрсетілген [О. әз-Зәрдікеш, https] (2-сурет).

Кресшілердің тарихшысы Жан де Жуанвиль 1250 ж. Байбарыс қатысқан әл-Мансура шайқасында мәмлүктердің қолданған отқаруын (ракетасын): «Оны аспанда ұшатын үлкен аждаһаның бір түрі дерсің. Әріптесім Сэр Вальтермен бірге ағып бара жатқан аспандағы отты көрдік. Жалындаған құйрығы бар отқа оранған бөшкелер күркіреген дүлей дауыс шығарып ұшты. Аспанды қақ жарған бөшкелердің жарығы, тас қараңғы түнді жарқыратып жібергені соншалық, айналадағы заттар күндізгідей көрінді. Осы түні олар әлгі құрылғымен үш мәрте атты. Басшымыз Луис әр атылған сайын жанын шүберекке түйіп қорқып отырды» [И. Исмаил, 2015: https], – деп, қорқынышпен сипаттаған. Кейбір деректерде Луис корольдің қорыққаны соншалықты, құдайына жалбарынғаны айтылады.

Араб зерттеушілері 1260 ж. моғолдармен болған Айн Жәлут соғысында да мәмлүк-қыпшақтары зеңбірек және отқа жанбайтын қорғаныш киім қолданғанын айтады [Р. Хасан, 2014: http]. Ал Хошқадам сұлтанның (1460-1467 жылдары билік құрған) тұсында зеңбірек ату бейбіт мақсатта, яғни рамазан айында ауыз ашар уақытын хабарлау мақсатында қолданылған [Ф.Муқиф, 2016: https]. Ол кездерде қазіргідей дауыс ұлғайтқыш құрылғылар болмағандықтан, халық сұлтанның бұл бастамасын оң қабылдаған. Кейіннен бұл әрекет көптеген ислам өңірлеріне тараған. Меккеде, Парсы шығанағы және т.б. араб елдерінде қасиетті рамазан айында ауызашар уақыты кіргенде қазіргі күнге дейін зеңбірек атылады. Оны мына сілтемедегі бейнеден көруге болады: (https://www.youtube.com/watch?v=R1Tpbb6ax4w).

Мысыр мен Шам жеріндегі мәмлүк-қыпшақтардың бүкіл жетістігі мен әлем өркениетіне қосқан үлесіншағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бір қызығы бүкіл әлемге «Мәмлүктер елі», «Мәмлүктер сұлтандығы» деген атаумен танылған ел бахрилер кезеңінде өздерін «Түрік елі», «Түріктер елі» деп атаса, буржилер кезеңінде «Шеркес елі», бір мәліметтер бойынша «Шеркес түрік елі» деп атаған. Оны сол замандардағы кейбір тарихи еңбектердің атауларынан, мысалы Байбарыс әд-Дәуадардың (1247-1325 ж.) «әт-Тухфа әл-Мулукийа фи әд-Дәулә әт-Түркийа», ибн Хабиб әл-Халабидің (1310-1377 ж.)«Дурра әл-Әсләк фи дәулә әл-Әтрак»,тарихшы ибн Айбектің (1432 ж. қайтыс болған) «Әд-Дурра әз-Зәкийа фи әд-Дәулә әт-Түркийа» атты еңбектері атауларындағы«Түрік елі», «Түріктер елі» деген сөздерден байқауға болады. Сонымен қатар қазіргі «Мәмлүктер елі», «Мәмлүк сұлтандығы» терминдерінің орнына әл-Мақризи, ибн Тағриберді секілді өзге де ортағасырлық тарихшылар өз еңбектерінде «Түрік елі», «Шеркеш елі» терминдерін қолданған. Демек «Мәмлүктер елі», «Мәмлүктер сұлтандығы» деген атау белгілі бір саяси мүдделерге орай, ел атына «түрік», «шеркеш» сөздерін қоспау үшін кейіннен әдейі ойластырылған атау. Араб тіліндегі «мәмлүк» сөзінің мағынасы «ақ құл», «біреудің иелігіндегі» екенін ескерсек, расында да ешкімге бағынбайтын билік басындағылар өздерін «Мәмлүктер елі», яғни «Құлдар еліміз», «Біреулердің иелігіндегілердің еліміз» деп атамасы анық.

Біздің пайымдауымызша бахрилер кезеңінде ел атауына «бүржоғлы» (беріш) сөзін қосуға қажеттілік болмаған. Өйткені 1260 жылдан 1382 жылға дейін өне бойы бүржоғлылар (беріштер) билікте болған. «Түрік елі» атауы бүржоғлылар (беріштер) билеген қыпшақ сұлтандығын білдірсе керек. Ал 1382 жылдан билікке Барқуқ (Алтынбұға) бастаған шеркештер келгенде, ел атауын бүржоғлылардан (беріштерден) ерекшелеу үшін өздерін «Шеркеш елі» деп атаған болуы мүмкін. Бұл терең зерттеуді қажет ететін мәселе. Ол кезеңдегі «қыпшақ» сөзі қыпшақ тілінде сөйлеген көптеген тайпалар мен рулардан құралған халықтың атауы болған. Қалай болғанда да, бахрилер де, буржилер де қыпшақ тілінде сөйлегеніне, яғни бүржоғлылар да, шеркештер де ұлан ғайыр қыпшақ даласынан келген қыпшақ ұлтының өкілдері екеніне жоғарыда айтқанымыздай, сұлтандардың есімдері дәлел. Сонымен қатар жоғарыда атап өткен тарихи қолжазба ескерткіштердің тілі, өздерін «Түрік елі», «Түріктер елі», «Шеркеш елі» деп атағандары, Ұ. Алжанбаеваның зерттеулеріндегі араб тіліне енген түркизмдер, Қ. Аубакированың, А. Әлібекұлының, Б. Батыршаұлының және де басқа ғалымдардың зерттеулері соның айғағы. Қазіргі таңда «Түрік елі» десек Түркия Республикасы еске түседі. Сондықтан 1250-1517 жылдары қыпшақтар билеген Мысыр мен Шам жерін және Хижазды «Мәмлүктер елі», «Мәмлүк сұлтандығы» демей «Қыпшақ түрік елі», «Қыпшақ түрік сұлтандығы» немесе «Қыпшақ сұлтандығы» деп атасақ дейміз.

Қорытынды. Ашылған жаңалықтар мен жазылған еңбектер, қашан да, жаңалық ашылған елге, жазылған жерге тиесілі болған, солай болып та жатыр, бола да бермек. Бес мың жылдық тарихы бар Мысыр жеріндегі пирамидалар перғауындарға тиесілі. Америка құрлығын ашқан Х. Колумб Италия жерінде туылса да, ашқан жаңалығы Испанияға тиесілі. Стив Джобстың әкесі сириялық араб, шешесі германиялық неміс болғанымен, ұлдарының құрған Apple компаниясы мен Apple құрылғысы Америка Құрама Штаттарына тиесілі. Жасанды қанат арқылы 852 жылы алғаш рет аспанға қалықтаған мұсылман өнертапқышы Аббас ибн Фарнастың жаңалығы қазіргі Испанияға емес, сол кездердегі мұсылмандық Кордоваға (Андалусияға) тиесілі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол секілді қыпшақ сұлтандары мен әмірлерінің жеке демеуімен немесе уақыптан, ел қазынасынан бөлінген қаржыға жазылған еңбектер мен ашылған жаңалықтар ғалымдар мен өнертапқыштардың ұлттарына қарамастан Қыпшақ сұлтандығына тиесілі болуы тиіс. Олай болса жоғарыдағы аталған әр саладағы том-том еңбектер, құрылысы қайталанбас әсем ғимараттар, әлемге тараған мәмлүк қылышы,адамзат тарихындағы алғашқы зеңбіректер мен реактивті торпедалар, әр түрлі медициналық жаңалықтар, т.б. Қыпшақ сұлтандығының, яғни қыпшақтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі болмақ.

Мысыр, Шам, Хижаз жерінде билік еткен Қыпшақ сұлтандығы отандық ғалымдар тарапынан жеткілікті дәрежеде зерттелмей отыр. Әлемдік дәрежедегі ғұламаларымызды ныспысындағы қазақ жеріне тиесілі Фараб, Сығанақ, Тараз секілді қала атауларынан ғана танып жүрміз. Аты-жөнінде қала атауы жазылмаған ғұламаларымыз қаншама. Солардың бірі Мұғалтай ибн Қылыш әл-Ханафи (1290-1361 ж.). Әкесі ұлын әскери адам болсын деп садақ ату өнеріне баулымақшы болып біраз әуреленсе де, бала Мұғалтай ілім жолына түсті. Жүзден аса еңбек жазды. Әбу Ханифа мәзһабын ұстанды. Заманында «Шейх әл-Хадис» деген атаққа ие болған. Әл-Бұхаридың сахих хадистеріне жиырма томдық түсіндірме жасаған. Тіпті ибн әл-Мулаққин, ибн Хажар,т.б. хадис ғалымдары өздерінің атақтыең бектерінде Мұғалтайдың еңбегіне сүйенген. Осындай ғұлама бабаларымызды елімізде танытып, еңбектерін насихаттауымыз керек. Сондай-ақ жоғарыда аталған қыпшақ тілінде жазылған жазба ескерткіштер де терең зерттелмей отыр.Кеңес кезіндегі отандық зерттеушілердің шетел архивтеріндегі түпнұсқа қолжазбаларды қарауға мүмкіндіктері болмағандықтан, олар Еуропа, орыс шығыстанушыларының зерттеулеріне сүйенуге мәжбүр болған. Нәтижесінде солардың жіберген қателерін қайталаған. Мысалы, ұлтымыздың атауына айналған «қазақ» сөзі жазбаша деректемелер ішінде 1245 ж. Мысыр жеріндегі қыпшақтар тарапынан жазылған «Қыпшақ-араб сөздігінде» кездесіп, оған алғаш рет академиялық дәрежеде түсініктеме берілген болатын. Алайда сөздіктің қолжазбасын 1894 ж. алғаш зерттеген голландық шығыстанушы М.Т. Хоутсма «қазақ» сөзінің түсіндірмесіндегі ح [х] әрпінің астындағы болмашы дақты нүкте екен деп, «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзін «المجرّد» [әл-мужәррад] деп оқып, «қазақ» сөзіне «қаңғыбас» деген жағымсыз мағына берген. Қолжазбаның түпнұсқасын алдыруға мүмкіндігі болмаған отандық ғалым Ә. Құрышжанов та «қазақ» сөзіне қатысты М.Т. Хоутсманың қателігін қайталаған. Біз М.Т. Хоутсманың қателігін қолжазбаны түпнұсқасынан зерттеу арқылы анықтап, «қазақ» сөзінде ешқандай да жағымсыз мағына болмағанын дәлелдеген болатынбыз. Бұл Еуропа, Ресей шығыстанушылары мен түркітанушылары тарапынан жасалған қазақ тарихына қатысты зерттеулердің күманды тұстарын түпнұсқадан қайта қарау керектігін білдірмек.

[img border="0" width="455" height="244" src="file:///C:/Users/Zira/AppData/Local/Temp/msohtmlclip1/01/clip_image002.jpg" v:shapes="Рисунок_x0020_1">

92bf7b1c5113bd89f899899a41cd1fe1.jpg

1-Сурет: Хасан әр-Раммахтың (1294 ж. қайтыс болған) «әл-Фурусия уә әл-Манасиб әл-Харбия» еңбегі қолжазбасындағы торпеданың кескіні

[img border="0" width="555" height="272" src="file:///C:/Users/Zira/AppData/Local/Temp/msohtmlclip1/01/clip_image004.jpg" v:shapes="Рисунок_x0020_2">

ff65ae6fd65b731834568b0198a1ce08.jpg


2-Сурет: Орынбұғаның (1462 ж. қайтыс болған) «әл-Әслиха» (Қару-жарақтар) атты еңбегі қолжазбасындағы ауыр отқарудың кескіні

Әдебиеттер

Арынов Т. Лексико-семантические и стилистические особенности языка старокыпчакского памятника «Китаб ат-Тухфа аз-Закийа фил-луға ат-Туркиийа». – Алматы, 2009. – 129 б.

Әл-Айни. Иқд әл-Жуман фи-т-Тарих әз-Зәман. – 1/153 б.

Әз-Зердікеш, Орунбуға. Тасмим Сарух ли ибн Орунбуға әз-Зердікеш, 25.07.2015 // https://menoflostglory.wordpress.com/2015/07/25/تصميم-صاروخ-لابن-أرنبغا-...

Әз-Зирикли Х. Әл-Ағләм. – 2/79-б.

Әл-Мақризи. Әс-Сулук ли мағрифати дуәл әл-Мулук. Тахқиқ: Мухаммад Абдулқадир Ата. 1-Т., 549-б. – Бейрут: Дәр әл-Кутуб әл-Илмийа, 1997. – 549 б.

Әл-Мақризи. Әс-Сулук ли мағрифати дуәл әл-Мулук. Тахқиқ: Мухаммад Абдулқадир Ата. 5-Т., 549-б. – Бейрут: Дәр әл-Кутуб әл-Илмийа, 1997. – 549 б.

Әл-Мақризи. Әс-Сулук. 1-Т., – 118-б. // http://islamport.com/w/tkh/Web/328/118.htm

Әс-Сәид Һ. Әт-Туруз әл-Исләмиййа фи хидмати әл-Хайаһ // https://archive.islamonline.net/?p=20300

Әш-Шағбани М. Әд-Диплумасийа әл-Либийа фи-л-Қарн әс-Сәмин ашар (30.11.2016) // http://www.watanpressonline.com/archives/4047

Әш-Шәкға М. Мәнәһиж әт-Тәлиф инда әл-Улама әл-Араб. – Бейрут, Дәр әл-Улум ли-л-Мәләин. – 3/731-б.

Диаб С. Әс-Суйуф әл-Исламийа уа Синағатуһә, 2001 // http://www.alhayat.com/article/1103055

Зәки А. Әл-Қаһира уә тарихуһа уә Әсаруһа. – 73-б.

Ибн Абдуззаһир. Тәшриф әл-Әййәм. – 43-б.

Ибн Баттута. Рихлату ибн Баттута. – 1/70-б.

Ибн Кәсир. Әл-Бидәйа уә ән-Ниһәйа. Тахқиқ Абдулла әт-Түрки, әл-Қаһира. Дәр Һижр, т1, 1998 м. – 18/719

Ибн Кәсир. Уәфәйат әл-Ағлам. – 13-Т.

Ибн Тағриберді. Ән-Нужум әз-Зәһира. – 7/94-б.

Исмаил И. Махтут Китаб әл-Фурусийа уә-л-Манасиб әл-Харбийа, 18.06.2015 // https://www.al-sharq.com/news/details/347191

Йужәл У. Әс-Суйуф әл-Исләмиййа уә синағатуһә. Тәржіме: Тахсин Умарта. – әл-Куейт, 1988.

Мишел. О’Беннон Пресли Невил (1776-1850), 25 ноябрь 2014 г. // http://impereur.blogspot.com/2014/11/presley-neville-obannon-1776-1850.html

Муқиф Ф. Қисса мидфағ әл-ифтар, 16.06.2016 // https://www.alukah.net/spotlight/0/104480/

Мухиддин М. Әсәр ән-Нәһда әс-Синағийа... (01.2018) // https://platform.almanhal.com/Details/article/113277

Суйуф әл-Усманиин уә-л-Әтрак әл-Қудама, 2015// https://www.turkpress.co/node/15904

Тауфиқ Ш. Әл-Мәмәлик әш-Шәркәсийа. – Дәр уә муәссәсә Руслан ли-т-Тибаға. – Сурия, Димашық, 2009. – 255 б.

Хамиш М. Әл-Ақаллийат фи Миср // Мәжәллә әл-Файсал. – №483, 2018 ж.

Хасан А. Тарих әл-Мәсәжид әл-Әсәрийа, 1945.

Хасан Р. Илм әл-Кимийа уә татбиқатуһа фи-л-Хадара әл-Арабийа уә-л-Исләмийа, 2014 // http://alqudsnews.net/post/55632/علم-الكيمياء-وتطبيقاته-في-الحضارة...

References

Arynov T. Leksiko-semanticheskiye i stylisticheskiye osobennosti yazyka Starokypchakskogo pamyatnik “Kitab at-Tukhfa az-Zakiya fil-luga at-Turkiyya”. – Almaty, 2009. – 129 b.

Аl-Ayni. Iqd al-Zhuman fi-t-Tarih az-Zaman. – 1/153 b.

Az-Zerdіkesh, Orunbuga. Tasmim Sarukh Ibn Orunbuga Az-Zerdikesh, 07.25.2015 // https://menoflostglory.wordpress.com/2015/07/25/ تصميم-صاروخ-لابن-أرنبغا -...

Az-Zirikli H. Al-Aglam. – 2/79-b.

Al-Maqrizi. As-Suluk li magrifaty dual al-Muluk. Tahqiq: Muhammad Abdulqadir Ata. 1-T., 549-b. - Beirut: Dar al-Kutub al-Ilmiya, 1997. – 549 b.

Al-Maqrizi. As-Suluk li magrifaty dual al-Muluk. Tahqiq: Muhammad Abdulqadir Ata. 5-T., 549-b. - Beirut: Dar al-Kutub al-Ilmiya, 1997. – 549 b.

Al-Maqrizi. As-Suluk. 1-T., 118-b. // http://islamport.com/w/tkh/Web/328/118.htm

As-Said Һ. T-Turuz al-Islamiyya fi khidmati al-Khayaһ // https://archive.islamonline.net/?p=20300

Ash-Shagbani M. Ad-Diplumasiya al-Libiya fi-l-Qarn as-Samin ashar (11/30/2016) // http://www.watanpressonline.com/archives/4047

Ash-Shakga M. Manaһizh at-Talif inda Al-Ulama Al-Arab. – Beirut, Dar Уl-Ulum le-l-Mal .in. – 3/731-b.

Diab S. s-Suyuf al-Islamiya ya Sinagatuha, 2001 // http://www.alhayat.com/article/1103055

Zaki A. Al-Qaһira ua tarihuһa ua Asaruһa. – 73-b.

Ibn Abduzagir. Tashrif al-Ayyam. – 43-b.

Ibn Battuta. Richlatu ibn Battuta. – 1/70-b.

Ibn Kasir. Al-Bidaya ua an-Nihaya. Tahqiq Abdullah at-Turki, al-Qaһira. Dar Һizhr, t1, 1998 m.– 18/719

Ibn Kasir. Uafayat al-Aglam. – 13-T.

Ibn Tagriberdi. An-Nuzhum az-Zaһira. – 7/94-b.

Ismail I. Makhtut Kitab al-Furusiya ua-l-Manasib al-Harbiya, 06/18/2015 // https://www.al-sharq.com/news/details/347191

Yuzhul U. As-Suyuf al-Islamiyya ua sinagatuha. Tarzhama: Tahsin Umarta. – Al-Kuweit, 1988.

Michel O’Bennon Presley Neville (1776-1850), November 25, 2014 // http://impereur.blogspot.com/2014/11/presley-neville-obannon-1776-1850.html

Muqif F. Qissa midfag al-Iftar, 06.16.2016 // https://www.alukah.net/spotlight/0/104480/

Muhiddin M. Asar an-Naһda as-Sinagiya... (01.2018) // https://platform.almanhal.com/Details/article/113277

Suyuf Al-Usmaniin al-Atrak al-Qudama, 2015 // https://www.turkpress.co/node/15904

Taufiq Sh. Al-Mamalik ash-Sharkasija. - Daruamuassasa Ruslan li-t-Tibaga. - Surya, Dimashyq, 2009. – 255 b.

Hamish M. Al-Aqalliyat fi Misr // Mazhalla al-Faisal. – №483, 2018;

Hassan A. Tarikh al-Masazhid al-Asariya, 1945.

Hassan R. Ilm al-Kimiyu ua tatbiqatuһa fi-l-Hadara al-Arabiya ua-l-Islamiya, 2014 // http://alqudsnews.net/post/55632/علم-الكيمياء-وتطبيقاته-في-الحضارة...

К.А. КЫДЫРБАЕВ1

1КазНУ имени аль-Фараби,Факультет востоковедения, кафедра Ближнего Востока и Южной Азии, PhD доктор, и.о.доцента

г. Алматы, Казахстан

МАМЛЮК-КИПЧАКСКИЙ СУЛТАНАТ И ЕГО ВКЛАД В МИРОВУЮ ЦИВИЛИЗАЦИЮ

РЕЗЮМЕ

  Кипчаки-мамлюки, которые правили Египтом и Шамом, а также мусульманскими святыми местами Хиджаза в течение почти трех столетий, не были тщательно исследованы отечественными учеными. Даже имена некоторых султанов не были четко определены. Многие арабские и европейские ученые ссылались на то, что мамлюки, это –адыги-черкесы, которые правили во время Бурджитов. Эта статья показывает, что султаны во время власти бурджитов не имели никакого отношения к адыгам-черкесам, что они были шеркешами из кипчакской степи и что мамлюки в двуx периодаx, тоесть, в бахритский и буржитский периоды также разговаривали на кипчакском языке, в работе такжеприводятся новые подробности вклада кипчаков в мировую цивилизацию.

  Ключевые слова: мамлюк, кипчак, буржоглы, шеркеш, мамлюкская сабля, қыпчакскийязык, бахри, буржи

K.A. KYDYRBAYEV1

1al-Farabi Kazakh National University, Faculty of Oriental Studies, Department of the Middle East and South Asia, PhD

Almaty, Kazakhstan

THE MAMLUK-KIPCHAK SULTANATE AND HIS CONTRIBUTION

 TO THE WORLD’S CIVILIZATION

SUMMARY

  The Mamluk Kipchaks, who ruled Egypt, Sham, and the Muslim holy places of Hejaz for almost three centuries, were not thoroughly researched by domestic scholars. Even the names of some sultans were not clearly defined. Many Arab and European scholars referred to the fact that the Mamluks are the Adygea-Circassians who ruled during the Burjits. This article shows that the sultans during the rule of the Burjits had no relation to the Adygea-Circassians, but they were Sherkeshs from the Kipchak steppe, and that the Mamluks in two periods, that is, during the periods of the Bakhrits and Burdzhits, also spoke Kipchak language.In addition, new details about the contribution of the Kipchaks to world civilizationare given.

  Keywords: Mamluk,Kipchak,Burjoglu,Sherkesh,Mameluke sabre,Kipchak Language,Bahri,Burji.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз