Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_177

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ САЯСИ РӨЛІ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_177

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(29), 2022

Автор:
Қ.Қ. Жылқышыбаева¹ID, А.Т. Жағыпар¹*ID 
¹Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан, Алматы қ. 
*Автор-корреспондент 
E-mail: karluwa1970@gmail.com (Жылқышыбаева), zhagypar.aigerim@mail.ru (Жағыпар)  
Аңдатпа. Ел тарихының қай кезеңінде болмасын қазақ әйелінің отбасының ұйытқысы болуымен қатар қоғамдағы алатын орыны да ерекше болды. Тіпті, отбасының ошағын сөндірмей, балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп, қоғамның тірегі болатын азаматтарды тәрбиелеудің өзі әйелдердің мемлекеттегі орынын, маңызын көрсетеді. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты Қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу. Шынында да, туған тарихымыздың өткеніне үңілсек, ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис және Зарина, ақылымен бір рулы елге ана болған Домалақ ана, жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ұлы қолбасшысы Қабанбай батырдың жары Гауһар, кешегі Кенесарының қарындасы Бопай, Шоқанның әжесі Айғаным ханым, Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлиялардың ақыл-парасаттары, ерліктері ел есінде қалды. Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ аналары мен қыздарының ұлт алдында жасаған еңбегін, тағлымын, ерлігі мен мұрасын зерделеу, тарих ғылымы мен білімі, мәдениеті мен рухани дамуы үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан мақаламыз осы өзекті мәселелердің біріне арналған. Мақаламызда қазақ қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік және саяси рөлі тарихи деректер мен архив құжаттарына негізделе отырып талданады және үш кезеңге бөліп қарастырылады. 
Түйін сөздер: ана, қазақ әйелі, отбасы, тарих, ғылым, білім, кеңестік идеология, әлеуметтік, саяси, ұлттық құндылықтар.
Мазмұны:

Кіріспе. Қазіргі жаһандану кезеңінде тарихшылардың алдына өткен тарихымызда орын алған тарихи оқиғаларды қайтадан зерделеп, тың тұжырымдар жасап, шындықты қалпына келтіру міндеті жүктелді. Ол яғни, халқымыздың мәдени, тарихи, әлеуметтік мұралары мен рухани жәдігерлерін қайтадан зерттеу күн тәртібіне қойылып отырған өзекті мәселе болды. Соның ішінде әсіресе, қазақ әйелдері мәселесін тарихи сабақтастықта жалғастыру мен жаңғырту – кеңестік идеологияның салдарынан кері дағдарысқа ұшыраған халқымыздың ұлттық санасын жаңғыртуға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етері сөзсіз.

Әрқашанда қазақ халқы қызын қадірлеп, ерекше құрмет көрсеткен. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың жақсы әйел, жақсы жар, ақылды ана туралы

«...Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма....» (Абай Құнанбайұлы, 2016: 37) деген сөзі әрқашанда бәрімізге үлкен өнеге мен тағлым.

Ел тарихының қай кезеңінде болмасын қазақ әйелінің отбасының ұйытқысы болуымен қатар қоғамдағы алатын орыны да ерекше болды. Тіпті, отбасының ошағын сөндірмей, балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп, қоғамның тірегі болатын азаматтарды тәрбиелеудің өзі әйелдердің мемлекеттегі орынын, маңызын көрсетеді. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты Қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, Қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу.

Шынында да, туған тарихымыздың өткеніне үңілсек, көрнекті, беделді әйелдер туралы аңыздар, тарихи фактілер мен деректер баршылық. Ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис және Зарина, ақылымен бір рулы елге ана болған Домалақ ана, ел бірлігі үшін атқа қонып, басын қатерге тігіп, дарабоз қайсарлығымен ерекшеленген, кемеңгерлігімен және батыр аналарымыз болғаны белгілі. Оғыз-қыпшақ дəуіріндегі елбасқарған жетіару (бұған мысал даңқты əйелдерге арналған кешендер Көк-Кесене, Бикенмұнара, Белеңана, Болғанана, Жұбанана, Баршынның көккешені) Алашаханның ханымы – Ханбибі, Абылайханның ержүрек қызы – Айтолқын, Бəсентиін Малайсары батырдың қызы, Қаракерей Қабанбайдың жары – Гауһар батыр, қос асылдың құдіретінен жаралған Назымқыз, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы – Есенбике, Емельян Пугачев соғысына қатысып, «қыздыңпірі», «сиқыршы», «киелі», «Көктемір», «ақсағым» атанған Табын Сапар (Сапура) Мəтенқызы, ұлы күйші Құрманғазының жан-жүрегін толқытқан қыз Данай сынды қыран жүректі сұңқарлардың сапында 1838-1847 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы, ұлы қолбасшы Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы, дала көкжалы, «Алланың шын жаратқан тамашасы» Бопай ханымды айрықша атауға болады.

Осы орайда, ұсынылып отырған «Қазақ қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік және саяси рөлі» атты мақаламыз өзекті болып табылады.

Елдігіміздің рухани құндылықтарын сақтау және дамыту үшін тарих ғылымында отандық тарихымыздан ерекше орын алатын қазақ қызы мен аналарының ерлігі мен даналығы туралы байыптау өте қажет.

Материалдар мен әдістер. Қазақ қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік және саяси рөлінанықтау үшін тарихи деректер жинақталып, обьективтілік тарихилық қағидасына сүйене отырып, жалпығылыми және жалпытарихи әдістер қолданылды. Ежелгі кезден қазіргі кезге дейінгі болып өткен тарихи оқиғалардың байланысын, сол тарихи оқиғаларда қазақ әйелдерінің алатын орны мен рөлін анықтау үшін ретроспективті әдіс қолданылды. Сонымен бірге рухани ұлттық құндылықтардың өзгеріске ұшырауын, ішкі және сыртқы себептерін талдау үшін тарихи-жүйелілік әдісі және тарихи салыстырмалы, проблемалы-хронологиялық әдістер қолданылды. Осы әдістерді қолдана отырып, мақаланың мақсаты мен міндеттерін айқындауға қол жеткізілді. Мақалада тарихи деректерге ғылыми талдау жасау арқылы, пәнаралық байланыстар жүзеге асырылды.

Талқылау. Ағартушы ғалым Ш.Ш.Уалихановтың (Уəлиханов, 1980), жазба әдебиеттің негізін қалаған, қазақ ақыны, кемеңгер Абай Құнанбаевтың (Абай Құнанбайұлы, 2016) қара сөздері мен еңбектерін жатқызуымызға болады.

Сонымен бірге, қазақ тарихы орыс тарихымен тығыз байланыста өрбігендіктен, ғалымдар А. Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» (Вамбери, 2003), А.Диваевтың ҚР Орталық ғылыми кітапханасының  Қолжазба қорынан алынған материалдары (Диваев, 1920), Л.Гумилевтің (Гумилев, 1993) көшпенді халықтардағы әйелдердің әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін сипаттаған еңбектері қарастырылды.

Әйелдердің кеңес өкіметі жылдарындағы әлеуметтік және саяси жағдай жөніндегі К. Құрманғалиеваның (Құрманғалиева, 1997), Н. Құлжанованың (Құлжанова, 1914), Р. Орынбаеваның (Орынбаева, 2000) мақалалары зерделенді. Құнды деректер келтірген О.Сегізбаевтың (Сегізбаев, 1959) еңбегі, қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі туралы Р.Мустафинаның (Мұстафина, 1992) еңбегі қарастырылды.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ қыздары туралы шындықты ашына жазған  М.Шахановтың (Шаханов, 2004), Б.Төлепбергеннің (Төлепберген, 2006), Б.Қойшыбаевтың (Қойшыбаев, 2016), Р.Спанованың (Спанова, 2000) еңбектері зерделінеді. Үлкен тарихнамалық мәнге ие келесі туынды – бес томдық «Қазақстан тарихы (ежелгі дәуірден бүгінге дейін)» еңбегінде әйелдерге қатысты тек қана жекелеген мысалдармен цифрлық мәліметтер қолданылды (История Казахстана, 2007).

Мақалада ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің №139, №3, №141 қор құжаттары пайдаланылды.

Зерттеу нәтижелері. Халқымыздың қазіргідей ұлт ретінде рухани қайта өркендеу жағдайында төл тарихымыз бен мәдениетіміздің ақтаңдақ беттерін ашып көрсету, оның ішінде қазақ әйелдерінің қоғамда алатын орны мен рөлін айқындау ұлттық тарихымызды, ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтап, дамытуға мүмкіндік береді.

Отандық тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ қоғамындағы әйелдердің орны мен рөлінің өзгеруі әртүрлі кезеңдерде қазақ мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі түбегейлі өзгерістермен тығыз байланыста болған. Сондықтан қазақ қоғамындағы әйелдердің  Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігінің қалыптасуындағы алатын орны мен әлеуметтік және саяси рөлін талдауды үш кезеңге бөліп қарастыруды жөн көрдік.

Бірінші кезең – «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдер ұстанымы» деп аталады. Бұл бірінші кезеңде дәстүрлі  қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарда ерлердің үстемдігі жағдайындағы әйелдердің атқаратын функциялары, әйел қауымын ерлермен тең қоюы және Анаға деген дәстүрлі құрметке баса назар аударылып, әйелдердің саяси және мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерістеріне белсене араласуының тарихи жағдайлары сипатталады. Әрине, дәстүрлі қазақ қоғамында қазақ әйелдері отбасының негізгі ошақ сақтаушысы, қазақ халқының ұлттық рухани-отбасылық құндылықтарының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушысы, берекесі мен бірлігі.

Осы мәселеде ғалым А.Вамберидің: «Мен бір қырғыз әйелінен олардың бір жерден екінші жерге көшіп-қона берулеріне түрткі болатын себептерді сұрағанымда, «Біз сіз сияқты жалқау емеспіз... бір орында күн бойы отыра алмаймыз! Адам қозғалуы керек, өйткені өзіңіз байқасаңыз: күн, ай, жұлдыз, су, жануарлар, құстар, балықтар - бәрі қозғалады, тек жер мен өлілер ғана бір орнында қозғалыссыз қалады... деген жауабынан басқа маған көшпелі халықтардың өмірі туралы нақты түсінік ешкім де бере алмады (Вамбери, 2003:72)-, деп баяндауынан көшпелі халықтарда отбасының барлық тіршілігі әйелдер қауымымен тығыз байланыста болғандығын көрсетеді.

Алайда, көшпелі және отырықшы халық арасында бірқатар айырмашылықтар болды. Орталық Азияның отырықшы халықтары шариғат заңдарын қатаң сақтауға дағдыланып, қыздары мен әйелдерінің бетін бүркемелеп, жасыруды дәстүрге айналдырғаны белгілі.

Ал қазақ халқында керісінше, қыздарға емін-еркін қарайтын, келген қонақтармен ашық сөйлесетін, бетін жаппаған. Кей жағдайларда ел билеген билер мен патшалардың өздері ақылды, шешен, батыл қыздардан тайсалатын кездері де болған. Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі туралы ғалым Р.Мустафина өзінің «Қазақтардың әдет - ғұрыптары» атты еңбегінде: «Орталық Азияның басқа 22 халқының әйелдерімен салыстырғанда қазақ әйелдерінің біршама еркіндікке ие болғанын атап өткен жөн. Олар қатаң тәртіппен өмір сүрмеген, бетін жаппаған, паранжа кимеген. Олар ерлердің қоғамына қабылданған. Білімді әйелдер ерлердің құрметіне ие болып, маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылауға қатысқан. Әдетте олар ауқатты отбасынан шыққан әйелдер болған, ал, кедейлердің отбасынан шыққан әйелдер ерлермен тең дәрежеде жұмыс істегендіктен, оларға  деген құрметті тудырған. Жалпы қазақтар арасында әйелдерге деген көзқарас қарама-қайшылықты болды» (Мұстафина, 1992:27),-деп жазады. Ал, ғалым А. Диваев болса әйелге деген көзқарастың ерекшелігіне назар аударған. Ғалым А.Диваев: «...қазақ отбасы қызға ұлдармен бірдей тең қарап, оған ерекше құрмет көрсетті» (Диваев, 1920:8),- деген ойымен бөліседі. Бұл жерде ғалымдар Р.Мұстафина және А.Диваевтың жазған пікірлерінен дәстүрлі қазақ қоғамында қыз бала ержеткенге дейін еркін өскендігі, бойжеткен соң әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтағаны және жалпы әйел қауымына көрсетілген құрметтің ерекше болғандығы туралы тұжырым жасауымызға болады. Оны белгілі тарихшы, ғалым Лев Гумилевтің «Көне түріктер» кітабында жазылған мына деректерден де байқаймыз. Онда ғалымның: «Түріктер әйелдерді сал-серілердей әдейі қатты құрметтейтін. Баласы үйге кіргесін, әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан кейін барып әкесіне сәлем берген (Гумилев, 1993: 93),- деген пайымдауы да осының дәлелі.

Сонымен бірге, бұрынғы кезде отбасының негізгі тіршілігін әйелдер жасағандықтан қыз бала тәрбиесіне де көбіне аналары жауапты болған. Аналары мен әжелері қыздарына отбасы, ошақ қасындағы тәлім-тәрбиені, салт-дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарды дәріптеп отырған. Қыздарына жіп иіру, тігін тігу, киіз басу, көрпеше, жастық, кілем тоқу, бие сауу, құрт қайнату, ас пісіру, шәй қайнату және т.б үйретіп, қазақ келініне қатысты халықтық педагогикалық тәрбиені сіңіре білген. Бұл туралы этнограф-ғалым А. Диваев мақаласында былай деп пайымдайды: «Үй тіршілігінде қыз бала анасының көмекшісі болса, анасының нұсқауымен жіп иіруді бастайды, кесте тігуді және тағы басқа қазақ келіндерінің міндеті болып табылатын барлық нәрсені үйренеді. Осылайша, көп жағдайда күйеуінің көмегінсіз киінуіне, немесе қаражат жинақтауға мүмкіндігі болды» (Диваев, 1920: 10),- деп атап көрсетеді. Яғни, қазақ қоғамындағы қыздар мен әйелдерге көрсетілген құрметтің ежелден қалыптасқандығын, дәстүрлі түрде әдет-ғұрыптың, шариғаттың бір қағидасы болған деген тұжырым жасауымызға негіз бар.

Сонымен қатар, дәстүрлі қазақ қоғамында әйел қауымының отбасы қамқоршысы ғана емес, елдің маңызды саяси істеріне де араласқандығын, қоғамдық өмірдің өзегіне айналғандығын да атап өткеніміз жөн. Қазақтың этнограф-ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Әйелдер қазақ тарихында көрнекті орын алып, кейде әскери істерде ерлерден асып түсетін. Мысалы, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханша бес жүз жауынгерден тұратын жасақты басқарды. Бопай сегіз баланы бағып жүріп, майдан даласында қатал жауынгер болған» (Уəлиханов, 1980: 87), - деп жазуы осының тарихи дәлелі.

Сонымен бірге, отбасының алаңсыз өмірін ғана емес, халықтың бірлігін ойлаған, дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси істерге араласқан Шоқан Уәлихановтың әжесі – ақыл-парасатты Айғаным ананы атауымызға болады. Айғаным ана хан Уәли қайтыс болғаннан кейін Көкшетау ормандарында орналасқан Сырымбеттегі әулеттік қожалықты толығымен басқаруды өз қолына алған  (Сегізбаев, 1959: 12). Яғни, әйел адам бір өңірдің басқару жүйесін өз қолына алып, елінің ішкі-сыртқы саясатына араласып, маңызды мәселелерді шеше білген.

Айғаным ана туралы толық мағлұматты Ш.Ш.Уəлихановтың кейін шыққан таңдамалы жинағынан ала аламыз.Онда былай делінген: «Ш.Уəлихановтың əжесі Айғаным(1783-1853) парасатты, терең ойлы əрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған əйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мəдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментімен жəне Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған.  Жергілікті халықтың арасында Айғаным өте беделді кісі болған. Архив мəліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Устав» қабылданғаннан кейін өңірдегі маңызды оқиғалардың бірде - бірі Айғанымсыз өтпейді»,- деп жазылған. Шынында да Айғаным ананың басқаруымен елдегі маңызды мәселелер шешіліп отырған. Сонымен бірге Айғаным ана бала Шоқанның сана-сезімінің ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне үлкен əсер еткен.Тумысынан сезімтал, дарынды балаға əжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп əңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Халықтың озық дəстүрлері мен салтын бойына сіңірген əжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірініңсоңына дейін ұмытпай есіне сақтайды» (Уəлиханов, 1980: 99),- деп жазылған. Яғни, бұл жоғарыда келтірілген тарихи деректерден дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдердің отбасының қамқоршысы және ел ісіне араласқан саясаткер болғандығын  көруімізге болады.

Алайда, дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік жағдайының бәрі дерлік жақсы болмағандығы да белгілі. Оның екінші көлеңкелі жақтарын Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында қазақ әйелдерінің ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы тәуелділігі, бағыныштылығы, зорлық-зомбылығына қатысты құжаттарды талдау жұмысының қорытындысынан көруімізге болады. Аталған құжатта: қазақ әйелдерінің өз құқықтарын қорғауы, білім алулары үшін, ел тәуелсіздігі үшін күрес жүргізген әйелдердің өмірінен мәліметтер келтірілген. Атап айтатын болсақ,  Қазақстанның Орал губерниясындағы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің шаруашылықтарына жүргізілген сауалнама қорытындысының мәліметтері баяндалған. Онда халық шаруашылығындағы барлық еңбек процестерінің 60%-дан 80%-ға дейінгі бөлігін әйелдер атқаратындығы сараланған. «Көшпелі әйел сүт өнімдерін жасайды, май, ірімшік, қымыз пісіреді, жүн иіреді, қой өңдейді, киіз жасайды, тоқыма, тері илейді, аяқ киім мен көйлек тігеді, тамақ пісіреді және т.б. Адамға тек мал бағып, шаруашылық өнімдерін сату ғана қалады»,- деп зерттеушілер қорытынды жасаған (ҚР ПА, 74:5).

Ал, губерния жұмысшы-шаруа бөлімінің меңгерушісі Челымбекованың «Қалың мал және көп әйел алу туралы» атты көлемді баяндамасында: «Шығыс әйелі қоғамда қысым көрумен қатар, отбасында да қысымға ұшырайды»,- деп жаза отырып, оның қалай және неге екенін түсіндіреді: «Әйел сатып алуға, сатуға және туыстық арқылы беруге болатын нәрсе ретінде қабылданды. Қалың мал мен көп әйел алу шаруашылық өмір салтының, патриархалдық рулық өмір салтының қалдықтарының нәтижесі болды. Әйел – рулардың қолындағы құрал, бір жағынан, тектілігі аз және текті рулар арасында туыстық байланыс орнатуға арналған құрал болса, екінші жағынан, иеленуші руларға туыстық қатынас арқылы кедейлерге ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Дін шариғат бойынша көп әйел алуды заңдастырды. Шариғат ер адамға бірнеше әйел алуға рұқсат берді, қалаған кезде әйелін талақ етуге құқық берді. Екі әйел куәгер бір ер куәгерге тең болды. Әйел мұрагер ретінде мүліктің сегізден бір бөлігі мөлшерінде өз үлесін алды. Оның қоғамдық өмірге қатысуға құқығы болмады. Отбасында ол күйеуіне сөзсіз мойынсұнуы, оның соңынан еруі керек. Оған тәуелсіз өмір сүруге рұқсат етілмеді, оған төлқұжат берілмеді, ал егер берілсе, бұл тек күйеуінің рұқсатымен болды» (ҚР ПА, 74: 6),- деп жазылған. Бұл тарихи құжаттардан сол замандағы дәстүрлі қоғамда қазақ әйелінің барлық әлеуметтік, саяси жағдайы толығымен жақсы болмағандығының куәсі боламыз. Олардың қалың малға сатылып, теңсіздікке ұшырағандығын, өз құқығын қорғай алмағандығын, дәстүрлі қоғамдағы әйелдердің орны мен рөлінің екінші кері қырын  көреміз.

Осы келеңсіз, қиын жағдайдың шешілуіне алғышарт ретінде 1922 жылы 2 қаңтарда ҚазССР Үкіметі қаулы шығарып, қалың мал мен көп әйел алуды қоғамға қауіпті және қылмыстық жазаланатын құбылыс деп белгіледі. Екі жылдан кейін бұл қаулы заңнамалық акт нысанында болды және РСФСР Қылмыстық кодексінің «тайпалық өмірдің қалдықтарын құрайтын қылмыстар туралы» тарауын қалыңдық алуды, көп әйел алуды, әйелді өзіне қарсы некеге тұруға мәжбүрлеуді жазалайтын төрт баппен толықтырды (ҚР ПА, 52:7). Осы заңның аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, сот-тергеу органдары мен анықтау органдарының қызметінде тұрмыстық қылмыстарға тікелей көмектесу және қатысу фактілері көптеп тіркелді. Қалың мал және көп әйел алғаны үшін ауылдық, партиялық және комсомолдық ұйымдар мүшелерін сотта және партиялық тәртіпте жауапкершілікке тарту жағдайлары жиі ұшырады»,- деп жазады Р.Брухман өзінің баяндамасында. Ол цифрларға сілтеме жасап, тұрмыстық қылмыстар бойынша қозғалған істер жөнінде мәліметтер келтіреді: «1924-1925 жж. – 367 іс, 1925-1926 жж. – 1296, 1926-1927 ж. – 1907 іс қозғалған. Ішкі істер бойынша 1907 істің 611-і немесе 33 пайызы ғана қаралған. Сотта қысқартылған істердің саны 49 пайызды құраған. Бір жылда барлығы 650 адам сотталып, 204-і ақталған. Көптеген істер уақытша тоқтап тұр»,- деп көрсетіледі (ҚР ПА. 4: 12). Партия өкіметі 1927 жылы қалың мал мен көп әйел алумен күресу бойынша ұсыныстар әзірледі. Партия органдары тұрмыстық қылмыстармен партия ұйымдарының ішінде табанды күрес жүргізуді қолға алды. Халық ағарту комиссариаты мектептерде мұғалiмдерге тұрмыстық қылмыстар мен олар үшiн қолданылатын жазалау шаралары туралы оқушылар мен ата-аналарға хабардар етіп отыруды тапсырды. Әйелдерді сот және тергеу органдарындағы жұмыстарға белсенді қатыстыру және жұмысқа орналастыру туралы шешімдер қабылданды.

Бұл мәселе тек заң жүзінде ғана емес, халық арасында да көтеріле бастады. Сол кездегі мемлекет және мәдениет қайраткерлері отаршылдық езгідегі қазақ әйелінің бейнесін тамаша сомдап, ақиқатты ашына жаза білді. Мәселен, М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы, Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесі, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі – қазақ әйелдерін қорғауға, қатыгез, зорлықшыл билік пен қоғаммен қарым-қатынасты әшкерелеуге арналған ескірмейтін шығармалар болды. «Бақытсыз Жамал» 1910 жылы жарық көрді. Төрт жылдан кейін Қазақ газетінде «Роман не нәрсе» атты мақала жарияланды. Мақала авторы Арысұлы романды  «адамзат өмірі мен заманын бейнелейтін баға жетпес айнасы»,- деп бағалайды. «Мұнда,–дейді ол,–қазақтың қай жерінде болсада, малға қызығып иə партияға қызығып қыздарын жастай күйеуге беру жайы бар, ысырапқа ақша шашып, жақынымен араздасу, қызын сүймегеніне жылатып ұстап беру, бұған шыдай алмай қыз теңін  көксеп қайғыға бату бар. Ата-анадан күдер үзген соң, өзтеңімен қашу бар. Ақырында қорлық көру бар. Мұнда бар: шала моллада, жаңа мұғалім де, бар мұнда ақсақал да, биде, болыста, тілмашта, орыста, өтірікке куəлік бергізу казни моллада. Мұнда бар һəр түрлі əйелдер, бозбалалар, ойынсауықтар. Осылардың мархаматы,  зорлық-зомбылығы қазақтың рəсімі көрсетілген. Мұнда партиада, партиаға құмарларда, ел арасын бұзушы қулар да, барымта да бар» (Қамзабекұлы, 2015: 201),- деп сол кездегі дәстүрлі қоғамдағы әйелдердің жағдайындағы шешуді қажет ететін мәселелерді көтерген.

Сонымен жоғарыда келтірілген тарихи деректер негізінде дәстүрлі қазақ қоғамында  әйелдердің орны мен рөліне талдау жасай отырып, ХХ ғасырдың басында Кеңес өкіметі коммунистік идеология негізінде дәстүрлі қазақ қоғамының саяси өзгеріске ұшырауына бастама болды деп тұжырым жасауымызға болады. Алайда бұл жерде коммунистік партияның басты мақсаты қазақ қоғамындағы әйел қауымының әлеуметтік жағдайын жөндеу болды деуге негіз жоқ. Себебі коммунистік партияның негізгі мақсаты қазақ халқын өзіне бағындыру еді. Оны тарих таразыға салып, кейінгі ұрпаққа шындықты айшықтап берді.

Ары қарай мақаламызда, коммунистік партия жасаған саяси өзгерістің Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ әйелдерінің алатын орны мен рөлін сипаттайтын - «Кеңестік кезеңдегі әйелдердің рөлі мен орны»  атты екінші кезеңмен ұштастырамыз. Бұл кезең - қазақ қоғамының батысқа бағытталған өркениеттік қозғалыс үрдісіне қосылуымен ерекшеленеді. Яғни, бұл жерде Ресей патшалығы, содан кейінгі Кеңес өкіметі кезеңінде әйелдерге қатысты тарихи қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардың өзгеріске ұшырауы, оның ішінде гендерлік теңдік құндылықтары мен көзқарастарының қабылдануы сипаталады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел қауымының рөлі дәстүрлі тұрмыстағы функцияларды орындау шеңберінен шығып, үлкен әлеуметтенуіне өзгереді. Яғни, қазақ әйелдері кеңестік идеологиямен сусындап, қоғамдық істерге араласып, білім және әлеуметтік салаларда белсенділік таныта бастайды.

1920 жылдары Қазақстанда «қызыл киіз үй» деп аталатын ұйымдар жұмыс істей бастады. Олардың мақсаты мен міндеттері «әйел бұқарасының мәдени деңгейін көтеру, олардың саяси білімін көтеру, оларға жаңа, мәдени экономикалық дағдыларды сіңіру» болды. Бұл жерде мысал ретінде ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық өмірінің тарихында жарқын із қалдырған, әйелдер қозғалысының қайраткері, дарынды ұстаз, Орыс географиялық қоғамының мүшесі, журналистикаға жанын салған қазақ әйелдерінің алғашқыларының бірі - Нәзифа Құлжанованы (История Казахстана, 2007: 22), революциялық идеялармен сусындаған, ауылдық кеңестерге, сондай-ақ қазақтың тұңғыш атты әскер полкін құруға тікелей қатысқан, қалыңдық пен көп әйел алуды жою туралы Жарлық авторларының бірі, Орынбор губерниялық комитетінің секция хатшысы, бюро мүшесі, РКП(б) Қырғыз өлкелік комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі – Алма Оразбаеваны (Құрманғалиева, 1997: 15), қазақ қыздарын тәрбиелеуде, білім беруде тамаша ұстаздық шеберлік танытқан қазақ педагог қыздарының көш бастаушысы, ұлттық мүддені ұстанған – Хұснижамал Зұлқайнарқызы Нұрлыханованы, белгілі мемлекет қайраткері, бұрынғы мұғалім Сейтқали Меңдешовтың жұбайы, 1903 жылдан Бөкей ордасындағы қазақ қыздар мектебінің мұғалімі- Рәзия Меңдешованы, мектеп мұғалімі - Халима Байтұрсынованы, Шолаққопа деген жерде 1906 жылы ауылдан мектеп ашып, өзі мұғалім болған - Ханифа Жақсылықованы, Қазталовкадағы мектеп мұғалімі - Жамал Жұманиязованы 1913 жылы Орынбор қыздар гимназиясын бітірген – Аққағаз Досжанова т.б. туралы мағлұматтарға тоқталамыз (Құлжанова, 1914:4).

Қазақтың қайраткер әйелі Нәзипа Құлжанова «Қызыл Қазақстан» журналының 1922-ші жылғы 12-ші санында жарияланған «Октябрь төңкерісі және қазақ әйелі» атты мақаласында: « ...Бұрынғы қазақ халқының ешкімге бағынбай өз күнін өзі көріп, кең сахарада мал бағып еркін жүрген заманында қазақтың әйелдері еркін, қайратты, тіршілік күресінде  ерлерге шын жолдас бола білген. Қандай қиын-қыстау жерлерде ақыл беріп, айла тапқан әйелдер болған. Мал өсіру шаруасының қандай ауыр екені қазақ баласына белгілі. Әсіресе, бұрынғы замандарда қиын шаруаның ыстық-суығына бірдей төзіп, сол заманның әйелі еркекпен тең еңбек еткен. «Алып анадан, ат биеден» деген мақал осы сөздерді тірілтсе керек»,- деп жазуы ерте кезден-ақ қазақтың дәстүрлі қоғамында әйел-аналардың беделінің зор болғанын, шаруашылық, отбасы, бала тәрбиесінде шешуші рөл атқарғанын көрсетеді. Әрине, жоғарыдағы мұрағатта көрсетілген мәліметтерге сәйкес, қоғамда бәрі бірдей жақсы болды деп айту қиын әрине. Ол кезде әйелдердің теңдігі мәселесі әлі де шешуін таппаған еді. Дегенмен, қазақ әйелдері үміттерін үзбей, білім алып, қоғамдық істерге тығыз араласып, өз мақсаттары үшін көптеген жұмыстар атқарды.

Осы жерде революцияға дейін-ақ қолына қалам ұстаған қазақтың зиялы қызы Нәзипа Құлжанованың ұлт мүддесін көтерген тұңғыш газет “Қазаққа” арнаған мақаласында: «Ескі рәсім салған ауырлықты елеп, азбастан еркектің серіктігіне жарап, жақсылық-жамандықты бірге атқарып келе жатқан ақылды, ақ көңіл, көнбіс, көңілшек қазақ әйелі еркекпен қатар білім білсе, ерлер ұлт үшін жүрген жерінде олар да қалмай қатарында жүріп іс істеуге жарар. Сондықтан жұрттың теңдікке жетуін көздеген ардақты бауырларым, сол жұрттың анасы әйелдердің де ерлерден қалмай, қатарында жұрт ісін іскерлік дәрежеге жету жағын да ескерусіз қалдырмаңдар”, - деп Алаш азаматтарынан қазақ қыз-келіншектерін қоғамдық қызметке тартуға тілек білдіргені еске түседі (Құлжанова, 1914: 5).

  ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ қыздарының арасынан суырылып шыққан Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Шолпан Иманбаева, Аққағаз Досжанова, Мәдина Бегалиева, Сара Есова сияқты қайраткерлердің еңбегі ғылыми жүйелі түрде зерттелуді қажет ететіні сөзсіз. Себебі, ұлттық сана мен таптық сананың ара-жігін ажыратпай жүргізілген «тең құқылық» деген саясат қазақ әйелдерінің болмысында елеулі із қалдырғаны анық. Қоғам қайраткерінің сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің арасында жүргізген саяси-әлеуметтік шаралары бүгінгі өмір үшін үлкен сабақ. Тарих және ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз міне осы.

Бірақ, қазақ әйелініңмəселесінкеңестікжылдаршешеалмады.Кеңестік кезеңде айқын оң өзгерістерге қарамастан «әйел мәселесі» Коммунистік партияның қатаң идеологиялық бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды. Кеңес өкіметінің жүргізген жұмыстары нәтижесінде 1926 жылы Қазақстанда партия қатарында 31910 адам болса, оның 2093-і әйелдер, бұл 15,7%. Бір жылдан кейін әйелдер 24,1% болды. Бірақ олар қала тұрғындары еді. Коммунист әйелдердің 43%-ы үй шаруасындағы әйелдер, 39,5%-ы кеңестік мекемелерде жұмыс істейді. Жоғары білімі бар 8 адам ғана – бұл 0,3%. 1927 жылы қазақ әйелдері- халық кеңесшілері 1230 адам немесе жалпы халық кеңесшілерінің 10,4% болды. Бірақ бірте-бірте әйелдер білім алды, жұмысқа орналаса бастады. Әрине, біраз ілгерілеушілік бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Расында да, білім, ғылым, материалдық өндіріс, қоғамдық-саяси өмірде әйелдердің саны, үлесі, дауысы артты.

Алайда, сталиндікқуғын-сүргінменсоғыстарҚазақстандыжетімдерменжесірлер  өлкесінеайналдырды. Қазақстанда 1937-38 жүргізілген жаппай репрессиялау саясаты кезінде Алаш қозғалысының басшыларын жазалау шаралары барысында қазақ зиялыларының дені жауапқа тартылып, олардың басым бөлігі құрбан болды. Ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін, республикада 3 386 шаруа ату жазасына кесілді, 13 151 адам 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. 1937-1938 жылдарды 16 520 адамға саяси айып тағылып, репрессияға ұшыраған. Тек Алматы облысы бойынша түрлі саяси айыптаулармен атылғандардың саны 1 680 адамға жеткен (ҚРПА. 141-қ., 1-т., 4-іс, 19-п).

Осы жылдары халқымыздың аяулы қыздарына да оңй соққан жоқ. Олар да қуғын-сүргін ге ұшырады. Мәселен, Ақмола қаласының қасында орналасқан сол кездегі ресми түрдегі ГУЛАГ-тың 26-шы нүктесі деп аталған АЛЖИР-де бас бостандығынан айрылған әзиз аналар тағдырдың тауқыметін тартты. Олар С.Қожановтың жары Күләнда Қожанова, Т.Жүргеновтың зайыбы Дәмеш Жүргенова, С.Сейфуллиннің өмірлік жолдасы Гүлбахрам, Қ.Сармолдаевтың әйелі Майнұр Сармолдаева, Б.Майлинның әйелі Күнжамал Майлина, Т.Рысқұловтың жан жары Әзиза Рысқұлова, Шахзада Шонанова т.б. қуғын-сүргіннің қасіретін тартты.

Ал, 1935 жылға қарай еңбектің барлық салаларындағы қазақ әйелдерінің үлесі -25,4% болды. 6 жылдан кейін соғыс басталып, тыл жұмысының ауыртпалығын әйелдер мойнына алады. Ал ерлер майданнан оралғанда қазақ қоғамындағы әйелдер мәселесі бұрынғыдай болмайтынын түсінікті болды.

Жоғарыда көрсетілген тарихи құжаттардың бәрі әлем жұртшылығының қазақ қыздарына, әсіресе олардың еркіндігі мен ерлігіне, өжеттілігіне қайран қалатындарына куә етеді.

Осындай әлеуметтік жағдайлардың қиындықтарына қарамастан қазақ қыздары мен әйелдері тыл мен майданда керемет қайсарлықтың үлгісін көрсеткені белгілі. Қазақстаннан майданға 5 183 қыз-келіншек қатысты. Осы соғыста Орта Азия елдерінің ішінен кеңес Одағының Батыры атағын алған да қазақ қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болатын.

Әлия Молдағұлова 1943 жылы тамызда майданға аттанды. 2-ші Балтық майданының 22-армиясының 54-ші атқыштар бригадасының құрамында шайқасты. Қазан айының басында Әлия Молдағұлованың есебінде 32 фашист өлген.

Мәншүк Мәметова майдандағы пулеметшілер курстарын бітіріп, жауынгерлік бөлімшеге пулеметшілер экипажының бірінші саны болып тағайындалды. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат ету жолындағы ауыр шайқастарда үстем биіктікті қорғау кезінде пулемет экипажының бірі ауыр жараланып, жаудың 70 жауынгерін жойып, ерлікпен қаза тапты (История Казахстана, 2007: 42).

Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі. Сондай-ақ, аты-жөндері соңғы кездері ғана айтылып жүрген Рахима Жәнібекова, медициналық қызметтің капитаны Мәриям Сырлыбаева, майдан дәрігері Роза Момынова, радистер – Орынкеш Мысырова, Шәкира Ботақанова, Бикен Сәдуақасова, Шағила Құсанова, барлаушы Рахима Ералина, рота капитаны Құралай Натулаева, пулеметші Зинат Оңайбаева, мерген Мәликә Тоқтамысова, медбикелер – Рәзия Ысқақова, Мая Ғабитова т.б. қаһарман қазақ қыздары қаншама? Отан үшін жанқиярлықпен шайқасқан әйел жауынгерлер есімі мәңгі ел есінде қалары хақ.

Ұлты мен ұрпағы үшін қан майданда да қайсарлық танытып, иманды ісімен халқының қадір-қасиетін иеленген батыр қыздарымыздың ерлік рухы ел тарихымен біте қайнап,бірге жасап келеді. Өйткені, әйел ұлтжанды болмай, ұлтжанды ұрпақ өсіру мүмкін емес.

Соғыстан кейінгі жылдарда экономикалық қиындықтарға қарамастан, әйелдер арасында білім беру пайызы артады. Сонымен, санақ бойынша әйелдер арасында жоғары және орта (толық және толық емес) білімі бар адамдардың саны 1959 жылы 311, 1979 жылы 598 адамды құрады.

Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ қыздарының алатын орны мен рөлін айқындайтын,олардыңқайсарлығын, ұлтжандылығын, отансүйгіштігін көрсететін тағы бір тарихи оқиға - дүниені дүр сілкіндіріп, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген 1986 жылдың желтоқсаны болды. Желтоқсан қасіреті - үстемдік саясатқа мойынсұнып, қалғып, қараңғылана бастаған халықты оқыс оятқан оқиғада саяси белсенділік танытқан тағы да Әлия мен Мәншүктің сіңлілері болды. Мұрағат деректері бойынша желтоқсан көтерілісіне 60 мыңнан астам кісі қатысты, 8 мыңнан астам адам қамауға алынып, 200 қатысушы сотталды, 1,5 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, әкімшілік жазалауға тартылды. Соның 23 әйелдер, 5 жасөспірімдер. Ал, жоғары оқу орнының студенттері – 2 021.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, Жансая Сабитова, Ләззат Асанова, Нұрлан Сабильянов, М.Әбдіғұловтардың т.б ерлігі сол көтеріліс жөнінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің арнайы құрылған комиссияның мұрағат деректері арқылы ақиқатқа айналғаны мәлім.

1986 жылғы жастар қозғалысын бүгінгі тарих кеңестік жүйені әлсіретіп, қазақ халқын Тәуелсіздікке жақындатқан оқиға деп бағалайды. Ал бас көтеруге қатысқан қазақтың өрімдей қыздарының ерлігін сонау Тұмар ханшайымнан, Ботагөз бен Бопайдан, кешегі Әлия, Мәншүк, Хиуаздардан жеткен қасиет деп білеміз.

Отыз жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін жастың да, жасамыстың да жанын ауыртып келе жатқан Желтоқсан көтерілісінің бір басты сипаты онда қазақ қыздарының асқан қайсарлығымен танылуы еді. Халқымыздың ерлікке толы тарихында бұрымдылар намысшылдығы феномені осылайша тағы бір мойындалды. Тәуелсіздікке түрткі болған толқуда тайсалмаған қыздардың қай-қайсысы да қарапайым қаракөздер болатын. «Өздерін біреу тепкілеп, соққының астына алып жатса да, олар құлап бара жатқан біздің иығымызға сүйеу бола білді», – деп еске алады желтоқсандықтар. Көтерілісті көзімен көрген жандар да, желтоқсандықтардың өздері де қаракөз қыздарымыздың ақ қар, көк мұз құрсауындағы қызыл жағалылардың өрескел өктемдігіне қаймықпай қарсы тұрып, қайрат көрсеткенін айтып жүр.

Қоғам қайраткері, ақын М.Шаханов: «КСРО Ішкі істер министрлігі мен КСРО Қауіпсіздік комитеті бірлесіп әкелген «Метель» жоспарын М. Горбачевтің арнайы ауызша рұқсаты негізінде сынауға мүмкіндік алды. Свердлов, Челябинск, Ташкент қалаларынан тартылған әскер күштерінің  қатарында бір құпия топ бар еді. Ата-ана мейірімін көрмей өскен, кілең бір тағдырына ызалы жетімдерден іріктеліп тізілген бұл арнайы топ өкілдері шектен шыққан мейірімсіздігімен, бет қаратпас қаталдығымен ерекшеленеді. Қыздарды теуіп, құлатып, шашынан сүйреген күйі, бөрене сияқты машинаға лақтырғандар да солар» (Шаханов, 2004: 3), - деп еске алады.

 «Мен орысша білім алғанмын, сондықтан бұл оқиға басталған кезде, алаңға шыққан жастар ойларын сауатты етіп жеткізе алмайды ғой деп, өзімше көмек көрсеткім келді. Екіншіден, «жас балалар соққыға шыдамай өліп кетсе, ата-анасына қиын болады» деп оларға араша түспекші болдым. Мені бұл оқиғаға қатысуға итермелеген үшінші себеп - егер біз бас көтермесек, ұрпағымыз тіпті қиын жағдайда өмір сүреді деп ойладым» (Төлепберген, 2006: 23),-деп еске алады Жансая Сәбитова. Бұл – сөз жоқ, қазақ қыздарының ерлермен қатар, ерлік тарихымызды жасауға қосқан қомақты үлесі болды.

Желтоқсан оқиғасы жайлы деректерге көз жүгіртсек, ереуілге шыққандардың басым көпшілігі қыздар екенін айтып кеттік. Бірақ әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғасына барлығы қанша қазақ қызы қатысты? Оған жауап жоқ. Тек Конституциялық сот материалдары, ЖОО мұрағаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерді басшылыққа алған Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» атты еңбегіндегі келтірілген мәліметтер бойынша: Желтоқсан оқиғасына қатысып, ұсталғандардың саны 8500  адам, сотталғандардың саны 103 адам, ал олардың жиырма үші – қыздар. Яғни, 20 жас ару бас бостандығынан айрылған, екеуі еңбекпен түзеу жазасына кесілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген. Уақытша және үй қамауына алынған, сондай-ақ басқалай қуғын- көрген қыз-келіншектер саны – 22, құқық қорғау органдары тарапынан соққыға жығылған, итке таланған, түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға түскен, денсаулығынан айырылған қыз-келіншектер саны – 79, алаңға шыққан, үнпарақтар таратып, ой-көзқарастарын ашық білдірген қыз-келіншектер саны – 66, осы оқиға кезінде із-түзсіз жоғалғандар саны – 2» (Төлепберген, 2006:25),-дейді Желтоқсан оқиғасын зерттеуші журналист Болатбек Төлепберген.

Қара бастың қатерге ілігетінінен қорықпай, шовинизмге қарсы тұрып, қуғын көрген Мархаба Ыбырайымова, Ақкүміс Ықыласова, Гүлнәр Байбосынова, Сәуле Ешенқұловалар мен «саяси тұтқын» атанып, түрмеге отырып шыққан Жансая Сәбитова, Нағима Салихова, Анар Серкеновалардың өмірі де қазақ қыздары қаһармандығының үлгісі іспетті (Спанова, 2000:3).

Бүгінгі жас ұрпақ Желтоқсанда жастар алаңға тәуелсіздікті ту етіп шыққанын, келер ұрпақтың ұсқынына алаңдаған ұландар ұлттың намысын жанитын ұрандар көтергендігін білуі керек. Олар «Әр ұлтқа – өз көсемі!» қажеттігін талап етті. Бұған желтоқсанда шыңдалған ерлік пен елдіктің көріністері айқын дәлел бола алмақ. Қадап айтқанда, желтоқсандағы зиялы қауым өкілдерінің өз азаматтық ұстанымдарын қаймықпай білдірулері келешек ұрпаққа үлгі болады. Атап айтсақ,  халқымыздың ардақты да батыр перзенті Жұбан Молдағалиевтің 1986 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан жазушылар одағында Г.Колбинмен кездесуде сөйлеген сөзі, сол сияқты ардагер аға Сафуан Шаймерденовтың сол Г.Колбинмен 1987 жылғы 27 мамырда кездескенде айтқан сөзінің және жазушы-ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың сөзінің үзінділері олардың бойындағы ұлтжандылық пен ұлттық рухтың асқақтығын көрсетті. Олар желтоқсаншыл ұл-қыздарына қорған бола білді. Бұған Жұбан Молдағалиевтің Г.Колбинге тіке қарап тұрып: «Мен қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат...Жасырып қайтейін, осы күнге дейін (желтоқсан көтерілісіне дейін) өмір сүргеніме өкінемін»,-дегені, Сафуан Шаймерденовтың сол Г.Колбин алдында қасқайып тұрып: «Қазақстанға келгеніңізге 1,5 жыл болды. Осы уақыт ішінде... не істедіңіз? Қазақ балаларын «ұлтшыл» деп айыптап, оларды қырып-жойғаннан басқа не нәрсені төңкеріп тастадыңыз... Қазақ халқы сізді Голощекин секілді тек жаман жағынан еске алатын болады!» (Қойшыбаев, 2016:25),- деген сөздері дәлел.

Ойымызды түйіндейтін болсақ, желтоқсанның басты кейіпкерлерінің ерлік әрекеттерімен қатар, айрықша айтарлығы, сол кездері елдіктің ұйтқысы болған қазақ қыздарының қайсарлығы бүгінгі ұрпаққа сабақ. Яғни, жоғарыда есімдері ұлықталған қазақ қыздары Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуына қосқан үлесі мен атқарған қызметі өте зор.

Қазақстан Республикасының жаһандану және әлемдік қоғамдастыққа интеграциялану процестері әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігіне үлкен әсер етуде. Қазақ әйелдері ерлермен терезесі тең күресіп, туған жерін қорғап, отбасының негізі болғаны тарихтан белгілі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан гендерлік саясаттың сақталғанын аңғартады.

Сондықтан «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әйелдерінің орны мен рөлі» деп аталатын үшінші кезеңде орасан зор әлеуметтік қайта құрулар мен саяси сілкіністер  және ғылыми-техникалық прогрес пен жаһандану дәуірінде қоғамдағы әйелдер мәртебесінің түбегейлі өзгеруі кезеңі сипатталады. Үшінші кезеңде Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендік алған сәттен бастап, ұлттық және азаматтық бірегейліктің жаңа нысандарын іздеумен сипатталады, мұнда гендерлік теңдік мәселесі де ерекше орын алады. Біздің ойымызша, қазіргі таңда, бір жағынан, қазақ халқының ұлттық, рухани, мәдени дәстүрлерінің жаңғыруы, екінші жағынан, проблемаларды шешуде жаһандық тенденцияларды ырықтандыру және бейімдеуде әйелдердің гендерлік теңдік мәселесіне ерекше маңыз берілуі тиіс. Өйткені, ХХ-ХХІ ғасырлар әлемде әйелдердің рөлін айтарлықтай өзгертті, әйелдердің құқықтық мәртебесінде түбегейлі өзгерістер болды, гендерлік теңдік идеясы адамдардың санасын жаулай бастады. Әлемнің көптеген елдерінде әйелдер алғаш рет сайлау құқығына ие болды, саяси процестердің толыққанды қатысушысы болды. Әйелдер сайлауға ғана емес, сайлануға да құқық алды.

Бүгінгі таңда әйелдер барлық континенттердің парламенттері мен үкіметтерінде өкілдік етеді. Мәселен, Швеция парламентінде 2002 жылғы сайлаудан кейін әйелдер 45% болды және осы көрсеткіштер бойынша Швеция әлемде екінші орынға шықты. Африкалық Руанда 2003 жылдың қыркүйегінде парламенттегі әйелдердің салмағы - 48,8% болып, бірінші орынды иеленді. Бүгінде халықаралық қауымдастық, оның ішінде БҰҰ, оның мамандандырылған мекемелері – Халықаралық еңбек ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты ұйымдар әйелдердің мәртебесі мәселесін жаһандық деп санайды. Әйелдер жөніндегі IV Дүниежүзілік конференциясының (Пекин, 1995) және БҰҰ Бас Ассамблеясының «Әйелдер ХХ-ХХІ ғасырда: гендерлік теңдік, даму және бейбітшілік» атты арнайы сессиясының (Нью-Йорк, 2000) халықаралық қорытынды құжаттарында: барлық елдердің үкіметтерін әйелдердің тең емес мәртебесі болуының әлеуметтік және мәдени факторларын жою бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы мәселені шешуге қарар қабылдады. Соның нәтижесінде Бейжің іс-қимыл платформасы (1995 ж.) қабылдаған «Дүниежүзілік қоғамдастық әйелдердің адам құқықтарын қорғау бағдарламасы» аясында Қазақстан гендерлік теңдіктің ұлттық стратегиясын құрды.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының жаһандану және әлемдік қоғамдастыққа интеграциялану процестері әйелдердің әлеуметтік және саяси белсенділігіне үлкен әсер етуде.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде әйелдердің саясатқа бетбұрысы елдегі демократияның негізін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді және қоғам мақұлдаған шешімдерді әзірлеу және жүзеге асыру үшін қосымша жағдайлар жасайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Алматы мен Қарағандыда екі Гендерлік зерттеулер орталығы (CGS), екі Феминистік лига: Алматы мен Көкшетауда жұмыс істейді:

Сонымен бірге, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» әйелдердің іскерлік ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Қауымдастықтың қызметі іскер әйелдердің күш-жігерін біріктіруге, бастамашылдықты, кәсіпкерлікті, инновацияны дамытуға, азаматтық қоғам құру және демократияны дамыту жағдайында әйелдерге әлеуметтік және өмірлік бағдар алуға көмектесуге бағытталған.

Ендеше, «әйелдер революциясы» деп аталатын құбылыстың тарихи аренаға шығуы үшін ХХ-ХХІ ғасырлардың маңызы зор. Әйел факторы әлемнің заманауи бейнесіне табанды түрде еніп, өркениеттің бар негіздерін қайта қарауды талап етеді. Сондықтан қазіргі қоғамдағы әйелдердің орны мен рөлін анықтау ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Оларды шешусіз адамзаттың одан әрі ілгерілеуі мен тұрақты дамуы мүмкін емес.

Ия, қазақ елі егемендікке ие болып, еркіндік алғаннан кейінгі дәуірлерде де, қазақтың қайсар қыздары өз елімен бірге ауыр сындардан өткендігін атап өттік. Шынында да, қазақ әйелі – ана ретінде қоғамның алтын діңгегі, бойына ізгілік қасиет дарыған адал жар, айнымас серік.

Біздің елімізде кешегі өткен кеңестік кезеңде де, өркениет көшіне еріп, дербес ел болғалы да еңбек ету мен білім алу, басшылық жасау, саясатқа араласу мен өнердің қай саласында да әйел-аналар белсенділік танытып, биік  жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан әріптестеріміз үшін қалай мақтансақ та болады. Мәселен, елімізде ғылым саласында қызмет ететіндердің 45% қыз-келіншектер болса материалдық өндіріс саласында жұмыс істейтіндердің 60% әйелдер. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі  стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыруға әйелдер қауымының белсенді қатысуына ықпал етерлік жағдай  біздің елімізде жетіп артылады. Әсіресе, ұлтаралық татулық, тиімді басқару, әлеуметтік үнқатысу, адам құқықтарын құрметтеу және халықаралық еңбек нормаларын сақтау, кәсіпкерлік мәдениеті және сенімді әлеуметтік қорғау сияқты гендерлік өлшемдерге негізделген факторлар бар.

Сонымен қатар, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы іс-шаралар қарастырылған. Осы орайда еліміздің экономикасын өркендетуде еңбек етіп жүрген 3,7 миллион әйелдер қауымының қосар үлесі салмақты.

Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласында тер төгіп жүргендердің арасында әйелдердің үлесі 52% құрайды, олардың 66% жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Әсіресе, аграрлық сектордағы әйелдердің үлес салмағы – 60% жетіп отыр.

Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен ұлттар ұйымының Мыңжылдық декларациясында ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттарының бірі ретінде айқындалғанын білеміз.

Гендерлік саясаттағы негізгі мақсат – билік жүйесіне әйелдерді тарту ғана емес, ең бірінші мақсат – оларды қорғау, сіңірген еңбегін ғылыми, әлеуметтік зерттеулер  қорытындысы арқылы мадақтау, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа Отанға адал қызмет етудің құндылығын ашып көрсету.

«Қазақстан әйелдері мен ерлері» жинағына енгізілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 8,3 млн. әйел бар, бұл жалпы халық санының 52% құрайды. Бір айта кетерлігі, бұл сан 2005 жылдан бері өзгерген емес. Бұл тұста әйелдердің  ішкі жалпы өнімді қалыптастырудағы үлесі 39% құрайды. Тағы бір маңызды мәселе, ерлер мен әйелдердің айлық жалақы балансында да оң динамика бар, өз кезегінде соңғы  жылдары ол 61-66% дейін өсті.

Әйелдердің Парламентте өкіл болу көрсеткіші 14-18% құрайды. Әйтсе де гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес, 2022 жылы шешім қабылдайтын орындарда әйелдердің саны 30% жету керек. Қазірше қолда бар мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш - 10. Әрине, гендерлік саясатты жүзеге асыруда ұлттық болмысты да ескерту қажеттігі сөзсіз. Әйел – ең алдымен, тәрбиелі ұрпақ өсіретін ана, шаңырағын шайқалтпайтын жар, ибалы келін.

Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы қазақ әйелдерінің орны мен рөлін айқындайтын тағы бір жетістігі – мемлекеттік құрылымдарда басшы-әйелдер санының арта түсуі. Бүгінде 3 бірдей министрлікті әйелдер басқарып отыр. Ал аймақтық деңгейде облыс әкімдерінің орынбасары қызметін атқарып отырғандар 5 әйел адам бар.

Бір қуантарлығы, қазіргі Қазақстан қоғамында әйелдер өздерін, бір жағынан, отбасында – ана, сүйікті жар, шаңырақтың берекесін асырып  отырған әйел ретінде көрсете білсе, екінші жағынан, өзін кәсіби маман, тұлға ретінде де танытып жатқаны  жасырын емес. Қазіргі әйелдер қауымының бір ерекшелігі, мемлекеттің саяси өміріне белсене араласып, өз пікірлерін, ойларын қымсынбай ашық айтып жүрсе де, олар ғасырлармен қалыптасқан халқымыздың әдеп пен дәстүрлерінен аттап өткен емес.

Қоғамдық санада «әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қоғам қайраткері» дегендей ұғымдар пайда болды. Мұның өзі үлкен көрсеткіш.

Қорытынды. «Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқ жұлдыздай жарқырап тұр» деген халық сөзіне сүйенсек, ұлтымыз үшін ең қымбат қазынамыз - Тәуелсіздігіміздің тұрақтануына, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қазақ қыздарының қайраткерлігі кімге болса да үлгі.

Қазақ әйелі бұрын-соңды тарихымызда дәл қазіргідей қайраткерлік, жасампаздық дәрежеде болып көрген жоқ. 30 жылға толар-толмас мерзім аясында саяси аренада, мемлекеттік басқару саласында талай аруларымыз дара тұлға ретінде көрінде. Іскерлік әлемінің тамаша тәжірибесінен өтті.

Әйелдер бүгінде барлық педагогтардың 73% құрайды. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87% - әйелдер. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 5 800 КСК болса, солардың 3 мыңына әйелдер жетекшілік етеді. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60% да әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйел министрліктер және мемлекеттік органдар басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйел Парламент пен мәслихаттарға сайланды.

Елімізде әйелдердің білім алу деңгейі өте жоғары (олардың жалпы білімі жоғары мамандық бойынша 60% құрайды), жұмыс істеуші әйелдер саны да жоғары, мәселен басқа елдермен салыстырғанда ол 90% құрайды.

Жалпы алғанда, әйел-ананың отбасындағы рөлін бағалау, отбасының беделін көтеру, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ететін отбасы қарым-қатынастарын нығайту мемлекетіміз үшін маңызды іс болып саналады.

Бір ұлтқа ана болар қазақ қыздарының ел үшін еткен ерлігі мен ақыл-парасаты егеменді еліміздің экономикасын бәсекеге қабілетті етуге және ұлттық руханиятымызды әлемдік деңгейге сай дамып - өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді деп сеніммен айта аламыз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Т.2: Өлеңдер мен аудармалар. –Алматы: Жазушы, 2016. – 336 б.

Вамбери А.Путешествие по Средней Азии. – Москва, 2003. – 319 c.

Гумилев Л.Древние тюрки.– Москва, 1993. – 560 с.

Диваев А,1920. Диваевматериалдары.ҚРОрталықғылымикітапханасының  Қолжазбақоры. №1034қолжазба. – 87 б.

ИсторияКазахстанав5-титомах.Т.3. – Алматы: Атамура, 2007. С. 352.

Құрманғалиева К. Революцияға дейінгі әйелдердің ағартушылық қызметі // Торғай таңы. 5 ақпан, 1997 ж. – 4 б.

Құлжанова Н. Қазаққа // «Қазақ» газеті. 30 наурыз, 1914 ж. № 56.

Қамзабекұлы Д. «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар»: халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция материалдары / (даярлаған). – Астана: «Форма Плюс» баспасы, 2015. – 304 б.

Қойшыбаев Б. Желтоқсан-Сын. – Алматы: РухБГ, 2016. – 360 б.

ҚР ПА. 139-қор, 1-т., 74-іс, 69 б.

ҚР ПА. 3-қор, 1-т., 52-іс, 52 б.

ҚР ПА. 141-қор, 1-т., 4-іс, 43 б.

Мустафина, Р. Представления, культы, обряды у казахов. – Алма-Ата: Қазақуниверситеті,1992.– 176 с.

Орынбаева Р. Қазақтың зиялы-қайраткер әйелдерінің идеялары мен ағартушылық қызметі // Ұлт тағлымы. №3. – 2000. – 74 б.

СегизбаевО.МировоззрениеЧоканаВалиханова.– Алматы: Наука,1959. – 56 с.

Спанова Р. Біз білетін желтоқсан: Естелік эссе. – Алматы: «Жалын баспасы», 2000. –208 б.

Төлепберген Б. Біз білмейтін Желтоқсан. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2006. – 292 б.

УəлихановШ.Таңдамалы шығармалары.– Алматы:Жазушы,1980. – Б. 215.

Шаханов М. Желтоқсан көтерілісіне жаңа көзқарас қажет. ҚР Парламентінің Мәжілісінде жасалған депутаттық мәлімдеме. – Астана, 8 желтоқсан, 2004 жыл.

References

Abay (Ibrahim) Kunanbaiuly. Shygarmalarynyn eki tomdyk tolyk jinagy. Olender men aydarmalar. [A complete two-volume collection of his works].– T.2. – Almaty: Jazysy, 2016. – 336 b. [in Kazakh]

Aialy jandar [ Dear people].– Almaty, 1961. –216 b. [іn Kazakh].

Bamberi A. Pyteshestvie po Srednei Azii [Travel to Central Asia]. – Moscow. 2003.– 319 s. [in Russian]

Gumilev L. Drevnie turki [ Ancient Turks]. –Moscow:Iris Press, 1993. – 560 b. [in Russian].

Divaev A. Divaev materialdary. KR Ortalyk gylymi kitaphanasynyn Kolzhazba kory. №1034 kolzhazba [Divaev materials. Manuscript fund of the Central Scientific Library of the Republic of Kazakhstan. №1034 manuscripts]. – Almaty, 87 s.[in Kazakh].

Istorya Kazahstana v 5-i tomah. [The history of Kazakhstan in 5 volumes.] T.3.Almaty: Atamura, 2007. – S. 352 [in Russian].

Kurmangalieva K. Revoliyatsya’a deiingi aielderdin agartysylyk kyzmeti [Educational activities of pre-revolutionary women] // Torgai tany. Dawn. February 5, 1997 y. 4 page. [іn Kazakh].

Kulyanova N. Kazakhka [Kazakh] // “Kazakh” gazeti. March 30, 1914. №56.[іn Kazakh].

Kamzabekuly D. Kazakh handygy tusyndagy hanymdar men arylar: halykaralyk gylymi – tajiribelik konferensia materialdary / (daiarlagan ["Ladies and beauties under the Kazakh Khanate": materials of the international scientific-practical conference / (prepared by D.Kamzabekovich)]. – Astana: Form Plus Publishing House 2015.– P.304. [іn Kazakh].

Koishybaev B. Zheltoksan-Syn [December-Review]. – Almaty: RuhBG, 2016.– 360 p.[іn Kazakh].

KRРA. F. 139. Op.1. D.74. L. 69.

KRРA. F. 3. Op.1. D.52.L. 52.

KRРA. F. 141. Op.1. D.4. L. 43.

Mystafina, R. ‘Predstavlenya, kyity, obryady u kazakhov. [Representations, cults, rites of the Kazakhs]– Alma-Ata, 1992. – 176 p.[in Russian]

Orynbaeva R. Kazakhtyn zyaly-kairatker aielderdin ideyalary men agartushylyk kyzmeti[Ideas and educational activities of Kazakh women intellectuals] //Ult tagylymy. №3. 2000 y. – 74 p.[іn Kazakh].

Segizbaev O. Mirovozzrenie Chokana Valihanova. [Worldview of Chokan Valikhanov]– Almaty: Nauka, 1959. – 56 s. [in Russian].

Spanova R. Biz biletin jeltoqsan: Estelik esse. [December as we know it: a memorable essay]. – Almaty, 2000. – P. 208. [іn Kazakh].

TolepbergenB. Biz bilmei’tin jeltoqsan. [December we do not know. KAZinform]– Almaty, 2006. – P. 292[іn Kazakh].

Valihanov Ch. Tandamaly shygarmalary [Selected works]. – Almaty: Writer, 1980. [in Kazakh]

Shahanov M. Jeltoqsan koterilisinde jana kozqaras kajet. KR Parlamentinin Majilisinde zhasalgan deputattyk malimdeme. [We need a new approach to the December uprising. Statement of a deputy in the Mazhilis of the Parliament of the Republic of Kazakhstan]. –Astana, 8 december, 2004 year.[іn Kazakh].

МРНТИ 03.20.00

СОЦИАЛЬНО-ПОЛИТИЧЕСКАЯ РОЛЬ ЖЕНЩИНВ КАЗАХСКОМ ОБЩЕСТВЕ

К.К. Жылқышыбаева¹, А.Т. Жагыпар¹*

¹Казахский национальный женский педагогический университет, Казахстан, г. Алматы

*Корреспондирующий автор

E-mail: karluwa1970@gmail.com (Жылқышыбаева), zhagypar.aigerim@mail.ru (Жагыпар)

Аннотация. В разный период истории страны казахская женщина была не только хранилищем очага, но и занимала особое место в обществе. Даже рождение детей и воспитание граждан составляющих костяк общества, отражает роль и значение женщины в государстве. Основное направление матери кочающий колыбель и нежных женщин у власти это стремительное развитие казахского государства и воспитание конкурентоспособного поколения в казахстанском обществе.

Действительно, если посмотреть на историю нашей родины, увидим героических дочерей саков из великой степи Томирис и Зарину, мать Домалак, которая была матерью одного племени, Гаухар, жену великого полководца Кабанбая батыра во время джунгарского нашествия,сестру Кенесары хана Бопай ханша, госпожу Айганым, бабушку Чокана Валиханова, Маншук и Алию, ставших близнецами Востока во время Второй мировой войны, которые запомнились своей мудростью и героизмом.

В становлении независимости Казахстана изучение трудоы, уроков, подвигов и наследии казахских матерей и дочерей перед народом является очень важным вопросом исторической науки и образования, культуры и духовного развития. Поэтому наша статья посвящена одному из таких актуальных тем. В данной статье рассматривается социально-политическая роль женщины в казахском обществе разделенный в три этапа на основе исторических данных и архивных документов.

Ключевые слова: мать, казахская жена, семья, история, наука, образование, советская идеология, социальные, политические, национальные ценности.

IRSTI 03.20.00

SOCIO-POLITICAL ROLE OF WOMEN IN KAZAKH SOCIETY

К. Zhylkyshybayeva¹, A. Zhagypar¹*.

¹Kazakh National Women’sTeacher Training University, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

E-mail: karluwa1970@gmail.com (Zhylkyshybayeva), zhagypar.aigerim@mail.ru (Zhagypar)

Abstract: In different periods of the history of the country, the Kazakh woman was not only the repository of the hearth, but also occupied a special place in society. Even the birth of children and the upbringing of citizens who form the backbone of society reflects the role and importance of women in the state. The main direction of the mother's wandering cradle and tender women in power is the rapid development of the Kazakh state and the upbringing of a competitive generation in Kazakh society.

Indeed, if you look at the history of our homeland, we will see the heroic daughters of the Saks from the great steppe Tomiris and Zarina, mother Domalak, who was the mother of one tribe, Gaukhar, the wife of the great commander Kabanbay batyr during the Dzungarian invasion, the sister of Kenesary Khan Bopay Khansha, Mrs. Aiganym, grandmother Chokan Valikhanov, Manshuk and Aliya, who became the twins of the East during World War II, who are remembered for their wisdom and heroism.

In the formation of the independence of Kazakhstan, the study of the work, lessons, exploits and heritage of Kazakh mothers and daughters before the people is a very important issue of historical science and education, culture and spiritual development. Therefore, our article is devoted to one of these topical topics. This article discusses the socio-political role of women in Kazakh society, divided into three stages based on historical data and archival documents.

Key words: mother, Kazakh wife, family, history, science, education, Soviet ideology, social, political, national values.

Авторлар туралы мәлімет:

¹Т.ғ.к., доцент

¹*Магистрант

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз