Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.00.20 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_5

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ӘЙЕЛДЕР (АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША)

ҒТАМР 03.00.20 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_5

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(27), 2021

Автор:
Қ.Қ. Сәрсембина¹ID, М.М. Қозыбаева²ID, Х.Б. Маслов¹*ID
¹Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан, Нұр-Сұлтан 
²Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы 
*Автор-корреспондент 
Е-mail: kuralai_sk@mail.ru (Сәрсембина), koz.mahabbat_85@mail.ru (Қозыбаева), halel_86@mail.ru (Маслов) 
Аңдатпа. Мақалада 1930-1950 жылдары Ақмола облысы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер тағдыры деректер негізінде зерделенген. Ер адамдар жаппай жазықсыз жазаға тартылғанда олармен бірге әйелдердің де саяси қуғын-сүргін зобалаңына ұшырағандығы дәйектеледі. Жазықсыз азап шеккен әйелдер тағдыры кеңестік тоталитарлық жүйенің қылмысы екендігі, саяси қуғын-сүргін қызылдар билігінің орнығуымен қатар жүргендігі қарастырылады. Саяси қуғын-сүргін жалпылама бағыт алғанда, сол бір зобалаңға әйелдер де, жасөспірімдер де ілікті. Түрмедегі әйелдердің қылмыстық іс-қағаздары дұрыс толтырылмаған. 1931 жылы тұтқындардың іс қағаздарын жүйелі толтыру туралы айтылғанымен, нәтижесіз қалған. Мақалада Ақмола облысы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің ұлты, қызметі, білімі, оларға қолданылған жаза түрі және т.б. мәліметтер талданды.
Түйін сөздер: саяси қуғын-сүргін, тоталитаризм, ұлттық сана, отбасы, саясат, мемлекет, руханилық, қуғын-сүргін шаралары, депортация.
Мазмұны:

Кіріспе. Кеңестік тоталитарлық қоғам тұсында, нақтырақ айтқанда Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарында адамдардың жаппай жазықсыз жазаланғандығы белгілі. Қуғын-сүргін түрлі ұлт өкілдерін, түрлі әлеуметтік топтарды, түрлі әлеуметтік қабаттарды қамтыды. Репрессиялық машинаға адам құқығы, адами құндылықтар жат болғандықтан, адам айтқысыз заңсыздықтар өмірден орын алды. Ұлтын сүйгендер қуғын-сүргінге бірінші ұшыраса, ал кеңестік социалистік қоғамға қызмет еткендер де зобалаңнан аман қалмады. Қуғын-сүргін жалпылама бағыт алып, барлық елді-мекенді қамтығандықтан, қудаланған, жазықсыз жапа шеккен тұлғаларды (жергілікті жерлердегі зиялылар, олардың отбасы мүшелері) мұқият зерттеуді қажет етеді.

Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кеңестік тоталитарлық қоғамның қылмысы. Қызылдар билігі қанша халықтың басына қайғы-қасірет әкелді. Сол жылдары жасалынған қылмыстың ауқымдылығын архивтарда тұнып жатқан құжаттар дәлелдейді. Отбасын ыдырату саясаты, баланы ата-анадан айыру, әйелдерді соттау, ату, мәжбүрлеп еңбек ету жұмыстарына жегу кеңестік тоталитарлық қоғамның қылмысын әшкерелейді.

Жыл өткен сайын жазықсыз жазаланған тұлғаларды толық ақтау, халықтың есінде мәңгілікке қалдыру мәселесі өзекті бола түсуде.

Қызылдар билігі орныққан күннен бастап жазалау саясатымен таныла бастады. Мәселен, төтенше комиссияның «контрреволюция мен спекуляцияға қарсы күрес апталығы» журналында ату жазасына кесілгендер тізімі жарияланған (Валидов, 1990: 25). Сөйтіп, қуғын-сүргін саясатына бұқаралық ақпарат құралдары да тартылған. БАҚ большевиктер саясатын жүргізетін, халықты идеологиялық өңдеуден өткізетін «құралға» айналды. 1930-жылдан бастап өлім жазасына кесілгендерге қатысты ақпарат мемлекеттік құпия болды.

1920-1930 жылдардағы сот жүйесін қайта құру арқылы қуғын-сүргінге даярлық жасалды. Кеңес үкіметі тұсында сот жүйесі өзінің тәуелсіздігінен айрылып, партия саяси қуғын-сүргінге жол ашты. Өрескел заңсыздықтар сот-тергеу органдары арқылы жасалды. Заң орындары әкімшіл-әміршіл жүйе құрдымына жұтылды. Нәтижесінде, асыра сілтеушіліктерге жол берілді, адам құқықтары аяққа басылды. Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) баптары өкімет пен партия нұсқауларына сай бұрмаланды. Кеңестік құқық «биліктен айырылған қанаушы таптарға» қарсы сипатымен ерекшеленді. Заңдар халықты Отанды сүю рухында емес, коммунистік санамен тәрбиелеуге қызмет етті. Билік тармақтары сабақтаса байланысып, сот билігі саясаттың құралына айналды.

Кеңестік сот жүйесінің 1920 жылдың басынан бастап-ақ «тап күресі» саясатына даярланғандығы белгілі. Көптеген зерттеушілер кеңестік заңдардың халық шаруашылығын дамытуға есептелген жаңа экономикалық саясаттың тиімді тетігі болғандығын дәлелдеген еді. Сол кезеңдегі КСРО Конституциясында сот (157-бабы) мәжілістері ашық жүргізіледі, судьялар мен халық заседательдері дербес, тәуелсіз болып, олар тек қана заңға бағынады (155-бапта) деп жазылғанымен, шынайы өмірде басқаша жағдай болды. Осылайша, Конституция тұжырымдары мен шынайы өмір арасындағы алшақтық салдарынан, адамдар мемлекеттен өгейленді.

КСРО тұсында саяси қуғын-сүргін жабық тақырыптардың бірі болғандығы мәлім. Алайда, КСРО кезіндегі құжаттардан (қабылданған заңдар, Қылмыстық кодекс және т.б.) тоталитарлық қоғамның белгілерін байқауға болады. Коммунистік идеология сталиндік тақырыпты жабық күйінде қалдырды. Жұртшылыққа мәлім себептермен зерттеуге жол бермеді.

Ал, батыс қоғамында тоталитаризм тақырыбы кеңінен зерделенді. К.Г. Баллестрем, Ф.Х. Хайек және өзге де зерттеушілер (Баллестрем, 1992: 17) тоталитаризмді жан-жақты қарастырды. Ср. А. Хайек билік басына қабілетсіз тұлғалар келіп, тоталитарлық мемлекеттің азаматтары идеалға шын берілгендіктен аморальды іс-әрекеттерге жол беретіндіктерін де жазып кетті (Хайек, 1999: 126). Р. Конквест КСРО-дағы тоталитарлық тәртіпті зерттеп, сталиндік саяси қуғын-сүргіннің ауқымы туралы пікір-таластарға жол ашты. Р.Конквесттің айтуынша кеңестік тарихшылар жабық қорларға кіре алмай, яғни дәлел, фактілерге қолы жетпегендіктен тарихи шындықты жаза алмаған. Осы себептен, КСРО-дағы саяси қуғын-сүргіннің шынайы бейнесін шетелдік зерттеуші ғана көрсете алатын еді (Конквест, 1989: 3).

КСРО-да 1956 жылға дейін (КОКП-ның ХХ съезіне дейін) саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу қолға алынбағандығы мәлім. ХХ съезден кейін түрме мен еңбекпен түзету лагерлерінде болғандар естеліктер, әңгімелер жариялай бастады. А.С. Кан «Постсоветские исследования о политических репрессиях в России и СССР» зерттеуінде қозғалып отырған тақырып төңірегіндегі еңбектер Л.И. Брежнев тұсында кенеттен азайғандығын, сталиндік саясаттың біржақты сынға ие болғандығын жазады. Одан әрі зерттеуші репрессия туралы диссиденттердің шығармалары шет елдерде жарияланғандығын тұжырымдайды (Кан, 2003: 121).

1980 жылдардың ортасында бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде сталинизмнің мәні туралы көптеген мақалалар жарияланды (қайта құру бағытына байланысты). Нәтижесінде, 1988-1991 жылдары Кеңестік тарихшылар кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіп пен сталиндік қуғын-сүргін тақырыптары төңірегінде салмақты зерттеулер жүргізе бастады. Мәселен, А.И. Солженицын «Архипелаг ГУЛАГ: опыт художественного исследования. 1918-1956», Н.С. Гаджиев «Тоталитаризм как феномен ХХ века» (Гаджиев, 1992: 2), «История и сталинизм» (құрастырған: А.Н. Мерцалов) және т.б. еңбектер жарық көрді. 1988-1991 жж. жаппай қуғын-сүргін көлемі, жаппай жазалаудың себептері, жіберілген заңсыздықтар туралы құнды фактілерге толы монографиялар, мақалалар жинағы көптеп жарық көре бастады (Вергенов, 1992: 178).

КСРО ыдыраған соң тоталитаризм түрлі деңгейде зерттеліне бастады. Зерттеушілердің «құпия» қорларға қолы жетіп, жаңа танымдағы еңбектер жариялана бастады. Сонымен қатар, отбасыны социалистік жанұяға айналдыру саясатының жүргізілу деңгейі туралы да зерттеушілер назарынан тыс қалмады. Мәселен, Геллер М., Некрич А. «Утопия у власти», - кітабында отбасын социалистік жанұяға айналдыру саясатының мәні мен мазмұнын зерделеген еді (Геллер, Некрич, 2000: 8).

Сондай-ақ әдебиеттер мазмұны да жылдан-жылға өзгеріп, журналистік мақалалардың орнына ғылыми негіздегі академиялық зерттеулер, яғни деректер негізінде жазылған көп томды еңбектер жарық көрді. 1990 жылдары сталиндік лагерлердің тарихына арналған еңбектер саны өскен (Хлевнюк, 1992: 73).

Елімізде де тәуелсіздік алған жылдардан бастап саяси қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде ғылыми еңбектер көптеп жарық көрді (Шаймуханова, Шаймуханова, 1997: 175).

К.Нұрпейісов, М.Қозыбаев, М. Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Алдажұманов және өзге де тарихшы ғалымдардың Отандық тарих ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбектері (кеңестік тоталитарлық қоғамның қылмысын әшкерелейтін) оқырманға жақсы таныс. Тарихшы ғалымдар деректер негізінде жазылған құнды еңбектері арқылы тарихи сананы көтеруге, ұлттық сананы дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Алайда, сталиндік қуғын-сүргін зобалаңының ауқымы адам ақылына сыймайтындығы соншалықты, зерттейтін мәселелер де жеткілікті.

1930-50 жылдардағы Ақмола облысындағы жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған естелік кітабында, Ақмола лагерінің тарихы, әсіресе 3-4 жастағы балаларды аналарынан тартып алу және оларды арнайы сәбилер үйлеріне жіберу, өсіп қалған балаларды ата-аналарынан бас тартуға мәжбүрлеген заңсыздықтар туралы мәліметтер бар. Алайда, жазықсыз қудаланған әйелдердің ұлттық құрамы, білімі, қызметі, жаза түрі сынды көптеген зерттеу жұмысына қажетті мәліметтер облыстар бойынша нақты көрсетілмеуде. Сондықтан, Ақмола облысы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдерді зерттеу бүгінгі күн талабы. Өзекті мәселелердің бірі.

Материалдар мен әдістер. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз азап көрген, жазаланған аналардың естеліктері негізінде, сонымен қатар Алматы (ҚР Орталық мемлекеттік архиві), Астана қалалық мемлекеттік архивіндегі, Ақтөбе облыстық архивіндегі деректер негізінде мақала даярланды. Сонымен қатар, https://ru.openlist.wiki сайтында «Хранить вечно: Книга памяти жертв массовых политических репрессий 30–40-х и нач. 50-х гг. Ч. 1: 58-я статья. Акмолинская обл.», – кітабының электронды нұсқасы бар. Аталған сайтта Ақмола облысы бойынша ҰҚКД – нің (ДКНБ) саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы материалдары салынған. Онда 58 баппен сотталған 4350 адамның тізімдері, ұлты, туған жылы, жынысы, білімі, кәсібі, сотталған жылы, қандай баппен сотталғаны, неше жылға сотталғаны, жаза түрлері жазылған. Аталған еңбектен жазықсыз жазаланған әйелдердің ұлттық құрамы, білімі, қызметі, кәсібі және т.б. талданды.

Талқылау. Түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлері, еңбекпен түзету колониялары кеңес мемлекетінің ажыратылмас бөлігі болды. ГУЛАГ әлемнің барлық тіліне енді. 1923 жылы 21 тамызда сотталған әйелдерді Ногинск әйелдер түрмесіне қамау туралы айтылады (Росси, 1991: 8). Кеңес өкіметі бас бостандығынан айырылғандар еңбегін тегін пайдалануды мақсатты түрде жоспарлаған. И. Сталин 1929 жылы КСРО-да еңбекпен түзету лагерлер жүйесін кеңінен дамытуды жан-жақты ойластырып, осыған қатысты 1930 жылы 7 сәуірде арнайы қаулы қабылдаған (Ақтөбе ОММ, 1: 6). 1930 жылдың ортасына дейін көптеген қаулылар жарық көрген. Саяси қуғын-сүргін «жоспарына» әйелдер де ілікті. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде «Отчеты и отчетные доклады о работе ИТК» деп аталатын құжатта әр жылдарға арналған еңбекпен түзету колонияларының есептік баяндамалары сақталған (Ақтөбе ОММ, 1: 11).

Архив деректеріне үңілгенде лагерлік жүйенің алғашқы қалыптасу уақытында тұтқын әйелдерге қатысты мәліметтер кездеспейді.

1920-30 жылдары КСРО аумағында Колыма, Магадан, Воркут, Сібір, Урал, Қазақстан және өзге де өңірлерде концентрациялық лагерлер құрылды. 1930 жылы КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерінің ұйымдастырылуы туралы» қаулы қабылдайды. Қазақстанның «аграрлық-мәдени және саяси-шарушылық жағдайын ескере» отырып, қазақ даласы «түрме мен лагерлер орталығына» айналдырылады (Ақтөбе ОММ, 1: 28). Деректерден 1930 жылдың ортасынан бастап тегін жұмыс күшін пайдалануға қатты көңіл бөлінгендігін байқаймыз (Росси, 1991: 15). Кейбір зерттеушілердің пікірінше кеңестік ГУЛАГ-та (Заңнан тыс құлдық) қылмыскерлер құлдардың ролінде болды (Кравченко, 1999: 300).

1930 жылдың ортасына дейін әйелдерге арналған арнайы лагерлер болмады (Астана ҚММ, 5731: 85). 1937 жылғы 15-тамыздағы ІІХК-ның № 00486 шұғыл бұйрығы «Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне» арналған арнайы лагерлерді құруға жол ашты. РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабымен сотталған әйелдерді басқаларға қоспай, бөлек қамау бұйырылды. Нарым өлкесі мен Қазақстандағы Торғай ауданы осындай лагерьлерді құру аймақтары болып белгіленген.

1930 жылы Қазақстандағы 23 тұтқындау орындарында сотталған әйелдер болғаны белгілі. Алайда, түрмелердегі әйелдердің саны сол жылдардағы құжаттарда көрсетілмейді (ҚР ОМА, 309: 3). 1928-1931 жылдары адамдарды «соттаудың» неше түрлі әдістері жетілдіріліп, ОГПУ-дің қолында peпpeccияны жүpгізyдің даяр тетігі болды.

1930-шы жылдардың ортасында саяси қуғын-сүргін жүгізудің өзіндік жолы қалыптасты. Жалған айыптаулар, бір адамға жала жабу арқылы бірнеше адамды ұстау арқылы репрессия жаппай әрі жалпылама бағыт алды. Астық, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою, социалистік меншікті қорғау науқандарында халыққа қарсы репрессиялық шаралар қарқынды қолданылды. Жоғарыдан үсті-үстіне келіп жатқан бұйрықтар қуғын-сүргінді жеделдетті. Мәселен, ЮХК сот-тергеу органдары астық дайындау науқаны барысындағы «жұмыстары» туралы мәліметті екі апта сайын жинаған. Көптеген адамдардың үстінен қозғалған қылмыстық істер заңсыз болған. Оны архив құжаттары дәлелдейді. Деректерде: «…1928 жылы сотталған шаруалар өз өнімдерін сатпаған және алыпсатарлықпен айналыспаған. Олардың көпшілігінде астықты сату үшін ауылдық кеңестен алынған рұқсат қағаз болған. Астықты мұқтаждықтары бойынша сатқан. Бірақ олардың үстінен заңсыз негізде қылмыстық іс қозғалған» – деп жазылған. Жоспарды орындай алмағандарды да, орындата алмағандарды да тұтқындау жоғарыдан қатаң бұйырылды. РСФСР ҚК-нің баптары бұрмаланғандықтан жаппай жазаланғандар саны күрт артқан.

ҚК 61-3 бабы науқан жоспарын орындамау мақсатында алдын-ала келісіліп, ұйымдасқан топты жазалауға арналғанымен, осы баппен жалғыз адамды да соттаған.  

Айыпқа тартылған тұлғаны «қылмыскер» атандыру үшін бірін-бірі танымайтын, әр ауылдан шыққан айыпкерлерді топтап, байланысы жоқ бірнеше істер біріктірілгендігі, астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылғысы келмей, кеңес өкіметіне қарсы сөз айтқандардың іс-әрекеті «террористік акт» ретінде бағаланғандығы, ҚК-тің 58-8 бабымен ату жазасына кесілген. Тіпті, ауылдарында бай-кулак қалмағандығын айтқан ауылдық кеңес төрағалары да, осы баппен атылып кете барған. «Науқан жоспарын орындауға шамамыз келмейді» деген сөзді айтқандарды «кеңестерге қарсы үгіт-насихаты» үшін ҚК-нің 58-10 бабымен соттау үрдіс алған. Науқандар барысында өткізілген жиналыстарда білім деңгейінің төмен дәрежесі салдарынан сөз сөйлей алмаған кеңес қызметкерлері ҚК-тің 111 бабымен жазаланған. Нәтижесінде түрмелерге адам сыймай, сотталғандар адам төзгісіз жағдайда «жазаларын» өтеген (Сарсембина, 2016: 164). Мәселен, архив құжаттарындағы «1933 жылы 65 орындық Әулиеата түрмесінде 1200 адам қамалған. Олар отырып ұйықтайды. Түрмеде аштан өлу өте жиі кездеседі. Аштан өлгендердің мәйіті бірнеше күн камерада жатып қалады. Тұтқындар аштықтан бір-бірінің саусақтарын тістейді. Жергілікті әкімшілік бұл жағдайға көңіл бөлмеуде» – деген жолдар жан түршігерлік жағдайды көрсетеді. Түрмедегі тұтқындардың шамадан тыс болуы «таптық күрестің шиеленісуінен» деп түсіндірілді. Кейбір түрмелерде қылмыстық іс қозғалмай қамалған азаматтар да болған. Дәлел келтірер болсақ, 1931 жылы 112 орындық Қызылорда түрмесіндегі 325 адамның 203-нің ешқандай мәліметсіз қамалғаны анықталған. Ал, 300 адамның түрме қабырғасының жанында көшеде «қамауда» жатқандығы белгілі болады (Астана ҚММ, 5763: 10). Кеңестік тоталитарлық қоғамның заңсыздықтарын осылайша шексіз тізіп айта беруге болады.

Жазықсыз жазаланған әйелдер саны әлі күнге дeйін әр түрлі мөлшермен айтылады. РСФСР ҚК 58-бабының әр түрлі тармақтарымен сотталған әйелдердің барлығы дерлік ақталды ма? – деген заңды сауал туындайды.

Деректерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің аты-жөні, тегі, үкімі, туған жылы және өзге де қажетті дерек көздерінің жүйесіз жазылғандығын, тіпті кейде жазылмай қалғандығын да айтуымыз керек. Түрмедегі әйелдердің қылмыстық іс-қағаздары дұрыс толтырылмаған. 1931 жылы тұтқындардың іс қағаздарын жүйелі толтыру туралы айтылғанымен, нәтижесіз қалған. Грамматикалық қателерден көз сүрінеді (Астана ҚММ, 5763: 13). 1933–1934 жылдары сотталғандар санын дұрыс есептеу туралы қайта-қайта айтылады. Сотталғандар тізімі жүйесіздікпен жазылған. Бір айдағы тізімде әйелдер жазылады, ал екінші айдағы тізімде жазылмайды.

Сарғайған парақтардағы қарандашпен жазылған жазықсыз жапа шеккендердің есімдері кейде дұрыс, анық көрінбейді де. Қағаз бетінен өшіп қалу қаупі де жоқ емес. «Қылмысқа тартылған» әйелдердің жеке істерінде зерттеу ісіне қажетті деректер толық табылмайды. Дәлел келтірсек: Ақмола түрмесіндегі сотталған әйелдердің қылмыстық істерінің басым көпшілігі 1 парақтан тұрады. Онда келесідей мазмұндағы деректер бар: № 1092 іс: Байғанатова Татий 1932 жылы ҚК-ң 166-72 баптарымен сотталған. Жасы 45-те. Партияда жоқ. Кедей. Колхозда жұмыс жасайды. Байғанатов Мақсұтпен бірге ат ұрлаған. Басқа дерек жоқ. Қылмыстық істердің кейбірінде жазаға тартылған әйелдердің бармақтарының ізі басылып, түр сипатына (шашының түсі, бойының ұзындығы және т.б.) қысқаша анықтама берілген (Астана ҚММ, 1092:1).

Нәтижелер. Мақалада саяси қуғын-сүргін жылдарында отбасы бірлігіне қарсы бағытталған саясаттың мәні мен мазмұны зерделенді. Енді, тікелей Ақмола облысы бойынша жазықсыз жазаланған әйелдерге қатысты айтсақ. https://ru.openlist.wiki сайтында «Хранить вечно: Книга памяти жертв массовых политических репрессий 30–40-х и нач. 50-х гг. Ч. 1: 58-я статья. Акмолинская обл.», – кітабының электронды нұсқасы бар. Осы кітап бойынша Ақмола облысында 1616 әйел саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Алайда, көпшілігінде ұлттары, білімі, кәсібі көрсетілмеген. Аталған сайтта Ақмола облысы бойынша ҰҚКД-нің (ДКНБ) саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы материалдары салынған. Онда 58-баппен сотталған 4350 адамның тізімдері, ұлты, туған жылы, жынысы, білімі, кәсібі, сотталған жылы, қандай баппен сотталғаны, неше жылға сотталғаны, жаза түрлері жазылған. Алайда, көп адамның туған жылы көрсетілмеген. Осы мәліметтерді талдағанда, РСФСР ҚК 58-бабымен сотталған әйелдер саны-275 (Ақмола облысы бойынша). Оның ішінде ату жазасына кесілген әйелдер саны-26. Ұлттық құрамы келесідей: Қазақ – 9; орыс – 100 (оның ішінде Қазақстанда туғандары – 35); еврей – 10; неміс – 40; поляк – 68; белорус – 7; қытай – 11; латыш – 1; түркімен – 1; фин – 5; кәріс – 1; украйн – 14 (Қазақстанда туғаны – 3); балкарка – 2; мордва – 1; чех – 1; коми – 1; ұлты көрсетілмеген – 3.

Бастауыш білімі бары – 142; орта білімді – 71 (оның 31-і аяқталмаған орта білімді); жоғары білімді – 16 (оның ішінде аяқталмаған жоғары білімді – 3); сауатсыз – 32 адам.

Кәсіптері, қызметтері келесідей: жұмысшы – 29; колхозшы – 51; үй шаруасында – 9; жұмыссыз – 1; сауыншы – 1; тігінші – 6; актриса – 1; еден жуушы – 5; етікші – 2; мұғалім – 10 (1-уі завуч); оқушы – 2; аға пионервожатый – 1; шетел тілі бойынша инспектор – 1; аспазшы – 1; малшы – 1; дәрігер – 1, медсестра – 6; санитарлық дәрігер көмекшісі – 1; аптека меңгерушісі – 1; меңгеруші – 1; артель меңгерушісі – 1; сотталғандар – 5; бухгалтер – 1; есепші – 3; кассир – 2, сатушы – 2; хатшы – 2; бригадир – 1; агроном – 2; метастанция бақылаушысы – 1.

Ату жазасына кесілгендердің ұлттық құрамы: 2 поляк, 1 украин, 6 орыс, 2 неміс, 9 қытай, 3 еврей, 2 фин, 1 кәріс. Атылғандардың қатарында 22 жастағы Шульман Эсфира (ұлты еврей, тігінші) 1937 жылы 4 қарашада ұсталып, 1938 жылы 29 тамызда атылған (Сарсембина, 2016: 265).

Барлығы дерлік 1937-1938 жж. атылған. Олардың қатарында 12 адам жұмысшы, колхозшы, тігінші, еден жуушы, етікші болса, 1 медсестра, 1 меңгеруші, 1 аптека меңгерушісі, 1 артель меңгерушісі, 1 санитарлық дәрігер көмекшісі де бар. Ал, кейбірінде қандай кәсіппен айналысқаны көрсетілмеген.

Адамдарды жазықсыз айыптау кеңес өкіметі орнаған жылдардан басталды. Енді, жазықсыз жазаға тартылған әйелдердің ұсталған, сотталған жылдарын қарастырсақ. 1919-20 жж 1 әйел сотталған. 1929–30 жж. 4 адам, оның 1-уі 10 жылға, қалғандары 1-5 жыл мерзіммен бас бостандықтарынан айырылған. 1933 ж. 1 адам, 1935 ж. 5 адам (3 жыл мерзіммен), 1937 ж. 10 адам АЖК, 10 адам 10 жыл мерзіммен, 3 адам 3-4-5 жыл мерзіммен сотталған, ал 2 адамға қылмыстық іс тоқтатылған. 1938 ж. 18 адам АЖК. 4 адам 10 жылға, 3-уі 1-5 жылға, 1-уі 8 жылға сотталса, 5 адамның қылмыстық ісі тоқтатылған. 3 адамның жазасы жазылмаған. 1939 ж. 3 адам 3 жылға, 1 адам 10 жылға бас бостандығынан айырылған.1940 жылы 5 адам 10 жылға, 29 адам 5 жылға, 5 адам 6 жылға, 3 адам 8 жылға, 1 адам 4 жылға, 1 адам 7 жылға сотталған. 1941 жылы 27 адам 10 жылға, 6 адам 7-8 жылға, 3 адам 5-6 жылға, 1 адам 3 жылға, 1 адам 1 жылға сотталған. 1942 жылы 13 адам 10 жылға, 6 адам 5-6 жылға, 1 адам 3 жылға, 5 адам 7-8 жылға бас бостандығынан айырылған. 1943 жылы 12 адам 5 жылға, 2 адам 7 жылға, 2 адам-9-10 жылға, 1 адам 2 жылға сотталған, ал 1 адамның неше жыл мерзіммен жазаланғандығы көрсетілмеген. 1944 жылы 7 адам 5 жылға, 2 адам 6-7 жылға сотталады, 1 адам «ссылка» деп қана көрсетілген. 1945 жылы 5 адам 5 жылға, 3 адам 7-8 жылға, 2 адам 10 жылға сотталады. 1946 жылы 4 адам 5-6 жылға, 1 адам 10 жылға, 3 адам 8 жылға, ал 1947 жылы 1 адам 8 жылға, 1948 жылы 2 адам 10 жылға сотталады, ал 2 адамның қылмыстық ісі тоқтатылған. 1949 жылы 6 адам 10 жылға, 2 адам 8 жылға, 1 адам 25 жылға сотталады. 1950 жылы 5 адам 10 жылға, 1 адам 8 жылға сотталады, 1 адамның қылмыстық ісі тоқтатылған. 1951 жылы 2 адам 25 жылға, 1 адам 10 жылға сотталады, 1 адамның қылмыстық ісі тоқтатылған. 1952 жылы 2 адам 10 жылға, 1 адам 25 жылға сотталған. 1 адамға ЕТЛ (ИТЛ) деп қана жазылған. 1953 жылы 1 адам 25 жылға, 1 адам 5 жылға сотталады, ал 1 іс тоқтатылған. 1959 жылы 1 әйел 10 жыл мерзіммен бас бостандығынан айырылған [19]. Байқап отырғанымыздай 1937-1938 жж. және 1940-1943 жж. жазықсыз жазаланғандар саны басым.

1929-30 жылдары Ақмола облыстық халық сотымен сотталғандар арасында 150 әйел болса, оның 29-і спиртті ішімдіктерді сақтағаны үшін, 3-уі Кеңес өкіметіне қарсылығы үшін, 6-уы жаппай тәртіпсіздікке салынғаны үшін, ал 22-сі «Кеңес өкіметі туралы әңгіме айтқаны» үшін айыпқа тартылған. Басқа сотталған әйелдердің қылмыстары жазылмаған. Ал, 79 жасында РСФСР ҚК-ң 58-бабымен ОГПУ шешімімен сотталған (Қылмыстық ісінде жазылған) Кубжасарова Райсаны ақталғандар тізімінен таба алмадық. Айыпқа тартылған әйелдердің отбасы мүшелері туралы ақпарат, олардың жеке істерінде көрсетілмеген (Астана ҚММ, 523: 7).

Түрмелерде жазықсыз сотталған әйелдер қылмыс жасаған (адам өлтірген, адам тонаған) әйелдермен бірге қамалған. Соколова Нина Иванова өз естелігінде: «…Құлағымнан балалардың, әйелдердің жылаған дауыстары кетпейді. Алайда, түрмелерде рецидивистер «Урки» де болды. Оларды түрме өмірі шошындырмады (Абрамов, 2001: 119),-деп жазған еді. Естеліктерде жазықсыз сотталған аналардың түрмеге қамалып, балаларын тартып алғанда «өз халқына жасалған қандай заңсыздық» деп те жылағандығы да жиі айтылады. Өздерінің жесір қалғандығын білмеген аналар балалары мен күйеулерін ойлап қана өмір сүрген (Абрамов, 2001: 122).

АЛЖИР-де азап шеккен аналардың тағдыры ортақ болды. Түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде кеңес өкіметіне қауіпті «жат элементтер» деп аталған әйелдердің, «халық жауының» әйелдерінің өтініштеріне, жазған арыздарына мән берілмеген (Жұмағалиев, 1998: 3).

Тұжырымдар. Сонымен, ер азаматтар жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшарағанда, олармен қатар әйелдер де «жазаланды». Айыпқа тартылған тұлғаның отбасы мүшелері «қылмысты» тиісті органдарға жеткізбегені үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзіммен мүлкі тәркіленіп, сотталды. Отбасы мүшелері «қылмысты» білмеген жағдайда, сайлау құқығынан айрылып, Сібірдің алыс аудандарына 5 жыл мерзіммен жер аударылды. Ажырасып кеткен әйелдер де қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап жүргізген қуғындау саясатына әйелдер де, балалар да іліккен. Саяси-экономикалық науқандар барысындағы заңсыздықтарға қарсы пікірлерге саяси мән берілген. Ашаршылық салдарынан бала-шағасын аштан өлтірмеу мақсатында өз малын өзі сойып жегендердің де жазықсыз жазаланғандары белгілі. Сол бір зобалаңнан аман қалған отбасы кемде кем. 1935 жылғы 8 сәуірдегі заң 12 жастағы балаларды да ересектермен бірдей жауапқа тартуды өмірге енгізді. Өмірдің қатігездінен бейхабар бейкүнә қаншама сәбилердің тағдыры ойыншыққа айналды. Балалар үйінде қайтыс болған сәбилер қаншама!

ЧСИР (Отанын сатқандардың отбасы мүшесі) немесе ЖИР (Отанын сатқандардың әйелдері) сөзі сот істерінде күнделікті қолданылды. «Халық жауы” атанған азаматтармен бірге қызметтес болған, сонымен қатар өндіріс, құрылыс салаларында жұмыс жасаған әйелдердің басым көпшілігі қудаланды. ОГПУ мәліметтерінде жаңсақ айтылған пікірі үшін қылмысқа тартылған әйелдер көп кездеседі. Алайда, сол жылдардағы тұтқындау орындары мен еңбекпен түзету лагерлері, колонияларының құжаттарды жүйесіз толтыру салдарынан, қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің нақтылы есебін келтіру қиын. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың есебі сталиндік қуғын-сүргіннің көлемін анықтауға көмектеседі.

Қазақстанға жер аударылып келген әйелдер де саяси қуғын-сүргіннен аман қалмады. 1932-1934 жылдары «қоғамдық меншікке қол сұққандар» көп болса, 1935-1938 жж. «контрреволюциялық» және кеңестерге қарсы іс-әрекеті немесе теріс пиғылы үшін сотталғандар қатары артады. 1935 жылдан бастап қылмыс жасаған 12 жастағы балалар да, ересек адамдармен бірдей жазаланғандығын жоғарыда айттық. 1936 жылдан бастап отбасы мен неке туралы жаңа заң қабылданып, ажырасу қиындайды. Осылайша мемлекет отбасының ішкі өміріне араласа бастайды. Тіпті, күйеулерінің «халық жауы» болғанына сенбей, тиісті орындарға арызданған әйелдер де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Себебі, үкімет пен партия шешімдеріне «сенбеуге» адамдардың құқығы болмады.

ЕТЛ (еңбекпен түзету лагерлері), ЕТК (еңбекпен түзету колониялары) және түрмелердегі айрықша «қауіпті элементтерге» таптық көзқараспен қарау қажеттілігі де жоғарыдан қатаң бұйырылған. Айыпталғандарды түрмеден лагерге, лагерден түрмеден немесе лагерден лагерге ауыстырғанда құжаттар жиі жоғалған.

Сонымен, кеңестік тоталитарлық қоғам тұсында бұрын-соңды болмаған қатігездік түрлері өмірден орын алды. Адамдардың өмірі ойыншыққа айналды, тағдырлары тәлкек болды. Адамдар үрей мен қорқынышта өмір сүрді. Түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлер көптеп құрылды. Түрмелер мен ЕТЛ-дағы әйелдер жағдайы адам төзгісіз, өте ауыр болғандығы деректерде көп жазылады. Түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлеріне тән басты ерекшелік сотталғандар санының шамадан тыс әрі олардың арасында жұқпалы аурулардың көп болуы еді.

Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдерді зерделегенде, олардың басым көпшілігінің 1937-1938 жылдары ұсталғандығын байқаймыз.

Жазықсыз жазаланғандардың басым көпшілігі колхозда жұмыс жасаған және жұмысшылар (80 әйел). 2 оқушы мен 10 мұғалім, үй шаруашылығындағы 9 әйел сотталған. Сырттан арнайы қоныс аударылған әйелдер саны келесідей: орыс – 65; еврей – 10; неміс – 40; поляк – 68; белорус – 7; қытай – 11; латыш – 1; түркімен – 1; фин – 5; кәріс – 1; украйн – 11; балкарка – 2; мордва – 1; чех – 1; коми – 1.

Жазықсыз жазаланған әйелдердің басым көпшілігінің бастауыш білімі болған (142 адам). Орта білімділері (71 адам) және жоғары білімділері (16 адам) аз. 32 адам сауатсыз деп көрсетілген.

Сонымен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдерді толыққанды зерттеп, толыққанды ақтау жолында жұмыстар атқарылуда. Саяси қуғын-сүргін тақырыбы бұл бірнеше жылдарға созылатын тыңғылықты зерттеу жұмстарын талап етеді.

Отбасы тәрбиесі дара тұлғаны қалыптастырады. Отбасы құндылықтары арқылы тұлға қалыптасып, елі мен жеріне адал, адамзатты сүйетін адам өсіп жетіледі. Отбасын социалистік жанұяға айналдыру саясаты қарқынды жүргендіктен ата-баба, тек, әулет тарихына тереңдеу шет қала бастады. Шыққан тегі колхозшы болу мақтанышқа айналды. Бұл да кеңестік саясаттың бір жемісі еді. Себебі, билікке қарсы шықпайтын, өз өмірі өзне ұнайтын адамды қалыптастыру мақсат етілді. Кеңестер билігі ғасырлардан тамырын тартқан ұлттық құндылықтарды жоюға ұмтылды. «Құдайсыз» адамды қалыптастыру сынды шаралар адамдыққа жат қасиеттерді туындатты. Осы мақсатпен де діни тұлғаларымыз бен аузы дуалы ақсақалдарды репрессиялық машина өз құрдымына жұтты.

Қорытынды. Сонымен, жазықсыз жазаланса да, балаларынан тірідей айрылып азаптанса да, қорлық пен белден кешкен азапқа төтеп бере білген аналар бейнесі тарихта қалды. Олар жолдастарына психологиялық, моральдық жағынан тірек болған әйелдер рухы биік ерекше әйелдер еді. Әсіресе, саяси қуғын-сүргін зобалаңында шиеттей балаларын қалдырып немесе соңынан шұбырта ерте жүріп, аштық пен суыққа да қарамай, Ресей, Сібір өңірлеріндегі лагерлерге күйеулерін бірнеше мәрте іздеп барған аналардың жігер, қайраты кейінгі ұрпаққа мәңгі өнеге. Ал, лагерден оралған соң да шаңырағын шайқалтпай, өмірдің қиындығымен күресе жүріп, мойымай балаларын іздеп тауып алып, оқытып, қатарынан кем қалдырмай тәрбиелеген аналар ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Абрамов Д. Места заключения и репрессированные. – Алматы: Глобус, 2001. ‒ 142 с.

Байганатова Татии // Астана ҚММ. – 65-қ.; 1-т., 1092-іс. – 1-п.

Баллестрем К. Априори теории тоталитаризма // Вопросы философии. – 1992. – № 5. – С. 17-20.

Вергенов Л.Н. Закат тоталитаризма. Сумерки России // Россия и современный мир. – 1995. – № 3. – С. 178–185.

Гаджиев К. Тоталитаризм как феномен ХХ века // Вопросы философии.–1992.–№2.– С. 3-25;

Геллер М., Некрич А. Утопия у власти.История Советского Союза с 1917 года до наших дней. –Москва: Миг, 2000. – 856 с. – С.8-185.

Жұмағалиев З. Сыр сандық // Орталық Қазақстан. ‒ 1998. ‒ 12 ақпан.

Кан А.С. Постсоветские исследования о политических репрессиях в России и СССР // Отечественная история. – 2003. – № 1. – С. 115–123.

Капелюшников Р.И. «Дорога к рабству» и «дорога к свободе»: полемика Ф.А. Хайека с тоталитаризмом // Вопросы философии. – 1990. – № 10. – С. 99–112.

Конквест Р. Большой террор // Нева. – 1989. –№ 9.– С. 126–148.

Книга приказов по ИТК. 1930-1931 гг. // Астана ҚММ. – 65-қ.; 1-т., 5763-іс. – 10 п.

Кравченко А.И. Социология. ‒ Екатеринбург: Деловая книга, 1999. ‒ 368 с.

Красная книга ВЧК / Под. ред. А.С. Валидова.-Москва: Политиздат, 1990.-250 с

Кубжасарова Райса // Астана ҚММ. – 65-қ.; 1-т., 523-іс.- 7-п.

Отчеты и отчетные доклады о работе ИТК за 1929-1930 гг. // Ақтөбе ОММ. ‒ 13-қ.; 2-т., 1-іс., 6-п.

Отчеты о деятельности НКЮ за 1930 г. // ҚРОММ. ‒ 1380-қ.; 2-т., 309-іс. – 3-п.

Росси Ж. Справочник по ГУЛАГУ. ‒ Москва: Просвет, 1991. ‒ Ч.1. ‒ 269 с.

Сарсембина К. 1920-1930 жж. Саяси қуғын-сүргін қасіреті //Материалы ХІV Международной научно-практической интернет-конференции «Тенденции и перспективы развития науки и образования в условиях глобализации»: Сб. науч. трудов. ‒ Переяслав-Хмельницкий, 2016. ‒ Вып. 14. ‒ 164-167 с.

Хайек Ф.А. Дорога к рабству // Вопросы философии. – 1999. –№ 11. – С. 123–165.

Хлевнюк О.В. Принудительный труд в экономике СССР. 1929–1941 гг. // Свободная мысль. – 1992. – №2.– С. 73-84; Земсков В.Н. ГУЛАГ (историко-социологический аспект) // Социологические исследования.–1991.–№ 6.– С. 10–27, № 7. – С. 3–16.

Циркуляры сводные ведомости и акты. 31.01.1929 – 7.05.1931 г. ‒ Астана. ҚММ. – 65-қ.; 1-т., 5731-іс., 85-п.

Шаймуханов Д.А., Шаймуханова С.Д. Карлаг. – Караганда, 1997. – 175 с.

https://ru.openlist.wiki

References

Abramov D. Mesta zaklyucheniya i repressirovannyye [Places of detention and repressed]. – Almaty: Globus, 2001. ‒ 142 s. [in Russian].

Bayganatova Tatii  // Astana RSA – 65-k.; 1-t., 1092-is. – 1-p.

Ballestrem K. Apriori teorii totalitarizma [A priori the theory of totalitarianism] // Voprosy filosofii. – 1992. – № 5. – S. 17-20[in Russian];

Vergenov L.N. Zakat totalitarizma. Sumerki Rossii [The decline of totalitarianism. Twilight of Russia] // Rossiya i sovremennyy mir. – 1995. – № 3. – S. 178–185 [in Russian].

Gadzhiyev K. Totalitarizm kak fenomen XX veka [Totalitarianism as a phenomenon of the twentieth century] // Voprosy filosofii. – 1992. – № 2. – S. 3-25 [in Russian].

Geller M., Nekrich A. Utopiya u vlasti. Istoriya Sovetskogo Soyuza s 1917 goda do nashikh dney [Utopia is in power. History of the Soviet Union from 1917 to the present day]. – Moskva.: Mig, 2000. – 856 s. – S. 8-185. [in Russian]

Zhumaġaliyev Z. Syr sandyk [Secret chest] //Ortalyq Qazaqstan. ‒ 1998. ‒ 12 aqpan.[inKazakh]

Kan A.S. Postsovetskiye issledovaniya o politicheskikh repressiyakh v Rossii i SSSR [Post-Soviet Studies on Political Repression in Russia and the USSR] // Otechestvennaya istoriya. – 2003. – № 1. – S. 115–123. [in Russian]

Kapelyushnikov R.I. «Doroga k rabstvu» i «doroga k svobode»: polemika F.A. Khayyeka s totalitarizmom ["The road to slavery" and "the road to freedom": F.A. Hayek with totalitarianism]// Voprosy filosofii. – 1990. – № 10. – S. 99–112. [in Russian].

Konkvest R. Bol'shoy terror [Great terror] // Neva. – 1989. – № 9. – S. 126–148. [in Russian]

Krasnaya kniga VCHK  [Red Book of the VCHK]  / Pod. red. A.S. Validova.-M.: Politizdat, 1990.-250 s. [in Russian]

Kubzhasarova Raysa // Astana RSA. – 65-k.; 1-t., 523-ís.- 7-p.

Otchety i otchetnyye doklady o rabote ITK za 1929-1930 gg. [Reports and reports on the work of the ITC for 1929-1930.] // Aqtobe RSA ‒ 13-kˌ.; 2-t., 1-ís., 6-p.

Rossi Zh. Spravochnik po GULAGU [Guide to the Gulag]. ‒ M.: Prosvet, 1991. ‒ CH.1. ‒ 269 s. [in Russian]

Sarsembina K. 1920-1930 zhzh. Sayasi kugyn-sүrgin kasireti[1920s-1930s The tragedy of political repression]//Materialy KHIV Mezhdunarodnoy nauchno-prakticheskoy internet-konferentsii «Tendentsii i perspektivy razvitiya nauki i obrazovaniya v usloviyakh globalizatsii»: Sb. nauch. trudov. ‒ Pereyaslav-Khmel'nitskiy, 2016. ‒ Vyp. 14. ‒ 164-167 s. [in Kazakh]

Khayyek F.A. Doroga k rabstvu [The road to slavery] // Voprosy filosofii. – 1999. – № 11. – S. 123–165. [in Russian]

Khlevnyuk O.V. Prinuditel'nyy trud v ekonomike SSSR. 1929–1941 gg. [Forced labor in the economy of the USSR. 1929-1941] // Svobodnaya mysl'. – 1992. – №2. – S. 73-84 [In Russian]; Zemskov V.N. GULAG (istoriko-sotsiologicheskiy aspekt) [GULAG (historical and sociological aspect)] // Sotsiologicheskiye issledovaniya. – 1991. – № 6. – S. 10–27, № 7. – S. 3–16. [in Russian]

Tsirkulyary svodnyye vedomosti i akty. 31.01.1929 – 7.05.1931 g. [Circulars summary statements and acts. 01/31/1929 - 05/07/1931] ‒ Astana RSA. – 65-kˌ.; 1-t., 5731-ís., 85-p.

Shaymukhanov D.A., Shaymukhanova S.D. Karlag [Karlag]. – Karaganda, 1997. – 175 s. [In Russian]; Kukushkina A.R. Akmolinskiy lager' zhen «izmennikov Rodiny»: istoriya i sud'by [Akmola camp of wives of "traitors to the Motherland": history and fate]. – Karaganda, 2008. – 248 s.[in Russian]

Kravchenko A.I. Sotsiologiya [Sociology]. ‒ Yekaterinburg: Delovaya kniga, 1999. ‒ 368 s. [in Russian]

МРНТИ 03.00.20

ЖЕНЩИНЫ, ПОДВЕРГШИЕСЯ ПОЛИТИЧЕСКИМ РЕПРЕССИЯМ

(ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ)

К.К. Сарсембина¹, М.М. Козыбаева², Х.Б. Маслов¹*

¹Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, Казахстан, Нур-Султан

²Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, Казахстан, Алматы

*Корреспондирующий автор

Е-mail: kuralai_sk@mail.ru (Сарсембина), koz.mahabbat_85@mail.ru (Козыбаева), halel_86@mail.ru (Маслов)

Аннотация. В статье исследуется судьба невинных женщин, подвергшихся преследованиям и пострадавших в Акмолинской области в годы сталинских политических репрессий. Как известно, когда мужчин подвергали массовым репрессиям, сопровождавшие их женщины также подвергались политическим репрессиям. Судьба невинных матерей – это преступление тоталитарной системы советского образца. Хорошо известно, что реорганизация судебной системы в 1920-1930-е гг. была подготовкой к репрессиям. Грубые нарушения допущены судебно-следственными органами. В целом политические репрессии затронули как женщин, так и подростков. Невинные дети остались живыми сиротами НКВД.

В архивных документах иногда не указывались имена, фамилии, приговоры, годы рождения и другие соответствующие источники о женщинах, подвергшихся политическим репрессиям. Судимость задержанных составлялась неверно. Точные оценки количества осужденных в тюрьмах неоднократно делались в 1933-1934 годах, но безрезультатно. В следственных изоляторах не всегда предоставлялись списки осужденных. Например, женщины находились в списке в течение одного месяца, но отсутствовали в списке во втором месяце. В статье описаны национальность, род занятий, образование, виды наказаний, применяемых к женщинам – жертвам политических репрессий в Акмолинской области и др. данные были проанализированы.

Ключевые слова:политические репрессии, тоталитаризм, национальное сознание, семья, политика, государство, духовность, репрессивные меры, депортация.

IRSTI03.00.20

WOMEN WHO WERE SUBJECTED TO POLITICAL REPRESSION

(IN THE AKMOLA REGION)

K.K. Sarsembina¹, M.М. Kozybayeva², Kh.B. Мaslov¹*

¹L.N. Gumilyov Eurasian National University, Kazakhstan, Nur-Sultan

²Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

Е-mail: kuralai_sk@mail.ru (Sarsembina), koz.mahabbat_85@mail.ru (Kozybayeva), halel_86@mail.ru (Мaslov)

Annotation. The article examines the fate of innocent women who were persecuted and suffered in the Akmola region during the years of Stalin's political repression. As you know, when men were subjected to massive repression, the women accompanying them were also subjected to political repression. The fate of innocent mothers is a crime of the Soviet-style totalitarian system. It is well known that the reorganization of the judicial system in the 1920s and 1930s. was preparation for repression. Gross violations were committed by the judicial and investigative authorities. In general, political repression has affected both women and adolescents. Innocent children were left living orphans of the People's Commissariat of Internal Affairs.

The archival documents sometimes did not indicate the names, surnames, sentences, years of birth and other relevant sources about women who were subjected to political repression. The convictions of the detainees were drawn up incorrectly. Accurate estimates of the number of convicts in prisons were made several times in 1933-1934, but to no avail. In pre-trial detention centers, lists of convicts were not always provided. For example, women were on the list for one month, but were not on the list for the second month. The article describes nationality, occupation, education, types of punishments applied to women - victims of political repression in the Akmola region, and other data were analyzed.

Key words:political repression, totalitarianism, national consciousness, family, politics, state, spirituality, repressive measures, deportation.

Авторлар туралы мәлімет:

1Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

1PhD доктор

1*PhD доктор


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз