Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_88

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_88

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(28), 2021

Tags: ұлттық идея, мәдени ассимиляция, мерзімді басылым, этникалық болмыс, Алаш, зиялылар мұрасы, ұлттық код, қазақ интеллигенциясы
Author:
Ә.Б. Сейткен¹*ID
¹әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы 
*Автор-корреспондент 
E-mail: seytken98@mail.ru (Сейткен) 
Аңдатпа. Ұлт зиялылар мұрасы мәселесі Отан тарихы мазмұнында ерекше өзекті проблема болып есептелінеді. Соған сәйкес, ғылыми мақала қазақ зиялыларының ұлттық сана-сезімді нығайтудағы рөліне арналады. Өткен ғасыр еншісіндегі Ресей патшалығының қол астында өз құндылықтарынан, ана тілінен, ділінен айырылған этносқа айналып кетудің алдын алып, орыстандыру мен вестернизациялау мәселесінде өзіндік ұлттық кодын сақтап қалуға талпыныс жасаған зиялылардың жан-жақты зияткерлік әрекеттері талданады. Халыққа үндеу тастау арқылы жақын болуға тырысып, мерзімді басылым беттерін коммуникация есебінде пайдаланған ұлт зиялыларының өз халқының құндылықтарын сақтай отырып, заман ағымымен ілесуге көмектесетін жаңашылдықтарға бет бұрған бастамаларына да көңіл бөлінген. Ұлт зиялыларының осы мәселедегі рөлі мен таңдаған бағыты туралы көзқарастарға салыстырмалы талдау жүргізіліп, нәтижесінде қазақ зиялыларының өз дәстүрі мен заманауи құндылықтарды сәйкестендіруге арналған құнды идеялары болғандығы негізделеді.
Түйін сөздер: Алаш, зиялылар мұрасы, қазақ интеллигенциясы, ұлттық код, этникалық болмыс, мәдени ассимиляция, мерзімді басылым, ұлттық идея. 
Text:

Кіріспе.Бүгінде ерекше көңіл бөлінген, аталмыш бір халықты келесі бірінен айрықша етіп көрсететін, тарихи құндылықтарымен ерекшеліктері бар, өзіндік бітім-болмысын айқындап тұратын ұлттық код маңыздылығы өткен ғасырдың өзінде-ақайрықша байқалған еді.

Ұлттық код – белгілі бір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, мінез-құлқын, арман-тілегін, тілі мен ділін, өмір сүру негіздерін толық қамти алатын ерекше модель, сондықтан да өз алдына мемлекет болуды аңсаған, патша үкіметінің қойнауында қалып кетуден, өз халқының құндылықтарынан айырылып қалудан сақтанған ұлт зиялыларымыз орыстандыру мен бірыңғай еуропаландырудың жетегінде қалып кетудің алдын алуға, қазақтың ұлттық кодын сақтауға тырысты.

Кеңестік кезеңнің өзінде, оның зұлмат жылдарында да қазақ өз болмысынан толық айырылған жоқ. Азаматтардың жаңа формациясын – «Кеңес халқын» құруға бағытталған іс-шаралар сәтсіз аяқталды. Өте қарқынды, күрделі процестер болды, бірақ қазақ қазақ болудан тайынбады, өз тағдырының бірлігін, салт-дәстүрінің, мәдениетінің, тілінің бірлігін сезінуді тоқтатпады. Кеңес өкіметі, мәдениет пен өнер, ғылым мен білім арқылы қазақтарды ассимиляциялаушы рөлін өте сәтті орындады. Бірақ, ассимиляцияның өзінде қазақ тілінің, ұлттық сана-сезімнің, ұлт зиялыларының қызметінің болуы мәдени кодтардың, дәстүрлердің, тарихи жадының, мәдениеттің, діни мәдениет негіздерінің минималды түрде беріліп, сақталып тұруын қамтамасыз етті. Ал толықтай ассимиляциялау шаралары күшейтілген тұста, жады мен руханияттың жинақталған жүгі қазақ наразылығының өсуіне, әлеуметтік қарсыластыққа әкеп соқтырды.

Ұлттық отаршылдық езгінің күшеюі, патшалықтың аграрлық саясаты, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өміріне капиталистік қатынастардың енуі қазақ халқының ұлттық санасының өсуіне түрткі болды. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс әркелкі басталып, әртүрлі идеялық-саяси ағымдар болды, олардың өзегінде Петербург, Мәскеу, Қазан, Томск, Омбы, Орынбор қалаларындағы жоғары оқу орындары мен мектептерін бітірген ұлт зиялылары тұрды.

Негізгі, аграрлық мәселе бойынша жерге мемлекеттік меншікті жойып, оны қазақтардың меншігіне беруді, жерді сатуға тыйым салу талап еттіле бастады. Өлкенің қоғамдық-саяси өмірін дамыту саласында либералдық-демократиялық бағыт қоғамның эволюциялық дамуын жақтады. Жалпы, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуына әртүрлі көзқарастар болғанымен, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті өз беттерінде қазақ халқының ұлттық идеясы мен мүддесін көрсете білді.

Бақытымызға орай, процестер қарама-қарсы циклдармен жүрді: КСРО біртіндеп бұрынғы қуатын жоғалтып жатса, қазақылық өсіп, күшейе берді.

Материалдар мен әдістер. Зерттеудің әдіснамалық негізін тарихтың теориялық және әдіснамалық негіздері құрайды. Жұмысты жазу барысында тарихи салыстыру әдісі мен эмпирикалық әдістер, тағы басқа кәсіби әдістер қолданылды.

Мәліметтерді саралау барысында, ұлт зиялыларының әрекеттеріне тікелей тоқталмас бұрын жалпы ұлттық идеяны қалыптастырушы «ұлттық қозғалыс», «этноұлтшылдық» идеясын сараптауға көңіл бөлінді. Соған орай,, салыстырмалы әдісті қолдану арқылы М. Хрохтың талаптары мен еуропалық тарих беттеріндегі жағдайларға анализ жүргізілді.

Негізгі мәтін тарихи-генетикалық әдістерге сүйеніп қалыптасты. Тарихи-генетикалық әдіс зерттелетін құбылыстың шығу тегі, яғни пайда болуы мен дамуын талдауды қамтығандықтан, оқиғаның қалыптасып, өрбуін көрсету мақсатында таңдап алынды.

Зерттеу материалы ұлт зиялыларының еңбектері мен тақырып аясындағы тарихнамалық зерттеулер негізінде жинақталды.

Талқылау. Жалпы, осы кездегі ұлт зиялыларының әрекетін нақтылаған бағыттары бойынша зерттеулерде әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Оларды нақты төмендегіндей бөліп көрсетуімізге болады:

Жәдидшілдік бағыт

Түркофильдер (түркішілдер)

Еуропалық бағыт

Патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Түркі халықтарының ерікті әрі өркениетті болуын көздеді.

Мұсылманша білім алғандар, дінге басым көңіл аударушылар

Орысша білім алғандар, еуропалық мәдениет сатысымен дамуға сенім білдірушілер

Мәселен, Алаш қозғалысы жәдидшілдіктің ұлттық нұсқасы болды деген де пікір бар. Абай Құнанбаевтың есімі қазақ жәдидшілдігінің бастаушысы ретінде де аталады. «Қазақстан тарихында ағарту қозғалысының өкілдеріне көбінесе «жәдидшілер» емес (бірақ, бұл термин сол дәуірдегі қазақ баспасөзі мен публицистикасында да кездеседі), «оқыған», «жаншыл», «зиялығ» (мағынасы: білімді, жаңашыл, тәрбиешілер) деген анықтама берілген (Нұртазина, 2008).

Негізінен, қазақтың ұлттық қозғалысын жәдидшілдікпен сәйкестендіруге келмес. Алаш көсемдерінің өздері де түркі интегралисттері – жәдидтермен келіспеушіліктерін жасырмады. Қазақтың батысшылдық өкілдері ортақ түркі елдерінің бірігуін армандамады, орыс өркениеттік кеңістігінен кетуге тырыспады, өз халқының болашағын империяның саяси жүйесін ырықтандырумен байланыстырып, қазақ халқының азаматтық теңдігіне ұмтылды, қазақтардың көшпелі шаруашылығына нұқсан келтірген шаруалардың қоныс аударуының тоқтатылуын қалады. Сонымен қатар дін мен білімді, саясат арасын бөле қарауға назар аударды.

Ал, келесі екі бағыт жоғарыда атап көрстілгендей, зерттеулерде де сол сипатта қамтылып өтіледі. Көбіне, бұл бағыттардың барлығы белгілі мәселе аясында бірлесе қалыптасып, дамытылған деп жалпылама қарастырылады. Мәселен, Т.А. Уалиевтің мақаласында келесідей пікір көтеріледі: «Қазақ зиялыларының пайда болуы белгілі бір кезеңде Аймақты қарқынды отарлау фонында этникалық консолидация процесімен тығыз байланысты болды.

Зерттеу нәтижелері. Жоғарыда (кіріспе бөлімі) салыстырмалы әдіс бойынша ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы мен талаптарына сараптама жүргізілгендіктен, алған нәтижелер соның аясында қазақ ұлт зиялыларының әрекетін де көрсетуге септігін тигізді.

Қазақ ұлттық қозғалысының бастауы XIX-XX ғасырлар тоғысындағы көшпелілер қоғамының әлеуметтік-экономикалық дағдарысынан қатты үрейленіп, мерзімді баспасөз беттерінде ұлттық мүддені қорғауға тырысқан, қалыптасып келе жатқан халық зиялыларының аскетизмінен бастау алады және олардың қоғамдық қызметінде Хрох «классикалық ұлттық қозғалыс» алға қойған талаптардың үш тобын анықтайды:

1) жергілікті тілге негізделген ұлттық мәдениетті дамыту және оның білім беруде, мемлекеттік және экономикалық өмірде қалыпты қолданылуы;

2) азаматтық құқықтарды және саяси өзін-өзі басқаруды алу - алдымен автономия түрінде, ақыр соңында тәуелсіздікке қол жеткізу;

3) бүкіл этникалық топқа енетін және білімді элиталарды, бюрократиялық және кәсіпкер таптарды, сонымен қатар қажет болған жағдайда еркін шаруалар мен ұйымдасқан жұмысшыларды қамтитын толық әлеуметтік құрылымды құру» (Хрох, 2002: 124-125).

Еуропалық ұлттық қозғалыстар тарихын салыстырмалы талдау этноұлтшылдықтың дамуындағы үш кезеңді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:

- Алғашқы кезеңде ұлттық қозғалыс белсенділері тарихи, мәдени және тілдік дамудың ерекше белгілерін мұқият зерттеп, оларды абсолюттендіріп, ұлттық ерекшелік идеясын өз руластарының санасына енгізумен ерекшеленеді;

- Екінші кезең – «ояну», белсенділердің жаңа ұрпағы ұлт құру жоспарын жүзеге асыру үшін өз жақтастарын жасырын жұмылдыра бастайды;

- Үшінші кезең – ұлтшылдардың өз «электоратын» иемденуімен сипатталады. «Тек осы соңғы кезеңде, - деп жазады М. Хрох, - аяқталған қоғамдық құрылым өмірге келді және қозғалыс консервативтік-клерикалдық, либералдық және демократиялық қанаттарға бөлінді, олардың әрқайсысының өз бағдарламасы болды» (Хрох, 2002: 129). Мемлекет құрудың табысты болуы жазба тілдің дәстүрлерін, мемлекеттілік тарихындағы болмыс жадысын және жеткілікті тәуелсіз және ықпалды ақсүйектерді қамтитын «бастапқы» ресурстардың болуына байланысты болды (Хрох, 2002:128).

Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев, Алаш зиялылары мен тағы да басқа зиялылар орыс ғалымдары Григорьев сияқты қазақ қоғамының қазіргі этно-ұлттық санасының қалыптасуына әкелген бетбұрыстың бастауында тұрды. Олардың дүниетанымы қазақтардың этно-ұлттық бірегейлігін сақтай отырып, жалпы мәдени-саяси кеңістікке ену қажеттігін сезінуге негізделді.

Т. Рысқұлов тоқталып өткендей «жаңа ұлт бола бастаған елге, оның ішіндегі қанаушы бетке шығарларына ұлт зиялылары керек бола бастайды. Сонымен қазақта ұлт зиялылары шығады. Зиялылардың өзі екі түрлі тәрбие алғандардан құралады: бірі – орыс мектептерінде оқып, орыс тәрбиесін алғандар, екіншісі – мұсылман медреселерінде оқып, мұсылманша тәрбие алғандар» (Рыскулов, 1927).

Ұлттық идеяны халықпен тығыз байланыста болған, оны жаңғырту, жалпыұлттық өмір сүру мақсатында ағарту қажеттігін айқын сезінген тар шеңбердегі ағартушы зиялы қауым алға тартты. Бөкейханов та қазақ қоғамын өркениеттік қайта құрудың әртүрлі үлгілеріне бағытталған екі қоғамдық-саяси ағымның қалыптасуына тоқталып өтеді. Бірінші бағыт діни ұстанымдарды енгізуге және исламның әлеуметтік-мәдени құндылықтары мен нормаларын жаңарту арқылы этносты жаңғыртуға бағытталған. Бөкейханов исламдық жаңаруды жақтаушыларды түркофильдер – исламшылдар деп атады. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстігіндегі этно-діни тұтастық ықпалы ерекше байқалды. Асфендияров ХІХ ғасырдың 90-жылдары – ХХ ғасырдың басында Қазақстанда пантүркисттік бағыт үстемдік етіп, татар буржуазиясы мен дінбасыларының ықпалы күшті сезілді деп есептеді (Асфендияров, 1936: 46). Ш. Лемерсье-Келькеже де ХІХ ғасырдың аяғында «түркестандықтардың» жаңа этно-аймақтық бірегейлігінің қалыптасу мүмкіндігін жоққа шығармайды және бұл бағыттың «жоғарғы тап» өкілдері арасында тарағандығын атап өтеді: «...ауыл тұрғындары арасына қарағанда қалалық интеллигенция арасында таратылды. Оның пайда болуы Түркістанның орыс оккупациясындағы тұрғындарының этникалық-саяси бірлігі тікелей халықтың аман қалуының бірден-бір құралы екенін түсінумен байланысты болды» (Лемарсье, 1984: 19).

Аталмыш мәселеге қатысты, Т. Рысқұлов «Қазақстан» кітабындағы 5-ші бөлімінде «оқығандардың шығуына» тоқталып өтеді: «1905-ші жылдың төңкерісіне шейін әлгі қазақта екі түрлі бағыт ұстаған зиялылар болды. Уалихан ұлы Шоқан, Алтынсары ұлы Ыбырай, Уалихан ұлы Ғази сияқты оқығандар, қара бұқарадан үздік шығып орыс зиялыларымен араласты. Бұлар орыс үкіметінің көмегі мен қазақ халқын Еуропа мәдениетіне жеткізуге тырысты. Басқалар татар, башқұрт тағы бөтен мұсылман медреселерінде тәрбиеленіп, қазаққа күн шығыс мұсылмандарының мәдениетін жәйіп, сонымен қазақты ел қатарына кіргізбекші болды. Мұның әуелгілері қазақ тұрмысын, оның кемшіліктерін (әсіресе Сібір мен Дала облыстарының жәйін) орыс баспасөзі бетінде жазып шығаруға тырысады. Бірақ баспасөз жолының тарлығы себепті, олар ұстаған бағытын өркендете алмады» (Рыскулов, 1927).

Бөкейхановтың айтуынша, «түркофильдерден» екінші шетте орыс әдебиетінде тәрбиеленген, еуропалық мәдениетке сенетін, атамекеннің бақытын батыс мәдениетінің жемісін салауатты өмірге енгізуден көріп, діни мәселелерді екінші орынға қоятын зиялы қауым тұрды (Букейханов, 2009: 308). Батыстық бағыт буржуазиялық құқықтар мен бостандық үшін күресуге ұмтылды. Қазақтар арасынан шыққан мұсылман интегралисттері мұсылмандық партияларды үлгі етіп алып, олардың қызметіне қосыла бастаса, батыстық үлгідегілер – орыс либералдық партияларын таңдаған (Букейханов, 1910: 599). Бұл құбылысты Рысқұлов «ол кезде қазақтың елінде болсын, зиялыларында болсын, саясат партия жоқ еді. Тек әлеумет қызметкерлерінің түрлі жігі Ресейдің сол кездегі түрлі саясат партияларына құр тілеулес қана еді. Мәселен ең ұлтшыл зиялылар, бастығы Бөкей-хан ұлы Әлихан болып, Ресейдегі ең мықты партия болған, Кадет партиясына қосылды. Сол кадет партиясы арқылы әлгілер өз мақсатына жетпек болды. Ұлтшыл зиялылардың сол қанаты Ресейдің сатсиалшыл партияларына қосылғысы келді. Бірақ анық қосылып, ол бағытта қызмет еткені болмады»-,деп нақты сипаттап береді.

Бөкейханов үміті үзілген қазақ көшпенділерінің басым бөлігінің саяси немқұрайлылығына тоқталып: «Кең ауқымды бұқара, барлық жердегі сияқты, саяси мәселелерде бейтараптық танытып, біздің панисламдық түркофильдер негіз болған діни мәселелерге ғана әлсін қызығушылық танытты» (Букейханов, 2009: 308-309).  Бөкейханов қазақ халқының білімді де белсенді бөлігінің арасында «панисламистік түркофильдердің» ықпалының күшеюінің себебін «Қырғыз даласында әлі де билік жүргізіп келе жатқан тітіркендіргіш саясаттан көрді, соңғысы батыстың білімі мен мәдениетіне күдікпен қарады» (Букейханов, 2009: 309). Әлеуметтік әділдік пен тұрақтылыққа, қоныс аудару қоры үшін жерді тартып алуды тоқтатуға және орыс қоныстанушыларымен қарапайым іс жүзінде теңдікке ұмтылған білімді қабаттың батыстанған бөлігі ұлттық сана-сезімге ерекше мән берді.

Осы тұста, Алаш зиялыларының жандануы ерекше маңызға ие құбылыс болды. Өз халқының мүддесі үшін күрескен ұлт зиялылары қоғамдағы маңызды әр мәселе аясын қамтып өтуге тырысып, өз бағдарламасын да жасады.

«Алаш» партиясының бағдарламасы 1917 жылы «Қазақ» газетінде жарияланып, 10 тармақты қамтыды:

1. Мемлекет формасы. Ресей демократиялық, федеративтік республикаға айналуы керек (демократия – халық билігі, федерация – шағын мемлекеттердің одағы). Федеративтік республикадағы әрбір жеке мемлекет автономды болып табылады және бірдей құқықтар мен мүдделер негізінде өздігінен басқарылады. Үкімет басында Құрылтай жиналысы, арасында – Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі бір жылдарға сайлайтын Президент тұрады. Президент Министрлер Кеңесі арқылы басқарады және Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума алдында жауапты болады. Заң шығарушы билік үкіметті бақылауға құқығы бар Мемлекеттік Думаның ғана қолында шоғырланған. Кез келген адам шыққан тегіне, дініне және жынысына қарамастан сайлау құқығын пайдаланады. Депутаттарды сайлау тікелей тең және жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

2. Жергілікті еркіндік. Қырғыз автономиясы облыстардан тұрады және басқа этностармен тең дәрежеде Ресей Федерациясының құрамына кіреді. Қолданыстағы земстволардың барлығы бұрынғы қалпында сақталған. «Алаш» партиясы болыстық және ауылдық соттарда қызмет ететін барлық адамдардың адал, халыққа пайдалы болуын қамтамасыз етуге күш салады. Земстволық кеңестерде, милицияда жұмыс істейтіндердің мәселелерін халық шешеді. Партия халықтың әл-ауқаты мен мәдениетін құруға ұмтылады.

3. Негізгі құқықтар. Ресей Федерациясында теңдік, жеке қол сұғылмаушылық және сөз, баспасөз және одақтар бостандығы бар. Қызметкерлер иесінің рұқсатынсыз ешқайда бара алмайды. Айыптаусыз және жауапсыз сот қамауға ала алмайжы және айыптай алмайды; барлық жергілікті істер 24 сағат ішінде қаралуы керек. Қылмыс болған жерде сот болмаған жағдайда, соңғысына бір апта ішінде айыпталушыға қатысты өз шешімдерін қабылдау құқығы беріледі. Басқалардың хаттарын ашқан және оқығандардың барлығы жазаланады, ал біріншісіне айыппұл салынады.

4. Дін. Дін мемлекеттен бөлінуі керек. Барлығы еркін және тең болуы керек. Қырғыздарда бөлек мүфти бар. Неке қию, туу, өлу, ажырасу деректері қырғыз молдаларында қалады.

5. Әділет және сот. Әрбір халықтың нанымдары мен үкімдері әдет-ғұрыпқа сәйкес болуы керек; судьялар жергілікті тілді білуі керек. Халқы аралас аймақтарда жауап алу және сот шешімдері сол аумақта көпшілікті құрайтын адамдардың тілінде жүргізілуі керек. Барлық халықтар сот алдында тең. Құдайдан кейінгі ең құдіретті билер мен судьялар екенін ескере отырып, сондықтан олардың шешіміне әркім бағынуы керек. Сот шешімдері дереу орындалуға тиіс. Сараптамалық сот міндетті түрде алқабилердің қатысуымен болуы керек, ал егер сот қырғыз халқы бар аймақтарда өтіп жатса, онда ол қырғыз тілінде және барлық отырғандар қырғыздар болуы керек. Даладағы үкім халықтың барлық әдет-ғұрпына сай болуы тиіс.

6. Елді қорғау. Халықты қорғау үшін қазіргіден бөлек негізде ұйымдастырылған әскер болуы керек. Әскери міндеттілердің оқуы мен қызметі сол жерде өтуі керек. Армияны бөліктерге бөлу соған байланысты жүргізілсін; Қырғыздар атты әскер ретінде қызмет етуге жіберілсін.

7. Салық. Салық жалпы байлық дәрежесіне және мүліктік жағдайына қарай алынуы керек; бай көп төлейді, кедей аз төлейді.

8. Жұмысшылар. Еңбек заңнамасы жұмысшылардың пайдасына негізделген болуы керек. Қырғызстанда фабрикалар мен зауыттардың, демек, жұмысшылардың аз екендігін ескере отырып, Алаш партиясы бұл мәселеде социал-демократтар меньшевиктерінің бағдарламасын қолдайды.

9. Ғылым, ілім, білім. Қоғамдық білім баршаның меншігі болуы керек. Барлық оқу орындарында білім алу тегін. Бастауыш мектептерде оқыту ана тілінде жүргізілуі керек. Қырғыздардың өздерінің орта және жоғары оқу орындары, соның ішінде университеттері болуы тиіс. Мектеп автономды болуы қажет: үкімет мектептің ішкі өміріне араласпауы керек. Барлық оқытушылар (мұғалымдар) мен профессорлар сайланады. Жергілікті жерлердегі ағарту оқу үйлері арқылы жүргізілсін.

10. Жер мәселесі. Құрылтай жиналысында жер туралы заңды әзірлеген кезде жерді ең алдымен жергілікті тұрғындарға беру негіз болуы керек. Қоныс аударушы-шаруаларды бөлу, жергілікті халық меншігін толық үлестіру арқылы жасалмауы керек. Бұрынғы қырғыздардан тартып алынған барлық жерлер қайтарылуы тиіс. Қырғыздар жергiлiктi комитеттер арқылы құнарлы жердi алуы қажет. Жеке жер учаскелері тек земствоға тиесілі болуы керек, ал халықтың көбеюіне байланысты олар жаңадан келгендер үшін бөлінеді, яғни үлестіру осы жерлер арқылы жүзеге асырылады. Түркістанда жер телімдерімен қатар су телімі де болуы қажет. Жалпы жерді пайдалану аудан, ауыл тұрғындары жерді жеке жанұя емес, ру бойынша пайдаланатындай болуы керек. Жерді сатуға қатаң тыйым салынады. Жердің барлық байлығы: үлкен ормандар, өзендер мемлекет меншігінде және земствоның басқаруында болады.

«Алаш» партиясы бағдарламасының барлық негізгі тармақтары, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағарту, діни және басқа да мәселелерді тұжырымдауда прогрессивті сипатта болды.

Олкотт қазақ ұлттық жаңғыруының өкілдерінің көзқарастарын реформаторлық исламшылдық пен батысшыл ұлтшылдықтың үйлесімі ретінде сипаттайды: «Олар қазақтардың көшпелі шаруашылығын өзгертуді және қазақ халқының империяның негізгі ағымына қосылуын жақтағанымен, мәдени автономияны сақтап қалу, қазақ әдеби тілін сақтау мен өз тарихын жазуды дамытуға ерекше назар аударған. Олар исламның қазақ мәдениетіне деген ерекше көзқарасын қабылдады, бірақ заманауи білім беруді енгізу үшін оның ықпалын азайту мәселесіне де көңіл бөлген» (Olcott, 1980: 200)

Сонымен бірге қазақ даласында түркі-мұсылман жобасын жақтаушылар мен батысшылдар арасында татарлар мен Орта Азия халықтары арасында болғандай өткір бақталастық болған жоқ. Осыған назар аударған М.Б. Олкотт: «Қазақтың дәстүрлі діни элитасы мен 1905-1906 жылдардағы жаңа қазақ интеллигенциясы ортақ мақсаттарға жету үшін өзара келіспеушіліктерді кейінге қалдырудың дұрыс екенін бір мезгілде түсінді» деп көрсетеді (Olcott, 1995).

Айта кетерлігі, қазақ қоғамының одан әрі даму болашағын түсінуде келіспеушіліктер болғанымен, түркі интегралисттері мен этноұлттық жобаны қолдаушылар мерзімді басылым беттерінде ұлттық мүддені бірге қорғады.

Қазақ элитасының батыстанған бөлігі қазақ халқының этно-ұлттық санасын көтеруге бағытталған әрекеттер жасады. Зиялы қауымның ұлттық бағыттағы бөлігі түркі-мұсылмандық интегрализмін жақтаушыларға қарағанда өзекті мәселелерге арналған мақалалар жариялау және халықты жұмылдыру арқылы қазақ халқының мүддесін қорғауға, жалпы өз жұмыстарына басты назар аударды. Алғашында қазақ элитасының этноұлттық жобасы саясаттандырылып, тек ағартушылық қана емес, қазақ әдеби тілін жасау және этникалық тарихты жазу негізінде этникалық ынтымақтастығын қалыптастыру, азаматтық сезімді тәрбиелеуді көздеді.

Қазақ зиялыларының оқу-ағарту жұмыстары қазақ әдеби тілі мен өз графикасын жасауға түрткі болды, одан қазақ тілінде баламасы жоқ араб әріптері алынып тасталды. Қазақ тілін татар тілі мен шағатай түрікінен бөлек, ерекше тіл деп есептеген Ыбырай Алтынсарин бастаған орасан зор істі Ахмет Байтұрсынов аяқтады. Этноұлттық жобалардың табысты болуы үшін әдеби тілдер мен оларға бейімделген жазба тілдің жасалуының маңызы зор екендігі мәлім болды. Қазақстанда бұл көптеген түркі халықтары үшін белгілі бір деңгейде стандартталған және міндетті тіл болған шағатай тілінің ығысуына әкелді. Түркі тілінің қолданыс аясының қысқаруы қазақ әдеби тілінің құрылуымен және оның араб, парсы сөздерінен тазаруымен қатар жүрді. Бұл қазақ элитасының ұлттық сана-сезімді нығайтудағы маңызды бір қадамы болды.

Ұлт зиялыларының баспа беттерін халық мүддесі үшін қолдануы

Қазақ зиялы өкілдері баспасөзбен жұмыс істеуге көп көңіл бөлді. Оның тәрбиелік бағытымен қатар, мақсаты – халыққа қазіргі саяси жағдайды, елдің дамуын, тәуелсіздікке деген ұмтылысты түсіндіруге негізделді.

Алаш партиясы төңірегіне топтасқан ұлттық зиялы қауымның аталмыш мақсатқа жетуде еңбегі зор болды. Олар саясаткерлер, жасампаз идеяларды жеткізушілер, ғалымдар мен іскер адамдар еді. Сол қоғамдағы орны арқылы – жер мәселесі, жер асты байлығын қазақ халқының игілігіне жарату, ұлт бірлігі, ұлттың рухани тұғыры, дербес ғылымы мен ұлттық көзқарасының дамуы сынды идеяларды алға тартып, өз халқаның мүддесі үшін күресті.

 Нәтижесінде, Алаш қайраткерлерінің қатысуымен қазақтың бірегей газет-журналдары шыға бастады. Олар өзекті мәселелерді қозғайтын жаңа рухани шығармашылық орта қалыптастырып, сол арқылы қазақ баспасөзінің жандануына септігін тигізді.

ХХ ғасырдың басына дейін қазақ тіліндегі баспа басылымдары ресми сипатқа ие болды және оларды шығару жергілікті әкімшіліктің бақылауында еді. 1870-1882 жылдары Ташкентте Түркістан генерал-губернаторлығының ресми басылымы – «Туркестанский ведомости» басылымына қосымша ретінде шығатын «Түркістан уәлаятының газеті» шықты. Газет айына төрт рет қазақ және өзбек тілдерінде кезектесіп шығып тұратын. 1888 жылы Омбыда «Ақмола облыстық ведомостьіне» арнайы қосымша ретінде «Дала уалаятының газеті» 1894 жылға дейін шығарылды, 1900 жылға дейін «Ақмола, Семей және Жетісу облыстық ведомостьілеріне» қосымша ретінде «Қырғыз степная» деген атпен газет шығып тұрды және ол 1902 жылы жабылғанға дейін – «Ақмола облыстық ведомости» қосымшасы ретінде шығарылған. Бұл басылымдарда Е.Абылайханов, Д.Сұлтанғазин, Р.Дүйсенбаев, Г.Н. Потанин, М.Ж. Купеев, Қ.Бабажанов және т.б. қаламдарын түсіріп отырған. 1895-1904 жылдар аралығында Ә.Бөкейханов Омбыда шығатын «Степной край» қоғамдық-саяси газетімен белсенді қызметтес болды. Сол жылдары Ә.Бөкейханов Дала өлкесінің және Түркістанның басқа мерзімді басылымдарында: «Туркестанские ведомости» (Ташкент), «Дала уәлаятының газеті» (Омбы), «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок» газеттерінде, «Русское богатство», «Русская мысль» және «Жизнь» журналдарында және «Известия Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.», «Записки Семипалатинского подотдела И.Р.Г.О.» сияқты ғылыми жинақтарда белсенді түрде жарияланып тұрған (Аккулов, 2009: 44-45).

Баспа сөзін қазақтың ұлттық қозғалысының негізін салушылар қазақ халқының мүддесін нығайту және қорғау мақсатында белсенді пайдаланып жатты. Мысалы, Ә. Бөкейхановтың 1906 жылы маусымда Ақмола облысының қазақ ауылдарында қарулы орыс шаруа – қоныстанушылары жүргізген, екі жақтан адам шығыны болған қақтығысқа арналған мақалаларын алайық (Букейханов, 2010: 116-119). Осыған ұқсас жағдайларды, қазақ малшыларының құқықтарының жоқтығын сипаттай отырып, Ә.Бөкейханов газет оқитын қазақ ағартушыларының тар тобына, қазақ зиялыларының қазақ халқының теңдігін қамтамасыз ету мен жерді жаппай басып алуды тоқтату жолындағы талпыныстарын қолдаған орыс демократиялық қауымына үндеу тастады. Қазақтардың орыс шаруаларымен және казактарымен тең құқығын, ата-баба жерін сақтап қалу құқығын жоққа шығарған, оның жекелеген өкілдері тұлғасындағы империялық билік қазақ авторларының сынының объектісі болды.

Императорлық биліктің шынайы ұлттық теңдікке ұмтылысының жоқтығына көзі жеткен қазақ зиялылары халықшылдардың тәжірибесінің ықпалымен «халыққа үндеуді» ұйымдастырды.

А.Байтұрсынов қазақ даласындағы қиын жағдайды «мұңды қара бұлттармен» байланыстырды.  Ол «...соңында не болатыны белгісіз, болашақта не күтіп тұрғанын білмейміз.  Жалаң аяқ, басы жалаң, жеңі жоқ, етегі қараусыз, далада шашылып, еш ойланбастан, қарсыластарының тосын әрекетіне дайын болмау...», - деп халықты ұйқыдан «оянуға» жанама түрде шақырады (Мукашева, 2019).

 «Өзгеге көнбеу үшін оқу керек, білімді болу керек, қолөнер керек, бай болу үшін – бірлік керек, мықты болу үшін бірлік керек, соған жету жолында еңбек ету керек», - деп халқының болашағы үшін алаңдаған зиялылар негізгі ұлттық және азаматтық мәселелердің кейбірі жер, тіл, ұлт, дін, билік және сот мәселелеріне ерекше назар аударады (Мукашева, 2019).

Ұлттық қозғалыс белсенділерінің «Оян!», «Оян!», «Пайдалы істерді қолға ал», «Тұр қазақ!» деген сынды үндеулері қазақ тіліндегі кітаптар, парақшалар, газет-журналдар беттері арқылы таратыла бастады (Зиманов, 1970: 40-44). Ең танымалы – ақын М.Дулатовтың 1909 жылы шыққан «Оян, қырғыз» («Оян қазақ») жинағы. Жинақ өлеңдерінде «Зар-Заман» ақындарының ықпалы айқын көрінеді, дегенмен, соңғыларынан айырмашылығы, М.Дулатов туған халқын мәдениеттің заман талабына сай әрекет етуіне бет бұруға шақырды, әйтпесе, олар өз өмірін өзгертпесе, «орыстар ата-баба жерінен ығыстырып, мүлде құрып кететінін» айтты. М.Дулатов өз жинағын күте отырып, халқына келесідей үндеу тастаған:

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты.» (Галиев, 2011: 343), (Дулатов, 1991: 286-287).

М.Дулатов киелі жерлермен де, қазақтың ата-баба жеріне деген құқығымен де санаспайтын жер басып алушылары мен жаңадан келгендердің шапқыншылығынан зардап шеккен қарапайым малшылардың әлеуметтік көңіл-күйін де бейнеледі.

Қайта-қайта тыйым салынған жинақ пайда болған кезде қазақ зиялылары – «халықты ояту» дәстүрін жалғастыра отырып, мерзімді баспасөз беттерінде қазақ халқының мүддесін қорғау мақсатында белсенді ағартушылық және саяси іс-шаралар жүргізді.

1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың наурыз айына дейін Орынборда қазақтың ұлттық батыстанушы интеллигенциясының аузына айналған «Қазақ» апталық газеті шықты. Газеттің жалпы таралымы үш мыңнан сегіз мың данаға дейін болды. С.Д. Асфендияров «Татар буржуазиясының ықпалынан шығып, тіпті «татар үстемдігіне» қарсы шығып, ішінара бостандыққа шыққан қазақ зиялыларының тарихи таңдауы үшін «Қазақ» газетінің шығуына үлкен мән берді: «Қазақ» «ұлттық сезімге» көбірек шақырады, «АйҚапқа» қарағанда, қазақ тілі мен мәдениеті үшін күресу қажеттігін айқынырақ көрсетеді» (Асфендияров, 1936: 68). Газеттің негізін салушылар қазіргі қазақ әдеби тілінің негізін салушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатов болды. Үш-сегіз мың дана таралыммен жарық көрген газеттің белсенді авторларының қатарында қазақ әдебиетінің классигі М.Жұмабаев, сондай-ақ Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Шоқаев та болған.

Газет белсенділерінің бағдарламалық мақсаттары қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау және ағартушылық арқылы этникалық топтастыру, империялық биліктің ассимиляциялық жоспарларына қарсы тұру және қазақ тілі мен мәдениетін дамытуды көздеді. Газеттің редакциялық мақаласында оның тұрақты жетекшісі А.Байтұрсынов «шетелдік» көшіп келушілер ағынынан зардап шеккен қазақ халқының тіршілігіне қауіп төніп тұрғаны туралы жазған. Халықтың болашағы білім мен мәдениеттің кең өріс алуына байланысты деп есептей отырып, А.Байтұрсынов тәуелсіздік жолындағы күрестің табысты болуын ұлттық тіл мен әдебиеттің дамуымен байланыстырады (Аккулулы, 2009: 212-213).

Кейін, Алаш қозғалысының өзегіне айналған газеттің авторлар ұжымы «киргиз» немесе «киргиз-кайсаки» деп таңылған атаудан бас тартып, этникалық бірегейлік пен «казак» этнонимінің өзін сақтауға күш салды. Ә.Бөкейханов «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен жазған «Қазақ тарихы» («Қазақтар тарихы») мақаласында «казак» атауының тек орыс әскерлеріне ғана шоғырланғанын сынға алды. Қызмет класы, қазақтарды өз атын қорғауға шақырып: «...олар осы атауды бере бастағаны үшін біз казак деген атымызды жоғалтпауымыз керек. Сонымен қатар, біз тарихи тамырымызды көтеруге, ағартушылыққа ұмтылуымыз керек, сол арқылы ұлттық ерекше дәстүрлерімізді сақтау және көбейту үшін өткен дәстүр негізінде «казак мәдениетін» және «казак» әдебиетін құруымыз керек». Сонда біз өзіміздің шын атымызды – «Қазақ» атауын сақтай аламыз (Аккулулы, 2009: 212).

Газет шығарудың орта және ұзақ мерзімді міндеттеріне оның авторлары мынадай тармақтарды еңгізген: 1907 жылғы 3 маусымдағы заңмен алынып тасталған қазақтардың сайлау құқықтарын қалпына келтіру; қоныстандыру отарлауына және қазақтарға ата-баба жерлерін одан әрі меншікке беру арқылы қайтаруға қарсылық; «ауылдық мектептерде қазақша сауат ашуға, бұл мектептерде балалар тілінде оқытуға рұқсат беру», «болыс кеңселері мен халық соттарында қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу» арқылы жасырын және ашық «орысшыл» саясатқа қарсы тұру»; қазіргі қазақ мемлекетінің негізін салудың бастамасы болатын дала өлкесінде земствоны (жергілікті өзін-өзі басқаруды) заңнамалық тұрғыдан енгізу және дамыту; қазақтар үшін әскерге шақыруды енгізу қазақтардың қазіргі әскери ғылым мен қару-жараққа жол ашатын бірден бір негізі (Аккулулы, 2009: 212).

Рысқұлов осы тұста ұлт зиялыларының мақсатынкелесідей сипаттап өтеді: «ол кездегі қазақ зиялыларының бағыты «Мәдениетшілдік» еді. Саясат мақсат, саясаттық жол оларда көмескі еді. Қазақ зиялыларының бір қатары Ресейдің либералшыл партияларын жақтап, бір қатары жалпы ісламшыл партияларын жақтап, қай-қайсының болса да түпкі мақсаты патша үкіметіне қарсы тартысу, қазақтың сезімін туғызу, ұлт мәдениетін күшейту еді; сүйтіп ақырында қазақ елінің ойына жетекші болып, оның тізгінін өз қолына алу еді» (Рыскулов, 1927).

Мәдени өмірдің «екі ағыны» туралы атышулы теория «Ресей империясының тікелей отаршылдық билігінің елу жылдық кезеңінде (1868-1917) Қазақстанда интеллигенцияның екі ұрпағының қалыптасуына түрткі болған, біріншісі орыстардың отарлау саясатын қолдаса, екіншісі қазақтың мәдени-саяси автономиясын қорғауға шықты. Бұл топтардың екеуі де модернизацияланған сипатымен ерекшеленді, өйткені олар дәстүрлі қоғамды азды-көпті түрлендіруді жақтады. Ұлттық интеллигенцияның пайда болуының өзі түркі жандануымен, кейінірек жәдидтік қозғалыспен тығыз байланысты болды. Бірақ тарихшы, фольклоршы-этнограф Ш.Уәлихановтан бастап, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне дейінгі аралықта бұл этникалық жаңғыру Еуропаның либералдық, зайырлы құндылықтары мен идеалдарын саналы түрде қабылдаудың арқасында ілесіп, тіпті дамыды» (Уалиев, 2019: 164).

Жалпы, мәліметтер мен көзқарастарды қорытындыласақ, қазақ зиялыларының бойында көзқарастары мен бағыты екіге бөлінсе де әрекеттері мен қоғамға тигізген әсерлері мұсылмандық пен заманауи өркениеттің ортақ шешімін паш етіп тұрғандай болды.

Қорытынды. Халыққа шынайы қызмет етудің мұндай тәжірибесінің тарихта болғаны өскелең ұрпаққа тоқтаусыз айтылуы керек. Алаш қайраткерлерін қаншалықты ұзақ еске алсақ, соғұрлым әділдікті, жанашырлық пен мейірімділікті, айналада болып жатқан оқиғаларға әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізді таныта білу, өзге өркениетке тойтарыс беру сынағынан сүрінбей өтеміз. Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлерінің ғибратты тарихын ұғыну бізді рухтандырып, асқақ сезімге, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке бөлейді.

Ішкі және сыртқы қауіп-қатер, өркениет құндылықтарының дағдарысы жағдайында заманның жаңа сын-қатерлеріне сәтті қарсы тұру, ұлт мүддесін қорғау бүгінгі ұрпақтың парызы. Мықты егеменді Қазақстанды құру зиялы қауымды жаңғыртпай мүмкін емес, сондықтан зиялы қауымның рөлі қазір бұрынғыдан да артып келеді. Бұл – демократиялық құқықтық мемлекет құру жолындағы интеллектуалдық, саналы фактордың рөлі, руханиятты дамыту, әрбір адамның әлеуметтік белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру туралы мәселе.

Осылайша, ХХ ғасырдың басында дүниеге келген Алаш идеясы мен қазақ зиялылары тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп келеді. Уақыт өтер, жаңа ұрпақ келеді, бірақ таяу онжылдықтар мен ғасырларда Алаш зиялыларының қоғамдық ой-пікірлері мен рухани тәжірибесінің лайықты мұрасы қазақ халқына тарих толқынында тірек болады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Асфендияров С.Д. Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. – Алма-Ата: Казахстанское Краевое Издательство, 1936. – 150 с.

Аккулулы Ж.С. Новые сведения о публицистике Алихана Букейханова // Алихан Бокейханов: полное собрание сочинений [в 9 т.] Т. 4 / Сост. Ж. Аккулулы. – Астана: Сарыарка, 2009. – С. 40-56.

Аккулулы Ж.С. Основные периоды жизни и деятельности А.Н. Букейханова / Алихан Бокейханов: полное собрание сочинений [в 9 т.] Т. 1 / Сост. Ж. Аккулулы. –  Астана: Сарыарка, 2009. – С. 178-217.

Букейханов А.Н. Киргизы // Алихан Бокейханов: полное собрание сочинений [в 9 т.] Т. 3 / Сост. Ж. Аккулулы. – Астана: Сарыарка, 2009. – С. 283-313

Букейханов А.Н. Киргизы / А.Н. Бокейханов, под. ред.А.И.Костелянского // Формы национального движения в современных государствах. – Санкт-Петербург: Типография Товарищества «Общественная польза», 1910. – С. 577-600.

Букейханов А.Н. Корреспонденция // Алихан Бокейханов: полное собрание сочинений [в 9 т.] Т. 4 / Сост. Ж. Аккулулы. – Астана: Сарыарка, 2010.– С. 116- 119.

Галиев В.3. Книга, разбудившая народ (Разыскания о Мыржакыпе Дулатове и его сборнике «Проснись, казах!»). – Алматы: Мектеп, 2011. – 528 с.

Дулатов М. Шығармалары. /М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институты ұжымы. – Алматы: Жазушы, 1991. – 384 б.

Зиманов С.З. В.И. Ленин и советская национальная государственность в Казахстане. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 304 с.

Lemercier-Quelquejay Ch.From tribe to Umma / Ch. Lemercier-Quelquejay // Central Asian Survey – 1984. – Vol. 3. – P. 15-26.

Мукашева К. С. Аннотация диссертационного исследования «Казахская публицистика начала ХХ века: национальное картина мира и концепт «Степь». – Алматы: КазНУ. 2019.

Нуртазина Н.Д. Народы Туркестана: проблемы ислама, интеграции, модернизации и деколонизации (на рубеже XIX - XX веков). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 166 с.

Olcott M.B. The Fabrication of the Social Past: The Kazakhs of Central Asia / M. B. Olcott, Myron J. Aronoff // Ideology and Interest: The Dialectics of Politics // Political Anthropology Yearbook I. – New Brunswick: Transaction Publishers,1980. – P. 198-213

Olcott, M.B. The Kazakhs. – Stanford, Calif: Hoover Institution Press, 1995. – 388 p.

Рыскулов Т.Р.Казахстан. – М.: Госиздат, 1927. – 62 с.

Уалиев Т. А. Основы становления казахской символьной элиты конца ХІХ – начала ХХ века/Сибирские татары: материалы Всероссийского (с международным участием) симпозиума, посвященная 100- летию док. ист. наук Фоата Тач-Ахметовича Валеева и 20-летию І Сиб. симп. «Культур. наследие народов Зап. Сибири» (10–12 декабря 2018 г.). – Тобольск: Тобольская типография, 2019. – С. 163-168.

Хрох М. От национальных движений к полностью сформировавшейся нации: процесс строительства наций в Европе. / М. Хрох, Б. Андерсон, О. Бауэр, М. Хрох; пер. с англ. и нем. Л. Е. Переяславцевой, М. С. Панина, М. Б. Гнедовского // Нации и национализм: сб. науч.ст. – М.: Праксис, 2002. – 416 с.

References

Asfendiiarov, S. D. Natsionalno-osvoboditelnoe vosstanie 1916 goda v Kazakhstane [National liberation uprising of 1916 in Kazakhstan]. –Alma-Ata: Kazakhstanskoe Kraevoe Izdatelstvo, 1936. – 150 s. [in Russian].

Akkululy, Zh. S. Novye svedeniia o publitsistike Alikhana Bukeikhanova [New information about the journalism of Alikhan Bukeikhanov] // Alikhan Bokeikhanov: polnoe sobranie sochinenii [Bukeikhanov A. Complete works]. Compiled by. J. Akkululy.(Vols 1-9; Vol. 3). – Astana: Saryarka, 2009. – S. 40-56 [in Russian].

Akkululy, Zh.S. Osnavnye periody zhizni i deiatelnosti A.N. Bukeikhanova [The main periods of the life and work of A.N. Bukeikhanov] // Alikhan Bokeikhanov: polnoe sobranie sochinenii [Bukeikhanov A. Complete works].Compiled by. J. Akkululy.(Vols 1-9; Vol. 1). – Astana: Saryarka, 2009. – S. 178-217 [in Russian].

Bukeikhanov, A.N. (2009). Kirgizy [Kirghiz]. Alikhan Bokeikhanov: polnoe sobranie sochinenii – Bukeikhanov A. Complete works. Compiled by. J. Akkululy.(Vols 1-9; Vol. 3). – Astanа: Saryarka, 2009. – S. 283-313 [in Russian].

Bukeikhanov, A.N. Kirgizy [Kirghiz] // Formy natsionalnogo dvizheniia v sovremennykh gosudarstvakh [Forms of national movement in modern states]. A.I. Kostelyansky (Ed.). – Sankt-Peterburg: Tipografiia Tovarishchestva "Obshchestvennaia polza", 1910. – S. 577-600 [in Russian].

Bukeikhanov, A.N. Korrespondentsiia [Correspondence] // Alikhan Bokeikhanov: polnoe sobranie sochinenii [Bukeikhanov A. Complete works]. Compiled by. J. Akkululy.(Vols 1-9; Vol. 4). – Astana: Saryarka, 2010. – S. 116-119 [in Russian].

Dulatov, M. Shygarmalary [Dulatov M. Complete works] / M. O. Auezov atyndagy Adebiet zhane Oner Instituty uzhymy. – Almaty: Zhazushy, 1991. – 384 b. [in Russian].

Galiev, V. Z.Kniga razbudivshaia narod (Razyskaniia o Myrzhakype Dulatove i ego sbornike "Prosnis, kazakh!") [The book that woke the people (Investigations about Myrzhakyp Dulatov and his collection "Wake up, Kazakh!"]. – Almaty: Mektep, 2011. – 528 s. [in Russian].

 Khrokh, M. (2002). Ot natsionalnykh dvizhenii k polnostiu sformirovavsheisia natsii: protses stroitelstva natsii v Evrope [From national movements to a fully formed nation: the process of building nations in Europe]. Natsiia i natsionalizm – Nations and nationalism. B. Anderson, O. Bauer, M. Khrokh, L.E. Pereyaslavtseva, M.S. Panin, M.B. Gnedovsky; Tsentralno-Evropeiskii Universitet. – М.: Praksis, 2002. – 416 s. [in Russian].

Lemercier-Quelquejay, Ch.(1984). From tribe to Umma // Central Asian Survey. – 1984. – Vol. 3. – P. 15-26.

Mukasheva K. S. Annotatsiia dissertatsionnogo issledovaniia «Kazakhskaia publitsistika nachala KhKh veka: natsionalnoe kartina mira i kontsept «Step» [Abstract of the dissertation research "Kazakh journalism of the early twentieth century: the national picture of the world and the concept of" Steppe "].  – Almaty: KazNU. 2019.

Nurtazina, N.D. (2008). Narody Turkestana: problema islama, integratsii, modernizatsii i dekolonizatsii (na rubezhe 19-20 vekov) [The peoples of Turkestan: problems of Islam, integration, modernization and decolonization (at the turn of the XIX - XX centuries)]. – Almaty: Kazak universiteti, 2008. – 166 s. [in Russian].

Olcott, M.B. The Fabrication of the Social Past: The Kazakhs of Central Asia / M. B. Olcott, Myron J. Aronoff // Ideology and Interest: The Dialectics of Politics // Political Anthropology Yearbook I. – New Brunswick: Transaction Publishers, 1980. – P. 198-213

Olcott,, M.B. The Kazakhs. – Stanford, Calif: Hoover Institution Press, 1995. – 388 p.

Ryskulov, T.R. Kazakhstan [Kazakhstan]. – М.: Gosizdat, 1927. – 62 s. [in Russian].

Ualiev, T. A.(2018). Osnovy stanovleniia kazakhskoi simvolnoi elity kontsa 19 – nachala 20 veka [The foundations of the formation of the Kazakh symbolic elite of the late 19th - early 20th century] / Siberian Tatars [Sibirskie tatary]: materialy Vserossiiskogo (s mezhdunarodnym uchastiem) simpoziuma, posviashchennaia 100-letiiu dok. ist. nauk Foata Tach-Akhmetovicha Valeeva i 20-letiiu І Sib. simp. «Kultur. nasledie narodov Zap. Sibiri» (10–12 dekabria 2018 g.) – Materials of the All-Russian (with international participation) symposium dedicated to the 100th anniversary of Doctor of Historical Sciences Foat Tach-Akhmetovich Valeev and the 20th anniversary of the 1st Siberian Symposium "Cultural Heritage of the Peoples of Western Siberia" (pp. 163-168). –Tobolsk: Tobolskaia tipografiia, 2019. – S. 163-168 [in Russian].

Zimanov, S.Z. V. I. Lenin i sovetskaia natsionalnaia gosudarstvennost v Kazakhstane [Lenin and Soviet national statehood in Kazakhstan]. – Alma-Ata: Nauka, 1970. – 304 s.[in Russian].

МРНТИ 03.20.00

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ КАЗАХСКОЙ ИНТЕЛЛИГЕНЦИИ

ПО СОХРАНЕНИЮ НАЦИОНАЛЬНОЙ ИДЕНТИЧНОСТИ

Ә.Б. Сейткен¹*

¹Казахский национальный университет имени аль-Фараби, Казахстан, Алматы 

*Корреспондирующий автор 

E-mail: seytken98@mail.ru (Сейткен)

Аннотация. В содержании Отечественной истории рольнаследия национальной интеллигенции является весьма актуальной проблемой. В соответствии с этим статья посвящена роли казахской интеллигенции в укреплении национального самосознания. Анализируется всесторонняя деятельность интеллектуалов, стремившихся при российском колониальном режиме сохранить национальный код от угроз  русификации и вестернизации, не допустить потерю этнических ценностей, языка и менталитета. Рассматриваются инициативы национальной интеллигенции, которые использовали прессу как средство коммуникации, пытаясь тесно взаимодействовать с массами; обращается также внимание на модернизационные идеи интеллигенции. Сравнительный анализ взглядов национальной интеллигенции по тематике поставленной проблемы показывает, что у казахской интеллигенции были ценные идеи, направленные на достижение синтеза между своей традицией и современными ценностями.

Ключевые слова: Алаш, интеллектуальное наследие, казахская интеллигенция, национальный код, этническое самосознание, культурная ассимиляция, пресса, национальная идея.

IRSTI 03.20.00

THE ACTIVITIES OF THE KAZAKH INTELLIGENTSIA

IN THE PRESERVATION OF NATIONAL IDENTITY

A.B. Seitken¹*

¹Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty 

*Corresponding author 

E-mail: seytken98@mail.ru (Seitken)

Abstract. In the content of the domestic history, the role of the national intelligentsia’s heritage is a topical issue. In accordance with this, the article is devoted to the role of the Kazakh intelligentsia in strengthening national identity. The author analyzes the comprehensive activities of intellectuals who, under the Russian colonial regime, sought to preserve the national code from the threats of Russification and Westernization, to prevent the loss of ethnic values, language and mentality. The author considers the initiatives of the national intelligentsia, which used the press as a means of communication, trying to closely interact with the masses; attention is also paid to the modernization ideas of the intelligentsia. A comparative analysis of the views of the national intelligentsia on the subject of the problem posed shows that the Kazakh intelligentsia had valuable ideas aimed at achieving a synthesis between their tradition and modern values.

Key words: Alash, intellectual heritage, Kazakh intelligentsia, national code, ethnic identity, cultural assimilation, press, national idea.

Автор туралы мәлімет: 
¹Магистрант

No comments

To leave comment you must enter or register