Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ

Мурзаходжаев Қ.М.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: отбасы, неке, аралас, неке, жасанды, ұлттық, түсік, тәрбие, ажырасу, демографиялық, ахуал.
Author:
Мақалада автор статистикалық мәліметтер негізінде Қазақстан Республикасындағы отбасы мәселесін қарастырған. Соның ішінде, некелесу мен ажырасудың көрсеткіштері, өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеру, дүниеге нәресте әкелу мен жасанды түсік жасату, т.б. қазіргі қоғамның өзекті проблемаларын көтерген. Автордың пікірінше дәстүрлі салт-ғұрыптарымыз бен ұлттық құндылықтарымызға негізделген бүгінгі отбасын әлеуметтік институт ретінде қайта жаңғырту қажет. Мемлекеттің тірегі де, болашағы да осы отбасы деген қорытынды жасайды. Елбасының «Мерейлі отбасы» атты ұлттық байқауының өтуі мен ресми мейрам ретінде енгізілуін көтеріліп отырған мәселені шешудегі ілгері жасалған қадам деп бағалайды. Кілт сөздер: отбасы, неке, аралас неке, жасанды түсік, ұлттық тәрбие, ажырасу, демографиялық ахуал.
Text:

Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 23 жыл болып отыр. Бұл уақыт аралығында атқарылған шаруалар, алынған асулар, қол жеткен жетістіктеріміз молынан. ҚР Конституциясында айтылғандай: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» [1], – олай болса, мемлекетіміздің қызметінің басты нысаны да халық, оның тұрмыс-жағдайын реттеп, әл-ауқатын жақсарту. Сапалы реформалар мен салиқалы саясаттың нәтижесінде халқымыздың жалпы өсу динамикасы тұрақты ілгері жылжуда. Сөзімізді дәйектесек, 2012 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,7 млн. болса, 2013 жылы 0,2 мың адамға өсіп 16,9 млн. адамды құраған. Ал 2014 жылы халық саны 17,3 млн. адамға жеткен (2014 жылдың 1-шілдеге дейінгі мәлімет бойынша). 1999 жылғы халық санағы бойынша елімізде 14,953 млн. адам тұрғанын, ал бұл көрсеткіш 2005 жылға қарай 122 мың адамға өсіп, 15,075 млн.-ға көбейгенін статистикалық мәліметтер көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіштер елдегі экономикалық тұрақтылық пен дамудың көрінісі [2].

Отбасы ұғымы қай халықта болмасын әрдайым қасиетті де қастерлі. «Отан отбасынан басталады»,– дейді дана қазақ халқы. Себебі, отбасында дүние есігін енді ашқан әр бала алғашқы әрі дәстүрлі отбасылық тәрбиесін, өмірлік даму ұстанымдарын, тәлім мен тәжірибесін жинақтайды. Олай болса, баланың болашақтағы өмірінде қоғамның бір ажырамас бөлігі болу отбасылық әлеуметтік институтының басты міндеті болып табылады.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасын құрғандар саны жылдан жылға артуда. Бірақ бұл сандық мәліметтердің екі қыры бар, бір жағынан үйленгендер саны артса, екінші жағынан ажырасып жатқандары да жетерлік. Төменде осы көрсеткіштерге статистикалық мәліметтер бойынша қысқаша талдау жасап өтсек.

2009 жылы Қазақстанда 140 386 мың адам шаңырақ көтерген, оның 39257-сы ажырасқан. Демек, шаңырақ көтергендердің әр үшінші жұбы ажырасады екен. Пайыздық көрсеткіште бұл жалпы неке қиғандардың 27,9 %-ын құрайды. 2010 жылы 147 443 мың неке қиылса, 41 618 мыңы ажырасқан. Үйленген отбасының 28,2 %-ы ажырасқан. Ал 2011 жылы 160 504 мың отбасы құрылса, оның 44831-і қайта ажырасуға өтініш берген. Яғни 27,9 %-ы некесін бұзған. 2012 жылы 164 392 мың адам отау тіккен. Алайда 48 513-і некесін бұзған, 29,5 %-ы ажырасқан. 2013 жылы 178 558 жұп отбасын құрып, 51 485 жұп ажырасқан. Олай болса, 28,8 %-ы шаңырақтың іргесі шайқалған. Ал 2014 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 68435 шаңырақ көтерілсе, осы уақыт аралығында тиісінше 25231-і некесін бұзған. Бұл 36,8 %-жұптың қайта айырылысқанын көрсетеді [3].

Осы мәліметтерді талдай отырып, неке қиған әр отбасының үшіншісі ажырасады деген қорытындыға келеміз. Бұл – сан ғасырлық тағылымды тарихы бар қазақ халқына жат құбылыс емес пе?! Атам қазақ отбасын қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтаған және мемлекеттің негізгі тірегі мен болашағы осы отбасынан бастау алатынын негіздеп, келешек ұрпаққа осы үрдісті жалғастыруды аманатқа қалдырған. Отбасын құрып, шаңырақ көтеру өте жауапты қадам, оған үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Себебі, Отан - отбасынан басталады. Қазақ халқы «үйлену оңай, үй болу қиын» деп тектен тек айтпаған болар. Мынау аласапыран қиын заманда, құндылықтардың орны мен реті өзгеріп, Батыстан тұрған дауыл қоғамға өзіндік ағымдар лебін әкелуде. Бұл үдеріс қазіргі таңда толастамаса, келешекте бәсеңдейтін түрі жоқ. Осындай өтпелі кезеңде шаңырақ көтеру – ерекше қиын. Отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына шыдай алмаған жастар көп ұзамай некесін бұзуда. Ажырасу өте ауыр, қиын, қатері де, залалы да көп болады. Әсіресе, екі жұптың ортақ балалары болса. Бұл сол ортада өмірге келген жас ұрпақтың тағдырының тамырына балта шапқандай. Ондай балалар қоғамда да, өмірде де өз орнын табуға көп қиналады. Мұны қай халық болмасын, қай қоғам болмасын дұрыс көрмейді. 

Елбасымыздың ықпалымен 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасындағы қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі деп бекітілді. Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, елбасымыздың осындай атаулы күнді мемлекеттік мереке ретінде енгізуі өте орынды. Отбасы қоғамның ажырамас бөлігі, оның осал болуы жалпы мемлекеттің әлсіреуіне тікелей ықпал етеді. Осы ойды Елбасымыз Қазақстан отбасыларын мереке күнімен құттықтау сөзінде былай жеткізеді: «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. «Отбасы күні» осы ұлағатты мұраларымызды нығайтып, жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастардың жадына сіңіре бермек» [4].

Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты нәресте алғаш өз отбасында, ата-анасының, туған-туыстарының ортасында танып, үйренеді. «Отбасында не көрсең, ұшқанда соны ілесің», – демекші, бала дүниетанымының алғашқы кірпіші қаланып, сана-сенізімінің дәні егіледі. Осындай ұлан-ғайыр жерімізді, Алтайдан Каспийге, Қаратаудан Батыс Сібірге дейінгі аумақты, ұшқан құстың қанаты талатын аралықты бабаларымыз тек найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана сақтап қалған. Сондай-ақ оған отбасында салиқалы да салмақты тәрбие алғанынан, ата-анасының дін мен дәстүрді қатар сабақтастырып жас буын ұрпаққа адами құндылықтарды, елін-жерін сүюді, абыройды жоғары қойып, намысты болуға тәрбиелеуі үлкен ықпал еткен.

Әуел баста отбасын жоспарлап, дұрыс құрмағандықтан қаншама шаңырақ шайқалып, іргесі сөгілуде. Ата-ананың бала алдындағы міндеттері көп, оның ішінде дұрыс есім қою, адал жолмен табылған ризықпен тамақтандыру, үйлендіру және тағы басқа жоралғылары кіреді. Алайда, әкенің бала алдындағы ең алғашқы, абыройлы, маңызды міндеті – қайырлы, инабатты болашақ жарын таңдап, шариғат заңына қайшы келмейтін, қазақы дәстүрге лайықты заң-жоралғыларды бүгінгі өмір салтымен тиімді ұштастыруға қалыптастыру. Ал ол үшін, ең алдымен, ер азамат өзін дұрыс жолға қою қажет. «Тең теңімен, тезек қабымен», – деген нақыл сөз бар, өзің жақсы болсаң, қабырғаң да қайырлы болады. 

Келесі бір статистикалық дерек - отбасылық тұрақтылықтың басты кепілі - бала туу, яғни ұрпақ жалғастығын сақтау мәселесіне қатысты, соны келтіріп өтсек. 2009 жылы Қазақстанда 113 320 әйел адам жасанды түсік жасатқан екен,  2010 жылы – 106 074, 2011 жылы – 95 288, 2012 жылы – 95 654 жасанды түсік жасалған екен [5, 229 б.]. Ал 2013 жылы Қазақстанда 106 мың ресми тіркелген жасанды түсік жасалған. Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы, бала және ана Ұлттық ғылыми орталығының профессоры Талшын Үкібасова мәлімдеген болатын [6]. Бірақ, бұл көрсеткіштерді талдау барысында баланың уақытына жетпей шетінеп, анасының саналы түрде жасанды түсік жасатып, алып тастау жағдайларын да ескерген жөн. Бұл пікірімізге қатысты нақтылы статистикалық мәліметтердің аздығы ойымызды нақтылы сандық мәліметтермен жеткізуге кедергі болғандығын да ашық айтуымыз керек. Ал 2003 жылы еліміздегі жасанды түсіктер саны – 127 мыңнан асқан болатын [7, 147 б.].  Демек, 2013 жылы бұл көрсеткіш 21 мыңға азайған, яғни 16,5 %-ға төмендеген. Ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Акушерлік, гинекология және перинатология орталығының директоры Талғат Құдайбергенов Қазақстанда жасанды түсік: «2013 жылы шамамен 84 мың жасанды түсік жасалған болатын», – деп мәлімдеген [8]. Бұл мәліметтер бір-біріне кереғар болса да, шындық біреу, ол – елімізде жасанды түсік жасатудың кең етек алғанын көрсетіп отыр. 2010 жыл мен 2011 жыл аралығында бұл көрсеткіш шамалы төмендегенін көреміз, бірақ жасанды түсік жасататын контингенттің жас ерекшеліктеріне қарасақ, жағамызды ұстаймыз. Бір рет жасанды түсік жасатқан әйел баласының келесі рет қайта бала көтеруі екіталай. Бұл үдерістің аяғы демографиялық апатқа әкеп соғатыны айтпаса да белгілі.

Қорыта айтқанда, 2009 жыл мен 2013 жылдар аралығындағы жасалған барлық жасанды түсіктердің алдын алып, сол әйелдердің әрқайсысы дені сау бір баладан дүниеге әкелген болса, онда осы бес жыл аралығында 516336 сәби дүние есігін ашар еді. Бұл жалпы халық санының (2014 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанның халық саны 17330,5 адам) 3%-ға азайғандығын көрсетеді.

Отбасы – бұл стратегиялық маңызы жоғары нысан. Мемлекет өзінің болашағы туралы қам жесе ең алдымен отбасына көңіл бөлуден бастау керек. Осы кезекте Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы өткізілген болатын. Оған Республикамыздың түкпір-түкпірінен 1298 отбасы қатысып, халықтың дауыс беруімен жеңімпаздар анықталған еді. Елбасымыз айтқандай бұл шараның басты мақсаты отбасы құндылықтарын дәріптеп, елінің болашағы үшін қызмет ететін жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беру еді. Әсіресе қазіргі уақытта өзге ұлт өкілдерімен отбасын құрып, шаңырақ көтеру үрдіске айналғандай. Сөзімізді дәйектесек, этносаралық некелердің статистикалық мәліметтеріне көз салсақ, басқа этностар өкілдерімен некеге тұрған ер азаматтардың саны: 2009 ж. –  4910; 2010 ж. – 5090; 2011 ж. – 5559; 2012 ж. – 5494. Ал дәл осы жылдар аралығында қазақ қыздарының 2009 ж. – 4185; 2010 ж. – 4246; 2011 ж. – 4578; 2012 ж. – 4591 мыңы өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған. Ал осы отбасылардың жартысынан астамы ажырасқан [9, 199 б.].

Ұлт көшбасшысы өзінің жеңімпаз отбасыларын құттықтау сөзінде: «Шаңырақтағы жарастық та тек қана сыйластық пен татулық арқылы орнайды. «Қазақстан – 2050» стратегиясының аясында біз осындай отбасылық құндылықтарды нығайтып, дәріптей түсетін боламыз», – деген еді [10]. 

Қорыта келгенде, «әлемнің ең дамыған мемлекеттердің» қатарына қосылуды мақсат етсек, елімізде отбасы әлеуметтік институтын қайта жаңғырту керек. Отбасылардың ажырасу себептерін материалдық дүниеден іздеп, қаржы мәселесіне әкеп тіреп қоюдың еш мәнісі жоқ. Материалдық фактордың орны орасан зор, десек те, отбасының іргесі шайқалуының себебін ақшадан, не дүниеден іздеп, әр жұп өзін сүттен ақ, судан таза етіп, бастарын алып қашады. Елбасымыз   Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді» [11].

Қай заманда болмасын рухани болмысы әлсіреген қоғам құрдымға кетеді. Рухани құндылықтарды материалдық байлыққа айырбастау үлкен қателік. Оған бәріміз де куәміз. Таразының екі басын тең ұстап отыру керек. Ал рухани байлық дегеніміз сан ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, дәстүрлі ұлттық санамыз. Сондықтан заманға сай ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, дініміз бен ділімізді қолға алып, ұлттық сананы қайта жаңғырту керек.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1 http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_

2 http://www.stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT087375

3 http://www.stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT087375

4 http://www.akorda.kz/kz/page/page_217883_memleket-basshysy-nursultan-nazarbaevtyn-kazakstandyktardy-otbasy-kyni-merekesimen-kuttyktauy

5 Этнодемографический ежегодник Казахстана. Cтатистический сборник. – Астана: Агентство РК по статистике, 2013. – 466 с.

6 http://www.kazpravda.kz/news/view/21629

7 Статистический ежегодник Казахстана: Стат. сборник. – Алматы:  Агентство РК по статистике, 2005. – 448 с.

8 http://www.kazinform.kz/kaz/article/2701713

9 http://stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT074326

10 http://www.akorda.kz/ru/page/page_217915_vystuplenie-prezidenta-kazakhstana-n-nazarbaeva-na-tseremonii-nagrazhdeniya-pobeditelei-natsionalnogo – Астана, 19 сентября 2014 года.

11 http://baq.kz/regional_media/post/63825

References

1 http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_

2 http://www.stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT087375

3 http://www.stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT087375

4 http://www.akorda.kz/kz/page/page_217883_memleket-basshysy-nursultan-nazarbaevtyn-kazakstandyktardy-otbasy-kyni-merekesimen-kuttyktauy

5 Jetnodemograficheskij ezhegodnik Kazahstana. Ctatisticheskij sbornik. – Astana: Agentstvo RK po statistike, 2013. – 466 s.

6 http://www.kazpravda.kz/news/view/21629

7 Statisticheskij ezhegodnik Kazahstana: Stat. sbornik. – Almaty:  Agentstvo RK po statistike, 2005. – 448 s.

8 http://www.kazinform.kz/kaz/article/2701713

9 http://stat.gov.kz/getImg?id=ESTAT074326

10 http://www.akorda.kz/ru/page/page_217915_vystuplenie-prezidenta-kazakhstana-n-nazarbaeva-na-tseremonii-nagrazhdeniya-pobeditelei-natsionalnogo – Astana, 19 sentjabrja 2014 goda.

11 http://baq.kz/regional_media/post/63825

Мурзаходжаев К.М.

(МНС, Институт Истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова)

ПРОБЛЕМЫ СЕМЬИ В КАЗАХСТАНЕ НА ОСНОВЕ СТАТИСТИЧЕСКИХ ИСТОЧНИКАХ

Резюме

Автор статьи на основе статистических данных рассматривает проблемы семьи в Казахстане. Особенно, большое внимание уделяет на такие актуальные проблемы в обществе как, образование семьи, число зарегистрированных браков и разводов, рождаемость и аборты в стране, смешанные браки и т.д. По мнению автора опираясь только на национальные ценности, язык и культуру можно преобразовать институт семьи. Также автор поддерживает инициативу президента об утверждении официальным праздником «День семьи» и проведение конкурса «Мерейлі отбасы», что в свою очередь является плодотворным шагом при решении проблем взаимоотношении семьи.

Ключевые слова: семья, брак, смешанные браки, аборт, национальное воспитание, развод, демографическое состояние.

Murzakhodzhaev K.M.

(Junior Researcher, Institute of History and ethnology named after Ch.Ch. Valikhanov)

Resume

In this article the author is considering problems of family mutual relations based on statistical records. Especially, high attention pays to actual problems of society, such as founding family, number of registered spousal and divorce, birthrate and abortion in the country, mixed marriage and etc. By opinion of the author, just only reclines to national values, native language and culture we could transform family institute, which need of there. Also he supports initiative President of Kazakhstan about affirmation official holiday «Mereyli otbasy», which of his way is productive step in decision the problems of mutual relations.

Key words: family, marriage, mixed spousal, abortion, national breeding, divorce, demographic condition.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 13752

No reviews

Download files

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ ӘОЖ 316.35:39 ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ 94(574).084.6 «ОТАНЫН САТҚАНДАР ӘЙЕЛДЕРІНІҢ АҚМОЛА ЛАГЕРІ» ТАМҰҒЫНДА ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы)

Author's articles

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ