Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » Темір ұрпақтары шығармаларының зерттелуі

М.Н. Ибрагимова, С.А. Нусупбаева

Темір ұрпақтары шығармаларының зерттелуі

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(05)

Автор:
Мақалада белгілі шығыстанушы В.П.Юдиннің темірлік шығармалар жайлы көзқарасы зерттелген.
Мазмұны:

Бүгінгі таңда Қазақстан тарихын зерттеуге деген құлшыныс күннен-күнге қазақ тарихына қатысты деректер қорын жинауға зор мүмкіндік туғызды. Кейінгі жылдарда Қазақстан медиевистикасының деректемелік базасы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының нақты мәселелерін талдап шешкен зерттеушілер күш-жігермен де, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жұмыс істейтін белгілі шығыстанушылардың еңбектерімен де көтеріле түсті.

ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Орта Азия мен Қазақстанның тарихы ашып көрсетілетін орта ғасырлар авторларының нарративтік тарихи еңбектері негізінен Темір ұрпақтары тобының  шығармаларынан тұрады. Бұл шығармалар әмір Темір және оның ұрпақтарының тарихнамашыларымен жазып қалдырылған. Бұл деректер бұған дейін де зерттеушілермен кеңінен қолданылып келді. Алайда тарихшылар өздеріне керекті тұстарын ғана өз зерттеулері үшін үзіп-үзіп алып отырды, ал ол деректерге деректанулық талдаулар жасалған жоқ.

Белгілі шығыстанушы В.П.Юдиннің темір ұрпақтары тарихнамасына берер бағасы қандай екендігіне тоқтала кетейік. «Шыңғыс-намені» зерттеуге үлкен үлес қосқан, бұл күнде марқұм болған қазақстандық көрнекті шығыстанушы В.П.Юдин ауызша тарихнамаға аса көп назар аударған болатын.

  Оның сіңірген еңбегі сол, ол ауызша дәстүрге оның өзінің анықтауынша, «далалық ауызша тарихнамаға» негізделген басқа жазбаша шығармалар қатарынан осы түпнұсқа дереккөзді бірінші болып бөліп шығарды. [1, 11]

  Оның Темір ұрпақтары шығармаларына байланысты ойына тоқталайық: « «Шыңғыс-наме» бойынша баяндалған оқиғалар негізінен ХІҮ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды және билік басына қазақ хандары әулетінің негізін қалаған Орыс ханның келуімен аяқталады. Осы уақыттан бастап қазақ даласының тарихы Темір ұрпақтарының тарихнамасынан және басқа тарихнамалардан үзік-үзік болғанымен азды-көпті өз көрінісін бере бастайды. Алайда бұл шығармаларда бұдан бұрынғы тарих шатыстырылып берілген. «Ескендір анонимінде», тіпті кейбір жайлар қиял-ғажайып деңгейде суреттеледі, оны деректеме зерттеушілер әлденеше рет көрсетті де. Бір ғажабы, соған қарамастан ол негізгі деректеме ретінде кеңінен пайдаланылып келеді»,-дейді автор. [1, 108-109] Онан әрі   В.П.Юдин былай деп көрсетеді: ««Шыңғыс-наме» тайпа билерінің билігін құртқан Жошы ұрпақтарының да аттарын атайды. Олар-басқаларына басшы болған Бүкрі Қожа-Ахмед, Қара Ноғай. Қара Ноғай содан кейін хан болды, ал оның орнын мұрагерлік жолмен інісі Тұғлық-Темір басты. Бірақ осы тұлғалар тарихта болған адамдар ма? Қиялдан туған тұлғалар емес пе?», [1, 111] -дей отырып деректің шынайылық дәрежесін айқындауға тырысады. Сөйте отырып оны басқа деректермен салыстыруды жөн көреді: «Темір ұрпағының және басқа тарихнамалардың шығармаларынан біз Ноғай есімін, сондай-ақ оның Сасы-Ноғай, Тоқай және басқаша аталатын есімдерін табамыз. Кейбір дереккөздерде оны Алтын Орданың белгілі ханы Тохтамен шатыстырады. Осы кезді баяндайтын дереккөздердің бәрі Тұғлы-Темір деп оны өзінің төл атымен атайды. Бірақ кейбір шығармаларда оның Мауераннахрға жасаған екі жорығы туралы жазылған, ал мұның өзі дереккөздің Дешті Қыпшақтың Тұғлы-Темірді шатыстырғанын көрсетеді. Мұның өзі Темір ұрпақтары тарихнамасының Орыс ханға дейінгі Дешті Қыпшақ тарихы бойынша тек күңгірт деректерді пайдаланғанын айғақтайды», [1, 111] деп біршама Темір ұрпақтары тарихнамасына күмәнмен қарайды. Сонымен, автор «Шыңғыс-наме» мәліметтерін Темір ұрпағы тарихнамасы мәліметтерімен салыстырады.    «Деректегі қайшылықтарды ашудың негізгі екі жолы туралы айтуға болады. Олар: 1) Тексте логикалық талдау жасау арқылы; 2) Әр-түрлі деректерді қарама-қарсы салыстыру арқылы.

Әсіресе пайда болу жағынан бір-бірімен байланысы жоқ, бірақ тек бір оқиғаны бейнелеген әр түрлі деректерді кешенді салыстырудың рөлі аса зор», [2, 39] екенін ескерсек В.П.Юдиннің деректің шынайылық дәрежесін айқындаудағы бұл жолды таңдауы маңызды болып табылады. Бізге автордың Темір ұрпақтары жайлы айтқан пікірі құнды. «Темір ұрпағының  тарихнамасы Қара Ноғай мен Тұғлы-Темірді Ақ Ордадан шыққан Алтын Орда хандары деп атайды. Олар Алтын Орданы (1360-1380) аласапыран кезеңде билеген секілді болып көрінеді. Шындығында, Дешті Қыпшақтағы Жошы ұрпақтары Сарайдағы билікке таласты. Темір ұрпақтары мен оларға тәуелді тарихнамашылар шығармаларында тағы бірнеше белгісіз есімдер аталады, мысалы, орыс дереккөздері бойынша олар-Тұғлы-Темірдің бауыры Мұрат-Қожа, Шахидің (Қара Ноғайдың әкесінің, немесе Қара Ноғайдың өзінің) ұлы Құтлық-Қожа. «Ескендір анонимі» тағы Сасы-Бұқаның баласы Ерзеннің, Ерзеннің баласы Мүбәрак-Қожаның, Мүбәрак-Қожаның бауыры Шымтайдың және басқалардың есімдерін атайды.

Бірақ бұл кісілердің шыққан тегін қалай анықтауға болады?»- [1, 112] деп сұрақ қоя отырып автор жауапты тағы да  «Шыңғыс-намеден» табады: «Бұл жағдайда іздегенге бағыт беретін «Шыңғыс-наме» мәтінінде тайпалық билер билігін құлатуға қатысқандардың бірі-«Темір-Құтлық хан мен Орыс ханның әкелірінің тұқымынан еді» деген тіркес бар. Аталған екі ханның екеуінің де Жошының 13-ші ұлы Тоқа-Темірдің ұрпақтары екені қазір толық дәлелденген. Бәлкім, «төңкеріске» қатысқандардың қалғандары да осы  Тоқа-Темір ұрпақтары шығар»,- [1, 112] деген болжам айтады. Ары қарай автор өз ойын түйіндей келе: «Қазіргі таңда ғылыми айналымға енген Жошы ұрпақтарының генеалогиясын салыстырып көргенде, Бүкрі Қожа-Ахмедтің де, Қара-Ноғайдың да, Тұғлы-Темірдің де, сондай-ақ Темір ұрпақтарының тарихнамсынан белгілі Алтын Орданың «ақордалық» басқа хандарының да, шынында өмірде болған адамдар екені, олардың бәрі Тоқа-Темірдің баласы Бай-Темірдің (Баймұраның)  ұрпақтары екені анықталды. [3, 60; 4, 42] Бұлардың бәрі әлгі генеалогияда өздерінің төл аттарымен, немесе біршама өзгеріспен айтылған. Тіпті, Қара-Ноғай немесе жәй Ноғайдың басқа шығармаларда неліктен Сасы-Ноғай аталатынына да түсіндірме табылады. Сөйтсек,  Сасы-Ноғай деген кісі аты (антропоним) екі есімнен: өзінің аты-Ноғай және әкесінің аты-Сасы есімдерінен құралған екен.» [1, 112-113]

Осылайша В.П.Юдин ХІІІ-ХІҮ ғғ. Қазақстан тарихында шиеленіскен оқиғалардың біразын шешіп беруге тырысады.

  «Орыс-хан-қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы. Бірақ оның хандығының жұртшылығы қазақ аталмай, неге өзбек аталады? Неліктен алдында хан болған ешкім жоқ, ол Қазақ даласына кенеттен «жұлқына» кіреді?»-деп В.П.Юдин тарихшылар алдына сұрақ тастайды.

«Темір ұрпақтарының тарихнамасы ұсынған, оны Жошының тұңғыш баласы Орда Еженнен тарататын Орыс хан шежіресіне күмәнмен қарауға тура келеді. Іс жүзінде Қазақстанның ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы бүкіл тарихы осындай шатысқан мәселелерден тұрады.

Осының бәрі кейінгі Қазақ хандығы тарихын ұғындыратын ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуде тек деректану саласындағы кең көлемді зерттеу негізінде ғана ілгерілеуге болатынын көрсетеді. Қазіргі таңда деректанушылар бұл бағытта елеулі жұмыс тындырды, бірақ мұның бәрі әлі жеткіліксіз,»- [1, 114-115] деп В.П.Юдин үлкен мәселе көтереді. Әрине бұл іс бүгінгі күні де деректанушы, шығыстанушы, тарихшылар тарапынан қолға алынғанымен, күрделі мәселе болғандықтан көбі оған бет бұра бермейді.

«Біздің айтқандарымызға қарап, Темір ұрпақтарының және негізінен сарайлық кез-келген феодалдық тарихнаманың маңыздылығын жете бағаламайды деген тұжырым жасауға болар еді. Бірақ бұл олай емес: Ресейге қосылғанға дейінгі Қазақстан тарихын зерттеу үшін Шығыстың жазба дереккөздерінің маңызы жеткілікті нақты айтылған. Олар негізгісі болып табылады және олардың дерегінсіз аталған кезеңдегі Қазақстан тарихын пайымдау мүмкін емес», [1, 114-115] -дей отырып, автор оларға біршама тоқталады.

« «Мунтахаб ат-тауарих-и Му'иниде», басқаша айтқанда Му'ин ад-Дин Натанзидің «Ескендірдің анонимінде» ауызша және жазбаша тарихнама мәліметтерінің астасып кеткені сондай, шығыстанушылардың жұмысына елеулі қиындақтар туғызып отыр. Онда ауызша тарихнаманың мағлұматтары жазбаша тарихнама дәстүрінің арқауына біліктілікпен кірістірілмеген. Ал мұның қарама-қайшылықты көбейткені сондай, одан шынайы тарихи процеске сәйкесетін зерттеу арқылы ғана ажыратып алуға болады». [1, 116]

Автордың жоғарыда айтылған тұжырымы шындыққа сай. Біздің жұмысымыз да осыған негізделген.

  В.П.Юдин ХІҮ ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда тарихы бойынша азды-көпті толық және дәйекті мәлімет беретін жалғыз дереккөз-«Ескендірдің анонимі» болып табылатындығын айта отырып, алайда бұның мүлдем сенімсіз дереккөз екенін, ол туралы ғылыми әдебиетте әлденеше рет айтылғандығына тоқталады. «Атап айтқанда, «Ескендірдің анонимінің» өз кезегінде «өзінің дереккөздеріне сыни көзбен қарамайтынына, әр текті мәліметерді біріктіріп жіберетініне, нәтижесінде хронологияны шатыстыратынына» [3, 126-127] назар аударылатын. Алайда зерттеушілер осы мәтінді кеңінен пайдаланып келеді. Көп жағдайда олар осы дереккөзден өз тұжырымдарына сай келетін мәліметтерін еркінше бөліп алып, басқа дереккөздің деректеріне жүгінбейді, оларды алдын ала қате санап, кейде тіпті мұны ескертпейді де», [1, 134]- деп зерттеушілерге өз наразылығын білдіреді. Бұны сол кезеңнің тарихы жайлы көп мәлімет беретін тек Темір ұрпақтары тобының тарихшылары жазған шығармалардан басқа мәліметтің жоқтығымен түсіндіруге болады.

Осылайша ХІХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін еліміздің ғалымдарымен және шет ел зерттеушілермен, деректанушылармен, шығыстанушылармен ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты көптеген парсы деректері оның ішінде темірлік деректер анықталып, зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілген. Алайда темірлік деректердің барлығын бір зерттеу жұмысына топтастырып, басқа деректермен салыстыру арқылы жүргізілген жұмыс жоқтың қасы. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Юдин В.П. ХІҮ ғасырдағы Қазақ даласындағы биліктің тайпа билеріне және Тоқа-Темір ұрпақтарының белгісіз әулетіне өтуі. // Қазақстан тарихы туралы түркі дерктемелері. І том. Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме. А., 2005.

2.  Атабаев Қ., Қадыртаева М. Деректанудың теориялық мәселелері; оқу құралы. А., 1999. 39-б.

3.  Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды, Т. ІІ, Извлечения из персидских сочинений собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработтанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. Москва-Ленинград, 1941,-308 с.

4.Материалы по истории казахских ханств в ХҮ-ХҮІІІ вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. Ответ. ред. Б.С. Сулейменов, Алма-Ата, 1969.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз