Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » Қазақстан ғалымдары Ұлы Отан соғысы жылдарында. ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН

ХАМИТОВА М. А.

Қазақстан ғалымдары Ұлы Отан соғысы жылдарында. ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3

Автор:
Мақалада ғұлама ғалым Ә.Х. Марғұланның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ғылыми шығармашылығы және қазақ ғылымына қосқан үлесі туралы баяндалады. Кілт сөздер: Ә.Х. Марғұлан; Ұлы Отан соғысы; Қазақстан ғылымы; елдегі ауыр жағдай; рухани жүдеушілік; қазақ ауыз әдебиеті проблемалары; археология секторы; қазақтың ерлік жырлары; ғылыми жетістіктер
Мазмұны:

30-жылдардың соңы 40-жылдардың басы Қазақстан ғылымы мен ғалымдары үшін өте ауыр кезең болғаны тарихта белгілі. Қазақ тарихы мен әдебиетінің жүгін арқалаған талай танымал ғалымдар 1937–1938-жылдардағы репрессия құрбаны болды. Елде белең алған рухани жүдеушілікке 1939 жылы неміс басқыншыларының Польшаны жаулап алуымен басталған екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы қосылды. КСРО мен Германияның арасында қабылданған 10 жылдық бейбіт келісімге қарамастан 1940 жылы Францияны, Дания, Норвегия, Нидерланды мемлекеттерін жаулап алған Германия әскері 1941 жылы Кеңес Одағына соғыс жарияламастан, тұтқиылдан басып кірді. Сөйтіп, Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанымызды шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Қ.И. Сәтбаев бастаған Қазақстандық ғалымдар қара, түсті металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытында ғылыми жұмыстарды жүзеге асыра бастады. КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл және әдебиет, тарих, химия-металлургия, топырақтану, ботаника, және өлкетану институттары ашылды.

1938 жылы Алматыдағы СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалының ашылуына байланысты елге шақырылған жас ғалым Әлкей Марғұлан да алдына бірнеше мақсат қойған еді: біріншіден, тарих, археология, этнография ғылымдарын жүйелеп бір жолға қою; ел ішінде ескерткіштерді зерттеуге арналған экспедициялар ұйымдастыру; ғылымға жастарды бейімдеп, тәрбиелеу; тарих, әдебиет салаларында үлкен монографиялық еңбектер жазу.

Осы 1938 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиясының қара шаңырағында қызмет жасаған ғұлама ғалым бұл міндеттерін зор абыроймен атқарып шықты.

Ал, Ұлы Отан соғысы жағдайындағы елдегі қиындықтар, Ғылым академиясының Қазақ филиалы тарих секторы бойынша кадрлар жетіспеушілігі жағдайындағы ішкі қиындықтар, өте ауыр тұрмыстық жағдайына қарамастан ғалым Әлкей Марғұлан 40-шы жылдардың басынан бастап көне жазба ескерткіштерді және қазақ халқының рухани мәдениетін, фольклорын жан-жақты зерттеумен қатар, археологиялық ескерткіштер кешенін іздестіру, табу, зерттеу істерін алғашқылардың бірі болып бастады. 1940–1941 жылдары 15-тен аса мақала жазып, оқулық құрастырып, «Историческое значение ярлыков и пайцзе» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын дайындайды.

Москвадан Алматыға Ғылым академиясының Қазақ филиалының тарих секторының 1940 жылғы жұмысы нәтижесімен танысуға, тексеруге 24-ші қарашадан 28-желтоқсанға дейінгі аралықта 35 күнге арнайы келген, танымал тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.П. Вяткин: ... «Если в январе 1939 года я нашел в портфеле исторического сектора лишь не систематизированные выкопированные из архива материалы по Букеевской орде и отдельные, необработанные главы тов. Шахматова «Восстание Исатая Тайманова»...., то теперь в декабре 1940 года в портфеле сектора нашлось немало законченых работ выполненных силами Алма-Атинских работников»,-деп ары қарай орындалған жұмыстардың есебін жазады. -«Помимо указанных изданий работниками сектора проводилась большая внеплановая работа. По радио передан один доклад Х. Юсурова, в газетах опубликовано 3 статей Маргулана и в журналах опубликовано 5 статей Маргулана, 3 статьи Юсурова.... Кроме того Маргуланом подготовлялась работа в качестве кандидатской диссертации на тему: «Ярлыки и пайцзо, как исторический источник» - эта работа также мною просмотрена (5 печ. листов),- деп жазады. Профессор М.П. Вяткин тексеру барысында дайындаған Есебінде Ғылым академиясының Қазақ филиалының тарих секторының жұмысын әрі қарай дамытудағы кедергілер ретінде: біріншіден, сапалы мамандардың жетіспеуі; екінші бір себеп ретінде жұмыс жасап жүрген ғылыми қызметкерлердің ауыр материалдық-тұрмыс жағдайларын көрсетеді. Мысалы, «Тов. Маргулан живет в гостинице с женой, ребенком и домработницей и занимает небольшую комнату, условий для домашней работы нет. Кроме того, за эту комнату с тов. Маргулана ежемесячно вычиталось 150 руб., столько же платил за тов. Маргулана КФАН. Но с 1 января Наркомфин закрыл кредиты на оплату квартир сотрудников и тов. Маргулан должен будет платить 300 руб. в месяц. Месячный же его заработок равняется  800 руб.»-деп көрсеткен [1].

Жоғарыда аталып өткен қиындықтарға қарамастан, осы жылдары Ә. Марғұлан қазақ ауыз әдебиетінің жеке проблемаларын жүйелеп, әдебиеттің негізгі салаларын тереңірек қарастырғанын айту керек. 1940 жылдары жазған «Қазақтың ерлік жырларындағы тарихи қоғамдық сарындар», «Қазақ халқының ерлік аңыз жырлары», «Қазақ эпосының өзіндік характері мен оның тарихқа қатынасы», тағы басқа еңбектері қазақ әдебиеті, оның ішінде ауыз әдебиеті саласында теңдесі жоқ тұңғыш зерттеулер. 1941 жылы Қажым Жұмалиевпен бірге орта мектептің 8-класы үшін «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазды. Ондағы ауыз әдебиеті туралы түсінік, тұрмыс-салт жырлары, батырлар жыры, «Қорқыт» образы, «Жиренше шешен» образы туралы материалдарды Марғұлан жазған [2,3; 3-12, 16-28, 50-55-бб].

Ә. Марғұланның алғашқы ғылыми еңбектерінің бірі – 1941жылы «Әдебиет және искусство» журналының 4-ші нөмерінде жарық көрген«Мұхаммед-Хайдар қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты мақаласы. Ғалымның бұл мақаласы туралы профессор Мәмбет Қойгелді: «ғалымның пікірінше, «Тарих и Рашидиде» ерекше көңіл аударуға лайық мәселенің бірі – Қасым хан (1443–1520) билеген тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының өркениеттік ерекшелігі. Мұхаммед Хайдар қазақ халқының өмірін мемлекеттік деңгейде ұйымдастыра білген кемеңгер әрі тұлғалы адам болғандығын бөліп айтып, Қасым ханның тарихи бейнесін келістіре сипаттайды. Ұлы тарихшының бұл тұжырымы Қасым хан туралы халық аузында айтылатын «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін даналық сөзбен астасып жатыр. «Қасым хан, расында, қазақ жұртшылығының дұрыс өркендеуіне көбірек ой бөлген данышпан адамдардың бірі болған»,- деп түйеді өз ойын Әлкей Марғұлан- деп жазды [3].

Ғалым 1943 жылы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тарих бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Историческое значение ярлыков и пайцзе» атты тақырыпта диссертация қорғайды. Ғылыми оппоненттері Алматыға уақытша келген көне және осы заманғы түркі тілдерінің ескерткіштері, түркі әліпбилерінің топтастыруына және түркі Орхон-Енесай жазбаларының оқылуына маңызды үлес қосқан орыстүркітанушысы, танымал ғалым Сергей Ефимович Малов және көрнекті шығыстанушы ғалым, тарихшы және этнограф, Қаңлы тайпаларын Қытай жазба деректері бойынша, алғаш рет қазақ халқының тарихына таныс еткен ғалым – Николай Васильевич Кюнер болады. Диссертацияның толық материалдары қолда болмағанымен, сол еңбектің негізінде жазылған «К вопросу о социальной структуре тарханных грамот и пайзе» атты еңбегінде Ә. Марғұлан: «Орта ғасырлық сфрагистикалық ескерткіштер арасында ойып жазылған жазулары немесе суреттері бар металл плиткалар немесе тақтайша-пайзалар ерекше орын алады. Ерте замандарда жазбаша жарлықтар болмаған кезеңде, пайзалар биліктің символы ретінде қабылданып, биліктегілердің бұйрығын, жарлығын білдірген»-деп жазды [4]. Пайза биліктің символы ретінде, тек таптық қоғам кезінде ғана пайда болып, алдымен тайпа көсемдерінің, кейін құл иеленушілердің және феодал хандардың, яғни, тек жоғары биліктегілердің мүддесін білдіріп, мысалы, тәуелді князьдіктерді сарайға шақыру, әскер жинау, салық жинау немесе түрлі қызметтік тапсырмаларды орындату мақсатында қолданылды.

Пайза көптеген эволюциялық өзгерістерге де ұшыраған. Алғашқыда ешқандай жазусыз тек тайпа көсемдерінің таңбалары немесе биліктің күшін білдіруші аңдардың, жыртқыш құстардың, драконның бейнелері болды. Оларды ру басшыларының бұйрықтарын халыққа таратушы, жариялаушы жаушылар мен жаршылар сөзбен толықтырып жеткізіп отырған. Марғұлан жазуында, осы пайзе, яғни, биліктің символикалық белгісінің мағынасы туралы: «если старейшине нужно призвать кого-то, для верности употребляют вырезанный деревянный жребок; и хотя нет букв на нем, со всем тем никто в общине не смеет ослушаться»–деп қытай деректерінен мысал келтіреді.

Марғұлан зерттеулерінде көне деректер бойынша пайзалардың қолданылуы ғұндар заманынан бастау алады. Егер, ертеректе бұйрықтың жалған емес екеніне дәлел ретінде жаршылар тайпа басшысының бас киімін немесе белдігін көрсететін болса, ғұндар (б.э.д. ІІІ- ғ.) осы аталған заттардың орнына «пайза» (қытайдың «пайцзы» сөзінен),-деп аталған ерекше белгіні қолданған. Ә. Марғұлан пайза туралы еңбегінде Н.Я. Иакинфтің еңбегіне сілтеме жасай отырып, мынандай мысалдар келтіреді: «Гунны и усуни пользовались еще «золотой печатью с желтыми шнурками» [5]. «Шанью, говорится в китайской летописи,- в первый день первой луны представлен был сыну неба в загородном дворце Ган-Цзюан, и принят отличным образом. Он занял место выше всех князей. Возглашали его вассалом, но не именем. После сего государь пожаловал ему шляпу, пояс, золотую печать с желтыми шнурками, меч, лук и четыре выпуска стрел» [5]. Ағаш тақтайша-пайзалар Түрік қағанатында да (VI–VIII ғғ.) қолданылғаны туралы осы еңбекте Ә. Марғұлан зерттеуші Паркердің еңбегінен: «Каганы, собирая войска и кавалерию или собирая налоги скотом и тому подобным, всегда вырезывали требуемое количество на деревянной палочке, при этом прилагая к ней стрелу с золотой проволочкой, запечатанной воском в знак неподдельности»– деген  дәйекті дәлел келтіреді.

Халықты қанаудың бірден бір құралы ретінде пайза, әсіресе, Моңғол мемлекеті және Алтын Ордада кең қолданыста болған. Пайзалар алтын, күміс, мыстан жасалған, және ағаш тақтайшалардан, нефрит тастан жасалған. Сонымен қатар, бір пайзада арыстанның басы, біреулерінде жолбарыс, немесе, күннің не айдың суреті бейнеленген. Әсіре шұғыл немесе аса маңызды істерде ақсұңқар құс бейнеленген «Сұңқар пайза» пайдаланған. Дөңгелек немесе сопақ болып келетін пішініне қарай, мағынасына қарай қандай пайзаның түрлері болғанын, олардың қандай мақсаттта қай түрі қолданылғанын кеңінен қытай және моңғол деректеріне сүйене отырып зерттеген. Моңғол хандары кезінде түрлі дәрежедегі феодалдарға абырой атағына, қоғамдағы алатын орнына қарай тарту-сый ретінде алтын, күміс пайзаларды қолданысқа  енгізген.

Марко Полоның жазуы бойынша «командующий стотысячным войском имел дщицу золотую, весом в 400 сайес (1,5 кг. – Ә. Марғұлан) на ней золотые надписи и сверху изображен лев, солнце и луна».

Марко Поло жазған мұндай арыстан, күн және ай бейнеленген алтын пайзалар билеуші династиямен туыстық байланыстағы жоғары тап өкілдеріне өте шектеулі жағдайларда тапсырылған болуы керек. Себебі, ғалым зерттеулері бойынша мұндай пайзаның ешбір үлгісі әлі табылған емес.

Алтын пайзасы бар бектер мен нояндар «тархан» аталып, дербес құқықтылыққа, дербестікке ие болып, бұл тархандық ұрпақтан ұрпаққа берілген.

Пайза жол куәлігі қызметін де атқарған. Мұндай пайза Орталық Азия мен Қазақстанға саяхаты кезінде Марко Поло, Плано Карпини және Рубруктарға берілгендігін баяндай келіп, Ә. Марғұлан Рубруктың «Путешествие в Восточные страны» атты еңбегінің Малеин жасаған аударма вариантынан мысалдар келтіреді.

Ағайынды Пололарға да пайзаның берілгені туралы Марко Полоның еңбегінен мынандай үзінді келтіреді: «Знайте, дал трем послам великого Хана Николло, Маффео и Марко четыре золотые дощечки с приказами. на двух было по кречету, на одной лев, а одна была простая. Написано было там их письмом, чтобы всюду давали бы лошадей, продовольствие и провожатых» (Марко Поло. Изд. 1940. С.15. – Ә. Марғұлан). Зерттеуші-саяхатшылар мен елшілерге берілген пайза қызмет соңында қайтарылуға тиіс болған. Осы секілді жол куәлігі ретіндегі пайза емшілерге, әсіресе, оташыларға, ханның жанұясы мүшелері мен туысқандарына да беріліп отырған.

1846 жылы Минусин өлкесінен табылған, Мөңке ханның тақта отырған тұсы – 1255 жылы дайындалған күміс пайза, 1848 жылы Днепр бойынан табылған Алтын Орданың ханы Абдолланың атынан дайындалған күміс пайза, 1853 жылы Монғолия аймағынан табылған күміс пайзалар Эрмитажда сақталғанын  Ә. Марғұлан осы еңбегінде атап көрсетеді.

1890ж. Астрахан өлкесінің «татар қалашығы» аталатын жерден қыпшақ ханы Тоқтының (1290–1312) атымен дайындалған күміс пайза табылған. Өзбек хан (1312–1341) аты жазылған пайза Нижегород жәрмеңкесінде сатылып алынып, Тарих музейіне қойылған. Тоқты, Өзбек, Абдолла хандардың пайзасы қыпшақ шеберлерінің қолынан шыққан деп ой түйіндейді ғалым. Осы пайзаларда дөңгеленген күннің көзі, жапырақ, «қошқар мүйіз» өрнегімен әшекейленген. Пайзаның мәтіні «Повелением вечного неба. Указ хана Узбека. Человек, который не покорится, виновен и должен умереть» деген сияқты бірдей жазылған, тек хандардың есімдері ғана өзгеріп отырған.

«Пайзалардың суреттері мен фотосуреттері XVIII–XIX ғ. саяхатшылары еңбектерінде кездесіп отырады. Витзен, Страленберг, Мессершмидт, Миллер т.б. зерттеушілердің еңбектерінен «татар» немесе «моңғол айналары» деп атаған осы пайзалар туралы деректер табуға болады»–деп жазды Ә. Марғұлан.

Осы пайза туралы зерттеу еңбегінде В.В. Григорьевтың «Монгольская надпись, найденная в Сибири». ЖМВД, 1846, т. XXV, А.М. Позднеевтің «Китайская пайцза, найденная в Минусинском округе», СПб,1884г., Д. Банзаровтың «Пайцзе или металлические дощечки с повелениями монгольских ханов». Записи русского арх. общества, П. 1850, В.Г. Тизенгаузеннің мақалалар жинағы,т. II, К.П. Патканов. История монголов по армянским источникам. СПб, 1871, вып 1., Н.Я. Иакинф Собр. сведений, часть І, История четырех ханов, Марко Поло. Путешествие 1902 ж. Минаевтың аудармасы, Рубруктың «Путешествие в Восточные страны». Малеевтың аудармасы, А. Спицын Татарские байсы. Изд. Археол.комисии, вып. 29, 1908, С.Е. Маловтың «Таласские эпиграфические памятники». Л-М.,1936, т.б. құнды еңбектерге сілтеме жасалған. Бұл диссертацциялық еңбек қыпшақтардың жазба ескерткіштерін зерттеудің ең алғашқы бастамасы болғанын баса айтқан жөн.

Ғалымның 40-шы жылдары жазылған «Мұхаммед Хайдар–қазақтың тұңғыш тарихшысы», «Эдыге в истории и преданиях», «Эдыге и Орак-Мамай», «Қазақтың тарихшысы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің әдеби мұрасы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Амангельді Иманов» туралы ерлікке тәрбиелейтін, отансүйгіштік рухта жазылған т.б. мақалалары үшін ұлтшыл атанып, «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса» атты мақаласы қатты сынға ұшырап, «Сырым батыр» атты мақаласы жарыққа да шыға алмады [6].

Ал, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңіспен тұспа-тұс келіп, 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» тақырыбына Ә.Марғұлан қорғаған докторлық диссертация [7] қазақ ғылымының тарихында алғаш рет қазақтың ерлік жырларына арналды және ғылымдағы үлкен жеңіс болды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1Батырбеков Г.О. Неопубликованные документы Вяткина // Отан тарихы.  –  2004

2 Марғұлан Ә., Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. Орта мектептің 8 класына арналған оқулық. – Алматы: Қазмембас, 1941. –160 б.

3 Қойгелдиев М. Марғұлан мұрасы және бүгінгі тарих ғылымындағы өзгерістер // Орталық Қазақстан. – 2004. – 25 мамыр

4 Маргулан А. К вопросу о социальной структуре тарханных грамот и пайзе // Марғұлан Ә.Х. Шығармалар жинағы. – Алматы: Алатау, 2012. – Т. XIII. – 576 б.

5 Иакинф Н.Я. Собр. Сведений. Часть 1. -  С.74

6 Марғұлан  Ә.Х. Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы. – Павлодар: ЭКО, 2004. – 148 б.

7  Марғұлан Ә.Х. Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи - әдебиеттік зерттеулер: т.ғ.д. ... диссертация. – том ІІІ. – Алматы: «Алатау», 2008. – 488 б.

References

1 Batyrbekov G. Neopublikovannye dokumenty Vjatkina // Otan tarikhy. - 2004.

2 Margulan A. Zhumaliyev K. Kazak adebieti // Orta mekteptin 8 klasyna arnalgan okulyk. - Almaty: Kazmembas, 1941. – 160 s.

3Koigeldiyev M. Margulan murasy zhane bugingi tarikh gylymyndagy ozgerister // Ortalyk Kazakhstan. – 2004.  – 25 mamyr.

4 Margulan A. Kh.K voprosu o sozialnoi strukture tarkhannykh gramot i paize // Margulan A. Kh. Shygarmalar zhinagy. – Almaty: Alatau, 2012. – Т. XIII. – 576 s.

5  Iakinf  N.J. Sobranie svedenii. – Tshast 1. - S.74, s.132.

6 Margulan A. Kh.Kazakhstan galymdarynyn biobibliografiasy.– Pavlodar: ЭКО, 2004. – 148 s.

7 Margulan A. Kh. Kazak khalkynyn epikalyk angimeleri (mif, legenda, ertegi-zhyr, anyzdy angimeler) turaly tarikhi-adebiettik zertteuler:doktor. dissertazja. – tom III. – Almaty: Alatau, 2008.

Хамитова Марван Арыновна

Центрально-Азиатский университет, к.и.н. г. Алматы

УЧЕНЫЕ В ГОДЫ ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕНОЙ ВОЙНЫ.

АЛКЕЙ МАРГУЛАН

Аннотация

Статья о научном творчестве и вкладе в казахстанскую науку академика А.Х. Маргулана в годы Великой Отечественной войны

Ключевые слова:А.Х. Маргулан; Великая Отечественная война; казахстанская наука; духовное обнищение; проблемы казахского фольклора; создание сектора археологии; героический эпос казахского народа; научные достижения.

Marvan Khamitova,

Сandidat of Historical Sciences.

Central Asian University, Almaty /Kazakhstan.

Summary

The Article about the scientific work and contribution to Kazakhstan science academician AH. Margulan in the years of Great Patriotic war

Keywords: Great Patriotic War; a difficult time for the Kazakh science; obnischenie spiritual; AH Margulan; issues of Kazakh folklore; creating sectors of archeology; the heroic epic of the Kazakh people; scientific achievements.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз