Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_93

МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_93

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(27), 2021

Автор:
Ә.Қ. Бәкір¹ID, С.Т. Тайман¹*ID, С.Т. Жарбулова¹ID
¹Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақстан, Қызылорда 
 *Автор-корреспондент 
E-mail: abdizhalel_bakir1939@mail.ru (Бәкір), st-1968@mail.ru (Тайман), zharbul@mail.ru (Жарбулова) 
Аңдатпа. Мақалада Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның тәлімгерлік рөлі қарастырылған. Алаштың болашақ екі алыбының өмірі мен саяси қызметінде ұқсас жайлар да аз емес. Мұстафа Шоқай Торғай датқаның немересі, Шоқай би-болыстың перзенті, Әлихан Бөкейхан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Екеуі де сол кездегі молда оқуына қанағаттанбай, үш кластық мектептерде оқып, кейін бірі Ташкенттегі гимназияны тауысса, екіншісі Қарқаралы уезіндегі техникалық училищені бітіреді. Екі қайраткер де саналы бар өмірін, ақыл-парасатын, қажыр-қайратын ұлт тәуелсіздігі жолында күреске арнады. Екеуі де саяси күресте қатар жүріп, бірін-бірі қастерледі, олардың есімдері, қалдырған мұралары бүгінде тарихта өлшеусіз орны бар құндылықтар болып есептеледі.
Түйін сөздер: Бөкейхан, Шоқай, Ташкент, Петербург, Түркістан, Алаш, азаттық қозғалыс, автономия, эмиграция. 
Мазмұны:

Кіріспе. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамының дамуына ерекше үлес қосқан алаш зиялылары болды. Тәуелсіздікпен туған халқына оралған асыл мұраларын оқып, үйренумен бірге олардың арасындағы аса мазмұнды, биік азаматтық Һәм қайраткерлік қарым-қатынастарды терең танып, үлгі ете түссек, қоғамдық және адами санамыз қажетті құндылықтармен баиып, ұлттық келбетіміз кемелдене түсері еді.

Алаштың алыбы атанған Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер болып қалыптасуында Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның орны ерекше болды. Ол өзімен қатар жүрген және кейінгі буын қазақ зиялыларының азаттық күрес бағытын айқындауда жетекшілік жасай білді. Бұл туралы басылымдарда аз жазылып, кем айтылып жүрген жоқ. Біз де бүгін осы Алаш арыстарының өмірі мен саяси қызметтерінің тақырыбымызға тиісті сәттеріне назар аударғанды жөн көрдік.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы дайындау барысында материалдарды жинақтау, естеліктерді пайдалану, талдау, тарихи-жүйелілік сияқты ғылыми әдістер, сонымен бірге арнайы əдістер мен методологиялық принциптер басшылыққа алынды.

Зерттеу мәселесін қарастыру кезінде Мұстафа Шоқайдың Санкт-Петербургте университетіне түсуі, оқуына қатысты жаңа құжаттар негізге алынды (Жүсіп 2011:12). Бұл материалдар Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуына ерекше әсер еткен өзінің саяси тәлімгері және идеялас серіктесі болған Әлихан Бөкейханмен бүгінгі күнге дейінгі айқын және беймәлім байланыстарына сәуле түсіреді. Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды сонау Ташкенттегі гимназияда оқып жүрген кездерінен білсе, жақын кездесулері шамамен 1914‑1915 жылдары, тіпті студент кездерінде басталған. Мұстафа Шоқайдың оқу бітіргеннен cоң Петерборда бөгеліп қалуына да, шетелге кетуіне де Алаш көсемі кеңес берді деушілер де жоқ емес. Екі қайраткердің түпкі негізгі идеясының да ортақтығы белгілі. Сондықтан қарастырылып отырған мәселе бойынша салыстырмалы, типологиялық әдістер мақаланың өзегі болғанын атап өткен жөн.

Талқылау. Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуындағы ерекше рөл атқарған да Әлихан Бөкейхан. Алаш қозғалысының екі алыбы Мұстафа мен Әлиханның бүкіл ұлт-азаттық күрес жолында бір-бірін қадірлеп, бірі – ұстаз, екіншісі оның шәкірті ретінде қарым-қатынаста болғаны туралы Мұстафа Шоқай да өз еңбектерінде әрдайым еске алып отырды.

Әрбір қайраткердің саяси көзқарасының қалыптасуы тарихи күрделі процестерге байланысты болып, соған сәйкес күрделене, ширыға түсетіні белгілі. Халқымыздың тарихындағы аумалы-төкпелі кезең екеуінің де саяси ұстанымдарына оң өзгерістеренгізіпотырған. Дегенмен, кейбір мәселелердегі пікірлер қарама-қайшылығы ұлт-азаттық күрес жолында екі қайраткердің арасындағы қарым-қатынаста ешқандай сызат түсірмеген. Бұл мәселе М.Шоқайдың ізбасарлары А.Оқтай, Т.Шағатайдың естеліктерінде, белгілі алаштанушылар К.Нүрпейісов, М.Қойгелдиев, философ Ә.Нысанбаевтың, шетелдік мұстафатанушы Ә.Қара, А.Раджапов, отандық мұстафатанушылар – К.Есмағанбетов, Х.Тұрсын, Ә.Бәкір, Ғ.Ахметов және т.б. зерттеулерінде де қарастырылды.

Нәтижелері.Мұстафа Шоқайдың өмірі мен саяси қызметінде Әлихан Бөкейхан жарық жұлдыздай тұрақты орын алған. Оны М.Шоқайдың өзі 1939 жылдары Францияда жүріп, кезінде Ташкенде мектепте оқып жүрген кездерін еске түсіріп: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» - деп жазды (Шоқай, 2007: 369). Әлиханның жетекшілігімен ұлт зиялылары осы тұста «мұғажыр мәселесінің» түпкі мақсатын айқындап, оның отарлық мақсатын жақсы түсінген. Олар, шынында да, қателескен жоқ болатын. Бұған дәлел – отарлық зардаптарының тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдай болса да, ұлттығымыздың ең басты рухани көрсеткіші, тәуелсіздігіміздің ұлттық коды ‑ қазақ тілінің, ана тіліміздің жағдайына әсер етіп келе жатқандығы дәлел. Ұлттық рухымыздан жаңылып, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміздің күрделі өзгеріске ұшырағаны да өз алдына мөлдек әңгіме етуге болар еді. Мұстафа Шоқай бас-аяғы 6-7 жылға созылған Ресей орталығындағы кезеңде ең алдымен Петербург университетінде жүйелі де терең білім алды. 1912 жылғы «Айқап» журналының 13-cанында екі жылдан бері Петербург университетінде Сырдария облысының Перовск уезінен Мұстафа Шоқайдың оқып жатқандығы жайында ақпарат берілген болатын. Бұл хабардың арғы жағында студенттің өз жерлестерінің арыз-шағымдарына қатысты көп іс тындырғаны бар еді. Ташкенттегі гимназияда оқып жүргенде-ақ жергілікті халықтың басынан кешіріп отырған жағдайын байқаған Мұстафа студенттік кезде оны тереңірек ұғына түскен болатын. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегінде ол Петербургтен қайтып келе жатып Ақмешітке соққандағы жергілікті халықтың өзіне деген ықыласын былай көрсеткен еді: «Әсіресе қазақтар мені өздерінің сенімді өкілі, қорғаны есептейтін. ...Талай мәрте орыс отаршылдық саясатының құрбаны болған сорлы халықтың жері мен суын қоныс аударушылар басқармасының шеңгелінен құтқарып қалғанмын» (Шоқай, 2007: 21).

Мұстафа Шоқай сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңіріп, Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысады. Осысаяси оқиғалар туралы 1933 жылы «Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен)» атты мақаласында Мұстафа Петербургте оқып жүрген кезінде студенттердің үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, демонстрацияларға шығатыны туралы жазды (Шоқай, 2007: 352). Әсіресе 1912–1913 жылдардағы Түрік-Балқан соғысы кезінде Ресейдің ашықтан-ашық Түркияға қарсы ұстанымын әшкерелеп, патша үкіметінің славяншылдық саясатына наразылық білдірген түркі жастарымен бірге Мұстафа Шоқай да Түркияны қолдап, көмек көрсету үшін қаржы жинауға белсенді атсалысты. Өзінің досы Садық Өтегеновпен бірге жинаған қаржыларын Түркия елшілігіне апарып тапсырды (Шоқай, 2012: 50). Сондай-ақ бір топ студенттермен бірге Мұстафа да бар 1913 жылдан Орынборда шықпақшы болып жатқан тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетіне құттықтау хат жолдайды (Шоқай, 2012: 15). Міне, мұндай талантты, ұлтшыл жастың, оның «Қазақ» газетінде басылған материалын түркі тектес халықтардың, оның ішінде ұлтымыздың ой-пікір алаңын жіті қадағалап жүрген әрі осы басылымның басты ұйымдастырушыларының бірі Әлихан Бөкейханның білмеуі мүмкін емес. Осы сәтте түркиялық мұстафатанушы бауырымыз Әбдуақап Қараның «Өткір ойлы Мұстафа Шоқай студент кезінде-ақ Әлихан Бөкейханның көзіне түскен» деген пікірін тілге тиек ете кетсек артық болмас (Шоқай, 2011: 34).

Мұстафа Шоқай өміріндегі Петербургтік кезең оның саяси көзқарасының шыңдала түсуіне ерекше әсер етті. Ол сол кезде үнемі Петербургте өтіп жатқан түркі-мұсылман халықтары жиындарына қатысып отырды. Сонымен қатар тек Петербургте қана емес елдегі жиындарға да қатысып отырды. Әсіресе, Серәлі Лапиннің үйінде бас қосқан жиындарында Әлихан Бөкейханмен бірге болды. Осы кездесулердің бірінде М.Шоқай т.б. жастардың түрікшілдікті ұстап, осы бағытта қалыптасып келе жатқанын байқаған Әлихан Бөкейхан бұлардың «өздерін ешқандай сағыммен алдамауларын» ескертіп, ұлттық қозғалыста саяси бостандықтан гөрі ең алдымен діни және жер мәселесіне көңіл аударуды ұсыныпты (Шоқай, 2012: 51) .

Сол кезде Мемлекеттік думаға қазақ халқынан бірде-бір өкіл сайланбайтын болған еді. Осымен байланысты 1913 жылды 13 наурызында Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.-М. Тевкелев Дума отырысында «Мемлекеттік думаға cайлау ережесін өзгерту туралы» баяндама жасап, нәтижесінде думадағы мұсылман фракциясы жанынан құрылған бюроға қазақ уәлаятынан Әлихан Бөкейхан кіреді. Ол Түркістаннан бір өкілдің болуы керектігі жөнінде мәселе көтеріп, оған Мұстафа Шоқайдың лайық екенін, оның бұл жұмысқа жан-жақты дайындығының барлығын, Түркістан жағдайын жақсы білетіндігін, Петроградта тұратындығы, бұрыннан Мұсылман фракциясының жұмысына көмектесіп жүргендігін айтады (Шоқай, 2012: 62).

Осы жағдайлардан хабардар Түркістан аймағынан Қожахмет Оразаев, Мұстафа Оразаев және Жүнісбек Байменовтер 1916 жылғы сәуірдің басында«Қазақ» газетіне «Жұрт жақсыларына ашық хат» жолдап, онда Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясына жәрдем һәм жәрдемші мәселесін алғаш көтерген болатын. Олар Мемлекеттік Думада қазақтан депутаттың жоқтығын, өзге депутаттардың қазақ жайын жете білмейтіндігін, саны өте аз мұсылман депутаттарының жұмыстарының аса көптігін айта отырып, құралақан біз түгіл ноғай туғандарымыз да депутаттарының қасына жәрдемшіге кісі қосып жатыр. Түрлі мәселелер туып, басы-қасында кісіміз жоқ болып тұрған кезде, мұсылман фракциясына көмектесетін, қазақ жұмыстарын бірге кеңесетін ақылшы адам керектігін, оған лайықты Әлихан Бөкейхан деп таниды (Нысанбаев, 1998: 273). 1916 жылы Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мұстафа Шоқай аудармашы, хатшы және маман-зерттеуші ретінде Мемлекеттік Думаның жанындағы фракциясының делегациясымен бірге Ташкентке келеді. Мемлекеттік Думаның делегациясы Ферғана, Самарқанд және Сырдария провинцияларының көптеген аймақтарында жасалған зұлымдық орындарын және қираған қалаларды, қалашықтарды және ауылдардың қираған жерлерін аралайды. Комиссияның бастығы А.Ф. Керенский қираған Жизақ қаласын көргісі келіп, сонда барады. А.Ф.Керенский бітпейтін қираған аймақты өтіп бара жатып: «Қаланың орталығына қашан келеміз? Ол әлі алыс па?, - деп сұрайды.М. Шоқай: «Біз қазір бұрынғы қаланың орталық бөлігіндеміз», - дегенде екі қолымен көзін жұмған Керенский: «Әй, қандай масқара, мен енді шыдай алмаймын, қайтайық» дейді(Оқтай, 1950: 23).

Мемлекеттік Думаның делегациясы Түркістанда болып қайтқаннан соң 1917 жылғы «Қазақ» газетінде басылған «Бюроға екінші кісі қою туралы» деген Түркістан өңірінен жазылған бір топ кісілердің хатында былтыр бюроға Әлиханды жұрт қалағанда, ол «Түркістан жағының жай-күйіне аса жетік емеспін, сондықтан да Түркістан өлкесінің өзінен бір адам бюрода болуы жөн» деген екен. Осыдан кейін біз Мұстафаға хабарласып едік, ол уақытының жоқтығын, қолының тимейтінін айтқан еді. Биыл Қ.М.Тевкелевпен келгенінде тағы осы мәселе әңгіме болғанда, қолдан келген қызметтен тартынбаспын депті (Нысанбаев, 1998: 353).

Бұл мәселе арнайы «Қазақ» газетінде талқыланып, мұсылман фракциясы қасындағы бюроға Әлиханмен бірге студент-юрист Мұстафаның енуін қолдады. Мұстафаның осы қызметке кәміл жарайтындығын біліп, оны ұнатып, оның 1 қарашадан жұмысқа кірісетіндігі жазылған (Нысанбаев, 1998: 341). Мұндағы «Мұсылман комитеті» ‑ 1914 жылдың желтоқсан айында өткен мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің съезінде сайланған Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитеті болатын(Шоқай, 2012: 62). Мұстафа Шоқайдың университетті бітіргеннен соң осында қызметте қалуы мен кейінгі тағдырына Әлихан Бөкейханның араласуының дәлелі енді ашыла түседі.

Мұстафа Шоқай Мұсылман фракциясының кеңесші бюро жұмысына 1916 жылдың 1 қарашасынан кіріседі. Мемлекеттік Думаның бұл құрылымының мәселені тікелей шешуге өкілеттігі болмаса да, Мұстафа Шоқай халықтың өтініш хаттарын, арыз-шағымдарын фракцияға, сол арқылы депутаттарға жеткізуге, оларды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етуге батыл араласып кетеді. Осы фракциядағы жұмысы туралы Мұстафа Шоқай «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде өзінің Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысы бар материалдар жинап, дайындап беретіндігін жазды. Әсіресе, 1916 жылғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы нақты фактілерді жинақтап, мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып береді (Шоқай, 2007: 15)

Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін еді. Патша жарлығына сәйкес Түркістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаға Уфа уәлаятында тұратын қазақ сұлтандарының бірі С. Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген еді (Шоқай, 2007: 218). Алайда Мұстафа Шоқайды басқа тағдыр күткен болатын. Ол туралы әңгіме сәл кейін болады.

Орыс патшасы II Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлықтың шығуынан бастап Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Батыс майданы шебінде болып, жергілікті жерде көптеген шаралардың иесі болған еді. Ол майданның қара жұмысына алынған қазақ азаматтарының жол бойында және барған жерлерінде тиісті медициналық көмек алуы, жалпы жағдайы туралы «Қазақ» газетіне тұрақты жазып тұрды. Бұл бағыттағы жұмысқа М.Шоқай да тартылған болатын. Мысалы «Жұмысшылар жайынан» атты Петроградтан 29 қазанда жазылған мақалаға Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай қол қойып, онда Павлодардан – 685, Семейден – 463 жұмысшылардың Петроградта күтіп алынғандығы, содан олардың Пcков пен Гатчинаға кеткендігі туралы, ел ішіндегі бұларды жіберудегі әділетсіздіктерді, «елдегі байлар, мүше тістеп жүрген мырзалар туралықтан тайып, малының арқасымен от басында қалса керек» деп жазған еді (Нысанбаев, 1998: 344). Мұндай ақпарат дайындауға Мұстафа Шоқай да жеке қатысқан еді. Жоғарыдағыдай тақырыппен 15 қарашада жарық көрген оның мақаласында Павлодар мен Семей уездерінен қара жұмысқа тартылған 1148 жұмысшы жігіттердің жұмысшылардың Псковтағы жағдайлары баяндалады (Нысанбаев, 1998: 346).

1917 жылы Ақпан революциясы патшаны тақтан тайдырып, билікке Уақытша үкімет келгенде Ә.Бөкейхан Минскіде Батыс майдан штабы жанынан өзі аштырған бұратана комитетін басқарып, қазақтарды майдан маңындағы жұмыстарға жұмылдырып жүрген еді. Наурыз айында ол Уақытша үкіметтің шешімімен Торғай облысының комиссары болып бекігенде, Минскідегі өз қызметін одан ары жалғастыру үшін Петербургтен М.Шоқайды шақырған болатын. Алайда екі қала арасындағы жол жабық болғаннан кейін Мұстафа Минскіге бара алмайды (Шоқай, 2007: 16). Осы жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда өзінің Ташкентке шақырылғаны және жолда Орынборға өтетін Торғай облысы қазақтарының құрылтайына қатысуы, онда Түркістан туралы сөз сөйлеуі керектігі туралы жазылған еді. Бұл Әлихан Бөкейханның ұсынысы болатын.

Содан сәуірдің басында, Петербургтен кетер алдында бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл Ресей ауқымында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездескенде Мұстафа өздері туралы: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз» деген екен(Шоқай 2007: 47). Шынында да, бұл, біріншіден, Алаш көсемдерінің ол кезде автономия құруға берік бекінгендерін байқатса, екіншіден, Мұстафа Шоқайдың да саяси өресін танытқан еді.

Мұстафа Шоқай Петербургтен 1-14 сәуір аралығында Ташкентке қарай жол жүріп, барар жолда Орынборда өткен Торғай қазақтарының құрылтайына қатысады. Бұдан кейін Мұстафа Шоқай Ақмешітте аялдап, Ташкентке келгенде саяси қозғалыстың қайнаған ортасыфна түседі. Ташкендегі Уақытша үкімет пен жұмысшы-солдат депутаттарының және т.б. әртүрлі құрылымдар арасындағы талас-тартыстың бел ортасына болады. Алайда сан салалы саяси-ұйымдастырушылық жұмыстардың ерекше үлгісін көрсетіп, жергілікті халықтың жетекші өкілдерін тиімді ұйыстыра отырып Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясына құруға айрықша үлес қосты. Бұл Алаш ұлт-азаттық қозғалысының оңтүстік қанаты қызметінің нақты нәтижесі, шыққан биігі, алған асуы болатын. Сол бір еліміздің аса бір аласапыран кезеңдерінде Түркістандағы ұлттық қозғалыстың бірден-бір дем берушісі әрі Қоқан автономиясының басты ұйымдастырушысы болған Мұстафа Шоқайдың ел арасындағы белсенділігі мен беделі туралы Украина халық республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Я. Шульгиннің: «Ол кезде Мұстафа Шоқай отызға да толмаған. Оның жастығы жаңарған Түркістанның нағыз көсемі болуға кедергі болмас еді» деген сөзін айта кетсек артық болмас (Ысымұлы, 2015: 341). Бұл Мұстафа Шоқайдың қайтыс болғанына қырық күн толғанда оған арнап Париж мешітінде еске алу рәсімінде сөйленген сөз болатын (Шоқай, 2007: 329.

«Қоқан автономиясы» жарияланғаннан соң Мұстафа Шоқай Орынбор қаласына 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында шақырылған Екінші жалпықазақ құрылтайына қатысуға аттанып, оның соңғы күніне үлгереді. Съездің маңызды шешімдерінің бірі Мұстафа Шоқайды Алашорда Ұлт Кеңесінің және Үкіметінің құрамына кіргізіп, Сыртқы Істер министрі етіп сайлауы болды. Бұл, бір жағынан, Алашорда мен Түркістан Үкіметінің тұтастығының айқын айғағы болса, екінші жағынан Мұстафаға көрсеткен үлкен құрмет болатын. Мұстафа Шоқай Түркістан өңіріндегі жаңалықты съезд делегаттарына жеткізді. Ол Қоқан автономиясының да, жаңадан құрылған Алашорда өкіметінің де мақсат-мүддесі ұлттық бірлік екенін баса айта отырып, Екінші жалпықазақ құрылтайы делегаттарын Түркістанмен бірге болуға шақырады. Бұл мəселе съезден кейін өткен алғашқы жиналыста арнайы қаралап, қосылу туралы мəселені Сырдария қазақтарының өздері шешсін деген шешім жасалады. Содан Əлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай Сырдария облысы қазақтарының құрылтайына шақыру туралы жеделхатқа бірге қол қояды. Онда: « ... Екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-інші ғынурада Түркістан шаһарында Сырдария облысының cъезін шақырады» (Бөкейхан, 1917: 3). Мұстафа Шоқай «Бірлік туы», «Қазақ» газеттерінде Сырдария қазақтарына үндеу жариялап, онда: «Сырдария халқына өз тарапынан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз» деп жазды (Шоқай, 2012:55). Талқылау барысында съезге өз өкілдері ретінде Бақтыгерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберу ұйғарылады. Ондай құрылтай 6-9 қаңтарда Түркістан шаһарында өткен де болатын. Оған Түркістан уезінен 20 өкіл, Ақмешіт уезінен – 5, Шымкент уезінен – 10, Әулиеата уезінен – 3, Ташкент уезінен – 9, Алашордадан – 3 өкіл, арнайы шақырылғандардан 14 адам келеді (Шоқай, 2012: 144). Алайда Сырдария құрылтайы сол кезде қалыптасқан әртүрлі саяси жағдайды ескеріп, әзірше Сырдария облысы сол кезде Түркістан автономиясында болуы себепті әзірше осы құрамында қалсын деген шешім қабылданады.

Кеңестік жүйе көп ұзамай-ақ өз табиғатын танытты. 1918 жылғы 19 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IVсъезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның баcшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұластырды. Қала үйіндіге айналды. Түркістан автономиясының көрнекті басшыларын «халық жауы және заңнан тыс» деп жариялады. Өзінің басын жеткізген адамға олар 1000 рубль беруге уәде еткенін білген Мұстафа Шоқай бірнеше күн Ферғана тауларын аралап жүріп, Ташкентке жетеді. Тағдыр болашақ жары Мария Яковлевна Горинамен табыстырады. Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болады. Содан 1918 жылдың 1 мамырында Мәскеуге жолға шыққан болатын. Мұстафа Шоқай жарымен мамыр айының екінші жартысында Ақтөбеге жеткенде, Мәскеуге Орал арқылы барудың мүмкіндігі болмай, поезд алаңсыз тоқтайды. Талай оқиғаларды бастан өткізіп Ташкенттен шыққанына бір жыл болғанда, яғни 1918 жылдың 1 мамырында екеуі Тифлисте жолыққан болатын. Сол оқиғалардың бірі, кейін екеуін екі жолмен кетуге мәжбүр еткен 1918 жылдың қырқүйек айында өткен Уфа Мемлекеттің кеңесі еді. Мұның жұмысына Әлихан Бөкейхан және басқа түркі тектес халық өкілдерімен қатысып, Мұстафа Шоқай талқыланған мәселер қатысты белсенділік танытқан еді. Осы жолы Екатеринбург қаласында өткен Ресейдің демократиялық ұйымдарының өкілдері жиналысында Құрылтай жиналысы депутаттарына өкілдік ететін бір комитет құрылып, оның төрағасы В.Чернов, ал орынбасарына болып М. Шоқай сайланады. Осында қабылданған тағы бір шешім бойынша М.Шоқай, В. Чайкин, И. Алкин және Ю.Минер АҚШ-қа барып, президент Вильсоннан Ресейдегі демократияны жақтаушы күштерге қолдау сұрайтын болған. Тиісті дайындықтар да жасалған еді, алайда бұл идея жүзеге аспай қалады (Қара, 2011: 39). Бұл құрамға елде тұруы заңcыз деп жарияланған М.Шоқайдың кандидатурасы туралы ұсыныстың иесі Ә.Бөкейхан болғанына сөз жоқ.

Уфа Мемлекеттік кеңесі  Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың осындай деңгейдегі соңғы кездесуі болды. Бірақ рухани мәңгі бірге болған екі алыпқа көп ұзамай екі тағдыр бұйырды. Кеңес үкіметі Алашорданы екі жарым жылдан кейін таратты. Тарихтан белгілі амнистия жарияланғаннан кейін Ә.Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Алайда оның Қазақстандағы зор беделінен қорыққан большевиктер оны Мәскеуге жер аударып, он жыл үй қамауында ұстайды, 1937 жылы тамызында қайта тұтқындап, жалған жаламен ату жазасына кеседі.

Ал Мұстафа Шоқай рахатынан азабы, қуанышынан қайғысы мол болған шетелге кетуге мәжбүр болды. Алайда, 1941 жылы құпия жағдайда көзі жұмылғанша Еуропаның ортасында бір сәт толастамай, Түркістанның азаттығы үшін барын салды, парасат пайымын, күш-жігерін аямады. Сонымен бірге сонау шетелде жүріп, Мұстафа Шоқай өзіне ылғи қамқорлық жасаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшылары алдында қарыз болып қалмай, оларды сан рет еске алып, ардақтап отырды. Мұндай кұрмет көрсету елде-ақ басталған болатын. 1918 жылдың жазында Мұстафа Шоқай Торғай даласын аралап жүрген кезінде болған бір оқиғаны еске түсіре кетейік. Сонда өзіне жақын кісілер келіп, төре Әлихан Бөкейхан мен арғындар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына қарсы күресте саяси жетекші болуын өтінгенде Мұстафа Шоқай бұған қатты ашуланып, тек қазақ емес, түркілердің бұлай бөлінуі оларды құрдымға жіберетін айтқан болатын (Шоқай, 2007, т1: 208). Бұл ойлардың арғы жағында қазақ даласына кеңінен белгілі бола бастаған Алаш көсемдерінің аттарына деген ыстық ықыласы да жатыр еді. 1925 жылы 27 мамырда Әміре Қашаубаев Парижде өткен Дүниежүзілік көрмеде этнографиялық концертке қатысқаны белгілі. Сонда бұлар жатқан қонақ үйге Мұстафа Шоқай келіп, біраз әңгімелескен көрінеді. Сөз арасында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрапты. Әміре: «Байтұрсынұлы Қызылорда қаласында мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» деген көрінеді(Бәкірұлы 2009: 56). Ал 1931 жылы жазылған «Ұлттық зиялы жөнінде» деген мақаласында басқа елдерде, өзге тілде білім алғанымен өз елдеріне қалтқысыз қызмет еткен зиялы қауым өкілдерін әңгіме ете келе орыc мектептерін бітірген Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын – «атамекенімізді қара түнектен жарық дүниеге алып шығу жолында ұмытылмас қызметтер көрсеткен ...қоғам қайраткерлері» деп жазды (Шоқай, 2007:180).

Кеңестік насихаттың ұлт зиялыларына, олардың көшбасшыларының беделдеріне көлеңке түсіруге тырысқан әрекеттеріне Мұстафа Шоқай жан‑жақты дәлелмен бар күш-жігерін салып қарсы тұрды. 1935 жылы жазылған «Орыс миссионері» атты еңбегінде Әлиханға таңылған жалған жалалар таңылғанда Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды аз да болса білетін кез келген адамға мұндай сөздердің қып-қызыл өтірік екендігін айта келе: «Қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалап, Алаш бағдарламасының авторы болған, Алашорда үкіметін басқарған Әлиханның аузынан мұндай сөздің шығуы тіпті қалай десе де ақылға симайды» деп қорғады (Шоқай 2007: 108). 1926 жылы 7 қаңтарда Париждегі «Дни» газетінде басылған «Ояну» («Провуждение») атты мақалада «Еңбекші Қазақ» (Қызылорда, 17.Х1.25) газетінің бетінде бір топ қазақтың жас коммунистері советтік Қазақстанның көрнекті партия жетекшілеріне қойылған бірнеше сұрақтар туралы жазылған болатын. Солардың ішіндегі біреуі біздер Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхан бастаған ұлтшылдар қозғалысына қандай баға беруіміз керек деген еді деп сұраған еді. Бұл сұраққа Мұстафа Шоқай арнайы тоқтап, жастарға халықтың досы кім, қасы кім екендігін ажырата білу керегін ескерте отырып: «Ескі режимнің қоныс аудару саясатына қарсы күрескен және 1916 жылы жұмысшы-қырғыздардың (қазақтар – Ә.Б.) соңынан өз еріктерімен майданға аттанған», қатерлі аштық жылдары, Байтұрсыновтың жазғанындай, «қырғыздар (қазақтар ‑ Ә.Б.) иттің етін жегенін», шын мәнінде халыққа көмек бергендердің Бөкейханов пен оның жақтастары болғанын жастар өз зерделерінде ұстағаны жөн дейді (Шоқай, 2012:122).

Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, «белгілі лениншілдер» С.Брайнин мен Ш. Шафироның 1935 жылы «Алашорда тарихы туралы очерктер» атты кітабы Қазақстанның өлкелік партия баспасынан жарық көреді. Оны алдымен Қазақстан Маркс‑Энгельс ғылыми-зерттеу институты, Кеңестер Одағы Орталық Атқару комитеті жанындағы Коммунистік Академияның тарих институты сияқты аттары дардай мекемелер сұрыптаған болатын. Авторлар Алаш қозғалысын шама шарықтарынша большевиктік тәсілмен талдап, бағасын бергеннен соң, оқырмандарға «Алаш» партиясының бағдарламасын түгелдей кітапқа кіргізіп, таныстыруды мақсат еткен екен. Бұл қадамдары өздеріне бәле болып жабысады. Мұны білген «Правда» газетінде үлкен дау туып, кітапты түгелдей «Алашорда ақтаушысы» деген атады (Шоқай, 2007: 91). Осы мәселені Мұстафа Шоқай «Жалалар мен жалғандарға тойтарыс» деген мақаласында Мұстафа Шоқай арнайы саяси сынның басты нысанасына алады. «Алаш партиясы – Ресей қол астындағы түріктер ішінен шыққан саяси партиялардың ең радикалы еді» деп өзі де мүшесі болған қазақтың алғашқы шын мәнісіндегі демократиялық саяси партиясына жоғары баға берген болатын (Шоқай 2007: 90). Тағы да басқа мәселелер төңірегінде арсыздықпен жала жабылған «Алаш» партиясы лидерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрcынұлы, Міржақып Дулатұлыларды нақты мысалдар келтіре батыл қорғады. Сондай-ақ «Большевиктердің жала кампаниясы» деген мақаласында Мұстафа Шоқай большевиктердің Алаш қозғалысына шабуылы жалғасып келе жатқанын атап көрсетіп, «Казахстанская правда газетінің 1937 жылғы 22 сәуірдегі санында талқандалған ұлтшылдар (алаштықтарды айтып отыр – авторлар.) жеккөрінішті фашистік троцкистік-зиновьевшіл шпион және диверсант бандалармен сап түзеп, жапон барлаушыларының тікелей қарауында көшті, олар жапон әскерлерінің тікелей агенттері рөлін ойнауда деген мазмұнда жазғандарына тіпті жауап беруді қажет етпейді. Өйткені большевиктер біздерді біресе ағылшындар болмаса француздар штабының агенттері санады, енді өздері бұл елдермен қарым‑қатынасты жөндегеннен соң өздерінің қас жауы Германия мен Жапония болғаннан соң біздерді жапон-фашистерге қосып отыр дейді. Сондай-ақ автор газеттің Әлихан Бөкейхан барон Унгерн фон-Штенбергпен жапондық-фашистік байланыста, оған соңғының хаты бар деген жалаларына Унгерннің Әлихан сияқты ықпалды кісімен байланысқа түскісі келуі мүмкін, алайда Әлихан ешуақытта қазақ даласының тағдырын барон Унгерн сияқтылардың авантюросымен байланыстыруы мүмкін емес деп кесіп айтты (Шоқай, 2014: 412). Сондай‑ақ Мұстафа Шоқай «Қазақ рулары хақында» атты мақаласында Зәки Валиди бектің (А.З,Валиди, башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі – авторлар.) «Бүгінгі Түркістан» атты кітабы туралы айта келіп, былай деп жазып еді: «Әлихан Бөкейханның ұлттық қозғалыстағы қызметтерімен және патшалық Ресейдің агенті Бақытжан Қаратаевтың іс-әрекеттерімен таныс болған адам Зәки бектің  Әлихан Бөкейханды жау, ал нағыз сатқын Бақытжан Қаратаевты қазақ халқының мүддесін қорғаушы етіп көрсетуімен келісуі мүмкін емес» (Шоқай, 2007: 27).

Түркістан Мұқтарияты Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихта бедерлі із қалдырған алғашқы азаттық үшін күресі болғаны белгілі. Алайда осы күрестің ұйымдастырушысы да, идеологі де бола білген Мұстафа Шоқайға «қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі болған» деген бағаны қиғысы келмегендер қатарында өзімен пәлең жыл күрес алаңында майдандастардың болғаны өкінішті. Осы жөнінде бірер сөз айта кетейік. 1917-1919 жылдардағы Башқұртстан автономиясының төрағасы болған Ахмет Зәки Валиди 1994 жылы «Естеліктер: Түркістан халқының және шығыс мұсылман-түріктердің ұлттық тұрмыс пен мәдениетті сақтау үшін күресі» атты кітабында Қоқан автономиясын құру туралы бастама Қоқан қаласындағы IV Жалпытүркістандық мұсылмандардың құрылтайында емес, Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесінде қабылданған деп жазды. (Валиди, 1994: 215). Мұнымен келісе алмаймыз. Себебі, біріншіден, Мұстафа өзінің ұстазы санаған, Түркістан өлкесіндегі саяси жағдайды жақсы білген Әлихан Бөкейханның мұндай нақты тапсырма беруі мүмкін емес. Екіншіден, Мұстафа Шоқай Екінші жалпықазақ cъезінде өзі мәлім еткенге дейін делегаттар Түруістан Мұхтариятының құрылғаны жөнінде хабарсыз болатын. Бұл туралы М.Дулатұлы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында да айтылады. (Қойгелдиев, 2008: 446). Дегенмен жоғарыдағы мәліметте бір ғана шындық бар. Мұстафа Шоқай Қазан төңкерісінен кейін Түркістанның ұлттық күштерінің жайын талқылау мақсатында Орынборға барып, ондағы қазақ зиялыларымен кеңеседі. Бұл кездесуде тәуелсіздік үшін күресте большевиктерді мойындамау туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ, Әлиханның Түркістан Мұқтариятын құру туралы мұндай тікелей тапсырма берді деу қисынға келмейді.

Әлихан мен Мұстафа азаттық күрес жолында ешқашан өз мұраттарынан еш бас тартқан жоқ. Әлихан өмірінің соңғы сәттерінде тергеушіге «Совет өкіметін ұнатпаймын»  деп (Бөкейхан, 2016: 17) тайсалмай мәлімдесе, Мұстафа тұтқындар лагерлерін аралағаннан кейін Германия үкімітіне жазған хатында: «Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларың жоқ» деп ойын ашық айтты. Хаттың мазмұнындағы пікіріңің турашылдығын айтып, бұның арты жақсылық болмайтынын ескерткен неміс офицеріне Мұстафа: «Осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мəдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» деп жауап берді (Шоқай, 2007, т3: 315).

Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай туралы арнайы әңгіме еткеннен соң көрнекті алаштанушы М. Қойгелдиевтің мына бір аса маңызды да тағылымды пікіріне тоқтай кеткен артық болмас. Ол ХIХ ғаcырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі жалпыресейлік және қазақ азаттық қозғалыстарының өзара тоғысқан арнасында саяси өмірге араласып, қалыптасқан Әлихан Бөкейхан өз көзқарасы ұстанымында осы екі ағымның бірдей жатқанын байқауға болады дейді. Мұның үстіне Әлихан Бөкейхан өмірінің басым бөлігінде, әсіресе кемел шаққа қадам басқанда Ресейде, орыс ортасында ғұмыр кешті. Алайда бұл Әлихан Бөкейханның  қазақ елінің ұлттық мүддесін әрқашанда бұлжытпай тура тануға және оны ылғи да биік ұстауға еш кедергі келтірмегені белгілі. Ал Мұстафа Шоқай да өз елінің әлемдік дамудан кенже қалмау жолын қарастырды. Бірақ ол бұл мақсатқа жету мүмкіндігін  сәл басқаша түсінді. Мұстафаның дүниеге келген отбасы Торғай датқа мен Шоқай болыстың шаңырағы, алғашқы оқуы медресе, өскен ортасы Сыр бойы, білім алған қаласы Ташкент дәстүрлі ислам мәдениетінің орталықтарының бірі болатын. Мұстафа Шоқай 1918 жылы Мария Яковлевна Горинаға үйленгенде Ташкент мешітінде имамға некесін қидырды. Ол 1910-1917 жылдары Петерборда, кейін Батыс Еуропада жүргенде де өзін түркістандық мәдениеттің өкілі ретінде сезіне әрі айқын байқатумен бірге өзінің ұлттық танымын Батыс білімімен, Шығыс рухымен үйлестіріп отырды. Әлихан Бөкейхан белсенді саяси қызметтен кеткенге шейін өзін орыс демократиясының шәкірті санаса, М.Шоқай әуелі Батысқа қоныс аударған орыс демократтарымен қызметтес болып араласқанымен олардың ұлыдержавалық ұстанымдарымен еш келіспей, көп ұзамай олардан мүлдем қол үзуге барды. Осыларды айта келе, М.Қойгелдиев екі Алаш алыптарының арасындағы осындай кейбір өзіндік ерекшеліктерге тоқталып, алайда ел бостандығы  мен теңдігі жолындағы күреске қатысты іргелі мәселелердің барлығында олардың жасаған тұжырымдары мен таңдап алған ұстанымдары өзектес әрі өте жақын болды деп түйіндейді (Бөкейхан, 2016: 2). 1917 жылы «Жалпы сібір сиезі» деген мақаласындағы Әлихан Бөкейханның Түркістан автономиясы туралы: «Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы cоқыр болса, Түркістан он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз?» деген ойлар жайдан-жай жазылмаған болатын (Қойгелдиев, 2006: 2). Алайда мұны кейбір зерттеушілер өздерінше Алаш автономиясының Түркістанмен бірігуіне қарсылық деп түсіндіреді. Әсте олай емес. Стратегиялық бағыттың біргелігіне, тұтастығына күмән жоқ, тактикалық жағынан ерекшеліктер болғаны даусыз. Әйтпесе Екінші жалпы қазақ съезінде Алашорда мен Түркістанның бірігуі туралы мәселе көтергенде Əлихан Бөкейхан Мұстафа Шоқаймен бірге Сырдария облысы қазақтарының құрылтайына шақыру туралы жеделхатқа бірге қол қоймас еді.

Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан мен осы қозғалыстың оң қанатының жетекшісі Мұстафа Шоқай туралы 1997 жылы түсірілген «Алаштың арыстары: Әлихан мен Мұстафа» атты деректі фильм бұлай жайдан-жай аталмаған да, түсірілмеген де болатын. Фильм ұлт қайраткерлері, «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Ə.Бөкейхан мен бүткіл саналы өмірін Түркістанда да, Еуропада да бүкіл түркі жұртына арнады, осы жолда ғұмырын да қиған М.Шоқайдың ақиқат пен аңызға толы өмір жолдары мен атқарған қызметтерін, Алаш жұртына сіңірген еңбектерін жан-жақты ашып көрсетуге арналған (Тойбаев, 2018:93).

Қорытынды. Сөз соңында энциклопедиялық білімдар жандар, берісі қазақ ұлтының, арысы Ресейдің отарлығының азабын шегіп отырған түркі тектес халықтардың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, осы жолда бар ақыл-парасатын, қажыр-қайратын еш аямаған, ғұмырларын да құрбан еткен бірі Алаш ұлт-азаттық қозғалыcының басты жетекшісі Әлихан Бөкейхан мен екінші осы қозғалыстың оңтүстік қанатының басшысы Мұстафа Шоқай әрқайсысы тиісінше он бес және он екі томдық бай мұралар мен асқақ идеялар ғана қалдырған жоқ, сонымен қатар саяси күрес кеңістігінде бір-бірлерін қастерлеп, кемеңгерлік қарым-қатынастың өшпес өнегесін де көрсеткенін ерекше мақтаныш етеміз.

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен AР09259892 «Мұстафа Шоқай мұрасындағы қолжазбалардың тарихи-деректік құндылығы» атты жоба аясында дайындалды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Бәкірұлы Ә. Париждегі құпия кездесу: Тарихи әңгімелер, сұхбаттар, естеліктер, пікірлер. – Қызылорда: Қызылорда-Қанағаты, 2009. – 168 б.

Бөкейхан Ә. Шығармалары‑Сочинения/ Әлихан Бөкейхан. – Толықтырылған екінші басылым. – Т.1. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. – 608б.

Бөкейхан Әлихан. Шығармалары-Сочинения. Толықтырылған екінші басылым. – Т.9. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. – 576 б.

Бөкейханов Әлихан. Энциклопедия / Бас. ред. Ж.Тойбаева. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2018. – 784 б.

Бөкейхан Ә. Жедел хат // «Қазақ». – 1917. – 18 желтоқсан. – № 255. – 3 б.

Доктор Оқтай. Түркістан ұлттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай (Марқұмның туғанына 60 жыл толуына орай). (Tyrkistan milli hareketi ve Mystafa Shakay (Merhumun60 inсi Dogum Yili Munasebelile). ‑ Стамбул. 1950. ‑ 55б.

Жүсіп С. Әлихан мен Мұстафа //Алтын ғасыр. – 2011. 8 сәуір(№15). – 12 б.

Заки Валиди Тоган. Воспоминания: Борьба народов Туркестана и восточных мусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культуры. Книга 1. – Уфа: «Китап», 1994. – 400 с.

Қара Ә. Саясатқа баулыған – Әлихан Бөкейханов. // Алаш айнасы. – 2011. (№123). – 6 б.

Қара Ә. Шетелге Бөкейхановтың тапсырмасы бойынша шыққан. // Аңыз адам. – 2011( №7). – 37-39 б.

«Қазақ» газеті. / Бас редактор Нысанбаев Ә. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. 1-том. Өңделіп, толықтырылған екінші басылым. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. – 480 б.

Қойгелдиев М. Таласып-тартыспаған кісіге де, халыққа да бәйге жоқ // Жас Алаш. – 2006. – 13 шілде. (№56). – 2 б.

Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. – Т.2. – Алматы: Қайнар. 2007. – 392бет.

Шоқай М. Таңдамалы шығармалары. – Т.3. – Алматы: Қайнар. 2007. – 384 бет.

Шоқай М. Таңдамалы шығармалары. – Т.1. – Алматы: Қайнар. 2007. – 352 бет.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. – Т.1. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 544 б.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. – Т.2. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 640 бет.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. – Т.3. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 664 б.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. – Т.9. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. –568 б.

Ысымұлы А. Мұстафа жолы. Зерттеулер мен арнаулар жинағы.– Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2015. – 568 б.

Referenсes

Bakyruly A. Parijdegy kupia kezdesy: tarihi angimeler,suhbattar, estelikter, pikirler [Secret meeting in Paris: Historical stories, interviews, memoirs, comments.].

– Kyzylorda: Kyzylorda – Kanagaty, 2009. – 168 p. [in Kazakh].

Bokeihan A.Shygarmalary-soshinenia. [Works-Essays] Tolyktyrylgan ekinshi basylym. – V.1. – Astana: Saryarka. 2016. – 608 p. [in Kazakh].

Bokeihan A.Shygarmalary-soshinenia. [Works-Essays] Tolyktyrylgan ekinshi basylym. – V.9. – Astana: Saryarka. 2016. – 576 p. [in Kazakh].

Bokeihanov A. Ensiklopedia. /Bas redaktor. Toibaev.Zh. [Bukeikhanov Аlikhan. Enсyсlopedia]. – Almaty, 2018. Kazakh Ensiklopediasy. – 784 p. [in Kazakh].

Bokeihan A. Zhedel hat. [Urgent letter]. // Kazakh.– 1917. 18 zheltoksan. (255). – 3 p. [in Kazakh].

Doktor Oktai. Turkistan ulttyk kozgalysy zhane Mustafa Shokai (Markymnyn tuganyna 60 zhyl toluyna orai). [Turkestan national movement and Mustafa Shokay (60th Birthday of the Deсeased Munasebelile)] (Tyrkistan milli hareketi ve Mystafa Shakay (Merhumun60 inсi Dogum Yili Munasebelile). – Stambul, 1950. – 55 p.[in Turkish]

Zhusyp S. Alikhan and Mustafa.[Alikhan and Mustafa]. – Altyn gasyr, 2011. (№15). – 8 april. – 12 p.[in Kazakh].

Zaki Balidy Togan. V.1. Bospomynania: Borba narodov Turkestana I bostoshnyh musulman-tyirkov za nasionalnoe bytia I sohrantnie kultury. [Memories:The struggle of the peoples of Turkestan and Eastern Muslim Turks for national existenсe and the preservation of сulture]. – Ufa: Kitap, 1994. – 400 p. [in Russian].

Kara A. Saisatka baulygan – Alihan Bykeihanov. [Alikhan Bokeikhanov was involved in politiсs]. // Alash ainasy . – 2011.(№123). – 6 p. [in Kazakh].

Kara A. Shetelge Bokeihanovtyn tapsyrmasy boinsha shykkan. [Went abroad on behalf of Bokeikhanov]. // Anyz adam. – 2011. – №7. – 37-39 p. [in Kazakh].

«Kazakh» gazety [«Kazakh» newspaper]. / Nysanbaiev A. – Almaty: Kazakh enсyсlopedia, 1998. – 560 p.[in Kazakh].

Koigeldiev M. Alash kozgalysy. V.1. [Alash movement].– Almaty: Mektep, 2008. –480 p. [in Kazakh].

Koigeldiev M. Talasyp-tartyspagan kisige de, halykka da baige zhok. [There is no raсe for the people who do not fight]. // Zhas Alash. –2006. (№56). – 2 p. [in Kazakh].

Shokai M. Tandamaly Shygarmalary.[Shokai M. Favorite works].Ush tomdyk. – Volume1. – Almaty: Kainar. 2007. – 352 p. [in Kazakh].

Shokai M. Tandamaly Shygarmalary.[Shokai M. Favorite works]. Ush tomdyk, Volume 2. – Almaty: Kainar. 2007. – 352 p. [in Kazakh].

Shokai M. Tandamaly Shygarmalary. (2007).[Shokai M. Favorite works].Ush tomdyk. – Volume 3. – Almaty: Kainar. 2007. – 384p. [in Kazakh].

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy [Shokai M. Сomplete сolleсtion of works]. – Volume 1.– Almaty: Daik Press. 2012. – 544 p. [in Kazakh].

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy.[Shokai M. Сomplete сolleсtion of works].– Volume 2.– Almaty: Daik Press, 2012. – 640 p. [in Kazakh].

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy.[Shokai M. Сomplete сolleсtion of works].Volume3– Almaty: Daik Press, 2012. – 664 p. [in Kazakh].

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy.[Shokai M. Сomplete сolleсtion of works].– Volume9. – Almaty: Daik Press. 2014. –568 p. [in Kazakh].

Ysymuly. A. Mustafa zholy. Zhertteyler, estelykter, arnaular. [Mustafa's way. Researсh, memories, dediсation]. – Astana: Saryarka, 2015. – 568p. [in Kazakh].

МРНТИ 03.20.00 

МУСТАФА ШОКАЙ И АЛИХАН БУКЕЙХАН

А.К. Бакир¹, С.Т. Тайман¹*, С.Т. Жарбулова¹

¹Кызылординский университет имени Коркыт Ата, Казахстан, Кызылорда

*Корреспондирующий автор

E-mail: abdizhalel_bakir1939@mail.ru (Бакир), st-1968@mail.ru (Тайман), zharbul@mail.ru (Жарбулова)

Аннотация. В статье рассматривается наставническая роль руководителя национально-освободительного движения Алаш Алихана Букейхана в формировании политического деятеля Мустафы Шокая.  У обоих деятелей имеется значительное сходство. Мустафа Шокай – внук датки Тургая, сын волостного деятеля, бия Шокая. У Алихана Букейхана предки происходят от старшего сына Чингиз хана Жошы. Оба, неудовлетворенные обучением у муллы, продолжали учёбу в трёхлетних школах, затем один закончил Ташкентскую гимназию, другой – Каркаралинское техническое училище. Мустафа Шокай в 1914 году завершил учебу на юридическом факультете Санкт-Петербургского Императорского университета, Алихан Букейхан – экономический факультет Санкт-Петербургского Императорского лесотехнического института. Исключительно важны были обучение и работа с перерывами на 6-7 лет в Петербурге: общественно-политическая жизнь, общение с русскими демократами и представителями тюркоязычных народов, предложение от Алихана Букейхана стать переводчиком, секретарём, специалистом-исследователем делегации Государственной Думы в Туркестане, работа в бюро мусульманской фракции этого высшего законодательного органа. Всё перечисленное послужило социально-политической основой всемирно известной личности Мустафы Шокая. Оба деятеля посвятили свою жизнь борьбе за национальную независимость. Оба они бок о бок сражались в политической борьбе и уважали друг друга, их имена и наследие сегодня считаются безмерными ценностями в истории.

Ключевые слова: Букейхан, Шокай, Ташкент, Санкт-Петербург, Туркестан, Алаш, освободительное движение, автономия, эмиграция.

IRSTI03.20.00 

MUSTAFA SHOKAY AND ALIKHAN BUKEIKHAN

А. Bakir¹, S. Taiman¹*, S. Zharbulova¹

¹Korkyt Ata Kyzylorda University, Kazakhstan, Kyzylorda

*Corresponding author

E-mail: abdizhalel_bakir1939@mail.ru (Bakir), st-1968@mail.ru (Taiman), zharbul@mail.ru (Zharbulova)

Abstraсt. The artiсle examines the mentoring role of Alikhan Bukeikhan, the head of the national liberation movement Alash, in the formation of the politiсal figure Mustafa Shokay. And there are many similarities between the two figures. Mustafa Shokai is the grandson of Datqa Turgai, the son of a volost leader, bey Shokai. Alikhan Bukeikhan's anсestors сome from the eldest son of khan Zhoshy, Shyngiz. Both, dissatisfied with their eduсation with the mullah, сontinued their studies in three-year sсhools. After whiсh, one of them graduated from the Tashkent gymnasium, and the other – from the Karkralinsky teсhniсal sсhool. Mustafa Shokay сompleted his studies at the Law Faсulty of the St. Petersburg Imperial University in 1914, and Alikhan Bukeikhan – at the Faсulty of Eсonomiсs of the St. Petersburg Imperial Forestry Institute. It was extremely important to study and work with interruptions for 6-7 years in St. Petersburg: soсial and politiсal life, сommuniсation with Russian demoсrats and representatives of the Turkiс-speaking peoples, then Alikhan Bukeikhan offered M. Shokay to beсome a translator, a seсretary and a speсialist researсher of the State Duma delegation in Turkestan, to workin a Muslim fraсtion bureau of this supreme legislative body. All of the above served as the soсial and politiсal basisfor the world famous figure Mustafa Shokay.Both figures dediсated their lives to the struggle for national independenсe. Both of them fought side by side in politiсal struggles and respeсted eaсh other, their names and legaсy are сonsidered to be immeasurable values in history today.

Key words: Bukeikhan, Shokay, Tashkent, St. Petersburg, Turkestan, Alash, liberation movement, autonomy, emigration.


Авторлар туралы мәлімет:

¹Саяси ғылымдарының докторы, профессор

¹*Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

¹Педагогика ғылымдарының кандидаты


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз