Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.09.31 ГЕНРИ БОЛИНГБРОКТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АҒЫЛШЫН АҒАРТУШЫЛЫҒЫНА ӘСЕРІ

З.Н. Хибина¹. ¹Т.ғ.к., Қ. Жұбанов ат. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Қазақстан, Ақтөбе қ.

ҒТАМР 03.09.31 ГЕНРИ БОЛИНГБРОКТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АҒЫЛШЫН АҒАРТУШЫЛЫҒЫНА ӘСЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(23), 2020

Тегтер: Болингброк Генри , ағылшын ағартушылығы, тарихтың пайдасы және оны зерттеу туралы хаттар
Автор:
Аңдатпа. Бұл мақала Генри Болингброктың (1678-1751) ғылыми көзқарастарын талдау мысалында ағылшын ағартушылығының ерекшеліктерін зерттеуге арналады. Ағылшын ағартушылығы өзінің ғылыми өзектілігіне қарамастан, тарихнамада, соның ішінде кеңестік ғылымда аз зерттелді. Ол қоғамдық ойдың дамуындағы маңызды, мәнді кезеңдердің бірі ғана емес, сонымен қатар рухани салада жаңа идеологияның қалыптасу үдерісін көрсетеді. Франция материалындағы еуропалық ағартушылықты зерттеу түсінікті болғанмен, оның дамуын қадағалай отырып, тарихи бастауларына, атап айтқанда, ағылшын ағартушылығына көз жеткізуге болады. Бұл тұрғыда Генри Болингброктың жеке басы және қызметі олқылықтардың қатарын толтырады. Г. Болингброктың мұрасын қарастыра отырып, оның идеяларын француз ағартушылары, әсіресе Вольтер қаншалықты дәрежеде қабылдағанын білуге болады. Вольтер тарихының әдіснамасы саласындағы идеялары мен философиялық ойлары Г. Болингброктың көзқарастарына негізделеді. Сондықтан да Болингброктың саяси-тарихи идеяларын зерттеу ағылшын Ағартушылығы ғана емес, жалпы еуропалық Ағартушылық ойдың маңызды мәселелеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік береді. Ағартушылық заманының ойшылдары әдеби түрде көп қырлы және терең мазмұндағы еңбектерді жаза білді. Солардың ішінде, Генри Болингброктың «Хаттары» қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар ойшылдың көзқарасы арқылы жалпы Ағартушылық, оның ішінде ағылшын ағартушылары көзқарастарының ерекшелігін көруге болады.
Мазмұны:

Кіріспе. Ағартушылық – дәстүрлі қоғамнан индустриалдық өркениетке өту кезеңіндегі әлем тарихындағы жаңа идеологиялық қозғалыс. Қозғалыс негізінен буржуазияның пайда болуымен және оның ескі коғамға қарсы күресімен сипатталады. Алғаш рет Ағартушылық идеологиясы Франция жерінде пайда болды. Ол Вольтер, Монтескъе, Дидро, Ж.А. Кондорсе, К.А. Гелъвеций, П.А. Гольбах, Ж.Ж. Руссо және т.б. шығармашылығымен байланысты дамыды.

Ағылшын Ағартушылығына ХҮІІ ғасырдың екінші жартысында болған ағылшын революциясы әсерін тигізді. Революция қоғамның даму қарқынына үлкен бетбұрыс әкеліп, Англияның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени өрлеуін тездетті. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы ағылшын Ағартушылық идеологиясының басында Джон Локк тұрды. Ағылшын Ағартушылығы Еуропа елдеріндегі тарихи үрдістермен байланыс жасады. Жаңа көзқарастағы идеологтар ескі қоғамдық қатынастардың, дәстүрлер мен саяси институттардың орнына жаңа саяси-әлеуметтік көзқарастарды негіздеді.

Ағылшын Ағартушылық идеологиясы тарихи ізденістерге көңіл бөліп, адамзат атаулының басынан кешіп өткен жолдарын түсінуге ұмтылып, одан өмірлік сабақтар алуды көздеді, сөйтіп, тарихты шынайы талқылауға тырысты. Мәселен, Честерфилдтің еңбегінде «тарихты білу – бізге басқа халықтарды түсінуге мүмкіндік береді», - деп көрсетілді (Честерфилд, 1978: 184-187).

Ойшылдардың көзқарастары бүкіл Еуропадағы Ағартушылықтың дамуына әсерін тигізіп, Азия және Африка елдеріне тарады.

Ағылшын Ағартушылығының негізін салушылардың бірі – Генри Болингброк (1678-1751) өзінің тарихи-философиялық шығармаларында бірсыпыра тарихи-теориялық тұжырымдар жасады (Болингброк, 1978: 62).

Англиядағы гуманистік тарихнаманың негізін салушы Болингброктыңкөзқарастары осы уақытқа дейін орны толмас ақтаңдақ күйінде қалып келе жатқанын атап айту қажет.

Болингброк мұраларын оқи отырып француз ағартушыларының, әсіресе Вольтердің оның идеяларын қаншалықты дәрежеде қабылдағанын білер едік. Вольтер философия мен тарих методологиясы саласындағы көптеген идеяларын Болингброктың ойларына негіздеді. Сондықтан да Болингброктың саяси-тарихи идеяларын зерттеу ағылшын Ағартушылығы ғана емес, жалпы еуропалық Ағартушылық ойдың маңызды мәселелеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік береді.

Материалдар мен әдістер.Ағылшын Ағартушылығының дамуы өзіндік тарихи өзгешелігімен зерттеушілердіңназарын үнемі аударуға тиісті болса да, француз Ағартушылығына қарағанда ол ғылымда аз зерттелді. Әрине, еуропалық Ағартушылыққа Франция мысалында талдау жасау қажет және бұндай зерттеулер өте көп, алайда оның шығу тегін талдау үшін тарихи көздеріне, оның ішінде ағылшын ағартушыларына назар аудару қажет екені даусыз. Ағылшын Ағартушылығы Франциядағы осы құбылысқа белгілі бір дәрежеде алғышарт болып қана қоймай, сонымен қатар өзіндік тарихи ерекшеліктерімен танылды.

Мәселені ғылыми тұрғыдан ашып көрсету мақсатында тарихи зерттеудің диалектикалық тәсілдерімен тығыз байланыстағы тарихилық, объективтілік сияқты негізгі методологиялық қағидалар басшылыққа алынды. Ағартушылық кезеңнің тарихи ерекшеліктерін анықтауда автор орта ғасырлар мен жаңа заманда қалыптасқан ой-тұжырымдар мен пікірлер талдауына арқа сүйеді. Г. Болингброктың тарихи, философиялық және саяси көзқарастарын зерттеуге тарихи салыстыру, талдау әдістері қолданылды. Мақаладағы мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету үшін әлемдік тарих ғылымының зерттеу методологиясының соңғы беталыстары мен қолданыстарындағы жалпы ғылыми тәсілдер пайдаланылды.

Талдау. Ағылшын Ағартушылық идеологиясы мәселесіне тек XX ғасырдың басында көңіл бөліне бастады. Ағылшын зерттеушісі Л. Стивен өзінің еңбектерінде ХҮІІІ ғасырдың Ағартушылық философиясымен әдебиетіне жалпы сипаттама береді. Автор діни, соның ішінде реформация тарихымен ғана шектеледі, ал саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер мүлде шет қалады десек те болады (Stephen, 1904: 11-52).

Германия тарихнамасында да ағылшын Ағартушылығына жалпы баға беріледі және ағылшын ойшылдарының Ұлы француз революциясына ықпалын тигізгендігі көрсетіледі. Бұл еңбектерде,әсіресе, Джон Локктың философиясы мен көзқарасы кең орын алады (Виндельбанд, 1908: 8-54). Сол кездегі Германиядағы шыққан зерттеулерде көбінесе ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ойшылдардың шығармашылығындағы философиялық көзқарастарына көңіл аударылады. Бірақ авторлар негізінен француз ағартушыларына жалпы сипат береді (еңбектердің кейбіреуі орыс тілінде кейіннен жарық көрді). Шетелдік ғалымдардың берген бағаларының бір негізгі кемшілігі: авторлар Ағартушылық идеологияны тікелей гуманистік тұжырымдамадан шығарады.

Жаңа кезеңдегі шетелдік тарихнамадан А. Мортонның еңбектерін атауға болады. Өзінің «Ағылшын утопиясы» («Тһе English Utopia») деген еңбегінде автор Англия жеріндегі жаңа идеологиялардың пайда болуындағы ХҮІІ ғасырдағы ағылшын революциясының рөлін атап көрсетеді. Алайда А.Мортон бұл еңбегінде тарихи көзқарастарға, тарихи тұжырымдамаларға аз тоқталады (Morton, 1952: 67-114). Автордың жазғанына қарағанда, ХҮІІ ғасырдағы ағылшын революциясы кейінгі Еуропадағы утопиялық идеялардың пайда болуына белгілі бір әсерін тигізді. Осы тұрғыдан ол Д. Дефо, Дж. Свифт сияқты өкілдердің идеологиясына көңіл бөледі. Ал олардың алдында бірсыпыра ойларды айтып кеткен Г. Болингброктыңкөзқарастарына, өкінішке орай, А. Мортон тоқталмады.

XX ғасырдың бірінші жартысындағы шетелдік авторлардың ішінен біз Р.Дж.Коллингвудты (1889-1943) атай аламыз. Оның негізгі еңбегі «The Idea of history. An autobiography» кейін орыс тілінде жарық көрді. Автордың негізгі мақсаты методологиялық мәселелерге тоқталу, соның ішінде тарихтың философиясына көп көңіл бөледі. Ғалым адамзат тарихын зерттей отырып, өз шолуында грек-рим тарихнамасына, орта ғасырлық ғылымға, өркендеу дәуіріне тоқталады (Коллингвуд, 1980: 16-56). Автор Ағартушылық кезең туралы да жазады, бірақ бұл жалпы сипаттама болды. Ол Локк, Беркли, Юм, Вольтер, Монтескье сияқты ойшылдардың философиялық, тарихи көзқарастарына шолу жасады. Ал Г. Болингброк бұл жалпы сипаттамада аталмайды. Р. Коллингвудтың шығармасы жалпылама энциклопедиялық ізденіске көп ұқсайды (Коллингвуд, 1980: 74-79).

Шетелдік тарихнаманы тұжырымдай келіп, Ағартушылық идеологияға байланысты еңбектер жарық көргенін, ол еңбектерге байланысты бірсыпыра нақты материалдар жиналғанын көреміз. Бірақ авторлар көбіне бұл мәселелердің философиялық,діни, этикалық жағын қарастырады. Ал саяси-әлеуметтік, тарихи көзқарастар толықтай зерттелмейді. Сонымен қатар бұл еңбектерде Дж. Локк, Дж. Толанд, Г. Филдинг т.б. көзқарастары қарастырылады. Ал Г. Болингброктың ойлары мен көзқарастары үстірт ғана сипатталады.

Ағартушылық мәселелері, әрине, орыс және кеңес тарихнамасында да орын алды. XX ғасырдың басында Ресейде еуропалық Ағартушылыққа көңіл бөлініп, бұл мәселе атақты ғалым М.М. Ковалевскийдіңеңбектерінен көрініс тапты. Мәселен, М.М.Ковалевскийдің ойынша, бүкілеуропалық саяси-тарихи ілімдерге ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдың ағылшын ойшылдары әсерін тигізген, олар, әсіресе, биліктің бөліну теориясына ерекше көңіл бөледі (Ковалевский, 1910: 105). Белгілі тарихшы В.М. Лавровский өзінің ізденістерінде ағылшын тарихының кейбір күрделі мәселелерін орта ғасырлардың аяқ шенінен ала отырып, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларға дейін жеткізеді. Автор көбінесе капиталдың алғашқы қорлануына көңіл бөледі. Бұл мәселені ашу жолында тарихшы жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізді. «Шарбақпен қоршауға байланысты үкімдер» («Приговоры об огораживаниях») деп аталатын құжатқа сүйене отырып, автор ХҮІІІ ғасырда ағылшын жерінде шаруалардың толықтай жойылғанын көрсетеді. Сөйтіп, ғалым ағылшын революциясының мәселелеріне де тоқталады. Бірақ автор реформация, гуманизм мәселелерін қарастыра отырып, алғашқы ағылшын ағартушыларына көңіл бөлмеді (Лавровский, 1958: 15-120).

Кеңес тарихнамасында В.В. Штокмар (Штокмар, 1973: 140-160), С.Е. Федоров (Федоров, 1993: 26-52) т.б. авторлар ағылшын тарихының өтпелі кезеңдерін, соның ішінде Тюдорлардың, Стюарттардың ішкі саясатын зерттеді.

Ағартушылық дәуіріндегі ойшылдардың тарихи көзқарастарына Е.А. Косминский көңіл аударды. Автор негізінен алғанда француз ағартушыларына тоқталады, оның ішінде әсіресе Вольтерге, Монтескьеге, Маблиге, Руссоға, Кондорсеге назар аударады. Негізінен алғанда Е.А. Косминский Ағартушылық идеологияның негізгі сипатын дұрыс бағалайды. Ол алғашқы ағартушылар гуманистердің идеяларын дамыта отырып, философиялықтұрғыдан алғанда шіркеу көзқарастарынан бас тартып, енді адамның жеке өзін қарастыруды ұйғарғанын көрсетеді. Көптеген ойшылдар адамның санасының өсіп жетілуіне сенім білдіргендігін атайды. Бірақ көп жағдайда Е.А. Косминский француз ойшылдарынағана тоқталады да, басқа елдерге қатысты сипаттамасы өте қысқа болып шығады (Косминский, 1963: 177-262).

Ағарту өкілдерінің көзқарастарын түсінуде К.Н. Державиннің жұмысы елеулі орын алады, онда француз ойшылы Вольтердің қоғамдық-саяси, философиялық және әлеуметтік көзқарастарына сипаттама беріледі (Державин, 1946: 483).

Бұл бағыттағы келесі еңбек – Г.С. Кучеренконың Франция мен Англияның қоғамдық ой-пікірінің тарихына арналған зерттеуі. Онда Вольтер мен Шефтсберидің көзқарасына баға берілген, ал Болингброктың көзқарастарына автор арнайы талдау жасамайды (Кучеренко, 1981: 319). Француз Ағартушылығы мәселелеріне белгілі философтар В.В.Соколов (Соколов, 1956: 112) пен Г.М. Фридлендер (Фридлендер, 1981: 66) өз еңбектерін арнады. А.В. Гулыганың (Гулыга, 1974: 128) еңбектері де белгілі бір дәрежеде ағартушылардың негізгі ойларын түсінуге бағдар береді.

ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ағылшын тарихының мәселелеріне белгілі кеңес тарихшылары Е.А. Косминский, В.Ф. Семенов, В.В. Штокмар, В.М. Лавровский көңіл бөледі.

Болингброктың көзқарастарын талдаудағы арнаулы еңбек ретінде М.А. Баргтың мақаласын атауға болады. Онда Болингброктың ойларына, философиялық және тарихи көзқарастарына жалпы сипаттама беріледі (Барг, 1978: 274-278).

Кеңес тарихнамасында ерекше көтерілген мәселелердің бірі ағылшын жеріндегі әлеуметтік утопияның пайда болып, дамуының ерекшеліктері еді. Бұл тұрғыда В.П. Волгиннің «Ерте дүниеден ХҮІІІ ғасырдың аяғына дейінгі социалистік идеялар тарихының очерктері» («Очерки истории социалистических идей с древности до конца ХҮІІІ в.») деген еңбегін атау қажет (Волгин, 1975: 183-210).

Кеңес ғалымдарының ағылшын Ағартушылығына байланысты зерттеулерінде әдеби мәселелерге назар аударылды (Елистратова, 1966: 12-16). Сондай-ақ бұл мәселелердің ішінде кеңес зерттеушілері эстетика, өнер саласына мән береді (Адамян, 1967: 120-134).

Тарихнамалық шолудың барысында Қазақстан ғылымына да тоқталатын болсақ, біз бұл мәселе бойынша ғалымдардың жалпы тарих саласындағы ізденістерін ғана сөз етеміз. Гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде тарих ғылымының жауапты міндеттерін Алматыда 2001 жылдың 6-карашасында өткен Ұлттық Ғылым Академиясының мәжілісінде Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев атап өткен еді (Егемен Қазақстан, 9 қараша 2001 жыл: 1-2). Әрине, егемендік алған жиырма тоғыз жылдың ішінде Қазақстанда әлем тарихына да арналған еңбектер жарияланды. Бұл салада әсіресе Б.Б. Ирмұхановты (Ирмуханов, 1999: 5-38) және Қ.Т. Жұмағұловты атауға болады. Қ.Т. Жұмағұлов: «тарих ғылымындағы идеологиясыздандыру және бейсаясаттандыру жағдайлары, интеграциялық үрдістердің ғасырында маңызды теориялық және методологиялық мәселелерді жүйелеудің жаңа жолдарын іздестіруге талпыныстар жасалу керек. Өйткені жалпы тарих мектептерде, гимназияларда, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында оқытылады», - деп атап өтеді (Жумагулов, 2001: 120).

Тарихнамалық талдау көрсеткендей, зерттеушілер Ағартушылықтың жалпы мәселелеріне және Францияның материалдарына баса назар аудара отырып, ағылшын Ағартушылығын оның ішінде Болингброктың мұрасын назардан тыс қалдырған деуге болады. Негізінде ағылшын Ағартушылық идеяларын түсіну үшін Г. Болингброктың тарихи және саяси көзқарастарын зерттеу өте қажет. Г. Болингброктың орта ғасырлар мен жаңа заман тоғысындағы Еуропа тарихы мәселелеріне қатысты айтылған пікірлерінің танымдық мүмкіндіктері орасан зор.

Зерттеу нәтижелері. Ағылшын Ағартушылық қозғалысының ерекшелігі, француз ағартушыларының шығармаларындағы ескі тәртіптің бұзылуы сынында ғана болмады, ол жаңа қоғамдардың экономикасы мен саясатындағы сындарлы жұмысты құру және нығайту мақсатын көздеді.

Ағылшын ағартушыларының мәнді шығармашылығы әртүрлі жоспарлы мазмұнмен толықтырылды. Олардың аяқ астынан туған қоғамдық-саяси ойлары, жаңашылдық сенімдегі, жаңашаланған, ештеңеге ұқсамайтын қоғамдық құрылысты жақсартуға бағытталды. Ағартушылар үшін күнбе-күнгі теориялық үлгілер де идеалды саяси жүйелер құру болды (бұл жерде Юмнің «биліктің теориялық формалары» туралы айтылады). Бұл парламентарлы тәртіптің жаңадан қалыптасып келе жатқанымен және нақты конституциялық шешімдерді іздестіру уақытымен сай келді.

Поуп қоғамның басында білімді монарх, барлығына әке орнында жүретін, жалпыұлттық «Англияның королі»: «...мен вигилер мен торилердің королін емес, Англияның королін көруді аңсаймын», - деген принципін құруға тырысты (Сидорченко, 1987: 33-101). Болингброк «патриот-король» концепциясын, Поуптың «Англия короліне» жақын негіздегі, ұлтты біріктірумен теңестірді. Мемлекеттік құрылыстың нақты жүйесін Юм құрды. Ол «аралас билікті» көрсетті, соның ішінде монархиялық, аристократиялық және демократиялық биліктермен, сол кезде ағартушылар Англиядағы тәртіптермен түсіндірді. Бұндай «биліктің тепе-теңдігі, - Юмнің ойынша, - қазіргі дәуірдегі саясатта құпия болып келеді». Биліктің монархиялық жүйесі, Юмнің ойы бойынша, «жеңістің жолында көптеген табыстарға жетті». Сонымен қатар ол, бұндай билікті, елдегі бостандықты шектеген, «толық монархиялық немесе толық республикандық емес» екенін атап көрсетті. Ол «Англиядағы билік жүйесінің республикандық бөлігі, монархияны басып озды» деген ойды да тастамайды. Бұл жерде ол парламент рөлінің - «аралас биліктің" демократиялық бастамасын көрсетеді. «Мықты мемлекет идеясын", Юм ұсынған, биліктің «аралас формасын», парламенттен бастап - басқа да мемлекеттік механизмдегі жолдарды қадағалау үшін керек. Годвин қоғамды мемлекетсіз басқару идеясын құптады (Hume, 1912: 487-490).

Ағартушылар басқа да мәселелерді шешуді ұсынды: финансты мемлекеттік қарызбен байланыстырды; пауперизм мәселесінің бағдарламасын шешуді; олар сыртқы саясатты халықаралық аренада құруды жоспарлады (Болингброктың Англияны «дүниежүзі арбитрі» позициясы қалпында көрсету жобасы); Беллерс діни шыдамдылықты Еуропадағы христиандық дін оқуын Жалпы кеңеспен қатар қоюды мақсат етті, Дефо - протестантизм Лигасын қорғауды; бұл үшін көптеген, терминологиялық жағынан кезеңдер, қоғамдық тәртіптерді әртүрлі салада жақсарту жолында «схемалар» жасалды.

Олар 1688 жылғы революцияның ісін, жаңа құрылыстың бастамасы деп тапты. Бұның фундаментін Локк құрды, ол бірінші болып теориялық жағын көрсетті. Бұл төңкерісті Локк әділеттілік пен тәртіптерді орнатудағы халықпен келісім жасау деп қабылдады. Локктың өзінің басты трактаттарында бұл жағдайлар ескерілмеген, бірақ осыған қарамастан оның текстерін оқи отырып, Локктың 1688 жылдың негізгі панегиристі екенін көреміз. Бұған дәлел ретінде Локктың саяси трактатын аламыз. Ол бұл шығармасында «ағылшын бостандығының ұлы королі Вильгельмнің тәжін тежеуді» ұсынады (Locke, 1965: 171-176).

Локктың артынан басқа да ағартушылар ілесті. Дефо 1688 жылғы оқиғаны якобиншілерден қорғады және ІІІ Вильгельм Оранскийді құптады. Болингброк 1688 жылғы «революция» ағылшын конституциясындағы «биліктің еркін жүйесіне» жақындады деп түсіндірді. Ол «революцияның»«біздің ішкі және сыртқы саясаттағы істердегі» рөлін ашуда көп еңбек сіңірді. Юм ағылшын құрылысын екі белгілі оқиғалармен, революциямен және әулеттердің ауысуымен байланыстырады. Терең ойлайтын Роберт Уоллес жан-жақты жүйе жасауға тырысты, «революцияның» экономикалық және саяси нәтижелері «бостандықтың келуімен» сипатталады. Честерфилд «король Вильгельмнің революциясының арқасында біз бостандыққа жеттік» деген көзқарасты ұстанды. Шеридан өзінің саяси көзқарастарын «Билль туралы құқық принципімен» байланыстырды, бұл 1688 жылғы жеңісті нықтады. Ағартушылық дәуіріндегі атақты заңгер Уильям Блекстон 1688 жылғы «революцияның» нәтижесін құқықтық мемлекеттің бастамасы: «жоғарғы заңдар», «діни және азаматтық еркіндіктер», тәуелсіз соттар деп тапты.

Көптеген ағартушылар ағылшын «аралас билігін» - конституциялық монархиямен, парламенттік тәртіппен дәлелдеуге тырысты. Көп жағдайда ағартушылардың шығармаларында сыни көзқарастарда байқалды. Ағартушылардың еңбектерінде Стюарттардың тәртібін қарауға жол берілді. Соның ішінде ІІ Яковтың билігі, оның католиктік-абсолюттік саясаты қатты сыннан өтті.

Сонымен қатар ағартушылардың шығармаларында сынның басқа да жағы қарастырылды. Ол көбіне елдің қоғамдық-саяси өміріндегі нақты мәселелерге бағытталды. Біреулерді орта ғасырдан келген соттық-құқықтық жүйе қанағаттандырмады; пауперизм мәселесімен байланысты әлеуметтік саясатқа қарсылық, бұл көбіне кедейлерге арналды; басқалары мемлекеттік-қоғамдық өмірдегі кейбір институттарға күмән келтірді, соның ішінде англикан шіркеуінің диссентерлерге қарым-қатынасындағы шыдамсыздығы сөз етілді; үшіншілері экономикалық саясатты - мемлекеттік қарызды және т.б. сынады (Locke, 1965: 473).

Ағартушылардың көбі саяси күреске қатысуға тырысты, кейбіреулері партияның бір немесе екінші жағына шығып отырды: Дефо алғашқыда виги болды, кейін торилердің жағына шықты; Свифт 1707-1709 жылдары вигилермен жақындасып, кейін торилердің қатарын толықтырды; Поуп вигилерге 1711-1713 жылдары қызмет етіп, көп ұзамай торилердің позицияларын ұстанды; Смит вигилердің жағында қала тұрып, бірақ кіші У. Питтің торилік саясатын құптап, жоғары бағалады. Бұлардың ішінен вигилерді сатпаған Берк болды. Ол өз шығармаларын осы партияны мақтауға арнады. Берк вигилердің ісіне, принциптеріне шынайы берілгендігін мойындап отырды. Годвин жас кезінде торилерге бас иіп, бірақ өмірінің көп бөлігін вигилермен өткізді.

Сөйте тұра олардың көбі, партиялық-саяси қарама-қайшылыққа ұшырап отырды. Өздерінің теориялық ой-пікірлерін үстірт ғана сынап, бірақ шындап келгенде екі партиядан да бас тартты. Локк «халық мүддесін қорғауды" партиялардың қызығушылығынан жоғары қойды. Ол діни-саяси партиялар туралы сөз қозғады. Еркіндік тәжірибемен емес, деп жазды ол, «халықтардың жауласқан партияларының бір-біріне деген қарым-қатынасымен» қатар жүрмейді. Дефо: «елдегі әртүрлі партиялар қауіпті жағдайларды бастан кешіп, біздің партиялар біркелкі саясат жүргізе алады, бірақ олардан шынайы істі күтудің қажеті жоқ», - деп жазды. Оның ойынша, халықта «бір жүрек және бір сана, бір саяси және діни принциптер» болуы керек. Дефо болашақты: «Біз халықтың болашағын өз қолымызбен жойғалы отырмыз, «Англияны басқа халық емес, оны өз халқымыз ғана құрта алады», - деп болжады. Дефо, Болингброк және тағы басқалары бір жалпыұлттық партияның беделін көтеруді көздеді. Олардың ойынша, осы партия бүкіл халықтың мүдделерін, ұлттық монарх сияқты қанағаттандыруды мақсат етеді (Defoe, 1869: 31).

Хатчисон «партияның рухын»: «адамдар бір-бірін жек көріп, оның орнына өз тобының мүшесін жақсы көреді, ал біздің болмысымызда табиғатымыз достыққа, сенімге және түсіністікке шақырады», - деп айыптайды.

Ағартушылардың идеялық ой-пікірлерінде экономикалық мәселелерді шешу де тұрды. Қоғамдық өмірдегі материалдық негізге қызығушылық ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда, сонымен қатар ХҮІІІ ғасырда ол анық көріне бастады. Бұл мәселені шешуге тек экономистер ғана емес, журналистерде ат салысты.

Ағартушылар елді байыту жолдарын іздестірді. Сауда мен өнеркәсіптің тиімділігін, несие алу және қаржыландырумен байланыстырды. Елде көптеген теоретик-экономистер, физиократтардың ізашарлары - Ричард Кантильон, Джейкоб Вандерлинт, мағыналы ақша теорияларының өкілдері - Дэвид Юм, Артур Юнг еңбек етті.

Осы кезде арнайы тарих ғылымына өздерін Болингброк, Юм, Берк, Смоллет, Гиббон, Голдсмит, Фергюсон, Годвин және тағы басқалар арнады. Бірақ ойшылдардың көбінің өткенге деген көзқарасы біркелкі болды. Свифт сарай деректанушысы болуды көздеді, Болингброк оны басқалардан гөрі патшайымның иелігінде қызмет етуге қолайлы деп есептеді. Толанд «Адеисидемон" деген философиялық еңбегінде Рим тарихын бүге-шігесіне дейін білетіндігін көрсетті. «Назарянинде» ертехристиандық тарихты жүйелі түрде сипаттап берді. Коллинздің трактаттары және Дэвид Хартлидің «Адам туралы ой-пікірлер» деп аталатын философиялық шығармасы бізге ерте грек және Рим тарихынан маңызды тарихи ерекшеліктерді ашып көрсетеді. Смиттің негізгі экономикалық еңбегі қоғам тарихының көлемді материалдарымен сәйкесті, оны түсіну нақты реалистік концепцияларға әкелді. Ағартушылардың шығармаларындағы тарихи үзінділер тарихқа деген өзіндік көзқарастардың болуымен ерекшеленеді. Корольдық қоғамның бағдарламасында тарих философтардың, моралистердің, экономистердің, саяси ойшылдардың дүниеге деген көзқарастарының негізі болып табылды.

Ағылшын Ағартушылығының тарихи ойлары діни ілімдерге қарсы тұрды, оны қоғамның дамуын түсіндіруде теологтар уағыздаған еді. Ол алдыңғы қатарлы адамдардың тарихи ойын әрі қарай секуляризациялауға ықпал етті, тарихты үйренуде орта ғасырдағы діни ағымның иррационалдық негізін таратты.

Ағылшын Ағартушылығын сипаттамас бұрын, біз Ағартушылыққа өз септігін тигізген өндірістік қатынастарға тоқталғанды жөн көрдік. Ағылшын революциясы Англияның бүкіл қоғамдық дамуына әсер етті.

Англияда болған буржуазиялық революция капитализмнің дамуымен байланысты болды. Ағылшын буржуазиялық революциясы ескі феодалдық экономикалық қатынастарды және Стюарттар мен І Яков (1603-1625), І Карл (1625-1649) тұсында буржуазиялық қатынастардың онан әрі дамуына кедергі жасаған абсолютизмді жоюға бағытталды. Абсолютизм мен оны қолдаушы англикан шіркеуіне қарсы шыққан буржуазия және жаңашыл (буржуазияланған) дворяндар тобы идеологиялық жағынан пуританизм негізінде ұйымдық жағынан парламентте қалыптасты. Корольдық өкімет пен буржуазиялық оппозиция арасындағы жанжал 1640 жылы қатты шиеленісті. Бұл кезде 11 жылдық үзілістен кейін (1629-1640) парламент шақырылған болатын - алдымен оның қысқа мәжілістері (1640 ж. 13 сәуір - 5 мамыр), кейіннен ұзақ мәжілістері (1640 ж. 3 қараша - 1653 ж. 20 сәуір) өтті. 1642-1646 жылдары парламентті жақтаушылар мен роялистер - корольды жақтаушылар арасындағы бірінші азамат соғысы болды. Оливер Кромвель құрған парламенттік армия (басым көпшілігі шаруалар) Нейзби түбінде 1645 жылы 14 маусымда болған шайқастарда король әскерлеріне шешуші соққы берді (Болингброк, 1978: 226-227).

Ағылшын буржуазиялық революциясының барысында бірнеше саяси ағымдар мен топтар қимыл жасады. Негізінен Лондонның ірі буржуазиясының мүддесін көздеген пресвитериандар, орта дәрежелі буржуазия мен буржуазияланған дворяндардың сойылын соққан индепенденттер (басшысы - О.Кромвель), демократияшыл ұсақ буржуазиялық партия - левеллерлер (көсемі - Дж.Лилберн), жері аз шаруалардың жоғын жоқтаған диггерлер (аса ірі идеологы - Дж.Уинстэнли) болды. Бұлар феодал ақсүйектер мен абсолютизмді жақтаушыларға қарсы күресте бірыңғай болғанымен, революцияның негізгі міндеттері мен мақсаттарын түрліше түсінді.

1648 жылы көктемде басталған екінші азамат соғысы Престон іргесінде революцияшыл армияның жеңіске жетуімен аяқталды. Революцияшыл бұқараның қысымымен 1649 жылғы кезеңге Ағылшын буржуазиялық революциясы буржуазиялық-демократиялық сипат алды: І Карлдың басы алынды (1649 ж. 30 қаңтар), монархия мен лордтар палатасы жойылып, республика жарияланды (1649 ж. 19 мамыр), индепенденттер үстемдік жағдайға жетті. Ағылшын буржуазиялық революциясының негізгі қозғаушы күші шаруалар, қала кедейлері мен ұсақ буржуазия болды, бірақ жеңістің нәтижесін ірі буржуазия мен буржуазияланған дворяндар пайдаланып кетті.

Ағылшын буржуазиялық революциясы аграрлық мәселені еңбекшілердің пайдасына шешпеді (Hofstadter, 1970: 17-20). Шаруалардың дворяндарға алым-салық төлеуі сақталды (тек қана дворяндардың корольға деген феодалдық міндеттемелері жойылды), корольдан, шіркеуден, роялистерден тартып алынған жерлер сатылып, негізінен жаңашыл дворяндар мен буржуазияның қолына көшті. Бұл шаруалар бұқарасының наразылығын туғызды. Бос жатқан жерлерді бөліп алу үшін болған левеллерлер көтерілісін (1649 ж. мамыр), диггерлердің бас көтеруін (1650 ж.) индепенденттер республикасы басып жаныштады. 1653 жылы О. Кромвель протектораты - жаңашыл дворяндар мен буржуазияның әскери диктатурасы орнады. Кромвель Ирландия мен Шотландиядағы көтерілістерді талқандап, Голландиямен, Франциямен, Испаниямен болған соғыстарда шешуші жеңіске жетті де, Англияның теңіздегі үстемдігін нығайтты.

1658 жылы 3 қыркүйекте Оливер Кромвель қайтыс болғаннан кейін шаруа-плебейлер қозғалысына қарсы күресуші реакция күшейе түсті, сөйтіп конституциялық монархия негізінде (1660 ж.) Стюарттар әулеті қайтадан өкімет басына келді (ІІ Карл). Оның реакциялық саясатына вигилер қарсы шықты. 1688-1689 жылдары мемлекеттік төңкеріс болып, нәтижесінде ІІІ Вильгельм Оранский таққа отырды. Бұл төңкеріс ағылшын буржуазиялық революциясында жеңіске жеткен буржуазия мен жаңашыл дворяндар және ірі жер иелері - ақсүйектердің бір бөлігі арасында өзара келісім болғанын бейнелейді. 1689 жылы қабылданған құқық туралы Билль (заң) корольдың пұрсаттарына бірқатар конституциялық тежеулер тағайындады. Ағылшын буржуазиялық революциясы Еуропа, тіпті бүкіл дүниежүзі тарихындағы аса маңызды оқиға болды.

ХҮІІ ғасырдағы ағылшын революциясынан кейін, Еуропа материгінің бірқатар елдерінде феодалдық езгіге қарсы бағытталған халық қозғалысы күшейе түсті. Осы кезде феодалдық тәртіптерге қарсы күрес жүргізген ағартушылардың рөлі жоғары тұрды. Феодализмнің негізгі тірегінің бірі - дінге қарсы алдыңғы қатарлы жазушылар мен ғалымдардың күресі жандана бастады. Буржуазияның талаптарын жазушылар мен ғалымдар революциядан әлдеқашан бұрын ұсынды.

ХҮІІ ғасырда ағылшын философиясын, әсіресе материализмінің дамуы елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік өмірінің жаппай өрлеуімен және буржуазиялық революциямен байланысты болды. Бұл дәуірдегі ағылшынның ұлы ойшылдарының ішінен Джон Локкты ерекше атап өтуге болады.

Ағылшын философиясының ірі өкілдерінің бірі – Дж. Локк (1632-1704) ұғымдар мен идеялардың түйсіктер және қабылдаулардан туатындығы туралы сенсуалистік ілімнің негізін қалады. ХҮІІІ ғасырда Локктың сенсуализміне сүйеніп, философия материалистік (француз материализмі) және идеалистік (Беркли, Юм) бағытта дами бастайды. Локктың философиясының арқауы - ағылшын эмпиризмі мен Бэконның материализмі дәстүрі негізінде жасалған таным теориясы (Нарский, 1960: 38). Локктың көзқарасына П. Гассендидің, Р.Бойль мен И. Ньютонның идеялары ықпалын тигізді. Локктың басты шығармасы «Адам санасы жайындағы тәжірибе» (1690) деп аталды. Бұл еңбегін ол 20 жылға жуық жазды. Еңбек түрлердің шығу тегі мен адам танымының мүмкіншілігін зерттеуге арналды. Локктың ұйғаруынша тұрмыстық идея мен принциптер - теория жүзінде де, практика жүзінде де (құдай жөніндегі идеяны қоса алғанда) болмайды, адамның барлық білімі тәжірибеден туады. Барлық идеялар негізгі екі көзден: сыртқы тәжірибеден (түйсіктен) және ішкі (рефлексиядан) тәжірибеден туады. Білімнің негізінде дененің әртүрлі сапалары арқылы ақылда туатын қарапайым идеялар жатады. Сана осы қарапайым идеяларды қосып, салыстыру және абстракциялау арқылы күрделі және жалпы идеялар (модус, субстанциялар, қатынастар) құрайды. Локк таным сол жағдайда шынайы болады, егерде оның идеялары шындықпен парапар келсе деп санайды. Педагогика саласында Локк баланы тәрбиелеуде айналасындағы ортаның шешуші ықпалын атап көрсетіп, бала қабілетін ескерудің қажет екенін айтады. Локктың әлеуметтік-саяси концепциясы «Мемлекеттік басқару жайындағы екі трактатында» (1690) баяндалады.

XҮIII ғасырдағы ағылшындық буржуазиялық тарихшылардың шығармаларына тыныш, тоқмейілсу сипатының басым болуы да сондықтан. Сонымен қатар олардың тарихқа қарым-қатынасының өзі үстірт болғандықтан тарихи мәселелерге терең бойлаудың кажеті де болмады. Өйткені, әлдеқандай жағымсыздыққа душар болып, өзіне деген сенімнен және тоқмейілсуден қол үзіп қалар деп қауіптенді.

XҮIII ғасырдағы француз тарихшыларының көпшілігіне қарағанда, оның ішінде Вольтермен және Кондорсемен салыстырғанда, Ағартушылық кезеңдегі ағылшын тарихшыларының білімпаздығы, фактілерді мазмұндауда тиянақтылығы басым болды, бірақ олардың еңбектері оқырмандарды қызықтырмады, тартымсыз, сүреңсіз сияқты көрінді. Ағылшын тарихшылары талдап әңгімелеуді ұнатады, олар айқын, нақты түрде әңгімелейді де, бірақ күңгірт суреттейді. Оларда тарихи баяндаудың ескі әдістері басым сақталды. Ал бұл тәсілдерден Кондорсе мен Вольтер мүлде бас тартты. Олар тарихқа қызықты мазмұн беруге ұмтылды, қызықты әңгімелермен, түрлі шешендік әрлеулермен толтырды. Бұл орайда оларда гуманистік дәстүрлер әлі де күшті болды. Олар тарихтан тыныштықтарын бұзбайтын, сонымен қатар қанағаттанғандық сезім беретін ғибратнама алғысы келеді.

Ағартушы ақсүйектерінің тарихи ойлары әлеуметтік жіктердің әртүрлі топтары арасында дамып, соның нәтижесінде Англия Франциядан 100 жыл бұрын «феодалдық социализммен» танысты.

XҮIII ғасырдағы буржуазиялық қоғамның алғашқы дворяндық ойшылдарының бірі лорд Болингброк болды. Буржуазиялық саяси және әлеуметтік өрлеу ғасырында жер меншіктенушілер табының құлдырау ақиқатына тарихи көзқарас буржуазия дәріптеушілеріне қарағанда аристократия идеологтарына көбірек тән қасиет еді. XҮIII ғасырдың саяси экономистері мен әлеуметтік теоретиктері азаматтық қоғамның пайда болуын түсіндіре отырып, буржуазиялық индивидуум туралы жазды: «Смит пен Рикардоның жүгін арқалаған XҮIII ғасырдың пайғамбарларына «бұл индивидуум» өткен уақытта өмір сүрген мұрат болып табылады; ол тарих нәтижесі емес, оның шешімі секілді... Стюарт көптеген қарым-қатынастарында XҮIII ғасырға қарама-қайшы аристократ ретінде, адасудан қашқан тарихи жол айрығында тұрған тұлға» (Барг, 1978: 293).

Айтылғандардың барлығы Болингброкқа сәйкес келеді; ол ақсүйек ретінде, маңызды мәселелерді талдай отырып көп жағдайда өзінің саяси қолдаушыларына қарағанда, тарих аясында тұрды. Осыдан келіп оның идеялық мұраларының мәдени-тарихи құндылығының жоғары деңгейде екендігі көрінеді.

Ағылшын буржуазиясы діни рухпен, пуритандық тұжырымдамамен өмір сүрді. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ағылшынның философиялық ой-пікірі революцияның салдары сияқты еді. Дегенмен, көп қырлы материалистік ой-пікір ақсүйектерге ғана тән болды. Вольтердің өмірбаянында біршама рөл ойнаған виконт Болингброк - соның сипатты мысалы.

Саяси қоғамның алғашқы сатысы – «кіші мемлекеттер», олар табиғи заңдылықтардың іс-қимылына байланысты. Екінші саты – азаматтық қоғам, олар сапалы іс-әрекеттердің нәтижесі. Осы идеяны негізге ала отырып, Болингброк қоғамдық келісім «саяси қоғамның» (Барг, 1978: 296) негізгі іргетасы деген либералдық вигизмді теріске шығара отырып, корольдық билікті тікелей «әкелік билікпен» байланыстырып шығаратын Дильмердің теориясын атап көрсетті. Осы айтылған айрықша құзіретті корольдық «құдайшыл табиғи билікті» Болингброк «сүйкімсіз, санасыз және құлдық көрініс», «қашаннан бергі қағаз бетіне жазылған көп қателіктердің бірі» - деп атады (Долгов, 1981: 62).

Скептик және шыншыл Болингброк саяси теорияда нақты сенімділік көзқараста болды. Тек сондықтан ғана ол Макиавеллидің адам табиғаты мен саяси тұжырымдамасындағы сенімсіздік, салғырт көзқарастарына қарсы шықты. Сонымен қатар, Болингброк Макиавеллидің «мемлекет құлдырау бағдарында болып, белгілі уақыттардан соң оны қайта құрып, дамытатын алғашқы қағидасына қайта оралады» деген ойын мақұлдады (Барг, 1978: 293). Осы айтылған шешімді қалай шешу керектігі жағынан оның идеялары тағы да Макиавелли идеясымен қарама-қайшылыққа тап болды. Макиавелли бойынша, бұл қиындықты шешу тек қана аз, санаулы тұлғалардың қолынан келеді. Олар арыстанның айбары мен түлкінің қулығына ие болу керек. Бұл тұлғалар ешбір қиындықтан тайынбайды және қажетті жағдайда моральдық келісімді қайта қалпына келтіру жолында қатыгездікке де дайын. Бұл жерде Болингброктың Макиавеллиден айырмашылығы - ол «жасанды мейірімді, әділ болып көрінетін билеуші үшін емес, тек шындығында нағыз жарылқаушы билеуші үшін жазатынын» атап көрсетті.

Болингброктың тарихи тұлғаға көңіл бөлуі философ және саясаткер кейпіндегі ағартушының бейнесін көрсететін еді. Демек, Болингброк Еуропа тарихына арналған үлкен тарихи еңбекті жазуға жақсы даярланады. «Хаттардың» құрылымы бұны айқын дәлелдейді. «Тарихтың пайдасы және оны зерттеу туралы хаттар» деген еңбегінде ҮII және ҮIII хаттар өзгеше атап көрсетіледі. Мәселен, ҮII хат «1659-1688 жж. дейінгі Пиреней әлемінен Еуропаға дейінгі тарихи очерктер» деп аталады. ҮIII хат «1688 жылы айтылған ойдың жалғасы» деп аталады.

«Еуропаның Жалпы тарихы үшін жоспар» деген жазбасын Еуропаның қазіргі заман тарихы ретінде жазуға тырысты. Осы тарихты жазуда Болингброк сол кезеңдегі оқиғаның белсенді қатысушылардың қатарында болды. ҮII, ҮIII хаттар толық аяқталмай қалған еңбек түрлеріне жатады.

Болингброк антикалық тарихшылар еңбектерін бағалады және гуманистік ойларды терең зерттеді. Ол, әсіресе, ағылшын және француз авторларының еңбектерін жақсы білді (Барг, 1978: 296).

Ағартушылықтың ойшылдары әдеби түрде көп қырлы және терең мазмұндағы еңбектерді жазды. Болингброктың «Хаттары» қарапайымдылығымен ерекшеленеді.

Болингброк «Тарихтың пайдасы және оны зерттеу туралы хаттар» деген еңбегін жазған кезде Англиядағы гуманистік мектепке 200 жыл толған еді. Осы жағдай жалпыға бірдей қабылданған «академиялық дәстүрді» алға тартып, «тарихты» оқушыларға өзгеше ой қалдырды (Барг, 1978: 279).

Болингброктың «Хаттары» сол кезеңдегі ескі дәстүрлі ойларды ысырған еңбек болды. Ол жаңа мәселелер қойып, шешудің жолдарын қарастырды. Сонымен қатар ол өзінің еңбегінің жаңашылдығын жақсы түсінді. Болингброк: «Кез-келген жағдайда біздің тұжырымдарымыз еркін болуы шарт..., сондықтан да оқымысты әлемнің тәжірибесіне көңіл аудармастан, мен өзімнің жеке ойларымды айтқым келеді», - деп атап өтті (Барг, 1978: 298).

Генри Болингброк «Хаттарында» тарихшылардың төрт ерекшелігі көрсетіледі. Адамдардың тарихқа деген қызығушылығы неде? Оның пікірінше, біреулер үшін тарих - ермек, екіншілері үшін жетіспейтін ақылының және жұпыны қиялын толықтыру үшін кажет. Үшіншілерге тарихпен айналысу кәсіп болып табылады. Төртінші біреулер – асқан білімді тарихтың жүйесін және уақыттың шеңберін құрастыратын тарихшылар (Косминский, 1963: 387). XҮI ғасыр гуманистеріне қарағанда көптеген мәселелер өзгерістерге ұшырады (Барг, 1978: 302). Болингброктың айтуынша адамның тарихқа деген құштарлығынан өзіңе деген қызығушылық пайда болады. Бұл – өмірдің табиғилығы (Барг, 1978: 304). «Адам мен қоғам табиғат жүйесінің жанды бөлшегі сапасында көрініп, нәтижесінде табиғи заңдардың әрекеті арқылы адамзат тарихы бейнеленеді», - деген ой туындайды. Басқаша айтқанда, тарихқа деген қызығушылық уақытша құбылыс немесе ермек емес, адамның мәңгілік, адамшылық, ізгілік қажеттілігі болып табылады. Алайда тарихқа қызығушылық заң ретінде қабылданғанымен әртүрлі ұрпақ назарын аударатын тарих мәселелері өзгермейді деп айтуға болмайды. Осы мәселе бойынша Болингброк тарихи тұғырнаманы ұстанды. Ол әрбір ұрпақты толғандыратын мәселелер өткен күннен емес, қазіргі күннен туындайды деп есептеді. Болингброк тарихи мүдделердің, қызығушылықтардың тұрақты ауысуы туралы ойларға жақын болды. Қайта өрлеу дәуірінен бастап қарама-қайшылықты талқылау кеңінен таралды. Тарихта ақиқат мәселесі адамдардың қызығушылығын туындатады. Сондықтан да тарих пәнінің табиғатының өзі дербес талдауға, еркін ойлауға оқырманды итермелейді (Болингброк, 1978: 68).

Болингброктың ойынша, тарихтағы жақсы еңбектердің өзі ақыл-парасатты сирек негізге алады. Өкініштісі сол біз табиғаттың берген сезім, парасат сияқты қабілетін ақыл-ойымызға бастаушы ретінде үнемі қолдана алмаймыз (Болингброк, 1978: 69).

Сонымен, Болингброк тарих ғылымының алғашқы ағылшын теоретигі болғандықтан, гуманистік тарихнамалық дәстүр жетегінде тарихты жазудың екі түрлі қырын, оларды «әсерлі» (поэтикалық) және «парасатты» тарих ретінде ашып көрсетеді. Біріншісі тек қана «адам көңіліне демеу» бола алғанымен, ақылға азық бола алмайды. Болингброктың есебінше, тарихты оқудың ақиқатты мағынасы мен оның шын пайдасы парасатты тарихнама жолына жетелейді. Ол ақыл қызметін оята алады. Бірақ, осындай жағдайда тарихтың пайдасын қалай көруге болады?

Әлеуметтік тарихи тәжірибе, ұрпақтардың тәжірибесі жеке адам өмірінің жол серігі ғана емес, бүкіл қоғамның тағдыры болып та табылады. Оған XҮI ғасырда гуманизм ойлары толық қол жеткізе алмады. Тәжірибе екі түрде: қазіргі түрде және тарихи тәжірибе түрінде ғана мүмкін бола алады. Жеке адам үшін көрсетілген түрдің біріншісі - жеке тәжірибе болса, ал тұтас қоғам үшін - бұл саяси тәжірибе болып табылады. Болингброк бірінші және екінші түрдің арасындағы терең байланысты көрсете білді. Ол: «тарихи тәжірибе бүгінгі күнді және болашақты түсіну үшін қажет», - деп дәлелдейді. Болингброк: «Тіпті, данышпанның өзі, өзгелердің, өзге уақыттың тәжірибесіне мойын бұрмай өзін-өзі жарыққа шығара алмайды. Қарапайым жандар әлеуметтік ғылымда тек қана жартылай білгір ретінде көрінеді»,- деп көрсетеді (Болингброк, 1978: 70).

Сонымен, Болингброктың «Хаттарындағы» тарихи тәжірибе туралы мәселе кең философиялық ойлармен ерекшеленеді. Одан тарихи таным адамзат танымының қондырмасы мен алғышарты болып табылады деген қорытынды шығады. Адам өмірде өткен тарихтан нәтиже шығарып, парасатты іс-әрекеттерді жасауы тиіс. Адам жас кезіндегі қатесіне қартайғанда өкінішпен қарайды (Болингброк, 1978: 62).

Сонымен, тарих - әлеуметтік тәжірибенің баға жетпес байлығы. Болингброктың ойынша, «тарих жеке мақсаттарды емес, жалпы философиялық, адамзатты қызықтыратын шешімдерді қозғауы тиіс». Егер де тарихты оқу бізді ақылды пайдалы азаматтарға айналдырмаса, онда тарихты оқытудың пайдасы жоқ. Біз, тарих дегеніміз өзі философия екендігін әрдайым есте сақтауымыз шарт (Болингброк, 1978: 10).

Болингброк: «Тарих, адамдардың ой-өрісін дамытады, нәсілдік бөлінушілікке, діни қырқысқа жол бермейді, сонымен қатар, тарих патриотизм сезімін тудырады», - деп жазды (Болингброк, 1978: 11).

Ақырында, тарих, Болингброктың пікірінше бір жеке тарихи мәселені шешеді: өткен қайраткерлерге, тарихи тұлғаларға - еңбегіне сай «тарих әділеттілікті» қалпына келтіреді; Басқаша айтқанда, XҮI ғасырдың гуманистерінің ізімен Болингброк тарихнамалық мәселелердің этикалық табиғатына сенеді. Алайда «тарихшылдықтың» қиялы, біріншіден, тарихтың моральдық жағынан сыналуына сүйенеді, екіншіден тарихты «трибуналға» айналдыратын мәселелерді қарастырады (Болингброк, 1978: 12).

Болингброк тарихтың ақиқатын қалай шешеді? Егер шын мәнінде тарих философияның бір түрі болса, онда оған тарихи дәлелдің шынтуайттылығы аса қажет. Жекелеген дәлелдердің ақиқаты тұтас тарихтың ақиқатына кепілдік бере алмайды (Болингброк, 1978: 13). Көрсетілген мәселелердің барлығы Болингброкты қанағаттандырмады. Біріншіден, олардың байланысы түсініксіз дәрежеде көрсетілді, екіншіден, олардың мақсаты ешқандай да еңбекте дәлелденбеді. Сонымен, білімпаздық тарихнама оқырмандарды қалың дәлелдермен шектеді, оларда философиялық ойлар өте аз келтірілді. Аталған мектептердің алғашқы еңбектерін, Болингброк сындық тұрғыда бағалады.

Болингброк бүкіл әлемдік тарихтың антикалық бөлімдерінің деректемелік базасын, әсіресе, библия текстерін сынай білді және XIX ғасырдың деректемесіндегі сынаушылық әдістерді ерекше бағалады (Коллингвуд, 1980: 129).

Тарихи құрылымның ақиқаттылығы туралы сұрақты қалай шешуге болады? Жоғарыда оңтайлы (рациональды) тарихнаманың маңызды шешімдері туралы айтылды. Ол жекелеген дәлелдің ақиқатын қалпына келтіру үшін маңызды философиялық идеяларды алға қоюы қажет (Барг, 1976: 82). Біздер кейде дәлелдерді талдай алмай қарама-қайшы, кереғар пікірлерді тудырамыз. Адамзат басынан өтетін тарихи кезеңдердің нақтылы уақыттық шеңберін және географиясын шынтуайтты дәрежеде талдауымыз шарт (Коллингвуд, 1980: 270). Адамзат өмірінің нағыз шындық сипаты тарихтың философиялық ақиқаты туралы көріністі кеңінен таратады (Киссель, 1970: 102).

Адамзат табиғаты өз жаратылысынан өзгеріссіз болғандықтан, тек қана жағдайға байланысты икемделіп отырады. Азаматтық тарих ағартушылар үшін саяси тарих кейпінде, ал саясаттың шешуші факторы ретінде «идея» мен «дәлелдер» қарастырылды.

Философия дәрістері тарихынан парасатты құндылықтар жүйесі туындады. Өткен тарих пен бүгінгінің арасында философиялық берік байланыс орнауы тиіс. Тарих өзінің жеке мағынасынан айырылмағанда ғана қазіргі күнге қызмет ете алады. Әрбір дәуірде адамзат мәдениеті тарихпен байланыста болатындығы дәлелденуде (Болингброк, 1978: 18). Тарихты «философияша жазу» оқырманға аса пайдалы дәріс берер еді. Ақиқаттың мәселесі тарихи материалмен байланыста ғана емес, тарихшының құндылықтар жүйесімен байланысы да қарастырылады (Болингброк, 1978: 19).

Осы мәселені талдағанда да Болингброк «орталық»бағдарды ұстанды. Ол тарихтың әлеуметтік және этикалық пайдасының шынтуайттылығын байланыстырды (Барг, 1978: 276).

Вольтер басқа ағылшындарға қарағанда Болингброкты көбірек еске түсіреді, алайда айтылған дәлелдердің барлығы Вольтердің көзқарастарына Болингброктың әсері тиген деген мағынаға әкеледі. Сондықтан да Вольтер өзін Болингброкқа қарыздармын, - деп сезінген деген пікірді қалыптастыруға болмайды. Бұл өзгеше байланыспен және басқаша тұрғыдан қарастырылады (Барг, 1978: 277). Алайда Болингброктың Вольтерге (Болингброк, 1978: 59) жазған ашық хаты талас-пікірді басқа бағытқа ауыстыруға ықпалын тигізді. Болингброк (хат бойынша) жас Вольтердің философиялық пайымдауларының бағыт алуына мәнді де маңызды әсер ете білді және оны Локк пен Ньютонмен таныстырды.

Болингброктың отандасы Дегори Уирдің XҮII ғасырдың 30-жылдарында жазылған еңбегімен тақырыбы жағынан ұқсастық байқалады. «Хат» жалпы Батыс Еуропаның сонымен қатар Англияның өзіндік мәндегі тарихи дәуірінің ақыл-ойының дамуымен ерекшеленеді. Сонымен бірге еңбек өзіндік ойлармен көзге түседі. Болингброктың еңбектері Ағартушылық ғасырының философиялық шығармашылығының ағылшындық үлгісі болды. Оның құрылымы ұстаз бен шәкірттің жәйбарақат әңгімесіне, сол уақытта жарияланған Лангле дю Френуаның білімпаздық еңбегіне ұқсайтынды. Шығармалар өздерінің көлемі жағынан ғана емес, сонымен қатар мақсат, құрылымы, дәлелдердің сипаты және мәнімен ерекшеленеді. Біздің алдымызда уақыт ауқымының жақындығы тарихи әркелкі уақытты шынында да бейнелейтіндігі айқын көрініп тұр. Олар, біріншіден, көпшілік оқырманды өзіне қаратты, екіншіден, тек қана ағылшын мәселесін ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелерді қарастырды, үшіншіден, айқын әдеби түрмен ерекшеленді.

Болингброк тарихи деректерді парасатты тұрғыдан сынап, ежелгі кезеңдердің танымдық мәніне назар аударды. Геродоттың «Тарих» еңбегіне ол ежелгі тарих ретінде «Әженің ертегілері» кейпінде қарады. Геродот ерекше құжаттарды негізге алмай, тарихи сипаттауларға сүйенеді. Ал, бұл - тарих бойынша жалғыз негізгі еңбек болып табылады (Lord Bolingbroke, 1844: 238-302). Болингброк: «Мен тарихтың барлық уақытта жүйелі түрде шындыққа жанаспайтын пікірлермен жазылғандығымен келісемін, шіркеу биліктері әрдайым үлгі көрсете отырып, тарихи оқиғаларға бағыт бергендігін ескеруіміз шарт», - деп жазады (Барг, 1978: 279-287). Бұл алайда шексіз күмәнданудың негізі болып табылатындықтан, тарихи шынтуайттылыққа нұқсан келтіреді. Тарихтың көпшілігі, тарихи кітаптар мен мемуарларды қайта өрлеу дәуірінен алып кітапханаларды толтырды. Кітап басудың бастамасы жаңа заман тарихы үшін ыңғайлы жағдайды туындатады. Сондықтан да Болингброк бүкіләлемдік тарихтың ежелгі және орта ғасырлық кезеңдерімен танысып, әрі жаңа тарихқа мән бере отырып, қайта өрлеу дәуірінен пәннің маңыздылығын көре алады.

Аталған мәселе тұрғысынан Болингброк маңызды шешім қабылдауға ұмтылып, тарихтың жолына көп көңіл бөледі. Қайта өрлеу ойшылдарының пайымдауынша, тарих субъективті топшылаулармен шектеліп, тарихи тұлғалардың жеке қасиеттері, басқарушылар мен оларды қоршаған адамдардың қылықтары тұрғысынан жазылды. Алайда, Болингброк тарихтың нақты қырларын ажырата бастайды. Ол «адамдар үлгісі» мен «оқиғалар үлгісін» айырып, оларды екі түрлі деңгейде оқыту мүмкіндігін айтады. Оқиғаларды біз тарихтың арқасында ғана зерттеп, біле аламыз және олардың бір-бірімен байланысын, себептері мен салдарын талдаймыз. «Оқиғалар қатары» тарихта кездейсоқтық нәтижесінде ғана емес, адамдардың іс-әрекеті салдарынан көрінеді. Болингброк тарихтың жекелеген кезеңдеріне тән нақты шын байланыстар туралы пайымдап, Вольтердің көзқарастарын дәріптейді. Тарих кеңістікті туындатады, - деп жазады Болингброк, - және біздің бақылайтын уақытымызды ұзартады. Біздің өзіміз куә болған оқиғалар адам өмірінің барысындағы кездейсоқтықтың нәтижесінде болған «оқиғалар» ретінде көрінеді. Себептерді іздеудің жеке тәжірибесінің нәтижелі болуы мүмкін емес. Тарихтың бастамасын жекелеген тарихи оқиғалар арқылы түсіндіруге болады. Мәселен, тарихтың болашағы империялардың, бірінен соң бірі ауысатын мемлекеттік жүйелердің қарым-қатынасынан ғана емес, тарихи оқиғалардың нәтижесінде көрінеді.

Болингброк тарихты кезектесіп келетін, бірақ өзара байланысты емес даму дәуірлеріне бөледі. Осындай кезеңдердің әрқайсысының басталуы негізделген себептерге қатысты болғандықтан адамдар оқиғалар қатарын толық бақылай алмайды, себебі, оған өмірі жетпейді. Ал жаңа кезең себептерге толы болады. Болингброктың есептеуінше жаңа тарихтың кезеңі «Ғылымдардың қайта өрлеу» уақытынан бастау алды. Бірақ ол өз хаттарында жаңа кезеңді ашқан алғышарттарды көрсетпеді. Осы кезеңнің құрамына бірыңғай оқиғалар жалғасы көп болғандықтан бақылаушы сол оқиғалардың қатысушысына айналады. «Қазіргі тәжірибеміз оқиғалардың салдарын көрсетсе, жаңа тарих оның себептерін көрсетеді», - деп жазды Болингброк.

1688 жылы революция болғанда, көптеген адамдар революцияның себептерін іздестірді. Болингброктың пікірінше, оны іздеуді I Яковтың басқаруына дейінгі кезеңнен бастау қажет, сонда ғана 1688 жылғы революцияның шыншыл, игілікті сабақтарын ала аламыз. Осыған орай Болингброк тарихының «Үлгілері» мен «сабақтар» ұғымдары империялық бақылаудан тыс жатқан тарихи байланысты түсіндіреді. Әртүрлі зерттеудің түрлері оқиғаның себеп-салдарына қатысты түрліше ойларға тіреледі. Қоғам мен адамға «ортақ білім» біздерге жалпы оқиғалар барысын және адамзаттық іс-әрекетін талдауға мүмкіндік береді.

Бұл жалпы уақыттан тыс заңдылықтар дегенді қалай түсінуге болады? Оны қарастыра отырып, біз оқиғаларды адамгершілікпен, психологиямен, адамзат ақылымен байланысты шешетін дәстүрлі гуманистік көзқарасқа тап боламыз. «Адамзат табиғаты» үнемі қайталанады. Осы табиғаттың басты элементтері уақыт пен географиядан тәуелсіз өмір сүреді. Тарихтың уақытша заңдылықтары оқиғаның субъективті жақтарынан туындайды. Осы пайымдаудан Болингброктың философиялық идеализмі көрінеді. Кейбіреулер тарих сабақтарын саналы түрде қабылдаса, басқалар оған діни тұжырымдар мен фанатизм арқылы келеді. Сонымен саяси тарихтың дара психологиялық қыры Болингброктың құрылымында әлемдік тарихтың әмбебап сапасы негізінде колданылады. Ал оны оқытудың объективті негізі «философия ретінде» пайымдалды.

Болингброктың айтуынша, ғажайыптар мен жаңалықтар кезеңі артта қалғанымен адам болашақты болжай алмайды, тек қана өткен мен бүгінгіні салыстыра отырып тарихты түсіне алады (Барг, 1978: 274). Алайда осы пікір әрі қарай терең зерттелмеді.

Болингброк «тәртіптер» мен «қағидаларды» тарихты философиялық негіздеу барысында пайдаланды. Олардың негізінде этика мен саясаттың жалпы жүйесін дамытты. Басқаша айтқанда, уақытылы ашылған заңдылықтардың нәтижесінде қоғам тарихына тән тарихнама, философиялық бағыт жүйесі этика мен саясаттың жалпы жүйесі үшін негіз болып табылады. «Жекелеген оқиғаларды ажырата отырып, себептерін іздестіріп, сол бір жалғыз себептің ғажайып өнімділігін көруге болады. Адам әртүрлі әдістер арқылы асқан бейімділікпен тарихты оқытудың жолын жеңілдете алады».

Осы жерде тек қана «тарихқа философиялық тұрғыдан»қараудың мақсатына сәйкес әдістер көрсетіледі және тарихи үрдістің нақтылы жолдарын автор қысқаша сипаттайды. Осы бақылаулар қайта өрлеу тарихи ойлардың жетістігі болды, ал Болингброк оларды әдіске айналдыру мақсатында жүйеге келтірді. Өзінің «Хаттарында» ол тарихтың әдістерінің мәнін көрсетті. Бәрімізге белгілі Аристотельден қалған дәстүр бойынша тарихқа философия ғана емес, сонымен қатар поэзия, драма қарсы қойылады. Осындай талқылаудың астарында тарихи құбылыстың қайталанбайтыны, бірлігі туралы ұғым жатыр.

Макиавелли осы қиындықтардан «дәлелдер» жолымен шығуға ұмтылды және ақиқат құндылықтары арқылы дәлелдерді келтірді. Болингброк айтылған әдіске қарсылық білдіреді. Ол жекелеген мысалдардың кейбір жағдайда ғана пайдалы екенін ескереді. Жоғарыда аталғандай Болингброк қатаң индукция әдісімен жекеден жалпыға қарай жылжи отырып, Макиавелли көрсеткен жосыққа қарсылық білдірді, «біз жеке білімнен жалпы білімге қарай өрлеуіміз қажет» деп жазады.

Болингброк тарих жалпыға, мәнді шындыққа тек қана философиялық рухпен оқытылғанда ғана жете алады, алайда тарих философия әдістерін көшірмелемеуі тиіс дейді. Оның ойынша, философия парасаттан бастау алып топшылаумен аяқталады. Тарихшы деректен бастау алып, тарихтың «парасатымен» аяқталуы тиіс. «Біз егер де мүмкін болса рухты иеленуіміз қажет... Бірақ, біз ұлы адамдардың бейнелерін, іс-әрекеттерін құлша қайталаудан сақтануымыз керек. Еліктей отырып, біз өз дәуіріміздің қайталанбас тұлғасына айналуымыз қажет».

Болингброк тарихты шындыққа негізделген аса қажетті ғылым ретінде қарастырды. Ол оқырманға трагедияны немесе комедияны талдауды ұсынады. Жаңа тарихты жекелеген оқиғаларды бағалай отырып оқуды ұсынады. Тарихтың ежелгі кезеңдері деректердің жетіспеушілігіне байланысты ақиқатқа сай келмейді. Басқаша айтқанда, ол ежелгі тарихтың пайдасын мойындамайды.

1699 жылы мамырда Болингброк Италияға сапар шегіп, Римге орналасады. Итальян тілімен айналыса жүріп, ол тарих пен хронология бойынша жазылған кітаптарды жинайды. Схоластикалық ілімге деген оның гуманистік қарым-қатынасын көрсету үшін хаттарынан мысал келтірсек, Герцог Тосканскийдің кітапханасын сақтаушы туралы ол: «Мен осында келгенде танысуға асыққан бірінші адам болатын-ды. Енді қалай? Мен атаққұмар, кітапты ешқандай әдіссіз оқи беретін, оқығанды айтуға жүгіретін, бір сөзбен айтқанда «ақылды Бедламның кейпіндегі» қартты көрдім...», - деп мәлімдейді. Ескі кардинал туралы кітаптарға: «Бұл кітаптар соншалықты схоластикалық дәрежеде болғандықтан, менің талғамыма сәйкес келмейді. Мен әлі олардың бірде-бірін ашқан жоқпын», - деп сипаттама береді.

Қоғамдық ойдың көптеген тарихшылары Лесли Стефен және т.б. философия тарихы бойынша жазатын авторлар XҮIII ғасырдағы Англияның саяси тарихындағы Болингброктың алатын орнын мойындағылары келмейді. Олардың пікірінше ол дербес философиялық жүйені, ерекше саяси теорияны құра алмады; бірінші мәселеде ол Локктың шәкірті, екіншісінде - Гаррингтонның ізбасары ретінде көріне білді. «Ағартушылық» дәуірде ақыл-ойдың қозғалысының қайнар көзі жаратылыстанудағы үлкен жетістіктер болып табылады.

Бэкон мен Декарттан қалған пікірлер XҮII ғасырды органикалық және органикалық емес табиғат аймағындағы ғылыми ақиқаттардың дәлелденуіне әкелді.

XҮIII ғасырдың басындағы дүниетанымды көзқарас, Мильтонның ізімен дамыған, үлкен жетістіктерді иеленіп, табиғат туралы ғылыми пікірлер қалыптасты. Жер шексіз космоста шағын көлемімен елестетіле бастады, екіншіден адамзаттың экономикалық, саяси, рухани, моральдық, діни және этикалық қызметтері табиғаттың әмбебап заңдарының ықпалынан дамитындығы, яғни заттардың табиғи қалпының бөлімі болып табылатындығы айтылды. Бұл, ағартушылардың ойларынша адамзат парасатына барлық космостық құбылыстардың бағыну үрдісіне әкелетін-ді.

Болингброктың тарихшылдығында екі қарама-қайшы пікір жатыр; біреуі тарихи құбылысты «актерлердің» волюнтаризмімен түсіндіретін және ежелден туындаған ағымды көрсетсе, екіншісі тарихтың «табиғи» заңына сүйенетін, натурфилософиялық пікір.

Болингброктың идеялық мұраларында философ бәрінен де әлсіз деңгейде көрсетілгендігін ескеру қажет. Ол өзінің философиялық дәрістері туралы үлкен ұстамдылық пікірде болатын және оған деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде қалыптасқандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Болингброктың философиялық мұраларының жүйелі түрде талданған бөлігі, оның «адамзат білімі туралы тәжірибелері» болып табылады. Онда ол Локктың сенсуализмі мен эмпиризмінің ізбасары, материалист ретінде көрінеді. «Біздің санамыз - физика бөлімі болып табылады. Оны ойша және тәжірибе арқылы оқыту қажет. Сана мен дене адамзат жаратылысының бірлігін көрсетеді. Қандай да күш болмасын денеден тыс санаға әсер ете алмайды, ал оны сезіну денені белсенді күйге түсіреді. Табиғи философияда сезіну мәселесі артта қалса, ақыл-ой да жартымсыз болмақ», - дейді ол (Lord Bolingbroke, 1844: 32-45).

Өзінің эмпиризм мен сенсуализмінде Болингброк Локктың ойын жалғастырды. Бірінші сапа, оның ойынша, дене де шын өмір сүреді, екінші сапа заттардың қасиетінен көрініс береді. Локк олардың субъективті шығу тегі туралы көзқарасты ұстанды. Болингброк бірінші және екінші сапаны объективті әлемнің сыртқы белгілері ретінде қарастырды. «Табиғат өзі көрсеткендей бізге қарым-қатынастар мен идеялардың күрделі түрлерін ұсынады, субстанция идеясы да ешқандай күмән тудырмайды». Рефлексия сезім мүшелеріне әсер ететін нәрселерді туындата алмайды. Бұл қарапайым әртүрлі идея қатарына жатады. Рефлексия өзіне табиғаттан берілгенде ғана әсерді жеткізуге бейім болып келеді. Философтардың қатесі мынада: олар біздің алған «әсерлеріміз» арқылы алынатын идеялардан бас тартады. Табиғаттың сабақтары біздің қарапайым идеяларымызбен әртүрлі қылықтарымыздың үйлесуінің негізінде жатыр. Ал олар қарапайым және күрделі идеялардан құрылады. Біздің біліміміз табиғаттың дәрістері арқылы жинақталады. Болингброк Локктың сенсуализмі мен эмпиризмінің логикалық нәтижесін талдауға ұмтылды. «Идеялар» бір-бірінен рефлексияның қайта өңделуіне байланысты ерекшеленеді және табиғат бізге осындай қайта өңдеудің «әдістері» мен «жоспарын» айтып береді. Сенім саласында осындай таным теориясының таралуы ашық атеизмнің, белгілі дәрежедегі деизмнің дамуына әкелді. Болингброк өз уақытының ағылшын еркін ойының көрнекті өкілі, әрі деист болды.

Деизм – Ағартушылықтың діни философиясы болса, ал теологиялық христианшылдық – бұл адамдардың ойлап тапқан діні еді. Адамзатқа тән құмарлықтар, адасушылықтар, Никейден Триденттікке дейінгі шіркеу соборларының барлығы қазіргі теологиялық христиандықтың түсініксіз, күрмелген жүйесін құрастыруға өз үлестерін қосты. Бұл ымырашыл деизмнің бағыты болды.

Алайда, деист өзінің мәні бойынша табиғаттың құбылыстарын суреттеуде, адамзат өмірін түсіндіруде де ешқандай мұқтаждықтарды қажет етпейді. «Құдайды тану» алғашында физика, кейін этика, саясат пен тарих салаларында көріне бастады.

Болингброк Свифтке жазған хатында деистік ойларын: «Егерде еркін ойлайтын болсаңыз, сіз өзінің ақыл-парасатын жан-жақты пайдалана алатын адамды түсінесіз. Ақиқат пен өтіріктің, оң мен солдың арақатынасын айыра білуді қайырымды жаратушы бізге сыйлаған, бірақ адамдардың көпшілігі өз әрекеттеріне өздері есеп бере алмайды. Әлем мен адамзат бақыты – еркін ойлаушының ұлы мақсаты», - деп келтіреді. Деистің негізгі қағидасы бойынша; адамзат ақыл-парасаты әлемді танып-білуге ұмтылады, ал біздің еркімізден тыс құдіретті күшке келгенде адам санасы оған тікелей тәуелді қалыпта болады. Парасаттың объектісі - шексіз ақиқат. «Мен табиғаттың жүйелі жаратылысына қарай отырып, оны құдайдың жүйелі түрде жаратқанын байқаймын, ол бізге бүкіл ғылымдарды, соның ішінде теология мен этиканы түсінуге көмектеседі». Адам ақиқатты өзі көріп-білген дүниеден іздеп, ақырында философияға келіп тіреледі.

Деист құдайдың жаратқан бөлшектерін қаншалықты талқыласа, дәстүрлі құдайшылдық соншалықты табиғи философияға әкелетін табиғи теологияға ауысады. Егерде ақыл-парасат пен үйлесімділік дүние жаратылысының негізінде болса, онда табиғи діннің әмбебап бөліктерін тек қана өмірге бейім әдістермен ашуға болатындығын түсінуге болады. Барлық тарихи діндер сенімнің салт-ғұрыптық жағына ғана әсер етіп, ал сенімнің мәніне көп әсер ете алмағандықтан, осы жерден бітпейтін дау-таластар туындайды. Табиғи дін қандай да болмасын тарихи діннің барлық қате идеяларын ашып көрсетеді. Табиғи дін өзінің таза күйінде Қытай, Тибет, Египет, ежелгі дүние халықтарында пайда болды.

Болингброкты көп жағдайда деизмнің этикасы қызықтырды. Ол: «Табиғаттың заңы, құдайдың заңы болып табылады», - деп жазды (Lord Bolingbroke, 1844: 45-57). Олардың барлығы дұрыс ойлаудың нәтижесінде ғана ашылады.

«Моральдық заңға» сипаттама беруде Болингброк Кембридждік платоншылдар мен Гоббс аралығындағы «орталық тұғырнаманы» иеленді. Біріншілері моральды мәңгі, өзгермейтін мәнде қараса, екіншілері заң шығарушылар азаматтық құқықты жасамағанша мораль өмірде болмаған деп есептеді. Болингброктың пікірінше, ондай тұғырыққа тірелген ойлардан қашу керек. «Платоншылардың» мәні болмайтын себебі, олардың санасы оны қабылдай алмайды. Болингброк Гоббсты да сынай отырып, моральдық міндеттер қоғамның заңынан емес, табиғаттың заңынан туындайтындығын айтады. «Бізге кеңес беретін таза санамызға біз сенім білдірмейміз және сезімдерімізге де мән бермейміз, моральдың негіздерін қозғалмас жартастай қабылдаймыз». Мұнда француз Ағартушылығында дамыған табиғи құқықтың эмпирикалық теориясы айтылады. Бұл заң бәрімізге әрқашан ортақ болса, онда ол «біздің ойымыздың маңызды бөлімі болып табылады». Жеке кезеңдердегі оқиғаларды түсіндіретін заңдылықтардан басқа, адамзат қоғамына тән жалпы заңдылықтар болады. Азаматтық зандар оған қарағанда мазмұны жағынан түсінікті болып келетіндіктен, ақырында бұл әлемдік парасат, жаратушының парасаты адамдарға табиғат арқылы ғана түсіндіріледі. Ол моральдан басқа еш нәрсені жазбайды, жат қылықтарға ғана тиым салады (Lord Bolingbroke, 1844: 59-62). Осы заңның рухын сақтау арқылы адамзат бақыты өседі.

Этика саласындағы табиғи заңның негізгі қағидаларына «әмбебап игілік тілеушілік» жатады. Осы заң арқылы адам өзінің жақындарымен қарым-қатынас жасай алады. Алайда осыдан келіп Болингброк – альтруизм тұжырымын жақтаушы, граф Шефтсберидің пікірлесі деген қате қорытынды жасауға болар еді. Болингброктың ойынша, моральдық заңның жылжымалы қағидасы өзін жақсы көрушілік болып табылады. Гоббс азаматтық қоғам мен мемлекеттің пайда болуына дейін моральдық заң болмаған деп дәлелдегенімен, осы уақытқа дейін заң шығарушы жақсылық пен жамандықтың арасына шек қоя алмауда. Адам өзінің қоғамында өзімшіл бола алады. «Біз қарама-қайшылықтар, қиындықтар нәтижесінде дамимыз», - деп жазады Болингброк. Құмарлыққа қарағанда парасат адамзат бойынан асқан сабырлылықпен, баяу түрде көрініс беретіндіктен, осыдан келіп қоғамдағы бақытсыздықтар туындайды.

Гоббстан Болингброктың ерекшелігі – ол қоғамдық шарт идеясын емес, табиғи тұжырымды дамытады. ...Біз өзіміздің жанұямызды, қоғамды жақсы көреміз, нәтижесінде біздің қайырымдылығымыз бүкіл адамзатқа әсерін тигізеді және осының бәрі өзімізді жақсы көруден басталады (Державин, 1946: 168). Қоғам тарихындағы кезеңдер отбасылардың «табиғи қоғамы» түрінде көрініс беріп, ақырында жанұя басшыларының келісімімен мемлекеттік билік үстемдігі басталады. Заңдардың генеологиясы бар, - деп көрсетеді ол, оған сәйкес табиғат табиғи занды өмірге әкеледі, ал табиғи заң әлеуметтік мазмұнға ие болады, ал бұл қоғамға бірігу болып табылады. Нәтижесінде азаматтық заңдар арқылы міндеткерліктермен негізделген одақ құрылады. Сонымен Шефтсбери қоғамның пайда болуын альтруизм түйсігінен көрді, ал Гоббс, керісінше эгоизм түйсігінен көрсе, Болингброк аралық тұғырнаманы иеленеді.

Қорытынды. Ағартушылық идеологиясының беталысы буржуазиялық революциямен белгіленді. Экономикалық-саяси өзгерістер рухани салаға да үлкен әсерін тигізді. Философтар, экономистер, жазушылар өздерінің шығармашылығымен ағылшын Ағартушылығының мазмұнын байытты. Ағартушылардың алдыңғы қатарлы идеялары революцияны дайындауда және оның барысында маңызды рөл атқарды, оның идеологиялық алғы шарты болды.

Басты мақсат рационалдық мәннің белсенді таралуы, бұқаралық қараңғылық пен надандықты жою, адамзат намысын құрметтеуге негізделген құндылықтарды қоғамдық өмірге енгізу болды. Жеке тұлғаның саяси, моральдық, эстетикалық талғамын тәрбиелеуге, оның бойына жомарттық, адалдық, әдемілік, шынайы адам және азамат сапасын құюға баса назар аударылды.

Болингброк Англиядағы тарих ғылымының алғашқы теоретигі болды. Болингброктың ойлары еуропалық, әсіресе ағылшын тарихының маңызды кезеңдерін виги тұрғысынан түсіндірудің шын мәніндегі қайнар бұлағы болып табылады.

Ағылшын Ағартушылығы, оның ішінде Болингброк әлемдегі Ағартушылықтың дамуына өз үлесін қосты.

ХІХ-ХХ ғасырларда Еуропа елдеріндегі буржуазиялық ойлар Ағартушылық идеологиясының негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, оны әрі қарай дамытады. Ағартушылық кезеңінен келе жатқан үрдістер мәңгі рухани байлық болып қалады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Адамян А.А. Статьи по эстетике. – Ереван, 1967.

Барг М.А. Историческая мысль английского Просвещения: Болингброк // Болингброк Г. Письма об изучении и пользе истории. – М.: Наука, 1978.

Барг М. Шекспир и история. – М., 1976, гл.ІҮ.

Болингброк Г. Письма об изучении и пользе истории/Пер. С.М.Берковской, А.Т.Парфенова, А.С.Розенцвейга. – М.: Наука, 1978.

Виндельбанд В. История новой философии и ее связи с общей культурой и отдельными науками. – СПб., 1908, т.I.

Волгин В.П. Очерки истории социалистических идей с древности до конца ХҮІІІ в. – М., 1975.

Гулыга А.В. Эстетика истории. – М.: Наука, 1974.

Державин К.Н. Вольтер. – М.: Изд-во АН СССР, 1946.

Defoe D. His Life and Recently Discovered Writings. ‒ L., 1869. ‒ Vol.3. ‒ P.31.

Долгов К. Ренессанс и политическая философия // Новый мир, 1981, №7-8.

Елистратова А.А. Английский роман эпохи Просвещения. – М., 1966.

Жумагулов К.Т. Проблемы исследования евразийской истории. – Историческая наука в XXIвеке (материалымеждународныхБекмахановских чтений). – Алматы, 2001.

Hofstadter R. The Idea of a Party System.‒ Berkeley, 1970. ‒ P.17-20.

Hume D. Idea of a Perfect Commonwealth (1752) // Hume D. Essays Moral, Political, andLiterary. ‒ L., 1912. ‒ Vol.1. ‒ P.487-490.

Идея о Короле-Патриоте // Болингброк Г. Письма об изучении и пользе истории. ‒ М.: Наука, 1978.

Ирмуханов Б.Б. Исторические воззрения мыслителей XXвека. – А.: Наука,1999.

Киссель М.А. Учение о диалектике в буржуазной философии ХХ в. – Л., 1970.

Ковалевский М.М. История политических учений нового времени. Лекции. – СПб., 1910.

Коллингвуд Р.Дж. Идея истории. Автобиография / Пер. Ю.А. Асеева. – М.: Наука, 1980.

Косминский Е.А. Историография средних веков. – М., 1963.

Кучеренко Г.С. Исследования по истории общественной мысли Франции и Англии ХҮІ – первая половина ХІХ в. – М.: Наука, 1981.

Қазақстан өркениет жолын қалайды // Егемен Қазақстан. – 9 қараша 2001 жыл.

Лавровский В.М. Проблемы исследования земельной собственности в Англии ХҮІІ-ХҮІІІ вв. – М., 1958.

Locke J. The Treatises of Government. ‒ L., 1965. ‒ P.171-176.

LordBolingbroke. Letters оf tһе study and use of history / The Works оf Lord Воlingbroke with a life, London. 1844. ‒Vol.ІІ. ‒Р.238-302.

Morton A. The English Utopia. – L., 1952. – P.67-114.

Нарский И.С. Философия Джона Локка. – М., 1960.

Сидорченко Л.В. Александр Поуп: в поисках идеала. ‒ Л., 1987.

Соколов В.В. Вольтер. – М.: Изд-во АН СССР, 1956.

Stephen L. English literature and Society in the Eighteent Century. – L., 1904. – Р.11-52.

Федоров С.Е. Пуританизм и общество в Стюартовской Англии (Позднее индепендентство). – СПб., 1993.

Фридлендер Г.М. История и историзм в век Просвещения // ХҮІІІ век, сб. 13. – Л., 1981.

Честерфилд. Писъма к сыну; Максимы; Характеры. –М.: Наука, 2010.

Штокмар В.В. История Англии в средние века. – Л.: ЛГУ, 1973.

References:

Adamyan A.A. Stat'i po estetike [Articles on aesthetics]. – Erevan, 1967. [in Russian]

Barg M.A. Istoricheskaya mysl' anglijskogo Prosveshcheniya: Bolingbrok [Historical thought of the English Enlightenment: Bolingbroke] // Bolingbrok G. Pis'ma ob izuchenii i pol'ze istorii [Letters about the study and benefits of history]. – Moskva: Nauka, 1978. [in Russian]

Barg M. Shekspir i istoriya [Shakespeare and history]. – Moskva, 1976, gl.ІҮ.[in Russian]

Bolingbrok G. Pis'ma ob izuchenii i pol'ze istorii [Letters about the study and benefits of history] / Per. S.M.Berkovskoj, A.T.Parfenova, A.S.Rozencvejga. – Moskva: Nauka, 1978. [in Russian]

Vindel'band V. Istoriya novoj filosofii i ee svyazi s obshchej kul'turoj i otdel'nymi naukami [History of the new philosophy and its connection with the General culture and individual Sciences]. – Sankt-Peterburg, 1908, t.I. [in Russian]

Volgin V.P. Ocherki istorii socialisticheskih idej s drevnosti do konca ХҮІІІ v. [Essays on the history of socialist ideas from antiquity to the end of the XVIII century.]. – Moskva, 1975. [in Russian]

Gulyga A.V. Estetika istorii [Aesthetics of history]. – Moskva: Nauka, 1974. [in Russian]

Derzhavin K.N. Vol'ter [Voltaire]. – Moskva: Izd-vo AN SSSR, 1946. [in Russian]

Defoe D. His Life and Recently Discovered Writings. ‒ L., 1869. ‒ Vol.3. ‒ P.31.

Dolgov K. Renessans i politicheskaya filosofiya [Renaissance and political philosophy] // Novyj mir, 1981, №7-8. [in Russian]

Elistratova A.A. Anglijskij roman epohi Prosveshcheniya [English novel of the age of Enlightenment]. – Moskva, 1966. [in Russian]

Zhumagulov K.T. Problemy issledovaniya evrazijskoj istorii [Problems of Eurasian history research]. – Istoricheskaya nauka v XXI veke (materialy mezhdunarodnyh Bekmahanovskih chtenij). – Almaty, 2001. [in Russian]

Hofstadter R. The Idea of a Party System.‒ Berkeley, 1970. ‒ P.17-20.

Hume D. Idea of a Perfect Commonwealth (1752) // Hume D. Essays Moral, Political, andLiterary. ‒ L., 1912. ‒ Vol.1. ‒ P.487-490.

Ideya o Korole-Patriote [The idea of a Patriot King] // Bolingbrok G. Pis'ma ob izuchenii i pol'ze istorii [Letters about the study and benefits of history]. ‒ Moskva: Nauka, 1978. [in Russian]

Irmuhanov B.B. Istoricheskie vozzreniya myslitelej XX veka [Historical views of thinkers of the XX century]. – Almaty: Nauka, 1999. [in Russian]

Kissel' M.A. Uchenie o dialektike v burzhuaznoj filosofii ХХ v. [The doctrine of dialectics in bourgeois philosophy of the twentieth century]. – Leningrad, 1970. [in Russian]

Kovalevskij M.M. Istoriya politicheskih uchenij novogo vremeni. Lekcii [History of political doctrines of modern times. Lectures]. – Sankt-Peterburg, 1910. [in Russian]

Kollingvud R.Dzh. Ideya istorii. Avtobiografiya [The idea of a story. Autobiography] / Per. YU.A.Aseeva. – Moskva: Nauka, 1980. [in Russian]

Kosminskij E.A. Istoriografiya srednih vekov [Historiography of the middle ages]. – Moskva, 1963. [in Russian]

Kucherenko G.S. Issledovaniya po istorii obshchestvennoj mysli Francii i Anglii ХҮІ – pervaya polovina ХІХ v. [Research on the history of public thought in France and England XҮI – first half of the XIX century.]. – Moskva: Nauka, 1981. [in Russian]

Kazakstan orkeniet zholyn kalajdy [Kazakhstan wants the path of civilization] // Egemen Kazakstan. – 9 karasha 2001 zhyl. [in Kazakh]

Lavrovskij V.M. Problemy issledovaniya zemel'noj sobstvennosti v Anglii ХҮІІ-ХҮІІІ vv. [Problems of land ownership research in England of the XҮII-XҮIII centuries.]. – Moskva, 1958. [in Russian]

Locke J. The Treatises of Government. ‒ L., 1965. ‒ P.171-176.

LordBolingbroke. Letters оf tһе study and use of history / The Works оf Lord Воlingbroke with a life, London. 1844. ‒Vol.ІІ. ‒Р.238-302.

Morton A. The English Utopia. – L., 1952. – P.67-114.

Narskij I.S. Filosofiya Dzhona Lokka [The Philosophy Of John Locke]. – Moskva, 1960. [in Russian]

Sidorchenko L.V. Aleksandr Poup: v poiskah ideala [Alexander Pope: in search of an ideal]. ‒ Leningrad, 1987. [in Russian]

Sokolov V.V. Vol'ter [Voltaire]. – Moskva: Izd-vo AN SSSR, 1956. [in Russian]

Stephen L. English literature and Society in the Eighteent Century. – L., 1904. – Р.11-52.

Fedorov S.E. Puritanizm i obshchestvo v Styuartovskoj Anglii (Pozdnee independentstvo) [Puritanism and society in Stuart England (Later independence)]. – Sankt-Peterburg, 1993. [in Russian]

Fridlender G.M. Istoriya i istorizm v vek Prosveshcheniya [History and historicism in the age of Enlightenment] // ХҮІІІ vek, sb. 13. – Leningrad, 1981.

Chesterfild. Pis"ma k synu; Maksimy; Haraktery [Letters to my son; Maxims; Characters]. – Moskva: Nauka, 2010. [in Russian]

Shtokmar V.V. Istoriya Anglii v srednie veka [History of England in the middle ages]. – Leningrad: LGU, 1973. [in Russian]

МРНТИ03.09.31

НАУЧНОЕ НАСЛЕДИЕ Г.БОЛИНГБРОКА И ИХ ВЛИЯНИЕ НА АНГЛИЙСКОЕ ПРОСВЕЩЕНИЕ

ХибинаЗада Нурмухановна¹

¹Кандидат исторических наук, Актюбинский региональный государственный университет им. К. Жубанова.г. Актобе, Казахстан.

Аннотация. Данная статья посвящена исследованию особенностей английского Просвещения на примере анализа научных взглядов Генри Болингброка(1678-1751). Английское Просвещение как течение, несмотря на свою несомненную научную актуальность, остается до сих пор малоизученным в историографии, в том числе и в советской науке. Оно представляет собой не только один из важнейших, значительных этапов в развитии общественной мысли, но и отражает в духовной сфере процесс становления новой идеологии. И хотя изучение европейского Просвещения на материале Франции вполне понятно, тем не менее, прослеживая его эволюцию, следует обратиться к его историческим истокам, в частности к английскому Просвещению. Одним из пробелов в этом плане остается личность и деятельность Генри Болингброка.

Рассматривая наследие Г. Болингброка, можно узнать, насколько его идеи воспринимались французскими просветителями, особенно Вольтером. Философские идеи и идеи в области методологии истории  Вольтера основывались на взглядах Г. Болингброка. Поэтому исследование политико-исторических идей Болингброка позволяет научно анализировать не только английское просвещение, но и актуальные проблемы общеевропейской просветительской мысли.

Литературной форме произведений мыслителей эпохи Просвещения была  свойственна многогранность и глубина. Среди них «Письма» Генри Болингброка отличаются простотой изложения. Кроме того, через точку зрения мыслителя можно увидеть особенности общего просвещения, в том числе взглядов английских просветителей.

Ключевые слова: ГенриБолингброк;Английское Просвещение; Письма об изучении и пользе истории.

IRSTI03.09.31

H. BOLINGBROKE'S SCIENTIFIC LEGACY AND THEIR INFLUENCE ON THE ENGLISH ENLIGHTENMENT

KhibinaZada¹

¹Candidate of Science, Aktobe Regional State University K.Zhubanova. Aktobe. Kazakhstan.

Abstract. This article is devoted to the study of the features of the English Enlightenment on the example of the analysis of the scientific views of Henry Bolingbroke (1678-1751). Іn spite of its actuality, Еnglish Еnlightenment іs still not enough studied in оur sсіenсe, including Soviet Һіstoriography. It рresents not only one оf tһе most important stages іn tһе development оf роlіtісаl idea, but also reflects process of creation of new ideology. It is quite clear the interests of historians towards European Enlightenment on French materials, but studying its sources needs to know its English roots. And G.Воlingbrok's activity and views is one of the «white һоlеs»іn this соntext.

Looking at the legacy of G. Bolingbroke, you can find out how his ideas were perceived by French enlighteners, especially Voltaire. Philosophical ideas and ideas in the field of methodology of Voltaire's history were based on the views of G. Bolingbroke. Therefore, the study of Bolingbroke's political and historical ideas makes it possible to analyze scientifically not only the English enlightenment, but also current problems of pan-European educational thought.

The literary form of the works of enlightenment thinkers was characterized by versatility and depth. Among them, the "Letters" of Henry Bolingbroke are distinguished by their simplicity of presentation. In addition, through the point of view of the thinker, you can see the features of the General enlightenment, including the views of the English enlighteners.

Keywords: Bolingbroke; Еnglish Еnlightenment; Letters on the study and use of history.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз