Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » УДК 574, 42 (19) ХІХ ҒАСЫРДЫҢ І ЖАРТЫСЫНДА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНА ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ОРНАЛАСТЫРЫЛУЫ

АТАНТАЕВА Б.Ж.

УДК 574, 42 (19) ХІХ ҒАСЫРДЫҢ І ЖАРТЫСЫНДА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНА ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ОРНАЛАСТЫРЫЛУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2

Автор:
Аннотация Мақалада ХІХғасырдың бас кезіндегі Шығыс Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің қоныстану қарқыны мен олардың ұлттық құрамға тигізген әсері қарастырылған.Демографиялық үрдістердің ішінде халықтың көші-қоны маңызды орын алады. Өйткені көші-қонға қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге шұғыл көңіл бөлетін жауапты сипат тән. Көші-қонды тудыратын факторлар мен көші-қонның салдарын білу қажет.
Мазмұны:

УДК 574, 42 (19)

Этникалық диаспоралардың қалыптасуы мен орналастырылуы Шығыс Қазақстан территориясында Кеңес үкіметі тұсында да жалғаса берді. Түрлі этникалық топтардың өлкеде кең көлемде пайда болуынакөші-қон, депортация сынды факторлар әсер етті.

1926 жылғы санаққа сәйкес ҚазақАКСР-да қазақ ұлтынан басқа: орыс ұлт өкілдерінің саны – 1275005 адам (20,6%), украиндықтар – 860201адам (13,5%), немістер – 51094 адам (0,9%), татарлар – 79758 адам (1,2%), өзбектер – 129399 адам (2,08%), белорустар – 25584 адам (0,4%), ұйғырлар – 63432 адам (1,02%), кәрістер 42 мың адам және өзге ұлт өкілдер – 86290 адамды (1,4%) құрады [1]. Кезіндегі Семей облысында орыс ұлт өкілдерінің саны 399257 (30,5%), адамды құраса украиндықтар – 140233 (10,7%), немістер – 11859 (0,9%), татарлар – 18765 (1,4%), белорустар – 9644 (0,7%), - өзбектер – 807 (0,1%) және т.б.

Көріп отырғанымыздай 1926 жылғы санақ нәтижесі бойынша Қазақстанда ең көп орналасқан этникалық топ (қазақтардан кейін) орыстар болды. Олардың басым көпшілігі қалалық жерде тұрды (57,2%). Осы кезеңде олардың сандық көрсеткіші 7,1% - ға артса, өзге ұлт өкілдерінің сандық көрсеткіші 13,5% -ға тура келді.

Орыс және славян ұлт өкілдерінің көбеюі көші-қон факторымен тығыз байланысты болды, 1920-1930 жылдары бұл қозғалыс аса қарқынды жүрді, оның негізгі себебі 1920 жылғы ашаршылық. Тек 1921 жылы осы нәубеттің салдарынан Қазақстанға 45,858 адам келді. Кейін РКП(б)-ніңІІҚазақ облыстық конференциясында «Қазақстан қалалары ашыққан босқындарға толы» деп көрсетілді.

Бұл кезеңдегі орыс-славян халқының саны және үлестік салмағы айтарлықтай арта түсті. Бірінші бесжылдықтың 3 жылы ішінде Қазақстанға мемлекеттің түрлі аймақтарынан 65 мың жанұя қоныс аударып, 1940 жылдардың аяғында Қазақстанға Украинадан, Белоруссиядан, Воронежден, Курскіден, Рязан облысынан, Чуваш, Татар, Мордова Автономиялық республикаларынан 24,241 мың көшірілген шаруашылық пайда болды.

1930 жылдардың басында бай кулактардың тәркіленуі көші-қонға алып келді. 1930-1931 жылдарда КСРО бойынша 381026 жанұя барлығы 1803392 адам жер аударылды [2].

1934 жылға дейін «кулактық» жер аударуға жіберілген шаруаларды «арнайы қоныстанушылар» деп атаса, 1934-1943 жылдары – «еңбек жайымен көшірілгендер», ал 1944 жылы – «арнайы қоныстанушылар» деп аталды. 1941 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанда 180015 «еңбек жайымен көшірілгендер» тіркелді.

1923-1933 жылдардағы аштықты ұйымдастырушы деп айыпталған агрономдар, ауыл шаруашылық кооперативтерінің жұмысшылары репрессияға ұшырады. Олардың басым бөлігін шахта, завод құрылыстарына, орман шаруашылығының жұмыстарына тартты, себебі бұл жұмыста оларды қадағалау және «тәрбиелеу» оңайға соғады деп есептелінді [3].

1936 жылы Украинадан Казақстанға 4138 жанұя көшіп келді. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстанда орналасты: «қоныс аударушыларды ауданы 121691 га тең келетін Летович ет комбинатына тиесілі жер бөлінді. Көрсетілген жер көлемінің шаруашылыққа жарамдысы 114343 га жер». Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонайха және Киров аудандарына 2500 шаруашылық қоныстандырылды. Олардың негізгі қызметі «қызылша егу». 1940 жылы Украинадан Семейоблысына жоспарсыз түрде 53 отбасы көшіп келді. Барлығы Новошүлбі ауданында, колхоздарға, оның ішінде Киров – 30 шаруашылық, Веселый труд – 5, Крупск – 6, Ленинский труд –8, Шевченко – 3, Куйбышев – 1, және Белағаш ауданының «Идея» колхозында – 3 шаруашылық орналастырылды.

Соғыс кезінде уақытша фашистердің оккупациясына ұшыраған елді-мекендерден де адамдар келе бастады. Эвакуация екі кезеңде жүрді. Біріншісі және кең ауқымда – 1941 жылдың жазы мен күзі. Екіншісі – 1942 жылдың жазы мен күзі. КСРО-ның түкпір-түкпіріне 25 миллион адам көшіріліп, оның 536 мыңы Қазақстанда тұрақтады.

1942 жылдың 1 қыркүйегінде Шығыс Қазақстанға 60949 адам, оның ішінде Өскемен қаласына – 10091 адам қоныстандырылды. Олар орыс, еврей, украин, белорус, татар, армян, мордва, латыш және эстон ұлт өкілдері болды. Камалджанова Т.А. зерттеуіне сүйене отырып, «эвакуацияланған және көшірілген» адамдар тізімінен Брежневтер жанұясы табылған. Өкінішке орай олар жайлы толық мәлімет табылмады, дегенмен 166-171 нөмірмен Брежневтер белгіленген: Галина Леонидовна (1929 ж.т.), Юрий Леонидович (1938 ж.т.), Анна Владимировна (1910 ж.т.), Елена Яковлевна (1940 ж.т.) [4] тізім бойынша олар Семей облысына қарасты Бесқарағай ауданында орналастырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға қалмақтар, қырым татарлары, түрік-месхеттер көшірілді. Бұл аталған процесстер «демографиялық ахуалға» алып келіп, нәтижесінде Қазақстан тұрғындарының сандық көрсеткішін өсірумен қатар ұлттық құрамының өзгеруіне алып келді.

1939 жылғы санаққа сәйкес Шығыс Қазақстан территориясында орыс ұлт өкілдерінің саны – 369796 (68,7%), украин – 27253 (5,1%), неміс – 4041 (0,8%), татар – 5400 (1%), тәжік – 82, удмурт – 148, өзбек – 853, ұйғыр – 102, шешен – 137, поляк – 944, кәріс – 309 т.б.

Белгілі тарихшы М.Қ.Қозыбаев1930 жылдың аяғында Қазақстан «халықтардың сталиндік түрмесіне» айналды[5] деп жазды. Шынында да, әр бесінші Қазақстандық, әлеуметтік не болмаса саяси белгілері бойынша жер аударылды. Зорлықпен көшіру НКВД –нің жетекшілігімен жүргізілді.

Жапа шеккендердің алғашқысы болған совет одағының кәрістері еді. Кәрістер КСРО ХКК және БОКП (б) ОК №1428 – 32 21тамызда қабылданған қаулы бойынша Қиыр шығыс өлкесінен келді. «Қиыр шығыс өлкесінен кәрістерді ығыстыру жайлы: Посьет, Спасск, Шмак, Постышев, Вязем, Суйфун, Киров, Калинин, Благовещен, Тамбов, Михайлов, Архар, Сталинск, Блюхеровтегі кәрістер Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арал және Балхаш теңіздерінің мағына орналастырылсын. Ығыстыру Посьетск және Гродеково ауданынан басталсын. Ығыстыру науқанына тез арада басталып,1938 жылдың 1 қаңтарында аяқталсын». КСРО НКВД-нің жоспары бойынша алғашқыда Қазақстанға 6000 жанұя орналастырылмақ болды. Олардың жартысы Арал, Балхашта балық шаруашылығымен айналысса, екінші жартысы Оңтүстік Қазақстан облысында күріш өсіру шаруашылығымен айналысу керек. Дегенмен, депорация науқаны іс жүзінде өзіндік өзгертулер енгізді. Көшірілгендердің барлығы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасты: «көшіп келген контингент тек күріш өсіретін аймақтарда орналассын. Бұл қажеттілік ең бірінші, кәрістер күріш өсіру шаруашылығын жетік білгенімен және қысқа мерзім ішінде күріш, дәнді дақыл өңдеу шаруашылығында алдыңғы орын иелену сонымен қатар, майкене, соя өндірудегі озық колхоздардың пайда болу мүмкіншілігімен түсіндірілді»[6].

Мұрағат деректерінде: «көшіп келгендерді келесі аудандарға орналастырмақ болды: Яны-Қорғанға – 650 шаруашылықпен 5 колхоз, Қызылордаға – 850 шаруашылықпен 6 колхоз, Қармақшы ауданына 3200 шаруашылықпен 22 колхоз, Қазалыға 800 шаруашылықпен 7 колхоз», - деп кқрсетілген [7].

Көріп отырғанымыздай, кәріс диаспорасы Шығыс Қазақстан облысына бағытталмаған, сондықтан кәріс диаспорасы өңірде 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басында қалыптасып, түрлі оқу орындарын тәмамдаған, білікті маман ретінде бағытталып, келе бастады.

1937 жылы кәрістермен бірге КСРО-ның оңтүстік шекарасынан курдтар, ассириялықтар, ирандықтар мен түріктер ығыстырылды. Қазақстанға Әзірбайжан мен Армениядан құрамында курдтар, армян мен түріктер бар 1121 жанұя қоныстанды. Ирандықтардың басым бөлігі Алматы (600 жанұя) және Оңтүстік Қазақстан (1326 жанұя) облысында орналасты.

1940–1941 жылдардың басында КСРО–ның шығыс аудандарынан «польские осадники» ұлт өкілдерін ығыстыру басталды. Бұл атаумен 1920 – 1930 жылдардағы Польшадан Батыс Украина және Батыс Белоруссиядан қоныс тепкен поляктар аталды. 1930 жылы бұл территориялар КСРО – ға қосылысымен бұл этностардың ығыстырылуы басталды. Украинадағы поляктардың депортациясы 1937-1938 жылдардағы антиполяк компаниялардың бастамасы еді. Айта кететін маңызды жәйт, Кеңес үкіметінің Польшаға қарсы конфронтациялық (мақсат-мүдделердің қарама-қарсылығы) саясаты. Польша – КСРО-ға қарсы, батыс елдердің плацдармасы (стратегиялық әскери операцияға я соғыс бастауға лайықты жер) болып есептелінді, сол себепті бұл КСРО-да тұратын поляк тумаларына да әсер етпей қоймады. Олар мемлекетаралық қарым-қатынас тұтқындарына айналды. Репрессиялық саясат КСРО-ның, Қазақстанның барлық аймақтарында тұратын поляктарға әсер етті. Репрессиялық шаралардың қолдануына Польшадағы туысқандырдың бары да себеп болып, оларды поляк тыңшыларымен тығыз қарым-қатынаста деген жала жабылып, айыпталды Дегенмен, репрессияға олар басқа себептермен де ұшырады. Аталған кезеңде КСРО-да 118-123 мың поляк, оның ішінді «поляк» жоспары бойынша – 96-99 мың адам тұтқындалды. Бір этникалық топ өкілі болып есептелу, репрессияға ұшыраудың негізі болды [7, 57-б.].

Этникалық құрам біркелкі болған жоқ. Негізгі бөлігі поляк этносы бола тұра, олардың арасында еврей, украин, белорус, неміс және өзге ұлт өкілдері болды. соғыс аяқталысымен поляк арнайы күштеп қоныс аударылғандар Отандарына оралуды көздеді, бірақ Кеңес одағының әскері Польша жеріне кірісімен, қайта депортация науқаны басталды. Поляк-арнайы қоныстанушылардың тағдыры өзге этностардың арнайы күштер қоныс аударылғандар сынды КСРО ХКК 1945 жылдың 8 қаңтарында қабылданған «Арнайы күштеп қоныстанушылардың құқықтық жағдайы» атты қаулысына тікелей байланысты болды. Қаулы бойынша барлық арнайы күштер қоныстанғандардың азаматтық-құқықтықтары бірдей болғанымен, ішкі істер басқармасының бақылауы, бір жерден екінші жерге көшуге тыйым салынғаны өзгеріссіз қалды. Тек Сталиннің жекебасына табынудан кейін ғана поляктарды қатаң қадағалау жұмыстары қысқартылды.

1941 жылы кеңестік немістердің өмірінде қиын кезең басталды. Фашистік агрессорларға деген халықтың өшпенділігі осы немістерге бағытталды. Кей кезде «неміс» және «фашист» сөздері өзара синонимдерге айналды. Кеңестік немістер «Германияның бесінші колоннасына» айналуы мүмкін деп есептеп, КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Поволжья ауданындағы немістерді Сібір және Қазақстанға қоныстандыру жайлы жарлық қабылдайды.

Неміс диаспорасының Қазақтан территориясында қалыптасуына КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі 1941 жылдың 28 қаңтарында қабылданған «Поволжья ауданында тұратын немістерді көшіру» атты жарғысы әсер етті. Құжатта: «Көші-қон науқанына барлық немістер, қала және ауыл тұрғындары қатыссын делінген» [8].

1941-1942 жылдары Шығыс Қазақстан территориясына неміс халқының депортация үрдісі екі ірі кезекте өтті. Құрамында 15331 адам бар бірінші кезек 1941 жылдың қыркүйек айында, Сталинград, Сталинград ауданынан және Астрахан қаласынан келді.

1941 жылдың қазан-қараша айында Шығыс Қазақстанға құрамында 12 мың адам бар екінші кезектегі халық көшіп келді. НКВД РО мәліметтері бойынша, 1941 жылдың қыркүйек айында Шемонайха айданында 230 неміс жанұясы бар 992 адам өмір сүрді. Олар негізінен неміс тұрақтарында: Пруггеров, Горкунов, Америка, Кениговта орналасты. Негізінен немістерді неміс халқы жоқ немесе немістер саны өте аз ауылдарға орналастырды. Немістердің басым көпшілігін Шемонайхаға ауданына және басым көпшілік немістерді Спасск, Шемонайха және Михайловсовхоздарына орналасты. Екінші құрамда көшкен немістердің нақты сан көрсеткіші жоқ.

Предгорнен ауданына 2 мың неміс, 3 мыңға жуық көшіп келгендер Лениногорск ауданына, 1,5 мыңға жуығы Уланскауданына орналасты. Жоғарғы –Үлбі ауданына 314 жанұя, 1248 неміс қоныстанды.

1941-1942 жылы республикаға барлығы 1209430 неміс көшіп келді. 1942 жылдың 5 қаңтарында олардың саны 382 102 адамға жетті. Олардың ішінде Шығыс Қазақстанда 28 069 адам, Семейге – 39 196 адам көшіп келді.

Белгілі ғалым Қ.С. Алдажұмановтың зерттеуі бойынша соғыс жылдары республикаға 462 мың неміс депортацияланды. 1945 жылдың аяғында олардың саны 300 мың 600 адамды құрады. Соғыс жылдары Қазақстанға Еңбек армиясына 60 мың неміс мобилизацияланды [9].

1944 жылдың аяғында Мемлекет қауіпсіздік комитеті қырым татарларының қоныс аударуы жайлы қаулы қабылдады. Қырым татарларының басым көпшілігі Өзбек КСР-да (141,2 мың адам) орналасса, Қазақстанда 4,5 мың адам қоныстанды. Сонымен бірге Қырымнан Қазақстанға 7 мың болгар мен грек көшірілді.

1943-1944 жылдары Қазақстанға Орта Азия мен Сібірден, Солтүстік Кавказбен Қырымнан да бірсыпыра халық қоныс аударды. Күштеп көшірілгендердің алғашқысы болған қарашай ұлты болды. Қарашай-Черкесс автономдық облысы 1922 жылдың 12 қаңтарында, РКФСР-дің Ставропол облысында құрылды.

Соғыс жылдарында қарашайлықтар өзге халықтар сынды фашистерге қарсы белсенді күресті. Дегенмен, 1943 жылдың 12 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңес қаулысы бойынша Қарашай-Черкесс автономиялық облысы жойылуға ұшырап, 1943 жылдың 4 қазанында КСРО ХКК қарашайлықтарды ығыстыру жайлы қаулы қабылдады. Құрамында 69267 адам бар 14774 жанұя депортацияға ұшырады. Ығыстыру науқаны аз уақыт ішінде және қатаң тәртіппен жүргізілді. Тек 1957 жылы Қарашай-Черкесс автономдық облысы қайта құрылғаннан кейін, Орта Азия мен Қазақстандағы қарашайлықтардың 90% қайта автономияға қайтты.

Мұндай қайғылы оқиғаны балқарлар да бастарынан кешірді. Қабардін-Балқар автономдық облысы РКФСР құрамында 1922 жылдың 16 қаңтарында құрылып, 1936 жылдың 5 желтоқсанында автономдық республика болып жарияланды. 1943 жылдың басында балқарлар территориясы фашистерден босатылып, жалған жала бойынша тарихи Отандарынан көшірілді.

1943 жылдың 27 желтоқсанында Қалмақ АССР жойылуға ұшырағаннан кейін 92 мың қалмақ, олардың 65% құраған қарттар мен балалар Қазақстан мен Батыс Сібірге депортацияланды.

1943 жылдың қазан айында Шешен-Ингуш АКСР жойылды. 1944 жылдың 23 ақпанында таңғы сағат 5те шешен мен ингуштарды Орта Азия мен Қазақстанға қоныстандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараны жүргізу барысында НКВД-ның НКГБ-нің және СМЕРШ-тің (әскери тыңшылар) 19 мың,НКВД-нің 100 мыңға жуық офицерлері қатыстырылды.

Барлығы 310,6 шешен мен 78,5 мың ингуш ығыстырылды. Наурыз айында Қазақстанға 344,6 мың адам келіп, олар Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында орналастырылды.

Шешен мен ингуштар өзге неміс, кәріс, түрік этностары сияқты жинақы бір жерге қоныстанбай, бүкіл республикаға шашыраңқы топ ретінде орналасты. Мысалы, Қызылорда мен Талдықорған облыстарында кәріс колхоздары, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында – неміс шаруашылықтары пайда болды.

1944 жылдың тамыз айында Грузиядан Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға 115,5 мың месхеттік түрік пен курдтар ығыстырылды. Қазақстанда 27,8 мың месхеттік түрік орналасты.

Қазақстанда орналасқан арнайы күштер қоныстандырылғандардың жалпы санын нақты айту қиынға соғады, себебі олардың сандық көрсеткіші жыл сайын өзгеріп отырды. НКВД-нің 1945 жылғы 1 қаңтарына берілген мәліметтері бойынша 815319 адам (235308 жанұя) тіркелді. Олардың ішінде:

1.  Кулак болған – 135308 адам (44160 жанұя), Ақтөбе, Гурьев және Қостанай облыстарынан басқа, келесідей орналасты: Алматы – 3410 адам (969 жанұя); Қарағанды – 50768 адам (17497 жанұя); Семей – 981 адам (298 жанұя); Ақмола – 2708 адам (7413 жанұя); Шығыс Қазақстан – 6400 адам (2409 жанұя); Жамбыл – 8338 адам (2599 жанұя); Батыс Қазақстан – 244 адам (64 жанұя); Көкшетау – 32197 адам (9195 жанұя); Қызылорда – 1503 адам (519 жанұя); Павлодар – 147 адам (55 жанұя); Солтүстік Қазақстан – 2580 адам (824 жанұя); Талдықорған – 4684 адам (360 жанұя); және Оңтүстік Қазақстан – 2353 адам (958 жанұя).

2.  Қабардін-Балқарлар – 20288 (5405 жанұя) – тек 6 облыста орналасты: Алматы – 3529 адам (962 жанұя); Ақмола – 3256 адам (807 жанұя); Жамбыл – 6593 адам (1730 жанұя); Павлодар – 2035 адам (530 жанұя); Талдықорған – 1996 адам (507 жанұя) және Оңтүстік Қазақстан – 2879 адам (869 жанұя).

3.  Қалмақтар – 2541 адам (760 жанұя) – тек 2 облыста орналасты: Қызылорда – 2492 адам (743 жанұя); және Оңтүстік Қазақстан – 49 адам (17 жанұя).

4.  Қарашайлықтар – 40767 адам (10505 жанұя) – тек 3 облыста орналасты: Жамбыл – 17448 адам (537 жанұя); Талдықорған – 36 адам (19 жанұя); Оңтүстік Қазақстан – 23283 адам (5949 жанұя)

5.  Қырымдықтар – 4224 адам (1223 жанұя), тек Жамбыл облысында орналасты.

6.  Немістер – 243722 адам (79017 жанұя) – Батыс Қазақстан облысынан басқа барлық облыстарға келесідей қоныстанды: Алматы – 3041 адам (231 жанұя); Қарағанды – 20538 адам (7567 жанұя); Семей – 24030 адам (7975 жанұя); Ақтөбе – 4942 адам (1751 жанұя); Ақмола – 35644 адам (1005 жанұя); Шығыс Қазақстан – 13526 адам (4841 жанұя); Гурьев – 1199 адам; Жамбыл – 5561 адам (1790 жанұя); Қостанай – 32260 адам (10132 жанұя); Көкшетау – 41900 адам (12222 жанұя); Қызылорда – 2241 адам (825 жанұя); Павлодар – 24939 адам (8082 жанұя); Солтүстік Қазақстан – 20103 адам (6124 жанұя); Талдықорған – 5762 адам (1715 жанұя); Оңтүстік Қазақстан – 8036 адам (2800 жанұя).

7.  Молдова мен Балтық елдерінен қоныстандырылған – 8064 адам (3010 жанұя) – тек 7 облыста келесідей орналасты: Қарағанды – 70 адам (60 жанұя); Ақмола – 1213 адам (353 жанұя); Ақтөбе – 3059 адам (1052 жанұя); Гурьев – 130 адам (117 жанұя); Жамбыл – 108 адам (45 жанұя); Қызылорда – 461 адам (161 жанұя) және Оңтүстік Қазақстан – 3017 адам (1214 жанұя).

8.  Шешен-ингуштар – 360405 адам (88513 жанұя). Батыс Қазақстан облысынан өзге барлық облыстарда орналасты. Алматы – 13696 адам (373 жанұя); Қарағанды – 33215 адам (7939 жанұя); Семей – 26594 адам (6772 жанұя); Ақтөбе – 14699 адам (3698 жанұя); Ақмола – 43964 адам (10003 жанұя); Шығыс Қазақстан – 4946 адам (6303 жанұя); Гурьев – 469 адам (220 жанұя); Жамбыл – 16013 адам (4497 жанұя); Қостанай – 41223 адам (9706 жанұя); Көкшетау – 28414 адам (6519 жанұя); Қызылорда – 22169 адам (5888 жанұя); Павлодар – 33720 адам (8055 жанұя); Солтүстік Қазақстан – 20563 адам (4772 жанұя); Талдықорған – 19826 адам (593 жанұя); Оңтүстік Қазақстан – 20394 адам (5217 жанұя) [10].

Арнайы күштеп қоныстанушылар орналасқан территорияны қарастыру барысында көшіп келгендердің басым бөлігі Қазақстанның солтүстік және оңтүстік аудандарында жиі қоныстандырылғанын көруге болады. Айта кететін жәйт, егер республиканың солтүстік және шығыс аймағында бұрынғы кулактар, шешендер мен ингуштар, немістер орналасса, оңтүстік аймақта орналасқан халық саны анағұрлым көп болды.

Статистикалық мәліметтер бойынша республиканың шығыс аймағында негізінен шешен-ингуш пен неміс ұлт өкілдері қоныстанғандығы нақты беріледі. Жыл сайын арнайы күштеп көшірілгендердің саны арта берді. НКВД-нің 1952 жылдың 1 маусымына берілген мәліметі бойынша республикада 974,469 мың арнайы күштеп көшірілгендер тіркеліп, олардың 45,055 мың адамы Шығыс Қазақстанда облысында орналасты.

Зерттеушілер Б.Ж.Атантаева мен Т.А.Камалджанованың мәліметтері бойынша 1955 жылы облыста 25996 арнайы күштеп көшірілгендер болғандығын көрсетеді. Олардың ішінді: 12874 – шешен; 2 – ингуш; 13088 – неміс; 2 – поляк; 10 – қырым татарлары; 20 – өзге ұлт өкілдері тұрды. Оның ішінде Өскемен қаласында 2039 – шешен, 1686 – неміс және 18 өзге ұлт өкілдері, Киров ауданында – 901 неміс пен 2239 шешен; Шемонайха ауданында – 1446 неміс пен 773 шешен; Павлодар ауданында – 1508 шешен, 1100 – неміс, 4 – қырым татарлары мен 2 – поляк; Жоғары-Үлбі ауданында 490 – неміс, 763 – шешен, 1 – қырым татарлары, Семей облысында 31996 арнайы күштеп көшірілгендер орналасты, оның ішінде: 19 – қалмақ, 15 – поляк, 20737 – неміс, 5 – қарашай, 10757 – шешен, 30 – балқар, 48 – тавлин, 50 – авар, 30 – дагестандық, 12 – қырым татары, 4 – болғар және 6 - өзге ұлт өкілдері тіркелді. Сонымен бірге, 1946 жылы Солтүстік Кавказдан келген шешендер құрамында – 788 адам бар (209 жанұя) Жана-Семей ауданында, Қарқаралы ауданында – 861 адам (242 жанұя) [11].

Осыдан Шығыс Қазақстан облысында басым орналасқан шешен және неміс этнос өкілдері болғанын көре аламыз.

Өзге этникалық топтардың сандық динамикасының өзгеруіне көші-қон жоспары әсер етті. 1950 жылы КСРО министрлер Кеңесі мен СОКПОК республикаға көші-қон науқанын жүргізу жайлы бағдарлама әзірледі. Бірақ бұл жоспар іске аспады. 1954-1960 жылдар аралығында республикаға 300 мың адам көшіп келді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.  Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980). – Алма-Ата: Ғылым, 1991. –121-б.

2.  Алексеенко Н.В., Алексеенко А.Н.,Ерофеева И.В., МасановН.Э. История Казахстана: народы и культура. – Алматы: Дайк-Пресс, 2000. –568-587-бб.

3.  Макаренко А.Ф.Украинцы. – Алматы: Білім, 1998. –176-б.

4.  Камалджанова Т.А. Социально-демографическое и культурное развитие этнических диаспор Восточного Казахстана (1937-2005):дис. …канд.ист. наук. - Семей, 2009. – С.150.

5.  Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс, 1998. – 428 с.

6.  .АмановаА.Динамика численности и география расселения департированных народов в Казахстане // Поиск. – 2006. - №3. – С.141.

7.  АтантаеваБ.Ж, КамалджановаТ.А.Влияние миграции на формирование этнических диаспор Восточного Казахстана в 1937-2005гг. (социально-демографический и культурный аспект). – Семей 2014.–С.56.

8.  Омаров.М,.КакенАПознание себя к вопросу о несостоявшейся немецкой автономии в Казахстане. – Алматы: Аль-Фараби, 1998. – С.22.

9.  Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс, 1998. – 428 с.

10.  КалыбековМ.Ч.Казахстан как объект переселения депортированных народов (1937-1956гг.Исторический аспект): дисс. … канд. ист. наук. – Алматы, 2005. – 73-74бб.

11.  .АтантаеваБ.Ж, КамалджановаТ.А.Влияние миграции на формирование этнических диаспор Восточного Казахстана в 1937-2005гг. (социально-демографический и культурный аспект) Семей 2014, – 63 б.

АТАНТАЕВА Б.Ж. д.и.н., профессор

Государственный университет имени Шакарима города Семей

БЕКБАЕВА А.Е.

Государственный университет имени Шакарим города Семей, магистрант ІІ курса

ЗАСЕЛЕНИЕ ЭТНИЧЕСКИХ ГРУПП НА ТЕРРИТОРИЮ ВОСТОЧНОГО КАЗАХСТАНА В І ПОЛОВИНЕ ХХ ВЕКА

В данной статье рассматривается тенденция заселение различных этносов и их влияние на национальный состав населения Восточного Казахастана в І половине ХХ века. В демографическом процессе важную роль играет миграция. Потому как, на течение миграции влияет политические, социально – экономические изменения. Очень важно знать факторы и последствия миграции на общество и национальный состав.

Atantayeva B.J.

doctor of historical sciences, professor

State university named after Shakarimа city ofSemey

Bekbayeva А.Е.

graduate student is 2 courses

State university named after Shakarimа city ofSemey

SETTLING of ETHNIC GROUPS ON TERRITORY of EAST KAZAKHSTAN In І HALF of ХХ of CENTURY

The article is devoted to tendention of various ethnics settlement and their influence on the national structure of the population of East Kazakhstan are considered begin І half XX century. In a demographic process an important role is played by migration. Потому as, on the flow of migration influences political, socially are economic changes. It is very important to know factors and consequences of migration on society and national composition.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз