Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_140

«САРЫАРҚА» ГАЗЕТІ ҚАЗАҚ ҚАУЫМЫН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛ БОЛУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕ БАСТАУШЫ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_4_140

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(28), 2021

Тегтер: социал-демократия, ұлтшылдық идеологиясы, мецанаттық, қазақ комитеті, ұлттық автономия, саяси лидер, эволюциялық даму, «Алаш» қозғалысы, ұлттық таңдау, қазақ қауымы, демократиялық қоғам, құрылтай жиналысы
Автор:
С.М. Борбасов¹*ID
¹Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы 
*Автор-корреспондент 
Е-mail: Borbasov54@mail.ru (Борбасов) 
Аңдатпа. Мақалада 1917-1919 жылдар аралығында Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің ұстанымдары талданады. Газеттің басты бағыты «Алаш» партиясының ұлт-азаттық идеялары қазақ қауымына түсіндіру және насихаттау болғандығы көрсетіледі. «Сарыарқа» газетінің бүгінгі зерттеушілерге қол жетімді болып отырған 54 санындағы демократиялық қоғам құру идеялары талданады. «Алаш» партиясының серкелері Ә. Бөкейхановтың, М. Дулатовтың, Ж. Аймауытовтың т.б. қазақ қауымын демократия идеялары мен принциптерін қалай түсіндіргендігі ашылады. Әсіресе Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлауды, Қазақ комитеттерінің жергілікті билік органы ретіндегі ықпалын арттыруды мақсат еткендігі дәлелденеді. «Сарыарқа» газетінің қазақ халқын демократиялық күреске жұмылдырудың жолдарын, тәсілдерін, стратегиясы мен тактикасын насихаттауы талданады. «Сарыарқа» қазақ қауымын демократиялық қоғам құру мақсатында өзінің ұлттық ішкі потенциалына ғана сенуін тәрбиелеуге ұмтылуын жақтағандығы айтылады.
Түйін сөздер: Құрылтай жиналысы, қазақ қауымы, демократиялық қоғам, ұлттық таңдау, «Алаш» қозғалысы, эволюциялық даму, саяси лидер, ұлттық автономия, қазақ комитеті, мецанаттық, ұлтшылдық идеологиясы, социал-демократия.
Мазмұны:

Кіріспе. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қиыншылықтары, елдегі әлеуметтік-ұлттық қайшылықтардың шиеленісуі 1917 жылға қарай Ресейде революциялық ахуалдың қалыптасуына әкелді. Ақпан айында буржуазиялық-демократиялық күштер жеңіске жетіп Ресейде Уақытша үкімет құрылды. Алайда, халықтың революциялық қозғалысын радикалды-солшыл саяси партия болып есептелетін большевиктер пайдаланып кетті. Большевиктік топ Қазан революциясы нәтижесінде ел билігіне келіп Ресейдегі демократиялық жалпы ұлттық қозғалысты шектеуге кірісті. Біздің зерттеу объектіміз болып отырған «Сарыарқа» газеті Ресей империясының революциялық кезеңді бастан өткеріп жатқан уақытында 1917-1919 жылдары шығып тұрды. «Сарыарқа» газетінің бүгінге жеткен 54 номерлерін оқып отырғанда оның Қазақстан аумағында демократиялық қоғамның жаршысы болғандығын сезінеміз. Большевиктер 1919 жылы тиым болған газеттің 34 номері әлі табылған жоқ.

Семей қаласында Алаш қозғалысының үні болған «Сарыарқа» газеті қазақ халқын демократиялық құндылықтар рухында тәрбиелеуде зор рөл атқарғандығы даусыз. «Сарыарқада» биліктің қателіктерін талдау, сынау, қазақ халқын ұлттық топтасуға шақыру, сайлау жүйесін жетілдіру, сайлауда әділ өткізу, білімді, ғылымды, өнер мен мәдениетті насихаттау, қолдау мәселелері көтерілді. Газетте «Алаш» партиясының серкелері Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, М. Дулатов т.б. мақалалары жарияланып тұрды. Олардың ел экономикасын көтеру, халықтың сапалық дамуына қол жеткізу, әділ заңдар қабылдау, құқықтық мемлекет қалыптастыру туралы ой-пікірлері қазақ оқырмандарына өте түсінікті тілмен жеткізіліп отырды. Қоғамды кері кетіретін парақорлық, жемқорлық, рушылдық, барымта-ұрлық сияқты девянттық құбылыстар табиғаты ашылып, сыналды. «Сарыарқа» газеті қазақ халқын топтасып, бірігіп өз мүддесі үшін, ел мен жер үшін батыл күреске жұмылдыруды мақсат тұтты. Әрине, сол кездегі тарихи ахуал, саяси күштердің ара салмағы «Сарыарқа» газетінің демократиялық мақсаттарын орындауға мүмкіндік берген жоқ. Алаш партиясы үміт артқан Ресей демократиялық қозғалысы жеңіліп, пролетарлық ұрандарды күн тәртібіне қойған большевиктер билікті алып кетті. Большевиктік билік «Сарыарқаның» демократиялық қоғамға, Батыстық либералдық құндылықтарға бетбұрысын қабылдамады.

Материалдар мен әдістер. Мақаланың деректік базасы бүгінгі күнге дейін табылған «Сарыарқа» газетінің 54 номері және Алаш партиясының лидерлерінің еңбектері. Олар ашық баспасөзде жарияланған деректер.

Газеттің әр санына герменевтикалық талдау жасағанда оның негізгі бағыты – Батыстық демократиялық құндылықтарға, нарықтық экономикаға негізделген қоғам құру екендігіне көз жеткіземіз. «Сарыарқа» газетінде демократиялық қоғам принциптері талданып, оны қазақ қоғамына сіңдірудің жолдары, әдіс-тәсілдері және бағыттары қарастырылады. Мақалада әлеуметтік феноменология тұжырымдары басшылыққа алынады. Алаш лидерлері Ресей империясында болып жатқан саяси-әлеуметтік және экономикалық үдерістердің қыспағында болды. Олар қаншалықты тырмысқанымен қалыптасқан саяси шындық қазақ қауымына демократиялық қоғам құруына жол берген жоқ. Осы ретте мақалада тарихи объективтілік, логикалық, ретроспективтік, салыстырмалық талдау әдістері пайдаланылады.

Ғылыми мақаланы жазу барысында шетелдік және отандық деректану ғылымының нәтижелері қолданылып газет материалдарына контент-талдау, классификациялау, жүйелеу, синхронды талдау әдістері пайдаланылады. Алаш партиясының «Сарыарқа» газеті арқылы демократиялық қоғам құру мақсаттарын насихаттауы мәселесін зерттеуде әлемдік демократиялық қоғам идеялары, принциптері, демократияны орнықтырудың тәжірибесі мен әдіс-тәсілдері туралы ғылыми-теориялық және методологиялық принциптер басшылыққа алынады.

Талқылау. Қазақстандық тарих ғылымында «Сарыарқа» газетінің қазақ қауымын демократиялық ел болу жолындағы күреске бастаушы болуы тақырыбы зерттелген жоқ. Әдебиеттанушылыар, журналистер «Сарыарқа» газеті туралы жазды. Алайда, жарық көрген еңбектерде газеттің демократия жолындағы күрескерлігі арнайы зерттеу объектісі болған емес.

«Сарыарқа» газетінің қолжетімді номерлерін жинақтап жария еткен Ғ. Әнес. Ол құрастырған «Отты жылдар шежіресі – «Сарыарқа» газеті. 1917 жылы» Алматы: Арыс, 2017 жылы жарық көрген кітаптың зерттеушілерге мол деректік материалдар берері даусыз. Кітапқа «Сарыарқа газетінің» 88 номерінің 54 номері енгізілген. Құрастырушы жазған кіріспеде «Сарыарқа» газетінің қазақ қоғамында алатын орны мен рөлі жайында негізді пікірлер айтылады. Қазақ газеттерінің деректер ретінде қазақ тарихына қызмет етуі жайында Қ. Атабаев «Деректану: Оқу құралы. Алматы: Қазақ тарихы 2007 жылы жарияланған еңбегінде тұжырымдамалық пікірлер айтады. Шындығында «Сарыарқа» газеті 1917-1919 жылдардағы қазақ қоғамы өмірінің айнасы іспеттес. Газет тарихи кезеңнің келбетін ғана емес қоғам алдындағы мақсат-мұраттарды да айқындап отырды.

Сөз жоқ демократиялық қоғамға қарай бетбұрыс жасаудың, шаруашылықты жаңартудың жолдары турасында мағлұматтарды біз Алаш қайраткерлерінің «Сарыарқа» газетінде жариялаған мақалаларынан, сөздерінен, баяндамаларынан аламыз. Газетте С. Торайғыровтың, М. Жұмабаевтың ұлттық намысты оятқан өлеңдері жиі жарияланды. Қазақ халқы өз әдебиетінің классигіне айналған М. Әуезовпен де танысты. Алаш қайраткерлерімен қатар «Сарыарқа» қарапайым қазақ азаматтарының трибунасына айналды. Газет қазақ қауымының өмірінің негізгі салалары жайында кесек-кесек, тиімді, ұлтжанды идеяларға, пікірлерге және ұсыныстарға толы болды.

Зерттеу нәтижелері. 1917 жылғы Ресей де болған ақпан, қазан революциялары, қазақ даласына да түбегейлі өзгерістер әкелді. 1914 жылы басталған дүниежүзілік соғыстың ауыртпашылықтары Ресей қоғамының ішкі қайшылықтарынан туған қиындықтар қасында аса маңызды болмай қалды. Ресей қоғамы таптық соғысқа кірісті.

Патша үкіметі мен буржуазиялық уақытша үкіметті жақтаушылар мен жаңа пролетарлар мен кедей шаруалар билігін жақтаушылар арасындағы бітіспес күрес 1918-1920 жылдарда Азамат соғысына айналды. Қазақ даласы мен ауылдары үстінен кезек-кезек «ақтар» мен «қызылдар» отрядтары өтіп жатты. Олар бейбіт қазақ халқын тонауды, қыруды, зорлауды, мал-мүлкін күштеп алуды әдетке айналдырды. Қазақ қоғамына революциялар мен Азамат соғысы зор ауыртпалықтар әкелді. Халық ашығып, босқынға айнала бастады. Қазақ қоғамы тоқырау мен бытырау кезеңіне келді. Ұлттық экономикалық, рухани-мәдени дағдарыс басталды.

Осы кезеңде қазақ халқына саяси-әлеуметтік тығырықтан шығудың, ұлттық топтасудың, әлемдік сындарға жауап берудің жолын көрсеткен, халықты құтқарушы саяси топ «Алаш» партиясы болды. Алаштықтар қазақ зиялы қауымның жаңа генерациясына айналды. Олар қазақ қоғамының болашағы әлемдік өркениетті халықтар құра бастаған демократиялық, құқықтық мемлекет екендігін жақсы түсінді. Осындай жарқын болашаққа жол тарту мақсатында қазаққа жерді, халықты, тілді, мәдениетті сақтап білімге, ғылымға, өнерге, шаруашылықты ұйымдастыруға кірісу керектігін түсіндіре бастады. Таптық күрес жолы қазақты бөлшектейтін тұйық жол екендігін Алаш көсемдері жақсы білді. Алаш қайраткерлері өркениетті адамзаттың жолы демократиялық қоғам құру жолын таңдады.

«Алаш» партиясының ұстанымдары мен идеологиясын қазақ қоғамына таратушы «Сарыарқа» газеті болды. Баспасөздің қоғамдық қатынастардағы маңызын Алаш көсемдері жақсы түсінді. Алаш лидерлерінің бірі М. Дулатов Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатесіз бір өлшеушісі баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді яки қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық, бұған еш нәрсе білмейтін надандар, соқырлар болмаса, көзі ашық, көңілі тектілер көптен иман келтірген. Сондықтан Еуропа жұрты баспасөзге «алтынышы мемлекет, деп ат қойған»,- деп жазып баспасөздің қоғамды дамытудағы орны мен рөліне жоғары баға береді. (Міржақып, 1923: 3).

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының саяси-рухани өмірінде елеулі рөл атқарған. «Сарыарқа» газеті Семей облыстық Қазақ комитетінің үні ретінде 1917-1919 жылдар аралығында қазақ тілінде аптасына 1 рет шығып тұрды.

Газетті бастырушы «Теңдік» серіктігі болған. «Сарыарқаның» редоктарлары қызметін әр жылда Р. Мәрсеков, И. Әлімбеков, Х. Ғаббасов атқарды. 1917 жылы 12 маусымда алғашқы номері жарық көріп соңғы №88 саны 1919 жылы шыққан. Тиым салынған газеттің 34 саны жоғалған, әлі іздестірілуде. «Сарыарқа» газеті қазақ қоғамының 1917-1919 жылдарда бастан кешкен маңызды оқиғаларын көрсететін аса құнды тарихи-мәдени жәдігер болып табылады,-деп есептейді белгілі зерттеуші Ғ. Әнес (Әнес, 2017: 8).

Газетте Ресейде орын алған 1917 жылғы ақпан және қазан революцияларын қазақ даласына ықпалы, Уақытша  үкметінің қызметі, елде билікке келген большевиктік Кеңес үкіметінің саясатының бағыт-бағдары жайында, қазақ халқының тағдырына, жағдайына әсері жайында, «Алаш» партиясының мақсат-міндеттері турасындағы мақалалар жарияланды. Мысалы, «Сарыарқа» газетінің №18,30 октябрь 1917 жылғы санында Семей қаласында болған ерекше оқиға туралы жазылған. Мақала «Әлиханның Семейге келуі» деп аталған. «Алаш» партиясының серекесі Әлихан Бөкейхановтың Семейге келуі жалпықалалық мейрамға айналған. Қаланың зиялы қауымы, оқушылары, қарапайым халқы көтеріңкі көңілмен, бірін-бірі құттықтап Әлихан келетін поезды тосуда. Осы бір ғана эпизодтан қазақ халқының Алаш лидеріне деген ерекше құрметін, сүйіспеншілігін, оның ерлік қызметіне үлкен баға бергендігін байқаймыз. «Сарыарқа» газетінің беттерінен революциялық төңкерістер болып жатқан кезеңдегі қазақ жеріндегі тарихи ахуалдың шындығын көргендей боламыз. Сондықтан «Сарыарқа» газеті қазақ қоғамының зайырлы, демократиялық мемлекет құру жолындағы алғашқы қадамдарынан нақты деректер береді. Бұл ретте Қазақстанның белгілі деректанушысы болған Қ. Атабаевтың айтқан: «Қоғамда болып жатқан біралуан ірілі-ұсақты уақиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым уақыт өте келе баға жетпес құнды дерек көзіне айналды. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтарды жинайды. Сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дерек ретінде ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі»,- деген пікірін «Сарыарқа» газетіне байланысты айтуға болады. (Атабаев, 2007: 149).

Әлихан Бөкейханов 1917 жылы 21 қазанда Семейге келеді. Семей халқы «Алаш» лидерін генерал-губернатор келгеннен де салтанатты жағдайда, бүткіл бұқара жиналып қарсы алады. Әлиханды Семей қаласы қиып өтетін Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алаш қаласындағы «Бостандық үйіне» апарады. Халық арасынан іріктелген топ елді залға орналастырып, көсем азаматтың сөзін тыңдайды. Әлихан өз сөзінде февраль революциясының қазаққа бостандық силағанын, ол үшін халық орыс революционерлеріне алғыс айтуы керектігін ескертті. Өзін орыс революционерлерлерінің, ерлерінің жолдасымын. Қазақ халқы бостандықты қуса, мен оған өмір бақи қызмет етемін деп уәде берді. Ал, халық бостандық жолынан таймай күресуі міндет екендігін шегелеп айтты. Келесі күні халық Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековтың Сібір съезінде айтқан сөздерін естімек болып тарасады.

«Сарыарқа» газетіндегі бір ғана мақаладан «Алаш» партиясы өкілдерінің қазақ халқы арасында қаншалықты зор абыроға ие екендігін байқаймыз. Бүгінгі күндегі кейбір «сыншы тарихшылардың» Алаш лидерлерін қазақ білген жоқ, олар халықтан оқшау болды, қазақтың ұлттық мүдделерін орындау жолында күресте өз қамдарын бірінші орынға қойды,- деп жүргендерінің қаншалықты жалған екендігін, «Алаш» қозғалысы мәні мен маңызын бұрмалау екендігіне көз жеткіземіз.

Газеттің осы №18 санында Қыр баласы деген бүркеншек атпен Әлихан Бөкейхановтың «Жалпы сібір съезі» атты мақаласы жарияланған. Мақалда қазақ халқына бостандық әперудің жолы алдымен автономия болуға қол жеткізу деген идея күн тәртібіне қойылады.  

«Сарыарқа» газетінің беттерінен Ресейдің отаршылдық саясатының салдарынан, қазақ қоғамының саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуалы, демографиялық үрдістер, мәдениет білім жағдайы, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дайындық, «Алаш» партиясының міндеттері жайында объективті ақпарат аламыз. Сонымен қатар «Сарыарқа» газеті Ш. Құдайбердиев, Ж. Аймаутов, М. Дулатов, С. Торайғыров, М. Әуезов сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларымен қазақ қауымын қауыштырды. Бұл шығармалар қазақ қауымының ұлттық санасының қалыптасуына ықпал етті.

Ақпан революциясынан кейінгі саяси ахуал жайында «Сарыарқа» газеті өте мазмұнды ақбар береді. 1917 жылы 27 ақпанда патша үкіметі құлап Ресей империясында мемлекет билігі халыққа берілді. Ал, халық атынан жергілікті комитеттерге сайланған депутаттар жұмыс атқармақ. Осындай атқарушы комитет Семейде 5 наурызда құрылды.  Оған түрлі ұйымдар 1-2 адамнан мүше жіберді. Қазақта ұйым болмағандықтан ешкім атқару комитетіне кіре алмаған. Тек 7 март күні ғана Семей облыстық қазақ комитеті ашылды. Қазақ комитеті мақсаты-800-мыңдай болатын облыстағы қазақ жұртын саясатқа тарту, қазақ пен орыс арасын байланыстыру, Құрылтай жиналысына депутаттар дайындау, қазаққа қатысты шаруалардың барлығына араласу. Атқару комитеті қазақ мәселесіне қатысты ешқандай мәселені шешуге құлық танытпады. Продовольственный  комитет те қозғалмауда. Алайда, орыс жағы «қазақтар бөлінейік деп жүр», «қазақ бізбен күш біріктірмеді, қазақ облыс билігінің шырқын бұзуда» деген айыптау әңгімелерін таратуда. Сондықтан әзірше орыспен бірігіп Құрылтай жиналысына дайындалу. Болашақта «автономия» болудың харакетін істеу,- деп көрсетеді «Сарыарқа» (Семейдегі, 1917: 4).

Әлихан Бөкейханов қазақ қауымын автономияға эволюциялық жолмен жетуге үгіттеп: «Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын: Біз ойладық: әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік. Жіп жалғап, зор мемлекет күрмеуінен құтылып ал, отау боп соңынан бөлінелік деп,- жазады (Бөкейханов, 1917: 3). Ол үшін қазақ халқы өкілдері, басқа бұратана халықтарымен бірге Сібір автономиясына енуі керек. Қазақ Сібір автономиясына уақытша кіреді. Түпкі мақсат Ресей империясының қатал билігінен құтылу. 1917 жылғы жазда болған комитет сайлауларында қазақтардан іскер адамдар аздығы, халықтың қараңғылығы көрінді. Сондықтан алдымен Сібір автономиясы болып бөлініп алып, кейінірек жинақталып, дайындалып жеке қазақ автономиясы болып бөлінуге мүмкіндік тууы ықтимал. «Алаш» лидерлері елді бейбіт жолмен, қырғынға ұшыратпай, біртіндеп тәуелсіздікке жету жолын таңдайды.

Келешекте қазақ автономия құрса ел ішіне депдеп кіріп алған орыс мұжықтары не істемек деген мәселе туады. Әсіресе, Торғай, Ақмола, Семей облыстарында қазақтар орыс мұжықтарымен аралса отыр. Егер автономия болсақ сол жердегі қазақтар ата мекенін тастап көшіп кете ала ма? Әрине қазақ өз ата қонысынан кетпейді. Олай болса автономия орыс халқының қазақ жеріндегі өкілдерімен бірге ортақ болмақ. Орыстар Қазақ автономиясы құрамында қалуға қарсы емес деп есептейді Қыр баласы. Қазақ автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ. Түркістан жеке автономия болса қазақ туысқан халықтар басым бұл автономияға кірер еді. Алайда қазіргі Түркістан халықтары қазақтан он есе қараңғы. Автономия болып көтеріліп, бірігіп кету тым қиын. Оралдың Бөкей ордасын казак-орыс атты әскері бөліп тұр. Оларды казактар қолдамаса автономияға кіріге алмайды. «Қыр баласы» қазақтың тәуелсіздік алу жолында қаншама қиыншылықтар бар екендігін қысқа ғана мақалада өте терең көрсетеді. Қазақты қаруы бар жергілікті орыс диаспорасымен қайшылыққа келуден сақтандырады.

Бүгінгі күнде «Сарыарқа» газетінің 22 номерлері сақталып, зерттеушілердің қажетіне жарап отыр. Газеттің әр номерінен халықтың жағдайы, «Алаш» партиясының қазақ халқының мүдделерін қорғау жолындағы міндеттері, жаңа заманға байланысты жалпыхалықтық мақсат-мүдделерді қорғау, Қазақстанға қоныстанған орыстармен қарым-қатынастар мәселесі, отарлық жүйені әлсіретіп бостандық ұмтылудың түрлі айла-шарғылары, халықтың білімін, денсаулығын жақсарту мәселелері «Сарыарқа» газетінде дер кезінде, өте өткір тілімен, халыққа түсінікті етіп күн тәртібіне қойылып отырды. Қазақ қауымы «Сарыарқаны» оң ниетімен қабылдады және оқыды.

Мысалы, біз алған №18 «Угредительное собрание сайлауы қалай болады?» деген мақалада. Қазақ азаматтары сайлау парақтарын қалай пайдалануы керек, қалай дұрыс дауыс беру керек, «Алаш» партиясы азаматтарын сайлауда қалай қолдау көрсету керек деген өзек жарды сұрақтарға жауап беріледі. №5 Қыр (далалық) сайлау округі бойынша «Алаш» партиясы атынан №1 болып Әлихан Бөкейханов, (Орынбордан) әрі қарай Айдархан Тұрлыбаев, (Омбыдан) Әлімхан Ермеков (Семейден), Халел Ғаббасов (Семейден), Асылбек Сейітов (Омбыдан), Мұқыт Бұжтаев (Баянауылдан), Жақып Ақпаев (Қарқаралыдан), Райымжан Мәрсеков (Семейден), Жұмағали Тілеумен (Перопавловскден), Биахмет Сәрсенов (Семейден) «Сарыарқа» газетінің редакторы), Рахымжан Дүйсенбаев (Ақмоладан), Мағжан Жұмабаев (Омбыдан), Әбікей Сәтбаев (Баянауылдан), С. Мешенбаев (Атбасардан), Бәзікен Өскенбаев (Зайсаннан). Құрылтай жиналысына кандидаттар ретінде ұсынылатыны көрсетіледі.

Тізімді қарасақ оған «Алаш» партиясының бетке ұстар серкелері енгізілген. «Сарыарқа» газеті арқылы Қазақ партиясы Алаш Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында жалпықазақтық бостандық мүдделерін қорғауды алдыға қояды. Ноябрь, декабрь айларында болатын Учредительное собраниеге алдын ала халықты дайындап, бүткіл қазақ болып елді, жерді, шаруашылықты сақтап қалуды көздейді. Бұл құжаттан «Алаш» партиясының сайлау процедурасын, дауыс беру, оны санау технологиясын жақсы меңгергендігін көреміз. Саяси партия ретінде «Алаш» демократиялық қоғам құру негіздерін меңгерген деп бағалауға болады. «Алаш» партиясы өз кезіндегі Ресей империясындағы алдыңғы қатарлы, әлемдік демократия талаптарына сай қызмет атқарған бірден-бір ұлтық партия болды. «Алаш» саяси партия ретінде қазақ ұлтының мүдделерін қорғай отыра, басқа ұлттардың мүддесін аяққа таптау, басқа халықтарды кемсіту факторларына жол бермейді. Сайлау барысында ұлыорыстың шовинистік позиция алға шығатынын сезінген «Алаш» партиясы орыстық партиялар әрекеттеріне қазақ халқының жем болып кетпеуі туралы ғана мәселелерді қарастырады. «Алаш ұлына» деп аталған қазақ халқына ашық хатында Ә. Бөкейханов, М. Шоқай және М. Дулатов Ақпан революциясынан кейін Ресей империясы патшалық билік қанауынан құтылып, халықтар теңдігіне, бостандыққа негізделген демократиялы мемлекетке айналады деген сенім білдірді. Олар: «Сүйікті алаштың азаматы! Бізді бұл қуанышқа, бұл бостандыққа жеткізген кім? Біз кімге борыштармыз? Соны ойлайық... Бізге теңдік әперіп отырған орыс халқының ақ жүрек, адал ниетті көсемдері. Орыс халқының жұмысшылары, һәм әскері. Бұлар бостандықты қан төгіп, жеңіп алды...

Бастығы патша болып, қанішер қара жүректер қазір тұтқында. Бұл күнде жұрттың бәріне туысқандай тең қарайтын, ешкімді алаламайтын жаңа үкімет сайланды. Бұл үкімет күшейсе, біздің де күшейгеніміз. Бұл үкіметінің күші кемісе, біздің де тілегіміз босқа кеткені,»-деген позиция ұстанады (Бөкейханов, 2018: 2). Алаш көсемдері сол кездегі этникалық ахуалдың ерекшеліктерінің қоғамға ықпалын есепке алады. Орыс революциясына үлкен үмітпен және сеніммен қарайды. Қазақты бостандыққа үндейді.

Себебі «Сарыарқа» газеті «Алаш» партиясының Семейдегі тірегі болатын. Газеттің 19 номерінде 30 ноябрь «Алаш» партиясының Семей облыстық уақытша комитеті құрылғанын хабар етті. Комитет төрағасы Халел Ғаббасов, жолдасы Ахметжан Қозыбағаров, қазынашы Әлпер Молдабаев, секретарь Сыдық Дүйсенбин. Құрметті төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Олармен қатар комитет мүшелігіне тағы да 10 адам: Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Тұрағұл Құнанбаев, Мұстақым Мазыбаев, Биахмет Сәрсенов сайланды. С красный строки «Алаш» партиясы атынан Семей облыстық уақытша комитеті «Сарыарқада» өз бағдарламасының жобасын жариялады. Онда орыс жұртының саяси партияларының көптігі және олардың әрқайсының өз бағыты, бағдарламасы, ұйымдары мен газеттері бар екендігі және қазаққа да осы саяси үлгіні алу керектігі ескертілді. «Алаш» партиясының жолы және жоспары көрсетілді. Мемлекет билеу Ресейде федерация түрінде болады. Оған қазақ Сібір автономиясы арқылы кіреді, келешекте өз алдына бөлінуді мақсат етеді. Жерге жалпы халықтық меншік формасын енгізу. Қазақ қай жерде отырса сол жерді ру, болыс, ауылға бөліп беру. Әлеумет ішінде жерді тең пайдалану; Солдатқа алынған адам өз жерінде қызмет етіп, әскери өнерді меңгеріп, туған жеріне күзетуші болуы; жергілікті махкамалар (жергілікті атқарушы билік) санға қарай сайлану; Соттарды сайлап, тұрақты ету. Сот ісі әр жұрттың өз тілінде жүруі; Діндер теңдігі, дін ісіне мемлекеттің қатыспауы; Жұмыс мәселесінде 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу; Жұмысшылардың құқықтарының заңмен қорғалуы; Оқу жалпыға бірдей мемлекет қаржысымен, тілдерге алалмай қолдау, бастауыш, орта және жоғарғы мектептер сабақтастығы; Адам бостандығы, сот шешімінсіз ешкім тұтқынға алынбайды; Әр адамның биліктен рұқсат алмай-ақ жиналыс ашуға, өз пікірін айтуға еркі болуы; Баспасөз бостандығы болып, биліктен рұқсат алмай газет, кітап, жарнама шығаруға ерік болуы. Цензураның болмауы. Баспасөзде сөгу, өсек т.б. әрекеттер үшін сот алдында жауап беру; Адам баратын жеріне баруға еріктілігі. Ол үшін паспорт міндетті емес; Түрлі одақтарға бірігу еркі сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттер халықтары пайдаланатын демократиялық бостандықтар мен құндылықтарды «Алаш» партиясы өзінің бағдарламасында Қазақстанда тұңғыш рет ұсынды. «Алаш» партиясына дейін қазақ халқында демократиялық принциптерді басшылыққа алған бірде-бір саяси партия болмағаны анық. Алаш батыстық либералдық, демократиялық құндылықтарды қазақ даласына таратушы болғаны ақиқат. «Сарыарқа» партия ұсынған демократиялық құндылықтар мен бостандықтардың насихатшысы болды.

«Сарыарқа» газетінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясы атынан ұсынылған депутаттар тізімі беріліп, әрбір депутаттыққа үміткерлердің сіңірген еңбегі мен қызметтерінің көрсетілуі де ерекше көңіл аударатын мәселе. Сөз етіп отырған «Сарыарқа» газетінің №19 санында қазақ қоғамы атынан Торғай, Семей, Ақмола, Орал облыстары мен Бөкей ордасы атынан Құрылтай жиналысына ұсынылатын 35 үміткердің есімдері аталады. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясы ерекше қабілетілігімен, білімділігі және ұлтжандығы мен көзге түскен азаматтарды ұсынған. Солардың ішінде Торғай облысынан 7 адам: №1 тізімде Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов, Сағындық Досжанов, Ғұбайдолла Теміров, Тел Жаманмұрынов, Елжан Оразов, Әлихан Бөкейханов; Семей және Ақмола облыстары бірігіп Қыр округі бойынша 19 адам: Бұл 5-ші тізімді де Әлихан Бөкейханов бастаған, Айдархан Тұрлыбеков, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Асылбек Сейітов, Мұқыт Баттаев, Ережеп Итбаев, Жақып Ақбаев, Сейілбек Жанайдаров, Райымжан Мәрсеков, Жұмағали Тілеуш, Биахмет Сәрсенов, Рахымжан Дүйсенбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Мағжан Жұмабаев, Әбікей Сәтбаев, Сыдық Мешенбаев, Базкен Өскенбаев, Салмақбай Көсемісов; Орал облысынан 7 адам: Халел Досмұхамедов, Жиһаншаһ Досмұхамедов, Нұрғали Ипмағамбетов, Ғұбайдолла Әлібеков, Сәлімгерей Қаратілеуов, Ғұмар Есенқұлов, Иса Қашқынбаев, Бөкейліктерден 2 адам: Уәлитхан Таңашев, Бақыткерей Құлманов (Алаш партиясы, 1917: 4).

Тізімге енгізілген «Алаш» партиясының өкілдеріне баға бергенде «Сарыарқа» газеті олардың ұлтжандылығын, адалдығын, халыққа қызмет етуге даярлығын, ел сенімін ақтай алатындығын және кәсіпкерлігін бірінші кезекке қояды. Көпшілігі Ресейдің жоғарғы оқу орнын бітірген заңгерлер, мұғалімдер, дәргерлер мен мал мамандары. Жас үміткерлерге ұлтшыл, білімді, жігерлі жігіт деген сипаттамалар беріп отырады. «Сарыарқа» газетінің Әлихан Бөкейхановқа берген мінездемесінде шолу жасасақ оның ұлт көсемі дәрежесіндегі ерекше тұлға екендігіне тоқталады. Әлихан жайында: «Жасынан саясат ісімен шұғылданып, орысша оқыған, қазақта орын, дәреже қумаған, оқу бітіргеннен кейін-де түйме тақпай, халық қызметіне кірісіп кеткен бір һәм, бірінші қазақ. Бірінші Г. Дума қуылғаннан кейін Русияның ығай мен сығай 180 депутаттарының бірі болып, Финлияндияға барып, мәжһүр Выборгский воззваниеге қол қойғаны үшін 3 ай абақтыға отырып шықты. Выборгский воззваниенің сөзі: «Қашан Хүкімет Думаны қайта жинағанша халық қазынаға бір тиын алым, бір кісі әскер бермесін» деп хукіметке бел көрсеткен еді. Саясат ісіне Әлиханнан артық қазақ баласы жоқтығы анықталған»,- деген мінездемені оқимыз (Алаш партиясы, 1917: 4).

Қысқа ғана, алайда мазмұны мен мәні терең бағалаудан Ә. Бөкейхановтың күрескерлік тұлғасы, ұлтшылдық позициясы анық көрінеді. «Сарыарқа» газеті Әлихан қазақ халқының көсеміне айналған ұлы тұлға екендігін 1917 жылдық 30 қарашасындағы нөмерінде ашық жазады. Бүкілхалықтық құрмет пен сүйіспеншілікке Ә. Бөкейханов лайық екендігі жария етіледі. «Алаш» партиясының көсемінің жалпықазақтың көсемі дәрежесіне көтерілгендігін, ұлт ойшылы екендігін «Сарыарқа» газеті дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынов туралы газет «Қазақ әдебиетінде негіз салушы қазақ ақыны,... халыққа қызмет етіп, хукіметке қарсы пікірде болғаны үшін 9 ай абақтыда отырып, онан кейін қазақ облыстарына тұрмау шартымен жер аударылған. «Қазақ» газеті үшін 455 сом штраф тартып, абақтыға отырып, соңғы 12-13 жылда қуғын-сүргіннен көзі ашылмаған, алаш азаматтарының бірі»,-деген баға беріледі. Халел Досмұхамедов жайында «Доктор ескі хукімет заманында докторлық қызметімен қазақ ортасына пайда келтіріп тұруының үстіне жұртты оңға бастап, басшылық етіп, сол себепті хүкімет көзіне артық «сенімді» кісі болмай жүрген қазақтың қабырғалы жігітінің бірі»,- деп бағаланады. Ал, Мағжан Жұмабаев-«ұлтшыл жас ақын, келешекте көзге көрінер деген үміт бар»,-деп жазылады (Алаш партиясы, 1917: 2). «Сарыарқа» берген бағаның әділеттілігін аты аталған Алаш қайраткерлері өмірімен дәлелдеп кетті. Алаш қайраткерлері қазақ халқы үшін ғана емес, барша түркі халықтарына үлгі-өнеге бола білді.

Осындай мазмұндағы мінездемелік анықтама «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына  депутаттыққа ұсынылған әрбір үміткерге берілген. Бүгінгі күн тұрғысынан, ретропективтік көзқарас тұрғысынан қарасақ «Сарыарқа» газетінің «Алаш» саяси партиясының қайраткерлеріне берген мінездемелері объективтілігімен, шыншылдығымен ерекшеленеді. «Алаш» партиясының қайраткерлерінің баршасы дерлік «Сарыарқа» газетінде олар туралы айтылған бағалардың деңгейінен көріне білді. Олардың өмірі, қызметі, күресі қазақ халқының мүдделері мен бостандығы жолына бағытталды. Өз ұлты үшін күрес жолында олар құрбан болды. Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы және келер ұрпақтары «Алаш» арыстарының рухани мұрасынан, ұлттық даму жолындағы күресінен үлгі-өнеге, тарихи ағылым ала беретіндігі даусыз.

«Сарыарқа» газетінің алқасының мүшелері, тілшілері демократиялық, өркениетті қоғам орнатудың негізі қазақ халқын ағарту, оқу-білім мен кәсіпке тарту, бодандық қалыптан бойға сіңе бастаған жемқорлықты, қазынаны тонауды жою, халықтың саяси санасын оятып, мәдениетін көтеру екендігін жақсы түсінген. Өскемен дуанының қазағы Жүсіп Жамантай деген адамның Семейге келіп Мәстекбұлақ кооперативі ұйымының нәрселерін сатып жіберген. Мұны білген Хасен Дулат деген азамат қазақ комитетіне келіп осы жағдайды айтқан. Қазақ соты Жүсіп Жамантайды тексеріп, оның бір жәшік шәйді сатып пайда көргендігін мойындатқан. Газет Қазақ сотынан  жемқорды қатаң жазалауды талап етеді. Бір мысал газетінің өрелі істерінің айғағы болып отыр.

Осы номерде көмек сұраған Асқар Сыдық деген шәкіртке оқуын жалғастыруы үшін қазақтың қоңды азаматтарынан көмек қолдарын созуы қажеттігі айтылған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шәкірт ойы» атты өлеңі жария етіледі. Онда ақын «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам»,-деп үн тастайды. Қарқаралыдағы Қазақ комитеті бос тұрған бұрынғы шаруашылық мектебін 5 жылдық Жақып Ақбаев атындағы мектепке айналдырып, «Медіресе Йакубияда» 160 баланы тегін оқыта бастағанын қуанышпен хабарлайды. Семей облысының Шыңғыстау ауылында 22-ші қыркүйек 1917 жылы «Талап» ұйымының құрылып, кітап бастыру, оқу-ағарту шараларына кіріскендігін жеткізеді. Павлодар қаласында әдебиет кеші болып қазақ өнерпаздарының 1 мыңнан астам көрермендерді тәнті еткендері айтылады. Мұндай әдеби кешті әлі көрген жоқпыз деп «орыс, ноғай», өкілдері таң қалады. Әсіресе 11 жастағы Ғазиза Сәлиманованың өнеріне жұрт ерекше ықыласпен қол соғады (Мұқтаж шәкірттер, 1917: 1).

«Сарыарқа» газетінің қызметінде қазақ жастарын түрлі оқу орындарында оқыту үшін меценаттар көмектеріне үлкен көңіл бөлінді. Мектеп мұғалімдерінің жағдайы, оқу мекемелеріндегі кітап, қағаз-қалам мәселелерін шешу де назарда болады. Әрине «Сарыарқа» газетінің қазақтың ұлттық мүдделерін қорғауы билікке келген большевиктік партияға ұнаған жоқ. «Сарыарқа» буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологиясын ұстанатын газет ретінде айыпталып жабылды.

«Сарыарқа» газеті қазақ қауымы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына (Учредительное Собрание) қалай қатысады, дауысты қалай беру керек, қазақ қауымының үміткерлеріне қалай дауыс беруге болатындығын қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Бір номерде «Сарыарқа» газеті қазақ қауымын ұйымдасуға, бірлікке, дамуға және демократиялық қоғам орнатуда бастайтын қаншалықты ұлағатты ақпарат бергендігін көріп таң қалуға болады. «Сарыарқаның» әрбір санын демократияны насихаттау және үйрену мектебі ретінде бағалауға болады.

«Алаш» партиясы қазақ халқын бостандыққа автономия құру арқылы бастауды ұсынады,- дейді «Сарыарқа» газеті. Ал «автономия» деп бір тайпа өз алдына заң шығарып, ішкі жұмысын өзі билеп, сыртқы билікті мемлекетке беріп, бағынып отыруды айтады»,-деп халыққа автономияның мәнін қысқа да, түсінікті етіп ашып береді (Семейдегі, 1917:). Ішкі жұмыстарды шешетін Қазақ комитеті болуы керек. Қазақ комитеті орыстармен бірігіп Облыстық атқару комитетін құрды. Алғашында қазақтарға 2 орын ғана берген бұл комитет бірігу барысында қазақтарға 20 орын беруге мәжбүр болды. Қазақ біріксе, ортақ талаптармен топтасса билікке қол жеткізуге болады деп «Сарыарқа» газеті алаштың лидерлері Әлімхан Ермековтің, Халел Ғаббасовтың, Биахмет Сәрсеновтың, Райымжан Мәрсековтің, Ахметжан Қозыбағаровтың т.б. 15 қазақтың Семей облыстық атқару комитетіне мүше болуына қолдау көрсетеді. Қазақ халқының өзек жарды талаптарының шешілуін «Сарыарқа» газеті «Алаш» партиясы өкілдері қатынасуға тиісті жалпыресейлік Құрылтай жиналысынан күтеді. Ақпан революциясынан кейін Ресей демократиялық қоғам орнатуға кіріседі деген сеніммен қазақты осы үрдіске тартады.

Тарихи оқиғалардың өте ұқсастықпен қайталанатындығын ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының тағдыры дәлелдей түседі. ХХ1 ғасыр басында қазақ ұлты алдында сол кездегі мәселелер жаңаша қайталануда. «Сарыарқа» газеті «Тұр, бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл жастар! Деген ұран тастаса бүгінгі күнде «Тұр, қазақ! Жеріңді, тіліңді, тарихыңды қорға! Жастарыңа дұрыс тәрбие бер! Деген ұранмен қазақ баспасөзі мен зиялы қауымы елге ұран тастауда (Аймауытов, 1917: 1-2). Өткен тарихтан сабақ алудың қателіктерді және кемшіліктерді жеңудегі маңыздылығын «Сарыарқа» газеті ұжымы дөп басады. Қазақ бірін-бірі жамандап, бөлініп, билікке таласып, шен құмарлыққа, атаққа таласып жатса әлсірейді. Бірін-бірі кешіріп, қанағатпен, татулықпен өмір кешсе болашағы ашылады. Күштіге ғана бостандық болса, ол қауіп. Социал-демократия қара жұмысшыға, кедей мұжықтарға, солдаттарға ғана бостандық әпермек. Бұрынғы байлар жанымен қайғы. Осындай бостандық бола ма?

«Сарыарқа» беттерінен қазақтың зиялы өкілдерінің көзқарастарындағы өзгерістер дилектикасын байқауға болады. «Алаш» лидерлері қарапайым, кедей халыққа бостандық таңы атқанына ерекше қуанды. Олар байлардан, партияшылдардан, парақорлардан, әділетсіздерден құтылатын күн туды деп ойлады. Орыс демократиялық күштері Ресеймен бірге Қазақстанға да әділетті, демократиялық қоғам, құқықтық мемлекет әкеледі деп сенді.

«Алаш» партиясының идеологтарының бірі Жүсіпбек Аймауытов өзінің қысқа ғана мақаласында «Сарыарқа» газеті арқылы қазақ халқын әділетті, демократиялық принциптерге негізделген қоғам құрудың негізгі бағыттарын ұсынады: Біріншіден, халық бірігіп, бостандықты пайдаланып «Бұқараның ұйымы» деген ұйым құру керек. Ұйымда 5-10-100 адамдар болуы мүмкін.; Екіншіден, осы ұйымдар ел ішінде бұқараға қорлық көрсетіп келген бұрынғы билік иелерін қууы керек; Үшіншіден, ұйымдар әділетті, тазалықты басшылыққа алып парақорлар мен жалмауыздардан құтылады; Төртіншіден, елден алым-салық әділетті болғаны дұрыс; Байға байша, кедейге кедейше салық салатын; Бесіншіден, ұрлықты тыйып, ақысы желініп жүргендердің ақысын алып беру; Алтыншыдан, Комитеттерге өз өкілдерін сайлау; Жетіншіден, шуламай, дүниеге қызықпай әділдік пен ар иманға жүгініп жұмыс жүргізу (Аймауытов, 1917).

Ж. Аймауытов өзінің қысқаша үндеуінде қазіргі дамыған демократиялық мемлекеттер жолға қойған қоғамды ұйымдастыру принциптерін көрсетіп береді. Қазақтың бұқара халқын осы жол мен жүруге шақырады. Бұрынғы байлықты, малды, жерді иемденген дәулеттілер өз ықпалын жоғалтқысы жоқ. Олар бұрын болыс болып елді билесе, бүгін комитеттерге кіріп, бұрынғыша елдің байлығын, қанын сора бергісі келеді. Қарап отырсақ, 20 ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуал бүгінгі Қазақстан қоғамындағы билік транзиті жағдайында қайталанып отырғаны ақиқат. Тарих сабағынан қорытынды алмаудың нақты көрінісі осы. Қазақ қауымы бүгінгі күнде де, дамыған демократиялық елдердің саяси жүйені жетілдіру тәжірибесін пайдалана алмай келеді. ХХ ғасырдың басында Алаш лидерлері көксеген жағдайға жете алмай келеді.

«Сарыарқа» газетінде Зайсан уезіндегі халыққа хан сияқты әмір жүргізіп, қорлап, тозесіп батырған Ахметжан Шідерин деген адам туралы айтылады. Зайсанда құрылған, қатарында 800 дей адам кірген «Теңдік заманы» ұйымы қара ниетті Шідеринді ұстап Семей облыстық комитеті арқылы сотқа тапсырған. Газет әр жердегі осындай зорлықшыл, елді жәбірлеуші, өздерін жергілікті хан ретінде ұстаған адамдарды жазаға тартуға Зайсандағы «Теңдік заманы» ұйымынан үлгі алуға шақырды (Ахметжан қажы, 1917). Біріккен,  ортақ мақсатқа топтасқан, бір ерікке бағынған ұйымдар құру арқылы қазақ халқы өз мүддесін қорғап, мақсат-жоспарларын орындауға мүмкіндік алады. Жеке-жеке болған халықты қорлау да, зорлау да, айтқанға иліктіру де оңай екендігін газет түсіндіреді.

«Сарыарқа» газеті қазақ халқына бостандық пен еркіндік қалай керек болса билік пен тәртіп те соншалықты керек деп есептейді. Сондықтан елдегі ұрлықты, талауды, күш көрсетуді тыю мақсатында сот (билер) махкамасын құруды ұсынады. Сот біреуге жала жауып, өтірік арыз бергендерді екі есе қатал жазалауы керектігі ескертіледі. «Сарыарқа» газеті дұрыс, өркениетті қоғамның барша азаматтары заңға бағынуы керектігін күн тәртібіне қояды. Заңсыз ешқандай мемлекет табысқа жете алмайтындығын халыққа қарапайым, түсінікті етіп жеткізеді (Семейде қазақтың, 1917: 3). «Сарыарқа» ұстанған идея сот билігінің тәуелсіздігі. Сот тек заңды басшылыққа алуға тиістілігі идеясы. Дамыған халықтарға тән құқықтық мемлекет орнатуды Алаштың өзекті мақсаттарын бірі деп есептейді «Сарыарқа».

«Сарыарқа» газетінің тағы бір ерекшелігі қазақ қауымына әлемдік процестер, басым державалардың саясаты, жүріп жатқан Бірінші дүниежүзілік соғыс жайында қысқа, мазмұнды және түсінікті ақпаараттар беруі. Мұндай ақпараттар «Сарыарқа» газетінің әрбір номерінде жарияланып отырды (Тағы бір патша, 1917). Газет соғыс жағдайында халыққа ең қажеттісі астық пен ет. Астық орыс мұжықтарында, ет қазақта, тұтыныс заттары қалада. Соғыс кезінде заттарды қымбаттатып жатыр. Әділет болса затпен бірге қазақтың еті де қымбаттауы керек еді. Өкінішке орай олай болмай тұр. Етті қазақтан арзанға алып оны қанау жалғасуда. Жаңа тәртіп, теңдік, бостандық, туыстық заманы туғанда азық-түлік мәселесін, бағаны әділ шешетін кез келді деп есептейді «Сарыарқа» газеті ұжымы. Ақ киізді қазақ халқы ақ шатырлы араб халифаттары сияқты бай, дамыған мемлекет құрса деп мақсат қояды «Сарыарқа». Осындай дамыған елді құруды көксеген Абай ұрпақтары 1917 жылдың көктемінде «Талап» ұйымын құрып. Оған 100-ден астам адамды тартып. Жарнамаға 500 сом ақша жинап кітап бастыру ісіне кірісті деп ақпарат берді. «Талап» мүшелері Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» дастанынан Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен пьеса дайындап, билеттен түскен 54 сом 50 тиынды Құлжада аштыққа ұшырап жатқандар пайдасына жіберді,-деген ақпарат бар (Иілікті іс, 1917). Газет дамыған мемлекеттердің халықтары ұстанатын ізгілікті тәжірибелерді насихаттайды.

Қарап отырсақ Семей облысының Шыңғыстау уезінде құрылған «Талап» ұйымы Қазақстандағы азаматтық қоғам қалыптастырудың алғашқы харакеті болып табылады. «Талап» ұйымы қазақ халқын өркендету жолы елге қажетті кітаптар жазу және бастырып шығару, кітапханалар жұмысын жолға қою деп есептеді. Ағартушылық қызмет, мәдени өмірді жандандыру, халықты кітаппен жұмыс істеуге үйрету арқылы ғана мемлекет азаматтары белсенді өмірге тартылады деп біледі «Талап» ұйымының мүшелері. Олар мәдени-ағартушылық жұмысы өздерінің қаражаттарын пайдалану арқылы бастады. «Талап» ұйымы харекетімен елде кітапханалар жүйесін құру басталды.

«Сарыарқаның» 1917 жылғы 25 июндегі №3 санындағы Жүсіпбек Аймауытовтың «Мемлекет құрлысы» атты мақаласын қазақ жерінде демократиялық мемлекет құрудың тиімді бағдарламасы ретінде бағалауға болады. Алаш қайраткері халықтың патша билігінен әбден шаршағандығын, патша халықтың еркін шектеп келгендігін, монархия құлағаннан кейін билік жүйесі жаңа тұрпатта құрылуы керектігі туралы айтады. Патша құлағаннан кейінгі билік Құрылтай жиналысына көшеді. Ол елге қажетті негізгі заңдарды қабылдайды. Тұрақты заңдар шығаруды Думаға тапсырады. Билік тек заңдарға ғана бағынады.Заң бәрінен үстем. Заңның үстемідігі демократиялық, әділетті қоғамның ірге тасы болады деп біледі Алаш серкелері.

Аймауытовтың пікірінше Құрылтай жиналысына мүшелікке байлар мен атақтылар сайланбауы керек. Халық кімнің ұсыныстары мен программасы дұрыс болса соған дауыс беруі маңызды. Құрылтай Ресейді республика етіп жарияламақ. Үкіметті уақытша сайланған адам басқарады. Ол толықтай халық сайлаған Құрылтай алдында жауапты. Сонда ғана халықта бостандық пен теңдік болады. Алаш қайраткері биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтары болатындығын. Атқарушы билік заң шығарушы билікке жауапты болуы тиістігін және соттар, билер тек заңмен ғана жұмыс жүргізгенде әділет орнайтындығын атап өтеді. Қандай бай болмасын сот билігінің алдында дірілдеп тұруы керек дейді. Жүсіпбек діннің мемлекетпен бөлек болғанын дұрыс деп есептейді. Кім қай дінді ұстанады өз еркі. Баспасөзде бостандық болуы маңызды. Ұйымдардың, пікірлердің, көзқарастардың бостандығы қоғамның жылдам дамуының кепілі болады деп есептейді Алаш қайраткері. Негізгі бостандықтар мен теңдіктердің барлығы заңмен бекітілуге тиісті. «Сонда Русия халқына береке кіріп, бақ қонып, жұрты кенелмек»,- деп жазады (Аймауытов, 1917).

Қорытынды. Қарап отырсақ «Сарыарқа» газетінде жарияланған мақаллалар мен пікірлер Қазақстанның даму жолын айқындап береді. «Сарыарқа» газеті күрделі тарихи кезеңде қазақ қауымына тығырықтан шығудың нақты жолын көрсете алды. Революциялар кезеңінде ел халқының алдында тарихи дамуды таңдау мүмкіндігі пайда болды. Ол жол социалистік, комунистік құрлыс жолы емес. Халықты жалпыадамзаттық демократиялық құндылықтарға бастайтын либералдық-демократиялық қоғам құру жолы. Патшалық билік, ұзақ жылдар қазақ халқын қанады, майы мен байлығын сорды. Халық әбден қажыды. Сондықтан кедей, кепшікке де дұрыс өмір бастайтын жаңа қоғам керек. Қазақтың малына жер керек. Әрине, бірінші керегі тамақ. Алайда, ғылым, білім, өнер мен мәдениетте керек. Бір тамақпен шектелсек даму мешеулеп, қоғам кері кетеді деп есептейді Алаш қайраткерлері. «Сарыарқа» газеті өзінің 88 санында қазақ қоғамының көсегесін көгертетін түрлі мәселелерді күн тәртібіне қойып отырды. Өкінішке орай, тарих дөңгелеп қазақ халқының мүдделеріне қарай бұрылмай, билікті тоталитаризмге бастаған большевиктер алып кетті. «Сарыарқа» газетінің және Алаш қайраткерлерінің арман-мақсаттары болашақ еншісінде қалды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Аймауытов Ж. Мемлекет құрлысы // Сарыарқа. №3. 25 июнь 1917 ж.

Аймауытов Ж. Тұр, бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл жастар! // Сарыарқа. №2. 19 июнь 1917 ж.

Алаш партиясы атынан Учредительное собраниеге аталған депутаттар:// Сарыарқа. №19. 30 ноябрь 1917 ж.

Атабаев Қ. Деректану: Оқу құралы. 2-ші басылымы. – Алматы: Қазақ тарихы, 2007. – 272 б. [149].

Ахметжан қажы Шідеріұлының тұтқынға алынуы // Сарыарқа. №2. 19 июнь. 1917 ж.

Әнес Ғ. Отты жылдар шежіресі. – «Сарыарқа» газеті. 1917 жыл // Құрастырған. проф. Ғ. Әнес. – Алматы: арыс, 2017. – 400 б. [8].

Бөкейханов Ә. (Қыр баласы) Жалпы Сібір сиезі // Қазақ. №251. 11 қараша 1917 ж.

Бөкейханов Ә. Шығармалары – сочинения. 15 томдық ІХ том. - Толық үшінші бас. – Астана: «Алашорда қоғамдық қоры», 2018. – 557 б. [457].

Игілікті іс // Сарыарқа. №2, 19 июнь 1917ж.

Мұқтаж шәкірттер жайы. Медресе Иакубия // Сарыарқа. №19. 30 ноябрь 1917 ж.

Міржақып. Баспасөз үлесі // Еңбекшіл қазақ. 1923. 17 мамыр. №88.

Семейде қазақтың областной сот (билер) макхамасы // Сарыарқа. №2. 19 июнь 1917 ж.

Семейдегі екі областной комитеттер жайынан // «Сарыарқа» №2. 19 июнь 1917 ж.

Семейдегі екі областной комитеттер жайынан // Сарыарқа. №2. 19 июнь 1917 ж.

Тағы бір патша тақтан түсті; Соғыс // Сарыарқа. №2. 19 июнь 1917 ж.

References:

Ahmetzhan kazhy Shіderіulynyn tutkynga alynuy [Arrest of Akhmetzhan kazhy Shideriuly] // Saryarka. №2. 19 iyun'. 1917 zh. [in Kazakh]

Aimauytov Zh. Memleket kurlysy [State structure] // Saryarka. №3. 25 iyun' 1917 zh. [in Kazakh]

Aimauytov Zh. Tur, bukara! Zhiyl kedei! Umtyl zhastar! [Get up, masses! Poor thing! Go ahead, young people!] // Saryarka. №2. 19 iyun' 1917 zh. [in Kazakh]

Alash partiyasy atynan Uchreditel'noe sobraniege atalgan deputattar [On behalf of the Alash party, these deputies addressed to the educational institution] // Saryarka. №19. 30 noyabr' 1917 zh. [in Kazakh]

Anes G. Otty zhyldar shezhіresі [Chronicle of the fiery years]. – «Saryarka» gazetі. 1917 zhyl / Kurastyrgan. prof. G. Anes. – Almaty: Arys, 2017. – 400 b. [in Kazakh]

Atabaev K. Derektanu: Oku kuraly [Source science: a textbook.]. 2-shі basylymy. – Almaty: Kazakh tarihy, 2007. – 272 b. [in Kazakh]

Bokeihanov A. (Kyr balasy) Zhalpy Sіbіr siezі [General Siberian Congress] // Kazakh. №251. 11 karasha 1917 zh. [in Kazakh]

Bokeihanov A. Shygarmalary – sochineniya [Essay]. 15 tomdyk ІX tom.- Tolyk ushіnshі bas. – Astana: «Alashorda kogamdyk kory», 2018. – 557 b. [in Kazakh]

Igіlіktі іs [Good case] // Saryarka. №2, 19 iyun' 1917zh. [in Kazakh]

Muktazh shakіrtter zhaiy. Medrese Iakubiya [Students in need. Madrasa Iacubia] // Saryarka. №19. 30 noyabr' 1917zh. [in Kazakh]

Mіrzhakyp. Baspasoz ulesі [Share of Press] // Enbekshіl Kazakh. 1923. 17 mamyr. №88. [in Kazakh]

Semeide kazaktyn oblastnoi sot (biler) makhamasy [Kazakh regional court (biy) makhams in Semey] // Saryarka. №2. 19 iyun' 1917zh. [in Kazakh]

Semeidegі ekі oblastnoi komitetter zhaiynan [Two regional committees in Semey] // «Saryarka» №2. 19 iyun' 1917 zh. [in Kazakh]

Semeidegі ekі oblastnoi komitetter zhaiynan [Two regional committees in Semey] // Saryarka. №2. 19 iyun' 1917zh. [in Kazakh]

Tagy bіr patsha taktan tustі; Sogys [Another king abdicated; War] // Saryarka. №2. 19 iyun' 1917zh. [in Kazakh]

МРНТИ 03.20.00

ГАЗЕТА «САРЫАРКА» - ПРЕДВОДИТЕЛЬ КАЗАХСКОГО ОБЩЕСТВА НА ПУТИ БОРЬБЫ ЗА ДЕМОКРАТИЧЕСКОЕ ГОСУДАРСТВО

С.М. Борбасов¹*

¹Институт истории и этнологии имени Ч. Валиханова, Казахстан, Алматы 

*Корреспондирующий автор 

Е-mail: Borbasov54@mail.ru (Борбасов)

Аннотация. В статье анализируются позиции газеты «Сарыарка», издававшейся в Семипалатинске с 1917 по 1919 годы. Главным направлением газеты стало разъяснение и пропаганда казахским общинам национально-освободительных идей партии «Алаш». Анализируются идеи создания демократического общества в 54 номере газеты «Сарыарка», которые сегодня становятся доступными исследователям. Раскрывается, как А. Букейханов, М. Дулатов, Ж. Аймаутов и другие члены партии «Алаш» объясняли казахским общинам идеи и принципы демократии. В частности, доказывается цель выборов депутатов во Всероссийское Учредительное собрание, повышения влияния казахских комитетов как органов местного самоуправления.

Анализируется пропаганда газетой «Сарыарка» путей, способов, стратегии и тактики вовлечения казахского народа в демократическую борьбу. Отмечается, что «Сарыарка» выступала за стремление воспитать в казахской общине веру только в свой национальный внутренний потенциал с целью построения демократического общества.

Ключевые слова: Учредительное собрание, казахская община, демократическое общество, Национальный выбор, движение «Алаш», эволюционное развитие, политический лидер, национальная автономия, казахский комитет, мецанат, идеология национализма, социал-демократия.

IRSTI03.20.00

"SARYARKA" NEWSPAPER – THE LEADER OF KAZAKH SOCIETY ON THE WAY OF STRUGGLE FOR A DEMOCRATIC STATE

S.M. Borbasov¹*

¹Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty 

*Corresponding author 

E-mail: Borbasov54@mail.ru (Borbasov)

Abstract. The article analyzes the positions of the "Saryarka" newspaper, published in Semipalatinsk from 1917 to 1919. The main direction of the newspaper was the explanation and propaganda of the national liberation ideas of the Alash party to the Kazakh communities. The ideas of creating a democratic society are analyzed in the 54th issue of the newspaper "Saryarka", which are now becoming available to researchers. It will be revealed how A. Bukeikhanov, M. Dulatov, J. Aimautov and other party members of the Alash party explained the ideas and principles of democracy to Kazakh communities. In particular, the purpose of the election of deputies to the All-Russian Constituent Assembly, increasing the influence of Kazakh committees as local self-government bodies, is proved.

The article analyzes the propaganda by the newspaper "Saryarka" of ways, methods, strategies and tactics of involving the Kazakh people in the democratic struggle. It is noted that "Saryarka" advocated the desire to educate the Kazakh community to believe only in their national internal potential in order to build a democratic society.

Keywords: Constituent Assembly, Kazakh community, democratic society, National choice, "Alash" movement, evolutionary development, political leader, national autonomy, Kazakh committee, patronage, ideology of nationalism, social democracy.


Автор туралы мәлімет: 

¹Саяси ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз