Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 39.391.2 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ АҢШЫЛЫҚ («МАҢҒЫСТАУ» ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

Т. КАРТАЕВА, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры, Алматы қ._kartaeva07@mail.ru; Б. НУРДАУЛЕТОВА, Ш. Есенов ат.Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті профессоры,nurdauletova@mail.ru

ӘОЖ 39.391.2 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ АҢШЫЛЫҚ («МАҢҒЫСТАУ» ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(16), 2018

Тегтер: халықтық білім., қаскыр культі, қақпан құру, құс салып саятшылық құру, Аңшылық
Автор:
Аңшылық пен саятшылық кәсібі, аң-құс аулаудың тәсілдері мен құрал-саймандары, сан ғасырлар бойына қалыптасқан халық тәжірибесінен туындады. Аңшылықтың байырғы, әрі кең тараған түрі – құс салу, аңшы-лыққа берілгендікпен қатар, шыдамдылықты қажет ететін еңбек. Аушы құстарды баптап, аңға салып, саятшылық құру ертеден ерекше өнер саналған. Далалық аңшылар аңға жыртқыш құс салу, тазы жүріртумен де мал баға жүріп қоса қабат айналысқан. Мыңдаған жылдар бойына тазы ит салып, аңға шығуды дамытты. Тазы шапшаң, олжасын алуға құмар, қырағы ит болып саналады. Аңшылықтың ең байырғы әдісі – қақпан құру. Қарсақ, түлкі, қоян, тышқан сияқты ұсақ аңдарды ұстауға – бала қақпан, қасқыр, аю, қабан аулау үшін қазақ қақпан мен тісті қақпан құрылады. Ертеде қақпанды киік, ақбөкен, қарақұйрыққа да құрған. Қазақ аңшыларды аң аулаудың ұрып алу, тұзақ құру, тор құру, ор қазу, атып алу сияқты әдістерін жетік меңгерді. Кілт сөздер. Аңшылық, құс салып саятшылық құру, қақпан құру, қаскыр культі, халықтық білім.
Мазмұны:

Кіріспе.

Аңшылық адамдардың өте ежелден мал шаруашылығынан бұрын айналысқан кәсібі. Түз аңдарын аулаудың тәсілдері мен құрал-саймандары, ғасырлар бойы ел даланы еркін мекендеп, түз тағыларының тіршілік тәсілдері мен өмір сүру заңдылықтарын бақылаған халық тәжірибесінен туындады. Қазақтар аңшылықпен мал бағып жүріп, қатар айна­лысқан. Қазақ халқы ежелгі аңшылық кәсібінің қыр-сырлары, әдістерін де ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінгі күнге жеткізген.

Әдістеме.

Маңғыстау өңірі сияқты қалыптасу тарихы аса күрделі, тарих қойнауының бірнеше белестері мен сатысынан өткен өңірдің тарихи этнографиясы да аса күрделі болады. Маңғыстау өңірі қазақтары ­– осы жердегі атақазақтардың тарихи танымдарын қабылдап, көптеген үрдіс-дәстүрлерін қазіргі заман ұрпақтарына сақтап жеткізген, ата дәстүрді жалғастырып отырған ұрпақ.  Маңғыстаудың тарихы этнографиясының бір ғана қырын танытатын аңшылық дәстүрін  таңдап алдық. Әрине, Маңғыстау аңшылығының қыр сыры бір ғана мақала көлемімен ашылмайды, дегенмен де тақырыптың теориялық негізіне алғашқы авторлар мен отандық этнографтардың ғылыми, ғылыми-танымдық зерттеулері негізге алынды. Теориялық деректерді қамтыған  алғашқы авторлар деректері инфор­маторлық мәліметтермен толықтырылды. Далалық этнографиялық экспедициясының нәтижелері басқа өңір этнографиялық материалдарымен салыстырылып отырылды.

Құс салу.

Аңшылықтың байырғы, әрі кең тараған түрі – құс салу, аңшы­лыққа берілгендікпен қатар, шыдамдылықты қажет ететін еңбек. Сан алуан жыртқыш құстарды ұстап, асырап, баптап аң-құсқа салу «саятшылық» деп аталып, «құсбегі-саятшылар» көк тағысы мен жер тағысын сынаққа салудың білім тәжірибелерін ұрпақтан-ұр­пақ­қа қалдырып отырды.

Құс салудың саятшылар арасында ең көп тараған түрі қаршыға және балапан-сұңқар салу болды. Осы арқылы жабайы қаз, үйрек, дуадақ, қоян, т.б. аң-құстар ауланды. Қаршыға балапан сұңқарға қарағанда ірі, қанаты сұр, сарғыштау реңді, көзі сары-сұр, қаршы­ға­ның ұшу жылдамдығы аса жылдам емес тұйғын, қарақұс, құз­ғын, күшіген сияқты түрлері бар. Балапан-сұңқар қаршығаға қара­ғанда кішірек, қанаты ұзын, қара түсті, көзі қара тұнық, өткір, құйры­ғы ұзын, қозғалысы өте ширақ, өте жылдам ұшады. Сұңқар­дың Қазақстан территориясында ителгі, бөктергі, тұрымтай, жағал­тай, лашын, ақтырмақ, бөктергі, күйкентай атты түрлері бар. Сұң­қар­­лар жемдерін ұшып жүріп аулайды. Әдетте олар ұя жасамайды, мекиені 3-4 теңбіл жұмыртқасын сәуір, мамыр айларында қия жартасқа не басқа құстар ұясына салып 1 ай басады [9; 4].

Жыртқыш құстарды қолға ұстау үшін қазақтар тор құру әдісін қолданды. Бұталарға тордың шеттерін іліп қояды немесе басқа бір құсты, мысалы, кептерді аяғынан байлап қойып, аңшы бірнеше шақырым жерден өзіне шалаш құрып, жыртқыш құстың келуін кү­тіп жатады. Жемтікке алданған құс, торға оралып қолға түседі. Торды таудың биік жартасты құзды жеріне, күзде қыркүйек айы­нан бастап құрады. Қаршығаны қолға үйретіп алғаннан кейін, кейбір құсбегілер қаршығамен балапан-сұңқар аулауға шығады. Балапан-сұңқар мен қаршыға бір-біріне қас жау. Балапанның шапшаңдығына қарамастан қаршыға күштілігімен жеңеді [10].

Қазақтардың саятшылық өнерге деген құштарлығы мен аңшы­лық тәжірибесі аң-құс баптаудың түрлі әдіс тәсілдерін қалыптас­тырды. Аңшы құсты, мысалы, қаршығаныңкөзін аттың құйрық қылымен төменгі қабағын жоғары көтеріп, желкеге байлайды да, киіз үйде 5 күн ұстайды. Майдалап кесілген жас етпен қоректен­діреді, содан кейін 2 түн көзін ашып шамның жарығында, күндіз жоғарыда айтылған әдіспен көзін жауып ұстайды. Немесе басына арнайы қатты теріден тігілген томаға кигізеді. Осылайша құс жарыққа үйрене бастағаннан кейін 2-3 күн өткен соң көзін ашып ұстайды. Екі-үш аптадай құсты ұзын бау арқылы ұшырады. Құс­бегі қолындағы етті көріп, қайта ұшып қолға қонады, әбден бапталғаннан кейін баусыз еркін ұшырады. Қаршыға жемтігін төменнен жоғары қарай ұшып ұстайды. Қаршығаның ұшуы баяу болғандықтан құсбегі жемтікке жақын жерден ұшыруға тырысады, құс жемтігін алмай иесіне қайтіп келсе, құсбегі дауылпаз соғып үркітіп, жемтігін іздеуге қайта ұшырады. Дауылпаз қаршығаға бір жағынан жемтігін қайта іздеуге, ұшуға көмектесу үшін соғылады [9].

Сұңқарғажемтігін алу үшін ешқандай көмектің қажеті де жоқ. Аңшы үйрек, қаз, т.б. құстарды көргенде қолындағы құстың тома­ғасын шешіп қоя береді. Сұңқар құстар тобын түгелімен қырғанша тыным таппайды. Қармағына түскен жемтіктерін жеу үшін жерге оралғанда аңшы аздап тамақтандырып, қайта томаға кигізіп қояды. Қазақтар сондай-ақ, аң аулауға сұңқардың лашын, сапсан сияқты түрлерін көп қолданған. Сұңқар тауығын 2-3 жасқа толғанда алады. 2 жасқа дейінгі сұңқарлар ителгі деп аталады. Ителгі қоян, кекілік, құр, шіл, үйрек, қырғауыл сияқты аң құстарды ала береді.

Құсбегілер арасында қырғи салу да көп кездесті. Қырғи бөдене сияқты майда құстарды қармаққа тез түсіретін, қимылы өте шапшаң, ширақ құс. Ірі құстарды [аққу, тырна сияқты] алуға қаршығаның ақ сұңқар деп аталатын түрі қолданылды. Сондай-ақ қазақтар сұңқардың бұқам-ана, шәулі деп аталатын түрлерін де аңшылыққа пайдаланды. Сұңқар салу үшін алдымен құстарды дабыл қағып, үркітіп ұшырып алады.

Байлар саятшылық құрғанда бүркіт алып шығуға тырысты. Торға түскен бүркітті қолға үйрету үшін әуелі оның басына томаға кигізеді. Көзі ештеңені көрмей қалғасын құс тыпырлауды, қарсы­ласуды қояды. Сосын құстың аяғына бау тағып, аңшы қолына биялай киіп, құсты қолына қондырып алып, үйге әкеліп, бос керген арқанға, яғни ырғаққа қондырып, оны үздіксіз ырғап қойып, әбден шаршатады. Шаршағасын құсбегі оны өз қолынан тамақтандырып, өзіне үйретеді. Адам оны түлкіге түсуге, мықты бүркітті қасқырға түсуге баулиды. Аңшының көмекшісі түлкінің терісін ұзын жіпке байлап алып сүйреп шабады, қашып бара жатқан түлкі сияқты теріні көрсетіп, аңшы құстың томағасын алып ұшырады. Бүркіт өзінің аңшылық табиғаты бойынша қашып бара жатқан аң ғой деп теріге түседі. Сол кезде аңшының көмекшісі тоқтай қалып, аңшы да келіп, бүркітті мақтап, оған жем береді. Бүркіт өзінің жаңа кәсібін меңгергенше 1-2 ай өтіп қыс та түседі. Бүркіт үш рет аң алғаннан кейін, үш қолға қай келіп қонғаннан кейін үйретілген болып саналған [АЭМ].

Бүркітті аңға аштай алып шығады. Ізді кесіп, аң көзге шалынған мезетте бүркіттің томағасын алады да, өзі аңның соңынан қуа береді. Аш, ашулы бүркіт ұзаққа жібермей аңға түседі. Аңшы тезірек жетіп келіп, бүркіт алған аңды олжалайды да тағы із кеседі. Аңшы асықпаса, бүркіт алған аңның етіне тойып алып әрмен қарай аң аулағысы келмей ұшпай қалады. Бүркітті жемдеп аңға салу, бабын тауып пайдалану үлкен өнер. Бүркіт екіден артық жұмырт­қа­ламайды, ұясын биік ағаш басына, тау шыңдарына, жеке құздың етегіне салады. Бұл балапандарының сомдалып, шынығып өсуіне қажет жағдай.

Қыран құстарды қазақтар қатты қастерлеген, атақты құстарға көп мал беріп, беделін сатып алатын. П.И.Рычков жазба­сын негізге алсақ ХVІІІ ғасырдың орта кезінде бүркіт бағасы 5-10 рубль, кейде одан қымбат бағанланған, ал 1910 жылғы «Турке­станские ведомости» газетінің №247 санында жарияланған «Мате­риалы по переселенческому делу» атты мақалада бүркіттің бағасы 200 рубль тұратындығы көрсетілсе, аңшылық тақырыбында мақала жазған авторлардың бірі В.Орлов құсбегілердің қаршығаны Қоқан ханына апарып 200 тілладан [1 тілла 3 рубль 80 тиынға тең болған] сатқандығын айтады [9], ал «Народы России» атты еңбек бойынша жақсы бүркіт 5-6 түйе, сұңқар 1-2 түйе, түйғын мен қаршыға одан арзан тұрған [2, с. 21]. Бүркіт, сұңқар сияқты аушы құстарды қолға қондырған - биялай, қолдан ұшып кетпес үшін, көзін жауып тұратын, басына кигізілетін - томаға Форт-Шевченко этнографиялық музейінде, Жаңаөзен тарихи-өлкетану музейінде экспозицияға қойылған.  Қазіргі таңда жыртқыш құстар Үстірт мемлекеттік қорығында қорғалады [Сурет 1; 4; 16] .

3fc25a1ada83cec941c3bd92aac4a444.jpg

46b6eb44941e69906cb511303bde73d1.jpg

Сурет 1 а, б - Аушы құстар. Маңғыстау тарихи-өлкетану музейi. Табиғат экспозициясы.

Ит қосу. Аңшылықтың кең тараған және байырғы түрі ит қосуболды. Ит қосу адам иттің иісшілдігін, жүйріктігін, күшін, аңшылығын пайдаланды. Қазақтың аңшылыққа қолданатын иті тазы болды. Тазының құмай, тұйғын, қайын қаптал, ауған, орыс, түрікпен, т.б. түрлері бар. Тазының күшік кезінен таңдап алып, ұсақ аңдарға салып ауыздандырып, із кесуге үйретеді. Азулы тазылар қасқырға да түседі де аңшының өзі, не иті келгенше жібер­мей тұрады [14, 15-б.]. Тазы өте шапшаң, ұшқыр ит. Қазақы тазылар тау және дала тазысы болып бөлінеді. Биіктігі 80-85 см-дей. Ит қосу қазақ­тар­дың арасында көп кездесетін аңшылық әдісі еді [1, ІІ, с.376]. А.П. Смирнов: «Қазақтар итті аңшылықтың қай түріне болса да бірге алып жүрген, құс аулауға шыққан қазақ алдымен құстарды үркіту үшін итті, содан кейін, томағасын шешіп, аушы құсты жіберген», – деген [12, с.15-16]. Тазы итті көбіне қойшы, жылқышы, сиыршылар мал табынын сақтау, қорғау мақсатында да ұстаған. Тазы ұстауға қазақтар ерекше мән береді.

Құлан аулау.

Маңғыстауда ертедегі аңшылық көзі құлан болған. Маңғыстауда жергілікті қазақтар «аң атасы – құлан» деп қабылдайды [13]. Этнограф-ғалым А.Тоқтабай құлан аулаудың бір әдісін былай баяндайды: «Құландарды ұстау үшін жер жағдайы келмесе, оларды қоршауға алады. Құландар су ішу үшін өздері үнемі жүріп әдеттен­ген соқпақтарды пайдаланады. Мұны білетін аңшылар «құлан жолы» аталатын жолдардың шетіндегі шалғын шөптер арасына, әрқайсысы 100 қадамдай ара қашақтықты сақтап жасырынады. Бірнеше адам тау басында қалып, құландар суға жақындап келген кезде белгі береді. Өзен ортасына ең соңғы құлан жеткен кезде оларды көздеп ата бастайды. Тоғай мен қалың шөп арасында қоршаудың басқа тәсілі қолданылады. Құландар үнемі су ішетін суаттар мен өзен бойларына аңшылар келіп, айнала ор қазып сонда түнеп шығады. Құландар бірнеше рет тоқтап, байқап, суға жақын­дай түседі. Сәл ғана соққан желдің өзінен де секем алып кері қашуға оқталып тұрады. Осы сәтті аңшылар «таңдану» деп атайды. Құландардың қорқа-қорқа суға жақындаған сәтінде аңшылар оларға жазық жердегідей-ақ, тап беріп аулай бастайды».  Зерттеуші жазып алған келесі әдіс-тәсіл мынандай: «Ол үшін аңшы құландар арасына құлан тектес сары жирен түсті аттарын жібереді, өзі бірнеше қадам жерде жантайып жатады. Атты өзінің енесі деп қабылдаған құлан оған жақындап барады. Алайда ат күдікті көрін­ген соң оған аңтарыла қарап, тоқтаған сәтте аңшылардың нысана­сына ілінеді». Автор бұл құлан аулаудағы бұл әдістің Шығыс Сібірде кең тарағанын айтады [13].

Жергілікті аңшылар ертеде қазақтар құланды шоқпармен де  ұрып алып, етін қысқы азыққа қақтап ыстап алған, – дейді. Маңғыстауда құлан аулау ертеде кең тараған. Аңшылқ олжасы болған құланның бас сүйегі Үстірт қорығы музейінде қойылған [16; Сурет 2; АЭМ]. Қазіргі кезде құлан Барсакелмес аралында қорғалады.  

774d9c0688aa84fc471e36e7ae8cd461.jpg

Сурет 2 - Құланның бас сүйегі. Жаңаөзен қ. Үстірт қорығы музейі.

Қақпан құру.

Аңшылық кәсібінің дәстүрлі құралдарының бірі – қақпан. Оның қолданыс аясын толық ашу үшін ғылыми айналымдағы танылған теориялық деректермен қатар,  музей қоры материалдары, далалық этнографиялық экспедиция материалдарымен біріктіріп қарастырудың мәні зор. Соның ішінде түз тағыларына қақпан құру әдісінің қыр-сырын Маңғыстау өңірі аңшыларының жақсы меңгерумен қатар, бүгінгі күні де кең қолданып отыр. Қақпанды тек аңшы ғана емес, қақпанмен аң алуға қызығушылығы ер адамдар айналысады.

Маңғыстау аңшылары өңірінде қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты аңдарды болса мылтықпен атып алғанымен аңшылықтың кең тараған түрі аушы құстарды салу мен қақпан құру болды.

Көшпелі қазақтың малына қауіп қатер тек «қалың қардан» ғана келген жоқ, қасқыр сияқты жыртқыш аңда мал үшін аса қауіпті болды.

e96480720fb06dc0f40c40be9650d46b.png

Сурет 3 - Қызыл қасқыр тұлыбы.  Үстірт табиғи қорығы музейі.

Қақпан құру аңшылықтың ең байырғы әдісінің бірі. Қазақ аңшылары оның бала қақпан, қазақ қақпан, тісті қақпан сияқты түрлерін пайдаланған. Бала қақпан - қарсақ, түлкі, суыр, т.б. ұсақ аңдарды ұстауға, ал қазақ қақпан мен тісті қақпан қасқыр, аю, сілеусін, қабы­лан, қабан аулау үшін құрылады.Қазақ қақпан мен тісті қақпан екеуін қасқыр сияқты азулы аңдарды аулауға пайдаланды. Ұстайтын аңына қарай қасқыр қақпан, түлкі қақпан, тышқан қақпан деп те аталады. Қақпанды киік, ақбөкен, қарақұйрыққа да құрған. Қақпанның «төсек киізі» немесе «түңлігі» киізден жасалады, оны астынғы шеңберін жауып тұратындай етіп дөңгелектеп кесіп дайындайды.  Аң түңлікті аяғымен басқан кезде қақпанның серіппесі қозға­лысқа еніп аң аяғын қысып қалады. Қақпанның астыңғы темір шеңберін «қақпанның қорасы» дейді.

6b14dba4f569fc622fed501cf1b0780e.png

930b861b9a3d0971b79603e78a9e6a99.png

Сурет 4 а, б -Жаңаөзендік аңшы Ақшабаев Алдаберген қақпан кілтінің құрылымымен таныстыруда

Қақпан кілті немесе тиегі сынбайтын, шірімейтін мықты ағаш дінінен жасалады. Ол үшін дүзгеннің немесе жыңғылдың томары қолданылады [Сурет 4; Кесте  1]

Кесте 1.  Қақпан кілтін  жасау үшін қолданылатын  өсімдік

латынша

орысша

қазақша

Calligonum aphyllum Gurcke

Жузгун безлистный

Дүзген\дүзгүн\жүзген\жүзгүн

Tamarix elongata L d b.

Тамарикс удлиненный, гребенщик

жыңғыл

Tamarix gracillis Willd.

Тамарикс изящный

жыңғыл

Tamarix hispida Willd.

Тамарикс щетинисто волосистый

жыңғыл

Tamarix ramosissima L d b.

Тамарикс многоветистый

жыңғыл

Бүгінгі күнге келіп жеткен мәліметтерге сүйенсек жыртқыш аңдарға темірі ауыр, тістері өткір келген тісті қақпандар құрған. Қазақ жерінің басқа өңірінде мұндай тісті қақпандарды қабан аулауға, жапырған ізі, жапасына қарай үлкен-кішілігін анықтап барып аю аулауға  да құрған [7, 533 б.].

Қақпанды темір ұстасына тапсырыспен соқтырған, ақысына қой берген.  Бір адам 5-15 қақпанға дейін соқтыртқан. Ал, Жаңаөзендік аңшы Ақшабаев Алдаберген [1941 ж.т., руы адай-шоңай] қақпанды әке, атасынан алған ұсталық қасиетімен өзі соғады.  Өз әкесі де, атасына темір балқытып, көрік ұстаған ұста болған. Қазіргі таңда аңшы Алдабергенде ірі және ұсақ аңдар аулауға арналған жалпы саны 40 қақпан бар [Сурет 5 а, б, в ; Сурет 6 а, б ].

Аңшы қақпанды аңның інінің алдына немесе жүретін жолына құрды. Қақпан құруға үлкен шеберлік керек, себебі иісшіл аң темір иісін сезсе, жоламайды. Қақпанды құрғанда, бетін жауып, үстіне, маңына жемтік тастайды. Қасқырдың, түлкі­нің қақпандары әртүрлі болады. Қақпанмен аң аулайтын аңшы күнде немесе күнара қақпандарын аралап тексеріп жүреді. Аңшы қақпанға түскен аңды атып, құс салып, таяқпен ұрып алатын болған.

698a986dcb7e8d411a5aacbd2ceec15b.png

8330acd35e6dfe2909defbaee4c33e33.png

Сурет 5 а, б – қасқыр қақпандар;  в - Қақпандар жіктемесі: сол жақта ұсақ аңдарға арналған; оң жақта қасқыр қақпандар. Иесі жаңаөзендік аңшы Ақшабаев Алдаберген.

Маңғыстау өңірінде кең тараған қақпан түрі – қасқыр қақпан. Қазақ  аңшылары «қасқыр аулаудың 90 айласы бар» деп айтады. Себебі, қасқырдың ұрғашысы оңайлықпен алдырмайды, ал арланы аңшыға жиі алдырады. Қасқырды алу үшін аңшы қасқыр ізін кеседі, қақпанды қасқыр жүретін жолға құрады. Арлан қасқырлар бұтаның түбіне сарып, сол жерде тырнағымен айқастап кетеді, аңшы қақпанын сол жерге құруға ұмтылады. Қасқырға құратын қақпанның басына «тармақ», «тоқпақ» немесе «соққы» деп аталатын, қақпанды қасқыр сүйреткенде із қалдыратын ауыр темір байланған шынжыр немесе шылбыр тағылады. Қақпан шынжырының  2 метрге дейін жететіні бар.

4a5789cd57a44cb9b63c8230d4df4421.png

23ec85fec37236298769a2e7dbd7850f.png

Сурет 6 а, б - Жаңаөзендік аңшы Ақшабаев Алдаберген қақпандардың қызметімен, түрлерімен таныстыруда

Қасқыр қақпанды құру үшін жерді тереңдеп қазып шын­жырын қалқы астына тастайды, үстіне қақпанды құрып, оның үстіне жылқы тезегін үгетіп жабады, себебі жылқының тезегінен жылқы қартасының исі шығады. Аңшы ізін жасырып, сыпырып кетеді, 2-3 күн өткесін барып қарайды. Қасқыр жылқының исін сезіп келіп қақпанға түседі. Қақпанға түскен қасқыр шынжырлы, соққылы қақпанды сүйретіп кетеді. Аңшы соққының ізімен жүріп отырады. Қақпанды сүйреп шаршаған қасқырды басына шоқпар­мен ұрып немесе атып алады. Қасқыр, түлкіні алған жерінде далада бауыздап, терісін сыпырып алады. Терілерді етінің қалғанынан тазартып алып, тұз сеуіп орап, бір апта қояды, сосын ащы айран жағып тағы бір күн қояды. Одан соң таспен ысып, жұмсартады, сосын пайдалана береді  [АЭМ].  Қақпан құрып, аң алуды кәсіп қылған аңшыны «қақпаншы» деп те атайды.

Жергілікті аңшылар қолданып отырған қақпандар, атасынан баласына  мирас болып қалып, әлі де аң аулауға құрып отыр [АЭМ]. Жергілікті ұсталар арасында қазіргі таңда қақпан соғумен айналысып отырғаны жоқ, қолданыстағы қақпандар байырғы тұрмыстың көзі. Қақпан соғудың өзіндік техникасы өткеннің еншісінде қалған десек те болады.

Қасқырдан алынған аңшылық олжа және халықтық білім.

Ел арасында тараған бір әңгімеге құлақ бұрсақ, кете-шөмекей руынан шыққан Төребай биге төрелік сұрап саятшы мен қақпаншы келген екен. Бір аңшы қақпаншы шал іннің аузына қақпан құрып түлкі аулайды екен. Қансонар күні бір аңшы жігіт бүркітімен, тазы итімен аңға шығады. Саятшының тазысы түлкіні қуғанда түлкі ініне қарай қашып барып ін аузындағы қақпанға түседі. Сол кезде тазы да келіп жетеді. Қақпаншы:  «сенің бүркітің мен тазың бар, даладағы аңның бәрі сенікі, мен қақпан құрып аң алып жүрмін, сондықтан түлкі менікі болсын»,- дейді. Екі аңшы түлкіні бөлісе алмай биге келеді. Сонда би: «Түлкінің ұрғашысы ін қориды, ұрғашы болса шал сенікі болсын, түлкінің еркегі дүз қориды, еркек түлкі болса жігіт сенікі болсын дейді». Түлкі ұрғашы екен, саятшы жігіт бидің әділ төрелігіне басын иіп, қақпаншыдан кешірім сұраған екен. Қазақтар арасында тараған «Мерген мергендігімен атып алады, қақпаншы құрып қойып, ертесіне жатып алады», - деген сөз қақпаншының қақпан қарау мерзімін көрсетеді.

Қақпанды саятшылар да құрған. Қақпан құрғанда белгілі бір ырымдар ұстанған: «қақпаным далаға шаппай, ұйықтап тыныш жатпай, серіппең қатты болсын, аңның аяғынан ала жапқайсың», - деп айтып құрған. «Қанды қақпан қанмен дос», -  деп, аң түскіш қақпанды ешкімге бермеген. Қақпанды қырсық шалды деп ойласа, оны  дұға оқып барып құрған. Олжа кетпесін деп, қақпанның біріне қасқырдың  табанын сирағымен қысып қалдырған [Сурет 7 а , б.].

2db162444eb387512edbd45e1431207a.png

c6abbd712bdfa5f44e2a5792fa43eed2.png

Сурет 7 а - Олжа кетпесін деп қақпанда қалдырылған қасқыр табаны; б  - Қасқыр табанын босағаға ілу.

Тісін қағып алып, оны бала-шаға мойнына, бесікке тұмар етіп тағады. Емдік қасиеті үшін өті, кеңірдегі мен қамшысын [еркектік мүшесін] кесіп алады да, өкпесі ауырған адамды арқасынан қағады. Қасқырдың қамшысын иемденген адам «мен де қамшы бар» деп, «қасиеті және олжа кетіп қалады» деп ешкімге айтпайды.  Ал ұрғашы қасқыр қақпанға түскен жағдайда оның да жыныс мүшесін [сарпай] кесіп алып, суға салып жібітіп жүнінен тазалайды. Оны бала көтермей жүрген әйел немесе қатарынан қыз туған әйел үшін күйеуі қолданған. Қатынаста сарпай қолданылатынын әйеліне ескертіп, алдын ала оның қалауын оятқан. Қасқыр сарпайын емденгенін наныммен байланысты ешкім жария етпеген. Бұл өте сирек кездесетін және құпиясын айта бермейтін байырғы емдік ритуал.

Бала көтерген әйелдің жеріктігін басу үшін, егер екіқабат әйел қаласа қасқырдың жүрегін қуырып берген. Қасқыр жүрегін іштегі бала шымыр, жүректі болады деп ырымдап жеген.  Қасқырдың сүйегі мен етін қосып далада асып, сіңір майы шыққанда шөлмекке кұйып алып, буын ауруына жаққан. Қасқыр етінің иісі жаман болғандықтан, аңшы ыдысын бөлек ұстаған. Мүмкіндігінше қасқыр өнімдерін өңдеу түз далада атқарылған. Ауылға алған қасқырды алып келсе, қорадағы қойдың еті қарайып, іріп кетеді деген.

Жаңа туылған баланы қырқынан шығарғанда шомылдыратын суға «өс­кенде бай болсын» – деп ырымдап, тиындар, күміс жүзік, сақина­лар, азулы, өткір болсын деп қасқырдың тісін, тұяғын салып жуындырған. Қасқырдың өткірлігі, күмістің қасиеті су арқылы дарыған.  Қасқырдың кеңірдегін кептіріп сақтап қойып тамағы ауырған адамға суды кеңірдекке құйып алып ішкі­зеді. Қасқыр кеңірдегінен су ішкен адам тез жазылады. Суық тиіп ауырған адамға ем болады деп қасқырдың өтіп мақ­таға құйып сақтап қойған. Өт сіңген мақтаның шетінен өте аз мөлшерде үзіп алып,  кесе түбіне суға ерітіп, алақанға, табанға жаққан [Сурет 8 а, б , в; АЭМ].

116ca06fadb63140cd1b691288f1e04d.png

131be9133a42a37f2b360c93acd1c4f2.png

9118419597b218592372a6faf5b02d25.png

Сурет 8  а  - Тамақ ауруларын емдеу үшін су ішетін қасқырдың кеңірдегі; б - Баланы шомылдырғанда салатын және тұмар етіп тағатын қасқырдың тісі; в - Баланы шомылдырғанда салатын қасқырдың  асығы.

Теріскен тек көзге ғана емес, тілге де шығады. Яғни бұл тілдің ойылуы. Тілге теріскен шығуға байланысты мынандай магиялық ырымдар жасалады. «Тіліме теріскен шықты, қасқырдың көтіне», – деп ауру мен оны емдеуші адам 6 адал, 6 арамды айтады. Содан ауру: «Бұл тілім қайтсем жазылады?» – деп сұрайды, ал емдеуші: «Былай-былай қарағанша, қарғаның боғын жалағанша», – дегенде науқас «тіфә-тіфә» – деп, түкіріп тастаса, сауығып кетеді, – делінеді.

Қасқырдың атын «малға келеді» деп  тікелей айтпай «ұлыма» деген. Күйеуінің туыстарының атында Қасқырбай, Бөрібай есімді болса, «қасқыр», «бөрі» сөздерінде айту әдепсіздік болып саналады. Ел арасында қазақ әйелінің судың жағасында қойға шапқан қасқырды көріп, су, қамыс, қой, қасқыр, пышақ, қайрақ сөздері күйеуінің туыстарының аттарында болып, айтуға болмайтындықтан, оларды «Ата, ата, сарқыраманың арғы жа­ғын­да, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жаныманы байламаға байлап алып келіп көріңіз», –деп жеткізгендігі жайында әңгіме таралған.

Малға қасқыр шаппасын, ит құс, ұры-қары тимесін, «малды болып бара жатыр» деп көзден қорғану үшін деп мал қораға қызыл шүберек, кәрі жілік ілінген.

Түлкі аулау.

Түлкі аулау үшін қақпанды түлкі жүретін жерлерге құрады. Олар бұтаның арасында жүреді. Түлкі қақпанды жерді шұқыр етіп қазып ішіне тастап, бетін құммен жауып қояды. Содан соң жемтік тастайды. Қақпанға түскен түлкі соққыны сүйреп қашады, аңшы соның ізімен жүріп отырып түлкіні басынан ұрып алады. Түлкі аулаудың тағы бір әдісі күзенді қақпанмен алып, терісін сыдырып алып тастап, жалаңаш денесін таяққа байлап, қатырады. Қатыру үшін төбесінен су құяды, су әйнек мұз болып қатады. Түлкі соны жеймін деп келіп қақпанға түседі. Түркі қақпанды мәлінге де құрады [АЭМ].

Киік аулау.

Киік, ақбөкен, қарақұйрықты да атып алған. Аңшылары аңның суатқа келіп құлауын күткен. Аң байқап қалмас үшін басына ақ киімешек киіп алады. Ақбөкендерде тобы­мен жүреді, 10-5 ақбөкен демалып жатқанда еркегі түрегеліп, бір орнында тұрмай айналып тұрады. Түрегеліп тұрған ақбөкенді көл­денең тұрғанда өкпенің тұсынан атқан, әйтпесе ала алмаған. Киікті қуып жүріп атуға болмайды. Себебі киік қашқанда іші қызып кетеді. Оны сойған кезде адамның қолы күйіп қалады, еті де қарайып кетеді. Арқар тау тағысы болғандықтан тек атып алған [АЭМ].

Басқа әдістер.

Қарсақ, суыр, түлкі сияқты аңдардың інін тауып, аузын мықтап бекітіп, іннің ішіне түтінжіберіп, аңды тұншықтырып алу әдісі де болған.

А.П.Смирнов қазақтар арасында ең кең тараған аңшылық құс салу мен қасқырға түсу екендігін және қасқыр аулау мерзімі қыс екендігін айта отырып, қасқырды ұрып алудың ерекше әдісін көр­сеткен. Жыртқыш аңды ұрып алуға арнайы өрілген өрімі ұзын қамшының басына тас байлайды, қардың ізіне түсе отырып, атты қазақ қасқырға жеткенде дәлдеп ұруға тырысады. Епті, тәжірибелі аңшы бір-екі рет ұрып қалып та қасқырды өлтіре алады [12, с.15]. Жыртқыш аңды әрине алдымен бүркіт сияқты жыртқыш құсты салғаннан кейін, ұрып алған. П.И.Рычков бүркіттің соңынан атпен қуып жетіп, қасқырды, қарсақты қамшымен ұрып немесе найзамен түйреп алатынын жазған [11, с.202-, 205].

Орды көбінесе күздің қара суығында қасқырдың қарны шұрыл­дап, қатерден қорықпай аула-қораға түсер шағында қыстаудан аулақтау жерден, азулы аңға тоғайлы жер­лерден терең етіп қазып, оның үстін әлсіз ғып жабады да, дәл ортасына лақ сияқты жеңіл малды байлап қояды. Орға түскен жырт­қышты ұрып не болмаса атып алады.

Мылтықпен ату әдісін аңшылар түлкі, қасқыр, арқар  сияқты ірі, жыртқыш аңдарды аулау үшін, әрі тау­дан аң аулауға қолданды. Ертеде мыл­тық аңшы қазақтардың барлығында бірдей бола бермеді

Қоян аулау үшін қақпаннан бөлек тұзақ та құрған. Аңшы тұзаққа түскен аң-құс оралып тұншығып арам өлмес үшін қарап аңдып жүреді, әрі аңшы уақытында келіп алмаса қоянның даусына жыртқыш аңдар келіп оны жеп кетеді. Қазіргі кезеңде қоянға құрылатын тұзақты жасау үшін жұмсақ сымның бір басын тұйықтап, екінші басын тұйықтаған жерден өткізіп жасайды. Тұзақты қоянның жолына бұталар түбіне құрады.

Қорытынды.

Сонымен, қазақтар аңшылықпен мал бағып жүріп, қатар айна­лысқан. Аңшылық қазақтарда өз алдына жеке кәсіп болмағанымен – бұл кәсіп қазақтың қалыптасқан ұлттық салтының, дәстүрінің сақылығының көрінісі. Т. Жаңбыршыұлы Маңғыстау өңірінде келесідей адамдардың аңшылықты кәсіп еткендерін жазған: Бәли Өсербай; Есекмерген Есенғұлұлы; Кедей Тастығараев; Өтеулі Бекежанұлы; Матай Бекежанұлы; Бәжбен Есениязұлы; Мұқан Тастығараұлы; Сұлтангелді Жайылұлы; Тауасар Сұлтангелдіұлы; Айназар Тасқымбайұлы; Қосан Құтышұлы; Есет Шошанұлы; Бабық нұр Оңдағанұлы; Қаңғабай Шоңғарұлы; Байшағыр Ақкөйлек; Жұмай Айтөлесұлы; Нұрғали Көбегенұлы; Алдасай Жеменейұлы; Жаңай Қалдыбекұлы; Айдарбай Аманқосұлы; Қалышбақ Айдарбайұлы; Құлақан Ақтауұлы; Сәтиман Тінейұлы [17].

Аңшылық дәстүрдегі ғажаб қасиет аңшының табысын бөгде адамның қанжығасына байлауы. Бұл даладағы аңның көптігінің белгісі емес, қазақтың қолы ашықтығының, жомарттығының бір көрінісі.1895 жылы «Дала уалаятының газетасында» жарияланған «Қазақ­тардың аң аулауы» атты мақала – аңшылық пен саятшы­лық­тың қыр-сырын аша түсетін маңызды деректің бірі. Мақаладағы «Қазақтар аң аулағанды айрықша қызық көріп, аң аулаған мезгілінде әрбір жігіт өзінің батырлығын көрсетеді. Бұл себептен бұрынғы заманда қазақтар аңды күн көру үшін ауламаушы еді. Мұның мәнісі осы уақыттардың әдет рәсімінен байқалады. Көбі­несе аңға шыққанда аңшының қасында қаншама кісілер болады», – деген мәлімет аңшылық ер адамдар айналысқан кәсіп және ал көбіне жеке адамнан көрі коллективті айналысқан кәсіп екендігін көрсетеді [8].

Қорыта келгенде, ежелден келе жатқан саятшылық, аңшылық кәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең ата кәсіптің, ежелгі өнердің бірі деуге болады. Аңшылық кәсібінің өнімдері қазақтардың тіршілік қамы жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде тұрмыс қажеттілігін өтеп отырды.

ӘДЕБИЕТТЕР

АЭМ – авторлардың эксмедициялық материалдарынан.

1 Азиатская Россия. Издание переселенческого управления главного управления землеустройства и земледелия. СПб.: В типографии товари­щества А.Ф.Марса, 1914. Т.1. Люди и порядки за Уралом. 576 с. + ил.; Т.2. Земля и хозяйство. 638 с. + 11 ил.; Т.3. Приложение  CLIII с.

2 Г-ий. Заметки охотника. Туркестанские ведомости. 1888. №38. 27 сентября. С.149-151. №39. 4 октября.  С.153-154.

3 Народы России. Киргизы. Исторический очерк и народный характер. Издание «Досуг и дело». СПб: Типография товарищества «Общественная польза», 1879. –58 с.

4 Маңғыстау: ауылшаруашылық энциклопедиясы. Құрастырған: Ғ.Әнес, т.б. Алматы, Арыс баспасы. 2015.  700 б.

5 Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках (1771-1867 годы). Сборник документов и материалов.  Алма-Ата: Издательство Наука, 1964. 572 с.

6 Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. Пер с нем. Е.Петри. СПб.: Издание А.Ф.Девриева, 1910.  188 с.

7 Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 3 том.  Алматы: «Әлем даму интеграция», 2018, 856 б.

8 Қазақтардың аң аулауы. ДУГ. 1895. №2-3 // Дала уалаятының газеті.  Алматы. Ғылым, 1994.  384-389-б.

9 Орехов И. Охота с ловчими птицами у киргиз. Туркестанские ведомости. 1910. №66. 22 марта. С.2., №67. 23 марта.  С.2-3. №68. 24 марта. С.2-3.

10 Орлов В. Сары бие. Туркестанские ведомости. 1906. №137.  С.888.

11 Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. 2-ое изд. Оренбург:Типография В.Бреслина, 1887.  405 с.

12 Смирнов А.П. Быт и нравы киргизов. 2-ое издание. Издание учрежденной по Высочайшему повелению Постоянной коммисии народных чтений.  СПб.: Типография Ф.Акиенфиева и И.Леонтьева, 1897.  27 с.

13 Тоқтабай А. Құлан аулау. Қазақ тарихы.  №4. 2008. Б.37-45.

14 Тоқтабай А. Қазақ тазысы. Алматы: Атамұра. 2013. 160 б.

15 Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков. Материалы к историко-этнографическому атласу. Алма-Ата, Наука, 1980. 256 с.

16 Үстірт мемлекеттік қорығы \ http://www.ustirt.kz/ [Қаралған күні: 4.09.2018]

17 Жаңбыршыұлы  Т. Мен айтайын – бабаңнан. Алматы: «Үш қиян», 2001. 308 б.

REFERENCES

AEM – avtorlardyn eksmediciyalyr materialdarynan.

1 Aziatskaya Rossiya. Izdanie pereselencheskogo upravleniya glavnogo upravleniya zemleustroistva i zemledeliya. SPb.: V tipografii tovarishhestva A.F.Marsa, 1914. T.1. Ljudi i porjadki za Uralom. 576 s. + il.; T.2. Zemlja i hozyaystvo. 638 s. + 11 il.; T.3. Prilozhenie  CLIII s.

2 G-ii. Zametki ohotnika. Turkestanskie vedomosti. 1888. №38. 27 sentyabrya. S.149-151. №39. 4 oktiabra.  S.153-154.

3 Narody Rossii. Kirgizy. Istoricheskij ocherk i narodnyj harakter. Izdanie «Dosug i delo». SPb: Tipografiya tovarishhestva «Obshhestvennaja pol'za», 1879. –58 s.

4 Mangystau: auylsharuashylyk enciklopediyasy. Qyrastyrgan: G.Әnes, t.b. Almaty, Arys baspasy. 2015.  700 b.

5 Kazahsko-russkie otnoshenija v XVІІІ-XІX vekah (1771-1867 gody). Sbornik dokumentov i materialov.  Alma-Ata: Izdatel'stvo Nauka, 1964. 572 s.

6 Karutc R. Sredi kirgizov i turkmenov na Mangyshlake. Per s nem. E.Petri. SPb.: Izdanie A.F.Devrieva, 1910.  188 s.

7 Qazaqtyn etnografiyalyk kategoriyalar, ugymdar men ataularynyn dastyrlі zhyesі. Еnciklopediya. 3-tom. Almaty: «Alem damu integfasiya», 2012. 856 b.

8 Qazaqtardyn aң aulauy. DUG. 1895. №2-3 // Dala ualajatynyn gazetі.  Almaty. Gylym, 1994.  384-389 b.

9 Orehov I. Ohota s lovchimi pticami u kirgiz. Turkestanskie vedomosti. 1910. №66. 22 marta. S.2., №67. 23 marta.  S.2-3.  №68. 24 marta. S. 2-3.

10 Orlov V. Sary bie. Turkestanskie vedomosti. 1906. №137.  S.888.

11 Rychkov P.I. Topografija Orenburgskoі gubernii. 2-oe izd. Orenburg: Tipografiya V.Breslina, 1887.  405 s.

12 Smirnov A.P. Byt i nravy kirgizov. 2-oe izdanie. Izdanie uchrezhdennoi po Vysochajshemu poveleniju Postojannoj kommisii narodnyh chtenii. SPb.: Tipografiya F.Akienfieva i I.Leont'eva, 1897.  27 s.

13 Toktabai A. Qulan aulau. Qazaq tarihy.  №4. 2008. B.37-45.

14 Toktabai A. Qazaq tazysy. Almaty: Atamura. 2013. 160 s.

15 Hoziaistvo kazahov na rubezhe XІX-XX vekov. Materialy k istoriko-etnograficheskomu atlasu. Alma-Ata, Nauka, 1980. 256 s.

16 Үstіrt memlekettіk qorygy \ http://www.ustirt.kz/ [Qaralғan kunі: 4.09.2018]

17 Janbyrshyuly  T. Men aitaiyn – babannan. Almaty: «Үsh qiyan», 2001. 308 b.

Т. Картаева

Профессор КазНУ им. аль-Фараби. Казахстан, г.Алматы  e-mail: kartaeva07@mail.ru

Б.Нурдаулетова

Профессор Каспийского государственного университета технологии и инжиниринга  e-mail:nurdauletova@mail.ru

ОХОТА В МАНГЫСТАУЕ

(по материалам этнографической экспедиции «Мангыстау»)

Абстракт. Охота и охота с ловчими птицами, методы охоты и охотничьи инструменты были сформированы многовековым народным опытом. Древний и самый распостраненный вид охоты –охота с ловчими птицами, наряду с преданностью, она требует  выносливости и терпения. Охоту с ловчими птицами всегда считали искусством. Степные охотники получали огромное удовольствие от охоты с ловчими птицами, собаками, а также они развивали охоту вместе со скотоводством. В течении нескольких столетий, люди развивали специальную охотничью породу собак – тазы. К его особенностям относится выдающаяся способность преследовать добычу, наблюдательность и скорость. Самый старый метод охоты – ставить капканы. Для мелких животных, как лиса, заяц и т.д. – ставили бала капкан [мелкие капканы], а волкам, медведям, кабанам – казак капкан и зубчатый капкан [крупные капканы]. В древности капканы также ставили сайгакам и газелям. Казахские охотники овладели различными способами охоты.

Ключевые слова. Охота, охота с ловчими птицами, капкан, культ волка, народное знание.

T.Kartaeva

e-mail: kartaeva07@mail.ru

al-Farabi Kazakh National University, Almaty.

B.Nurdauletova

e-mail:nurdauletova@mail.ru

Professor of the Caspian State University of technology and engineering

HUNTING IN MANGYSTAU

(based on the materials of the ethnographic expedition «Mangystau»)

Abstract.Hunting and hunting with birds of prey, hunting techniques and hunting tools have been shaped by centuries of popular experience. An ancient and most common form of hunting is hunting with birds of prey, along with devotion, it requires endurance and patience. Hunting with birds of prey has always been considered an art. Steppe hunters enjoyed tremendous pleasure from hunting with birds and dogs of prey, and they also developed hunting along with cattle breeding. For several centuries, people developed a special hunting breed of dogs - tazy. Its features include an outstanding ability to pursue prey, observation and speed. The oldest hunting method is to trap. For small animals like fox, hare, etc. – put the bala trap [small traps], and a kazakh trap and a toothed trap [large traps] - to wolves, bears, and wild boars. In antiquity, trapsalso set saigas and gazelles. Kazakh hunters have mastered various ways of hunting.

Keywords. Hunting, hunting with birds of prey, trap, wolf cult, popular knowledge.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз