Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 930.2 ҮКІМЕТ ТӨРАҒАСЫ Н. НҰРМАҚОВ ЖӘНЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Б. Кабдушев¹, С.Қ. Шілдебай². ¹Т.ғ.к., Ғ. Дәукеев ат. АЭБУ-нің доценті. ²Т.ғ.к., ЖҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. ТЭИ. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 930.2 ҮКІМЕТ ТӨРАҒАСЫ Н. НҰРМАҚОВ ЖӘНЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(24), 2020

Тегтер: жерге орналастыру, Өлкеком, РСФСР Жоспарлау комитеті., Әділет халық комиссары, ҚАКСР, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, Нығмет Нұрмақов
Автор:
Аңдатпа. Мақалада Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы үкіметінің 1924-1929 жылдары төртінші төрағасы болған Нығмет Нұрмақовтың жоғарғы қызметке келуі негізделеді. Үкімет төрағасы таяу арада атқарылуы тиіс: өнеркәсіпті қалпына келтіріп дамыту, отаршылдық саясаттың салдарынан құнарлы жерлерінен айрылған қазақтарға жерін қайтарып оларды орналастыру, құрғақшылық пен жұттың зардаптарын жою, мәдени-ағарту ісін дамыту, қазақтарды мемлекеттік басқару ісіне тарту, және т.б. мәселелерді көтерді. Солардың ішінде еліміздің жергілікті ұлттың ұтатын, оның жан-жақты дамып, өркендеуінде маңызы зор болатын бірінші кезекте республика территориясындағы халықтың 59 пайызын құрайтын қазақ халқының әл-ауқатын көтерудің жолы – ата кәсібі мал шаруашылығын дамыту негізінде шешу мүмкін екендігі тұжырымдалады. Н. Нұрмақов үкіметтің бар күш-жігерін осы бағытқа жұмылдыра отырып, оның аталған мәселелер бойынша табыстарға жетіп немесе айтысып жеңілген, көнуге мәжбүр болған кездері де болғандығы мақалада архив деректеріне сүйене отырып баяндалады. 1924-1929 жылдар аралығындағы басты жетістік мал шаруашылығы мен егістік көлемі бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қалпына келтіріліп, халықтың әл-ауқаты қөтерілгендігі зерделенеді. Өкінішке орай, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытудың балама жолдарын ұсынған Н. Нұрмақов жобалаған бағдарламаның жүзеге аспағаны талданады.
Мазмұны:

Кіріспе.ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық күрестің көшбасында Алаш қайраткерлері тұрды. Егер төңкеріске дейін-ақ езілген жұртының санасына сәуле түсіріп оятқан, азаттық жайлы идеяның негізін қалап бағыттаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтардың ісі деп білсек, ізінше ұлт-азаттық күресте, төңкерістердің аласапыранында қалыптасып, шынығып, айқындалып, саяси сахнаға көтерілген Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов, Ж. Мыңбаев секілді қылшылдаған қайратты жастарды көреміз. Алдыңғылар негізінен ағартушылық, саяси-идеялық қызметімен еліміздің болашақ даму жолын саралап берген болса, кейінгілер кеңес билігі шеңберінде ұлттық мұраттарды жүзеге асыруда бар күш-жігерін, өмірін сарп етті. Олар жоғалтып алған мемлекеттік белгілерімізді қалпына келтіріп, Қазақстанның шынайы тәуелсіздігінің негізін қалауға орасан зор күш жұмсады. Бөлшектелген қазақ жерін біріктірді, шаруасын түзеп, мәдени дамуына жағдай жасады.

Кеңес дәуірінің алғашқы 20 жылдығында атқарған мемлекеттік-саяси қызметімен ерекшеленетін, қазақ қайраткерлерінің арасында өзіндік ойып алар орны бар осындай тұлғалардың бірі – Нығмет Нұрмақов болды. Әсіресе, оның 1922-1929 жылдар аралығындағы мемлекеттік қызметі Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының оқиғаларымен тұтасып жатыр, ендеше Н. Нұрмақовты зерттеп тану дегеніңіз – Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму үрдістерін жеке тұлға негізінде ғылыми тұрғыдан терең қарастырып баяндау, тұжырымдап баға беру деген сөз.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салыстырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды. Тәуелсіздік заманында тарихи тұлғалардың қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеу талабы қойылуда. Сондықтан зерттеудің үлгісіне соңғы жылдарда жарық көрген ұлттық саяси қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы еңбектер негіз болды. Бұрын ғылыми айналымға тартылмаған архив құжаттары салыстырмалы түрде сараптаудан өткізілді. Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қайраткер болып қалыптасуы, қызметінің алғашқы баспалдақтары, саяси көзқарасы, ұлттық ұстанымдарын талдап шешуге Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Архивіндегі Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (5 қоры және құпия қоры), Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің (30 қоры және құпия қорлары) т.б.қорлардың құжаттары негізге алынды.

Жалпы жұмыстың деректемелік негізіне Н. Нұрмақовтың 20-30 жылдары «Советская степь», «Еңбекші қазақ» т.б. мерзімді баспасөздегі жарияланған мақалалары мен жеке еңбектері (Строительство Казакстана. Кзыл-Орда: Казиздат, 1929., т.б.), сондай-ақ «Советская Киргизия», «Народное хозяйство Казакстана» т.б. республикалық және одақтық басылымдарда жарық көрген материалдар, үкіметтің есептік басылымдары кеңінен пайдаланылды.

Талқылау. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге отандық тарихнамада тарихи тұлғаларды да зерттеп бағалаудағы жаңаша үрдістер жандана бастады. Осыған орай, Н.Нұрмақовтың да қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіндегі ұлттық мүдделерді қорғаған ұстанымы, көзқарасы жайлы объективті ғылыми баға беру мәселесі көтерілді. Алғашқылардың бірі болып белгілі тарихшы М. Қойгелдиев «Ұлтшылдықпен күрес науқаны» деп аталатын 1990 жылғы «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген сериялы мақалаларында 1920-1930 жылдарда ұлтшылдықпен айыпталған бір топ қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік-саяси қызметінің «ұлтшылдығының» мәнін талдап, тың тұжырымдар жасады. С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов сынды қайраткерлердің ел үшін жанпида қызметіне ұлтшылдық рең беру ойластырылған жымысқы саясат болғанын салмақтап, Н.Нұрмақовтың да айтыстар барысындағы ұлттық ұстанымынан мысалдар берген. Мәселен, Ақтөбе губерниясының Елек ауданын Орынбор губерниясына беру туралы Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің біржақты шешіміне үзілді-кесілді қарсы болғанның бірі Нұрмақовтың: «Орталық жеке аудандардың тағдырын ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес» деген пікірлерін береді. Сөйтіп, өзге де қазақ қайраткерлерімен қатар Н.Нұрмақовтың да мемлекеттік-саяси қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан қарау жайлы мәселені көтеріп, мүлдем белгісіз зерттелмей келген тұстарын мұрағаттық дәйектермен хабардар етті (Қойгелдиев, 1990: 21).

Тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне арналған тарихшы-ғалым Т.Омарбековтың ғылыми талдамаларында Н.Нұрмақовтың да қайраткерлік болмысы турасында сындарлы пікірлер айтылады. Ф.И.Голощекинге қарсы оппозицияны құраған С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев т.б. қатарына Н.Нұрмақовты да қояды. Ал тәркілеуге қатысты Халком Кеңесі төрағасының ұстанымын құжаттармен негіздеу қадамының өзі зерттеушілерді қызықтыра түскені аян (Омарбеков, Жұмабекова, 1995: 22).

Осы бағытпен мемлекет қайраткері Н.Нұрмақовтың отырықшыландыру, қазақтың мал шаруашылығын дамытудағы көзқарасы жайлы мұрағаттық деректерге сүйеніп, жаңаша тұжырымдар жасаған тарихшы-ғалымдар Е.Қуандықов, Д.Махаттың еңбектерін де атаған жөн. Е.Қуандықовтың бірнеше тақырыпшадан тұратын шағын кітапшасында Орынбор губерниясының Ресей құрамына берілуге қатысты туған жер мәселесіндегі дауға Нығмет Нұрмақовтың көзқарасын тың деректермен беруі де ерекше назар аудартады. Автор Н. Нұрмақов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев секілді қазақ қайраткерлерін «батыл оймен, қауіпті айтыстарға түскен, ұлты үшін басын тіккен» басшылар болған деп бағалайды (Қуандықов, 1999: 23). Д.Махаттың зерттеу еңбегінде Н.Нұрмақов қазақ зиялыларының 1920 жылдардағы қызметіне біржақты баға беруге қарсы шыққан алғашқы мақаланың авторы ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, қазақтарды жерге орналастыру, жұтқа тап болған қазақ шаруашылығына көмек беруге байланысты Ф.И.Голощекинмен арадағы келіспеушіліктердің болғанын мұрағаттық дәйектермен бейнелеген. Нәтижесінде Н.Нұрмақов Голощекиндік бағытқа қарсы тұрушы үшінші ағымының уағыздаушысы ретінде бағаланған. «Үшінші ағым – бұл іс жүзіндегі «сәдуақасовшылдық» ағым. Аналардан қауіптірек, зияндырақ ағым…» деп Ф.И.Голощекиннің өзі түсініктеме беруі арқылы Н.Нұрмақов және оның тобымен ешбір ымыраға келу мүмкін еместігін ашық білдірген еді (Махат, 2001: 24).

Өкінішке орай соңғы жарық көрген еңбектер қатарында Н. Нұрмақовтың саяси қызметіне қатысты теріс ұғым тудыратын немесе қайраткерлік болмысына күмән келтіретін пікірлер де айтылды. Олар «Құпия кеңестер» атты құжаттық жинақтың авторлары белгілі баспагер М. Қазыбек пен тарихшы Ғ. Маймақ 1926 жылы желтоқсанда Мәскеуде өткен Ұлттардың IV Кеңес материалдарына түсініктеме беру барысында Н.Нұрмақовтың осы кеңесте жасаған баяндамасына сүйене отырып, оны «солшыл» қайраткер деп біржақты тұжырым жасай салған (Қазыбек, Маймақ, 1999: 25). Әрине, біз Н.Нұрмақовтың да өз замандастары секілді кеңес жүйесінде қызмет еткенін ескереміз. Егер де оның өзіндік ұстанымы жоқ, таза функционер болған десек, оны тұлға ретінде зерттеу нысанына айналдырмас едік. Керісінше, оның жеке ой-пікірі, еркі бар жігерлі басшылардың бірі болғандығын соңғы жарияланған тарихи еңбектердегі дәйектер көрсетіп отыр. Ф.И.Голощекин Қазақстандағы саяси басшылықты қолына алған соң С.Қожанов, С.Сәдуақасовтарды бірден ұлтшылдықпен айыптап қуғанымен, Ж.Сұлтанбеков, С.Қаратілеуов, А.Кенжин т.б. үкімет мүшелерімен қоса 1924–1929 жылдар аралығында Қазақстанның халық шаруашылығын басқарған үкімет басшысы Н.Нұрмақовты да билік басынан кетіру оған оңайға түскен жоқ. Оларды іс жүзіндегі «сәдуақасовшылдар» дей отырып: «…Бұлардың әдісі: қаулыға қол көтеру, бірақ іс жүзінде орындамау, үндемей отырып қарсы болу» дегені тегін айтылмаса керек. Біздің ойымызша, Н.Нұрмақовқа да ашық саяси белсенділік таныту арқылы биліктен ертерек қуылуы мүмкін болатын еді. Содан соң Ф.И.Голощекин айтқанын екі етпей асыра орындайтын О.Исаев немесе І.Құрамысов сияқтылармен үкіметті қайта жаңғыртар еді. Ал, «кәмпескені» мүмкін 1928 жылдың көктемінде-ақ жүзеге асырып жіберер ме еді?! Табиғатынан мінезі бөлек Нығмет Нұрмақов әліптің артын бағатын Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаевтарға тән шапшаңдық, қызбалық жоқ болатын. Сондықтан көп жағдайда ашық күреске шықпай, қайшылықтардың жолын басқаша шешудің әдістерін іздеді. Ол ымыраға келу деген ұғымды білдірмейді. Қысқаша айтқанда, Н.Нұрмақов өзінің азаматтық позициясын қашан да жоғары ұстады. Оның қызметі негізінде қалыптасқан құжаттармен танысу барысында байқағанымыз – ол өз замандастарын еш қаралаған да емес және елін, халқын кемсіткен жайлар сол құжаттарда кездеспейді.

Нәтижесі. Н.Нұрмақовтың Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы міндетін атқаруға кірісу уақыты мұрағаттық деректерде 1924 жылдың қараша айы деп көрсетіледі. Мәселен, сол жылдың 26 қарашасында өткен Халком Кеңесінің мәжілісін Нығмет Нұрмақовтың өзі басқарыпты (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 439-іс, 95-п). Сондай-ақ, «Советская степь» газетінің 4 желтоқсандағы санында газет тілшісінің Қазақ АКСР Халком Кеңесінің жаңа төрағасы Н.Нұрмақовпен сұхбаты жарияланған. Аталған деректерге сүйеніп, Н.Нұрмақов Қазақстан үкіметін басқару қызметіне 1924 жылдың қараша айының екінші жартысынан бастап толық кіріскен деп түйуге болады.

Тұжырымдап айтқанда, Нығмет Нұрмақовтың кандидатурасының Қазақстан Халық Коммисарлар Кеңесінің төрағасы қызметіне таңдалып тағайындалуын былайша түсіндіруге болады:

Біріншіден, ол 1922 жылдың 22 наурызынан бері Қазобкомның (кейін Өлкеком деп аталды) бюро құрамына еніп, екі жылдан астам уақыт ішінде бюро мүшелерінің қатарындағы терең ойлы, тұжырымы кең әрі батыл шешім қабылдай білетін қызметкер ретінде танылды. Әсіресе ұлттық көкейтесті мәселелерді анықтап шешу, мемлекеттік аппаратты қазақ тілінде іс жүргізуге көшіру, Қазақстанның алғашқы Конституциясының жобасын жасау, «Қызыл Қазақстан» журналын басқару сияқты жауапты мәселелердің жүктелуі-ақ Нығмет Нұрмақовтың қабілеті мен беделінің жоғары болғандығын дәлелдейді.

Екіншіден, Н.Нұрмақов 1922-24 жылдар аралығында Қазақстанның Сот төрағасы, содан соң Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметінде ұйымдастырып басқара білетін және іс тындырудағы тиянақтылығымен де өзін көрсетіп, үкіметтің мүшесі ретінде нақты тәжірибеден өтті.

Үшіншіден, бұған дейінгі Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің 1924 жылдың күзінде кезекті екі айлық (қыркүйек-қазан) демалысына кетерде міндетін үкіметтің мүшелерінің біріне табыстауы қалыптасқан тәртіп еді. Құқықтық жағынан үкіметтің бірінші басшысының былайша шешім қабылдауы заңды болатын. Сондықтан соңғы екі ай Қазобкомда үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасаған Нығмет Нұрмақовқа Халком Кеңесінің төрағасы міндеті жүктелгенде, бұл шешім Қазақстанның партия басшыларын да, үкімет мүшелерін де толық қанағаттандырды.

Н.Нұрмақовтың үкімет басына келуі сол заманның қоғамдық пікірінде елеусіз қалған жоқ. Көрнекті кеңес жазушысы Николай Анов хаттарында Н.Нұрмақовты көрген сәттерін былайша еске алады: «Нұрмақовпен екі рет кездесіп едім. – деп жазды Н.Анов, – 1922 жылы Семейде болғанымда ол Қоянды жәрмеңкесіне баруыма машина тауып беріп, көмектескен еді. Ол 19 жастағы бала секілді ол өз қатарынан анағұрлым жас көрінетін. 1925 жылы Халком төрағасы болғанда тағы да қабылдауында болдым. Мен ол кезде қатардағы адам болсам ол ірі басшы тұғын» деп ерекше ілтипат білдіреді. 1926-27 жылдары Қазақстан Халком Кеңесінің мәжілісіне бірнеше мәрте қатынасқан ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаев «Нығмет Нұрмақовты бір көргеннен-ақ өте ақылды, шаруаны жақсы білетін басшы ретінде менде ұғым қалыптасты» деп ешбір бояусыз пікірін айтқан (ҚРОМА, 440-қ., (Н.Ановтың жеке қоры), 1-т., 607-іс, 12-п). Замандастарының айтуынша, орта бойлы, қарапайым, бір қарағанда тұйық болып көрінгенімен Нығметтің кісіге жақын, терең ойлы, іскер, ұлт мүддесін биік санап, көмек сұрағанға жанашыр болуы оның табиғи қасиеттері болған.

Н.Нұрмақов 1924 жылдың 4 желтоқсанында орыс тіліндегі республикалық бас басылым «Советская степь» газетіне берген сұхбатында үкіметтің алдағы атқаратын шаруаларын қысқа тұжырымдап, талдайды. Бұл өз елін алдағы көздеген бағытынан хабардар еткен үкімет басшысының ұсынатын бағдарламасы іспеттес. Cөз басында Қазақстанда мал басы санының өсуін жақсылыққа санай отырып, өзі басқаратын үкіметтің алдағы ерекше көңіл бөліп, жүзеге асыруы тиіс мәселелеріне жеке-жеке тоқталады. Ол: өнеркәсіпті қалпына келтіріп дамыту, отаршылдық саясаттың салдарынан құнарлы жерлерінен айрылған қазақтарға жерін қайтарып оларды орналастыру, құрғақшылық пен жұттың зардаптарын жою, мәдени-ағарту ісін дамыту, қазақтарды мемлекеттік басқару ісіне тарту, және т.б.

Мәселенің қай-қайсысын алсаңыз да еліміздің өсіп-өркендеуінде шешуші маңызы зор. Әсіресе жергілікті ұлттың ұтатын, оның жан-жақты дамуына жол ашатын жақтарды да Н.Нұрмақов ескертіп отырады. Дегенмен Н.Нұрмақовтың есептеуінше, бірінші кезектегі шаруа республика территориясындағы халықтың 59 пайызын құрайтын қазақ халқының әл-ауқатын көтеру болса, оны тек ата кәсібі –

 мал шаруашылығын дамыту негізінде шешу мүмкін еді. Нығмет Нұрмақов бар күш-жігерін, ақыл-ойын осы бағытқа жұмылдырды. Оның бұл мәселелер бойынша табыстарға жетіп немесе айтыста жеңілген, көнуге мәжбүр болған кездері де болды.

1924 жылдың 3 желтоқсанында Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне және РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесіне Қазақстан экономикасын түбегейлі қалпына келтіруде маңызды рөл атқарар шешімін күткен 2 мәселе тұрғандығын атап көрсететін Н. Нұрмақовтың қолы қойылған қос хаты жолданды (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 343-іс, 225-233-а.п).

Оның біріншісі, Қазақ Республикасының орталығын белгілеуге қатысты Батыс, Солтүстік шығыс және Оңтүстік шығысты байланыстыратын теміржол торабын дереу салу қажеттігі тұр. Н.Нұрмақовтың көзқарасы бойынша жаңа астананы белгілеудегі басты мақсат, ол Ташкент бола ма, не Ақмешіт бола ма, қалай болғанда да Қазақстанның бар облыстарын бір-бірімен экономикалық жағынан тығыз байланыстыру керек еді. Мұның стратегиялық маңызы бар екендігін күні кеше ғана біздің Ақмолаға (Астанаға) көшуіміз де дәлелдеп отыр.

Екінші мәселе – жергілікті халықтың тіршілігінің қайнар көзі мал шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту. Хатта Қазақстандағы мал шаруашылығының табиғатқа тәуелді екендігін дәлелдей отырып, жазғы құрғақшылық пен қысқы жұттардың салдарынан көшпелі мал шаруашылығын сақтандыру үшін мемлекет тарапынан шөп шабу, яғни, қысқа жем-шөп даярлауға шаруашылықтарды ынталандыру шараларын ұйымдастыруды қолға алу қажеттігін кезек күттірмейтін аса маңызды шаруа деп көрсетеді.

Мінеки, мұнан да басқа ірі-кішілі қордаланған мәселелерді жергілікті үкіметке реттеп шешіп отыру үшін ең бастысы, Одақтық үкімет тарапынан өлкелік бюджеттің құқығын кеңейту шараларын қарастыруды өтінеді. Мәселен, Қазақстанды құқығы тең Автономиялық Республикалармен салыстырғанда жан басына шаққанда да, шаршы шақырымға есептесе де орталық бюджеттен бөлінетін қаржының мөлшері өте төмен. Қазақстан бар ұлттық табысының 60 пайызын түгелдей одақтың қорына құятындығын айта отырып, есесіне республикадағы жалпы өнімінің 87 пайызын беретін ауыл шаруашылығына жұмсалатын қаржы мөлшері мардымсыз малдәрігерлік, агрономдық, суландыру мәселелеріне көңіл бөлмейінше, ауыл шаруашылығының дамуын елестету мүмкін емес екендігін тұжырымдаған.

Хаттағы көрсетілген мәліметтерді дәлелдейтін қосымша құжаттарды тауып, зерделеу барысында республика территориясындағы мұнай, алтын, мырыш өндіретін ірі өндіріс орындарына жалпыодақтық деген статус беріліп, одан түскен таза пайда түгелдей одақтың қорына құйылатынын анықтадық. Орталыққа қаржылай тәуелді болуды жаңа тұрпаттағы отаршылдықтың жүргізілуі оның бір тәсілі деп ұғуға болады. Бұл мәселелер Н.Нұрмақовтың үкімет басына қызметке келгендегі әділетсіздікке ашынған алғашқы жан-айқайы еді…

Н.Нұрмақов атқарушы билік басына келген тұста үкіметті аса толғандырған ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері құрғақшылық пен жұттың зардаптарын жою болды. 1924 жылдың жазында Қазақстанның кейбір губерниялары мен уездері құрғақшылыққа ұшырап азық-түлік қорының тапшылығынан туған ауыр жағдайлар қалыптасты. Келесі қыстың (1925 жылдың) ортасы мен ерте көктемде ахуалдың тереңдегені сонша – Ақтөбе, Орал, Бөкей секілді губерниялардан малдардың жаппай қырылу қаупі тіпті адамдардың аштықтан өлуі туралы ақпараттар республика басшыларына түсе бастаған. Сөзімізді дәлелдеу үшін мол деректерден іріктеп бір-екі мысал таңдадық. Біріншісі, хаттама мазмұны қысқаша алынған: Семей губерниясының 1924 жылдың жазында өткен губаткомының мәжілісіне қатысқан мекеме басшылары Павлодар уезінің (Семей құрамындағы – авт.) аштыққа қалайша тап болғанына қайран қалысты. Сөз алған губатком басшысы Ә.Досов уезде аштық жағдайында отырған он мыңдаған адам бар деп көрсетілген белгісіз біреуден үш жеделхат алғандығын айтады. Таңдандырары уездік әкімшілікке бірнеше мәрте сұрау жасатса да, уезден ешқандай жауап келмеген. Соған байланысты Ә.Досов республика басшыларына дәлме-дәл хабарлауға ешбір ақпарат ала алмаған соң губатком тарапынан өкіл тағайындап, Павлодар уезіне арнайы бөлінген 1 мың сом ақшамен аттандырғанын хабарлады. Жарыссөзге қатысқан губерниялық шаруашылық мекемелерінің басшылары Молдажанов, Соколов, Равдин және т.б. сөздерінен байқайтынымыз Павлодар уезінің қандай жағдайда екендігін олардың да білгені анық емес. Дегенмен бәрі де аталған уезде ахуалдың ауыр екендігімен келіседі, бірақ нақты көлемі жөнінде хабары болмай, қандай мөлшерде көмек қажеттігін анықтай алмағандықтан мынадай шешім қабылдауға мәжбүр болған: біріншіден, жедел түрде тағы да өкіл жіберіп дәлме-дәл ақпарат алдырту (бұл жұмыс Молдажановқа жүктеледі); екіншіден, Павлодар уезіне 11 мың пұт астық бөлу; үшіншіден, барлық шаруашылық мекемелерінің көмек беру мүмкіндігін іздестіру міндеттелді (ҚРОМА, 30«қ»-қ., 7-т., 2-іс, 14-15-а.п). Бұл мұрағаттық айғақ еліміздің солтүстік өңіріндегі қалыптасқан қиындыққа көзімізді жеткізіп отыр деп ойлаймыз. Ендігі дерегіміз ОГПУ-дің Жоғарғы үкімет басшыларына аса құпия түрде тізілген, ай сайын немесе кварталдап беретін ақпары. Сол ақпарлардан үзінді келтірейік: «…ауылдың экономикалық жіктелуіне өткен жылдың құрғақшылығы әсер етіп отыр. Биылғы жылы (1924-1925) Орал, Ақтөбе губернияларында астықтың жиналуы орта мөлшерден төмен. Ақтөбе уезінің Шикуновский, Преображенский болыстарындағы 8 кедей поселкелері мен хуторларындағы 800 қоралы жан аштық аузында тұр. Олардың 30-40 пайызы азық-түлік тапшылығынан өсімдіктің тамырларымен қоректенуде» (ҚРОМА, 30-қ., 7-т., 3-іс, 9-п). Осылайша жалғастыра беруге болатын мұндай ақпарлармен ең әуелі Өлкеком хатшысы әрі Халком Кеңесінің төрағасы танысатын. Елдегі жалпы ахуалдан нақты хабары бар үкімет басшысы Н.Нұрмақов баяндамаларында немесе баспасөз беттерінде үкіметтің күн тәртібіндегі міндеттерінің бірі құрғақшылық пен жұттан зардап шеккен шаруашылықтарға көмек беру деп көрсетеді. «Жақында Халком Кеңесінде, – дейді Н.Нұрмақов, – азық-түлік балансын қарадық. Астықтың шықпай қалу нәтижесінде батыстағы Ақтөбе, Орал, Бөкей, Орынбор губерниялары, Ақмоланың Атбасар уезінде, Семей губерниясының Павлодар уезінде астық жетпей қалғандығы анықталды» (Советская степь, 1924: 3). Шығатын қорытынды жоғарыда біз келтірген деректерден Халком төрағасы толық хабардар, әрі Қазақстанда ауыл шаруашылығында қалыптасқан ауыр ахуалдан шығарудың әрі оны дамытудың тиімді бағыты туралы өзінің ұстанымын да айтады.

Қазақтардың ата кәсібі мал шаруашылығының дамуы негізінен стихиялы, табиғатқа тәуелді болып келеді. Сондықтан құрғақшылық немесе қыстың қаталдығы әр кезде мал басын күрт кеміткен жұттарды тудыратын. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жұттың үздіксіз қайталануын мына кестеден көре аламыз: (Чувелев, 1928: 48).

Кесте 1 – Жылдарға шаққандағы мал шығынының көрсеткіші

Жылдар және олардың қазақша атауы

%-ға шаққандағы малдардың шығыны

Аралық жылдар

1879 – 80 – қоян

65

1885 – мешін

5 жыл

1886 – тауық

34

1891 – барыс

5 жыл

1891 – қоян

26

1902 – сиыр

10жыл

1903 – барыс

25

1910 – тауық

7 жыл

1911 – ит

36

5 жыл

1916 – 17 – қоян

20

1 жыл

1918 – 19 – жылан

20

1 жыл

1920 – 21 – мешін

30-35

2 жыл

1924 – 25 – доңыз

20

2 жыл

Кестедегі құбылысқа ой жіберіп түйіндесек, 1916 жылдан бергі жұттың жиі қайталануын азамат соғысының нәтижесінде солтүстік-батысқа қарай пайдаланылатын жаздық жайылымдардың шектелуімен түсіндіруге болады. Және бір себебі шөптің бітік-қалың өсетін құнарлы бөліктерін қоныс аударушы орыс-украин мұжықтарының тоқтаусыз иеленуі еді. Сондықтан көшпелі мал шаруашылығының жайылымы Арал мен Каспий теңізінің шөлейтті, жартылай шөлейтті аудандарымен шектеліп қалды. Бұрындары жұттың нәтижесінде 40-50 пайыз малдың қырылып қалған жағдайында, жайылымдықтың кеңдігінің арқасында мал басының саны тез өндіріліп, қалпына келіп отыратын. Ал Қазақ Автономиялы Республикасы құрылғаннан бергі шаруашылықта орын алған мұндай апаттардың қайталануына атқарушы биліктің әлсіздігі, дәрменсіздігі де себеп болды. 1923-1924 жылдары Қазақстанның әкімшілік-территориялық шегін анықтау туралы айтыстың толастамаған шағы болатын. Ол: Ресеймен арадағы шекараны белгілеу, Қазақстанға заңды түрде берілген облыстардың әкімшілігін өз құзырына қарату, астана қай қала болу керек, Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақстанға қосу сияқты ел үшін саяси маңызы бар өмірлік мәселелер шешілу үстінде еді. Сондықтан да мал шаруашылығының еркін дамуына барымталау, қарақшылық шабуылдар (Қарқаралыдағы Қуандық және Қаракесек рулары арасындағы немесе Адай уезі тұрғындары мен Түркмендер арасындағы жиі орын алған қарулы қақтығыстар т.б.), мал ұрлығы немесе жергілікті билік өкілдерінің ет, астық дайындау науқандарын өткізудегі заңсыз әрекеттері де айрықша кедергі келтіріп, үкімет тарапынан бақылауға алып реттеу мүмкін болмады.

Елдегі орын алған күрделі жағдайды шешуде Халком Кеңесінің құрамында арнайы құрылған Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясын Н.Нұрмақовтың өзі басқарып, оның жұмысын екі бағытта үйлестіріп отырды. Біріншіден, құрғақшылықтан, жұттан зардап шеккен аймақтарға дереу көмек ұйымдастырып, ахуалды бақылауға алу; екіншіден, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру барысында оның стихиялығын жоятын, дамудың тиімді жолына түсіретін ұзақ мерзімді, жоспарлы шараларды жүзеге асыру, атап айтқанда: жерді ылғалдандыру, мал шаруашылығын қыстық жем-шөп дайындау тәсіліне көшіру және ол үшін ұзақ мерзімге белгіленген бағыттардың бірі – қазақтарға ата-бабасынан мұраға қалған құнарлы жерлерді орыс-украин қоныстанушыларынан заңды жолмен қайтарып беру, орналастырып отырықшы мәдениетке үйрету сияқты маңызды міндеттер тұрды.

Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясында жер-жерден түскен бар ақпарат жинақталып, орын алған нақты оқиғалар анықталды. Әр губерниялардағы жалпы ахуал есепке алынып, оған қатысты жүргізілетін жұмыс бағыты жобаланды. Қорытындысында комиссия төрағасы Н.Нұрмақовтың басшылығымен айына 3, кейде 4 мәрте мәжіліс өткізіліп, әрбір дәлел сарапқа салынды, оң бағыт-бағдар белгіленді, маңызды шаралар қабылданды.

Мәселен, 1924 жылдың 13 қарашасында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төралқа мәжілісінде комиссия төрағасы Н.Нұрмақов Орталықтан бөлінген 25 мың сомды Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясының шешімімен қалай бөлгендігі жайлы мәжіліске қатысушыларды қысқаша хабардар етті (ҚРОМА, 5-қ., 5-т., 113-іс, 18-п). Нақты аймақтарға белгіленген көмектің мөлшері төмендегідей: Ақтөбе губерниясына 10 мың сом, Орынбор губерниясына 7 мың сом, Бөкей губерниясына 3 мың сом, Ақмола губерниясына 3 мың сом, Семей губерниясының Павлодар уезіне 2 мың сом бөлінген. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бөлінген қаржыға астық пен азық-түлік сатып алып, губернияларға жеткізу арқылы аз да болса жалпы ахуалды бақылауға мүмкіндік алған.

Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясының 1925 жылы 20 қаңтарда өткен мәжілісінде Н.Нұрмақов құрғақшылық қайталанған губернияларда қоғамдық ылғалдандыру жұмысын жүргізудің жоспары жасалғанын хабарлап, оны жүзеге асыруды Жер ісі комиссариатына тапсырды. Комиссия шешімдері негізінде оған тиесілі қаржының, яғни, қолдауды қажет ететін шаруашылықтарға ақшалай көмектің бөлінуі жайлы құжаттар дайындап, РСФСР Халком төрағасы А.И.Рыковтың атына өтініш хат жөнелтті (ҚРОМА, 30 «қ»-қ., 7-т., 2-іс, 90-п.). Хаттың кіріспесінде жасалып жатқан шаралар оқиғаның алдын-алу, уақытшалық сипатын ескертіп, кез келген уақытта жағдайдың шиеленісіп кету қаупі бар деп бірқатар губернияларды нұсқаған. Шынында Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясына іле-шала Ақтөбеден келіп түскен жеделхатта: «Ақтөбе уезінің Мартук болысының балықшылар поселкесінде аштықтан 3 адам қайтыс болып, 75%-і ашығуда» немесе «азық-түлік қорының таусылуынан тұрғындардың көпшілігі шөп тамырларымен қоректенуде» деп хабарланады (ҚРОМА, 30«қ»-қ., 7-т., 2-іс, 180-п.). Ал сол жылдың 6 наурызында өткен Құрғақшылықпен күрес комиссиясының мәжілісінде Н.Нұрмақов орталықтан түскен қаржыны бөлу кезінде Ақтөбе, Орал губерниялары, Семей губерниясының Павлодар уезіндегі жағдайларды бірінші кезекте ескеруін өтінді. Нәтижесінде, РСФСР Халком Кеңесінің төрағасы А.И.Рыковтың шешімімен бөлген 165 мың сом аталған губернияларға таратылды. Қаржыны пайдалануда құрғақшылықтың алдын алу шараларына да жұмсау жайлы нұсқау берілді. Айталық, Орал губерниясында су тоғандарын қайта орнату әрі арықтарды жөндеу, Павлодар уезінде азық-түлікпен қатар 20 мың сомға тұқымдық алу сияқты қосымша міндеттер жүктелді (ҚРОМА, 30-қ., 2-т., 2-іс, 199-п.).

1925 жылдың ақпан айында Адай уезінде қыстың қатты болуына орай малдың жаппай қырылу қаупі төнді. Каспий теңізінің шығыс жағалауы тоң болып, мұз қатты. Үздіксіз соққан боран, қардың қалың түсіп қатып қалуы малды тебіннен айырды. Мәскеуге осы жайларды баяндап, жолдаған хатында Н.Нұрмақов Адай уезі тұрғындарының малға шөп даярлауды дәстүрге айналдырмағанын айта келіп, олардың қоныс тепкен мекенінен тысқары Ақтөбе губерниясы мен Түркменстан Республикасының территориясына амалсыз басып кіруге мәжбүр болғанын хабарлады. 600 мың ұсақ, 130 мың ірі қараны сақтап қалу үшін ең алдымен 150 мың сомға 375 мың пұт жем-шөп сатып алуға қарызға ақша бөлуді және жайылымдық мақсатта Түркменстан территориясына уақытша қыстау үшін шекара арқылы өтуге рұқсат беруін сұрады (ҚРОМА, 30-қ., 1-т., 344-іс, 6-п.). Өкінішке орай, орталық үкімет аталған ақшалай көмекті беруден бас тартты. БОАК жанындағы Қазақстан өкілеттігінің хабарлауынша РСФСР Халкомы Қазақстанда сатып алуға болатын жем-шөп қоры жоқ болғандықтан бұл жобаның жүзеге асуы мүмкін емес деп санайды. Сондықтан бұл жұттың болатындығымен амалсыз келісуге тура келеді. Егер жұт жаппай сипат алған жағдайда ғана көлемін анықтау арқылы, зардап шеккен шаруашылықтарға көмек беруге болады деген шешімге келіпті (ҚРОМА, 30-қ., 1-т., 344-іс, 21-22-п.). Шындығында, солай болды. Адай уезінде шығынға ұшыраған малдың санын қалпына келтіру үшін наурыз айында 40 мың сом ақша түседі және қарыз ретінде бөлінген бұл ақша қазанның 1-не дейін қайтарылуы көзделген.

Ол жайында Н.Нұрмақов РСФСР Халком Кеңесіне жазған хатында былай дейді: «Тиесілі ақша жеткенше Адай уезін жұт жайлап малдың көпшілік бөлігі қырылып қалды. Сондықтан да шаруашылықтарын қайта аяғынан тұрғызуға бөлінген ақшаның 30 мың сомын мал сатып алуға жұмсадық. Көктем кезінде малдың бағасы да күрт өсіп, берілген ақша құнсыздана түсті. Енді тұралап қалған шаруашылықтар 1925 жылдың 1 қазанында ссуданы қайтарып беруі керек деген сөз – алған малдарын қайта өткізіп тақырға отырғызумен тең. Адай уезі мал шаруашылығы үшін табиғи апаты жиі қайталанатын, өте күрделі (75 пайыз жері құмды) аймақтардың бірі болғандықтан 30 мың сом ақшаны Адай уезінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін деген атпен қайтарылмайтын қаржы ретінде есептеуіңізді сұраймыз» – деп ұсыныс жасаған (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс, 117-117-а.п.).

Азық-түлік тапшылығының нәтижесінде, Ақтөбе, Бөкей, Орал губернияларында титықтап, әлсіреуден түрлі ауруға бейім болатын балалар өлімі күрт өсті. Үкіметтің бөлген 20 мың сомына, аталған губерниялардың атқарушы биліктеріне ауыл-селоларда мектеп жанынан тамақтану нүктелерін ұйымдастыруға тапсырма берілді. Сондай-ақ құрғақшылық комиссияларының ұйымдастыруымен баспа өнімдері, марка, значок, ту сияқты бұйымдарды сату науқаны жүргізіліп, түскен ақша аш балаларға жәрдем беруге жұмсалды. 1925 жылдың 27 ақпанында РСФСР Халкомкеңесінің құрамындағы Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясына Н.Нұрмақов осы жайларды баяндай отырып, «ауылдық жерлерде мұндай тамақ беруге қажетті балалар саны 8844-ке жетіп отыр: Ақтөбе губерниясында – 5564 бала, Бөкей губерниясында – 2158 бала, Орал (ақшалай көмек бөлінген 8148 баланы қоспағанда) – 1122 бала» деп хабарлаған. Арадағы 5 айға яғни астық науқанына дейін асырауға 106 128 сом қажет екендігін дәлелдеп, мезгіліне ішілетін асқа қажетті азық-түліктің дәлме-дәл есебін береді (ҚРОМА. 30-қ., 7-т., 2-іс, 176-177-п.).

Н.Нұрмақов басқарған үкімет құрамындағы Құрғақшылық зардабымен күрес комиссиясы ұйымдастырған қыруар жұмысының бәрін тізіп беру мүмкін емес. Қорыта айтқанда, губерниялардағы шаруашылық дағдарыстары мен оның әлеуметтік салдарына үкімет жіті назар аударып, бақылауға алды. Көңіл бөліп, көмек ұйымдастырды. Маңыздысы, ол ұйымдастырған көмек, қолдаудың Қазақстандағы егін шаруашылығын, мал шаруашылығын қалпына келтірудегі маңызы зор болды. Н.Нұрмақов үкімет қызметінің мәнін дұрыс түсініп, шаруашылықтарға қиын-қыстау кезде қол ұшын берумен ғана шектелмей, қайта олардың дамуына жағдай туғызып, көзін ашудың жолдарын іздеді. Бұл бағытта да біршама жұмыстар атқарылды.

1925 жылдың 7 қаңтарында Н.Нұрмақов жоғалған малды иесіне қайтарудың тәртібі туралы арнайы қаулыға қол қойды. Егер жоғалған жылқы, түйе, сиыр секілді ірі малдардың 1 жыл ішінде иесі табыла қалған жағдайда оны қайтарудың жолдары көрсетіледі. Бұл қаулы қазақ шаруашылығында үздіксіз орын алған қайшылықтарды шешуге жасалған қадам еді. Мәселен, барымтаның және мал ұрлығының барысында қолды болған мал басы иесіне қайтарылды. Немесе егіншілікпен шұғылданатын аудандарда кең құбылысқа айналған (егінге түсу, жеке меншіктегі шабындық пен жайылымдық жерлерге малдың түсуі) дауды реттеудегі рөлі зор болды (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 375-іс, 1-п). 1925 жылы сәуір айында Н.Нұрмақов Қазақстандағы егістік және шабындық жер көлемінің жалпы жағдайы жайлы жүйелі ақпарат беретін Орталық Статистикалық басқармасының губерниялардағы бөлімдерінің жұмысына қолқабыс тигізіп отыру жайында губаткомдарға қатынас хат жолдады. Хатта әр айдың 1 және 15 күндері Статистика басқармасына губерниялық әкімшілік өз территориясындағы егіндік-шабындық жерлердің көлемінің өзгеруі жайлы тұрақты ақпар беруі міндеттеліп, үкімет тарапынан шаруашылықтың дамуын бақылауға алу, бағыттап-қолдап отыру үшін оң шешімдер қабылдауда бұл ақпарлардың атқарар рөлі зор екендігі атап өтілді (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 442-іс, 66-п.).

1925 жылдың 26 маусымында Бөкей губатқару комитетінің кей аудандарды өрттен және малдың өлімінен міндетті ақшалай сақтандыру жайлы өтінішін қолдап, Н.Нұрмақов Халком Кеңесінің атынан КСРО Еңбек және Қорғаныс комитетіне хат жолдады. Құжатта ол болашақта үкімет Қазақстан территориясында сақтандырудың барлық түрлерін кең дамытуды қолға алмақ дей отырып, әзірге Орал-Бөкей губернияларының Орда қаласында, Жәнібек пен Сайхин поселкелерінде шаруашылықты өрттен, ірі қараны өлімнен міндетті сақтандыруды енгізу туралы өтінішін қанағаттандыруын сұраған. Міндетті сақтандыру шараларының еркін түрде жүзеге асырылуы қатаң сақталатындығы ескертілді (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс, 153-п.). Үкімет Қазақстанда жоңышқа өсіруді де кең түрде дамытуды қолға алды. Төңкеріске дейін Түркістанның Жетісу облысында жоңышқа егудің аса тиімділігі дәлелденген болатын. Алматы, Қапал, Жаркент, Лепсі, Бішкек уездерінде 1901 жылдың есебі бойынша жоңышқа егістік жер көлемнің 10 пайызын құраған болса, бұл көрсеткіш кейін де үздіксіз өсуімен болды. Алайда 1916-1921 жылдар аралығында Қазақстанның халық шаруашылығының құлдырауына байланысты жоңышқа егу ісі мүлдем жойылуға шақ қалған-ды. 1925 жылдардың шаруашылық есептерінде елдегі жоңышқа егістігінің көлемі соғысқа дейінгі көлемінің 30 пайызын ғана құраған. 1925 жылдың көктемінде Халком Кеңесі жоңышқа егістігі көлемін 1929 жылы толық қалпына келтірудің жобасын жасап, жоңышқа егуге қажетті тұқымдарды тазалап, сақтайтын заводтарды салу жөнінде Жетісу губаткомына тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы банкісі арқылы бөлінетін ссудалар мөлшері көрсетіліп, қосымша қамқорлық шаралары белгіленді (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс, 46-48-п.).

1925 жылдың 25 наурызда республикалық баслымдарда Қазақ Орталық Атқару Комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ө.Бегімбетов пен Халком Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовтың үкімет атынан жер өңдеушілерге үндеуі жолданды. Ауыл еңбекшілерінің жеке белсенділігінің арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі едәуір өсу үстінде екендігі аталып, бидай, сұлы, арпаға қоса мақта, темекі, жоңышқаны да көп егуге шақырды. Үкімет болса өз тарапынан техникамен жәрдемдесу, несие бөлу, ұйымдық-шаруашылық шаралармен қолдауға барынша күш салады делінген (Советская степь, 1926: 2).

Қорыта айтқанда, шаруашылық салықтардың реттелуі, ауыл шаруашылық банкісі арқылы несиелердің бөлінуі, ұсақ меншік түрлерінің дамуына еркіндік беру, қажетті техникаларға деген сұранысына үкіметтің дәнекер болуы, жәрмеңкелерді ашып ішкі-сыртқы тауар айырбасын ынталандыру, құрғақшылық пен жұттан зардап шеккен шаруашылықтарға көмек беріп, дамуына қолдау көрсету сияқты үкімет тарапынан ұйымдастырылған шаралардың барлығы ауыл шаруашылығының қалпына келіп, күрт дамуына әсер еткені даусыз. Әсіресе 1925-1926 жылдың шаруашылық науқанының қорытындысы ауыл-селолар үшін табысты болып, егістіктен алынған өнім көбейді. Мал басы саны да күрт өсті. Қазақстандағы мал және егін шаруашылығы 1929 жылдың қарсаңында негізінен қалпына келіп, 1916 жылға дейінгі дәрежесіне жетті, кейбір көрсеткіштер бойынша асып түсті: егістік жер көлемі 1924-25 жж. –2.260 мың гектар болса, 1925-26 жж. –3.060 мың гектар, ал 1928-1929 жж. 3.836 гектарға өсіп, 1916 жылғы егістік көлемінің 96-97 пайызын құраған.

Кеміп кеткен мал басының өсуі де осындай дәрежеде: 1924-1925 жж. – 24.880 мың бас, 1925-1926 жж. – 26.400 мың бас, 1926-1927 жж. – 29 млн. бас, 1927-1928 жж. – 37. 300 мың бас, 1928-1929 жж. – 41 млн басқа жетіп, 1916 жылғымен салыстырғанда 105 пайызды құраған яғни 5 пайызға көтерілген (Нурмаков 1929: 8-9).

Әрине, үкімет басшысы үшін шаруашылықты дамытуда бастапқы көзделген көптеген бағыттарды жүзеге асыру қиынға түсті. Н.Нұрмақовтың көзқарасы бойынша, салыстырмалы түрде жер өндеуге қарағанда мал шаруашылығы Қазақстанда әрқашан да жетекші рөл атқаруы тиіс. 1926 жылы 2 мамырда жауапты партия қызметкерлері әрі үкімет мүшелері қатысқан Өлкеком мәжілісінде Н.Нұрмақов былай деген еді: «Біреулер мал шаруашылығы шаруашылықтың мәдени түрі емес, жерді өңдеу шаруашылықтың мәдени түрі, жоғарғы сатысы деп айтып жүр. Мен бұған қарсымын. Мысалы, Батыс Европалық мемлекеттерді қараңыз, мал шаруашылығын шаруашылықтың мәдени түрі ретінде жүргізіп отырғанын көреміз. Осы істі бізге де неге қолға алмасқа?!» – деп, отырғандарды елде негізі бар, дәстүрлі шаруашылықтың қадірін ескеруге шақырады. Қазақстанның жерін жыртып, егін шаруашылығына көшуге үндеушілерге «жер өңдеумен қай жерде айналыспақсыздар? Құнарлы деген жер бөліктерінде трактордың айналуына да мүмкіндік жоқ» деп Қазақстанды Ресейдің қара топырақты аймақтары немесе Поволжьемен салыстыру дұрыс емес деген уәжін айтады. Бұл Н.Нұрмақовтың екпелі жер шаруашылығына түпкілікті қарсы болуы деген ұғымды білдірмейді. Ол Сырдарияда мақта өсіруге болатындығын, Солтүстік аймақтарда егіншілікпен шұғылдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда, мұндағы басты мақсат мал шаруашылығының шешуші рөліне, оған ерекше көңіл бөлу қажеттігіне көз жеткізу еді. Ал екпелі жер шаруашылығын дамытуды қолдап белсенді әрекет жасаушылардың негізгі ойы, мақсаты шаруашылықтың мәдени түрі деген желеумен Қазақстанды отарлау, қоныстандыруды күшейту болатын. Мұны Нығмет Нұрмақов жақсы түсінді. Үзілді-кесілді қарсы болуының сыры да осында еді.

«Мал шаруашылығы алдағы уақытта, – дейді Н. Нұрмақов, – біздің экономикада жетекші рөл атқаруы тиіс. Өнеркәсіп мүддесі де, сыртқы сауда мүддесі де бізден осыны талап етеді. Орталықтың алдында осы мәселені бірауыздан қойып, Қазақстанды Кеңес Одағының мал шаруашылық базасына айналдыру қажеттігіне сендіруіміз керек» (ҚРПМ. 141-қ., 1-т., 493-іс, 160-166-п.). Расында да мәселенің осылайша қойылуы қазақтың көптеген мәселесін шешуге мүмкіндік беретін еді. Біріншіден, жерге орналасудағы теңсіздікті жойып, кешегі патша заманындағы қоныстанушылардың пайдасында кеткен құнарлы, жақсы жерлерді қазаққа қайтарып беруге болатын. Екіншіден, қазақ қоғамының әл-ауқатын көтере отырып, кешегі 1932-33 жылдардың қасіретті аштығына ұрындырмауға болар еді…

Н.Нұрмақовтың пікірінше, біз мал шаруашылығына революциялық тұрғыдан ғана көңіл бөлмей (бұл Голощекиннің қазақ даласына тағы бір революция керек деген пікіріне қарсы қолданған болса керек – авт.), практикалық шараларды да қолдануымыз керек. Ең бастысы біздің мемлекеттік бюджетімізде мал шаруашылығының дамуын қолдайтын ерекше қор болуы тиіс. Ресейдің қара топырақты аймақтарын, Поволжьенің шаруашылығын дамытуға орасан қаржы жұмсалуда. Біз де мәселені осылай қойуымыз керек, дейді Н.Нұрмақов. Бұл қаржы шын мәнінде Н.Нұрмақов үшін қазақтарды отырықшыландыру барысында агрономиялық, малдәрігерлік, зоотехникалық, ирригациялық-мелиоративтік шараларды жүзеге асырумен, қолдау үшін қажет еді. Өкінішке орай, Н.Нұрмақовтың бұл бағыты Қазөлкеком тарапынан да, Орталық тарапынан да қолдау таппады. Керісінше, Қазақстан үкіметін, оның басшысын айыптау ашықтан-ашық орын алды. РСФСР Жоспарлау комитетіне жолдаған Қазақстанның «5 жылдық даму бағытының» жоспары әсіресе Бүкілодақтық Қоныстандыру комитетінің тарапынан шындық бүркемеленіп отыр деп қатаң сыналған болатын.

1928 жылдың наурызында Н.Нұрмақов РСФСР Халкоматына хат жолдап, бұл айыптаулардың еш негізі жоқтығын дәлелдеді. Қазақстанның болашағы турасындағы принциптік мәселелеріндегі алшақтықтың өзі орталықтың позициясын білдіріп тұр. Айталық, Орталықтың мәліметтерінде Қазақстандағы жалпы мал басы саны 11 млн 900 мың деп көрсетілсе, Қазақстан –26 млн (1926-1927 жылдардың көрсеткіші бойынша), ал 1941 жылға дейін жалпы мал басының санын 62 млн-ға жеткізу көзделіп отыр делінген. Екіншіден, Қазақстан жерге сұранысын ұлғайтып көрсету үшін республикадағы 6,5 млн-нан төмен болатын халық санын әдейі өсіріп отыр, дейді. Қазақстанның берген мәліметтерінде республика халқы 7,2 млн. делінген. Бұл жердегі Орталықтың мақсаты 1 млн адамды сырттан әкеліп, қара топырақты аймақтарға қоныстандыру болатын. Ендеше, Қазақстан үкіметі тек қана көшпелі мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр дегеніне, Н.Нұрмақов нақты цифрлармен жауап бере отырып, жер өңдеудің тиімсіздігін, қымбатқа түсетіндігін айтады. Ресейлік ғалымдардың дәлелдеуінше 350 мм.-ден аз ылғалдық түсетін аймақта егіншілікпен айналысудың ауыр тиетіндігін, ал 250 мм. ылғалдық түсетін аймақта қолдан суару қажеттігін көлденең тарта отырып, Қазақстанда жер өңдеумен айналысуға болатын жер көлемі 8 пайыздан аспайды деп тұжырымдады. Қазақстанның экономикасын дамытып, аяғынан тік тұрғызу үшін, ешкімді қоныстандырмай кемінде 10 жыл тыныс беру қажеттігін сұрап еді (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 728-іс, 110-116-п.).

Қазақстанда Ф.И.Голощекин бастаған бірқатар Қазөлкеком мүшелері Н.Нұрмақовтың үкімет басшысы қызметіндегі ұстанған осындай бағыттарына күмән келтіріп, сенімсіздік таныта бастады. Бұған дейін де ауыл шаруашылығын дамыту барысында байларды тәркілеу, қазақтарға патша үкіметінің кезінде сырттан қоныстандыру үшін алып қойған құнарлы жерлерін қайтару қажеттігі жайлы мәселелер бойынша айтысып жүрген Н.Нұрмақов бастаған бірқатар үкімет мүшелері Өлкеком тарапынан сыналып келген-ді. Ф.И.Голощекин Қазақстандағы саяси биліктің тізгінін қолға алысымен, ең алдымен С.Қожановтан және қожановшылдардан құтылды. Содан соң, ірі басшылар С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев секілді аузы дуалы шешендерді амалын тауып, Қазақстаннан кетірген болатын. Енді Ф.И.Голощекиннің айтуынша, соңғы жіктің көшбасшысы осы Н.Нұрмақов, шын мәнінде бұлар «Сәдуақасовтың» бағытын қолдаушылар. Оларды Ф.И.Голощекин «ең зиянды, қауіпті ағым» деп бағалап, топ басшысы Н.Нұрмақовты оңтайлы сәтін тауып қызметінен кетіруге тырысты.

1928 жылы Үкімет басшысы Н.Нұрмақов пен Өлкеком арасындағы қайшылықтар шегіне жетіп, Ф.И.Голощекин Н.Нұрмақовқа қарсы іс ұйымдастыруға ашық кірісті. Оған себепші болған мына жағдайлар: 1927 жылдың 12 қыркүйегінде өткен Қазаткомның мәжілісінде Н.Нұрмақов шаруашылық жайында есеп бере отырып мал шаруашылығындағы алаңдатып отырған оқиға турасында былай дейді: «Биыл Орал, Сырдария, Жетісу, Семейдің кейбір аудандарында, Ақмола губерниясының бірқатар аудандарында шөп шықпай қалды, әрі ауа райын болжаушылардың берген мәліметтері бойынша да қыс қатты болмақшы. Ендеше, 1927-1928 жж. жұттың алдын алып, көмек шараларын ұйымдастыру мәселесі Өлкекомда, Қазхалкомкеңесінде бірнеше рет қаралды. Орталықтан қаржы сұрадық – дей келе ол, үкіметтің міндеттері жөнінде, – Мал шаруашылығын қайта құру мақсаты тұр. Көшпелі мал шаруашылығының табиғат апаттарынан сақтандыру қиын екендігі белгілі. 100 мыңдаған бас малы бар қазақ шаруашылықтарына бар малынан айырылып қалуға бір ғана қатты қыстың болуы жеткілікті. Биыл да осындай апатты жағдай болады деп күтілуде», – деп қатты алаңдаушылық білдірген болатын (ҚРОМА. 5-қ., 8-т., 5-іс, 66-п.).

1927 жылдың қараша-желтоқсан айларында-ақ мал шаруашылығында қауіпті жағдайлардың қалыптасқаны жайлы губерниялардан хабар түсе бастаған (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 751-іс, 3-5-п.п).

1928 жылдың көктеміне дейін жұтқа тап болған губерниялардан, уездерден шығынның көлемі жайлы дәлме-дәл ақпараттар Халық Комиссарлар Кеңесіне түсіп жатты. Қалыптасқан тәртіп бойынша Н. Нұрмақов хабар түскен губерниялардың басшыларына нұсқау беріп, үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіп отырды.

1928 жылдың 11 наурызында Қазөлкекомның төралқа мәжілісінде губерниялардан түскен жеделхаттар негізінде көптеген губерния-уездердің жұтқа ұшырағанын баяндап, ауыл-шаруашылық салығын белгілеу кезінде осы жайлар ескерілуі тиіс деген мәселе қойды. Бұған үзілді-кесілді қарсы болған Өлкеком басшысы Ф.И.Голощекин «Нұрмақов туыстарына көмектескісі келеді» деп ешбір негізсіз Нығметтің өзін кінәлады. Мәжілістің қайшылықты жағдайда өткенін көрсету үшін кейбір қызу пікірталасқа түскен тұстарын ғана қысқартып беруге тырыстық:

«Нұрмақов: Мен осылайша мәлімдесем, өз сөздеріме толық жауап беремін. Жауапкершілікті мен де сезінемін және жер-жерлерде осы жұмысты жүргізген барлық адам жауапкершіліксіз емес. Менің мәлімдемем осы губерниялардан түскен ақпараттар бойынша жасалды. Мен өзім ол губернияларда болған жоқпын, менің ойымша, оларға сенбеуге еш негіз жоқ, ендеше, Қазақстанда жұт бар. Жұт мал қырылып жатқан Сырдария губерниясында бар, жұт Ақтөбе губерниясында бар, Адай уезін жаппай жұт жайлады, жұт Орал губерниясында немесе Семей губерниясының Қарқаралы уезінде де бар...

Голощекин: Мен мұны бекерге шығарамын. Әсіресе, көп туыстары бар мына уез жайлы.

Нұрмақов: Абайлаңыз.

Голощекин: Жоқ мен өзім үшін жауап берем.

Нұрмақов: Кішкене абайлаңыз. Мен де өзімнің барлық ісіме, сөзіме жауап беремін, мені әр нәрсемен қорқытпаңыз. Бұл губернияларда жұт бар екендігі, бірінде жартылай, бірінде жаппай және мұнымен санасу қажеттігін көрсетеді. Мен жұт бар екендігін жай ғана баяндап тұрғаным жоқ, жұт бар ескерейік, асыра сілтеп жібермейік деп айтып отырмын. Ештеңе жоқ деп айтуымыз, мұрнымыздың астында не болып жатқанын білмеуіміз – бұл барып тұрған шенеуніктік болады. Мұндай жағдай жыл сайын болып отырған жоқ.

Голощекин: Қазіргі болып жатқан жағдай жыл сайын болады.

Нұрмақов: Жұт Қазақстанда жыл сайын кей жерлерде болғанымен, биыл барлық губернияларды қамтыды, кей жерде жаппай, кей жерде жартылай екендігін келіп түскен жеделхаттардан біліп отырмыз. Тіпті апат күтілген мөлшерден асып кетті. Сырдария губаткомы мен губерниялық жер бөлімінен де сондай жеделхаттар келуде. Менің ойымша, тек өз сөзіңе сенбей, басқалардың да сөзіне сену керек…

Егер біз жұтты айта отырып, бір жағынан мен Қарқаралыдағы туыстарымды қолдағым келеді екен. Сіздің де басқа жерде туыстарыңыз болуы мүмкін, сол сияқты менің де туыстарым бар. Бірдеңе айтқан кезіңізде кішкене ойлануыңыз керек. Мені тек туыстарының жағдайын ғана ойлайды деп, сіз ешқашан ештеңемен дәлелдей алмайсыз», – деп ашына сөйлеген болатын (Махат, 2011: 166-167).

Бұл жиындағы орын алған оқиға жылы жабылып қойылған жоқ. 1928 жылы 27 сәуірде Қазақ Өлкелік комитетінің төтенше жабық мәжілісінде арнайы Н.Нұрмақовтың мәселесі қаралды. Бұл байларды тәркілеу, қазақтарды құнарлы жерге орналастыру, бюджеттің жайы, өнеркәсіп мәселелері бойынша келіспеушіліктердің шегіне жеткен тұсы еді. Мәжілісте Ф.И.Голощекин: «Егер Н.Нұрмақов Орталық Комитет пен Өлкелік комитеттің шешімдеріне бағынып, осы тұжырымдама негізінде жұмыс жүргізе берсе бірге боламыз, ал олай болмай, тағы бір Өлкелік комитет ұйымдастырғысы келсе біз оған қарсымыз», - деп, Н.Нұрмақовтың ұстанып отырған бағыттарынан бас тартқызып, пікірінен тайдыртуды көздеді.

Н.Нұрмақов болса өзіне тағып отырған кінәларға түсініктеме бере отырып, шаруашылық басындағылар мен партия басшыларының арасындағы алшақтықтың кертартпалық, бюрократиялықтың себептеріне тоқталады. Соңында: «Мен қажет болған жағдайда іс ұйымдастырып жіберетін шеберлер бар деп есептеймін, бірақ маған қарсы ештеңе ұйымдастыра алмайсыңдар», – дей отырып, – «…Өлкелік комитет тарапынан жасалынып отырған қатынас жағдайында мен өзімнің ойлағанымдай жұмыс жасай алмадым және жасай алмаймын» деп кесіп сөйлегенінен-ақ, өзінің негізгі бағыттарынан бас тартпағандығын көрсетеді. Н.Нұрмақов Ф.И.Голощекин бастаған Қазөлкекоммен арадағы болған бұл оқиғаны объективті түрде қарауды өтініп, Өлкелік бақылау комиссиясының төралқасына хат жолдады. Комиссияға ол арадағы қалыптасқан жағдайды «нездоровая обстановка, нервозная, невозможно работать… Любое мнение подводить под уклон» - деп суреттейді (Келдибеков, 1995: 94).

Өлкекоммен арадағы саяси қайшылықтардың шиеленісуіне қарамастан, Н.Нұрмақов бар күш-жігерін елдегі шаруашылықты тұрақтандырып, одан әрі дамытуға жұмсады. Оның елдегі қалыптасқан күрделі ахуалды бейнелеп, өтініш жасаған қатынас хатына РСФСР Халком Кеңесі назар аударып, “1928/29 жж. ауыл шаруашылық салығын реттеу” туралы 1928 жылы 21 тамызда қаулы қабылдады. Мұнда жұтқа ұшыраған Қазақстанның округтерінде 50 пайызға кей аудандарда 60 пайызға дейін төмендету мойындалды (ҚРОМА. 30«қ»-қ., 7-т., 24-іс, 38-41-п.). Бір жағынан, жылдағы қайталанып отырған жұттардан келетін зардаптарға тосқауыл қою үшін Н.Нұрмақов Жер ісі Халық комиссары К.Тоқтабаевқа: «шөп шабу, шөп сақтайтын базаларды ұйымдастыру керек деп жылда айтамыз, биылдан бастап сөзді қойып іске көшетін уақыт жетті», – деп, 2 аптаның ішінде Халком Кеңесіне шөп шабылатын қазақ аудандарын көрсетіп, шөп жиғыш машиналарға сұраныс және т.б. қажетті жоспарларды дайындап әкелуді қатаң тапсырды (ҚРОМА. 30«қ»-қ., 7-т., 28-іс, 386-п.).

Қазақстанның мал шаруашылығына деген орталықтың енжарлығы, оның дамуына көңіл бөлмей, селқостық танытып отырғаны жайлы мысалдар көптеп кездеседі. 1928 жылдың 12 желтоқсанында Н. Нұрмақов Қазақстанға тиесілі мақсаттық несие көлемінің азайтылғанына байланысты РСФСР Жер ісі халық комиссариатына наразы хатын жолдады. Хатта бұл несие мал шаруашылығын қайта құруға, суландыруға жұмсалмақшы, сондықтан азайту емес, қайта несие көлемін ұлғайтуымыз қажет деп белгіленген шаралардың аяқсыз қалатындығына қатты алаңдаушылық білдірген (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 646-іс, 331-п.).

Қорытынды. Алайда, Нығмет Нұрмақовтың қызметтен кетуіне санаулы айлар ғана қалған еді. Үкімет басына келгендегі жүзеге асыруды жобалаған бағдарламасындағы өзекті мәселелерінің көпшілігін жүзеге асыра алмады. Басты жетістік 1929 жылдың қарсаңында мал шаруашылығы, егістік көлемі толық қалпына келтірілген болатын. Алайда, қазақтың мал шаруашылығын табиғатқа тәуелділік жағдайынан түпкілікті шығара алмады. Оның негізгі кедергілерінің бірі мал шаруашылығына аса қажетті ұзақ мерзімді несиенің болмауы. Н.Нұрмақовтың өзі ол турасында: «Мал шаруашылығында несиелердің кең қолданыс таппауының басты себептерінің бірі – олардың қысқа мерзімге белгіленуі», – дейді (ҚРОМА. 5-қ., 8-т., 5-іс, 66-п). Мұрағаттағы деректерді парақтап отырып, Н.Нұрмақовтың Халком Кеңесінің төрағасы болған алғашқы айында-ақ, көшпелі мал шаруашылығын қаржыландыруға 5 жылға 1 млн. сом несие бөлу жайында орталықпен келіссөздер жүргізгеніне куә болдық. 1926 жылдары РСФСР Коммуналды банкісі Қазақстанда өз филиалдарын ашпақ ниетін білдіргенде Н.Нұрмақов, егер көшпелі мал шаруашылығына әрі өнеркәсіп саласына 5-10 жылға дейін ұзақ мерзімге несие беруге келіссеңіздер ғана өз тарапымнан бар мүмкіншілікті жасауға даярмын деп жауап жазған екен (ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 482-іс, 32-п).

Өкінішке орай, жаппай колхоздандыруға бет алғанда қазақ шаруалары да экономикалық еркіндіктен түпкілікті айрылды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Келдибеков З. Общественно-политическая и государственная деятельность О. Исаева. Дисс. на соиск... канд..наук. – Алматы, 1995. – С.94.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, 141-қ., 1-т., 493-іс.

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві (одан ары – ҚРОМА), 30-қ., 1-т., 439-іс.

Қазбек М., Маймақ Ғ. Құпия кеңестер. – Алматы, 1999. – 366 б.

Қойгелдиев М. Ұлтшылдықпен күрес науқаны //Социалистік Қазақстан. –1992. – 5-9 мамыр.

ҚРОМА. 5-қ., 5-т., 113-іс.

ҚРОМА. 30«қ» (құпия)-қ., 7-т., 24-іс.

ҚРОМА. 30«қ»-қ., 7-т., 28-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 343-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 344-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 375-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 442-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 482-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 502-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 646-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 728-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 751-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 1-т., 751-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 2-т., 2-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 7-т., 2-іс.

ҚРОМА. 30-қ., 7-т., 3-іс.

ҚРОМА. 30«қ»-қ., 7-т., 2-іс.

ҚРОМА. 440-қ. (Н.Ановтың жеке қоры), 1-т., 607-іс.

ҚРОМА. 5-қ., 8-т., 5-іс.

Қуандықов Е. Сүрең салған сұрқия саясат. – Алматы: Санат, 1999. –104 б.

Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы, 2001. – 304 б.

Нурмаков Н. Строительство Казакстана – Кзыл-Орда, 1929. – С.8-9.

Омарбеков Т. Жұмабекова Ж. Қасірет хаттары //Ақиқат. – 1995. № 5.– 49 б; Омарбеков Т. Голощекиннің төңірегі, ол туралы не білеміз?// Ақиқат. – 1995. № 9. – 27 б.

Советская степь. – 1924. – 4 декабрь. – С.3.

Советская степь. – 1926. – 25 марта. – С.3.

Чувелев К.А. О реорганизации кочевого и полукочевого хозяйства // Народное хозяйство Казахстана (НХК). – 1928. № 2-3. – С.48.

References

Keldıbekov Z. Obestvenno-polıtıcheskaıa ı gosýdarstvennaıa deıatelnost O. Isaeva. Dıss. na soısk... kand..naýk. – Almaty, 1995. – S.94.

Qazaqstan Respýblıkasy Prezıdentіnіń arhıvі, 141-q., 1-t., 493-іs.

Qazaqstan Respýblıkasynyń Ortalyq Memlekettіk arhıvі (odan ary – QROMA), 30-q., 1-t., 439-іs.

Qazbek M., Maımaq Ǵ. Qupııa keńester. – Almaty, 1999. – 366 b.

Qoıgeldıev M. Ultshyldyqpen kúres naýqany //Sotsıalıstіk Qazaqstan. –1992. – 5-9 mamyr.

QROMA. 5-q., 5-t., 113-іs.

QROMA. 30 «q» (qupııa)-q., 7-t., 24-іs.

QROMA. 30 «q»-q., 7-t., 28-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 343-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 344-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 375-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 442-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 482-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 502-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 646-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 728-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 751-іs.

QROMA. 30-q., 1-t., 751-іs.

QROMA. 30-q., 2-t., 2-іs.

QROMA. 30-q., 7-t., 2-іs.

QROMA. 30-q., 7-t., 3-іs.

QROMA. 30«q»-q., 7-t., 2-іs.

QROMA. 440-q. (N.Anovtyń jeke qory), 1-t., 607-іs.

QROMA. 5-q., 8-t., 5-іs.

Qýandyqov E. Súreń salǵan surqııa saıasat. – Almaty: Sanat, 1999. –104 b.

Mahat D. Qazaq zııalylarynyń qasіretі. – Almaty, 2001. – 304 b.

Nýrmakov N. Stroıtelstvo Kazakstana – Kzyl-Orda, 1929. – S.8-9.

Omarbekov T. Jumabekova J. Qasіret hattary //Aqıqat. – 1995. № 5.– 49 b; Omarbekov T. Goloekınnіń tóńіregі, ol týraly ne bіlemіz?// Aqıqat. – 1995. № 9. – 27 b.

Sovetskaıa step. – 1924. – 4 dekabr. – S.3.

Sovetskaıa step. – 1926. – 25 marta. – S.3.

Chývelev K.A. O reorganızatsıı kochevogo ı polýkochevogo hozıaıstva // Narodnoe hozıaıstvo Kazahstana (NHK). – 1928. № 2-3. – S.48.

МРНТИ 930.2

ПРЕДСЕДАТЕЛЬ ПРАВИТЕЛЬСТВА Н. НУРМАКОВ И ПРОБЛЕМЫ ВОССТАНОВЛЕНИЯ СКОТОВОДЧЕСКОГО ХОЗЯЙСТВА

Болат Кабдушев¹, Сабит Шилдебай²

¹Кандидат исторических наук, доцент Алматинского университета энергетики и связи им. Г. Даукеева. Казахстан, г. Алматы.

²Кандидат исторических наук, ВНС Институт истории и этнологии им. Ч.Ч.Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье на основе конкретных фактов обосновывается назначение Нигмета Нурмакова четвертым Председателем Правительства Казахской Автономной Советской Социалистической Республики в 1924-1929 годах. Новому Председателю Правительства необходимо было в кратчайший срок решить вопросы по восстановлению промышленности, вернуть казахам плодородные земли, отнятые во время царской колониальной политики, ликвидировать последствия засухи и голода, активизировать культурно-просветительскую работу, привлечь казахов к государственному управлению и т.д. В статье уделяется внимание проблеме развития скотоводческого хозяйства, для улучшения благосостояния казахского народа, составлявшего в то время 59% населения страны, и что должно было сыграть ключевую роль во всестороннем развитии и процветании Казахского государства. В статье говорится об успехах и неудачах Нигмета Нурмакова, сосредоточившего все свои усилия в решении  государственных задач в сельскохозяйственных вопросах.Основными достижениями народного хозяйства в 1924-1929 гг. явились восстановление поголовья скота и пахотных угодий накануне Первой мировой войны и повышение благосостояния населения республики. К сожалению, программу альтернативного пути развития традиционного животноводства, разработанную Правительством Нигмета Нурмакова, в тот исторический периодреализовать не удалось.

Ключевые слова: Нигмет Нурмаков, КазАССР, председатель Совнаркома, Крайком, нарком юстиции, землеустройство, Плановый комитет РСФСР.

IRSTI 930.2

CHAIRMAN OF THE GOVERNMENT N. NURMAKOV AND THE PROBLEMS OF RESTORING THE LIVESTOCK FARMING

Bolat Kabdushev¹, Sabit Shildebay²

¹Candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, docent of G. Daukeyev Almaty Universityof energy and communications.Kazakhstan,Almaty.

²Candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, Ch. Valikhanov Instituteof History and Ethnology. Kazakhstan, Almaty.

Abstract.The article substantiates the appointment of Nigmet Nurmakov as the fourth Chairman of the Government of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic in 1924-1929 on the basis of specific facts. The new Chairman of the Government had to solve the issues of industrial restoration in the shortest possible time, to return the fertile lands taken away during the tsarist colonial policy to the Kazakhs, to eliminate the consequences of drought and famine, to intensify the cultural and educational work, to involve the Kazakhs in state administration, etc. The article pays attention to the problem of the development of cattle breeding, to improve the well-being of the Kazakh people, who at that time was of 59% of the country's population, and should have played a key role in the all round development and prosperity of the Kazakh state. The article talks about the successes and failures of Nigmet Nurmakov, who concentrated all his efforts in solving the state problems of the agricultural issues. The main achievements of the national economy in 1924-1929 were the restoration of the livestock and arable land on the eve of the First World War and an increase in the welfare of the population of the republic. Unfortunately, the program of an alternative path for the development of the traditional livestock farming, developed by the Government of Nigmet Nurmakov, was not implemented in that historical period.

Key words: Nigmet Nurmakov, KazASSR, chairman of the Council of People's Commissars, Regional Committee, People's Commissar of Justice, land management, Planning Committee of the RSFSR.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз