Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР: 03.09.55 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЕТІШАҺАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ КҮЙРЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

А.М. Сманова¹, Г.О. Чаргынова². ¹т.ғ.к., доцент. ²PhD доктор, аға оқытушы. ҚазҰҚПУ. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР: 03.09.55 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЕТІШАҺАР МЕМЛЕКЕТІНІҢ КҮЙРЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(26), 2021

Tags: Орталық Азия, Жақыпбек Бадаулет, Шығыс Түркістан, Жетішаһар мемлекетінің күйреуі, Қытай империясы
Author:
Мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістан аумағындағы Жетішаһар мемлекетінің күйреуіне қатысты кейбір мәселелер қарастырылған. Бастапқы кезде Шығыс Түркістан аумағында Жетішаһар мемлекетінің құрылуына жергілікті халық зор сеніммен қарады. Жетішаһар мемлекетін құруға қол жеткізген Жақыпбек Бадаулеттің ортаазиялық халық өкілі екені жергілікті халық арасында мақтаныш сезім қалыптастырғандай болды. Алайда Цин империясында орын алған әлеуметтік-саяси үдерістер салдарынан (тайпиндер, ұйғырлар, дүңгендер және т.б. көтерілістері) жағдай шиеленісіп кетті. Сонымен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шиленісуімен қатар, Цин империясының жергілікті шенеуніктерінің бетімен кетіп, заңсыз әрекеттерге баруы, бұхара халықтың арасында күйзелістің артуы Шыңжаңдағы көтерілістің негізгі себебі болды. Жетішаһар мемлекетінің күйреуі оның даму деңгейінің төмен дәрежеде болуына және Жақыпбек Бадаулеттің қазасынан кейін ел ішінде орын алған бейберекеттікке байланысты, бұл өз кезегінде Жетішаһар мемлекеті аумағында Цин империясы билігінің қайта орнауына алғышарт қалыптастырды.
Text:

Кіріспе. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресей, Қытай және Ұлыбритания секілді алып империялардың мүдделері тоғысқан Шығыс Түркістанда ұйғырлардың Жетішаһар мемлекетінің құрылуы сол тұста өңірдегі геосаяси ахуалға күрделі өзгеріс ала келді. Жетішаһар мемлекетін халықаралық кеңістікте мойындату үшін оның билеушісі ірі державалармен дипломатиялық байланыс орнатты және өзіне көршілес орналасқан халықтармен түрлі деңгейдегі қарым-қатынасқа түсті. Міне, осылайша Жетішаһар мемлекеті түркі халықтарының тарихында өзіндік орынға ие болып, тарихи құбылыстың бір белесі ретінде көрінді. Бұл мемлекет өз дәуінде Орталық Азия халықтарымен және Осман империясымен байланыс жасап, олардың тарихында да өзіндік із қалдырды деуге болады. Дегенмен ішкі және сыртқы саяси шиеленістер салдарынан Жетішаһар мемлекеті күйреуді басынан кешірді.

Материалдар мен әдістері. Шығыс Түркістан жерінде құрылған Жетішаһар мемлекетінің күйреуіне қатысты арнайы зерттеу жүргізілмесе де оның жекелеген аспектілері бірқатар еңбектерде көрініс тапқан (Ш.Ш. Уәлиханов, 1985). Шығыс Түркістанда жаңа заман дәуірінде орын алған оқиғаларға және оған Орта Азия халықтарының тартылуына әсер еткен факторлар мәселесі, Жетішаһар мемлекетінің орнауы қарсаңындағы Шығыс Түркістандағы әлеуметтік-саяси үдерістерге Орта Азия халықтары өкілдерінің ықпалы белсенді түрде жүргені нақтылы мәліметтерге негізінделген. ХІХ ғасырдың 70-жылдардағы Англияның Орталық Азияға қатысты саясатына арналған еңбекте (Н.А. Халфин, 1957) Жетішаһар мемлекетінің Осман империясымен байланыс жасауын Англияның жымысқы әрекетінің нәтижесі ретінде сипаттап, мұндай бағам белгілі дәрежеде көрнекті қытай тарихшысы (Фань-Вэнь-лань, 1955) пікірлерімен үйлесімділік табады. «Жақыпбек және қытайлық Түркістандағы мұсылмандар көтерілісі» атты еңбекте (Цин Юань, 1951) 1864 жылғы Шығыс Түркістандағы жергілікті халықтың көтерілісіне әндіжандықтардың қолдау танытқаны және Жақыпбек Бадаулеттің билікке келуіне Қоқан хандығының елеулі әсері болғаны аталып көрсетілген. Ресей мен Қытайдың ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1917 жылға дейінгі кезеңде Орталық Азияға байлансты ұстанған саясатын қарастырған (В.А. Моисеев, 2003) және Ресей мен Жетішаһар мемлекетінің өзара қарым-қатынасына арналған еңбегінде (С.В. Моисеев, 2006) Жетісудағы қазақ-қырғыз халықтары өкілдерінің Жетішаһар мемлекетімен байланысына қатысты мәліметтер берілген.

Мақаланы жазу барысында жүйелілік пен пәнаралық сараптау тәсілдері қолданылды. Бұл ұстанымдық қағидалар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жетішахар мемлекетінің құлауы, сол кездегі сыртқы саяси жағдайдың шиеленісуі сияқты мәселелерді сараптауға, талдауға өзіндік маңыз береді. Ретроспективалық әдіс негізінде Жетішаһар мемлекетінің күйреуі барысында орын алған әрбір құбылыс келесі бір құбылыстың себебі ретінде қарастырылды. Әрі бұл құбылыстардың басқа құбылыстармен сабақтастығын айқындау салыстырмалы-тарихи әдіс бойынша жүзеге асырылды. Алынған нәтижелерді түсіндіруде сипаттап-баяндау (нарративті) әдісі қолданылды.

Зерттеу нәтижесі. Жетішаһар мемлекетінің бұрынғы елшісі Сейіт Жақып-хан Жақыпбек Бадаулеттің сенімді серіктерінің бірі болып табылатын Жамадир датхамен бірлесіп, Қашқарға жорық ұйымдастырмақ болды. Алайда олар күштің тең емес екенін байқап, жорық жасаудан бас тартты. Мұндай оқиғалардың орын алуы Цин империясының Шыңжаңның оңтүстігіндегі шекарасын нығайтып, онда көп әскер шоғырландыруына алып келді. Өз кезегінде патшалық Ресей де Жетісу облысындағы шекаралық жерлердегі бекіністерін күшейтіп, Түркістан өлкесіне шыңжаңдықтардың өтіп кетуіне және түркістандықтардың Шыңжаңға баруына тосқауыл қою бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыра бастады.

Міне, осылайша Жетішаһар мемлекеті түркі халықтарының тарихында өзіндік орынға ие болып, тарихи құбылыстың бір белесі ретінде көрінді. Бұл мемлекет өз дәуірінде Орталық Азия халықтарымен және Осман империясымен байланыс жасап, олардың тарихында да өзіндік із қалдырды деуге болады.

1875 жылы қаңтарда Қытай императоры Тунчжи қайтыс болып, оның орнына 4 жастағы Гуансюй тақ мұрагері болып жарияланды. Оның әкесі Чуня (1850-1861 жылдары Қытай императоры болған Сяньфэннің бауыры) Шығыс Түркістанды қайта жаулап алуды белсенді жақтаушылардың бірі болды. Жас императордың регенті ретінде белгіленген Цы Си (Тунчжидің анасы) Цзо Цзун-танды (Зо Зұңтаң) императордың Шығыс Түркістандағы әскери істер жөніндегі уәкілетті өкілі етіп тағайындады (Моисеев, 2003: 151). Сол кезде ең ықпалды қытай дипломаты саналған Ли Хуан-чжан Шыңжаңды Қытайдан бөліп тастап, Шыңжаңда қоныстанған халықтарға өз беттерінше өмір сүруіне рұқсат беріп, барлық күшті теңіз шекараларын қорғауға жұмылдыру керек деп санады. Цзо Цзун-тан болса, қайткенде де Шығыс Түркістанда Қытай билігінің қайта орнауы тиістігін қолдады. Ол Қытайдың ішкі бөлігіндегі, яғни Ганьсу және Шэньси провинцияларындағы дүңгендер көтерілісін басқаннан кейін, Қашқар бағытында шабуыл жасауға бет бұрды (Фань Вэнь-лань, 1955: 331).

Цзо Цзун-тан жорыққа 10 айға жуық дайындық жүргізіп, 1876 жылдың ақпан айында 70 мыңдық әскермен Шығыс Түркістанға аттанды (Дәулетхан, 2013: 105). Ол әскери іс-қимылдарды жүргізуді өз орынбасарына, генерал Лю-шоға (Ли Ю Жынтаң) жүктеді.

Лю-шоның қарамағындағы әскер Қытайдағы ең мықты әскер қатарынан саналатын. Бірақ ол еуропалық елдердің әскерімен салыстыруға келмейтін (ҚырРОМА. И-160-қ., 1-т., 20-іс. 4, 6 п). Лю-шоның әскері негізінен жаяу әскерден және атты әскерден тұрды. Жаяу әскердің оннан алты бөлігінде оқпен атылатын қару болса, қалған бөлігі найзамен, қылышпен қаруланды. Оның үстіне Лю-шоның әскері азық-түлікпен нашар қамтамасыз етілді. Оның жаяу әскері қатарындағылары айына 6 лян, атты әскер қатарындағылары 12 лян ақша алатын. Олар бұл ақының есебінен өздерін тамақпен және киіммен қамтамасыз етсе, ал атты әскердегілер болса, бұнымен қоса өз аттарын қоректендіруі тиіс болды. Әскерге төленетін ақының аз болуы себепті қытайлық қолбасшылар азық-түлік мәселесін басып алынған жердегі халықтың есебінен шешуді көздеді (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 351-352 п.).

Қытай әскері 1876 жылдың 17 тамыз күні Үрімші қаласын алды (Байтур, 2003: 317). Мұнан соң қытай әскерінің бір бөлігі Лю-шоның басшылығымен Манасқа, екінші бөлігі Тұрпанға аттандырылды. 1876 жылдың ақпан айынан қараша айына дейін дүңгендер мен ұйғырлар Манас қаласын қорғап, қытай әскерін шығынға ұшыратты. Қытай әскерінің басшылығы қамалға бекінгендерге өз еріктерімен берілген жағдайда рақымшылық жасайтынын білдірді. Бұған сенген қаланы қорғаушылар қамалдан шығып, берілді. Алайда, қытай әскери басшылары айтқан сөздерінде тұмай кәрі, жас, әйел демей 3 мыңға жуық адамды қырып салды (Моисеев, 2003: 152). Өлтірілгендердің тең жартысы дүңгендер еді. Қытай әскерінің мұндай қатал жазалау шарасы жайлы хабар Түркістан генерал-губернаторына да жетті. Осыған байланысты К.П. Кауфман өзінің «адамгершілікті қадір тұтатынын» көрсетіп қалу мақсатында Цзо Цзунтанға хат жолдап, одан дүңгендерді жазалауда шектен шыққан мейрімсіздікке, зұлымдыққа жол бермеуді өтінді (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 22 п.).

Қытай әскерінің Үрімші мен Манасты алу шаралары кезінде Жетішаһар билеушісі тарапынан мардымды әрекет жасалмады. Оның Үрімшіге дүңгендерге көмек ретінде аттандырған 2 мың сарбазы қытай әскеріне ешқандай қарсылық танытпай, шайқасқа түспей кері шегінді. Осыған қарамастан дүңгендер көтерілісі жетекшілерінің бірі болып табылатын Биянху Қашқарға келді (Davison, 2005: 152). Үрімшідегі дүңгендердің біразы Токсунға көшті. Бірақ дүңгендердің жетекшілерінің бірінен саналған Ма-Яншай Жақыпбек Бадаулеттің қол астында болуды қаламады. Ол бірқатар адамдарын Құлжадағы патшалық Ресейдің билік орнымен келіссөз жүргізуге аттандырып, өзінің қарамағындағы 2 мың дүңгенмен сонда көшуге ниет танытты (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 312 п.). Қытай әскері болса, бір жылға жуық Үрімшіде аялдап, Жетішаһарға ішкерілей енуге даярлық жасады (Байтур, 2003: 46).

Қытайдың Жетішаһармен ашық қақтығысқа түсетіні айқын сезіле түсті. Бұл өз кезегінде Бұхар әмірі Мұзаффарды да мазасыздандырған еді. Ол өзіне қарсылық білдіріп, Жетішаһарға өтіп кеткен ұлының, Әбду-Мәліктің тағдырына алаңдаушылық танытты. Бұхар әмірі Мұзаффар Кабул әмірі Шир Әли-ханды араағайындыққа салып, ұлын, Әбду-Мәлікті кері қайтырғысы келді. 1876 жылы күзге қарай Кабул әмірі Шир Әли-хан Жетішаһарға арнайы елшілік жіберіп, Бұхар әмірінің ұлын өзіне жіберуді сұрады (Русско-кашгарские отношения, 2008: 151).

1877 жылдың қаңтар айының соңында қытай билігі тарапынан Жақыпбек Бадаулетке хат жолданды. Бұл хатта қытай билігі Жақыпбек Бадаулетке қытайлық әскерге соғыс қимылдарын жүргізуге әзірше әмір бермей тұрғанын айта келіп, одан қытайлықтардың сауда жасауына жол ашуын және Тұрпанды толықтай қытайлықтар иелігіне тез арада қайтаруын талап етті. Бұл талаптарға орай Жақыпбек Бадаулет қытайлықтармен сауда жасауды қалайтындығын, ол үшін алдымен сауда келісім шартын жасау керектігін ескертіп, Тұрпанды бермейтінін білдірді. Сондай-ақ Жақыпбек Бадаулет қытайлықтар Жетішаһар иелігінен Үрімшіні, Манасты, Кутубты және т.б. елді мекендерді алғанына қанағаттанбай, Тұрпанды алуға талпынса, онда оларды қарумен қарсы алуға әзір екенін танытты (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 129 п.).

Қытай билігінің Тұрпанды беру жөніндегі талабын орындаудан бас тартқан Жақыпбек Бадаулет соғыс қимылдарын жүргізуге әзірлік жасай бастады. Ол өзінің жаяу әскерін керек жеріне тез арада жеткізу үшін оларды аттармен қамтамасыз етуді жолға қойды. Әрбір қалада жаяу әскерге қажетті аттар ұсталды. Осыдан соң Жақыпбек Бадаулет қытайлықтарға арнайы адам жіберіп, олардан ашық шайқасқа түсетін орынды белгілеуді сұрады (Байтур, 2003: 242).

Жақыпбек Бадаулеттің бұрын Осман империясына жіберген елшісі Сейіт Жақып-хан Бомбейге келіп, 1877 жылы 5 сәуір күні Стамбұлға жол тартқан. Осман империясының Бомбейдегі Бас консулы түрік билігіне Сейіт Жақып-ханның Қашқарға кері оралмайтыны және оның Стамбұлдан Лондонға бармақ ниетте екені жайлы мәлімдеме жіберді. Сейіт Жақып-ханның Стамбұлға келуінен патшалық Ресейдің билік орындары күдіктеніп, Сейіт Жақып-ханның Осман империясында не істеп жатқанын анықтауға кірісті. Осы жәйтті тексерген Түркістан генерал-губернаторлығының дипломатиялық бөлімінің шенеунігі А.К. Вайнберг Сыртқы істер министрлігінің өкілі Н.К. Гирсқа: «Сейіт Жақып-ханның қазіргі кезде Константинопольде тұрып жатқаны рас, бірақ оның қашқарлық елші болып саналуы екіталай, ол Үндістан арқылы Түркияға өткен. Ол және оның Қашқарда қалған туыстары билеушінің рақымшылық танытуынан шеттеп қалған. Сейіт Жақып-ханға Қашқардың аумағына оралуға тыйым салынған» – деп жазды (Русско-кашгарские отношения, 2008: 158).

Стамбұлға барған Сейіт Жақып-хан Осман империясында ұзақ тұрақтамай Лондонға барды. Лондонда Англияның Сыртқы істер минстрлігі сондағы Қытай елшісімен Сейіт Жақып-ханның құпия кездесуін ұйымдастырды. Осы кездесудің негізінде Англия Қытай билігіне Жақыпбек Бадаулетті Қытайға тәуелді әмір ретінде мойындау, Қашқар мен Қытай арасындағы шекараны белгілеу және олардың қажет жағдайда бір-біріне көмек көрсетуі жөнінде ұсыныс түсірді. Бірақ Англияның мұндай ұсынысына Цзо Цзун-тан қарсы болды (Ходжаев, 1979: 93-94).

Қытайлықтар Тұрпанға екі жақтан шабуыл жасау барысында көп адамынан айырылып, Үрімшіге кері шегінуге мәжбүр болды. Осыдан соң қытайлықтар әбігерленіп қалды. Бірақ сол тұста Тұрпаннан 300-ге жуық жетішаһарлық сарбаз қытайлықтар жағына өтіп кетті. Лю-шо бұл сарбаздарды жақсы қарсы алып, оларға бұрын шұғылданған жұмыстарымен айналысуға кеңес берді. Бұл қашқындардың бірқатары қытайлық әскер құрамына қабылданды (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 220 п.). Осыдан соң Жақыпбек Бадаулет Тұрпанға 3 мың сарбаз аттандырды. Алайда бұл әскер Тұрпанда қытай әскерімен шайқасқа түспей, қытайлықтар қолына берілді. Қытайлықтар оларды қарусыздандырып, әрқайсысына 5 лян ақша беріп, босатып жіберді (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 500 п.).

Қытайлықтарға қарсы шара қолданбаған Хаққұли-бекті Жақыпбек Бадаулет өзіне, Курляға тез арада келуді талап етті. Бірақ жазаға тартыламын ба деп қорыққан Хаққұли-бек түрлі сылтау айтып, Курляға келуден тартқыншақтады (Ресалэ-и-Якуби, 1940: 135). Сол тұста Жақыпбек Бадаулеттің денсаулығы нашарлап, Курля қаласында 13 күн бойы ем қабылдап жатыр еді. Оған қытайлықтардың тегеурінімен Тұрпанды тастап кеткен хәкім Хуан төре (Хәкім-хан төре) келді. Жақыпбек Бадаулет Курлядағы өзінің сенімді деген адамдарымен (оның құрамында Хәкім-хан төре және Хотанның хәкімі Ниязбек болған) пікірлесіп, ол Жетішаһарға билеуші ретінде өзінің ұлдарының мұрагер болғанын қаламайтындығын білдірген (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 226 п.). Жетішаһар билеушісінің мұндай пікір білдіруі өз ұлдарының қытайлықтарға тойтарыс беруді ұйымдастыра алмауына байланысты туындаса керек. Жақыпбек Бадаулет мұнан соң көп ұзамай, 1877 жылы 30 мамыр күні, 58 жасқа қараған шағында, жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Жақыпбек Бадаулеттің қазасына қатысты архивтік деректер бар. Сондай деректердің бірінде Жақыпбек Бадаулеттің өзінің қызметшісі Айт ахунның у беруімен ажал құшқаны, у беруді Хотанның хәкімі Ниязбек ұйымдастырғаны айтылып, бұл қастандықтың іске асырылуы былайша сипатталады: «У беру үшін Айт ахун Ниязбектен 1200 лян ақша алды. У беру Курля қаласында, түс ауа, сағат 5 шамасында шайға қосу арқылы жүзеге асырылды. Уланған шайды ішкен соң, Жақыпбек асқазанының қыжылына шағымдана бастады. Мұнан соң ол қан құсып, көз жұмғанша ешнәрсе айтпады. Жақыпбек таң атайын деп қалған кезде қайтыс болды» (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 54 п.).

Камил-хан ишан «Ресале-и Якуби» шығармасында Жақыпбек Бадаулетке у беруді ұйымдастырған Хотанның хәкімі Ниязбек еді дей отырып, бұл іске Жақыпбек Бадаулеттің ұлы Хақққұли-бектің де қатысы болғанын айтады (Ресалэ-и-Якуби, 1940: 135). Қ. Халид өз еңбегінде қытай әскеріне тойтарыс бере алмай, «бейшаралық күй кешкен» Жақыпбек Бадаулетке халық наразы болып, «халықтың жаппай наразылығы бектерге қозғау салып», олар билеушіні «у беріп өлтіреді» дейді (Халид, 1992: 47). Ал Сыздық Кенесарыұлы болса, Жақыпбек Бадаулет өз ажалымен қайтыс болды, яғни оған ешкім у берген жоқ деген пікір білдірген (Кенесарыұлы, 1992: 48).

Өзбекстандық тарихшы А. Ходжаев Жақыпбек Бадаулет «циндік тыңшы Нияз хәкім-ханның у беруімен өлді» десе (Ходжаев, 1979: 93-94), қытай тарихшысы  А. Байтур Цин әскеріне қарсы күресте қиындықтан шығу жолын таба аламаған  Жақыпбек Бадаулет «Курля қаласында у ішіп, өзін өлтірді» дейді (Байтур, 2003: 317). Жетішаһарға 1876 жылы патшалық Ресейдің елшілігін бастап барған, Жақыпбек Бадаулетпен келіссөз жүргізген А.Н. Куропаткин өз еңбегінде оны қытайлармен күрестегі сәтсіздіктеріне күйініп у ішетіндей адам емес еді және Жақыпбек Бадаулетті өлтіруге оның ұлдарының қатысы бар деу негізсіз деп санайды. Оның мұндай пікірін Жақыпбек Бадаулеттің жанында болған түрік әскери нұсқаушысы Заман-бей де растаған. Ол 1878 жылы А.Н. Куропаткинге жолыққанда оған Жақыпбек Бадаулетке у беруі мүмкін емес еді, өйткені ол ешкімге беріліп сенбейтін, барлық іске, «ат қора мен асханадан бастап, мемлекеттік маңызды істердің бәріне өзі тікелей араласатын» деп айтқан (Куропаткин, 1879: 211-212).

Сыздық Кенесарұлының айтуына қарағанда, Жақыпбек Бадаулет қайтыс болардан алдын өзіне жақын тұтқан адамдарға өсиет те қалдырған, бірақ ол өсиет орындалмаған (Кенесарыұлы, 1992: 45). А.Н. Куропаткиннің еңбегіндегі мәлімет бойынша ол өсиет Жақыпбек Бадаулет өзінің мұрагері ретінде үлкен ұлы Бекқұли-бекті қалдырғысы келетініне байланысты болса керек деген пікірге жетелейді (Куропаткин, 1879: 213). Бірақ архивтік құжаттардың бірінде Жақыпбек Бадаулет мұрагер ретінде Хуан төрені (Хәкім-хан төре) белгілегені, Хуан төре билеуші болудан бас тартып, билеуші ретінде Бекқұли-бекті ұсынып, оның бұл жөнінде Қашқардағы Бекқұли-бекке арнайы хабаршы жібергені айтылады (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 226 п.).

Жақыпбек Бадаулеттің қазасы алдымен оның Токсундағы ұлы Хақққұли-бекке хабарланды. Ол Курляға келген кезде елдегі билікті өз қолына алғысы келетінін танытты. Мұны аңғарған Ниязбек қулыққа көшіп, Хаққұли-бек пен Хәкім-хан төренің арасына ушықтыруды ойластырып, Хәкім-хан төрені елдің билеушісі болуға азғырды. Сосын Ниязбек Хотанға кетіп қалып, өзін Жетішаһарға тәуелсіз билеушімін деп жариялады (Ресалэ-и-Якуби, 1940: 135).

Жақыпбек Бадаулеттің өлімі Жетішаһардың әскери, қоғамдық, рухани ахуалын күрт нашарлатып кетті. Ішкі қырқыс, тақ талас өршіп, төніп келген қытай әскеріне төтеп береліктей біріккен күштен айырылып қалды (Дәулетхан, 2013: 107). Түркиялық тарихшы М. Сарай Жақыпбек Бадаулеттің кенеттен қайтыс болуы «Қашқар халқының тәуелсіздігін жоққа шығарды. Жақып ханның Түркістанда үлкен ерлігімен және қаһармандығымен құрылған, Түрік және Британ империяларының жәрдемі арқылы дамыған Қашқар мемлекеті оның өлімімен бір қиын қарбаласқа түсті»,-деп жазды (Saray, 1994: 113-114).

Қытай тарихшысы Фань Вэнь-ланьның еңбегінде Жақыпбек Бадаулеттің қазасына қатысты мынандай мазмұндағы пікір білдіріледі: «Жақыпбек – жатжерлік, Шыңжаң тұрғындарына бөтен, ағылшындардың қолшоқпары, түрік сұлтанының қызметшісі және Шыңжаңды қоныстанған халықтардың жауы. Оның жеңілуі әрі қаза табуы осы халықтардың мүддесіне сай келді» (Фань Вэнь-лань, 1955: 332).

Қытай әскері Жақыпбек Бадаулеттің өлімінен кейін Сайрам, Бай, Куча және Янгигисар қалаларын алды. Бұған қытай әскері Лю-шоның әскери шеберлігінің арқасында емес, Жақыпбек Бадаулеттің қазасынан соң Жетішаһарда орын алған анархияға байланысты қол жеткізді (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 354 п.). Ақсуға қарай бет алған қытай әскері дүңгендерден құрылған жасақтың соққысына ұшырады. Ақсудан төрт шақырымдай қашықта болған шайқаста қытай әскері жеңіліс тауып, кері шегінді. Дүңгендер қытай әскерін Маралбасы бекінісінен асыра қуғындады.

Жақыпбек Бадулеттің денесі Қашқарға әкелініп, Аппақ қожа мазары маңына жерленгеннен кейін Жетішаһарда билік үшін өзара күрес өршіді (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 226 п.). Хаққұли-бек өзін билеуші ретінде жариялағысы келді. Бекқұли-бек болса, оны өзінің басты қарсыласы санады. Курляда қалған Хәкім-хан төре сондағы әскердің қолдауымен өзін хан деп жариялады. Мұны естіген Хаққұли-бек Курляға, Хәкім-хан төреге қарсы аттанды. Бекқұли-бек осы сәтті пайдаланып, Махмед-зия деген өз адамын оның соңынан жіберіп, 11 маусым күні оны өлтіртті. А.Н. Куропаткин Хаққұли-бектің өліміне қатысты тағы да бір мәлімет барын, ол мәлімет бойынша, Бекқұли-бек Хаққұли-бекті қарсы алып, оны амандасу кезінде тапаншамен атып өлтіргенін айтады (Куропаткин, 1879: 213).

Қашқардағы билікті алған Бекқұли-бек жергілікті халық тарапынан тегіс қолдауға ие бола қойған жоқ. Мұны Н.Н. Пантусовтың ұйғыр халқының ауыз әдебиеті үлгілеріне қатысты 1901 жылы жариялаған материялдарының мазмұнынан да аңғаруға болады. Мәселен, оған енген Бекқұли-бек жөніндегі «Бек-баче» деген жырда ол өз бауырын, «жігіттердің басшысын» өлтіріп, жаманшылық шақырған адам ретінде суреттеліп, «Жақыпбектен айырылған соң, халықтың басына пәле үйірілді», «енді қайдан табылсын, Жақыпбектей билеуші» делінеді (Пантусов, 1901: 27-31).

Сырттан көмек алуға қол жеткізе алмаған Бекқұли-бек енді өз әскерінің күшімен Жетішаһар аумағын біріктіру әректіне көшті. Ол 5 мың әскермен Ақсуға, Хәкім-хан төрені бағындыруға аттанды. Хәкім-хан төре оған 4 мың атты әскерін қарсы қойды (Куропаткин, 1879: 214). Тәжірибелі әскердің және зеңбіректердің көбі Хәкім-ханның қолында болды. Бекқұли-бек өз әскерін беске бөліп, оларды басқаруды Сыздық Кенесарыұлына, Омарқұл паруанашыға, Жамадир датхаға, Алдаш датха мен Масейіт пансатқа тарсырды. Алдыңғы сапта үш әскербасы – Масейіт, Алдаш, Омарқұл, кейінгі сапта Сыздық Кенесарыұлы мен Жамадир датха жүретін болды. Маралбасы бекінісі маңындағы жайда деген жерде алдыңғы саптағылар Хәкім-хан төренің әскерімен кездесіп, онымен соғысты. Бастапқы кезде Бекқұли-бектің әскері басымдық танытып еді, бірақ кейінірек Хәкім-хан төре жеңіп, Бекқұли-бектің зеңбіректері мен біраз адамын қолға түсірді. Жеңілген қолбасылар аздаған әскерімен қашып шықты.

Әскерінің жеңіліс тапқанына қапаланған Бекқұли-бек кеңес құрғанда қолбасылардың әрқайсысы әркелкі пікір білдірді. Кеңесте Сыздық Кенесарыұлы сөз алып, жеңіліп, Қашқарға баруға болмайды, қайтып баратын болсақ билікті қолда ұстап тұру қиындай түседі, «бір Аллаға сыйынып соғысуымыз керек» деген пікірде екенін білдірді. Сыздық Кенесарыұлының соғысты жалғыстыру жөніндегі ұсынысы Бекқұли-бекке ұнады. Ол қолында қалған әскермен таң алдында Хәкім-хан төреге шабуылдады. Шабуыл басталғанда Хәкім-хан төре де өз әскерін сапқа тұрғызып үлгерген еді. Бекқұли-бек пен Хәкім-хан төренің әскері бір-бірімен жеті сағат бойы мылтықпен де, зеңбірекпен де атысып, шайқасқанда Хәкім-хан төренің мың жеті жүз адамы қолға түсіп, қалған әскері қарсы тұра алмай, Бекқұли-бек жағына шығуға мәжбүр болды. Жеңілген Хәкім-хантөре қашып құтылды. Осы жеңістен соң Бекқұли-бек Ақсуға барып, онда бір ай тұрып, сол төңіректегі елді мекендердің бәрін өзіне бағындырғаннан кейін Қашқарға оралды (Кенесарыұлы, 1992: 45-46). Ол Қашқарға қайтарында Ақсудағы бекіністің бастығы етіп қырғыз Әбдірахман датханы тағайындады (Русско-кашгарские отношения, 2008: 178). Қашқарға келгеннен кейін Бекқұли-бек Хотандағы Ниязбекке қарсы жорық жасауға әзірлік жүргізді. Ол даярлықтан соң Хотанға аттанды (ҚРОМА, 5007: 65-п). Өз әскерімен жиырма күн бойы жол жүріп, Хотанға таяп қалғанда Ниязбек 25 мың әскермен қарсы шықты. Бекқұли-бек Сыздық Кенесарыұлы мен Алдаш датханы он мың әскермен шайқасқа шығарды. Шабуыл нәтижесінде Ниязбектің әскері талқандалып, олардың аман қалғандары Цин билігі қайта орнаған өңірге қарай қашты. Мұнан соң Бекқұли-бек Хотанға барып, қазынаның есебін алып, қала тұрғындарын тыныштандырды (Кенесарыұлы, 1992: 46). Хотанның хәкімі етіп Мұхаммед Емин-бекті тағайындады (Ресалэ-и-Якуби, 1940: 135).

Мұсылмандықты қабылдап, Жетішаһар билігін мойындаған қытайлықтар Қашқардың маңында жеке жерге қоныстандырылған болатын. Олар Ақсу жақтан қытай әскері келе жатыр дегенді естіп, астыртын әрекет жасап, түнде Қашқарға кіріп, қаланы алды. Бекқұли-бек Қашқарға келіп, оған шабуыл жасағанымен еш нәтиже шығара алмады. Қашқардың қытайлықтардың орнығып алуына Бекқұли-бектің әскері оның өзін кінәлі деп санады. Егер Бекқұли-бек өз отбасын Яркендке көшірмегенде қытайлықтар Қашқарға кіруге бара қоймас еді деп есептегендер біртіндеп әскер қатарынан кете бастады. Сөйтіп, Бекқұли-бектің сарбаздарының саны күн өткен сайын азая түсті (Куропаткин, 1879: 214).

Қытай тарихшысы Вей Юань Шыңжаңның оңтүстігіне Цин билігінің қайта орнату жергілікті халық тарапынан қатты қарсылыққа ұшырай қойған жоқ дей отырып, бұл жайлы пікірін былайша білдіреді: «Қашқарияны қытайлықтар қарсылықсыз-ақ алды деуге болады. Қытай қолбасшылары Пекиндегі үкіметке бүлікшіл топқа қарсы жорығы жайлы мәлімдемелерінде мұны барынша асыра көрсетті. Қашқарды алу барысында ешқандай да үлкен және мықты бүлікшілер тобы қарсылық білдірмеді. Бұл кезде елде мұндай күш болған да жоқ. Қашқарияға жеңіл ие болу жергілікті тұрғындар арасында Қытай үкіметінің беделі мен мықтылығын көрсететіндей пайда әкелген жоқ».

Жетішаһар аумағының тұрғындарын Лю-шо қырғынға ұшыратумен қатар, Цин билігін мойындағандарға рақымшылық та жасады (Алдабек, 2003: 222). Ол өзінің «қайрымды» әрі «кешірімді» екенін халыққа көрсетіп қалғысы келді. Сөйтіп, ол Жақыпбек Бадаулеттің қытайлықтардың қолына түсіп қалған ұлы Ишанқұли-бекті екі әйелімен және 7 қызметшісімен бірге Янгишаһарға орналастырып, ерекше қамқорлыққа алуды бұйырды. Осыдан кейін Лю-шо жергілікті халыққа ізгі ниетте екенін білдіру мақсатында Жақыпбек Бадаулеттің қабірінің басына барды. Ол қабір басында, көпшілік алдына шығып Жақыпбек Бадаулет жөнінде былай деді: «Жақыпбек, сенің қызметің біздің Богдыхан үшін әрқашан қымбат болды. Сенің орның ерекше құрметке ие еді. Құдай сені құлдыратуға дейін жеткізбеді. Сен өлдің. Сенің балаң (Бекқұли-бек) жастығына байланысты халықты басқара алмады. Ол бізге қызмет етпеймін деп босқа қашты» (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 126 п.).

Жетішаһар аумағында Цин билігін қайта орнату барысында оның халқы жаңа қиыншылықтарға тап болғанын қытайлық тарихшы Вей Юаньнның былай деп жазғанынан да аңғаруға болады: «Қытай әскери қолбасшылары отырықшы Қашқарияны жаулап алған соң мейрімді тәртіп пен әділдік орнатудың орнына, өзара қырқыстан, үрейден қалжырап, өздеріне қарсылықсыз берілген бейбіт тұрғындарға қысым көрсетіп, оларды тонады. Дәулетті адамдар аяусыз жазалаумен қорқытылып, олардың ақшасы, мүлкі, тауарлары тартылып алынды және тұрғындардың қолындағы жылқылар түгелге дерлік әскерилерге берілді. Жуырда болған бүлікті, елді өз қолына алуға тырысқан топтар арасындағы тартысты бастан кешкен тұрғындарға шамасы жетпейтін, ауыр алым-салық салынды. Бұған қоса тұрғындар отын, сабын және астық тапсыруға міндетті болды. Олар Упал мен Марал жаққа жіберіліп, таудан ағаш кесіп, оны тасмалдауға, өзендерді бөгеп, шөл даладан тоғандар мен су қоймаларын жасауға пайдаланылды. Осындай міндеттеме біртіндеп, бірнеше жылға созылып, ауыр жұмыстан және аштықтан көптеген адам қаза тапты. Қытай әскери қолбасшылары елді жаулап алудың бастапқы кезінде тұрғындардың санасына өз күшінің мықтылығын сіңдіре алмай, еш пайдасы жоқ қорқытушылыққа жүгінді. Мұндай әрекет қарсылық таныту белгілерін доғарған елге пайдасыз ғана емес, зиян да еді. Олар қулықпен қайырымдылық танытуға уәде беріп, тұрғындар арасындағы қадірменді, қытайлықтарға еш жаман нәрсе істемеген, кінәсіз кісілерді шақыртып алып, оларды өлім жазасына кесті. Аса қадірменді әрі ықпалды Сарықол бегі Әліпбекті Қашқарға жеткен бойда бірден, тез арада қытай шенеунігіне келмегені үшін таяқпен дүреге жықты. Олар осы әрекеті үшін өздерін ұзақ уақытқа Сарықол тұрғындарының сеніміне ие болудан айырды. Басқалар секілді пара беріп, жазадан құтылуға мүмкіндігі жоқ көптеген кінәсіз адамдар айдауға жіберілді. Мұндай әділетсіз әрекеттер қытайлықтар үстемдігіне тұрғындар тарапынан сүйіспеншілік пен құрмет туғыза қоймайтыны түсінікті. ... Күш емес, оның жоқтығы әрі күшті секілді көрінуге деген талпыныс қытайлықтарды осындай масқара іске баруға итермеледі. Бұл елді жауланғаннан кейінгі жылы, тіпті үш жыл өткен соң да Шыңжаң тұрғындарының көпшілігінің орыс иелігінде тұруға тілек білдіруіне түрткі болды» (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 166 п.).

Бекқұли-бектің Шыңжаңның оңтүстігіне сәтсіз жорық жасаған 1881 жылы Петербургте қытай-орыс келіссөзі өтіп, Құлжаны Цин империясына қайтару келісілген болатын. Осы келіссөздің жүргізілуі қарсаңында патша өкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктері ішінде Орталық Азияда Цин империясы мен Ресей империясы арасында буферлік зона қалыптастыру, яғни Шығыс Түркістанда бірнеше мұсылмандық мемлекет құру жөнінде идея көтергендер болды. Мұнда идеяны жақтаушылардың бірі Соғыс министрі Д.А. Милютин еді. Ол 1880 жылы Үрімші мен Манаста дүңгендер мемлекетін, Қашқарда ұйғыр-өзбек мемлекетін құру жөнінде пікірін Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманмен бөлісті. Соғыс министрінің пікіріне К.П. Кауфман қолдау білдіріп, Үрімшіге Биянхуды, ал Қашқарға Бекқұли-бекті билеуші етіп қойғанды жөн санайтынын танытты (Моисеев, 2003: 194-195). Бірақ олардың бұл ой 1881 жылғы Петербург келісімі негізінде жүзеге аспай қалды. Оның үстіне Бекқұли-бек Осман империясының қолдауына сеніп, Қашқарға жорық жасауы кезінде қаза тапқан еді (Yavuz, 2003: 47). Сондай-ақ, мұның артынша, 1882 жылы дүңгендердің жетекшісі Биянху қайтыс болды. Қытай билігі болса, Биянхудың мүрдесін көрден қазып әкетуге әрекеттеніп, оны жүзеге асыру үшін Жетісу облысының Тоқмақ уезіне өз шолғыншыларын жіберіп жатты (Поярков, 2017: 146).

Оңтүстік Шыңжаңға таяу маңдағы Ақтас деген жерге күйреген Жетішаһар мемлекетінің Жамадир датха және Сейіт Жақып-хан секілді танымал адамдарының отрядпен келуі қытайлықтарды үрейлендірді. Қытай билігі бұл отрядтың әрбір қимылын бақылаушылар арқылы қадағалауға алды. Бұл жәйт патша өкіметінің билік орындарын да әбігершілікке түсірді. Осы оқиғаға байланысты Дала генерал-губернаторы Жетісу облысының әскери губернаторына мынандай шараларды қолға алуды тапсырды: «1) Қашқариядағы жағдай туралы мәліметтер жинастыру; 2) дүңгендерге, әсіресе олардың бұрынғы көсемдері мен өзінің ықпалы жағынан әрі қызметімен танымал тұлғаларына қадағалауды күшейту; 3) Тоқмақ және Ыстықкөл уездеріндегі, Қашқариямен шектесетін өңірлердегі қырғыз тұрғындарының шекарадан өтіп кетіп, қытайлық иеліктерде бейберекеттік туғызбауын қадағалау; 4) жергілікті мұсылман тұрғындары арасына бұрынғы Жетішаһар аумағындағы қожалардың еніп, өздеріне қолдау іздеу әрекетіне тосқауыл қою» (ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс. 90 п.).

Жамадир датха мен Сейіт Жақып-ханның Шыңжаңның оңтүстігіне шекаралас жерге әскер шоғырландырып, патшалық Ресей мен Цин империясын састырғанымен, шабуыл жасай қойған жоқ. Бәлкім, олар өздерінің мұндай әрекеті нәтижелі бола қоймайтынын аңғарса да керек. Өйткені, қытай билігі сол кезде өзінің әскерін Шыңжаңның оңтүстігіндегі шекараларға шоғырландыруды қарқынды түрде жүргізе бастады. Сонымен қатар патшалық Ресей билігі де Шыңжаңның оңтүстігіндегі бейберекеттік өз иелігіндегі, әсіресе, Жетісу өңірінің жергілікті тұрғындарына теріс ықпалын тигізетінін сезініп, шекаралық аймақтарды күзетуді күшейте түскен еді. Осыған орай патша өкіметі Қашқарға жаңадан консул ретінде тағайындалған Н.Ф. Петровскийге берген нұсқауларында бұл өңірге ағылшын тауарларының тасамалдануын деңгейін анықтауда бастап, Ресей иелігіндегі халықтардың қандай өкілдері қашқарлықтармен байланыс жасайтынын және қашқарлықтадың Түркістан өлкесіндегі халықтарға қатысты ұстанымын анықтау тапсырылған болатын (Императорская Россия. 2006: 112-116). Осыдан соң патшалық Ресейдің иелігіндегі халықтар Шыңжаңның оңтүстігінде орын алған оқиғаларға тартылуы барынша бәсеңдей түсті. Себебі, Қашқардағы орыс консулдығы Ресей иелігінен келген адамдарды мұқият қадағалауға алып, олардың іс-әрекетін тиесілі билік орындарына жеткізіп отырды.

Қорытынды. Жалпы қорыта айтқанда, Жетішаһар мемлекетінің күйреуі оның даму деңгейінің төмен дәрежеде болуына және Жақыпбек Бадаулеттің қазасынан кейін ел ішінде орын алған бейберекеттікке байланысты болды. Бұл өз кезегінде Жетішаһар мемлекеті аумағында Цин империясы билігінің қайта орнауына алғышарт қалыптастырды. Қытай билігінің тегеурінімен көптеген жетішаһарлықтар патшалық Ресей иелігіне өтті. Олардың бірқатар өкілдері Жетішаһарды қайта қалпына келтіру жолындағы әрекеті нәтижесіз аяқталды. Жетішаһарға Осман империясының қолдау танытатындай мүмкіндігі болмады. Осыдан соң патшалық Ресейдің иелігіндегі халықтар Шыңжаңның оңтүстігінде орын алған оқиғаларға тартылуы барынша бәсеңдей түсті. Себебі, Қашқардағы орыс консулдығы Ресей иелігінен келген адамдарды мұқият қадағалауға алып, олардың іс-әрекетін тиесілі билік орындарына жеткізіп отырды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алдабек Н. Тарихы талқыға толы Шыңжаң. – Алматы: «Қазақ университеті», 2003. – 432 б.

Байтур А. Кыргыз тарыхы (Кытайлык кыргыз окумуштуусунун изилдө өлерүнде). – Бишкек: «Бийиктик». – 2003. – 348 б.

Дәулетхан Ә. Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті (1679-1949). – Алматы: «МИР» баспа үйі, 2013. – 367 б.

DavisonR.H.Osmanliİmparatorluğu'nda Reform. 1856-1876. – Istanbul: AgoraKitapliği, 2005. – 510 s.

Императорская Россия и мусульманский мир (конец ХVІІІ – начало ХХ в.). Сборник материалов. / Составитель Д.Ю. Арапов. – М.: «Наталис», 2006. – 480 с.

Кенесарыұлы С. Кенесары және Сыздық сұлтандар / Қазақ тіліне аударған – Ғ. Ахмедов. – Алматы: «Жалын», 1992. – 48 б.

Куропаткин А.Н. Кашгария. Историко-географический очерк страны ее военные силы, промышленность и торговля. – СПб.: Типография М.С. Балашева, 1879. – 435 с.

ҚРОМА. 21-қ., 1-т., 470-іс.

ҚырРОМА. И-160-қ., 1-т., 20-іс.

Моисеев В.А. Россия и Китай в Центральной Азии (вторая половина ХІХ в. – 1917 г.). – Барнаул: «Азбука», 2003. – 346 с.

Пантусов Н.Н. Материалы к изучению наречия илийского округа. Стихотворения о Якуб-беке, государе Кашгарии, и о событиях его времени (таранчинский текст, русская транскрипция, ноты и русский перевод). – Казань: Типо-литография императорского университета, 1901. – 41 с.

Поярков Ф.В. Последний эпизод дунганского восстания (Маленькая страничка из прошлой жизни Семиречья) // Дунгане: история и культура: российские дореволюционные работы о дунганах / Составитель М.Р. Мадиван. – М.: «Наука» - Восточная литература, 2017. – 335 с. (С.124-1181).

Ресалэ-и-Якуби (Воспоминания о Якуб-беке кашгарском Камиль-хана-ишана) // Историк-марксист. – 1940. – №3(79). – С.127-135.

Русско-кашгарские отношения в 60-х-70-х гг. ХІХ в. Документы и извлечения / Сост. С.В. Моисеев. – Барнаул: «Азбука», 2008. – 236 с.

Saray M. Rus Işgali Devrinde Osmanli Devleti ile Türkistan Hanlikliklari Arasindaki Siayasi Münasebetler (1775-1875). – Ankara: Türk Tarih Kurumu Basimevi 1994. – 181 s.

Yavuz N. XIX. Yüzyilin Ikinci Yarisinda Kaşgar Emirliğiyle  Osmanli Devleti Arasindaki Ilişkiler ve Ali Kazim Ibrahim Efendinin Layihasi // Gazi Üniversitesi Cazi Eğitim Fakultesi Dergisi. – 2003. – №2. – 41-60 s.

Фань Вэнь-лань. Новая история Китая. 1840 – 1901. – Т.1. /Перевод с китайского Р.В. Вяткина, Б.Г. Мурадова. – М.: Издательство иностранной литературы, 1955. – 600 с.

Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих). – Алматы: «Қазақстан», 1992. – 304 б.

Ходжаев А. Цинская империя, Джунгария и Восточный Туркестан (колониальная политика Китая во второй половине ХІХ в.). – М.: «Наука», 1979. – 128 с.

References:

Aldabek N. Tarıhy talqyǵa toly Shyńjań. – Almaty: «Qazaq unıversıteti», 2003. – 432 b.

Baıtur A. Kyrgyz taryhy (Kytaılyk kyrgyz okumushtusunun ızıldolerunde). – Bıshkek: «Bııktık». – 2003. – 348 b.

Dauletкhan A. Shygys Turkistan halyqtarynyn ult-azattyq dauiri adebıeti (1679-1949). – Almaty: «MIR» baspa uıi, 2013. – 367 b.

Davison R.H.Osmanli İmparatorluğu'nda Reform. 1856-1876. – Istanbul: Agora Kitapliği, 2005. – 510 s.

ImperatorskayaRossiyaimusul'manskiymir (konets ХҮІІІ – nachalo ХХ v.). Sbornik materialov. / Sostavitel D.YU. Arapov. – M.: «Natalis», 2006. – 480 s.[Imperial Russia and the Muslim World (late 18th - early 20th century). Collection of materials. / Compiled by D.Yu. Arapov]– M.: «Natalis», 2006. – 480 p.[in Russian].

Kenesaryuly S. Kenesary jáne Syzdyq sultandar / Qazaq tiline aýdarǵan – Ǵ. Ahmedov. – Almaty: «Jalyn», 1992. – 48 b.

Kuropatkin A.N. Kashgariya. Istoriko-geograficheskiy ocherk strany yeye voyennyye sily, promyshlennost i torgovlya. [Kuropatkin A.N. Kashgaria. Historical and geographical outline of the country, its military forces, industry and trade] – SPb.: Printing house M.S. Balasheva, 1879. – 435 p. [in Russian].

KR OMA. 21-q., 1-t., 470-is.

KurR OMA. I-160-q., 1-t., 20-is.

Moiseyev, 2003 - Moiseyev V.A. Rossiyai Kitay v TsentralnoyAzii (vtorayapolovinaХІХ v. – 1917 g.). [Moiseev V.A. Russia and China in Central Asia (second half of the 19th century - 1917)]– Barnaul: "Azbuka", 2003. – 346 p.].[in Russian].

Pantusov N.N. Materialy k izucheniyunarechiyailiyskogookruga. Stikhotvoreniya o Yakub-beke, gosudareKashgarii, i o sobytiyakhyegovremeni (taranchinskiytekst, russkayatranskriptsiya, notyirusskiyperevod). [Pantusov N.N. Materials for the study of the dialect of the Ili district. Poems about Yakub-bek, the sovereign of Kashgar, and about the events of his time (Taranchin text, Russian transcription, sheet music and Russian translation)] - Kazan: Typographic lithograph of the Imperial University, 1901. – 41 p.[in Russian].

Poyarkov F.V. Posledniy epizod dunganskogo vosstaniya (Malenkaya stranichka iz proshloy zhizni Semirechya) // Dungane: istoriya i kultura: rossiyskiye dorevolyutsionnyye raboty o dunganakh / Sostavitel M.R. Madivan [Poyarkov F.V. The last episode of the Dungan uprising (A small page from the past life of Semirechye) // Dungans: history and culture: Russian pre-revolutionary works about the Dungans / Compiled by M.R. Madivan] – M .: "Science" - Eastern Literature, 2017. - 335 p. (S. 124-1181).[in Russian].

Resale-i-Yakubi (Vospominaniya o Yakub-bekeka shgarskom Kamil-khana-ishana) // Istorik-marksist. [Resale-i-Yakubi (Memories of Yakub-bek of Kashgar Kamil-khan-ishan) // Historian-Marxist] – 1940. –№. 3 (79). – S. 127-135.[in Russian].

Russko-kashgarskiye otnosheniya v 60-kh-70-kh gg. ХІХ v. Dokumenty I izvlecheniya / Sost. S.V. Moiseyev. [Russian-Kashgar relations in the 60s-70s XIX century Documents and Extractions / Comp. S.V. Moiseev] – Barnaul: «Azbuka», 2008. – 236 p. [in Russian].

Saray M. Rus Işgali Devrinde Osmanli Devleti ile Turkistan Hanlikliklari Arasindaki Siayasi Munasebetler (1775-1875). – Ankara: Turk Tarih Kurumu Basimevi 1994. – 181 s.

Yavuz N. XIX. Yüzyilin Ikinci Yarisinda Kaşgar Emirliğiyle Osmanli Devleti Arasindaki Ilişkiler ve Ali Kazim Ibrahim Efendinin Layihasi // Gazi Üniversitesi Cazi Eğitim Fakultesi Dergisi. – 2003. – №2. – 41-60 s.

Fan Ven-lan. Novaya istoriya Kitaya. 1840 – 1901. – T.1. /Perevod s kitayskogo R.V. Vyatkina, B.G. Muradova.[Fan Wen-lan. New history of China. 1840 - 1901. - Vol. 1. / Translated from Chinese by R.V. Vyatkina, B.G. Muradov] – M.: Publishing house of foreign literature, 1955. – 600 p.[in Russian].

Halıd Q. Tauarıh hamsa (Bes tarıh). – Almaty: «Qazaqstan», 1992. – 304 b.

Hodzhayev A. Tsinskaya imperiya, Dzhungariyai Vostochnyy Turkestan (kolonial'naya politika Kitaya vovtoroy polovine ХІХ v.). [Khodjaev A. The Qing Empire, Dzungaria and East Turkestan (the colonial policy of China in the second half of the 19th century) ]. – M.: "Science", 1979. – 128 p. [in Russian].

МРНТИ: 03.09.55

НЕКОТОРЫЕ ПРОБЛЕМЫ,  ОТНОСЯЩИЕСЯ К РАСПАДУ ГОСУДАРСТВА ЙЕТТИШАР В ВОСТОЧНОМ ТУРКЕСТАНЕ

А.М. Сманова¹, Г.О. Чаргынова²

¹к.и.н., доцент Казахский национальный женский педагогический университет. Казахстан, г.Алматы.

²PhD доктор, ст.преподаватель Казахский национальный женский педагогический университет. Казахстан, г.Алматы.

Аннотация. В этой статье рассматриваются некоторые вопросы, связанные с разрушением государства Семиградие (Йеттишар) на территории Восточного Туркестана во второй половине XIX века. По началу местное население было уверенно в формировании и укреплении государства Йеттишар в Восточном Туркестане. Основатель государства Йеттишар Якупбек Бадаулет был представителем среднеазитских народов, и этот факт тоже вызывал чувство гордости у местного населения. Однако социально-политическая ситуация в Цинской империи (восстание тайпинов, уйгуров, дунган и т.д.) отрицательно повлияла на развитие государства Йеттишар. Помимо социально-политического кризиса, разгильдяйство чиновников Цинской империи, их беззаконные действия еще больше усугубили положение населения, и это стало причиной восстания в Синьзяне. Неразвитость государственной структуры государства Йеттишар и скорая кончина Якупбека Бадаулета привели к разобщенности среди населения, что позволило Цинской империи снова вмешаться в управление государством.

Ключевые слова: Центральная Азия, Якупбек Бадаулет, Восточный Туркестан, Китайская империя, распад государства Йеттишар.

IRSNI: 03.09.55

SOME ISSUES RELATED TO THE COLLAPSE OF YETTISHAR STATE IN EASTERN TURKESTAN

Aigul M. Smanova¹, Gulzada O. Chargynova²

¹PhD Associated Professor at theKazakh National Women`s Teacher Training University. Kazakhstan, Almaty.

²PhD doctor, Senior Lecturer at Kazakh National Women`s Teacher Training University. Kazakhstan, Almaty.

Abstract. This article discusses some issues related to the collapse of Yettyshar state on the territory of East Turkestan in the second half of the 19th century. At first, the local population was confident in the formation and strengthening of the Yettyshar state in East Turkestan. The founder of the state, Yakupbek Badaulet was a representative of the Central Asian peoples, and this fact also caused a sense of pride in the local population. However, the socio-political situation in the Qing Empire (the uprising of the Taiping, Uyghurs, Dungans, etc.) affected the development of Yettishar state negatively. In addition to the socio-political crisis, the slovenliness of the officials of the Qing Empire, their lawless actions even more aggravated the situation of the population, and this led to the uprising in Xinqiang. The underdevelopment of the state structure of the Yettyshar state and the quick demise of Yakupbek Badaulet led to fragmentation within the population and allowed the Qing Empire to intervene in government again.

Key words: Central Asia, Yakupbek Badaulet, East Turkestan, Chinese Empire, the collapse of Yettishar state.

No comments

To leave comment you must enter or register