Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(574)16/19 ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯДАҒЫ «БАТЫРШЫЛДЫҚ»

Ә.С. САБЫРОВА Құрманғазы ат. Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан, Алматы

ӘОЖ 94(574)16/19 ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯДАҒЫ «БАТЫРШЫЛДЫҚ»

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(17), 2019

Тегтер: аруақ, «Ер қаруы бес қару»., соғыс алдында орындалатын аспаптар, әскерилердің әулиелері, шынжырлы тұқым, Жырау
Автор:
Жыраудың жауынгер ретінде тұрмыс-тіршілігін, оның қоғамдық жікке сай өзіндік өмірлік ұстанымын тану мәселесі этномузыкатану ғылымында бұрын соңды қарастырылмаған тақырып. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты жауынгерлік кәсіптің кейбір тұстарын жыраулық поэзия үлгілері арқылы айқындау болмақ. Түйін сөздер. Жырау, шынжырлы тұқым, әскерилердің әулиелері, соғыс алдында орындалатын аспаптар, аруақ, «Ер қаруы бес қару»
Мазмұны:

Кіріспе. Жыраулық дәстүр халықтың дүниетанымын тұтас жеткізетін мәдениеттің күрделі саласы. Қалыптасуы жағынан полистадиялық әрі синкретті құбылыс болғандықтан,  әр этностың дәстүрлі мәдениетін жан-жақты қамтып, сол халықтың «энциклопедиясы» бола алады.

Материалдар мен әдістер. Жырды зерттеуде жүйелі-этнофоникалық (В. Мациевский) әдіс қолдану қажеттілігі туындайды. Бүгінгі таңда қазақ этнология ғылымында жырдың ән, күй, әңгімеден тұратын құрамдас бөліктері мен тұтас мәдени құбылыс ретіндегі ерекшеліктері [1-6], жырдың ісләм дінімен сабақтастығы қарастырылған  [7].

Талқылау. Батырлардың әскери жік өкілдері ретінде өз моральдік ережелер жиынтығы, ырым-салттары болғаны жыраулық поэзия үлгілері дәлелдейді. Атап айтсақ әскери жіктегілерге бірнеше міндет жүктелді. Оның бірі батырлардың тек әскери кәсіппен айналысуы. Соғыс ісі батырлардың негізгі кәсібі болған:

«Екі арыстан жау шапса

Оқ қылқандай шаншылса

Аққан судай төгілсе

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес» (Доспанбет жырау)

Ал Ақтамберді жырау:

«Бар арманым айтайын

Батырларша жорықта

Өлмедім оқтан қайтейін»,- деп өкінеді.

Батырлар үшін әскери кәсіп ата кәсіп саналған. Бала жасынан ел үшін соғысуды міндет санаған әскерилер, ата-баба кәсібін тұқым қуаласа оны «шынжырлы тұқым», ал батырлар әулетінде ұрпақ жалғасуын «шынжыры үзілмеу» деп аталса керек:

 «Тақтаболат Тасболат

Шынжырлы ердің бірі еді»

  («Ер Қосай»)

«Асыл туған ерлерім

Шынжырлы мықты беглерім

Келдім сізге мен деді

Жаңбыршы ұлы Телағыс»

Ата кәсібін жалғастырмау масқара саналғандықтан, батырлар балаларын 13-15 жастан жорыққа қатыстырды. «Шынжырлы балақ шұбар төс» деген сөз тіркесі ертеде батырлар әулетіне қатысты айтылса керек. «Хан кене» жырында бұл туралы былай  делінген:

«Абылай ханның баласы

Асыл туған Қасым –ды.

Арғы тегін сұрасаң

Шынжыр қатар асыл-ды».

Оғыздың батырлық жырларында олардың салты бойынша адам өлтіріп қан төгілмей балаға ат қойылмайтын. Байбөрі баласы Бамсы Байрақ он беске келгенде алғаш рет жаумен соғысып бас кесіп, қан төккеннен кейін той жасап, тойға шақырылған Қорқыт оның атын Бамсы Байрақ қояды. XVIII-ғасырда бұл дәстүр өзгеріске ұшырайды. Батырлардың жасаған ерлігіне қарай туғанда қойған есімі өзгертіліп немесе оған қосымша лақап ат қойылатын. Сол себептен тарихта Ерасылдың Қабанбай, Дарабоз атануы, Әбілмансұрдың Абылай, Еспенбеттің Адақ, Ағыбай батырдың есіміне Ақжолтай атағының қосылуы осы көне дәстүрдің жалғасытығын көркетеді.

Батырлар алғашқы ерлігін әдетте жауынан әке кегін алудан бастаған. Олар елді сыртқы жаудан қорғағандықтан, әскери жік өкілі ретінде хандармен тығыз араласқан. Батырлар хандардың адал қызметінде жүріп, хандар үшін жанын қиюға тиіс еді. Мысалы, оғыз батыры Бамсы Байрақ өз ханы Қазан Солор үшін басын қиды. Көне түркі жазбаларында да ондай дәстүр жыр жолдарында кездеседі:

«Қапаған қаған үшін,

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қызыл қанымды төктім»- делінеді  Йоллығ тегін шығарған жолдарда.

Айқас кезінде атынан айрылған Абылай ханға жаудың дәл ортасына түсе өз атын берген Жәнібек батырдың ерлігі,  я болмаса Бөгенбай батыр өлгенде Бұхар жыраудың Абылай ханға арнайы келіп естіртіп, көңіл айтуы тарихтың басқа да мысалдары жоғарыдағы тұжырымды айғақтайды:

«Қазақтың абыройы арына

Сарып қылған бар күшін

Қайырлы болсын халқыңа

Сабыр қыл, ойлан келмесін,

Қарияң келіп жылап тұр

Еңбегі сіңген ел үшін

Батырың өтті Бөгенбай»

Қазақ әскерилерінің өздеріне тән жауынгерлік этикасы, моральдік кодексі, діни ырым-салттары болды. Жазылып қалдырмағанмен олардың идеологиясына қатысты түсініктерді халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері жеткізеді. Батырлар сийынатын пірлерінің біреулері мифтік қаһармандар, біреулері тарихта болған аты аңызға айналған тұлғалар болса, бәрі де батыр болып ерен ерлік көрсеткендер. Солардың бірегейі- Иран-Тұран батырларының бірі- Рүстем Дастан:

 «Рүстем Дастан ер –деді

Шақырамын мен деді

Жау қарасы көрінсе

Сіздер жәрдем бер- деді».

Ал, «Шыңғыснама» кітабында Баба Түкті Шашты Әзиз Өзбек хан кезінде қазақ руларын мұсылман дініне кіргізген төрт әулиенің бірі еді. Одан соң Хазрет Әли, ал жорықта, жолда батырларға Қызыр ата жол сілтеп көмектеседі-мыс деген түсініктер қазақ санасында берік орын алды. Мысалы, «Көроғлы» жырында:

«Қызыр Ілияс қырық шілтен,

Медеткер бол құлыңа»,- делінсе, енді бірінде:

« Ауызға алдым пірім Ғазрет Әлиді

Әбу Бакр,Ғұмар, Ғұсман Уәлиді».

Алла тағала темір соғып, сауыт жасауды үйреткен Дәуіт пайғамбарды қазақ батырлары ұсталардың пірі ретінде қастерледі. «Қобыланды батыр» жырындағы жолдар мұны дәлелдей түседі:

«Бүгін қанға боялсын

Балғаң тиген ақ сауыт

Бекітіп соққан Ер Дәуіт» немесе:

«Бурылға шаптым көл мауыт

Сыйынған пірім Қамбар Дәуіт» делінеді.

Батырлар кәсіпқойлығының енді бір белгісі –ол ерте кезден –ақ қаруды кие санап, онымен түрлі магиялық ырымдар істеліп, қаруды жасағанда қасиетті сандар қолануынан көруге болады. Қару жасағанда оны қырық ұстаға соқтырып, қырық күн кептіріп, қырық сұйыққа суарған. Қаруды жанды санап, оған мадақ айтып, шайқасқа кірер алдында қарумен серттескен. Қаруда батырдың жаны болады деген түсінікті «Қобыланды» жырының мына жолдары жеткізеді:

«Бұлғары садақ, бұқар жай

Тарта алмасам маған серт!

Бел күшіме шыдамай,

Беліңнен кетсең саған серт».

Сондықтан қару марапат құралы ретінде қолданылып, әскери олжаның маңыздысы болды.

Соғыс алдында әдетте батырлар жекпе-жегі өткізілді. Ондағы мақсат батырлардың күш сынасуы, соғыс тағдырын кәсібилер күшімен шешіп, қантөгісті азайту, қарсыластарының ең мықты батырларын құрту болды. Жекпе-жек алдында батырлар жөн сұрасып, өзін таныстыруға тиіс еді. Мысалы «Мұсахан» жырында:

«Асылымды сұрасаң

Мен ноғай деген халықпын

Менің атым хан Мұса»-деп бастап-

«Тегім еді ноғайлы

Арғы атам Қарадөң,

Бергі атам Жұбаныш

Өзімнің әкем Сүйініш

Тұқымы едім мен тегіс

Менің атым Ер Бегіс». Осы рәсімнен кейін батырдың кімді жеңіп кімнен жеңілгендігін біліп, жеңімпаздың атағы шартарапқа жайылатын.

 Жыраулық поэзия жауһарлары қазақ батырларының тек асыл тұқымды жылқыларды мінгендігін жеткізеді. Олар таза қанды түркменнің ахалтекесі немесе таза қанды араб жылқылары еді. Мысалы Шалкиіз жырау:

«Жебелей жебе жүгірген

Ерлердің арғымақтан игі малы бар ма?- десе, Доспамбет жырау:

«Арыстандай екі бұтын алшайтып

Арғымақ мінген өкінбес»-деп қайырады.

Сонымен бірге қазақ даласының климатына бейіделіп, ыстық суыққа төзімді, шабуға шыдамды, дене бітімі ерекше белі тазының беліндей иілген, тік мойынды, басы кішкене, аяғы ұзын, құйрық жалы қысқа, жүні тықыр жылқыларды арғымақ деп атаған. Мысалы Ақтамберді жырау:

« Ор қояндай жүгіртіп

Аш күзендей бүгілтіп

Жолбарыстай шұбарды

Таңдап мінер  ме екенбіз?»

Мұндай жылқыларды тек  үстем тап өкілдері ғана мінген, оларда арғымақтың үйірі болғаны белгілі.

Арғымақ алысқа шабса да, иесімен бірге соғыстың тауқыметін көтеретін әскери ат болуға жарамайтын. Батырлардың соғысқа мінетін жауынгерлік аттарын қазанат атаған. Мұны Махамбеттің мына жолдары дәлелдейді:

« Арғымақтан туған қазанат

Шабуыл салса нанғысыз»-десе, халық мақалы:

«Қарабайыр қазанат

Қара жолда қалдырмас

Қара жолда қалдырып

Қанатыңды талдырмас»-деп батырлар үшін өсірілген жылқы тұқымы екенін көрсетеді. Оның дене бітімінен жүйріктік пен күш сезіледі. Омырауы үлкен, кеудесі кең, салпы ерінді, тұяғы жалпақ, толарсағы жіңішке, құйрық жалы қысқа, танауы кең, сазандай дөңгеленіп келген, мойны жуан еді.

Ату қаруының ішінде көшпенділер жақ, жай, садақ және адырна деген қаруларды қолданды. Қазір адырна музыкалық аспап ретінде белгілі. Бұрынғы заманда адырна деп қандай қаруды атады? Жақ екі бөліктен тұратын: ағаштан, сүйектен жасалған ату қызметін атқаратын серпінді бөлігі – адырна делінсе, ал оқты тіреп қоятын жібін –кіріс деп атаған. Адырна сөзі қазақ жырларының бірнешеуінде кездесіп отырады:

«Алты атқа алған адырна

Он атқа алған бұхаржа

Кірістен кетсең саған серт

Алты атқа алған адырна

Ата алмасам саған серт

 Шым жібектен ескен кірісі

Үзіліп кетсең саған серт» («Ер Қосай»).

Адырна туралы деректерді «Көкше батыр» жырында, Қазтуған батыр толғауларында, Махамбет термелерінде  де кездестіруге болады.

Жыраулық поэзияда соғыс нәтижесін болжап айтушы сиқырлы қасиет иегерлері -жауырыншы, жадышылар қызметі де тілге тиек етіледі.

Жыраулық поэзия жолдарынан музыкалық аспаптардың да соғыс тактикасында маңыздылығын көрсететін айғақтар бар. Әдетте жекпе-жектің алдында дабыл қағылып салтанатты белгі берілетін:

 «Майданда дабыл қақтырып

Ерлердің жолын аштырып»-деген Ақтамбарді жыраудың толғауындағы  осы жолдар әспеттеп тұр. «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларында айқастың басталуын үлкен дабылмен ашатындығын, ал ұрыс кезінде әр жауынгер өз кішкене келген жеке дабылын қағып белгі беріп шақырғандығын мына жолдар растайды:

«Бурыл атты ойнатып

Алдына дабыл қағады

Қызылбас шыққын, жеке деп

Қасына жетіп барады»

Соғыс кезінде музыкалық аспаптардан дабылдың үлкен түрі-нығараның рөлі зор еді. Әскербасылық дәрежемен бірге лауазымына қарай үлкен-кішілі дабыл тапсырылған. Үлкен дабыл-қолбасшының,  аспаптың кіші түрі-әскербасыларының белгісі еді. Бұл туралы «Қобыланды батыр» жырында былайша баяндалады:

«Артына сауыт бөктерген

Алдына дабыл төңкерген».

Нәтиже. Қазақ батырларының әлеуметтік жік ретіндегі қару асынуы (садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар); сырт келбетінде сақал-мұрт, шаш қоюдың ерекше үлгілерін қолдануы (айдар, тұлым, бұрым, кекіл); кәсіби атақ дәреженің тағайындалуы (мыңбасы мен түменбасыларды түрікше бек, моңғолша ноян, арабша әмір деп атады, жүзбасыларға байрақ, түмен басыларға - ту, байрақ дабыл тапсырылды); кәсіби әскерилерді сыпай, бахадүр, халық жасақтарын сарбаз, шерік, әскери қолбасшының- сардар атануы; жауынгерлік этика мен намыс кодексінің қалыптасуы – мұның бәрі батырлардың жеке әлеуметтік жік болғандығын анықтайды. Мұндай дүниетанымдық жүйелі негізі бар өмір сүру салты жыраулық поэзияда «батыршылдық» деп аталған:

 «Күлікке тастай болып тимесе

Үстіме көбе кимен-ді

Күмістен екі қолтық жақ болса,

Сыпайшылық сүрмен-ді

Алғаным ару болмаса

Алдыма алып сүйменді

Дулығамның төбесі

Туған айдай болмаса

Батыршылық сүрменді» (Шалкиіз)

Қорытынды. Қазақ батырларының әлеуметтік жік ретіндегі “батыршылдық” өмір салтын танып білудің бірден бір дерек көзі жыраулық поэзия екендігіне көз жеткізеді. Поэзияның бұл саласы арқылы қазақ батырларының өмірлік ұстанымдарын, табынған әулиелерін, қару-жарақ туралы түсініктерін, жалпы тұтас дүниетанымын қалыпына келтіруге мүмкіндік туғызады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

   Ерзакович Б. Песенная культура казахского народа. – Алматы: Наука, 1966 . – 401 с.

Мухамбетова А.И., Аманов Б., Казахская традиционная музыка и XX век. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2002. – 544 с.

 Кунанбаева А. Проблема изучения казахской эпической традиции //Казахская музыка: традиции и современность. – Алматы,1997; Специфика казахского эпического интонирования // «СМ». – 1982. – №6; Современная казахская эпическая традиция и некоторые проблемы ее изучения //Стилевые тенденции в советской музыке 60-70-х годов. Сб. науч. тр. / Ленингр. гос. ин-т театра, музыки и кинематографии; [Отв. ред. и сост. А.Н. Крюков]. - Ленинград: ЛГИТМИК, 1979. – 182 с.

 Жүсіп Б. Жырдария. – Алматы: «Аrna», 2009.

Сарымсакова А. Форма жыр-кюев: опыт сравнительного анализа с казахским эпосом (на примере жыр кюев Мангистау) // Мелодии веков. – Алматы, 2000. – 117 с.

 Жаңабергенова Э. Арал өңірінің жыраулық дәстүрі: Өнертану ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2010. – 33 б.

 Байбосынова Ұ. Сыр бойы ахун-жырауларының шығармашылығындағы шығыстық поэзия жанрлары // Құрманғазы және ғасырлар тоғысындағы дәстүрлі музыка. – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. – 126-135-бб. 

References:

Erzakovıch B. Pesennaıa kýltýra kazahskogo naroda. – Almaty: Naýka, 1966 . – 401 s.

Mýhambetova A.I., Amanov B., Kazahskaıa tradıcıonnaıa mýzyka ı XX vek. – Almaty: «Daık-Press», 2002. – 544 s.

 Kýnanbaeva A. Problema ızýchenııa kazahskoı epıcheskoı tradıcıı //Kazahskaıa mýzyka: tradıcıı ı sovremennost. – Almaty,1997; Specıfıka kazahskogo epıcheskogo ıntonırovanııa // «SM». – 1982. – №6; Sovremennaıa kazahskaıa epıcheskaıa tradıcııa ı nekotorye problemy ee ızýchenııa //Stılevye tendencıı v sovetskoı mýzyke 60-70-h godov. Sb. naých. tr. / Lenıngr. gos. ın-t teatra, mýzykı ı kınematografıı; [Otv. red. ı sost. A.N. Krıýkov]. - Lenıngrad: LGITMIK, 1979. – 182 s.

 Júsip B. Jyrdarııa. – Almaty: «Arna», 2009.

Sarymsakova A. Forma jyr-kıýev: opyt sravnıtelnogo analıza s kazahskım eposom (na prımere jyr kıýev Mangıstaý) // Melodıı vekov. – Almaty, 2000. – 117 s.

 Jańabergenova E. Aral óńiriniń jyraýlyq dástúri: Ónertaný ǵyl. kand. ... avtoref. – Almaty, 2010. – 33 b.

 Baıbosynova U. Syr boıy ahýn-jyraýlarynyń shyǵarmashylyǵyndaǵy shyǵystyq poezııa janrlary // Qurmanǵazy jáne ǵasyrlar toǵysyndaǵy dástúrli mýzyka. – Almaty: Daık-Press, 1998. – 126-135-bb. 

А.С. САБИРОВА1

 1Доцент кафедры «Музыковедения и композиции» Казахской национальной консерватории им.Курмангазы, кандидат искусствоведения

г. Алматы, Казахстан

ЭТИЧЕСКИЙ КОДЕКС «БАТЫРШЫЛДЫҚ» В ЭПИЧЕСКОЙ ПОЭЗИИ

Аннотация.В данной статье  институт батырства изучен сквозь призму эпической поэзии.  Доказано, что институт «батырства» составлял  особый социальный слой казахского общества со своими атрибутами. Эпическая поэзия как источник изучения кодекса чести казахских батыров, открывает мир духовных и этических представлений и установлений данного сословия казахского традиционного общества. Эти представления связаны с поклонением сословным святым, обрядами посвящения, ритуалами начала поединка, поклонением священному оружию и особой военной тактикой, позволявшей выходить победителем в важных исторических сражениях.

Ключевые слова:сказитель, шынжырлы тұқым (династийный характер наследования профессии), святые, которым поклонялись войны, музыкальные инструменты, звучавшие перед боем, аруақ (культ предка), «Ер қаруы бес қару» (пять видов профессионального оружия казахского война)

A.S. SABIROVA1

1Associate Professor of the "Musicology and Composition" Department

of the Kurmangazy Kazakh National Conservatory, Candidate of Art History

ETHIC CODE Of "BATYRSHYLDYK" INTHE EPIC POETRY

Summary

 In this article  the institute of batyrshyldyk is studied through the prism of epic poetry.  It is well-proven that the institute of "batyrhyldek" made  the special social layer of Kazakh society with its own attributes. Epic poetry as source of study of code of honour of Kazakh batyrs, opens the world of spiritual and ethic presentations and establishments of this estate of Kazakh traditional society. These presentations are related to worship to the class saints, initiation ceremonies, rituals of beginning of duel, worship to the sacred weapon and special military tactics allowing to emerge the victor in important historical battles.

Keywords:zhyrau, shynzhyrly tuqym (dynastic character of inheritance of profession), saints, wars, musical instruments sounding before a fight, aruak(cult of ancestor), “Yer qaruy bes qaru” (five types of professional weapons of the Kazakh warrior).


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз