Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » Н. НАЗАРБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАУІПСІЗДІГІ, ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МЕН ПЕРСПЕКТИВТІЛІГІНІҢ ФЛАГМАНЫ РЕТІНДЕ

Мухамадеев Т.М., Мухамадеева И.А., Капбасова Д.С.,

Н. НАЗАРБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАУІПСІЗДІГІ, ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МЕН ПЕРСПЕКТИВТІЛІГІНІҢ ФЛАГМАНЫ РЕТІНДЕ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(09)

Тегтер: мы, то, примите, вы, если, статью, посмотреть, можете, Здравствуйте, отправим, другие, документы
Автор:
Мақалада Тұңғыш Президент Н.А. Назарбаевтың еңбек жолы мен еңбектері – ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз Қазақстанның болашағын одан әрі нұрландыра түскен ел егемендігінің, мемлекеттік қауіпсіздігінің, ынтымақтастық пен перспективтілігінің флагманы екендігі туралы жазылған.
Мазмұны:

Қазақстанның тәуелсіздік алуы ел өмірінде тарихи түбірлі өзгерістердің жүзеге аса бастауына негіз болды. Еуразия қос құрлығының жапсарына қанатын кере жайып, жүздеген ұлттың еркін дамуына төрт-бес ғасыр бойы тосқауыл болып келген алып империя ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы басталар-басталмастан күйреп түсті. Тәуелсіздік жолына бет бұрған халықтар бірінші кезекте өздерінің саяси жүйелерін анықтап алуға ден қоя бастады. Бұл үрдіс барысында «Қазақ КСР Президенті қызметін дайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 1990 жылы 24 сәуірде Республика Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаған соң, Қазақстанда саяси және экономикалық дербестігін түбегейлі нығайтуға бағытталған белсенді қадамдар басталды. Кешікпей-ақ, сол жылдың 25 қазанында Мемлекет басшысының бастамасымен елдің жоғарғы заң шығарушы органы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Декларацияның алғашқы баптарының өзінде-ақ Кеңестік Одақтан Қазақстанның еркін шығу хақы өзінде сақталып қалатыны, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданатыны тайға таңба басқандай, нық сеніммен жазылған. Декларациядағы осы ұстанымдар 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңында толығымен сақталынады. Тәуелсіз Қазақстанның ең жаңа тарихындағы аса маңызды қадам болып табылатын осынау тарихи шаралардан кейін демократиялық ұстанымдарға және адам хақы мен еркіндігін сыйлауға негізделген тегеурінді президенттік билік мемлекеттің саяси жүйесінің тұғыры бола бастады [1, 107 б.].

Кешікпей-ақ, Қазақстан халықаралық аренаға шыға бастады. 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Елтаңба, ту, әнұран сияқты мемлекеттік нышандар белгіленді. Тәуелсіздіктің әр күні, әр айы тарихи мән-маңызы айрықша жауапты шешімдерге толы болды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу мен дамуын айқындау, президенттік басқару нысанына тән мемлекет құрылысын саралау, заң шығару және сот билігін реформалау, әлеуметтік және экономикалық жүйені жаңғырту, ол үшін нормативтік базаны айқындайтын стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру сияқты тарихи толымды істер ерекше құлшыныспен және тәуекелі мол табандылықпен қолға алынады. Әсіресе, саяси реформалар, қоғамның саяси кемелденуі, демократиялық құндылықтарды өмірге орнықтыру бағытында ғасырларға бергісіз кезеңдер артта қалды. Әлемдік өлшемдерге жауап беретін Ата заңымыз қабылданды. Кеше мәңгі мұзтаудай көрінетін кеңестік Компартия елеске айналып, көппартиялық жүйе дүниеге келді. Идеологиялық бірізділік пен монополияның не екенін бүгінгі жас ұрпақ бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана біледі. Есесіне олар «сөз бостандығы», «шығармашылық бостандық», «адам хақы», «пікір алуандығы» тәрізді құндылықтарды жазбай таниды. Елбасын бүкілхалықтық сайлау арқылы анықтау әлеуметтік санаға біржола сіңді. Шекарадағы перде ысырылып, адамдарды таяу-алыс елдерге сапар шегуі күнделікті үйреншікті тіршілікке айналды.

Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтың тамаша үлгісі орнықты. Конституцияның баптарын мүлтіксіз сақтау және Президент Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегі арқасында әрбір этностың емін-еркін күн кешуіне, өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін құрметтеуге мүмкіншілік туғызылуда. Жүздеген ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеуде, газет-журналдар жарық көруде, тарихи отандарымен байланысы нығаюда. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғана 80-ге жуық ұлт өкілдері білім алуда. Қазақстан халықтарының татулығы мен ынтымағы еліміздің халықаралық абыройын арттырып, оған деген сеніміне қуат беріп отырғаны сөзсіз.

Бүгінгі таңда Қазақстан саяси және әлеуметтік әділеттіліктің, экономикалық еркіндіктің берік іргетасына негізделген Заңның күші үстем мемлекет болуға түбегейлі бет бұрған. Бүкіл қазақстандықтар болашаққа қарай ойдағыдай алға басудың сенімді кепілі осы деп біледі. Қазақ халқына қайғы мен қасіреттің ашылмастай қалың бұлтын үйірген отарлық жүйе мен тоталитарлық тәртіп ХХ ғасыр соңында тарих тозаңына айналып, уақыт қойнауына сүңгіп кете барды. Сәтімен басталған ХХІ ғасыр Тәуелсіз Қазақстанның болашағын одан әрі нұрландыра түсері кәміл.

Қазақ халқының отаршылдық саясатқа, үстемдік пен тоталитаризмге қарсы күресі XVII ғасырдың аяғында-ақ басталған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік жолына бет бұрған халықтар ең алдымен өздерінің саяси жүйелерін анықтап алуға ден қоя бастады. Елтаңба, ту, әнұран сияқты мемлекеттік нышандар, Тәуелсіздіктің әр күні тарихи мән-маңызы айрықша. Елде саяси реформалар, қоғамның саяси кемелденуі, рухани құндылықтарды өмірге орнықтыру қарқынды түрде жүзеге аса бастады. Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықтың тамаша үлгісі [2, 85 б.].

Қайта құру және одан кейінгі қуатты мемлекет - КСРО-ның құрамында болған республикалардың тәуелсіздігі, сондай-ақ өткен ғасырдың 90-жылдарында басталған әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық реформалар өз мақсаттарына орай мемлекеттің жалпыадамзаттық, қоғамдық-саяси, рухани-адамгершілік, әлеуметтік-экономикалық арқалығы мен тіреуін жаңартуды жариялады. Бірақ қайта құру кезеңінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше ондаған жылдардағы коммунистік жүйеде қалыптасқан қоғамдық сананы және саяси түсінікті қайта өзгерту, сондай-ақ мемлекетті демократияға қарсы режімде басқару бойынша құрылған қоғамдық-саяси құрылымды, мемлекеттің құқықтық тіреуін қайта қалыптастыру көптеген қиындықтар туғызды. Осындай өте күрделі жағдайда қайта құрудың және саяси реформалардың көздеген мақсаты нақты іс-әрекеттер мен бағдарламалардың болмауына байланысты нақтыланбағандықтан, экономикалық тірек пен әлеуметтік жетістіктер кері әсер берді.

Біздің көпшілігіміз тарихи-саяси бей-берекетсіздіктің куәсі болдық. Оның негізінде жекелеген қарсы тұрушылықтар мен жанжал туғызған жағдайлар және ұлтаралық қақтығыстар да көрініс бергені жасырын емес.

XX ғасырдың соңғы он жылы осындай оқиғалармен сипатталды. Бірі социалистік елдердің, екіншісі өткен заманда осындай құбылыстардың көлемі бойынша алда болған капиталистік елдер лагерінің басында тұрған КСРО мен АҚШ қалыптасқан жалпы әлемдік тәртіпті бұзуға әкеліп соқтырған ауқымы кең қайта құрулардың негізгі бастаушысы болды. Әлемдік саяси ахуал көптеген мықты мемлекеттердің мүдделеріне ықпал ететін болғандықтан, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мына әлем тағы да құрып кетудің алдында тұрды.

Осындай жаһандық сипаттағы «қайта бөлудің» соңында біздер - қазақстандықтар 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуымен үлкен жеңіске жеттік. Бұл жеңіс бізден қуатты күш пен үлкен шыдамдылықты талап етті. Барлық қайта құруларға қарамастан, қазақстандықтар еңселі мемлекеттің жоғары деңгейге көтерілу жолында саяси, әлеуметтік, экономикалық катаклизмалардың барлығынан мойымай өтті. Осындай барлық сынақтарға шыдап, жеңіске жету үшін Тұңғыш Президентіміз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халықтың үлкен сенімі негізгі қолдау болды. Мемлекет басшысы өз елінің патриоты ретінде еліміздің болашағын биіктен көріп, сол биік белестерді бағындыру жолында аянбай еңбек етуде. Халық айтқандай, біздің Президент сияқты адамдар 100 жылда бір-ақ рет туады. Нұрсұлтан Назарбаевты - Ұлт көшбасшысын, жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың бастамашысы, бітімгерші, саяси гроссмейстер, интеграциялық үдерістердің ұлттық талғамы, саяси салмағы, қозғаушы күші, идеялардың генераторы деп атайды, ал ең негізгісі Елбасына халық сенеді.

Мемлекетімізге басшылық жасаған жылдар ішіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған қай идеяны алып қарасаңыз да, уақыт өте келе, Елбасы бастамалары өзекті болып, басты қажеттілікке айналады, қазіргі әлемнің талаптарына жауап береді, ол саяси, экономикалық, әскери, аймақтық, діни және басқа да халықаралық ұйымдардың негізгі бағытын құрайды.

Жаратылысынан біртума Ұлт көшбасшысы, сарқылмайтын табиғи дарын иесі, ұстанымына берік, рухани байлығы мол Нұрсұлтан Назарбаев өткен жүзжылдықтағы ең ұлы саясаткерлердің ғаламат қасиеттерін өз бойына жинаған. Танымал мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов: «Егемен Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемге танылған тұлға, ол тарихта тұңғыш болғандығына байланысты қалмайды. Бұл жағдайда «тұңғыш» делінген реттік саны өте маңызды емес. Дара тұлғаның тарихтағы рөлін бағалауға әсер ететін аса маңызды факторлар бар», - деп мәселенің мәнісін дәл тауып көрсетті.

Француздың әйгілі философ-материалисі Дени Дидро олардың шығуына және дамуына қоғамдық жағдай болған жерде, қолайлы кезең туғанда ұлы дарындылар өмірге келетіні туралы өте дұрыс айтқан. Қазақстан үшін сондай жағдай, сөз жоқ, Қазақстан Респуликасының Тәуелсіздік алуы, елдің қоғамдық-саяси құрылымын жаңарту, нарықтық экономикалық жаңа мемлекеттің іргетасын қалау, жас мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін бекіту, барлық жақын және алыс шетелдермен қарым-қатынас орнату және қалыптастыру екені анық. Осы істің барлығында да жеке-дара тарихи шешуші рөл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі.

Жаңарған Қазақстанның құрылуы ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттылықтың орнауы, ішкі тұрақтылық және Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен халықаралық беделінің артуы Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екені анық. Сондай-ақ Елбасының КСРО кеңістігінде 90-жылдарда болған үлкен өзгерістер кезінде атқарған бітімгершілік рөлі зор. Сол кезеңдерде жаңа мемлекеттің тағдыры, одан әрі қалай болып, қандай жолмен жүретініміз жөніндегі мәселелердің бәрі Президенттің ұстанған саяси бағытына байланысты болды [3, 94 б.].

Н.Ә.Назарбаевтың жаңашылдық рөлі мен мемлекеттік-саяси қызметін кешенді бағалау және талдау өте қиын. Себебі, «жоқтан барды жасау» республика Президентінің үлкен тұлға болып табылатындығы зерттеу институттарының көп жылғы үздіксіз жұмыстарын талап етеді. Сонымен қатар, жаңарған Қазақстанды құрудағы Н.Ә.Назарбаевтың жаңашылдық рөлін екі негізгі көзқараста қарастыруға болады.

Бірінші кезекте кеңестер елінің басшылығына және КСРО-ның соңғы жылдарындағы одақтас республикалар басшыларына үлкен саяси ықпал еткен КСРО-ның танымал саяси көшбасшысы ретінде Н.Ә.Назарбаевтың саяси портретін КСРО-ның «жайлы» ыдырауына жағдай жасағандығынан және ТМД шеңберінде интеграциялық үдерістердің бастауына бағытталғандығынан айқын көруге болады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, оның сарабдал және көреген саясатының арқасында Ресейдің де біртұтастығы сақталып қалды.

Одақ тараған кезде республикалар тәуелсіздік алып, көңіл-күйлері көтеріліп жатқан тұста, жаңадан пайда болған мемлекеттерді масаттанудан және ауқымды өңірлік жанжалдардан сақтау керек болды. Осындай кезеңде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке бастамасы бойынша ТМД-ны құру идеясы жүзеге асты. Осының негізінде кеңестік жүйеден шығып, әлем картасында жаңадан пайда болған жас мемлекет – Қазақстан Республикасын төніп тұрған қауіптерден қорғау керек болды. Ол үшін нақты шешім қабылдау керек болды, «Югославия сценарийі» бойынша емес, мәселені асқындырмайтын, яғни жаңа қарым-қатынас орнатып, барлық үдерістерді басқарып отыратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сияқты жаңа құрылымды құру талап етілді [4, 183 б.].

Сол кезеңдердің саяси үдерістеріне көз салсақ, Ново-Огорев келісіміне дайындық ретіндегі тарихи фактіні көруге болады. Оның іске аспауына 1991 жылғы 19-21 тамыздағы оқиға кедергі болды. 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Ресей Федерациясы, Беларусь және Украина басшыларымен КСРО-ның өмір сүруін тоқтату туралы Беловеж келісіміне қол қою КСРО тарихына соңғы нүкте қойып, нәтижесінде ТМД пайда болды.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша Алматыда саммит ұйымдастырылды. Онда Кеңестер Одағының тарауы заңды түрде ресімделді және «жаңа жағдайға бейбіт жолмен көшудің барлық мәселелерін» шешетін шартқа қол қойылды. Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей, 20 жылдан кейін, «1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда менің табанды бастамам бойынша шақырылған посткеңестік мемлекеттер басшыларының саммитінде жойылып бара жатқан супердержаваның аласапыранды ыдырауының қауіпті үдерісі тоқтатылды» және ол ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырыла бастаған жаңа жоба – Біртұтас экономикалық кеңістіктің бастауы болды [5, 78 б.].

Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша Алматыда өткен саммиттің нәтижесінде ТМД Декларациясы қабылданды. Оның Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің бейбіт межеленіп бөлінуі барысының тарихын қалыптастыруда және олардың тәуелсіздігін нығайтуда зор рөлі бар. Сол кезде тауарлар мен қызмет көрсетуді көшіру саласында ғана емес, сонымен қатар, саяси, әлеуметтік, мәдени салаларға да интеграция қағидаттары енгізіліп, бекітілді.

Осының барлығы экономикалық тұрғыдан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, яғни «ойын тәртібі» ретіндегі қағидалар мен тәсілдерді жасауға мүмкіндік беретін мемлекеттердің мәдени және басқа да салалар жағынан жақын болуына ықпал етті.

Н.Ә.Назарбаев қызметінің екінші ерекшелігі Қазақстанда тәуелсіз, егемен мемлекет қалыптастырудағы ең негізгі идеясы біртұтас Қазақстан халқын құру болып табылады. 1990-жылдардың басында Н.Ә.Назарбаев одақтас республикалар арасында алдыңғылардың бірі болып республиканың сыртқы және ішкі саяси бағытының негізін жасауға бағытталған егемендік үдерісін бастады. Оның бастауы 1990 жылы қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация болды.

КСРО кезеңінде қабылданған Декларацияның басты ерекшелігі мына ережелердің бекітілуі: «Қазақстан Республикасының аумағы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды», «Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды әрі ол Қазақстан Республикасында егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің негізі болып табылады, мемлекеттік билікті Қазақстан Республикасы Конституциясы негізінде өкілетті органдар арқылы да жүзеге асырады» [6, 29 б.].

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың күш салуының арқасында Декларацияда бекітілген бұл ұстаным Семей полигоны зардабын тартқандардың, Ауғанстандағы айқындалмаған соғыс құрбандарының, Коммунистік партия мен одақтық орталықтың басқаруына жалпы сенімсіздіктің өсуіне байланысты сол кезде Қазақстандағы қоғамдық көңіл-күйге жауап берді. Мемлекет басшысы осындай жағдайлардан шығудың жолы Қазақстанның шынайы егемендігін алу екендігін көре білді. Сондықтан басты құжатта жаңа заманғы мемлекеттің пайда болуында бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін, біртұтас халқы бар мемлекет құру туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең басты идеясы негіз болып қаланды.

«…бізге экономикалық жүйені ғана емес, жалпы мемлекеттік құрылымды, оның ең негізінен бастап, тіпті, әрбір қазақстандықтың ойлау жүйесін қайта қалыптастыру қажет болды», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы [7, 159 б.].

Н.Назарбаев идеясының арқасында ұлттық, тілдік, діни, мәдени ортаның әр алуандығын құрайтын Қазақстан халқы бірлік атты құндылық төңірегіне топтасты. «Халықтың күші – бірлікте» деген халық мақалы бекер айтылмаған. Н.Назарбаевтың біріктіру идеясы біздің азаматтардың ділін, ішкі психологиялық сапасын өзгертті. Соның нәтижесінде Қазақстан халқы жаңа сапалы тарихи бет-бейнеге ие болды. Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік әр алуандығын ескере отырып, қазақстандық ұлт туралы, елімізде халық билігін бейнелейтін Елбасының басшылығымен азаматтардың мемлекеттік-құқықтық қоғамдастығының пайда болуы және дамуы туралы айтамыз. Сөз жоқ, Н.Ә. Назарбаевтың ұлттық идеясы – демократияға жол және он жылға арналған құқықтық мемлекеттің идеалы.

1995 жылғы Конституция басқарудың президенттік нысанын бекітті. Онда, біріншіден, Президент мемлекеттік биліктің бірде-бір тармағына жатпайды, олардың үйлесімдігін жүзеге асырды; екіншіден, Президентті халық сайлайды және Парламентке тәуелді емес; үшіншіден, мемлекеттік басқару жүйесін басқара отырып, Конституцияға сәйкес өзінің өкілеттілігін жүзеге асыратын мемлекеттік биліктің барлық тармағына және олардың қарым-қатысына сындарлы түрде ықпал етеді.

Конституцияға сәйкес Президенттің рөлі артты. Бұл мемлекеттің саяси тұрақтылығын анықтауға және бұрын болған парламенттік тұрақсыздықты тоқтатуға мүмкіндік берді. Бастапқыда солақай күштер Конституцияға қарсы шықса да, кейіннен ол мемлекеттің экономикалық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік бергендіктен, толық көлемде мақұлданды. Мемлекеттік институттар еліміз басшылыққа алып отырған жаңарған мемлекетті құру бағдарламасы саяси идеология ғана емес, сонымен қатар бірнеше принциптерге негізделген іс-қимыл әдістері: мемлекеттің орталық рөлі, идеологиядағы халық мүддесінің артықшылығы, Мемлекет басшысы «біртұтас мемлекеттік биліктің басында» тұруы қажет және оның заңдылығы өз түп-тамырымен халықтың егемендігіне байланысты.

Экономика және әлеуметтік салаларда Мемлекет басшысының рөлі стратегиялық және бағыттаушы сипат алады және ол мыналарды: жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыты туралы жария етуді; стратегиялық жоспарларды дайындау тәртібін анықтауды, республикалық бюджет және оның орындалуы туралы есеп беруді, мемлекеттік бағдарламаларды және стратегиялық жоспарларды бекітуді қамтиды.

Бүгінде біздің Президентті әлемдік деңгейдегі геосаясаткер деп біледі. Елбасымыз геосаясатты қайта өзгертудің ақиқатқа негізделгенін көрсетті. Қордаланып қалған заманауи проблемаларды шешудің жолдарын көрсеткен әлемдік идеяларға қаныққан кең ауқымды бастамалары қолдауға ие болды.

«Батыр жүректілік арпалыс кезінде ғана дәлелденбейді», - деп халық айтқандай, біздің Президентімізге тән күшті рух өмірдің барлық сынақтары мен әртүрлі жағдайларында шыдамдылық танытуға зор күш-жігер берді. «Ұлы тұлға әдемі сөзбен ғана емес, өзінің еңбегімен және оның нәтижелерімен қалыптасады» деп Эйнштейн айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруында мемлекеттік билік пен философия бірлесе дамыды. Біздің Президенттің іскерлік қабілеті пайымды саясаткер, салиқалы, салмақты, қатаң прагматик, философ, жоғары интеллектуалды тұлғаның жұмысын тиімді де табысты үйлестіретінін көрсетті. Ол Орталық Азия өңірінде ғана емес, әлемдік ауқымдағы бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылықты нығайту бойынша көптеген ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан, есімі үлкен әріптермен жазылатын тұлға. Болашақ тарихшылар Қазақстанның алтын ғасырының негізін қалаушы және реформатор - Назарбаев феноменін ұзақ уақыт бойы зерделейтін болады. Тарихшылар мен саясатшылар алдағы уақытта Ұлт көшбасшысының мемлекеттік қызмет тәжірибесіне әлі талай тоқталатыны анық [5, 89 б.].

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқарған және кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчерде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындап, соған оң баға беріп: «Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғазасында туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты», - деп жазды [8, 163 б.].

Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Елбасына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріпте келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюінің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түсті.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы мен еңбектері ел егемендігінің, мемлекеттік қауіпсіздік, ынтымақтастық, перспективтілігінің флагманы ретінде атауымыздың орны да, жөні де қисынға келеді.

Аннотация

В статье рассматривается роль Первого Президента Н.А. Назарбаева как флагмана в формировании государственной безопасности, согласия и перспективного развития Казахстана в ХХІ веке.

Annotation

This article considered of the role of the First President N.A. Nazarbayev as the leader in the formation of national security, consensus and long-term development of Kazakhstan in the 21st century.

Пайданылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстанның жаңа тарихы: Кеңес жүйесінің дағдырысы және ыдырауы / редакциясын басқарған Б. Ғ. Аяған.-Алматы: «Атамұра», 2012. -307 б.

2. Назарбаев Н. Ә. Ғаламдық қоғамдастық және серіктестік өркениетінің түбегейлі жаңару стратегиясы.-Алматы: «Жібек жолы», 2012. -280 б.

3. Тасмағамбетов И. Социально-политическое обновление Казахстана: тенденции и приоритеты.-Алматы: «Ғылым», 1996. -190 с.

4. Назарбаев Н. Ә. Таңдамалы сөздер. Т. 3.-Астана: «Сарыарқа», 2014. -643 б.

5. Тасмағамбетов И. Социальная политика и политическая трансформация. - Алматы: «Ғылым». 1997. -250 с.

6. Назарбаев Н. Ә. Реформаларды түбегейлендіру, жалпыұлттық келісім арқылы - жаңарған Қазақстанға.-Алматы: «Қазақстан», 1994. -64 б. 

7. Назарбаев Н. Ә. Елмен сырласу. Сөздер, сұхбаттар.-Астана: «Күлтегін», 2008. - 280 б.

8. Назарбаев Н. Ә. Қазақстан жолы.-Астана, 2007. - 372 б.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз