Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ БІЛІМ АЛҒАН ГИМНАЗИЯЛАР ЖӨНІНДЕ (ХІХ ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасырдың басы)

РАХЫМҚҰЛОВ Д.А.

ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ БІЛІМ АЛҒАН ГИМНАЗИЯЛАР ЖӨНІНДЕ (ХІХ ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасырдың басы)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3

Тегтер: стипендия, гимназист, именная, отделение, подготовительное, пансионат, квартиры, ученические, прогимназия, гимназия, классическая, зрелости, аттестат, свидетельство, класс.
Автор:
Мақала ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр басында қазақ балалары білім алған бірқатар классикалық гимназиялар мен прогимназиялардың тарихына арналады. Автор онда Қазақстан жеріндегі Верный, Семей, Қостанай, сондай-ақ іргелес жатқан Ташкент, Орынбор, Тройцк, Омбы секілді қалалардағы гимназияларда әр жылдары оқыған қазақ балаларының аты-жөні мен олардың әлеуметтік және сандық құрамын, оларға өтілген оқу пәндерін, тұрған шәкірттер үйі мен пансионаттарын, сабақ берген оқытушылар құрамын және сол гимназиялардан білім алып еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарған қазақтың белгілі тұлғаларын тың мұрағат деректері арқылы хронологиялық ретпен жүйелі түрде тарқатып өтеді.
Мазмұны:

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан жерінде бірқатар гимназиялар мен прогимназиялар жұмыс жасады. Олардың басым бөлігі Верный, Семей, Орал, Қостанай, Павлодар және Өскемен қалаларында орналасты. Жалпы қазақ жерінде ер балалар мен қыз балалар он бірге жуық әр үлгідегі гимназиялар мен прогимназияларда білім алды, ал кейбір қазақ отбасының ата-аналары өз балаларын шалғайдағы Орынбор, Троицк, Ташкент және Омбы секілді ірі қалаларда ашылған классикалық гимназияларда оқытты. Сондағы барлық гимназиялар: ерлер, қыздар және әскери болып үш үлгіге бөлініп, олардың әрқайсы жеке өз саласы бойынша жұмыс істеді.

ХІХ ғасырдың соңына таман Жетісу, Сырдария, Семей және Орал облыстарында мынандай гимназиялар мен прогимназиялар: Торғай облысының қазақ балалары оқыған  1869 жылы қазақ-орыс мектебінің орнында құрылған Орынбор азаматтық (классикалық) гимназиясымен, одан сәл кейініректе ашылған 1-ші Орынбор қыздар гимназиясы, 1873 жылы Троицк қаласында негізі қаланған Троицк ерлер гимназиясы, 1876 жылы Омбы қаласында ашылған Бірінші ерлер гимназиясы, 1895 жылы құрылған Қостанай қыздар орыс-қазақ прогимназиясы, 1876 жылы ашылған Верный ерлер гимназиясы және 1877 жылы қыздар курсы арқылы құрылған Верный қыздар гимназиясы, 1876 жылы бір уақытта ашылған Ташкент ерлер және қыздар гимназиясы, 1871 жылы құрылған Семей қыздар прогимназиясы, 1894 жылы негізі қаланған Семей ерлер гимназиясы, 1894 жылы Оралда ашылған әскери гимназия мен Орал қыздар гимназиясы, және 1912 жылы Пішпекте құрылған ерлер гимназиясы, 1901 жылы 1 тамызда ашылған Павлодар қыздар прогимназиясы және Өскемен қаласында Марин қыздар училищесінің орнында 1905 жылы құрылған Өскемен қыздар прогимназиясы болды. Бұл гимназиялық оқу орындарының барлығы дерлік тікелей Халық ағарту министрлігінің құзырына қарады. Жалпы ереже бойынша прогимназиялар мен гимназиялардың басшылығында оқу округінің қамқоршысымен сайланатын директорлар мен инспекторлар тұрды. Гимназия директорының төрағалығымен барлық мұғалімдер, қараушылар мен инспектор оқу және тәрбие саласы бойынша мәселелерді талқылау үшін айына бір рет педагогикалық кеңеске жиналатын, ал гимназиядағы шаруашылық мәселесін талқылау директордың төрағалығымен гимназия қамқоршысы, инспектор және үш жылға сайланатын үш мұғаліммен ерекше қамқоршылар кеңесінде (кейініректе ол шаруашылық комитеті деп өзгертілді) өтті. 

Жергілікті қазақ балалары гимназияларда мына пәндер бойынша: математика, физика, химия, тарих, латын тілі, орыс тілі, грек тілі, география, неміс тілі, таза жазу, тригонометрия, француз тілі, сурет салу, діни ілім, арифметика, ән-айту, гимнастика, логика, геометрия, қолөнер, философия, табиғаттану, космография, математикалық геграфия, педагогика (дидактика мен әдістеме) заңтанудан білім алды. Осы аталған пәндердің бекітілген арнайы анықталған бағдарламалары болды және гимназияларда оқытылатын барлық оқулықтар тек оқу округімен мақұлданып қана жіберілді. Жергілікті қазақ балалары гимназияда кейбір азғантай жеңілдіктерге ие болды, мәселен Түркістан өлкесінде олар Түркістан генерал губернаторы Кауфманның ұсынысымен латын тілі пәнін оқытудан босатылған болса, ал 1882 жылы Мемлекеттік кеңестің шешімі бойынша олар латын тілі мен қатар грек тілінен де босатылды, сондай-ақ оларға діни ілім (закон Божий) пәні де оқытылмады.

Барлық гимназиялық үлгідегі курстар қалыпты жетісыныптық немесе толық сегізсыныптық классикалық, сондай-ақ гимназияның төрт кіші сыныптарына сәйкес бастапқы төрт сыныптық білім беретін прогимназия болып бөлінді. Әрбір классикалық гимназияның жанында «дайындық бөлімі» жұмыс істеді, ол өз кезегінде гимназияның бірінші сыныбына оқуға түсуге үміттенген үміткерлерді әзірлейтін болды. Жергілікті қазақ балалары дайындық бөлімінде орыс тілі мен арифметика секілді пәндерді оқып, содан сынақ емтиханынан сүрінбей өтіп қана гимназияның бастауыш сыныптарына өткізетін кіші даярлық сыныбына қабылданатын болған. Кейбір мұрағат құжаттарынан біз қазақ балаларының жергілікті оры-қазақ мектептерінен алған білімі арқылы бірден гимназияның кіші даярлық сыныптарына өткенін кездестіреміз. Осындай сатылы сынақтардан өтіп қана олар гимназияның бірінші сыныбы мен сегізінші сынып аралығындағы оқу жоспарымен танысатын еді. Гимназияларға 8 жастан – 10 жасқа дейінгі барлық әлеуметтік топтағы балалар қабылданды. Олар гимназияларда мемлекеттік қазына есебімен (қазақ қоғамынан жиналған салық есебімен), жеке өз қаражатымен және атаулы стипендияның иегері болып ғана оқи алатын болған. Сондай гимназиялардағы оқушылардың басым көпшілігі қазынадан жұмсалған қаражат есебімен білім алды. Кейбір гимназиялар мен прогимназиялардың жанынан негізінен ата-аналары сол оқу орны орналасқан қаладан алыс жерлерде тұратын балалар үшін арнайы пансиондар салынды, әрі сондағы пансионерлерге кіші сыныптан үлкен сыныпқа көшіретін және бітіруші түлектерге емтихан сынақтарын жүргізетін болған, ол емтихандар ауызша және жазбаша түрде өткізілді. Емтиханды табыспен тапсырғандарға мақтау қағазы, кітап және тағы басқа да сыйлықтар берілді, ал толық гимназиялық курсты аяқтаған түлектер болса кез-келген жоғары оқу орындарына түсуге жол ашатын және жергілікті әкімшілік қызметтерге жұмысқа орналасуға құқық беретін кәмелеттік аттестат немесе куәлік тапсырылды, сонымен қатар оқуды үздік немесе жақсы бағамен аяқтаған оқушылар алтын және күміс медалдармен марапатталды, сондай-ақ жұмысқа орналасқан кезде-ақ қызметтік шен ілді. Ал үш немесе төртсыныптық толық емес прогимназияның курсын бітіргендер үшін қарапайым куәлік қағазы ғана табыс етілетін.

1868 жылы 2 желтоқсанда Мемлекеттік кеңес Мемлекеттік экономия департаментінде және Жалпы жиналыста Орынбор қазақтарының облыстық басқармасы жанындағы қазақ балалары үшін құрылған мектепті жабу жөніндегі Ішкі істер министрінің ұсынысын қарастырып, оның орнына Орынбор азаматтық гимназиясын құру туралы ұсынысын императордың бекітуіне жібереді. Аз уақыт ішінде император Мемлекеттік кеңестің пікірін бекітуге келісіп жылдам оны іске асыруды тапсырады. Сөйтіп 1869 жылдың басында Орынбор қаласында Орынбор азаматтық гимназиясы ашылады. Сонымен қатар гимназияның жанынан Орынбор өлкесіндегі тек қана қазақ балалары үшін 30 стипендиялық орынмен пансион құрылады, және гимназиядағы мұсылман дінін ұстанатын даярлық және басқа да сыныптардағы мұсылман тәрбиеленушілерін оқыту үшін онда ерекше мұғалім мен молда тағайындалған даярлық сыныбы ашылады. Орынбор қаласындағы гимназия ғимараты мен пансионды Торғай облысының қазақтары қайырымдылық жәрдеммен жинап берген 55 936 рубль 48 тиын ақшаға салынған болатын [1, 1-п.]. Орынбор мен Троицк гимназиялары қаладағы балалармен қатар Қазақстанның солтүстік және батыс бөлігінде тұратын қазақ балаларында қамтыды.

Орынбор гимназиясы жанында ашылған пансиондағы қазақ ваканттық орындарға айырмашылығына қарамай Орал өлкесіндегі балалармен қатар Ішкі қазақ ордасындағы қазақ балалары да қабылданды. Олар 1864 жылы 19 қарашада өкіметпен бекітілген гимназиялар мен прогимназиялардың жарғысындағы 60-шы параграфы бойынша оқу төлемінен босатуға ұсынылған гимназиялық оқушылардың санына қарамастан гимназиядағы оқуға төленетін төлемнен босатылды.

Орынбор қаласында губерниялық гимназияның ашылуымен Орынбор қазақтарының облыстық басқармасы жанындағы қазақ балаларына арналған метептегі оқу курстары тоқтатылып, ондағы оқушыларды гимназиялық курстарды тыңдауы үшін гимназияда жаңа ашылған сыныптарға жасы мен білім деңгейлеріне қарай бөледі. Гимназияның алғашқы құрылған жылдары қазақ пансионерлері бұрыңғы облыстық басқарма жанындағы қазақ мектебінің ғимаратында толық қазына есебімен тұрған еді, сосың жаңа пансионның ғимараты салынған соң қазақ пансионерлері соған көшіріліп, ескі мектеп ғимараты біржолата жабылады.

Пансиондағы қазақ балаларына бөлінген ваканттық орындарды толтыру үшін сайланатын үміткерлерді Орынбор генерал губернаторы бекітетін болған. Мәселен Орынбор азаматтық гимназиясы алғаш ашылған жылы оған Торғай облысынан тек тоғыз қазақ баласы ғана қабылданды [1, 39-п. ]. Ал 1881 жылы гимназияда 11 қазақ баласы оқыды, оның даярлық сыныбында – 5, бірінші сыныпта – 2, екінші сыныпта – 2, үшінші сыныпта – 1, төртінші сыныпта – 1 оқушы саналды [1, 40-п.]. Осы жылғы гимназия қабырғасындағы оқушылардың онға жуығы негізінен Торғай облысының Елек (Ақтөбе) уезінен болса, ал жалғыз біреуі ғана Орал облысының Орал уезінен саналды. 1894 жылы 1 қыркүйекте Орынбор ерлер гимназиясының директоры А.Сатурновтың жасаған тізімі бойынша пансионда 12 қазақ стипендиаты болды, оның екінші сыныбында – 4, үшінші сыныпта – 5, төртінші сыныпта – 3 тәрбиеленуші оқыды, ал даярлық және бірінші сыныптарда қазақ оқушылары болмады, солардың ішіндегі бір қазақ тәрбиеленушісі Троицк ерлер гимназиясынан ауысып келген болатын [1, 21-п.]. Жалпы бұл тәрбиеленушілердің екеуі  Ырғыз уезінен, біреуі Николаев уезінен, қалған тоғызы Ақтөбе уезінен саналды. 1869 жылдан – 1896 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта, яғни 27 жыл ішінде Орынбор ерлер гимназиясының пансионында 52 қазақ баласы оқыды. Сол жылдар аралығында гимназияны алты түлек ғана: Сейітмұхамед Сүйінішғалиев, Жансұлтан Шуақов, Ахмет Беремжанов, Нұрмұхамед Алдияров, Баскен Саматов, Асатулла Идигин есімді балалар толық курсты аяқтап шықты, осылардың алғашқы аталған үшеуі кәмелеттік аттестатқа ие болып, күміс медалдармен марапатталса, ал қалған соңғы үшеуі тек кәмелеттік аттестатпен ғана бітіріп шығады [1, 39-40-пп.]. Ал гимназияның курсын аяқтай алмаған тәрбиеленушілердің бірсыпырасы отбасы, үй, денсаулығына және сабақ үлгерімінің төмендігіне байланысты шығып кетсе, ал олардың бірен-сараны Троицк ерлер гимназиясына ауысты, кейбірі гимназиялық курстың ортаңғы сыныптарында қайтыс болған еді.

Мұндай орта оқу орындарында негізінен қазақ қоғамындағы сұлтандардың, билердің, старшындардың және ауқатты қазақтардың балалары оқитын болған. Мәселен 1896 жылы 29 наурызда отставкадағы генерал майор сұлтан Мұхамеджан Баймұхамедов Торғай облысының әскери губернаторы Ф.Барабашқа жазған баяндама жазбасында былай дейді: «өзімнің туған балам әулеттік дворянин сұлтан Ахметшахқа және туған немере жиендерім сұлтандар Шыңғыс пен Мұхамедғалий Баймұхамедұлдарына европалық білім беруді қалап, Орынбор ерлер гимназиясына менің немере жиендерім мен баламды қабылдауға ұсынуыңызды өтініп сұраймын» [1, 41-п.]. Осындай ұқсас өтінішпен бұрыңғы Батыс бөліктің басшысы полковник сұлтан Мұхамедғалий Таукин өзінің 10 жастағы Мұзафар есімді кенже баласын Орынбор ерлер гимназиясына орналастыруды қалады [2, 92-п.].

Орынбор ерлер гимназиясына 8 жастан - 10 жасқа дейінгі кәмелеттік жасқа толмаған ұл балалар қабылданды. Ата-аналар өз балаларын гимназияға алғаш оқуға әкелген кезде туу туралы куәлігін, денсаулық жағдайын көрсететін дәрігерлік куәлік пен оспыға қарсы егілгендігі туралы куәлік жөніндегі құжаттарды тапсыратын. Мәселен, 1889 жылы 28 желтоқсанда Николаев уезінің Арақарағай болыстығының №2-ші ауылының қазағы Оспан Алтынсарин Торғай облысының әскери губернаторына: «өзімнің Қостанай екісыныптық орыс-қазақ училищесінде оқитын Ермұхамед есімді балама одан әрі білім беруді қалап қазына есебімен тәрбиеленуші ретінде Троицк немесе Орынбор гимназиясына бірінші ашылған ваканттық орынға орналастыру туралы ұсыныссыз қалдырмауыңызды сұраймын деп жаза отырып, оған қосымша 1880 жылы заңды әйелінен туылғаны туралы куәлігі мен оның денсаулығы жөніндегі дәрігерлік куәлігін қоса тіркеп береді [3, 78-п.]. Егер мұндай талап етілген құжаттар өтінішпен бірге тапсырылмаған болса, онда гимназия басшылығы оның қандай әлеуметтік ортадан шыққанына қарамастан қабылдамайтын болған. Мысалы 1901 жылы 28 қаңтарда Ақтөбе уезінің Ақтөбе болыстығының №2 ауылында тұратын сұлтан Қасым Арынғазыұлының туған бауыры Камалетдин Орынбор классикалық гимназиясының қазыналық ваканттық орынға қабылданар кезінде, оның туу туралы куәлігін алмастыратын бір ғана жасын куәлендіретін құжаты болмағандықтан гимназия директоры оны қабылдаудан бас тартады [1, 93-п.].

Орынбор және Троицк ерлер гимназияларында Торғай облысының төрт: Ақтөбе (бұрыңғы Елек), Ырғыз, Торғай және Николаев уездерінен және ішінара Орал облысының кейбір уездерінен шыққан қазақ балалары білім алды. Бұл гимназияларға кейбір қазақ балалары Ырғыз екісыныптық училищесінен, Ақтөбе орыс-қазақ училищесінен, Қостанай екісыныптық орыс-қазақ училищесінен, тіпті Орынбор қазақ мұғалімдер училищесі  жанындағы бастауыш мектептен бастапқы білім негіздерімен танысып баратын еді, сондықтан да олар гимназиялық курстың бірінші сыныптарына сынақсыз бірден қабылдануға мүмкіндіктері болды. Қазақ пансионындағы 30 стипендиатты ұстау үшін олардың әрқайсына қазынадан жылына 200 рубль бөлінсе, ал олардың барлығына жылына 6000 рубль қаражат жұмсалды. Мәселен, даярлық сыныбында сабақ беретін басты мұғалімге 500 рубль және молдаға 178 рубль 40 тиын көлемінде жалақы төленді, сонымен оларға жылына жалпы 6678 рубль 40 тиын қаражат жұмсалған болатын [1, 12-п.]. Егер гимназияда вакаттық стипендиялық орын болмаған жағдайда үміткерлерді өз қаражатымен оқуға жіберетін. Мәселен 1881 жылы 30 мамырда Орынбор гимназиясының директоры Торғай облысының әскери губернаторына: «егер қазақ балалары Орынбор гимназиясының пансионында қазына есебіндегі бос орын болмаған кезде өз қаржыларымен қазыналық пансионерлер ретінде қабылданады. Олардан оқуға жылына 250 рубльден төлем алынды және бір мезгілде пансионға түскен кезде орналасу үшін бастапқы 35 рубльді төлейді; төлеу уақыты бірінші жарты жылдықта қаңтар мен ақпан және екінші жарты жылдықта тамыз бен қыркүйек айлары саналатын» [1, 12-п.] - деп жазды. 

1868 жылы Торғай облысының қазақтары қайырымдылық жәрдеммен Орынбор ерлер гимназиясының ғимараты мен пансионын салуға жинап берген құрама қаражаттан қалған 25 мың рубль суммаға Орынбор қаласында бірінші дәрежелі Орынбор қыздар училищесі (кейініректе ол бірінші Орынбор қыздар гимназиясы болып қайта құрылады) және қазақ қыздары үшін арнайы пансионда салынады. Торғай өлкесінің қазақтары осы гимназияны салуға айтарлықтай көлемдегі қаражаттарын жұмсағандықтан өз қыздарын кедергісіз оқыта алатынына сенімді болған еді, бірақ ХІХ ғасырдың соңына дейін гимназистердің арасында қазақ қыздары болмады. Сондықтан 1897 жылы 1 қазанда отставкадағы статтық кеңесші сұлтан Әлмұхамед Сейдалин Торғай облысының әскери губернаторына гимназия ғимаратын салуға жұмсалған 25 мың рубль қаржыдан алғашқы уақытта Орынбор қыздар гимназиясы жанынан қазақ қыздары үшін үш земствалық стипендияны құруға бөлінсе деген өтінішін білдіріп, сосың осы стипендиялық орындарға өзінің Жауғара мен Гүлжихан есімді екі қызы мен жақын туысқаны Гүлжамал Сүлеймен Жиhангеровті пансионерлер ретінде анықтауын сұрайды [4, 4-п.]. Ә.Сейдалиннің бұл өтінішіне байланысты 1897 жылы 30 қазанда Торғай облысының әскери губернаторы Орынбор оқу округінің қамқоршысына: «құжаттағы анықтама бойынша 25 мың рубль қаржы мелекеттік қағазға айналған болатын және 1868 жылы 13 ақпанда қатынас қағазбен Орынбор қыздар училищесінің қамқорлық кеңесіне берілгендігін жазады» [4, 5-п.]. Сөйтіп Орынбор қыздар гимназиясының қамқоршылар кеңесі Ә.Сейдалиннің Жауғара есімді қызын тек келер 1899/1900 оқу жылында земствалық стипендияға қабылдануы мүмкін деп шешім шығарады, бірақ бұл шешімде оның басқа ұсынған екі қызы жөнінде бір ауыз сөз айтылмады.

1899 жылы 28 маусымда Халық ағарту министрлігі Орынбор оқу округінің қамқоршысына Орынбор қыздар гимназиясында қазақ қыздары үшін екі қазына есебімен стипендияны құрып, оның әр стипендиясына 250 рубльден мемлекеттік қазынадан жылына 500 рубльді бөліп тұруға рұқсат берген еді. Нақ осы жылдан бастап гимназияға Торғай облысынан бірінші болып екі қазақ қызы Құядарова мен Х.Асауова түскен болатын. Бірақ 1902 жылы қаңтарда гимназияның бастауыш сыныптарында оқып жатқан Құядарова қайтыс болады, ал Х.Асауова болса төртінші сыныпты аяқтаған соң ата-аналарының қалауымен гимназиядан шығып  кетеді [4, 48-п.]. Осыған орай Орынбор оқу округінің қамқоршысы Торғай облысындағы мектеп инспекторларымен және Қостанай қыздар прогимназиясындағы педагогикалық кеңесінің төрағасымен байланысқа шығып, жақын уақыттарда Орынбор қыздар гимназиясындағы қазақ стипендиялық орындарын толтыратын үміткерлердің болмайтынын түсінеді. Мәселен 1914 жылы 20 мамырдағы Торғай облысы басқармасының журналында 1-ші Орынбор қыздар гимназиясындағы екі стипендиялық орынмен Қ.Байтұрсынова мен Медетова есімді екі қазақ қызы (олардың әрқайсына қазына есебімен 250 рубльден қаржы бөлініп тұрды) оқып жатқандығы жазылды  [4, 131-п.].

ХІХ ғасырдың 90-жылдардың аяғында ашылған Қостанай қыздар гимназиясы бастапқыда Қостанай қыздар орыс-қазақ прогимназиясы болып құрылады. Алғашқы кезде Қостанай қыздар прогиманазиясының үш сыныбын аяқтаған оқушылар оқуларын одан әрі Орынбор қыздар гимназиясында кедергісіз жалғасыруға мүмкіндіктер берілді. Мәселен 1899 жылы 28 маусымда Халық ағарту министрі Орынбор қыздар гимназиясындағы қазақ қыздары үшін қазына есебіндегі стипендиялар туралы бекіткен ережесінде: стипендиаттар ғылымдағы жақсы тәртібімен және табысымен ерекшеленген тұрмысы нашар оқушы қазақ қыздары Қостанай қыздар прогимназиясының педагогикалық кеңесімен сайланады, олар прогимназия курсын аяқтаған соң Орынбор қыздар гимназиясында оқуларын жалғастыра алады (3 параграф) – деп жазылды. Сондай-ақ ереженің 5-ші параграфында: «стипендиаттарды сайлау құқығы Торғай облысының әскери губернаторымен келісе отырып, оқу округінің қамқоршысының қарауына ұсынылады» [4, 44-п.] - делінді. Бірақ Қостанай прогимназиясы толық сегізсыныптық гимназия болып құрылғанда бұл үдеріс тоқтатылады. ХХ ғасырдың басында Қостанай қыздар гимназиясында қазақтан шыққан тұңғыш қаламгер, аудармашы Нәзипа Құлжанова оқып, 1902 жылы ол оқытушылық қызметін алып шығады.

 1873 жылы Орынбор үлгісімен Троицк қаласында Троицк ерлер гимназиясы құрылады. Алғашқы ашылған жылы гимназия үш сыныпқа: даярлық, бірінші және екінші сыныптарға оқушыларды қабылдады. Троицк қаласы солтүстік-батыс Қазақстан жеріне жақын орналасқандықтан, Торғай облысындағы қазақ балалары сондағы ерлер гимназиясында арнайы бөлінген стипендиялық орынмен оқитын болған, сондықтан да алғашқы жылдары гимназияда негізгі пәндермен бірге қазақ тілі де оқытылды, бірақ сол кезде қазақ балалары оқуға тым аз түскендіктен, уақыт өте келе бұл пән оқу жоспарынан біржола алынып тасталған болатын.

ХІХ ғасырдың аяғында Троицк ерлер гимназиясы сегіз негізгі және даярлық сыныптарынан тұрды, сондай-ақ сырттан келетін балалар үшін гимназия жанынан арнайы пансион ашылды, онда өзге балалармен бірге Торғай облысының қазақ балалары да орналасты. Мәселен, 1885 жылғы ресми анықтамада Орынбор гимназиясына – 12, ал Троицк гимназиясына – 4 стипендиялық орын бөлінгендігі жазылды. Сол төрт орынның екеуі генерал-майор Балюзектің есімімен берілсе, ал екеуі қазақ болыстық қоғамымен төленді. Мәселен, 1886 жылы 15 маусымда жасалған тізімде генерал майор Балюзектің есімімен берілген екі стипендиалық орынның біреуінде 1-сыныпта – Зұлқарнайын Қаражасов және екіншісінде 8-сыныпта Абдолла Теміров оқыды, ал қазақ болыстық қоғамымен бөлінген екі орынның біреуінде 2-сыныпта – Ескендір Сейдалин оқыса, ал екінші орын мүлдем бос болды, оған дейін сол ваканттық орында гимназиядағы тәртібінің нашарлығына байланысты директор мен педагогикалық кеңестің біріккен үкімі арқылы шығарылған 15 жастағы Ибрагим Имамбаев оқыған [5, 135-п.]. Ал 1888 жылы Троицк ерлер гимназиясында қазақ балалары үшін 12 орынмен стипендия берілді. Сол стипендиямен даярлық сыныбында – 2, бірінші сыныпта – 2, алтыншы сыныпта – 5 қазақ баласы білім алды [5, 114-п.]. Солардың арасында Торғай облысындағы беделді адамдардың балалары да болды, олар өз балаларын осындай көрнекті білім ошақтарында оқытуға ұмтылды. Мәселен, 1890 жылы 24 шілдеде Торғай облысы мектептерінің бұрыңғы инспекторы статтық кеңесші Ыбырай Алтынсариннің әйелі Айғаныс Алтынсарина өзінің 10 жасқа толған Ғабдулла есімді ұлын Троицк гимназиясына стипендиалық орынмен орналастыру үшін Торғай облысының әскери губернаторына өтініш жазған еді [3, 134-п.].

Мәселен Ішкі Бөкей Ордасында арнайы гимназиялық орта оқу орындары болмады, сондықтан да ондағы қазақ балалары шалғайдағы Орынбор және Троицк қалаларындағы азаматтық және ерлер гимназияларына барып оқитын болған. Олар үшін гимназияда басқа да Орынбор өлкесінің балалары қатарлы қазынадан жұмсалатын қаражат есебімен оқитын арнайы бірнеше стипендиялық орындар бөлініп тұрды. Мәселен 1878 жылы 13 маусымда бұратана мектептердің инспекторының жазбаша хабарландыруымен Ішкі Орданың балалары үшін Орынбор гимназиясына үш бос орын беріледі. Осы орындарға сол жылдың 16 маусымында Ішкі Орданы басқарып отырған Уақытша кеңес Орынбор гимназиясының директорына Ішкі орданың үш баласын: Ибатулла Исенбаев, Жұмаарслан Жантөрин және Әлімгерей Бөкейхановты жібереді. Бірақ Орынбор гимназиясының директоры сол үш ұлдың ішіндегі Ибатулла Исенбаевты ғана пансионер ретінде қабылдап, ал қалған екеуіне бос орын жоқ деп Ордаға қайтарады. Осыдан кейін Уақытша кеңес Орынбор азаматтық гимназиясында Ішкі Орданың атымен оқып жатқан қазақ балаларының атаулы тізімін қарап шығып, одан 1876 жылдың ақпанынан бастап Ішкі Ордаға қатысы жоқ Мұхамедкерім Әбубәкіров пен Ахметжан Омаровтың Орда балаларына тиесілі екі стипендиялық орындарында оқып жатқанын анықтайды. Сосың осы мәселе жөнінде Уақытша кеңес Торғай облысының әскери губернаторына: «Ішкі Орданың атымен тіркелген бөтен екі баланы гимназиядан шығаруын сұрап жазады» [2, 121-п.]. Айта кететін жайт, Ішкі Орданың көптеген балалары Троицк және Орынбор қаласындағы ерлер гимназияларынан білім алды. Солардың қатарында Уақытша кеңесте ұзақ жыл маңызды қызметтерді атқарған Жүсіп Шомбалұлының Батырхайыр есімді баласы оқыды [6, 259-п.].

ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында Түркістан өлкесінде екі ерлер, екі қыздар және бір әскери гимназия мен прогимназиялар болған еді. Бұл гимназияның бәрі өлкенің Верный және Ташкент секілді ірі қалаларында шоғырланды, және бұлардың ізімен 1912 жылы Пішпек қаласында жергілікті халықтың жинап берген қаржысымен ерлер гимназиясы құрылады. Осылайша осы кезең аралығында Түркістан өлкесінде алтыға жуық гимназиялық орта оқу орны саналған болатын.

Верный ерлер гимназиясы 1881 жылы 1 шілдеде прогимназиядан толыққанды сегіз сыныппен құрылады. Дайындық бөлімімен төртсыныптық прогимназияның өзі 1876 жылы 1 қыркүйекте ұйымдастырылған болса, ал 1879 жылдың 1 шілдесінде алтысыныптық гимназия болып құрылады [7, 24-п.]. 1876 жылдан бастап Верный ерлер гимназиясында Жетісу облысының – Верный, Пішпек, Жаркент, Лепсі және Қапал уездерінен келген ер балалар оқыды, сондай-ақ онда ішінара Қазақстанның өзге облыстарынан да балалар келіп білім алды, бірақ гимназияның алғашқы құрылған жылдарында онда қазақ балалары өте аз болды. 1880 жылғы есепте Верный ерлер гимназиясының ғимараты қазына есебімен салынған ыңғайлы екі қабатты флигелде орналасқандығы көрсетілген. Бірінші қабаттағы флигелде үшінші, төртінші, бесінші сыныптар, гимнастика залы, кітапхана, мұғалімдер бөлмесі, директордың, сынып жетекшілерінің бір көмекшісінің, және кеңсе пәтерлері, ал екінші флигелде дарялық сынып, бірінші, екінші және алтыншы сыныптар, мұғалімдер қоймасы, гимнастика залы, шіркеу, дене шынықтыру бөлмесі, табиғаттану кабинеттері, заң ілімін оқытатын және сынып жетекшілерінің екінші көмекшісінің пәтерлері орналасты [8, 15-п.]. Прогимназияда құрметті қамқоршы, директор, инспектор, заң мұғалімі, ғылым және тіл мұғалімдері, сурет салу пәнінің мұғалімі, тәрбиешілер мен тәртіпке қараушылар секілді мұғалімдер құрамы мен арнайы қызметкерлер жұмыс жасады. 1881 жылы Верный гимназиясында әр түрлі пәннен сабақ беретін, соның ішінде директормен қосқанда 15 мұғалім жұмыс істеді, олар заң мұғалімі Уствольский, оқытушылар: латын және грек тілдерінен – П.Ю.Мудрох және Л.П.Пуш, латын, грек тілімен қоса логикадан – П.Г.Бенько, орыс тілінен – П.С. Студенцев, география, тарих пәндерінен – А.В. Черницкий, алгебра, геометрия, физика және тригонометрия пәндерінен – В.Н. Лугинин, арифметика, жаратылыс тарихы, алгебра, физика пәндерінен Н.П. Карошенский, француз тілінен – Г.С. Шнайдер, неміс тілінен - К.К. Урбан, таза жазудан – Г.В. Глушков, геометрия, алгебра және тригонометриядан - Л.Н. Нахтман. Сынып жетекшісінің көмекшісі, хатшы П.О. Богушевич, гимнастика мұғалімі А.Н. Кишаев, дәрігер И.Саболевский, қазақ шәкірттер үйінің меңгерушісінің көмекшісі Г.А. Морозов, осылардың ішіндегі заң мұғалімі Уствольский мен пән мұғалімі М.И. Богоявленский қосымша дайындық бөлімінде де сабақ берді. Алғашқы прогимназияның инспекторы қызметін Д.К. Новак атқарды, сосың ол сегізсыныптық классикалық гимназияның директорлығына тағайындалып, онда ұзақ жылдар бойы қызмет етті, гимназияда ол көне грек және латын тілдерінен сабақ берді [9, 58-60-пп.].

1877 жылы 1 қаңтарда Верный ерлер прогимназиясында – 104 оқушы, 1878 жылы 1 қаңтарда – 125 оқушы, 1879 жылы 1 қаңтарда - 160 оқушы, 1880 жылы 1 қаңтарда – 160 оқушы, ал 1881 жылы 1 қаңтарда – 171 оқушы оқыған болатын. Сол 1881 жылдың басында тіркелген 171 оқушының ішіндегі 148-і проваслав, 3-і католик, 1-і лютеран, 1-і иудей, ал 18-і мұсылман болса, ал олардың 62-і дворян және шенеуніктердің, 9-ы дін қызметкерінің, 82-сі қалалық сословияның және 18-і селолық сословияның балалары саналды [8, 15-п.]. Оқу жылы соңында прогимназияның педагогикалық кеңесі оқушылардың сабақтағы үлгеріміне байланысты оларды кіші сыныптан жоғары сыныптарға көшіріп отыратын. Мәселен, 1880 жылы даярлық сыныпта оқитын 38 оқушының 31-і бірінші сыныпқа, бірінші сыныптағы 39 оқушының 27-сы екінші сыныпқа, екінші сыныптағы 37 оқушының 26-сы үшінші сыныпқа, үшінші сыныптағы 27 оқушының 22-сі төртінші сыныпқа, төртінші сыныптағы 12 оқушының 10-ы бесінші сыныпқа, ал бесінші сыныптағы 7 оқушының 6-ы жетінші сыныпқа ауысқан еді. Сондай-ақ нақ осы жылы емтихан арқылы даярлық сыныбына 21 оқушы қабылданса, ал бесінші сыныпқа емтихансыз куәлікпен бір оқушы Тобыл гимназиясынан қабылданады. Әртүрлі себептерге байланысты 1880 жылы прогимназиядан 21 оқушы (даярлық сыныбынан – 4, бірінші сыныптан – 5, екінші сыныптан – 5, үшінші сыныптан – 4, төртінші сыныптан – 1, бесінші сыныптан – 1, алтыншы сыныптан -1 оқушы) шығып кеткен еді [7, 39-п.].

Оқу үдерісі кезінде Верный ерлер гимназиясының оқушылары шәкірттер үйінде, ортақ шәкірттер пәтерінде, ата-аналары мен туған-туыстарында және жалдамалы жеке пәтерлерде тұрып оқыды. 1877 жылы Верный ерлер прогимназиясының жанында жергілікті қазақ балаларына арналған «Шәкірттер үйі» ашылады. 1890 жылы шәкірттер үйі ағаштан салынған бір қабатты екі жалдамалы үйде орналасты. Оның басты ғимараты алты бөлмеден және бір дәлізден құралды, онда үйдің тәрбиеленушілері тұрды. Ғимараттың шығысқа, оңтүстікке және батысқа терезелері қараған төрт бөлмесі жатын бөлмеге, ал батысқа және солтүстікке терезелері қараған 2 бөлме асхана мен сабақ өтетін сыныптарға айналдырылған еді. Төрт үлкен емес бөлмеден тұратын флигелде үйдің меңгерушісі мен шәкірттер қоймасы орналасты және оның жанында бау-бақша болды. Шәкірттер үйінде меңгеруші және соның көмекшісі, бір дәрігер, сондай-ақ сынып жетекшілерінің екі көмекшісі қызмет етті [9, 44-п.].

Шәкірттер үйінде кіші даярлық сынып пен үлкен немесе гимназиялық (бірінші және сегізінші сыныптар аралығы) сыныптар болды, сонымен қатар онда дайындық бөлімі жұмыс істеді. Дайындық бөліміндегі оқушылар сабақтағы үлгеріміне байланысты бірнеше топқа бөлініп оқытылды. Ондағы тәрбиеленушілер орысша оқу мен жазуды, тәжірибе арқылы орыс тілінде сөйлесуге және арифметиканың төрт амалы мен 100-ге дейін санауды үйренді. Соның ішінде орыс тілінде оқуды әрі жазуды қазақ тілін білетін шәкірттер үйінің меңгерушісі үйретсе, ал арифметика мен таза жазу пәнінен меңгерушінің көмекшісі  оқытты. Дайындық бөлімінде орыс тіліне аптасына 12 сағат, арифметикаға аптасына 6 сағат ал таза жазуға аптасына 2 сағат уақыт бөлініп берілді [10, 21-арт-п.]. Тәрбиеленушілердің сабаққа дайындалуын кезекпен шәкірттер үйінің меңгерушісі және оның көмекшісі тәрбиелеушілер болып қадағалады. 1878 жылы прогимназия жанындағы қазақ шәкірттер үйінде орыс оқушыларымен бірге қазақ балалары да тәрбиеленді, олар сосың гимназияға түсетін немесе сонда оқуларын жалғастыратын, нақ сол жылы онда 21 тәрбиеленуші тіркелді, соның ішіндегі 16-сы қазақтар мен қырғыздар болды. Солардың арасында шәкірттер үйінде келушілер ретінде оқитындарда кездесті, олар: 1877 жылғы тізімдегі Құсайын Жанғозинов, Барлыбек Сыртанов, Тұрлыбек Сыртанов, Жүнісқұл Женебаев, Жексенбі Деңілбаев және 1879 жылғы тізімдегі Дәулет Мәмбетов, Сарбай Өміров, Отарбай Қарашев, Шамбай Кенжебаев, Мәмбет Мұраталинов, Еркебай Базаров және Мейлібай Бақбазаров болатын [11, 5-б.]. Бұлар Верный ерлер гимназиясы жанындағы шәкірттер үйінде алғашқы болып оқыған қазақ балалары және олардың бәрі Жетісу облысының Верный мен Қапал уездеріне қарасты қазақ болыстықтарынан саналды. 1880 жылы шәкірттер үйінде 30 тәрбиеленуші болса, ал 1881 жылы прогимназия гимназия болып құрылғанда онда 32 оқушы оқыды, соның ішіндегі 16-сы православ, 24-і мұсылман, ал солардың 7-і дворян мен шенеуніктің, 9-ы қалалық сословияның және 24-і ауылдық сословияның балалары болып табылды[8, 5-п.].

Егер мұрағат құжаттарына қарайтын болсақ, шәкірттер үйінде алғашқы жылдары қазақ балаларына қарағанда орыс балаларының көп оқығанын байқайтын боламыз. Мәселен, 1881/82 оқу жылында шәкірттер үйінде 22 орыс тәрбиеленуші саналса, ал қазақ балаларының саны 16 ғана болды. Сондай-ақ 1882/83 оқу жылында орыс балаларының саны 22 болса, ал қазақ балаларының саны небәрі 18-ге ғана көбейген еді. Верный прогимназиясы гимназия болып қайта құрылғаннан кейін, оның алғашқы түлектері 1883 жылы шығарылды, бірақ оны жақында Псков гимназиясынан ауысып келген бір ғана оқушы бітіріп шықты [12, 11-п.].

1884-1893 жж. аралығында шәкірттер үйінде 192 орыс және 393 бұратана балалары оқыды, бірақ олардың барлығы гимназияның толық курсын аяқтамады. Мәселен, 1894 жылы гимназияның толық курсын 8 тәрбиеленуші (соның ішінде үшеуі алтын медалмен марапатталды) бітіріп шықты, соның біреуі ғана қазақ баласы болатын, ал жеті сыныпты – 1, алты сыныпты – 3, бес сыныпты – 4 және төрт сыныпты – 9 қазақ баласы ғана аяқтады [13, 38-40-пп.]. Шәкірттер үйінде тұрып оқыған қазақ балалары гимназияның толық курсын барлығы бірдей аяқтай бермеді, оның себептері де болды. Осы жөнінде 1894 жылы 3 мамырда Верный ерлер гимназиясының директоры М.Вахрушев Жетісу облысының әскери губернаторына былай деп жазды: «тек 1879 жылдың 27 ақпанында заңнама тәртібімен бекітілген шәкірттер үйінің алғашқы жылында бұратана тәрбиеленушілері гимназияның толық курсын аяқтау туралы айтпағанның өзінде тіпті төрт сыныптық курсты бітіруге талпынбады, оған басты себеп жергілікті қазақтар орыс мектептеріне қарсы үлкен сақтықпен қараған болатын, тәрбиеленушілерді жалпы масқара етті, оларды шоқынғандар деп атады, оның алдында осы гимназияға қатысты әртүрлі өтірік сыбыстарды таратты, кейбір уездерде өздерінің руластарына өліммен қорқытып, балаларын орыс мектептеріне беруге тиым салды, ал оқып жатқандарды прогимназиядағы оқуларын тоқтатуды күштеді, мұны 80-жылдардың бірінші жартысында пансионның бұрыңғы тәрбиеленушілері растай алады. Егерде тәрбиеленушілердің біреуі алғашқы жылдары гимназияның толық курсын аяқтауды қалағандарымен ол мақсатқа жетуге мүмкін емес еді, себебі ол кезде Верный қаласында гимназия болмады, онда тек 1876 жылы шілдеде құрылған және 1881 жылы 1 шілдеде қайта гимназия болып құрылған (қайта құрудан кейін заңнама тәртібімен оны 3-4 жыл өткеннен соң бекіту келген) прогимназия ғана болған» [13, 41-42-пп.].

  1890 жылы 1 қаңтарда шәкірттер үйінде 34 тәрбиеленуші саналды, олар мына сыныптарға бөлінді: 5-сыныпта -1, 4-сыныпта - 2, 3-сыныпта - 6, 2-сыныпта - 6, 1-сыныпта  - 9, даярлық сыныбында - 4 және дайындық бөлімінде 6 оқушы оқыды. Сол 34 тәрбиеленушінің 2-і офицердің, 3-і шенеуніктің, 1-і дін қызметкерінің, 2-і казактың, 5-і қазақ сұлтандарының, 3-і қырғыз манаптарының, 4-і құрметті қазақтардың, 10-ы қарапайым қазақтардың балалары [7, 37-38-пп.]. Сол тәрбиеленуші балалардың ішіндегі 29 оқушы келесі сыныптарға көшірілді, оның 4-і өз сыныптарында қалдырылды. Осы жыл бойында шәкірттер үйінен төрт тәрбиеленушінің бірі әкесінің Омбыға қызмет бабымен ауысуына байланысты Омбы гимназиясына түсу үшін, екіншісі Верный қалалық училищесіне түсу үшін, үшіншісі ата-анасының қалауымен, төртіншісі сабақтағы үлгерімінің төмендігіне байланысты шығып кетті, бірақ нақ сол жылы шәкірттер үйіне төрт бала соның біреуі Сергиополь приходтық училищесінен қабылданды. Жалпы 1890 жылы шәкірттер үйінде 19 ғана қазақ баласы оқыды.

ХІХ ғасырдың соңына таман Верный ерлер гимназиясына түсуге ниет білдірген қазақ балаларының саны айтарлықтай өсе түсті. Мұны сол кездегі қазақ отбасыларының гимназияға деген көзқарастарының өзгергендігімен байланыстырып қарауға болады. Мысалы, 1892 жылы 6 шілдеде Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болыстығының сұлтаны және хорунжий Ораз Бөленов Жетісу облысының әскери губернаторына былай деп өтініш жазды: «менің 9 жасар балам Бекмұхамед Оразов шын пейілімен оқуды қалайды, бірақ мен оған тиісті білімді беруге жағдайым жоқ, сондықтан да сізден Бекмұхамед Оразовты қазақ шәкірттер үйіне менің жеке өзімнің сіңірген еңбегімді және менің қайтыс болған әкімнің еңбегіне лайықты полковник шенін алған бұрыңғы аға сұлтан Бөлен Шанхаевтың қызметін ескеріп қабылдауыңызды сұраймын» [14, 39-п.]. Осындай ұқсас өтінішпен 1892 жылы 2 шілдеде Верный уезінің Үлкен Алматы болыстығының қазағы штабс-капитан Жайнақ Қараталов өзінің 10 жастағы Ыбырайым есімді ұлын қазақ шәкірттер үйіне тиісті білім алуы үшін қабылдауын сұрап өтініш жазған болатын. Бірақ бұл өтініш 1893 жылы 16 тамызда ғана қабылданып Ыбырайым Жайнақов гимназия жанындағы шәкірттер үйінің даярлық сыныбындағы кіші бөлімге емтихан арқылы түседі. Сөйтіп мұнда жас гимназист Ыбырайым 1902 жылға дейін оқиды, бірақ ол 7-сыныпта оқып жүргенінде науқастанып қалып анасы Шолпан Қараталова өтінішпен Ыстықкөлге барып емделуі үшін гимназиядан шығарып алады. Екі жыл өткен соң, 1904 жылы жас Ыбырайым Қазан қаласында орналасқан Қазан Ветеринарлық институтының директорына өтініш жазып, өзін сондағы студенттер қатарына қабылдау туралы ұсыныс та жасайды [14, 38-п.]. ХІХ ғасырдың 90-шы жылдары Верный ерлер гимназиясының жанындағы шәкірттер үйіне түсуге өтініш білдірген қазақ балаларының саны күрт өсе түседі, сондықтан да осы кезеңде гимназиядағы қазақ балаларына деп бөлінген ваканциялық орындардың бірде-біреуі де бос тұрмады. Сол себепті кейбір қазақ отбасылары өз балаларын шәкірттер үйінде кездейсоқ босап қалған немесе жаңа ваканциялық орындардың ашылуын күтуге мәжбүр болды. Тіпті аталмыш гимназияда қазақ балалары үшін қосымша бірнеше стипендиялық орынның бөлініп берілуіне жергілікті болыстықтардағы қазақ билеушілері де ықпал етуге тырысты. Мәселен, осы жөнінде 1895 жылы 29 қазанда Верный уезінің болыс-билері мен құрметті қазақтары Жетісу облысының әскери губернаторына былай деп өтініш жазды: «алдағы 1896 жылдың мамыр айында ақ патшаның таққа отыру рәсімі болатынын естіген соң, сізден барлығына осы қуанышты хабардың мерекелеу құрметіне орай Верный уезінің қазақ балалары үшін қазіргі кезде штатта пансионерлерге тағы да 40 немесе 50 балаға арнап Верный ерлер гимназиясы жанындағы қазақ шәкірттер үйіндегі вакансия санын көбейтуді сұраймыз, тіпті соңғы кездері шәкірттер үйінде бос орынның болмауынан қазақ балаларын қабылдамайтын болды, сонымен қатар аталмыш шәкірттер үйіне балаларын оқуға беруге қалайтын қазақ отбасыларының саны жыл сайын артып отыр. Оның үстіне сонда 40-50 баланы ұстауға қажетті шығындарды жыл сайын біздің қоғамымыздан жинап беруді және оны өткізуді міндетімізге аламыз – деп Верный уезінің 92 құрметті қазағы  мөрлерін басып, қолдарын қойды [13, 90-п.].

1895 жылы Верный ерлер гимназиясы жанындағы шәкірттер үйіндегі 34 тәрбиеленушілердің арасында қазақ халқының белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері: Ыбырайым Жайнақов, Қалығұл Шегіров, Иса Тергеусізов, Сатылған Сабатаев және солармен қатар сол уақытта Жетісу өлкесіндегі ықпалды әрі беделді болыс-билер мен сұлтандардың балалары, атап айтсақ, Оразалы Мәңкеұлы, Мұсахан Алпысбайұлы, Әбілфейіз Аппасов және Ғали Самұратбеков оқыды. Аталған қазақ гимназистерінің ішіндегі Сатылған Сабатаев, Әбілфейіз Аппасов және Ғали Самұратбеков ғана гимназияның толық курсын аяқтап кәмелеттік аттастатқа ие болған. Айта кететін болсақ, Верный ерлер гимназиясының директоры бітіріп шыққан қазақ түлектеріне мынандай мінездеме берген: «Гимназияда болған барлық күнінде С.Сабатаевтың мінезі жайдары, кішіпейіл, момын, кексіз. Барлық уақытта Сабатаев тамаша еңбекқор, және орыс мектебінде алған білімін бағалайды, былайша айтқанда соңғы жылдары үлкен сыныптарда оқитын барлық қазақтардың ішінде тек оның бір өзі ғана қазақ балалары үшін міндетті болмаса да көне грек тілін үйренді. Сабатаев Мәскеудегі Лазарев шығыс тілдері институтына түсуді қалайды. Мейірімділігімен, берік сенімімен және оның тамаша еңбек сүйгіштігімен, одан оның таңдаған саласы бойынша қабілетті және адал ниетті қайраткер дағдылануы мүмкін»; Ә.Аппасовтың «мінезі орнықты, берік сенімімен дарынды, үнемі орыс әдеби шығармаларын іждағатты оқуымен көрінеді, гимназияның үлкен сыныптарында ол орыс тілін өте айтарлықтай үйреніп, талап етілген стилді түсініп және саналы түрде бар ғылыми терминдерді пайдаланып қисынды, анық және логикалық тұрғыда үйреніп жазуға дағдыланды. Кей-кездері ашушаңдық, пысықтық темпераментінің себептесуі Аппасовтың мінезіне өзінің негізінде басты ақ адал және мейірімді болуына кедергі жасамайды. Оның бойынан еңбекқорлығы, білуге деген құмарлығы, өзін жаттықтыруға және өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылуы, әсіресе гимназияның соңғы екі (үлкен) сыныптардағы уақытта байқалуы, одан өте пайдалы қоғамдық қайраткер болып шығуына сенімділік береді. Аппасов курсты аяқтағаннан соң Императорлық Мәскеу университетінің заң факультетіне түсуді қалайды» [15, 103-п, 116-п.]. Мәселен, шәкірттер үйінде тұратын бір тәрбиеленушіні ұстау үшін жылына әрқалай 120 рубльден – 180 рубльге дейін қаржы бөлініп тұрды, ал жалпы 34 тәрбиеленушіні ұстау үшін 1893 жылы 4067 рубль 98 тиын қаржы жұмсалған[13, 40-п.].

ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында халық ағарту министрлігі Верный ерлер гимназиясы жанындағы қазақ шәкірттер үйін өз заманына лайықты пансион етіп құруды күн тәртібіне қойған болатын. Міне, осы жөнінде 1891 жылдың наурыз айында Халық ағарту министрлігі Ішкі істер министрі И.Ивановқа: «мен император тақсырдың алдыңда өзімнің терең пікірімді білдіріп келемін, яғни оқу орындарында оқитын жастарға тек білім беріп ғана қоймай, сондай-ақ оларды діни-инабаттылық бағытта және патша мен отанға шексіз сенімділік рухта тәрбиелеу. Шәкірттер үйінің жетіспеушіліктерін жою және басқа қаланың бай емес ата-аналарына өздерінің балаларын тікелей адамгершілік ықпалымен тәрбиелеуге мүмкіндік беруде оқу басшылығының материалдық пайданың артынан кетпейтін болуы тек пансиондарды құрумен мүмкін, онда жастар өзінің өсіп-жетілуі жылдарында өте нәзік және түсінгіш жағдайда үнемі бақылаумен тәрбиелеу ісінде тәжірибелі адамдардың тікелей жетекшілігімен өмір үшін мейірімділік рухта, адамгершілік бастаумен өсіп және қатайар еді. Сонымен қатар мынаған көңіл аудармасқа болмайды, яғни өте жартымсыз жағдайда қойылған шәкірттер үйіндегі тәрбиеленушілерді ұстау ата-аналарға арзан түспейді: олардан жиі төлемақы алады, егер қоғам қайраткерлері жағынан аз ғана қолдау көрсетілген болса, барлық жағынан жабдықталған интернатта балаларды ұстау жеткілікті болар еді. Орта оқу орындарының жанынан пансиондар мен жатақханаларды барынша ашуға себептесуді өзімнің борышым деп санаймын, мен оқу округтарының қамқоршыларына сол мекемелердің бастықтарына тіпті осындай пайдалы орындарды салуды өте қажет екеніне ерекше көңіл аударуды және оған жергілікті қоғамды жақындатуды ұсындым. Патшаның осындай үкімін орындауда, менімен Ішкі істер министріне хабарланған осындай қажетті және пайдалы бастаманың мүмкін үлкен табысты болуына, сізге өтінішпен осы игі іске сіздің ағартушылық ықпалыңызды көрсетуіңізді, Верный ерлер гимназиясы жанынан пансион немесе жатақхана салуға сонда қарайтын жергілікті қоғамды, сондай-ақ жеке адамдарды шақырып, солар әділ қамқорлықпен өсіп келе жатқан ұрпақты жақсы тәрбиелеуде күмәнсіз оқу орындарының барлық ісіне көмекке өздерінің қаражаттарымен және қайырымдылық жәрдемдерімен келеді» - [13, 1-3-пп.] деп жазады. Дегенмен шәкірттер үйін жабу туралы мәселе 1891 жылдың басында көтерілгенімен, ол тек алты жыл өткен соң ғана жүзеге асты. 1897 жылдың басында Мемлекеттік кеңес Мемлекеттік экономия, Заң департаментімен және Жалпы жиналыспен бірігіп Халық ағарту министрлігінің Верный қаласында орналасқан қазақ балаларына арналған шәкірттер үйін Верный ерлер гимназиясы жанындағы пансион етіп қайта құру туралы ұсынысын қарастырады. Нақ осы жылы жиында қабылданған шешім жөнінде 3 ақпанда Халық ағарту министрінің БатысСібір оқу округінің қамқоршысы Верный ерлер гимназиясының директорына былай деп хабарлайды: «жалпы негізбен Верный қаласында орналасқан қазақ балаларына арналған шәкірттер үйін Верный ерлер гимназиясы жанынан пансион етіп, оған қоса келесідей қаулыны басшылыққа алып қайта құру: бірінші пансионда жылына Жетісу облысының земствалық салықтан бөлінген қаржымен 40 тәрбиеленуші ұсталады. Бұл пансионерлер жергілікті әскери губернатормен сайланады, оның үстіне 20 ваканттық орын бұратана балалары (қазақ, дұнған және тараншы) үшін және қалған 20 орын облыстағы қызметте жүріп қайтыс болған немесе әлі қызметте жүрген офицерлер мен шенеуніктердің балалары үшін тағайындалады; екінші шәкірттер үйі пансион болып құрылғаннан кейін ондағы меңгеруші мен оның көмекшісі пансионның тәрбиелеушілеріне айналады; үшінші Верный гимназиясының пансионында тұратын тәрбиеленушілер екі бөлімге бөлінеді: бірінші немесе дайындық, ондағы балаларды гимназияға түсуге жергілікті қазақ тілін білетін тәрбиелеушілердің бірімен дайындалады, екіншісі немесе гимназиялық онда олар гимназияда оқушылар болып табылады; төртінші пансиондағы гимназияға түсетін дайындық бөліміндегі сабақ сағаты, бағдарламалар мен өтетін пәндердің көлемі гимназиядағы педагогикалық кеңеспен анықталады және оқу округінің қамқоршысына бекіту үшін ұсынылады [16, 14-п.]. Сөйтіп 1897 жылдың басында Верный ерлер гимназиясы жанынан жаңа құрылыммен қазақ пансионы қайта құрылады. Сол жылы жаңа пансион гимназияға тиесілі төбесі темір шатырмен жабылған жеке бір қабатты екі ағаш және бір жалдамалы үйге орналасты. Алты бөлмеден тұратын басты ғимараттың бес жақсы деген бөлмесі жатын бөлмеге айналдырылды, ал ағаш қалқамен екі бөлікке бөлінген бір бөлме тәрбиеленушілер мен кезекшілердің жатын бөлмесі мен тәрбиеленушілер жуынатын бөлмесі болды. Төрт үлкен емес бөлмеден тұратын флигелдің үшеуінің ішкі қабырғаларына ауаны тазалап тұру үшін аркалар жасалды, ол бөлмелерде сабақ өтті және тәрбиеленушілердің асханасы мен үй қызметкерлері орналасты. Ал батыс жағынан пансионның ауласына жалғасқан жалдамалы үй бір дәлізбенен төрт үлкен емес бөлмелерден құралды, онда пансион тәрбиелеушілерінің біреуі орналасты, ал оның төменгі жертөле қабатында үй экономы мен екі пансион қызметкері тұрды. Пансионның жекеше үйінде: шатыры темірмен жабылған аурухана болды. Онда 4-5 төсектен тұратын сырқаттанған тәрбиеленушілердің бөлмесі орналасты және оның дәлізінде аурухананың қызметкері тұрды. Сонымен қатар онда қамба, мұздық, моншаны санамағанда басқада қызметтік бөлмелер, сондай-ақ аса үлкен емес бау-бақшасы болды [16, 19-п.]. Дегенмен Верный гимназиясының директоры бұл пансион ғимаратының оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге қолайсыз екенін байқаған соң жылдық есепте былай деп жазды: «пансионның жеке ғимараты онда ыңғайлы және барлық талаптар мен тазалықты сақтап тәрбиеленушілер орналасатындай әсіресе оның сабақ өтетін бөлмесі орналасқан флигелі өз дәрежесінде жасалынбаған. Бұл олқылықтар тек пансион үшін оқу-тәрбие мақсатына арналған толық лайықты жаңа жеке ғимарат салынған кезде ғана жойылатын болады. Ондай құрылыс бәлкім алыс немесе өте жақын болашақта жүзеге асады. Себебі пансион үшін салынатын жаңа ғимараттың жоспары мен сметасы әлдеқашан жергілікті әкімшілікпен ұсынылатын жағына жіберілді» [16, 20-п.].

Жалпы пансион – оқу орны мен балалар тұратын жатақхана қызметін бірдей атқарды және оның құрамында 1897 жылдан бастап 40 тәрбиеленушіге арналған екі даярлық сыныбы болды. Әсіресе онда ауқатты және қарапайым отбасынан шыққан қазақ балалары тұрып оқыды. Бұл пансионда көбінесе Мәскеу қаласындағы Лазарев институтының шығыс тілдер факультетін бітірген түлектер мұғалім-тәрбиелеуші болып жұмыс істеді. Солардың бірі – А.Юрашкеевич, ол 1890 жылдың ортасынан бастап пансионның дайындық бөлімінде гимназияға түсуге дайындалатын балаларға арифметика мен орыс тілінен сабақ берді. Верный ерлер гимназиясы мен оның жанындағы пансионның құрметті қамқоршысы болып 1879 жылы Жетісу әскери губернаторы Г.А. Колпаковский тағайындалды.

1897 жылғы жылдық есеп бойынша қазақ пансионында 40 тәрбиеленуші оқыды, олардың арасында – Тоқаш Бокин, Қайсерке Тоқсанбаев, Мұхаметжан Тынышпаев және т.б. қазақтың мемлекет және қоғам қайраткерлері болды. Солардың ішіндегі Мұхаметжан Тынышпаев 1900 жылы гимназияның толық курсын үздік бағамен бітіріп шығып, педагогикалық кеңестің шешімімен кәмелеттік аттестатқа ие болып, алтын медалмен марапатталады. Сонымен қатар ол 8-сыныпты аяқтау қарсаңында Верный гимназиясы директорына толық курсты бітіргеннен кейін Санкт-Петербург қаласындағы император Александр І жол қатынас инженерлер институтына түсуді қалайтынын білдіріп өтініш жазды [17, 38-п, 107-п.].

ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ 1901 жылы 1 қаңтарда гимназияның пансионында 42 тәрбиеленуші саналды, оның дайындық бөлімінде – 4, даярлық сыныпта – 7, 1-сыныпта – 4, 2-сыныпта – 6, 3-сыныпта – 6, 4-сыныпта – 3, 5-сыныпта – 6, 6-сыныпта – 3, 7-сыныпта – 3, 8-сыныпта – оқушы болмады. Солардың ішіндегі 38 тәрбиеленуші сынақ арқылы келесі жоғары сыныптарға көшірілді, бірақ сол жылы пансионда бос вакансиялық орынның болмауынан гимназияға бірде-бір оқушы қабылданбады. Сондықтан да 1902 жылдың 1 қаңтарында пансионда толық 42 тәрбиеленуші ғана тіркелді, оның 19-ы қазақтың, 20-сы дворяндар мен шенеуніктердің, 2-і дін қызметшісінің және біреуі қырғыздың баласы болды. Нақ осы жылы пансиондағы 40 тәрбиеленуші мемлекеттік қазына есебімен, ал екеуі жеке өз қаржыларымен оқитын болып бөлінді [10, 20-21-пп.].

1907 жылы Верный ерлер гимназиясы мен оның пансионы үшін жаңа ғимарат салынады. Бұл ғимараттарды архитектор П.Гурде инженер А.П. Зенковтың қатысуымен тұрғызады. ХХ ғасырдың басында салынған гимназияныңекіғимараты да бүгінгі күнге дейін сол күйінде сақталынып келеді және ол толық мемлекеттің қарауына өткен. Қазіргі таңда қазақ балалары оқыған пансионның корпусында С.Бегалин атындағы балалар кітапханасы орналасқан, ол бүгінгі Алматы қаласындағы Достық даңғылы мен Төле би көшелерінің қиылысындағы бұрыштағы участокты алып отыр, ал бұрыңғы пансионның мекен-жайы Губернаторлық және Гимназиялық көшелердің қиылысы болып саналатын. 1907 жылы жаңа ғимарат орны салынған кезде онда 391 оқушы оқыды, оның ішіндегі 348-і ата-аналарының қолында болса, ал 43-і қазақ пансионында тұрды. Сонымен қатар сол жылғы гимназияның 1-сыныбында оқитын 54 оқушының 4-і пансионда, 41-і ата-аналары мен туған-туыстарында, 1-і тәлімгерлер мен тәрбиелеушілердің және 8-і жеке пәтерлерде тұрған еді [18, 3-10-пп.]. Гимназияның 1908 жылғы оқу жылында пансионның дайындық бөліміне жас Ораз Жандосов әкесінің өтінішімен оқуға қабылданады. Сөйтіп ол 1918 жылы гимназияның толық сегізсыныптық курсын бітіріп, кәмелеттік аттестатқа ие болады [19, 5-п.]. Содан кейін Ораз гимназия қабырғасында алған терең білімінің арқасында әр жерде қызмет етіп, 1923 жылы Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясының экономика факультетіне оқуға түседі [20, 115-б.].

ХХ ғасырдың басында қазақ пансионында қазына есебіндегі пансионерлермен қатар жеке өз қаржысымен келіп оқитын оқушыларда табылды, бірақ олардың саны бұл кезде тым аз болды. Көп жағдайда өз қаржысымен оқитын қазақ балаларының ата-аналары гимназия орналасқан Верный қаласында немесе оған іргелес жатқан елді-мекендерде тұрған. Мәселен, 1913 жылы 27 шілдеде Төмеңгі Іле болыстығының қазағы Меңліахмет Қонаев Верный ерлер гимназиясының директорына 1903 жылы 15 желтоқсанда туылған өзінің бауыры Ахметжанды емтихан арқылы гимназияның даярлық сыныбындағы оқушылар қатарына анықтауды қалап өтініш жазды. Сол өтінішпен қатар мәлімдеуші Меңліахмет Қонаев бауыры Ахметжанды белгіленген формамен киіндіруге, барлық оқу құралымен қамтамасыз етуге және оқу құқығы үшін белгіленген төлмақыны төлеуді және ол Үлкен Алматы станициасындағы Иванов үйіндегі менің қолымда тұратын болады, егер де басқа пәтерге ауысатын жағдайда гимназия басшылығына дереу хабарлауды міндетіме аламын деп міндеттеме қағазын тапсырған еді [21, 1-п.]. Сонымен қатар осындай ұқсас өтінішпен бұрыңғы гимназия түлегі титулярлық кеңесші Қалығұл Шегіров 1915 жылы 17 тамызда 1907 жылы туылған өзінің баласы Әбдіразақты Верный ерлер гимназиясы жанындағы пансионға өз қаржысымен емтихан сынағы арқылы даярлық сыныбына оқушы ретінде анықтауды қалап өтініш білдіреді және міндеттеме қағазында барлық белгіленген тәртіпті ұстанатынын, сондай-ақ ол Құлжа бұрышы Алматы көшесінде орналасқан Таиров үйіндегі ата-анасының қолында тұратынын көрсетеді [15, 1-п.]. Бұған дейін Жетісу облыстық басқармасының аудармашысы Қ.Шегіровтың үлкен ұлы Ескендір әскери губернатормен пансиондағы бос орынға орналастыруға ұсынылған еді.

Верный қаласында 1876 жылы ерлер прогимназиясы ашылғанда осындай үлгідегі орта оқу орнын қыздар үшін ұйымдастыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп 1876 жылдың екінші жартысында ерлер прогимназиясының оқытушылары басшылардың рұқсатымен өз қаржыларының есебімен қыздар курсын құрады және 1877 жылдың 1 наурызында Түркістан генерал губернаторының бұйрығы бойынша қыздар курсы даярлық сыныбымен бірге үш сыныптық прогимназия болып құрылады, ал 1879 жылы 1 шілдеде Түркістан өлкесі басшысының бұйрығымен прогимназия даярлық және сегіз қосымша сыныптары бар толыққанды гимназияға айналады. Бірақ 1883 жылы 28 мамырда Ташкент қыздар гимназиясының ережесіне сәйкес Верный қыздар гимназиясы халық ағарту министрлігімен жетісынып болып өзгертіледі [22, 1-п.].

Алғаш құрылған күндері Верный қыздар гимназиясы жалдамалы үйлерде, содан кейін бұрыңғы губернатор үйінде, ал 1883 жылдың 15 тамызынан өз қаржыларына салынған жеке ғимаратқа орналасты. Бұл ғимарат шитті кірпішпен тұрғызылып, шатыры темірден жабылды, ал ішкі және сыртқы қабырғалары сылақпен сыланған болатын. Ғимараттың сыртқы қабырғалары жұпаргүл түсті бояумен, ал шатыры жасыл түсті бояумен сырланды. Гимназияның жаңа тұрғызылған ғимараты екі қабаттан тұрды, оның екі жабылмаған кіреберісі болды. Бірінші қабаттың қасбетіндегі сол жақ жоғарыда - 7, он жақ төменде - 9, шығыс жағында – 1, батыс жағында – 2 терезесі болды. Сырттан ғимаратқа төрт есік арқылы кірді: оның екеуі онтүстік, ал екеуі солтүстік жағында. Екінші қабаттың терезелері: сол жағында - 9, батыс  жағында - 1, он жағында - 9, дәлізден сыртқа шығатын терезелі есіктердің саны екеу, оның біреуі шығыс, ал екіншісі батыс жағында және басбалдаққа қарай бір терезе тұрды. Гимназия ғимаратының ішкі жағы былайша орналасты: төменгі қабатта қызметшілер мен қызметкерлердің бөлмелері, кеңсе, мұғалімдер бөлмесі, кеңесу залы және бірінші, екінші және үшінші сыныптардың кітапханасы, ал жоғарғы қабатта төртінші, бесінші, алтыншы жетінші және жаратылыс-физикалық, сурет салу сыныптары орналасты. Дегенмен 1887 жылы 28 мамырда Верный қаласында болған жойқын жер сілкінісінен алғашқы гимназия ғимараты іргесіне дейін қирап, содан кейін гимназия нақ сол жылдың 1 тамызынан бастап қалаға іргелес жатқан Үлкен Алматы станициясындағы екі жалдамалы үйге барып орналасады, мұнда олар 1888 жылдың 1 тамызына дейін болды, ал кейініректе гимназияға арналып жеке ғимарат салынады. Ол ғимарат ағаш шатырлы галлереяға жалғасқан бір қабатты екі ағаш корпустан құралып төртінші жағынан ерлер гимназиясына жалғасқан Губернаторлық, Гимназиялық және Нарын көшелеріне шығатын өзіне тиесілі мекен-жайда орналасты [23, 14-п.].

Верный қыздар гимназиясының жанында 1877 жылы шәкірттер үйі ашылады. Онда қалада ата-аналары мен туған-туыстары тұрмайтын қыз балалар тұрып оқыды. Мұнда 1884 жылдың 1 қаңтарында 18 оқушы тіркелсе, ал 1885 жылғы оқу жылында 14 тәрбиеленуші, оның бесеуі толық қазына есебімен, төртеуі жартылай қазына есебімен, ал бесеуі жеке өз қаржысымен оқыды. Осындағы өз қаржысымен оқитын оқушылар үстел үшін айына 13 рубль төлеп тұрды [24, 3-4-пп.]. Жалпы Верный қыздар гимназиясы жергілікті әкімшіліктен бөлінген қаражатпен және оқушылардың ата-аналары мен туған-туыстары төлеген қаржымен, сондай-ақ халық ағарту министрлігінің бөліп отырған жәрдемақысымен ұсталды. Ал, шәкірттер үйі ең басты жергілікті әкімшіліктен бөлінген қаржымен қаржыландырылып отырды. Мәселен 1884 жылы жергілікті әкімшіліктен 3140 рубль жәрдемақы бөлінсе, ал Жетісу облысының әскери губернаторы 3572 рубль қаражат бөлді. Сол қаржының 750 рубльі гимназияның ғимаратын жалдауға, 1861 рубль жарыққа, 300 рубль ондағы қызметшіні жалдауға, 500 рубль гимназияда қазына есебімен оқитын бес тәрбиеленушінің киіміне, төсек орнына, аяқ-киіміне, оқулықтарына және т.б. заттарына, сондай-ақ 1404 рубль тоғыз тәрбиеленушінің үстеліне жұмсалды [24, 7-п.] - деп жазды шәкірттер үйінің меңгерушісі Л.Карпова. Бірақ 1885 жылы 1 шілдеде жергілікті әкімшіліктен арнайы қаржы бөлінбегендіктен шәкірттер үйі жабылып, өзге қалалық ата-аналардың қыздары жалдамалы жекеменшік пәтерлерге тұруға мәжбүр болды. Мәселен, 1889 жылы жалдамалы жеке пәтерлерде 9 оқушы  оның екеуі 1-сыныпта, біреуі 2-сыныпта, біреуі 3-сыныпта, екеуі 4-сыныпта, екеуі 5-сыныпта, біреуі 7-сыныпта оқыды [25, 8-п, 30-п.]. Верный қыздар гимназиясында іргелі және шәкірттер кітапханасы жұмыс істеді. Мәселен, 1902 жылы іргелі кітапханада – 5499 томды 2123 атаулы кітап сақталса, ал шәкірттер кітапханасында – 4451 томды 3209 атаулы кітаптар, оқулықтар, кітапшалар, мерзімді басылымдар жинақталды [26, 11-п.].

1886 жылы мәлімет бойынша қыздар гимназиясында 1 құрметті қамқоршы, 1 директор, басты қадағалаушы – 1, заң ілімінің мұғалімі – 2, ғылым мен тілдердің мұғалімдері – 7, ән-күй, өлең айту, билеу және гимнастикадан – 3, таза жазу, сурет салу және сызудан – 1, қолөнерден – 1, сынып жетекшілері – 6, басқада қызметшілер – 2, барлығы 23 пән мұғалімі мен 2 қызметші жұмыс істеді. Гимназия директоры коллеждік хатшы Е.М. Груздев, ал гимназияның құрметті қамқоршысы Дала генерал губернаторының әйелі М.О.Колпаковская болды. Гимназия мұғалімдері өздерінің еңбектері үшін үлкен көлемде жалақы алып отырды, мысалы гимназия директоры жылына – 600 рубль, таза жазудан беретін мұғалім – 1004 рубль, математика мұғалімі – 1500 рубль, француз тілінің мұғалімі – 675 рубль алды [23, 3-4-пп.].

1885 жылы 1 қаңтарда жалпы гимназияда 126 оқушы қыз, 1888 жылы 1 қаңтарда 74 оқушы қыз, ал 1889 жылы 1 қаңтарда 85 оқушы қыз оқыған болатын[27, 7-п, 13-п.]. Гимназиядағы оқушылардың былай күрт азайып кетуіне 1885 жылғы оқу жылы басында даярлық сыныптың жабылып қалуы басты себеп болған. Бірақ педагогикалық кеңестің өтініші бойынша БатысСібір оқу округі қамқоршысының рұқсатымен 1895 жылдың 15 тамызында Верный ерлер гимназиясында даярлық сыныбы қайта ашылады, ал 1897 жылы 15 қазанда педагогикалық кеңестің өтініш жасауымен гимназияда екі арнайы: орыс тілі мен математика пәндерімен VІІІ-ші педагогикалық сынып құрылады[22, 3-п.]. Сонымен 1912 жылы Верный қыздар гимназиясы жеті қалыпты сыныптан, үш қатарлас (үшінші, алтыншы және жетінші сыныптары) бөлімінен, даярлық және VІІІ-ші қосымша сыныптан тұрды. Мәселен, 1912 жылдың бірінші жарты жылдығында 403 оқушы қыз оқыса, ал екінші жарты жылдықта ақылы және ақысыз оқитын оқушыларды бірге қосып санағанда 475 оқушы қыз оқыған еді [22, 27-п.]. Верный қыздар гимназиясындағы оқу ақысы жоғары болғандықтан онда негізінен дворяндардың, шенеуніктердің және дін қызметкерлерінің қыздары білім алды. Ал, 1913 жылғы мәліметте гимназияда Верный қаласында ата-аналары тұратын 422 оқушы қыз, және қаладан тыс аумақтарда 54 оқушы қыздың оқығандығы көрсетілді [22, 57-п.]. Өкінішке орай, мұрағат деректерінен Верный қыздар гимназиясында қазақ қыздарының оқығандығы туралы мәлімет кездестіре алмадық.

Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент қаласында гимназиялар ХІХ ғасырдың екінші жартысында жаппай ашыла бастады. 1876 жылы 15 тамызда алғашқы төрт сыныптық Ташкент ерлер прогимназиясы құрылып, ол 1879 жылы алтысыныптық, ал 1881 жылы толық сегізсыныптық гимназияға айналады және нақ сол жылдан бастап гимназия сегіз негізгі және бір даярлық сыныптарынан құралды [28, 132-б.]. Алғашқы құрылған күннен бастап Ташкент ерлер гимназиясы өлкедегі басқа да орта оқу орындары секілді бірінші кезекте Сырдария облысындағы балаларды оқумен қамтуға тиіс болатын. 1878 жылдың қазан айынан бастап гимназия алдыңғы қасбетімен Константинов скверіне шығатын үш корпустан тұратын жеке ғиаратта орналасты [28, 132-б.]. 1910 жылғы мәлімет бойынша Ташкент гимназиясының директоры Е.А.Вознесенский, ал инспекторы А.А. Новиков болды. Сондай-ақ гимназияның штатында жалпы саны 15 мұғалім  - оның тоғызы сынып оқытушылары, қатарлы сыныптарда  - 1 және даярлық сынып пен сынып жетекшісінің көмекшілері – 3 [29, 441-б.]. Ташкент ерлер гимназиясы жанынан жергілікті және орыс тәрбиеленушілері үшін шәкірттер үйі ашылды, оны қазынадан бөлінген 1200 рубль субсидиямен оқытушы Э.И.Мюллер ұстады. Ал гимназияның өзіне мемлекеттік қазынадан 28992 рубль 55 тиын, ал Түркістан өлкесінің земствалық салықтан 2442 рубль 50 тиын қаражат және гимназияның арнайы қаржысынан 10366 рубль 20 тиын жұмсалды [28, 132-б.]. 1886-1895 жылдар аралығында шәкірттер үйі мұғалімдер семинариясының жанында орналасты, содан кейінгі жылдары оны гимназияның тура жанынан салған және сол жылы онда 21 оқушы тіркелді. Жалпы 1896 жылы гимназияда 327 оқушы оқыды, соның ішіндегі 10-ы ғана жергілікті ұлт өкілдерінің балалар саналды. 1910 жылы Ташкент ерлер гимназиясын 28 оқушы бітіріп шығады, соның ішіндегі екеуі ғана қазақ баласы оның бірі Әулиеата уезінің Шұңғыр болыстығынан - Нұршанов Хамза Ерманбетұлы, болса, ал екіншісі Перовск уезінің Гродеков болыстығынан - Шоқаев Мұстафа Шоқайұлы болатын. Жас Мұстафа гимназияның толық курсын үздік аяқтап педагогикалық кеңестің қаулысымен кәмелеттік аттестатын алғаннан соң, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі [30, 33-п.].

Ташкент қыздар гимназиясы 1876 жылы Ташкент қаласында прогимназия үлгісінде құрылып, тек 1882 жылы ғана толық жеті сыныпқа айналады, бірақ онда сегізінші педагогикалық сынып болмады. Алғашында қыздар гимназиясы жалдамалы жеке меншік пәтерлерде орналасты, сосың ол үшін салынған нақ ерлер гимназиясы секілді алдыңғы қасбетімен Константинов скверіне қараған бастапқы да екі содан кейін үш корпустан тұратын қазына ғимаратына орналасады. 1876 жылдың қарашасынан 1877 жылдың наурыз айы аралығында шәкірттер үйін қазынаның 1200 рубль субсидиясымен Р.А.Пфенних ұстады, ал 1883 жылы шәкірттер үйі гимназия ғимаратында орналасып, сондағы басшылықтың құзырына өтеді [28, 133-б.]. 1886 жылы қыздар гимназиясында 293 оқушы қыз, соның ішінде жергілікті 5 қыз оқыды [31, 112-б.], ал 1885 жылы бұл гимназияны бар болғаны 15 оқушы қыз бітіріп шыққан болатын. Ташкент ерлер гимназиясының іргелі кітапханасының қоры 10 000-ға жуық томды кітапты құрады [28, 133-б.]. 1891 жылдың тамызынан 1906 жылдың 16 қыркүйегіне дейін қыздар гимназиясының директоры қызметін В.Ф.Ошанин атқарды. Ал 1910 жылғы деректе Ташкент қыздар гимназиясының директоры қызметін М.Ф.Дьяконов атқарғаны және онда 7-сынып оқытушысы мен қатар 13 даярлық сынып мұғалімі сабақ бергендігі көрсетілді [29, 442-б.].

ХХ ғасырдың басында Жетісу облысына қарасты Пішпек қаласында жергілікті халықтың қалауымен ерлер гимназиясы ұйымдастырылады. Бастапқыда патша өкіметі жергілікті халықтың гимназия ашу туралы өтініштерін құптамай, қазынадан бірде-бір қаражат бөлмейді, соған қарамастан жергілікті тұрғындар өз араларынан 10 мың рубль қаржы жинап гимназияның ғимаратын тұрғызады. Сөйтіп 1912 жылы 12 желтоқсанда Пішпекте гимназияның салтанатты ашылу рәсімі өтеді [32, 4-п.]. Гимназияға түсушілерге қойылған талаптар жергілікті балалардың түсуіне қиындық туғызғандықтан, онда жергілкті халық балалары өте аз оқыды. Мәселен, 1915 жылы Пішпектегі гимназияда 122 оқушының үшеуі ғана Жетісудың жергілікті халық өкілдерінің балалары болған [33, 94-п.]. Сондықтан да Қазақстанның басқа өңірлеріндегі гимназияларға қарағанда Пішпек ерлер гимназиясы жергілікті балаларды оқытуда елеулі рөл атқара алмады.

Батыс Сібір генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында 1876 жылы ер балаларға арналған гимназия құрылады, бірақ бастапқы кезде оның жанында сырттан оқуға келетін балалар үшін пансионы болмады. Сол себепті алғашқы жылдары гимназиялық курсқа қазақ балалары мүлдем тартылмады. Бұл мәселе тек гимназиялық оқу орны құрылғаннан он жыл өткеннен кейін ғана өз шешімін тауып, Дала генерал-губернаторлығына қарасты Ақмола және Семей облыстарындағы қазақ балалары қабылданатын болып шешілді. 1885 жылы сәуір айының аяғында Омбы ерлер гимназиясының жанынан дайындық бөлімімен шәкірттер үйі ашылып, онда қазақ балаларына арнап Ақмола облысына – 7 және Семей облысына – 13 стипендиялық орын бөлініп берілді. Соған орай 1885 жылы 12 шілдеде Дала генерал-губернаторы генерал-лейтенант Колпаковский Ақмола облысының әскери губернаторына Омбы, Петропавл және Атбасар уездік қазақ мектептерінен біреуден және Ақмола мен Көкшетау уездерінен екіден 10-нан 15 жасқа дейінгі айтарлықтай ақыл-ойы өскен және қабілетті ұл балаларды таңдап алдағы оқу жылының басында гимназия директорының құзырына жіберуді тапсырады [34, 2-п.]. Сөйтіп 1 тамызда Омбы ерлер гимназиясына Ақмола облысының Атбасар уезінен – Шаймерден Жаненев, Омбы уезінің Шерлақ болыстығынан – Рысқұл Құлембетов, Петропавл уезінен Хүсейін Тілеулин, Көкшетау уезінен – Хасен Дауленов пен Бексұлтан Уәлиханов, Ақмола уезінен – Жүсіп Ізбасаров пен Әбдірахман Мұстафин алғашқы тәрбиеленушілер  болып оқуға қабылданады [34, 42-п.]. Шәкірттер үйіне Ақмола облысының қабылданған жеті қазақ баласы бастапқы кезде Омбы Орталық және Ветеринарлық фелдшерлік мектептердегі стипендиаттарды қаржыландырған қаражаттан қалған ақшамен үйді қажетті керек-жарақпен жабдықтау үшін алдын-ала жұмсалатын шығындарды жапты және тәрбиеленушілерді формалы киімдермен қамтамасыз етуге жұмсады. Сондай-ақ Омбы гимназиясында Семей облысына деп бөлінген 13 стипендиялық орынның біреуіне 1889 жылы Райымжан Мәрсеков қабылданып, ол гимназияда сегіз жылдық курстан өтеді. Сөйтіп 1897 жылы Омбы гимназиясын екі қазақ баласы Ақмола облысынан – Айдархан Тұрлыбаев пен Семей облысынан – Райымжан Мәрсеков толық курсты бітіріп, кәмелеттік аттестатқа ие болған соң, екеуі бірдей Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетіне оқуға қабылданады [35, 114-п.]. 

ХІХ ғасырдың аяғына таман Қазақстанның Семей және Орал облыстарында да гимназиялық оқу орындары құрыла бастады. Мысалы Семей қаласында екі прогимназиялық оқу орны саналды, оның бірі 1871 жылы негізі қаланған Семей қыздар прогимназиясы, ал екіншісі 1894 жылы ашылған Семей төртсыныптық ерлер прогимназиясы болатын. Семей қыздар бессыныптық прогимназиясында 1896 жылы 209 оқушы қыз саналды [36, 1-п.], бірақ олардың арасында қазақ қыздары оқығандығы туралы дерек кездеспеді. ХХ ғасырдың басында Семей қыздар прогимназиясы толық курсы бар гимназияға айналғаннан кейін, 1903 жылы Семей қалалық басшылығы земствалық сомасының капиталынан қыздар гимназиясының ғимаратын салуға несие беру туралы ұсыныс білдіреді, ол бойынша онда тастан екі корпусты ғимарат салу көзделген болатын.

Семей қыздар гимназиясына қарағанда ерлер гимназиясы одан кейінірек, яғни 1894 жылы 18 қыркүйекте құрылды. Сондықтан да Семей облысындағы қазақ балалары гимназиялық курстан өтуі үшін әуелгі кезде шалғайдағы Омбы классикалық ерлер гимназиясына оқуға түсуге мәжбүр болды, дегенмен бұл үрдіс Семей ерлер төртсыныптық прогимназиясы ашылғаннан кейінде жалғасты. Оған алдымен прогимназиялық деңгейдегі қысқа білім беру курсы басты себеп болған еді. Сөйтіп 1896 жылы 18 желтоқсанда Семей қалалық басқармасы төртсыныптық жергілікті ерлер прогимназиясын толық сегіз сыныптық гимназия етіп құру туралы мәселені Қалалық Дума жиналысында көтереді. Сол жиында аталмыш оқу орнына қалалық басқармадан жұмсалатын тиісті қаражаттың болмауынан мынандай қаулы шығарылады: қалалық басқарманы 1892 жылғы қалалық ереженің негізінде Семей қаласының атынан Дала генерал-губернаторы мен Батыс-Сібір оқу округінің қамқоршысы арқылы 1897/98 оқу жылында Семей төртсыныптық ерлер прогимназиясын толық курсты гимназия етіп құру жөнінде ұсыныс тастауды, ал егер халық ағарту министрлігі қандайда бір жағдаймен осымен келіспейтін болса, онда сол прогимназияны қаладан бөлінетін 3970 рубльден жұмсалатын шығынмен алтысыныптық етіп құру қажеттілігін ұсынуды жүктейді. Жалпы Қалалық Думада кез-келген іс басым дауыспен шешілетін болғандықтан, 1897 жылы 19 қарашада қаралған мәселе аз дауыс жинап заң талабына сәйкес келмей ерлер прогимназиясын гимназия етіп құру туралы іс өзгеріссіз қалдырылады [37, 1-2-пп.]. Дегенмен 1905 жылғы ресми деректе Семей жетісыныптық гимназия болып көрсетілген болатын. Алғашқы жылдары Семей ерлер прогимназиясының инспекторы қызметін Рябинин атқарды. Ал содан кейінгі жылдары, гимназияның директоры міндетін орыс тілі маманы С.Грудзинский атқарады. Оның директорлығы тұсында шәкірттер кітапханасының тарих бөліміне 20-ға жуық кітаптар мен оқулықтар алу көзделді [38, 34-37-пп.].

Аталмыш гимназия қабырғасында қазақ балалары қаладағы орта оқу орындарындағы оқушылармен өзара байланыс орнату үшін түрлі үйірмелер ұйымдастыруға ынта танытқан болатын. Мысалы 1917 жылы 14 қарашада Семей ерлер прогимназиясының төртінші және екінші сынып оқушылары Молдабаев пен Уәлиханов гимназияның педагогикалық кеңесіне мұғалімдер семинариясында, қыздар гимназиясында, үш жоғарғы бастапқы училищелер мен сауда мектебінде оқитындар құрамына кіре алатын «қазақ үйірмесін» ұйымдастыруға рұқсат сұрап өтініш жазған [39, 44-п.].

Семей ерлер гимназиясында гимназиялық оқу пәндерімен қатар мұсылман қазақ балалары үшін арнайы ислам діні туралы ілімде оқытылды, бұл пәнді жергілікті мұсылман комитеті құптаған мұғалімдер өткізді. Ислам ілімі гимназияның оқу жоспарына оқыту пәні ретінде енгенімен міндетті пәндердің қатарына жатқызылмады. Сондықтан да гимназиядағы молда мұғалім бұл сабақты өз деңгейінде өткізуге тырыспаған, ал ондағы оқушылардың кейбірі тіпті сол сабаққа да қатыспайтын болған. Осыған байланысты 1917 жылы гимназияның бір топ мұсылмен оқушылары Семей ерлер гимназиясының директорына былай деп өтініш жазды: «көп жылдар бойы гимназияда мұсылман ілімі оқытылып келеді. Оның алғашқы енгізілгеннен бастап бүгінгі жылға дейін Мунасыпов молда оқытты, оның сабақты дұрыс бере алмауынан көптеген мұсылман оқушылар діни ілім сабағына қатыспады. Жуырда жергілікті мұсылман комитеті біздің өтінішті назарға ала отырып және Мунасыповты оқытушы ретінде қалдыруға болмайтынын ескеріп, бізге діни ілімді оқыту үшін өз ісінің білгір маманы Уфадағы мұсылман мұғалімдер семинариясын аяқтаған мұғалім Ахметовты жіберді. Айтып өткендей, бұрыңғы оқытушы тұсындағыдай сабаққа келмей үйреніп қалған кейбір мұсылман оқушылар дәл солай құрметті біздің жаңа оқытушының сабағына да қатыспайды. Біздің кейбір жолдастырмыздың оқуға деген мұндай немқұрайлығын біз дұрыс емес деп санаймыз, сол себепті біздің ойымызша осындай қолайсыз жағдайдан бір ғана жолмен, яғни діни ілім сабағын оқуды мұсылман оқушылар үшін міндетті санау және өзінің осы тікелей міндетін орындамаған оқушыларға қатаңдық көрсету керек. Жоғарыда айтылған біздің өтініштерімізді сізден назардан тыс қалып қалмауды сұраймыз» – деп 6-сынып оқушылары А.Сыдықов, А.Айтбакин, Қартбаев, 3-сынып оқушылары А.Уәлиханов, Б.Сартбаев, 7-сынып оқушылары Ғ.Серғазинов, З.Дулатов, Г.Қозбағаров, Тарабаев, С.Түреуов, даярлық сыныптың оқушылары Саурбаев, Сабыкеев, Бестаев, Сапарбеков, Тойшыбеков, Тұзмұхаметов, Құлғарин, Мұнасыпов, Г.Шегіров өздерінің қолдарын қойды [39, 45-п.].

Семей гимназиясында 1894-1918 жж. аралығында көптеген қазақ балалары білім алып шықты, солардың ішінен Ыдырыс Мұстамбаевты ерекше бөліп айтуға болады. Ол гимназиялық курсқа қабылданғанға дейін Семей екісыныптық орыс-қазақ училищесінде оқып, оны 1916 жылы үлкен табыспен аяқтаған соң, тиісті қаражаттың жетіспеуінен пошта-телеграфтық ведомствасына оқушы болып қабылданады. Жарты жылдан соң, жас Ыдырыс VІ-шы санатты шенеуніктік дәрежесін алу үшін емтиханды тапсырып сол шенмен пошта-телеграфтық ведомствасында жұмыс істейді. Осы қызметте жүрген кезінде жас Ыдырыс оқуын жалғастыруды ойлап 1918 жылы 11 тамызда Семей ерлер гимназиясының педагогикалық кеңесіне өтініш жазады: «1917 жылы мен көктемде гимназияның бірінші төрт сыныбына емтиханды тапсыруға талпындым, бірақ революция басталып кетті және қазақтың саяси өмірінде есті элементтердің жетіспеуі мені оқудан бөлді және қоғамдық саяси жолда жұмыс істеуге күштеді. Одан кейін қазір қазақтардың саяси өмірі бір қалыпқа түскеннен кейін мен Алашорданың материалдық жағдайыма қолдау танытатын уәдесіне сеніп, білімімді жалғастыруды шештім. Мен Семей екісыныптық училищені аяқтадым. Бұл училище алты бөлімі бар алты жылдық оқудан тұрады. Сонымен қатар педагогикалық кеңеске ақпарат үшін мен бөлімдерде үлкен табыспен оқыдым және әрқашан бірінші оқушы болып ауысымнан өтіп отырдым. Осыларды көрсете отырып, педагогикалық кеңестен мені гимназияның 5-сыныбына келер жылдың көктеміне 4-сыныпқа қатысты тілдер бойынша емтихандарды тапсыратын болам деген шартпен қабылдауыңызды сұраймын. Егер кейбір педагогикалық оймен мені 5-сыныпқа қабылдау мүмкін болмаса, онда менің 20 жасыммен төменгі сыныптарда отыруым сәйкес келмейтін болғандықтан емтихандарды тапсыруымды сұраймын. Гимназияға түскен жағдайда табыстар көрсетуге ұмтылатын боламын, сонымен сізді өзімнің ұятыммен сендіремін» [40, 54-п.]. Кейбір тарихшы ғалымдар Ыдырыс Мұстамбаевты Семей ерлер гимназиясының жетісыныбын толық бітіріп шыққан деп санайды, бірақ оның аталмыш гимназияда бар болғаны бір жылға жуық, яғни 1918-1919 жж. аралығында ғана оқығандығы нақтылы деректер арқылы анықталып отыр.

ХІХ ғасырдың соңында ашылған гимназиялардың қатарына Орал әскери және Орал қыздар гимназияларын жатқызуға болады. Өкінішке орай мұрағат құжаттарының арасында бұл аталмыш гимназияларға қатысты нақтылы дерек көзі сақталмаған. Бірақ Орал қаласындағы орта оқу орындарын қарастыру барысында Орал әскери гимназияның кейініректе алтысыныптық реалдық училище болып қайта құрылғаны анықталды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде құрылған гимназиялардың қатары ХХ ғасырдың бас кезінде де саны айтарлықтай толыға түсті. 1900 жылы 14 қаңтарда Павлодар қаласының уәкілдігінің жиналысында Павлодар төртсыныптық қыздар прогимназиясын ашу туралы мәселе талқыланғаннан соң, оны Батыс Сібір оқу округі қамқоршысының мақұлдауына жібереді. Сөйтіп Батыс Сібір оқу округінің рұқсат беруімен 1901 жылы 1 тамызда Павлодар төртсыныптық қыздар прогимназиясы ашылатын болды және қалалық жиынның шығарған үкімінде прогимназияны қаржыландыру үшін жылына қазынадан жәрдемақы ретінде 1500 рубль қаржының бөлініп тұруын, ал қалған шығындарды қаланың өзі төлеп тұратынын көрсетті. Бас қосуда шығарған үкім бойынша Павлодар қыздар прогимназиясы алдымен екісыныптық болып құрылатын болса, ал қалған екі сынып келер жылдың ізімен жылына бір сыныптан ашылып отыратын болды. Алғашқы кезде аталмыш прогимназия қоғамдық қалалық үйлердің қатарына жататын бұрыңғы қалалық қыздар училищесінің ғимаратына орналасты [41, 1-2-пп.]. Павлодар прогимназиясының үшсыныбын аяқтаған қыздарға ауыл мұғалімі болуға құқық берді және тиісті емтиханды тапсырмай-ақ толық курсты гимназияларда оқуларын үзіліссіз жалғастыруға, сондай-ақ емтихансыз фелдшерлік және акушерлік курстарға кедергісіз түсуге рұқсат берілетін еді.

Павлодар қыздар прогимназиясы үлгісімен Өскемен қалалық басқармасы 1905 жылы қыздар прогимназиясын құруды күн тәртібіне қояды. Сөйтіп 1905 жылдың 2 шілдесінде Өскемен қалалық старостасы Семей облысының әскери губернаторына: «Өскемен қаласында жұмыс істеп отырған төртсыныптық Марин қыздар училищесі төртсыныптық немесе тіпті үшсыныптық прогимназиясынан алынатын тиісті құқықтарды тәрбиеленушілерге бере алмай отыр. Марин училищесін аяқтаған тәрбиеленушілер ерекше емтихансыз гимназияларда білімдерін жалғастыра алмайды, емтихансыз фелдшерлік және акушерлік курстарға түсе алмайды, ерекше сыныптарда дайындықсыз село мұғалімі бола алмайды. Сондықтан да аталмыш училище тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр және қалалық уәкілдігінің жиналысы маған сол оқу орнын төртсыныптық прогимназия етіп құру туралы ұсыныс жасауды тапсырды» [42, 1-2-пп.] - деп жазады.

Жаңа ашылатын қыздар гимназиясы Өскемен қаласына іргелес жатқан Зайсан, Змеиногорск, Көкпекті және Зырянов секілді елді-мекендерде тұратын қыз балалар үшін өте тиімді болды. Себебі оқу жылының басында-ақ Семей қыздар прогимназиясының сыныптары оқушыға толып, әрі алғашқы төртсыныпқа бос ваканттық орындардың өзі табыла бермеді. Міне, сондықтан да Өскемен қалалық уәкілдіктері ең болмаса қала тұрғындарымен оған жақын орналасқан елді-мекендердің балаларын қамтитын қыздар прогимназиясын құруды көздеген еді.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректердің тізімі

 1 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т., 970-іс.

2 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т., 2238-іс.

3 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т,. 467-іс.

4 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т., 1475-іс.

5 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т., 2081-іс.

6 Рахымқұлов Д.А. Жәңгір мектебінің түлегі Жүсіп Шомбалұлы жөнінде // Мұрағаттар. Еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы орны мен қызметі, тарихы атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.– Алматы қ. – 24 қараша 2011 ж. – 252-264-бб.

7 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 129-іс.

8 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 17 ж-іс.

9 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 152-іс.

10 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 351-іс.

11 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 94-іс.

12 ҚР ОММ. 93-қ., 1-т., 112-іс.

13 ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 31566-іс.

14 ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 31648-іс.

15 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 2867-іс.

16 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 176-іс.

17 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 313-іс.

18 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т,. 442-іс.

19 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 1663-іс.

20 Ураз Джандосов: Документы и публистика (1918-1937 гг.) В двух томах. Т.2. Алматы: ТОО издательский дом «Қазақстан», 1999. – 304 С. Составители: И.Н. Бухонова, А.У. Джандосов, Р.К. Кангужиева, Е.В. Чиликова.

21 ҚР ОММ. 94-қ., 1-т., 2050-іс.

22 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т., 98-іс.

23 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т., 16-іс.

24 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т., 3-іс.

25 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т., 51-іс.

26 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т., 77-іс.

27 ҚР ОММ. 92-қ., 1-т. 10-іс.

28 Добросмыслов А.И. Учебные заведения Ташкента. – 308 с.

29 Адрес – справочник Туркестанского края с иллюстрациями, календарем на 1910 г., картой края и объявлениями. – Ташкент. – 206 б.

30 ӨР ОММ. 50-қ., 1-т,. 387-іс.

31 Бендриков К.Е. Очерки по истории народного образования в Туркестане (1865-1924 годы) Изд-во Академия педагогический наук РСФСР Москва. 1960.

32Туркестанские ведомости. – 1913. – №15.

33 Жолсейітова М.Ә. Қазақстандағы халық-ағарту ісінің қалыптасуы мен дамуы (тарихи аспект. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы. Жетісу мәліметтері бойынша): т.ғ.к.  ... дисс. – А: 1998.  

34 ҚР ОММ 369-қ. 1-т. 7327-іс.

35 Мәрсеков Р. Қазақ қайда бара жатыр. / Құрастырғандар: С.О. Смағұлова, А.М. Жұмабаева. – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2013. – 304 б.

36 ҚР ОММ. 502-қ., 1-т., 17-іс.

37 ҚР ОММ. 15-қ., 1-т., 968-іс.

38 ҚР ОММ. 494-қ., 1-т., 36-іс.

39 ҚР ОММ. 494-қ., 1-т.. 44-іс.

40 ҚР ОММ. 494-қ., 1-т., 242-іс.

41 ҚР ОММ. 15-қ., 1-т., 1151-іс.

42 ҚР ОММ. 15-қ., 1-т., 1322-іс. 

РАХИМКУЛОВ Д. А.,

СНС Института истории и этнологии им. Ч. Валиханова, к.и.н.

О ГИМНАЗИЯХ ОБУЧАВЩИХ КАЗАХСКИХ ДЕТЕЙ

(ІІ половина ХІХ в. – нач. ХХ в.)

Резюме

Статья посвящена к истории гимназий и прогимназий второй половины ХІХ– начала ХХ вв., где получали образование казахские дети. Автор вместе с приведением имен казахских гимназистов, учившихся в разные годы в гимназиях Верного, Семипалатинска, Кустаная, а также Ташкента, Оренбурга, Троицка, Омска, на основе архивных источников в хронологическом порядке описывает социальный и численный их состав, пройденные учебные предметы, ученические квартиры и пансионаты где они проживали, состав преподавателей, а также приводит деятельность известных казахских личностей, окончивших гимназии и сыгравших важную роль в общественно-политической жизни страны.

Ключевые слова: классическая гимназия, прогимназия, ученические квартиры, пансионат, подготовительное отделение, гимназист, аттестат зрелости, свидетельство, именная стипендия, класс.

Summary

The article is devoted to the history gymnasiums and junior schools of the second half of XIX – early XX centuries, where the Kazakh children were educated. The author along with adducing the names of Kazakh high-schools students who studied in different years in the public schools of Vernyi, Semipalatinsk, Kustanai, and Tashkent, Orenburg, Troitsk, Omsk, on the basis of archival sources in chronological order describes their social structure and number, the learned academic subjects, student apartments and boarding houses where they lived, teaching staff, and also mentions the activities of famous Kazakhs who  graduated from high school, and played an important role in socio-political life of the country.

Keywords: classical gymnasium, junior school, student apartments, boarding houses, preparatory department, schoolboy, school-leaving certificate, nominal grant, class.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз