Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574). 02/.08 Ақбұлақ шайқасы

Ж.Орамах Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.к., Р.Б.Таскымбаева педагогика магистрі

ӘОЖ 94 (574). 02/.08 Ақбұлақ шайқасы

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14), 2018

Тегтер: Шолақмолда, Шейітсай, батыр, ұлттық, халық-азаттық, отряд, көтеріліс, жазалаушы, Жайықтың, жақ, сол, зеңбірек., беті, Ақбұлақ
Автор:
Бұл мақалада Бөкей Ордасындағы Исатай мен Махамбет бастаған азаттық күрестің Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыстың сәтсіздіктерінен кейін көтеріліс басшыларының жаңа тактикалық әдістерге көшіп, Кіші жүз аймағына барып жаңа қол жинап, күресті жалғастыру ниетінде болғаны айтылады. Алайда, Геке бастаған жазалаушы отряд және ханның әскери құрамы көтерілісшілерді Жайықтың Кіші жүз жағына өткізбеу үшін соңынан қалмай, Ақбұлақ өзенінің бойында өліспей беріспейтін шайқас болды. Күш тең емес еді. Мақалада жазалаушы отряд отты қару-зеңбіректі пайдаланса, көтерілісшілерде әрі кеткенде наган болған, олда бәрінде емес және көтерілісшілердің саны Тастөбедегі ұрыстан кейін азайып қалғандығы айтылады. Геке жағындағы тегеурінді күшке қарсылық көрсете алмай көтеріліс жеңіліспен аяқталады, Исатай мерт болады. Мақаланың негізгі желісі Исатай батырдың ерлігі мен қаза болуы туралы, сүйегінің қайда жерленгені жайлы әртүрлі пікірлерге қоса, осы жолдардың авторлары жаңа пікірде қосқан. Мұрағаттық және тарихи әдебиеттерге сүйеніп, көтерілістен кейін тірі қалған кейбір тұлғалар туралы да құнды деректер берген.
Мазмұны:

Жасқұс маңындағы текетрес пен Тастөбедегі ұрыстан кейін Орынбор әскери-губернаторы Перовский қазақ шаруаларының толқуының ұрысқа алып келгендігінің себептерін анықтау үшін тексеру жүргізуге бұйрық берген. Тексерістің қортындысы анықтағандай сылтау, себепсіз шаруалар мен көтеріліс басшылары мұндай ауыр қасіреті мол қимылға ешқашан батыл бармас еді деген шешімге келді. Жәңгірдің Орданы басқаруға  пайдаланған сұлтандар, билер, старшындардың озбырлығы тек Исатай жақтастарымен қатар басқа да қазақтарды шектен тыс қанаумен, кемсітумен ерекшеленген. Сондықтанда, лауазымды адамдарды жауапқа тартудың орнына көтерілісшілерді айыптады. Бұл Жәңгір құрған ел басқару жүйесінің жарамсыздығын көрсетіп, ол қайтыс болғаннан кейін хандықтың жойылуына алып келгенін тарих дәлелдеді.

Тастөбедегі ұрыс жеңіліспен аяқталса да, Исатай мен Махамбетті қолға түсіре алмағасын батыр мен ақынның отбасыларын, көтерілісшілерді жазалап, жазалаушы отряд қайткенде де осы әдіспен оларды қолға түсіруді ойлайды. Ел ішінде қуғын-сүргін ұйымдастырды. Губернатор Исатайды «тірілей алып келген кісе құны 500 сом күміс сыйлық тігеді, өлілей алып келсе соның жартысы». Ақша үшін Исатайды ұстап беруге жер-жерден 80 адам тілек білдіріп,оларды Жантөре старшын басқарғанмен Исатайды қолға түсіре алмайды [1,113-п.]. Осы жағдай азда болса Жайықтың әрі өтудің тұманнан жаңа шыққан күн сәулесін елестетті. Исатай мен Махамбеттің ойы жаңадан қол жинап күресті жалғастыру, жазалаушы отрядпен шешуші шайқастар жүргізу болатын. Бұл Исатайлардың елінен, жерінен қашу емес, Жәңгірден Гекеден жеңілу емес. Бұл «азаматтықтар намыс пен бас бостандығы үшін алты күндей алаулап, он екі күндей ой ойлап, ақылды алпыс жаққа шаптырып бас тіккен күрестің жалғасы еді [2, 357-б.].

1837 жылдың 10-12 - желтоқсанында қар жауып қатты боран соқты, аяз 23 градусқа дейін көтерілді. Исатайлардың күткені де осы еді. Жайыққа қарай суыт жүрді. «Шешінген судан тайынбас» - дегендей ебін тапса ұрыссыз, ебін таппаса қарудың күшімен күзетті бұзып өтпек. Енді арғы бетке өтудің жолдарын іздестірді. Сондай қолайлы сәт туды. Жайықтың екі жағына қойылған әскери тосындардың жиі желісіне қарамастан, көтерілісшілер 1837 жылдың 13-желтоқсанында, таңғы сағат 4 кезінде қарлы, аязды, боранды түнінде Жаманқала форпосты түбінен өтіп, Кіші жүздің кең даласына сіңіп кете барды.

Осы маңда 12 шақырымдық шепті күзетіп жүрген казактар бүкіл әскерді аяғынан тік тұрғызғанмен Исатайларға кедергі жасай алмай көтерілісшілердің тек бір жігітін ғана атып түсірді.

Ішкі Орда шаруаларының қозғалысы осылай аяқталғанмен күрес аяқталған жоқ еді. Күрес Жайықтың оң жағасына ауысты. Исатай мен Махамбет Жайықтан өткеннен кейінде қаруларын тастауды ойлаған жоқ. Жазалау отрядымен шешуші шайқастар жүргізу үшін күштерін жинады. 1838 - жылдың көктемінде  ханды және оның жақтаушыларын қорқытатын ірі отрядта құрып үлгерді. Ал мұны білген Орынбор генерал-губернаторлығы Кіші жүз аумағындағы Исатайдың қозғалысын басып-жаншу үшін өңірге жаңа жазалау отрядтарын үсті-үстіне жіберіп жатты. Геке Исатай тобын өкшелеп қуудан шаршамады.

  Көтерілісшілер Жайық сыртында ел аралап, қол жинап, Жем бойындағы Назар, Шекті, Адай, Кете, Табын т.б. ауылдарынан қол, азық-түлік, көлік жинап көтерілісті  қайта жандандыру болды. Бұл мақсатқа біршама қос батырдың қолы жетті. 1838 жылдың алғашқы 6 айында көтеріліс Бөкей хандығының территориясынан Кіші жүз жерінің басым бөлігіне ауысты.

Исатайдың ойы Қайыпқали сұлтанмен, Хиуа хандығымен одақтасып патша үкіметіне  қарсы күресу болатын. Бұл ниеті іске аспағанмен, шамамен 3 мыңнан аса сарбаз жинаған [1,14-п.]. Осы күштен 500 жігітті таңдап алып, 1838 жылдың 12 шілдеде Ақбұлақ және Қиыл өзендерінің арасында Геке басқарған біріккен ірі жазалау отрядымен түйісіп, соңғы күші қалғанша соғысты. Кейбір дерек көздері осы күні көтерілісшілердің бар-жоғы 900 қол болды дейді. Осыған қарағанда олардың арасында ыдыраушылық болған сияқты. Көтерілістің бұл кезеңі жер, озбырлыққа, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес шеңберінен шығып, азаттық күреске, отаршылдыққа қарсы сипат алды.

  Ақбұлақ шайқасы болатын шілденің 11-нен, 12-сіне қараған түні Исатай жан-жаққа қарауыл қойып, далада түнейді де таң елең-алаңнан  атқа қонып, тұтқиылдан Гекенің қарауындағы Асфандияр Сүйеуғалиұлы сұлтанның күзетшілеріне  тап беріп, есін жиғызбай талқандайды. Бұл оқиға жазалаушы отрядтың бекініп жатқан жерінен онша қашық емес, шамамен 3-4 шақырымның айналасы болса керек. Мұны ұрыста қолға түскен екі тұтқыннан естіп, әскердің мән-жайын біліп, жаудың негізгі тобының Ақбұлақтың арғы бетіндегі ойпаңда екенінен хабардар болды. Исатай төбеге шығып, әскери штабтың ызы-қиқы күйде екеніне, зеңбіректерді көрсетпеу үшін арбамен қоршап қойғанына көзі жетті және Гекені де таныды. Жаудың отты қаруларын есептемегенде, әскерінің құрамы көтерілісшілерден екі есе көп еді. Бұл жауды жеңудің мүмкіншілігі қаншалықты аз болса, жеңілу мүмкіндігі соншалықты көп деген сөз еді. Бірақ шегіну-жеңілу еді.  Ат басын кейін бұрып жаудан құтылып кетуге болатын болса да, батыр алған бетінен қайтпады. Бұлай істемесе батырдың өлгені, қайткенде де жауды осы жерде тоқтатып, әрі қарай ел ішіне жібермеу. Олай болған жағдайда жазықсыз ауылдар шабылады, ел тоналады, қан төгіледі, ел босады. Сонда кешегі оны қолдаған халық қарғыс айтады деп шешті де қолын бастап, Гекенің арғы беттегі бекінісіне оқ жаудырады. Исатайдың басты ойы зеңбіректің бар-жоғын білу болатын. Исатайға қарсы ескі жауы, казак құрама отрядының басшысы, подполковник Гекеге Баймағанбет сұлтанның отряды келіп қосылады. Осы сәттегі орыс әскерінің қимыл тактикасын Исатай білмеген болатын. Осыны пайдаланып Баймағанбет Айшуақов Исатайға тыңшы-қазақ жібереді. Ол өзін көтерілістің жанашыры Байұлы руының өкілі ретінде таныстырып, ауылын Баймағанбет тонап, малдарын тартып алды деп өтірік наразылық білдіреді. Бұл жалған мәліметке сенген Исатай бесжүз сарбазымен сұлтанға қарсы жорыққа шығады. Жансызға да керегі осы еді, жарты жол жүрмей көтерілісшілерден бөлініп, ол Исатайдың қарсы шабуылға шығып келе жатқанын хабарлап үлгереді. Жаудың жаулық ой түгелдей іске асып, Гекенің отряды Ақбұлақ өзенінің жарғабақ бетіне жасырынып, айналаға қойған бақылаушы топқа көтерілісшілер лап қойғанда, олар қаша жөнелді. Осы кезде жасырынып жатқан Баймағанбеттің негізгі күші ұрысқа араласып, Геке зеңбіректен оқ атуға бұйырық береді. Атылған зеңбіректен бе, әлде лақтырылған гранатаның біреуіме, бір топ жігіттерге түсіп, екі адам өліп, бірнеше адам жарақаттанады. Зеңбіректің сырына қанық Исатай жасағын сәл кейін шегіндіріп, қайтадан алға ұмтылды.

  Осы кезде казак-орыс әскері мен Баймағанбет жасағы қарсы шабуылға шықты. Кенеттен Баймағанбет өзінің жасағын кері шегіндіріп, өтірік қашқан болып қулыққа басты. Ұрыстың қызған кезінде Баймағанбеттің жасағын қуып, Геке күштерінің артынан, екі жағынан қаптап келіп қалғанын Исатай байқамай қалады. Көтерілісшілер осы сәтте жаудан құтылып кетуге болатын еді,  бір қараса Гекенің әскері қалып, Баймағанбет казак-орыс отряды және өзінің жасағымен өкшелеп қуып келеді екен. Осы кезде Исатай кейін бұрылып, жолдастарын тоқтатып, жүзге жуық майдандас, кәнігі батырлармен Баймағанбетке қарсы ұмтылады. Әпсәтте, шаппа-шап, қолма-қол ұрыс басталды да кетті. Исатай батырлары казак-орыстардың біраз адамдарын жайпап, шепті бұзып өте шығады, бірақ олардың екпініне ілесе алмаған біраз жігіт жау қоршауда қалып қояды. Соларды құтқарам деп Исатай жігіттерімен қоршауға тағы леп қойып, қоршаудағыларды ілестіріп алып, әскер шебін қайтадан бұзып шығады. Батыр осы кезде баласы Оспанның (19 жасар) қоршауда қалып қойғанын көріп қайта бұрылып, Оспанда, басқада жасақтарын құтқарып, Үбі, Қожахметтерді соңына ертіп, Шейітсайға қарай бет алады. Оларға қоршаудан сытылып шыққан Махамбет қосылады. Оспан казак-орыстардың найзасынан арқасынан жарақат алған екен. Исатай Махамбетке: «Жан жолдасым, Махамбет»! «Жұмыртқа үшін құс та өлер – ұяда жатқан шайқамай»! демеуші ме еді. Баламды бердім қолыңа, құтқара көр»! [3,330-б.] -дейді. Махамбет батырдың өлердей қиылып айтқан сөзін екі етпей, Оспан отырған атты шылбырынан сүйрей алға тартты. Олар ұсталмайтындай  ұзап кеткенше артынан қарап тұрды. Оспанды аман-есен қуғыншылардан алып шыққан Махамбет, қасында Исатайдың ұлы Досмағанбет бар, Ойыл Қиыл арасындағы елге жеткенімен Оспанды өлімнен құтқара алмады.

  Қуғыншылар Исатайды нысанаға алып оқ жаудыртып келеді, тиген оқ әлсіреп келеме, сауытынан өтпейді. Қуғыншылар Орынбор жасағынан Хорунжий Петровтың отряды еді. Исатай Үбі, Қожахметтерге жақындап қалған Урядник Иван Богатыревтің атын екі рет жаралап бетін қайтарып тастайды. Осы кезде Угольный станциясының казак-орысы Леонтий Зеленин Исатайдың атын нысанаға алып тигізе алмаған соң, аттан түсіп, жата қалып атады. Оқ аттың қыл мықынан тиіп, сүрініп барып қайта тұрып құлайды. Қуғыншылардың алдында келе жатқан Көбен Сүбіліұлы Исатайды найзамен іліп аттан түсіреді. Батыр жаяу соғысады. Әлгі үшеуі: Иван Богатырев, Леонтий Зеленин және Көбен Сүбіліұлы Исатайға жолай алмай тұрғанда казак-орыс жасағы келіп жетеді. Исатай қос тапаншамен атысып, жауларын жолатпай бір казакты өлтіреді. Оғы таусылып қалып қылыштасады. Осы кезде артынан аңдып келіп Көбен батырдың арқасына жабысады, оған Сәтбай мен Жапар келіп көмектесіп қолына жармасады. Алыс-жұлыс кезінде Исатайдың дулығасы шешіліп қалғанын көріп, Богатырев қылышпен батырдың шекесін қақ айырады, батыр құлайды. Исатайдың кеудесінен тапаншамен атып өлтіреді.

  Бұрын жазғанымыздай Исатайды ұстап берген кісіге 500 сом күміс ақша тігілгенін. Оны ұстау қиынға соққаннан болар, осы сома екі есе көбейіп 1000 сомға жеткен түрі бар.  Оның үстіне Баймағанбет өз атынан қосымша 2000 сом бәйге тіккен. Осы 3000 сомнан Көбенге тигені бар болғаны 25 сом.  Өйткені Исатайды казак Зеленинде, Хорунжий Петровта аттым деп дау шығарған. Ақыры екеуіде  25 сомнан сыйлық алған. Қалған ақшаны иттей ырылдасып, бөлісіп алған[3, 336-б.].

  Сөйтіп, қазақ халқының сүйікті, айбынды ұлы, бостандық үшін жанын пида еткен Исатай Тайманов мерт болды. Азаттық үшін күрескен Исатай ойлаған арманына жете алмай, дүниеден өтті. Ол жаудан сескенбеді, қорқып тізе бүккен жоқ. Көтерілістің маңызын былай қойғанда, батырдың осылай өлуінің өзі ұрпақтарға үлгі емес пе ? Ол батырлықтың да, адамгершіліктің де биік рухы қандай болуы керек екенін көрсетті. Исатай туралы оның қас жауы, отаршыл жендет Гекенің өзі: «Исатай өзінің  көзсіз батырлығының құрбаны болды» деген. Мұны айтып отырғаны Исатайдың қашып құтылып кетуге толық мүмкіндігі болғанын меңзегені. Исатай бастаған көтерілістің ізі суымай зерттеген Н.Савичев Исатай туралы: «Тып-тыныш аспанды  тілген жарық жұлдыздай зуылдай ағып барды да, кенет ғайып болды» деп жазса, А.Ф.Рязанов: «Исатай Тайманұлы қазақ халқының ұлттық батыры» деп қорытты [3, 331-б.].

  Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін патша өкіметі мен хан дала өңірінде бой тасалаған, көтеріліске қатысқан адамдарды қатыгездікпен қудалады, жазалады. Жазалаушы отрядтар көтеріліске белсене қатысқандарды қолға түсіріп, көптеген ауылдарды талап-тонауға ұшыратты. Көтерілске қатысушыларға дүре соғылып, өлімші етіп жараланды. Каторгалық жұмысқа кесілді. Сібірге айдалды, мүліктері, малдары тәркіленіп, мәңгілікке жер аударылды. Исатайдың адал ағайынды серік-сарбаздары Нұрғыс, Ергіс, Көшім Сартовтар мен олардың әкесі Сарт Ералин ең ауыр жазаға кесілді. Ресми деректер бойынша көтеріліске белсене қатысқан 39 адам тергеусіз және сотсыз қамауда ұсталған, олардың біразы сотқа дейін-ақ түрмеде  өліп кеткен [4, 1-2-5 п., 4-п.].

  Ақбұлақ шайқасында өлген адамдардың нақты дерегі жоқ, әртүрлі баянатта түрліше: 60-70, 60-80, 60-100 деп көрсетілген. Ә. Сарайдың еңбегінде  тіпті 60-тың өзі көптеу  деген ой білдіреді.  Ал, В.Вяткин Ақбұлақ ұрысында өлген адамдардың санын 80 деп көрсеткен [5, 262-б.].

  Ал патша әскерінің шығыны бір баянатта Гекенің көрсетуі бойынша Исатай екі тапаншамен бір, екінші бір баянатта 4 казакты жаралады деп мәлімет берген. Ел аузындағы деректерде  тек Исатайдың өзі патша әскерінің  8 адамын мерт еткен [3,333-б.] болса, басқалары қарап жатпаған болар. Исатай жігітерінің ішінде  қиядағыны атып түсіретін сүр мергендер болған ғой.

  Исатай мен Махамбет басшылық еткен шаруалар көтерілісі жеңіліс тапты. Оның ең басты бір себебі хан бастаған сұлтандар мен билердің отарлық саясат көздеген патша үкіметімен  ымыраласып өз халқына қарсы шығуы еді. Басқаша болуы мүмкін еместе еді, хан билігін тек осындай жағдайда сақтап қалуға болатын.

Шаруалар қозғалысы кең көлемде тарай алмады, аясы тар және шектеулі болды. Қазақстандағы болсын, басқа да аймақтардағы  азаттық қозғалыстармен байланыс болмады. Алайда көтерілісшілердің батылдығы, басшыларының ерлігі әлеуметтік бостандық жолындағы күрестің туын кейінгі ұрпаққа аманаттады, билеуші топты үрейлендірді.

Ақбұлақтағы шайқас ел аузында «Қиыл қырғыны» деп аталады.

Көтеріліс басылғанмен хан, билеуші сұлтандар мен олардың төңірегіндегілер көп уақыт бойы үрейлі күй кешкен.  Жәңгір халық алдында  өзін кінәлі сезіндіме, көтерілістен кейін құтқарылған мал-мүліктерін иелеріне қайтарып беру ісіне араласпай, үкімет шенеуніктерінің ырқына берген. Көтеріліс басылғаннан кейін бес жыл өтседе Жәңгір хан Орынбор шекара комиссиясына жолдаған бір хатында: «Исатай қарақшыларының арам ниетті  қалдықтары да мені  үнемі алаңдатып келеді», - деп жазған [4, 4-п.]. Оған дәлел 1843 жылдың басында Махамбеттің Жайық өзеніне  жақын ауылдарға келгенін естіп, хан Шекаралық комиссияға дереу хат жазып: «Исатай қарақшыларының басшысы Махамбет Өтемісов соттың шепке жақындауына тыйым салынғанына қарамастан, соған жақын жерде тұрып жатыр, үнемі жағымсыз әңгіме таратып, Ішкі Ордадан қашқандарды өзіне қосып алуда» деген [4,7-п.]. Көтеріліске тікелей қатысқан тұлғалардың Исатай мен Махамбеттің, Жәңгір мен Қарауыл қожаның тағдырлары туралы қысқаша мәлімет беруді жөн көріп отырмыз.

Солардың бірі Исатайдың сүйегі қайда жерленген деген мәселе. Ұрыстан кейін көтерілісшілердің  көбі қашып-пысып жан сақтаудың амалын ойлап, ұрыста шейт болған боздақтарды,  оның ішінде  Исатай батырды да жер қойнауына жайбырақат беруге мүмкіндік болмағаны белгілі. Дегенмен, патша әскері сол 12 шілде күні түскі тамаққа отырғанда, көтерілісшілер қорықпай шейіт болғандарды жиып алып кеткен сияқты.  Оларды дәл сол күні жер қойнауына  беріп үлгерді ме жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ, ұзаққа алып кете алмай Шейітсай мен Шолақмолда қорымының біреуіне жерленген деген әртүрлі пікірлер қалыптасқан және олардың мазмұны біріне-бірі қайшы, себебі сол пікірді айтушылардың, әрине бірде біреуі Исатайдың моласын дәлме-дәл көрсете алмайды. Олардың өздері анау айтты, мынау айтты дегендей дәлелі жоқ естігендерін айтады. Тіпті кейбірі Ақбұлақ, Шекемер, Қарағанды өзенінің бойында жерленген дегенді айтады. Ұрыстың болған жері Ақбұлақ өзенінің жоғарғы  арнасы. Шолақмолда осы жерден батысқа қарай 8-12 шақырым, ал Шейітсай  - 30 шақырымдай. Ақбұлақтан осы екі қорымның ара қашықтығына қарап бір топ Исатай Шолақмолда қорымында жерленген деген пікір айтады. Тіпті ұрыс қимылдары Шолақмолданың қасында болған деген дәлелдерін келтіреді. Екінші топ көтерілісшілер патша әскерінің бейқамдығын пайдаланып, өліктерді тез жинап алып, жаудың көзіне түспес үшін асығыс Шейітсайға жөнеліп, өліктерді және Исатайдың денесін сонда жерлеген деген уәж айтады.  Осы әңгіме төңірегіндегі 2014 жылдың өзінде «Жас алаш» газетінде үш [12],  тағы басқа баспасөз беттерінде мақалалар жарияланды. Бұл мақалалардың негізгі сарыны сол әркім өздерінше дәлел айтады.

Бұл туралы кезінде  Алаш көсемдерінің  бірі Халел Досмұхамедов:

«Исатай қырық тоғыз жасында 1838 ит жылы жеттің (шілде –Ж.О.) он екінші күні ұрыста өлді. Сүйегі Темір уезіндегі (сол кезде Ақбұлақ осы уезге қараған –Ж.О.) Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмолда деген молада» [6,79-б.] – деп жазған.

  Бөкей Ордасы мен Жәңгір хан және Исатай мен Махамбет басшылық еткен көтеріліс туралы қалам төсеп жүрген замандасым болар, Ғаділше Өтебәлі «Исатай батыр Шейітсайда жерленбеген, оның моласын Шолақмолда қорымынан іздеу керек [7] деген пікір білдіреді.

  Исатайдың сүйегін табу мақсатымен Шейітсайда көптеген қазба жұмыстарын жүргізген атақты антрополог Ноэль Шаяхметовтің мына бір сөздері  көп сұраққа жауап бергендей сияқты. «Кейде ойлаған істерің орындала бермейді екен. Оған Исатай бейнесін тірілту жолында тер төккен үш жылымның нәтижесіз аяқталғанын айтуға болады. Өкінетінім  - сол жазда (1968 жылдың жазы)  Шейтісайда батыр мүрдесінің қай жерде жерленгенін таба алмай қайттым» деген [7].  Қазба жұмыстарын жүргізген қабірлердің ішінен Исатай батырдың дене пішіміне  ұқсайтыны табылмай, тек ең соңында бір қабірден  Ноэль іздегендей екі дене шыққан. Сол кезде қабірге өзі түсіп, біреуінің бас сүйегін  алып, тазалап, сыртынан орап, сөмкесіне салып Алматыға алып кеткен.  Одан кейін ол бас сүйекті қайта орнына көмді ме, жоқ па, оғанда айтарлықтай дәлел жоқ. Ноэльдің өкінішіне  қарағанда ол бас сүйек Исатайдікі болмағанға ұқсайды. Осы жерде оқырмандарды ойландыратын мәселе батырдың сүйегі Шейітсайда жерленгені күмән тудырады. Алайда оның сүйегі  сол маңда жерленген болса – ол Шолақмолда зираты. Демек, Шолақмолда зиратында қазба жұмыстарын жүргізіліп жатса артық болмас еді. Қалай болғанда да бассыз дене табылса әңгіме бөлек.

  Жоғарыдағы айтылғандардан мынадай  ой түйгіміз келеді. Әрине ол біздің жеке ойымыз. Исатайдың сүйегі Шейітсайда да, Шолақмолда да жерленбеген. Жазалаушы отрядтың бейқамдылығын пайдаланып көтерілісшілер өліктерді жинап, алатындай мүмкіндік болған жоқ. Өліктердің ішінде Исатайдың денеесі жатса міндетті түрде қарауыл қойылуға тиіс. Сондықтанда, Исатайдың сүйегін  өліктердің ортасында қалдыру көңілге сыймайды, тіпті мүмкін емес. Губернатор Перовский жазалаушы отрядтың командирі Гекеге әдейілеп Исатайды тірілей, не өлі денесін алып келіңдер деп бұйрық берген жоқ па? Басын алып келуде екіталай, өйткені жоғарыда жазғанымыздай  оның басындағы дулығасының шешіліп қалғанын көрген Богатырев батырдың басын қылышпен қақ айырған. Сонда деймін-ау, губернаторға батырдың жарты басын қалай алып барып көрсетеді? Жазалаушы отряд батырдың денеесін түгелдей Орынборға алып кетуі ақиқатқа жақындау  сияқты. Н. Шаяхметовтың қанша тер төкеніне қарамай Шейітсайдан оның сүйегін таба алмауы осының айғағы. Біздің пікірімізше Исатайдың сүйегін Орынбордың айналасындағы мұсылман зираттарынан іздеу керек сияқты, бірақ табылуы екіталай. Осы мәселеге қатысты тағы бір айтатын пікір: қазір бізде жөнді-жөнсіз мазар-ескерткіш орнатқыштар көбейіп кетті. Біз оған қарсы емеспіз. Исатай батырға қатысты айтатын болсақ мазар ескерткіш жасау үшін, әуелі оның денесінің қайда жерленгенін, осы дәл Исатайдың моласы деген толық сенім болғанда ғана ақ қарасын айырғаннан кейін мазар салу дұрыс. Исатай бабамыз ондай құрметке ие.  Ал, анықталмаған қабірдің үстіне осы Исатайдыкі деп мазар салу «белгісіз жауынгерге» ескеріткіш қойғанмен бірдей емес пе? Бұл атың шықпаса жер өрте» дегеннің сиқы деп айтудан басқа амал жоқ. Әңгіменің ақиқатына келсек жерленген демей қайтыс болған жері деп шайқас болған жерге белгі қойса әңгіме басқа.

  Ішкі Орда қазақтары көтерілісшілерінің  басшысы Исатайдың өлімінен кейінгі ел тағдыры мен батырдың өлімі және сүйегінің қай жерде жерленгені туралы біраз жаздық, енді батырдың саяси көмекшісі, көтерілістің идеологы – Махамбет өмірінің беймәлім беттері мен тағдыры туралы аз-кем сөз етелік.

  Бізді көп ойландырып, толғандыратыны – Исатай қаза болып, көтеріліс жеңіліспен аяқталғаннан кейінгі кездегі Махамбеттің іс-қимылдарынан мәлімет өте аз. Ел есінде қалған дерексіз әңгімелерге сенсек, қол жинауға Хиуаға барған, бірақ ол ойы іске аспағанға ұқсайды. Басылымдарда жарық көрген Махамбеттің өлеңдерінен байқайтынымыз, оның Исатайдың өлімі мен көтерілістің жеңілісін өксіген өжеттікке беріліп, кейде бес қаруын беліне байлағандай тебіреніп: «Желп-желп еткен ала ту, жиырып алар күн қайда, орама мылтық тарс ұрып, жауға ататын күн қайда, жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күн қайда», -деуі Махамбеттің азаттық үшін әлі де қолға қару алып шығуды аңсағанын білдірмей ме? Махамбет Хиуадан қайтып келгеннен кейінде, ішкі жақтан қол жинап, жауға тыңнан шабуыл жасауда ойында болса керек. Ішкі Ордаға кіруге тиым салынғанына байланысты күш жинауды Кіші жүзде іске асырмақ болған. Патша үкіметінің жазалау отрядының және хан жасақтарының жазалауынан қорыққан қазақ шаруаларының Махамбеттің соңынан еріп, жаңа көтеріліске қатысу құлқы болмаған және Исатайға қарағанда Махамбеттің ақындық жағы артық болғанмен, ұйымдастыру, қалың халықты соңынан ерту жағынан әрине кемістігі барын мойындау керек. Осындай ойлары іске аспағаннан кейін, патша үкіметі мен Жәңгірдің қолдауымен Баймағанбет сұлтан Махамбеттің көзін құртуға жұмыстанады. Отбасымен бірге тұра алмай құба түзде панасыз да шарасыз, жай-күйсіз, көрінгенге көзтүрткі болып күн кешеді.

  Сөйтіп жүріп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген абзал ақын Баймағанбет сұлтанның жұмсауымен жіберілген бес жендеттің (Төлейдің Ықыласы, Боздақтың Жаңабергені, Нұралының Мұсасы, Өтеулінің Жүсібі, Тұрымның Төрежаны) қолынан қаза табады. Өкініштісі сол, осылардың ішінде өзіне ет жақын туыстары да болған. Тіпті, Ықыластың туыстығы бір-екі аталық болса керек. Баласы Нұрсұлтан: «Көке, ауылға беттеп 5-6 атты адамдар келе жатыр» деп хабарлағанда, Махамбет оларды танып: «Е, тәйір, бауырларым екен ғой» [6] деуі, дәлел болғандай. Махамбет байсалды, сақ, жаужүрек, сезімтал, өліспей берілмейтін тұлға. Соған қарағанда оны қапыда қолға түсірген.  Оның өлтірілген сәті де әртүрлі айтылады. Бір көріністе Махамбет жекжат жақынының үйінде отырғанда жаулары басып кіріп, оның бірден басын шапқан десе, екінші бір әңгімеде Махамбет өз үйінде отырғанда жаулары байқатпай келіп, байлаулы тұрған атын босатып, қашуға мүмкіндік бермей, үлкен айқас кезінде өлтіріп, басын алып кеткеніне отбасының мүшелері де куә болған екен дейді. Шындыққа жақыны осы екінші, Ықылас қатысқан әңгімеге жақын. Ықылас Махамбеттің жаулыққа қимайтын сыйлас адамы болса керек, бірақ ол адамдық, сыйластық қасиетті қараниеттілікке айырбастаған. Бұл оқиға 1846 жылдың қазан айы болса, тура бір жылдан кейін – 1847 жылдың қазанында ақынның ағасы Бекмағанбет Шекара комиссиясына қылмыстық істі тоқтатып, қазақ салты жолымен келісімге  келгендері туралы арыз берген дейді.  Олай болса оны зорлап көндіргеніне күмәндануға бола ма? Сайып келгенде, Махамбет өмірінің белгісіз, ақтаңдақ беттері жетерлік. Оның ақиқатына біздер тек мұрағат материалдарына қол жеткізу арқылы жете аламыз. Бұл жолда іздену, зерттеу, тың материалдар табу болашақтың ісі. Осының нәтижесінде Махамбет өмірінің жаңа тұстарын, ісқимылдарын, ақындық, батырлық жолдарынан молынан мәліметтер алуға болары хақ.

  Исатай мен Махамбеттен басқа көптеген көтеріліс сарбаздары шейіт болғаны тарихтан белгілі. Олардың барлығына тоқтап кетуге де мүмкіндік жоқ, рухтары кешірер, бірақ халық жадында сақтаулы.

  Көтерілісшілерге қарсы шығып оқ аттырғандардың қатарында Жәңгір, Баймағанбет сұлтан және Қарауыл қожалардың болғанын тарихтан білеміз. Осылардың ішіндегі Қарауыл қожа арандатып айдап салып, көмектескені болмаса қолына қару алып көтерілісшілерге қарсы оқ атпаған сияқты. Олардың да көтерілістен кейінгі тағдырлары оқырман үшін беймәлім болуы әбден мүмкін. Осыған орай олар туралы да мәлімет бере кетейік.

  Көтеріліс басылғаннан кейін Жәңгір жабырқаулы күй кешті. Мүмкін ол өзін халықтың алдында кінәлі, үкімет алдында дәрменсіз болғанын сезінеді ме екен, көп істерге араласпай билікті аз уақыт болсада үкімет шенеуніктерінің ырқына беріп қойған сәттері де болды.

  Жиырма жылдан астам хандық билік құрған Жәңгірді біреулер жұмақта өмір сүргендей етіп көрсетеді. Ел билеу, әсіресе Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістен кейін оңай болған жоқ. Халық өзгерді, үлкенді тыңдау, ханнан имену, сыйлау, сөзге тоқтау жайына қалып күдікшіл, айғайшыл, ашушаң мінез көрсететін болды. Осылардың ішіндегі Жәңгірдің жанына батқаны, оған арнап: «орысқа бізді қай күні сатып жібереді», - деген сөз өте ауыр тиді. Тіпті «орысқа шоқынған» дейтін сөзге ханның жүйкесін әдбен шаршатты. Патша сарайы төңірегіндегі хандыққа қарсы күштер атысып-шабысып жатқанда, 1837 жылы 15 қаңтарда Сенат «Хан құны 30 сомнан аспайтын даулы істерді ғана қарауға құқылы, басқасын орыс әкімшілігінің соты қарасын» деген шешімі ханды қуыршаққа айналдыру еді. Бұл дегеніңіз хандықты жойып, Орда билігін Уақытша кеңеске беру болатын. Осының бәрін ұқтырам деп біреуге тілі тиіп, біреуге таяғы батып жүргенде 1840 жылы патшаның мейірімі түсіп, оған генерал-майор әскери шенін, дворян атағын беріп, І дәрежелі қасиетті Анна орденімен марапаттап, оқалы шапан жауып, беліне «Ерлігі үшін» деген арнайы қылыш байлап көңілін біраз сергітіп тастаған болатын.

  Бірақ көңілдегі қорқыныш бүтіндей сейілген жоқ болатын.  Көлденең кетіп бара жатқан көк атты кездессе, осы мені атып кетпейме деп қауіптенетін күй кешті, тұщы ұйқысы бұзылды, есікті кілттеп, күзетті күшейтті. Осының соңы Жәңгірдің денсаулығы бұзылып, қан қысымы көтерілетін дертке айналды.

  Қорыққанға қос көрінеді дегендей Жәңгір орыс дәрігерлерінен де қауіптеніп, қазақ еміне жүгінеді. Осы кезде Орал-Орынбор аймағында дағыстандық Зигмуддинов деген бақсы жүргенін естіп, балдызын жіберіп алдыртады. Бұл 1845 жылдың көктемі болатын. Емші әуелі осы кезде науқастанып жүрген Фатимадан, сосын Жәңгірден қан алады. Екеуіде сергектеніп, жақсарып қалады. Риза болған хан емшіні құдайы қонақ жасап, саятшылық құрғызады.

  Емші Жәңгірден екінші рет қан алып, асығыс танытып еліне  қайтып кетеді. Арада бір апта өтер-өтпестен ханның денсаулығы нашарлап, аяқ астынан ішкі құрылыстары бүріп, ондалап қалады. Дәрігер шақыртып, оның келуін күтпей бірталай қазақ емдерін жасап, құсады. Келген дәрігер оған  ұстамалы «қояншық» (эпилепсия, припадок) дерті деген диагноз қояды. Хан осы аурудан ба, әлде басқа да дерті болды ма, 1845 жылдың 11 шілдесінде, 44 жасында қайтыс болды.

  Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Үбі батыр Жәңгірдің жанына сая  болар деп дағыстан емшісін шақыртқанын естіп, әдейі оны іздеп барып, қалайда Жәңгірді өлтір деп барлық байлығын берген. Емші екінші рет қан алғанда у араластырып жіберген деген қауесеттер бар. Келесі бір әңгімеде ханның өліміне, өлердің алдында үйленген жас тоқалы Зылихадан (кейде Салиха депте аталған) зорығып өлді дегенде әңгіме тараған [3,395-б.]. 

  Жәңгірдің өліміне байланысты аңызға айналған күмәнді жайттар жетерлік. Соның бірін жоғарыдағы дағыстан емшісі Зигмуддиновпен байланыстырғанбыз. Екінші аңыз-әңгімеде осы кісіні еліне алып келіп қонақтап жүргенде, ол Жәңгірдің шашын ұстарамен алатын көрінеді. Абайсызда ма, әлде әдейі ме у жағылған ұстарамен кесіп алады. Ханның өлімін осы жәйттен де көреді. Оның өтірік-шынын қазір ажырату мүмкін емес. Дегенмен, оқиғаның бір адаммен байланысты болуына қарағанда Жәңгір қазасына тікелей дағыстан емшісі қатыстыма деген ой туады. Осымен байланысты Жәңгірдің  өліміне Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручев, Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженский айтарлықтай қинала қоймаған, тіпті ресми түрде қазаға көңіл айтқандары туралы да мәлімет кездеспейді. Осыған қарағанда Зигмуддинов патша шенеуніктерінің жалдамалы агенті болуы да мүмкін деген ой келеді. Өйткені, Жәңгір патша үкіметінің хандықта Ресейдің басқару жүйесін енгізуге, орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруға, христиан дінін енгізуге, сұлтандардың құқын тарылтып, басқару аппаратын орыс әкімшілік жүйесіне ыңғайлау сияқты алда күтіп тұрған өзгерістерге қарсы болатынын орыс шенеуніктері түсінген. Бұл алдағы жоспарларды іске асыру үшін Жәңгірдің көзін құрту олардың күн тәртібінде тұрған басты мәселе болған сияқты.

Ішкі Орда тарихында, қала берді Исатай – Махамбет бастаған халық-азаттық көтерілістің бел ортасында, азаматтық пен адалдықты көтерілісшілерге қарсы қойғандардың бірі Баймағанбет Айшуақов. Ол ел билеуге 1815 жылдан бастап араласып хан тарапынан да, патша үкіметінің ілтипатына бөлініп бірнеше лауазымдар мен сый-сыяпаттарға ие болған. Соның бәрін тізбектемей-ақ, тек Махамбетті өлтіру үшін құлшынғанын айтса да болды емес па? Осы еңбегі үшін 1847 жылы 27 ақпан күні Николай І патша ағзам оған генерал-майор шенін берген. Содан қайтып келе жатқанда ма, әлде басқа уақытта ма, сол генерал шенімен жалған дүниеден хош айтысқан. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сенсек, ол былай болған: Көңілі толып, патшаның қолын алып, қошеметке бөленгені бар, елге жетуге асығып келе жатқанда көктемнің жылуымен Елек өзенінің мұзы қозғалып өтуге кедергі жасаса керек, сұлтан ешкімді тыңдамай паром-салмен өтудің орнына өзеннен қайықпен өтем деп бұйырған ғой. Електің ағысы қойсын ба, әп-сәтте қасындағы алты төресімен бірге сең ағызып су түбіне кетіреді.

Осы күтпеген өлімнің бір куәгері, кезінде Баймағанбеттен Махамбеттің басын даулаған бажасы Асаубай Құдайкеұлы болды дейді. Сұлтанның суға кетуін осы Асаубайдың әрекеті депте айтады. Сол тұста Електің екінші жағында 4-5 серіктерімен  Үбіде болған [3,397-б.]. Егер Баймағанбет Електен аман-есен өтіп кетсе, қарсы жағада тұрған Үбілер жай тұрмаған болар. Сұлтанның дәмі қалай болғанда да осы жерде таусылатыны шешіліп қойғанға ұқсайды. Мүмкін солайда болар, «есепсіз  ештеңе жоқ, бас басты жұтады» деген қазағымда бар емес пе ?

Ішкі Ордадағы келесі бір тұлға Бабажанов Қарауыл 1775 жылы дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Қарауыл, кейін есіміне қожалық әулетін жалғап Қарауылқожа аталып кеткен. Бөкей сұлтан патшаның рақымымен Еділ мен Жайық арасына қоныс тепкенде Қарауылда рұқсат алған, Бөкей берген билет бойынша (емін-еркін жүру үшін берілген) Жайықтың екі бетіне әрі-бері өтіп жүретін. Бірақ түпкілікті  мекені Ішкі Орда болып қалды. Қарауылқожаның екі әйелі: бірінші бәйбішесі қожаның қызы Ұлбибіден үш ұл (Көпболсын, Мұхамет, Мұстафа), екінші Пірәлі ханның қызы Жәмиладан – төрт (Мұхамедсадық, Мұхамедсабыр, Сапа, Сейіт) есімді ұлдарымен ұрпақ жайған. Төрт қызын Орданың шенді-шекпенділеріне ұзатып, беделін де, әлеуметтік тірегінде мызғымастай орнықтырған. Ең кіші қызы Зылиханы (Салиханы) жастай Жәңгір ханға тоқалдыққа бергенін жоғарыда айтқанбыз.

Бабажановтың 1805 жылдан бастап беріш руының старшыны, 1834 жылдан бастап 3-4 жыл 1-Теңіз бөлігі адай руы қазақтарын басқарған уақытта халыққа жасаған жақсылығы мен жамандық жақтары болған. Ішкі Орданың көрші Орынбор, Саратов, Астрахан, Орал жоғары топтарымен жақсы қатынаста  болуымен байланысты теңіз өңірінің халқына сырттан аса қажетті астық, азық-түлік, қолөнер бұйымдарын үстеме бағамен сатса да халықтың мұқтажын қанағаттандырып отырды. Орыс помещиктерінің жерлерін жалға алып, қазақтардың теңіз жағалауына қыстап шығуға қол жеткізді. Астрахан шенеуніктерімен соттасып, княгиня Багратион тарапынан заңсыз салынған айыппұлдарды дәлелдеп шықты. Алпауыттардың, әсіресе Юсуповтың иелігінен жұтқа тап болған қазақтарға балық аулауға  үкіметтен рұқсат алып беруінің өзі бір төбе. Әрине Қарауылқожаның халыққа жасаған қысымшылығы да жоқ емес. Әсіресе ханға қайыната болғаннан кейінгі уақытта олар негізінен орда жерінің шұрайлы бөлігін орыс помещиктерінен жалға алып, аса көтеріңкі бағамен шаруаларға қоныстануға, мал жаюға, шөп шабуға, балық аулауға, бау-бақша егуге беріп отырды, өзі де мөлшерден әлде қайда артық жер иемденді. Осы қылықтары үшін хан 1837 жылы Исатайдың арызы негізге алынып, генерал-губернатор Қарауылқожаның старшындықтан түсірді. Бірақ ол бөкейліктегі билік басындағылардың арасында ықпалын жоғалтқан жоқ. Сондықтан да Жәңгір оны әкімшілік қызметке қайтаруды ойлап, 1845 жылдың қаңтарында Шекара комиссиясына мәлімдеме жасайды. Шекара комиссиясындағылар Бабажановтың  кезінде старшын Таймановты  қызмет бабымен, теріс әрекеттері үшін қудалағанынан басқа кінәрат таба алмай, оның патша үкіметінің сеніп тапсырған, Ф.Бергтің Арал мен Каспий жағалауына жасалған экспедиция жұмыстарына қатысқанын еске алып, осы көмегі үшін оған әскери  капитан дәрежесіне сай келетін есауыл шенін бергенді бағалап, бұрынғы атақ-дәрежесі қайтарылып берілді. Көп кешікпей Жәңгірдің дүниеден өткеніне байланысты Қарауылқожаның беделі де әлсіреді. Теңіз жағалауындағы билік жаңа буынға, оқыған білімді жастарға ауыса  бастады. 1850 жылы Қарауылқожа қайтыс болып, оның иелігіне баласы Мұхамедшах рубасы болып тағайындалады.

Қарауылқожа Исатаймен қанша араз болғанмен көтеріліс кезінде патша үкіметінің, хан әскеріне көмектескені туралы ешқандай мәлімет кездестіре алмадық.  Осыған қарағанда кімге болса да атыс-шабысты тілемегенге ұқсайды.

Исатай мен Махамбет бастаған азаттық көтерілісті, ондағы қарсы екі жақтың іс-қимылдарына, көтеріліске қатысқан тұлғалардың одан кейінгі тағдырларына талдау жасап мынадай түйін жасауға болатын сияқты.

Біріншіден, шаруалар көтерілісі жеңіліс тапты, өйткені хан билігі мен билеуші-сұлтандардың жағында күш-қуаты жағынан басым, патша үкіметінің жазалаушы отряды болды. Бұрын зеңбіректің атылғанын естімек түгел, атында естімеген қарудан көтерілісшілердің қорқыныш үрейі, абыржу, бірқатар бөлігінің көтерілісшілер қатарын тастап кетуге дейін барды.

Екіншіден, көтерілісшілердің нақты саяси жоспары болған жоқ, тіпті көтеріліс жеңген жағдайдың өзінде әрі қарай қандай әрекет жасайтындары белгісіз болды. Хан мен оның айналасындағы билеуші-сұлтандарды тақтан тайдырып немесе өлтірсе іс бітті дегендей сипат алды. Қалың бұқара көтеріліске бірыңғай ниетті болмағандай.

Үшіншіден, Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тек Ішкі Ордамен шектеліп қоймай, Кіші жүзге тарады, демек ол ортақ тарих. Ол отарлық қанауға қарсы, ел ішіндегі өз мүдделерін қорғаған мансұқ топтарға қарсы ұйымдасқан ішкі азаматтық майдан.

Төртіншіден, қазақ даласында қиын-қыстау кезеңдерде елге тірек болған, қалың жұртты төңірегіне жинай білген тұлғалар болған. Исатай мен Махамбет те осылардың қатарында. Өкінішке орай, олар оқиғаны таразылап, оңды-солды есептеп, бір тактикалық әдістерге сүйенетін саясатшыл күрескер емес еді, олар көбіне күшке, көзжұмба ерлікке сүйенеді.

Бесіншіден, көтеріліс басшылары алға қойған мақсатына жету үшін отаршылдар алдында тізе бүгіп, кінәліміз деп жалбарынып, шен-шекпен, дәреже дәметкендер емес, ымыраға көнбеді. Қарсыластарын өлтірсек болды, қоғам өзгеретіндей сезінді. Олардың өлімге өз бастарын тігуінің де мәні осында еді.

Алтыншыдан, жау қазақ халқының азаттық үшін күресте бәйтеректей батыр Исатай мен аламан ақын Махамбеттің көзін жойғанмен, олар бастап кеткен іс аяқсыз қалған жоқ. Оған дәлел біз бүгін Тәуелсіз елміз.

Әдебиеттер

1.  РФ Орынбор Облыстық Мемлекеттік Мұрағат (бұдан әрі – РФ ООММ). 6-қ., 10-т., 7691-іс.

2.  Боранғалиұлы Т. Жәңгірхан – Алматы: «Абзал-ай», 2014. – 528 б.

3.  Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. Зерттеу. –Алматы: «Өлке», 1997. - 387 б.

4.  ҚР орталық Мемлекеттік мұрағат (бұдан әрі-ҚРОММ). 78-қ., 1-т., 93-іс;

150-іс.

5.  Вяткин М. Очерки истории Казахской ССР.- 1-т. –Алматы: Казгосиздат, 1941.-368 б.

6.  Досмухамедұлы Х. Аламан. – Алматы: «Қазақстан», 1991.-190 б.

7.  Сәрсембина Б. Исатайдың сүйегін таппай жатып, оған қалай мазар тұрғызамыз.//  Жас алаш – 2014, 22 шілде; Жұмағалиев Ж. Исатай Шейтсайда жерленген.// Жас алаш-2014, 5 кыркүйек; Өтебәлі Ғ. Исатай қайда жерленген. // Егемен Қазақстан – 2014, 30 қаңтар; Киеге де ие керек. // Жас алаш. – 2014, 28 қазан.

 

References

1.  RF Orynbor Oblostyk Memlekettik Muragat (Budan ari-RF OOMM). 6-k,10-t, 7691-is.

2.  Borangaliuly T. Zhangirhan-Almaty: “Abzal-ai”, 2014. -528b.

3.  Sarai A. Isatay-Makhambet tarihi. Zerttey.-Almaty:”Olke”, 19978.-386b.

4.  KR Ortalyk Memlekettik Muragat (Budan ari-KROMM). 787-k, 1-t, 93-is;150-is.

5.  Byatkin. Ocherky istorii Kazakhskoy SSR. -1-t.-Almaty: Gospolitizdat, 1941.-368b.

6.  Dosmuhameduly Kh. Alaman. –Almaty: “Kazakhstan”, 1991. 190b.

7.  Sarsembina B. Isataydin suegin tappai zhatip, ogan kalai mazar turgyzamyz.// Zhas Alash-2014, 22 shilde; Zhumagaliev Zh. Isatay Shetisayda zherlengen.// Zhas Alash-2014, 28 kazan; Otebali G. Isatay kaida  zherlengen.// Egemen Kazakhstan-2014, 30 kantar. Kiege de ie kerek.//Zhas Alash – 2014, 28 kazan.

Ж.О.Орамах

профессор Актюбинского регионнального государственного Университета им.К.Жубанова, кандидат исторических наук.

Р.Б.Таскымбаева

Магистр педагогики Актюбинского регионального государственного университета им.К.Жубанова

Акбулакское сражение

Резюме

В этой статье рассказывается об Акбулакском сражении, как продолжение боя в Тастобе. Несмотря на отчаянные попытки Исатая, карательный отряд Геке преследовал восставших до реки Жаик, чтобы  не дать возможности перейдти на сторону Младшего жуза. Перехитрив  отряд Гека, Исатаю все же удалось, не потеряв  людские силы, перейдти на правый берег Жаика.

Карательный отряд продолжал преследование восставших и они встретились около реки Акбулак. Силы были неравными. Отряд Геке использовал огнестрельное оружие, в частности артиллерию. Восстание потерпело поражение, в неравном бою Исатай погиб.

Более подробно освещено как сражался Исатай, где похоронено его тело. Здесь приводятся разные мнения по этому поводу, в том  числе  мнение  авторов. А также приведены интересные  факты из жизни некоторых  участников  восстания, которые остались  в живых.

Ключевые слова:  национально-освободительное восстание, карательный отряд, левый  берег Жаика, Акбулак, народный герой, Шеитсай , Шолак молда, артиллерия.

Zh. Oramah

Professor of the K. Zhubanov  Aktobe Regional State

University, Candidate of Historical Sciences

R.B.Taskymbayeva

Master's in Pedagogy, K. Zhubanov  Aktobe Regional State University

Akbulak battle

Summary 

This article described the Akbulak battle as a continuation of the Tastoba battle. Despite desperate  attempt of Issatay, the punitive detachment of Geke  pursued the rebels to the Zhaiyk River in order to prevent the possibility of crossing over to Younger Zhuz's side,

Outsmarting the detachment of Geke, Issatay still managed, without losing human strength, to go to the right bank of Zhaiyk.

The punitive detachment continued pursuing the rebels and they met near the Akbulak River. The forces were unequal. Geke's detachment used firearms, in particular artillery. The uprising was defeated, and Issatay was killed in an unequal battle.

More details are given on how Issatay fought, and where his body is buried. Various opinions on this matter (including the opinion of the authors) are adduced in this paper. In addition interesting facts from the life of some survived participants of the uprising are shown in the study.

Key words: national liberation uprising, punitive detachment, left bank of Zhaiyk, Akbulak, people's hero, Sheitsay, Sholak Molda, artillery.

   


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз