Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАЛҒА ҚАТЫСТЫ ЫРЫМДАРЫ МЕН ТИЫМДАРЫ

М.Қ. ЕГІЗБАЕВА, әл-Фараби атын. ҚазҰУ, доцент, т.ғ.к

ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАЛҒА ҚАТЫСТЫ ЫРЫМДАРЫ МЕН ТИЫМДАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4 (16) 2018

Тегтер: ала, мал, шаруашылығы, ырым-тиымдар, көз, сілекей, алу, сетер.
Автор:
Мақалада қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде қалыптасқан, мал шаруашылығы тіршілігінде қолданыста болған, әрі қазіргі күннің шаруашылығының негізгі арқауы болып табылатын, малға байланысты ырым-тыйымдар жүйесі жөнінде талданады. Сонымен бірге, Қазақстанның аймақтары бойынша – солтүстiк, шығыс және Жетiсу өңiрлеріндегі сақталған бірнеше ырым-тиымдар көрсетіледі. Олардың ерекшелену қасиеттері аталып, көрсетілген ырымддар мен тиымдардың себептері мен қолдану аясы жөнінде де айтылады.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы тіршіліктің  негізгі арқауы болғандықтан оған қатысты ырым-тыйымдар жүйесі де көп, әрі бірегей кешенді құрайды. Қазіргі күннің өзінде ауылды жерлерде мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақтар арасында малға қатысты ырымдар мен тиымдарды кездестіруге болады. Мәселен, Қазақстанның шығысында «мал басы кемидi» немесе «төл өспейдi» - деген ырым бойынша бастың тiсi қағылмайтын болса, Қазақстанның солтүстiк және Жетiсу өңiрiн мекендейтiн қазақтарда сондай-ақ, қырғыздарда  малдың  басын асар алдында тiсi  қағылып  тасталынады. Алайда, шығыста, осы өлкемен әдет-ғұрпы жақын Моңғолиядағы, Қытайдың солтүстік-батыс аудандарының қазақтарында бастың жағы айырылып, тiс арасы мұқият тазаланады.

Сондай-ақ, ауру, пәле-жаланы малдың сүйегіне, қойдың басына көшіру, қора-қотанды отпен аластап тазарту, қорадан малды алысқа айдап шығып, «адастыру» тәрізді жолдармен кешенді түрде жүрілетін аса көне «көшіру» ғұрпы ХХ ғ. 30-шы жж. дейін кең сақталғандығы дерек берушілердің мәліметінен белгілі болып отыр.

Материалдар мен әдістер.1897 ж. жүргізілген санақ нәтижелерінің қатысты тұстары мен Ф.Щербина жетекшілігімен жинақталған 13 томдық “Материалы по киргизскому землепользованию” экспедициялық жинағындағы қазақ уездеріне қатысты 8 және 9 томдарындағы және дәл сондай жолмен 1913 ж. жүрілген іс-науқанның нәтижелері қамтылған 2, 3 томдардағы мәліметтердің деректік мәні үлкен. Оларда өңірдің табиғи-географиялық, жер жағдайы мен шаруашылығына, жерді пайдалануына, орналасуына байланысты деректер көптеп кездеседі.

Әдістер.Мақала жалпы ғылыми тарихи қағидаға, жүйелілікке, салыстырмалы және экспериментальды талдауға негізделеді. Сондай-ақ, методологиялық арсеналда ғылыми-қолданбалы әдістер: этнопсихологиялық және далалық этнографиялық әдістерді қолдану негізге алынады.

Талқылау.Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынау тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады, соған орай, мақалада бірқатарын қарастырамыз.

Нәтижесі. Жүген құрық тигізбей қоя берген жылқыны қазақтар «сетер» деп атайды және ол моңғолдармен этномәдени байланыс барысында келген түп негізі тибеттіктерден бастау алатын ғұрып қазақтарда мал жануарды да адами қасиетке теңеуден, кие мен ырыстың тұрағы деп түсінуден туған. Бұған байланысты «қара көк жылқы сетер екен, күлмеген, ойнамаған бекер екен» деген қара өлең жолдары туған [Потанин, 1881; 10, 61].

Бие алғаш құлындағанда ет асылады. Қыстың басында соғым сойылғанда, «көтен» сақталады. Ол көктемгі ең алғашқы бие байлағанда асылыптартылады және желіге, айғыр мен биенің жалына  айран құйылады. Желінің басында сүт пен ірімшік ілінеді. Ең алғаш ашытылған қымыз ішуде қой сойылып, ауыл адамдары шақырылады [Руденко, 1930: 22].

Бәйге атты аруақ шақыртатын бүкіл елге ортақ киелі мал деп есептеген.

Ауылды жерлерде сиыр тезегін от жағуға  пайдаланды және әлі күнге дейін жаз айларында тезекті жинап алады және жас тезекті арнайы қалыптарға салып құйып кептіріп, өте ұқыптылықпен жал-жал, ұзыннан ұзақ етіп жинайды. Егер жолда тезек толы қап көтеріп келе жатқан әйелді кездестірсе, онда жолы болады деген түсінік бар және тезектен алып бірінші кездескен үйдің отына тастайды. Ал керісінше бос қап ұстаған әйелді кездестірсе, онда жол болмайды деген түсінік бар. Бұндай ғұрып моңғолдарда да кездеседі. Бұдан бұл халықтардың малды қастерлеп, мал тезегінің өзін жақсылықтың, молшылықтың белгісіне жорығанын байқауға болады.

Қазақ халқында малды өте қастерлеп оның сүтін молшылықтың, берекенің, жақсылықтың белгісі ретінде көрген. Мысалы, Шығыс қазақтары алғаш күн күркірегенде сүт құйылған шөміш-ожаумен керегенің тор көздеріне сүтті бүркеді де, ожаумен керегені ұрып: «саумалық, саумалық, құрдық па, құрмадық па жақсылықты, ескі жыл шықты, жаңа жыл кірді» -дейді де ожауды есіктің жоғары жағына іледі. Қазіргі кезде де қазақ халқы ақты қастерлеп, адам аяғы басатын жерге сүтті төкпейді [Потанин,1886: 85]. Қазақта «ақ ұрсын», «ақтың киесіне ұшырасын» деген сөздер осыдан шықса керек.

Қазақтар малдың басын шекелемей және өздері мүжімей итке тастамайды. Сонымен қатар кәрі жілікті түнде итке тастамайды. Жалпы кез келген жілікті шақпай итке тастамау керек. Қой сойғанда ең бірінші өкпеден ауыз тию керек. Малдың екі көзін де бір адам жеу керек, себебі, адам «ала көз» болып кетеді деген ұғым қалыптасқан.

Егер мал егіз туса, жаман ырым болып есептеліп, ауылдың ұсақ балаларын жарыстырады да, бірінші келген балаға біреуін береді. Осындай ғұрып торғауыттарда, сойоттарда да кездеседі екен [Фиельструп,  1930: 81].

Дерек берушілердің айтуы бойынша, отқа сарымсақ қабығын тастауға болмайды, жылқының, сиырдың көзі ауырады. Малдың іш тастауы көзден болмайды, ол-шала жанған отты қайтадан жаққан жағдайда, мал шала туады немесе іш тастайды деп сенген.

Тобылғыны отқа жаққанда, пешке басын жоғары жағына қаратып салу керек, өйткені олай етіп салмаса, мал туғанда төлі теріс келеді-мыс.

Ең алғашқы көшіп келген қонысқа бірінші күні қой союға болмайды. Себебі мал қолдан тайып кетеді деген ырым бар және көгенді басынан ағытуға болмайды, тек аяғынан ағыту керек, өйтпесе малдың басы кетіп қалады.

Қазақтар мал сатқанда «сілекей алу» ғұрпы атқарылады, яғни сатылатын малдың бір уыс жүнін аузына сүйкеп (кейде иесінің тозығы жеткен ескі бас киімімен) алып қалады. Мал сатудағы осыған ұқсас ғұрып сойоттарда, хақастарда кездеседі және моңғолдарда бұл «хишиг авах», яғни «малдың құтын қалдыру» деп атайды [Арғынбаев, 1969: 74]. Бұл ғұрыптың мәні малдың ырыздығын жібермеу, оның өсіп-өнуі үшін жасалатын ғұрып болса керек. Сонымен қатар, малды сатқанда оның бас жібін, жылқының жүгенін бермейді. Тіптен малды сатқанда, жемдорбаны малдың басынан үш айналдырып алып қалып отырған. Кешке мал қораланғаннан кейін, мал берілмейді. Ер-тоқымның алдыңғы қасын төрге қаратып қоюға болмайды. Ол – қазақ атсыз болмағандықтан, ертеңгі күнге жақсы жол тілеу ырымынан шықса керек.

Қорытынды. Сонымен, ХХ ғ. басына дейінгі уақытта қазақ халқының  негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, қазақ тіршілігінде төрт түлік мал шешуші орын алды. Мал шаруашылығы тіршіліктің негізгі көзі болды. Қазіргі кезеңде де ауылдық жерлерде мал өсіру әлі де болса шаруашылықтың өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Сондықтан да малға қатысты ырымдар мен тиымдар халық арасында әлі де бар екендігіне зерттеулер барысында көз жеткіздік.

Әдебиеттер:

Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии.  - СПб.,1881. - Вып.2. -181  с.

Руденко С.И. Очерк быта северо-восточных казаков//Казаки: Сборник статей. - Л., 1930. -Вып. ХV. - С. 1-62.

Фиельструп Ф.А. Молочные продукты питания турков-кочевников//Казаки: Сборник статей.  -Л., 1930. - Вып. ХV. - С.71-85.

Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. - Алматы: Ғылым, 1969. - 172 б.

References:

Potanin G.N. Ocherki Severo-Zapadnoy Mongolii. - SPb., 1881. -Vyp.2. -181 s.

Rudenko S.I. Ocherk byta severo-vostochnykh kazakov // Kazaki: Sbornik statey. - L., 1930. - Vyp. KHV. - S. 1-62.

 Fiyel'strup F.A. Molochnyye produkty pitaniya turkov-kochevnikov // Kazaki: Sbornik statey. - L., 1930. - Vyp. KHV. - S.71-85.

Arġynbayev KH. Kazaktyn mal sharuashylyġy zhayynda etnografiyalykˌ ocherk. - Almaty: Ġylym, 1969. - 172 b.

М.К. ЕГИЗБАЕВА

Казахский Национальный университет им. аль-Фараби

к.и.н., доцент кафедры археологии, этнологии и музеологии

ТРАДИЦИИ И ОБРЯДЫ КАЗАХСКОГО НАРОДА КАСАТЕЛЬНО ЖИВОТНОВОДСТВА

Аннотация. В статье анализируется система ритуалов и обычаев связанных с домашним скотом, широко используемая в традиционном казахском обществе,которое является основой современного животноводства. Показаны сохранившиеся обычаи  и традиции в регионах восточного и северного Казахстана и Жетысу. Упоминаются их отличительные особенности, а также причины  исполнения данных обрядов.

Ключевые слова:  животноводство, обычаи и традиции, забор слюны, бельмо, сетер.

M. YEGIZBAYEVA

Аl-Farabi Kazakh National University

Associate Professor of the Department of Archeology, Ethnology and Museology

TRADITIONS AND RITES OF THE KAZAKH PEOPLE CONCERNING ANIMAL BREEDING

Annotation. The article analyzes the system of rituals and customs associated with livestock, widely used in traditional Kazakh society, which is the basis of modern animal husbandry. Showing preserved customs and traditions in the regions of eastern and northern Kazakhstan and Zhetysu. Their distinctive features are mentioned, as well as the causes and performance of these rites.

Key words: animal husbandry, customs and traditions, saliva collection, wall-eye, seter.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз