Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » УДК 930.221+81ˈ373.46 ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА МҰРАЛАРЫНДАҒЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР МЕН ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ БІРЛІКТЕР

Шайманов Арман Сарманұлы

УДК 930.221+81ˈ373.46 ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА МҰРАЛАРЫНДАҒЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР МЕН ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ БІРЛІКТЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4

Тегтер: Фразеологизм, мақал-мәтел, қолжазба, мәдениет.
Автор:
Мақалада XIV ғасырда жазылған «Гүлстан бит-түрки» дастанында кездесетін фразеологиялық бірліктер мен мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тіліндегі тілдік бірліктермен салыстырылып, олардың тілдік және құрылымдық ерекшеліктері қарастырылған.
Мазмұны:

Қазіргі таңда ұлттық дүниетаным мен мәдениетті, этностың ойлау жүйесін сол ұлттың тіліне сүйеніп зерттеу, тіл арқылы қалыптасқан мәдениетті жан-жақты таразылау өзекті мәселе екені белгілі. Көптеген тілдік құбылыстардың тарихи қалыптасу мен дамуын ең алдымен ғасырлар бойы сақталып келе жатқан жазба мұралардың тілдік ерекшеліктерін жан-жақты  зерттеу арқылы анықтауға болады. Әдеби тілдің қалыптасу, даму тарихын жалпыхалықтық тілмен, диалектілермен және көне жазба мұралар тілімен салыстыра зерттеудің маңызы өте зор.

Қазақ халқының этникалық болмысы тіл бойынан анық көрінеді. Бір елдің ұлттық дүниетанымы, наным-сенімі мен таным-түсінігі сол тілдегі ғибратты сөздер, мақал-мәтелдер және фразеологиялық бірліктерде сақталған. Осыған орай орта ғасырлық жазба ескеркіштер тілінің қазіргі тілімізбен салыстырып, тілдік және этномәдени ерекшеліктері мен сабақтастығын зерделеу өз кезегін күтіп тұрған өзекті мәселе.

Орта ғасырлық жазба мұралар тіліндегі мақал-мәтелдерменфразеологизмдерді этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыдан зерттеу тілдің қаншалықты өзгеріске ұшырағандығы мен ұлттық-мәдени ерекшелігін анықтауға және этимологиялық, семантиалық, құрылымдық сипаттарын  анықтауға жол ашады.

Тарих пен мәдениетімізге қатысты жазба жәдігерлердің лексикасы орасан бай. Бұған дәлел ретінде Э. Наджип, Р. Сыздықова, Ә. Қайдар,  Б. Сағындықұлы сынды ғалымдардың ғылыми зерттеулерін атап айтуға болады. Әсіресе, ортағасырлық жазба мұраларды тілдік тұрғыдан зерттеген белгілі түрколог Э. Наджиптің орны ерекше. Жазба ескерткіштер тілінің лингвистикалық ерекшеліктерін зерттеуде Б. Сағындықұлының еңбектері ерекше орын алады.

XIV ғасырдағы жазба мұралар – біздің заманымызға келіп жеткен жәдігерлердің бір бөлігі ғана. Ертеде қалыптасқан қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық бірліктер мен мақал-мәтелдердің, афоризмдердің тарихи даму жолдары мен этнолингвистикалық ерекшеліктерін анықтаудың бірден бір жолы – XIV ғасырдағы жазба ескерткіштер тіліне ден қойып, ескіні білу арқылы жаңаны тану, атадан қалған мұраны игеріп, зерттеу, оларды қазақ халқының тарихи игілігіне пайдалану [1].

Осыған байланысты, зерттеу жұмысымыздың нысаны ретінде Сағди Ширазидің «Гүлістан» атты еңбегін алып отырмыз. Бұл шығарманы 1258 жылы Сағди Ширази жазып, Шираздың билеушісі Әбу Бәкр ибн Сағдиге сыйға тартады. «Гүлістан» шығармасын алған рет қыпшақ ақыны,Алтын Ордадәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Сейф Сарайи аударған. Бізге жеткен елеулі еңбек – бес мың жолға жуық түркі (қыпшақ) тіліндегі «Гүлстан бит-түрки» туындысынСарайшықтабастап,ЕгипеттегіНіл өзені бойында аяқтаған. Дастанның негізгі бөліміСағдидің«Гүлстан» шығармасының еркін аудармасынан тұрады, сондай-ақ оған өзімен тұстас сегіз шайырдың ғазалдары, ақынның өзі жазғанлирикалықөлеңдері, нақыл, ғақлия, толғаулары енген. Саиф Сарайдің бұлпоэмасыXIV ғасырдағы қыпшақ әдебиетіндеқалыптасқан әдеби дәстүр, озықпоэзияүлгісі болған.

Ақын Сейфи Сарайидің кім болғандығын, ол қандай  жағдайда өмір сүріп, қандай шығармалар жазған және ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жоқтың қасы. Тек қана Сарайи деген лақап атына қарап, оның Сарай қаласында тұрғандығын, бір себептермен Египетке келгендігін аңғаруға болады.

«Гүлстан бит-түрки» дастаны жайында алғаш рет 1851 жылы Голландия ғалымы Р. Дози жазған. Ол Лейден академиясындағы Шығыс қолжазбаларын сипаттауға арналған бір еңбегінде 1553 номерлі нұсқаға тоқала кетіп, бұл жазбаның Сағдидің «Гүлістан» дастанының аудармасы екенін анықтаған. Сондай-ақ, Р. Дозиден кейін 43 жыл өткен соң Голландияның әйгілі ғалымы М. Хаутсма да «Гүлстан бит-түрки» нұсқасын сөз етеді [2].

  Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің табиғатын танып білуде Қ.Т.Қайырбаева олардың шығу көздері ретінде 3 факторды атап көрсетеді: Біріншіден, фразеологизмдердің пайда болуының себебі болып табылатын фразеологиялану үрдісі. Бұл тәсіл ішкі лингвистикалық заңдылықтарға байланысты жүзеге асатын құбылыс. Фразеологиялану сатысынан өткен еркін сөз тіркестері мен сөйлемдердің құрамындағы сөздердің арасында ішкі фразеологиялық, яғни семантикалық байланыс қалыптасып, ол байланыс тұтас мағынаның дамып, өзгеріске ұшырауына әкеледі. Екіншіден, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер белгілі бір озық ойды білдіріп, халықтың ұлттық-мәдени көрінісін сипаттайтын тілдік бірлік. Үшіншіден, кезінде еркін сөз тіркестері мен сөйлемдердің негізінде туған фразеологизмдер өздерінің тууына негіз болған синтаксистік тіркестер мен сөйлемдерден мүлдем алшақтап кетпейді, олардың арасында байланыс олардың фразеологиялық мәнге өтіп кеткен кезінде де байқалып тұрады [3].

Жазба мұралар тіліндегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің мағыналық өзгеруі тіл дамуында кездесіп тұратын құбылыс. «Сөз мағынасының өзгеруін бір себепке ғана байланысты қарау –тілдің фактілеріне қарағанда қолайлы көрінбейді. Өйткені сөз мағынасының өзгеруінің тілден тыс, қоғамдық жағдайға байланысты тарапы да, тілдік үрдістерге, тілдік жүйеге байланысты жағы да бар көрінеді» [4]. 

Орта ғасырлық жазба ескерткіштердегі мақал-мәтелдер мен фразеологиялық бірліктер мен мақал-мәтелдерді зерттеу барысында бірқатар көне сөздердің дыбыстық, грамматикалық, лексикалық өзгерістерге ұшырағандығын байқадық. Мысалы, көрар болса фаріштә иолдан азғайдегенмақал қазіргі уақытта періште алтын көрсе жолдан таяды деп қолданылады. Көріп тұрғандарыңыздай уақыт өте келе мақалға періште сөзі қосылған. Осы тәрізді кузаға не қойсаң аны ичәсән мақалдың түпкі мағынасы сақталып морфологиялық өзгеріске ұшыраған. Қазіргі қазақ тілінде бұл мақал не ексең соны орысың деп қол данылады.

қатынлардың чачі узун, ақылы қысқа – әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа, ыхлас білә йығласа сукыр куздан йаш чықар – шындап жыласа соқыр көзден де жас шығады деген мақалдар ғасырлар бойы ешқандай өзгеріске ұшырамай, өз қалпында біздің заманымызға дейін жеткен.

Ал енді Гүлістан шығармасындағы тұрақты тіркестердің этномәдени сипатына тоқталып, оларды қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдермен салыстырып көрейік.

Жандын кечті(Г,93р-6) жаннан кешті [ҚТФС, 183б]. Екі дәуірде де қолданыс тапқан фразеологиялық тіркес тілдік өзгеріске ұшырап, мағынасын сақтап қалған.

Рахім қылді(Г,9б22) – рақым етті, қылды [ҚТФС, 444б]. Адамгершілік пен рақымдылықты сипаттайтын фразеологизм ешқандай тілдік те, мағыналық та өзгеріске ұшырамай, сол қалпында біздің заманымызға дейін жеткен.

Белиң қыл (Г,15а6) – қыпша бел, қынай, қынама бел [ҚТФС, 374б]. Берілген тұрақты сұлу қыздың мүсінін сипаттау кезінде қолданылады. Қыл – этномәдени мәні бар сөз. Ал арудың белін қылға теңеу қазақ халқының таным-түсінігіне сай келеді. Келтірілген фразеологизмнің мағынасы сақталып, тілдік өзгеріске ұшыраған.

Вәфо қылді(Г,15а6) – рақым етті, қылды [ҚТФС, 444б]. Уақыт өте келе берілген фразеологиялық тіркесте «вәфо» сөзі қолданыс аясынан шығып, оның орнына араб тілінен енген «рақым» сөзі қолданылып кеткен.

Жазба деректер тіліндегі фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің құрылымдық тілдік ерекшеліктерін анықтау барысында көне қыпшақтардың көшпенді өмірі, өмір тіршілігі мен дүниетанымы, бір тілде пайда болған мақал-мәтелдерді тіл заңдылығына ыңғайластыра қабылдауы қазақ тілінде де көрініс тапқан.

Жазба мұраларда мақал-мәтелдердің дыбыстық жүйесін, лексикалық құрылымын, грамматикалық құрылысын зерттегенде саластырмалы –диахронды әдісті қолдану арқылы олардың түркі тектестігін білдіретін мағлұматтар мен кейбір ерекшеліктері анықталды. 

Қорыта айтқанда, жазба мұралар тіліндегі мақал-мәтелдердің құрылымы қазіргі қазақ тіліндегі мақал-мәтелдермен ұқсас. Көне қыпшақ тілінде кездесетін мақал-мәтелдердің басым көпшілігі ерте заманда әртүрлі құбылыстардан пайда болып, бірнеше ғасырлар бойы дамып, жаңарып отырған. Көптеген мақал-мәтелдердің құрылымы мен мазмұнынан ұлттық дүниетанымға тән қасиеттерді байқауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Сабыр М.Б., Исина Ж.А. Ортағасыр жазба ескерткіштері фразеологиялық және паремиологиялық қорының этномәдени сипаты (XVI ғ). – Орал, 2014.

2.  Сағындықұлы Б. Алтын Орда жазба ескерткіштерінің (XIV ғ.) салыстырмалы лексикасы. – Алматы, 2006.

3.  Қайырбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні.Филол.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 2004. – 135б.

4.  Барлыбаев Р. Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. – Алматы: Мектеп, 1968. – 83б.

References

1.  SabyrM.B., IsinaZh.A. Ethnocultural feature of  phraseology and  paremiology  in the medieval manuscripts (XVI ). – Oral, 2014.

2.  Sagyndykuly B. Comparative lexicon of manuscripts (XIV) of Altyn Orda. – Almaty, 2006.

3.  Kayrbayev K.T. Ethnocultural features of symbolic names in Kazakh language. Candidate dissertation of Philological sciences. – Almaty, 2004. – 135p.

4.  BarlybayevR. The widening and narrowing of meaning of words in Kazakh language. – Almaty,1968. – 83p.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз