Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » «КИЕЛІ» СӨЗІНІҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ

Рахимов М.,И,, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 1 курс докторанты

«КИЕЛІ» СӨЗІНІҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(13), 2018

Тегтер: рухани жаңғыру, қасиетті, киелі, киелі жерлер.
Автор:
Андатпа: Мақалада Қазақстанның киелі географиясын зерттеу бойынша саяси-қоғамдық және ғылыми қолданыстағы «киелі», «қасиетті» терминдерінің этимологиясы қарастырылады. Сонымен қатар тарихи санада «киелі жер» түсінігінің ғылыми - теориялық негіздері талданады. Кілтті сөздер: киелі, қасиетті, рухани жаңғыру, киелі жерлер.
Мазмұны:

Отандық тарих ғылымында киелі географияға қызығушылық салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болды. Тек «киелі» сөзіне қатысты ой-пікірлер әр түрлі тұжырымдармен ерекшеленеді. Мазмұнды түрде «киелі» сөзі жиі дін немесе метафизикамен байланыстырылады. Сондықтан Қазақстанның киелі жерлерін зерттеуде, ең алдымен «қасиетті», «киелі» сөздерінің этимологиялық астарына тоқталу керек. «Киелі» деп біз нені атаймыз? «Қасиетті», «киелі» санатына қандай орындар кіреді? Неліктен ол киелі? Себебі осы сауалдың нәтижісінде қоғамда әр түрлі көзқарастар туындаса, ғылымда әр қилы ұстанымдар қалыптасқан.

Еуропа ғалымдары Э. Дюргейм, Р. Отто, М. Элиаде тура немесе жанама түрде киелі мәселесін қарастырған. Ғалымдар киелі терминінің анықтамасына қатысты түрлі тұжырымдар қалыптастырып, тарих пен мәдениеттегі көрініс ерекшеліктеріне сипаттама жасаған. Қазіргі кезде ғылымда «киелі» сөзінің анықтамасына қатысты бірнеше түсініктемелер беріледі.

Философиялық сөздіктерде «киелі» дегеніміз (латын тілінен – sacer) – құрмет тұту, қасиетті деп жариялау, құдайға арналған [1, 366-б.], ал «қасиет» сөзінің мағынасын (латынша - mysterium tremendum) – адамды бір мезетте бақытты ете алатын немесе қорқыныш пен үрейге иландыратын белгісіз күш деп анықтаған [1, 224-б.]. Э. Бенвениста тұжырымы бойынша, «sacer» құпия мағынасын білдіреді, ал «sanctus» - жағдай, адамдар қалыптастырған тыйым салулардан туындайды [2, 349-б.].

Терминологиялық сөздіктерде «киелі» мен «культ» терминдерінің мағынасын үйлесетінің көреміз. Латын тілінен «cultus» - сиыну, құрметтеу, қамқорлық жасау [3, 659-б.]. Дегенмен иерархиялық тұрғыда «киелі» сөзі жоғары тұрғанын атап кеткен жөн, себебі оның ауқымы мен мағынасы кең сипат алады. Ағылшын тілінде «культ» термині алғаш рет 1617 жылы адамға немесе затқа адал болу мағынасында қолданған. Негізі культпен көбіне діни рәсімдер байланыстырылады .

Қазақ сөзіндегі «киелі» ұғымының мағынасы М. Қашқаридің «Түрік сөздігінде» «KИЕ – қасиет қонған «кісілік»» [4, 233-б.], анықтамасында берілсе, Ж. Баласағұнидің «Құтты білігінде» киелі сөзі орнына «иесі» сөзін қолданған екен. Мысалы:   

«Айтты Одғұрмыш өлімнің шын келгенін,

Түсіне еніп иесі аян бергенін» [5, 477-б.],

Бұл жерде «ие» деген жанның иесі, иелік етушісі Тәңірі екендігін айтады. Яғни «киелі» түсінігі трансцендентальдік, мистикалық дүниемен байланыс ретінде қарастырылған. Қазақтың түсіндірме сөздігінде «киелі» сөзіне екі түрлі анықтама берілген, біріншісі – ескі, қасиетті мағынасында, екіншісі – қадірлі, абыройлы, ардақты [6, 45-б.]. Бұл орайда С.И. Ожеговтың түсіндірме сөздігіне де назар аудара кеткен жөн. Онда «сакраментальный – қасиетті, маңызды» - деп анықталып [7, 602-б.], қазақша түсіндірмемен мағынасы үндесетінің байқаймыз.

Онтологиялық тұрғыда «киелі» күнделікті болмыстан ажыратылатын шынайлықтың жоғары деңгейі; гносеологиялық тұрғыдан ақыл жетпейтін ақиқат; феномен тұрғысынан таңқалдыратын, ғажап дүние; аксиологиялық тұрғыда абсолютті, императивті құбылыс.

Әлеметтанушы Э. Дюргейм бойынша сакральдылық – әлеуметтік құбылыс қоғамдық топтар өздерінің әлеуметтік және моральдық ниеттеріне қасиеттілік бейнесін, нышандарын береді. Сол арқылы ұжымдық талаптарға табынуды талап етеді. Э. Дюргейм сакральділіктің маңызды белгісі – оның қол сұқпаушылығы, жекешілігі және тыйым салушылық [8, 367- б.].

Неміс философы Р. Отто киелі категориясын «нуминоз» деген сөзбен алмастырады (латын тілінен numen – құдай құдыреттілігінің белгісі); Киелілікті сипаттайтын тағы бір қатынасқа түскен кезде әрбір адамның бойында пайда болатын масаттану, тартылыс, таңғалдырарлық сезімнің пайда болуы. Нумизмондық сезімдер кешені пайда болған кезде ол абсолютті құндылық дәрежесіне ие болады. Осы құндылықты Отто «sanctum» (латын тілінен – қасиетті, киелі), ирроцианалдық тұрғысында «augustum» (латын тілінен – құдыретті, қасиетті) деп атайды [8, 367-б.].

Дінтанушы М. Элиаде Р. Оттоның «нуминоз» теориясына қосылады. Тек «қасиетті» мағынасын толық ашу үшін рационалдылық пен ирроцианалдылықтың тоғысында қарастыру керек екенін айтады. Киелі түсінігін М. Элиаде діни сана тұрғысынан морфологиялық үлгідегі «паттерндерге» қосқан және ғылымға жаңа термин «Иерофанияны» әкеледі [9]. М. Элиаде: «Иерофания – кез-келген қасиет санатына енетін кеңістікті атайды. Қасиетті белгісі берілгесін, сол кеңістіктен белгілі бір аумақ өзінің ерекше сапалық құрамына байланысты бөлініп шығады» - деп түсіндіреді [10, 9-б.].

Ш. Уәлиханов киелі жерлерге байланысты былай айтқан: Табиғат пен жаратылыстың барлық тосын құбылыстары көрініс берген жерлерді қасиетті деп санайды. Ол жерлерде әулие түнеп кетті немесе болды деп ұғады. Барлық қорғандарды оба дейді, Ол топырақ үйілген төбешіктер. Құлан түздегі сыңарланып өскен ағаш болсын немесе бұтақтары таңғажайып формадағы өсімдіктер болсын, олардың тұрған жері қасиетті деп саналады. Ондай қасиетті жерлерге түнегенде немесе жанынан өтіп бара жатқанда, адамдар шүберек, аттың қылын байлайды, ыдыс-аяқ қойып, әулиеге арнап құрбандыққа   мал сояды [11, 209-б.].

Алаш қайраткері Т. Шонанұлының «Қазақ жердің қадірін біле ме?» мақаласында «Бұрын ислам діні бойына сіңбей тұрған кезде, қазақ жылқы атасы – Қамбар, түйе атасы – Ойсылқара, қой атасы – Шопан, Шығыр мен Шынар – егін атасы деп сиынған» - деп, келесі өлең шумақтарын келтіреді:

Шығырдың түп атасы – Әлі Шынар,

Шығырға сиынбасаң шығыр сынар.

Шығырға Әліменен көп сиынсаң

Қашанда егін бітіп, көңіл тыңар [12, 8-б.].

Яғни, қазақ халқы егістікке арналған жердің өз киесі бар деп жерді аса қастерлеген екен. Тек қана жерді емес, сонымен қатар малды да ерекше құрмет тұтқан.

Белгілі ғалым Хангелді Әбжанов: «Қазақ халқы сакральді сөзін есітімей тұрып-ақ дінді ғана емес, бүкіл қоршаған ортаны қастерлеудің классикалық қағидаларын қалыптастырды. Мәселен, табалдырыққа тұруға, босағаны керуге, малға ұруға, молаға қарай жүгіруге болмайтынын қатаң бақылауы шаңырақты, мал-жанды, әруақтарды – екі дүниені де ерекше құрметтегеніміздің дәлелі ғой. Сакральді географияның түпкөздегені де – осы» [13, 6-б.], яғни, ғалым  киелі сөзі мағынасының тереңде жатқанын айтады.

Сондықтан «киелі» терминің дін тұрғысынан ғана емес, бұл санатқа ерекше құрметтелетін, қол тигізілмейтін, асыл, әділетті іс, әдет-ғұрып мағынасында қолданылатын қасиеттерді алып қарастыру керек. Яғни қазыналы, қымбатты, маңызды белгілерімен байланысты нысандар. Сондықтан «киелі» статусына, ата-баба аруағына, табиғат құдыреті, өшпес ерлікке қатысты тарихи-географиялық, мәдени маңызға ие нысандар жатқызылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын тоқтала келіп: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше  ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық  бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» [14]  деген болатын. Расында да халқымыздың бұрыннан келе жатқан баба ізімен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, туған жеріне құрметпен қарау, ата-аймақтарында орын алған тарихи оқиғаларды таныту және дәстүрлі мәдени болмысымызды бойларына сіңірту – бүгінгі күннің басты талабы.

Ендігі кезек киелі жерлер ұғымына енетін нысандардың типтік санатын анықтау. Тарих ғылымдарының докторы Муминов А.К. «Родословное древо Мухтара Ауэзова» атты еңбегінде киелі орындардың типологизациясын жасауда кеңес дәуірінің этнографы Г.П. Снесаревке сүйенеді. Ол киелі жерлердің төрт типін бөліп көрсетеді: 1) Бейнесі анықталмаған киелілер және олардың өз есімдері мен қарапайым тұрағы болмағандар; 2) Библиялық-құрандық кейіпкерлер, бұған ерте ислам тарихының тұлғалары жатады; 3) ортағасырлық сопылар – ерте кездегі, жалпы танымал және жергілікті; 4) Мазарлары инерциялы түрде табыну объектісіне айналған жергілікті билік өкілдері. Иемденген киелі орындарына байланысты тағы бір топтамасын ұсынады: 1) Ежелгі батырлар; 2) Пайғамбарлар, Құрандағы кейіпкерлер; 3) Шиит-қайсаниттер; 4) Мұхамед пайғамбардың ізбасарлары; 5) Шииттік имамдар; 6) Сопылар; 7) Ру тотемдері; 8) Киелілередің «жаңа ұрпақтары». Мазарлар танымалдығына және әйгілілігіне байланысты бірнеше топқа бөлінеді: 1) Барлық Орталық Азияға танымал; 2) Бір өлкеге немесе толық бір аймаққа танымал; 3) Шектеулі жерге ғана танымал. Бұл жерде Г.П. Снесаревтің киелі жерлерді типтік бөлінуі көбіне діни сипат тұрғысынан қарастырған. Дегенмен де тарихи зерттеу нысанында ескерілетін құбылыс [15, 122-б.].

Қазақстанның киелі жерлерін типтік бөлінісінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлының алты топтық жіктемесі негізге алынды. Атап айтқанда: табиғи-ландшафтық қастерлі орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, Қазақ хандығының астаналары мен қалалары, зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысандар, тарихи тұлғаларға қатысты қастерлі жерлер, саяси-тарихи оқиғаларға байланысты киелі орындар [16].

Жалпы дархан даламызда батыр тұлғасына қатысты, ірі шайқастарға арналған, діни – культтік, табиғат құбылысымен байланысты қалыптасқан киелі жерлер жетерлік. Ендігі кезек сол киелі нысандардың әрқайсысы бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы, тарихтағы өз орнын анықтау мәселесі тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Циренова Л.А. Краткий философский словарь. 2-е изд. – М.: РГ – Пресс, 2014. – 496 с.

2. Бенвенист Э. Словарь индоевропейских социальных терминов: пер. с. фр. / общ. ред. и вступ. ст. Ю.С. Степанова. М.: Прогресс-Универс, 1995. – 456 с.

3. Ефремова Т. Ф. Новый словарь русского языка. Толково-словообразовательный. – М.: Русский язык, 2000. – 1222 с.

4. Егеубай А.Қ. Махмұт Қашқари Түрік сөздігі. Үш томдық. – Алматы: Хант, 1998. – 600 б.

5. Əдеби жəдігерлер.Жиырма томдық. 5-т.: Жүсіп Баласағұн. Құтты білік /Көне түркі тілінен аударып, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А.Қ.Егеубаев. - Алматы: «Таймас» баспа үйi, -2007. 477 б.

6. Қазақ тілінің  түсіндірме сөздігі/ бас редактор І. К. Кеңесбаев. 2 том. – Алматы: Рауан, 1971. -956 б.

7. Ожегов С. И. Толковый словарь русского языка. – М.: Русский язык, 1986. – 900 с.

8. Ермаганбетова К., Киелі жерлер аймақтық бренд ретінде // Ислами руханилық пен рациональдық және этно-мәдени дәстүрлер – діни экстремизмге қарсы іс-қимыл факторы ретінде. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдық мерейтойы аясында халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. – Астана: Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ баспасы, 2016. - Б. 366-369.

9. Элиаде М. Священное и мирское [пер. с фр., предисл. и коммент. Н.К. Гарбовского]. М.: Изд-во МГУ, 1994. – 144 с.

10. Лидов А.М. Иеротопия. Пространственные июны и образцы –парадигмы в византийской культуре. М.: Дизайн. Информация. Картография, 2009. – 362 с.

11. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 1 – А.: Гл. ред. Каз. сов. энц., 1984. – 432 с.

12. Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1995. – 224 бет.

13. Әбжанов Х. Сакральді география: мәні, құрылымы, келешегі. // «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдар жинағы. – Астана: Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ баспасы, 2017. -  6-10 беттер.

14. Қазақстан Республикасы президенті  Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» («Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания»). «Егемен Қазақстан», 12.04.2017.

15. Муминов А.К: Родословное древо Мухтара Ауэзова / А.К. Муминов, при участии А.Ш. Нурмановой и С. Саттарова. Сост. указ. У.А. Утепбергеновой; Под ред. С.Н. Абашина.- Алматы: Жибек жолы, 2011. – 304 с.

16. Қайратұлы Б. «Қасиетті Қазақстан» картасы жасалуда // Егемен Қазақстан. - №3. – 2017. - 4 б.

Рахимов Мади Илялович

Докторант 1-го курса, факультета истории ЕНУ им. Л.Н. Гумилева

ОБ ЭТИМОЛОГИИ СЛОВА «САКРАЛЬНЫЙ»

Анонс: В статье рассматриваются вопросы этимологии терминов  «сакральный», «священный», используемые в общественно-политической и научной среде, а также в процессе исследования сакральной географии Казахстана. Вместе с этим анализируются научно-теоретические основы понятия сакральных мест в историческом сознании.

Ключевые слова: Сакральный. Священный. Духовное возрождение. Сакральные места.

Rakhimov Madi 

L.N. Gumilyov ENU, 1-st year Doctoral Candidate of  History Department.

ON THE ETIMOLOGY OF THE WORD "SACRAL"

Announcement:  The article deals with the etymology of the terms "sacral" and "holy" used in the socio-political and scientific environment, as well as in the process of researching the sacral geography of Kazakhstan. In addition,   the scientific and theoretical foundations of the concept of sacred sites in the historical consciousness are analyzed in this paper.

Keywords: Sacral, Holy, Spiritual revival, Sacred places. 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз