ҒТАМР 03.20
ОРАЛ ОКРУГІНДЕГІ ХАЛЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕРІ (1929 ж.)
(Жымпиты, Зауральный, Камен аудандары материалдары негізінде)
Хайдаров Есқайрат Ерболатұлы1*
1Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қазақстан, Орал қ.
*Автор-корреспондент
E-mail: esaka_78@mail.ru
Түйіндеме. 1929 жылы Орал округінде астық дайындау науқаны кезеңінде халық көтерілістері орын алған. Ғылыми-ізденіс жұмыстарының нәтижесінде БҚО ПД архивінен Жымпиты, Зауральный, Камен аудандарында ұжымдастыру саясатына қарсы наразылықтардың болғандығын дәлелдейтін деректер табылып отыр.
Мақалада Орал округінің Жымпиты, Зауральный, Камен аудандарындағы кеңес билігіне қарсы баскөтерулердің себеп-салдарына, оқиғалардың жүру барысына, қатынасушылардың әлеуметтік құрамына ғылыми тұрғыдан тарихи талдау жасалды. Зерттеу жұмыстары барысында Орал округінің Жымпиты ауданының ауылдарында орын алған халық наразылықтары Жымпиты көтерілісі ретінде қарастырылды. Жымпиты, Зауральный, Камен аудандарындағы оқиғаларға қатынасушы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері толық анықталып, оларға тағылған айыптар, қабылданған үкімдер алғаш рет архив құжаттары негізінде жарияланып отыр.
Халық қаһармандарының есімдерін бүкіл ел, барша қоғам білуі тиіс, олардың азаттық жолындағы күрестері Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы тұрғысынан дәріптелуі қажет. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның да мақсаты – тарихшы мамандарға құпия құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беру, жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған адамдардың аты-жөндерін жариялау, оларды саяси жағынан толық ақтау және жаңа деректер бойынша кітаптар, жинақтар шығару.
Кілт сөздер: Ұжымдастыру, астық тапсыру, халық көтерілістері, айыптау, үкім, саяси қуғын-сүргін құрбандары.
МРНТИ 03.20
НАРОДНЫЕ ВОССТАНИЯ В УРАЛЬСКОМ ОКРУГЕ (1929 г.)
(На основе материалов Жымпитынского, Заурального, Каменского районов)
Хайдаров Ескайрат Ербулатович1*
1Западно-Казахстанский аграрно-технический университет им. Жангирхана, Казахстан, г. Уральск
*Автор-корреспондент
E-mail: esaka_78@mail.ru
Аннотация.В 1929 г. в Уральском округе произошли народные восстания во время кампании по заготовке зерна. В результате исследований в архивах ДП ЗКО были обнаружены свидетельства протестов против политики коллективизации в Жымпитынском, Зауральном, Каменском районах.
В статье проводится научно-исторический анализ причин и последствий, хода событий, социального состава участников антисоветских восстаний в Жымпитынском Зауральном, Каменском районах Уральского округа. В ходе исследования протесты в аулах Жымпитинского района Уральского округабыли расценены как Жымпитынское восстание. Установлены имена жертв политических репрессий, причастных к событиям в в Жымпитынском Зауральном, Каменском районах, впервые на основании архивных документов оглашены обвинения и приговоры против них.
Имена национальных героев должны быть известны всей стране и обществу, а их борьба за свободу должна быть прославлена с позиций государственной идеологии Независимого Казахстана. Целью комиссии по полному оправданию жертв политических преследований является предоставление возможности историкам работать с конфиденциальными документами, публиковать имена невиновных политических репрессированных, оправдывать их политически, издавать книги и сборники на основе новых данных.
Ключевые слова: Коллективизация, хлебозаготовка,народные восстания, обвинения, приговоры, жертвы политических репрессий.
IRSTI 03.20
POPULAR UPRISINGS IN THE URAL DISTRICT (1929)
(Based on materials from Zhympitynsky, Zauralny, Kamensky districts)
Khaidarov Eskairat Erbulatovich1*
1Zhangir-khan
West Kazakhstan Agrarian Technical University, Kazakhstan, Uralsk
*Corresponding author
E-mail: esaka_78@mail.ru
Abstract.In 1929, popular uprisings took place in the Urals region during the grain harvesting campaign. As a result of research, evidence of protests against the policy of collectivization in the Zhympitynsky, Zauralny, Kamensky districts was found in the archives of the WKO DP.
The article provides a scientific and historical analysis of the causes and consequences, the course of events, the social composition of the participants in the anti-Soviet uprisings in Zhympitynsky Zauralny, Kamensky districts of the Ural district.In the course of the study, the protests in the villages of the Zhympitinsky district of the Urals district were regarded as the Zhympitinsky uprising.The names of the victims of political repressions involved in the events in the Zhympitynsky Zauralny, Kamensky districts have been established, for the first time, on the basis of archival documents, charges and sentences against them have been announced.
The names of national heroes should be known to the whole country and society, and their struggle for freedom should be glorified from the standpoint of the state ideology of Independent Kazakhstan. The purpose of the commission for the full justification of victims of political persecution is to enable historians to work with confidential documents, publish the names of innocent politically repressed, justify them politically, publish books and collections based on new data.
Key words:Collectivization, grain procurement, popular uprisings, accusations, sentences, victims of political repression.
Кіріспе. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқы үшін аласапыран оқиғаларға толы қасіретті кезең болды. Кеңестік биліктің солақай саясатының кесірінен қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамы ыдырай бастады. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, олардан артық астықты талап ету науқаны және ұжымдастыру саясатының күштеп жүзеге асырылуы елдің шырқын бұзып, Кеңестік билікке қарсы халық наразылықтарын өршіте түсті. 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері Батыс Қазақстан облысы аумағын түгелдей дерлік қамтыған.
Материалдар мен әдістер. Архив қорларымен жұмыстану барысында 1929 жылғы Жымпиты, Зауральный және Камен аудандарындағы баскөтерулер жөніндегі 7 құжаттық іс кездесті. Жымпиты ауданының №6 және №11 ауылдарындағы байлар мен атқамінерлердің, ишан-молдалардың баскөтерулеріне, Бөрлідегі бүлікке, Зеленое,Богдановка, Святодухов, Владимировка поселкелеріндегі шаруалардың ұжымдастыру саясатына қарсы наразылықтарына қатысты архив құжаттарына талдау жасалды. Мақала осы архив деректеріне сүйене отырып жазылды.
Зерттеу жұмысы барысында осы аталған архив құжаттарындағы деректерге талдау жасалды және жалпы ғылыми әдістер: сараптау, синтез, салыстыру; арнайы-тарихи: проблемалық-хронологиялық, салыстырмалы-тарихи әдістері қолданылды.
Талқылау. Т.Омарбековтың «20–30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты монографиясында ұжымдастыру саясатына, байлардың мүліктерін кәмпескелеу, көшпелі халықты отырықшыландыру және 1931–1933 жылдардағы аштық туралы жарық көрген ғылыми әдебиеттерге жан-жақты тарихнамалық талдау жасалынған. (Омарбеков, 1997). Т.Омарбеков «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері» атты тағы бір көлемді зерттеу еңбегінде халық көтерілістеріне қатысты ҰҚК-нің архив қорларында сақталған кұпия да кұнды мәліметтерді жариялаған. (Омарбеков, 2018).
К.С.Алдажуманов, М.К.Каиргалиев, В.П.Осипов, Ю.И.Романовтардың біріккен авторлығымен жарық көрген құжаттар жинағында Қазақстандағы ұжымдастыру саясатына, байлардың мүлкін тәркілеуге және ашаршылыққа қатысты тарихи деректер топтастырылған (Алдажуманов және т.б., 1998: 14).
Ж.Нәбиевтің жетекшілігімен дайындалған «Қырдағы қырғын: Адай көтерілісі. 1929-1931 жж.» атты ғылыми еңбекте 1929-1931 жылдардағы Маңғыстау өңірінде орын алған алапат қырғын, қуғын-сүргін, Адай көтерілісі тарихи құжаттармен, деректі естеліктермен дәлелді түрде зерттеліп, ой-тұжырымдар жасалған (Нәбиев, 2010).
Британдық дипломат, әрі тарихшы Роберт Конквест өзінің ғылыми жұмыстарында Кеңес Одағындағы саяси қуғын-сүргін мәселесін кеңірек зерттеді. 30 жылдардағы сталиндік үлкен террор жөніндегі жеке еңбектерін жариялады. Кеңес Одағындағы күштеп ұжымдастырудың қайғылы салдары Конквесттің 1986 жылы Нью-Йоркте шыққан «The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivization and the Terror-famine» кітабында зерттеледі. Онда алғаш рет шетелдік оқырмандарға ұжымдастыру саясатының зардаптары ашып көрсетіледі.
Француз ғалымы Изабель Огайонның ғылыми еңбегі қазақ халқының тарихының зұлматты жылдарына арналған. Автор күштеп отырықшыландыру, ұжымдастыру және ашаршылық мәселесін өз зерттеулеріне арқау еткен. Шетелдік ғалым қазақ қоғамындағы өзгерістерге талдау жасап, 1929-1931 жылдардағы шаруалар қарсылықтарының себеп-салдарын, қозғаушы күштерін, негізгі ошақтарын көрсеткен. (Огайон, 2009).
А.С.Зулкашеваның жетекшігімен құрастырылған құжаттар жинағының екінші томында дәстүрлі қазақ ауылы өміріндегі өзгерістер қарастырылып, күштеп ұжымдастыруға, байларды тап ретінде жоюға, отырықшыландыруға қатысты деректер жарияланған. Сондай-ақ жинақта халық көтерілістеріне, антисоветтік қарсылықтарға және тұрғындардың жаппай көшуіне байланысты құжаттық деректер қамтылған (Зулкашева және т.б., 2018).
Нәтижелері. Жымпиты көтерілісі. 1929 жылы бұрынғы Өлеңті болысының ауылдарында Кеңес билігіне қарсы баскөтерулер орын алған. Нақтырақ айтқанда, Жымпиты ауданының №6 және №11 ауылдарының байлары мен атқамінерлері, араларында ишан-молдалар да бар, астық жинау науқаны кезеңінде жергілікті билік өкілдеріне қарсылық білдіріп, Кеңес билігіне қарсы үгіт-насихаттар жүргізген. Бай-ишандардың ұйымына Әділ Қожамжаров жетекшілік жасаған. Олар бірнеше жыл бойына ұйымның қызметіне белсенді араласып, ауылдарда жүзеге асырылып жатырған саяси-шаруашылықтық науқандарға үнемі кедергі келтіріп отырған. (БҚОПДА, П-4072:Т 2; 7-13).
1929 жылы қазан айында №6 және №11 ауылдардың азаматтары тұтқынға алынып, оларға ҚК 58-11, 58-13 баптары бойынша айып тағылған. 1929 жылы 14 қарашада Қожамжаров Әділ және басқаларына, барлығы 30 адамға қатысты айыптау ісі ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі алқасының соттан тыс қарауына жолданған. Алма-Ата қаласындағы ОГПУ-дың көтерілістер жөніндегі бөлімінің уәкілі айыптау ісін қайта қарап, 1929 жылы 24 желтоқсанда ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі жанындағы айрықша үштіктің қарауына берген.
1930 жылы 3 қаңтарда 24 адамға қатысты үкім шыққан. Басында айыпталған 30 адамның ішінен байлар мен атқамінерлер Исағали Ахметов, Иманбек Даргужинов, Қыдырқұл Секербаев, Әбілқайыр Мамбеталиев, Мәкәрім Даулеталиев және қызметкер Бекмаш Нұрмұхамедовтың аты-жөндері үкім қабылданған құжатта жоқ. Ауылдық мешітті молдалардың иелігіне өткізіп бергені үшін айыпталған бұрынғы аудандық прокурордың көмекшісі Бекмаш Нұрмұхамедовтың ісін республиканың прокуратурасы арқылы РСФСР-дың жоғарғы сотының қазақ бөлімінде бөлек қарастыру туралы құжат бар. Ал 1929 жылы қараша айында аты-жөндері аталған 5 адамның қашып жүргендігі, оларға іздеу жарияланғандығы жөнінде құзырлы органдардың хабарламасы кездесті. Соған қарағанда олар қолға түспеген соң жазадан құтылып кеткен.
ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі жанындағы айрықша үштіктің отырысының шешімімен 24 адамның 12-сі ату жазасына кесілсе, қалғандары 9 адам 10 жыл, 5 жыл, 3 жыл мерзімдерге сотталған және 3 адам 3 жыл мерзімге жер аударылған. Архив құжаттарында бұрынғы Өлеңті болысының №6 және №11 ауылдары азаматтарының жеке бастарына қатысты төмендегідей деректер бар:
1. Қожамжаров Әділ Жакенбаевич, 43 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, кәсібі оқытушы, білімі төмен, отбасылық жағдайы бойынша ажырасқан, бұрын екі әйелі болған, бұрын орташа болған, қазіргі уақытта артық астықты тапсырмағаны үшін дүние-мүлкі тәркіленген, партияда тіркелмеген, ұйымдағы қызметі және бопсалаумен айналысқаны үшін бұрын істі болған, беделді және ықпалды атқамінер. Алаш Орданың көрнекті қайраткері, үкімет мүшесі. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
2. Фаметов Ғалым, 55 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 8 адам бар, иелігінде 4 жылқы, 3 сиыр, 6 қой, 1 жертөлесі бар, бұрынғы бай, ишан, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, 1928 жылы қалың мал үшін бұрын істі болған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
3. Алпанов Жанғали, 58 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 5 адам бар, иелігінде 2 сиыр, 2 жылқысы бар, бұрынғы бай, сауатты, партияда тіркелмеген, 1920 жылы кісі өлтіргені үшін бұрын істі болған (жазасын өтемеген). Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
4. Умаров Кәрім, 54 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 6 адам бар, иелігінде 4 жылқы, 3 сиыр, 9 қой, 1 жертөлесі бар, бұрын орташа болған, патша өкіметі кезеңінде болыс басқармасы болған, қазақ және орыс тілдерінде сауатты, партияда тіркелмеген, 1928 жылы байлардың мүлкін тәркілеу кезінде бұрын істі болып, 8 айға сотталған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
5. Құттыбаев Сейтжан, 75 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 6 адам бар, иелігінде 1 жылқы, 3 сиыр, 6 қойы бар, бұрынғы бай, кәмпескелеуден қашып малын сатып жіберген, патша өкіметі кезеңінде 6 жыл ауыл старшинасы, кейін би және болыс басқармасының орынбасары болған, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
6. Сұлтаналиев Құрманәлі, 69 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген (екі әйелі бар), мүліктік жағдайы бойынша бай, бұрынғы ірі бай, кәмпескелеуден қашып малын сатып жіберген, патша өкіметі кезеңінде 5 жыл ауыл старшинасы болған, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, 1928 жылы шабындық жерлерді бөлуге қарсы шыққаны және үгіт-насихат жүргізгені үшін 9 айға бұрын сотталған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
7. Нұржанов Айтқали, 65 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 10 адам бар, иелігінде 5 жылқы, 5 сиыр, 3 түйе, 2 бұқа, 1 жертөле, 1 киіз үйі бар, бұрынғы бай, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
8. Баймұхамедов Ахунғали, 56 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 8 адам бар, мүліктік жағдайы бойынша бұрын және қазіргі уақытта күші аз орташа, молда, қазақ және орыс тілдерінде сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған, Алаш Орда үкіметі кезеңінде жүздікке кірген. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
9. Умаров Казихан, 55 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 8 адам бар, иелігінде 6 сиыр, 2 жылқысы бар, бұрынғы бай, патша өкіметі кезеңінде 2 жыл ауыл старшинасы болған, шала сауатты, партияда тіркелмеген, сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
10. Байбулов Тілеқұл, 62 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 7 адам бар, иелігінде 6 жылқы, 4 сиыр, 2 түйесі бар, бұрынғы бай, сауатсыз, партияда тіркелмеген, сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
11. Құрманов Көбенғали, 48 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 5 адам бар, иелігінде 2 жылқы, 2 сиыр, 6 қой, 1 түйе, 1 жертөлесі бар, бұрынғы бай, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
12. Саттаев Ерғали, 65 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, иелігінде 2 жылқы, 7 қойы бар, бұрынғы бай, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. Ату жазасына кесілген. Мүлкі тәркіленген.
13. Әшібеков Әлікей, 50 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 7 адам бар, мүліктік жағдайы бойынша бұрын және қазіргі уақыта орташа, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 10 жыл мерзімге концлагерге кесілген. Мүлкі тәркіленген.
14. Тілеқұлов Айтқали, 34 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 7 адам бар, иелігінде 6 жылқы, 4 сиыр, 2 түйе, 1 жертөле, 1 киіз үйі бар, бұрынғы бай, сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 10 жыл мерзімге концлагерге кесілген. Мүлкі тәркіленген.
15. Идрисов Лұқпан, 39 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 12 адам бар, мүліктік жағдайы бойынша бұрынғы бай, қазіргі уақыта орташа, Алаш Орда үкіметі кезеңінде болыс басқармасы болған, шала сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 10 жыл мерзімге концлагерге кесілген. Мүлкі тәркіленген.
16. Мұхамедсариев Жәмел, 46 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 3 адам бар, иелігінде 3 сиыр, 1 бұқа бар, кәсібі молда, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, 1927 жылы шабындық жерлерді бөлуге қарсы шыққаны және үгіт-насихат жүргізгені үшін 6 айға бұрын сотталған. 10 жыл мерзімге концлагерге кесілген. Мүлкі тәркіленген.
17. Бурамбаев Ерғали, 65 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, иелігінде 6 жылқы, 2 сиыр, 1 түйе, 15 қой, 1 жертөлесі бар, бұрынғы бай, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 5 жыл мерзімге концлагерге кесілген.
18. Даулеталиев Сафа, 30 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 4 адам бар, иелігінде 15 қой, 2 жылқы, 3 сиыры бар, бұрынғы бай, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 5 жыл мерзімге концлагерге кесілген.
19. Мирғалиев Хамидулла, 27 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 7 адам бар, иелігінде 6 жылқы, 2 сиыр, 15 қой, 1 жертөле, 1 киіз үйі бар (шаруашылығы әкесімен бірге), сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 3 жыл мерзімге концлагерге кесілген.
20. Сұлтаналиев Қазихан, 42 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 4 адам бар, иелігінде 25 қой, 2 сиыр, 1 жылқы, 1 жертөлесі бар, қазақша сауатты, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 3 жыл мерзімге концлагерге кесілген.
21. Даулеталиев Айтулла, 41 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 5 адам бар, иелігінде 2 жылқы, 2 сиыр, 10 қойы бар, бұрын орташа болған, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. 3 жыл мерзімге концлагерге кесілген.
22. Байтасов Нұржан, 40 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, иелігінде 1 жылқы, 3 сиыр, 2 ешкісі бар, сауатсыз, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған. Қазақстаннан тыс аумаққа 3 жыл мерзімге жер аударылған.
23. Қазмағамбетов Хакім, 58 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №11 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, отбасында 5 адам бар, иелігінде 3 сиыр, 5 бұзау, 1 жылқы, 1 жертөлесі бар, партияда тіркелмеген, сауатты, бұрын сотталмаған. Қазақстанның шегінен тыс 3 жыл мерзімге жер аударылған.
24. Баймұхамедов Нығмет, 25 жаста, Орал округі Жымпиты ауданының №6 ауылының тұрғыны, қазақ, үйленген, жеке мүлкі жоқ, қызметкер - Орал округтік қаржы бөлімінің аға тексерушісі, 1923 жылдан БЛКЖО мүшесі, сауатты, 2 кластық училищені бітірген, бұрын сотталмаған. Қазақстанның шегінен тыс 3 жыл мерзімге жер аударылған (БҚОПДА, П-4072:Т 2; 56-60).
1930 жылы 25 қаңтарда Алма-Ата қаласынан ҚКСР бойынша ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігінен Орал өңірлік бөліміне округтің аудан-ауылдарынан 36 адамға қатысты ату жазасын орындау жөнінде №990 шифртелеграмма келген. Ату жазасына кесілген 11 адамға қатысты үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де, 1-іне қатысты үкім 6 ақпанда 11.00-де орындалған. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауылында жүрген Ерғали Саттаевты артынан ұстап атқан.
Орал округі бойынша ату жазасына кесілген 36 адамның 35-і бір күнде бір сағатта атылған, 1-і кейін атылған. Жымпиты ауданынан атылған 12 адаммен бірге Орал маңындағы орыс селоларынан 24 адам атылған. Оралдың төңірегіндегі аудандардағы оқиғалар туралы осы мақалада қарастырамыз.
Бір өкініштісі осы адамдарға қатысты ату жазасы орындалып кеткеннен кейін 1930 жылы 29 маусымда жоғарыда қабылданған үкімге өзгеріс енгізген. Қазақстандағы ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі жанындағы үштіктің отырысында Ашибеков Аликей және басқаларына, барлығы 12 адамға қатысты ҚК 58-11, 58-13 баптары бойынша айыптау ісі қайта қаралып төмендегідей шешім шығырылған:
1. Тлекулов Айткали,
2. Идрисов Лукпан,
3. Музаметсариев Жамель – бес жыл мерзімге концлагерге қамалсын.
4. Бурамбаев Иргали – үш жыл мерзімге Қазақстан шегінде округтан жер аударылсын.
5. Ашибеков Аликей,
6. Миргалиев Хамидулла,
7. Султаналиев Казихан,
8. Давлеталиев Айтулла,
9. Байтасов Нуржан – жазадан мерзімінен бұрын босатылсын.
10. Давлеталиев Сафа,
11. Кожмагамбетов Хаким,
12. Баймухамедов Нигматқа қатысты бұрынғы үкім өз күшінде қалдырылсын.
Сөйтіп, ақырында ОГПУ-дың құзырымен Айтқали Тілеқұлов, Лұқпан Идрисов, Жәмел Мұхамедсариев және Сафа Даулеталиев жазаларын өтеу үшін Қарқаралы қаласына еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтілген. Ерғали Бурамбаев, Хакім Қазмағамбетов, Нығмет Баймұхамедов Петропавл округіне жер аударылған. Әлікей Әшібеков және басқалары, барлығы 5 адам мерзімінен бұрын жазадан босатылған (БҚОПДА, П-4072:Т 2; 89-90).
1998 жылы 20 сәуірде жазықсыз жазаланған Өлеңтілік азаматтардың барлығы Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының қорытындысымен ақталған.
Бөрлідегі бүлік. 1929 жылы бұрынғы Зауральный ауданының қазіргі Бөрлі ауданының Бөрлі (Бурлин) селосында 12 адам кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін айыпталған. ОГПУ-дың құжатында Ф.О. Гнилицкий, Я.А. Корешков, И.М. Курбанов және А.Р.Ризванов кулактардың ұйымын құрғаны, оның қызметі кеңес билігін құлатуға бағытталғаны көрсетілген. Оларды кедейлерді өздеріне бағындырып, жергілікті халыққа қарсы қойды деп айыптаған.
1929 жылы 27 қыркүйекте Бөрлі селосында өрт кезінде миллиционер жағдайды тұрақтандыру үшін өз револьверінен оқ атып, тұрғындардың бірін жарақаттайды. Бұдан кейін село тұрғындары жергілікті биліктің өкіліне бағынбай бүлік ұйымдастырады. Кеңес билігіне өшпенділік танытып жүрген кулактар кедейлермен бірге «Кеңес өкіметінің құйыршықтарын отқа тастаңдар, коммунистерді ұрыңдар» деп айғайлап, миллиционерді соққыға жыққан. Кулактардың ықпалындағы Коваленко мен Качко көпшілікті жергілікті биліктің өкілдерін ұрып-соғуға айдап салған. Қалғандары Выходец, Мотрыч, Лесных, Смоленский, Петров, Калиниченко миллиционерді және жергілікті қызметкерлерді ұрып-соғуға қатынасқан.
1929 жылы қазан айында Бөрлі селосында Кеңестік билікке қарсы бүлік ұйымдастырған адамдар тұтқынға алынып, ҚК 58-2 және 58-10 баптары 2 тармағы бойынша айыпталған. Олар мыналар:
1. Гнилицкий Филипп Осипович, 52 жаста, кулак, сайлау құқығынан айырылған, Орал округі Зауральный ауданы Бөрлі селосының тұрғыны, үйленген, 1929 жылы астық тапсырмағаны және орнын жасырғаны үшін бұрын істі болып, 3 жылға Орал изоляторына қамауға, артынан поселкадан жер аударуға кесілген.
2. Корешков Яков Андреевич, 43 жаста, кулак, сайлау құқығынан айырылған, Орал округі Зауральный ауданы Бөрлі селосының тұрғыны, 1929 жылы астық тапсырмағаны және орнын жасырғаны үшін бұрын істі болып, 2 жылға Орал изоляторына қамауға, артынан 5 жылға поселкадан жер аударуға кесілген.
3. Курбанов Иван Михайлович, 1886 жылы туған, Бөрлі селосының тихоновский шіркеуінің священнигі, бұрын сотталмаған.
4. Ризванов Абдурахман Ризванович, 75 жаста,қазан татары,сайлау құқығынан айырылған, саудагер, Бөрлі селосында мал және май сатқан, антисемит. 1929 жылы астық жасырғаны үшін бұрын істі болып, жер аударуға және мүлкін тәркілеуге кесілген. Бұрын ақтардың армиясымен байланысы болған.
5. Качко Петр Иванович, 1884 жылы туған,Бөрлі селосының тұрғыны, шаруа, астық орумен айналысады, орташа, бұрын сотталмаған.
6. Коваленко Федор Игнатьевич, 1907 жылы туған, Бөрлі селосының тұрғыны, шаруа, бойдақ, орташа, әскери міндетті, шіркеу хорында әнші, бұрын сотталмаған.
7. Выходец Феодор Антонович, 1910 жылы туған, бойдақ, шаруа, үйі, екі жылқысы, екі сиыры бар, бұрын сотталмаған.
8. Мотрыч Иван Кондратьевич, 1906 жылы туған, батырақ, үйленген, бұрын сотталмаған.
9. Лесных Константин Васильевич, 1904 жылы туған, шаруа, үйленген, кедей, бұрын сотталмаған.
10. Смоленский Кузьма Данилович, 1905 жылы туған, шаруа, үйленген, орташа, бұрын сотталмаған.
11. Петров Петр Константиович, 1908 жылы туған, шаруа, батырақ, бойдақ, БЛКЖО-дан шығарылған, әскерге шақырылған.
12. Калиниченко Иван Терентьевич, 1907 жылы туған, шаруа, астық орушы, бойдақ, екі бұқасы бар, әскери міндетті.
1930 жылы 3 қаңтарда ОГПУ-дың саяси өкілдігі жанындағы үштіктің отырысында үкім қабылданған.Ф.О.Гнилицкий, Я.А.Корешков, И.М.Курбанов, А.Р.Ризванов - ату жазасына кесілген, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
П.И.Качко, Ф.И.Коваленко, Ф.А.Выходец, И.К.Мотрыч, К.В.Лесных, К.Д.Смоленский, П.К.Петров, И.Т.Калиниченко – Қазақстанның шегінен 3 жылға жер аударуға үкім шыққан. 1930 жылы 25 мамырда үкім қайтадан қаралып, барлығының бұрын тұтқында болғандары есепке алынып, қамаудан босатылған. 1989 жылы 10 маусымда барлығы Орал облыстық прокуратурасының қорытындысымен ақталған (БҚОПДА, П-3053:115).
Святодухов кулактар ұйымы. Зауральный ауданының Святодухов поселкесінде Урожаев пен поп Киселев бастаған кулактардың ұйымы болған. Басшы топтың тұтқынға алынғанына қарамастан ұйым мүшелері антикеңестік қызметтерін тоқтатпаған. Кулактар өздерінің жағына кедейлер мен орташаларды үгіттеп шығарып алып, азаматтардың жалпы жиналыстарында ұйымның басшылары Урожаев пен Киселевты қамаудан босатуды талап етіп, тұрғындардың қолын жинаған.
Көктемгі астық жинау науқаны кезеңінде Святодухов поселкесіндегі кулактар шаруашылықтарын сақтап қалу үшін өз жақтастарымен ғана қағаз жүзінде артель құрған, ал жағдай саябырсыған кезде бүкіл құжаттарды жойып, артельді таратып жіберіп отырған. Мұндай жалған артель Балицкийдің бастамасымен 1929 жылғы астық жинау науқаны кезінде де құрылған, оның басшылығына БКП (б) қатарынан шығарылған, Украинадан қашып келген Голдышты қойған.
Кулактар басқосуларда тұрғындар арасында малдарыңды сатып жіберіңдер, колхозға ештеңе өткізіп керек емес, одан да өздерің ішіп-жеңдер деп үгіт-насихат жүргізген. Колхоздастыруға қарсы топ астық дайындау жоспарын бұзған, олар селодан астыққа қажетті мөшек жинау жұмысына кедергі келтіріп, арба көлік беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Өздерінің бидайларын диірменде тартқызып, ұнды сатып жіберген.Сонымен бірге кулактар кәмпескелеу кезінде малдарын пайдалануға алған, өздерін сынаған, қарсы шыққан кедейлерді ұрып-соққан.
Святодухов поселкесіндегі колхоз құрылысына қарсы шыққан төмендегі азаматтар ҚК 58-8, 58-10 баптары бойынша айыптала бастаған.
1. Балицкий Александр Ананьевич, 1867 жылы туған, Зауральный ауданының Святодухов поселкесінің тұрғыны, кулак, бұрын сайлау құқығынан айырылған, 1929 жылы артық астықты тапсырмағаны үшін бұрын істі болып, 8 айға қамауға және айыппұл төлеуге үкім шыққан, жалған колхозшы.
2. Глушко Кирилл Михеевич, 1898 жылы туған, Зауральный ауданының Святодухов поселкесінің тұрғыны, кулак, сайлау құқығынан айырылған, 1929 жылы артық астықты жасырғаны үшін бұрын істі болып, мүлкін тәркілеуге ұшыраған, жалған колхозшы.
3. Костенко Андрей Павлович, 1874 жылы туған, кулак, бұрын сайлау құқығынан айырылған, 1929 жылы артық астықты тапсырмағаны үшін бұрын істі болып, бес есе айыппұл төлеуге міндеттелген, жалған колхозшы, шіркеу кеңесінің мүшесі.
4. Голдыш Гавриил Иванович, 1893 жылы туған, кәсібі бойынша приказчик, БКП (б) қатарынан шығарылған, Врангель армиясының бұрынғы аға унтер-офицері, қоғамдық мүлікті талан-таражға салғаны үшін бұрын істі болған, жалған колхоздың төрағасы.
5. Кузьменко Митрофан Григорьевич, 67 жаста, шаруа, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін бұрын істі болып, мүлкі тәркіленген, жалған колхозшы.
6. Терещенко Филипп Панкратьевич, 1898 жылы туған, шаруа, үйі, 2 жылқысы және сиыры бар.
7. Чуб Максим Федорович, 1897 жылы туған, шаруа, орташа, егін орумен айналысады, бұрын сотталмаған, жалған колхоздың мүшесі.
8. Соха Григорий Степанович, 1905 жылы туған, шаруа, кедей, БЛКЖО қатарынан шығарылған, бұрын сотталмаған, жалған колхоздың мүшесі.
9. Мановицкий Харитон Степанович, 1894 жылы туған, шаруа, егін орумен айналысады, бұрын сотталмаған, жалған колхозға кіруге өтініш берген.
10. Шакун Иппат Ильич, 1908 жылы туған, шаруа, кедей, үйленген, жалған колхоздың мүшесі, бұрын сотталмаған.
11. Петрухованов Петр Семенович, 1889 жылы туған, сайлау құқығынан айырылған, Орал қаласында саудамен айналысады, ҚК 58-10 бабы бойынша Айрықша Кеңестің қаулысымен Қазақстанға 3 жылға жер аударылған.
12. Брагин Николай Петрович, 65 жаста, кәсібі бойынша ағаш жонушы, Орал қаласында саудамен айналысады, Айрықша Кеңестің қаулысына сәйкес 3 жылға жер аударған мерзімін өтеуші.
13. Прачев Филипп Андреевич, 1874 жылы туған, Орал қаласындағы «Новый быт» диірмен артельінің мүшесі, бұрынғы полиция уряднигі, Айрықша Кеңестің қаулысына сәйкес 3 жылға жер аударған мерзімін өтеуші.
14. Халецкий Денис Димитреевич, 1899 жылы туған, шаруа, Святодухов селосының тұрғыны, егін орумен айналысады, үйі, сиыры, бұзауы бар, қалған мүлкі 1929 жылы артық астық тапсырмағаны үшін тәркіленген, 1924 жылы бұрын сотталған, жазасын 5 жыл және 4 ай изоляторда өтеген, жалған колхоздың мүшесі.
1930 жылы 3 қаңтардағы ОГПУ-дың саяси өкілдігі жанындағы үштіктің шешімімен А.А.Балицкий, Г.И.Голдыш, М.Г.Кузьменко - ату жазасына кесілген, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
К.М.Глушко, А.П.Костенко, Х.С.Мановицкий – 10 жыл мерзімге, Ф.П.Терещенко, М.Ф.Чуб, Д.Д.Халецкий – 3 жыл мерзімге, П.С.Петрухованов, Н.П.Брагин, Ф.А.Прачев – 5 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген. Г.С.Соха, И.И.Шакун– Қазақстаннан 3 жыл мерзімге жер аударуға үкім шыққан.
1930 жылы 25 мамырда үкім қайтадан қаралған. К.М.Глушко – 10 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген, Ф.П.Терещенко, М.Ф.Чуб – 3 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген, А.П.Костенко, Н.П.Брагин – 5 жыл мерзімге Солтүстік өлкеге жер аударылған, Х.С.Мановицкий, Ф.А.Прачев, Д.Д.Халецкий – 3 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген, П.С.Петрухованов – 5 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген, Г.С.Соха, И.И.Шакун – алдынала тұтқында болғандары есепке алынып, қамаудан босатылған.
1989 жылы 12 маусымда жазықсыз жазаланған азаматтар Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен ақталған (БҚОПДА, П-3052:18-20).
Зеленое селосындағы контрреволюциялық ұйым. Кулактарға қарсы қысымшылықтың күшеюіне байланысты Орал округінің Зеленое поселкесінде контрреволюциялық ұйым пайда болып, олар өздерінің алдарына кедейлерді өз ықпалдарында ұстау, коммунистерден құтылу, кеңес өкіметін құлату мақсатын қойған. Ұйымның басшы тобына кулактар Немолочнов Тимофей, Харчев Иван, Феофанов Илларион, Лягошкин Иван, Лягошкин Лаврентий, Лягошкин Андрей кірген. Бұл топ үйлерінде отырыстар ұйымдастырып, кедейлерге арақ ішкізіп, коммунистер кедейлерді аштан қырғысы келіп отыр деп, оларды кеңес өкіметіне қарсы қойған. Ұйым мүшелері билік ең шұрайлы жерлерді Зернотрестке беріп қойды, енді селодан бір түйір дән де қалдырмай бүкіл астықты алып кетейін деп отыр, жақында соғыс болады, казактар коммунистерге қарсы тұрады, коммунистерді жоймай шаруалар өз қожалықтарын дамыта алмайды деген сыпсың сөздер таратқан және астық дайындауға, колхозға қарсы үгіт-насихат жүргізген.
1929 жылы 1 тамызда болған жиналыста да кулактардың айтуымен орташалар мен кедейлер жергілікті билік өкілдеріне қарсы сөйлеген.
1929 жылы 3 тамызда ұйым мүшелері Немолочнов, ағайынды Харчевтар, Чернояров, Лягошкин Анрдрей және Лаврентий Немолчанов Тимофейдің үйінде отырыс өткізіп, соғыс болған жағдайда комсомолдарды, коммунистерді, шет жерліктерді шабатындарын, соғыс болмаған жағдайда өздері ұрысты бастайтындарын мәлімдеген.
Кулактар революция болады, коммунистерді қырып-жоямыз деген сөздерді жиі айтатын болған. 5 қазанда Лягошкин Андрей астық дайындау жөніндегі комиссияның мүшесіне маңдайыңнан атамын деп қорқытқан.
Орал округінің Камен ауданының Зеленое поселкесінде кулактардың ұйымын құрып, кеңес өкіметіне қарсы шыққан төмендегі азаматтар ҚК 58-11 бабымен айыпталды:
1. Немолочнов Тимофей Авдеевич, 1881 жылы туған, орыс казак,Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтарда аға урядник болып қызмет еткен, кулак.
2. Харчев Иван Харисанфович, 1882 жылы туған, орыс казак,Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың армиясының қатарында болған, 1927 жылы бұзақылық үшін бұрын істі болған, кулак.
3. Лягошкин Ераст Артемьевич, 1884 жылы туған, орыс казак,Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың партизандар полкінде қызмет атқарған, бұрын сотталмаған, кулак.
4. Харчев Георгий Харисанфович, 1905 жылы туған, орыс казак,Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, бұрын сотталмаған, кулак.
5. Чернояров Куприян Иванович, 1889 жылы туған, орыс казак, Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, орташа.
6. Лягошкин Леонтий Леонтьевич, 1880 жылы туған, орыс казак, Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, орташа, 1926-1927 жылдары ауылшаруашылық кредиттік және тұтынушылық коопреациясын кулактардың басып алуы үшін белсенді әрекет еткен, ол жерден коммунистерді қуып шығу керек деп мәлімдеген.
7. Лягошкин Андрей Епсихьевич, 1882 жылы туған, орыс казак, Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың армиясының партизандар отрядының белсенді қатынасушысы, 1928-1929 жылдары астық дайындау науқанына ашық қарсы шыққан, кулак.
8. Бакалкин Иван Степанович, 1891 жылы туған, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың партизандар отрядының қатысушысы, кулак, 1926-1927 жылдары коопреацияны кулактардың басып алуы үшін күрес жүргізген, басқарма мүшесі ретінде кредиттік бірлестікте таптық бағытты ұстанғаны үшін бұрын істі болған.
9. Лягошкин Иван Илларионович, 1882 жылы туған, орыс казак, Орал округінің Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың армиясының қатарында болған, 1928 жылы астық дайындау науқанына қарсы шыққан, кулак, бұрын сотталмаған.
10. Феофанов Илларион Елесеевич, 1895 жылы туған, партияда тіркелмеген, үйленген, кәсібі бойынша мед. фельдшер, орташа, ақтардың армиясында болған, 1928 жылы кооперацияға, астық дайындау науқанына қарсы шыққан, бұрын сотталмаған.
11. Лягошкин Лаврентий Иванович, 1893 жылы туған, орыс казак, Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, ақтардың армиясының қатарында болған, кулак.
12. Горшков Иван Степанович, 1894 жылы туған, орыс казак, Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, үйленген, кедей, ақтардың армиясының қатарында болған.
13. Капранов Никифор Прокофьевич, 1866 жылы туған, орыс, Зеленое поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, орташа, бұрын сотталмаған.
14. Новозенко Роман Степанович, 1883 жылы туған, Чернигов округінің Козлянск ауданының Сивок селосының тумасы, партияда тіркелмеген, үйленген, бұрын сотталмаған, кедей.
1930 жылы 3 қаңтардағы ОГПУ-дың саяси өкілдігі жанындағы үштіктің қаулысымен Т.А.Немолочнов, И.Х.Харчев, Г.Х.Харчев, А.Е.Лягошкин, И.И.Лягошкин, Л.И.Лягошкин – ату жазасына кесілген, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
Е.А.Лягошкин, И.С.Бакалкин, И.Е.Феофанов - 10 жыл мерзімге, К.И.Чернояров, Л.Л.Лягошкин - 5 жыл мерзімге, Н.П.Капранов - 3 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген. И.С.Горшков, Р.С.Новозенко - Қазақстаннан 3 жыл мерзімге жер аударуға үкім шыққан.
1989 жылы 16 мамырда барлығы Орал облыстық прокуратурасының қорытындысымен ақталған (БҚОПДА, П-2913:19-21).
Воеводкин мен Махлеев ісі.
1. Воеводкин Иван Ерастович, 60 жаста, партияда тіркелмеген, орыс, Орал казагы, Орал округінің Коннов поселкесінің тұрғыны, Орал округінің Горяновск поселкесінің тумасы, отбасылы. Революцияға дейін ірі кулак, жалдамалы үлкен шаруашылығы болған. Қазіргі уақытта 2 этажды үйі, 2 жылқысы, 2 сиыры, 1 бұзауы бар. 1922 жылы Бузулук төтенше комитеті бандалармен байланысы үшін тұтқындаған.
2. Махлеев Трофим Евстратович, 50 жаста, партияда тіркелмеген, орыс, шаруа, отбасылы, Орал округінің Коннов поселкесінің тұрғыны. Революцияға дейін жалдамалы кулак шаруашылығы болған, 15 батыраққа дейін жұмсаған. Қазіргі уақытта иелігінде 2 этажды үй, 3 сиыр, 1 жылқы, 4 бұқа, 1 құлын, 1 арба, 1 шөпшапқыш, 10 десятина егістік бар. 1920-1923 жылдары бандалармен байланысы үшін бұрын істі болған.
Екеуі де ақтардың кезінде белсенді қызмет атқарған. Революцияға дейін ірі кулак-помещик болған, әрқайсы 15 - тен 20 - ға дейін батырақты жұмсап отырған. Ақтардың кезінде Махлеев генерал Толстовтың дружинасының құрамында болып, қызыл армияға қарсы шайқастарға қатынасқан.
Воеводкин кеңес өкіметі тартып алған мүліктерді қайтару бойынша әкімшілік комиссияның төрағасы болған. Большевиктер жағына шыққан өзінің бұрынғы батырақтарын тұтқындап, біреуін Воеводкиннің үйін басып алуға талпынды деп темір күрекпен ұрған. Сөйтіп, олар ҚК 58-8, 58-10 баптары бойынша жиналыстарға мас күйінде келді, бүлік шығарды, жүргізіліп жатырған шараларға қарсы шықты деп айыпталған.
Воеводкин мен Махлеевтұрғындар арасындаконтрреволюциялық үгіт-насихат жүргізген. Воеводкин әр кездері «Қытай келсін, сонда Кеңес өкіметімен есеп айырысамыз. Астықты селодан шығаруға жол бермейміз», - деп мәлімдеген. Махлеев мас күйінде көшеде «Сараңдарды ұрыңдар, Ресейді құтқарыңдар», «Кедейлер нанды селодан шығармауы керек, әйтпесе өздері аш қалады» - деп айқайлаған.
1930 жылы 3 қаңтардағы ОГПУ-дың саяси өкілдері жанындағы үштіктің шешімімен И.Е.Воеводкин мен Т.Е.Махлеев ату жазасына кесілген, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
1989 жылы 10 маусымдағы Орал облыстық прокуратурасының қорытындысымен екеуі ақталған (БҚОПДА, П-3054:43).
Владимировка кулак-казак контрреволюциялық ұйымы. 1929 жылы астық дайындау науқаны кезеңінде Камен ауданының Владимировка поселкесінде кулак-казактардан құралған ұйым пайда болып, кеңес өкіметінің саясатына наразылықтар білдірген. Ұйымның басшы тобына кулактар Огурешников Филимон, Ружейников Николай, Услонцев Иван, Дегтярев Матвей және Курочкин Георгий кірген. Олар өздерінің үйлерінде отырыстар өткізіп, онда кеңес өкіметі ауылдық жерлерде дұрыс саясат жүргізбей отыр, шектен тыс салықпен шаруаларды тонап, олардың алдындағы соңғы нанын тартып алып жатыр деген бағыттағы мәселелер талқыланатын болған. Кулактар өздерінің қарауындағы кедейлерді астықтан, ақшадан қысып, оларды өз ықпалдарында ұстаған.
1929 жылы 15 қыркүйекте кулак Огурешников ұйымының ықпалына толықтай түскен орташа Железнов Иван Кушум поселкесі кооперативінің маңында астық дайындау бойынша уәкіл Бакановты кездестіріп, оған байланып астық дайындаушыларды өлтіру керек деп қорқытқан. Осы уақытта Железновтың төңірегіне адамдар көптеп жиналып қалған.
1929 жылы 17 қыркүйекте Владимировка поселкесінде астық дайындау бойынша жалпы жиналыс өтіп жатырған жерге кулактардың ықпалындағы кедей жас жігіт Котельников Алексей келіп, пышағын шығарып «Мені жіберіңдер, астық дайындаушыларды жарып өлтіремін» деп айғайлап, астық дайындау бойынша уәкіл, Оралдағы кірпіш зауытының жұмысшысы Поповты өлтірмекші болған. Котельниковтың әрекетіне адамдар қарсы тұрып, оны жиналыстан қуып шығарып жіберген. Кейінірек сол Котельников кедей Федосеевті де өлтіремін деп қорқытқан, одан басқаларға өзінен астығын тартып алса армияға барғанда бірінші кезекте бандит және контрреволюционер боламын деп айтқан.
Қыркүйек айында Азовский кулактар Ружейников және Огурешниковпен бірге кедейлердің жиналысына келіп, «Поселокте астық жоқ, астық дайындау жүргізілмеуі керек» деп мәлімдеп, өтіп жатырған жиналысты болдырмай тастаған. Сол қыркүйек айында кеңес мүшелері Железников, Погодаев және Азовский кеңес пленумының отырысына келіп, шу көтеріп, кеңес бақылау цифрын әділ бөліп отырған жоқ, Огурешников өте еңбекқор, ол күнімен түнімен жұмыс жасайды, ал сельсовет оның еңбегін қанап отыр деп айқайлаған.
Дегтярев, Азовский және Железнов қыркүйек айында көпшіліктің алдында «Совхоз, колхоздар құрып жатырмыз, бірақ астық жоқ» деп мәлімдеген. Дегтярев сол жерде «Қызметкерлер жатып ішерлер, өздері колхозға бармайды, тек шаруаларды тартады, қоғамдық асханаларды да аша алмай отыр, себебі бір адам 30 сом алады, енді біреуі 500 сом алады» деп қарсылығын білдірген.
Страмусов кедейлердің сельсоветтің құрамына сайлауға ұсынған үміткерлеріне қарсы шыққан. Услонцев, Выборщиков, Курочкин және басқалары кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізген. Кедейлердің кейбірін ертең генерал Толстовтың армиясы келеді, билікті қолға алады деп қорқытқан. 1929 жылы көктемде Огурешников пен Ружейников малдарының тең жартысын сатып жіберген, сондай-ақ Огурешников Котельниковке алым-салық төлемеу үшін егістік көлемін міндетті түрде азайту керек деп айтқан.
1921 жылыВыборщиков сельсоветтің төрағасы бола тұра екі кедейді таяқпен ұруға жол берген. Оны орындаушы Дегтярев Матвей болған.
ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің уәкілдері Владимировка поселкесіндегі кулак-казак ұйымына қатысты адамдарды тергеп-тексеріп, төмендегі тізімдегі азаматтарды ҚК 58-8 және 58-11 баптары бойынша айыптаған.
1. Огурешников Филипп Кирилович, 51 жаста,Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, ұлты орыс казак, сауатсыз, мүліктік жағдайы бойынша кулак, 2 жылға жуық ақтардың армиясында қызмет еткен, сайлау құқығынан айырылған.
2. Ружейников Николай Георгиевич, 1873 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, орыс казак, партияда тіркелмеген, шала сауатты, мүліктік жағдайы бойынша кулак, мүлкі тәркіленген, 2 жылдай ақтардың армиясының қатарында қызмет еткен, алым-салыққа жататын орындарын жасырынғаны үшін жауапкершілікке тартылған, сайлау құқығынан айырылған.
3. Выборщиков Степан Степанович, 1863 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, сауатты, ұлты орыс казак, тұтқынға алынғанға дейін су транспортының ХІ техникалық учаскесінде жұмыс жасаған, негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау. 1920-1921 жылдары қорғаныс комитетіндегі белсенді қызметі үшін бұрын істі болған, қорғаныс комитетінің мүшесі, сайлау құқығынан айырылған.
4. Азовсков Вениамин Львович, 1898 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, орыс казак, кулак, кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, отбасылы, сельсоветтің мүшесі болған, бұрын сотталмаған.
5. Услонцев Иван Иванович, 1859 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, орыс казак, кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, сауатты-өздігінен оқыған, мүліктік жағдайы бойынша кулак, казак съезінің (круг) депутаты, ақтардың армиясында қызмет жасамаған, ақтар шегінгенде бірге кеткен, сотталғаны жөнінде дерек жоқ, сайлау құқығынан айырылған.
6. Железнов Иван Дорофеевич, 1882 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, орыс казак, кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, орташа, отбасылы, сауатты, ақтардың армиясының қатардағы қатысушысы, 2 жыл жарым бойы.
7. Погодаев Иван Иванович, 1886 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, отбасылы, мүліктік жағдайы бойынша орташа, орыс казак, кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, сауатты, білімі төмен, 1918-1919 жылдары ақтардың және 1919 жылдан 1921 жыл аралығында қызыл армияның қатарында қызмет еткен.
8. Дягтярев Матвей Степанович, 1876 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, партияда тіркелмеген, орыс казак, негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, төменгі білімі бар, отбасылы, мүліктік жағдайы бойынша кулак, ақтардың армиясында қызмет еткен.
9. Страмусов Филипп Исаакович, 1890 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, сауатты, отбасылы, орыс казак, мүліктік жағдайы бойынша орташа, негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, ақтардың армиясында 2 жылға жуық, қызыл армияның құрамында 2-3 ай қызмет еткен.
10. Курочкин Георгий Семенович, 1884 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, сауатты, партияда тіркелмеген, отбасылы, орыс казак, кулак, ақтардың армиясында бір жылдай қызмет еткен, алым-салық орындарын жасырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
11. Котельников Алексей Алексеевич, 1897 жылы туған, Орал округі Камен ауданының Владимировка поселкесінің тұрғыны, сауатты, партияда тіркелмеген, отбасылы, орыс казак, мүліктік жағдайы бойынша кедей, кулак Огурешниковтың туысқаны, негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы және балық аулау, бұрын сотталмаған.
1930 жылы 3 қаңтардағы ОГПУ-дың саяси өкілдігі жанындағы үштіктің отырысында Ф.К.Огурешников, Н.Г.Ружейников, С.С.Выборщиков, И.И.Услонцев, Г.С.Курочкин – ату жазасына кесуге шешім қабылданған, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
В.Л.Азовсков, И.Д.Железнов, М.С.Дягтярев - 5 жыл мерзімге, И.И.Погодаев, Ф.И.Страмусов - 3 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген.А.А.Котельников - Қазақстаннан 3 жыл мерзімге жер аударуға үкім етілген.
1930 жылы 18 мамырда үкім қайта қаралып, М.С.Дягтярев - 5 жыл мерзімге концлагерге қамауға кесілген, В.Л.Азовсков, И.Д.Железнов, И.И.Погодаев, Ф.И.Страмусов, А.А.Котельниковтың алдынала тұтқында болған кездері есепке алынып, қамаудан босатылған.
1989 жылы 10 маусымдағы Орал облыстық прокуратурасының қорытындысымен барлығы ақталып шыққан (БҚОПДА, П-3055:96-98).
Богдановкадағы бұрынғы эсерлер ұйымы. 1917-1918 жылдары Орал округі Зауральный ауданының Богдановка поселкесіндегі ауқатты адамдар социал-революционерлер партиясының құрамына жасырын кірген. 1929 жылы Богдановкадағы бұрынғы эсерлер ұйымында болған кулактардың басшылығымен Зауральный ауданының Богдановка, Ильинск, Ореховка, Покатиловка және Керенск поселкелерінің ауқатты шаруалары кеңес өкіметінің саясатына қарсы күш біріктірген. Олар коммуналар, ұжымдық қоғамдық бірлістіктерді және ауыл шаруашылық артельдерін құру барысында кедейлерді қыспақтап, жергілікті билік өкілдерін, белсенділерді және кедейлерді ұрып-соғып, тұрғындар арасында контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізген. Кеңес үкіметінің жүзеге асырып жатырған шараларына ашық түрде қарсылық танытып, осылайша кеңес билігін әлсіретуді және жоюды көздеген. Кулактар өздерінің ұйымына БКП (б) қатарынан шығып кеткен тұлғаларды және кедейлерді, сондай-ақ жастарды тартып отырған.
Кулактар ұйымының жетекшілері және ұйымдастырушылары Д.Т.Кононенко, Е.Г.Денисенко, В.Г.Стародуб, П.Л.Година, Г.А.Колесник, Г.М.Марыксин, ағайынды Бабичтер, М.С.Скрынник, В.В. Моисеенко және басқалары болды. Олар «Кеңес өкіметіне бір пұтта астық бермеу керек, кім астық тапсырса соны өлгенше сабау керек», - деп мәлімдеген.
ОГПУ-дың құрығына түскен Зауральный ауданының Богдановка, Ильинск, Ореховка, Покатиловка және Керенск поселкелерінің төмендегі тізімдегі азаматтары Кеңес өкіметіне қарсы шығып, ұйым құрғандары үшін ҚК 58-8 және 58-10 баптары бойынша айыпталған.
1. Кононенко Денис Трофимович, 63 жаста, Зауральный ауданы Богдановка селосының тұрғыны, шаруа, иелігін бөліске салған, 2 жылқы, 2 сиыр, 13 қой, бұзаулар, ауыл шаруашылық инвентары бар, қалған мал-мүлкін осы көлемде ұлдарына бөліп берген, 1905 жылдан СРП қатарында болды, бұрын сотталмаған.
2. Стародуб Василий Григорьевич, 1891 жылы туған, Зауральный ауданы Ильинск селосының тұрғыны, шаруа, егіншілікпен айналысады, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған, 1928 жылдан СРП мүшесі.
3. Годына Прокоп Лукич, 1888 жылы туған, Зауральный ауданы Богдановка селосының тұрғыны, шаруа, астық өсіруші.
4. Колесник Григорий Антонович, 1903 жылы туған, Зауральный ауданы Богдановка селосының тұрғыны, шаруа, астық өсіруші, БКП (б) қатарынан шығарылған, 1925 жылдан 1927 жылға дейін Жұмысшы-шаруалар қызыл армиясында қызмет еткен.
5. Марыксин Георгий Михайлович, 1903 жылы туған,жұмысшыдан шыққан, Ильинск селосының мұғалімі, 1925 жылдан 1927 жылға дейін Жұмысшы-шаруалар Қызыл армиясында қызмет еткен, БКП (б) қатарынан шығарылған.
6. Бабич Иван Сергеевич, 1889 жылы туған, шаруа-кулак, Ильинск селосының тұрғыны, астық өсіруші. 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған.
7. Скрынник Михаил Самсонович, 1879 жылы туған, шаруа, Ореховка селосының тұрғыны, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған, СРП Богдановка бөлімінің бұрынғы мүшесі.
8. Денисенко Ефим Григорьевич, 51 жаста, ауқатты шаруа, Богдановка селосының тұрғыны, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған.
9. Моисеенко Василий Васильевич, 46 жаста, шаруа, Богдановка селосының тұрғыны, бұрын сотталмаған, СРП Богдановка бөлімінің бұрынғы мүшесі.
10. Сидой Иван Семенович, 1904 жылы туған, Ореховка селосының тұрғыны, кулактармен байланысқаны және оңшыл бағыты үшін БКП (б) қатарынан шығарылған, 1926 жылдан 1928 жылға дейін Жұмысшы-шаруалар Қызыл армиясында қызмет еткен.
11. Бабич Яков Сергеевич, 1888 жылы туған, Ильинск селосының тұрғыны, ауқатты шаруа, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған.
12. Самойленко Иван Тихонович, 1881 жылы туған, Керенск селосының тұрғыны, шаруа, астық өсіруші, СРП Богдановка бөлімінің бұрынғы мүшесі.
13. Самойленко Федор Иванович, 1906 жылы туған, Керенск селосының тұрғыны, шаруа, артельдің мүшесі.
14. Саблин Самсон Калистратович, 1874 жылы туған, Покатиловка селосының тұрғыны, шіркеу қызметкері, әйелі өлген, жалғызбасты, бұрынғы офицер.
15. Ухов Степан Потапович, 1898 жылы туған, Богдановка селосының тұрғыны, есепші, БКП (б) қатарынан шығарылған, ҚК 116 бабы бойынша жауапқа тартылған, ақтардың армиясында телефонист болған.
16. Малолетко Иван Степанович, 1897 жылы туған, Керенск селосының тұрғыны, шаруа, БКП (б) қатарынан шығарылған, 1929 жылы астық тапсырмағаны үшін істі болған.
17. Мироненко Тарас Григорьевич, 1877 жылы туған, Покатиловка селосының тұрғыны, шаруа, 1905 жылдан СРП бұрынғы мүшесі.
18. Злиенко Захар Мардарьевич, 1907 жылы туған, Богдановка селосының тұрғыны, кедей шаруа, БКП (б) қатарынан шығарылған, 1928 жылы диірменді жалға бергені үшін жауапкершілікке тартылған.
19. Деркач Борис Савельевич, 1878 жылы туған,Богдановка селосының тұрғыны, ағаш жонушы, астық өсіруші, 1923 жылы істі болған, СРП Богдановка бөлімінің бұрынғы мүшесі.
20. Чеха Дарья Ивановна, 44 жаста,Богдановка селосының тұрғыны, шаруа, жесір, қарауында 4 адам бар.
1930 жылы 3 қаңтардағы ОГПУ-дың саяси өкілдігі жанындағы үштіктің отырысының шешімімен Д.Т.Кононенко, В.Г.Стародуб, В.В.Моисеенко, Я.С.Бабич – ату жазасына кесілген, мүліктері тәркіленген, үкім 1930 жылы 30 қаңтарда сағат 12.00-де орындалған.
П.Л.Годына, М.С.Скрынник, Е.Г.Денисенко, С.К.Саблин – 10 жыл мерзімге, Г.А.Колесник, Г.М.Марыксин, И.Т.Самойленко, С.П.Ухов, Б.С.Деркач – 5 жыл мерзімге, И.С.Бабич, И.С.Сидой, Ф.И.Самойленко – 3 мерзімге концлагерге қамауға кесілген.
И.С.Малолетко, Т.Г.Мироненко, З.М.Злиенко - Қазақстаннан 3 жыл мерзімге жер аударуға үкім шыққан. Д.И.Чеханың алдынала тұтқында болғаны ескепке алынып, қамаудан босатылған.
1992 жылы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының прокуратурасының қорытындысымен барлығы ақталып шыққан (БҚОПДА, П-3526:30-31).
Қорытынды. Сонымен 1929 жылғы Орал округінің Жымпиты, Зауральный, Камен аудандарына қарасты ауылдар мен селолардағы тұрғындардың кеңес өкіметінің саясатына қарсы наразылықтарын, оларға тағылған айыптар мен үкімдерді зерттеп көрсеттік. ОГПУ-дың мақсаты артық астықты тапсырмаған байларды, кулактарды жазалап қана қою емес, сол байлардың, кулактардың ішіндегі бұрынғы Алашорданың құрамында, ақтардың армиясында болған, кейін «бандалық» қозғалысқа қатынасқан адамдардың, саяси көзқарастары кеңес билігіне жат тұлғалардың көзін жою, оларды қоғамнан бұратала аластау болды деп есептейміз.
Әдебиеттер тізімі
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-4072 іс, 3 том.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-3053 іс, 115 п.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-3052 іс, 18-20 пп.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-2913 іс, 19-21 пп.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-3054 іс, 43 п.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-3055 іс, 96-98 пп.
Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің архиві 18-қор, П-3526 іс, 30-31 пп.
История Казахстана в западных источниках ХII-ХХ в.в. Т.11. Седентаризация казахов СССР при Сталине. Коллективизация и социальные изменения (1928-1945 г.г.) / Изабель Огайон[пер. с фр. А. Т. Ракишева; сост. Б. М. Сужиков]. Алматы: «Санат», 2009. – 368 с.
Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1931-1933 гг: сборник документов и матераилов/ Сост. К.С.Алдажуманов, М.К.Каиргалиев, В.П.Осипов, Ю.И.Романов. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 1998. – 263 с.
Нәбиев Ж. Қырдағы қырғын: Адай көтерілісі. 1929-1931 жж. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 432 б.
Омарбеков Т. 20–30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 320 б.
Омарбеков Т. 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері: Зерттеу. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2018. - 480 б.
Роберт Конквест. Жатва скорби: советская коллективизация и террор-голод. [The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivization and the Terror-famine]. Нью-Йорк, Издательство Оксфордского университета, 1986. – 408 с.
Трагедия казахского аула. 1928-1934: Сборник документов / Сост. А.С.Зулкашева (отв.), Г.Т.Исахан, Ж.А.Сатаева. – Алматы, Раритет, 2018. – 744 с.
References
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-4072. V.3.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-3053. L.115.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-3052. L.18-20.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-2913. L.19-21.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-3054. L.43.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-3055. L.96-98.
Batys Kazakhstan oblysy Policziya Departamentinin arkhivi. Archive of the Police Department of the West Kazakhstan region. F.18. D. P-3526. L.30-31.
Istoriya Kazakhstana v zapadnykh istochnikakh ХII-ХХ v.v. T.11. Sedentarizacziya kazakhov SSSR pri Staline. Kollektivizacziya i soczialnye izmeneniya (1928-1945 g.g.) / Izabel Ogajon [per. s fr. A. T. Rakisheva; sost. B. M. Suzhikov]. (Sedentarization of Kazakhs in the USSR under Stalin. Collectivization and social change (1928-1945). Almaty`: «Sanat», 2009. – 368 s.
Nasilstvennaya kollektivizacziya i golod v Kazakhstane v 1931-1933 gg: sbornik dokumentov i materailov / Sost. K.S.Aldazhumanov, M.K.Kairgaliev, V.P.Osipov, Yu.I.Romanov. (Forced collectivization and famine in Kazakhstan in 1931-1933: a collection of documents and materials). – Almaty: Fond «ХХІ vek», 1998. – 263 s.
Nabiev ZH. Gyrdagy gyrgyn: Adai koterіlіsі. 1929-1931. (Massacre in the field: Adai uprising. 1929-1931) – Almaty: «Arys» baspasy, 2010. – 432 b.
Omarbekov T. 20–30 zhyldardagy Kazakhstan gasireti: komekshi oku guraly. (The tragedy of Kazakhstan in the 20-30s) – Almaty: Sanat, 1997. – 320 b.
Omarbekov T. 1929-1931 zhyldardagy khalyg koterilisteri: Zertteu. (Uprisings of 1929-1931: Research). – Almaty: «Arys» baspasy, 2018. - 480 b.
Robert Konkvest. Zhatva skorbi: sovetskaya kollektivizacziya i terror-golod. [The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivization and the Terror-famine]. Nyu-Jork, Izdatelstvo Oksfordskogo universiteta, 1986. – 408 s.
Tragediya kazakhskogo aula. 1928-1934: Sbornik dokumentov / Sost. A.S.Zulkasheva (otv.), G.T.Isakhan, Zh.A.Sataeva. (The tragedy of the Kazakh village. 1928-1934: Collection of documents). – Almaty, Raritet, 2018. – 744 s.