Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » СУ БЕЙХАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ » МОНОГРАФИЯСЫ ЖӨНІНДЕ

Мұқаметханұлы Нәбижан - т.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры, Қанат Гүлнар, 2 курс магистранты

СУ БЕЙХАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ » МОНОГРАФИЯСЫ ЖӨНІНДЕ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(13), 2018

Тегтер: ценное исследование., История культуры казахов, общественная деятельность, ученый-историк
Автор:
Мақалада белгілі қытай тарихшысы, профессор Су Бейхайдың қоғамдық қызыметі, ғылыми шығармашылығы және оның қазақ тарихы мен мәдениетін зертеген еңбектері таныстырылып, «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты монографиясына шолу (обзор) жасалады. Мақала авторлары аталмыш еңбектің әрбір тараулары бойынша талдау жасап, оның жаңалықтары мен жетістіктерін және олқылықтарын атап көрсетеді. Сонымен бірге, Су Бейхайдың жалпы ғылыми шығармаларына жоғары баға беріп, оның қазақ халқына терең сүйіспеншілік орнатқан, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең зерттеген бірден бір қытай ғалымы болғанын атап көрсетеді. Өйткені бір де бір басқа ұлт өкілдері қазақтар жөнінде Су Бейхайдай көп еңбек жазған емес. Оның еңбектері қазақ тарихнамасынан мәнгі маңызды орын алады деп санайды.
Мазмұны:

Қытай тарихшысы Су Бехайдың есімі қазақстандық тарихшыларға біршама таныс. Өйткені ол жарты ғасырдан астам ғұмырын қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттеуге жұмсаған, өшпес ғылыми еңбектер жазып қалдырған ғалым. Әсіресе, оның «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты монографиясы мен «Қазақтың тұтас тарихы» деген көлемді екі томдық еңбегінің қазақ тарихнамасында алатын орны айырықша.  Біз бұл мақаламызда ғалымның қоғамдық қызметі және оның қазақ тіліне аударылған «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты монографиясына шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Су Бейхайдың қоғамдық қазыменті мен ғылыми шығармашылығы

Су Бихай, (Әсілгі аты-жөні Ван Рэньнань, 1915 жылы 23 қарашада Қытайдың Цзиянсу провенциясы Уши ауданында (қаласында) дүниеге келіп, 1999 жылы 30 мамырда Үрімжіде өмірден өткен), -  Қытай Халық Республикасы (ҚХР) Шыңжаң университетінің профессоры, белгілі тарихшы, таңықты қазақтанушы ғалым.

Су Бейхайдың қоғамдық қызметі және оның қазақ тарихы жөнінде жазған еңбектері туралы зерттеу мақаласын ғалымның 90  жылдығына орай жазғанбыз [1]. Одан бері он жыл өте шыққан екен, осы аралықта ғалымның жарияланбаған еңбектері жарық көріп келеді. Өткен жылы (2017 ж.) тарих ғылымының докторы Жігер Жәнәбілұлының баспаға дайындауымен, Су Бейхайдың көзі тірісінде көп қағажу көріп баспадан шықпай қалған 4 томдық «Қазақтың тұас тарихы» («哈萨克通史- Hasake tongshi») атты өте көлемді еңбегі үлкен екі том болып Алматыда қытай тілінде баспадан шықты. Бұл Жігер Жәнәбілұлының мұғалымына көрсеткен үлкен сый-құрметі әрі қазақ тарихнамасына қосқан сұбелі үлесі сіпетті. Риза боласыз, қуаттайсыз.

Профессор Су Бейхайдың зерттеу саласы өте кең болған. Ол қазақ тарихын зерттеумен қатар, Қытайдың Баты сөңір (Циюй) тарихын, Шыңжаң тарихын, ұйғыр, моңғол тарихын да зерттеді. Нәтижеде оның қаламынан13 томдық ғылыми еңбек пен 200-ден астам  ғылыми танымдық мақалалар дүниеге келді.

Ғалымның осындай мол ғылыми жетістіктерін, оның бастан кешкен бұралаң өмір жолымен байланыстырып қарайтын болсаңыз, оның қажыр-қайратына, еңбекқорлығына қатты тәтті боласыз.

Профессор Су Бейхайдың отбасы туралы қолымызда нақтылы деректер жоқ. Бірақ оның Қытайдың біршама дамыған провинциясы Цзиянсу өлкесінің Уши ауданында ( қаласында) туып өсіп, 1939 жылы Цзиянсу педагогикалық институтының тарих факультетін бітіргеніне қарағанда, ол біршама дәулетті отбасында дүниеге келген деп ойлаймыз. Өйткені ол кезде қарапайым кедей-кепшіктердің ұрпақтары ондай жоғары оқу орайына ие бола алмайтын-ды.

Су Бейхайдың студент кезі – Қытайдың аса ауыр қиындықтарды бастан өткіріп жатқан жылдары болатын. Ол жылдары Жапон басқыншылары Қытайға кең көлемде шабуыл жасаған еді, әсіресе, Цзиянсу өлкесі жапондықтардың қатты қырғындары мен ойрандауына ұшыраған өлке болатын. Сондай өмір мен өлім арпалысын бастан кешкен жас Су Бейхайда тәбиғи түрде патриоттық сана-сезім мен ғылымға деген құлшыныс ерте пайда болды деуге негіз бар. Өйткені жапондық шапқыншылар өзінің озық технологиясының арқасында қалың қытайды жаулады және оларға отарлық үстемдік жүргізген-ді.

Су Бихай өзінің қоғамдық қызметін Қытайдың батысындағы ең мешеу де кедей өлке - Ганьсудан бастайды. Ганьсу провенциясы кедей болғанымен кезінде жапондықтардың оғы жауып тұрған Цзиянсумен салстырғанда әлде қайда қауіпсіздеу еді. Су Бейхай 1939 жылы осы өлкенің Увэй қаласындағы пединститутқа тарих мұғалымы болып қызметке орналасып қоғамдық қызметін бастайды. Сонымен оның өмірі де, өмір сүрген ортасы мен мәдени ортасы өзгерді, құлазыған шөлейт өлке және әртүрлі ұлттардан құралған қоғамдық ортада ол жаңа қызметін бастады.

 Осындай жағдайға байланысты Су Бейхай өзінің оқыған мамандығы бойынша Қытайдың Батыс өңір тарихы мен ондағы ұлттарды зерттеуді өзінің даму бағыты деп белгілесе керек-ті. Содан бастап ол Қытайдың батысында тұратын аз санды ұлттардың тарихын зерттеуге ден қояды. Оның назары алдымен Ганьсудағы қазақтарға ауады. Өйткені ол кезде Алтайдан Ганьсуға ауып барған қазатардың өмірі өте аянышты еді. Ал жергілікті билік қазақтың қандай халық екенін де білмейтұғын. Соған байланысты болса керек, Су Бейхай «Қазақ ұлты жөніндеқысқаша шолу» [2] деген тырнақалды мақаласын өлкелік орган газетінде жариялап, Ганьсуға босып барған қазақтарға үлкен жанашырлық білдіріп, оларға қамқорлық жасау жөнінде үкіметке ұсыныс айтады.

ХХ ғасырдың 1940 жылдары Шыңжаңның жағдайы күрделіне түседі. Шыңжаң билеушісі Шың Шысайдың (Шэн Шицай) жүргізген аз санды ұлттарды жаныштау, КСРО-ға, Қытай Коммунистік партиясына қарыс тұру, Гоминьдан өкіметін қолдау саясаты үлкен дүрбелең туғдырды. Бір жағынан АҚШ пен Ұлыбритания күштері Шыңжаңға кірді; екінші жағынан КСРО қолдаған «Үш аймақ революциясы» жеңіске жетіп «Үш аймақ үкіметі» құрады. Сонымен Шыңжаңда екі үкімет қатар өмір сүрген жағдай қалыптасты. Сөйтіп қоғамдық саяси күрестер мен ұлтаралық қарама-қайшылықтар шиленісе түскен кезде, Шыңжаң билігі қазақ және басқа да ұлттарды жақсы білетін, зерттеуші мамандарды қарастырады. Бұл талапқа Су Бейхай сай келе кетсе керек-ті, оның үстіне ол сол кездегі Гоминьдан үкіметін қолдау идеясындағы адам болған еді. Сондықтан ол 1945 жылы Увэй пединститутынан Үрімжідегі Гоминьданның Шыңжаң құрлық армиясы Училишесіне оқытушы болып ауысып келеді.

Су Бейхай Шыңжаңда жаңа қызметін бастаған алғашқы жылы қазақтың көрнекті мәдени және қоғам қайраткері Нығымет Мыңжанмен танысады және онымен әріптестік достық қатынас орнатады. Ол өзінің Нықаң туралы жазған мақаласында: «Мен 1945 жылы 1 қаңтарда Үрімжі қаласына келген соң, алғаш танысқан адамым Нығымет Мыңжани мырза болды. Ол терең ойлы, өте білімділігімен мені өзіне баурады. Содан бастап қазақ тарихын онымен бірге зерттеп келеміз», - деген еді.

Су Бейхай Шыңжаңға келе салысымен қалыптасқан тарихышы маман ретінде, биліктің назарына ілікті. Ол қосымша Шыңжаң Полиция училищесінің, Шыңжаң институтының оқытушысы (1948 жылдан доцент), Шыңжаң қорғаныс бас штабының кеңесшісі және аударма, зерттеу бөлімінің меңгерушісі (1945-1949 ж.) сияқты маңызды міндеттерді атқарды. Мұны Су Бейхай өмірінің үшінші кезеңі деуге болады. Бұл кезеңде Су Бейхай іргесі ыдырап, шаңырағы шайқалып тұрған Гоминьданның Шыңжаң билігін сақтап қалу үшін бүкіл ынта пейілімен жанкешті жұмыс жасады. Сондай-ақ ол қазақтанушы маман ретінде өлкелік өкімет органдарына Шыңжаңдағы қазақтарға қандай саяси шаралар қолдану жөнінде ұсыныс пікірлер беріп отырды. Ол өзінің «Үш аймақ үкіметін іштен ыдырату үшін Оспан Исламұлын ішке тартып, оны қаруландырып, Үш аймақ әскеріне қарсы қою керек» деген ұсынысының қабылданғандығын маған мақтанышпен айтқаны бар (Н.М.). Бұл кезде Су Бейхай биліктің саяси тапсырмаларын атқарумен қатар, ол жоғарыда атаған оқу орындарында оқытушылықпен және қазақты зерттеумен шұғылданды. Ол өзі айтқандай, қазақ тарихын зерттеуді сол кезде Шыңжаң өлкелік үкіметте жауапты қызмет атқарып жүрген және қазақ тарихын зерттеумен айналысып жүрген үлкен талант иесі Нығымет Мыңжанимен бірлесіп жүргізеді. Екуі бірлесіп қазақтың құнды дерек материалдарын қытай тіліне аударады. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі» [3], Абай Құнанабаевтың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» [4] және «Қазақ адам аттарының құрылымдық негіздері» [5] т.б. Бұл аудармалар Су Бейхайдың қазақ мәдениетін терең тануына мүмкіндік жасады.

1949 жылы қазан айында Қытайда заман өзгеріп, билік ауысты. Қытай Компартиясы азаматтық соғыста жеңіске жітіп, ҚХР үкіметін құрды, Гоминьдан билігі жеңіліп Тайваньға ығысып кетті. Ал Шыңжаңдағы Гоминьдан лилеушілері бейбіт түрде Компартияға берілді. Су Бейхай сол гоминьдаңдықтар қатарында Копартияға өздігінен тізебүкті және кеңшілікке ие болып, жаныштаудан аман қалды.

Шыңжаңда ҚКП билігі құрылғаннан кейін, яғни 1950-1958 жылдары аралығында Су Бейхай Үрімжідегі ҚКП Шыңжаң бюросы зерттеу бөлімінің зерттеушісі, Шыңжаң Бірінші тамыз Аграрлық институтының оқытушысы және Шыңжаң халық баспасының редакторы қатарлы қызметтер атқарды. Осы жылдары Қытайда жүрілген саясаи науқандарға байланысты Су Бейхай өзінің зерттеу еңбектерін жариялай алмағаны белгілі. Бірақ оның тек бір ғана мақаласы «Қазақтың этногенезі» [6] деген ғылыми журналда жарияланған екен.

1958 жылы бүкіл Қытай көлемінде жүргізілген «Оңшылдарға қарсы күрес» науқанында Су Бейхай «тарихи қылмысы» үшін тұтқындалып, 1976 жылы түрмеден босап шықты, 1979 жылы ақталып, Шыңжаң университеті тарих факультетінің доценті қызметіне орналасты. Демек, ғалымның он сегіз жылы абақтыда өткен. Бірақ ол оған мұқалып мойымаған екен.

Ғалым бостандыққа шықаннан кейінгі жиырма жыл ішінде Шыңжаң университетінде профессорлық қызметті атқара жүріп, жанкешті ғылыми-зерттеулермен айналысып, 8 аспирант дайындап шығарды (оның біреуі Елге оралған белгілі тарихшы Бақыт Еженханұлы), 13 томдық ғылыми еңбек пен 200-ден астам ғылыми танымдық мақала жариялады. Осы еңбектерінің жартысына жуығы қазақтарды зерттеген дүниелер. Соның ең маңыздыларын айтап айтар болсақ: «Батыс өңірдің тарихи географиясы» (2 т., 840 мың иероглиф); « Құмыл, Тұрпан ұйғырлардың книяздары (бірлесіп жазған, 200 мың иер.); «Жібек жолы және Күшар мәдениеті» (500 мың иер.); «Ұығыр тарихын зерттеулер» (500 мың иер. Жарияланбаған); «Батыс өңір мәдениеті» (600 мың иер. жарияланбаған); «Шыңжаңдағы ұлттардың ислам діні тарихы (500 мың иер. жарияланбаған); «Шыңжаң жартас суреттері» (570 мың иер.); «Қазақ мәдениетінің тарихы» (450 мың иер.); «Қазақтың тұтас тарихы» (4 тамдық, 920 мың иер. көзі тірісінде жарияланбаған. 2017 жылы Алматыда баспадан шықты). Осы еңбектердің соңғы үшеуі немес жеті томы және 74 ғылыми мақаласы қазақтарды зерттеуден жазылған құнды дүниелер.

«Қазақтың мәдениет тарихына» шолу

Профессор Су Бейхайдың  «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты қомақты монографиясы 1989 жыл «Шыңжаң униерситеті» баспасынан басылып шықты. Бұл монография Қытайда қазақ мәдениет тарихын зерттеудегі үлкен жаңалық ретінде қазақ оқырмандарының мен тарихшылардың өте жақсы бағасын алды. Бұл еңбектің қазақ тіліне аудармасы 2001жылы Алматыда, 2005 жылы Үрімжіде баспадан шығып оқырмандардың қолданысына енген-ді.

Су Бейхай жөнінде тарихшы, ғалым Жақып Мырзақанов оны Гумилевпен салғастырып былай дейді:«Гумилев пен Су Бейхай кезінде екі ірі елде тұрып, жалпы түрік тектес халықтар (ұлттар) мен олар өмір сүрген өңірлерді зертеулерінде ұқсастықтар бар. Бірақ меніңше, олардың нақтылы зерттеуінде өздеріне тән ерекшеліктер де болды. Гумилев жалпы байырғы этностарды, әсіресе көне түріктерді зерттеуге ден қойды. Ал Су Бейхай көбінше Қытай тарихнамаларындағы «Батыс өңірдің» тарихи географиясын, жартас суреттерін зерттеумен бірге, негізгі күшін қазақтың жалпы тарихы мен мәдениетін зерттеуге жұмсады. Оның  көптомдық  «Қазақтың тұтас тарихы» мен «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбектері бар. Ол өзінің еңбектерімен Жапония, Қазақстанда ерекше құрметке бөленгені жұртқа аян. «Тәңіртаудың құпия тарихы - бір қытай оқымыстының ізі» атты арнаулы телефильмінің Жапонияда көп рет көрсетілуі, ал, Қазақстан жағынан «Құрмет грамотасымен» марапатталғаны осының айғағы»[7] –дейді.

Су Бейхайдың «Қазақтың мәдениет тарихы» атты монографиясы Қытай еліндегі қазақ мәдениетіне қатысты жазылған тұңғыш монография, онда жалпы қазақ ұлтының мәдени қайнарынан тартып, қалыптасуы мен дамуын, ұлттық ерекшелігін егжей-тегжейлі пайымдалған.

Қазақ халқын дала ұрпағы десек, сол ұлан байтақ кең даладағы жартас беттерінде жарқырып жатқан сурет таңбаларды көшпенділерге немесе қазақтың арғы ата-бабаларының мәдени мұрасы деп таныған ғалым Су Бейхай болды. Сол көшпенділердің тұқымы қазір де сонда өсіп-өніп отырған қазақ аудандарындағы  жартас суреттер (петроглифтер) ұлттық мәдениеттіміздің қайнар көзі деп таныған және оны ғылыми түрде дәлелдеген алғашқы ғалым - Су Бейхай болды деуге негіз бар. Ғалым өзінің аталмыш монографиясында қазақ мәдениетінің қайнар көзін сол жартас суреттерінен (петроглифтерден)  бастап, ХХ ғасырдың ортасына дейінгі даму барысын қарастырды. Олай болса, ғалымның «Қазақтың мәдениет тарихы» монографиясының нақты мазмұндарын саралап көрейік.

Аталмыш монография кіріспе, он алты тарау және соңғы сөзден тұрады (қытайша басылымы 555 бет). Кітаптың алдыңғы берттерінде сол кездегі ҚХР СҰАР Партия комитетінің екінші хатшысы Жәнәбіл Сымағұлұлы және Бейжиң Ұлттар униерситетінің профессоры  Чэн Юйнлин алғы сөздері және автордың өз кіріспе сөзі берілген. Еңбектің «Қазақтың этногенезі, атауы және патриархаттық жүйесінің жалпы жағдайы» деп аталған бірінші тарауында, автор қазақтың арғы тегін б.з.д. мың жылдықтағы сақтардан, үйсін, қаңлы және яньцайлардан (аландардан) қарастырып, олар жөнінде жазылған қытай жазба деректерін  дәлелге келтіреді. Қазақ атауы жөнінде тараған аңыздар мен түсіндірмелерді салысытып талдау жасап: «Қазақ деген сөз толық мәнінен айтқанда, «кең далада емін-еркін көшіп-қонып жүретін батыр, ержүрек кісілер деген мағынаны білдіреді». Меніңше мұндай түсіндіру қазақ ұлтының тарихына едәуір үйлеседі. Өйткені «қазақ ұлты тарихтың әр кезеңінде әртүрлі күрестерде жауына бас иіп көрмеген, қиян-кескі машақатты күрестер жүргізіп, қазақ даласында еңсе көтерген халық, сондықтан олар құрметке лайық ержүрек еркін өскен батыр ұлт» [8]деп тұжырым жасайды.

Монографияның екінші тарауы «Алғашқы дала мәддениеті» деп аталған. Бұл тарауда ғалым етре заманда қазақтар өмірсүрген ортаның жаратылыстық және географиялық жағдайына, ерте тас дәуірінен жаңа тас (палеолит)дәуірінен  Қарасумәдениетіне дейінгі дала мәдениетіне шолу жасайды.

Еңбектің үшінші тарауы «Қазақтың мал шаруашылық аудандарындағы жартас суреттерінде (петроглифтерде) бейнеленген ерте заман мәдениеті» деп аталған. Мұнда зерттеуші, жартас суреттерінің пайда болу және оның дамуын теориялық тұрғыдан пайымдай келе, оларды «Қазақтың арғы ата-бабаларының алғашқы өсіп-өрбу жағдайы көрсетілген суртттер» деген тараушада, Қытай Шыңжаңның солтүстік батыс өңірінен табылған жартас сурттерінің (петроглифтер)  алуан түрлі кескіндерін дәлелге келтіріп пайымдайды. Автор жартас суреттерінде бейнеленген қимыл қозғалыстар кескіндердеріне сүйене отырып, олардың діни нанымдарын, ерте замандағы әлеуметтік экономикалық тұрмысын, қатынас құралдары – арба жасап қолдануын жеке-жеке талдап көрсетеді.

«Сақ мәдениеті» деп аталған төртінші тарауда, ғалым алдымен сақ пен қазақтардың байланысына талдау жасайды. Сонымен қатар, ол Енесей, Алтай өңірлеріндегімәдениетінің Сақ және Ортажазық (Қытай) мәдениетімен байланыстарын қарастырып, сақтардың әлеуметтік экономикасы мен мәдениетін ашып көрсетіп, архиелогиялық қазбалардан шыққан сақтардың маңызды мәдени жадігерлеріне талдау жасайды, Қытайдың Шуньчию, Чжанго дәуірлерінде хұндар және динлиндер сарматтармен экономикалық және мәдени байланыстар жасаған деп тұжырымдайды.

Монграфияның бесінші тарауы «Шежіре, таңба және ұрандар» деп аталған. Бұл тарауда зерттеуші қазақ халқының көшпелі өмір сүру ерекшеліктеріне негізделе отырып, қазақ шежіресінің ерекшеліктерін, жеті ата арасында қыз алыспау дәстүрін пайымдай келіп, шежіренің тарихи деректік құндылығын қытай жазбаларындағы мәліметтермен салыстырып бағалайды. Сонымен бірге, қазақтарда таңбаның пайда болуын жеке меншік мүддені сақтаумен байланыстырып түсіндіреді. Ғалым ұранның пайда болу мен қолдануына да жан-жақты талдау жасап, оның жауынгерлік маңызын ашып көрсетеді.

Еңбектің алтыншы тарауы «Үйсін, Қаңлы мәдениеті (б.з.д. 2 ғ. – б.з. 6 ғ.)» - деп аталған. Бұл тарауда автор үйсін мен қаңлылардың қоныстанған өңірлерін, тіл-жазуын, қолөнеркәсіп өндірісін баяндап, олардың діни сенімдерін табиғатқа сыйну, төтемге табыну, ата-баба аруағына тағзым ету және бақсы-балыгерлік деп жіктеп жүйлеп пайымдайды. Ал «Будда діні» деген тараушасында қаңлылардың б.з.д. ІІ ғасырда буддизмге сенгені, солар арқылы буддизмнің Қытай жеріне тарағанын мол жазба деректер арлықы дәйектейді. Сондай-ақ осы тараудың «Отбасы, неке, жерлеу ғұрпы» деген бесінші тараушада, қытайдың жазба деректері мен архиелогиялық материалдарына сүйене отырып, үйсін, қаңлылардың қоғамдық сипатын анықтап, неке тәртібіне, жерлеу салытна талдау жасап, оларда «рух өлмейді» деген ұғымның болғанын пайымдайды. Автор «Үй-жайы, киім-кешегі және тұрмысы» деп аталған алтыншы тараушада, Хань патшалығының Үйсінге ұзатқан ханшасы Шичжунның еліне жазған хатында суреттелген үйсін патшасының отырған үйі мен ішіп-жейтін тағамдарын негізге ала отырып, олардың киыз үйде тұрып, ет, сүт тағамдарымен қоректенетін, киім-кешектерінің мал өнімдеренен жасалатынын анықтап, сол дәуірдегі тұмыс салтының қазіргі қазақтарда сақталып отырғанын ашып көрсетеді.

Монографияның жетінші тарауы «Қазақтың патриархаттық-феодалдық мәдениеті (6-11 ғғ.)» деп аталады. Бұл тараудады «Дамыған мал шаруашылығы», «Діни сенімі» (шаманизм, буддизм, ислам), «Тіл-жазуы» (1, қазақ тілі түркі тілдердер тармағына жасаты, олар түркі жазуын қолданды; 2, Хуэйгу (ұғыр) жазуын қолдануы және тарихи деретер),  «Философиясы, әдебиеті», «Дала Жібек жолы және сауда-саттық», «Қала мәдениетінің дамуы», «Қытай мәдениетінің қазақ мәдениетіне ықпалы» деген тараушаларға бөліп, тақырыпты айтарлықтай ашып көрсеткен. Ал Қытай мәдениетінің қазақ мәдениетіне ықпалына тоқталғанда, ғалым сонау б.з.д. 3-2 ғасырлардан бастап қазақ даласына барған қытайлардың және тұтқындалып, барымталанып апарылған қытайлардың көп болғанын қытай жылнамалары арқылы дәлелдеп, олардың мәдени ықпалын, түркі қағанаты кезіндегі түрікше және қытайша қатар жазған жазуы бар теңгені (манитаны) және де басқа деректерді айғаққа келтіре отырып пайымдайды, түркі тілінің қазақ тіліне ықпалын пайымдап, «6-11 ғасырлар аралығында қытай мәдениетінің қазақ мәдениетіне әсері, өнідіріс құралдары, егіншілік техникасы, киім кию, қағаз, баспа, музыка салаларында қалдырған мәдени іздері, қытай және әлем тарихынан жарқырып көз тартады» деген қортынды шығарады [9, 224-225 б.].

Еңбектің сегізінші тарауы «Батыс Лияу дәуіріндегі қазақ мәдениетінің дамуы» деп аталған. Бұл тарауда автор алдымен Батыс Лияу билігінің аумағын және ондағы ұлттарды анықтаған. Ол 1156 жылдан кейінгі Батыс Лияу билігінің аумағы «Алтай тауы, Тарбағатай тауы, Іле, Жетісу және Балқаш көлінің солтүстігі. Батысы мен батыс оңтүстігі қаңлыларды негіз еткен кең-байтақ сахара. Оның саяси, экономика және мәдени орталығы бастан-аяқ қазақ даласының өңтүстігіндегі Шу өзеніндегі Қосорда болды» [10, 228 б.] деп санайды. Сондай-ақ автор «Батыс Лияу патшалығының негізгі базасы және оның басқарған өңірі қазақ даласы болды. 1211 жылы қазақтың найман руының ханы Күшлік ақыры патша тағын тартып алды, содан кейін сөз жүзінде Батыс Лияу патшалығы деп аталғанымен, іс жүзінде оның билеушісі қазақ болды» [11, 229-230 б.]-деп тұжырымдайды. Осы тараудың екінші тараушасында Батыс Лияу патшалығының  жүргізген діни бостандық саясатының нәтижесінде әртүрлі діндердің қатар өмір сүргендігін және ХІІ-ХІІІ ғасырларда ислам дінің дамып басымдылыққа ие болғандығын пайымдайды. Автор үшінші тараушаны «Қытай мәдениетінің қазақ мәдениетіне терең ықпалы» деп алған. Зерттеуші бұл мәселені Батыс Лияу патшалығының қытай мәдениетін терең қабылдауы, олардың патшалық титулдарында қытай үлгісіндегі лауазымдар қоюынан және олардың іс-қағаздарын қытай тіл-жазуында жүргізгенімен түсіндірмек болады, бірақ  мәдени ықпалдың нақты айғақтарын келтіре алмаған. Сондықтан болар ғалым «Кең-байтақ қазақтың мал шаруашылық аудандарында қолданған тіл-жазу әрине түркі тіл-жазуы болды» деп атап көрсетеді. Төртінші тараушаны «Қазақ даласының шаруашылық, мәдениетінің дамуы» деп атаған. Мұнда автор әлеуметтік экономикалық өндірістердің дамуын қарастыра келіп, «Батыс Лияу патшалығы кезінде қазақ даласының мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қолөнеркәсібі, қала және сауда-саттық сияқты салалардың біршама дами түсуі – билеуші таптың білім мен мәдениетке көңіл бөлуінен болды» [12, 244 б.] деп түйіндейді.

Монографияның тоғызыншы тарауы «Моңғол-Юань патшалығы үстемдігі дәуіріндегі қазақ дала мәдениетінің дамуы» деп аталған. Ғалым бұл тақырыпты шаруашылық тұрмысы, қолөнеркәсіп өндірісі, сауда-сатық, тіл-жазуы, діни нанымы (бұл тараушаны несториян діні, шаман діні, ислам діні деп жіктеп пайымдайды) және ғылым, мәдениеті деген тараушаларға бөліп қарастырған. Соның ішінде соңғы тараушадсында айтарлықтай жаңалықтар пайымдалған. Автор қазақ даласында Кимек қағанатыдәуірінде өздерінің тарихшы және жазушысы Кимек Жанаһ Ибын Қаханның болғанын және оның шығармасына талдау жасайды.  Қыпшақ даласындағы қазақ ру-тайпаларының барлығы ортақ қыпшақ тілін қолданды, сол негізде қыпшақ әдеби тілі қалыптасты. Қыпшақ тілі тек Қыпшақ даласындағы рулардың ғана тілі емес, ол қазіргі қазақ тілінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды. Сол кездегі араб, парсылар мен кейбір еуропалықтар да үйренген, кейбіреулері қыпшақ тілін жеттік игерді. Алтын орда дәуірінде қыпшақ тілі орда тілі болды деп пайымдап, қыпшақ тілінде жазылған әдеби және анықтамалық еңбектерді таныстырады. «Моңғол – Юань үстемдігі дәуіріндегі қазақтар VIII ғасырда Сыр бойында өмір сүрген қазақтың атақты күйшісі ақын Қорқыттың музыка өнеріне мұрагерлік етіп дамытты. Сондықтан 1227 жылы Найман руының Кербуғаның «Ақсақ құлан» күйі дүниеге келді» [13, 282 б.] деп санайды.

«Моңғұл – Юань патшалығы үстемдігі дәуіріндегі қазақ ұлтының қытай мәдениетіне қосқан ұлесі» деп аталған еңбектің оныншы тарауында, ғалым қазақтардың «Тарих ғылымы жағындағы маңызды үлесі» деген тараушасында меркіт, қаңлы руларынан шыққан «Лияу патшалығы тарихы», «Цзин патшалығы тарихы» («Алтын патшалығы», «Сун патшалығы» тарихын жазуға өшпес үлес қосқан,  Тото Мазатайұлы (1314-1355 жж.) Темірташ пен Тайбұқаны қазақ деп еспетеп, олардың саяси, әскери өмірі мен қытай мәдениетін терең игеріп, орда тарихын жазуға жетекшілік еткен еңбегін қазақтардың қытай мәдениетіне қосқан үлесі-деп санайды. Екінші тараушасында қытай тілді ақын, сазгер Бұхумның (1254-1300 жж.)  қаңлы тайпасынан шықанын және оның пэезиялық және сазгерлік мұраларын таныстырады. Үшінші тараушаны «Қазақтың қарұлық тайпасынан шыққан айгілі ақын Нашан» деп атап, Нашанның (Нашин, 1309-1368 жж.) қазақ даласынан Юань дәуірінде қытай жеріне барғанын, қытай мәдениетін қызыға оқып, үлкен ақынға айналғанын баяндап, оның өлеңдеренен отанды, халықты сүйю, халықтың қайғы-қасыретіне жанашырлық таныту мен практикалық кеңес ұсынған мысалдарды келтіріп талдау жасайды. Бұл тараудың төртінші тараушасы «Қытай хаткерлік өнеріне қосылған керемет үлестер» деп аталған. Мұнда автор қаңлы тайпасының – қазақ тайпасы екендігін дәлелдеу арқылы, қаңлыдан шыққан Наунау (Қаңлызышан), Қаңлыхуэйхуэй, Қара, Таштемір, Чиңтоң, Қаңлыбұқа, Тайбұқа қатарлылардың қытайдың хаткерлік өнеріне қосқан үлестерін анықтап көрсетеді.

Монографияның он бірінші тарауы «Қазақ хандығы дәуіріндегі мәдениеттің дамуы» деп аталған, оның бірінші тараушасында «Тұтас қазақ халқының жауынгерлік ұраны – «Абылайдың» жарыққа шығу барысын», Абылай ханның өмірі және оның қоғамдық саяси қызыметімен байланыстырып байымдайды. Екніші тараушасында «Қазақ хандығының қоғамдық құрылымын» танысьырған. Үшінші тараушада «Қоғамдық шаруашылығы мен тұрмысы» деген атпен қазақтың дәстүрлі мал шауашылығы, егін шаруашылығы, қолөнеркәсіп, сауда-сатық салалары бойынша таныстырылған. Ал «Діни нанымдары» деп аталған алтыншы тараушада, қазақтар арасындағы шаман діні қалдықтары мен ислам дінін айта келіп, патшалық Ресейдің отарлау мақсатында қазақтарды православие дініне шоқындыру мақсатында дін  таратқанын баяндайды. Бұл тараудың жетінші тараушасы «Патриахаттық феодал ақсүйектер үшін қызмет ететін заңдар» деп аталған. Мұда автор  қазақ заңдарының таптық сипатынан тартып, феодалдық жер меншіктену құқығы және борыш заң  институттарын, қылмыс заңы – құн заңына таптық сипатта талдау жасап пайымдайды. Ал қазақтың философиясы, тарих ғылымы және әдебиеті жөнінде ХV ғасырдағы Асан-қайғыдан тартып Қазтуғаннан, Шал жырауларға дейінгі қазақтың көрнекті ақын жырауларын таныстырады.

Еңбектің он екінші тарауы «Жаңа және қазіргі заманғы мәдениет пен көркемөнер» деп аталған. Бұл тарауда ғалым астрономия және күнтізбе (календарь)-ден бастап, жұлдыздар және оның көшпенді мал шаруашылықтың қатынасы пайымдап, тарихтағы бірнеше түрлі күнтізбе есептеу әдістерін, хайуанаттар атымен аталған жыл қайыру, ай – үркер календарын, ортақ календарлар, календарлардағы ай, апта аттарын қолдану жолдарын пайымдайды. Ал «Музыка» деп аталған екінші тараушада, қазақтың музыка аспатарын, күйлерін таныстырады. Үшінші тараушасы «Опера және би» деп аталған, мұнда автор негізінен қытай қазақтарындағы операның, би өнерінің пайда болуы мен дамуын пайымдайды. Төртінші тараушада мәдениет, оқу-ағарту және дәрігерлік – денсаулық сақтау мәселесі қарастырылған. Автор ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазақ мектептерінің көптеп ашылуын және дәрігерлік пен денсаулық сақтау істерінің дамығандығын нақтылы сандық мәліметтер негізінде баяндайды.  Сонымен қатар, зерттеуші қазақ халқының өнеркәсіп өнерін, ою, кесте, өрнек салу өнерінің ерекшеліктері мен эстетикалық талғамдарына талдау жасайды. Сонымен қатар Шыңжаң қазақ аудандарында салынған мешіттер мен діни қимылдардың өрістегенін баяндайды.

Монографияның он үшінші тарауы «Дала әдебиетінің ерекшеліктері» деп аталған. Ғалым қазақ әдебиетінің ерекшелігін оның өмір сүрген географиялық ортасымен байланыстырып қарастырады. Ол «3 милннан асатын шаршы келеметр қазақ даласының (Қытай, Кеңес одағы және Моңголия қазақтарының дала өңірі), асқар таулары көқ тіреген, асау толқынды өзендері жөнкіліп аққан, қалың орманы сыңсыған, құмды шол-жазирасы көсіліп жатқан, жабайы аңдары шұбырған, төрт түлігі мыңғырған,  шағаладай ақ үйлері самсыған жұлдыздай шашырап тігіліп, дарқан даланы жарасымды тыныштыққа бөлегендей. Бірақ қазақ даласы Еуразияның қолқа жүрегіне орналасқандықтан стратегиялық маңызы айырықша еді. Сондықтан бұл арада тарихта талай-талай қанды соғыстар болып, семсер-қылыш сілтеген, ат кісінеп жылаған болатын. Ұлтының өмір сүруі үшін қазақ халқы ұлы табиғатпен алысып, ата жауымен шайқас жасау барысында шыңдалып қаһарман халыққа айналды. Батыр жігіт, қас сұлу, жүйірік ат – қазақ халқының ақындық шабыт қайнары. Міне, осылардың барлығы бір арнаға тоғысып, қазақ халқының өзіне ғана тән дала әдебиет ерекшелігін қалыптастырды» [14, 426 б.] –деп, тұжырымдайды. Осы тараудың бірінші тараушасында «Ауыз әдебиеті», екінші тараушасында «Қиса-дастандары», үшінші тараушада «Айтыс», төртінші тараушаны «Дала өрісі – махаббатың кеншісі» деп  атап, қазақ ақындарының табиғат лерикасы өлеңдері мен махаббат жырларын пайымдайды.

«Жаңа және қазіргі заманғы жазуы мен әдебиеті» деп аталған монографияның он төртінші тарауында, ғалым араб әріпі негізіндегі қазақ жазуын, қазақ халқының қазіргі заманғы әдеби тілін таныстыра келіп, «Жаңа замандағы қазақтың көрнекті ақыны Абай» деген тараушамен, Абай Құнанбайұлының өмір баяны мен қоғамдық қызметі және оның шығармашылық жетістіктерін, Абай шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны мен ықпалын жан-жақты пайымдайды. Ал «Жаңа заман әдебиеті» деген тараушасында, Қытайдағы қазақ ақындарын таныстырады. Атап айтқанда, Әсет Найманбай, Ақыт Ұлымжыұлы, Жүсіпбекқожа  Шайқысламұлы, Төлебай Бөжекұлынан Асылханға дейінгі атақты ақындарды таныстырады. Бесінші тарауша «Қазіргі заманғы әдебиет» деп аталған. Бұл тараушада Нұртаза Шалғынбай, Қызыр Мамырбек, Көдек Маралбай,Таңжарық Жолды, Асқар Татанай, Нығымет Мыңжани қатарлы аса көрнекті ақын, жазушылардың шығармаларын қарастырып, сол дәуірдегі Қытай қазақ әдебиетінің даму процесін баяндаған.

Еңбектің он бесінші тарауы «Отбасы, неке және жерлеуі» деп аталған. Бұл тарауда ғалым 1949 жылға дейінгі қазақ отбасының дәстүрлі құрылымдары мен отбасындық қарым-қатынастарды, неке ерекшеліктерін, қызы-жігіттің танысуынан үйленге дейінгі өтелетін рәсімдер мен тойларды, салынатын  қалың мал мен берілетін жасауларға дейін баяндай келе, балалы болу,  сәбидің дүниеге келген күні өткізілетін шілдеханадан тартып, есейіп-ержеткенге дейінгі мерекелік салттар мен берілетін тәрбие мазмұндарын таныстырады.  Сонымен қатар, қазақтар есімінің қайнары мен құрылымын, туыстық атаулар, өлген адамды жерлеу рәсімдері мен қайтыс болғандарға берілетін ас-нәзірлер түрлерін және оның мәнін баяндайды.

Еңбектің он алтыншы тарауы немесе ең соңғы тарауы «Тұрмыс салты» деп аталған. Бұл тарауда ғалым қазатың тұрғын үйлерін, ас-тағамдарын, киім-кешектерін, мереке-мейрамдары мен құрмет салттарын жүйелі түрде  жан-жақты таныстырған. Сонымен бірге қақатың дәстүрлі ойын-сауықтары мен спорт түрлерін де өз сала-саласы бойынша кең көлемде баяндаған.

Түйін.

Жоғарыдағы қысқаша шолудан профессор Су Бейхайдың қоғамдық қызметі мен «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты монографиясының қамтыған бай мазмұнын көруге болады. Ғалымның қазақ халқының мәдениет қайнар көзін Еуразия даласындағы байырғы мәдениеттердің архиелогиялық қазба мұраларынан, жартас суреттерінен қарастырған концепциясы қолдап-құптауға тұратын ғылыми концепция. Сондай-ақ оның жазба деректер негізінде қазақтың этногенезін сақтардан тартып, үйсін, қаңлы және алан елдері негізінде, ұзақ тарихи кезеңдерде толықтанып, бірегейленіп, біртұтас ұлт болып қалыптасу барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырды дейгенге саятын көзқарасы да, тарихи заңдылыққа сай келетін тұжырымдар деп санаймыз.

Ғалым мәдениеттердің өзара ықпалдастығына да көп көңіл бөлген, әсіресе қытай мәдениетінің қазақтарға ықпалы мен қазақтардың қытай мәдениетінің дамуына қосқан үлестері жөнінде келтірген тың деректері еңбектің жаңалығын арттыра түскен.

Дегенмен еңбектен автордың кейбір негізсіз пайымдары да байқалады. Мысалы, қазақ даласында ежелден қытайлар кең көлемде қоныстанып отырған, әсіресе, Батыс Лияу патшалығы дәуірінде көп болды деген сөздеріне нақты дәйектер келтірмеген. Сондай-ақ Абылай хан жөнінде де біржақты пайымдаулары да тарихи шындыққа жанаспайтынын айтуға тиіспіз. Бірақ автордың бұлай жазуын түсінуге де болады.

Жалпы, Су Бейхай мырза қазақ халқына терең сүйіспеншілік орнатқан, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең зерттеген бірден бір қытай ғалымы болып табылады. Ол қазақ халқын батыр да парасатты, ақкөңіл де адал халық деп санайды. Сондықтан болар, ол алпыс жылдай қазақ халықын зерттеумен айналысты, өшпес құнды еңбектер жазып қалтырды. Сонымен ол қазақ халқының үлкен құрметіне ие болды. 1998 жылы ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев Су Бейхайды арнайы шақырып Халықаралық конференцияға қатыстырып, баяндама жсатты, иығына қазақтың шапанын жауып, алғыс білдіргені және «Құрмет грамотасымен» марапатталғаны қазақ халқының ол кісіге деген ризалығын білдіреді. Әрине, Су Бейхай қазақ халқының құрметтеуіне лайық, өйткені бір де бір басқа ұлт өкілдері қазақтар жөнінде дәл Су Бейхайдай көп еңбек жазған емес. Оның еңбектері қазақ тарихнамасынан мәнгі маңызды орын алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нәбижан Мұқаметханұлы. Су Бейхайжәне оның қазақ тарихын зерттеген еңбектері жөнінде. Ізденіс: тарих және замана. - Алматы: «Мерей». -2014, 128 б.

2.Су Бейхай.Қазақ ұлты жөнінде қысқаша шолу. «Ганьсу минго бао» газеті. 11-13 қыркүйек1940 ж.

3.Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі» қытайша аудармасы « Замана -现代» -«Xiandai» журналы. 1948, № 1.

4.Абай Құнанабаев «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» қытайша аудармасы«Шыңжаң газеті» – «Xinjiang ribao - 新疆日报», 11 науырыз 1949 ж.

5. Су Бейхай.Қазақ адам аттарының құрылымдық негіздері. «Шыңжаң газеті» – «Xinjiang ribao - 新疆日报», 11 науырыз 1949 ж.,№ 8.

6.Су Бейхай. Қазақтың этногенезі. «Гуманитарлық журнал» - «Renwen zazhi - 人文杂志»ю -1957, № 8.

7. Жақып Мырзақан сұхбат. «Түркістан гәзеті», 25 қазан 2014.

8. Су Бейхай. Қазақ мәдениетінің тарихы. Үрімжі: «Шыңжаң университеті баспасы». -1989, 30 б.

References

1.  Muhametkhanuly N. Su Beikhai zhane onyng kazak tarikhyn zerttegen yenbekteri zhoninde. Izdenis: tarikh zhane zamana. - Almaty: «Merei». -2014, 128b.

2.  Su Beikhai. Kazak ulti zhoninde kyskashasholu. «Gansu minguo bao» gazeti. 11-13 kyrkuyek1940 zh.

3.  Shakarim Kudayberdiulynyng «Kazak shezhiresi» kytaisha audarmasi « Zamana -xiàn dài» -«Xiandai» zhurnali. 1948, № 1.

4.  Abay Kunanabaev «Biraz soz kazakting tubi kaydan shykkany turaly» kytaisha audarmasi «Shynzhan gazeti» – «Xinjiang ribao - xīn jiāng rì bào», 11 nauyryz 1949 zh.

5.  Su Beikhai. Kazak adam attariningkurilimdyk negizderi. «Shynzhan gazeti» – «Xinjiang ribao - xīn jiāng rì bào», 11 nauyryz 1949 zh., № 8.

6.  Su Beikhai. Kazaktyng etnogenezi. «Gumanitarlyk zhurnal» - «Renwen zazhi - rén wén zá zhì»yu -1957, № 8.

7.  Jakhip Mirzakhan suhbat. «Turkistan gazeti», 25 kazan 2014.

8.  Su Beikhai. Kazak madeniyetining tarikhy. Urimzhi: «Shynzhan universiteti baspasi». -1989, 30 b.

Түйіндеме.

  Мақалада белгілі қытай тарихшысы, профессор Су Бейхайдың қоғамдық қызыметі, ғылыми шығармашылығы және оның қазақ тарихы мен мәдениетін зертеген еңбектері таныстырылып, «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты монографиясына шолу (обзор) жасалады. Мақала авторлары аталмыш еңбектің әрбір тараулары бойынша  талдау жасап, оның жаңалықтары мен жетістіктерін және олқылықтарын атап көрсетеді. Сонымен бірге, Су Бейхайдың жалпы ғылыми шығармаларына жоғары баға беріп, оның қазақ халқына терең сүйіспеншілік орнатқан, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең зерттеген бірден бір қытай ғалымы болғанын атап көрсетеді.Өйткені бір де бір басқа ұлт өкілдері қазақтар жөнінде Су Бейхайдай көп еңбек жазған емес. Оның еңбектері қазақ тарихнамасынан мәнгі маңызды орын алады деп санайды.

  Түйін сөздер. Су Бейхай, қоғамдық қызмет, Қазақ мәдениетінің тарихы, олқылықтар, құнды еңбек.


Мухаметханулы Н.,

КазНУ им. аль-Фараби,

Факультет востоковедения, профессор Кафедры китаеведения, д.и.н.


Канат Гульнар,

КазНУ им. аль-Фараби,

Магистрант 2-го курса

 



Су Бейхай и его монография «История культуры казахов»

Аннотация: В статье представляется общественная деятельность, научная творчество, труды по истории и культуре казахов известного китайского историка, профессора Су Бейхая. А также произведен обзор  монографии Су Бейхая «История культуры казахов». Авторы статьи сделали анализ по каждой графе, отметили новизну, преимущества и упущения данного произведения. Дали высокую оценку научной творчестве Су Бейхая в целом, отмечают Су Бейхая как одного из китайских ученых, который глубоко изучал историю и культуру казахов, чьи труды способствовали уважению и любви к казахскому народу, Так, ни один представитель другой национальности в Китае не писал столько трудов по истории и культуре казахов, как Су Бейхай. Авторы считают, что исследования Су Бейхая занимают важное место в историографии казахов.

Ключевые слова: ученый-историк, общественная деятельность, История культуры казахов, ценное исследование.


Mukhametkhanuly N.  

al-Farabi KazNU,

Faculty of Oriental Studies, Faculty of Oriental Studies,

 Professor of the Department of Chinese Studies, Doctor of Historical Sciences 


Kanat Gulnar,

al-Farabi KazNU,

2nd YEar Master's Student


Su Beihai and His Monograph "The History of Kazakh Culture"


Abstract: This article represents social activity, scientific creativity, works on the history and culture of Kazakhs of the famous Chinese historian, Professor Su Beihai, as well as, a review of the monograph by Su Beihai "The History of Kazakh Culture". The authors of the article made an analysis for each column, noted the novelty, advantages and omissions of this work. They highly appreciated the research work of Su Beihai as a whole, noting that Su Beihai is one of the Chinese scholars who deeply studied the history and culture of Kazakhs, whose works contributed to the respect and love of the Kazakh people. No representative of another nationality in China has written so many works on the history and culture of Kazakhs, like Su Beihai. The authors believe that the research of Su Beihai occupies an important place in the historiography of Kazakhs.
Key words: scientist, historian, public activity, History of Kazakh culture, valuable research.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз