Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ

Б.А. ЖҮРСІНБАЕВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к.)

ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: азаттық, ұлттық, қозғалыс, фракциясы, Түркістан, түрік-мұсылман, қозғалысы, жәдидшілдік, қазақ, зиялылары, мұсылман, мүдде.
Author:
Патша үкіметінің ХХ ғасырдың бас кезеңде отарлық елдерде жүргізген озбыр саясатының нәтижесінде Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтың саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірі терең дағдарысқа тірелді. Әсіресе Түркістан өлкесін басқару жөніндегі 1867 жылдан бастап жүргізген әкімшілік реформаларының нәтижесінде қазақ жерлері Ресей империясының меншігі ретінде бекітіліп, орталық губернияларынан көшіп келуші мұжықтарға кеңінен жол ашып, патша өкіметінің отарлық саясатына сай құрылған жергілікті басқару аппараттары өлкенің жергілікті халқын талап-тонаудың басты ошағына айналды. Осыған байланысты жергілікті жерлерде отаршылдық жүйеге қарсы құрылған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі жанданып қана қоймай, олардың Ресейдің түрік-мұсылмандық қозғалысымен байланыстары күшейе түседі.
Text:

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына қарай пайда болған мұсылмандық қозғалыс патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарай жауап ретінде дүниеге келіп, бүкіл Ресей империясындағы ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түрік тілдес мұсылман халықтарының саяси күштерін отаршылдыққа қарсы тұтас бір майданға біріктіру жолында қызмет жасады. Жалпыресейлік деңгейде өткен бұл қозғалыстың негізін түрікшілідік және исламшылдық қорғанушылар идеологиясы атқарды. Осы тарихи кезеңде Ресей империясында жалпытүріктік азаттық идеясының күш алуына татар және башқұрт зиялылары зор үлес қосты. Өйткені орыстық отарлық езгіні ең алдымен басынан өткерген, сондықтанда онымен күресудің жолын терең меңгерген және осы бағытта біраз тәжірибе жинақтаған осы халықтардың өкілдері болып табылды. Исмаил Гаспринскийдің «Тарджиман», Фатих Каримовтың «Вакыт» газеттері, татар зиялылары ұйымдастырған баспаханалар, олар бастап берген жаңа әдістік (жәдидтік) оқыту белгілі дәрежеде жалпытүріктік азаттық идеясының қайта жаңғыруына қызмет жасады [1, 17-б.]. Олар мұсылман оқу орындарында діни сабақтармен қатар,  математика, жағрафия, тарих, биология секілді пәндерді оқытудықажеттігін алға тартып,  араб әліпбиін түрік халықтарының тіліне ыңғайлау үшін ескі «қадымшылықтан» «усул-жәдидке» көшіруді ұсынды. Нәтижесінде ХХ ғасырдың басына қарай Түркістан өлкесінде де жәдидтік бағыттағы мектеп-медреселер қалыптасып қана қоймай олардың саны көбейеді. Сондай-ақ жәдидтік бағыт жергілікті халықтың санасын оятуға өз ықпалын тигізіп, отаршылдық саясатқа деген наразылықтарын күшейте түседі.  Сол кездері жәдидтік ағартушылық жаңа оқу әдісіндегі жәдидтік мектептер ашу арқылы ұлттық сананы көтеру, жігерлі жастарды шетелдерге оқыту, қайырымдылық қорларын құру және ұлттық басылымдарды шығару арқылы халықты мықты саяси партия құруға әзірлеу сияқты бағыттардан тұрған. Осыған байланысты жәдидтердің түрік-мұсылман халықтарының мүддесін қорғайтын қоғамдық-саяси ұйым құруды көздегенін көрсетеді.  Алайда Түркістан өлкесінде жәдидтік бағыттың күш алуына жергілікті патшалық әкімшілік үреймен қараған. Оған нақты мысал ретінде Түркістан генерал-губернаторының 1900 жылы Ішкі істер министріне жолдаған мәлімдемесінен байқауға болады. Онда былай делінген еді: «Таяу уақыттардан бері татар әдебиеттері арқылы өлкедегі мұсылмандардың өміріне ықпал ететіндей насихат жүргізілуде. Оған Гаспринскийдің жариялаған кітабы ықпал етуде. 1898 жылғы Әндіжан көтерілісі бізге мұсылмандар арасындағы кез-келген қозғалысқа асқан сақтықпен қарауды үйреткен жоқ па еді. ... Енді мұндай жағдайға тосқауыл қоятындай шара қолдану қажет-ақ» [2, 39-п.].

Тіпті өлкеде жәдидтік мектептердің ашылуына Сырдария облысының әскери губернаторы да ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, Түркістан генерал-губернаторына былай деп мәлімдеме жасайды: «Ертеректе Қазаннан келген татарлар көшпелілер арасында пайғамбардың өситін насихаттайтын. Ал қазір олар мұны қойып, көшпелілерді орыс билігіне қарсы үгіттеуге кірісіп, бізге қарсы қырғыздардың өшпенділігін қоздыруда. Қырғыздардың пікірінде өзгерістер жүруде. Олар фанатизмге бет бұрған сияқты. Сондықтан татарлардың көшпелілер арасына келіп балаларды оқытуын қалайда тоқтату қажет» [3, 10-п.].

Дегенмен жергілікті патша әкімшілігі өлкедегі жәдидтік бағыттағы мектептер ашқан адамдарды қуып таратуға кірісуге жергілікті халықтың наразылығынан сескенді [4,  с. 130]. Оның үстіне 1905 жылғы бірінші орыс революциясы да өз септігін тигізді.

Әсіресе 1905 жылғы 17 қазанда жарияланған патша манифестін де түркістандықтар зор ілтипатпен қарсы алды. Бұл манифесте сөз, баспасөз бостандығы жария етіліп, халыққа ұйымдарға бірігуге рұқсат етіліп, жақын арада Мемлекеттік думаның шақырылатындығы мәлімделінген болатын. Соған орай бұл манифест халық арасында «Бостандық манифесті» атанды.  Осы манифестен соң Түркістан өлкесіндегі елді мекендерде қоғамдық ұйымдар да бой көтере бастады. Мұндай ұйымдар «Бостандық манифестін» халық арасында насихаттау, материалдық жағдайы нашарларға жәрдем ұйымдастыру және ағартушылық бағыттағы жұмыстар жүргізуді көздеді. Сондай ұйымдардың бірі Перовск қаласында «Жамиат» деген атпен бой көтерген еді. Бұл ұйым Мемлекеттік думаға сайлау қарсаңында қаладағы мұсылман тұрғындарының бірнеше жиынын өткізіп,  Думаға  депутат сайлау мәселесін талқылаған [5].

Бірінші орыс революциясы жылдары қазақ зиялылары патша өкіметіне оппозицияда болған кадетттер пртиясын белгілі дәрежеде үлгі тұтып, соған ұқсас партия құрып, қазақ халқының мүддесін қорғауды көздеді. Қазақ зиялылары осы мақсатта, 1905 жылдың соңына қарай Орал қаласында өткен бес облыстың (Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу) делегаттық съезі «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдады [6, 105-б.]. Бұл шешімді Қазақстан аумағында ұлттық қоғамдық-саяси құру жолындағы алғашқы қадам ретінде бағалауға болады.

Деректік материалдар «Қазақ конституциялық демократиялық партиясының» өзіндік бағдарламасы мен жарғысы болғандығын да айғақтайды. Сонымен бірге бұл партияның кадеттер партиясы секілді конституциялық монархия идеясын жақтағанын көрсетеді. Дегенмен қазақтың тұңғыш саяси партиясының кадеттер партиясына қарағанда солшылдық танытып, қазақ жеріне қоныс аударушыларды доғарту, қазақ облыстарына земстволық өзін-зі басқаруды және ұлттық мектептерді ашуды талап етті [7,  55-61-б.].

«Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының» орталық комитетіне Б.Қаратаев, Т.Бердиев, М. Бақтыгереев, И. Тоқамбердиев, Х. Досмұхамедов,  Н. Айтмұхамедов, М. Мұқанов, Т. Рақымбердиев, және И. Дүйсембин секілді қазақ қайраткерлері енген болатын. Осы қайраткерлердің партия жұмысын жандандыру бағытындағы әрекеті бірінші орыс революциясы тұсында сәтсіздікпен аяқталды. Бұл партия құрылғаннан соң көп ұзамай, жалпыұлттық деңгейге көтерілмей өз жұмысын доғарды [6, 107-б.].

«Қазақ конституциялық-демократиялық» партиясының қоғамдық-саяси ұйым ретінде бой көтере алмауы қазақ зиялыларының кадеттер партиясына жақындығын теріске шығармайды. Оған сол бірінші орыс революциясы кезінде-ақ Б. Қаратаев, Ә. Бөкейханов және С. Жантөрин секілді қазақ зиялыларының кадеттер партиясына мүше болғандығын мысал ретінде келтіруге болады [6, 107-б.]. Дегенмен мұның өзі қазақ зиялыларының ресейлік деңгейдегі өзге де ұйымдардың құрамына енбеді, оның іс-шараларына атсалыспады дегенді білдірмейді. Оны Түркістан өлкесіне қарасты Жетісу облысынан шыққан көрнекті қазақ қайраткері 1905 жылы-ақ «Автономияшылдар одағы» ұйымына мүше болып, оның ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып,  онда қазақ халқының мұң-мұқтажын білдіріп, қазақтарға автономиялық деңгейде өзін-өзі басқарудың берілуін талап еткенінен де аңғаруға болады [8, с. 23-35].

М. Тынышбаевтың қатысумен 1905 жылдың 19-20 қарашасы аралығында өткен «Автономияшылдар одағы» атты қоғамдық-саяси ұйымның съезінде Ресейдегі барлық халықтар орыс мемлекетін демократиялық негізде құруға атсалыссын, әрбір ұлт бостандықта болып, оның құқықтарына қол сұғылмасын, империяның болашақ мемлекеттік құрылысы халықтардың мүддесіне сай бір орталыққа қатаң бағындырылмаған түрде болсын, әр ұлт өз істерін өздері басқарсын деген қаулы қабылданған болатын [9, 65-б.].

«Автономияшылдар одағы» ұйымы мен кадеттер партиясына қазақ зиялыларының атсалысуы олардың жалпыресейлік деңгейдегі қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне тартылғанын айғақтайды. Қазақ зиялылары сол тарихи кезеңде жалпыресейлік деңгейдегі тағы бір саяси ұйым – «Ресей мұсылмандары одағы» атты ұйымның құрылуына да атсалысқан болатын. Бұл қоғамдық-саяси ұйымды құру мәселесі 1905 жылы 15 тамыз күні Нижний-Новгорд қаласында өткен бүкілресейлік мұсылман съезінде көтерілген болатын. Жасырын түрде Ока өзеніндегі «Густав Струве» кемесінде И. Гаспринскийдің төрағалық етуімен өткен бұл  съезге қатысушылар Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғайтын қоғамдық-саяси ұйым құру қажеттігін қолдаған еді. Осы съезде қабылданған қарарда Ресейдегі барлық халықтар тең құқықта болуы тиістігі де аталып көрсетілді. Сонымен қатар осы съезде түркі-мұсылман халықтарын бірлестіре отырып, олардың мүддесін тапқа, жікке бөлмей қорғайтын «Ресей мұсылмандары одағы»  атты қоғамдық-саяси ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу Санкт-Петербург қаласында татар тілінде шығып тұрған «Үлфәт» газетінің редакторы Әбдурашид Ибрагимовке жүктелген болатын [10, 25-п.].

Жалпыресейлік деңгейде құрылуы тиіс болған қоғамдық-саяси ұйым –«Ресей мұсылмандары одағы» ұймының жарғысы мен бағдарламасын қабылдау мақсатында  1906 қаңтардың ортасында Санкт-Петебург қаласында кезекті екінші бүкілресейлік мұсылман съезі шақырылды. Бұл съезге жиналған 100-ден астам делегаттардың қатарында түркістандық өкілдер де болды. Мәселен, бұл съезге Сырдария облысы қазақтары атынан И. Әбуов пен М. Оразаев, Ташкент қаласы мен Ферғана облысының өзбектері атынан Х. Ғафуров пен Қ. Таһиров қатысты [9, 65-б.]. Екінші бүкілресейлік мұсылман съезінде «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды көздейтін бұл қоғамдық-саяси ұйымның жарғысында 16 қалада, оның ішінде Түркістан өлкесіндегі Перовскіде, Верныйда, Ташкентте, Ашхабадта ұйымның бөлімшелері ашылатындығы аталып көрсетілді. Бұл ұйымның бағдарламасын делегеттар жан-жақты талдай келе, оны тиянақтай түсу керек, сондықтан оны қабылдауды келесі съездің үлесін қалдырғанды орынды деп тапты. [9, 66-б.].

Осылайша, екінші бүкілресейлік мұсылман съезінде қабылданған «Ресей мұсылмандары одағының» жарғысына сәйкес, бұл қоғамдық-саяси ұйымның қызметінің ауқымы Түркістан өлкесіне де тарайтын болды. Ол Перовск, Верный, Ташкент, Ашхабад қалаларында ашылатын ұйымның бөлімшелері арқылы жүзеге асырылатын болып белгіленді. Мұның өзін Түркістан өлкесіндегі халықтардың осы қоғамдық-саяси ұйым арқылы өздерінің талап-тілектерін қанағаттандыруына мүмкіндік жасау бағытындағы шара деп бағалауға болады. «Ресей мұсылмандары одағы» атты қоғамдық-саяси ұйымның бағдарламасын қабылдаған бүкілресейлік үшінші мұсылман съезі 1906 жылы 16-21 тамыз аралығында 16-21 тамыз аралығында Нижний-Новгорд қаласында 800-ге жуық делегаттың қатысуымен өткен бүкілресейлік үшінші мұсылман съезінде қабылданды. Осы съездегі делегаттардың қатарында Түркістан өлкесіндегі Сырдария облысының Н. Жапаров, Жетісу облысының  А. Қойбағаров, Н. Дауылбаев, Ғ. Мұхаммедиев секілді өкілдері де бар еді.  Кезекті үшінші бүкілресейлік мұсылман съезіне құрмет таныту мақсатында съез атына елдің түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхатары түскен еді. Сондай жеделхаттардың бірі Жетісу облысының жергілікті халқының атынан жіберілген болатын. Жетісулықтар съездің делегаттарын қызу құттықтай отырып, өздерінің халық ағарту ісі саласында ана тілінде білім алуына билік орындары тарапынан қысым жасалмау қажеттігін де білдірген болатын. Съез делегаттары Жетісудың жергілікті халықтарының талап-тілектерін қанағаттандыру мақсатында, халық-ағарту ісі бойынша 33 тармақтан тұратын қаулы қабылдап, онда барлық елдімекендерде мұсылмандар үшін ана тілінде бастауыш білім алатын мектептер ашылуы керектігі орыс тілі орта мектептерде қосымша пән ретінде оқытылуы тиістігі, бастауыш мектептердің мемлекет тарапынан қаржыландырылуы қажеттігі атап көрсетті. Халық ағарту ісіне байланысты қабылданған қаулының талаптары «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының 72 тармақтан тұратын бағдарламасына да енгізілді.

Съездің шешімімен қабылданған бағдарламада бұл қоғамдық-саяи ұйымның мақсаты саяси, әлеуметтік-экономикалық, діни және басқа да реформаларды жүзеге асыруда империядағы мұсылмандардың мүддесін қорғау екендігі аталып көрсетілді. Бағдарламаға сәйкес «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымы да кадеттер партиясы секілді конституциялық-монархия идеясын жақтап, мұсылмандардың ұлттық-мәдени автономия алуын көздейтін болды. Съезде делегаттар ұйымның бағдарламасын қабылдаумен қатар, оның 15 адмнан тұратын орталық комитеті құрамын да сайлады. Орталық комитетке сайланғандардың қатарында қазақ қайраткерлерінен С. Жантөрин мен  Ш. Қосшығұлов та бар еді. Съездің ұйғарымымен орталық комитетке  тағы да 5 мүшені Түркістан өлкесі мен Кавквз өңірінің мұсылмандары сайлап жіберулері тиіс болды [9, 71-б.].

Түркістан өлкесінде өз бөлімшелерін ашуды көздеген «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымы да құрыла салысымен кең қант жая алмады. Патша өкіметі бұл ұйымды исламшылдық пен түрікшілдіктің ошағы, оның құрылуы мемлекеттегі тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп есептеді. Полиция департаментіне жоғары билік орындарынан келіп түскен нұсқаулардың бірінде осыған орай былай делініп көрсетілді: «Қазіргі кезде көп миллиондаған мұсылман тұрғындары арасында панисламиз деп аталатын идеядан туындаған қозғалыстар көрініс беруде. Исламды насихаттаушылар империяға ізгі ниетте екендіктерін танытқанымен мұсылмандарды оқшауландыру ісін жалғастыруда. Олар османдық жас түріктердің ұйымдарымен астыртын байланыс орнатқан. Панисламистер мұсылмандардың ішкі өмірінде өздерінің ауызша насихат жүргізіп, өздерінің басты назарын медреселерге бұруда. Мұндай істе панисламистер татарлардың бай адамдарына арқа сүиейді. 17 қазандағы манифестен соң өткізілген мұсылмандардың жиналыстарында панисламистердің ықпалы жоғары болды. Олар өздерінің құрған ұйымдары негізінде империя мұсылмандарын оқшауландыру арқылы мемлекеттік құрылысқа қауіп төндіреді. Сондықтан да мұндай ұйымдардың қанат жаюынан сақтану қажет» [11, 38-40-п.].

Осындай мазмұндағы нұсқаулардан соң патша өкіметі «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымын тіркемеу жөнінде ұйғарым жасап, Түркістан өлкесі секілді шет аймақтарда оның бөлімшелерін аштырмауға күш салды. Сонымен қатар бұл қоғамдық-саяси ұйымды құрушыларды патша өкіметі қырына алып, оларды қуғындай бастады. Бұл өз кезегінде қоғамдық-саяси ұйымның ғұмыры қысқа болуына және Түркістан өлкесінде оның бөлімшелерінің ашылмай қалуына әкеліп соқтырды [12]. Столыпиндік реакция жылдары губернаторлардың, соның ішінде Түркістан өлкесі генерал-губернаторының да Полиция департаментіне берген мәлімдемелерінде бұл қоғамдық-саяси ұйымның бөлімшелері өздеріне қарасты аумақта ашылмағандығы және оны ашуға жол бермейтіндіктері аталып көрсетілді [13, с.143]. Отарлық жағдайда өздерінің мүддесін қорғауға қызмет ететін қоғамдық-саси ұйым құруға мүмкіндік берілмегеніне қарамастан түркістандық зиялы қауым өкілдері ендігі жерде түрлі үйірмелер құрып, соның жиналыстарында қалыптасқан саяси ахуалға байланысты әрекет етуге кірісті. Ондай үйірмелер столыпиндік реакцияның екпініне қарамастан 1908 жылдары қалыптасты. Сол жылы Верный, Перовск, Әулиата, Шымкент, Пішіпек қалаларында және т.б. елдімекендерде «Гап» немесе «Машраб» деп аталатын үйірмелер бой көтерді. Полиция департаментінің Түркістан аудандық күзет бөліміне тыңшылар арқылы келіп түскен мәліметтердің бірінде бүл үйірмелер туралы былай делініп көрсетілген: «Жетісу, Ферғана және басқа да облыстарда «Гап» әрі «Машраб деп аталатын үйірмелер бар. Верныйда мұндай үйірмелер оннан астам. «Машрабқа» ұлтына, жасына, кәсібіне қарай кем дегенде 17-20 адам тартылады. Үйірме мүшелері апта сайын 20 тиыннан жарна төлейді. Әр жексенбіде үйірме мүшелері жиналып, үйірменің атқарар жұмыстарын талқылайды» [14, 260-б.].

Жергілікті отарлық билік орындары мұндай «Машраб»  секілді ұйымдардың құрылуынан секем алып, олардың қызметін тыңшылар арқылы қадағалауға алады. Верный қаласындағы «Машраб» үйірмесіне мүше болған  И. Нығматуллин, М. Нұрмұхамедов, М. Максумов, Р. Әбдірахманов, М. Мірахметов, К. Сәлімжанов, Ж. Махмутбеков секілді  т.б. адамдардың іс-әрекетін  жандарм ротмистрі Астраханцев қатаң бақылауда ұстағанымен  олардан үкіметтік тәртіпке қарсы ешнәрсе таппайды. Бірақ ол мұндай үйірмеден болашақта ірі ұйым қалыптасуы ықтимал деп санап, Түркістан аудандық күзет бөліміне «Машраб» үйірмелерінің өз беттерінше рұқсатсыз құрылуы және мүшелерінен жарна жинауы заңға қайшы келеді, сондықтан мұндай үйірмелерді жапқан орынды деген мәлімдеме жолдайды [15, 80-п.].

Верныйдағы жандарм бөлімшесі қаладағы тағы бір «Машраб» үйірмесіне тексеру жүргізіп, оның жетекшісі А. Мухамедшиннен үйірменің жұмысын доғартуды талап етеді. Әйтпесе, оған үйірме мүшелерінен заңсыз жарна  жинаған деген айып тағылатындығын ескерткен болатын [16, 34-35-п]. «Машраб» үйірмелеріне билік орындарының бұлайша шүйлігуінің де өзіндік себебі бар еді. Өйткені, сол кезде билік орындарына тыңшылар арқылы «Машраб» үйірмелерінде патша өкіметінің орыс шаруаларын Түркістан өлкесіне қоныс аудару жайы,  соның салдарынан жергілікті халықтың шұрайлы жерлерінен айырылып жатқандығы және оқу-ағарту саласындағы орыстандыпу саясаты жиі талқыланатындығы мәлім болған еді [17, 44-п.]. Сондай-ақ қазақ халқының жер мәселесіне байланысты мұң-мұқтажын қорғауда белсенділік танытып жүрген  көрнекті қазақ қайраткері Б. Сыртановтың да А. Габдулвалиев жетекшілік ететін «Машраб» үйірмесімен байланысы барлығынан да жергілікті билік орындары тыңшылар арқылы хабардар тұғын [15, 4-п.]. Сырдария облысындағы Е. Қасымов, С. Өтегенов секілді қазақ қайраткерлері де сол кезде жергілікті тұрғындар арасында үйірмелр ашып, үкіметтік тәртіпті сынауға бағытталған әрекеттер жасауы ықтимал деген себеппен Түркістан аудандық күзет бөлімі тарапынан қатаң бақылауға алынды. Шымкент уезіндегі орыс-түзем мектептерінің бірінде мұғалім болып қызмет етіп жүрген Қ. Қожықовтың да мұндай үйірме құруы мүмкін деп есептелінді [18, 4-5-п.].

Жетісудағы отарлық әкімшілік өңірдегі «Машраб» үйірмелеріне қысым көрсетуді Ұзынағашта қазақ және қырғыз қайраткерлерінің басқосқан жиыны өткізілгеннен кейін күшейте түсті. Ұзынағаш съезі атанған қазақтар мен қырғыздардың 50 шақты өкілі қатысқан бұл жиын 21 қазан күні кешкісін Казанско-Богородский селосында өткен болатын. Онда қазақ-қырғыздардың отаршылдық саясат нәтижесінде бастан кешіп отырған тауқыметі талқыланып, жергілікті әкімшілік орындары тарапынан қазақ және қырғызға жасалып жатқан қысымшылыққа орталық билік орындарының назарын бұру үшін Санкт-Петербургке арнайы өкіл жіберу мәселесі қаралды. Көпшіліктің ұсынысы бойынша Санкт-Петербургке арнайы жіберілетін өкіл ретінде Б. Сыртанов белгіленді. Сондай-ақ съездің жұмысы барысында оның сапры үшін деп 500 сом ақша жиналды. Мұндай қаражат съездің ұйғарымы бойынша облыстағы уездерден де жиналатын болып белгіленген еді [19, 178-б.].

Б. Сыртановтың Санкт-Петебургке баруына деп «Машраб» үйремелері тарапынан да қаражат жиналған болатын. Бұл ретте А. Габдулвалиев белсенділік танытты. Бұл жөнінде Түркістан аудандық күзет бөліміне келіп түскен мәлімдемеде былай делініп көрсетілген: «Жергілікті татар көпесі Абдулкудус Габдулвалиев өзінің беделін пайдаланып, Қапал уезінің қазағы Барлыбек Сыртановты Петербургке жіберу үшін деп жергілікті халықтан қаражат жинастыру ісіне атсалысты. Барлыбек Сыртанов Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясымен байланыс орнату үшін Петербургке аттанған болатын. Ол осы әрекеті арқылы мемлекеттік тәртіпке өз нұқсанын тигізді. 1911 жылдың 7 желтоқсаны күні Габдулвалиевтің үйінде жандарм ротмистрі тінту жүргізді. Бірақ бұл тінту нәтижелі бола қоймады» [20, 50-п.].

Билік орындары қазақтардың басқосқан кезкелген жиынына онда бір ұйым құру көзделмекші деп сескене қарады. Мәселен, 1911 жылы маусымда Жетісу облысына танымал Ноғай Дәулетбақовқа Верный уезінде ас берілгенде оған Шамалған болыстығынан М.Исмаилов, Үлкен Алматы болыстығынан  Ы. Садыбеков, Жайылмыш болыстығынан Б. Әшекеев, Қордай болыстығынан  Е. Базаров, Бәйтік болыстығынан Ә. Байсалов, Шу болыстығынан  Ә. Қозыбеков, Шығыс Қастек болыстығынан Ш. Құдайбергенов, Ботбай болыстығынан Ө. Танкин, және облыстық басқарманың тілмәші Ы. Жайнақов қатысқан болатын. Осы аталған адамдардың ас беруге жиналуының өзінен жергілікті әкімшілік сескеніп, олардың арасына өз тыңшысын жіберіп, оған онда бір ұйым құру әрекеті жасалып жатпғағандығын біліп қайтуды тапсырған [21, 49-п.].

Жергілікті әкімшілік орындары қазақтардың сауда серіктестігін құруының астарында болашақта бір ұйым құру идеясы жатыр деп есептеді. Мұны 1911 жылы Перовскіде С. Лапиннің ашқан сауда серіктестігіне уез бастығының көзқарасынан да аңғаруға болады.  Бұл серіктестіктің басқармасы құрамында Ж. Басығарин, О. Көтібаров, К. Сейітбаев, Е. Қосыбаев, Б. Қошаев секілді жергілікті халық өкілдері бар еді. Уез бастығына қазақтардың мұндай серіктестікті құруы ұнай қоймады. Ол соған орай бұл серіктестікті жою мақсатында жоғары билік орындарына С. Лапинді қаралап көрсететін шағым да түсірген болатын [22, 49-п.].

Түркістан аудандық күзет бөлімінің 1911 жылы 21 қазан күні Полиция департаментіне жолдаған мәлімдемесінің мазмұнына қарағанда, сол кезде де Түркістан өлкесінде «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының бағдарламасын насихаттаушылар бой көрсеткен. Ондай адамдардың бірі екінші Мемлекеттік думаның мүшесі болған, Ташкент қаласының тұрғыны Ә. Кариев еді. Қалалық жандарм ротмистрі тыңшылардан алған мәліметтер негізінде оның үйінде тінту жүргізген. Тінту барысында оның үйінен мұсылман фракциясының бағдарламасы табылған. Осыған орай Түркістан аудандық күзет бөлімі Полиция департаментіне берген мәлімдемесінде былай деп жазған болатын: «Түркістан өлкесіндегі жергілікті мұсылман тұрғындары арасында үкіметке қарсы насихат жүргізушілердің сөзіне сенетіндер әлі күнге баршылық. ...Кариев  «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының жұмысына атсалысқан. Ол өзінің осы ұйым жайлы насихатын астыртын жүргізеді  деген күдік бар» [23, 11-п.].

Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды мақсат тұтқан «Ресей мұсылмандары одағы» атты қоғамдық-саяси ұйымды құруға атсалысқан қайраткерлерге билік орындары осындай күдікпен қарауына 1911 жылы Түркістан өлкесіне, соның ішінде Сырдария облысының Шымкент уезіне эмиграцияда жүрген Ә. Ибрагимовтің астыртын келіп, үкіметке қарсы насихат жүргізіпті деген мәліметтің  Түркістан аудандық күзет бөліміне түсуі де әсер еткен  [24, 54-п.].

Столыпиндік реакция жылдары Түркияға эмиграцияға кетіп, сонда 1910 жылдан бастап «Тараф-ул-муслимин» («Мұсылмандарды өзара таныстыру») атты ұйым құрып және осы аттас басылым шығаруды қолға алған  Ә. Ибрагимовтің Түркістан өлкесіне астыртын келіпкетені туралы хабар  отарлық билік орындарын жергілікті халықты қатаң бақылауға алуға итермелей түскен еді. Өйткені, сол кезде «Тараф-ул-муслимин» ұйымы Ресей империясындағы қазақ, қырғыз, өзбек, татар секілді т.б. түркі-мұсылман халықтарын азаттық қозғалыста бірлестіруді мақсат тұтып, өзінің басылымдарын Түркістан өлкесіне де таратты. Сондай басылымдардың бірінде Түркістан өлкесіндегі ахуалға арналған материал жарияланып, онда былай делінді: «Бұрын Исламның қасиетті орны саналған Түркістан өлкесі бүгін де қаратүнекте, оның мұсылман тұрғындары езгігі түсіп тапталған. Түркістандықтардың мұндай ахуалы біздің көзімізге жас ұялатады» [14, 269-б.].

«Тараф-ул-муслимин» ұйымының басылымдарын отарлық әкімшілік Түркістан аймағына таралуына тосқауыл қою шараларын ұйымдастырып жатқан кезде Стамбұлда құрылған «Білім таратушы Бұхара қайырымдылық қоғамы» тарапынан да Түркістан аймағына үгіт жүргізу қарқын алған еді. Түркістан аудандық күзет бөліміне Полиция департаментінен келіп түскен мәліметтерге қарағанда, бұл қоғам Түркиядағы жастүріктердің ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста болған және соның идеяларын таратуға атсалысқан, соған орай үгіт-насихат жүргізу үшін өздерінің өкілдерін Түркістан өлкесіне жіберіп тұрған [23, 14-п.]. Бұл ұйым сол кезде өзінің алдына Түркістан өлкесіндегі жастарды Түркияда білім алуға тартуды және ондай білім алушыларға қаржылай көмек көрсетуді өзінің басты міндеті санаған болатын. Бірақ өзінің мұндай мақсатына қарамастан жастүріктер ұйымының ықпалына түскен [25, 87-88-п.]. Осыған байланысты аталмыш ұйым Түркістан өлкесі аумағында да өз бөлімшелерін ашуды көздеген. Ол бөлімшелердегі мүшелердің саны 30 адамнан кем болмаған жағдайда ондай бөлімшенің өзінің бір өкілін Стамбұлға жіберіп оқыту мүмкіндігіне ие болған [23, 20-п.].

Отарлық билік орындары Түркістан аумағында Түркия тарапынан үгіт-насихат жүргізілуіне үйірселер мен серіктестіктер қолдау танытады деп санады. Осы себепті 1910 жылы Ташкенттегі мүнауар қари ұйымдастырған «Үміт» [26, 23-п.] , Ферғанадағы жергілікті зиялылар ашқан «Тараки-парвар» («Прогресс») [27, 24-п.] ұйымдарын тексеруге кірісті. Бұл тексерулер аталған ұйымдардың қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған болатын. Оны Түркістан аудандық күзет бөлімінің «Үміт» және «Тараки-парвар» ұйымдарының қызметі жергілікті биліктің беделін түсіруге бағытталған деген қорытынды жасауынан аңғаруға болады [27, 27-31-п]. Шын мәнінде бұл ұйымдар жергілікті халық арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуді, осы мақсатта жәдидтік оқу орындарын оқу құралдарымен қамтамасыз етуді көздеген болатын.

Жетісу өңіріндегі «Машраб» үйірмелеріне де жергілікті әкімшіліктің шүйліге түскенін Түркістан аудандық күзет бөлімінің Поиция департаментіне мынандай мазмұндағы мәлімдеме жолданынан да аңғаруға болады: «Пішпекте адвокат Ахметбек Қойбағаров, көпес Дауылбаев, Сейіткәрім Мырзабаев, бұрынғы тілмәш Найзабек Тулин, талкан болыстығынан Ахмет Құдайбергенов, Тоқмақтың тұрғыны  Ташмұхамед Бикаев Оренбург пен Троицкіден үкіметтің көшпелі халықтан жер кесіп алуын ашық айыптайтын мақалалар жариялауымен танылған «Айқап», «Ақмолла» және «Вакыт» секілді мұсылмандық басылымдарды алып тұрады. Бұл басылымдардағы жағымсыз мақалалардың авторлары – Орынбордағы Қаратаев пен Троицкідегі Сералин. Тыңшылардың айтуынша, Орынбор мен Тройцкіден алынған басылымдар жасырын түрде Пішпектегі «Машраб» үйірмелерінде оқылатын көрінеді» [14, 272-б.].

Балқан соғысы басталған кезде Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының Түркияға қолдау көрсетіп, оның әскеріне деп қаржы жинастыруы да билік орындарын алаңдатпай қоймаған еді. Жергілікті әкімшілік мұндай әрекетті жасырын құрылған ұйымдар жүзеге асыруда деп есептеді. Сол кезде Түрік әскерлеріне көмекке деп Қырым мұсылмандары 200 мың сом, Кавказ мұсылмандары 150 мың сом қаражат жинаған [28, с.47]. Мұндай шаралар Түркістан аймағында да жалғасқан. Жетісу облысының Верный уезі қазақтары 10 мың сом жинаған [14, 270-б.]. Ташкенттегі «Үміт» қоғамының жетекшісі Мүнауар қари да кітап саудасынан түскен ақшаны Түркия флотының пайдасына аударған және ол бұдан бөлек Түркияға көмек көрсету мақсатында тұрғындардан астыртын ақша жинаған. Ол мұндай әрекетін бірінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін де жалғастыра түскен болатын [29, 57-б.]. Түркістан өлкесіндегі және Ресей империясыныңң өзге де аймақтарындағы түркі-мұсылман халықтарының Түркияға іш тартуышылығынан патша өкіметі сезіктеніп, ендігі жерде бұған қалай да жол бермеу керктігін  ойластыруға кірісті. Сонымен қатар империядағы түркі-мұсылман халықтарының әрекеттерін үйлестіретін қоғамдық-саяси ұйымның құрылуын алдын алу қажеттігін де қарастырды. Соның нәтижесінде  Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалыста бірлігінің арта түсуіне тосқауыл қоюдың тиімді жолдың бірі ретінде олардың арасына іріткі салу таңдалып алынды. 1914 жылы наурызда Ішкі істер министрлігінің араласуымен империядағы түркі-мұсылмандық саяси күштердің арасына іріткі салып, олардың патша өкіметінің саясатына бірлесе қарсылық көрсетуін әлсірете түсетін қаражүздік партиясы бой көтерді. «Сират-ул-мустақим» («Дұрыс жол») деп аталған бұл партияға М.С. Баязитов жетекшілік етті. Оның партиядағы сенімді серіктерінің қатарында кәсіпкер Ф. Байрашев пен отставкадағы генерал-майор А. Шейх-Али болды. Үкіметтің нұсқауымен құрылған бұл партияның мүшелерінің саны бастапқыда 12 адам ғана еді. Кейіннен партия мүшелерінің саны біртіндеп арта түсті  [30, 182-б.].  Патша өкіметінің болжамынша, бұл «Сират-ул-мустақим» партиясы империяның барлық аймақтарына, соның ішінде Түркістан өлкесіне де өз ықпалын жүргізіп, түркі-мұсылман халықтарын осы партия төңірегіне топтастыра түсуі және олардың отаршылдыққа қарсы бағытталған саяси күштерін әлсіретуі тиіс еді. Алайда, бұлай болмай шықты. Бұған бірден төртінші Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы қарсы шығып, мерзімді басылымдарда бұл ұйымның Ресейдің Ішкі істер министрлігінің қамқорлығымен құрылған саяси партия және орыс қаражүздік партияларының көшірмесі екендігін, оның мұсылмандар мүддесін әсте көздемейтіндігін айтып үндеу жариялайды. Үндеуге Қ. Тевкелев,  И.А. Ахтямов, М. Жафаров және С. Жантөрин, олармен бірге М. Бигиев, Гаяз Исхаки, Лутфулла Исхаки (Петроградтың имамы) және Гади Мақсудов қол қойды. Патша өкіметінің «Сират-ул-мустақим» партиясын құрудағы арандатушылық саясатына қарсы 1915 жылы Петроградта оқып жатқан қазақ, өзбек, татар, башқұрт жастары да, олардың ішінде М. Шоқай да баспасөз беттерінде өз пікірлерін білдірді. Олардың үндеуінде бұл қаражүздік «Сират-ул-мустақим» партиясына жергілікті жерлерде ешқандай қолдау көрсетілмеуі тиістігі мәлімделінген болатын [31, 49-50-б.].

 Төртінші Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының және Петроградта оқып жүрген студент жастардың «Сират-ул-мустақим» партиясына қолдау көрсетпеу жайлы мәлімдемелері елдің түпкір-түпкіріне тарады. Ол Түркістан өлкесіне де жетті. Осыған орай өзбек халқының белгілі қайраткері Түркістан өлкесінде бұл қоғамдық-саяси ұйымның қанат жаюын қолдамайтындығын танытты [32, 11-п.]. Осылайша халытың қолдау танытпауы себепті билік орындары тарапынан арандатушылық мақсатта құрылған «Сират-ул-мустақим» партиясы Түркістан өлкесінде ғана емес, өзге өңірлерде де өз бөлімшелерін аша алмады. «Сират-ул-мустақим» партиясының бой көтеріп, Түркістан секілді шеткері аймақтарда оның бөлімшелерінің ашылуына сол кезде миссонерлер де мүдделілік танытқан еді. Бұл партияның кең қанат жая алмай, бөлімшелерінің құрылмай қалуын олар Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы мен оның жанындағы бюро мүшелерінің қызметімен байланыстырды. Мәселен, миссионерлік әрекеттерге барынша қолдау көрсеткен Уфа және Мензелинск епископы Андрей осыған орай Шет діндер департаментінің директоры Харламовқа мынандай мазмұндағы шағым түсірген болатын: «Мұсылман фракциясы мұсылмандардың ішкі өмірінде маңызды рөл атқаруда. Ол мұсылмандарды бірлестіруде. Газеттер оған зор қызмет көрсетеді. Бірқатар газеттер арқылы мұсылмандарды өзіміз құрып берген партияны қолдамауға шақырды. Мұсылмандар Ресейден бөлінуді тілейді. Мен ол жөнінде көп мағлұмат алдым. Бірақ биліктегілер олардың істеріне маңыз бермей келеді және жеткілікті деңгейде оларға қысым көрсетпейді. Мұсылман фпакциясы жанында құрылған бюро мұсылмандардың бірлігіне зор қызмет көрсетеді. Боро мүшелерінің бірі – Садри Мақсудов қазақтардың арасына барып, оларды бірлестіріп жүр. Барлық мұсылмандар сол фракцияның төңірегіне жиылуда. Осыған көңіл бөлсеңіз екен»  [33].

Мұсылман фракциясы жанындағы бюрода сол тұста Ә.Бөкейханов, С.Жантөрин, С. Мақсұдов, А. Цаликов, Ш. Құрбанғалиев секілді қпйреткерлер қызмет ететін. 1916 жылдың күзінде бұл бюроның құрамын Түркістан өкесіне қарасты Сырдария облысының қазақтары атынан М. Шоқай толықтырған болатын [34, 353-б.]. Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды мақсат етіп, Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясына көмек көрсетуді жүзеге асыруды көздеген бұл бюроның өзіне билік орындары шүйліге қараған болатын.

Қорыта айтқанда, патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайында ұлттық саяси элита өкілдерінің талпынысына қарамастан түркістан өлкесінде ұлттық қоғадық-саяси ұйым құрыла қоймады. Патша өкіметі мұндай ұйымның құрылуына сескене қарап, осы бағыттағы әрекеттерге барынша тосқауыл қойды. Соднықтан да Түркістан өлкесінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар патша өкіметі құлатылғаннан кейінгі жағдайда ғана құрылу мүмкіндігіне ие болды.

Әдебиеттер

1 Қойгелдиев М.Қ. Тұтас Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы. – Алматы: Қазақ университеті, 1997. – 54 б.

2 ӨРОММ. И-1-қ., 27-т., 148-іс.

3 РФММ. 124-қ., 8-т., 252-іс.

4 Каппелер А. Две традиции в отношениях России к мусульманским народам Российской империи // Отечественная история. – 2003. – №2. – С.129-135.

5 Мактуб Сырдария областидан. Перовск шаһаридан // Үлфәт. – 1906. – 16 февраль.

6 Қойгелдиев  М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

7 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. – желтоқсан 1917 ж. – Алматы: «Алаш», 2004. – Т. 1.– 552 б.

8 Тынышпаев М. История казахского народа. – Алматы: «Санат», 2009. – 288 с.

9 Рүстемов С. Қазақтар мен Ресей империясындағы өзге түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалыстағы өзара байланыстары // Отан тарихы. – 2005. – №1. – 61-74 б.

10 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1893-іс.

11 РФММ. 102-қ., 240-т., 74(1)-іс.

12 Иттифакниң канунилишдирмаси // Вакыт. – 1907. – 4 ноябрь.

13 Ямаева  Л.А. Мусульманский либерализм начала ХХ века как общественно-политическое движение. – Уфа: Гилем, 2002. – 300 с.

14 Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. – Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.

15 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1116-іс.

16 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1117-іс.

17 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1120-іс.

18 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1174-іс.

19 Қойгелдиев  М.Қ. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ.–1917 ж.). – Астана: Елорда, 2004. – 216 б.

20 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1228-іс.

21 ӨРОММ. И–461-қ., 1-т., 1226-іс.

22 ӨРОММ. И-1-қ., 1-т., 1645-іс.

23 РФММ. 102-қ., 241-т., 74(ч.84) – іс.

24 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1175-іс.

25 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1260-іс.

26 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 2178-іс.

27 ӨРОММ И-461-қ., 1-т., 1968-іс.

28 Мухаметдинов  Р.Ф. Нация и революция (Трансформация национальной идеи в татарском обществе первой трети ХХ века). – Казань: «Иман», 2000. – 150 с.

29 Шілдебай  С.Қ. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс. – Алматы: «Ғылым», 2002. – 214 б.

30 Рүстемов С. Ресей империясындағы азаттық қозғалыс және түркі-мұсылмандық студент жастар // Отан тарихы. – 2005. – №3. – 179-184 б.

31 Есмағамбетов К.Л.  Әлем таныған тұлға (М. Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік бомысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 б.

32 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 2263-іс.

33 Бутун Русие мөселманлариниң  сиезди // Йолдыз. – 1917. – 28 июль.

34 «Қазақ» газеті.  – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 560 б

References

1 Koygeldiev M.K. Tutas Turkistan ideyasi zhane Mustafa Shokayuli. – Almaty: Kazak universiteti, 1997. – 54 b.

2 OROMM. I-1-k., 27-t., 148-is.

3 RFMM. 124-k., 8-t., 252-is.

4 Kappeler A. Dve tradicii v otnosheniyah Rossii k musulmanskim narodam Rossiyskoy imperii // Otechestvennaya istoriya. – 2003. –№2. – S.129-135.

5 Makteb Sirdariya oblastidan. Perovsk shaharidan. // Ulfat. – 1906. – 16 fevral.

6 Koygeldiev M. Alash kozgalisi. – Almaty: «Sanat», 1995. – 368 b.

7 Alash kozgalisi. Kujattar men materialdar zhinagi. Sauir 1901. – zheltoksan 1917. – Almati: «Alash», 2004. – T. 1.– 552 b.

8 Tinishpaev M. Istoriya kazahskogo naroda. – Almaty: «Sanat», 2009. – 288 s.

9 Rustemov S. Kazaktar men Resey imperiyasindagi ozge turki-musilman haliktarinin azattik kozgalistagi ozara baylanistari. // Otan tarihy. – 2005. – №1. – 61-74 b.

10 OROMM. I-461-k., 1-t., 1893-is.

11 RFMM. 102-k., 240-t., 74(1)-is

12 Ittifaknin kanunilishdirmasi // Vakit. – 1907. – 4 noyabr.

13 Yamaeva L.A. Musulmanskiy liberalizm nachala XX veka kak obshchestvenno-politicheskoe dvizhenie. – Ufa: Gilem, 2002. – 300 s.

14 Makhaeva A.SH. Kazak-kirgiz sayasi baylanistarinin tarihi. – Almaty: «Tsennye bumagi», 2007. – 357 b.

15 OROMM. I-461-k., 1-t., 1116-is.

16 OROMM. I-461-k., 1-t., 1117-is.

17 OROMM. I-461-k., 1-t., 1120-is.

18 OROMM. I-461-k., 1-t., 1174-is.

19 Koygeldiev M.K. Zhetisudagi Resey biligi (XIX– 1917.). – Astana: Elorda, 2004. – 216 b.

20 OROMM. I-461-k., 1-t., 1228-is.

21 OROMM. I–461-k., 1-t., 1226-is.

22 OROMM. I-1-k., 1-t., 1645-is.

23 RFMM. 102-k., 241-t., 74(ch.84) – is.

24 OROMM. I-461-k., 1-t., 1175-is.

25 OROMM. I-461-k., 1-t., 1260-is.

26 OROMM. I-461-k., 1-t., 2178-is.

27 OROMM I-461-k., 1-t., 1968-is.

28 Muxametdinov R.F. Natciya i revolyuciya (Transformaciya natcionalnoy idei v tatarskom obshchestve pervoy treti XX veka). – Kazan: «Iman», 2000. – 150 s.

29 Shildebay S.K. Turikshildik zhane Kazakstandagi ult-azattik kozgalis. – Almaty: «Gilim», 2002. – 214 b.

30 Rustemov S. Resey imperiyasindagi azattik kozgalis zhne turki-musilmandik student zhastar // Otan tarihy. – 2005. – №3. – 179-184 b. 

31 Esmagambetov K.L. Alem tanigan tulga (M. Shokaydin dunietanimi zhane kayratkerlik bolmisi). – Almaty: Dayk-Press, 2008. – 504 b.

32 OROMM. I-461-k., 1-t., 2263-is.

33 Butun Rusie moselmanlarinin siezdi // Yoldiz. – 1917. – 28 iyul.

34 «Kazak» gazeti. – Almaty: «Kazak enciklopediyasi», 1998. – 560 b

ДЖУРСИНБАЕВ Б.А.

Доцент Таразского государственного  педагогического университета, к.и.н.

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ НАЦИОНАЛЬНЫХ  ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ  В ТУРКЕСТАНЕ И ВЛИЯНИЕ  РОССИЙСКИХ ТЮРКО-МУСУЛЬМАНСКИХ ДВИЖЕНИЙ

Резюме

В результате  насильственной политики царской власти,  проводимой в колониальных странах, в политической, социально-экономической и культурной жизни коренного населения Туркестанского  края наступил  глубокий кризис. Этому особо способствовали  административные реформы, осуществлявшиеся с 1867 года по управлению Туркестанского края: казахские земли были признаны  собственностью Российской империи, стало возможным переселение  крестьян из центральных губерний, местные органы управления царский власти превратились в орудие разграбления местного населения. В связи с этим, деятельность национальных общественно-политических организации, созданных для противостояния  колониальной системе стала не только процветать, но  усиливались также и связи между российскими тюрко-мусульманскими движениями.

Ключевые слова: Туркестан, тюрко-мусульманское движение, джадизм, казахская интеллигенция, мусульманская фракция, освободительное движение, национальный интерес.

JURSINBAYEV B.A.

(Associate Professor of the Taraz State Pedagogical University, Candidate of Historical Sciences)

ACTIVITIES OF NATIONAL SOCIAL AND POLITICAL ORGANIZATIONS IN TURKESTAN AND THE INFLUENCE OF RUSSIA'S TURKIC-MUSLIM MOVEMENTS

Summary

As a result of the violent policy of tsarist power conducted in the colonial countries, the political, socio-economic and cultural life of the indigenous population of Turkestan Krai was overtaken by a deep crisis . Especially, as a result of the administrative reforms carried out since 1867 to manage the Turkestan Territory, Kazakh lands were recognized as the property of the Russian Empire, it became possible to move peasants from the central provinces, the local government bodies of tsarist power turned into a tool for plundering the local population. In this regard, the work of the national socio-political organizations established to oppose the colonial system not only flourished, but also strengthened the connection between the Russian Turkic-Muslim movements.

Keywords: Turkestan, Turkic-Muslim movement, Jadidism, Kazakh intelligentsia, Muslim faction, liberation movement, national interest.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4222

No reviews

Download files

Журсинбаев.doc 0.11 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы "Рафаэль Пампеллидің "Түркістанға саяхат" еңбегіне қысқаша шолу" ӘОЖ 316.344.55:39(574) Қазақтардың дәстүрлі құқығы туралы революцияға дейінгі жазылған еңбектер ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ (1917 жыл) ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ ҒТАМР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАМР 03.09.55 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_178

Author's articles

ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ