Яндекс.Метрика
Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ

Ж. Өмірбекова¹. ¹Л. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(22), 2020

Тегтер: академиялық экспедициялар, дәстүрлі табиғи ортаны пайдалану, этноэкология, дала өркениеті, Еуразия көшпелілері, далалық шаруашылық
Автор:
Аңдатпа. Бұл мақалада ХVIII ғ. ресейлік зерттеушілер мен академиялық экспедиция материалдарының негізінде Еуразия көшпелілерінің экологиялық ортаға бейімделуі мен этноэкологиялық дәстүрлерінің қалыптасуы туралы мәселелер қарастырылады. Дала өркениетінің қайнар көзін зерттеу мен Еуразия далаларын мекендеген халықтардың табиғатпен байланысын қарастыру арқылы экологиялық ортаның қоғамға және оның өмірінің басты қырларына әсерін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Бұл мәселелерді арнайы этноэкология пәні зерттейді. Адамзат қоғамы мен оның мекен етіп отырған ландшафты өзара тығыз байланысты екені белгілі. Бұл байланыс Еуразия далаларының көшпелілерінде өте айқын көрінеді. Сонымен бірге, көптеген зерттеушілер көшпелілердің экологиялық үйлесімділігіндегі тепе-теңдіктің бұзылып отыратындығын да атап көрсетеді. Соған сәйкес Еуразия халықтарының этноэкологиясын одан әрі тереңірек зерттеу оның тарихи дамуының кезеңдері мен ерекшеліктері жөнінде жаңа гипотезалар жасау үшін маңыздылығын атап өткен жөн. Көшпелілер қоғамының өміршеңдігі мәселелерін жан-жақты зерттеу қазіргі Еуразия халықтарының ата-бабаларының өмірі мен қызметінің қырларын қалпына келтіруге, өткен, бүгінгі және болашақ ұрпақтар арасындағы байланыс орнатуға мүмкіндік аламыз. Материалдарды талдау көрсеткендей, ХVIII ғ. ресейлік ғалымдардың еуразиялық далалық көшпелілер туралы зерттеулері олардың тарихы, географиясы, этнографиясы, далалық табиғи ортаны игеруі, этноэкологиясы, шаруашылығы бойынша деректер кешенін құрайды.
Мазмұны:

Кіріспе. Адамзат тарихының даму эволюциясын қоғам мен оны қоршаған табиғи ортасының тарихы құрайды.

Ең алдымен адам қоршаған ортасына бейімделеді. Табиғаттың ресурстарын пайдалана отырып, бірте бірте тұрмыс-тіршілігіне қажетті шарушашылықты, кейін келе өндірістік жүйесін қалыптастырады. Осылайша, табиғи ортасын экологиялық жүйеге айналдырады.

Қазіргі кезде әлемде, соның ішінде Қазақстанда да экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы мен жағдайдың қатты шиеленісуіне байланысты қоршаған орта мен табиғат ресурстарын рационалды пайдаланудың тарихын зерттеу өте өзекті мәселе болып табылады. Соның ішінде халықтардың этноэкологиялық жүйесі мен дәстүрлерін қарастырудың практикалық маңызы зор.

Елбасы атап көрсеткендей, халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді (Назарбаев, 2017). Осы теңдесі жоқ экологиялық өмір салтының, далалық табиғи ортаға жақын бейімделген халықтардың этноэкологиялық жүйесінің тарихи тәжірибесін білу қазіргі жағдайда өте қажет.

Осыған байланысты алдымызға қойылған мақсат –ХVIII ғ. ресейлік зерттеушілер қалдырған тарихи деректер негізінде Еуразия көшпелілерінің далалық табиғат ресурстарын пайдаланудағы этноэкологиялық жүйесіне талдау жасау болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Еуразия көшпелілерінің далалық табиғат ресурстарын пайдаланудағы этноэкологиялық жүйесін табиғат – қоғам – шаруашылықтың үш жақты өзара байланысы негізінде қарастырамыз.Сондықтан, бұл зерттеу жұмысының әдістемелік негізі жоғарыда аталған табиғат-қоғам-шаруашылықтың өзара байланысы теориясына негізделеді.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізіне отандық және шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің адамзат тарихындағы табиғат пен қоғамның өзара байланысы, адамның қошаған экологиялық ортасына бейімделуі туралы жасаған ғылыми тұжырымдары мен қорытындылары алынды: Ш. Уалиханов (Уалиханов, 1985), Л. Гумилев (Гумилев, 2004), Г. Хазанов (Хазанов, 2002), Н. Масанов (Масанов, 2011), Н. Алимбай (Алимбай, 1998), А. Сейдімбек (Сейдімбек, 1997) т.б.

Сонымен бірге, зерттеудің тарихилық және объективтілік қағидаттары басшылыққа алынды. Зерттеудің басты әдісі ретінде пәнаралық талдау әдісі тиімді болады. Бұл әдіс арқылы көшпелі халықтардың еуразиялық далалық табиғи ортаға бейімделуі мен оны игерудің заңдылықтарын ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы ғылыми әдістерден деректанулық, тарихи-салыстырмалы талдау, тарихи-этнографиялық әдістері алынды. Арнайы тарихи-зерттеу әдістерінен типологиялық, жүйелілік, ретроспективтік әдістер қолданылды.

Талқылау. Этноэкологиялық дәстүрлер және оның алғышарттары. Этносты оның қоршаған табиғи ортасы арқылы тануды зерттейтін этноэкология. Ол әрбір халықтың қоршаған орта ерекшеліктеріне бейімделу формаларын анықтайды. Қоршаған ортаға бейімделудің басты механизмдерінің бірі – табиғатты пайдаланудың дәстүрлі түрі (традиционное природопользование).

Табиғатты пайдалану ұғымы адамның қоршаған табиғи ортаның пайдалы тұстарын танып, тарихи тәжірибесін қазіргі жағдайда қолдана білуі. Табиғатты пайдалану ұғымы тарихи таным мен дәстүрлі мәдениеттегі оның экологиялық аспектісімен тығыз байланысты.

Этноэкология нені зерттейді деген мәселеге тоқталатын болсақ, кеңестік ғалым В.И. Козловтың анықтамасы бойынша этноэкология халықтардың тіршілікті қамтамасыз етудің дәстүрлі жүйесі мен табиғи ортаны пайдаланудың және оған әсер етудің ерекшеліктерін, экожүйенің қалыптасуы мен қызметінің заңдылықтарын зерттейді (Козлов, 1983).

Ал зерттеуші И. Крупник этноэкология этносты және оның мәдениетін, өндірістік қызметін және игерген табиғи ортасын динамикалық бірлікте қарастырады деп, жазады (Крупник, 1989: 14).

Бұл ғалымдардың берген анықтамаларына тереңірек қарасақ, олар бірін бірі толықтырып тұр. Яғни, этноэкология дегеніміз әрбір халықтың табиғи ортасын игерудегі тарихи тәжірибесі және оны сақтауға деген көзқарасы.

Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиясы далалық ландшафт ерекшеліктеріне сәйкес және көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты қалыптасқан дәстүрлі білім жүйесі. Ол отырықшы халықтардың этноэкологиялық дәстүрлерінен мүлде өзгеше болып қалыптасты.

Еуразия даласының табиғи ерекшелігіне сәйкес бұл аумақты мекен еткен халықтардың тұрмыс-тіршілігінің басты көзі – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болып қалыптасты. Ол көптеген ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің негізінде қалыптасқан жүйеге айналды.

Еуразия көшпелі халықтарының ерте кезеңнен қалыптасқан экологиялық дәстүрлері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әр халықтың тұтас этноэкологиялық жүйесін қалыптастырды.

Бір қарағанда көшпелі мал шаруашылығының жыл мезгілдеріне қарай қыстаудан көктеуге, одан жайлауға, одан кейін күзеуге, одан қайта қыстауға үздіксіз көшіп-қонуы ешбір қиындықсыз, қарапайым түрде жүзеге асырылатын сияқты көрінеді. Ал көші-қон циклының ең алдымен, табиғи құбылыстарға, нақты бір аймақтағы өсімдік әлемінің сапалық құрамы мен оның вегетациялық ерекшеліктері сияқты т.б. көптеген табиғи заңдылықтар мен факторларға тығыз байланысты жүзеге асатыны назардан тыс қалып жатады.

Онымен қоса, Еуразияның далалық кеңістігі құрғақ, атмосфералық жауын-шашыны аз түсетін, шұғыл континентальды климатымен ерекшеленетіні белгілі. Бұл өз кезегінде тұщы суға деген тапшылықтың табиғи алғышарты болды. Міне, осындай табиғи-климаттық әрі географиялық ерекшеліктер көшпелі халықтардың қоршаған ортасына ұқыпты әрі қамқорлықпен қарауына итермеледі. Осылайша, олардың этноэкологиялық дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері қалыптасты.

ХVIII ғасырда Ресей империясының құрамындағы және олармен шектес орналасқан Еуразия халықтарын табиғи-географиялық және тарихи-этнографиялық тұрғыда зерттеген ресейлік зерттеушілер Г. Миллер, П. Рычков, П. Паллас, И. Фальк, И. Георги және т.б. деректері мен материалдарынан Еуразияның далалық аймақтарын мекендеген көшпелі халықтардың этноэкологиялық дәстүрлері туралы мәліметтер алуға болады.

Зерттеу нәтижелері. Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерін анықтау олардың табиғатты пайдалану жүйесінің ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.

ХVIII ғ. Ресейлік зерттеушілер мен академиялық экспедиция деректерінде Еуразия көшпелі халықтарының далалық кеңістікке бейімделу ерекшеліктері мен сол ортаға бейімделудің тәсілдеріне сипаттама беріледі.

Еуразия халықтарының географиясы, тарихы мен этнографиясы, қоғамы мен шаруашылығы туралы ХVIII ғ. құнды деректер қалдырған шығыстанушы Герард Миллер болды. Ол Ресейдің бірінші академиялық экспедициясының құрамында жүріп, Сібірдің, Алтайдың, Қазақ жерінің біраз бөлігін аралап, Еуразия халықтарының тарихы мен географиясы туралы зерттеген. Ол көбінесе Еуразия халықтарының саяси және этникалық тарихына көп көңіл бөлгенімен, бұл халықтардың қоршаған ортасы, шаруашылығы мен айналысатын кәсіптері туралы көптеген мәліметтер қалдырған. Г. Миллердің 1750 жылы шығарған «Сібір тарихы» еңбегінде Сібірдің көшпелі халықтарының мекендеген аймақтары, шаруашылығы және айналысатын кәсіптерінің табиғи ерекшеліктерге байланысты қалыптасуы туралы деректер бар (Миллер, 1937). Автордың дерегі бойынша Тобольск аймағындағы мұсылман татарлар мен Томск, Кузнецк уездеріндегі пұтқа табынатын татарлардан басқа Сібір халықтарының барлығын көшпелілер қатарына жатқызады. Көшпеліліктің басты себебі өмір сүруге қажетті азық-түлік табу жағдайынан туындайды. Егер мал асыраса, оның жайылымы мен азығы үшін көшіп қонуға тура келеді. Аңшылықпен айналысса, аңға бай жерлерді табу үшін қоныс аударып отырады. (Миллер, 2009: 235-253). Сондай-ақ зерттеуші өз еңбегінде мал шаруашылығымен айналысатын халықтар бей-берекет көшіп-қонып жүрмейді, керісінше әрбір рудың белгілі бір айқындалған орындары бар, ол жерлердің шекарасынан шығуы сирек кездесетіндігін баяндайды (Миллер, 2009: 235-253). Ғалымның зерттеуінде мұсылман татарлардың барлығы егіншілікпен айналысатындығы айтылады. Бірақ Кузнецк аумағында негізінен малды аз ұстайтындар айналысады. Олардың экологиялық ортасына бейімделудегі басты ерекшелігі – егінді таудың етегінде емес, биік жерлерінде орналасқан алқаптарында еккен. Мұндай жерлер тау етегіндегі алқаптарға қарағанда егіншілікке қолайлы болған. Себебі таудың жоғары жағында дақыл тезірек жетілетінін жақсы білген (Миллер, 2009: 210-212). Бұл этноэкологиялық дәстүрді орыс шаруалары да меңгеріп, қолдана бастағандығын көрсетеді.

Табиғи ортаны игерудегі тағы бір этноэкологиялық тәжірибені Качин татарларының Краснояр аймағындағы егіншілігінен көруге болады. Олар бидай сияқты басты дақылдармен бірге жабайы қарақұмық (дикая гречиха) өсірген. Оның ерекшелігі жабайы қарақұмықты бір екеннен кейін көп жыл өсіп, өнім береді. Тек суық ерте түсіп, өнім үсіп қалған жағдайда ғана көктемде қайта егетін болған. Ал егер дәндері суыққа ұрынбаса, көктемде егістік қайтадан үстірт жыртылатын болған (Миллер, 2009: 210-212). Бұл экожүйе ерекшеліктерін жетік білу мен шаруашылық тәжірибенің нәтижесі болып табылады.

Г. Миллер өз еңбегінде түрік және монғол тілдес халықтардың барлығында мал шаруашылығы кең таралғандығына тоқтала отырып, малдың сапалық құрамы олар мекендеген ортаның табиғи-климаттық жағдайларына сәйкес айқындалып отырғандағына баса назар аудартқан (Миллер, 2009: 212-223). Мысалы, Бараба мен Кузнецк татарлары негізінен жылқы мен ірі қараны асыраған, бірақ қой аз немесе өте сирек кездеседі дейді. Том даласындағы татарлар да қойды өсірмеген. Оның себебін олар сол жердің экоортасының ерекшеліктерімен байланыстырады. Біріншіден, ол жерлерде қасқырлардың көптігі мен олардың қойға үнемі шабулдап отыратындығымен, екіншіден, аталған аумақ қой өсіруге қолайсыз, өйткені бұл жерлерде шөптің биік өсетіндігімен деп түсіндірген. Ал қойдың жайылымы далалық биік өспейтін өсімдіктерден құралуы болуы тиіс деп жазады (Миллер, 2009: 212-223). Сондай-ақ автор, мал үшін, әсіресе, қой үшін ең құнарлы шөп – далалық бетеге (орысша щетка немесе овсяница овечья (Festuca ovina)). Ал шалғындық шөп мал үшін құнарсыз болып табылады. Қойлардың жақсы өсім беретін жерлері далалы және қыратты жерлер дейді (Миллер, 2009: 212-223).

Сонымен бірге, қазақ даласының табиғи ерекшелігіне сәйкес тұзды көлдердің көп болуы тұз кәсібінің қалыптасқанын көрсетеді. Әсіресе, Қазақ даласындағы Ямышев көліндегі тұз саудасы туралы баяндаған (Миллер, 1937: 442-483).

Мысалы, тұз барлық халықтың дүниетанымында киелі, қасиетті болып саналады. Қазақтардың өмірінде тұзды көлдерді дала емшісі деп қабылдаған. Бұл халықтың этноэкологиялық дәстүріндегі маңызды көрсеткіш болып табылады.

Далалықтар дертке дауа іздегенде оны көп жағдайда тұзды көлдерден тапқан. Тұзды көлдердің емдік қасиеті ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибенің нәтижесінде дәлелденген. Тұзды көлдер йодқа, тұзға, минералдарға, химиялық элементтерге бай болғандықтан денсаулыққа пайдасын қазіргі медицина нақтылап отыр. Қазақстандағы тұзды көлдердің құрамында Менделеев кестесі элементтерінің көбі кездеседі (Шаяхметов және т.б., 2018).

Павлодар облысында Жәміш немесе Ямышев көлі деп аталып жүрген тұзды көлдің көне атауы «Емші көл» екеніне ерекше назар аударған жөн. Г.Н. Потаниннің мәліметтерінде, бұл жер ХІІІ ғ. тарихи деректерде Емші көл деген атпен белгілі екендігі жазылған. Сонымен бірге, Емші көлі Орталық Азиядағы ірі жәрмеңке орталықтарының бірі болғандығын атап көрсетеді (Потанин, 2005: 355-356).

Еуразия халықтарының тарихын, географиясын, этнографиясы мен шаруашылығын көп жылдар бойы жүйелі түрде зерттеген П.И. Рычков болды. Орынбор өлкесін зерттеу арқылы далалық көшпелі халықтар: башқұрттар, қазақтар, қарақалпақтар, қалмақтар, түркмендер, аралдықтар және т.б. туралы маңызды деректер береді. Оның басты еңбегі «Топография Оренбургская» деген атпен басылған.

Бұл еңбекке сол кезде П. Паллас жоғары баға беріп, басқа тілдерге аударылуы әділетті іс болар еді деген(Паллас, 1809: 116).

П.И. Рычков өз еңбегінде жоғарыда аталған халықтардың мекендеген жерлері мен табиғи-географиялық ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталған. Бұл халықтардың табиғи ортасын көшпелі мал шаруашылығы арқылы игергендігін атап көрсетеді. Мысалы, автор қазақтардың мал шаруашылығында қой өсірудің басты орын алатынына тоқтала келе, қойдың төлін алуды көктемгі жылы кезеңнің, яғни көктің шығуына сәйкес келтіруін табиғи ортаға бейімделудің үлгісі ретінде көрсетеді. Өйткені қыстағы ауа-райының қолайсыздығы мен қысқыға шөптің дайындалмауына байланысты бұл кезде төлді сақтап қалудың қиын болатынын ескеріп, өндірістің жолын осылай қойған (Рычков, 1887).

Еуразия көшпелілерінің географиясын, өсімдік және жануарлар әлемін, тарихи-этнографиясын зерттеуде П.С. Паллас терең із қалдырды. Оның экспедиция барысында жазылған «Путешествие по разным провинциям Российской империи» (1773 ж. басылып шыққан) Еуразия көшпелілері туралы мәліметтерінің деректік құндылығы өте жоғары. Ол далалықтардың тарихын, географиясын, этнографиясын ғана емес, далалық кеңістікте табиғи ортаны пайдаланудың ерекшеліктерін де сипаттауға көңіл бөлген. Зерттеушінің көптомдық еңбектері арқылы далалықтардың этноэкологиялық жүйесінің қалыптасуының алғышарттары мен әртүрлі қырларын ашып көрсетуге болады.

Паллас далалық табиғатты пайдаланудың типтері мен көшпелілердің табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланудың экологиялық дағдыларына ерекше назар аударған. Ол «Дала халықтары әдетте көшіп-қону жерлерін таңдауды жақсы біледі және бір жерді екінші жерге ауыстырған кезде оның тиімді тұстарын мейлінше жақсы пайдаланады» деп жазады. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналасу кезіндегі табиғи ортаны пайдалану стратегиясы, шаруашылықтың өнімділігі мен төрт түліктің құрамы табиғи-климаттық факторларға тығыз байланысты деп атап көрсетеді. Зерттеушінің еңбегінде «Қырғыздардың (қазақтардың – авт.) байлығы негізінен мал шаруашылығынан, нақтырақ айтқанда жылқы мен қойлардан тұрады. Түйені әлдеқайда азырақ ұстайды, ал қара мал мүлде аз десе болады. Оның себебі оларды қыста дала жағдайында ұстау қиынға соғады... » деп баяндалған (Паллас,1809а: 566, 581).

Жалпы, табиғи ортаны игерудің бір түрі – аңшылық кәсібі. Оны басқа да халықтар сияқты далалық көшпелілер де өз ерекшеліктерімен меңгерген. Мысалы, аңшылық жәйлі Паллас қазақтар көшпелі өмір жағдайында әдетте аң аулау кәсібімен де айналысады. Оны арнайы үйретілген бүркіттер арқылы жүзеге асырады дейді (Паллас,1809а: 585).

Сонымен бірге, автор қазақтардың киіз басу, тері мен киізді бояу үшін пайдаланатын табиғи бояуды алудың технологиясына да сипаттама берген (Паллас,1809а: 579-601). Бұл халықтың этноэкологиялық дәстүрінің бір құрамдас бөлігі болса керек.

Экспедиция кезінде Еуразия көшпелі халықтарының далалық жағдайдағы тұрмыс-тіршілігін жақынырақ зерттеген Паллас басты ерекшелік ретінде олардың қоршаған ортаға бейімделуі мейлінше жоғары екеніне назар аударады. Еділ бойында қоныстанып қалған қалмақтардың да өмір-тіршілігі мен шаруашылығы табиғи ортасының ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқанын атап өтеді. Қыс кезінде қалмақтар көбіне Каспий жағалауын қыстайды дейді. Одан қалмақтардың қоршаған орта ерекшеліктеріне мейлінше бейімделгенін көруге болады. Себебі, Каспий жағалауы қамысты болып келеді және қамысты қыста отын ретінде пайдалануға болады. Сонымен бірге, бұл жерлерге қар аз түсетіндіктен малдың қысқы жайылымы үшін қолайлы болып келеді. Көктем келе олар солтүстікке қарай жылжып, Еділдің жайылған сулары тартылғаннан кейін қалған шүйгін жайылымдар мен су көздерін кеңінен пайдаланады. Қалмақтар көбінесе көшіп-қону үшін бұлақ көздері оңай шығатын жерлерді, әсіресе, қамысты жерлерге орналасуға тырысады, деп сипаттайды Қалмақтардың жылқы мен қойды көп өсіретінін, ал түйе мен қара мал әлдеқайда шектеулі екенін атап көрсеткен (Паллас,1809а: 482).

Оның жазбаларына қарағанда, Качин татарларының Сібірдегі басқа татарлардан ерекшелігі көшпелі өмір салтын ұстануында болды. Оның себебі табиғи ортаның көшпелі мал шаруашылығын жүргізуге қолайлылығы дейді.

Ал Г.Миллердің дерегі бойынша Качин татарлары (качиндіктер) – XVIII ғ. дейін Красноярск аймағын мекендеген түркі тілдес этникалық топ. Минусин ойпатынан қырғыздардың негізгі бөлігі көшіп кеткеннен кейін качин татарлары сол аймақтарды жайлай бастаған және кейін хакастардың этногенезінде жетекші рөл атқарған.

Паллас Енесейдің батыс жағы мен Абакан аумағындағы қыратты-далалы жерлерді мекендеген Качин татарлары бұл жерлердің табиғи артықшылықтарын мал шаруашылығы үшін тиімді пайдаланғанын атап өтеді. Олардың бар байлығы малдан құралады және қыратты-далалық жерлерде қысы-жазы жайылымда болады. Жаз мезгілінде салқын әрі малға қолайлы аймақтарда жайылып, күйі үнемі жақсы болады, деп жазады (Паллас, 1809б: 459-462). Оның деректерінде берілген қазақ, башқұрт, қалмақ т.б. халықтардың далалық ортаны тиімді пайдаланудың жүйесі мен дәстүрлері өте ұқсас, көп жағдайда бірдей болып келеді. Өзгешеліктер болған жағдайда ол да табиғи орта ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан. Мысалы, башқұрттарда ара ұстау немесе якуттарда бұғы өсіру кәсіптерін игеруі бұл халықтардың этноэкологиялық жүйесіндегі басты ерекшелік болып табылады.

Еуразия кеңістігінің оңтүстігіндегі шөлді-шөлейтті аймағын мекендеген халықтар түйені көбірек өсірді. Сәйкесінше, бұл экологиялық аймақтарда ірі қара мен жылқы өсіру шектеулі болды. Ал қой барлық экологиялық аймақтарға бейімділігімен құнды болып табылады. Сондықтан да қой өсіру Еуразия көшпелілерінің барлығына тән және оның үлес салмағы тұрақты болып келеді.

Г. Миллер монғолдар мен кейбір оңтүстік Сібір халықтарының түйе де өсіргені туралы мәліметтер береді. Негізінен бір өркешті нар өсірген, бірақ та малға бай адамдардың өзінде 6-10 түйеден артық болмаған. Түйені тек көлік күші ретінде ғана өсірген. Жылқыға қарағанда түйе жүкті 5-6 есе көбірек тасымалдай алған. Сонымен бірге, түйені өсіру суға тапшы құрғақ далалық белдеуде тиімді болатынын атап көрсеткен (Миллер, 2009: 233-234).

Яғни түйе өсіру кәсібі экологиялық аймақ ерекшеліктеріне тығыз байланысты болды. Түйе негізінен шөлді-шөлейтті жерлерде өсетін құрамы тұзға бай өсімдіктермен қоректенетіндіктен, бұл аймақтар қолайлы болды (Хазанов, 2002: 98).

Зерттеуші Т. Қартаеваның мәліметтері бойынша қазақтар «Түйені Сырдың төменгі ағысын, Арал бойын, Маңғыстау өңірін, Қызылқұм, Қарақұмды, Борсық құмдарын мекен еткен тайпалар көбірек өсірген» (Қартаева, 2016: 261).

Хазановтың тұжырымы бойынша көшпелілер өсірген төрт түліктің құрылымы мен оптималды саны тек экологиялық аймақтардың ерекшелігіне ғана емес, олардың биологиялық ерекшеліктеріне де тығыз байланысты болды (Хазанов, 2002; 100-104).

Далалық көшпелі халықтардың тарихы мен шаруашылығын зерттеуге үлес қосқан тұлға – Ресей Ғылым Академиясына шақырылған швед ғалымы Иоганн Петер Фальк болды. Академик И.Фальк басқарған экспедиция 1771–1772 жылдары Оңтүстік Оралды, Сібірді, Қазақ жерінің солтүстік және шығыс бөлігін зерттеді. Ол Есіл даласының табиғи-географиялық сипаттамасын жасаған.

Жалпы, И. Фальк далалық көшпелі халықтардың шаруашылықты жүргізудің экологиялық тұрғыда негізделген әдісі адам мен табиғаттың бірлігіне бағытталғандығын ашып көрсетеді.

Экспедиция барысында И. Фальк қазақтардың шаруашылығына тарихи-этнографиялық сипаттама берген. Ол қазақтардың мал шаруашылығында қой мен жылқының басым болуы далалық белдеудің аридтік ерекшелігімен тығыз байланысты екенін атап көрсетеді. Соған сәйкес, халықтың шаруашылық циклдары мен тамақтану мәдениеті қалыптасты. И. Фальк өзінің «Известия о Киргизской и Зюнгарской степи» деген еңбегінде далалық кеңістіктің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне тоқталған. Сонымен бірге, далалық керуен жолдары туралы баяндаған (Полное собр..., 1825).

Еуразия халықтары жәйлі құнды деректер қалдырған тағы бір зерттеушінің бірі – Иоганн Георги. Ол Еуразия көшпелілерінің ішінде башқұрттардың мекендеген табиғи ортасының алуандығы олардың шаруашылығының жіктелісіне де әсерін тигізгенін атап көрсетеді. Башқұрттардың шаруашылық кешеніндегі басты кәсібі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болғанымен И. Георги өз еңбегінде оларда егіншілік те, аңшылық та жақсы деңгейде дамығандығы туралы жазған (Георги, 1799: 98). Дегенмен, ХҮІІІ ғ. жартылай көшпелі мал шаруашылығы жетекші рөлін сақтап отырғандығын П. Рычков, П. Паллас, Г. Фальк атап көрсетеді.

Малдың сапалық құрамының жіктелісі де экологиялық ортаға тығыз байланысты болды. Мысалы, қазақтармен және қалмақтармен салыстырғанда башқұрттарда жылқы және қоймен бірге ірі қараның үлес салмағы да елеулі болған. Ал түйенің үлесі тым аз болды. Бұл башқұрттардың экологиялық аймақтардың ерекшеліктерін тиімді пайдаланғандығын көрсетеді.

ХҮІІІ ғ. қазақтар мен қалмақтарда ірі қараның үлес салмағы түйеге қарағанда төмен болғаны мәлім. Оның себебі ірі қараның қыста тебіндей алмауы көшпелі мал шаруашылығы жағдайында оны ұстаудың тиімсіздігін көрсетеді.

Бұл ерекшеліктердің барлығы Еуразия көшпелі халықтарының ғасырлар бойы далалық құрғақ кеңістікке бейімделуі мен оны игеруінің сұрыпталған нәтижесі болып табылады.

Башқұрт жерлеріндегі құнарлы жазықтары мен ашық алаңдары егіншілікпен айналысуға және одан жақсы өнім алуға өте қолайлы болғандықтан башқұрттарда егін шаруашылығы қосалқы орын алды. Георги башқұрттардың экологиялық дәстүріндегі қыс айларында қоныстану ерекшелігіне де тоқталған. Мысалы, башқұрттар қыстауларын орналастыратын жерді таңдағанда су көздеріне жақын болуын маңызды деп санамаған. Себебі қарды су көзі ретінде пайдаланған және сондықтан қысқы ауылдары қары қалың емес, жайылымға қолайлы жерлерге орналасуға тырысқан (Георги, 1799: 96, 99).

Жалпы, башқұрт халқының тарихи жағдайларға байланысты көшпелі мал шаруашылығынан жартылай көшпелілікке, кейін егіншілік пен отырықшылыққа өтуі олардың шаруашылық түрін ғана өзгерткен жоқ, сонымен бірге халықтың өмір салтын, материалдық және рухани мәдениетін де өзгертуге ықпал етті (Кузеев и др, 2016: 130-131).

Бұл өзгерістер өз кезегінде башқұрттардың этноэкологиялық жүйесі мен дәстүрлеріне де елеулі әсер етті. Соған сәйкес, башқұрттарда табиғи ортаның байлығын пайдалануда байырғы терімшілік дәстүрі қайта жаңғырып, кең тарала бастаған. Олар әсіресе, даланың жабайы жуасын, қымыздық сияқты жеуге жарамды өсімдіктерді, орман жаңғақтарын, саңырауқұлақтар мен жеміс-жидекті азық-түлігінде көктем-жаз-күз айларында кеңінен пайдаланған. Башқұрттар мекендеген аумақта тек қана жабайы жуаның 17 түрі кездеседі екен (Кузеев и др., 2016: 161-162).

Г. Георги башқұрттардың шаруашылық және этноэкологиялық жүйесіндегі басқа Еуразия көшпелілерімен салыстырғандағы басты ерекшелік – олардың ара шаруашылығын игеруіне Паллас сияқты ерекше назар аудартады. Әрине, оған бірден бір себеп – башқұрттар мекендейтін жердің солтүстік өңірлерінде орманды аумақтардың басым болуы. Башқұрттардағы ара шаруашылығының басты көрінісі орман ағаштарында арадан бал өнімін жинайтын ұяшықтар ұстауы (бортничество – авт.). Бұл кәсіп те табиғи ортаның ерекшелігіне сәйкес ертеден жалғасып келе жатқанын мамандар атап өтеді.

Сонымен бірге, башқұрттар мекендеген жерде тұщы су көздерінің көп болуы олардың қосалқы кәсібінде аңшылықпен қатар балық аулау кәсібінің жақсы жолға қойылуына табиғи алғышарт жасаған (Георги, 2016: 170).

Башқұрттардың тамақтану жүйесінде де қазақ, қалмақ, түркімен, қарақалпақ сияқты т.б. Еуразияның көшпелі халықтарымен салыстырғанда үлкен сапалық ерекшелік қалыптасқан. Олардың азық-түлік рационында мал өнімдері – ет пен сүттен жасалатын тағамдармен бірге балық, бал және жеуге жарамды жабайы өсімдіктер мен жемістер болған.

Ал қазақтарға қатысты деректерінде Георги, олар мекендеген Жайық өзені, Каспий теңізінен Ертіс өзеніне дейінгі кең байтақ далалық кеңістіктің көп бөлігі ашық әрі құрғақ, құмды әрі сортаң жерлерден тұрады. Құнарлы жерлері аз, орманды ағаштары одан да аз кездеседі. Сонымен бірге, жарамды су көздері де жеткіліксіз. Көптеген көлдер өте тұзды болып келеді және оларда таза су өте аз деп, жазады (Георги, 1799: 121).

Мұндай табиғи орта негізгі және жалғыз кәсіп – мал шаруашылығының қалыптасуына негіз болды. Аңшылық пен балықшылық жанама кәсіп есебінде болды. Ал құрғақ әрі сортаң жерлері көп далалық аймақта егіншілік тиімсіз болғандықтан, қазақтар ол туралы ойламайды да дейді. Қазақтардың түйе шаруашылығын да табиғи орта ерекшеліктеріне сәйкес дамытып отырғанын сипаттай отырып, жылы әрі тұзды-сортаң далалық аймақтарда түйе жақсы өседі. Бір өркешті нарлар шөлге шыдамды болғандықтан оларды алыс жолдарға пайдалану үшін, ал қос өркешті түйелерді жүні үшін өсіреді деген қорытынды жасаған (Георги, 1799: 126-127).

Жалпы, қазақтар негізінен аңшылықты кәсіптің бір түрі, азық-түлік қорының көзі деп емес, саятшылықтың, сауық пен серіліктің өлшемі ретінде қабылдаған. Әсіресе, Ресей ғалымдарының атап көрсеткеніндей, аңға сұңқар мен бүркіт салу, тазы қосу, әсіресе қазақтарда кең таралған. Сол себепті бұндай аңшылықты қосалқы кәсіп емес, өнер ретінде қабылдаған дұрыс. Аңшылықты ерекше қажеттілік туындаған жағдайда, азық-түлік тапшылығы болған кезде күн көріс кәсібіне айналдырған.

Георги түркімендер туралы деректерінде олардың өмір салты қазақ халқымен ұқсас екеніне тоқталады және шаруашылық жүйесі табиғи ортасына байланысты қалыптасқандығын жазады. Шығыс түркімендер Каспий мен Арал теңізі аймағында, Маңғыстаудың таулы жерлерін мекендейді деп жаза келе, олардың мекендеген жерлері құрғақ, ағаш аз өседі, сондықтан жайылымдары да шектеулі дейді. Бұл жерлер мал өсіруге ғана жарамды және олардың байлығы да мал болып есептеледі (Георги, 1799: 49).

Георгидің якуттар туралы жазбасы мен сипаттамаларынан олардың этноэкологиялық дағдыларынан ақпарат алуға болады. Якуттар мекендеген Сібір аймағы, яғни Лена өзенінің екі жағасының табиғи ерекшеліктері олардың тұрмыс-тіршілігінде шұғылданатын кәсіптерінің қалыптасуына алғышарт болған. Якуттардың қатал климат жағдайындағы экожүйеге бейімделуі олардың тұрмыс-тіршілігінің негізгі көздері мен бағыттарын айқындады. Себебі, олар қоныстанған жерлердің рельефі де әртүрлі. Бір жері орманды, бірі батпақты, енді бір аймағы далалы-жазықты немесе таулы болып келеді (Георги, 1799: 269). Сол себепті олар мал шаруашылығымен, аң және балық аулау кәсіптерімен шұғылданды. Мекендеген табиғи ортасының ерекшелігіне байланысты аталған кәсіптердің біреуі жетекші рөлге ие болып отырған. Мысалы, Оңтүстік аумақтағы якуттар жылқы мен ірі қара малды көбірек ұстаған. Солтүстік якуттар негізінен тек бұғы шаруашылығымен айналысқан. Ал орманды әрі батпақты жерлерде қойды ұстау мүмкін болмаған және де жыртқыш аңдар да үнемі қауіп төндіріп отырған. Жалпы, якуттарда табиғи-климаттық жағдайдың қатаңдығына орай малдың саны да шектеулі болған.

Сонымен бірге, якуттардағы мал шаруашылығы қыста түсетін қардың қалыңдығына да тығыз байланысты. Яғни, қар қалың түсетін жерде мал шаруашылығының үлес салмағы да төмендей береді. Ондай жерлерде тиісінше аңшылық пен балық аулау кәсібінің үлесі артатын болған. Мысалы, Г. Миллер Ленаның төменгі ағысын мекендеген якуттарда мүлде мал жоқ деп жазады (Миллер, 2009: 212-223).

Мал шаруашылығымен мүлде айналыспайтын якуттарда балық аулау басты кәсіп болған. Солтүстіктегі якут ұлыстарында балық аулау кәсібін тек жазда ғана жүргізген (Георги, 1799: 173).

Г. Миллердің деректері бойынша балық аулау кәсібімен Сібір халықтарының барлығы айналыса бермеген. Мысалы, малды жеткілікті өсіретін халықтардың балыққа деген қажеттілігі болмаған (Миллер, 2009: 231-238).

Г. Миллер якуттар аңшылыққа көп жағдайда күзде шығады деп жазса (Миллер, 2009: 295-330), Г. Георги оларды аңшылықпен тек қыста ғана шұғылданған деп, аңшылықтың маусымдық сипатына назар аудартады. Алайда Георги маусымдық аңшылықты бұл халықтың жалқаулығы мен немқұрайдылығы деп санайды (Георги, 1799: 173). Алайда автор әрбір халықтың айналысатын дәстүрлі кәсіптері бірінші кезекте экологиялық ортасына бейімделу құбылысы ретінде қарастырады. Дегенмен, зерттеуші климаттың қаталдығына байланысты мал өсіру қиындық тудыратын жерлерді мекендеген якуттардың бір бөлігінің күн көріс көзі балық аулау болған. Сол себепті олар балыққа бай көлдердің бойында қоныстанды деп атап көрсетеді (Миллер, 2009: 231-238).

Жоғарыда көрсетілген деректер әрбір халықтың этноэкологиялық санасы мен жады олардың табиғи ортасын игеру барысында қалыптасатынын көрсетеді және ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Халықтың экологиялық жадында қоршаған орта туралы ұғымдары мен оған қатынасы, тарихи тәжірибесі мен дәстүрлері сақталған.

Қорытынды. ХVIII ғ. ресейлік зерттеушілердің деректері бойынша Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлері негізінде табиғи ортаны пайдалану типтерін жіктеуге болады:

біріншіден, көшпелі мал шаруашылығы. Табиғи ортаны пайдаланудың ең белсенді түрі. Ол Еуразия көшпелілернің барлық халықтарына тән және жетекші орында. Малдың құрамы табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты анықталған;

екіншіден, егіншілік кәсібі. Барлығына тән емес. Башқұрттарда, Сібірдегі көшпелі татарларда біршама кеңінен тараған, бірақ жетекші кәсіп есебінде емес. Басқа халықтар жер жағдайына байланысты аз көлемде қосалқы түрде айналысқан. Мысалы, қазақтарда суармалы егіншілік түрі болған;

үшіншіден, аңшылық кәсібі. Еуразия көшпелілерінің барлығына тән, бірақ жетекші рөлге ие емес. Маусымдық сипатқа ие. Мысалы, буряттар қыста белсенді кәсіп қылған, ал қазақтар мен қалмақтар жаз-күз кезінде көбірек айналысқан;

төртіншіден, балық аулау кәсібі. Барлық көшпелі халықтарға тән емес. Қосымша әрі маусымдық сипатқа ие. Өзен-көлдерге біршама бай Сібірдің көшпелі халықтары (якуттар, алтайлар, сібір татарлары т.б.), Каспийдің солтүстігінде қалмақтар кәсіп қылған. Су ресурстары тапшы аймақтардағы қазақтар, қарақалпақтар сирек айналысқан;

бесіншіден, тұз кәсіпшілігі. Барлығына тән емес. Маусымдық сипатқа ие. Негізінен қазақтар, башқұрттар, қалмақтар айналысқан. Тұз кәсіпшілігінің дамуына Ресейдің оңтүстік Орал мен Сібірдегі бекіністерімен сауда-айырбас ісіне кеңінен жол ашылуы ықпал етті.

Еуразияның далалық кеңістігінде өмір сүрген халықтардың көшпелі мал шаруашылығында жалпы алғанда ортақ белгілері мен элементтері көп болды. Оған бірден бір себеп – табиғи-климаттық ұқсастық. Ал рухани жағынан алғанда адамның қоршаған табиғи ортасымен өзара қатынасы біріншіден, халықтық дәстүрлерге, екіншіден, діни наным-сенімдерге (исламдық, шамандық, буддалық, тәңірлік) байланысты болды.

Жалпы, далалықтар мен көшпелі халықтарға тән табиғат байлығы мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау қасиетін, шектен тыс аң немесе балық аулауға қатысты халықтық тиымдарды ресейлік және еуропалық зерттеушілердің басым бөлігі жалқаулық, еріншектік деп түсінген. Табиғи ортадан мөлшерден тыс артық алуға болмайды деген рухани тиымдар мен қанағатшылықты олар түсіне алмаған және бағаламаған. Оны өндірістік қатынастың артта қалуы деп қабылдаған.

Жоғарыда аталған этноэкологиялық дәстүрлер табиғи ортаны игерудегі далалықтардың отырықшы халықтардан басты ерекшелігі деп айтуға болады.

Сонымен, кез келген халықтың тарихы оның қоршаған табиғи ортасында жасалады. Бұл фактор барлық кезеңде де, барлық жағдайда да айқындаушы фактор болып саналады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алимбай Н.А., Муканов М.С., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории. – Алматы: Ғылым, 1998.- 234 с.

Башкиры / отв. ред. Р.Г. Кузеев, Е.С. Данилко. – М. : Наука, 2016. – 662 с. (Народы и культуры).

ГеоргиИ.Г. Описание всех обитающих в Российском государстве народов: их житейских обрядов, обыкновений, одежд, жилищ, упражнений, забав, вероисповеданий и других достопамятностей. СПб., 1799. 4 т. Часть вторая о народах татарского племени и других не решенного еще происхождения Северных Сибирских. – 246 с.

Гумилев Л.Н. Этносфера: история людей и история природы. – М.: ООО «Издательство АСТ», 2004. – 575 с.

Козлов В.И. Основные проблемы этнической экологии // Советская этнография. – М., 1983. – №1. –С. 3-16.

Крупник И. И. Арктическая этнология. Модели традиционного природопользования морских охотников и оленеводов Северной Евразии.– М.: Наука, 1989.– С. 14.

Қартаева Т. Дәстүрлі шаруашылық ырғағы: өткені және бүгінгі күнгі сипаты (түйе шаруашылығы мысалында // Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы. 4-т. Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрлі өркениетінің өркендеуі және күйреуі: монография / жауапты ред. Т. Омарбеков. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 403 б.

Масанов Н. Кочевая цивилизация казахов: основы жизня деятельности номадного общества. Изд. 2-е, доп. – Алматы: Print-S. – 2011. – 740 c.

Миллер Г.Ф. История Сибири. Том 2. – М.-Л.:Изд-во Академии Наук СССР. – 1937. – 637 с. (С. 93-111; 442-483).

Миллер Г.Ф. Описание сибирских народов / Изд. А.Х. Элерт, В. Хинтцше / Пер. с нем. А.Х. Элерт. – М.: Памятники исторической мысли, 2009. – 456 с.

Назарбаев Н. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». // Егемен Қазақстан газеті. – 2017. – 12 сәуір.

Паллас П. С. Путешествие по разным провинциям Российской империи/ П.С. Паллас. Ч. 1. – СПб.: Императорская Академия Наук, 1809. – 657 с. 24 л. ил.

Паллас П. С. Путешествие по разным провинциям Российской империи/ П.С. Паллас. Ч. 2. Кн. 2. – СПб.: Императорская Академия Наук, 1809. – С. 459-462.

Полное собранiе ученыхъ путешествiй по Россiи, издаваемое Императорскою Академiею Наукъ, по предложенiю ея президента. Томъ седьмый. Заключающiй въ себѣ дополнительныя статьи къ Запискамъ Путешествiя Академика Фалька. Императорская Академия Наук, СПб. – 1825.- 233 с.

Потанин Г.Н. Үш томдық таңдамалы шығармалары. 1 том. Саяхаттар, естеліктер және хаттар. – Павлодар: ТОО «Эко», 2005. – 550 б.; Шаяхметов Н. У., Рахимов М.И. Ертіс өңірінің қасиетті географиясындағы тұзды көлдер // Scientific E-journal edu.e-history.kz. – 2018. – № 2 (14).

Топография Оренбургской губернии. Сочинение П.И. Рычкова 1762 года. –Оренбург: Типография Б.Бреслина, 1887. –C. 198.

Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау оқу құралы. – Алматы: «Санат» 1997. – 464 б.

Уалиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: «Жазушы», 1985, 560 б.

Хазанов А.М. Кочевники и внешний мир. Изд 3-е доп. – Алматы: Дайк–Пресс, 2002. – 604 с.

Шаяхметов Н.У., Рахимов М.И. Ертіс өңірінің қасиетті географиясындағы тұзды көлдер // Scientific E-journal edu.e-history.kz. – 2018. – № 2 (14).

Referenсes:

Alimbay N.A., Mukanov M.S., Argynbayev Kh. Traditsionnaya kultura zhizneobespecheniya kazakhov. Ocherki teorii i istorii.– Almaty: Gylym, 1998.– 234 s. [in Russian].

Bashkiry / otv. red. R.G. Kuzeyev. E.S. Danilko.- M.: Nauka. 2016.- 662 s. (Narody i kultury) [in Russian].

Georgi I.G. Opisaniye vsekh obitayushchikh v Rossiyskom gosudarstve narodov: ikh zhiteyskikh obryadov. obyknoveniy. odezhd. zhilishch. uprazhneniy. zabav. veroispovedaniy i drugikh dostopamyatnostey. SPb., 1799. 4 t. Chast vtoraya o narodakh tatarskogo plemeni i drugikh ne reshennogo eshche proiskhozhdeniya Severnykh Sibirskikh.– 246 s. [in Russian].

Gumilev L.N. Etnosfera: istoriya lyudey i istoriya prirody.– M.: OOO «Izdatelstvo AST», 2004.–575 s. [in Russian].

Kozlov V.I. Osnovnyye problemy etnicheskoy ekologii // Sovetskaya etnografiya. – M.. 1983. – №1. – S. 3-16 [in Russian].

Krupnik, 1989 - Krupnik I. I. Arkticheskaya etnologiya. Modeli traditsionnogo prirodopolzovaniya morskikh okhotnikov i olenevodov Severnoy Evrazii. – M.: Nauka. 1989. – S. 14 [in Russian].  

Kartayeva T. Dasturlі sharuashylyk yrgagy: otkenі zhane bugіngі kungі sipaty (tuye sharuashylygy mysalynda // Ortalyk Aziya koshpelіlerі orkeniyetіnіn tarikhy. 4-t. Ortalyk Aziya koshpelіlerіnіn  dasturlі orkeniyetіnіn orkendeuі zhane kuyreuі: monografiya / zhauapty red. T. Omarbekov. – Almaty: Kazakh universitetі. – 2016. – 403 b. [in Kazakh].

Masanov N. Kochevaya tsivilizatsiya kazakhov: osnovy zhiznya deyatelnosti nomadnogo obshchestva. Izd. 2-e. dop.– Almaty: Print-S.– 2011.– 740 c.

Miller G.F. Istoriya Sibiri. Tom 2.– M.-L.: Izd-vo Akademii Nauk SSSR.– 1937.– 637 s. (S. 93-111; 442-483). [in Russian].

Miller G.F. Opisaniye sibirskikh narodov / Izd. A.Kh. Elert. V. Khinttsshe / Per. s nem. A.Kh. Elert. – M.: Pamyatniki istoricheskoy mysli. 2009.– 456 s. [in Russian].

Nazarbayev N. «Bolashakka bagdar: rukhani zhangyru». – Egemen Kazakhstan gazetі. – 2017. – 12 sauіr. [in Kazakh].

Pallas P.S. Puteshestviye po raznym provintsiyam Rossiyskoy imperii/ P.S. Pallas. Ch. 1.– SPb. : Imperatorskaya Akademiya Nauk. 1809.– 657 s.: 24 l. il. [in Russian].

Pallas P.S. Puteshestviye po raznym provintsiyam Rossiyskoy imperii/ P.S. Pallas. Ch. 2. Kn. 2.- 1809.- SPb. : Imperatorskaya Akademiya Nauk. 1809. – S. 459-462. [in Russian].

Polnoye sobranie uchenykh puteshestviy po Rossii. izdavayemoye Imperatorskoyu Akademieyu Nauk. po predlozheniyu eya prezidenta. Tom sedmyy. Zaklyuchayushchiy v seb dopolnitelnyya stati k Zapiskam Puteshestviya Akademika Falka. Imperatorskaya Akademiya Nauk. SPb.– 1825.– 233 s. [in Russian].

Potanin G.N. Ush tomdyk tandamaly shygarmalary. 1 tom. Sayakhattar. estelіkter zhane khattar.– Pavlodar: TOO «Eko». 2005.– 550 b.; Shayakhmetov N. U.. Rakhimov M.I. Ertіs onіrіnіn kasiyettі geografiyasyndagy tuzdy kolder // Scientific E-journal edu.e-history.kz.– 2018.– № 2 (14) [in Kazakh].

Topografiya Orenburgskoy gubernii. Sochineniye P.I. Rychkova 1762 goda.– Orenburg: Tipografiya B. Breslina. 1887.– C. 198.

Seydіmbek A. Kazakh alemі. Etnomadeni payymdau oku kuraly.– Almaty: «Sanat» 1997.– 464 b. [in Kazakh]

Ualikhanov Sh. Tandamaly.– Almaty: «Zhazushy», 1985. – 560 b. [in Kazakh].

Khazanov A.M. Kochevniki i vneshniy mir. Izd 3-e dop.– Almaty: Dayk-Press, 2002.– 604 s.

Shayakhmetov N.U. Rakhimov M.I. Ertіs onіrіnіn kasiyettі geografiyasyndagy tuzdy kolder // Scientific E-journal edu.e-history.kz. – 2018. – № 2 (14). [in Kazakh].

МРНТИ 03.29:03.20

ОСНОВЫ ФОРМИРОВАНИЯ ЭТНОЭКОЛОГИЧЕСКИХ ТРАДИЦИЙ КОЧЕВНИКОВ ЕВРАЗИИ

(по материалам российских исследователей ХVIII в.)

Омирбекова Жанагуль¹

¹Докторант ЕНУ имени Л. Гумилева, Казахстан, Нур-Султан

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы адаптации к окружающей среде и формирования этноэкологических традиций кочевников Евразии на основе материалов российских исследователей и академических экспедиций  ХVIII в.

Обращение к истокам степной цивилизации и ее связис природой евразийских степей необходимо для более объективной оценки влияния экологической среды на социуми основные аспекты его жизнедеятельности. Данныевопросы изучает специальная дисциплина этноэкология.

Взаимосвязьобщества с вмещающим ландшафтом всегда была очень тесна. У кочевников степей Евразии это проявляется максимально четко. Вместе с тем,многие авторы отмечают и некоторый дисбаланс в их экологической гармонии.

В этой связи нельзянепризнать важности дальнейшего углубленного изученияэтнической экологии народов Евразии в рамках создания новых гипотез о тех или иных этапах и особенностях их исторического развития.

Только всестороннее рассмотрение вопросов функционирования  кочевого социумапоможет исследователям наиболее полноценно воссоздать деталижизнедеятельностипредшественников современных народов Евразии, построить живую связь между прошлым,настоящим и будущими поколениями.

Анализ материалов показывает, что изучение кочевников евразийских степей российскими учеными представляют собой комплекс источников по истории, географии, этнографии, степному природопользованию, этноэкологии, хозяйству  народов Евразии.

Данныйфеномен требует дальнейшей разработки в научной литературе.

Ключевые слова: кочевники Евразии, степная цивилизация, этноэкология, академические экспедиции, традиционное природопользование, степное хозяйство.

IRSTI 03.29:03.20

BASES OF FORMATION OF ETHNO-ECOLOGICAL TRADITIONS OF NOMADS OF EURASIA

(based on materials from Russian researchers of the eighteenth century)

Omirbekova Zhanagul¹

¹Doctoral student at L.N. Gumilyov ENU. Kazakhstan, Nur-Sultan.

Abstract.The article discusses the issues of adaptation to the environment and the formation of ethno-ecological traditions of the nomads of Eurasia based on the materials of Russian researchers and academic expeditions of the eighteenth century.

An appeal to the origins of the steppe civilization and its connection with the nature of the Eurasian steppes is necessary for a more objective assessment of the impact of the ecological environment on society and the main aspects of its life. These issues are studied by a special discipline of ethnoecology.

The relationship of society with the host landscape has always been very close. In nomads of the steppes of Eurasia, this is manifested as clearly as possible. At the same time, many authors note a certain imbalance in their environmental harmony.

In this regard, one cannot but recognize the importance of further in-depth study of the ethnic ecology of the peoples of Eurasia in the framework of creating new hypotheses about certain stages and features of their historical development.

Only a comprehensive consideration of the functioning of the nomadic society will help researchers most fully recreate the details of the life of the predecessors of the modern peoples of Eurasia, build a living connection between the past, present and future generations.

An analysis of the materials shows that the study of the nomads of the Eurasian steppes by Russian scientists is a complex of sources on the history, geography, ethnography, steppe nature management, ethnoecology, and the economy of the peoples of Eurasia.

This phenomenon requires further development in the scientific literature.

Keywords: nomads of Eurasia, steppe civilization, ethnoecology, academic expeditions, traditional nature management, steppe economy.

кочевники Евразии, степная цивилизация, этноэкология, академические экспедиции, традиционное природопользование, степное хозяйство.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз