Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » СИРИЯДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫ РЕТТЕУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАТЫСЫ

М.О. ИЕМБЕКОВА «Нархоз» университеті, тарих ғылымдарының кандидаты Алматы қ., Қазақстан

СИРИЯДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫ РЕТТЕУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАТЫСЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(10), 2017

Тегтер: азамат соғысы., оппозициялық топтар, Жабхат ән-Нусра, Ислам мемлекеті, Б.Асад, терроризм, Сирия
Автор:
Мақалада Сириядағы қазіргі кездегі азамат соғысы, оның барысы және реттелу жағдайы мен Қазақстаннның осы жағдайға қатысты саясаты және ұстанымы қарастырылады. 2010-2011 жылдары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерін қамтыған «Араб көктемі» оқиғасының Сириядағы қақтығыстың шығуына себеп болғандығы анықталып, Сириядағы соғыстың барысы сипатталып, осы оқиғаға араласып жатқан Түркия, АҚШ, Ресей және Иран мен араб елдерінің саясаты мен ұстанымдары жан-жақты талданып көрсетілген. Қазіргі уақытқа дейін Сириядағы соғыс әрекеттері тоқтамады, мұның өзі аймақққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіретін оқиғаға айналды. Осыған байланысты қақтығыс басталысымен БҰҰ және белді мемлекеттер Сириядағы қақтығысты реттеуге бар дипломатиялық күш жігерін жұмсағанмен де, әлі күнге дейін нақты шешімдер қабылданып, қақтығысты тоқтататындай нәтижелерге қол жеткізілген жоқ. Оған себептің бірі сыртқы күштердің АҚШ және Ресей сияқты белді мемлекеттердің осы мәселеге белсенді араласуы мен соғысушы екі жақтың саясатын қолдауы болып отыр. Сонымен бірге мақалада автор Қазақстанның Сириядағы жағдайға қатысты ұстанымы мен осы қақтығысты реттеуге қосып отырған үлесінің маңызына баға береді.
Мазмұны:

2016 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің бас қаласы Астанада Сириядағы қақтығысты реттеуге қатысты Сирия үкіметі және ондағы оппозициялық топтардың өкілдері, БҰҰ, Ресей, Түркия және Иран делегаттары қатысқан келіссөздер басталды. Өзімізге белгілі 2011 жылдан басталған бұл қақтығыс АҚШ және  Ресей сияқты белді державалардың араласуына қарамастан әлі күнге дейін толастамай отыр. Осы ретте Қазақстанның Сириядағы қақтығысты реттеуге келіссөз алаңын ұсынуы еліміздің сыртқы саясатының әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған белсенді саясатының айғағы десе болады. Сонымен қатар Қазақстанның қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы аймақтық деңгейдегі беделді және белсенді мемлекет дәрежесіне көтерілгендігінің дәлелі.

ХХІ ғасыр адамзат тарихында, халықаралық қатынастарда жаңа күрделі мәселелер мен қақтығыстардың пайда болуымен ерекшеленеді. Қаншама халықаралық ұйымдар құрылып, мемлекеттер өз арасында барлық мәселелерді даусыз, соғыссыз шешуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жағдай жасалғанымен де, жаңа ғасырда да әлемдік саясат ғаламдық қауіптер мен өзара жанжалдарды тоқтатуға шамасы келмей отыр. Әлемдегі жаһандану үдерісі бір мемлекеттегі шиеленісті жағдайды әлемдік саясат деңгейіне дейін көтеруге себеп болып отыр. Осы уақытқа дейін әлемдік саясат халықтардың бейбіт және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге ұмтылғанымен, мемлекеттер арасында тағы да жаңа қақтығыс ошақтары пайда болып, әлем тағы да тұрақсыздық жағдайын бастан кешуде.

Деректерге қарағанда жаңа ғасырда орын алған қақтығыстарды есептесек, кейінгі он-он бес жылда жер шарының әр түрлі аудандарында саны 45-ке дейін жеткен соғыстар мен қақтығыстар орын алғанын көреміз.

Соның ішінде жер шарындағы  саяси жағынан өте тұрақсыз болып отырған жері Таяу Шығыс аймағы болып отыр. «Қырғи-қабақ соғысы» дәуірінде Таяу Шығыста Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс халықаралық қатынастардағы басты мәселе болып келсе, ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. басында бұған жаңа даулы мәселелер қосылды. Соның ішінде 2010-2011жылдары басталып жаппай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстағы араб елдерін қамтыған «Араб көктемі» оқиғасының өзі халықаралық жағдайға үлкен өзгерістер алып келді және оның салдары ретінде әлі күнге дейін тоқтамай отырған Сириядағы соғысты атап өтуге болады. Сириядағы соғыс қырық жыл бойы билік еткен әулеттің басшылықтан кетпеуге тырысуы мен елде билікке қарсы бірнеше топтардың қалыптасып, күресуімен ерекшеленеді. Сонымен бірге Ресейдің, АҚШ-тың және Түркияның бұл соғысқа белсене араласуы да күрделі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуге себеп болып отырғаны анық. Сондықтан Сириядағы соғыстың қазіргі жағдайы, барысы, оны тоқтатып, реттеу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқандығы бүгінгі халықаралық қатынастардың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екендігі сөзсіз.

Соғыстың шығу себептері.

Таяу Шығыста орналасқан белді мемлекеттердің бірі Сириядағы соғыстың басталып, жүріп жатқанынан биыл алтыншы жыл болады. Осы уақытқа дейін тоқтамай, ешімін таппай отырған осы қақтығыс не себепті шықты деген ой бәрін толғандырмай қоймайтыны анық. Негізінен бұл соғыс Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың араб елдерін қамтыған «Араб көктемі» оқиғасының салдары ретінде орын алып отыр деп түсінуге болады.

Ендігі жерде «араб көктемі» деген атаумен тарихқа енген осы оқиғалардың түп себептеріне талдау жасап көрселік.

Саяси себептері:

Біріншіден, араб елдеріндегі диктаторлық және авторитарлық басқару жүйесінің ұзақ уақыт сақталуы. Египетте Х.Мүбарак 30 жыл билікте болса, Ливияда М.Каддафи, Сирияда Асадтар әулеті 40 жыл бойы билікте болған. Бір ғана әулеттің мемлекет басшылығында ұзақ билік етуі және оның елді басқарудағы қателіктері көп жағдайда халықтың да, елдегі басқа да билікке пара-пар саяси топтардың да наразылығын тудырып, олардың билікті өзгертуге деген ұмтылысына алып келді.

Екіншіден, елдегі төтенше жағдайлар туралы заңның қатал сақталуы, полицияның қатаңдығы мен мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесінде жемқорлықтың кең орын алуы. Деректерге қарағанда Египетте жемқорлықтың деңгейі 64 % болса, Тунисте 80%, Ливияда 48% [1].

Үшіншіден, демократиялық еркіндіктердің шектелуі, адам құқығының бұзылу фактілерінің орын алуы да халықтың шыдамдылығын тауысты.

Төртіншіден, Ресей ғалымдары саяси себептің бірі ретінде араб елдерінің өз арасында АҚШ-тың, Батыс елдерінің қатысуынсыз, ірі жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға тырысуын атап көрсетеді.

Атап айтқанда 2000 жылы Сирия, Ирак, Ливан, Египет және Иордания «панарабтық» газ құбырын AGP салу туралы келісімге қол қояды. Бұл газ құбырын келешекте Түркия арқылы Еуропамен жалғастыру көзделді және жоба 2010 жылы іске қосылуы керек болды. Сонымен бірге Иран, Сирия және Ирак арасында қуаттылығы күніне 110 млн куб.м газ айдайтын құбыр жолы – «исламдық магистралды» салу туралы келісімге қол жеткізілді. 2010 жылдың басында Сирияның басшысы Б.Асад «төрт теңіз концепциясы» деген Сирия, Иран, Әзербайжан және Түркияны қосатын мұнай-газ транспорттық жүйе құру ұсынысын жасады. Бұл жобаны Ресей, Иран және Түркия да қолдады [2].

Дегенмен алдыңғы Азиядағы араб елдерінің өздерінен бөлек осындай белсенділік көрсетіп жатқаны бұрыннан бері араб елдерінде жетекші рөльдегі Сауд Арабиясы бастаған басқа елдерге және АҚШ-қа да ұнамады. Осының өзі аймақтағы халықаралық жағдайдың «араб көктемі» қарсаңында біршама күрделі сипат алуына себеп болды деуге болады. Өйткені осы айтылған жобалар жүзеге асса, аймақта біріншіден Ресейдің ықпалы күшеюі мүмкін еді, екіншіден, Сауд Арабиясы мен Катар сияқты елдердің мұнай және газ бизнесіне күшті бәсекелестік туындайтын еді. Себебі жоғарыда аталған елдердің көмірсутегі шикізаты құбыр жолдары арқылы Еуропаға тездетіп жеткізілетін еді, ал мұның өзі мұнайын танкерлері арқылы әлемдік рынокқа тасымалдап отырған араб түбегі елдері үшін үлкен соққы болары сөзсіз еді.

Экономикалық себептері:

Біріншіден, Солтүстік Африка елдеріндегі негізгі түпкі күрделі, бұрыннан келе жатқан  мәселелер - өңдеп пайдалануға керекті жердің аздығы және халықтың санынының қарқынды өсуі. Бұл мәселе бұрыннан келе жатыр, деректерге қарағанда Египеттің 98%, Тунистің 51%, Алжирдың 80%, Ливияның 99%  жерін шөл және шөлейт аймақтар алып жатыр. Осыған байланысты кейінгі кезде халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп, оның біраз бөлігінің кедейленуі орын алды. Инфляцияның деңгейі жоғарылап, азық- түліктің бағасы қымбаттап, жалақының мөлшері азайды. Мұның өзі ең алдымен барлық елдерде, әсіресе ауылды жерлерде халықтың кедейшілікке ұшырап, наразылықтың күшеюіне әкелді.

Былай қарағанда араб елдері мұнай мен газ қорына бай және 70-80-ші жылдары осыдан түскен қаржы негізінде экономикалық жағынан біршама көтерілгенімен, негізгі түскен қаржының көп бөлігі қару-жарақ сатып алуға, яғни әскери жағынан күшеюге жұмсалған. Мұның өзі халықтың әлеуметтік жағдайына қаржының жеткілікті түрде бөлінбеуіне алып келді десе болады. Экономикалық жағынан Египет пен Туниске қарағанда Ливияның жағдайы анағұрлым жақсы болды. Ливияда білім алу тегін, медициналық қызмет тегін болған, адамдарды баспанамен қамтамасыз етуде үй құрылысына мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген. 2010 жылғы көрсеткіш бойынша Ливияда адам даму индексі Сауд Аравиясына қарағанда жоғары болған.

Екіншіден, араб елдеріне, әсіресе Египетке едәуір табыс әкелетін туризмнің аймақтағы саяси тұрақсыздыққа байланысты құлдырауы.

  Әлеуметтік себептер:

Біріншіден, араб елдерінде кейінгі кездегі байқалған тенденция білімді жастардың көбеюі және олардың жұмыссыздыққа ұшырауы, әсіресе Египетте. Ливияда өз жұмыс күші бола тұрып, шеттен келген арзан жұмыс күшіне артықшылық берілуі де елдің наразылығын тудырған.

Екіншіден, халық санының көбеюі де елдің экономикалық жағынан күшеюін қажет етті.

Үшіншіден, білімді жастардың көпшілігінің жұмыссыздыққ ұшырауы наразылықты күшейтуге себептердің бірі болғаны сөзсіз.

Жоғарыда аталған себептердің бәрі «араб көктемі» қамтыған елдердің бәріне тән болса да, әр елде бұл революциялық қозғалыс өзіндік ерекшеліктерімен өтті. Соның бірі Сирияны алатын болсақ, қазіргі күнге дейін толастамай отырған азаматтық соғыс қимылдарының басталуына әлеуметтік-экономикалық фактілерден басқа, сыртқы күштердің де ықпал етуі айтарлықтай болды. Атап айтқанда Сирияның басшылығын Ресей мен Қытай қолдаса, оған қарсы күресіп жатқан оппозицияны Батыс елдері, АҚШ және араб түбегі елдерінің қолдауы болып отыр. Түркиядан бастап, Сауд Аравиясы, БАӘ, АҚШ т.б. елдер Сирия президенті Б.Асадтың биліктен кетуін талап етіп отыр.

Зерттеушілердің пікірінше, Сириядағы әлеуметтік-экономикалық жағдай Тунис пен Египетке қарағанда анағұрлым жақсы болған. 2010 жылы Сириядағы ІЖӨ адам басына шаққанда 5,260 долларға тең болған. Жұмыссыздық 2010 жылы 8,4% тен 2011 жылы 15% көтерілгенімен, бұл көрсеткіш Египет пен Туниске қарағанда анағұрлым жақсы болып саналады, өйткені Египеттің өзінде сол кезде 30 жасқа дайінгі жастардың арасындағы жұмыссыздық 50%-ке жеткен. Ресей зерттеушісі Б.В.Долговтың пікірінше (Сирияда екі рет болған) елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай да бір революцияның шығуына айта қаларлықтай себеп болатындай емес дәрежеде болған [3, с.402].

2000 жылдан бастап Б.Асад билікке келген соң елде «жариялылық және ашықтық» деген принцип бойынша саяси өмірді демократияландыру бағытында қайта құрулар жүзеге асырыла бастады. Нарықтық экономиканы дамыту бағытында жүргізілген жұмыстар экономика мен қаржы-банк секторында жеке меншік бизнестің дамуына мүмкіндік берді. Еркін нарықтың дамуына қолдау көрсетілуінің жағымды тұстарымен қатар жағымсыз жақтары да болды. Атап айтқанда бағаның көтерілуі, жұмыссыздықтың артуы қоғамның топтық жіктелуін тереңдетті, мұның өзі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың күшеюіне әкелді.

Осы кезде Сирия қоғамында әр түрлі тәуелсіз саяси қоғамдық ұйымдар пайда бола бастады. Олар қоғамда демократияландыруды одан әрі шынайы жүргізуді талап етті. Шын мәнісінде бір ғана саяси немесе этникалық топ мемлекет басында ұзақ билік құрса, сол топ  біртіндеп биліктің барлық артықшылықтарын иеленетін болады, мұның өзі жемқорлықтың қалыптасуына, биліктің барлық мүмкіндігін өз мүддесіне пайдалануға және олардың шынайы қоғамнан алыстауына алып келетіні сөзсіз.

Дегенмен Сириядағы алғашқы наразылық қозғалыстар 2011 жылы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысты талаптармен басталып, соңы азамат соғысына ұласуының негізгі астары бір ғана әулеттің ұзақ уақыт билік етіп, елдегі барлық артықшылықтарды иеленуінде болып отыр.

Сириядағы қақтығыс нақты 2011 жылы күзде жаппай көпшілік сипат алумен басталды. Алғашқы кезде Б.Асад үкіметі қақтығысты армияның күшімен бірден басып тастағысы келді, сөйтіп алғашқы адам шығыны орын алды. Мұның өзі Б.Асадтың билігіне қарсылардың наразылығын одан сайын күшейтті және олардың қарсылығы көрші араб елдерінен қолдау тапты. Сөйтіп Б.Асад билігін құлату нақты мақсат етіп қойлып, елде бірнеше мұсылмандық топтар пайда болып, оған қарсы күрес жүргізді. Бұл қақтығыстың ерекшелігі Б.Асад билігіне қарсы ішкі және сыртқы оппозицияның күресуі болды. Сыртқы оппозиция («Сирия ұлттық Кеңесі», «Оппозициялық және революциялық күштердің Ұлттық Коалициясы») бұл бұрыннан шетелге эмиргацияға кеткен Сирияның бұрынғы саяси элементтері болса, ішкі оппозицияны («Ислам мемлекеті», «Жейш әл Ислам», «Жабхат ән-Нусра»  т.б.) Сирияның қазіргі билігіне қарсы топтар құрап отыр.

Сириядағы соғыстың ерекшелігінің тағы бір көрінісі соғысқа АҚШ, Ресей, Түркия және Иранның әскери күштерінің тікелей араласуы мен араб елдерінің елдің ішнде үкіметтік армияға қарсы күресіп жатқан мұсылман топтарына қаржылай көмек көрсетуінде болып отыр.

Қазіргі кезде, соғыстың басталғанына алты жыл өткен кезде Сирия үкіметі әскерлері елдің территориясының басым көпшілігін әлі де болса толықтай өз бақылауына ала алмай отыр.

Сириядағы соғысты тоқтату мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен белді державалар дипломатиялық әдістермен барлық шараларды жүзеге асырып келеді. Осы уақытқа дейін БҰҰ-ның басшылығымен Сириядағы жағдайды реттеу бағытында бірнеше дүркін келіссөздер жүргізілді. 2012 жылы маусым айында Женева-1 келіссөзі болды, онда келіссөзге қатысушылар (АҚШ, Франция, Англия, Ресей, Қытай) Сирияда өтпелі үкімет құру туралы мәселеге келісті. 2014 жылы қаңтар айында Женева-2 кездесуі өткізілді, оған 39 елдің делегациясы, БҰҰ-ның өкілдері, АЕЛ-ның және ИКҰ-ның өкілдері қатысты. Осы конференциясының аясында екі рет Сирия мәселесі бойынша консультациялар өтті және оның нәтижесінде Сирияға гуманитарлық көмек беру мәселесінің тәртібі келісілді.

Сонымен қатар БҰҰ-ның ұйымдастыруымен Сирия дағдарысын реттеу мақсатында арнайы «Сирияны қолдайтын халықаралық топ» (СҚХТ) құрылған болатын. Оның құрамына АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Оман, Иран, Ирак, БАӘ, Катар, Иордания, Ливан елдірінің сыртқы істер министрлері кіреді. Бұлардың кездесуіне БҰҰ, АЕЛ және ЕО өкілдері де қатысады және осы органды  БҰҰ-ның өкілі Стаффан де Мистура басқарып келеді.

Сириядағы соғысушы топтармен келіссөз жүргізудегі ескере кететін жағдай Сирия үкіметіне қарсы сыртқы және ішкі оппозицияның ұстанымдарын ескеріп, олардың өздерінің арасындағы қатынастарды анықтап алу қажет.

БҰҰ және әлемдегі қауіпсіздікке мүдделі мемлекеттер осындай күрделі жағдайларға қарамастан келіссөздер арқылы Сириядағы соғысты тоқтатуға барынша күш салуда. Оған әлем елдері де алаңдатуышылқ білдіріп, жағдайды реттеуге, көмектесуге ұмтылуда. Солардың бірі біздің еліміз Қазақстан.

Өзінің сыртқы саясаттағы басты принциптерінің бірі әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басшылыққа алып келе жатқан еліміз бүгінгі күні Сирияға тек гуманитарлық көмек беріп қана қоймай, осы қақтығысқа қатысушылар арасындағы келіссөзді ұйымдастырушы ретінде қызмет жасап отыр.

Сириядағы қақтығыс басталған кезден бастап Қазақстан да өзінің ұстанымын білдіріп, елдегі соғыс жағдайының тоқтатылып, бейбітшілік орнауы керектігі туралы өзінің ұстанымын білдірді. Сонымен берге Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек те ұйымдастырып келеді. 2012 жылы  Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымы арқылы Сирия босқындарына 400 мың доллар қаржылай көмек жасады. Сонымен бірге Сирия мен Түркия шекарасында шоғырланған сириялық босқындарға тағы да дәрі дәрмек, азық түлік жағынан көмек беру үшін 300 доллар қаржы бөлді. 2016 жылы Қазақстан жағы Ресей Федерациясының көмегімен 500 тоннадай көлемдегі азық түлікті Сирияның Тартус провинциясына Иорданиядағы Елшіміз А.Бердыбай жеткізіп берді. Гуманитарлық көмек ретінде ұн, ет консервілері, күріш, макарон т.б. азық түлік түрлері жеткізілді [4].

  Ресей мен Түркияның ұсынысымен Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуге лайықты алаң ретінде өзінің қызметін ұсынды. Осыған байланысты келіссөздер 2017 жылы екі кезеңде өтті: 23-24 қаңтар және 15-16 ақпан аралығында.  Келіссөзге Ресей, Түркия және Иран елдері өкілдері мен БҰҰ және Иордания өкілдері және бақылаушы ретінде  АҚШ өкілі (АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол) қатысты.

  Келіссөздің нәтижесінде әскери әрекеттерді тоқтату тәртібі жөнінде бірлескен оперативтік топ құрудың Ережесі келісілді. Оған Сирия басшылығының өкілдерімен қатар соғысушы топтардың да өкілдері кіретін болды. Олардың мақсаттары ең алдымен оппозициялық топтарды террористік топтардан бөлу және соғысты тоқтату үшін өзара сенім шараларын нығайту болып белгіленді.

Құрылған  топ бірлесе отырып, әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қатысты тәртіпті сақтау бойынша үнемі кеңесіп отырады, сонымен қатар БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-ші қарарының орындалуын, Сирия халқына жіберілген гуманитарлық көмекті жеткізуге көмектесетіні келісілді [5].  

Астанадағы келіссөздердің ерекшелігі бірінші рет Сириядағы соғысып жатқан оппозициялық топтардың өкілдерінің бәрінің жеке-жеке емес, біріге отырып қатыстырылуы болды. Осыған байланысты қаңтар айындағы кездесуге Сириядан оппозицияның 15 тобының өкілдері қатысты. Одан бұрын Женевадағы келіссөздерде оппозицияның атынан Сирияның шынайы өміріне жақсы араласпаған саяси эмиргранттар қатысқан болатын.

  Қазақстанда өткен осы келіссөздердің нәтижесіне БҰҰ да, Сирия үкіметі де аса маңыз береді және мұның өзі еліміздің әлемдік саясаттағы бейбітшілікті қамтамасыз етудегі саясатының бір жарқын көрінісі ретінде бағаланады.

Сонымен,  қорыта келгенде Сириядағы қақтығысты бейбіт келіссөздер жүргізе отырып шешудің өзі қазір мүмкін болмай отырғандығын көреміз. Себебі исламдық топтардың ішінде үкіметке қарсы топтар ретінде келіссөзге шақыратындай белгілі бір беделі бар топтарды да атап айту қиын. 2015 жылы  29-желтоқсанда АҚШ пен Ресей бір мәселеде келісімге келді, ол Сирияда соғысып жатқан «Ислам мемлекеті», «әл Кайда» және «Жабхат ән-Нусра» топтарын террористік ұйымдар ретінде мойындауға келісті. Ал оқиғаның алғашқы кезінде билікке қарсы құрылған зайырлы мемлекет құруды жақтаған, сыртқы оппозициялық топ «Сирияның Ұлттық Кеңесі» (2011жылы Стамбулда құрылған, сыртқы оппозицияның органы) қазіргі кезде қақтығыста айта қаларлықтай маңызды рөл атқармай отыр және олардың  үкіметке қарсы соғыс жүргізіп келе жатқан, эмигранттар мен саяси босқындардан құралған «Сирияның Еркін Армиясына» да ықпалы жоқ. Осылардың бәрін қорытындылай келе оппозициялық топтардың ішінде нақты келіссөз жүргізетіндей беделді топ жоқ десе болады. Дегенмен қақтығысты реттеу керек. Сондықтан 2015 жылы Женевадағы келіссөздерді бастағанда БҰҰ, АҚШ және Ресей арасында осы келіссөздер процесіне қатысатындардың тізімін келісуде біраз қиындықтар туды.

  Сириядағы мәселені зерттей келе Батыстың да, Шығыстың да саясаткерлерінің, зерттеушілерінің бірқатары Б.Асадтың билігін қалдыруды жақтайтынын көреміз. Олар билік басына исламдық топтар өкілдері келсе, елде репрессия басталып, адам құқықтарының бұзылуы кеңінен етек алуы мүмкін дейді. Сондықтан исламдық топтардан көрі қазіргі биліктің әскери әрекеттермен елде белгілі бір тәртіп орнатқаны дұрыс дегенді жақтайды. Екінші бір топ  Б.Асадты биліктен кетірсе, елде демократиялық сайлау өткізіп, Сирия халқының өзіне еркіндік беру керек дейді. Мүмкін бұл ұсыныс оқиғаның алғашқы кезінде дұрыс болған болар еді, енді қазір Сирияда демократиялық еркіндікті жақтаушы топтар үкіметпен бірігіп, оппозияциялық деңгейде өздерінің қарсылықтарын білдіріп отырған жоқ, керісінше исламдық топтар мен террористік ұйымдардың белсенді әрекеттері күшейген жағдайда мәселені осылай шешуге мүмкіндік жоқ сияқты [6].

  Жоғарыда айтқандарды қорытындылай келе, Сириядағы мәселені реттеуге БҰҰ және әлемнің белді мемлекеттері қаншама күресіп келе жатқанмен, дәл бүгінгі күні бұл мәселенің әлі де болса нақты шешім таппай отырғанын көреміз. Дегенмен қайта-қайта жүргізілген келіссөздер, оған Сирия үкіметі ғана емес ішкі және сыртқы оппозициялық топтар өкілдерінің қатысуы соғысты тоқтатып, елдегі жағдайды реттеуге барлығының да мүдделі екендігін көрсетеді. Бұл жерде ең бастысы шын мәнінде Б.Асадтың билігін тоқтатып, БҰҰ мен белді державалардың мықты бақылауының нәтижесінде жаңа үкімет құрып, халықты бейбіт өмірмен қамтамасыз ету болып отыр.

Сонымен алты жыл уақытқа созылған Сириядағы соғыстың тоқтауы және елдің бейбіт өмірге оралуы туралы қандай да бір болжам жасау қазіргі кезде қиын мәселе. Ол үшін ең алдымен осы соғыстың барысын, оған қатысушы ішкі және сыртқы күштердің арақатынасын реттеп алу керек сияқты. Дегенмен Сириядағы қақтығысты шешудің бірқатар мәселелерге байланысты екендігін атап өтуге болады.

Біріншіден, АҚШ, ЕО және араб елдері әлі күнге дейін өздерінің бастапқыдағы мақсаттары Б.Асад билігін жою мәселесін ұстанып отыр. Сол сияқты Ресей және Иран бастаған топтар да Сирияда Б.Асад билігін сақтауға ұмтылып келеді. Осындай жағдайда ең алдымен осы әлемнің белді держваларының өзі өзара нақты келісімге келуі керек екендігі айқын.

Екіншіден, Сириядағы әр түрлі деңгейдегі оппозициялық топтар мен террорлық ұйымдар өзара мәмлеге келіп ортақ ұстанымға келмей қандай да болса әдіспен соғысты тоқтату мүмкін емес. Олардың өздерінің арасындағы алауыздық қандай да бір келісімге келуге бөгет болып отыр десе болады.

Үшіншіден, барлық соғысушы жақтарға сырттан әскери көмек көрсетуді нақты тоқтату керек. Сонда ғана соғысты тоқтатып, қандай да бір келіссөздерді бастауға мүмкіндік пайда болары сөзсіз.

Сонымен Сириядағы соғыс халықаралық қатынастарда саяси тұрақсыздық туғызып, аймақтық және әлемдік қауіпсіздік мәселесін тудырып отырғандықтан, соғысқа қатысы бар мемлекеттер ортақ шешімге келіп, Сирияда да, әлемде де бейбіт жағдай орын алады деген үміттеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Азимбай Г. Причины и последствия арабских революций последнего времени //www. centrasia. ru/ newsA. php? st= 1427 693760

2.  Костюхин А., Киреев С. Причины Арабской весны. От Ливии до Сирии // arguendi.livejournal.com/278990.html

3.  Конфликты и войны ХХІ веке. Ближний Восток и Северная Африка. - М.: ИВ РАН, 2015. - 504 с.-

4.  Казахстан передал гуманитарную помощь Сирии //tengrinews. kz/

kazakhstan _news (дата обращения – 20.02.2017)

5.  Астана приветствует достигнутые на встрече по Сирии договоренности //ru.sputniknews.kz/politics/2017(дата обращения – 24.03.2017)

6.  Долгополый С.Ю. Причины и проблемы урегулирования Сирийского кризиса //www.scienceforum.ru/2013/133/5189 (дата обращения – 20.02.2017)

М.О. ИЕМБЕКОВА

Университет «Нархоз», к.и.н.,

г. Алматы, Казахстан

ДИПЛОМАТИЧЕСКОЕ УРЕГУЛИРОВАНИЕ КОНФЛИКТА В СИРИИ И УЧАСТИЕ В НЕМ КАЗАХСТАНА

АННОТАЦИЯ

В статье рассматриваются вопросы гражданской войны в Сирии, ход войны и процесс ее урегулирования, а также позиция и политика Казахстана в этом процессе. Определено влияние «Арабской весны», которая в 2010-2011 гг. охватила страны Северной Африки и Ближнего Востока, на причины возникновения конфликта в Сирии. Кроме того, характеризуется ход войны в Сирии и всесторонне анализируется позиция и политика таких стран, как Турция, США, Россия, Иран и некоторых арабских стран, которые тоже включились в конфликт. В настоящее время конфликт в Сирии влияет на безопасность региона и всего мира. В связи с этим ООН и ведущие державы мира стараются дипломатическими методами  урегулировать конфликт в Сирии. Однако, каких-либо определенных результатов нет; не были приняты конкретные решения, которые бы остановили войну. Причиной тому является вмешательство США и России извне и активная поддержка ими двух воюющих сторон. Вместе с тем, в статье автор излагает позицию и вклад Казахстана в урегулирование сирийского конфликта.

Ключевые слова:Сирия, терроризм, Б.Асад, Исламское государство, Джабхат ал-Нусра, оппозиционные группировки, гражданская война.

M.O. IEMBEKOVA

«Narhoz» University, Candidate of Historical Sciences,

Almaty, Kazakhstan

DIPLOMATIC SETTLEMENT OF THE CONFLICT IN SYRIA AND THE PARTICIPATION OF  KAZAKHSTAN

Summary

The article deals with the issues related to the civil war in Syria, course of the war and the settlement process, as well as the position and policy of Kazakhstan towards this process. The paper defines an influence of the "Arab spring" that has been spread in North Africa and Middle East in 2010-2011, on Syria conflict. The author characterizes the Syria conflict and comprehensively analyzes the position and policy of Turkey, USA, Russia, Iran and some Arab countries that also joined the conflict. Currently the conflict in Syria affects the security of the region and the whole world. In this regard, the UN and the leading world powers try to resolve the Syria conflict by diplomatic means. However, there are no results and no specific decisions that would have stopped the war. The reason is the external interference of the United States and Russia and their support of two warring parties. In addition, the author presents the position and contribution of Kazakhstan to the settlement of the Syrian conflict.

Keywords: Syria, terrorism, Assad, Islamic state, Jabhat al-Nusra, opposition groups, civil war.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз