Аңдатпа. Мақалаға ҚР Президентінің Архивіне сақтауға алынған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты деректер енгізілді. Оның өз қолымен Архивке өткізген жеке қорының құрамындағы құжаттар да мақала арқауына айналды. С.Қ. Нұрмағамбетовтың жеке қорының құжаттары ҚР Ұлттық архив қорының ажырамас бір бөлігі ретінде Қазақстан тарихының елеулі бір бетіне айналуда. Қазақстан КП Орталық Комитетінің, ҚР Президентінің қорларында сақталған дереккөздерде Халық Қаһарманының өмірбаяндық, қызметтік сипаттары айқындалады. С.Қожахметұлының балалық шағы, Кеңестік әскердің құрамында Ұлы Отан соғысына қатысуы, Орта Азия Әскери округінің қолбасшылығында қызмет атқаруы, Тәуелсіз Қазақстанның дербес әскерін құру жолындағы ерен еңбегі туралы архив деректері мен мемуарлық әдебиеттер негізінде баяндалды. Мақалаға енгізілген құжаттардың басым бөлігі ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізіліп отыр.