Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 Ш. УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

А.Т. Серубаева¹. ¹PhD доктор, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Қазақстан, Тараз қ.

ҒТАМР 03.20.00 Ш. УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: «Қожалар тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», Шығыс Түркістан, Орталық Азия, Қашғария, Орыс географиялық қоғамы, этнография, Шығыстану, орта ғасыр, Шыңжаң, «Сұтұқ Бұғрахан тарихы»
Author:
Аңдатпа. Бұл мақалада Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі Шығыс Түркістанның этникалық-саяси тарихы мәселелері қарастырылады. Ғалымның Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған зерттеулеріне ХІХ ғасыр тұрғысынан баға беріліп, оның ғылымға қосқан үлесі көрсетіледі. Шығыс Түркістан ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлемдік ғылымға белгісіз болып, оның негізгі халқы, мәдениеті мен шаруашылығы жөнінде ғылымда нақты пікірлер мен тұжырымдар болған жоқ. Шоқан Уәлиханов осы бос кеңістікті терең ғылыми зерттеулерімен толықтырды. Сол себепті де, оның бұл ел туралы жазған еңбектері мейлінше маңызды болып табылады. Мәселен, ғалым ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Ол Шығыс Түркістанның негізгі халқы ұйғырлардың этникалық құрамын ғылымда алғаш рет анықтап берді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінің үстемдік ету мерзімін анықтауға тырысқан. Ғалым әр уақытта деректерге сын көзбен қарап, салыстырмалы талдау жасау арқылы, өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын аса байыппен жасады. Қашғардан алып келген «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларына ерекше мән беріп, оларды өзінің еңбектерін жазу барысында кеңінен пайдаланып, ғылыми айналымға бірінші болып енгізді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінен кейінгі ұрпаққа зор рухани мұра қалдырып, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірді.
Text:

Кіріспе. Қазақтың әлемдік өркениет деңгейіндегі тұңғыш жарқын тұлғасы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақ халқының ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосты. Шоқан Уәлихановтың еңбектері Орталық Азия халықтарының этногенез, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, тарихи географиялық мәселелерін зерттеуде маңызды дерек көздері болып табылады. Ғалымның орта ғасыр тарихын жақсы білетіндігі соншалық, өзінің шығармаларында аталған мәселелерді көптеген шығыс, батыс және орыс деректерімен салыстырып, талдау жасап отырған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысы мен ортасы төл тарихымыздағы елеулі кезең болып табылады. Шоқан осы кезеңде өмір сүріп, оның ағартушылық-демократиялық көзқарастары қалыптасты.

Әлемде Шығыс Түркістанды зерттеу ХІХ ғасырда қолға алынды. Аталған аймақты зерттеуді 1845 жылы құрылған Орыс географиялық қоғамы басқарды. Алғашында қоғам зерттеуді географиялық мақсатта жүргізді. Олар карталар жасау, керуен жолдарын анықтау, сондай-ақ этнография мен археологиялық ескерткіштерді зерттеумен шұғылданды. П.П. Семенов Орыс географиялық қоғамы қызметінің екінші жылы ішкі Азияны ғылыми зерттеуге арналды деп жазды (Литвинский, 1988: 38). Әсіресе, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары Орталық Азияны зерттеу Орыс географиялық қоғамының негізгі ғылыми қызметіне айналды.

ХІХ ғасырдың ортасында орыс шығыстануы әлемде жетекші орынға ие болды. Атап айтқанда, қытайтану саласында көптеген жұмыстар жасалды. Н.Я. Иакинф (Бичурин) Орталық Азия халықтары туралы ежелгі дәуірден ХVІІІ ғасырға дейінгі қытай деректерін жинап, аударма жасап, ғылыми айналымға енгізді. Орталық Азия халықтарының орта ғасыр тарихы бойынша көптеген парсы-тәжік және түркі деректері жарық көрді (Литвинский, 1988: 39).

Ресейдің Шығысты зерттеу орталықтары – Азиялық мұражай, Қазан университеті, Петербург университеті, Лазаревск институты, Одессадағы Ришельевск лицейінің жанындағы Шығыс институты, әр түрлі миссиялар, мектептер, курстар, училищелер, гимназиялар практикалық жұмыс пен ғылыми қызмет салалары үшін мамандар даярлады. Ресейдің бірқатар ғалымдары В.В. Григорьев, Н.Я. Бичурин, В.П. Васильев, И.Н. Березин, Х.Д. Фред, В.В. Вельяминов-Зернов, М.А. Казем-Бек, О.И. Сенковский, О.М. Ковалевский, Г. Гомбаев, Д. Банзаров тағы басқалардың еңбектері мен зерттеулері кеңінен танылып, олар әлемдік деңгейде белгілі болды (Сүлейменов, 1985: 22).

Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысының негізгі деректік қорын академик Ә.Х. Марғұланның ұйымдастыруымен 1984-1985 жылдары жарық көрген Ш.Ш. Уәлиханов шығармаларының бес томдық жинағы мен 2010 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген ғалым шығармаларының қазақ тіліндегі басылымы құрады.

«Ғылым Ордасының» сирек қолжазбалар қорында Ш. Уәлихановтың өмірі мен қызметі, еңбектері туралы мұрағат деректері 23 қорда сақталған. Онда Ш. Уәлихановтың Қашғарияға сапары нәтижесінде жазылған еңбегі «Алтышардың жағдайы туралы» есебі Ғылым Ордасының сирек қолжазбалар қорының 23-ші қордың 21 ісінде (Ғылым Ордасының сирек қолжазбалар қоры, 23 қор); Шыңғыс Уәлихановтың Шоқанға жазған хатының фото-көшірмесі 28 істе (ҒОСҚҚ, 23 қор) сақталған; 24 істе (ҒОСҚҚ, 23 қор) 14 беттен тұратын фотолар сақталған. Бұл суреттер Ш. Уәлиханов шығармаларының 5 томдығына кірмеген. Сондай-ақ, аталған қордың 25 ісінде (ҒОСҚҚ, 23 қор) «Отрывки стихотворений на уйгурском и персидском языках, письма Валиханову от Кашгарских друзей» және «Монгольские письмена, рисунки» деген құжаттар сақталған.

Р.Б. Сүлейменов пен профессор В.А. Мойсеевтің «Шоқан Уәлиханов – шығыстанушы» атты іргелі зерттеуі мақаланың негізгі дерегі ретінде қолданыс тапты. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 және 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференция материалдары жинағында жарияланған ғалымның Шығыс Түркістанға саяхатына арналған мақалалардан маңызды мәліметтер алынды. 

Г.М. Исхаковтың «Этнографическое изучение уйгуров Восточного Туркестана русскими путешественниками ХІХ века»; «Вопросы этнической истории уйгуров в исследованиях Чокана Валиханова»; Г.М. Исхаков, С.Г. Кляшторный, А.М. Решетов, Т.Р. Рахимовтың «Достижение советских ученых в историко-этнографическом изучении уйгуров» және Б.А. Литвинскийдің «Чокан Валиханов – исследователь Центральной Азии» атты зерттеу мақалаларында Шығыс Түркістанның эникалық-саяси тарихына қатысты құнды деректер мен тың тұжырымдар жасалғанын ерекше атап өткен жөн.

Әлемдегі өркениетті елдердегі сияқты тарих ғылымының теориясы мен методологиясы біздің еліміздің отандық тарих ғылымы бойынша дұрыс жолға қойылуы керек. Мақала талдау мен жинақтау, тарихи жүйелілік, салыстырмалы талдау, шынайылық, хронологиялық тәртіп, логикалық бірізділік тағы да басқа ғылыми-әдіснамалық принциптер басшылыққа алына отырып жазылды. Әлемде қалыптасып келе жатқан тұлғатану саласының өркениеттілік ұстанымына ерекше көңіл бөлінді. Кез-келген жеке тұлғаның ғылыми мұраларын талдап, талқылау барысында оның ғылым мен мәдениетке, жалпы өркениеттің дамуына қосқан үлесіне ерекше мән берілуі қажеттігі басты назарға алынды.

Талқылау. Ш. Уәлихановтың өмір жолы мен қызметі, ғылыми мұрасы жайлы деректер оның көзі тірісінде жариялана бастады. Ғалымның «Жоңғария очерктері», «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының (Кіші Бұхара) шығыстағы алты қаласының жағдайы», «Уәлихан-төре көтерілісінің эпизоды» атты еңбектері «Орыс Императорлық Географиялық қоғамы» жазбаларының 1861 жылғы еңбектерінде жарияланды. Атақты шығыстанушы Н.И. Веселовский «Қырғыз хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді...» (Веселовский, 1904: 531) деп жазды.

Ш. Уәлихановтың ғылыми бағыты сан қырлы. Оның еңбектерінде тарихтың, этнологияның, саясаттанудың, философияның, дінтанудың, географияның және басқа ғылым салаларының өзекті мәселелелері қарастырылды. Соның ішінде ғалымның Орталық Азия халықтарының этникалық-саяси, рухани-мәдени, тарихи географиялық мәселелеріне арналған зерттеулерінің маңызы ерекше болып табылады. Өйткені, ғалым осы тақырыптармен өмірінің соңына дейін айналысты. Оның еңбектерін әртүрлі ғылым салаларының өкілдері өздерінің зерттеу нысанына айналдырып, арнайы диссертациялар жазды. Айтап айтқанда, К. Бейсембиев «Развитие общественно-политической и философской мысли Казахстана после присоединения к России» (К. Бейсембиев, 1957, 34); О.А. Сегізбаев «Мировозрение Ч. Валиханова» (Сегізбаев, 1958: 16); А. Искаков «Идеи свободомыслия и атеизма в трудах первого казахского ученого и просветителя Чокана Валиханова» (Искаков, 1961: 17); Г.М. Исхаков «Этнографическое изучение уйгуров Восточного Туркестана русскими путешественниками ХІХ века» (Исхаков, 1976: 131);  А.А. Атишев «Политические взгляды Ч.Ч. Валиханова» (Атишев, 1962: 21); Д.И. Дулатова «Исторические взгляды Чокана Чингисовича Валиханова» (Дулатова, 1963: 48); О.А. Султаньяев «Русская и казахская лексика фразеология произведений Чокана Валиханова» (Султаньяев, 1994: 52); Г.Р. Усенова «Государственно-правовые взгляды Ч.Ч. Валиханова» (Усенова, 1996: 24); қырғыз ғалымы Ч.Д. Турдалиева «История и культура кыргызов по трудам Ч.Ч. Валиханова» (Турдалиева, 2000: 24); С.К. Өтениязов «Ш.Ш. Уәлихановтың ғалым ретінде қалыптасуына алдыңғы қатарлы Россия интеллигенциясының әсері» (Өтениязов, 1993: 156);  Г.Ш. Валиханова «Проблемы теории и истории казахской культуры в творчестве Ч.Ч. Валиханова» (Валиханова, 2004: 21); И.Р. Ишембетов «Взгляды Валиханова Ч.Ч. на право и государство» (Ишембетов, 2006: 26); Р.Т. Тлеуқабылова «Ш.Ш. Уәлихановтың әскери-теориялық көзқарастары (1847-1865 жж.)» (Тлеуқабылова, 2005: 29); Ж. Бейсенбайұлы «Ш. Уәлиханов – әдеби мұра зерттеушісі:» (Бейсенбайұлы, 2010: 26).

Нәтижелері. Шоқан Уәлиханов «Орталық Азияның шығыс бөлігі дәлірек айтқанда Орталық Азия қыраты өзінің әлемге мәлім жанар тауларымен және терең сырлы халқымен осы уақытқа дейін, соңғы уақыттағы географияның үлкен табыстарына қарамай мүлдем жан баспаған жер болып келеді. Жыл сайын біз Африка мен Австралияның ішіне жасалып жатқан саяхаттар туралы, ержүрек саяхатшылардың ғылымның пайдасына ашып жатқан жаңалықтары туралы хабарлар оқимыз, ал осы (уақытқа) дейін ішкі Азияға кіру жөнінде бірде-бір әрекет жасалған жоқ. Адамзаттың бесігі Азия-Африкаға қарағанда ғылым үшін қалайша қызықты емес?... Біздер, орыстар үшін Орта Азияны, біздің көршімізді зерттеп білуге немқұрайды қарау әсіресе кешірілмес күнә» (Сүлейменов, 1985: 21) деп жазды.

1858-1859 жылдары Ш. Уәлиханов ұзақ та, тыңғылықты дайындықтан кейін Шығыс Түркістанға ғылыми саяхат жасады. Қашғарияға Марко Поло мен иезуит Гоестен кейін бұл аймаққа шетелдіктердің аяғы басып кірмеген болатын. Ол кезде Шығыс Түркістан Еуропа ғылымы үшін белгісіз болып келді (Марғұлан, 2011: 47)

Сол кезеңде ғылымда Орталық Азия және оның халықтары туралы ежелгі араб, парсы, сирия деректерінен алынған антикалық дәуірден ерте ортағасырға дейінгі тарихы ғана белгілі еді (Хасанов, 1963: 42). Ал, географиялық карталарда Орталық Азияның үлкен кеңістігі ақтаңдақ беттерге толы болды.

Ш. Уәлиханов Қашғарда жарты жылдай (1858 жылдың 1 қазанынан 1859 жылдың наурыз айының ортасына дейін) болды. Осы уақыттың ішінде ол Қашғар қаласын жақсы біліп, алтышар елін зерттеуге мүмкіндік алды. Ол кезде Алтышар деп, солтүстігінде Тянь-Шань тауларымен, оңтүстігінде Куэн-Луньмен қоршалған қалалар: Қашғар, Ақсу, Үш Тұрпан, Янысар, Яркенд және Хотан қалаларын атаған. Ғалым алғашқы күннен-ақ мұнда қоқандықтар ерекше артықшылықтарға ие екенін аңғарған. Уәлиханов Қашғарда тұрған кезде алғашында «ақсақал» Насреддин, сосын Нұрмағамбет дат болды. Екеуінің де ғалымға жасаған қамқорлығы мен көрсеткен көмегінің нәтижесінде аталған ғылыми экспедиция зор жетістіктермен елге оралды.

Аталған екі тұлғаның ықпал етуімен Ш. Уәлиханов түрлі елдердің көпестерімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен, ақындарымен танысып, олардан Алтышардың өткен тарихы мен сол кездегі жағдайы туралы мәліметтер жинады. Уәлиханов сондай-ақ, тарихи мәліметтерді жазба деректерден, жергілікті ресми құжаттар мен кітаптардан алып, шенеуніктер мен көпестердің қосымша әңгімелерімен толықтырып отырды. Ғалым Шығыс Түркістанды жан-жақты зерттеп, оның саяси және экономикалық құрылымымен танысып, осы елді ежелден мекендеп келе жатқан халықтардың тарихы мен этнографиясы бойынша бай материалдар қорын жинақтады (Юсупов, 2009: 35). Ш. Уәлиханов 11 наурызда қайтар жолға шықты. Оның Қашғар экспедициясының нәтижелері өте маңызды болды. Ол ғалымдардың орасан зор қызғушылығын туғызды.

Атақты кеңес археологы А.Н. Бернштам: «Шоқан Уәлиханов жасаған тарихи және этнографиялық сипаттағы пайымдаулар өзінің тереңдігімен және жасаған қорытындыларының маңыздылығы жағынан неғұрлым атақты және кейіннен орыс тіліне аударылған Шоудың Шыңжаң туралы (1868-1969) және Форсайттың миссиясы жазған (1870-1873) Белльдің жұмыстарына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр» (Бернштам, 1947: 52). деп баға беруі, Ш. Уәлихановтың Қашғарға жасаған саяхатының қаншалықты маңызды болғанын көрсетіп берді

Уәлиханов Қашғардан «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» және басқа да сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын алып келді. Шоқанның есімін әлемге паш етіп, оның ғылыми жаңалығын бүкіл әлем мойындаған еңбегі «Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхария) алты шығыстық қалаларының 1858-1859 жылдардағы жағдайы туралы» болды. Бұл еңбек Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне, географиясы мен әлеуметтік құрылысына арналып, ғалым өмір сүрген кезеңнің ғылыми жетістіктеріне орайластыра, жазылған алғашқы ғылыми еңбек болды.

Ол Орталық Азияның жағдайын зерделей келе, оның мәдениет пен өркениеттен тыс қалып, қараңғылықта өмір сүріп жатқанына қатты қынжылады. Қараусыз қаңырап жатқан даланы, бір кездері көп қақпалы қалалардың орнында әр жерде орналасқан саз-тамдарды, ислам ықпалынан және жергілікті билеушілердің діни және монархиялық қатыгездігінен, екінші жағынан қытайлықтардың әскери билігінен әбден азып-тозған, жабайы, қараңғы тайпаларға көңілі күңіренеді (Уәлиханов, 2010: 341-342). Молдалар бұрыннан келе жатқан ескерткіштердің барлығын жойып, тек қана медреселер, мешіттер, мұсылман әулиелерінің молалары ғана бізге жетті дейді.

Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов Орта Азияның билеушілері ата-бабалары сияқты өлең, естелік жазбайтынын, білім-ғылымнан алшақтап қалғанын, есесіне дінге қатты ден бұрып мешіттен шықпай молдамен сыпайы әңгіме құрып, мешіттен шыққаннан кейін қатыгездікке бой алдыратынын қатты сынға алды. Орталық Азияның бір бөлігі болып саналатын Кіші Бұхарияның жағдайына келгенде онда да жағдайдың мәз еместігін еске салады. Ғалым тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азия халықтарының тарихы мен тұрмысын өте жақсы білді, ол өзінің бірқатар еңбектерінде олардың ғасырлар бойы хандар мен бектердің, байлар мен молдалардың табанында тапталып келе жатқанын ашық айтты.

Кеңес түркологтары Ә. Қайдаров пен Қ. Хасенов «Шығыс Түркістанды тыңғылықты да жан-жақты (тарихи-филологиялық, жаратылыстану-географиялық, әлеуметтік-экономикалық және тұрғыдан) тұңғыш зерттеген Шоқан Уәлиханов болды» (Сүлейменов, 1985: 83) деп жазды. «Алтышардың жағдайы туралы...», Қашғарияға сапарды ұйымдастыру туралы жазбаларында өзінің жол-жөнекей жазған күнделіктерінде ол елдің тамаша географиялық очеркін берді, бұл өлкеде соңғы жүз жылда болған тарихи оқиғаларды қайта құрып, бейнеледі, Цин империясының отары ретіндегі Қашғарияның сол кездегі саяси және экономикалық жағдайына терең талдау жасады. Қытай емес халықтардың маньчжур-қытай үстемдігіне қарсы үнемі жүргізіліп келе жатқан перманенттік көтерілісін, мұнан басқа да, бірсыпыра мәселелерді баяндап берді.

Уәлиханов Шығыс Түркістан атауы жөнінде Шығыста бұл елді Алты шәһәр – алты қала, Ұйғырстан немесе Қашғар деп атайды, еуропалықтар - Кіші Бұхара, Шығыс Татарстан, Шығыс немесе Қытайлық Түркістан деп таниды. Қытайлар болса Батыс – Си-юй, Тянь-Шань деп атап, оны Солтүстік және Оңтүстік жол деп бөледі. Шығыс елдері және қазақтар қашғарлықтар деп атайды, қытайлар оларды чанту (оралған бас) деп таниды. Осы жоғарыда айтылғандарды қорытындылай отырып, ғалым бұл өлкені Шығыс Түркістан деп атағанды жөн санайды.

Оның Қашғарияда жазған еңбектеріне негіз болған деректерді ғалымның жеке байқағандары, сенімді адамдардан - саудагерлер мен шенеуніктерден естіген мәліметтер, ресми құжаттар және жазба деректер құраған. Бұл жерден аңғаратынымыз ғалымның Шығыс Түркістан туралы еңбегі мейлінше сол кезде нақты деректер негізінде жазылған еңбек екенін аңғартады. 

Ғалым Шығыс Түркістанның тарихы ғылымда қытай жылнамалары мен мұсылмандық деректер арқылы ғана белгілі екенін жақсы білді. Ол деректерге әрдайым сыны көзбен қарап отырды. Оның ойынша бұл өлке туралы мұсылмандық деректерде мәліметтер аз кездеседі, ал қытай деректері бұрмаланған. Аталған өлкенінің орта ғасырлардағы тарихын танып-білуде Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде маңызды мағлұматтар көптеп кездеседі деп мәлімдеді. Оның Орталық Азияға арналған еңбектері мен зерттеулерінде бұл өлкенің түпкілікті халықтарының этногенез мәселесі маңызды орын алады.

Ғалымдар арасында ұйғырлардың тарихы туралы мәселені тұңғыш рет Ю. Клапрот пен Н.Я. Бичурин (Иакинф) көтерді. Ю. Клапрот 1812 жылы Семей қаласында Тұрпандық ұйғырмен танысуы арқылы және қытай деректерін зерделей келе ұйғырлар түркі халықтарының бірі болып табылады деген пікірге келеді, алайда ол қытай жылнамаларынан хойху тайпалары туралы кездестірсе де олардың ұйғыр екенін аңғармайды. Кейіннен Н.Я. Бичурин «Записки о Монголии» (1828) атты еңбегінде хойхуды ұйғырлар деп негіздеп, бірақ олардың шығу тегін моңғолардан таратады. Ұйғырлар мәселесі жөніндегі ғылымдағы бұл қателіктерді шығыстанушы – А. Казем-бек жойды. Ол өзінің «Исследованиях об уйгурах (1841)» атты еңбегінде хойху бұл ең ежелгі түркі халықтарының бірі болып табылады тұжырымдады (Исхаков, 1983: 34).

А. Казем-бек Шығыс Түркістанның тұрғылықты халқы болып табылатын ұйғырлардың тарихындағы күрделі мәселелердің бірі этногенез мәселесін зерттеді. Ұйғырлардың этникалық тарихын зерттеудің негізін салған Ресей ғалымдары болып табылады және олардың алғашқы қатарында Ш. Уәлиханов тұр. Ол шығыстанушы ретінде ұйғыр халқының қалыптасу тарихын көптеген деректер негізінде зерделейді.

Ғалымның тұжырымы бойынша ұйғыр халқының ежелгі және орта ғасырларда-ақ материалдық және рухани мәдениет саласында өзіндік орны болып, бірнеше ғасырлар бойы мемлекет ретінде өмір сүрген. Цин басқыншыларының ұйғырлардың ұлттық дәстүрлерін, әдет-ғұрпын аяққа басуы, елемеуі оларды ашындырып, ұйғырлар қолдарына қару алып, қарсы шығуға мәжбүр болды. VІІІ ғасырға дейін ұйғыр хандары «далада көшіп жүріп, өзінің қол астындағы елдерді Алтын Орда хандары Ресейді қалай басқарса, елді солай басқарған (Сүлейменов, 1985: 104).

Ш. Уәлиханов Қытай тарихы арқылы «хой-ху», «хой-хор», «қой-хой» деген атпен белгілі болған халықтың Шығыс Түркістанға келіп қоныстанғанын анықтайды. Шоқанның баяндауынша бұл халық Шығыс деректерінде «ұйғыр» деген атаумен белгілі. Олар түркі тілінің ұйғыр диалектісінде сөйлейді. Ұйғыр тілінде моңғол сөздері көп кездеседі және үндестігі жағынан тибет тіліне ұқсас сөздер де бар. Сөздерінің грамматикалық өзгерістері және сөйлегенде байқалатын өзгешеліктері де кездеседі. Қара қырғыздардың тілі соның бір тармағы деп шамалайды.

Ш. Уәлихановтың еңбектері арқылы ұйғырлардың Шыңғысханның билігі кезінде-ақ, мұсылман дінін ұстанғанын, сол кездің өзінде олардың жазу-сызуы болып, халық арасында білімді хат танитындары көп болғандықтан хатшылық қызметтер атқарғанына көз жеткізуге болады. Шоқан ұйғырлардың жазуы ерте кезден келе жатқанын айта отырып: «Ұйғыр деген атымен белгілі болған ертедегі моңғол жазуының үлгілерін өз басым қанша ыждаһаттап іздесем де таба алмадым. Қытайлар мұсылман ұйғырлармен көрші отырып, олардың атын мұсылман деген ұғымға айналдырып жіберген...» дейді. Ғалым сонымен қатар қытайлардың Орталық Азия халықтарының барлығын әндіжандықтар, османдарды – хункар, орыстарды – улус, моңғоларды – тойцзы, қазақтарды – хасақ, қырғыздарды – бурут деп атайтынына назар аударған (Уәлиханов, 2010: 239). Бұл жағдай қытай деректерін пайдаланудың күрделі екенін және барынша сақтықпен пайдалану қажет екенін білдіреді. Ғалым алғаш рет ұйғырлар туралы Рашид ад-Диннің «Жами –ат тауарих», М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және шығыстанушы И.Н. Березиннің «Хан жарлықтарынан» кездестірген болатын. Тоқтамыстың поляк королі Ягайлоға жарлығына зер сала отырып, оған «көне түркі тілінде ұйғыр жазуымен жазылған» деген қорытынды жасайды.

Ол Шығыс Түркістан халықтарының антропологиялық белгілеріне назар аудара отырып, Шығыс Түркістандықтардың бет-әлпеті үнді-парсыларға ұқсайды және ортазиялық тәжіктерден аумайды, тәжіктер өздерін осы күнгі отырған жерлерінің ежелгі, тіпті, түркілер келместен бұрынғы байырғы тұрғындары деп есептейді. Егерде бұл жерге ХІ ғасырда келіп қоныс тепкен ұйғырлардың заты моңғол болса, онда Мәуереннаһрдағы Жошы ордасының моңғолдары мен өзбектердің моңғол тәрізді бейнелері сол қалпында өзгермей қалғанда, бұлардың түр-сипаты бұлайша қалай өзгеріп кеткен. Тағы бір ғажабы бүкіл Шығыс Түркістан халқы түркі тілінде сөйлейді және бұлардың арасында бөлек халық болып отырған тәжіктер жоқ деп таңдана жазды (Уәлиханов, 2010: 250-251).

Ғалым осы ойын дамыта отырып, ұйғырлардың қалыптасу үдерісінің этногенетикалық бастауына көне ирандық тайпалар әсер еткен деген ойға келді. Ол ұйғырлардың этногенезін зерттеу нәтижесінде қазіргі ұйғырлардың пайда болуын үш топқа бөліп қарастырды. Олар: көне ұйғырлардың ұрпақтары; Ақсу, Яркенд және Қарашар огругтерін мекендеуші доландар; Мұзарт етегін мекендеуші жартылай көшпенді нюгейт тайпалары.

Шоқанның бұл тұжырымын ұйғыр халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуші ғалым Г.М. Исхаков: «Бұл мәліметтер маңызды болып саналады, себебі, қазіргі таңда Шығыс Түркістандық ұйғырлардың ішінде екі этнографиялық топ белгілі. Олар – лоброндықтар мен долондар. Ш. Уәлихановтың кестесінде ұйғырлардың халық болып қалыптасуының күрделі де ұзақ үдеріс екені көрсетіледі. Бұл үдеріс тек ұйғыр халқының ғана емес, сонымен қатар ғасырлар бойы ұйғырлармен бірге ассимиляцияға ұшыраған этникалық қосындылардың дамуы болып табылады» дейді. Ұйғыр халқының бұрынғы этнонимдері – чиди – динлин – гаогюй – тейле - хуэйхэ деп аталып, кейін олар ұйғыр болып аталған. Ал, нюгейт ұйғырларына келер болсақ, олар моңғолдардың нойгут тайпасынан пайда болуы мүмкін деп тұжырымдайды (Исхаков, 1988: 171-172).

Г.М. Исхаков ойын әрі қарай тереңдете отырып, біздің ойымызша Ш. Уәлихановтың нюгейттерді ұйғырдың этногенезіне жатқызуы бекер емес. Ғалымдардың зерттеулері нәтижесінің көрсетуі бойынша, қырғыздар мен ұйғырлардың этникалық қатынасы нәтижесінде Оңтүстік Қырғызстанда тіркелген «ұйғыр» этнонимі қалыптасқан, сонымен қатар «ұйғыр» деген тейит тайпасының дербес құрамдас бөлігі бар, оларды қалыптасуы бойынша нойгуттармен байланыстырады.

Ш. Уәлиханов Қашғарда болған кездегі жазған еңбектерінде ұйғыр халқының тілінен бастап, рухани-материалдық мәдениетіне дейін кешенді түрде қарастырған. Оның ұйғыр халқының ұлттық ерекшелігі мен тұрмысы, әдет-ғұрпы мен салт-санасы туралы зерттеулері мен тұжырымдары ұйғырлардың тарихы мен мәдениетін зерттеуде маңызды дерек көз болып табылады.

Ғалым ұйғырлардың этникалық-саяси тарихын зерттеу кезінде Әбілғазы баһадүрдің «Шежіре-и түрк» еңбегіне біршама жүгінгенін аңғаруға болады. Шоқан Әбілғазының еңбегіне сілтеме жасай отырып, ұйғырлар түркі тілдес халық, әрі оғыздардың қаңлы, қыпшақ және ұйғыр секілді ірі тайпаларының қатарына жатқызды. Әбілғазы ұйғырлардың мекендеген жерін: «...моғол жерінде екі тау бар, олар шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Олардың біреуі – Туқрату-бузлуқ, екіншісі – Асқунлуқ Туқрам. Осы екі таудың арасында, моңғолдар елінің батысында, тағы бір тау бар, оны Құттау деп атайды. Аталған таулардың арасындағы бір аумақта ағын сулы он сай, тағы бір аумағында сондай тоғыз сай бар. Олардың барлығы да үлкен сулар. Ұйғыр халқы ежелден осы сулардың арасында отырады. Он өзеннің ортасындағыларды он ұйғыр, тоғыз өзен аралығындағыларды тоғыз ұйғыр атаған. Олардың қалалары мен қыстақтары да, егістіктері де көп болған» (Уәлиханов, 2010: 326-327) деп тарқатады. Әбілғазы ұйғырлардың билеушілері туралы, олар бастапқыда он ұйғырларда – «ил», «илтар», ал тоғыз ұйғырларда – «кул-уркен», «гол-эрген» (өзеннің бастауы), кейінірек ол «идиқұт» деген атқа ие болды деп жазды. Ол «құтты әмірші» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұйғырлардың (VІІІ-ХІІ ғғ.) ғасырлардағы титулы. 300 жылдан кейін оларды жаулары талқандап, олар бытырап кетеді, біразы бұрынғы жұртында қалса, бір бөлігі Ертіс өзенінің жағасына келеді. Мұнда олар тағы да үшке бөлінеді: Бір бөлігі Бешбалық қаласына кетеді, сонда диханшылықпен айналысып бақуатты тұрады. Екінші бөлігі қой, жылқы бағып көшіп-қонып жүріп, Бешбалық маңына шоғырланады. Келесі бір бөлігі кәмшат, бұлғын, сусар мен тиін аулап, етін азық қылып, терісінен киім киеді (Уәлиханов, 2010: 327).

Қытай деректерінде Оңтүстік Моңғолиядан солтүстік шөлейт далаға көшіп, Солию өзенінің бойына қоныс аударған, онда дулгас аймақтарының бірін құраған ойхор немесе хой-хор халқы туралы кездеседі. 744 жылы дулгастардың езгісін бірінші болып жойған әміршісі Гули Пэло Удегянь (қытай деректері бойынша Хангай тауының аты) мен Гунь (Орхон) өзенінің арасында өз ордасын тіккен. Оның кезінде ұйғырлар тоғыз буынға бөлінген. Басқа алты буын ұйғырлармен тең саналып, олар кейіннен бағындырылған басими және гэлолу секілді бөтен рулармен бірге он бір бу (боло, рулық бөліктер негізінде бөлінген он бір аймақ) құрады. Иакинф оларды мұсылман тарихшыларының жазып кеткен ұйғырлары деп біледі. Тан әулеті кезінде ұйғыр әулеті Қытайға көп шабуыл жасап отырған, кейде бітімге келіп те отырды.

ХІІІ ғасырда Шығыс Түркістанда ұйғырлар қарақытай ханына тәуелді болған. Әбілғазы қытайларды «қытай» деп атаған және олардың елі қорғанмен қоршалған деп атап кеткен. Әбілғазы қытайлар мен қарақытайларды бөліп көрсетеді. Ол қытай деп нючжилерді айтады, олардың пашасын «алтын хан», ал қарақытайлардың патшасын «гурхан» деп атайды (Уәлиханов, 2010: 329).

Әбілғазы сонымен қатар, Шыңғыс хан Тұран, Парсы мен Қытайды жаулап алғаннан кейін бүкіл Мәуереннахр, Хорасан, ұйғыр жері, Қашғар, Сырдарияға дейін Шағатайдың үлесіне тиіп, оның астанасы Бишбалық қаласы (Бесбалық) болғаны туралы айтып өтеді. Шағатай әулетінің ханзадаларының бірі Есенбұға хан өз алдына Қашғарда, Ұйғырстанда және моңғол жерінде (Жоңғарияда) орныққан. Есенбұғаның ұлы Тұғлық Темір күшті әмірші болған. Тұғылық-Темірдің кезінен бастап, Батыс Түркістан Шығыс Түркістаннан мүлдем бөлініп, Мәуеренахрдың бұдан кейінгі тарихында ұйғыр және үйсін бектері туралы айтылмайды [138, 330-331 б.]. Әбілғазы Тұғылық-Темір ханға кітаптың бірнеше бетін арнаған. Тұғылық-Темір хан сайланған соң көп ұзамай Қашғарды, Яркендті, Алтай мен Ұйғырстанды басып алады.

Ш. Уәлиханов Орталық Азия мен Қытайдың тағы бір халқы – дүнгендер туралы да қызықты пікірлер жазып қалдырған. Қазіргі кезге дейін ғылымда дүнгендердің этногенезі туралы мәселе жеткілікті зерттелмеген, ал ғалымның бұл жөніндегі көзқарасы бүгінгі күнге дейін ғылыми әдебиеттерде қолданыс табуда. 

Шоқан Шығыс Түркістан халқының ислам дінін қабылдауына қатысты мәселенің шешімін табу үшін әртүрлі әдебиеттерді, деректерді зерделей отырып, ұйғыр халқының ислам дінін қабылдауда өздерінің тарихында аса ауыр, қайғылы әрекеттерге толы болған екі ірі діни-саяси топтың – яғни, ақтаулықтар мен қаратаулықтар күресінің тарихын анықтап берді. Ғалым: «Шығыс Түркістанның саяси тағдырында исламның ықпалы аз емес, сондықтан оның кіруі мен дамуын жақынырақ қарастыра отырып, бұл елде қазіргі өмір сүріп отырған саяси партиялардың рухы мен маңызын түсінуге және біздің уақытымызда соншалықты көтерілістер ұйымдастырып жатқан қожалардың, тіпті оларды әбден аластап қуып жібергеннің өзінде де, бұлар өзінің саяси маңызын жоймай рухани ықпал жасай алатынының себебін ашуға болады» деп жазды.

Шоқан исламның Қашғарияға таралуы кескілескен күрес пен соғыстың барысында жүргізілген деректер арқылы анықтаған. «Діни қырғындар болып өткен Хотанның, сол сияқты Жаркент пен Жанысардың жанындағы кең көлемді Шайдан, яғни шейт болғандар деп аталған жерлерге исламды енгізу барысында қан төгу қажет болғанын көрсетеді. Осыған қарамай оның таралу шегі көп уақытқа дейін батыстағы қалалармен шектеліп келді». Исламды алғашқы таратушылардың бірі Шыңғысханның ұрпағы Тоғылық-Темір-хан болды. Ол бұл дінді сеид Рашид-ад-Диннен қабылдады. «Сөйтіп оның үлгісін моңғол мен ұйғырдың көптеген әмірлері қабылдады», бірақ пұтқа табынушылық ХVІ ғасырға дейін жойылмай келді (Сүлейменов, 1985: 85-86) деп жазды. Бұл қорытынды кейіннен ғылыми тұрғыда дәлелденді. Ғалымның Қашғардағы дінді ұстанушылар арасындағы талас-тартыстың пайда болуы, оның себептері сынды деректері құнды болып табылады.

Шоқан Мұхамбет ұрпақтарының бірі Махтуми Азим қожа ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Қашғарға келіп, оны халық зор құрметпен қарсы алып, хандар оған үй-жай берген. Оның балалары Имам-каляны мен Исақ Уәли Шығыс Түркістан мұсылмандарының дін басыларына айналады. Сөйтіп олардың әрқайсысының маңайына ізбасарлары жиналып, топтасады. Осылайша уақыт өткен сайын екі партия, яғни екі тармаққа бөлінеді. Имам-Калянның ізбасарлары ишкия, ал Исхақ-Уәли қожаның ізбасарлары иакия деп аталады. Кейіннен олардың біріншісі ақтаулықтар, екіншісі қаратаулықтар деген атқа ие болады. Сөйтіп басқапқыда дінді ұстанған екі тармақ, уақыт өте келе саясиланып, халық екіге бөлініп, бір-бірімен күресе бастайды. Бұл жағдайды бірінші Жоңғар феодалдары, онан кейін Қытай пайдаланып, екі жақта өз пайдасына қарай пайдаланып отырады (Уәлиханов, 2010: 128) деп жазды.

ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында Шығыс Түркістанды қарсылық көрсеткеніне қарамастан маньчжур-қытай әскерлері басып алады. Шығыс Түркістанды циндер басып алғаннан кейін мұнда екі партия: «қаратаулық және ақтаулық партия құрылды, ақтаулықтар қожаларға беріледі, олар ұлттық еріктілікті қорғады; қаратаулықтар қытайлардың пайдасына қызмет етті. Ақтаулықтардың негізгі көпшілігі Қашғардың, Жаркенттің, Үш-Тұрфанның, Ақсудың тұрғындары, ал қаратаулықтар негізінен тұрфандықтар, кумулдіктер және басқалар болатын. Ақтаулықтар өздерінің қарсыластарына қарағанда сан жағынан көп және олардың орналасқан жерлері Кіші Бұхараның орталығы болып табылады, алайда оның есесіне қаратаулықтардың ішінде атақты адамдар көп болып, барлық хакім-бектерді, жергілікті билеушілерді қытайлықтар көбіне тұрфандық бектердің ішінен соларды қоятын болған (Сүлейменов, 1985: 89).

Шоқанның зерттеулерінде «Кіші Бұқарияны қытайлар басып алғанға дейін, ол жоңғарлардың қолында болады. Олар елдің ішкі билігіне араласпай айына төрт жүз мың теңге салық жинаумен ғана шектелген. Елдегі ішкі билік ерте заманнан бастап лауазымдық сатыға негізделіп келген. Осының салдарынан тариқаттар арасындағы шиеленіс ушыға түседі» деген дерек келтірілген (Уәлиханов, 2010: 161).

Ғалымның пайымынша Кіші Бұқария халқының ортақ атауы болмаған. Олар өздерін тұратын қалалары бойынша қашғарлық, хотандық, комулдық және т.б. немесе жай ғана жергілікті деп атаған. Ол өзінің «Қытай империясының батыс өлкесі туралы» еңбегінде Шыңжаңдағы әскери-әкімшілік құрылыс пен басқару жүйесін, халықтардың орналасуын жүйелі түрде баяндайды. Өлкенің округтері мен ірі қалаларын, олардың сауда және экономикалық маңызын, тұрғындардың тіршілік әрекетін саралайды. Бұл мәліметтердің қазір де тарих ғылымы үшін маңызы зор.

Қорытынды. Ш. Уәлиханов артына зор ғылыми мұра қалдырды. Ол Қазақстан, Орталық Азия халықтарының тарихы, этнографиясы, географиясы, рухани және материалдық мәдениетінің күрделі мәселелерін ғылыми тұрғыда шешуге тырысып, ол туралы құнды қорытындылар мен тұжырымдар жасады. 

Ғалымның Шығыс Түркістанның саяси-этникалық тарихын зерттеуге қосқан үлесін былайша тұжырымдауға болады. Ол ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Шығыс Түркістанның негізгі халқының бірі болып табылатын ұйғырлардың этникалық құрылымын, этногенезін, тарихы мен этнографиясын, сондай-ақ, ұйғыр тілін алғашқылардың бірі болып зерттеді. Ол Қашғарда жартыжылдай уақыт тұрып, халқының тарихы, шаруашылығы мен мәдениеті туралы ұшан-теңіз материалдар жинап, сол кезге дейін ғылымда белгісіз болып келген ортағасырлық шығыс қолжазбаларын тауып, оны ғылыми айналымға енгізді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінінің үстемдік ету жағдайларын анықтады. Ол әлемдік ғылымға сол уақытқа дейін жұмбақ болып келген Шығыс Түркістанды саяси, мәдени, географиялық, экономикалық тұрғыдан тұңғыш рет ашып берді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Литвинский Б.А. Чокан Валиханов – исследователь Центральной Азии // Ч. Валиханов и современность: сб. матер. всесоюз. науч. конф., посв. 150-летию со дня рождения Ч.Ч. Валиханова. – Алма-Ата: Наука, 1988. – С. 38-45.

Сүлейменов Р.Б., Моисеев В.А. Шоқан Уәлиханов – шығыстанушы. Туғанына 150 жыл толуына орай. – Алматы: Ғылым, 1985. – 112 б.

Ғылым Ордасы сирек қолжазбалар қоры (ҒО СҚҚ). 23-қ., 1-т., 21-іс, 1193-п.

ҒОСҚҚ. 23-қ., 1-т., 28-іс, 1191. 1-3-п.

ҒОСҚҚ. 23-қ., 1-т., 24-іс, 1200. 1-14-п.

ҒОСҚҚ. 23-қ., 1-т., 25-іс, 1201. 1-19-п.

Ч.Ч. Валиханов: сочинение / под. ред. Н.И. Веселовского. – СПб.: Типография Главного Управления Уделов, 1904. – 531 с.

Бейсембиев К.Б. Развитие общественно-политической и философской мысли Казахстана после присоединения к России: автореф. ... докт. филос. наук. – Алма-Ата, 1957. – 34 с.

Сегизбаев О.А. Мировозрение Ч. Валиханова: автореф. ... канд. филол. наук. – Л., 1958. – 16 с.

Искаков А. Идеи свободомыслия и атеизма в трудах первого казахского ученого и просветителя Чокана Валиханова: автореф. ... канд. филос. наук. – М., 1961. – 17 с.

Исхаков Г.М. Этнографическое изучение уйгуров Восточного Туркестана русскими путешественниками ХІХ века. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1976. – 131 с.

Атишев А. Политические взгляды Ч.Ч. Валиханова: автореф. ... дис. ... канд. юрид. наук. – Алма-Ата, 1962. – 21 с.

Дулатова Д.И. Исторические взгляды Чокана Чингисовича Валиханова: автореф. ... канд. истор. наук. – 1963. – 48 с.

Султаньяев О.А. Русская и казахская лексика фразеология произведений Чокана Валиханова: автореф. ... докт. филол. наук. – Алматы, 1994. – 52 с.

Усенова Г.Р. Государственно-правовые взгляды Ч.Ч. Валиханова: автореф. ... канд. юрид. наук. – Алматы, 1996. – 24 с.

Турдалиева Ч.Д. История и культура кыргызов по трудам Ч.Ч. Валиханова: автореф. .... канд. истор. наук: – Бишкек, 2000. – 24 с.

Өтениязов С.Д. Ш.Ш. Уәлихановтың ғалым ретінде қалыптасуына алдыңғы қатарлы Россия интеллигенциясының әсері: 07.00.02. тарих ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1993. – 156 б.

Валиханова Г.Ш. Проблемы теории и истории казахской культуры в творчестве Ч.Ч. Валиханова: автореф. ... канд. филос. наук. – Алматы, 2004. – 21 с.

Ишембетов И.Р. Взгляды Валиханова Ч.Ч. на право и государство: автореф. .... канд. юрид. наук. – Казань, 2006. – 26 с.

Тлеуқабылова Р.Т. Ш.Ш. Уәлихановтың әскери-теориялық көзқарастары (1847-1865 жж.): 07.00.02. тарих. ғыл. канд. ... автореф. - Щучье, 2005. – 29 б.

Бейсенбайұлы Ж. Ш. Уәлиханов – әдеби мұра зерттеушісі: 10.01.02. филол. ғыл. канд. ... автореф. – Астана, 2010. – 26 б.

Марғұлан Ә.Х. Шығармалары / ред. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан. – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т. 10. – 592 б.

Хасанов К. Чокан Валиханов как уйгуровед. – Алма-Ата, 1963. – 68 с.

Юсупов Э.С. Подвиг Чокана Валиханова. Открытие Кашгарии. Санкт-Петербург. – СПб.: Издательско-полигрофическая компания «Коста», 2009. – 64 с., ил.

Бернштам А.Н. Проблемы истории Восточного Туркестана // Вестник древней истории. – 1947. – №2. - С. 52-71.

Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. 6 т. – 2 бас. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – Т. 3. – 424 б.

Г.М. Исхаков, С.Г. Кляшторный, А.М. Решетов, Т.Р. Рахимов. Достижение советских ученых в историко-этнографическом изучении уйгуров // Актуальные проблемы Советского уйгуроведения: матер. 1-й республ. уйгуровед. конф. – Алма-Ата: Наука, 1983. – С. 34-42.

Ш.Ш. Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 6 т. – 2 бас. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – Т. 2. – 464 б. 

Исхаков Г.М. Вопросы этнической истории уйгуров в исследованиях Чокана Валиханова // Ч. Валиханов и современность: сб. матер. всесоюз. науч. конф., посв. 150-летию со дня рождения Ч.Ч. Валиханова. – Алма-Ата: Наука, 1988. – С. 171-172.

References:

Litvinsky B. A. Chokan Valikhanov – Explorer of Central Asia // Valikhanov and modernity: collected mater. all-Union. scientific Conf., dedicated to the 150th anniversary of the birth of CH.CH. Valikhanov. – Alma-Ata: Nauka, 1988. – Pp. 38-45.

Suleimenov R. B., Moiseev V. A. Shokan Ualikhanov – Orientalist. On the occasion of the 150th anniversary of his birth. – Almaty: Nauka publ., 1985. – 112 P.

Foundation of rare manuscripts of the Gylym Ordasy. S. 23. T. 1. Case. 21. P. 1193.

Foundation of rare manuscripts of the Gylym Ordasy. S. 23, Vol. 1. Case. 28. P. 1191. L 1-3.

Foundation of rare manuscripts of the Gylym Ordasy S. 23. T. 1. Case. 24. P. 1200. L. 1-14.

Foundation of rare manuscripts of the Gylym Ordasy S. 23.Case. 25. P. 1201. L. 1-19.

CH. CH. Valikhanov/ N. I. Veselovsky/. – 904. – 531 p.

Beisembiev K. B. Development of socio-political and philosophical thought of Kazakhstan after joining Russia: author's abstract ... Doct. Philos. nauk. – Alma-ATA, 1957. – 34 p.

Segizbaev O. A. Worldview CH. Valikhanov: autoref. ... kand. filol. nauk. – L., 1958. – 16 p.

Iskakov A. Ideas of freedom of thought and atheism in the works of the first Kazakh scientist and educator Chokan Valikhanov: author's abstract ... candidate of Philos. Sciences. – M., 1961. – 17 p.

Iskhakov G.M. Ethnographic study of the Uyghurs of Eastern Turkistan by Russian travelers of the ХІХ century. – Alma-ATA: Science of the Kazakh SSR, 1976. – 131 p.

Atishev A. Political views of Ch. Ch. Valikhanov: autoref. ... dis. ... kand. the faculty of law. Sciences. – Alma-ATA, 1962. – 21 S.

Dulatova D. I. Historical views of Chokan Chingisovich Valikhanov: autoref. ... kand. istor. nauk. – 1963. – 48 p.

Sultanyaev O.A. Russian and Kazakh vocabulary phraseology of Chokan Valikhanov's works: author's abstract ... Doct. Philol. Almaty, 1994, 52 p.

Usenova G.R. State-legal views of CH.CH. Valikhanov: author's abstract ... Cand. law – Almaty, 1996. – 24 p.

Turdalieva CH.D. History and culture of the Kyrgyz people by CH. CH. Valikhanov: author's abstract. .... Cand. history of Sciences: Bishkek, 2000, 24 p.

Uteniyazov S.D. Influence of the advanced Russian intelligentsia on the formation of Sh.Sh. Valikhanov as a scientist: 07.00.02. historical sciences. кand. ... dis. – Almaty, 1993. – 156 P.

Valikhanov G.Problems of theory and history of Kazakh culture in the works of CH. CH. Valikhanov: author's abstract ... candidate of Philos. Sciences. – Almaty, 2004. – 21 p.

Ishembetov I.R. looked at Valikhanova ch. ch. on the right and state: abstract. .... Kand. "no", he said. nook. – Kazan publ., 2006. – 26 p.

Tleukabylova R.T. Military-theoretical views of Sh.Valikhanov (1847-1865): 07.00.02. history. science. kand. ... abstract. – Shchuchye publ., 2005. – 29 p.

Beisenbayuly Zh. SH. Valikhanov-researcher of literary heritage: 10.01.02. philol. science. Kand. ... abstract. – Astana, 2010. – 26 p.

Margulan A.H. / Ed. . D.A. Margulan, D.A. Margulan. – Almaty: «Bolashak», 2011. – Vol. 10. – p. 592.

Khasanov K. Chokan Valikhanov as a Uighur scholar. – Alma-Ata, 1963. - 68 p.

Yusupov E. S. Feat Of Chokan Valikhanov. The Opening Of Kashgar. Saint Petersburg, Saint Petersburg: publishing and polytrophic company «Costa», 2009. – 64 p., ill.

Bernshtam A. N. Problems of the history of East Turkestan // Bulletin of ancient history. – 1947. – No. 2. – Pp. 52-71.

Valikhanov Sh. Sh. Collection of multi - volume works: 6 vol. – 2 Vol. – Almaty: Tolagai group, 2010. – Vol. 3. – p. 424.

G. M. Iskhakov, S. G. Klyashtorny, A. M. Reshetov, T. R. Rakhimov. Achievement of Soviet scientists in the historical and ethnographic study of the Uyghurs // Actual problems of Soviet Uyghur studies: mater. 1st Republ. uyghuroved. Conf. – Alma-Ata: Nauka, 1983. – P. 34-42.

Valikhanov Sh. Sh. Collection of multi - volume works: 6 vol. – 2 Vol. – Almaty: Tolagai group, 2010, Vol. – p. 464.

Iskhakov, G.M. Ethnic history of Uyghurs in studies of Chokan Valikhanov // Valikhanov and modernity: collected mater. all-Union. scientific Conf., dedicated to the 150th anniversary of the birth of CH.CH. Valikhanov. – Alma-ATA: Nauka, 1988. – Pp. 171-172.

МРНТИ: 03.20.00

ПРОБЛЕМЫ ЭТНИКО-ПОЛИТИЧЕСКОЙ ИСТОРИИ ВОСТОЧНОГО ТУРКЕСТАНА В ИССЛЕДОВАНИЯХ

Ш. УАЛИХАНОВА

А.Т.Серубаева¹

¹ PhD, Таразский региональный университет имени М.Х. Дулати. Казахстан, Тараз.

Аннотация.В данной статье расмотрены проблемы этнико-политической истории Восточного Туркестана в исследованиях Ш. Уалиханова. Труды ученого посвященные истории и культуре народов Восточного Туркестана, были оценены с точки зрения ХІХ века, и отмечены его вклад в науку. Восточный Туркестан до середины ХІХ века не был известен мировой науке, не было четких взглядов и выводов по его основному народу, культуре и хозяйству. Шокан Уалиханов дополнил это свободное пространство глубокими научными исследованиями. Поэтому наиболее важными являются его труды, написанные им об этой стране. Например, в ходе изучения этногенеза уйгурского народа ученый изучал хозяйство и культуру народа, быт, обычаи, религиозные убеждения. Он впервые в науке определил этнический состав уйгуров Восточного Туркестана. Ш. Уалиханов, изучив древнюю и средневековую историю Восточного Туркестана, составил генеалогическую таблицу правивших ханов, попытался определить в ней срок господства буддизма и ислама. Ученый всегда с критическим взглядом относился к источникам, и делал сравнительный анализ, выводы. Особое внимание уделялось рукописям «История Сутук Буграхана», «История Туглука Темир хана», «История Ходжей», «Абумуслим Мауризи», широко использовавшим их при написании своих трудов, Шокан был одним из первым внесшим их в научный оборот. Первый казахский ученый-просветитель Шокан Уалиханов оставил глубокое духовное наследие потомкам, внес огромный вклад в изучение истории народов Центральной Азии.

Ключевые слова: Восточный Туркестан, Центральная Азия, Кашгария, Русское географическое общество, этнография, Востоковедение, средневековье, Синьцзян, «История Сутук Буграхана», «История Туглука Темир хана», «История Ходжей».

IRSTI: 03.20.00

ISSUES OF ETHNIC AND POLITICAL HISTORY OF EAST TURKESTAN IN THE RESEARCH BY SH. UALIKHANOV

A.T.Serubayeva¹

¹M.H. Dulati Taraz Regional University.Kazakhstan, Taraz.

Abstract. This article examines the issues of ethnic and political history of East Turkestan in the research of sh. Ualikhanov. The works of the scholar devoted to the history and culture of the peoples of East Turkestan were evaluated from the point of view of the XIX century, and his contribution to science was noted. East Turkestan was not known to world science until the middle of the XIX century, there were no clear views and conclusions about its main people, culture and economy. Shokan Ualikhanov supplemented this free Space with deep scientific research. Therefore, the most important are his works written about this country. For example, in the course of studying the ethnogenesis of the Uyghur people, the scientist studied the economy and culture of the people, life, customs, and religious beliefs. Sh. Ualikhanov studied the ancient and medieval history of East Turkestan, compiled a genealogical table of the ruling khans, and tried to determine the period of the rule of Buddhism and Islam. The scientist always had a critical view of the sources, and made a comparative analysis and conclusions. Special attention was paid to the manuscripts "history of Sutuk Bugrahan", "History of Tughluk Temir Khan", "history of Khojas", "Abumuslim Maurizi", which were widely used in writing their works. Shokan was one of the first to introduce them into scientific circulation. The first Kazakh scientist and educator Shokan Ualikhanov left a deep spiritual legacy to descendants, made a huge contribution to the study of the history of the peoples of Central Asia.

Keywords:East Turkestan, Central Asia, Kashgaria, Russian Geographical Society, ethnography, Oriental Studies, Middle Ages, Xinjiang, «History of Sutuk Bugrakhan», «History of Tugylyk Temir Khan», «History of Khoja».

Восточный Туркестан, Центральная Азия, Кашгария, Русское географическое общество, этнография, Востоковедение, средневековье, Синьцзян, «История Сутук Буграхана», «История Туглука Темир хана», «История Ходжей».

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2549

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ЮРТА И ОСОБЕННОСТИ МИРОВОСПРИЯТИЯ КАЗАХОВ УДК 392 (- 512122) (574.5) Социально-психологический портрет городской семьи в конце ХХ в. (по материалам этносоциологического исследования казахского населения МРНТИ 17.71.91, 03.61.91 РЕЛИКТЫ ДРЕВНИХ РИТУАЛОВ, СВЯЗАННЫХ С РОЖДЕНИЕМ РЕБЕНКА В ТРАДИЦИОННОЙ КУЛЬТУРЕ ҒТАМР 03.20.00 Ш. УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.41.91 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АСПАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ОСТЕОЛОГИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРЫ ҒТАМР: 03.09.55 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЕТІШАҺАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ КҮЙРЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 Ш. УӘЛИХАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ-САЯСИ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ