Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 930.001.83 АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНДАҒЫ ЗЕМСТВОЛЫҚ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ОРНЫ МЕН РӨЛІ

А.Ш. МАХАЕВА, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, проф., т.ғ.д.

ӘОЖ 930.001.83 АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНДАҒЫ ЗЕМСТВОЛЫҚ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ОРНЫ МЕН РӨЛІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14), 2018

Тегтер: Уездік земстволық., Облыстық земстволық басқарма, «Қазақ конституциялық демократиялық партиясы», Земство, «Алаш» партиясы басқарма, Алаш қозғалысы
Автор:
Земстволық мекемелер жергілікті өзін-өзі басқару мекемелері ретінде Ресей империясында 1864 жылдан 1919 жылға дейін қызмет жасады. Земстволар губерниялық және уездік деңгейде сайланбалы орган ретінде құрылды. Бұл мекемелер кеңестік билік орнағанннан кейін 1919 жылдан бастап жойылды. Отандық тарих ғылымында Алаш қозғалысындағы земстволық өзін-өзі басқару мекемелерінің орны мен рөлі арнайы зерттеле қоймаған. Сонданда бұл мәселені зерттеу ғылыми сұранысқа ие деп есептеуге болады.
Мазмұны:

       Жергілікті халықтық басқару мекемелері болып табылатын земстволардың арғы тарихы Ресейде 1864 жылдан бастау алатыны белгілі. Земстволық қозғалыс тарихы, сондықтан болар, ресейлік ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Тіпті күні бүгіндері кейбір қоғамтанушы оқымыстылар осы земствоны қайта жандандыру қажеттілігін тілге тиек етіп жүр. Мұның бір ұшы аса қоғамдастырылған социалистік жүйенің күйреп, жергілікті басқаруға барынша жол ашқан қазіргі заманның жаңа жүйесі туындалып отырған мәселелерде жатса керек. Халыққа білім беру, денсаулық сақтау, шаруашылықты жүргізу ісін дамыту жолдары күрделенген осынау тұста өткеннен сабақ алу да артық болмайтындығын ұғына бастағандаймыз.

  Қазақстандағы земстволық қозғалысты сөз еткенде, ең әуелі, ғасыр басындағы қазақ зиялы қауым өкілдерінің бейнесі көз алдыңа келеді. Ресейдегі орыс жұртына земствоның беріп отырған пайдасын алдымен ұғынған қазақ зиялылары оның Қазақстанда да қанат жаюына ықпал етуге әрекеттенеді. Бұл ұмтылыстың бір көрінісін 1905 жылы құрылған қазақтың тұңғыш саяси ұйымы ‒ «Қазақ конституциялық ‒ демократиялық партиясы» бағдарламасының мазмұны аңғартады. Бағдарламаның «Халықтың өзін-өзі билеуі» деген бөлімінде земствр жайлы мынандай талап-тілектер білдірілді: «Бүкіл Ресей империясында әр облыстың, әр губернияныңөз билігі өзінде болсын, яғни әр қайсысына земство берілсін. Губерниялық, облыстық земствоға уездік, уездік земствоға болыстық, болыстық земствоға ауылдық земство қаратылсын. Облыстық земство өз кезегінде империяның орталық мекемесінің құрамына кірсін.

  Земство мекемелеріне өкілдерді халық өзінің жиналысында сайлап қойсын. Облыстық земстволарға уездік земстволар, уездік земствоға болыстық земстволар, болыстық земствоға ауылдық земстволар өкілдер сайласын. Сайлау көпшіліктің қатысуымен, тікелей жасырын дауыс беру арқылы жүрсін. Сайлаушылар мен сайланушылар нәсіліне, дініне, жынысына қарай айырылмасын.

  Осы күнге шейін облыстық басқарма мен уездік басшылар атқарып келе жатқан істер земетволарға берілсін.

  Қазірге шейін облыстық басқарма мен губернаторлардың міндеттерінде болған істер облыстық земствоға берілсін.

  Крестьян начальниктері мен уездік начальниктер деген болмасын. Олар атқаратын істер уездік земствоға тапсырылсын.

  Облыстық басқармалар мен крестьян начальниктері туралы заңдар және «Степное положение» бұзылып, жаңадан земстволарға лайықты заңдар шығарылсын» [1, 10-б.].

Ал 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясында 1905 ж. өкіметтер жер, мүфтилік сияқты мәселелермен қатар земствоның талап етілуі қазақ оқыған аза- маттарының бұл іске үлкен ыждаһаттықпен көңіл қойғанын білдіртсе керек [2].

 1891 жылғы «Далалық ережеге» сәйкес земство салықтары мен міндеткерліктерін өтеп, бірақ оның пайдасын көре алмаған қазақ жұртының жоғын жоқтап, оның мәнін алғаш қазақ қауымына түсіндіруге талаптанғандардың бірі А. Байтұрсынов болды. Ол өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Земство» атты мақаласында: «Земствоға берген тиыннан жұрт сомдық пайда көреді. Земство жоқ жерде де земский сбор деген ақша алады, бірақ оның пайдасын ақша төлегендер көрмейді, басқалар көреді. Мысалы, Торғай облысының қазағынан жиылған земский ақша оқимын деген қазақ баласына беріле бере ме? Қазақ баласы гимназияға оқиын десе, степендия жоқ, реальный училищеге оқиын десе, стипендия жоқ, учительский школда земский степендияға қазақ баласы алынбай, Полтава губениясынан келген орыс балалары алынады, халық ақшасы далаға кету деген осы болады. Қазақ ақшасы босқа кететін орын жалғыз осы деп отырғаным емес, санасы ұшы-қиырына жетіп болмас, мұны әншейін мысал үшін келтірдік», ‒ дей келіп, ‒ «земство жайынан жазғандағы мақсат қазаққа да ескерерлік жұмыс екендігін халықтың құлағына салмақ» [3, 228-б.], ‒ деп түйіндейді.

XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері Қазақстанда земстволық басқару жүйесінің енгізілуі біріншіден, қазақтарды Ресей азаматтары ретінде құқықтық жағынан қорғауға мүмкіндік береді, екіншіден, халықтың білім беру, денсаулық сақтау және шаруашылығын жүргізу секілді істерінде бірден-бір тиімді, үшіншіден қазақтардың қоғамдық өмірін жандандыра түсетін, өзін-өзі басқаруға әзірлейтін ұйым деп ұқты.

Ұлттық аймақтардағы әрбір саяси әрекетті кірпік қақпай күзетіп отырған патша үкіметі әкімшілігі де жергілікті дербестіктің қаупін сезбей қалған жоқ. Сондықтан мүмкіндігінше оған тұсау салып отырды.

Қазақстанда земстволық басқару тәртібін енгізу тек 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ғана мүмкін болды. Уақытша үкімет қалың бұқара халық, әсіресе, шет аймақтағы жұрт земстволық реформаны қуаттай отырып. үкіметке де үлкен сенімділік көрсетеді деп үміттенді.

Расында Уақытша үкіметтің шет аймақ халықтары, соның ішінде қазақтар арасында да земстволық өзін-өзі басқару жүйесін енгізуге деген әрекеті ұлт зиялыларының үлкен қолдауына ие болды.

Ә. Ермековтің ОГПУ тергеушілеріне берген жауабына қарағанда қазақ зиялыларының көш бастаушысы Ә. Бөкейханов Ақпан төңкерісі жеңіске жеткен алғашқы қүндерде Ресейдің Федеративті республика болуын емес, кең земстволық басқару жүйесі бар республика болуын жақтаған [4, 50-б.].

Уақытша үкімет тұсында орталықта жергілікті жердегі земство ережелерін талқылаумен 1917 жылдың наурызында құрылған болыстық земство және поселкілік басқару жөніндегі комиссия айналысты. Бұнымен қатар тура осындай міндетті арқалаған земствосы жоқ губернияларда жергілікті басқару және өзін-өзі басқаруды реформалауды әзірлеуші қомиссия қызмет істеді. Оның төрағасы Н.Н. Виноградский, ал Қазақстан бойынша земство енгізу жобасын әзірлеудін бас сарапшысы Б.Б. Веселовский болды. Өзінің «Земство және земстволық реформа» деген 1918 жылы Петерборда жарық көрген еңбегінде Б.Б. Веселовский аталмыш комиссия құрамында жергілікті ерекшелікпен жақсы таныс қазақ өкілдері де қатысқанын мәлімдейді [5, с. 50]. Олар қазақ халқы Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитетінде 1917 жылдың шілде айының ортасына дейін Перерборда тұрақты қызмет атқарған Ж. Досмұхамедов пен Ж. Ақбаев болатын [6]. Әйгілі заңгерлердің мәселені талқылау барысында қазақ халқы мүддесін барынша қорғауға қүш салғанын Ж. Досмұхамедовтің Бөкей ордасын ірі губерндік деңгейге көтеруді, ал Ойыл болысын ерекше уез қылуды ұсынуынан байқаймыз. Алайда қаржы шығынын сылтау еткен комиссия халықы үшін аса маңызды мұндай ұсынысты кейінге қалдырған-ды [7, с.327].

Жалпы қазақ халқын земство ісіне тартуда кейбір қолбайлаулар да болмай қалған жоқ. Мәселен, Дала өлкесі қазақтардың басым көпшілігінің көшпелі тұрмыс кешуі комиссияның Қазақстанда земство облыстық және уездік деңгейдеде құрылсын, ал ұсақ болыстық земство мәселесі жоғарыдан шешілсін деген тоқтамға келуіне түрткі болды.

Кең аймақта тұратын халықтың санының аздығын, мәдени деңгейінің төмендігін тілге тиек еткен кейбіреулер қазақстанға ерекше земстволық басқару тәртібін енгізуді, яғни земстволық бастама мен әкімшілік басқарудың бірлігін ұсынады. Мұндағы түпкі мақсат басқарудың кез-келген түрін уыстан шығармауға күш салу еді. Үкіметтің жергілікті билік орындарының кейбір чиновниктері земстволық басқару бұрындары бұратана атанып келгендердің Ресейге тәуелділігін әлсіретіп түптін-түбінде тіпті мойынсынбай кетуіне түрткі бола ма деген қауіптерін де жасырмай ашық айтып жатты.

«Жұртқа пайдалы заңның бірі земство еді, мұның Ресейде басталғанына елу жыл болды. Сонан бері жұртқа тегіс жайылмай, бірте-бірте көбейіп келеді. Енді біраз жылдарда біздің қазақ облыстарында да земство ашылу ықтималы бар»[8, 64-б.], ‒ деп 1913 жылы М. Дулатов үлкен үмітпен жазғанындай, қазақтар асыға күткен земство енгізу туралы заңды Уақытша үкімет 1917 жылдың 17 маусымында бекітіп, осы жылдың 20 шілдесінде «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай және Орал облыстарында земство мекемелерін ашу туралы» қаулысын жариялады. Бұл қаулыны қуана қарсы алған алаш азаматтары земство ашу ісін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне негізгі мәселенің бірі ретінде қойды. Земство жайлы съез мынандай қаулы шығарды: «Көшпелі елдерде де, отырықшы елдердікі секілді тоқтаусыз волостной земство ашылсын; волостной һәм уезной гласнойлардын сайлауы бір мезгілде құрылсын; волостной земский управа бес ағзадан артық болмасын; орыс пен қазақтың сайлауына уезной һәм облосной комитеттер арнаулы инструкторлар шығарсын» [9].

Қазақ даласында земство мекемелерін ашу, мүшелерін сайлау комитеттері 1917 жылдың тамыз айының орта тұсына қарай ашыла бастады. Бұл істің басында Қазақ комитеттері тұрды. Талай жыл отаршылдық езгісінде еңсесі езілген халықтың рухын көтеріп, тізгінді өз қолына алуына сенімін арттырып. насихат жүргізу, земство жайынан анық, толық мағлұмат беру үшін жер-жерлерге инструкторлар жіберілді. 1917 жылы тамыз айының санында «Сарыарқа» газеті: «Өскемен, Зайсан уезі көш басшы сияқты земство сайлауына жолын көрсетіп, жобасын ұқтыратын кісілерді (инструкторларды) елге шығарып, список жасатып жүр, ‒ деп хабарлай келіп, ‒ сегіз аудан болған Семей уезіне қазаққа қазақтың өзінен ел ішіндегі жүйрік, қөсем ақсақалдардан бес кісі, ішінде Шәкәрім ақсақал мен Біләл Кекетаев бар, мұжыққа үш орыс сайланды, бұлардан басқа төрт кісі запас болды» [10], ‒ десе, «Бірлік туы» газеті «Ташкент уезінің земство кіргізу комитеті» деген хабарында 1917 жылдың 28 қыркүйегінен бастап осы комитеттің жұмысқа кіріскендігіне мәлімет береді. Бұл хабар: «Ташкент уезінің земство кіргізу комитеті уездегі волостой һәм сельский исполнительный комитеттен өтінеді: уездегі земствоға өкілдер сайлау үшін ауыл сайын һәм волос сайын граждандардың списоктерін жасауға жылдамырақ қам қылып, бұл туралы қолдарынан келген тәдбірлерін істей бастаса екен» [11], - деген өтінішпен аяқталған.

Бұлай земство өкілдерін сайлауды асықтырудың мәнісі бүкіл ел үміт артқан Құрылтай жиналысына өкілдер сайлау ісінің біразы земство қолынан өту керек болатын. Сондықтан земство сайлауын кешіктіру құрылтай жиналысынан шет қалу қаупін туғызды. 1917 жылы 21 тамыздағы нөмірінде «Қазақ» газеті бұл жайлы төмендегідей алаңдаушылығын білдіреді: «Учредительное собрание сайлауы үш айға кешіктірілді, үш ай көп уақыт емес, әсіресе біздің қазақ халқына үш айдың бер жағында земствомызды дұрыстап сайлап алсақ, құдайға мың мәртебе шүкірлік айтуымызға лайық. Сайлаудың кешігу себебі, үкімет земствосы жоқ елдер қамтамасыз болсын деп көрсетіп отыр. земство сайлауын ең ұзартқанда бір жарым айдан кешіктірсек, Учредительное собраниеге депутат жібереміз деп текке тамақ ісірмеу керек» [12].

Қысқа мерзім ішінде земствосын құрып, Құрылтай жиналысына өкілдер сайлап үлгеру қазақ халқы үшін де уақыт сынына түскендей, әрі өзін өзгеге танытқандай кезең болатын. Себебі, бұрын таныс емес істі қазақ алып кете ме, жоқ па деген күдік те бар еді. Сондықтан облыстық, уездік Қазақ комитеттері земствоның құрылу барысын жіті қадағалап, төменгі ұйымдарға нұсқау беріп отырды.

Гурьев уездік Қазақ атқару қомитеті 2 шілдеде Доссор атқару комитетіне: «Үкіметтің 17 маусымдағы дала облыстарына земство кіргізу туралы қаулы- сына сәйкес шілде айының ішінде 20 жастан асатын барлық тұрғындардың тізімі тоқтаусыз жасалсын. Осы тізім негізінде болыстық, облыстық гласнойлар, сондай-ақ Құрылтай жиналысына өкілдер сайланады. болыстық, уездік және облыстық земстволар құру тамыз айының ішінде аяқталады деп топшылануда», ‒ деген жеделхат жіберілді [13, 106-п.].

«Баяғыдан боз қасқаны айтып, жете алмай жүрген ‒ земствон алдына келіп, қолыма тиді. Жібекті жүн қыламыз ба, бұл бізге бір сын. Басқарып кете алмасақ, жат жанынан түңілер, басқара алмасақ: мазақтап шетінер. Естиярлық, ер жеткендік сыналатын заман келді, қазақ!» [14], ‒ деп Семей облыстық Қазақ комитетінің мүшесі И. Әлімбеков жазғандай, елдің елдігі танылар сол тұста Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов бастаған қазақ оқырмандары земство ісін ұлттық баспасөз беттерінде кеңінен насихаттап, халықтың бұл істі тезірек алып кетуіне өз ықпалын тигізіп қалуға тырысты. Орал облыстық Қазақ комитеті М. Дулатовтан земство ережесін қазақша аударып беруін өтініп, даяр болған соң бұл кітапшаның 5 мың данасын сатып алатындықтарын білдірді [15,381-б.].

«Қазақ» газеті арқылы земствоның мән жайын Ә. Бөкейханов халыққа былайша түсіндірді «Земство ‒ жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. жұрттың көзі, жан ашыры, күзетшісі. қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды. Земство үш орында, үш дәрежеде болады: волосной, уезной һәм облосной. Бұлар біріне-бірі қол. Әр қайсысында іс атқаратын жұрт сайлап қойған басшы мекеме болады, орысша управа. Бұл іс атқаратын мекеменің сыртынан бағып тұратын, мынаны істе деп іс беретін мәжіліс болады, бұл орысша гласнойлардын собраниесі болады» [16, 384-б.].

1917 жылы 26 қарашада Семей облыстық қазақ комитетінің мәжілісі болып. бұл жиылыста облыстық земствоға мүше сайлау мәселесі қаралып, онда земство жұмысын атқару дуан басылық, аға сұлтандық, бектік емес, жүрт үшін жегілігі, жұрт пайдасы мен шаруасын ілгері бастыру үшін ерінбей жүріп қызмет қылу екендігі баса айтылды. Қазақ комитеттері земствоның тек қазаққа ғана емес. орыстарға да ортақ сыбаға екенін ескеріп, әрі олардың бұл істе білімдірек, шеберлік, ынталырақ болып, қазақтың жай басарлығын, бірден түсінбеушілігін пайдаланып кетпес үшін земствоға мүшелікке кімді, қай ұйымнан сайлауын көрсетіп, нұсқау беріп тұрды. Мәселен, Семей облыстық Қазақ комитеті облы­стық земствоға төмендегідей азаматтар тізімін көрсеткен. «Қарқаралы уездік земствосынан гласнойлыққа: Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, И. Тарабаев, Э. Ермеков, С. Сабатаев; Павлодар уездік земствосынан гласнойлыққа: М. Боштаев, И. Әлімбеков, Ә. Сәтбаев; Өскемен уездік земствосынан гласнойлыққа; Э. Айтбакин, Р. Мәрсеков, С. Дүйсенбин; Зайсан уездік земствосынан гласнойлыққа: Х. Ғаббасов, А. Боштаев; Семей уездік земствосынан гласнойлыққа: А.Қозыбағаров, Б. Сәрсенов, Ә. Малдыбаев» [17].

Халық арасында жүргізілген ұзақ та терең үгіт-насихат, әзірлік жұмыстарынан кейін қазақ даласында земстволық мекемелер бой көтере бастайды. Қазақ жеріндегі алғашқы земстволар Торғай облысында ашылды. Жалпы ұлттық Қазақ газетінің алқасы 16 қазанда ашылған Торғай уездік гласнойлар жиналысына алғашқы земстволық жиналыс құтты болсын деп құттықтау жазған [18].

Торғай уездік земстволық басқармасына төрағалыққа А. Бірімжанов, орынбасарлыққа И. Болғанбаев, мүшелікке А. Қасымұлы, Б. Қарамолдаұлы, т.б. өтеді. Осы уездік жиналыс Торғай облыстық земствосына гласнойлар қылып А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Кәдірбаевты сайлайды. Артынша Торғайдың өзге Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай уездерінде земстволар жұмысын бастайды. Торғай облысының халқы енді облыстық земствосын сайлауға кіріседі [19, 105-п.].

Семей облысы земство мекемелерін ашуда қазақ комитеттері аса белсенділік көрсетті. Земство сайлауында қазақтардың жергілікті ұлт өкілдері ретінде көп дауыс алуына, сөйтіп елдің саяси белсенділігінің артуына септігін тигізді. Оның бір мысалы Р. Мәрсеков, С. Дүйсенбин, И. Әлімбеков сияқты Қазақ комитетінің өкілдері мұжықтар Кеңесіне (Крестьянский Совет) барып, қазақ пен мұжықтардың бірге сайлау өткізгендігі жөн екендігін, земствоға мүшеліктің тең жартысын алуды дәметкен (аздағына қарамай) мұжықтардың адам санына қарай сайлаудың дұрыстығына көзін жеткізіп, ақыры бір Семей уезінің өзінде қазаққа 32, мұжыққа 12 мүшелік орын болсын деген ортақ мәмлеге көндіреді.

Ақмола облысы Петропавл уездік земство гласнойларының арасында М. Жұмабаев, Ж. Тілеулин, Е. Мұратовтар болды [20].

Қазақ даласында земство құру ісінде қиындықтар да кездесті, Торғай облысының кей жерлерінде жұрт болыстық земство құрудан бас тартты [21, с.130]. Әрине, бұл құбылыс земствоның мәнін түсінбегендіктен еді. Жетісу, Сырдария облыстарында земство кіргізу комитеттері ашылғанымен, земство толық құрылып үлгерген жоқ.

1918 жылы «Заря свободы» газеті Жетісу облысының халқы әлі күнге земство­ның маңыздылығын түсінбей отыр деп жазды [22].

Земстволық мекемелер Орал облысында да құрылды, мәселен, Орал облыстық земстволық басқармасы 1918 ж. қаңтарда бой көтерді, оның төрағасы болып Ж. Досмұхамедов сайланды. Орал облысының Темір уезіндегі земствоның құрылуына куә болған М. Ряхов былай деп еске алады «Уездік земство басқармасының сайлауы өтті Земство басқармасының төрағасы болып қазақ мұғалімі Кенжин сайланды, мүшелері де қазақтан болды Земстволық басқарма уездін қожайынына айналды. Қазақтар өздерін еркін және жеңіл сезіне бастады [23].

1918 жылы 17 қаңтарда гласнойлардың Семей облыстық жиналысы өткізіліп, онда облыстық земство басқармасының құрамы бекітілді. 25 гласной қатысқан жиналыста 21 дауыс алып Райымжан Мәрсеков басқарма төрағасы болып сайланды, мүшелікке К. Ляшкевич, Х. Ғаббасов, Д. Троицкий, Ә. Сәтбаев өтті. Әкімшілік басқаруға Р. Мәрсеқов, азық түлік пен дәрігерлік бөлімдерге Х. Ғаббасов. бухгалтерияға К. Ляшкевич, оқу ісіне Ә. Сәтбаев басшылық ететін болды [24, 1-п.].

Қазақ даласында ашылған земстволық мекемелердің табыста қарқынмен жүргізген істерінің оқу-ағарту саласы ерекше көзге түседі. Білімге сусап отырған халықтың қажетін өтеу үшін елге алдымен оқытушы мұғалімдер даярлау, онан соң ұлттық мектептер ашу, кәсіптік білім беретін оқу орындарына қазақ балала- рын тарту сияқты қыруар жұмыстарды земстволар қолына алды. Осы орайда Жас азамат газеті келтірген мына бір дерек көңіл аударарлық: 600 мың қазағы бар Ақмола облысында оқуға жарамды балалар (7 жастан 13 жасқа дейін) 54 мыңдай, солардың оқитындары 4 процент, ұзын саны 2329 шамасында. Осы қалыппен қазақ балаларының жүзден тоқсан алтысы надан күйінде қала бер- мекші. Міне, земствоның бір үлкен борышы ана 51700 баланы надан қалдырмай оқыту. Орыстардың оқуға жарамды балалары 73 мыңдай. Бірақ орыс Ақмолада 816490. Сол 73 мыңнан жартысынан азырағы оқымайды, қысқасы қазақтан 4 қана бала оқысы, орыстан 51 бала оқиды. Жас азамат газетінде осындай мәлімет келтіріле отырып, мұнан әрі облыстық земство жиналысының қаулысына сәйкес Омбыда 2 айлық мұғалімдер курсы ашылып, одан 70-тен аса мұғалімдер бітіріп шыққаны, Омбыдағы ортадәрежелі шаруалар мектебінде, Хусаиния, Ғалия, Расулие сияқты медреселерде стипендиялар бекітілгендігі айтылады [25].

Шаруашылық жайы әрі тұрмыс жағдайы көп қазақ отбасыларының оқуға баға беруіне қол байлау болғандығын ескерсек, земство стипендияларының өз уақытында маңызды бастама болғаны ақиқат. Бір Семей облыстық земство ме- кемесінен 1917-1918 жылдар аралығында 110 стипендия тағайындалып 25300 сом бөлінген [26, 1-п.]. Осы стипендияны кезінде Семей оқытушылар семинариясында оқыған қазақтын әйгілі ұлдары Ж. Аймауытов пен М. Әуезов те пайдаланған [26, 20-п.].

Жалпы халықты оқыту жолына түсіруді ең керекті іс деп білген земстволар стипендия бергенде, өз мамандарын шығаруды көздейді, әрі шәкірт земство ақшасын неше жыл пайдаланса, сонша жыл земствоға қызмет етуге міндетті болған. Земстволық мекемелер балаларды оқуға тартуға ғана емес, сонымен бірге оларды оқу-құралдарымен қамтамасыз етуге де көп көңіл бөлген. Мәсе- лен, Семей облыстық земство басқармасы бастауыш ауыл мектептерін қазақ тілінде оқытуға қажетті кітаптармен қамтамасыз ету ниетінде 10 мың дана оқулық шығарып, облыс мектептеріне таратқан [27, 258-п.].

Земстволық мекемелер шаруашылықтың әр саласынан да халықтың пайдасын көздеп, түрлі бөлімдер ашты, Егінжай салу, мал дәрігерлік, орманды қорғау, емдеу, емхана ашу сияқты тағы басқа толып жатқан жұмыстарды ұйымдастырды. мысалы, Қарқаралы уездік земствосы сібір қалаларынан 25 мыңдай балық аулайтын құрал-саймандар алдырып, балқаш балығын аулайтын бөлім ашса, Семей облыстық земство басқармасы Америка фирмаларымен қарым-қатынас жасауға талпынды [28]. Облыстық земство төрағасы Р. Мәрсеков земство тапсырмасымен Владивасток қаласына да барып қайтады [29].

Қазақ даласынла енді қанат жайып. күш ала бастаған земство жүйесінің одан әрі дамуына большевиктердің өкімет басына келуі мүмкіндік бермеді Мәселен, Торғай облысының шаруа, жұмысшы және солдат депутаттарыныңКеңесі 1918 жылы 9 қаңтарда өзіне дейінгі барлық басқармаларды. соның ішінде земстволарды жойылды деп жариялады. Бірақ земстволық мекемелер азамат соғысы жағдайында саяси күштердіңөзгеруіне байланысты бірде жабылып, қайтып ашылып жүріп. 1919 жылдың соңына дейін қызметін тоқтатпады.

Земстволық мекемелерді буржуазиялық басқару орындары деп түсінген Кеңес өкіметі олардың халық сайлаған басқарма мүшелерін жүгенсіздікпен қуғын-сүргінге ұшыратып, ақыры біржола жойып тынды. Сөз жоқ, сол тарихи кезеңде қазақ даласына земстволық басқару жүйесі қажет еді. Бірақ амал қанша, большевиктер ақ пен қараны толық ажыратпай, халық өзі сайлаған мекемені күйретіп жіберді.

  Әдебиеттер

1  Орал қаласы қазақтарының жины // Әл-ғаср-ул жәдид. – 1906. – №1. – 8-12-б.

2  Әуезов М. Ақаңның елу жылдық тойы // Ақ жол. –1923. – 4 ақпан.

3  Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: «Жалын», 1991. –228 б.

4  Нұрпейісов К. Қилы заман құжаттары немесе Әлімхан Ермеков ОГПУ тергеушілері алдында // Қазахстан в начале XX века. Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 1993. – 129 с.

5  Веселовский Б.Б. Земство и земская реформа. – Петроград: «Ефрон», 1918. –218 с.

6  Семейдегі екі областной комитет жайынан // Сарыарқа. – 1917. – 19 маусым.

7  Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в XIX ‒начале XX веков. Алматы: «Қазақ университеті», 1996. – 327 с.

8  Қазақ газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 518 б.

9  Ішкі хабарлар // Қазақ. – 1917. – 17 шілде.

10  Земство кіргізу қамы //Сарыарқа. – 1917. – 11 қырқүйек.

11  Ташкент уезінің земство кіргізу комитеті // Бірлік туы. – 1917. – 20 қазан.

12  Ішкі хабарлар // Қазақ. –1917. – 22 тамыз.

13  ҚР ОММ. 695-қ., 1-т., 288-іс.

14  Естиярлық сыналатын болады // Сарыарқа. 1917. – 24 шілде.

15 Дулатов М. Шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 381 б.

16 Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: «Қазақстан», 1994. – 384 б.

17 Мемлекет күйі // Сарыарқа. – 1917. – 5 желтоқсан.

18 Ішкі хабарлар // Қазақ. – 1917. – 12 желтоқсан.

19 ҚР ОММ. 1441-қ., 1-т., 1-іс.

20 Земское управление // Степная речь. – 1917. – 29 ноября.

21 Герасименко Г.А. Земское самоуправление в России. – М.: «Наука», 1990. – 262 с.

22 Семиречье // Заря свободы. – 1918. – 1 марта.

23 Файн Л.Е. Из истории борьбы за установление и упрочение Советской власти в Гурьевской области // Известия АН КазССР. Серия истории, археологии и этнографии. – 1959. – Вып. 2. – С. 95-116.

24 ҚР ОММ. 1398-қ., 1-т., 79-іс.

25 Земство // Жас азамат. – 1918. – 10 қазан.

26 ҚР ОММ. 1398-қ., 1-т., 220-іс.

27 ҚР ОММ. 1398-қ., 1-т., 218-іс.

28 Ескерілмей қалмасын // Сарыарқа. – 1919. – 1 ақпан.

29 Ішкі хабарлар // Сарыарқа. – 1919. – 15 наурыз.

  References

   1 Oral khalasy khaszarhtarynyn zhiny // Al-asr-ul zhadid. – 1906. – №1. – 8-12-b.

  2 Auyezov M. Akhannnyn elu zhyldykh toyy // Akh zhol. –1923. – 4 akhpan.  3 Baytyrsynov A. Akh zhol. – Almaty: «Zhalyn». 1991. –228 b.  4 Nurpeyіsov. K. Khily zaman khuzhattary nemese Alіmkhan Ermekov OGPU tergeushіlerі aldynda // Kazakhstan v nachale XX veka. Almaty: Sh.Sh. Ualikhanov atyndagy Tarikh zhane etnologiya instituty. 1993. – 129 s.  5 Veselovskiy B.B. Zemstvo i zemskaya reforma. – Petrograd: «Efron». 1918. –218-s.   6 Semeydegі ekі oblastnoy komitet zhayynan // Saryarkha. – 1917. – 19 mausym.
  7 Zhirenchin K.A. Politicheskoye razvitiye Kazakhstana v XIX - nachale XX vekov. Almaty: «Khazakh universitetі». 1996. – 327 s.  8 Khazakh gazetі. – Almaty: «Khazakh entsiklopediyasy». 1998. – 518 b.  9 Іshkі khabarlar // Khazakh. – 1917. – 17 shіlde.
  10 Zemstvo kіrgіzu zhamy //Saryarkha. – 1917. – 11 khyrkhuyek.
  11 Tashkent uyezіnіn zemstvo kіrgіzu komitetі // Bіrlіk tuy. – 1917. – 20 khazan.
  12 Іshkі khabarlar // Khazakh. –1917. – 22 tamyz.
  13 KhR OMM. 695-kh.,  1-t., 288-іs.
  14 Estiyarlykh synalatyn bolady // Saryarkha. 1917. – 24 shіlde.  15 Dulatov M. Shygarmalary. – Almaty: «Zhazushy». 1991. – 381 b.  16 Bukeykhanov A. Shygarmalar. – Almaty: «Khazakhstan». 1994. – 384 b.  17 Memleket kuyі // Saryarkha. – 1917. – 5 zheltokhsan.  18 Іshkі khabarlar // Khazakh. – 1917. – 12 zheltokhsan.  19 KhR OMM. 1441-kh., 1-t., 1-іs.  20 Zemskoye upravleniye // Stepnaya rech. – 1917. – 29 noyabrya.
  21 Gerasimenko G.A. Zemskoye samoupravleniye v Rossii. – M.: «Nauka». 1990. – 262 s.
  22 Semirechye // Zarya svobody. – 1918. – 1 marta.
  23 Fayn L.E. Iz istorii borby za ustanovleniye i uprocheniye Sovetskoy vlasti v Guryevskoy oblasti // Izvestiya AN KazSSR. Seriya istorii. arkheologii i etnografii. – 1959. – Vyp. 2. – S. 95-116.  24 KhR OMM. 1398-kh., 1-t., 79-іs.
  25 Zemstvo // Zhas azamat. – 1918. – 10 khazan.
  26 KhR OMM. 1398-kh., 1-t., 220-іs.
  27 KhR OMM. 1398-kh., 1-t., 218-іs.
  28 Eskerіlmey khalmasyn // Saryarkha. – 1919. – 1 akhpan.
  29 Іshkі khabarlar // Saryarkha. – 1919. – 15 nauryz.

А.Ш. МАХАЕВА, Казахский национальный педагогический университете им. Абая, проф., д.и.н.

РОЛЬ И МЕСТО ЗЕМСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ  В ДВИЖЕНИЙ АЛАШ

Резюме

  Земские учреждения – выборные органы местного самоуправления в Российской империи в 1864 – 1919 годах на уровне губернии, уезда и волости. Были введены земской реформой 1864 года. Земские учреждения упразднены после установлением советской власти в 1919 г.

  В отечественной исторической науке слабо изучена роль и место земских учреждении в движений Алаш. Статья написана на основе архивных материалов и периодической печати.

Ключевые слова: Движение Алаш. Партия «Алаш». Земство. «Казахская конституционно-демократическая партия». Областные земские учреждения. Уездные земские учреждения.

  A.Sh. Makhayeva, Kazakh national pedagogical UniversityAbai, prof., Higher doctorate historical sciences

THE PLACE AND ROLE OF ZEMSTVO SELF-GOVERNMENT ORGANIZATION IN THE MOVEMENT ALASH

Summary

  Zemstvo institutions-elected bodies of local self – government in the Russian Empire in 1864-1919 at the level of the province, County and parish. They were introduced by the Zemstvo reform of 1864. Zemstvo institutions were abolished after the establishment of Soviet power in 1919.

  The role and place of Zemstvo institutions in the Alash movements is poorly studied in the national historical science. The article is written on the basis of archival materials and periodicals.

  Key words: Alash Movement. The Party "Alash". Zemstvo. "Kazakh constitutional-democratic party". Regional Zemstvo institutions. County Zemstvo institutions.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз