Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(30), 2022

Автор:
ISSN: 2710-3994 
Volume 2 Number 30 (2022) 169-181
ҒТАМР 03.20.00 
Б.Е. Көмеков1 , Ә.М. Ташқараева2* 
 1Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан, Нұр-Сұлтан; 
 2 М.Х. Дулaти aтындaғы Тaрaз өңірлік унивeрситeті, Қaзaқстaн, Тaрaз. 
 *Автор-корреспондент 
E-mail: bkumek@mail.ru (Көмеков), assel_muxtarovna@mail.ru (Ташқараева) 
Аңдатпа. Еуразия кеңістігінің ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын шежірелер мен ортағасырлық авторлардың жазбалары арқылы зерттеу осы өңірді мекен еткен халықтардың өткен тарихын жан-жақты әрі кеңірек білуге ықпал етеді. Осыған орай, мақалада Хиуа ханы әрі тарихшысы Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасындағы ауызша деректер салыстырмалы түрде талданады. Шығарма деректеріне сәйкес, Адам атаның пайда болуынан ХVII ғасырдағы оғыз-түрікмендер тарихына дейінгі халық жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелер ғылыми тұрғыда сараланып, тәпсірленіп, маңыздылығы анықталады. Сондай-ақ, мақалада ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеудегі аңыз және шежірелік деректердің маңызы қарастырылады. Бұл аңыз-әңгімелер мен шежірелік деректер басқа да ортағасырлық авторлардың мәліметтерімен, халық арасында кеңінен таралған ауызша дәстүр деректерімен салыстырмалы түрде қарастырылады. Түйін сөздер: Абу-л-ғази, шежіре, оғыздар, түрікмендер, деректеме, қолжазба, тайпа, ру, халық.
Мазмұны:

Кіріспе Бүгінде Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі тарихының негізгі дереккөздеріне айналған ортағасырлық авторлардың еңбектерінің көпшілігі академиялық зерттеу тұрғысында толық ғылыми бағасын алмаған мәселелердің бірі болып саналады. Осыған орай, түркі халықтарының пайда болу, таралу тарихына ортағасырлық еңбектер мен ауызша деректер негізінде талдау жасалынып, шынайы бағасы берілуде. Деректемелік тұрғыда маңызды мәліметтер беретін мұсылман авторларының еңбектері тыңғылықты зерттеліп, нәтижелері тарих ғылымының кейбір сұрақтарында кеңінен пайдаланылуы керек. Бұл аталған еңбектердің теориялық, методологиялық астарын ашу арқылы жан-жақты тұжырым жасау, оған тиісті тарихи, ғылыми баға беру - тарих ғылымының өрісін кеңейте түспек.

Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» еңбегіндегі адамзаттың пайда болу тарихынан өзі өмір сүрген уақыттағы тарихи оқиғаларға дейінгі Еуразия даласындағы түркі халықтарының қалыптасу, бірігу және таралу тарихын жан-жақты қарастыру; ұлттық тарихты зерделеуде Абу-л-ғазидің шығармасындағы мәліметтерге жаңа көзқарас тұрғысынан баға беру.

Материалдар мен әдістер: Зерттеу жұмысында қойылған мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету үшін тарихилық, объективтілік, сабақтастық, ғылыми таным принциптері басты назарда болды. Ғылыми танымның нақты тарихи-салыстырмалылық және тарихи-сараптамалық принципін қолдану арқылы Абу-л-ғазидің шығармасындағы ауызша деректерге талдау жасалып, тарихтың осы кезеңдегі тартысты болып келген сұрақтарын ашуға ұмтылыс жасалды. Шығарма авторы қарастырған ерте және орта ғасырлардағы түркі халықтарының этно-саяси тарихы, мәдениеті, шаруашылығы сияқты тақырыпты көтерген ортағасырлық авторлардың шығармалары, ауызша дәстүр деректері, сондай-ақ, отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектері зерттеудің теориялық және методологиялық негізін құрады. Зерттеу барысында тарихи салыстырмалық, сараптамалық талдау және басқа әдістемелер қолданылды.

Талқылау. Ежелгі және ортағасырлардағы түркі халықтарының тарихы зерттеушілерді қызықтырып келген күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі. Соның ішінде түркі әлемінің қалыптасуы мен дамуы әлі күнге дейін ғалымдар арасында қызу пікірталас тудырады. Ғылыми құндылығының жоғары болуына қарамастан, бүгінге дейін «Шежіре-и-таракиме» шығармасына толыққанды тарихнамалық талдау жасалмаған.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың ортасында Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасы мұсылмандық дәстүрмен жазылған көрнекті туындының бірі ретінде ғылыми ортада танымал болды. А. Туманский «Шежіре-и-таракимені» ғылыми әлемге алғашқы болып таныстырып, 1897 жылы орыс тіліне аударып шықты. Оған тиесілі болған шығарма қолжазбасының көшірмесін 1821-1822 ж. Ташкентте Құрбан-келді Ораз Мухаммедұлы жасады (Дмитриева, 2002).

А. Туманский «Шежіре-и-таракименің» тек аудармасын жасаумен шектелді. Еңбекке қатысты қандай да бір зерттеулер, тұжырымдар жасалмады, жазылған жұмсысқа пікірін білдірмеді. Кейбір беттері аударылмай, бірқатар мағыналық қателіктер орын алды. А.Г. Туманскийдің аудармасының толыққанды жасалмағандығын оның бір ғана қолжазбамен жұмыс жүргізуімен түсіндіруге болады. Дегенмен, түрікмендердің шығу тарихы әлі зерттеле қоймаған тұста жасалған еңбек күні бүгінге дейін ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ (Абуль-гази-Бохадур-хан , 1897). А. Туманскийдің аудармасы арқылы «Шежіре-и-таракиме» ғылыми ортада қолжетімді ғана болып қоймай, еңбектің келешекте зерттелуіне, деректерін ғылыми еңбектерде пайдаланылуына жол ашты.

«Шежіре-и-таракиме» шығармасының кеңінен танылып, деректемелік тұрғыда зерттеушілердің қызығушылығын арттыруда түркітанушы-ғалым А.Н. Кононовтың еңбегі мен рөлі маңызды. Көпжылдық еңбегінің нәтижесінде А.Н. Кононов «Шежіре-и-таракимені» орыс тіліне аударып, шығарма мәтінін морфологиялық тұрғыда талдап шықты. Қолжазбаның әр уақытта, әр жерде, көшірілген жеті нұсқасын қарап, тарихи-филологиялық ізденістер нәтижесінде мәтінді бір ізге түсірді және ғылыми негіздегі текстін әзірледі (Кононов, 1958: 30). Шығарма мәтінінің көркемдік ерекшелігі мен стилін, мәліметтің берілу шеберлігін сақтай отырып, аудармасын түсінікті етіп жеткізді. Шығармадағы деректерге түсіндірмелер жазып, есімдердің, географиялық атаулардың, тайпа аттарының, терминдердің тізімін жасады.

Ә.Х. Марғұлан қаңлы тайпасының шығу тарихын зерттеуде «Шежіре-и-таракиме» шығармасының мазмұнын талдай отырып, «қаңқлы», «қаңқа» сөзіне, оның көне түркі тіліндегі «арба» мағынасына назар аударады (Марғұлан, 2012). А.М. Жиреншин «История казахской книги» еңбегінде «Оғыз-наме» дастанын зерттеуде Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракимесінің» үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті (Жиренчин, 1987). Сол секілді, «Огуз-наме» «Махаббат-наме» текстін қазақ тіліне аударған авторлар Ә. Дербісәлі, М. Жармұхамедов, О. Күмісбаев Оғыз туралы тарихи деректердің ішінде Абу-л-ғазидің шығармасын ерекше бағалады. Олар Абу-л-ғазидің еңбегін Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарих» шығармасының тікелей, дәлме-дәл көшірмесі деп есептейтін зерттеушілерді сынға алды. Абу-л-ғазидің шығармасындағы оғыздарға қатысты шежірелік деректердің әлдеқайда мол екенін алға тартып, жоғарыдағы тұжырымның негізсіздігін дәлелдейді («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986). В.П. Юдиннің XVI-XVII ғғ. ауызша дәстүрге негізделген маңызды еңбектердің қатарында Абу-л-ғазидің оғыз-түркмен тарихына қатысты мәліметтерін атап көрсетті (Юдин, 1992).

Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқын құраушы ру-тайпалардың шығу тегіне қатысты зерттеулер жаңаша тұрғыда зерттеле бастады. Ж. Артықбаев ежелгі тарихтың тұлғасы Оғыздың бейнесін тарихиландыруда Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасының деректерін негізге алды (Артықбаев, 2015).Тарихшы М. Алпысбес өз еңбектерінде Абу-л-ғазидің шығармасындағы жекеленген мәселелер бойынша ғылыми салыстырмалық-сараптамалық зерттеу жүргізді. (Алпысбес, 2013). А. Қошымова «VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы Оғыздардың түркі халықтарының этногенезінің қалыптасуындағы орны» тақырыбындағы диссертациялық жұмысында қазақ, әзербайжан, түрікмен, қырғыз, түрік тәрізді түркі халықтарының этногенезіндегі оғыздардың орнын анықтауда Абу-л-ғазидің еңбегін пайдаланды (Қошымова, 2019).

Шығарма деректері бойынша патшалық кезеңде, Кеңес билігі тұсында аталған мәселе төңірегенде көлемді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл жұмыс жаңаша көзқараста зерделеніп, өзінің шынайы бағасын алды.

Зерттеу нәтижелері. Абу-л-ғазидің еңбегінде халық даналығы мен дәстүрі, тарихы мен мәдениеті көрініс тапқан, аңыздық сипаттауға да бай. Автор еңбекте деректерді хронологиялық принциппен жазып, тарихи, саяси оқиғаларды тек баяндау күйінде емес, зерттеуші ретінде белгілі бір жүйе бойынша, өзінің пайымдауларын қосып жеткізген. Бұл шығарма Орта Азия халықтарының тарихына қатысты маңызды дереккөзі, сондай-ақ, халықтың ауыздан ауызға жеткен әңгімелерінің, аңыздарының және нақты тарихи оқиғаларының жиынтығы көрініс тапқан мәдени мұра.

Абу-л-ғазидің сөзіне сүйенсек, шығарма халық арасында кең тараған «Оғыз-наме» дастанын қателіктерге толы және мәліметтері бір-бірімен үйлеспейді деп санаған түрікмен молдалары мен шейхтарының өтініштері бойынша жазылған. Әр түрікмен тайпасы өздеріне дейін сақталып келген шежірелерін жақсы білді, алайда жалпы шығу тегінен басталатын шоғырландырылған шежірелері жоқ еді. Яғни, түрікмендердің шығу тегі, дамуы және таралуы туралы ресми басылым қажет екендігі түсінікті еді. Осы жұмысты қолына алған Абу-л-ғази еңбектің кіріспесінде «Ендігі кезекте біз Адам атадан бастап бүгінгі уақытқа дейін, яғни 1071 жылға дейінгі түрікмендер мен оларға қосылған, нәтижесінде түрікмен атауын алған тайпалар туралы егжей-тегжейлі сөз етеміз», – деп жазады (Ebulgazi Bahadır Han, 1996: 37).

Адамзат маңызды деп тауып, қағаз бетіне түсіргенге дейінгі тарих, айтулы оқиғалар, әлеуметтік өмір мәселелері, көркем шығармалар ұрпақтан ұрпаққа тек ауызша қалдырылып отырды. Тарихи жазба деректерге дейін халық ауыз шығармашылығының ерте кезеңге тән сипаты аңыздық, эпикалық шығармалар болып табылады. Қазірде құнды дереккөзіне айналып отырған аңыздар, жыр-дастан, шежірелер – халықтың жадында бірнеше ғасыр бойы сақталды.

«Шежіре-и-таракимеде» аңыздық сипатта жеткен, бірақ шынайы негізі бар ауызша деректер өзіне дейін жазылған деректерді пайдалана отырып жазылған. В.В. Бартольд: «Шежіре-и-Таракиме» шығармасын пайдаланғанда сақтықпен қарау керек, себебі Рашид ад-диннің еңбегінен алынған мәліметтерді санамағанда, бұл шығарма ауызша әңгімелерге негізделіп жазылған», – дейді. (Ebul-gazi Bahadır Han, 2011: 584). Оның пікірінше, Абу-л-ғази тек ауызша әңгімелер мен аңыздардар негізінде жаза алады, сондықтан оның жазбаларында, әсіресе хронологиялық даталарға қатысты түсініксіздік көп кездеседі. Дегенмен, Абу-л-ғази жазған тарихты оған дейін жазылған деректемелермен салыстыра отырып, растауға болады деп түйіндейді (Abulgazy Bahadur han, 2014:75).

Шежіреде ежелгі түркілердің арасында таралған дәстүрге байланысты бірнеше аңыздар берілген. Соның бірі ас әзірлеуде тұзды пайдаланудың шығуы туралы аңыз. Абу-л-ғази тұздың күнделікті тұрмыста қолдануды ирандық бірінші падишах Кеюмарстың замандасы Түтек патшамен байланыстырады. Автор ұсынған шежіре бойынша, ол Яфестен тарайтын Түріктің ұлы. Аңыз бойынша, Түтек аң аулап жүріп жабайы ешкіні өлтіреді. Етті отқа қақтап, жей бергенде еті жерге түсіп кетеді. Тұзды жерге түскен ет оған ерекше дәмді болады. Осыдан кейін Түтек ас әзірлеуде тұзды пайдалануды бұйырады (Ebulgazi Bahadır Han, 1996: 39).

Расында, біз адамзаттың тұзды қай уақыттан бастап күнделікті тіршілігінде пайдаланғанын біле алмаймыз. Қазірде ежелгі адамдардың тұздың күнделікті өмірде пайдалануды үйренгендігі жөнінде тек пайымдаулар бар. Дегенмен, бұл сұрақтардың жауабының бірін Абу-л-ғази өзінің еңбегінде беріп отыр.

Түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының ауызша дәстүрінде Оғыз хан бейнесі маңызды орын алады. Абу-л-ғази Оғыздың өмірге келуін елден ерек сиқырлы, артық қасиетті ерекше тұлғасын аша түсетін Оғыздың туылуы, үйленуі, батырлық істеріне арналған мәліметтер келтіреді. Түркілік ауызекі деректерде тұлғаның қасиетін ерекшелейтін баланың туылуының айрықша жағдайда болуы және тұлғаның болмысын ашып, тағдырымен байланысты болатын есімінің қойылуы фольклор прозасының жетекші мотивтерінің бірі. Баланың өмірге ғажайып жағдайда келуінің тарихи негізі – мұсылмандыққа дейінгі сенімдер мен мұсылман  дінінің негізіндегі рухани әлемде сақталған архаикалық-мифтік түсініктен бастау алады (Әбілғазы, 2011:774). Бұл әсіресе, халық арасында ауыздан ауызға тараған батырлық эпостар, лиро-эпостық жырларда көптеп көрініс тапқан.

Түркі халықтарының фольклорында Ай мен Күннің әсерімен ғажайып нұрдан дүниеге келу мотивтері жиі ұшырасады. Абу-л-ғази жазбасындағы «Қара ханның бәйбішесінен ай мен күннен сұлу ұл туды»,- деп, «ай мен күннен сұлу» деген теңеуі де осыдан шығады. «Оғыз-наме» дастанында Оғыз ханның туылуын: «Тағы күндерде бір күн Ай қағанның көзі жарқ етіп ашылып, ер бала туды. Осы ұлдың өңі-шырайы көк еді, ауызы оттай қызыл еді, көздері қызғылт, шаштары, қастары қара еді. Нұрлы періштелерден көріктірек еді» («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986:36), - деп сипаттап, анасынан ерекше қасиетті нұрдан жаратылып туған кейіпте келтіріледі. Абу-л-ғази жазбасында Оғыз хан туғаннан кейін анасының түсіне еніп, «мұсылмандықты қабылдасаң ғана сүтіңді емемін» деп аян береді. Абу-л-ғази өзі мұсылмандықты берік ұстанған ғалым болғандықтан, Оғыздың туылуына байланысты өз заманына дейін жеткен аңыздардың көп нұсқасының ішінен осы нұсқаны жазған болуы мүмкін.

Абу-л-ғази жазбасына сәйкес, ежелгі түркілік дәстүр бойынша бала жасқа келмейінше есімі қойылмаған. Сол сияқты, Оғыз хан да жасқа келмейінше аты қойылмай, бір жасқа толғанда ұлан-асыр той жасалып, жиылған жұрттың алдында есімін алған. Балаға есімін кеш беру дәстүрін ежелгі эпостар мен ертегілерден де байқауға болады. Бұл ертедегі баланың бір жасқа дейінгі уақытын транзиттік кезең деп санаған түсініктен шыққан. Себебі, бала бұрын дүниеден өткен адамның жалғасы деп сенген. Мысалы, қайтыс болған адамның қырқын береді, сол сияқты баланы қырқынан шығарып, шашы мен тырнағын алады. Қайтыс болған адамның жылын берген секілді, баланы да бір жасқа келгенде тұсауын кесіп, «бала осы өмірге өтті» деп, есімін берген (Балаға есімді бір жасқа толғанда қоятын қазақ дәстүрі қалай ұмытылды). Ислам дінінің енуімен, бұл дәстүр ығысып, бала туысымен азан шақырып ат қою орын алды. Қазақ тарихында бала лақап атпен шақырылып, есімі тек ерлік істерінен кейін ғана аты қойылған мысалдар да бар.

Қара ханның сол кездегі монғолдардың дәстүрі бойынша, бала жасқа толғанда ат қою үшін бүкіл елді жинап, үлкен той жасағанда Оғызға тіл бітіп, өзінің атын өзі жария етеді. Шығарма авторының сөзінше, жиналғандар таңданысын жасыра алмаған. Бұл туралы ел ауызында мына баят сақталған:

«Сол жерде бір жасар бала жүрді

Оның айтқан тілегін бәрі білді:

Менің атым атақты Оғыз болар

Оны білмек баршаңызға парыз болар»,- (Ebulgazi Bahadır Han, 1996:124).

Автор «Оғыз» атауының мағынасына тоқталмайды, кейбір зерттеушілер «оғыз» атауын «оқ» сөзінен шыққан дейді. Профессор Ж. Артықбаев Қазақ шежіресінде Оғыздың аты «Уыз» ретінде аталауын анасынын сүтінен бас тартуымен байланыстырады (Артықбаев, 2013).

Сөйлей алмайтын жастағы балаға тіл бітіп, өз атын жариялауы жоғарғы күштердің араласуымен болған құбылыс болып отыр. Осыған ұқсас табиғаттың ерекше құбылысына байланысты немесе әулиелердің айтуы мен түсінде аян беру арқылы есімдердің берілуі тағы бар. «Алпамыс батыр» жырында перзентсіздік зарын кешкен Алпамыстың әке-шешесіне:

«Менің атым Шашты Әзіз,

Қыламын десең ықылас,

Жарылқады Жаратқан,

Ей, бишара, көзіңді аш!

Ұлыңның аты Алпамыс,

Қызыңның аты Қарлығаш,

Атса, мылтық өтпейді,

Шапса, қылыш кеспейді,

Қалмақтармен болар қас»,-

деп дүниеге келер ұл-қызының есімін қойған (Бабалар сөзі: Жүз томдық, 2006:73).

Аты аңызға айналған Қорқыттың да дүниеге келуі ел аузында сақталған аңыздар бойынша елден ерек күйде болған. Анасы босанарда күн тұтылып, дүнеиені қара түнек басып, жауын-шашынды дауыл соққан. Ал, Қорқыт дүниеге келгенде алдыңғы аласапыранның барлығы бірден сейіліп, аспан ашылған. Алай-дүлей болған табиғаттың құдіреті бірден тоқтап, аспан шайдай ашылғанда, жиылған жұрт: «Бұл бала дүниеге жұртты қорқытып келді, есімі Қорқыт болсын» деседі. Бұл түркі дүниесінің табиғатпен үйлесімде, тығыз қарым-қатынаста болған өмір салтымен де байланысты.

Түркі қоғамында адамзатты айналасындағы табиғатпен тұтас дүние ретінде қабылдап, оларды киелі санаған, аспан денелері мен қоршаған табиғатқа өзінше қасиет беріліп, қадір тұтылған. Оғыздың өзінің балаларының есімдерін Күнхан, Айхан, Жұлдызхан, Көкхан, Таухан, Теңізхан деп табиғат құбылыстарымен байыланыстырып қоюы оларды қадір тұтуының көрінісі еді. «Оғыз-наме» дастанында: «Тағы күндерде бір күн Оғыз қаған бір жерде тәңірге жалбарынды. Қараңғылық түсті. Көктен бір көк жарқ түсті. Күннен аян, айдан көгілдірек еді. Оғыз қаған оған келіп көрді. Осы жарықтың арасында бір қыз бар еді, жалғыз отырар еді» («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986: 38),- деп, Көктен түскен қызға үйленгені айтылады. Бұл қыз үш ер бала босанып, Оғыз есімдерін Күн, Ай, Жұлдыз деп қояды. Кіші үш баласы «ағаштың қауашағынан» шыққан қыздан туған: «Бір күні Оғыз қаған аңға кетті. Бір көл ортасынан алдынан бір ағаш көрді. Бұ ағаштың қауашағында бір қыз бар еді, жалғыз отырар еді, төл буаз болды, күндерден соң, түндерден соң, босанып, үш ер бала туды. Біріншісіне Көк, екіншісіне Тау, үшіншісіне Теңіз деп ат қойды». Дастан сюжетіндегі Оғыздың Күн нұрынан жаратылуы, оның көктен түскен нұр сәулелі қызға үйленуі, күн нұрымен келіп, Оғыз қағанды жеңістен жеңіске бастаған көк бөрі туралы аңыздар  Абу-л-ғазидің шығармасында жоқ. Оның мәліметі анағұрлым шынайы: әкесі Қара ханның жалғыз мұрагері, шапқыншылық жорықтарында жеңіске өзінің батылдығы мен табандылығының, тапқырлығының арқасында жетіп отырды. Сондай-ақ, «көктен түскен», «ағаш қауашағынан шыққан» қызға емес, әкесінің інілерінің қыздарына үйленген. Әкесі алып берген Көрхан мен Қырханның қыздарына «мұсылмандықты қабылда» деген шартынан бас тартқаны үшін қосылмады. Тек, мұсылмандықты қабылдаған үшінші қызды қабылдады. Жоғарыда аталған алты ұлы осы қыздан туған.

Оғыз хан тағына отырғаннан кейін жан-жақты шапқыншылық жорықтарын жүргізеді. Абу-л-ғази Оғыздың жаулаушылық жорықтарын рет-ретімен, жүйелі түрде және нақты деректермен жеткізген. Ол Оғыз ханның алғашқы жеңіспен аяқталған жорығы татарларға бағытталғанын, осы кезден бастап 72 жыл бойы шыққан тегінің бір екеніне қарамастан монғол және татарлармен соғыс жүргізіп, 73-жылы өзіне түбегейлі бағындырып, ислам дінін орнатқанын жазады (Кононов, 1958:43). Рашид-ад-дин де Оғыздың өзіне қарсы шыққан басқа тайпалармен 75 жыл соғыс жүргізіп, ақырында жеңгендігін жазады (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 16). Абу-л-ғази жазған шежіредегі деректерге сәйкес, Оғыз хан Жүржіт, Хатай және Таңғұт, Қарақытайларды өзіне қаратты. Бұл кезде Хатайдың арғы бетінде, теңіздің жағалауындағы кішігірім тауларда бірнеше тайпалар өмір сүрген еді. Бұл тайпалардың басшысы Ит-Барақ хан еді. Оғыз хан Ит-Барақ ханмен соғысып, жеңіліске ұшырайды. Тек он жеті жылдан кейін жаңа күшпен келіп, Ит-Барақты өлтіріп, әскерін талқандайды, өз еркімен мұсылман болғандарға тиіспей, қалғанын тұтқынға алады (Кононов, 1958:43-45).

Шежіре дерегіне сәйкес, Оғыз хан өзіне қараған татарлар мен монғолдардан әскерінің қатарын көбейтіп, Хатай, Жүржіт, Таңғұт, Қара-Хатай жерлерін алып, Ит-Барақпен күресте жеңіске жетті. Одан әрі балаларымен бірге Сайрам, Ташкент, Түркістан, Әндіжан, Самарқанд, одан әрі Бұқар, Балх және Гор уәләйятын, Кабул және Ғазнинді, Кашмирді жаулап, даруғалар тағайындады. Бұдан кейін еліне оралып, келесі жылы Иранға аттанды. Хорасанды алған соң, Әзербайжан, Әрмения, Шам, Мысырды алды. Алған жерлерінің барлығына даруғалар тағайындап, еліне оралды (Кононов, 1958:45-48). Абу-л-ғазидің қысқаша келтірген бұл мәліметтері Рашид ад-Диннің «Оғыз-намедегі» мәліметтеріне ұқсас, алайда Рашид ад-Дин Оғыз ханның әлемді жаулауға арнаған жорықтарына он төрт бөлімін арнап, толығырақ мәлімет береді. Ол Оғыздың Мысырды жаулаған сон одан әрі бірнеше қалалар мен елдерді, оның ішінде франк, рум елдерін де жаулап, өздеріне алым-салық төлеткенін жазып қалдырған (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 11-31). Ал, «Оғыз-намеде» Оғыздың жорығы қиял-ғажайып пен шынайы оқиғасы аралас түрде берілген. Оның ең алғашқы ерлігі жігіт болған шағында елдің тыныштығын бұзған алып мүйізтұмсықты өлтіргенде көрінеді Одан әрі өзіне бағынбаған елдерге жорыққа шығып, бірінен соң бірін жаулайды. Осы жорықтарында оған арлан бөрі жол көрсетеді («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986: 39).

Абу-л-ғази шығармада Оғыз қағанның жорық үстінде өз қарамағындағы бектерге, олардың ерлік істері мен алғырлық-тапқырлығына, шеберлігіне, тіпті кескін-келбетіне қарай кейін тұтас тайпа атауына айналған лақап ат қоюы, сондай-ақ, жаңа туған нәрестеге ат қою дәстүрі де тартымды баяндалады. Қаңлы, қыпшақ, ұйғыр, қалаш сынды ру-тайпалардың шығуын этимологиялық тұрғыдан түсіндіретін аңыздар бар.

Қазіргі таңда қазақ халқын құраушы тайпалар атауының этимологиясы туралы біржақты емес түрлі пікірлер мен тұжырымдар бар. Дей тұрғанмен, тамырын тереңнен алатын халықтың, оны құраушы ру-тайпалардың күрделі де қайшылықты мәселелерге толы болып келуі заңды құбылыс. Түркі халықтарының, кейіннен қазақ халқының ұлт ретінде тарихи сахнаға шығып, халық болып ұйысуында елеулі рөл атқарған тайпалар тарихының өзегін Оғыз заманынан іздеу орынды. Оғыздар көптеген түркі халықтарының этногенезінің қалыптасуына өз ықпалын тигізді. Соның ішінде қазақ халқының құрамындағы тайпаларды Оғыз қағанның ықпалымен пайда болғандығын дәйектейтін аңыздар да бар.

Абу-л-ғази шежіреде қаңлы тайпасының шығуы Оғыз ханның татарларға жеңісті жорығында мол олжаны артып әкетерлік арба ойлап тапқан шеберге байланысты қойылған деген аңызды келтіреді. Арбаның «қаңқ, қаңқ» деп шығарған даусына қарап, шеберді «қаңқлы» деп атап, барлық қаңлы елі осы кісіден тараған дейді: «Бұл жорықта оғыз әскері жеңіске жетіп, үлкен олжаға кенелді, алайда оны арту үшін ат көлігі жетпеді. Әскердің ішінде шебер адам бар еді, ол ат арба жасады. Оған қарап барлығы да арба жасап, мол олжаны артып әкетті. Бұл уақытқа дейін арба да, арба атауы да жоқ еді, сондықтан арбаның шығарған даусына қарап «қаңқ» деп атады. Ал оны жасаған адамды «қаңқлы» деп атады. Барлық қаңқлы тайпасы осы адамның ұрпағы» (Кононов, 1958:43).

Абу-л-ғазиге дейін жазылған Рашид-ад-диннің мәліметінше, қаңлы атауы Оғыздың Дербентке жорыққа шыққанда соғыстан түскен олжасын еліне жеткізу үшін тағайындалған адамдарға берілген лақап аты. Оғыз басында Бармақлық Жосун Білік деген кісімен жүздеген шабандозды арбаға (қаңқлы) отырғызып, өзінің жеке белгісі ретінде екі алтын ұшты жебе мен садақ береді. Бұл белгі берілген адамдарға кез келген жерде қызмет пен құрмет көрсетілуі тиіс болған (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 20). Оғыз хан туралы деректердің ең көнесі саналатын, ауызша үлгіде жеткен «Оғыз-наме» дастанында Жүржіт елімен соғыстан түскен есепсіз көп олжа, жиһаз-мүліктерді артатын арба ойлап тапқан шеберді «Қаңғалық» деп атағаны жазылған: «Ұрыстан соң оғыз қағанның шеруіне, нөкерлеріне, халқына соншама көп жансыз олжа-мүлік түсті, жүкті тиеуге, тасуға ат, қашыр, өгіз аздық етті. Сонда Оғыз қағанның шеруінде үздік жақсы бір шебер кісі бар еді. Оның аты Бармақлық Жосын Білік еді. Бұ шебер бір қаңға (арба) шапты. Қаңға үстіне жансыз олжаны тиеді, қаңғаның алдына тірі олжаны тиеді, қаңғаның алдына тірі олжаны жегіп, тартып кете барды. Нөкерлердің, халықтың бәрі мұны көріп, таздетіп, тағы қаңға шапты (жасады). Мұндай қаңға жүргенде «қаңға, қаңға» деп дыбыстап бара жатушы еді. Соның үшін оларға «қаңға» деп ат қойды. Оғыз қаған қаңғаларды көрді де күліп айтты: қаңға, қаңғамен өлі олжаны тірілер алып жүрсін. Саған Қаңғалық аты беріліп, Қаңға аты сақталсын-деп кетті» («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986: 45). Қазақ арасында «Қаңлыдан ұл туса – ағашқа күн туады», «Қаңлыдан ұл туса, ормандағы ағаш сыңсиды» деген мақал сөздер түбірін осы аңыздардан алса керек.

 Осыған ұқсас этимологиялық тұрғыдағы түсіндірме қыпшақ тайпасына байланысты аңызда айтылады. Бір жорықта Оғыздың бектерінің бірінің әйелі шіріген бір үлкен ағаштың қуысында босанады. Әкесі жорықта қайтыс болғандықтан, есімін Қыпшақ қойып, өз тәрбиесіне алады. Шығарма авторы: «Түркі тілінде іші қуыс ағашты қыпшақ дер еді. Бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын Қыпшақ қоюы содан еді. Бұл кезде іші қуыс ағашты шыпшақ дейді. Қара халық тілі келмегендіктен к-нің орнына ш-айтып кеткен», - деп түсіндіреді. Абу-л-ғази бұл деректің негізін Рашид-ад-диннің жазбаларынан алған болуы керек, алайда Рашид-ад-дин қыпшақтың ағаштың қуысында туылғаны мен Оғыздың ат қоюын ғана атап өткен (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 18-19), «Оғыз-наме» дастанында Еділ өзенінен әскерін ағаштан сал жасап, аман-есен өткізіп бергені үшін Ұлық Орда бек атты кісіге Қыпшақ деген лақап ат қойылғандығы жазылған («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», 1986: 42). Бір қызығы, бұл жерде де Қыпшақ есімі ағашқа қатысты аңызбен байланысты болып отыр.

Абу-л-ғази жоғарыда аталған этнонимдерден басқа да халықтардың шығуын Оғыз ханмен байланыстырады. Мысалы, «ұйғыр» атауының шығуы туралы шежіреде: «Оғыздың әкесі Қара хан баласының мұсылман екенін біліп қойып, оның көзін жоюға бел буды. Бұл туралы білген Оғыз хан өзіне еретін адамдар болса келуін айтып, елге кісі жібереді. Сонда Қара ханның інілерінің ұлдары Оғыздың жанына келді. Оларды Қара ханнан айырылар деп ешкім ойламап еді, сондықтан Оғыз хан оларға «ұйғыр» деген ат берді»,- дей келе автор: «Ұйғыр – түркі сөзі, мағынасы «қосылу», «жабысу» дегенді білдіреді», – деген мәліметті өзінің түсіндірмесімен бірге жазады (Кононов, 1958:42).

Қалаш тайпасының атауының шығуы туралы аңызда Абу-л-ғази «қал аш», яғни «ашығып қал» сөзімен байланыстырады (Кононов, 1958:46), Абу-л-ғази шежіреде қалаш тайпасынан шыққан Бахтияр Мұхаммед есімді жігіттің Дели қаласының падишахы Құтб-ад-диннің нөкері, кейінірек бек болғаны туралы жазған. Бұл кезде Үндістан жеке елдерден құралған еді, Мұхаммед Құтб-ад-диннің жіберуімен Кашмирдің жанындағы Бехарды алды. Одан әрі Лекмир, Лектуни елдерін алды. Өзі таққа отырып, Лектуниді астанасы етті, өз атынан тиын соқтырып, құтпа оқытты. Оған қалаш елінің 10 мың адамы келіп қосылады (Кононов, 1958:46). Біраз уақыт өткен соң Мұхаммед Бахтияр Тибетке жорыққа аттанып, қайтыс болады. Қалаш елі жиылып, Ширан есімді адамды таққа отырғызады. Шираннан кейін Мердан есімді қалаш тайпасының өкілі таққа келді. Шежіреде оның мықты мерген болғанымен, ақылы аз билеуші зұлымдыққа салынып, жазықсыз адамдарды өлтіре бастағаны жайында және осы себепті қалаш халқы кеңес құрып, Мерданды өлтіргені жазылған. Одан әрі Эвез есімді адам таққа отырып, билігі 12 жылға созылады. Ол қайтыс болған соң, билік басқаларға өтеді. Сонымен, Абу-л-ғази қалаштардың билігі небәрі 54 жылға созылған деп қорытады (Кононов, 1958:47).

Абу-л-ғази қарлық тайпасының шығуын Оғыздың Гур тауларында қалың жауған қардан жүруі қиындап, әскерге ілесе алмай кешігіп жеткен бірнеше адамға берген «қарлық» атауынан шықты деген аңызбен байланыстырады. Шежіреде үсті-бастарын қар басқан түрлеріне қарап қойғылған «қарлық» атауы барлық қарлұқ тайпасының аталары делінген. (Кононов, 1958:45). «Оғыз-наме» дастаны бойынша да Мұзтауға қашып кеткен сүйікті шұбар атты ерлік көрсетіп алып келген бір бекке үсті-басын ақ қырау сүңгі басқан сұсты түріне қарап, «Қаһарлық» деп ат берілген (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 43).Аңыздардың берілуі әр түрлі болғанымен, Абу-л-ғазидің мәліметі мен дастандағы жазба қармен байланысты шығып тұр. Абу-л-ғази жоғарыда айтылған қаңлы, қыпшақ, қарлық, қалаш тайпаларына Оғыздың тегінен тарамайтынын, алайда Оғыздың оларға ат беріп, сансыз олжа мен байлыққы қанжығасына байлаған жорықтарынан кейін жасаған ұлы тойда бұл тайпалар болғандықтан, олардың да атын атауды жөн көрдім дейді.

Шығармада тарихи аңыздар мен жырларда жиі кездесетін ауызбіршілік, сыйластық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сияқты ұстанымдары қамтылатын мәліметтер бар. Оғыз батысқа, шығысқа, күнгейге жасаған олжалы жорықтарынан кейін ұлы той жасайды. Алты ұлы мен бектеріне өсиет айтып, шаһарлар мен жерлерді жасаған ерліктері мен орындарына қарай үлестірді. Абу-л-ғази келтірген аңыз бойынша, осы тойдан біраз бұрын Оғыз нөкерлерінің біріне алтын садақты күн шығыс жаққа, үш алтын жебені күн батыс жаққа жасыртқызып, үш үлкен ұлын шығысқа, үш кіші ұлын батысқа барып, аңшылық құрып келіңдер деп жұмсайды. Біраз күннен соң Оғыздың үш үлкен ұлы алтын садақ, үш кіші ұлы үш алтын жебемен бірге мол аңшылық олжаны хан әкелеріне тарту етеді. Оғыз садақ пен жебенің табылуын жақсыға жорып, ұлдарына береді. Үш үлкен ұлы садақты өзара бірдей етіп бөліп алады, ал кіші үш ұлы бір-бір жебеден алады. Оғыз садақты өзара теңдей етіп бөліскен үш үлкен ұлына  «боз оқ», үш кіші ұлына «үш оқ» деп, екі қанатқа бөліп, әкімшілік басқарудың негізін салды. Ұлдарына өзара жастарына қарай бір-бірін сыйлауды, құрметтеуді міндеттеп, тапсырды. «Садақ қай жаққа тарса, жебе сонда ұшады», өзінен кейін хан тағына Күнхан отырсын, одан кейін бозоқ нәсілінен хан сайлансын, ақырет күні жеткенше солай болсын деп өсиет еткен. Жора бойынша, садақ әмірші, ал жебе атқарушы есептелініп, үш оқ тайпалары боз оқ тайпаларына жол беруі тиіс болған.

Рашид-ад-дин бұл аңыздың өзге нұсқасын ұсынған. Оғыздың балалары садақ пен жебені кездейсоқ тауып алып, әкелеріне өзара үлестіру үшін алып келеді. Оғыз садақты теңдей үшке бөліп, үш үлкен ұлына, жебені бір бірден кіші үш ұлына таратып береді. Бұл аңыздың түпкі мағынасы үлкеннің жолы, биліктегі бөлініс сынды мәселелерді қозғайды.

Түркі халықтарында кеңінен тараған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бір мезетте пайда болған жоқ, ол ережелер ұрпақтан ұрпаққа өтіп, уақыт сынынан өткен дағдылар. Ұлттық салт пен дәстүр ұлт болып ұйысқаннан бастау алғанымен, өзегі тереңде. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Бүгінде қазақ халқының дастархан айналасындағы дәстүрлері, жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне қарай дастарханның оңы мен солына отыру ережесі, табақ тарту дәстүрі оғыз заманынан бастау алған. Әкесінің өсиетімен хан тағына отырып, салып кеткен ізін жалғастырған Күн хан осы ережелердің негізін салып кеткен.

Қазақта төрге негізінен қолына билік ұстаған ел басы, ел ағасы, төрелік айтушы ақсақалдар, жасы үлкендер отырған. Абу-л-ғази келтірген аңыз бойынша, Күн хан өзінің және інілерінің балаларына шатырдағы тиесілі орындарын үлестіргенде Алтын шатырдың төріне өзі отырып, уәзірі Еркіл қожаны қасына алған. Қазақтың табақ тарту дәстүріндегі құрметті, сыйлы кісілерге тартылатын «Бас табақ» кәделі табағына бас, жамбас, ортан-жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары салынады. Аңыз дерегіне сәйкес, Күн хан отырған алтын шатырға ұсынылған «Бас табаққа» да қойдың басын, арқасын, жамбасы мен қабырғасын салып ұсынған. (Кононов, 1958:51).

Күн хан інілерін, өзінің және інілерінің балаларын да нөкерлерімен тиесілі орындарына жайғастырып, кәделі жіліктерін үйлестірген. Бұл шатырларға Оғыздан тарамайтын, алайда олармен біте-қайнасып өмір сүрген ру-тайпаға шатырлардан тиесілі орын берілді. Қанша қой сойылса да, осы кәделі мүше тарту жоралғысы сақталынсын, балалары мен нөкерлерімен бірге өздеріне тиесіліні алып жесін деп өсиет айтты.

Күн хан мен інілері, балалары, бектер мен ақсақалдар, оғыз елінің игі жақсылары өздерінің атын жазып, келешекке өсиет қалдырған. Күн ханның қазынасында сақтаған бұл өсиеттің үшінші бөлімінде: «Хан тағына тек Оғыздың боз оқ балаларынан отырсын, бір билікке екі хан сайланбасын. Бір хан болса – ел өркендейді, екі хан болса – құлдырайды»,- деп өздеріне дейінгі даналардың «Бір қынапқа екі қылыш сыймайды, екі күйеу бір әйелді ала алмайды, бір ордада екі басшыға орын жоқ» деген өсиет сөздерін келтіреді. Түркі халқы бір билікке екі ханның келуін жаман ырымға санаған. Бұл сөздермен мағыналас келетін қазақ халқында кеңінен қолданылатын «Екі қылыш бір қынапқа сыймайды», «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас», «Би екеу болса, дау төртеу», өзбектің «Екі бас бір қазанда қайнамайды», түріктің «Екі арыстан бір торға сыймас» деген сияқты мақал-мәтелдері түбі бір түркі халықтарының ортақ тарихының куәсі іспеттес.

Оғыздың хандық таққа боз оқ өкілінен сайлансын деген өсиеті алғашқыда орындалып отырды. Абу-л-ғази шежірені Қайы ұрпағынан хан болған Кузы-Йавыға дейін апарып, алшақтығы мыңжылдықтарға созылған уақыттан кейін Қорқыт заманында билік еткен Инал-Йавы ханның боз оқтан тарайтын қайы тайпасының өкілі екенін жазады, одан кейінгі билікке келушілер тақты әкеден мұралап отырды. Шежіре дерегіне сәйкес, оғыздар шығысында Ыстық көл мен Алмалыққа дейін, оңтүстігінде – Сайрам мен Қазығұрт тауына дейін, батысында Сыр бойындағы Янгикент пен Қара-құмға дейін созылды және осы мекенде олар мыңдаған жылдар бойы өмір сүрді. Абу-л-ғазидің: «Бечене ұрпағы өздерінен хан сайлап, салорлықтармен шайқасқа түсіп отырды. Олар үнемі бір біріне шабуыл жасап отырды. Бес-алты ұрпаққа дейін екі тайпа арасында араздық болды» деген жазбаларынан, Оғыздың өсиет жоралғысының келе-келе дәстүрлік жалғасытығын бұзады. Түркі заманындағы ежелден қалыптасқан үлкенды құрмет тұту, сөзін екі етпеу, айтылған өсиеттен ақтық деміне жеткенше аттамау сияқты жоралғылар күші бар заңнан артық орындалатын болған. Дегенмен де, билікке талас, шапқыншылық соғыстар сияқты себептерден билікке үш оқ өкілдері де араласып отырды.

Абу-л-ғази жазбаларындағы халықтың ауыз әдебиетінде ғасырлар бойы айтылып келген аңыздар мен жырлар негізінде қалыптасқан Қорқыт ата мен оның заманындағы тарихи оқиғалар туралы мәліметтер үлкен қызығушылық тудырады. В. Жирмунский Абу-л-ғазидің еңбегінде Қорқыттың бейнесі ғажайып элементтен айырылып, нақтылы тарихи тұлға ретінде берілгенін атап өткен (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 540). Дегенмен, Абу-л-ғазидің Қорқыттың 295 жыл өмір сүргендігі туралы мәліметі аңыздық сипатқа ұқсайды. Шығармадағы бүкіл халықтың Қорқыттан ақыл сұрауы, хандарға ақылшы болуы, үлкен тойларда шатырдағы төрде отыруы, бүкіл елдің оның сөзінен аспауы сияқты жазбалардан Қорқыттың бұл патшалықтағы басты тұлға болғанын аңғаруға болады (Кононов, 1958:59).

Шығармада Қорқыт дана-ақылшы ретінде, парасатты уәзір ретінде сипатталып, жеке қасиеті мен тіршілігіне қарап лақап ат қоюы, жаңа туған нәрестеге орын алған оқиғаға байланысты даналықпен ат қоюы тартымды баяндалады. Қорқыт уәзірі болған Дүйлі-Қайы хан қайтыс болғаннан кейін әйелдерінің бірі босанады. Мұрагердің туылу құрметіне ұлан-асыр той жасалып, жиылған жұрт Қорқыттан балаға ат қоюын сұрайды. Сонда, Қорқыт балаға «Тұман» деген ат береді. Оның мағынасын сұрағанда, ол: «Бұдан асқан лайықты есім жоқ, Дүйлі-Қайы өмірден өткенде даланы тұман тұтып, қараңғылық орнап еді. Бұл бала тұманда туды, сол себепті есімі тұман болсын. Екіншіден, сәбиге бақытты ғұмыр болсын деген ниетпен есімін Тұман қойдым, себебі тұман ұзақ тұрақтамайды, аз уақыттан соң сейіледі. Тұманнан кейін жарық күннің шықпауы мүмкін емес. Ұзақ тұрақтамайтын тұман бұл баланың балалық шағы болса, есейген кезі шуақты күнге ұқсасын, әкесінің тағына отырсын», – деп сөзін түйіндейді (Кононов, 1958:58)

Дүйлі-Қайының Еркін есімді жақын туысы бар еді, сол Дүйлі-Қайы қайтыс болғанда жерлеу рәсімін ұйымдастырып, кейін оның мұрагері туылғанда ұлан-асыр той жасап еді. Сонда Қорқыт ата бастаған халық Еркінге: Сен бір ай бойы той тойлаттың, алайда тағамың таусылмады. Хауыздағы қымызың мен айраның көлдегі судан көп болды. Енді, бүгіннен бастап сені «Көл-Еркін» деп атаймыз» (Кононов, 1958:58),- дейді. Осы кезден бастап оны жұрт Көл-Еркін атап кеткен. Көл-Еркін Дүйлі-қайының баласы Тұман өте жас болғандықтан, бала өскенге хан тағына отырып, билік етті. Тұман жігіт болып, хан тағына отыруға жараған шақта, Көл-Еркін халықты жиып, хан тағын Тұманға беруді шешеді. Жиылған халық Қорқытқа: «Хан мен бүкіл оғыз елінің тағдыры сенің қолыңда, қалай дұрыс деп тапсаң, солай шеш», - деп ақыл сұрайды. Сонда Қорқыт Тұманға таққа отыруға ерте екенін айтып, тағы біраз күту керектігін айтады. Кейінірек Қорқыт Көл-Еркін мен Тұманмен ақылдасып, Тұманды Көл-Еркіннің қызына үйлендіреді. Ұл туылып, есімін Йавлы қойды. Йавлы батыл әрі айбынды жігіт болып өседі. Бір күні өзі қатарлас жігітпен төбелесіп, желкесінен қызғанмен ұрып өлтіріп қояды. Осы кезден бастап оны «Қанлы-Йавлы» атайды.

Қанлы-Йавлы нағашы атасы Көл-Еркінге: «Сен отырған тақ менің атам Дүйлі-Қайыға тиесілі. Осыған дейін әкемді жас деп, тақта өзің отырып келдің. Енді неге тақты қайтармайсың?»,-дейді. Көл-Еркін тақты қайтармақ болып, халықты жиып, той жасайды. Қорқыт таққа Тұман емес, Қанлы-Йавлы отырсын деген шешімге келген. Көл-Еркін жиен немересіне қарап: «Балам, «қыздан туғандардан достық күтпе» деген бурынғылар айтып кеткен сөзді жоққа шығармадың»,- дейді. Бұл сөз халық арасында кең тараған «Жиен ел болмас», «Жиен назары күшті», «Жиен келді дегенше, жеті бөрі келді де» деген сияқты мақалдардың өзегі болуы мүмкін.

Қазақтың ауыз әдебиетінде қаһармандық жырлардың алатын орны ерекше. Халық арасында кең тараған Алпамыс жыры тек қазақта емес, түркі тілдес елдердің көпшілігінде бар. Абу-л-ғази Оғыз елінен бек болған қыздар туралы жазғанда, Алпамыстың қалыңдығы Гүлбаршын туралы: «Қармыш байдың қызы және Мамыш бектің әйелі Баршын-Салор, оның кесенесі Сырдың бойында және халық арасында кеңінен танымал. Өзбектер оны Көк кесене деп атап кеткен», - деп жазды. Абу-л-ғази өзі атап өткендей, бұл деректі халықтың жады арқылы жалғасқан көнекөз қариялардан жазып алған. Бұл мәлімет қазақ арасында кең тараған «Алпамыс батыр» жырының нұсқаларында кездеспейтін дерек. «Алпамыс батыр» жырында Гүлбаршын образы жырдың басты кейіпкерінің сүйеніші, тірегі, тілекшісі болған нәзік әйел ретінде берілген. Алпамыс батыр жырының нұсқаларында Гүлбаршын ақылдылығымен, сұлулығымен аты шыққан қыз ретінде баяндалады. «Алпамыс батыр» жырының К.Серғазыұлы жазған нұсқасында: «Алпамыс он бірден он екіге шыққан соң әкесі оған қыз іздейді. Үйсін деген елден Күлбаршын деген бір қыздың атағы шықты. Байбөрі сол қызды қалай да болса Алпамысқа алып бермек ойы болады», – дейді (Фазлаллах Рашид ад-Дин, 1887: 303). Түркі халықтарының фольклоры мен эпостарын зерттеуші В.Жирмунский Абу-л-ғазидің еңбегіндегі Алпамыс батыр мен оның қалыңдығы Баршын (Гүлбаршын) туралы мәліметтерінің маңыздылығын атап көрсетті (Жирмунский, 1951:95). Сондай-ақ, қазақ жырларындағы басты кейіпкерді қаһармандық істерге апаратын қорғансыз қыздың образына мүлдем кереғар сипаттауларды келтіреді: «Өзбек эпосында (Фазил Юлдашевтің нұсқасы) Баршын - «әр иығы 15 қарым» болатын батыр қыз. Қалмақтың батыры Кукамон оны күшпен алмақ болғанда, Баршын оны алқымынан алып, ауаға лақтырды. Оны жерге құлатып, кеудесін тізесімен басқанда қалмақтың мұрны мен аузынан қан шашырады», - деп Гүлбаршынның батырлық тұлғасын сипаттайды (Жирмунский, 1974: 40).

Қорытындылай келе, халық жадында сақталған деректерді хатқа түсіріп, жазып кеткен ортағасырлық авторлардың еңбегі түркілік төл жазба мәдениетінің айғағы екендігіндігіне тағы баса назар аударғымыз келеді. Еуразия кеңістігінде өмір сүрген халықтардың тарихынан, таралуынан және тыныс-тіршілігі мен әдет-ғұрпын жаңаша көзқараста жазуда Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасының маңызы жоғары. Оның еңбегіндегі аңыздық деректері Тұран даласында кең тараған түркі тайпаларының негізгі этно-саяси тарихы, мәдениеті, шаруашылығы, әдет-ғұрпы, өмір дағдыларынан мол мағлұмат береді.

Information about the authors:

B. Kumekov– PhD, L.N. Gumilyov Eurasian National University named after. Kazakhstan, Nur-Sultan;E-mail: bkumek@mail.ru, https://orcid.org/0000-0003-2832-6072;

A. Tashkarayeva– Candidate of Historical Sciences. M.Kh. Dulati Taraz Regional University. Kazakhstan, Taraz.E-mail: assel_muxtarovna@mail.ru, https://orcid.org/0000-0002-1349-1502.

ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

Дмитриева Л.В. Каталог тюркских рукописей Института востоковедения Российской академии наук.– М.: Вост. лит., 2002. – 616 с.

Абуль-гази-Бохадур-хан. Родословная туркмен/ пер. А. Туманского, – Асхабад: паровая тип. К.М. Федорова, 1897. – 74 с.

Кононов А.Н. Родословная туркмен: сочинение Абу-л-Гази хана хивинского. – М.; Л.: Издательство АН СССР, 1958. – 285 с.

Марғұлан Ә.Х. Шығармалары. – Алматы: Алатау, 2012. – Т. 12. – 576 б.

Жиренчин А.М. История казахской книги. – Алма-ата: Қазақстан, 1987. – 144 с.

«Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме» / ред.Ә. Дербісәлі, М. Жармұхамедов, Ө. Күмісбаев. – Алматы: Ғылым, 1986. – 208 б.

Юдин В.П. Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. – Алма-Ата: Гылым, 1992. – 296 с.

Артықбаев Ж.О. Қазақ шежіресі: ұлы дала тарихының қайнар көзі және тұжырымдамасы – Астана: Фолиант, 2015. – 496 б.

Алпысбес М.А. Қазақ шежіресі: тарихнамалық-деректанулық зерттеу: монография. – Астана: «ВG-Print» ЖК, 2013. – 380 б.

Кошымова А.О. VІІІ-ХІІІ ғасырлардағы Оғыздардың түркі халықтарының этногенезінің қалыптасуындағы орны:  Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация : 6D020300 Тарих. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. – Алматы: 2019. – 168 б.

Ebulgazi Bahadır Han. Şecere-i Terākime (Türkmenlerin soykütüğü) Ankara: Simurg, Türk dilleri Araştırmaları Dizisi: 3, 1996. – 559 s.

Ebul-gazi Bahadır Han. Türklerin şeceresi. – İstanbul, Ekım 2011.

Abulgazy Bahadur han. Şejereýi Teräkime (Türkmenleriň nesil daragty), - 2014. //https://www.ertir.com/ 

Әбілғазы. Түрік шежіресі / құраст. Б.Әбілқасымұлы. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2011. – Т. 12. – 496 б.

Балаға есімді бір жасқа толғанда қоятын қазақ дәстүрі қалай ұмытылды. // ф.ғ.д. А.Әбсадықпен сұхбат./подробнее: https://tengrinews.kz/story/balaga-esmd-br-jaska-tolganda-koyatyin-kazak-dastur-kalay-370826/

Артықбаев Ж. Огуз-хан и проблемы древней истории Среднего Прииртышья (Огуз хан, Уыз хан,Огуз-каган).- 2013.//https://e-history.kz/ru/contents/view/526.

Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т.34: Батырлар жыры. -384 бет.

Фазлаллах Рашид ад-Дин. Огуз-Наме. // Перевод с персидского, предисловие, комментарии, примечания и указатели Р. М.Шукюровой. Баку «Элм» 1987. –128 с.

Жирмунский В.М. Следы огузов в низовьях Сыр-дарьи./ Тюркологический сборник Т.І. – Москва-Ленинград: Издательство Академии наук СССР, 1951.

Жирмунский В.М. (Тюркский героический эпос. Издательство «Наука» Ленинградское отделение Ленинград. – 1974. – 725 стр.

REFERENCES:

Dmitriyeva L.V. Katalog tyurkskikh rukopisey Instituta vostokovedeniya RAN [Catalog of Turkic Manuscripts of the Institute of Oriental Studies of the Russian Academy of Sciences]. – M.: Vost. lit., 2002. – 616 s. [in Russian].

Abul-gazi-Bokhadur-khan. Rodoslovnaya turkmen [Genealogy of the Turkmen]/ per. A. Tuman, – Ashkhabad: parovoy tip. K.M. Fedorova, 1897. – 74 s. [in Russian].

МРНТИ 03.20.00

УСТНАЯ ИСТОРИЧЕСКАЯ ТРАДИЦИЯ В ПРОИЗВЕДЕНИИ «ШЕЖИРЕ-И-ТАРАКИМЕ»: ВОПРОСЫ ИСТОЧНИКОВЕДЧЕСКОГО АНАЛИЗА И ИНТЕРПРЕТАЦИИ

Б.Е. Кумеков, Ә.М. Ташкараева2*

1Евразийский национальный университет им.Л.Н. Гумилева. Кaзaхстaн, Нур-Султан;

2Тaрaзский региональный унивeрситeт им. М.Х. Дулaти. Кaзaхстaн, Тaрaз.

*Корреспондирующий автор

E-mail: assel_muxtarovna@mail.ru (Ташқараева), bkumek@mail.ru (Кумеков)

Аннотация. Изучение древней и средневековой истории пространства Евразии по сочинениям и произведениям средневековых авторов способствует более всестороннему и широкому познанию прошлого тюркских народов, населявших эти места. В связи с этим в статье сравнительно анализируются устные данные из произведения Хивинского хана и историка Абу-л-гази «Шежире-и-таракиме». Согласно данным произведения, устные предания, от появления Адама до истории огузов-туркмен в ХVII веке будут научно проанализированы, интерпретированы, а их значение определено. Также в статье рассматривается значение легендарных и генеалогических данных в изучении древней и средневековой истории. Эти легенды и генеалогические данные сопоставимы с данными других средневековых авторов, устными преданиями, широко распространенными в народе.

Ключевые слова: Абу-л-гази, шежире, огузы, туркмены, источник, рукопись, племя, ру, народ.

IRSTI 03.20.00

ORAL HISTORICAL TRADITION IN THE WORK "SHEZHIRE-I-TARAKIM": 

ISSUES OF SOURCE ANALYSIS AND INTERPRETATION

B. Kumekov1, A. Tashkarayeva2*

1 L.N. Gumilyov Eurasian National University. Kazakhstan, Nur-Sultan;

2 M.Kh. Dulati Taraz Regional University. Kazakhstan, Taraz.

*Corresponding-аuthor

E-mail: bkumek@mail.ru (Kumekov), assel_muxtarovna@mail.ru (Tashkarayeva)

Annotation. The study of the ancient and medieval history of the Eurasian space based on the writings and works of medieval authors contributes to a more comprehensive and broad knowledge of the past of the Turkic peoples who inhabited these places. In this regard, the article comparatively analyzes oral materials from the work of the Khan of Khiva and the historian Abu'l-Ghazi "Shezhire-i-tarakime". According to the work, oral traditions, from the appearance of Adam to the history of the Oghuz-Turkmen in the XVII century, will be scientifically analyzed, interprotised and their meaning determined. The article also discusses the importance of legendary and genealogical data in the study of ancient and medieval history. These legends and genealogical data are comparable with the data of other medieval authors, oral traditions widely spread among the people.

Key words: Abu-l-ghazi, shezhire, Oguz, Turkmens, source, manuscript, tribe, people.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 716

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Автордың мақалалары

Солтүстік Каспий аймағының түркілену процесі Бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындары Жетісуда Charisma and "Politics of Proximity" in the time of the Revolution and Civil War Роль военной контрразведки «Смерш» в годы Великой Отечественной войны и подвиг нашего земляка ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайны» шығармасы ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ МРНТИ 3.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_1_1 ОCНОВНЫЕ АCПЕКТЫ РОCCИЙCКО – КАЗАХCТАНCКОГО ВЗАИМОДЕЙCТВИЯ В ТАМОЖЕННОЙ CФЕРЕ «edu.e-history.kz электронды журналы 4(28), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 3(27), 2021 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журнал 1(29), 2022 ЯЗЫКИ И КУЛЬТУРЫ ПРЕДСТАВИТЕЛЕЙ ОСНОВНЫХ ЭТНОСОВ КАЗАХСТАНА ЧЕРЕЗ ПРИЗМУ КАЗАХСТАНСКОЙ МОДЕЛИ МЕЖЭТНИЧЕСКОГО СОГЛАСИЯ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. 20-30 жж.) О ДВУХ ЭТАПАХ ИСТОРИИ БУДДИЗМА В ЮГО-ВОСТОЧНОМ КАЗАХСТАНЕ ДОМОНГОЛЬСКОГО ПЕРИОДА МОБИЛИЗАЦИЯ ЛЮДСКИХ И МАТЕРИАЛЬНЫХ РЕСУРСОВ КАЗАХСТАНА НА ОБОРОНУ СССР АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛЯКТАРДЫҢ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАУ ТАРИХЫ ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУЫ МЕН БАҒАЛАУЫ (ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША) БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙІНГІ САРМАТ МӘДЕНИЕТІНЕ ТӘН ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ THE REPRESSIVE POLICY OF THE SOVIET GOVERNMENT TOWARDS EUROPEAN EMIGRANTS АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВ ЖӘНЕ ЭТНОС ТАРИХЫНЫҢ ГЕНЕЗИСТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕШІТТЕРГЕ ҚАРСЫ САЯСАТЫ (1918-1953 жж.) «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ АУЫЗША ТАРИХ ДӘСТҮРІ: ДЕРЕКТЕМЕЛІК ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ