Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘӨЖ 930.2:94(574):394 П.А. СКРЫПЛЕВ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

¹ Ж.Е. Жаппасов, Н.А. Тасилова, А.Т. Ахметжанова, ¹Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихыкафедрасының доценттері, тарих ғылымдарының кандидаттары Е-mail: zhappasov-74@mail.ru, tasnaz@mail.ru, azhar59@mail.ru Қазақстан,

ӘӨЖ 930.2:94(574):394 П.А. СКРЫПЛЕВ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14), 2018

Автор:
Бұл мақалада статист зерттеуші П.А. Скрыплевтің басшылығымен жүргізілген «Қырғыздардың (Қазақтардың) жер пайдалану материалдары...» Қазақстан тарихының маңызды дерек көзі ретінде қарастырылады. Қырғыздардың (Қазақтардың) жер пайдалану материалдары...» статистикалық мәліметтерден, ол қазақ халқының этникалық тарихын, дәстүрлі шаруашылығының ерекшеліктерін зерттеудің маңызды дерек көзі болып табылады. Онда қазақ тарихының маңызды дерек көзі болып табылатын «Қырғыздардың жер пайдалану материалдарын...» зерттеу мен талдау методикалары мен тәсілдері көрсетіліп, деректану ғылымының талаптарына сай зерттеу мен сыннын өткізудің, сыныптау мен талдаудың әдістері мен оны нақты тарихи зерттеулерде пайдалану тәсілдері ұсынылған. Сонымен қатар статистикалық зерттеулерді ұйымдастырған, деректі құрастырған авторлар, олардың көзқарастары талданған. Түйін сөздер: дерек, деректану, талдау, әдіс, статистика, этнос, құрылым.
Мазмұны:

Орталық Ресейде шаруалардың қоныс аударуы ХІХ ғ. 70-80 жж. аграрлық дағдарыс пен крепостниктік правоның жойылуына байланысты үлкен масштабта жүрді. Аграрлық мәселенің шиеленісуіне және Ресейде шаруалар қозғалысының күшеюіне байланысты Патша үкіметі қоныстандыру саясатына  шұғыл бетбұрыс жасады. Олар шаруаларды шет аймақтарға қоныстандыру арқылы халық тығыз қоныстанған Еуропалық Ресейдің губернияларындағы аграрлық қайшылықтарды басуға болады деп ойлады. Шаруаларды қарқынды түрде қоныстандырған аймақ – Қазақстан болды.

Төмендегі кестеде көрсетілген қазақ жерін түгел қамтыған зерттеу партиялары мен экспедициялардан патша өкіметінің Қазақстанда қарқынды түрде отарлау жұмыстарын жүргізгенін көруімізге болады.

Кесте 1 - XIX ғ. соңы - XX ғ. басындағы Қазақстан жерін зерттеген экспедициялар мен статистикалық партиялар

Экспедиция мен зерттеу партияларының басшылары және зерттеу жүргізілген жылдар

Зерттеулер жүргізілген аймақтар

Нәтижесінде пайда болған статистикалық деректер және олардың жалпы саны

Ф.А. Щербина

1896-1903 жж.

Ақмола, Семей, Торғай облыстары

Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. 13 том.

В. Кузнецов

1907-1909 жж.

Ақмола облысы

Киргизское хозяйство в Акмолинской области. Повторное исследование 1907-1909 гг.. 5 том.

П.А. Скрыплев

1906-1913 жж.

Сыр-Дария облысы

Материалы по киргизскому землепользованию собранные и разработанные Сыр-Даринской  статистической партией. 5 том.

П.П. Румянцев

1909-1913 жж.

Жетісу облысы

Материалы по обследованию туземного и русско-сторожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области. 7 том.

П.А. Хворостанский

1904-1912  жж.

Орал, Торғай облыстары

Материалы по киргизскому землепользованию собранные и разработанные Статистической партией Тургайско-Уральского переселенческого районо. 7 том.

А.В. Переплетчиков 1910-1911 жж.

Семей облысы

Материалы по повторному обследованию в 1910-1911гг. Хозяйства и землепользования киргиз Семипалатинской области. 3 том.

Бұл мақалада біз 1906-1913 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстанда жүргізілген П.А. Скрыплев[1]басшылығымен жүргізілген және көп зерттелінбеген статистикалық эскпедицияның қызметіне және сол зерттеудің нәтижесінде пайда болған "Қырғыздардың жер пайдалану материалдарына..." (әрі қарай «ҚЖПМ» - автор.) талдау жасауды мақсат етіп алдық. Сыр-Дария облысында П. Скрыплев басқарған зерттеген партиясының жинаған «ҚЖПМ» Қазақстанның Шымкент[2; 3], Қазалы[4], Перовск[5], Әулиеата[6] уездерінің шаруашылығынан, әлеуметтік тарихынан, биологиясы мен геодезиясынан құнды мәліметтер беруімен де ерекшеленеді.

Сыр-Дария облысын зерттеген статистикалық партия жинақтаған «ҚЖПМ» сол кезеңде орталық болып есептелген Ташкент қаласында басылып шықты. Төмендегі кестеде Сырдария облысы бойынша жарияланған «ҚЖПМ» шыққан жылдары мен негізгі авторлары туралы мәліметтер бар.

Кесте 2 - 1906-1913 жж. П.А. Скрыплев басқарған статистикалық партияның зерттеген қазақ жерлері мен «ҚЖПМ» туралы мәлімет

Зерттелген облыстар

Зерттелген уездер

Материалдарды жинаған экспедиция мүшелері

«ҚЖПМ» басылып шыққан жері мен томдары

Сыр-Дария облысы

1.Шымкент

2.Әулиеата

3. Перовск

4. Қазалы

5. Шу мен Талас бойы

П.А.Скрыплев,

П.И.Путилов,

И.И.Рылов,

В.А.Якиманский,

В.И.Юферев

1). Том 1. Ташкент, 1910.;

2) Том 2. 1-бөлім. Мәтін. Ташкент, 1910 ж.;

Том 2. 2-бөлім. Кесте. Ташкент, 1910 ж.

3).Том  3. Ташкент, 1911 ж.

4).Том  4. Ташкент, 1912 ж.

5).Том  5. Ташкент, 1913 ж.

6). Том 6. Ташкент, 1915 ж.   

Барлығы

Барлығы 6 том, 2-томы 2-бөлімнен және осыған сай екі кітаптан тұрады.

Сыр-Дария облысында жүргізілген зерттеудің нәтижесінде пайда болған «ҚЖПМ» жинауға атсалысқан ұжым статист, агроном, тіркеуші, есептеуші, топограф, геолог, биологтардан тұрды.

1906 ж. Сыр-Дария облысы Шымкент, Әулиеата, Қазалы, Перовск уездерінде зерттеу жұмыстарына жетекшілікті белгілі статист П. Скрыплев басқарды. П. Скрыплев осы зерттеуді 1906 ж. бастап жүргізіп, 1913 ж. осы жерде дүние салады. Ол Сырдария облысындағы переселендерге, қазақтардың жер пайдалануына қатысты «Материалы по обследованию переселенческого хазяство в Туркестанском крае», «ҚЖПМ» алғысөзін жазып, мәтінін түгел редакциялады. 

Статистикалық партияның құрамы үнемі өзгеріп отырды. Дегенмен, партияның негізгі тірегі болған жұмысшылар сол қалпында өзгеріссіз жұмыс жасады. Олардың қатарында кейіннен «ҚЖПМ» құрастыруға атсалысқан:  И.И. Рылов, В.А. Якиманский, П.И. Путилов, А.А. Черновский, Е.Е. Яшнов, А.А. Росляков, С.С. Неуструевтар болды. Аты аталған зерттеушілер кейіннен Самарқанд облысының Жызақ, Ходжент уездерін, Ферғана облысының Әндіжан, Наманган уездерін зерттеді.

Зерттеу жұмыстары Шымкент уезінен басталды. Бұл уезге Қоныс аудару басқармасы «ҚЖПМ» 2 бөлімнен тұратын 3 кітапты арнап шығарды.

Шымкент уезінде шаруашылық-статистикалық зерттеуді үш негізгі отряд жүргізді. Оларды И.Ф. Гусев, И.И. Рылов, И.Е. Ступаков басқарды. Зерттеуге статистерден А.П. Баранов, В.А. Якиманский мен П.И. Путиловтер қатысты. 1908 ж көктемде И.Ф. Гусев кенеттен қайтыс болады. Ал топографтардан   В.И. Юферев, В.А. Владимирский көптеген картографиялық суреттерді түсірді [195]. ¤ңірдің топырағы мен ботаникасын зерттеу С.С. Неуструевтің мойнына жүктелді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар арасынан алынатын тіркеушілер, аудармашылар мен есепке алушылар да болды. ¤кінішке орай олардың аттары ешбір жерде аталмаған.

Әулиеата уезін зерттеу екі кезеңнен тұрды. Алғашқы рет 1907 ж. Билікөл, Күйік, Асын, Тастөбе болыстары зерттелген болатын. 1909 ж. статистикалық жұмыстар қайта басталды. Деректің өзінде бұл туралы: «В этом году была подвергнута изследованію вся остальная южная часть Аулиеатинского уезда, наиболее интересная в колонизационном отношении» [6, 1 б.], - делінген болатын. Уезге арналған статистикалық материалдарды өңдеу жұмыстары 1910 ж. көктемде аяқталды. Ал «ҚЖПМ» мәтіні осы жылдың күзінде құрастырылып, 1911 ж. баспадан шығарылды.

Әулиеата уезінде зерттеу жұмыстарына статистерден И.И. Рылов,  В.А. Якиманский, П.И. Путиловтар қатысты. Ал деректі біріккен ұжым, оның ішінде табиғаты мен ботаникасы, жер қыртысына арналған тарауды   С.С. Неуструев, З.А. Минквиц, О.Э. Кнорриндер жазып дайындаса, 2 және 3 тарауларды Е.Е. Яшнов, И.И. Рылов, И.Е. Суслов, В.А. Якиманскийлер құрастырды. Барлығын өңдеп, баспаға даярлаған П. Скрыплев еді. 

1910 ж. зерттелген Қазалы уезінде жердің қыртысын, ботаникасын  С.С. Неуструев, ал статистерден П.И. Путилов, М.И. Носков, А.А. Черновский, Е.Е. Яшнов, А.А. Росляков, В.Д. Новосельский, И.И. Рыловтар зерттеді. Алайда зерттеушілердің барлығы дерлік «ҚЖПМ» құрастыруға қатыса бермейтін. Мәселен, Қазалы уезін зерттеуге арналған деректің 1-тарауы «Қазалы уезінің табиғи жағдайының» мәтінін С.С. Неуструев даярласа, «Тұрғындары» деп аталатын 2-тарауды И.А. Біляев, «Жер өңдеу» деп аталатын 3-тарауын И.Е. Суслов, «Мал шаруашылығы» деген тарауын И.И. Мальцовтың жинаған материалының негізінде Н.А. Чудов даярлайды. Деректе сонымен қатар, И.А. Авдеев, Е.Е. Яшнов, М.И. Носков, А.А.Черновскилер де түрлі мәселелер бойынша жиналған материалдарды өңдеуге атсалысады.

Сырдария облысының Перовск уезі 1910 ж көктемде зерттелінді. Бұл зерттеулердің барлығы ортақ бағдарламаның негізінде жүзеге асырылды. Және зерттеушілердің де құрамы жоғарыда аты аталған адамдардан тұрды.

Бұл өңірлерде зерттеу жүргізген ұжым сондай-ақ 1911, 1912 жылдарын Самарханд облысының Ходжент пен Жызақ уездерін зерттеуге алып, 1914 ж. «Материалы по землепользованию туземнаго кочевого населения района Голодной степи и прилегающих местностей Ходжентского и Джизакскаго уездов Самаркандской области» деп аталатын деректі де жариялады. Оны құрастырған ұжым жоғарыда аты аталған зерттеушілерден тұрды [7]. Сонымен қатар, 1911 жылы партия мүшелері Ферғана облысының Әндижан, Наманган уездерін зерттеу нысанына алып, «ҚЖПМ» осы уездерге арналған екі томын шығарды. 1913 ж 6 қаңтарда Әндижан уезіне арналған дерек жарыққа шықты [8]. Оның мәліметтеріне сүйенсек, зерттеу жұмыстары Базар-қорған, Қаракөл-Сересу, Кенкөл-Қарақыр, Қуғарт, Мәссін, Майлысай, Үзген, Шанкент, Яссын болыстары зерттелінген. Ал Наманган уезі 1912 ж. зерттелініп, 1913 ж. қарашада «ҚЖПМ» Ташкенттегі баспадан басылып шығарылды [9]. Наманганда тек 5 көшпелі Арым, Қырық-өгіл, Саруй, Сусамыр, Шатқал болыстары зерттелінген болатын. Зерттеушілер құрамы жоғарыда аты аталған ұжымнан тұрды.

Сырдария облысына арналған «ҚЖПМ» жүйелеу ісін редактор ретінде  П. Скрыплев атқаратын. Бірақта 1913 ж. 5 наурызда П. Скрыплев кенеттен қайтыс болады. Осыдан кейін редакциялау ісін И.И. Рылов өз қолына алады. Ол көбінесе П. Скрыплевтің басшылығымен зерттелініп, жинақталған материалдарды өңдеумен айналысты.

Сырдария облысының уездеріне арналған зерттеулерге тіркеуші, есепші, тілмаш, сауалнама алушы ретінде қазақтар да қатысқанымен де олардың аттары дерек көзінде аталмаған болаты.

Сыр-Дария облысын зерттеген статистикалық партия.1896-1906 жылдар аралығында Түркістан өлкесі қоныс аударушыларға жабық аймақ болып есептеледі. Бірақта 1903 жылғы 10 маусымдағы «Сырдария, Ферғана және Самарқан облыстарындағы қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аудару» туралы ереженің қабылдануы, бұл аудандарға сол кезге дейін іс жүзінде заңсыз болып келген қоныс аударуды заңдастырып берді [10, 594 б.].

ХХ ғасырдың басында П.А. Столыпин реформасы аграрлық қайшылықтарды шиеленістірді. Аграрлық реформа Николай ІІ 1906 ж. 9 қазандағы Указға және 1910 ж. 14 маусымдағы заңға негізделіп жүргізілді. Осыдан кейін «артық» жерлерді аламыз деген сылтаумен қазақтардың жақсы игерілген жерлерін ашық түрде тартып алу басталды. Жерді тартып алумен қатар, қазақ халқын аяусыз өз территориясынан шөлейт жерлерге қуды, қыстаулары мен тұрақтарын қиратып, оның құнын төлеуді ойлаған да жоқ.

Ресей империясының шығарған ресми заңдық құжаттарын талдау арқылы Түркістан өңірін жаулап алу империяның геостратегиялық позицияларын кеңейту, бай материалдық, табиғи және еңбек ресурстарын эксплуатациялау мақсатында жүргізілгендігін көруге болады.

1906 жылы 10 наурызда шығарылған үкім негізінде империя жанындағы ішкі істер министрлігінде қонысаудару басқармасы құрылды. Ал Түркістанда – Сырдария қонысаудару бөлімі ашылды. Бұл өңірдің ресурсты-экономикалық потенциалының бай болуы отарлаушылардың қызығушылығын тудырды. Бұл туралы  1908 жылы Түркістанға ревизиялауға барған граф К.К. Пален өзінің есептерінде: «Если несчитать мотивов политического характера, имевших значение для завоевания Туркестана, этот край с первых же дней присоединение его к России представлял для русского правительства двоякий интерес: 1) с точки зрения финансовой политики как источник государственных доходов и как новый рынок для продуктов внутреннего производства и 2) с точки зрения колониальной политики как новая область для перемещения избыточного населения из губерний» - деп бұл өлкенің отарлау үшін құндылығын атап көрсеткен болатын [11].

Ал 1910 ж. 19 желтоқсандағы заң көшпенділердің «артық» жерлерін алудың қалыптасқан жүйесін айқындап берген болатын.  Бұл туралы Ә.Бөкейхан өзінің «Үшінші Дума ћәм қазақ» мақаласында: «Бұл закон бұрынғы күйінде тұрса Түркістанда қазақ жері мұжыққа алынбайтын еді; хүкімет 279-ншы статьяға қосымша деп 1911-нші жылы 3-нші Думаға ұзындығы екі жол закон кіргізді: «Түркістанда қазақ жерінен артық жер табылса, қазына өз пайдасына алатын болсын» деп. Осылайша, Түркістан қазағына да Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай ћәм Орал қазағының кебі келді. Енді Түркістанда қазақ жерін алғанда закон деп алады» [12, 97-98 бб.], - деген болатын.

Сырдария облысы ХІХ ғ. ортасында 7 уезден тұрды: Құрамын – 32100, Ходжент – 38550, Шымкент – 51250, Түркістан – 79550, Әулиеата – 67800, Перовск – 65950, Қазалы – 59550, ал барлығы 394750 кв. верст жерді алып жатты. Кейіннен оның құрамында Шымкент, Ташкент, Әулиеата, Перовск, Қазалы уезі қалды.

Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата, Перовск, Қазалы 4 уезінде 1906-1913 жж. жүргізілген зерттеу жұмыстарына тоқталар болсақ, ол зерттеу бұл өңірлерді алдын-ала білікті мамандардың көріп, арнайы кеңесте жүргізілетін жұмыстардың қажеттілігін негіздеп, қаулы шығарғаннан кейін ғана жүзеге асты. Мәселен, белгілі статист А.А. Кауфман Ф. Щербина, П.Хворостанский, П. Скрыплев басқарған зерттеу партияларының ұйымдастырылу және жүргізілу барысында арнайы іс-сапармен сол жерлерге барып, қажетті нұсқаулар мен кеңестер беріп отырған. 1903 ж. Түркістан өңірінде болған сапарының есебінде А.Кауфман бұл жерлерді статистикалық партиялар арқылы зерттеу қажеттілігін негіздеген болатын.

Жер министрлігі 1904 ж. өзінде Сыр-Дария облысында қоныс аудару учаскелерін құру мақсатында зерттеу партияларын құруды жоспарлады. Бұл мәселе Мемлекеттік кеңестің күн тәртібіне де қойылып, заңдық негізде үлкен қарсылыққа да тап болды. ¤йткені, 1886 ж. 12 маусымдағы «Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі ереженің» 270-бабында көрсетілген «Көшпелілердің қоныстары орналасқан мемлекет жерлері, олардың дәстүрі мен осы Ереже баптары негізінде мерзімсіз уақытқа көшпелілердің қоғамдық пайдалануына беріледі», - делінген болатын. Ол «Далалық облыстарды басқару туралы ереженің» 120-бабымен ұқсас та еді, тек 270-бапта 120-бапта көрсетілген «Көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер  мемлекеттік Мүлік министрлігі басқаруына өтеді»,- делінген қосымша болмады. Демек, осы ресми заңдағы кемшілік көп уақытқа дейін Сыр-Дария облысында қоныс аудару партияларын құруға үлкен кедергілерді туғызды.

Тек 1905 ж. ғана Мемлекеттік кеңес жаңа заңдық негіздерді жасап, осы өңірді зерттеп, қоныс аудару ісін жүргізу үшін Сыр-Дария облысында статистикалық партияны құруды ұйғарды. Ол туралы «ҚЖПМ» дерегінде «1906 ж. көктемде Сыр-Дария статистикалық партиясының жұмысы басталды...» [1, 3 б.], - деп нақты зерттеудің ашылған уақытын көрсеткен. Бұл, осы өңірде ең алғаш рет шаруашылық-статистикалық, агрономдық және гидрогеологиялық зерттеулерді ұйымдастырған статистикалық партия еді.

«ҚЖПМ» дерегінде бұл зерттеудің басты міндеті түземдік тұрғындарға жер нормасын және артық жер мөлшерін анықтап, оларды Еуропалық Ресейден келетін келімсектерге беру болған деп жасырмай жазады [1, 4 б.]. Сонымен қатар бұл деректе: «Мемлекеттік кеңес қонысаудару ісін кеңінен қою үшін заңдық негіздің болмауынан 1905 жылы Сыр–Дария  облысында шаруашылық-статистикалық, агрономиялық және гидрогеологиялық зерттеу үшін статистикалық партияны құруды қажет деп тауып, бір жағынан «қоныстандыру мақсатында артық жерлерді пайдалану мәселесіне негізделген заңдық шешімдер үшін материалдарды, екінші жағынан – ешбір уақытты ұттырмай-ақ қонысаудару учаскелерін құру жұмыстарын бастап кету үшін қажетті мәліметтердің қорын жинап, осылардың барлығын қазіргі таңдағы заңдық сипаттағы қиындықтарды жою үшін дайындап қою үстінде» [1, 4 б.],- деген сөзінен зерттеудің Түркістанды басқару ережесіне қатысты мәселенің шешімі табылғанша, отарлау жұмыстарын зерттеу жұмысының астарымен жүргізуді ойластырғандығын көруімізге болады.

Зерттеу партиялар жұмысының нақты міндеттерімен оған сәйкес ешқандай нұсқаулар болмағанымен, бұл статистикалық зерттеулер отарлау мақсатына қызмет етуі қажет екендігі айтпаса да белгілі еді. Яғни, бұл статистикалық зерттеу отарлау, қазақ жерін тартып алу мақсатында болғанымен, оның сол уақытта заңдық негізі болмаған еді.

Сыр-Дария облысының Шымкент уезін зерттеген (1906-1908 жж.) партия осы жерлердің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі 18 келімсек орыс деревняларын зерттеуге алды. Мұндағы басты мақсат - бір жағынан орыс келімсектерінің экономикалық жағдайын бақылау болса, екінші жағынан жер жетіспейді деген орыстар тарапынан түскен шағымдар болатын. Бұл деревнялардың жалпы көлемі оңтүстіктен солтүстікке 65 верст, шығыстан батысқа қарай 120 верстке созылып жатыр. Солтүстігінде Арыс өзені, шығысында Әулиеата уезімен, оңтүстігінде Ташкент уезімен шекараласады, батысында Бадам өзені мен Шымкент уезі созылып жатыр. Осы орыс деревняларын зерттеу Шымкент уезін зерттеумен қатар жүргізілгендіктен көп уақыт пен қаражатты қажет етті.

Дерек мәліметтеріне сүйенсек, 1906 ж. Шымкент уезінде зерттеу жұмыстары оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарынан бастау алды. Бұл кезеңде Машат, Қарамұрт, Бадам, Қазығұрт, Майлыкент және Түлкібастың бір бөлігі зерттелген болатын. 1906-1907 жж. қыс бойы жиналған материалдар өңделіп, соның негізінде 1908 ж «ҚЖПМ» І-томы жарияланды.

1907 ж. Түлкібастың екінші зерттелмеген бөлігі, Қошқарата, Сарыбұлақ, Бұрулдай, Бүгін, Шаян, Арыстанды, Бұржар, Арыс болыстары зерттелсе, 1908 ж. Ақтас, Байырқұм, Сарыкөл, Сыр-Дария, Жылыбұлақ, Қаракөл, Жаңасу, Көкшеқұм, Қаратау, Құршу, Шелек, Ноғай-Құрын, Шеғатай, Хантақ, Ақтөбе, Шу болыстары зерттелінді. Осы статистикалық материалдарды есептеу жұмыстары 1909 ж. көктемінде аяқталды. Нәтижесінде Қонысаудару басқармасы 1910 ж. Шымкент уезіне арналған ІІ-томның 1, 2-бөлімдерін басып шығарған болатын.

1909 ж. Түркістан өлкесін ревизиялаған Сенатор Граф Паленнің тапсыруымен зерттеу партиялары шұғұл түрде Сыр-Дария, Ферғана, Самарқанд облыстары мен Әму-Дария бөлімшесін зерттеуге кірісті.

Сыр-Дария облысы Әулиеата уезінде зерттеу (1907-1910 жж.) жұмыстары 2 кезеңде жүзеге асты. Ең алғаш рет 1907 ж. Билікөл, Құйық, Тастөбе, Асын болыстары зерттелініп, топографтардың жетіспеуінен толық қамтылмаған болатын. 1909 ж. 25 болыс, атап айтсақ Аспарын, Ашын, Бақаир, Баутерек, Бештас, Ботамойнақ-Алмалы, Жайлау, Қарабақыр, Қарабура, Қаракөл, Қарақыстақ, Кенкөл, Қарақатын, Құм-Арық, Күркіреу, Күшеней, Мақпал, Талас, Толқын, Үш-Қорған, Шұнқұр болыстары зерттеу нысаны етіп алынды.

Жалпы зерттеу жұмыстарының жүргізілуі, қоныс аудару ісі мен қарашекпенділерге қажетті көмек туралы негізгі нұсқаулар мен тапсырмалар, оның барысы мен әдісі, зерттеушілер мен Қонысаудару басқармаларының меңгерушілері, олардың қызметі туралы «Переселение и землеустройство в Азиатской России» атты заңдар жинағында тәкпіштеліп баяндалған. Бұл жинақ бойынша қонысаударушыларға қажетті жерді анықтау үшін жүргізілген барлық зерттеулер тек келімсектерге ғана көмектесу мақсатында болған. Ал жергілікті халықтың жағдайын ешкім ойлаған да жоқ. 

Қорыта келетін болсақ, патша өкіметі Қазақстан жерін отарлау мақсатында бүкіл кең-даласын зерттеп, қазақтар үшін «артық» деп табылатын жерлерді анықтау үшін бірнеше үлкен масштабтағы зерттеу экспедициялар мен статистикалық партияларды құрды. Олардың ортақ мақсаты «артық» деп қазақ жерлерін көбірек алып, осылайша отарлаудың «ғылыми» негізін жасау болды. Бұл зерттеу экспедицияларының жинаған материалдарының негізінде пайда болған «ҚЖПМ» отарлау тарихының дерегі болғанымен, онда Қазақстан тарихын, этнографиясын, геологиясы мен жағрафиясын, ботаникасын, экономикасы мен әлеуметтік құрылымының тарихын байытатын құнды мағлұматтар баршылық. Және бұл дерек көзін талдау нәтижесі XIX ғ. соңы - XX ғ. басындағы бүкіл қазақ жерінің тарихын қайта жаңғыртуға септігін тигізетіні анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Материалы по киргизскому землепользованию в Сырдарьинской области. –  Чимкентский уезд. –  Т. 1. –  Ташкент., 1908. –  С. 643.

2.  МКЗ. – Т. 2. – Вып. 1. –  Чимкентский уезд. –  Ташкент., 1910. – С. 277.

3.  МКЗ.– Т. 2. – Вып. 2. –  Чимкентский уезд.  - Таблицы. – Ташкент, 1910. – м– ф.

4.  МКЗ. –  Аулиеатинский уезд. –  Ташкент, 1911. –  С. 699.

5.  МКЗ. –  Перовский уезд. –  Ташкент, 1912. –  С. 640.

6.  МКЗ. –  Казалинский уезд. –  Ташкент, 1913. – С. 386.

7.  Материалы по землепользованию туземнаго кочевого населения района Голодной степи и прилегающих местностей Ходжентского и Джизакскаго уездов Самаркандской области. –  Ташкент, 1914.–  м– ф.

8.  МКЗ. –  Ферганская область. - Андижанский уезд. –  Ташкент, 1913.–  м– ф.

9.  156 МКЗ. – Ферганская область. - Наманганский уезд. – Ташкент, 1913. – м– ф.

10.Алферова Ю.А. Ф.А. Щербина в общественно–политической жизни России: 60–е годы ХІХ–начало ХХ вв. дисс. ...  канд. истор. наук. –  М., 2003. –  С. 198.

11.Пален К.К. Приложение к отчету ревизии Туркестанского края. Материалы к характеристике народного хозяйства Туркестана. –  Ч. 1. –  отд. 4. – Спб, 1911. – С. 496.

12.Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Құрастырған М. Қойгелдиев. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б.

Ж.Е. Жаппасов, Н.А.Тасилова., А.Т. Ахметжанова

КазНУ пмени Аль-Фараби

Алматы г., Казахстан

Историческое значение экспедиции П.А. Скрыплева

Аннотация

  В настоящей статье рассматриваются «Материалы по киргизскому землепользованию...» как исторический источник по истории Казахстана конца ХІХ - нач. ХХ века. Документы, собранные в материалах уникальны  по масштабу охвата всей совокупности важнейших фактов, событий, явлений в области истории, этнографии, географии, топонимики и демографии казахского народа. Они представляют собой свод статистических материалов, который является бесценным источником в исследовании этнической истории казахского народа, особенности казахского традиционного хозяйства.

Это материалы исследований статистических и  исследовательских экспедиций проведенных с целью колонизации территории Казахстана царской Россией в начале ХХ в. Несмотря на то что эти документы были источником для колониальной политики, они также являются ценным источником по структуре родо-племенного состава, хозяйственной, экономической, социальной истории и других  аспектов жизни казахов того периода.

Ключевые слова: источник, источниковедение, анализ, метод, статистика, этнос, структура.

Zh.E. Zhappasov, N.A. Tasilova, A.T. Ahmetzhanova

Al-Farabi Kazakh National University,

Associate professors, Candidate of Historical Sciences

Almaty, Kazakhstan

HISTORICAL IMPORTANCE OF THE EXPEDITION PA. Skrypleva

Annotation

This article analyzes the source called "Materials Kirghiz (Kazakhs) land use..." of the late XIX - early XX century. Topicality of the theme of  investigation is that «Materials on Kyrgyz land using» introduces code of statistical materials  which consists of  27 volumes, and it is invaluable source in investigation ethnical history of Kazakh people, peculiarities of Kazakh traditional economy.

It discusses the methodology of research and analysis of the important source of Kazakh history "Materials of Kyrgyz land use ...", proposed methods of research and testing, classification and analysis in accordance with the science of sources and methods of application in specific historical studies.

Keywords: source, science of sources, analysis, method, statistics, ethnos, structure.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз