Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.)

А.Ә. Жүнісбаев

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.)
Тегтер: Санжар, Асфендиаров, Қазақ, Мемлекеттік, университеті, Қазақ, АКСР-і, Ағарту, халық, комиссариаты, ректор
Автор:
Мақалада осы күнге дейін ғылыми айналымға тартылмаған тың мұрағат құжаттарының негізінде қазақ жерінде бой кӛтерген тұңғыш жоғары оқу о
Мазмұны:
Кеңес билігінің алғашқы жылдарында Қазақстандағы білім беру және оқу-ағарту жүйесі түбегейлі ӛзгеріске ұшырады. Революцияға дейін Қазақстанда білікті мамандарды даярлайтын бірде-бір жоғары оқу орны мен техникумның болмауы салдарынан кеңестік негіздегі жаңа зиялы қауымды құру, әсіресе жергілікті ұлт ӛкілдерінен педагогикалық кадрларды даярлау ісі кӛптеген қиындықтарға тап болды. РКФСР-дың ең ірі автономиялы республикалардың бірі болған Қазақ АКСР-де 25-ке жуық халықтар мен этностар ӛмір сүріп, олар мәдени дамудың әр түрлі сатыларында орналасты. Жергілікті халық арасында сауатсыздық кең етек жайып, жекелеген халықтар ӛз жазу үлгісіне ие болмады. Патша үкіметінің отарлау және орыстандыру саясатының қорытындысында республикада бастауыш және орта оқу орындары үшін жарамды ғимараттардың тапшылығы, жергілікті тілдерде оқу құралдары мен әдебиеттің жарық кӛрмеуі, біліктілігі жоғары мамандардың, ең алдымен мұғалімдердің ӛткір жетіспеушілігі айқын сезілді. 1923-1924 жылдары елде халық шаруашылығының біртіндеп қалпына келе бастауы білім беру және ағарту салаларына мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден бӛлінетін қаржы кӛлемінің жыл сайын ұлғайып отыруына түрткі болды. Егер 1924-1925 оқу жылында білім беру саласына жергілікті республикалық бюджеттен 1 346 642 сом бӛлінген болса, 1925-1926 оқу жылында бұл сомма 57,3 пайызға артып, 2 125 260 сомды құрады [1]. 1920 жылдардың басында республикада халық шаруашылығы және мәдениет салалары үшін білікті кадрларды дайындау үшін кәсіптік- техникалық оқу орындарының тұтастай желісін ұйымдастыру ісі қолға алынды. 1928 жылға қарай Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариатының мәліметі бойынша елде 1 педагогикалық жоғары оқу орны (Қазпедвуз), 3 халыққа білім беру институты, 14 педагогикалық, 6 ауыл шаруашылық, 2 орман, 2 мал дәрігерлік-зоотехникалық, 2 акушерлік, 1 медициналық, 1 ӛнеркәсіптік-экономикалық техникум, сондай-ақ 2 кәсіптік-техникалық және 3 фабрикалық-зауыттық мектеп, 15-ке жуық қысқа мерзімді курстар, ІІ дәрежелі мектептердің жанындағы 10 кәсіптік сынып қызмет етті. 1927-1928 оқу жылында жоғары аталған орта оқу орындарында барлығы 5134 адам білім алып, олардың 2877 қазақ ұлтының ӛкілдері еді [2]. Қазақстанда білікті педагогикалық кадрларды даярлау ісінде жоғартылған типтегі оқу орындарының қатарына жатқан Орынбордағы халыққа білім берудің практикалық және шығыс (татар) институттары (ПИНО мен КИНО), Ташкенттегі Қазақ ағарту институты, Семей мен Алматы қалаларындағы аралас институттар айтарлықтай маңызға ие болды. Алғашқы жылдары аталған оқу орындарының бітіруші түлектердің саны ӛте тӛмен болды. Мысалы, 1925-1926 оқу жылында Орынбордан жаңа астанаға – Қызылордаға кӛшірілген Қазақ халыққа білім беру институтын небәрі 10 адам бітіріп шықты [3]. 1928 жылға дейін республика үшін жоғары білімді педагогикалық кадрларды даярлау Қазақстаннан тыс жерде ӛтті. Бұған ең алдымен 1924 жылы Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуінің қорытындысында Түркістан Республикасының саяси-әкімшілік орталығы міндетін атқарған Ташкент қаласының Ӛзбек КСР-ның құрамына ӛтуі себеп болды. Ташкентте бұл уақытта тек Ӛзбекстан үшін ғана емес, бүкіл Орта Азия халықтары үшін жоғары білімді мамандарды даярлайтын екі маңызды орталық – Орта Азия мемлекеттік (бұрынғы Түркістан мемлекеттік университеті) және Орта Азия коммунистік университеттері қызмет етті. Сонымен қатар, Ташкентте Қазақ ағарту институты да шоғырланды. Алайда, алғашқы екеуі Ӛзбек КСР-не қараған болса, Қазақ ағарту институты тек формальды түрде Ташкентте орналасып, Қазақ АКСР-нің меншігі болып саналды. 1927-1928 оқу жылында Қазақстаннан тыс жерде, дәлірек айтқанда Мәскеу, Ташкент, Ленинград, Саратов, Томск, Омск, Астрахань, Воронеж, Қазан, Самара, Владивосток, Ростов-на-Дону және Иркутск қалаларында шоғырланған жоғары оқу орындарында әр түрлі мамандықтар бойынша 1349 қазақстандық студент (солардың ішінде 559-ы қазақ жастары) білім алып, оларды осы оқу жылында шәкіртақымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 169 620 сом қаржы бӛлінді [4]. Алайда, республикадан сырт жерде білім алу қазақстандық жастар үшін оңайға соқпады, олардың айтарлықтай бӛлігі материалдық тапшылықтың салдарынан ӛз оқуларын тастап кетуге мәжбүр болды. Мысалы, 1927-1928 оқу жылында Қазақстаннан тыс жердегі жоғары оқу орындарын бар-жоғы 101 (оның ішінде 32-і қазақ), ал келесі 1928-1929 оқу жылында небәрі 82 (оның ішінде 15-і қазақ) түлек қана аяқтап шығып, елге қайта оралды [5]. 1924 жылы Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуі және 1925-1926 жылдары РКФСР-да жүргізілген әкімшілік- территориалдық бӛліністің нәтижесінде Қазақ АКСР-і революциядан кейін халық шаруашылығының негізгі салалары үшін білікті мамандарды даярлаудың мәдени және ғылыми орталықтардың міндетін атқарған Ташкент, Омбы және Орынбор қалаларынан қол үзуге мәжбүр болды. Егер Орынбор қаласында шоғырланған Қазақ білім беру институты ӛзіне тиесілі материалдық базамен бірге Қызылордаға кӛшірілген болса, Ташкенттегі Қазақ ағарту институты бұрынғы жерінде қалып қойды. Республикада ірі ғылыми-мәдени орталықтың жоқтығы қазақ халқының ұлттық сана-сезім деңгейінің артуын тежеп қана қоймай, жоғары оқу орындардың және ғылыми-зерттеу орталықтардың құрылуына айтарлықтай кедергі келтірді. Қазақ АКСР-де жоғары оқу орнының болмауы жоғартылған типтегі оқу орындарын (7 жылдық және ІІ дәрежелі мектептер, кәсіптік техникумдар, халыққа білім беру институттары) қазақтандыру, жергілікті ұлт ӛкілдерінен маман даярлау процесінің қарқын ала алмауына да ӛз септігін тигізді. 1920-шы жылдары Қазақстанда қызмет еткен орта оқу орындары экономикалық және мәдени жағынан қарқынды дамып келе жатқан жас республиканың барлық қажеттіліктерін толықтай ӛтей алмады. Қазақ АКСР- нің Ағарту халық комиссариатының 1926-1931 жылдарға құрастырып шыққан перспективті жоспарына сәйкес республикада 5 жылдың ішінде 283 жоғартылған типке жататын жаңа оқу орындарын ашу және олардың қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін 3 мыңнан аса жоғары білімді педагогтарды даярлап шығару шаралары белгіленді [6]. Комиссариаттың жасаған санақтарына сәйкес 5 жылдың ішінде РКФСР-дың жоғары оқу орындарында 800-ге дейін маманды даярлап шығу ғана мүмкін болды, ал қалғандарын Қазақстанның ӛз ішінде дайындау жоспарланды. Сонымен қатар, бес жылдық перспективті жоспарда Қазақстанның денсаулық сақтау саласына 6 мыңға жуық медицина саласының қызметкерлері қажет екендігі кӛрсетілді. Мұндай кӛп санды қызметкерлерді Қазақстаннан тыс жерде қысқа уақыт мерзімде даярлап шығару мүмкін болмағандықтан, жоспар бойынша оларды ең алдымен республикада медициналық жоғары және арнайы оқу орындарын ұйымдастыру арқылы даярлап шығару кӛзделді. Қазақ АКСР-нің Жер шаруашылығы халық комиссариатының жасаған санағы бойынша 1926-1931 жылдары Қазақстанда ауыл шаруашылық саласы үшін 3,5 мыңнан аса мамандарды шұғыл түрде даярлау қажет болды [7]. Республика басшылығы елде айқын сезілген педагогикалық кадрлардың тапшылық мәселесін ішінара Ташкент қаласында орналасқан Қазақ ағарту институтының арқылы шешуге тырысты. Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты коллегиясының шешімімен Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының атауы 1925 жылы 8 қазанда Қазақ педагогикалық институты болып ауыстырылды. 1926 жылы 1 шілдеде ӛткен Қазақ АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде Қазақ АКСР-нің Орта Азиядағы ӛкілетті ӛкілі Т. Жүргеновтың Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институты туралы жасаған баяндамасы тыңдалып, соның негізінде 7 пункттен тұрған қаулы қабылданды. Бұл қаулыға сәйкес осыған дейін қызмет етіп келген Қазақ педагогикалық институты таратылып, оның орнында Қазақ жоғарғы педагогикалық институты («Казпедвуз») ұйымдастырылды [8]. Бұрынғы педагогикалық институттың барлық мүлкі (орналасқан ғимараты мен жері, оқу құрал-жабдықтары мен кітапханасы, қаржысы) толығымен Қазпедвуздың қарауына ӛтіп, оған Қазақ АКСР-нің Жер шаруашылығы халық комиссариатының Су басқармасының ғимараты және Қарақалпақ ӛкілдігінің үйі берілді. Сонымен қатар, осыған дейін ректор міндетін атқарып келген Д.Сарсенов қызметтен босатылып, оның орнына 1926 жылдың 15 тамызда Т.Жүргенов тағайындалды [9, С. 7.]. Аталған институттың жанында педагогикалық училище және қысқа мерзімді педагогикалық курстар ұйымдастырылып, оларда Х. Досмұхамедов, І. Қабылов, Т. Жүргенов сынды танымал қайраткерлер оқытушылық қызметпен айналысты. Қазақстанда жоғары оқу орындарды ұйымдастыру мәселесі Қазақ АКСР-нің құрылған күнінен бастап маңызы жоғары мәселелердің қатарына кірді. Алайда, бірнеше жыл бойы бұл мәселенің шешілуі жоғарғы кеңес басшылығы тарапынан үнемі кейінге қалдырылды. Тек, 1925 жылы 4 тамызда ғана РКФСР Ағарту халық комиссариатының қабылдаған қаулысында жақын арадағы 5-7 жылдың ішінде Қазақстанда педагогикалық және жергілікті шаруашылық факультеттері бар жоғары оқу орнын ұйымдастыру қажеттілігі мойындалды. 1925 жылдан бастап республиканың астанасы міндетін атқарған Қызылорда қаласында жоғарғы оқу орны үшін жарамды болатын ғимараттың, сондай-ақ білікті ғылыми қызметкерлердің тапшылығы салдарынан Ташкенттегі халыққа білім беру институты педагогикалық жоғары оқу орны ретінде қайта құрылғанымен, сол жерде қалып қойды. 1927-1928 оқу жылында Қазпедвуз РКФСР-дың жоғары оқу орындар желісінің құрамына еніп, толықтай мемлекеттік бюджеттің қаржылануына ӛтті. 1926-1927 жылдары республиканың жоғарғы кеңес органдарында жоғары оқу орнын құру, оның болашақ орналасу жері мен құрылымы, профессорлық-оқытушылық құрамы, материалдық базасы жайлы қызу пікірталастар орын алды. 1927 жылы наурызда ӛтуі жоспарланып отырған Бүкілқазақ кеңестерінің VII съезінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнын құру туралы мәселенің мақұлдануына қол жеткізу мақсатында 17 наурызда Қазақ АКСР-і Ағарту халық комиссариатының коллегиясы арнайы қаулы қабылдайды. Оның алғашқы екі бӛлімінде Қазақ АКСР-де жоғарғы оқу орнын ашу қажеттілігі жан-жақты негізделген болса, соңғы үшінші бӛлімінде тӛмендегідей тәжірибелік іс-шараларды атқару белгіленді: 1) Ташкенттегі Қазпедвуздың негізінде құрамында педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттері бар Қазақ Мемлекеттік университетін 1927-1928 оқу жылының басында ашу; 2) Ағарту халық комиссариатының бес жылдық құрылыс жоспарына Алматы қаласында университетке арналған ғимарат тұрғызуды енгізу; 3) Жетісу губерниялық атқару комитетінен ҚазМУ орналаса алатын уақытша ғимаратты іздестіруді және қажет болған жағдайда шұғыл түрде қосымша құрылысты жүргізуді сұрау; 4) университетті ғылыми қызметкерлермен қамтамасыз ету ісіне арнайы қӛңіл бӛлу, осы мақсатта сырттан Қазақстанға жұмысқа алынатын ғалымдар үшін арнайы жеңілдіктерді қарастыру; 5) университет үшін ғимарат тұрғызу қорына қаражат бӛлдірту мәселесін жоғарғы басшылықтың алдына қою; 6) осыған дейін Қазақстан үшін қызмет еткен жоғары оқу орындары тарапынан ҚазМУ-ды ұйымдастыру ісіне қолғабыс кӛрсету, олардың материалдық базасын Алматыға кӛшіру мүмкіндіктерін қарастыру; 7) Қазпедвуздың басқармасына университеттің ұйымдастыру жоспарын және шығындар сметасын құрастыру, оларды Ағарту комиссариатына және Халық Комиссарлар Кеңесіне бекіту үшін ұсыну және тағы басқа [10]. 1927 жылы 23 наурызда Қазақ АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесі республикада жоғары оқу орнын – ҚазМУ-ды ұйымдастыру туралы мәселені талқылай келіп, Ағарту халық комиссариатына Ташкенттегі Қазпедвузды университет ретінде қайта ұйымдастыру мүмкіндігін, сондай-ақ бір ай мерзімде Қазпедвузды Ташкенттен Алматыға кӛшіру мәселесін қарастыруды, Жетісу губерниялық атқару комитетімен Қазпедвуз, кітап палатасы, орталық мұражай және Қазақстанды зерттеу қоғамы үшін қажетті ғимараттарды бӛлу туралы келіссӛз жүргізуді, Қазпедвуз үшін профессорлық-оқытушылық құрамды анықтау және оны жұмысқа тартудың шұғыл шараларын қолға алуды тапсырды [11]. Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты жетекшілігінің барлық талпыныстарына қарамастан 1927-1928 оқу жылының басында республикада тұңғыш жоғары оқу орнын ашу ұмтылысы іс жүзіне аспай қалды. Қазақстанның ӛз ішінде ҚазМУ-ды құру қажеттілігі жоғарғы билік органдарымен мойындалып, бұл мәселе бойынша қажетті қаулылар қабылданғанымен, ақырғы шешім шығару РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және РКФСР Ағарту халық комиссариатының, оның жанындағы Кәсіптік білім берудің бас басқармасының құзырында еді. Жоғарғы кеңес басшылығы алдына ҚазМУ-ды құру туралы мәселені қою үшін Ағарту халық комиссариатының жетекшілігі осы уақытта Орталықта қызмет етіп, саяси беделге ие болған қазақ қайраткерлері – РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі тӛрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың, КСРО және БОАК Орталық Атқару Комитеттерінің мүшесі, Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтының ректоры С. Асфендиаровтың, РКФСР БОАК тӛралқасы жанындағы Ұлттар бӛлімінің меңгерушісі Ә. Досовтың, Шығыс халықтары орталық баспасы басқармасының тӛрағасы Н. Тӛреқұловтың қолдауына тірек артып, Қазақ АКСР-нің БОАК жанындағы ӛкілетті ӛкілдіктің қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет етуге ұмтылыс танытуы түсінікті жағдай еді. 1926-1927 жылдары Қазақ АКСР Ағарту комиссарының орынбасары қызметін атқарып келген Д. Авксентьевскийдің БКП (б) Орталық Комитетінің шешімімен Мәскеу қаласына қызметке ауысуы осы бағыттағы жұмыстың жаңа қарқынмен жүруіне ӛз септігін тигізді. ҚазМУ- дың мәселелерін Орталықта шешу үшін арнайы Ұйымдастыру бюросы Мәскеу бӛлімінің құрылуы да істің алға басуына ықпал етті. Оның құрамынан мүше ретінде С. Асфендиаров, Н. Тӛреқұлов, М. Мырзағалиев, хатшылары ретінде Г. Черданцев пен В. Кӛшербаев орын алды. Қазақ Мемлекеттік университетінің ашу мәселесінің тарихында 1928 жылдың алғашқы жартысында жоғарғы кеңес органдары қабылданған қаулылар шешуші маңызға ие болды. 1928 жылы 24 қаңтарда ӛткен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде республикада жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қаралады. Мәжіліс ХКК-нің 1926 жылы 2 маусымда және 1927 жылы 23 наурызда қабылдаған қаулыларды қайта бекітіп, Ағарту халық комиссариатының бес жылдық перспективті жоспарына және РКФСР Ағарту халық комиссариаты ЖОО бӛлімінің жанындағы кеңестің 1927 жылы 8 желтоқсанда қабылдаған қаулысына сәйкес 1928-1929 оқу жылының басында Алматы қаласында 4 бӛлімнен және 2 курстан тұратын педагогикалық факультеті бар университет типіндегі жоғарғы оқу орнын ашу қажеттілігін мойындап, бұл мәселені РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің алдына қою туралы шешім шығарады. Қаулы бойынша болашақ ҚазМУ-дың қарауына Алматыдағы педагогикалық техникум, тәжірибелік мектеп және Ағарту халық комиссариаты жайғасып отырған ғимараттарды беру ұйғарылды. Сонымен қатар, ҚазМУ-ды ғылыми- педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында шалғай жерлерде жұмыс жасау ережесіне сәйкес ғылыми қызметкерлерге тиесілі болған барлық жеңілдіктерді беру қарастырылды. Жыл сайын республикалық бюджеттен ҚазМУ-дың қажеттіліктеріне 100 мың сомнан кем емес қаражатты бӛлу бекітіліп, Қаржы және Ағарту халық комиссариаттарына бір ай мерзімнің ішінде 1928 жылы Алматы қаласындағы ҚазМУ үшін бӛлінген ғимараттарды, физика кабинетін және химия лабораториясын жабдықтауға жұмсалатын қаржының кӛлемін анықтау ісі тапсырылды [9, С. 36-38]. ҚазМУ-дың ашылуын кезек күттірмейтін іс деп тапқан Халық Комиссарлар Кеңесі Ағарту халық комиссариатына 1928 жылдың жаз маусымында университетке бӛлініп отырған ғимараттарды жӛндеуден ӛткізуді; 1928 жылы педагогикалық факультеттің 1 және 2-ші курстарына 180-200-ден кем емес адам оқуға қабылданатындығын ескере отырып, қызметке алынатын ғалымдар мен оқытушылардың тізімін нақтылауды ұсынды. ҚазМУ-ды құруға бағытталып отырған негізгі іс-шаралар анықталынып, оның құрылуы құжаттық негізде республиканың жоғарғы кеңес органдарымен ресми заңдастырылған соң, Қазақ АКСР ХКК-і Ағарту халық комиссарының орынбасары Д. Авксентьевскийге РКФСР Ағарту халық комиссариатының және Кәсіптік білім беру Бас басқармасының коллегияларында, РКФСР-дың Мемлекеттік жоспарлау комитетінде 1928-1929 оқу жылында Қазақстанда жоғары оқу орынды ашу туралы мәселені оң шешілуіне қол жеткізу міндеті жүктелінді [9, С. 40]. 1928 жылы 21 наурызда Қазақ АКСР-нің БОАК жанындағы ӛкілетті ӛкілдігі Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің және Ағарту халық комиссариатының атына хат жолдап, онда ӛкілдіктің қызметкерлері Д.Авксентьевскийдің белсене араласуымен Қазақстанда ЖОО-ды ашу мәселесін РКФСР-дың Ағарту халық комиссариатындағы талқылаудан оң шешіммен ӛткізгендігі туралы хабарлайды [12]. 1928 жылы 9 наурызда ӛткен РКФСР Ағарту халық комиссариаты коллегиясы тӛралқасының мәжілісі Алматыда құрамында 3 факультеті бар Қазақ Мемлекеттік университетінің ең алдымен педагогикалық факультетін 1928 жылдың 1 қазанынан ашу қажеттілігін мойындады. Сонымен қатар, хатта Ағарту комиссариатының бұл қаулысы жақын күндері РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің бекітілуіне ұсынылатындықтан, ӛкілдіктің қызметкерлері осы мәселенің оң жағынан шешуге ықпал ету үшін Т. Рысқұловпен байланысқа шығып, одан қолдау кӛрсету сұрағандығы туралы да айтылды [13]. Нақ осы кезеңде, Орталықта ҚазМУ-дың болашақ тағдыры шешіліп жатқан болатын. Ӛйткені, жоғарғы кеңес органдарының барлығы бірдей ҚазМУ-ды құру идеясына толықтай қолдау білдірмеді. Мысалы, РКФСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл мәселе бойынша еш қарсылық білдірмесе, Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатының пікірінше, Қазақстанға ең алдымен педагогикалық ЖОО гӛрі, мал дәрігерлік ЖОО кӛбірек қажет деп тапты. РКФСР Қаржы халық комиссариаты ӛз кезегінде ҚазМУ-ды құрудың жалпы қаржы жоспарымен толықтай таныспайынша ӛз келісімін беруден бас тартты. РКФСР-дың орталық ведомстволары мен салалық комиссариаттарының алдынан Қазақстанда ЖОО құру мәселесін ӛткізу үшін Д. Авксентьевский 500-ден астам іскерлік келіссӛздер ӛткізіп, оны құру қажеттілігін дәлелдейтін кӛлемді баяндама-хат даярлап шығарған болатын. Осы баяндамамен Д.Авксентьевский РКФСР Кіші Халық Комиссарлар Кеңесінің барлық мүшелерін таныстырып шығып, істің оң шешілуіне орасан зор үлес қосты. Д.Авксентьевскийге Орталықтағы қызмет еткен қазақ қайраткерлері де мүмкін болатын жан-жақты қолдау кӛрсетті. Қарқынды түрде атқарылған жұмыстың қорытындысында, 1928 жылы 10 сәуірде ӛткен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде Қазақстанда ЖОО құру туралы РКФСР Ағарту Комиссариатының қаулысы бір ауыздан бекітілді [14]. Бұл жағдай туралы РКФСР БОАК жанындағы Қазақ АКСР-нің ӛкілетті ӛкілінің орынбасары Ромин Қазақ республикасының үкіметіне 1928 жылы 14 сәуірде жолдаған хатында былайша баяндап берген: «Үстіміздегі жылдың 10 сәуірінде жарық кӛрген РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысына байланысты Алматыда 1 қазаннан бастап Қазақ Мемлекеттік университетін құру үшін университетті құру бойынша комиссия құру қажет. Бұл комиссияның жұмысы Алматыда ӛтуге тиіс, бірақ комиссияның екі ақылы мүшесінің бірі Мәскеудегі Қазақ ӛкілдігінің жанында болуы шарт. Ол Қазақ үкіметінің ӛкілетті ӛкілі ретінде РКФСР-дың орталық мекемелерінде ұйымдастырылып отырған университеттің, сондай-ақ Алматыда мал дәрігерлік-зоотехникалық институттың және жұмысшы факультетінің ашылуына даярлық жұмыстарын жүргізумен айналысады. БОАК жанындағы Қазақ ӛкілдігі Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесін Университетті ұйымдастыру бойынша комиссия туралы ереженің жобасын шұғыл түрде қарап бекітуін, сондай-ақ оны бекіткен соң РКФСР Ағарту халық комиссариаты мен Қазақ ӛкілдігіне кӛшірмесін жіберуді сұрайды. Университетті ұйымдастырушының қызметіне кандидаттарды қарастыру мәселесі бойынша ӛкілдік жақын арада Халқомға ӛз ойларын жеткізетін болады» [15]. Қазақстандағы тұңғыш университетті құру мәселесі қаншалықты қиынға соққандығы туралы Д. Авксентьевскийдің 1928 жылы 14 сәуірде Мәскеудегі Қазақ ӛкілдігінің жанында ӛткен кеңесте жасаған баяндамасынан кӛруге болады. Ф. Голощекиннің тӛрағалығымен ӛткен кеңесте Д. Авксентьевский ӛз баяндамасында осы бағытта атқарылған жұмыстарға және қол жеткізген табыстарға жан-жақты тоқталып ӛткен. Д. Авксентьевскийдің жасаған баяндамасының негізінде кеңес тӛмендегідей пункттерден тұратын қаулы қабылдаған болатын: 1) Қазақ АКСР-і Ағарту халық комиссариатының жанынан Ұйымдастыру комиссиясын құру, оның құрамын анықтау Қазақ республикасын үкіметіне тапсыру; 2) Д. Авксентьевскийге Мәскеуде ҚазМУ- ды құру бағытында атқарған қызметі туралы баяндаманы даярлау, сондай-ақ ЖОО-ның ұйымдастыруға байланысты қажетті іс-шаралардың кешенін жасап шығару, Ұйымдастыру комиссиясын туралы ереже, оның жұмыс жоспары мен құрамы бойынша ӛз ойларын білдіру; 3) Д. Авксентьевскийді ЖОО қаржы сметаларын, оны нығайту жоспарын құрастыру, осы мәселе бойынша РКФСР-дың Ағарту және Жер шаруашылығы комиссариаттарының жұмыстарына Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариатының ӛкілетті ӛкілі ретінде Мәскеуде қалтыру қажет деп табу [16]. Осы кеңестің қабылдаған қаулысын орындай отырып, 1928 жылы 16 мамырда Д. Авксентьевский Қазақ АКСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесіне ҚазМУ-ды құруға қатысты 1928 жылдың 11 сәуір мен 16 мамыр аралығында атқарған қызметі жайлы үш бӛліктен тұратын есепті баяндаманы ұсынады. Құжаттан кӛріп отырғанымыздай, Д. Авксентьевский қысқа уақыт ішінде ҚазМУ-дың ұйымдастырушысы және оның алғаш ректоры қызметіне қарастырылған кандидаттармен, РКФСР Кіші Халық Комиссарлар Кеңесінің тӛрағасы В. Смольяниновпен ҚазМУ-ды құру туралы мәселені РКФСР-дың Үлкен ХКК-да ӛткізу бойынша, сондай-ақ бірқатар ғалымдармен Алматыға ҚазМУ-ға қызметке ауысу мүмкіндігі жайлы келіссӛздер жүргізу, ҚазМУ-ға қажетті кітап қорын анықтау, университеттің кабинеттері мен лабораторияларын жабдықтауға арналған құрал-жабдықтарды іздестіру, педагогикалық факультеттің штат құрамын РКФСР-дың Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатында және оқу жоспарларының алдын ала дайындалған жобаларын Мемлекеттік Ғылыми Кеңесте ӛткізу, ҚазМУ-дың Ұйымдастыру комиссиясының жарғысын және университетті ұйымдастыру бойынша ҚазАКСР ХКК-нің Мәскеудегі ӛкілетті ӛкілі инструкциясын құрастыру сынды қауырт жұмыстармен айналысты [17]. 1928 жылдың кӛктем-жаз айларында Д. Авксентьевский және Мәскеудегі Қазақ ӛкілдігінің қызметкерлері ҚазМУ-дың болашақ ректоры және ұйымдастырушысы қызметін атқара алатын кандидатураны анықтау бағытында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бастапқы кезеңде бұл қызметке профессор Г. Черданцевтің кандидатурасы қарастырылған болатын [18]. 1918-1921 жылдары Түркістан Мемлекеттік университетінің ректоры міндетін атқарып, Орта Азия халықтарының экономикалық және мәдени- тұрмыс жағдайымен жақсы таныс болған Г. Черданцев қазақ басшылары тарапынан қолайлы кандидат ретінде танылды. Алайда, бұл уақытта Г. Черданцев РКФСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінде кеңесші қызметін атқарып отырғандығына байланысты ҚазМУ-ды басқару ұсынысынан бас тартты. Қазақ АКСР-і Ағарту халық комиссары О. Жандосов ӛз тарапынан ҚазМУ-дың ректоры қызметіне 1921-1926 жылдар аралығында алдымен Түркістан мемлекеттік университетіне, артынан оның орнында қайта ұйымдастырылған Орта Азия Мемлекеттік университетіне басшылық жүргізген профессор А.Бродскийдің кандидатурасын ұсынып, онымен келіссӛз жүргізді [19]. Бірақ, бұл жолы да қазақ басшылығы белгілі ғалымның келісіміне қол жеткізе алмады. ҚазМУ-дың ректоры қызметін атқару Қазақстандағы ЖОО-ды құруға зор үлес қосқан Д. Авксентьевскийдің ӛзіне де ұсынылды. 1926 жылы Орталықтан Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариатының қарауына жіберілген Д. Авксентьевский халық ағарту саласында беделі мен тәжірибесі мол қайраткерлердің бірі ғана болып қоймай, педагогика саласына қатысты жазған ғылыми еңбектерімен де танымал еді. Қазақ республикасының жоғарғы басшылығы қайраткердің Қазақстандағы білім беру және ағарту салаларына, сондай-ақ ҚазМУ-ды құру жолында сіңірген еңбегін жоғары бағалай отырып, аталмыш жоғары оқу орнын басқару ұсынысын алға тартты. Дегенмен, 1927 жылдың аяғында БКП (б) Орталық Комитетінің Д.Авксентьевскийді білікті маман ретінде Орталыққа қызметке алдыртуы оның ҚазМУ-дың ректорлық қызметіне тағайындалуына кедергі келтірді. 1928 жылы Мәскеуде Д. Авксентьевский Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Ағарту халық комиссариатының ӛкілетті ӛкілі ретінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орындарын – Қазақ мемлекеттік университетін, мал дәрігерлік- зоотехникалық институтын және Жұмысшы факультетін құру бағытында қызмет етті. Бастапқы кезеңде ҚазМУ-дың ректорлық қызметіне қарастырылған профессорлар А. Бродский мен Г. Черданцев, педагог Д. Авксентьевский түрлі себептерге байланысты ӛз ӛмірі мен қызметтерін ұзақ уақытқа Қазақстанмен байланыстыруға айтарлықтай ерік танытпады. Ӛйткені, ҚазМУ-ды ұйымдастыру ішкі мазмұны жағынан алғанда күрделі, ал уақыты жағынан алғанда ұзақ процеске айналары сӛзсіз еді. Жаңадан ұйымдастырылып отырған ҚазМУ-дың құрылуы туралы тиісті шешімдер қағаз жүзінде жоғарғы кеңес органдарымен қабылданғанымен, оларды іс жүзіне асырудың ауқымды жұмысы белгіленді. ҚазМУ-ды ұйымдастыру алғашқы кезеңнен-ақ кӛптеген қиыншылықтарға тап болды: оқуға жарамды ғимараттардың, қажетті кітап қорының, жабдықталған арнайы кабинеттердің, оқу процесіне жетекшілік жүргізетін білікті мамандардың, оқытушылық құрам мен студенттер жайғасатын тұрғын үйлердің тапшылығы істің қарқын алуына кедергі келтірді. 1928 жылдың 1 қазанында Алматыда болашақ ҚазМУ-дың тек педагогикалық факультетін ашу ғана жоспарланды, ал университеттің толық ұйымдастырылуын аяқтау 1932-1933 оқу жылының басына қарай кӛзделді. Осы себептен ҚазМУ-дың болашақ ректорына оның ұйымдастыру ісіне ғана жауапты болып қоймай, жергілікті және орталық билік органдарының алдында ҚазМУ-ды нығайтуға бағытталған іс- шаралардың толықтай кешенін негіздеп беру міндеті тұрды. Қалыптасқан қиын жағдайда республика жетекшілігі университеттің ұйымдастыруын және қалыпты қызмет етуін қамтамасыз ете алатын, білім мен ғылым саласымен етене таныс беделді де іскер саяси қызметкерді іздей бастады. 1928 жылы маусым айында Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары О. Жандосов Ф.Голощекиннің атына жазған хатта ҚазМУ-дың ректоры қызметіне басқа ғалымдардың бас тартуына орай тек С. Асфендиаровтың кандидатурасы ғана қарастырылып отырғандығы, онымен осы жайында келіссӛз жүргізіп, келісімін алғандығы туралы хабарлайды. Сонымен қатар, О. Жандосов хатта Қазӛлкеком басшылығынан С. Асфендиаровты ҚазМУ-дың ректоры етіп тағайындау мәселесін БКП (б) Орталық Комитетінде шешіп беруді ӛтінген болатын [20]. ҚазМУ-дың ректорлық қызметіне С. Асфендиаров кандидатурасының ұсынылуы заңдылық еді. Ӛйткені, 1927 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде «Шығыс халықтарының тарихы» пәні бойынша студенттерге дәріс оқыған С. Асфендиаров қазақтың арасынан тұңғыш болып профессор ғылыми атағына қол жеткізді. 1927-1928 жылдары Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтына басшылық еткен С. Асфендиаров жоғарғы білім мен ғылым салаларымен етене танысып, аталмыш институттың ӛркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, 1925- 1928 жылдар аралығында КСРО мен РКФСР-дың Орталық Атқару Комитеттерінің жетекшілік құрамында еңбек еткен С. Асфендиаров ӛзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында одақтық ауқымдағы белді саяси қайраткерлердің қатарына қосылды. С. Асфендиаров ҚазМУ-ды басқару ұсынысына еш құбылмастан ӛз келісімін беріп, Қазақстанға қызметке ауысуға ынта білдірді. С. Асфендиаровты Қазақстанға қызметке алдырту және оған ҚазМУ-ды басқару ісін сеніп тапсыру Қазақ республикасы жетекшілігінің тарапынан қабылданған ең алдымен саяси шешім болып, оның дұрыстығын уақыт дәлелдеген болатын. 1928 жылы 15 мамырда РКФСР-дың Үлкен Халкомы Т. Рысқұловтың және Д. Авксентьевскийдің тікелей ат салысуымен Қазақ Мемлекеттік университетін 1928-1929 оқу жылында ашу туралы Кіші Халкомның 10 сәуірде шығарған қаулысын бекітті [21]. Бұл туралы Д. Авксентьевский ӛзінің 1928 жылы 15 шілдеде БОАК жанындағы Қазақ АКСР-нің ӛкілдігіне және Қазақ республикасының Халық Комиссарлар Кеңесіне жолдаған ай сайынғы есепті баяндамасында хабарлаған болатын [22]. Д. Авксентьевскийдің баяндамасына сәйкес 1928 жылдың мамыр-шілде айыларының аралығында ҚазМУ-ды ұйымдастыру ісінде келесідей нәтижелерге қол жеткізілді: педагогикалық факультетінің ғылыми қызметкерлер штаты Кәсіптік білім беру Бас басқармасынан және РКФСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатынан ӛткізілді; университет ректорының кандидатурасы анықталынды, оған С. Асфендиаров ұсынылды; Кәсіптік білім беру Бас басқармасынан педагогикалық факультеттің оқу жоспары ӛткізілді; ҚазМУ-ға жұмысқа ауысуға ерік танытқан ғылыми қызметкерлермен келіссӛз жүргізілді; 1928-1929 оқу жылына педагогикалық факультеттің сметасы анықталынып, оның 5-жылдық нығаю жоспарын құрастырылды, 1929-1930 оқу жылында ауыл шаруашылық факультетті ашу туралы мәселе кӛтерілді. Д. Авксентьевскийдің алға тартқан ұсыныстарына сәйкес ҚазМУ бойынша 1928 жылдың шілде-тамыз айларында шұғыл түрде келесідей шараларды атқару белгіленді: 1) РКФСР Ағарту комиссариатынан ресми әрі шұғыл түрде С. Асфендиаровтың ҚазМУ- дың ректоры етіп тағайындауына қол жеткізу; 2) ректор тағайындалған соң, оның тікелей қатынасуымен Кәсіптік білім беру Бас басқармасында ҚазМУ педагогикалық факультетінің ғылыми қызметкерлері мен профессорларының кандидатураларын анықтау; 3) университеттің физика кабинетін және химия лабораториясын ұйымдастыруға шұғыл кірісу; 4) педагогикалық факультетке студенттерді қабылдаудың шараларын қолға алу, әлеуметтік жағдайы мен академиялық дайындығы жағынан сай студенттердің кандидатураларын жеке анықтау; 5) университет жанындағы қосымша ғылыми мекемелерді (кітапхана, мұражай және т.б.) және студенттер үшін жатақхананың, профессорлық-оқытушылық құрам үшін пәтерлердің ұйымдастырылуын тездету [23]. 1928 жылы 10 маусымда ӛткен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің мәжілісінде Қазақ Мемлекеттік университеттің ұйымдастырылуы туралы Ағарту халық комиссары О. Жандосовтың баяндамасы тыңдалды. Мәжіліс баяндаманы тыңдай келе, университеттің ұйымдастыру іс- шараларын нақты белгілеген қаулы қабылдады: 1) Алматыда 3 факультеттен (педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық) тұратын Қазақ Мемлекеттік университетін құру; 2) РКФСР халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысына сәйкес 1928 жылдың 1 қазанынан бірінші курстың құрамында 3 бӛлімнен (физика-техникалық, жаратылыстану және тіл-әдебиет) тұратын педагогикалық факультетті ашу; 3) ҚазМУ-дың ауыл шаруашылық факультетін 1929 жылдың 1 қазанында ашылуын қамтамасыз ету; 4) ҚазМУ- дың барлық факультеттерін ашуды 1932-1933 жылдары аяқтау; 5) Ағарту халық комиссариатының жанынан ҚазМУ-дың ұйымдастыруы бойынша 7 адамнан тұратын үкіметтік комиссияны құру, осы комиссия туралы Ағарту халық комиссариатымен ұсынылған ережені бекіту; 6) Комиссияның жеке құрамын ҚазМУ-дың ректоры кандидатурасы РКФСР Ағарту халық комиссариатымен мақұлданған соң анықтау; 7) Д. Авксентьевскийді Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Мәскеу қаласындағы ҚазМУ ісі бойынша ӛкіл ретінде тағайындау; 8) Жетісу губерниялық атқару комитетіне 1 тамызға дейін ҚазМУ-дың педагогикалық факультеті және университеттің ғылыми қызметкерлі үшін қажетті ғимараттар мен пәтерлерді бӛлу, босату және жӛндеу жұмыстарын аяқтауды ұсыну; 9) ҚазМУ-ды академиялық қызметкерлермен қамтамасыз ету мақсатында ЖОО ғылыми қызметкерлері және шалғайда қызмет ету ережесіне сәйкес қарастырылған жеңілдіктерге қосымша ретінде Орта Азия Мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлеріне тиесілі жеңілдіктер мен артықшылықтарды беру; 10) Ағарту халық комиссариатына ҚазМУ-ға жұмысқа алынатын қызметкерлерге барлық жағдай жасау, олардың тізімін РКФСР Ағарту халық комиссариаты арқылы РКФСР ХКК-нің бекітуіне ұсыну; 11) ҚазМУ-дың қажеттіліктері үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 100 мың сом қаражатты бӛлу туралы бұрынғы қаулыны бекіту; 12) ҚазМУ-дың ашылуына байланысты Ташкент қаласындағы Қазпедвузды таратып, оның орнында бұрын қызмет етіп келген Қазақ ағарту институтын орта педагогикалық білім беру мекемесі ретінде құру; 13) Қазпедвуздың барлық мүлкін, ҚазМУ үшін Алматыға кӛшірілетін оқу-қосымша құрал-жабдықтарды есепке алмағанда қазақ ағарту институтына беру; 14) Қазпедвуздың таратылуы және Қазақ ағарту институтының құрылу мерзімдерін анықтау ісін Ағарту халық комиссариатына тапсыру; 15) Ағарту және Халық комиссариаттарына бір апта мерзімнің ішінде Халық Комиссарлар Кеңесіне университеттің ашылуына бағытталған даярлық іс-шаралардың қажетті шығындар сметасын құрастыруды тапсыру [24]. РКФСР Ағарту халық комиссариаты мен оның жанындағы Кәсіптік білім беру Бас басқармасы бекіткен Қазақ Мемлекеттік университеті Ұйымдастыру комиссиясының жарғысына сәйкес оған 1928 жылы 1 қазанда Алматы қаласында ашылуы жоспарланып отырған ҚазМУ-ға қатысты барлық қажетті жұмыстарды атқару ісі жүктелініп, оның құзырына келесідей міндеттер кірді: а) университеттің қажеттілігі үшін бӛлініп берілген ғимараттарды ӛз қарауына алу; б) Қазақ республикасының немесе РКФСР үкіметі тарапынан бӛлінген қаржы есебінен университет ғимараттарына жӛндеу жұмыстарын жүргізу; в) университет үшін арнайы жаңа ғимараттарды тұрғызу сметаларын құрастыру және тапсырыстарды ұсыну; г) оқу және әкімшілік-шаруашылық бӛлім бойынша университетті ұйымдастыруға байланысты туындап отырған барлық шығындарды ӛтеу; д) РКФСР Кәсіптік білім беру Бас басқармасының ережелері мен жарлықтарына сәйкес университетке профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа шақыру; е) 1928 жылы ЖОО қабылдау ережелеріне сәйкес университетке студенттерді қабылдау шарасын іске асыру; ж) ЖОО жарғысына сәйкес ұйымдастыру комиссиясы университеттің басқармасына жүктелген барлық міндеттерді атқару. Жарғы бойынша Ұйымдастыру комиссияның құрамына Ағарту халық комиссары, РКФСР Кәсіптік білім беру Бас басқармасымен бекітілген ректор құқығындағы университетті ұйымдастырушы, БКП (б) Қазӛлкеком үгіт-насихат бӛлімінің меңгерушісі, Ташкенттегі Қазпедвуз басқармасының мүшесі, Жетісу губерниялық білім беру бӛлімінің меңгерушісі немесе оның орынбасары және ҚазМУ істері бойынша Қазақ АКСР-нің Мәскеудегі ӛкілетті ӛкілі кіріп, ҚазМУ-дың басқармасы құрылғаннан кейін Ұйымдастыру комиссиясының қызмет ету мерзімі аяқталуы тиіс еді [25].

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 9535

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Kaznu.jpg 0.02 MB Қазақ мемлекеттік университетінің (1925-1928).pdf 0.36 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) САНЖАР АСФЕНДИАР – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ РЕКТОРЫ (1928-1931 ЖЖ.) (қайраткердің 125-жылдық мерейтойына орай) ҚОСТАНАЙ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.) АҚТӨБЕ ГУБЕРНИЯСЫНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ (1921-1922 жж.) ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары

Автордың мақалалары

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.)