Кіріспе. Кезкелген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарих ғылымының алар орны ерекше. Себебі, тарих халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді. Ұлттың шынайы тарихы ұлттық идеологияның қалыптасуының да негізгі қайнар көзін құрайды. Сондықтан тарихи білім беруге үздіксіз көңіл бөлінуі қажет.
Қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұртын тарихи тамырсыз етіп көрсетуге тырысқан кеңестік тарихнама төл тарихымыздан көз жазып қалуға соқтырды. Қазақстанның тәуелсіздік алып, егемендікке жетуі халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятып, өткен дәуірлердегі бабаларымыздың еліміздің тарихында алар орнын, алыс-жақын елдермен қарым-қатынаста ұстанған саяси ұстанымдарын білуге деген ерекше талпынысты тудырды. Тарихи жадтың қайта жаңғыруы еліміздің тарихшыларына тәуелсіз Қазақстанның шынайы тарихын жазып, соның негізінде тарихи санасын қалпына келтіру міндетін жүктеді.
Ғылыми білім ауқымының кеңейіп, онда шынайылықтың көрініс табу деңгейі арта түскен сайын ғалымдар жаңа білімге қол жеткізуге мүмкін деген әдістер мен тәсілдерді талдауға және негіздеуге талпыныс қарқынын күшейте түседі. Жаңа ғылыми білімді алудың тәсілдерін зерделеуді ғылым методологиясы жүзеге асырады. Сондай-ақ ол танымның одан әрі дамуына жол ашып, оның ауқымының кеңеюіне қызмет етеді. Таным білімді игерумен сипатталатын рухани әрекет болғандықтан, ол аяқталған нәтиже түрінде емес, шынайылық сипатқа ие анағұрлым толық, әрі терең білімге ұмтыла түсетін үрдіс іспеттес. Ол адамның шығармашылық ізденісімен тығыз байланыста дамып, оның қоғамдық, тарихи үрдістегі өз орнын айқындауына ықпал етеді. Сонымен бірге таным мен методология өзара байланыста дамиды. Өткенді жаңаша түсіндіруде, түркі хадықтарының шынайы тарихын қалыптастыруда олардың өзара байланыстары тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық аспектілерін зерделеудің маңызы зор. Бұл өз кезегінде түркі халықтары байланысы тарихын жаңаша пайымдауға, болашақты дұрыс жобалауға, өткенді жаңаша түсіндірге жол ашады.
Материалдар мен әдістер. Мәселенің методологиялық негізін айқындау барысында тарихтың теориялық-методологиялық мәселелері жөніндегі шетелдік және отандық ғалымдардың ой-пікірлеріне назар аударылды. Зерттеу барысында тақырыпқа қатысты тұжырымдар мен қорытындылардың дәйектілігі мәселесі ескерілді. Деректік материалдардың пайда болу жағдайын және оның мазмұнының мәнін айқындау басты назарда ұсталды. Ғылыми айналымға тартылған дерек көздері деректанудың анализ және синтез әдістері негізінде сараланды. Белгілі бір ұстаным мен тұжырымдарды дамуда, қоршаған ортасымен контексте қарастыруды және оның пайда болуы мен қалай өзгеріске түскеніне баса мән беруді әрі әлеуметтік-тарихи үдерістердің объективтілігі мен тарихи фактінің шынайылығын талап ететін тарихилық принципі басшылыққа алынды.
Соның нәтижесінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының өзара байланыстары тарихын зерттеу өркениеттілік ұстаным, тарихилық принцип пен гуманизм, ынтымақтастық және мәдени-тарихи тұжырымдамалары аясында жүргізілді. Мәселенің астарын ашуда анализ, синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері қолданылды. Осы әдістер негізінде жасалынған тұжырымдар мен қорытындылардың өзара логикалық тұрғыда үйлесімді болуы басты назарда ұсталды.
Талдау.Тарихты жазуда екі ұстаным бар екені белгілі, оның бірі - формациялық, екіншісі өркениеттілік ұстаным. Формациялық ұстанымды басшылыққа алған кеңестік кезеңнің тарихы түркі халықтарының өзара байланысына үрке қарады, олардың ортақ тарихын мойындамады, нәтижесінде түбі бір түркі халықтарының тарихын оқшауландыру орын алды.
Кеңестік кезеңде Орталық Азиядағы түркі халықтарының тарихы біржақты қарастырылып, олардың жаңа замандағы елшілік дәстүрі мәселесі көбіне назардан тыс қалды. Патшалық Ресей тұсында да, кеңестік кезеңде де түркі халықтарының арасындағы елшілік дәстүр, «рухани ортақтық, сабақтастық, жалғастық кешенді де қисынды ашылмағаны былай тұрсын, олар бір-бірімен атысып, шабысып, қырқысып күн кешкеннен басқа ештеңе білмеген сияқты» жазылды (Әбжанов, 2014: 15).
Ал шындығында жаңа замандағы түркі халықтарының өзара байланыстары, түркі халықтары мемлекеттерінің елшілік алмасу дәстүрі тамырын тереңнен алатынын Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктер» атты еңбегіндегі ұстанымынан аңғару қиын емес. Ол көне түріктердің ерте замандарда-ақ қалыптасқан басқару жүйесі, әскери тәртібі, өзіндік дүниетанымы мен елшілік үрдісі болғанын тұжырымдаған еді (Гумилев, 1994). Осы еларалық байланыстар жылдар жылжып, арада қаншама уақыт өткенімен жоғалып, үзіліп қалмады, жаңа заманда да жалғасын тапты. Соңғы кезде көне түріктердің рухани дүниесінің сабақтастық, жалғасушылық сипаты жөніндегі ұстанымдар да бой көрсете бастады. Мұндай сабақтастықты ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азиядағы түркі халықтарының өзара байланыстары да байқатады.
Посткеңестік кезеңде зерттеушілер ұлттық тарих мәселелеріне, соның ішінде еларалық байланыстарға қатысты ұстанымдар жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салғаны белгілі. Жаңа замандағы қазақ халқының көрші мемлекеттермен қарым-қатынастар тарихын жазудағы ұстанымдар мәселесі белгілі ұлттық тарихшыларымыз: академик М. Қозыбаев (Қозыбаев, 2001), К.Л. Есмағамбетов (Есмағамбетов, 2008), Ж.Қ. Қасымбаев (Қасымбаев, 2010), М.Қ. Әбусейітова (Әбусейітова, 2013), Х.М. Әбжанов (Әбжанов, 2014), С.Ф. Мажитов (Мажитов, 2007) және т.б. еңбектерінде көтерілген болатын. Аталған ғалымдар мәселені ұлттық мүдде, ұлттық идея негізінде, өркениеттілік ұстаным тұрғысынан қарастырудың уақыты жеткенін көрсетіп берді.
Шетелдік ғалымдардың тарих жазудағы ұстанымы, соның ішінде еларалық қатынастар тарихын жазудағы ұстанымы мәселесін зерттеуге К.Л. Есмағамбетов үлкен үлес қосты. Зерттеушінің «Қазақтар шетел әдебиетінде» (Есмағамбетов, 1994) «Біз туралы Батыста не жазылды?» (Есмағамбетов, 1992) еңбектері еларалық қатынастардың теориялық және методологиялық астарларын ұғынуға өзіндік септігін тигізеді. Зерттеуші революцияға дейін Қазақстан тарихы туралы Батыста жазылған материалдарды жинастырып, жүйелеп, оны кезеңдерге бөліп көрсетіп береді.
Шетелдік ғалымдардың өркениеттік ұстанымы мәселесінің даму үрдісі И.Н.Ионов (Ионов, 2007), З.А.Сокулер (Сокулер, 2003), М.М. Даймонд (Даймонд, 2012), И.Н. Ионов пен В.М. Хачатурян (Ионов, Хачатурян, 2002) және т.б. еңбектерінде қарастырылады.
Еларалық байланыстар тарихын зерттеуде жүйелілік ұстанымы көпшілік көңілінен шықса, кейбір ұстанымдар сын көзбен қарауды қажет етеді. Мысалы, қазақтың беделді тарихшы-ғалымы М.Қ.Қозыбаев А.Тойнби сияқты кейбір шетелдік зерттеушілердің түркі халықтарын өркениеті жоқ халық дейтін ұстанымдарына сыни көзбен қарауды ұсынса (Қозыбаев, 2001:14), К.Л.Есмағамбетов (Есмағамбетов, 2008: 8) тарихи зерттеу қай тілде жазылса да ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етуі тиіс деп есептейді.
Осындай ұстанымды түркиялық ғалым Вежихи Сефа Фуат Хекимоглы (Вежихи, 2010) да ұстанады және де ол түркі халықтарының рухани бірлігі идеясын жақтайды.
Қазіргі таңда зерттеушілердің арасында А.Д. Воскресенскийдің (Воскресенский, 1999) «көпфакторлы теңдік» теориясы» беделге ие. Ол халықаралық байланыстарды зерттеуде маңызды болып табылады. Осы тұжырымдамаға сәйкес, халықаралық, аймақтық қоғамдар жаһандық қатынастар жүйесінде қарастырылады.
Зерттеу нәтижелері. Ғылыми танымның жетілуімен бірге жаңа білімге жетуге жол көрсететін ұстанымдар, тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасады немесе оларға деген көзқарас өзгеріске түседі. Бұл, әрине, тарих ғылымына, оның жекелеген проблемаларын зерделеуге, соның ішінде патшалық Ресейдің үстемдігі дәуіріндегі Орталық Азия халықтарының өзара байланыстары тарихын қарастыруға да қатысты.
Көрнекті неміс философы Карл Ясперстің пайымдауынша, тарих тұжырымдамасының міндеті бүгінгі дәуірді түсінуге ықпал етумен қатар, ондағы орнымызды көрсету болып табылады (Ясперс,1991: 99). Бірақ осы міндетті атқарады деп түрлі кезеңдерде ұсынылған бірқатар тұжырымдамалар таным ауқымының кеңеюіне сәйкес теріске де шығарылады. Мұндай жағдай ғылыми таным методологиясын зерттеуші Г.И. Рузавиннің пікірінше, ғылым саласындағы алға басудың, теория мен зерттеу тәсілдерінің жетіліп жатқандығының көрінісі болып саналады (Рузавин, 2005: 28).
Түрлі кезеңдерде ұсынылған теориялар мен тұжырымдамалар теріске шығарылмай немесе жетілдірілмей қалмайды. Бұған таяу уақыттарға дейін еліміздегі тарих ғылымында үстемдік құрып келген маркстік-лениндік ілімге негізделген ұстанымның қалыптасу, даму және құлдырау кезеңдерін бастан кешуі дәлел бола алады.
Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ кеңестік тарих ғылымының методологиялық базасы ретінде саналып, ол марксшіл тарихшылардың буржуазиялық тарихшылардан аражігін ажыратып алуға қызмет етті (Пронштейн, Данилевский, 1986:8). Маркстік-лениндік ілімге сәйкес дүниежүзілік тарихи үрдіс қоғамдық-экономикалық формациялардың бірінен соң бірінің алмасуы түрінде түсіндірілді. Формациялық ұстанымның тарихи үрдісті зерттеудегі бірден-бір ұстаным ретінде кеңестік тарих ғылымында орнығып, өзге теорияларды теріске шығаруы елдегі ғылыми танымның ауқымына және тарихи білім беру жүйесіне өз нұқсанын тигізді. Өткен дәуірдегі тарихи құбылыстарды бір қалыпқа салған маркстік-лениндік ілімге негізделген методология зерттеушілерге қандай да бір елдің және халықтың тарихи дамуындағы өзгешелік пен күрделілікке баса назар аударттырмай, тап күресіне ерекше көңіл бөлдіріп, революциялық дамуды абсолюттендіріп, дамудағы эволюциялық үрдістің маңызына мән беруді екінші кезекке ығыстыртты. Соның салдарынан тарих ғылымындағы көптеген мәселелер зерттеу аясынан тыс қалды. Формациялық ұстаным зерттеушілерге социализм құрудың теориясы мен практикасы аясынан және осыған орайластыра жасалған білім беру мен тәрбиелеу жүйесі арнасынан шығуға мүмкіндік бермеді (Поляков, 2003:3). Соған сәйкес Орталық Азия халықтарының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы өзара қарым-қатынасы феодалдық даму сатысындағы халықтардың қарабайыр байланысы түрінде ғана түсіндіріліп, олардың 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалға орай «капитализмге соқпай, социалистік құрылысқа көшуі» барынша дәріптелді.
Қатаң идеологияландырылып, қызыл империя саясатының қызметшісіне айналдырылған кеңестік тарих ғылымы маркстік-лениндік ілімдегі тап күресі теориясы мен интернационализм ұстанымын басшылыққа алып, ұлттық мүддені ескермеді. Мұндай ұстаным Ресей империясының жаулап алған Орталық Азия халықтарының Кеңестер Одағы құрамында болуын «ірі жетістік» ретінде дәріптеуге ыңғайлы болатын. Соған орай патша өкіметінің отарлық саясаты империя құрамына енген халықтарға «зор қасірет» емес, керісінше оларға «болар-болмас қасірет» әкелген болып шықты. Бұл өз кезегінде ұлттық мүддені қорғау мақсатында қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ халықтары өкілдерінің өткен дәуірлерде бірлесе әрекет етуге талпынысын назардан тыс қалдыруға әкеліп соқтырды. Сондай-ақ осы мәселе ғылыми әдебиеттерде айтыла қалғандай жайт болса, оны ұлтшылдықтың көрінісі ретінде бағалау орын алды. Соның салдарынан түркістандық ұлттық саяси элитасы өкілдерінің ХХ ғасыр басында атқарған қоғамдық-саяси қызметі объективті бағаға ие бола алмады. Кеңестік тарих ғылымы түркі халықтарын бір-бірінен алшақтата көрсетуге тырысты.
Кеңестер Одағының ыдырап, оның құрамындағы республикалардың өз тәуелсіздігінің жариялауымен посткеңестік республикалардың тарих ғылымында оң өзгерістер бой көрсетті. Ондай өзгерістер қатарына тап күресі теориясына негізделген формациялық ұстанымның отандық тарих ғылымындағы монополиялық жағдайынан арылуын жатқызуға болады. Бүгінгі таңда тарихшылар жаңа әдістік көзқарастарды қалыптастыруға, тарихи үрдісті оның өзі қандай болса, сол күйінде өзара байланысты, тұтастықпен ұласқан даму қалпында көруге талпынуда. Уақыт өткен сайын отандық және посткеңестік тарих ғылымында өркениеттілік ұстаным перспективалы ұстаным ретінде орнығуда.
Түрлі тарихи кезеңдерде Ф. Вольтер, Дж. Вико, О. Шпенглер, А. Дж. Тойнби, Ф. Бродель, С.Е. Десницкий, Н.Я. Данилевский, М. Вебер, Л.Н. Гумилев, С. Хантингтон секілді т.б. ғалымдар дамытуға үлес қосқан өркениеттілік ұстаным бүгінгі таңда формациялық ұстанымды алмастыра алатын, әрі ағартушылық пен тәрбиелеу функцияларын атқаратын және ұлттық тарихты зерттеу мен ұлттық идеяның орнығуына қызмет ететін әмбебап парадигма ретінде санала бастады (Андреев, 1998: 39).
Өркениеттілік ұстаным марксизмнен әлдеқайда бұрын өмірге келіп, үздіксіз жетілу үстінде болды. Бұл үрдіс әлі күнге өз жалғасын табуда. Дегенмен, осы ұстаным аясында еуроцентристік көзқарас та бой көрсетпей қалмады. Мәселен, ХVIII-ХІХ ғасырлардағы еуропалық ағартушылар арасында көшпелі немесе дала өркениеті өкілдерін отырықшы өмір салт пен мәдениеттің жауы, «жабайылар» ретінде көрсету, еуропалықтардың Шығысты жаулауларының «объективті» екенін негіздеуге тырысу, Еуропаның Шығыстағы үстемдігін негіздеуде еуроцентристік идеяларды методологиялық тірек ретінде пайдалану орын алды. Кейіннен мұндай еуроцентристік тұжырымдаманы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірқатары пайдаланып, Ресейдің Орталық Азиядағы экспансиялық саясатын «орыстардың өркениеттік миссиясы» ретінде дәлелдемек болды. Мұндай көзқарасты жақтаушы орыс зерттеушілері Түркістандағы отарлық билік орындарының жергілікті халықты еуропалық өркениетпен «байланыстырушы көпір» қызметін атқаратындығын дәлелдеуге тырысып, ұлыдержавалық мүддені жоғары қойды. Әрине, мұндай көзқарас тұрғысында Орталық Азия халықтарының өзара байланысы «төменгі даму сатысындағы, кенжелеп қалған өркениеттегі халықтардың байланысы» түрінде түсіндірілді. Ал жергілікті халық өкілдерінің патшалық Ресейдің отарлық саясатына бірлесе қарсылық көрсету әрекеті «озық өркениетті» қабылдауға наразылық, «тағылық сарқыншақтары» ретінде бағаланды. Сондықтан да еуроцентристік көзқарас шынайылықты көрсетпейді, керісінше, бір халықтың екінші халыққа, яғни еуропалықтардың үстемдігін ақтауға бағытталған ұстаным деп бағалануы тиіс. Мұндай көзқарас тарихи үдерісті шынайы тұрғыда түсіндіре алмайтындығын кезінде көрнекті тарихшы-ғалым М.Қ.Қозыбаев өз еңбегінде айта келіп, А. Тойнби, О. Шпенглер секілді ғалымдардың түркі халықтарын өркениетсіз халық етіп көрсету әрекеттерін сынға алған болатын (Қозыбаев, 2001: 14).
Тарихи зерттеулердің теориялық-методологиялық мәселелеріне байланысты еңбек жазған ғалым Л.Р. Хут өркениет теориясы қазіргі заманда өз дамуының жоғары сатысына көтеріліп, онда өркениетті әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде пайымдаушылық белең алғанын, бұл теорияның аясында тарихи жадты түлету, тарихи үрдісті гуманистік тұрғыда әрі эволюциялық сабақтастықта қарастыру жүзеге асатындығын айтып, тарихи ой-пікір тарихында әлемдік-тарихи және мәдени-тарихи тұжырымдамалар өміршеңдік танытып отырғанын атап көрсетеді. Оның пікірінше, әлемдік-тарихи тұжырымдама халықтар тарихын прогрестік дамудың бірегей үрдісі ретінде қарастырады, ал мәдени-тарихи тұжырымдама еуропалық емес халықтардың арттақалушылығы немесе тоқыраушылығы дегенді қолдамай, әрбір мәдени аймаққа өзіндік даму жолы тән екенін негіздейді (Хут, 2003: 54).
ХІХ екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарында орын алған тарихи құбылыстар мен оқиғалардың астарын терең түсініп, дұрыс пайымдауда мәдени-тарихи тұжырымдамасының орны ерекше. Бұл тұжырымдамаға сәйкес әлеуметтік-мәдени, психологиялық, этникалық факторлардың өзара ықпалдастығына, олардың қоғамдық дамудағы орнына және Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарының өрбуіне әсері деңгейіне назар аударылады. Сонымен қатар бұл тұжырымдамада Орталық Азия халықтарының бірегей өркениет өкілдері екені және кез келген өркениеттің әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде өзіндік рухани, ел билеу, тіршілік ету, адамдар арасындағы өзара қатынас, ел аралық байланыс мәдениетіне ие болатыны ескеріледі. Бірақ бұл әлемдік-тарихи тұжырымдамасы екі халық арасындағы байланыстарды ашып көрсетуде дәрменсіз дегенді білдірмейді. Әлемдік-тарихи тұжырымдамасының арнасында Орталық Азия халықтары арасындағы байланыстар желісін әлемдік тарихтың, Шығыс әлемі, Ислам әлемі тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға жол ашыла түсетіндігін де назарда ұстаған абзал. Сондай-ақ бұл тұжырымдама түркістан халықтарының өзара байланысының сипаты мен өрбу қарқынына әсер еткен сыртқы факторларды бағамдауға мүмкіндік береді.
Өркениеттілік ұстаным тарихи зерттеулер методологиясының тарихилық (историзм) принципімен де үйлесімділік табады. Бұл принцип ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Германияда интеллектуалды ағым ретінде бой көрсетіп, кейіннен бүкіл Батысқа тарады. Сол кезде Берлин университетінің профессоры Леопальд фон Ранке тарихилық принципін жақтаушылардың ең ірі өкілі ретінде танылған-ды. Ол тарихшының басты міндеті өткен дәуірдің менталитетіне үңіліп, сол дәуірдің адамдары басқаша емес, неге дәл солай әрекет еткенін айқындауы керек, сонда тарихи шындық бұрмаланбайды деп санады. Оның ізбасарының бірі И.Г. Дройзен болса, бұл пікірді дамыта отырып, тарихилық принцип өткен дәуір туралы тура түсінік қалыптастырумен бірге қоғамның әрі қарай қандай жолмен жүру керектігіне бағыт бере алады, тарихи зерттеудегі қателік әйтеуір бір қоғам дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды деген тұжырым жасаған болатын (Кириленко, 1992: 82). И.Г. Дройзен осындай пікірі арқылы өзін өркениеттілік ұстанымды жақтайтынын және оны формациялық ұстанымға балама ретінде ұсынатынын байқатумен қатар, ол тарихтың басты мақсаты танымның тарихи заңдылықтары мен тарихи білім деңгейін айқындау екенін көрсеткен еді.
Тарихилық принципін жақтаушылар тарих тарихи сананы қалыптастыратындығын негіздеді. Олар тарих ғылым ретінде тарихи сананы жаңғыртуға және өткен дәуірдегі тарихи оқиғалар мен құбылыстар жайлы түсінігіміздің шынайы болуына қызмет етуі тиіс деп есептеді. Сондай-ақ олар белгілі бір проблеманы зерттеу барысында өткен дәуір мен өз заманының айырмашылығын көре білу керектігін, объектіні қоршаған ортасынан бөліп алмай онымен контекстте қарастыру қажеттігін және тарихи құбылыс басқа оқиғалармен диалектикалық байланыста, әрі үрдіс ретінде көрсетілуі тиістігін қолдады (Джуманалиев, 2006: 9-10). Ұсынылған осы қағидалар бойынша ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азия халықтарының қарым-қатынасы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста қарастырылып, оның өбу ерекшелігін шынайы түрде көрсетуге мүмкіндік аламыз. Бұл ретте Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарына әсер еткен, патшалық Ресейдің әскери экспансиясы, Қоқан, Хиуа хандықтары мен Бұқар әмірдігінің патшалық Ресеймен текетіресі, Түркістанның отардануы, Шығыс Түркістанда Жетішар мемлекетінің бой көтеруі, «Уақытша ережеге» қарсы қазақтар арасындағы қарсыластық, 1898 жылғы Әндіжан көтерілісі, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы, жәдидшілдік, 1916 жылғы көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан революциясы секілді т.б. оқиғалар мен құбылыстарға және жергілікті халықтардың арасындағы байланысында өзіндік орны бар Сыздық Кенесарыұлы, Тезек төре, Ш. Жантаев, Батырбек датқа, Тойшыбек би, әмірләшкер Әлімқұл, Йомуд хан, Құдияр хан, Жақыпбек Бадәулет, Б. Сыртанов, И. Арабаев, И. Жайнақов, Д. Сауранбаев, Ә. Сыдықов, М. Тынышбаев, М.Шоқай, Мүнауар Қари, М. Бехбуди, У. Ходжаев секілді т.б. тұлғалардың келбетіне, ұстанымдарына әрі атқарған қызметтеріне көңіл бөліну керектігі аңғарыла түседі. Сонымен қатар Орталық Азия халықтарының байланыстарында орын алған оқиғалар мен құбылыстарға сол дәуірдегі жекелеген адамдардың қатысы деңгейін айқындауда адам қоғамның жемісі әрі субъектісі екені ескеріледі. Мәселені осы тұрғыдан қарағанда, Орталық Азия халықтары арасында отаршылдыққа қарсыластық барысында күш біріктіре әрекет етуге деген талпыныстың қарқын алуы себептері мен нәтижелерін және ондағы жеке тұлғалардың рөлін бағамдауға деген мүмкіншілік артады.
Белгілі шығыстанушы Н.И. Конрад әр халықтың тарихы әрқашан да көршілерінің тарихымен тығыз байланыста болатындығын, мұндай байланыс аумақтық, өңірлік деңгейде әрқашан да болатындығын негіздеп көрсеткен-ді (Конрад, 1972:17). Халықтар арасындағы өзара саяси байланыстар үрдісі көптеген адамдар мен жеке тұлғалардың тағдырына және мүдделеріне әсер еткен оқиғалар мен құбылыстардың жиынтығы іспеттес. Оның өрбу қарқыны мен сипатына жеке тұлғалардың белгілі бір мүддені қорғау жолындағы әрекеттерімен қатар өзге бір көршілес елдердің саяси ұстанымдарындағы ерекшеліктер мен геосаяси ахуалдағы өзгерістер де өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұның өзінен халықтар арасындағы байланыстар тарихын зерттеудің көп қырлы екені аңғарыла түседі. Осындай жайтты ескере отырып, тарих методологиясын зерттеуші ғалым В.Ф. Коломийцев халықтар арасындағы қарым-қатынасқа орай қалыптасқан тұжырымдамалар мәселесіне байланысты жазылған еңбегінде әлемдік саясат жанжалдар мен ымырашылдықтың қосындысы екенін алға тартқан болатын. Ол халықтар арасынағы байланыстарды қарастыруға қатысты жанжалдар мен ынтымақтастық тұжырымдамалары барын атап көрсетеді (Коломийцев, 1994: 81-82). Бұл тұжырымдамалардың қарастырып отырған мәселеге, Орталық Азия халықтары арасында орын алған жанжалдар және өзара келісімдер мен ынтымақтастық жайттарын зерделеуге де өзіндік қатысы бар. Алайда осы тұрғыда халықтар арасындағы қатынасты қарастыруда ымыраға келушілікке, гуманистік саясатты қолдаушылыққа және өзара ынтымақтастыққа мән беру жөніндегі тарих философиясын зерттеуші, немістің көрнекті ғалымы Э. Трёльчтің пікірін де (Трёльч, 1994: 646-647, 687) ескерусіз қалдыруға болмайды. Соған орай Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарында бой көрсеткен қақтығыстардан кейінгі мәмілегерлік келісімдерге, патшалық Ресейдің жаулаушылық әрі отаршылдық саясатына қарсыластықтағы мүдделер тоғысына, азаттық қозғалыстағы ынтымақтастыққа, 1916 жылғы көтеріліс тұсында өз әрекеттерін үйлестіру жолындағы талпынысқа және 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсындағы ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолындағы әрекеттерге назар аудару қажеттігі артады. Мұның өзін белгілі дәрежеде ынтымақтастық тұжырымдамасымен үйлесімділік табатын гуманизм тұжырымдамасының талаптарына сай келеді деуге болады.
Бүгінгі таңда қоғамның, күллі ғаламның мүддесі үшін мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаттарында гуманизм идеяларын басшылыққа алу, халықтар арасындағы қарым-қатынаста гуманизм қағидаттарына жүгінуді жүзеге асыру маңызға ие. Гуманизм – адамгершілікті, адамға сүйіспеншілік идеясын білдіретін көзқарастар жүйесі ретінде адамзаттың еркіндігі мен теңдігін ардақтайды және әрбір жеке тұлғаның ар-намысын құрметтейді. Гуманизм тек дүниетанымдық тұжырымдама ғана емес, ол әрі экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси қатынастарды қамтитын практикалық өмірдің үлкен бір бөлігі. Ол экономикалық, саяси және мәдени өмірдің тұтастығын, адамзат бұл дүниенің жоғары құндылығы екендігін дәріптейді. Тарихтан адамзат тәлім алғанда одан ең бастысы адамгершіліктің мәңгілік құндылықтарына жетудің жолын аңғаруы тиіс. Орталық Азия халықтарының байланыстарын қарастыру барысында гуманизм тұжырымдамасы басшылыққа алынған жағдайда тарихтың тәрбиелеу функциясының елеулі бір бөлігі жүзеге асырылып, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі, ынтымақтастығы, гуманистік құндылықтар дәріптеліп, қан төгіске соқтырған оқиғалардың зардаптарына көңіл бөлінеді. Сонымен қатар 1916 жылғы оқиғаға байланысты Қытайға ауып кетіп, босқыншылық тақсіретін тартқан түркістандықтардың қайта елге оралуына қамқорлық таныту, олардың қоныс аударушылардың қысымына түспеуіне, бұрынғы ата қоныстарына қоныстануына жағдай жасау және олар үшін арнайы тамақтандыру орындарын ашу секілді т.б. іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы ұлт зиялыларының әрекеттері гуманизмнің көрінісі ретінде бағаланады.
Тарихи білім саласына гуманистік мазмұн беру мәселесі тарихшылардың «Анналдар» мектебі өкілдеріне де тән еді. Бұл мектептің бастау көзінде тұрған француз ғалымдары – Л. Февр мен М. Блок тарихты қазіргі қоғам өмірімен байланыстыру, ғылыми айналымға бұрын қосылған деректерді жаңаша пайымдап оқу, зерттеулердің дәстүрлі емес әдістерін қолдану мәселелерін көтерді. Олар 1929 жылы негізін қалаған «Анналдар» атты басылым алғашқы санынан-ақ тарихты зерттеуді кең ауқымда жүргізуді, онда қоғамдық пәндер арасындағы байланысты нығайтуға үндеді. «Анналдар мектебінің» ғалымдары тарихтың мазмұндылығын арттыруға, «барлығын қамтитын (жаһандық) тарих» арнасында тарих ғылымының методологиясын жетілдіре түсуге ерекше мән беріп, өткен дәуірлерді тарихи проблемалар түрінде қарастыруды, деректерге сыни тұрғыда қарауды ұсынып, салыстырмалы-тарихи әдісті зерттеулердегі нәтижелі әдіс ретінде санады. «Анналдар» мектебі өкілдерінің ұстанымы ХІХ ғасырдың ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Орталық Азия халықтарының өзара байланыстарының өрбуіндегі ерекшеліктердің проблема ретінде қарастырылуына, оның мазмұндылығының артуына, бұрындары халықтар байланысы тарихында бұрмаланып түсіндіріліп келген оқиғалар мен құбылыстардың шынайы тұрғыда жазылуына кең жол аша түседі.
Ғылыми таным методологиясын зерттеуші ғалымдар деректік материалдарға негізделген дәйектемені (аргумент) жасалған тұжырымдарға көз жеткізудің методологиясы ретінде қарастыруды ұсынуда. Сондай-ақ олар дәйектеменің фактілік (айғақтық) және логикалық аспектілері белгілі бір тұжырымдама бойынша жасалған тұжырымның сенімділік көрсеткіші деп санайды (Герасимова, Новоселова, 2003: 78-79). Осындай пікір негізінде Орталық Азия халықтарының өзара байланыстары тарихына қатысты тың деректік мәліметті жаңа тұжырымдар жасауға алып келеді деп те есептеуге болады. Ол үшін мұрағаттық құжаттар мен басылымдардың материалдарымен қатар, Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерінде және сол тарихи кезеңнің куәгерлері қалдырған қолжазбаларда сақталып қалған мәліметтерді кең көлемде ғылыми айналымға тартқан абзал.
Белгілі бір тарихи оқиғаға немесе құбылысқа түрлі қырынан қарап, оған түрліше баға беруге болады. Бұл ғылымдағы плюрализмнің көрінісі. Берілген осы әркелкі бағалардың біреуі ғана дұрыс болып табылады. Дұрыс бағаның өзіне танымдық үдерістің жетілуі негізінде көз жеткіземіз (Лазарев, Лебедев, 2005: 105). Оның өзінде дәйектеменің айғақтық аспектісі мен жасалған тұжырымның логикалық тұрғыда үйлесімді болуы елеулі рөл атқарады. Бұл ретте Орталық Азия халықтарының арасында болған ортақ оқиғаларды бағалауда да түрлі деректік материалдарды ғылыми айналымға тартудың өзіндік танымдық маңызға ие екені назарда ұсталуы қажет. «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананың қалыптасуы тұжырымдамасында» Қазақстан тарихының дерек көздеріне жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігінің баса көрсетілуі бұл пікірді нақтылай түседі. Жаңа деректерді іздестіру, оларды сұрыптап талдау негізінде арғы-бергі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерін толтырудың жолдары мен әдістері айқындалады (Нұрпейіс, 2006: 70). Мұны тарихтың теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеуші-ғалым Н.И. Смоленский де растайды (Смоленский, 2007:4-5). Ол тарих ғылымы бірегей, ортақ ұстанымға мойынсына қоймайтынын, тарихшылардың ізденісі өз дәуірінің білім деңгейі мен қоғамдық сұранысқа байланысты екенін, кез-келген ғылым деректердің жинақталуынан бастау алатынын, оның өз кезегінде білімді дамытып, методологиялық проблемаларды айқындауға негіз болатынын атап көрсеткен-ді.
Қорытынды. Мемлекеттік саясаттың мүддесіне орай кеңестік дәуірде түркі халықтарының өзара этносаяси, социомәдени байланыстары тарихына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Түркі халықтарының ортақ тарихы зерттеуден тысқары қалып келді. Түбі бір туыстас түркі халықтары бір-бірінен оқшау, бытыраңқы, өзара байланысы болмағандай көрсетіліп келді. Нәтижесінде қазақтардың, қырғыздардың, әзірбайжандардың, өзбектердің, түрікмендердің және тағы басқа туыстас түркі халықтарының өзара байланыстары тарихы көбіне назардан тыс қалып, терең зерттелінбеді. Соған орай түркі халықтарының өзара байланыстары, XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы өрбу ерекшеліктері ғылыми әдебиеттерде бұрындары үстемдік етіп келген методологиялық ұстанымдарға орай біржақты қарастырылып, шынайы тұрғыда ашылып көрсетілмей келді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен қалыптасқан саяси, қоғамдық, рухани ахуал мен отандық тарих ғылымында орныға бастаған жаңа методологиялық ұстанымдар тың деректерді ғылыми айналымға тарта отырып, тарихи үрдісті сол күйінде, тұтастықпен ұласқан, өзара байланысты, даму үстіндегі түрінде көруге кең жол ашты. Мұның өзі түркі халықтары қарым-қатынасының әр дәуірдегі тарихын жаңа ұстанымдар тұрғысында жазуға мүмкіндік берді.
Бүгіндері түркі халықтарының байланыстары өзінің бастауын ғасырлар қойнауынан алатыны айқындала түсіп, сабақтастығы жалғасып келеді. Қазіргі түркі мемлекеттерінің ортақ ұйымдарының құрылуы соның бір көрінісі болса керек.
Тарих ғылымы саясат пен идеологиядан тысқары қала алмайтыны белгілі. Сонымен бірге ол белгілі бір идеологиялық құндылықтарды қорғай отырып, қоғамдық сананың қалыптасуына септігін тигізеді. Бұл ретте тарихты «идеологияның жай қызметшісі» деп сипаттауға әсте болмайды. Өйткені, тарих ғылым ретінде идеологияны, қоғамдық сананы түлету, оны гуманистік бағытқа бұру потенциалына ие. Ол жаһандану дәуірінде өзекті мәселеге айналған ұлттық құндылықтардың беріктігіне қызмет етеді. Соның өзінде де тарихтың неғұрлым шынайы болуы шарт. Соған орай Орталық Азия халықтарының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығындағы өзара байланысының өрбуін ғылыми айналымға деректерді талдай отырып, молынан енгізу арқылы, ол үдерісті өркениеттілік ұстаным мен тарихилық принципі негізінде, сондай-ақ гуманизм, ынтымақтастық және мәдени-тарихи тұжырымдамалары тұрғысынан қарастырудың маңызы зор деуге болады.
Әдебиеттер мен деректер тізімі
Абусеитова М.К. Новые подходы к исследованию исторических процессов // Кызылординские вести. – 2013. – 3 августа.– С.2
Әбжанов Х.М. Қазақстан: ұлттық тарих, идея, методология. – Алматы: Елтаным, 2014. – 328 б.
Вежихи Сефа Фуат Хекимоғлу. Түркия және Ресей мен КСРО-да түрікшілдіктің даму тарихы (1900 – 1930 жылдардың басы). Тарих ғыл...кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс... автореф. – Алматы, 2010. – 30 б.
Воскресенский А.Д. Россия и Китай: теория и история межгосударственных отношений. – М.: Московский общественный научный фонд; ООО «Издательский центр научных и учебных программ», 1999. – 412 с.
Герасимова И.А., Новоселова М.М. Аргументация как методология убеждения // Вопросы философии. – 2003. – № 10. – С. 72-84.
Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы:Білім, 1994. – 480 б.
Даймонд Д. Коллапс: Как и почему одни общества приходят к процветанию, а другие – к гибели. – М.:АСТ, 2012. – 768 с.
Джуманалиев А.Д. Методология исторической науки и некоторые проблемы историографии Кыргызстана ХХ века // Вопросы истории Кыргызстана. – 2006. – № 4. – С. 7-21.
Есмағамбетов К.Л. Тарих ақтаңдақтары. – 2-кітап. – Алматы: Арыс, 2008. – 426 б.
Есмағамбетов К.Л. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. – 240 б.
Есмагамбетов К.Л. Что писали о нас на Западе. – Алма-Ата: Қазақ университеті, 1992. – 152 с.
Ионов И. Н. Цивилизационное сознание и историческое знание: проблемы взаимодействия. –М.: Наука, 2007. – 499 с.
Ионов И. Н., Хачатурян В. М. Теория цивилизаций от античности до конца XIX века. – СПб.: Алетейя, 2002. – 384 с.
Кириленко Е.И. Традиция историко-методологических исследований в немецком либеральном историзме // Методологические и историографические вопросы исторической науки / отв. ред. Б.Г. Могильницкий. – Томск: Изд-во ТГУ, 1992. –129 с.
Коломийцев В.Ф. О некоторых концепциях международных отношений // Государство и право. – М.: Наука, 1994. – № 12. – С. 81-88.
Конрад В.И. Запад и Восток. – М.: Главная редакция восточной литературы, 1972. – 496 с.
Қасымбаев Ж.К. Проблемы методологии, историографии и источниковедения истории Казахстана позднефеодальный и новой эпохи. – Алматы:КазНПУ им. Абая, 2010. – 103 с.
Қозыбаев М. Қ. Өркениет және ұлт. – Алматы: Сөздік-словарь, 2001. – 369 б.
Лазарев Ф.В., Лебедев С.А. Проблема истины в социально-гуманитарных науках: интервальный подход // Вопросы философии. – 2005. – № 10. – С. 95-108.
Мажитов С.Ф. Проблемы теории и историографии народно-освободительного движения XVIII – XX вв. в Казахстане. – Алматы: Мектеп, 2007. – 350 с.
Нұрпейіс К. Қазақстанның жаңа тарихы // Таным таразысында. – Атырау: Атырау-Ақпарат, 2006. – 313 б.
Поляков Ю.А. Как отразить многомерность истории? // Новая и новейшая история. – 2003. - № 4. – С. 3-10.
Пронштейн А.П., Данилевский И.Н. Вопросы теории и методики исторического исследования. – М.: Высшая школа, 1986. – 208 с.
Сенявский А.С. Теоретические проблемы исторической науки // Новая и новейшая история. – 2002. – № 2. – С. 183-193.
Смоленский Н.И. Теория и методология истории. – М.: Академия, 2007. – 272 с.
Сокулер З.А. Столкновение или диалог цивилизаций? Современные цивилизационные исследования (Реферативный обзор). Россия и современный мир. – М., 2003. – № 3 (40) – С. 198 – 220.
Рузавин Г.И. Методология научного познания. – М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2005. – 287 с.
Трёльч Э. Историзм и его проблемы / пер. с немецкого. – М.: Юрист, 1994. – 719 с.
Хут Л.Р. Новистика: вопросы теории. – М.: Изд-во Московского педагогического университета, 2003. – 328 с.
Ясперс К. Смысл и назначение истории. – М.: Политиздат, 1991. – 527 с.
References
Abuseitova M.K. Novye podhody k issledovaniyu istoricheskih processov[New approaches to the study of historical processes] // Kyzylordinskie vesti. – 2013. –3 avgusta.– S. 2 [in Russian]
Аbzhanov H.M. Kazakhstan: ulttyk tarih, ideya, metodologiya.[Kazakhstan: national history and methodology of the idea] // – Almaty: Eltanym, 2014. – 328 b.[in Kazakh].
Vezhihi Sefa Fuat Hekimoglu. Turkiya zhane Resei men KSRO-da tyrіkshіldіktin damu tarihy (1900 – 1930 zhyldardyn basy). [The history of the development of Turkism in Turkey, Russia and the USSR (1900-1930-ies)] Tarih gyl...kandidaty gylymi darezhesіn alu ushіn dajyndalgan diss... avtoref. – Almaty, 2010. – 30 b.[in Kazakh].
Voskresenskii A.D. Rossiya i Kitai: teoriya i istoriya mezhgosudarstvennyh otnoshenii [ Russia and China: Theory and History of Interstate Relations] – M.: Moskovskii obshchestvennyi nauchnyi fond; OOO «Izdatel'skii centr nauchnyh i uchebnyh programm», 1999. – 412 s.[in Russian].
Gerasimova I.A., Novoselova M.M. Argumentaciya kak metodologiya ubezhdeniya [Argumentation as a methodology of persuasion] // Voprosy filosofii. – 2003. – № 10. – S. 72-84.[in Russian].
Gumilev L.N. Kone turіkter [Ancient Turkic] – Almaty: Bіlіm, 1994. – 480 b.[in Kazakh].
Dajmond D. Kollaps: Kak i pochemu odni obshchestva prihodyat k procvetaniyu, a drugie – k gibeli [How and why some societies come to prosperity and others to ruin] – M.:AST, 2012. – 768 s.[in Russian].
Dzhumanaliev A.D. Metodologiya istoricheskoj nauki i nekotorye problemy istoriografii Kyrgyzstana HKH veka [Methodology of historical science and some problems of historiography Kyrgyzstan of the twentieth century] // Voprosy istorii Kyrgyzstana. – 2006. – № 4. – S. 7-21.[in Russian].
Esmagambetov K.L. Tarih aktandaktary. [White spots of history ] – 2-kіtap. – Almaty: Arys, 2008. – 426 b. [in Kazakh].
Esmagambetov K.L. Kazakhtar shetel adebietіnde [Kazakhs in foreign literature] – Almaty: Atamura-Kazakhstan, 1994. – 240 b.[in Kazakh].
Esmagambetov K.L. Chto pisali o nas na Zapade [What was written about us in the West] – Alma-Ata: Kazakh universitetі, 1992. – 152 s.[in Russian].
Ionov I. N. Civilizacionnoe soznanie i istoricheskoe znanie: problemy vzaimodeistviya. [Civilizational consciousness and historical knowledge: problems of interaction] M.: Nauka, 2007. – 499 s.[in Russian].
Ionov I.N., Hachaturyan V.M. Teoriya civilizacii ot antichnosti do konca XIX veka [Theory of civilizations from antiquity to the end of the XIX century] – SPb.: Aleteiya, 2002. – 384 s.[in Russian].
Kirilenko E.I. Tradiciya istoriko-metodologicheskih issledovanii v nemeckom liberal'nom istorizme [The tradition of historical and methodological research in German Liberal Historicism] // Metodologicheskie i istoriograficheskie voprosy istoricheskoi nauki / otv. red. B.G. Mogil'nickii. – Tomsk: Izd-vo TGU, 1992. –129 s.[in Russian].
Kolomiicev V.F. O nekotoryh koncepciyah mezhdunarodnyh otnoshenii [On some concepts of international relations] // Gosudarstvo i pravo. – M.: Nauka, 1994. - № 12. – S. 81-88. [in Russian].
Konrad V.I. Zapad i Vostok. – M.: Glavnaya redakciya vostochnoi literatury [The main editorial office of Oriental literature] 1972. – 496 s.[in Russian].
Kasymbaev Zh.K. Problemy metodologii, istoriografii i istochnikovedeniya istorii Kazakhstana pozdnefeodal'nyj i novoj epohi. [Problems of methodology, historiography and source studies of the history of Kazakhstan of the Late Feudal and new era] – Almaty:KazNPU im. Abaya, 2010. – 103 s.[in Russian].
Kozybaev M.K. Orkeniet zhane ult [Civilization and nation] – Almaty: Sozdіk-slovar, 2001. – 369 b.[in Kazakh].
Lazarev F.V., Lebedev S.A. Problema istiny v social'no-gumanitarnyh naukah: interval'nyi podhod [The Problem of truth in the Social Sciences and Humanities: an interval approach] // Voprosy filosofii. – 2005. – № 10. – S. 95-108.[in Russian].
Mazhitov S.F. Problemy teorii i istoriografii narodno-osvoboditel'nogo dvizheniya XVIII – XX vv. v Kazahstane [Problems of theory and historiography of the People's Liberation movement of the XVIII - XX centuries in Kazakhstan] – Almaty: Mektep, 2007. – 350 s.[in Russian].
Nurpeiіs K. Kazakhstannyn zhana tarihy [New history of Kazakhstan] // Tanym tarazysynda. – Atyrau: Atyrau-Akparat, 2006. – 13 b.[in Kazakh].
Polyakov Yu.A. Kak otrazit' mnogomernost' istorii? [How to reflect the multidimensionality of history?] // Novaya i novejshaya istoriya. – 2003. - № 4. – S. 3-10.[in Russian].
Pronshtein A.P., Danilevskii I.N. Voprosy teorii i metodiki istoricheskogo issledovaniya [Questions of theory and methodology of historical research] – M.: Vysshaya shkola, 1986. – 208 s.[in Russian].
Senyavskii A.S. Teoreticheskie problemy istoricheskoi nauki [Theoretical problems of historical science] // Novaya i novejshaya istoriya. – 2002. – № 2. – S. 183-193.[in Russian].
Smolenskij N.I. Teoriya i metodologiya istorii. [ Theory and methodology of history] – M.: Akademiya, 2007. – 272 s.[in Russian].
Sokuler Z.A. Stolknovenie ili dialog civilizacii? Sovremennye civilizacionnye issledovaniya (Referativnyi obzor). [Clash or dialogue of civilizations? Modern Civilizational Studies (Abstract review)] Rossiya i sovremennyi mir. – M., 2003. – № 3 (40) – S. 198 – 220.[in Russian].
Ruzavin G.I. Metodologiya nauchnogo poznaniya [Methodology of scientific knowledge] – M.: YUNITI-DANA, 2005. – 287 s.[in Russian].
Tryol'ch E. Istorizm i ego problemy / per. s nemeckogo [Historicism and its problems / trans . from german] – M.: YUrist, 1994. – 719 s.[in Russian].
Hut L.R. Novistika: voprosy teorii [Novistics: questions of theory] – M.: Izd-vo Moskovskogo pedagogicheskogo universiteta, 2003. – 328 s.[in Russian].
Yaspers K. Smysl i naznachenie istorii[The meaning and purpose of the story] – M.: Politizdat, 1991. – 527 s.[in Russian].
МРНТИ 03.20.00
ВЗАИМООТНОШЕНИЯ ТЮРКСКИХ НАРОДОВ В ПРОБЛЕМАХ ИССЛЕДОВАНИЯ (ВТОРАЯ ПОЛОВИНА ХІХ - НАЧАЛО ХХ ВЕКОВ)
А.Ш. Махаева¹*, Г.О. Чаргынова².
¹Казахский национальный педагогический университет имени Абая, Казахстан, г. Алматы.
²Казахский национальный женский педагогический университет, Казахстан, г. Алматы.
*Корреспондирующий автор
E-mail: ait965@mail.ru (Махаева), chargynova.gulzada@gmail.com (Чаргынова)
Аннотация. История любого народа взаимосвязана с историей соседних народов. Важную роль в отечественной историографии занимает исследование истории взаимосвязей тюркских народов. Казахский народ в процессе исторического развития имел постоянные этнополитические контакты с родственными тюркскими народами Центральной Азии. Вторая половина ХІХ - начало ХХ веков являлись сложным периодом в истории этнополитических отношений тюркских народов Центральной Азии. В статье рассматриваются новые теоретико-концептуальные подходы в изучении истории взаимосвязей тюркских народов: формационный, цивилизационный и другие подходы, а также взгляды, принципы и выводы. Результаты нашего исследования показывают многогранность, преемственность и глубину изучения истории взаимоотношений тюркских народов.
Ключевые слова: тюркские народы, взамосвязи, историография, теоретико-методологические аспекты, Центральная Азия.
IRSTI03.00.20
THE RELATIONSHIP BETWEEN THE TURKIC PEOPLES IN THE RESEARCH QUESTIONS ( SECOND HALF OF THE XIX - EARLY XX CENTURIES)
A.Sh. Mahayeva¹*, G.O. Chargynova²
¹Abai Kazakh National Pedagogical University, Kazakhstan, Almaty.
²Kazakh National Women's Pedagogical University, Kazakhstan, Almaty.
*Corresponding author
E-mail:ait965@mail.ru, (Mahayeva), chargynova.gulzada@gmail.com, (Chargynova).
Abstract. The history of any people is interconnected with the history of neighboring peoples. An important role in Kazakhstani historiography is played by the study of the history of the relationships of the Turkic peoples. The Kazakh people in the process of historical development had constant ethno-political contacts with kindred Turkic peoples of Central Asia. The second half of the 19th - the beginning of the 20th century was a difficult period in the history of ethno-political relations between the Turkic peoples of Central Asia. The article discusses new theoretical and conceptual approaches in the study of the history of the relationship of the Turkic peoples: formational, civilizational and other approaches, as well as views, principles and conclusions. The results of our study show the versatility, continuity and depth of study of the history of relations between the Turkic peoples.
Key words: Turkic peoples, relationships, historiography, theoretical and methodological aspects, Central Asia.
Авторлар туралы мәлімет:
¹Тарих ғылымдарының докторы, профессор
² PhD доктор, аға оқытушы